Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Моңғол жаулап алушылығына байланысты Қазақстан аумағына тайпалардың қоныс аударуы





ХІІІ ғасыр басындағы монғолдардың жаулап алушылығы Дешті Қыпшақ аумағындағы этникалық процестерге кері әсер етіп, жергілікті жердегі халық санының азаюына алып келді. Сонымен бірге бұл тарихи оқиға Монғолия аумағынан көптеген түрік, монғол тілдес тайпалардың қазіргі Қазақстан аумағына қоныс аударуына да тікелей ықпал етті. Сөйтіп, жаулап алушылыққа байланысты көшпелі тайпалардың келуі аумақтағы этнопроцеске әсер еткен сандық көрсеткіштің оң белгісіне жатады. Мұның оң белгіге жататындығын мынадан көруге болады. ХV ғасыр ортасында Қазақ хандығының құрылуымен ұлттық сипаттағы қазақ этносы да тарих мінберіне көтеріледі. Жаңа этносты қалыптастыруға қатынасқан, оның құрамына енген кейбір тайпаларды біз, ХІІІ ғасыр басына дейін Монғолия аумағынан кездестіреміз [108, 92-197 бб.]. Олай болса, төменде біз осы мәселені тереңірек қарастыралық.

Монғолия аумағынан көшпелі тайпалардың монғол жаулап алушылығына байланысты келуін баяндайтын бірден-бір негізгі дерек, ол – Рашид ад-диннің «Жами ат-тауарих» еңбегіндегі мәліметтер. Автордың бірінші томының бірінші кітабы түгелімен Монғолия аумағында өмір сүрген түрік тайпаларына арналған. Ал сол томның екінші кітабында саяси оқиғалармен қатар Шыңғыс ханның Бөртеден туған төрт ұлына, оның ішінде алғашқы үш ұлына қандай тайпалардан құралған мыңдықтарды бөліп бергендігі айтылады [108, 274-276 бб.]. Осы жерде мынадай жағдайды ескерте кетуді жөн көріп отырмыз. Рашид ад-дин Иранда туылып, сонда өсіп, сонда ірі мемлекеттік қызмет атқарғандықтан, ол өз еңбегінде қандай тайпалар мен рулардың Иранға келгендігін, ол тайпалардан шыққан әмірлердің қандай қызмет атқарып жүргендігін өте жақсы баяндайды да, Дешті Қыпшаққа келгенде, бұл мәселе жөнінде толық ештеңе айтпайды. Дегенменде, Дешті Қыпшаққа қоныс тепкен тайпалар туралы мәліметтер Иран мен Мауереннахрға қоныстанған тайпаларға қарағанда өте аз болғанымен, мәселені қарастыруға жетерліктей.

Енді біз Рашид ад-диннің мәліметтерін негізге ала, басқа да дерек мәліметтерін онымен толықтыра отырып, Шығыс Дешті Қыпшаққа монғол жаулаушылығына байланысты көшпелі тайпалардың қоныстануын қарастыралық.

Дерек мәліметтері Монғолия аумағынан ХІІ ғасырдың соңғы жылдары мен ХІІІ ғасырдың бірінші жартысы аралығында Дешті Қыпшаққа көшпелі тайпалардың бірнеше дүркін келгенін баяндайды. Біз оны шартты түрде үш кезеңге бөліп қарастырамыз. Үш кезең ішіндегі қоныс аударулар немесе тайпалардың жылжулары Шыңғыс ханның іс-әрекетіне, және оның ұрпақтарының саясатына тікелей байланысты болады. Бірінші кезең – ХІІ ғасырдың соңы мен ХІІІ ғасырдың алғашқы жиырма жылдығын қамтиды. Бұл тарихи кезеңде Монғолиядағы тайпалар арасындағы кескілескен күрестерде жеңілгендер жеңгендердің қол астына қараса, бағынғысы келмегендер, қарсылас тайпаның құлы болғысы келмегендер батысқа қарай, Дешті Қыпшаққа ауа көшеді.

Екінші кезеңге – 1219-1224 жылдардағы жаулап алулар мен одан кейінгі ұлыстардың құрылуына байланысты, әскер мен тайпалардың Шыңғыс хан ұлдарына бөліп берілуіне байланысты қоныстанулары жатады. Ал үшінші кезеңге – біз, ХІІІ ғ. 40-60 жж. Шыңғыс ханның немерелері арасындағы билік үшін күресте жеңген топтың жеңілген жаққа тәуелді, соларға бағынышты тайпаларды өзара бөлісуге байланысты болған жағдайларды жатқызамыз. Енді осы әр кезеңдегі тайпалардың Қазақстанға келуін деректерге сүйеніп талдап көрсетелік.


