Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Моңғолдар жаулап алушылығы мен одан кейінгі оқиғалардың Дешті Қыпшақтағы этнопроцестерге тигізген әсерлері





 

ХІІ ғасырдың соңы мен ХІІІ ғасырдың бірінші ширегі аралығында қазіргі Монғолия аумағында өмір сүрген тайпалардың арасында билік үшін жүргізілген күрестер мен Шыңғыс хан (Темучин) бастаған топтың жеңіске жетуі, сондай-ақ Шыңғыс ханның басшылығымен монғол әскерлерінің Мәуереннахр мен Дешті Қыпшақ аумақтарын жаулап алуы – ол аумақтардағы саяси тарихтың даму бағытын басқа арнаға бұрып жіберді, жаулап алуға дейінгі мемлекеттік құрылымдар мен әкімшілік-басқару жүйесін өзгерістерге ұшыратты.

Жалпы алғанда, монғолдардың ХІІІ ғ. басында Шығыс Дешті Қыпшақ пен Мәуереннахрды, Шығыс Түркістан, Жетісу жерлерін, мұсылман елдерін және тағы басқа аумақтардағы халықтарды бағындыруы сол дәуірдің өзінде әртүрлі тілдерде жазылған жазба деректерде жақсы баяндалған. Олардың көптігі сонша, деректердің авторлары мен атауларын атап өтудің өзі бірнеше бетке созылған болар еді. Сол себепті де біз жаулап алу барысын жүйелі және кеңірек баяндайтын жазба дерек мәліметтеріне, сондай-ақ басқа да деректердегі этникалық мәселеге қатысы бар мәліметтерге сүйенеміз. Монғолдардың Дешті Қыпшақ пен Мәуереннахрды 1219-1224 жж. аралығында жаулап алуы араб және парсы тілдерінде жазылған Ибн ал-Асирдың, Несевидың, Джузджанидың, Жувейнидың, Рашид ад-диннің шығармаларында өте жақсы баяндалады [64, 1-45 бб.; 65, 77-97 бб.; 114, 11-17 бб.; 105, 18-22 бб.; 109, 197-222 бб.].

Жаулап алу мәселесіне қатысты жазба деректер қалай көп болса, соларға сүйеніп жазылған зерттеулер де жеткілікті [6, 474-526 бб.; 280, 107-149 бб.; 264, 440-448 бб.].

Біздің негізгі мақсатымызға монғолдардың Дешті Қыпшақ аумағын бағындыруы мәселесін толығымен баяндау немесе қарастыру жатпайды. Бірақ та жаулап алу барысындағы кейбір оқиғалардың, олардың салдарларының этникалық мәселелерге кейде тікелей, кейде жанама түрдегі қатысы болғандықтан, біз жаулап алу барысындағы кейбір мәселелерге тоқталуға мәжбүр боламыз. Сондай-ақ негізгі қарастырар мәселеміз этникалық мәселе болғандықтан, оны ғылыми тұрғыда талдау мен түсіндіру үшін тарихилық принципінің маңызды бір бөлігі хронологиялық ұстанымдарды басшылыққа аламыз. Сонымен бірге алдын-ала шешіп алар сұрақтың біріне – монғолдар үстемдігі дәуірін өз ішінде саяси дамуларға байланысты кезеңдер мен сатыларға бөлу және этникалық процестердің дамуын сол кезеңдер мен сатылармен байланыстыра қарау жатады.

ХІІ ғасырдың соңынан Шыңғыс ханның ресми түрде 1206 жылы хан болып сайланған кезіне дейінгі аралықты шартты түрде бірінші саты деп алсақ, 1206 жылдан 1219-1224 жылдардағы жаулап алғанға дейінгі аралықты – екінші, жаулап алу жылдары мен Батыйдың батысқа жорығының аяқталған кезін – үшінші, ал төртінші сатыға – бір орталықтан басқарылатын Монғол империясының бірнеше дербес мемлекеттерге бөлініп кеткен кезіне дейінгі тарихи уақытты жатқызамыз. Бұл кезеңнің соңғы жылы деп шартты түрде Талас құрылтайы болған 1269 жылды аламыз. Бұл сатылардың бәрі монғолдар үстемдігі дәуірінің бірінші кезеңіне жатса, ХІІІ ғасырдың 70-ші жылдарынан ХІV ғасырдың ортасына дейінгі аралық сол дәуірдің екінші кезеңін құрайды. Енді төменде әрбір кезең мен сатыда этникалық процестерге әсер еткен, этникалық ахуалға ықпал жасаған оқиғаларға талдау жасау арқылы этнодамудың ішкі ағымдары мен бағыттарына талдау жасалық.


Монғолдар үстемдігі кезеңіндегі оқиғалардың Дешті Қыпшақ аумағындағы этникалық процестерге тигізген тікелей ықпалы мен әсерлерінің сандық және сапалық белгілері болып, әр белгінің өз ішінде оң және теріс жақтарын байқаймыз. Мысалы, Шыңғыс ханнан жеңіліп, оған бағынғысы келмей, Монғолиядан Дешті Қыпшақ аумағына қоныс аударған, сондай-ақ жаулап алу барысында көшіп келген тайпалардың этникалық процестерге тигізген сандық белгінің оң жағы деп есептесек, жаулап алу барысындағы қырғыншылықтар мен өлімдер, тұтқынға алынып кету, құлдыққа сатылу және осындай теріс құбылыстар сандық белгінің теріс жағына жатады.

Алдыменен, Шыңғыс хан басшылығымен болған монғолдар жаулаушылығының Шығыс Дешті Қыпшақтағы этникалық өмірге тигізген сандық белгісінің теріс жақтарын қарастыралық.

Кез-келген жаулап алу соғыстарында бағындырылған елдердің үлкен материалдық шығындарға, бағындырылған халықтар өздерінің тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күресте орасан зор адам шығындарына ұшырайтыны тарихтан белгілі жайт. Басқа аймақтарды айтпай-ақ, қазіргі Қазақстан мен Орта Азия аумақтарын жаулап алу барысында жаулап алушылар сол аумақтарға зор материалдық шығындар мен өте көп адамдар шығынын әкелді. Бұл туралы сол дәуірдің авторлары өте қатты күйзеліспен жазады. Мысалы, араб тарихшысы Изз-ад-дин Али ибн Мұхаммед Ибн ал-Асир (1160-1234) өзінің шығармасында монғолдарды татарлар дей келе, олардың мұсылман елдеріне жаулап алу барысында жасаған зорлықтары мен көрсеткен қорлықтарын, қырып-жоюларын былай деп баяндайды: «Мен бірнеше жыл бойы бұл оқиғаларды өте сұмдық деп санап, оларды жазуға дәтім шыдамай, өзімді-өзім тоқтата бердім. Ислам мен мұсылмандардың қорлығы мен қасіреті туралы әлемге жария ету және ол туралы еске алудың өзі кімге оңай дейсің.... Дегенмен достарымның көпшілігі маған бұл оқиғаларды жазуыма кеңес бергенімен, мен өзімді тежей бердім. Кейін мен мұны орындамаудың ешқандай пайда әкелмейтіндігін түсіндім. Бұл істі баяндау бүкіл жаратылысты, соның ішінде әсіресе, мұсылмандарды ерекше қамтыған ұлы оқиғалар мен зор бақытсыздықтар туралы еске алу болып табылады. Егер кімде-кім құдіреті күшті Алла тағала адамзатты жаратқаннан бері бүгінгі күнге дейін әлем бұл оқиғаға тең келетін еш нәрсені басынан кешпеді десе, дұрыс айтқан болар еді. Расымен де жылнамаларда бұған ұқсайтын және тең келетін оқиғалар туралы ештеңе айтылмайды...» [72, 1-2 бб.]. Мұсылман авторының монғолдардың жаулап алушылығы мен сол тұстарда жасаған зорлық-зомбылықтары туралы ашына айтқан ойлары тек Мауереннахр, Иран, Ирак аумақтарына ғана емес, сонымен бірге Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы жергілікті қыпшақ этносына да қатысы бар.


1219-1224 жж. жаулап алу соғыстарында монғолдар Мәуереннахр мен Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысы бойында орналасқан көптеген қалаларды қиратып, тұрғындарын қырып салады. Бұл туралы көптеген деректер мәліметтер береді. Хорезм қаласы тұрғындарының жау қолынан қалай қырылғандығын баяндау арқылы біз, жалпы жаулап алу барысында жергілікті тұрғындардың қандай қорлықты бастарынан өткергендігін көрсетеміз.

Хорезм қырғыны туралы парсы тарихшысы Джузджани (1193 ж.т.) былайша баяндайды: «... Монғол әскерлері Хорезм қақпаларына жетіп, ұрыстар басталды... 4 ай бойы Хорезм тұрғындары олармен [монғолдармен] соғысып, дінсіздерге тойтарыс берді. Ақырында олар қаланы алып, тұрғындарды қырып салды» [200, 12 б.]. Одан ары Джузджани ауызша информаторлардың мәліметтеріне сүйеніп, қала тұрғындарын монғолдардың қалай қырғанын былайша баяндап береді: «Хорезмді алғаннан кейін оның тұрғындарының бәрін далаға алып шықты. (Жошы) ер адамдарды әйелдерден ажыратуға бұйрық берді. Олар (монғолдар) өздеріне ұнаған әйелдерді алып қалып, қалғандарын екі топқа бөлді және тыр жалаңаш шешіндіріп, оларды айналдыра қаруланған монғол әскерін қойды. Кейін ол екі топқа былай деді: «Сендердің қалаңызда жақсы жұдырықтасады екен, екі топтағы әйелдерге жұдырықтасып төбелессін», - деп бұйырды. Сол мұсылман әйелдері масқара болып бір-бірімен жарты күн бойы төбелесті. Ақырында (монғолдар) оларға тарпа бас салып, бәрін қырып салды» [200, 14 б.]. Өздеріне қатты қарсылық көрсеткен қала тұрғындарын монғолдар осындай және басқа да әдістермен қырып отырады.


Жазба деректерде Қазақстан аумағындағы қалалар арасында Сыр бойындағы Отырар, Сығанақ, Ашнас қалаларының монғолдарға тегеурінді қарсылықтар көрсеткендігі туралы және де осы қалалар тұрғындарының қырғыншылыққа қатты ұшырағандығы жөнінде айтылады. Рашид ад-диннің жазуы бойынша Отырар қаласы бес айдай қарсылық көрсетеді, бірақ та қалаға көмекке келген Қараша Хаджибтың сатқындығы кесірінен монғол әскерлері қаланың ішіне енеді. Қала билеушісі Қайыр хан 20 мыңдай адамымен қала цитаделіне тағы бір айдай қарсылық көрсетеді. Қаланы толығымен алғаннан кейін, монғолдар қала тұрғындарын сыртқа алып шығып, талан-таражға салады [109, 198-199 бб.].

Отырар қаласынан кейін тұрғындары түгелімен өлтірілген Сыр бойының қаласы – Сығанақ болды. Сығанақ қаласының тұрғындары жауға өз еріктерімен берілуден бас тартып, туған қаласын бір апта бойы асқан ерлікпен қорғайды. Джувейнидің айтуы бойынша, Сығанақ қаласын жеті күндік үздіксіз шайқастардан кейін ғана монғол әскерлері алып, тұрғындарын түгелдей қырып салады [280, 124 б.]. Сығанақтан кейінгі монғолдарға тегеурінді қарсылықты Ашнас қаласының тұрғындары көрсетеді. Қаланың қарапайым халқы табандылықпен қорғанады, бірақ күш тең болмай, жау қаланы алып, қала халқының басым бөлігін қырып салады [109, 200 б.].

Монғол әскерлері өздеріне қатты қарсылық көрсеткен қалаларды қиратып, тұрғындарын түгелге жуық қырып отырса, қарсылық көрсетпеген қалаларды қиратпайды, бірақ та қала тұрғындарын қорқынышта ұстау үшін тұрғындардың аз ғана бөлігін өлтіріп отырады. Біздің ойымызша, өлтірілген адамдар қалалардағы бұрынғы басқарушы топтың өкілдері болса керек. Жаулап алушылар бағындырылған қалалардағы тұрғындардың көтерілістері мен қарсылықтарын болдырмау үшін бұрынғы басқарушылар мен олардың жақтастарын өлтіріп, орнына өздері тағайындаған адамдарды қалдырып отырады. В.В. Бартольдтың көрсетуі бойынша монғолдар Сығанақ өңірінің басшысы етіп, монғолдарға қызмет етіп жүрген Хасан қожаның ұлын, ал Женд өңірінің билеушісі етіп бұхарлық саудагер Әли қожаны тағайындайды [6, 482-483 бб.].

1220 жылдың сәуірінің соңғы декадасында Жошы бастаған монғол әскерлерінің Сырдың төменгі ағысы бойындағы Женд қаласын алуымен монғолдардың бұл бағыттағы жаулап алу ұрыстары аяқталады.

Сөйтіп, Хорезм шахтары мемлекетінің солтүстік аймағы болып Дешті Қыпшақтың оңтүстік бөлігі болып саналатын, негізінен қыпшақтар мен қаңлылар мекендейтін Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысы бойындағы қалалар монғолдардың қоластына қаратылады. Қала тұрғындарының қорғаныс соғыстарында қаза табуы, қала жеңілгеннен кейінгі бейбіт тұрғындардың жаппай өлтірілуі аймақтағы жалпы тұрғындар санын кемітіп жібереді. Ал ол өз кезегінде этникалық ахуалға кері әсерін тигізеді. Жаулап алу барысындағы қала тұрғындары санының азаюын біз, жаулаушылықтың этникалық өмірге әсер еткен сандық белгілердің теріс жағының бір ғана көрінісі деп есептейміз.

Монғолдардың жаулап алуы барысында жергілікті тұрғындардың саны тек қала қорғаныстарындағы ұрыстарға байланысты азайып қойған жоқ, сонымен бірге монғолдар басып алған қалалардың тұрғындары ішінен ер адамдарды, әсіресе жастарды басқа қалаларды қоршау ісіне күштеп жұмылдыруы, қолөнер иелерін және жас қыздар мен келіншектерді тұтқынға алуы да жалпы жергілікті халық санының күрт азаюына әкеледі. Жергілікті тұрғындардан іріктеп алынған ер адамдар қала қорғаныстарын бұзатын әскери құралдарды тасымалдауға, қала бекіністерінің түбіндегі орларды көмуге, қамалдар түбінен орлар қазуға және тағы осындай қара жұмыстарды орындауға күштеп алынады. Рашид ад-диннің дерегінен біз, жоғарыда айтқан пікірлерімізге дәлел болар көптеген мәліметтерді кездестіреміз. Сырдың жоғарғы ағысы бойында орналасқан Бенакет пен Ходжент қалаларын алу барысында монғолдар жергілікті жерлерден күштеп жинақталған адамдарды пайдаланады. Қаңлылардан тұратын Бенакет қаласының қорғаушылары өз қаласын үш күн бойы қорғап, төртінші күні беріледі.

Монғолдар қала тұрғындарын қаланың сыртына алып шығып, оларды үш топқа бөледі. Бірінші топқа - әскерді, екінші топқа – қолөнершілерді, ал үшінші топқа қарапайым халықты жатқызып, оларды бөлек-бөлек орналастырады. Әскерді бірден қырып салып, қалғандарын мыңдық, жүздік және ондық етіп бөледі. Жас жігіттерді қаладан алып шығып, Ходжентке бет алады [109, 201 б.]. Одан ары Рашид ад-дин монғолдардың Ходжентті алу үшін жүргізілген соғыста жергілікті тұрғындардан жасақталған қосымша топты қалай пайдаланғанын былайша баяндап жазады: «Ол жақтың (Ходжент өңірінің) әмірі Темір Мәлік болатын. Ол батыр, ержүрек және қайсар адам еді. [Монғолдар келместен бұрын] ол Сейхунның [Сырдарияның]» ортасында, өзінің сенімді мың жігітімен бекінді. [Қарсылас] әскері келіп бірден [бұл] бекіністі ала алмады, өйткені садақ оғы мен катапульттен атылған тас оған дейін жетпеді. Оған Ходженттен әкелінген жас жігіттерді және [оларға] көмек ретінде Отырардан, басқа да жаулап алынған қалалар мен елді-мекендерден әкелінген адамдарды салды. Сөйтіп [жергілікті адамдардан] жинақталған адамдар 50 мыңға, монғол әскерлерінің саны 20 мыңға жетті. Олардың бәрін жүздік, ондық етіп бөлді. Әрбір ондықтың басына монғолды тағайындайды, олар өзеннен үш фарсанг жердегі таудан тастар әкеліп, Сейхунға тастайды...» [109, 201 б.]. Одан ары автор күн сайын кескілескен ұрыстардың болғандығын, Темір Мәліктің ерліктерін баяндайды.

Монғолдар Хорезм мемлекетінің астанасы Хорезм (Үргеніш) қаласын қоршауға алып, оны жеті ай бойы ала алмайды. Осы кездегі ұрыстардың бірінде сырттан әкелінген қосымша топқа қаланы айнала қазылған орды көмуге бұйрық беріледі және ол екі күн ішінде көміліп тасталады [109, 216 б.].

Хорезмді қоршауға жұмылдырылған қосымша топтың қанша адамнан тұратындығын деректер айтпаса да, олардың санын болжап айтуға болады. Ходженттегі қосымша топтың саны 50 мың болса, Мауереннахрдың сол тұстағы саяси орталығы Хорезмді қоршауға қатыстырылған қосымша топ одан бірнеше есе көп болған деуге болады. Қамалдарды алу барысында қамал іргесіндегі орларды көму, қамалдардың түбін үңгіп қазу, қамалдарға биік сатыларды қою секілді жұмыстарда шығындарға қосымша топтың адамдары ұшырайды. Өз кезегінде жергілікті халықтың санының күрт азаюына бұл жағдай да өзіндік әсер етеді.

Дешті Қыпшақ тұрғындарының санының азаюына әсер еткен келесі бір факторға – монғолдардың 1219-1224 жылдардағы жаулап алу соғыстары барысында бағындырылған өңірлердегі тұрғындар есебінен өз әскерлерінің санын үнемі еселеп толтырып отыруы жатады. Бұл туралы да өте аз болса жазба деректер мәліметтер береді. Тағы да Рашид ад-динге сүйенер болсақ, ол 1220 жылдың көктемінде Жошының Сырдың төменгі ағысы бойында болып, Хорезмді қоршауға жергілікті көшпелі тайпалардан 10 мыңдық әскердің жасақталып, Хорезмге аттандырылғанын айтады [109, 200 б.]. Осы 10 мыңдық әскерге монғолдық Баниал-нойон атты адамы басшылық жасайды. Бұл әскер Хорезмге қарай бірнеше күн жол жүріп, орта жолда Баниал-нойонның орынбасарын өлтіреді де, көтеріліс жасайды. Баниал-нойон мұны есітіп, көтерілісшілерді қырады, ал олардың қалған бөлігі жан-жаққа қашып кетеді [109, 200-201 бб.]. Сол сияқты Рашид ад-дин монғолдардың Бенакет пен Ходжент жаққа жіберген әскерінің санын алғашында 5 мың деп, Бенакет пен сол өңірлерді бағындырғаннан кейін, Ходженттегі Темір мәлікке қарсы 20 мыңдық монғол әскерінің қатысқандығын айтады [109, 201 б.]. Жергілікті тұрғындар мен көшпелі тайпалар есебінен монғолдар өз әскерінің құрамын осылайша толтырып алып отырып, келесі ұрыстар мен шайқастарға қатысып отырады. Туған жерінен, өскен ортасынан айрылып, монғол әскерінің қатарын үнемі толықтырып отырған жергілікті тайпа өкілдері тағдырдың тәлкегімен жан-жаққа шашырап кетеді. Мұндай жағдайлар да жергілікті халықтар санының күрт азаюына алып келеді.

Біз осыған дейін жоғарыда және алдыңғы беттерде Сырдың орта және төменгі ағысы бойындағы қалалар мен елді мекендердегі тұрғындардың жаулап алуға байланысты санының күрт азаюына әсер еткен факторларды қарастырдық. Енді Дешті Қыпшақтың далалы аймақтарындағы көшпелі тайпаларды, яғни қыпшақтарды монғолдардың бағындыруы және соған байланысты этникалық өмірге теріс әсер еткен факторларға тоқталалық. Бұл жөнінде мәліметтер өте аз, дегенменде жазба деректер бұл туралы үнсіз қалмайды. Дешті Қыпшақтың көшпелі тайпаларына қарсы алғашқы жорық 1220 жылдың көктем-жаз айларында, бүкіл Сыр өңіріндегі қалалар мен елді-мекендер жаулап алынғаннан кейін болады. Рашид ад-диннің мәліметтерінде Жошы әскерінің бір бөлігін басқарған Улус-иди Дешті Қыпшақтың ішкі жағында орналасқан қаңлылардың ордасы Қарақорымға аттанады [109, 200 б.]. Осы деректе айтылатын Қарақорымға қысқаша түсініктеме бере кетелік. Бұл географиялық атаудың нақты орналасқан жерін анықтағанда, біз монғол әскерлері жорығының Дешті Қыпшақтың қай өңіріне бағытталғандығын анық айта аламыз.

Алғаш рет бұл атау монғол жаулап алушылығына байланысты Джувейнидың, Рашид ад-диннің деректерінде айтылады [6, 482 б; 109, 200 б.]. В.В. Бартольд бұл атау жөнінде мынадай пікір білдіреді: «Әрине бұл Шыңғыс ханның Монғолиядағы астанасы емес, бірақ та дәл сондай атаумен аталатын қаңлылардың (қыпшақтардың) ордасы. Және де бұл атау Джувейниде, сондай-ақ меркіттердің монғолдардан қашып, сұлтанның (Мұхаммед Хорезмшахты айтып отыр – Б.К.) монғолдармен алғашқы қақтығысы туралы әңгімеде айтылып өтеді» [6, 482 б.]. Атақты шығыстанушы ғалымның Дешті Қыпшақтағы қаңлылардың астанасы, ордасы – Қарақорым туралы айтқан бұл пікірін ешкім жоққа шығармай, бірауыздан мойындайды. Сөйтіп, Дешті Қыпшақ аумағында қаңлылардың Ордасы, орталығы болып есептелетін Қарақорым қаласының болғандығы жөнінде пікір қалыптасады. Бірақ та ХІІІ-ХV ғғ. бірде-бір саяхатшының, елшінің, географ немесе тарихшының (Джувейни мен Рашид ад-динді қоспағанда) Дешті Қыпшақтағы Қарақорым қаласы жөнінде айтқан мәліметтері кездеспейді. Соған қарағанда, В.В.Бартольдтың Дешті Қыпшақтағы Қарақорым туралы айтқан пікірі сенімсіздеу көрініп тұр. ХІІІ ғасырдың авторлары Ибн ал-Асир, Джувейни, Джузжани, Несеви өз шығармаларында монғолдардың астанасы Қарақорым екенін жақсы білген. Ал олардың шығармаларын кейінгі кездердегі көшірушілер қате көшіруі мүмкін. Мұндай жағдай деректану ғылымында жиі кездеседі. Олай болса, Сырдың төменгі ағысы бойына Қарақорым атауына ұқсас келетін географиялық атау болған. Біздің ойымызша, ол – Қарақұм атауы. Қазақстан мен Орта Азия аумағында бірнеше Қарақұмның бар екендігі белгілі. Олар: Түркімен Қарақұмы, Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Қарақұм, Каспийдің солтүстік-шығысындағы Қарақұм және Арал маңы Қарақұмы. Соңғы Қарақұмның оңтүстігі Сырдың төменгі ағысына тиіп жатса, солтүстігі Ырғыз, Торғай, Байқоңыр өзендерімен шектеседі. Біздің ойымызша, 1220 жылы Сырдың бойы мен Арал теңізіне дейінгі жерлерді бағындырған монғолдар, Аралдың солтүстігіндегі қаңлылар мен қыпшақ тайпаларына қарсы аттанған да, ол деректерге Қарақұм делінген, кейіннен көшірушілер тарапынан қате жазылып, Қарақорым болып өзгертілген.

Қазақстан жерінде Қарақорым қаласы орнының әлі күнге дейін табылмауын осымен түсіндіруге болады. Осылайша, Жошының қолбасшыларының бірі Улус-идидың жорығы Ырғыз, Торғай өзендері маңындағы қыпшақ тайпаларына бағытталған деп санаймыз. Бұл жорық монғолдардың Хорезмді алуына дейін болса, екінші жорық Мұхаммед шахтың астанасын алғаннан кейін жүзеге асады. Бұл жорық туралы Әбілғазы былай деп баяндайды: «... Шағатай мен Үгедей кері бұрылып, Термездегі әкесіне қарай кетті, ал Жошы Үргеніштен Дешті Қыпшаққа аттанды. Қыпшақ халқы бірігіп, соғысқа шықты Жошы хан жеңіске жетті, [оның] қолына түскен [барлық] қыпшақты өлтіреді, қолға түспей қашып кетіп аман-сау қалғандары естектерге (башқұрттарға – Б.К.) кетті. Қазіргі естектердің көп бөлігі сол қыпшақтардың ұрпақтары болып келеді» [281, 44 б.]. Енді осы екі жорықтар салдарлары жөнінде ойымызды білдірелік.

Монғолдардың Дешті Қыпшаққа жасаған бірінші жорығы нәтижесінде Арал маңынан Ырғыз, Торғайға дейінгі өңірлерде өмір сүрген қыпшақ тайпалары бағындырылып, олардан 10 мыңдық әскердің жасақталғандығын айтқанбыз. Бұл алғашқы жорықта бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақты бағындыру мақсат етіп қойылмағандықтан, монғолдар тек бір ғана өңірге шабуыл жасаумен шектеледі. Ал Хорезм мемлекетінің астанасын алғаннан кейін бүкіл аумақты бағындыру Жошының басты мақсатына айналады. Әбілғазының «қыпшақ халқы бірігіп, соғысқа шықты», - дегеніне қарап, біз оның қыпшақтар тарапынан болған шешуші шайқас деп ұғынамыз. Шешуші шайқастың қай өңірде болғанын деректер айтпайды. Жеңілген қыпшақтардың башқұрттарға қарай қашуына қарағанда, монғолдар мен қыпшақтар арасындағы шешуші шайқас Батыс Қазақстанда, Елек, Жем бойында өтсе керек.

Рашид ад-дин мен Әбілғазы қыпшақтар мен монғолдар арасында болған екі үлкен ұрыстарды айтып отыр. Бүкіл Дешті Қыпшақты бағындыру, көшпелі қыпшақтарды жеңу екі шайқаспен ғана шешілмей, басқа да деректерге енбей қалған бірнеше ұрыстар болған деп пікір айтуға болады.

В.В. Бартольд Рашид ад-диннің, Ибн ал-Асирдың және Несевидың мәліметтерін салыстыра келе, монғолдардың Хорезмді алған уақытын 1221 жылдың сәуірі деп нақты көрсетеді [6, 504 б.]. Жошының қыпшақтарға қарсы шешуші жорығының Хорезмді алғаннан кейін жүзеге асқандығын ескере келе, біз, Дешті Қыпшақты монғолдар 1221 жылдың жаз-күз айларында бағындырған деп санаймыз.

Монғолдардың Сыр бойындағы қалалар мен елді-мекендерді бағындыру барысында жасаған қырғыншылықтары Дешті Қыпшақтың көшпелі тайпаларын жаулау кезінде де қайталанады. Оған жоғарыда келтірген Әбілғазының деректері дәлел бола алады. Жалпы алғанда, жазба деректер көшпелі қыпшақтардың қаншасы монғолдардың қолынан қырылғанын айтпаса да, біз, жоғарыдағы деректерге сүйеніп, жаулап алу барысындағы адам шығындары Дешті Қыпшақ халқының азайып кетуіне бірден-бір себепші болды деп санаймыз.

1219-1224 жж. монғолдардың жаулап алу соғыстарына байланысты Дешті Қыпшақтағы этникалық процестерге әсер еткен сандық белгілердің теріс жақтарының біріне – жергілікті көшпелі тайпалардың бір бөлігінің туған жерлерінен ауа көшіп кетуі жатады. Дешті Қыпшақ үшін мұндай көшіп кетулер өте қайғылы. Өйткені көшіп кеткендер, жекелеген адамдар, жекелеген отбасылар, немесе жекелеген рулық бөлімшелер мен рулар болсын, өз туған жерінен қол үзумен бірге, ғасырлар бойы үздіксіз жалғасып келе жатқан ортақ этникалық территориядағы этноүрдістерден тыс қалып, өзге этнотерриториядағы этнопроцестерге қосылады. Сөйтіп, олар өздерінің этникалық болмысынан айырылады.

Монғол жаулап алушылығы мен содан туындаған оқиғаларда Дешті Қыпшақ аумағындағы этникалық процестер тұрғысынан қарасақ, өз елінен үдере көшіп кеткендер мен соғыстар барысындағы адам шығындарының этноахуалға тигізген әсері бірдей. Өйткені, өлгендер де, көшіп кеткендер де этнопроцестерден тыс қалып, халық санының күрт төмен түсіп кетуіне алып келеді.

Деректерде Дешті Қыпшақ тайпаларының монғолдарға бағынғысы келмей немесе олардан қорқып көшіп кеткендігі туралы мәліметтер кездеседі. Жоғарыда біз келтірген Әбілғазының бір ғана мәліметінен қыпшақтардың бір бөлігінің башқұрттар жеріне көшіп барғанын білсек, оның келесі мәліметінде былай делінеді: «Еділ мен Тин (Дон) аралығында өмір сүретін қыпшақтар төрт тарапқа шашырап кетті», - делінеді [281, 44 б.]. Ал монғол шапқыншылығының Шығыс Дешті Қыпшақтағы этнопроцестерге тигізген ықпалын Р.Г.Кузеев былайша тұжырымдайды: «Монғол шапқыншылығы көшпелілердің көп бөлігінің жылжуын туғызды; әсіресе жаулап алудың алғашқы сатысында Евразия далаларының орасан зор аумағы мен солтүстіктегі көршілес аймақтарға жаудан жеңіліске ұшыраған, талан-таражға түскен қыпшақтар шашырап кетті» [282, 464 б.]. Бұл жерде белгілі ғалым «жаулап алудың алғашқы сатысы» деп 1219-1224 жылдардағы оқиғаларды айтып отыр.

Монғолдардың жаулап алуы мен одан кейінгі жылдардағы олардың жергілікті бағындырылған халыққа қатысты жүргізген саясаты жаулап алынған аймақтардағы тұрғындар санының азаюына әсерін тигізеді. Біз бұған дейін Дешті Қыпшақтың отырықшы және көшпелі өңірлеріндегі жаулап алу кезіндегі адам шығындары, өлімдер, күштеп әскерге алу, соғыстың қара жұмысына жұмылдыру, басқа аймақтарға көшіп кетулер туралы қарастырғанбыз. Халық санының азаюына осы факторлармен бірге қолөнершілерді, басқа да қолөнер иелерін тұтқынға алып кету, құлдыққа адамдарды сату, аурулар мен індеттерден, жұт пен аштықтардан адамдардың қырылуы секілді факторлар әсерін тигізеді.

Монғол әскерлерінің бағындырған қалалардағы тұрғындарға қатысты іс-әрекеттерінен ортақ бір ұқсастықты байқауға болады. Олар алдыменен бүкіл тұрғындарды қала сыртына шығарып, халықты бірнеше топқа бөліп тастайды. Барлық жерде де қолөнершілер, қолынан бір іс келетін шеберлер міндетті түрде бір топқа шоғырландырылады. Сыр бойындағы қалалар ішінде монғолдарға ең тегеурінді, ең ұзақ қарсылық көрсеткен Отырар қаласының гарнизоны түгелімен қырылса да, қолөнершілері мен шеберлері аман қалдырылады [109, 199 б.]. Сырдың жоғарғы ағысы бойындағы қаңлылар көп тұратын Бенакет қаласын алғаннан кейін, монғолдар қаланы қорғаған әскерді, қолөнершілер мен шеберлерді және басқа қарапайым халықты үш топқа бөліп тастайды [109, 201 б.]. Шеберлер мен қолөнершілерді аман қалдырып, оларды монғолдар өз еліне тұтқынға алып кетеді.

«Жұмысқа қабілеті бар қала тұрғындарының бір бөлігі өлтірілді, ал қалған бөлігі (әсіресе, қолөнершілер) күштеп Жетісуға, Шығыс Түркістанға және Монғолияға күштеп әкетілді», - деген қорытындыға келеді «Алтын Орда және оның құлауы» атты монографияның авторлары бұл туралы [273, 53 б.].

Халық санының азаюына алып келген тағы бір факторға – бағындырылған халық өкілдерінің құлдыққа сатылуы жатады. Бұл жөнінде көптеген мәліметтер авторлардың деректерінде сақталып қалған.

Мысалы, Әл-Айни (1361-1451) өзінің еңбегінде былай деп жазады: «...Олар (монғолдарды айтып отыр – Б.К.) бұл елдерге басып кіріп, сонда өмір сүретін Түрік халықтары мен Қыпшақ, Алан, Аса, Авлак, Черкес тайпаларын және Орыстарды (тағы басқа) сол елдің тұрғындарын бағындырды; олар тонаумен, қарақшылықпен, тұтқындаумен және жорықтармен бұл елдердің есін шығарды. Бұл елдерден тұтқынға алынғандар Сирия мен Египетке әкетіліп отырылды» [72, 503 б.]. Осы жинақтың авторы В.Г. Тизенгаузен осы берілген сілтемеге мынадай түсініктеме береді: «Олардың ішінде: Ал-Мелик-Аз-Захир деген есіммен 1260 жылдың соңында таққа отырып, Мамлюк сұлтандары әулетінің негізін қалаған Бейбарс және аздаған үзілістермен 1279 ж. қазанынан 1290 жылдың қазанына дейін Египеттегі Ал-Мелик ал-Мансұр деген есіммен басқарған Калауын болды. Ол екеуі де Қыпшақ, Түріктің Бурджоглы тайпасынан болатын» [72, 503 б.]. Ары қарай Әл-Айнидың дерегінде «Солардан (тұтқындарды айтып отыр – Б.К.) Адил, Камил, Ашреф, Муаззем, Насыр және Азиз мамлюктері шығып, мұсылман мемлекеттерінде өздерінің тамаша іздерін қалдырды», - деп жалғасады [72, 503 б.].

Қыпшақ тайпалары өкілдерінің саудагерлерге құлдыққа сатылғандығы туралы мәліметтерді әл-Айнидан басқа Ан-Нувейри, Ибн-Халдун жазады. Ан-Нувейри былай деп жазады: «Оларды (түріктерді) бағындыру мен (әр елдерге) сатудың себебі мынада: Шыңғыс хан Эльтемирджи (Темучин) Татарлардың ханы болып, Шығысы мен Солтүстігіндегі елдерді бағындырады, өз әскерлерін басқа да (өлкелерге) аттандырды. Оның (әскері) Қыпшақ пен Аландарға дейін жетіп, оларға бас салады. Бұл туралы Шыңғысхан мемлекетінің жағдайы туралы әңгімеде біз айтып өттік. Түрік пен Қыпшақтың ұрпақтары сатылды, саудагерлер оларды әр жаққа алып кетті» [72, 540 б.].

Бұл мәліметтен басқа Ан-Нувейри тағы бір өте маңызды деректі хабарлайды. Ол Қыпшақтардың 11 үлкен тайпадан тұратындығы жөнінде айта келе, Дурут пен Тоқсоба тайпаларының арасында бәсекелестіктің болғандығын, оның Тоқсобаның бір адамы Дурут тайпасының бір адамын өлтіріп, екі тайпа арасында ұрыстың болғандығын, ұрыста тоқсобалықтардың жеңіліп, Жошы ханға барып өтініш айтқандығы баяндалады да, одан ары «Сол кезде ол (Жошы) өз әскерімен олар жаққа аттанды, оларды талқандап, көп бөлігін қырды және тұтқынға алды. Сол кезде саудагерлер оларды сатып алып, әр қала мен өңірлерге алып кетті», - деп жазады [72, 540-541 бб.]. Келесі бір араб авторы Ибн Тагрибирди де қыпшақтардың жеңіліп, тұтқынға түскендігін хабарлайды [72, 542 б.].

Монғолдардың жаулап алған елдерде жергілікті халық өкілдерін құлдыққа сатқандығы жөнінде пікірлерді зерттеушілер де айтады. Г.А.Федоров-Давыдов Батыс Дешті Қыпшақтағы жағдай туралы: «Монғол жаулаушылығының көшпелілер (половецтер) үшін де, отырықшы халықтар үшін де ауыр салдарларының біріне құлдарды шығару, оларды басқа елдерге сату болды. Қыпшақ құлдары мұсылман елдеріне сатылып, гулямдар ретінде пайдаланылады» [271, 235 б.]. Ал И.П. Петрушевский болса, одан да тереңірек барып, «монғол жаулап алушылығының экономикалық салдарларының бір-біріне феодалдық қоғамда құлиеленушілік қатынастардың қайта жаңғыруы жатты, соның салдарынан жүздеген мың адамдар құлға айналдырылды», - дей келе, 1260 жылдар шамасындағы санақ бойынша Бұхарада Батый ұрпақтарында – 5 мың, Төлей ханның жесірі Сүйіркөктениге – 3 мың, Ұлы ханда – 8 мың құл-қолөнерші болған», - деп жазады [280, 131 б.].

Жалпы алғанда, Дешті Қыпшақ тұрғындарын монғолдардың құлдыққа сатуы – сол аумақтағы халық санының азаюына алып келген факторлардың біріне жатады. Құлдыққа сатылғандар да өзге елдер мен Дешті Қыпшақтан тыс аймақтарда қалып, өздерінің туып-өскен жерінен қол үзеді. Сөйтіп олар Дешті Қыпшақтағы этнопроцестерден шеттетіледі. Мұны біз, монғол жаулаушылығының Дешті Қыпшақтағы этнопроцестерге тигізген сандық белгісінің кері немесе теріс жақтарының бірі деп есептейміз.

Монғолдардың жаулап аулы барысындағы 5-6 жыл ішінде болған оқиғалар халық санының күрт азаюына қалай кері әсер етсе, одан кейінгі жылдардағы монғол билеушілерінің саясаты этнопроцестің сандық жағын одан сайын қиындатып жібереді. Жаулап алынғаннан кейінгі алғашқы кезеңде монғол билеушілерінің жергілікті халыққа қатысты жүргізген саясаты, салықтар мен әртүрлі міндеткерліктер, тонаулар мен талан-тараждар, отырықшы өңірлерде егіншілік, қолөнер, сауда-саттық пен айырбас істерінің бұзылуы, көшпелі өңірлерде дәстүрлі шаруашылықтың қалыпты өмір сүруіне нұқсан келуі, отырықшы аймақтар мен көшпелі өңірлер арасында дәстүрлі байланыстардың бұзылуы, міне осылардың бәрі – дағдарыстар мен күйзелістерді, жұт пен індеттерді көбейтеді. Мұның арты ауру-сырқауға, аштыққа, өлім-жітімнің көбеюіне тағы да бір өңірден екінші бір өңірлерге көшіп кетуді арттырып жібереді. Бұл айтылған жағдайлар Дешті Қыпшақ аумағындағы тұрғындар санының кемуіне, ал ол өз кезегінде жергілікті жердегі этнопроцестерге кері сандық әсерін тигізеді.

Шыңғыс ханның Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанды бағындыруы 1221 жылы аяқталса, келесі жылы, яғни 1222 жылы қытайлық Чань-Чунь монғол ханының шақыруымен Мауереннахрға келеді. Қытайлық автордың деректері монғол жаулаушылығынан кейінгі Мәуереннахр мен оған іргелес аймақтардағы қалыптасқан жағдайды көрсететін ең алғашқы дерек болып саналады. Оның жаулап алу соғыстарынан кейінгі Мауереннахр қалалары жөніндегі мәліметтері Сыр бойы қалаларына қатысты. Өйткені, бұл қалалар Мауереннахр қалаларымен бірге 2-3 жыл бұрынғы қырғындар мен қиратуларды бірге бастарынан өткерген болатын. Чань-Чунның жазуы бойынша Самарқанда бұрынғы тұрғындардың төрттен бірі ғана қалған, қала маңындағы егіншілер мен диханшыларды аштық жайлаған [282, 328-332 бб.]. Самарқан қаласында Чань-Чунь аштыққа ұшыраған дихандарға азық-түлік таратып, оларға тамақ дайындап береді. В.В. Бартольдтың жазуы бойынша Чань-Чунның тегін асын ішкендердің саны өте көп болған [6, 519 б.]. Монғол жаулаушылығының зардаптарын өз көзімен көрген келесі бір автор, Рим Папасы ІV Инокентийдың монғолдарға жіберген елшісін басқарған монах Плано Карпини болды. Ол 1246-47 жылдары Сарай мен Қарақорымда болып, Сыр бойы мен Жетісуды басып өткен болатын. Ол Еділдің батыс жағындағы командар (қыпшақтар, половецтер) туралы: «Командардың жері кең және үлкен, татарлар (монғолдар) командарды қырды; олардың кейбіреуі қашып кетті, ал кейбіреулерін құл етті», - деп жазады [283, 25 б.]. Ал Еділдің шығыс жағындағы Кангиттердің (Қаңлылар) жері туралы жерлері шөлді, адамдар аз дей келе, «Бұл жерде Командар еліндегідей тезекше шашылып жатқан адамдардың бас сүйектері мен қаңқаларын көрдік», - деп жазады Плано Карпини [283, 25-27 бб.].

Француз королі ІХ Людовиктің Мөңке ханға жіберген елшісі Вильгельм Рубрук 1253-1255 жылдардағы сапарында Жетісу жеріндегі жағдайды былайша суреттеп жазады: «Ол жерде бұрын қалалар көп болған, бірақ олардың көпшілігін татарлар [монғолдар] мал бағуға қолайлы жағдай жасау үшін жойып жіберген, өйткені ол жерлерде керемет жайылымдар болған еді» [284, 105 б.]. Жетісу өңірін монғолдардың жойқын ұрыстарсыз-ақ басып алғанын ескерсек, мұндағы отырықшылықтың, қалалық мәдениеттің күйреуіне тікелей себепші болған жағдайға ХІІІ ғасырдың 20-40-шы жылдарындағы монғол билеушілерінің жүргізген саясатын жатқызамыз. Жетісу жерінің монғолдық үш ұлысының құрамына енгені белгілі.

Аймақтың Балқашқа дейінгі солтүстік бөлігі – Жошы, солтүстік-шығыс бөлігі – Үгедей, ал Іле өзенінің бойындағы өңірлер мен Шу, Талас өзендерінің аралығы – Шағатай ұлыстарының құрамына енеді. Ұлыстар құрылып, ұлыс билеушілерінің көшпелі мал шаруашылығының дамуына көңіл бөлуі өңірге көшпелілердің көптеп келуіне жағдай жасайды. Нәтижесінде елді-мекендерді жою, егістікті жайылымдарға айналдыру және т.с.с. белең алады да, Жетісу жерінде қалалық мәдениет күйреп, мал шаруашылығы егіншіліктен үстем болып шығады.

Жоғарыда біз келтірген қытайлық Чань-Чунь мен европалық Плано Карпинидың мәліметтері жергілікті халықтың қырылуына, құлдыққа түсуі мен сатылуының, яғни халық санының азаюын тікелей монғол жаулаушылығының әсері деп көрсетсе, Жетісудағы жағдайды монғол хандарының жүргізген саясатының әсері деп түсінеміз.

Жалпы жоғарыда айтылған ойларымыз бен пікірлерімізді түйіндей келе, мынадай қорытындыларға келеміз.

Араб тарихшысы ибн ал-Асирдың жазғанындай, «Алла тағала адамзатты жаратқаннан бері бүгінгі күнге дейін әлем бұл оқиғаға тең келетін еш нәрсені басынан кешпеді» дегені тек қана материалдық құндылықтардың қиратылуына емес, сонымен бірге жергілікті халықтардың дамуына қатысты айтылған. Біз жазба дерек мәліметтеріне сүйеніп жаулап алу барысы мен одан кейінгі жылдардағы Қазақстан аумағындағы этникалық процеске кері әсер еткен маңызды фактор – халық санының күрт азайып кетуін қарастырдық. Жергілікті халық санының азаюы мынадай жағдайлардан байқалады:

а) Сыр бойындағы қалалар тұрғындарының монғолдардың қалаларды алу және қалаларды алғаннан кейінгі кезіндегі қырып-жоюларынан;

ә) Бағындырылған қала тұрғындарын басқа қалаларды қоршау, қамалдарды алу үшін қара жұмысқа күштеп салудан және соған байланысты өлімдерден;

б) Қала тұрғындары арасында қолөнершілер мен шеберлерді тұтқынға алып кетуден;

в) Дешті Қыпшақтың көшпелі тайпаларының монғолдармен болған шайқастарда жеңіліп, қырылуынан;

г) Көшпелі тайпалардан әскерлер жасақталып, жеңілген олардың соғыстарға жіберілуінен, сондағы адам шығындарынан;

ғ) Монғолдарға бағынғысы келмеген қыпшақ тайпаларының басқа аймақтарға көшіп кетуінен;

д) Дешті Қыпшақтағы тұрғындардың құлдыққа сатылуынан;

ж) Жаулап алудан кейінгі дәстүрлі шаруашылықтардың бұзылуы мен монғол билеушілерінің саясаты нәтижесінде болған аштық пен аурудан, жұт пен індеттерден көрініс береді.

Біз бұл көрсетілген жағдайлардың бәрін монғол жаулап алушылығының Қазақстан аумағындағы этнопроцестерге тигізген сандық белгісінің теріс жағына жатқызамыз. Бұған дейін айтып өткеніміздей, ХІІІ ғасыр басындағы монғол жаулаушылығының этникалық өмірге тигізген кері әсерлері нәтижесінде Дешті Қыпшақ аумағында халықтық сипаты бар этностың қалыптасуы бірнеше ғасырға шегеріледі.







Date: 2015-11-14; view: 2290; Нарушение авторских прав



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.029 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию