Полезное:
Как сделать разговор полезным и приятным
Как сделать объемную звезду своими руками
Как сделать то, что делать не хочется?
Как сделать погремушку
Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами
Как сделать идею коммерческой
Как сделать хорошую растяжку ног?
Как сделать наш разум здоровым?
Как сделать, чтобы люди обманывали меньше
Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили?
Как сделать лучше себе и другим людям
Как сделать свидание интересным?
Категории:
АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника
|
ХІV-ХV ғғ. этнопроцестер және қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы
Қазақ халқының қалыптасуының соңғы кезеңі бұған дейін айтып өткеніміздей, ХІV ғасырдың ортасы мен ХV ғасырдың ортасы аралығына сай келеді. Монғолдар үстемдігі дәуіріндегі этникалық дамулардың заңды қорытындысына монғолдық этноэлементтердің қыпшақтану процесінің аяқталуы, соның нәтижесінде жаңа этноқауымдастықтың қалыптасуы жатады. Ол этноқауымдастықтың «өзбек» деп аталғандығын жазба дерек мәліметтері дәлелдейді. Өзбек атауына байланысты әртүрлі пікірлер жөнінде біз алда кеңірек тоқталамыз. Дешті Қыпшақ аумағындағы ХІV-ХV ғғ. этникалық дамулар барысы өзбек этноқауымдастығынан «көшпелі өзбектер» атты этнобірлестікті туғызса, ал одан өз кезегінде ХV ғасырдың ортасында жеке халық ретінде қазақ этносы бөлініп шығады. Қазақ этносының тарих мінберіне көтерілуі Қазақстан аумағындағы бірнеше мың жылға созылған этногенездің мәреге жеткендігін көрсетеді. Төменде біз, осы қазақ халқының этногенезіндегі соңғы кезеңге талдау жасаймыз. Сөйтіп, Алтын Орда тарихында Өзбек ханның билігі тұсы саяси тарих тұрғысынан алып қарағанда бір орталыққа бағындырылған мемлекеттік жүйенің құрылуымен, Жошы ұлысының ортағасырлардағы ірі мемлекетке айналуымен ерекшеленсе, ал этникалық тарих тұрғысынан қарағанда ХІV ғасырдың алғашқы жартысы мен ортасы жалпы этногенез барысындағы кезекті бір этникалық кезеңнің аяқталып, жаңа этникалық кезеңнің басталғандығын көрсетеді. Жошы Ұлысы құрылған тұста оның аумағында - қыпшақтар және жаулап алу барысында Монғолия аумағынан түрік тілдес, монғол тектес тайпалар қоныстанып, Дешті Қыпшақтың этникалық келбеті мен бет-бейнесіне өзгерістер әкеледі. Бірақ та қыпшақтану процесі сырттан келген этноэлементтерді бір ғасырдан астам уақыт бойы бойына сіңіріп, негізі қыпшақтық болған жаңа этноқауымдастықты дүниеге әкеледі. Жоғарыда атап өткеніміздей, ол этноқауымдастық – «өзбек» деген атауға ие. Осы жерде өзбек сөзінің шығу төркіні мен оның мәніне, сондай-ақ осы мәселеге қатысты пікір білдірген зерттеушілерге тоқтала кетелік. Жалпы алғанда, өзбек атауының шығуына байланысты зерттеушілер арасында ортақ пікір жоқ. Бұл жөнінде пікір айтқандардың бір тобы «өзбек» атауының шығуын Алтын Орда ханы Өзбектің есімімен байланыстырса, екінші бір тобы бұл пікірге қарсылық білдіріп, атаудың пайда болуын «өзі» немесе «өз» сөзі мен «бек» сөздерінің қосылуынан шыққан деп көрсетеді [296, 1-2 бб.; 3, 102 б.; 4, 146-147 бб.; 17, 102 б.; 42, 21 б.; 273, 94 б.; 26, 3-5 бб.; 9-37 бб.; 45, 11-30 бб.; 58, 202-214 бб.; 54, 105 б.]. Біз бұл жерде өзбек атауы жөнінде пікір бідірген барлық авторлардың ойларына талдау жасамаймыз, өйткені кейбір авторлар өз пікірлерін ешбір дәлелдеусіз айтады [3, 102 б.; 273, 94 б.; 17, 102 б.]. Ал Г.Вамбери, А.А.Семенов, Б.А. Ахмедов, З.Қинаятұлы секілді зерттеушілер өз тұжырымдарын дерек мәліметтері арқылы негіздесе де, бір-біріне қарама-қайшы келетін пікірлерге тоқтайды. Мысалы, Г.Вамбери өз ойын былайша негіздеуге тырысады: «Түрік халықтарында мынадай бір ерекшелік бар: олар өз билеушілері ішіндегі атағы кең тараған билеушінің немесе жалпыға ортақ мекемелерді енгізгеннің есімін мәңгі сақтау үшін оның есімін қабылдап отырған. Сол есімді олар өздерінің екінші түп атасы етіп, сол арқылы өз мемлекеттілігінің гүлденгендігін және әлемдік тарихтың аренасына көтерілгендігін көрсетуге паш еткен». Одан ары ол өз ойына дәлел ретінде Византия империясының орнына келген түріктердің өз көсемі Османның есімімен османдар деп аталғандығын дәйек етіп, дәл сол сияқты Көк Орданың шығыс бөлігіндегі яғни Еділ мен Арал теңізінің аралығындағы түрік-монғол тайпалары Жошы әулетіндегі тоғызынша хан - Өзбектің есімі бойынша саяси жинақтаушы өзбек атауын қабылдады» [296, 1-2 бб.]. Г.Вамберидің бұл пікіріне қарсы ойды ХІХ ғасырдағы белгілі орыс шығыстанушысы В.В. Григорьев «История Бохары» атты кітапқа берген сын-ескертпесінде айтады. Онда ол: Г.Вамберидың өзбек атауы Алтын Орда ханы Өзбектің есімімен байланысты деген пікірі мен оның сүйенген дерегіндегі мәліметтің аңыздық сипатта екендігін басып айта келе, «Өзбек хан билік құрған Алтын Ордада ешқандай өзбектер болған жоқ, өзбектер Өзбек ханның билігі жүрмеген Көк Ордада және Өзбек хан қайтыс болғаннан кейін жүз жылдан соң барып пайда болды», - деп өз тұжырымын айтады [297, 123 б.]. Г.Вамбери мен В.В. Григорьевтің өзбек атауы жөніндегі бір-біріне қарама-қарсы пікірлері осы мәселеге қатысты екі топқа негіз болады. Өзбек атауы мен өзбектердің құрамы туралы терең ғылыми талдау жасап, ғылыми тұжырымдар айтқан ғалымдардың бірі белгілі шығыстанушы – А.А.Семенов болды. Ол өзінің ғылыми ортаға кең танымал болған белгілі мақаласында қарастырып отырған мәселе бойынша бірнеше ойлар мен тұжырымдарды ұсынады. Олар мыналар: 1) «В.В. Григорьевтың осы мәселе жөніндегі қорытындысы әлі күнге дейін өз күшін жойған жоқ; 2) өзбектер Алтын Ордадан шыққан жоқ және кейбіеулер айтып жүргендей, олардың өз атауын алтынорадалық Өзбек ханнан алғандығы дәлелденген жоқ» [26, 5.; 35-36 бб.]. Б.Б. Ахмедов болса, «өзбектер», «мамлакат-и узбек» (Өзбек мемлекеті), «улус-и узбек» (Өзбек ұлысы) атауларын алған қолданған Хамдаллах Казвини мен оның ұлы Зайн ад-дин Казвинидің мәліметтеріне талдау жасай келе, «Бұл жерде әңгіме Өзбек хан және оның мемлекеті туралы болып отыр, бірақ ол Ақ Орданың көшпелілеріне қатысты емес», - деп қорытынды жасайды [45, 13 б.]. Одан ары ол «ХІV ғ. 60 жылдарына дейін жазба деректерде өзбек сөзі ұшыраспайды», - дейді де, «Өзбек» термині ХІV ғ. 60 жылдарында жинақтаушы сөз ретінде Дешті Қыпшақтың түрік-монғол тұрғындары үшін пайда болған секілді», - деген тұжырымға келеді [45, 13 б.; 15 б.]. Қазіргі кездегі тарихшылар арасында бұл мәселеге тереңірек барып, өз ойын білдірген тарихшы – З.Қинаятұлы. Ол Низам ад-дин Шамидың, Шереф ад-дин Иездидің мәліметтеріндегі «өзбек» сөзінің қолданысына, мәні мен мағынасына талдау жасайды да, мынадай қорытындыға келеді: «Сөйтіп, Өзі-бек атауы Әмір Темірдің тұсында дала көшпенділерін отырықшы батыс Қыпшақ бөлімдерінен ажырату мағынасында, орталыққа басы-байлы емес, өз елі бар, өз билігі өзіндегі көшпенділердің билеуші Бектеріне қолданылған атау. Осылайша Өзі-бек атанғандар негізінен жергілікті Түркі және ХІІ-ХІІІ ғасырларда Монғол үстіртінен ауып келген соңғы түркі тайпалары болатын» [58, 211 б.]. Осылайша, жоғарыда келтірілген авторлардың тұжырымдары өзбек сөзінің шығуы мен мәні жөніндегі мәселеде бір-біріне қарсы. Бірі - өзбек атауының Алтын Орда ханы Өзбек ханның есімімен байланыстырса, екінші бірі – «өзі» және «бек» сөздерінен шығарады. Біз де осыған байланысты өзіндік ой-пікірлерімізді осы жерде білдірелік. Алдыменен, өзбек сөзінің түп-төркіні мен мәніне тоқталсақ. Атаудың «өз» және «бек» деген қос сөзден құралып тұрғандығы және ол екеуінің де түрік сөзі екендігі ешкімге дау тудырмайды. Г.Вамбери өзбек сөзінің тікелей мағынасын «дербес», «өзіне өзі қожайын» деп аударады [296, 2 б.]. «Бұл сөз ежелгі венгерлерде дәреже немесе атақ мағынасында қолданылады. Және ол 1150 жылға жататын құжаттарда кездеседі», - деп түсініктеме береді Г.Вамбери [296, 2 б.]. Соған қарап біз, өзбек сөзінің түп-төркіні түріктік және әлеуметтік мәні болып, ал мағынасы бойынша өз дербестігін белгілі бір дәрежеде сақтаған, әлеуметтік жіктелістің жоғарғы деңгейіндегі адамдарға қатысты қолданылған деп есептейміз. Біздің ойымызша, бұл – өзбек сөзінің ең алғашқы мәні мен мағынасы. Өзбек сөзінің келесі мәні мен мағынасы оның ер адамға берілетін есім екендігін білдіреді. Жазба деректерден Алтын Орда ханы Өзбекке дейін де, одан кейін де Өзбек есімді кісі есімдерін кездестіреміз. Ибн ал-Асир, Ан-Нисави, Рашид ад-дин еңбектерінде 1210-1225 жж. Азербайжан атабегі Өзбек ибн Мұхаммед, 1197-98 жж. Балх қаласының билеушісі Узбех, Мұхаммед Хорезмшахтың қолбасшыларының бірі Өзбек (Өзбектай), Жошының немересі, Мингкадардың ұлы - Өзбек атты есімдер жиі ұшырасады [298, 368 б.; 377 б.; 390 б.; 64, 69 б.; 65, 85 б.; 109, 159 б.; 238 б.; 110, 76 б.; 198, 144 б.]. ХV-ХVІ өмір сүрген тұлғалар арасында да Өзбек есімді кісі есімдері кездеседі [130, 41 б.; 207, 248 б.]. Кез келген атау белгілі бір ұғымды білдірсе, ұғымның өзі объектілердің ішкі және сыртқы қасиеттерінен тұрады. Ұғымды қалыптастыратын қасиеттердің бірі немесе бірнешеуі өзгерсе, жойылса, онда ұғым да өзгеріске ұшырап, мәні мен мазмұнға әсер етеді, ал атау сақталынып қала беруі мүмкін. Біз осындай мән мен мазмұндағы өзгерістерді Өзбек атауынан байқаймыз. Оның алғашқы әлеуметтік мәні өзгеріп, кісі есімін білдіретін мәнге ауысса, Алтын Орда ханы Өзбектің жүргізген саясатына, оның жеке басындағы қасиеттеріне байланысты, Алтын Орданың рухани өмірінде ол жүргізген түбегейлі өзгерістерге байланысты Өзбек есімі басқа мәнге, жинақтаушы саяси-этникалық мәнге ауыса бастайды. Бұған дейінгі тараушада айтып өткеніміздей, Өзбек ханның Алтын Ордадағы 30 жылдық билігі тұсында ірі-ірі, терең мәні бар бірнеше түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылады. Оның біріншісіне – мемлекетті басқару жүйесінің реттеліп, бір орталықтан басқарылатын құрылымның пайда болуы жатады. Өзбек ханның саясатына қорытынды берген М.Г. Сафаргалиев ол туралы былай деп жазады: «Өзбек хан тұсында мемлекеттік басқарудың орталықтануына байланысты жергілікті жерлердегі билік органдары да ретке келтіріледі. Алғашында Алтын Орданың қалыптасуы кезеңінде биліктің орталықсыздануы жүрді, мемлекетті Батыйдың інілері бөліп алып, әрбір ұлысты басқарған адам өздерін жартылай мемлекет басшысы ретінде дербес сезініп, өз ұлысын жеке дара басқарды. Енді бір орталықтан басқару жүйесі енгізілгеннен кейін бұрынғы ұлыстар облыстарға айналдырылып, кейін бұрынғы ұлыстар облыстарға айналдырылып, оларды әмірлер басқарды... Алтын Орданың саяси дамуның алғашқы жүз жылын қорытындылай келе, Батый тұсындағы қарапайым ғана мемлекеттік құрылым Өзбек хан тұсында ортағасырлық ірі мемлекетке айналды деп айтуға болады» [44, 340-341 бб.]. Тарихшының бұл айтқан қорытындысы Жошы Ұлысының оң және сол қанаттарына бірей қатысты. Парсы тарихшысы Муин ад-дин Натанзи Жошы Ұлысының сол қанаттағы билеушісі Ерзен хан туралы «Өзбек ханның жарлығы бойынша ол әкесінен кейін оның орнына келді,... ол Өзбек ханға бағынуды, оған құлақ асуды қатты ұстады», - деген мәліметі осыны дәлелдейді [200, 129 б.]. Биліктің орталықтанып, жергілікті билік органдарының ретке келтірілуі – Алтын Ордада да ортақ саяси-құқықтық кеңістікті қалыптастырады. Бұл Өзбек ханның Алтын Орданың саяси өміріндегі бірінші жүзеге асырған ірі көлемдегі шарасы болса, екіншісіне оның рухани өмірінде жасаған түбегейлі өзгерісі жатты. Басқаша айтқанда, исламның қарсыластарын жойып, оны мемлекеттің ресми дініне айналдыруы – қалың көпшілік тарапынан қолдау табады да, бүкіл Алтын Орда аумағында саяси-құқықтық кеңістік секіді ортақ рухани кеңістікті қалыптастырады. Бұл жолда Өзбек ханды қолдаушылар - әмірлер, бектер, дін басылары, қолбасылар және тағы басқалары ру-тайпасына, әлеуметтік орнына, кәсібіне қарамастан, Өзбек ханның жақтастары, қолдаушылары болды да, олардың бәрі ортақ атаумен «өзбектер» деп атала бастаған. Осылайша, өзбек атауы жаңа мәнге ие бола бастайды. Ол – жинақтаушы саяси мән болатын. Осы жинақтаушы саяси мәнде өзбек атауы ең алғаш рет 1336 жылғы оқиғаларға байланысты жазба деректе қолданылады. Парсы тарихшысы Хамдаллах Казвини (1281 ж. шамасында туылып, 1350 ж. қайтыс болған) Өзбек хан бастаған Алтын Орда әскерінің Иранға қарсы жорығын жаза отыра, бір жерде Өзбек ханның әскерлерін өзбектер (узбекиян) деп, ал мемлекетін Мамлякат-и-узбеки - Өзбек мемлекеті деп атайды [113, 93 б.]. Ал оның ұлы Зайн ад-дин Казвини әкесінің шығармасын жалғастыру барысында Алтын Ордаға қатысты Өзбек ұлысы (улус-и Узбеки) деген терминді қолданады [200, 97 б.]. Енді парсы авторының өзбектер (узбекиян) деген сөзіне талдау жасап, түсініктеме берелік. Терминнің қағаз бетіне түскен жылы – 1336 жыл - Өзбек ханның Алтын Орда тағында отырғанына – 23, исламды ресми дін етіп жариялағанына – 15 жыл болған кез. Осы жылдар ішінде Өзбек ханның барлық бағыттағы жүргізіп отырған саясаты өз нәтижесін беріп, оның атақ-даңқы мен абырой-беделі ең шарықтау шегіне жетеді. Бұл жағдай Алтын Орданың көршілеріне де белгілі болады. Әсіресе, ол Алтын Орданың басты қарсыласы Иранға өте белгілі болса керек. Ирандықтар Алтын Орданың күшеюі мен нығаюын, ондағы барлық оң өзгерістердің бәрін Өзбек ханның есімімен байланыстырып, Алтын Орданы - Өзбектің елі, мемлекеті деп, ал Алтын Орда тұрғындарын жалпылама жиынтық атаумен - өзбектер деп атай бастайды. Тарихта қарапайым ғана мәні бар сөздердің белгілі бір жағдайларға байланысты жинақтаушы саяси-этникалық мәнге ие болып, көршілес елдерге сол этнониммен белгілі болғаны жөнінде мысалдар көп кездеседі. Олардың бір-екеуін атап көрсетелік. Ирандықтардың ХVІ ғасырдан бастап қызылбастардеп атала бастағаны белгілі, жаңа атаудың «қызыл» және «бас» деген сын есім мен зат есімді білдіретін қос сөзден құралғаны бірден байқалып тұр. Осман және Ноғай атты кісі есімдерінен ноғайлар, Османдар атты этнонимдердің пайда болғанын дәлелдеп жатудың өзі бұл жерде артықтау. Тіпті, кеңесу, кеңес қылу (советовать) деген етістіктен, кеңес (совет) атты зат есім, ал одан кеңес халқы (советский народ) деген этникалық мәндегі жаңа сөз шығып тұр. Адам есімін білдіретін Өзбек сөзі де дәл жоғарыдағыдай, жиынтық саяси-этникалық мәнге ие болып, Казвини дерегінде өзбектер деген жаңа сөзді қалыптастырып тұр. Ол алғашында Алтын Орда әскерлеріне қатысты айтылса, кейіннен оның барлық тұрғындарына да қатысы болады. Өзбек ханның тұсында саяси-құқықтық және рухани кеңістіктің бүкіл Алтын Ордаға ортақ болуы «өзбек» атауын да оның барлық тұрғындарына ортақ етеді. Жошы Ұлысының шығыс бөлігіндегі немесе сол қанатындағы Ақ Орданың тайпалары да жиынтық саяси-этникалық мәндегі өзбек атауымен аталады. Парсы авторлары өзбек атауын енгізгеннен кейін бұрынғы қыпшақ атауы жойылып кеткен екен деген ой тумауы керек. ХІV ғасырдың ортасында, екінші жартысында және соңында араб авторлары Алтын Орда тұрғындарына қатысты қыпшақ терминін өзбек атауымен қатар қолдануды жалғастыра береді. Ибн ал-Форат (1334-1404) Тоқтамыс ханды «Солтүстік дала» елінің билеушісі, Қыпшақтар жеріндегі Берке хан тағын иеленуші» десе, Ал Макризи (1364/65-1441/42) «833 және одан кейінгі жылдарда (1428-1430 жж.) Сарай мен Дешті жерлерінде және Қыпшақ далаларында қатты құрғақшылық болды», - Ал-Асади (1377-1447) 1394 жылы Дамаскіге Қыпшақ жерінде Өзбек ханның орнында отырған Тоқтамыс ханның елшілері келгенін баяндайды [72, 364 б.; 442 б.; 448 б.]. Ал ибн-Дукмак (1308-1388) болса, «786 жылы (24.02.1384-11.02.1385) Өзбек елінің билеушісі Тоқтамыс ханның елшілер келді», «796 жылы (06.11.1393-26.10.1394) Дамаскідегі сұлтанға Қыпшақ патшасы Тоқтамыс ханның елшілері келді», - деп Тоқтамысты бірде қыпшақтардың, бірде өзбектердің билеушісі ретінде көрсетеді [72, 329 б.]. Келесі бір араб авторы Абулаббас Ахмед Шихабеддин Ал-Мысри Ал-Калкашанди (1417/18 ж. қайтыс болған) Тоқтамыс ханды «Өзбектер елінің билеушісі» деп нақтылап жазады [72, 414 б.]. Осы келітірілген дерек мәліметтері көрсетіп отырғанындай, «өзбек» атауы этникалық мән ретінде қыпшақ атауымен синоним болып тұр. Әрбір араб авторларының шығармаларында Алтын Орданы «Солтүстіктегі дала» елі, «Дешті мен Сарай жері», - деп атағанымен, ол жердің тұрғындарын қыпшақтар немесе өзбектер деп атап көрсетуі - өзбек атауының жиынтық саяси-этникалық мәннен таза этникалық мәнге ауысқанын және оның осы мәнде кең тарап кеткендігін көрсетеді. Егер де араб авторларының шығармаларында Алтын Орданың тұрғындары ХV ғасырдың басына дейін, қыпшақтар, өзбектер деп қатар айтылып келсе, ирандық авторлар сол қанаттағы Ақ Орданың тұрғындарына қатысты тек өзбек атауын қолданады. Низам ад-дин Шами өзінің «Зафар-анме» еңбегінің «Тоқтамыс ханзаданың Сахибқыран әмірге (Әмір Темірге – Б.К.» келуі) деп аталатын бөлімінде ХІV ғ. 70-ші жж. оқиғалар туралы айта келіп, «Ол (Темір) оған (Тоқтамысқа) Отырар мен Сауран өңірін беріп, сол жаққа жібереді. Біршама уақыттан кейін өзбек Орыс ханның ұлы Кутлун-Бұқа әскер шығарып Тоқтамыс оғланмен көп соғысты», - деп баяндайды [117, 106 б.]. Автор осы еңбегінің «Темірдің Тоқтамыс ханға қарсы жорығы туралы әңгіме» атты тарауында этникалық мәндегі өзбектер атауы бірнеше рет кездесіп, ол деректе мынадай жағдайға байланысты қолданылады. 1389/90 жылы Әмір Темір Тоқтамысқа қарсы жорыққа шығып, Ходжент өзенінен (Сырдария) өтеді де, әскерінің алдыңғы легі бірнеше рет қарсыластарын жеңіліске ұшыратады. Темір Сарыг өзен мен Курчуннен өтіп, Ал-кушун деген жерге аялдайды. Осы кезде оған Хорасандағы көтеріліс туралы хабар келеді. «Ойлана келе Темір Хорасанға Мираншах мырзаны әскерімен жібереді де, өзі өзбектер аймағына аттануды жоспарлайды. Нойандар мен әмірлер бас қосып, оған алдыменен Еңке-Төреге қарсы шығып, оны жойған дұрыс, сосын өзбектер еліне аттанайық деп кеңес береді. Темір олармен келісіп, Бөрібасы арқылы Еңке-Төреге аттанып кетті», - деп жазады Низам ад-дин Шами [200, 111-112 бб.]. Шамидың бұл дерегі Ақ Орда тұрғындарының жиынтық атаумен өзбектер деп аталғандығын көрсетеді. Келесі бір тарихшы Абдараззак Самарканди (1413-1482 өз еңбегінде Шығыс Дешті Қыпшақтың барлық тұрғындарын жалпылама атаумен өзбектер, елін - өзбектер елі, Өзбек ұлысы, ал билеушілерін - Өзбек елінің патшасы деп жиі атайды. 1409-1410 жылы Шахрухқа «Дешті Қыпшақ пен өзбек еліндегі билікті иеленуші Болат ханның, Едіге әмірдің және Иса әмірдің елшілері келді», 1410-1411 жылы «Өзбек елі мен Дешті Қыпшақтан әмір Едіге-бахадүр келді...», 1410 жылы «өзбектер аймағындағы әмір Едігеге барған тавачи Абан қайтып оралды», 1416 жылы «Шахрух Фарс өңірінен Хорасанға оралды... Өзбек ұлысынан Ходжа-Лаканың ұлдары қашып кетіп, Өзбек ұлысында бүліншіліктердің болып жатқандығын жеткізді», 1420 жылы «Өзбек Ұлысынынан қашқан Барақ оғлан, Ұлығбек мырзаның сарайына келіп пана тұтты», 1421/22 жылы «Дешті Қыпшақтан Өзбек елінің патшасы Мұхаммед ханнан Әлім шейх оғлан мен Болат келді...», 1422/23 жылы «осы кезде Хорезмнен әмір Шахмеликтің нөкері келіп, Барақ оғланның Мұхаммед хан ордасын басып алғандығын және Өзбек ұлысының көп бөлігінің оған бағынғандығын жеткізді», 1430/31 жылы – «өзбек әскерінің Хорезмді тонаушылыққа ұшыратқандығы» және «Хорезм әмірлерінің Өзбек ұлысы мен халқына жорық жасағандығы», 1451/52 жылы «Өзбек ханы Әбілхайыр ханның Әбу Сайд мырзамен одақтасуы туралы ойын сарай қызметкері жетізеді», және тағы осындай сипаттағы мәліметтер Самарканди еңбегінде жиі кездесіп отырады [124, 192 б.; 198-199 бб.; 201 б.]. Самаркандидың өзбектер жөніндегі мәліметтері 1467/68 жылғы оқиғаларға дейін созылады және оның мәліметтерінен байқағанымыз, ол – Мәуереннахрдың солтүстігінде орналасқан Шығыс Дешті Қыпшақтың барлық тұрғындарын жалпылама жиынтық атаумен - өзбек деп атауы жатады. ХVІ ғасырда өмір сүрген Мұхаммед Хайдар Дулати мен Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани өзбектер, Өзбектер елі жөнінде, біздің ойымызша, басқа авторларға қарағанда өте дәл және өте анықтау сипаттама береді. Дулати өз еңбегінің көптеген жерінде өзбек атауын Шығыс Дешті Қыпшақ тұрғындарына қатысты қолдана отырып, олардың өмір сүрген аумағын Өзбекстан деп атайды. «Тарих-и Рашидидың» І-кітабындағы 39-тарауда Есенбұға ханға әмірлердің қарсылық көрсетуі туралы әңгімесінде «Шорас (Чурас) пен барин тайпаларының әмірлері Исан Тайшының баласы Амасанжы Тайшы қалмаққа кетті. Тағы басқа топ калучи (қалушы), бұлғашы (булгачи) және басқа да бірнеше тайпалар Өзбекстанға Әбілқайырдың қол астына кеткен еді», - деп жазса, осы тараудың соңында Қазақ хандығының құрылуы туралы айта келе, «940 (1533-1534) жылға дейін қазақтар Өзбекстанның көп бөлігіне өз биліктерін толық жүргізген еді», - деп баяндайды [142, 109-110 бб.]. Осы еңбектің екінші кітабындағы 68-тарауда автор Моғолстанға кеңірек географиялық сипаттама беріп, былай деп баяндайды: «Моғолстанда Жейһун сияқты, не соған жақын үлкен өзендер көп болған. Мысалы, Іле, Еміл, Ертіс, Шолақ және Нарын сияқты. Бұл өзендердің Жейһун мен Сейхуннан еш кемдігі жоқ. Олардың көпшілігі Көкше теңізге құяды. Көкше теңіз Моғолстан мен Өзбекстан арасын бөліп тұрған көл......Қыс мезгілінде Көкше теңізде мұз қататын. Өзбектер мұздың үстінен өтіп, Моғолстанға баратын... Көкше теңізге құятын өзендер көп те, одан ағатын өзен аз. Ағатын өзеннің мөлшері оған құйылатын судың бір бөлігіндей ғана. Ағатын өзен Өзбекстан аумағынан ағып өтіп, Құлзумға (Каспий теңізі – Б.К.) құяды. Бұл өзеннің аты Атил деп аталады. Тарихи кітаптарда [Атил, ал өзбектер арасында Идил деген атпен белгілі]» [142, 404 б.]. Бұлардан басқа 73-тарауда Моғол ханы Жүніс ханның Сұлтан Нигар ханым атты қызының қазақ ханы Тахирға: «... Менде Өзбекстанның даласында көшіп-қонып жүретін әл-қуат жоқ», «... Қазір сенің Өзбекстандағы маңғыттардың кесірінен жұмысың алға баспай тұр», - деген сөзінде, «Ал, Тахир хан Өзбекстанда болатын», - деген дерегінде Өзбекстанның қазіргі Қазақстан аумағы екенін аңғару қиын емес [142, 413 б.; 417 б.]. Ал Ибн Рузбихан болса, өзбектердің қандай аймақтарында шекараласатынын былай деп нақты көрсетіп жазады: «Өзбектер иелігінің бір шеті мұхитпен шектеседі (автор бұл жерде мұхит деп Каспий теңізін айтып отыр); екінші шеті Түркістанмен (ХІV-ХVІ ғасырларда Түркістан деп Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы өңірлер мен қалаларды осылай атаған – Б.К.); үшіншісі Дербентпен; төртіншісі Хорезммен және бесіншісі – Астрабадпен шектеседі. (Астрабад – Ирандағы провинция және қала атауы). Бұл [жерлердің] бәрі түгелімен өзбектердің жазғы және қысқы жайылымдары болып есептеледі [208, 62 б.]. Жоғарыда келтірген дерек мәліметтеріне талдау жасай келе біз, мынадай қорытындыларға келеміз. Біріншіден, араб тіліндегі авторлар өз шығармаларында ХІV ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап Алтын Орданың халқын бұрынғы қыпшақтар атауына қоса жалпылама жиынтық атаумен өзбектер деп атай бастайды да, бұл екі атау олардың еңбектерінде синоним ретінде қолданыла береді. Екіншіден, парсы тіліндегі авторлар болса, өзбек атауын жалпы Алтын Орда тұрғындарына қатысты қолданса да, нақтырақ келгенде, өзбектерге олар Мауереннахрдың солтүстігіндегі Шығыс Дешті Қыпшақ тайпаларын немесе Ақ Орда тұрғындарын жатқызды. Үшіншіден, Мұхаммед Хайдар Дулати Ташкентте туып-өсіп, саналы өмірін Дешті Қыпшаққа іргелес Моғолстанда өткізгендіктен, көршілес елдің халқы жөнінде бай материалдарға ие болған да, өз еңбегінде Шығыс Дешті Қыпшақ халқын өзбектер деп, ал территориясын Өзбекстан деп атап көрсетеді. Осылайша, Қазақстан атауы қалыптасқанға дейін Шығыс Дешті Қыпшақ халқы өзбектер, ал олардың жері Өзбекстан деп парсы тіліндегі деректерде қолданыста болады. Б.А. Ахмедов «Дешті Қыпшақтың далалық бөлігі өзбек даласы деп аталып, олар Сырдариядан солтүстікке қарай орналасқан бірталай жерді алып жатты», - деп түсіндіреді [45, 15 б.]. Біздің ойымызша, бұл түсіндіру дұрыс, бірақ толық емес. Жоғарыда келтірген дерек мәліметтерінде Тоқтамысты, Едігені, Барақ ханды, Әбілқайыр ханды өзбектердің билеушісі деп көрсетуі, Балқаш көлі Өзбекстан мен Моғолстанның шекарасындағы көл делінуі - Өзбекстанның шекарасы шығыста Ертіс өзенінен, батыста Еділ, Жайыққа дейін Сырдың орта, төменгі ағысы бойынан, Арал теңізінен солтүстікте Сібірге дейінгі жерлерді алып жатқандығы дәлелдейді. Енді, Жошы ұлысының шығыс бөлігіндегі этникалық процестерге тоқталып өтелік. Орда Ежен ұлысының негізінде құрылып, Алтын Орданың құрамында болған Ақ Орда хандығының аумағы шамамен алғанда Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына сай келеді. ХІV ғасырдың ортасына дейінгі Алтын Орда тұрғындарына қатысты айтылған қыпшақ атауының Ақ Орда тұрғындарына да қатысы бар. Одан кейінгі өзбек атауының да сол қанат тұрғындарына қатыстылығын жоғарыдағы дерек мәліметтері дәлелдейді. Жошы ұлысы құрылғаннан ХV ғасырға дейінгі аралық Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында салыстырмалы түрде саяси тұрақтылықтың ұзақ уақыт бойы сақталынуы, қыпшақтану процесінің аяқталуы, дәстүрлі шаруашылық түрлерінің сақталуы, жергілікті тайпалардың бәрінің исламды қабылдауы, осылардың бәрі осы аймақта біртұтас, ортақ саяси, рухани, этникалық, экономикалық кеңістіктің қалыптасып, дамуына әкеледі. Ал ол өз кезегінде этникалық процестерге оң ықпал жасап, олардың өзара жақындасуына, бірігуіне, сол арқылы ортақ халықтық сана-сезімді туғызды. Ақ Орда аумағының Өзбекстан деп аталуы, оның тұрғындарының жалпылама атаумен өзбек делінуі соның дәлелі. Өзбек атауы біз қарастырып отырған кезең ішінде жиынтық мәнде болғандықтан, оның құрамына енген ру-тайпаларды анықтаудың маңызы ерекше. Біз сол арқылы қандай тайпалардың жергілікті, қандай тайпалардың түрік, монғол тілдес екендігін анықтай аламыз. Сол себепті де төменде өзбектер құрамын анықтап көрелік. Шығыс Дешті Қыпшақтың ХV ғасырдағы тайпаларының жалпылама атауын немесе бір бөлігін ауыз әдебиетінде өзбектермен қатар, ноғай, қыпшақ деп атайды да, ауыз әдебиетінің әртүрлі үлгілерінде олардың саны айтылып қалып отырады. Г.Н. Потаниннің қазақ халқы арасынан жазып алған тарихи аңыз-әңгімелерінде «Отыз екі баулы өзбек», «Тоқсан екі баулы қыпшақ» атты сөз тіркестері кездеседі [236, 54 б.; 64 б.]. Ал Мұрын жыраудан жазып алынған «Қырымның қырық батыры» атты батырлық жырлар топтамасында ноғайлы еліндегі рулардың саны туралы былайша айтылады: «Сонда Аңшыбай сөйлейді: - Руымды сұрасаң, Мұсылман деген ел деді. Қайратымды сұрасаң, Қара дауыл сел деді. Тұқымымды сұрасаң, Тоқсан баулы ноғайдан, Қырық таңбалы Қырымнан Шылқытып жатқан жер деді» [155, 26 б.]. Осы жырдың келесі бір жерлерінде: «... Тоқсан баулы ноғайлы Байтақ жатқан ел едің...» «... Тоқсан баулы ноғайда Құтқарып алар адам жоқ депті», «... Тоқсан баулы ноғайдан Бір қыз іздеп таппадым...» «... Нәріктейін ханымыз Тоқсан баулы ноғайдан Артық тұрған жанымыз...» [155, 159 б.; 161 б.; 307 б.; 321 б.]. Ал енді жазба дерек мәліметтеріне келсек, оларда да тоқсан екі өзбек тайпалары туралы айтылып, тайпалардың атаулары беріледі. Оларға: «Маджму ат-таварих», «Тухфат ат-таварих», «Асами-йи наваду ду фирка-йи узбек» («тоқсан екі өзбек тайпаларының атаулары») секілді тарихи жазба деректер жатады [299, 210-213 бб.; 193, 129-131 бб.]. Осы деректердегі мәліметтерден біз, қазақ халқын құраған тайпаларды кездестіреміз. «Қазақ халқының қалыптасуының соңғы кезеңінің этникалық негізіне Өзбек ұлысындағы тайпалар тобы жатады. Сондықтан да ХV-ХVІ ғғ. қазақтардың этникалық тарихын зерттеуде ХV ғ. Өзбек ұлысындағы көшпелілердің ру-тайпалық құрамы туралы мәліметтер басты роль атқарады, - деп жазған болатын Т.И. Сұлтанов [49, 8 б.]. Біз осы тезисті негізге ала отырып, қазақ халқының негізін құраған тайпаларды анықтауға тырысып көрелік. Жоғарыда аталған жазба деректер ішінде хронологиялық тұрғыда ең ежелгісі немесе ең көнесі Сайф ад-дин Ахсикентидің Ферғанада ХVІ ғасырда жазылған «Маджму ат-таварих» атты еңбегі болып есептеледі. 92 тайпаның атаулары кездесетін жазба деректердің әртүрлі нұсқалары мен тізімдерін бір-бірімен салыстырып, оларға талдау жасаған Т.И. Сұлтанов тізімдегі тайпалардың реттік жағынан орналасуында мынадай үш принциптің бар екендігін анықтайды: 1) Саяси жүйеде бірге болған немесе шығуы жағынан туыс келетін рулар мен тайпалар атауларының тізімде бірге тұру принципі; 2) Бұл принцип бойынша тізімдегі ру немесе тайпаның реттік нөмері сол ру немесе тайпаның жергілікті жердегі әскери-саяси өміріндегі алатын маңызына байланысты, ру немесе тайпа атауы тізімнің бас жағында тұрса, автор оның маңыздылығын көрсетеді және керісінше болады; 3) Айтылуы жағынан ұқсас келетін ру-тайпалар атауларының есте жеңіл сақтау үшін қатар берілу принципі [49, 51 б.]. Төменде «Маджму ат-таварих» дерегіндегі 92 тайпаның тізіміне назар аударалық. Тайпалар атауының рттік орналасуы дерек мәліметі бойынша берілді [299, 210-213 бб.]. Date: 2015-11-14; view: 1387; Нарушение авторских прав |