Тарихи деректер ХІІІ ғ. басында Монғолиядан Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына Шыңғыс ханмен болған күрестерде жеңіліс тапқан жауынгер меркіт тайпаларының келгендігін баяндайды [108, 115-116 бб.].

Рашид ад-дин меркіт тайпаларының Шыңғыс ханмен соғыстарын баяндай келе, «Куду (Меркіт билеушісі Тоқта бектің тоғыз ұлының бірі – Б.К.) ұрыста жеңіліп, қыпшақтарға бара жатқан кезде өлтірілді», «Соңғы соғыста Тоқта-бектің кіші ұлы Култукан-мэргэн шегініп, қыпшақтарға кетті», - деп жазады [108, 115-116 бб.].

Меркіттердің көп бөлігінің үшінші рет қыпшақтарға қарай жылжығандығын монғол деректеріне сүйеніп, белгілі қазақ тарихшысы З.Қинаятұлы түсіндіріп береді [285, 116-117 бб.]. Ол былай деп жазады: «Шыңғыс хан Найман мен Меркіттің көзін жоймай тынбасқа бел буды. Ол 1204 жылы Алтайға бет бұрған меркіттерді өкшелей қуа жүріп, Қам қойнауына қыстап шығады. 1205 сиыр жылы ерте көктемде аттанған ол Бұқтырма өзенінің бойында найман ханы Күшілік және Меркіт Тоқтабектің біріккен күшімен бетпе-бет келеді. Басынан бағы тайған Найман, Меркіттер бұл жолы да ойсырай жеңілді. Осы жолғы айқаста Тоқтабек адасқан оқ тиіп өледі. Тоқтабектің ұлдары Қуду, Шылауын, Құлтуғандар әке мәйітінің бетін жасыруға мүмкіндігі болмай, оның тек кесілген басын қанжығалап Ойғыр қарлуқтары арқылы Қыпшақ даласына қарай тартады» [285, 116-117 бб.]. Рашид ад-дин Ұйғыр идикутының қашқындарды өз елі арқылы жіберілгендігін айтады [108, 117 б.]. Содан кейін наймандар қарақытайларға, ал меркіттер Дешті Қыпшаққа қарай кетеді. З.Қинаятұлы қыпшақ даласына қарай бет бұрған бұл меркіттерді «Тоқтабектің ұлдары бастаған Удуйд Меркіт таба еді», - деп түсіндіреді [285, 117 б.]. Одан ары ол меркіттердің Торғай өңіріндегі Ырғыз өзенінің бойына жетіп ат басын тірегендігін айтады [285, 118 б.].


Осылайша, ХІІ ғ. соңы – ХІІІ ғ. басындағы Моңғолия жеріндегі өзара талас-тартыстарда жеңіліске ұшыраған меркіт тайпасының бөлімшелері Дешті Қыпшаққа келіп паналайды. Бірақ та бұл жерде де оларды монғолдар тыныш жатқызбай, 1216 жылы Жошы бастаған монғолдар қырғынға ұшыратады [109, 189-190 бб.; 51, 173 б.]. Шыңғыс хан қанша рет меркіттерді жеңіп, оларды қырғынға ұшыратса да, толығымен жоя алмайды. Рашид ад-дин меркіттердің Уйкур, Мудан, Тудаклин және Джиюн атты төрт тармағы бар екендігін айтқан болатын [108, 114 б.]. Шыңғыс хан тарапынан қырғынға ұшыратылған Тоқта бектің меркіттері болса керек. Меркіттердің басқа бір тобы Шыңғыс хан билігін мойындап, оған қызмет еткен. Деректерде Шыңғыс ханның өз мыңдығында жүзбасы болған меркіт Жемал қожа туралы айтылады [109, 267 б.].

Дешті Қыпшақ аумағына көшіп келіп, 1216 жылы монғолдар тарапынан қырғынға ұшыраса да, меркіттер толығымен жойылып кетпеді. Шыңғыс хан заманына дейін Монғолия жеріндегі түрік тайпалары ішінде мықты, қуатты, жауынгер тайпалардың бірі болған меркіттер Шыңғыс ханмен күресте жеңіліп, біріншіден тайпалық құрылымынан айрылады да, қырғындарға ұшыратылады, жан-жаққа тарыдай шашылып, әр тайпа мен руларға барып қосылады. Екіншіден, Дешті Қыпшақ аумағына көшіп келгендер әр руға сіңісіп кетпей, өздерінің рулық дәрежесін сақтап қалады. Кейіннен олар ХІV ғасырлардағы Дешті Қыпшақтың этносаяси тарихына белсене араласып, «көшпелі өзбектер» атты 92 тайпаның құрамында кездеседі [134, 212 б.]. Ал қазіргі кездегі қазақ шежіресінде меркіт атауы жеке тайпа немесе тайпалық бірлестік болмаса да, ру ретінде Керей тайпасының құрамында айтылады [4, 80 б.; 18, 70 б.; 286, 203 б.].

1219-1224 жылғы Шыңғыс хан бастаған монғол жаулаушылығына дейін, яғни ХІІ ғ. соңы – ХІІІ ғ. басында Монғолия жерінен қазіргі Қазақстан аумағына қоныс аударған тайпалардың келесі бірі – наймандар болды. Наймандардың Монғолия жеріндегі тарихы, олардың мемлекеті және Шыңғыс ханмен күресі туралы жазба деректерде, сондай-ақ зерттеу еңбектерінде жақсы баяндалған [108, 135-140 бб.; 109, 146-151 бб.; 179-184 бб.; 287, 46-65 бб.; 107-117 бб.; 285, 52-96 бб.; 288, 111-115 бб.; 91, 116-120 бб.; 140-162 бб.].


Біз бұл жерде наймандардың ХІІІ ғ. басына дейінгі тарихын қарастыруды мақсат етпегендіктен, бірден Шыңғыс хан заманындағы наймандарға тоқталамыз. Олардың негізгі мекені шығысында Селенга мен Орхон өзендерінің жоғарғы ағысынан, батысында Тарбағатай тауына дейінгі, солтүстігінде Танну-Оладан оңтүстікте Алтай тауының жоталарына дейінгі жерлер болып, батыста – қаңлылармен, солтүстікте – қырғыздармен, шығыста – кереит және меркіттермен шектесіп жатты. Наймандардың күшейген кезі Инанч Білге Бұқа хан тұсына сәйкес келеді [108, 139 б.]. Рашид ад-дин жазуы бойынша Инанч Білге Бұқа хан қайтыс болғаннан кейін, оның артында қалған екі ұлы Таян хан мен Бұйрық хан бір-бірімен араз болды деп, себебіне әкесінен қалған бір әйелге таласты жатқызады [108, 139 б.]. Шыңғыс ханның күшейіп, Монғолия үстіртіндегі тайпаларды бірінен-соң бірін бағындырып, талқандап келе жатқан тұсында ағайынды екі найман ханының арасындағы қатынас та шиеленісе түседі. Бұл жағдайды Шыңғыс хан керемет пайдаланады.

Монғолдардың найман ханы Таянмен шешуші шайқасы З.Қинаятұлының дәлелдеуі бойынша 1204 жылдың шілдесінің ортасында Наху Хон тауының бөктерінде өтеді [285, 78 б.]. Наймандар жағында Шыңғыс ханның қарсыластары: меркіттер, кереиттер, ойраттар, жаджираттар болады, бірақ жаңа одақтың арасында бірлік пен өзара сенімділіктің болмауы, Шыңғыс ханның әскери шеберлігі мен қолданған әскери әдіс-тәсілдерінің артықшылығы оны жеңіске жеткізеді.

Наймандар ұлысы Шыңғыс ханның бүкіл Монғолия жеріндегі тайпаларды бағындыру барысындағы ең соңғы, ең күшті қарсылас болатын. Шыңғыс хан үшін наймандарды және оның одақтастарын шешуші шайқаста талқандаудың қандай маңызы болғандығын З.Қинаятұлы былай деп көрсетеді: «Наху Хон жеңісі Темужинге үлкен абырой әкеліп қана қоймай, оның көкейіне үлкен үміт отын ұялатты. Найманды бағындыру арқылы Монғол үстіртіндегі киіз туырлықты барлық халықтың басын біріктіру процесі аяқталды. Бұл жеңіс жаңадан бас көтере бастаған келешек Монғол мемлекеті үшін екі түрлі белгілі жаңалық әкелді. 1) Моңғолдар үшін найманды жаулап алу арқылы батысқа беті бір ашылса, Найман хан ордасының іс басқарушысы Тататунганы қолға түсіру арқылы ойғыр жазуын меңгеруге екінші үлкен мүмкіндікке қол жеткізді. 2) Монғол мемлекетінің ел іргесі Іле, Тарбағатай, Ертіс, Бұқтырмаға жетіп, Орталық Азия тайпаларымен қоян-қолтық келді... Бұл жеңістің стратегиялық маңызы зор еді. Жеңістің маңыздылығы соншалық Тэмужин аталмыш жеңіс тойын өзін ұлы қаған көтеру рәсімімен қоса белгіледі» [285, 80-81 бб.].

Монғолдардан жеңілген наймандардың бір бөлігі олардың үстемдігін мойындауға мәжбүр болса, екінші бір бөлігі батысқа қарай жылжиды. Олар қазіргі Қазақстанның шығысындағы Ертіс, Зайсан, Марқакөл маңына келіп орнығады. Үшінші бөлігі Күшілік ханмен ілесіп, Шығыс Түркістандағы қарақытай билеушісіне кетеді. 1212 жылы ол Жетісу мен Шығыс Түркістандағы билікті иеленіп, наймандарды топтастыруға ұмтылады. 1218 жылы монғолдардың қолынан Күшілік өлтірілгенімен, наймандар бұл өңірге орнығып қалады. Кейіннен моңғол ұлыстары құрылған кездерде біз наймандарды Жошы, Шағатай және Үгедей ұлыстарынан кездестіреміз.

Осылайша, 1219-1224 жылдарға дейін Монғолия жеріндегі билік үшін жүргізілген соғыстарда жеңіліс тапқан наймандар бірнеше бөлікке бөлініп кетіп, бір тобы Дешті Қыпшақтың шығыс бөлігіне, ал бір тобы Жетісу жеріне келіп орнығады. Наймандардың Дешті Қыпшаққа келесі бір орнығуы ұлыстардың құрылуы мен одан кейінгі ХІІІ ғ. 40-60 жылдарындағы тарихи дамулар барысында жалғасын табады. Біз ол жөнінде жеке қарастырамыз.

Монғол жаулауына дейін Қазақстан аумағына келген наймандардың ерекшелігі сонда, олар меркіттер секілді рулық бірлікке дейін өз құрылымдарын жоғалтпады. Олар ұлыс дәрежесінен айырылса да, өздерінің тайпалық бірлігін сақтап қалды. ХV ғасыр ортасында Қазақ хандығының құрылуымен қазақ халқының қалыптасуы процесі аяқталғанда, басқа да тайпалармен бірге Найман тайпасы да бұл үрдіске белсене араласады.

Монғол жаулап алуына дейін Қазақстан аумағына Монғолия жерінен қоныс аударған түрік тілдес тайпалардың бірі – керейттер болды. Олардың ХІ-ХІІ ғғ. мекендеген жерлері Моңғол үстіртіндегі Селенга, Орхон, Керулен өзендерінің жоғарғы және орта ағыстары бойы болды. Батыста – наймандармен, шығыста – монғол тайпаларымен, татарлармен, қоңыраттармен, ал солтүстікте меркіттермен, оңтүстікте онгуттармен (уақтармен) шектескен керейттер ХІІ ғасырдың соңы мен ХІІІ ғасырдың басындағы бүкіл Монғолия аумағындағы ең күшті және ең көп санды ұлыстардың біріне жатты. Рашид ад-дин керейттер жөнінде «олардың өз тайпаларынан шыққан атақты билеушілері болды, өз заманында олар басқа тайпаларға қарағанда үлкен күш пен қуатқа ие болды», - деп жаза келе, олардың Кераит, Джиркин, Конкаит, Сакаит, Тумаут және Албат атты жеті тайпадан тұратындығын хабарлайды [108, 127-129 бб.].

Монғолия жеріндегі кереиттердің ХІІ ғ. соңы мен ХІІІ ғ. басындағы тарихы бұған дейін қарастырған наймандар тарихымен ұқсас және деректері мен тарихи зерттеу әдебиеттері де бірдей. Сол себепті де бұл жерде әдебиеттердің бәрін қайталап жатпаймыз.

Шыңғыс ханның Монғолия жеріндегі тайпалардың басын біріктіру жолында 1179-1204 жылдары жүргізген күрестері мен соғыстарының жеңіспен аяқталуына сол тұстағы Кереит ханы Тоғырыл көп жәрдем береді. Тіпті Шыңғыс ханды Кереит ханына қарыздар деуге болады. Шыңғыс хан өзінен күшті қарсыласымен соғысу үшін Тоғырыл ханға арқа сүйеп жеңіске жетіп отырса, әбден күшейіп, Монғолия жеріндегі елеулі саяси күшке айналғаннан кейін, кешегі одақтастарын бірте-бірте өзіне тәуелді ете бастайды. Шыңғыс ханның мақсаты бүкіл Монғолия жерінің жеке дара билеушісі атану болғандықтан, кешегі одақтастармен соғысу болмай қоймайтын шара болды. «Соғыс керек болса, сылтау табылады дегендей, Шыңғыс хан мен Тоғырыл хан арасындағы ашық соғысқа сылтаулар көп болатын. Бірақ Шыңғыс хан өзіне қолайлы жағдайды күтеді. Қытай тарихшысы Сайшиял Кереит ханының саясатына мынадай баға береді: «Оның күші әлсіресе, Шыңғыс ханға сүйеніп, оны «ұлым» деп атайтын, ал күшейе келгенде, одан бойын аулақ ұстап, Шыңғыс хан мен Жамуханың арасында екіұштылық көрсететін» [288, 104 б.]. Кереит ханының Шыңғыс ханның үлкен ұлына қызын беруден бас тартуы, сондай-ақ Шыңғыс ханның қарсыласы Жамухамен Тоғырыл ханның жақындасуы Шыңғыс ханды соғысқа итермелейді. Магу Ундер деген жерде болған алғашқы шайқаста екі жақ бірін-бірі ала алмайды. Екінші шайқас 1203 жылы күзде, Езэгэр Ундур деген жерде өтіп, ол үш күн, үш түнге созылады да, ақыры Кереит ханы жеңіліп, ұлымен қашып кетеді. Ал кереит әскері Шыңғыс ханның билігін мойындайды [288, 107 б.]. Тоғырыл хан мен оның ұлы Санкумның кейінгі тағдыры өте қайғылы аяқталады [108, 132-133 бб.].

Билеушісінен айрылып, монғолдарға бағынышты болған Кереит жұрты бірнеше бөлікке бөлінеді. Рашид ад-дин бойынша 2003 жылғы жеңілістен кейін, кереиттер қашып кеткен [109, 127 б.]. Кереиттердің бір бөлігі Кейік батыр өзінің төрт ұлымен Шыңғыс ханға беріледі [109, 127 б.]. З.Қинаятұлы «Олардың монғол билігіндегі негізгі тобы Саян тауының сағасы, Ертіс, Еренқабырға, Алтайға дейінгі бұрынғы наймандардан босаған алқапқа ауа қоныстанып, Үйсін, Қаңлы, Қыпшақтармен қоян-қолтық келіп орналасты», - деп жазады [285, 48 б.].

Қазіргі кездегі қазақ халқының құрамындағы Жетірудың бірі – кереиттерді М.Тынышпаев 1203 жылы Шыңғыс ханнан жеңіліп, бытыраған кереиттердің тікелей ұрпақтары деп санайды [18, 13 б.]. Одан ары ол: «Ғасырлар өте, олар (Ырғыз маңына көшіп келген кереиттерді айтып отыр – Б.К.) шығыста қалған керейлермен ешқандай байланысы болмай, оларды мүлде ұмытты, дәл сол сияқты соңғылары да олардан хабарсыз болды. Менің ойымша, соған байланысты олардың бірі – керейлер деп, басқалары – керейттер деп аталады. («т» - көптік жалғауды білдіреді)», - деп толықтырады [18, 13 б.].

«Керей» мен «Кереит» атаулары туралы З.Қинаятұлы да М.Тынышпаевтың пікірін қолдайды. Ол «керей» және «кереит» атаулық ерекшеліктері болғанымен, заты бір тайпа. Олардың атаулық өзгешелігі тек Моңғол әулетінің Орталық Азияға трансформацияланған әкімшілік және әскери құрылысымен тікелей байланысты сияқты, - деген пікір айтады.

Сонымен, Монғолия жерінде жеке ұлыс ретінде наймандар секілді өмір сүрген кереиттер ХІІІ ғасырдың алғашқы жылдары Шыңғыс ханнан жеңіліс тауып, өздерінің ұлыстық дәрежесінен айырылады. Олардың басым бөлігі Шыңғыс ханның билігін мойындаса, бір бөлігі Дешті Қыпшақ аумағына көшіп келеді.

Сөйтіп олар меркіттер мен наймандар секілді 1219-1224 жылдардағы монғолдар жаулап алушылығына дейін-ақ Дешті Қыпшақтың этникалық өміріне араласып кетеді.

Біз монғол жаулаушылығына байланысты Дешті Қыпшақ аумағына тайпалардың келуін шартты түрде үш кезеңге бөліп, бірінші кезеңге – ХІІ ғ. соңы мен 1219-1224 жылдарды жатқызғанбыз. Жоғарыда қарастырылған меркіттердің, наймандардың, кереиттердің келіп қоныстануы бірінші кезеңде болады. Сан жағынан алғанда осы бірінші кезеңде келгендер онша көп болмай, Дешті Қыпшақтағы этникалық процестерге этнокомпонент ретінде қосылғаны болмаса, онша елеулі ықпал етпейді. Шаруашылық түрінің бір типтілігі, тілдік ортақтық, рухани жақындастық оларды бірден этнопроцестерге тез араласып кетуге мүмкіндіктер береді.

Монғолия аумағынан көшпелі тайпалардың келуінің келесі бір кезеңі – 1219-1224 жылдардағы жаулап алудан кейінгі Қазақстан жерінде ұлыстардың құрылуы мен Шыңғыс ханның ұлдарына қарамағындағы әскерлерді бөліп беруіне байланысты болады.

Шыңғыс хан жаулап алған жерлерін және өз жұрты Монғолияны төрт ұлына бөліп бергені белгілі. Үлкен ұлы Жошыға «Ертіс өзенінен батысқа қарайғы жерлер, «Қойлық пен Хорезм шекарасынан Саксин мен Булгардың татар аттарының тұяғы тиген жерлерге дейінгі орасан зор аймақ беріледі» [54, 77 б.]. Екінші ұлы Шағатайға Жетісудың бір бөлігі, Шығыс Түркістан және Мәуереннахр аймақтары, Үгедейге Батыс Монғолия мен Жоғарғы Ертіс пен Тарбағатай аймақтары, ал кіші ұлы Төлейге Монғолияның өзін береді [54, 77 б.]. Сондай-ақ кіші ұл бүкіл Монғолдың тұрақты 129 мың адамдық армиясының 101 мыңын иеленсе, қалған үш ұлға 4 мыңнан тұратын әскерлер беріледі.

Қазіргі Қазақстанның көп бөлігі Жошы ұлысына еніп, оның орталығы Рашид ад-диннің көрсетуі бойынша алғашқы кезде Ертісте болған [111, 78 б.].

Жошыға берілген 4 мыңдық монғол әскері мынадай мыңдықтардан құралады: Мунгур мыңдығы – Сиджиут тайпасынан, Кингитай мыңдығы – кингит руынан, Хушитай мыңдығы мен Байку мыңдығы Хушин тайпасынан тұрған [109, 274 б.]. Орта есеппен алғанда сол тұстағы әрбір отбасында 6-7 жан бар десек, Жошыға бөлінген монғол әскері мен олардың жанұяларындағы жалпы адамдар саны – 25-30 мыңдай болған.

Төменде осы Дешті Қыпшаққа келген тайпаларға сипаттама берелік.

Рашид ад-дин өзінің бірінші кітабында жалпы саны 85 тайпа туралы құнды мәліметтер береді [108, 180-197 бб.]. Ол бұл тайпаларды төрт топқа бөлген. Бірінші топқа – Оғыз және Монғолиядан тыс жерлерде өмір сүрген Түрік тайпаларын жатқызады, олардың саны – 30. Екінші топқа – 19 тайпа жатқызылып, автор оларды түрік тайпалары, қазіргі кезде ғана олар монғолдар деп аталатындығын ескертеді. Үшінші топқа - өздерінің дербес билеушісі болған – түрік тілдес тайпаны жатқызады. Ал қалған 27 тайпаны түріктер болса да, бұрыннан монғол деген атауды қабылдаған деп, оларды – Дарлекин және Нирун атты екі бөлікке жіктейді.

Рашид ад-дин дарлекин тайпаларына Нукуз бен Қият тайпалары қалдықтарының Эргунэ-кунге (Аргун өзені) кетіп, сол жақта өсіп-өнген тобын жатқызса, Нирун тобы Дабун-Баян өлгеннен кейін оның әйелі Алан-Гоадан туылған ұлдардан тараған тайпалардан тұрады деп айтады. Шыңғыс хан руы бөржігін осы монғол руларының Нирун тобына жатады.

Жошының қарамағына берілген Сиджиут тайпасының мыңдығы осы Нирунның құрамындағы тайпаның бөлігі. Рашид ад-диннің уақытында сиджиуттар Алтын Ордадағы Тоқта ханның қарамағына еніп, Черкес атты Алтын Орда ханының бас әмірі осы тайпадан шыққан [108, 183 б.].

Келесі мыңдықты құраған Кингит тайпасы дарлекин тобына жатады. «Бұл тайпадан белгілі әмірлер мен адамдар шыққан жоқ...», - дей келе, «Кунджи ұлысында (Ордаежен ұлысын айтып отыр, Кунджи – Ордаеженнің ұрпағы – Б.К.) осы тайпадан шыққан Хуран деген белгілі әмір бар. Қазіргі кезде оның бала-шағасы мен туыстары сол жақта тұрып жатыр», - деп жалғастырады Рашид ад-дин [108, 177-178 бб.]. Хушин тайпасы да монғолдың дарлекин атты бөлігіне жатады. Бұл тайпа Шыңғыс ханға адал болған және одан шыққан әмірлер Иранда Үгедейдің қоластында, Жошы ұлысында қызметтер атқарған» [108, 172 б.]. Көріп отырғанымыздай, Жошыға әкесі арғы тегі түркілік, бірақ бұрыннан монғол деп аталатын, дарлекин және нирун тобындағы тайпалардан тұратын мыңдықтарды берген. Өз кезегінде Жошы ұлысы да екі қанатқа бөлініп, сол қанатты оның үлкен ұлы Орда Ежен, оң қанатты Батый басқарады да, біріншісіне кингит пен хушин, екіншісіне – сиджиут пен хунши мыңдықтары тағы да бөлініп беріледі. Этникалық тұрғыдан қарағанда Шығыс Дешті Қыпшаққа келген бұл тайпалардың жергілікті жердегі этнопроцестерге тигізер әсерін теңізге тамған тамшы сумен теңеуге болады.

Қазақстанның оңтүстік-шығысы Жошы, Шағатай және Үгедей ұлыстарының түйіскен жері болып, Жетісудың үш бөлігі үш ұлысқа қарағандықтан, соңғы екі ұлысқа бөлінген тайпаларға да тоқталалық.

Шағатайға Рашид ад-диннің жазғанындай, Барулас, Қоңырат, Жалайыр, Найман тайпаларынан құралған 4 мыңдық, Үгедейге – Жалайыр, Сулдус және Конкоттан тайпаларынан тұратын мыңдықтар бөлініп беріледі [109, 275-276 бб.; 111, 94 б.]. Бұл ұлыстарға бөлінген мыңдықтардың санын отбасымен қоса есептегенде, Жошы ұлысына бөлінгендермен бірдей. Бұлардың да жергілікті жердегі этникалық процестерге тигізген әсері өте төмен.

Осыған байланысты ойларымызды түйіндей келе, Шыңғыс ханның жаулап алған жерлерді ұлдарына бөліп беруіне байланысты моңғол тайпаларынан құралған әскери-әкімшілік негіздегі мыңдықтардың ұлыстардағы, оның ішінде Жошы ұлысындағы этнопроцестерге тигізген ықпалы елеусіз болды деп есептейміз. Сан жағынан олар өте аз болғандықтан, көп ұзамай-ақ жалпы этноөмірге тез араласып, сіңісіп кетеді.

Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына монғол тайпаларының келесі бір келуін, сөйтіп олардың бұл аумақтағы этнопроцестерге сандық жағынан әсер етуін біз, жалпы монғол тайпалары келуінің үшінші кезеңіне жатқызамыз. Уақыт жағынан алғанда бұл кезеңге ХІІІ ғасырдың 40-60 жж. аралығы жатады.

Бұл кезеңдегі тайпалардың бір орыннан екінші орынға, бір ұлыстан екінші ұлысқа қоныс аударуы, жылжуы деректерде арнайы түрде баяндалмайды. Рашид ад-диннің мынадай жазған бір дерегі ғана үшінші кезеңде тайпалардың қоныс аударғандығын дәлелдейді. Ол Жошы ұлысындағы төрт мыңдық тайпаның жайын баяндай келе, «[Одан басқа] алыс және жақын туыстардың арасындағы өзара қырқысулар кезінде [ака ва ини] олардың бір бөлігі сонда [Тоқтай мен Баянның иеліктеріне] кетеді» [109, 275 б.]. Бұл жерде ирандық автор Үгедей мен Шағатай ұлыстарындағы 1240-1260 жылдардағы билік үшін жүргізілген күрестерді айтып отыр. Күрестердің барысы Рашид ад-динде жақсы баяндалғандықтан, біз оған тоқтап жатпай, тек оның негізгі қорытындыларын ғана атап өтеміз.

Шыңғыс ханның немерелері арасындағы қайшылық алғаш рет Батый мен Гүйік қаған ортасында басталып, ол 1248 жылы қағанның кенеттен қайтыс болуымен бейбіт аяқталады. Гүйіктен кейін таққа отырған Төлейдің ұлы Менгу қаған өзіне қастандық ұйымдастырды деген желеумен Гүйіктің әмірлері мен нойандарының 77-сін өлім жазасына кеседі. Менгу қаған қайтыс болғаннан кейін тақ үшін күрес оның екі інісі Құбылай мен Арығ-Бұқа арасында жүріп, біршама ұзаққа созылады және империяның көп бөлігін қамтиды. Бұл күреске Төлейдің ұлдарымен бірге Үгедейдің, Шағатайдың да ұрпақтары белсене араласады. Ақыры бұл күрес Монғол империясының бірнеше дербес мемлекеттерге бөлініп кетуіне әкеп соқтырады.

Тақ үшін күрестер Шағатай ұлысында оның ұрпақтары арасында жүреді.

ХІІІ ғ. 40-60 жж. Монғол империясындағы күрестердің көбі Жетісу, Мауереннахр, Шығыс Түркістан аймақтарында өтеді. Нәтижесінде жергілікті тұрғындар көп зардап шегеді. Ал Жошы ұлысында бұл кезде саяси тұрақтылық бар болатын. Кейбір жошылық сұлтандар ғана мысалы, Куинджи, Менгу Темір, Берке, Беркежар және тағы басқалары Үгедей мен Шағатай ұрпақтарының бірін қолдағаны болмаса, өз ұлысында соғыс өртінің тұтануына жол бермейді. Тұрақтылық сақталып отырғандықтан, Рашид ад-диннің жазғанындай Жошы ұлысына келіп паналағандар көбейе бастайды. Мысалы, Орда Еженнің ұрпағы Куинджидың ұлысына өз еркімен Үгедейдің ұрпағы Ширеки, Арығ-Бұқаның ұлы Букур келіп қосылады [111, 171 б.].

Жошы ұлысының шығыс бөлігі Үгедей ұлысымен оңтүстік бөлігі Шағатай ұлысымен шектесіп жатуы себепті, ол жақтағы қырқысулардың үздіксіз және шексіз болуы жергілікті тұрғындар мен көшпелі тайпалардың Жошы ұлысының шығыс бөлігіне немесе шығыс бөліктің сол тұстағы билеушісі Куинджидың қолына келуіне мәжбүрлейді. ХІІІ ғ. 40-60 жж. қырқысулар кезінде де қандай тайпалардың Шығыс Дешті Қыпшаққа келгендігін дөп басып айта алмаймыз. Бірақ та болжаумен Жалайыр, Қоңырат, Барулас, Сулдус және т.б. тайпалардың бөлімдері деуге болады. Өйткені бұл айтылған тайпалардан құралған мыңдықтар кезінде Үгедей мен Шағатайға үлестіріліп берілген болатын.

Осылайша, ХІІІ ғ. 40-60 жж. Жошы ұлысына көршілес ұлыстардағы соғыстар мен қырқыстар кезінде бірталай рулармен тайпалардың бөліктері келіп қоныс тебеді. Бірақ та олардың саны өте аз болғандықтан, Шығыс Дешті Қыпшақтағы этнопроцестерге тез сіңісіп кетеді.

Жалпы осы тараушада айтылған ойларымызды қорытындылай келе, мынадай тұжырымдар жасаймыз.

Біріншіден, монғол жаулаушылығы мен одан кейінгі жылдардағы кезеңде Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына Монғолия аумағынан негізінен түрік, сосын монғол тілдес тайпалар келіп қоныстанады. Біз бұл тарихи процесті шартты түрде үш кезеңге бөліп қарап, бірінші кезеңге – 1209-1224 жж. дейінгі уақытты жатқыздық. Бұл кезеңде Қазақстан аумағына Шыңғыс ханға бағынбай, оныменен күрестерде жеңіліс тапқан Меркіт, Кереит, Найман тайпаларының келгендігін көрсеттік. Ұлыстардың құрылуына байланысты Жошыға берілген Сиджиут, Кингит, Хушин тайпаларының мыңдықтары – екінші кезеңде келсе, үшінші кезеңде – Үгедей мен Шағатай ұлыстарындағы өзара тартыстарға байланысты кейбір топтардың Жошы ұлысына келгендігі анықталды.

Екіншіден, бұл көшіп келгендер сан жағынан өте аз болғандықтан, бүкіл аумақтағы этнопроцестерге қатынасады, бірақ оған ықпал ете алмайды. Бірнеше ұрпақтар ауыса келе, бұл келгендердің бәрі де Жошы ұлысындағы этнос құрамына сіңісіп кетеді, кейбірі өздерінің рулық, тайпалық құрылымын сақтап қалса, кейбіреулері басқа күштірек тайпалардың құрамына енеді.

Үшіншіден, Монғол жаулаушылығына дейін Шығыс Дешті Қыпшақта өмір сүрген тайпалар мен жаулап алу барысында көшіп келген тайпалар көп ұзамай-ақ, бір-бірімен араласудың нәтижесінде ортақ этнониммен атала бастайды да, ХV ғасырдың ортасында қазақ этносын қалыптастырады.







Date: 2015-11-14; view: 1350; Нарушение авторских прав



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.024 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию