Полезное:
Как сделать разговор полезным и приятным
Как сделать объемную звезду своими руками
Как сделать то, что делать не хочется?
Как сделать погремушку
Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами
Как сделать идею коммерческой
Как сделать хорошую растяжку ног?
Как сделать наш разум здоровым?
Как сделать, чтобы люди обманывали меньше
Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили?
Как сделать лучше себе и другим людям
Как сделать свидание интересным?
Категории:
АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника
|
Азақ хандығы құрылуының ХХ ғасырдың 50-80 жылдарда зерттелуі
Өткен ғасырдың 50-80 жылдары ішінде Қазақстан тарихын, оның ішінде оның жекеленген мәселелерін зерттеуде маркстік-лениндік идеологияның үстемдік етуіне қарамастан алға басушылық байқалады. Осы кезеңде XІІІ-ХYІІ ғасырлардағы Қазақстан тарихының маңызды тақырыптарына арнайы зерттеулер жүргізіліп, жеке монографиялық еңбектер жарық көреді [45, 159 б.; 254, 162 б; 47, 288 б.; 49, 133 б.; 50, 103 б.; 255, 293 б.]. Қазақ хандығының құрылу мәселесі бойынша арнайы монографиялық зерттеулер жүргізілмесе де, ол тарихшылар назарынан тыс қалмай, зерттеушілер өз еңбектерінде бұл мәселеге тоқтап өтеді. Олар өздеріне дейінгі тарихнамалық жетістіктерге сүйене отырып, Қазақ хандығының құрылуына қатысты тың ой-пікірлер айтып, жеке тұжырымдарды негіздейді. Дегенмен де, осы үшінші тарихнамалық кезеңнің бірнеше ерекшелігінің болғанын айта кеткіміз келеді. Оның біріншісіне – ортағасырлық Қазақстан тарихының мәселелерімен арнайы жоғарғы тарихи білімі бар, шығыс тілдерін меңгерген зерттеушілердің айналысуы жатса, екінші ерекшелікке – осы кезде бұрын ғылымға беймәлім болған, және өте сирек кездесетін дерек мәліметтерінің ғылыми айналымға енгізілуі жатады. Солардың арқасында ортағасырлық көптеген дерек мәліметтеріне тек тарихшылардың ғана емес, қоғамтанушы ғалымдардың да қолдары жетіп, олар деректерді өз зерттеулеріне еркін пайдалануға мүмкіндіктер алады. Қазақ хандығының құрылуының үшінші тарихнамалық кезеңінде А.А. Семенов, П.П. Иванов, С.К. Ибрагимов, К.И. Петров, М.Г. Сафаргалиев, В.П. Юдин, Г.А. Федров-Давыдов, К.А. Пищулина, Т.И. Сұлтанов., М.Қ. Әбусейтова секілді белгілі шығыстанушы-ғалымдар мәселені терең зерттеуге күш салады. Олардың пікірлері мен тұжырымдары мәселенің тарихнамалық базасын кеңейтіп, байыта түседі. Енді төменде әрбір зерттеушінің Қазақ хандығының құрылуы тарихын зерттеуге қосқан үлестерін жеке-жеке қарастырып көрелік. Белгілі кеңестік шығыстанушы-ғалым А.А. Семенов ХХ ғасырдың 50-ші жылдары ХІY- ХYІ ғасырлардағы Шығыс Дешті Қыпшақ пен Мауереннахрдың этникалық және саяси тарихы мәселелеріне арналған көлемді мақалаларын жарыққа шығарады [26-28.]. Оның бұл мақалалары ғылыми жағынан әлі күнге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Автордың қолданған деректеріне, ойлары мен тұжырымдарына қазіргі күндердегі зерттеушілер міндетті түрде сілтемелер жасап отырады. Оның «өзбек», «қазақ» атауларының мәндері туралы және «өзбек-қазақтардың» өзбектерден түпкілікті түрде бөлініп шығуының мерзімі жөніндегі пікірінің Қазақ хандығының құрылу мәселесіне қатысы бар болғандықтан оларға талдау жасалық. 1) Оның пікірінше, өзбектер Алтын Орданың тұрғындары емес және бұл атауды Алтын Орда ханы Өзбектен алды деп есептейтін кейбіреулердің пікірі толық дәлелденбеген [26, 35-36 бб.]. 2) Өзбектер мен қазақтар Дешті Қыпшақтың далалық бөлігінде бір халық болып өмір сүріп, сол себепті де кейбір зерттеушілердің айтып жүргеніндей, ішкі талас-тартыстар мен қақтығыстар нәтижесінде Шу өзеніне қарай көшіп кеткен өзбектердің бір бөлігін қазақтар деп атағандығы шындыққа сай келмейді [26, 36 б.]. 3) Көшіп кету өзбек-қазақтар тарихындағы бір ғана оқиғалардың бірі, ол оқиға бүкіл халықты қамтымай, оның аз ғана бөілігін қамтыған. Сол себепті де қазақ сөзін бүкіл халыққа қатысты қолдануын қате деп санап, оны қайта қарау қажет [26, 36 б.]. 4) Шейбани мен Орда иеліктеріндегі өзбек тайпаларының талас-тартыстары қанды қырғындарға ұласа келе, ХY ғасырда Шейбанилық хандар мен өзбек-қазақ арасындағы нақты күрестерге ұштасады. Сөйтіп, өзбек-қазақтар деп аталатын Дешті Қыпшақтың өзбек тайпалары Шайбани ханның өзбектерінен түпкілікті түрде бөлінуі Шейбани ханның билігі тұсында жүзеге асады [26, 36 б.]. Көріп отырғанымыздай, А.А. Семенов бұған дейін айтылып келген және тарихнамада берік орныққан Қазақ хандығының құрылуы мен оның мезгілі жөніндегі пікірлерді жоққа шығарып, өз тұжырымдарын ұсынады. Алдын-ала ескерте кетейік, А.А. Семеновтың бұл пікірлерін тарихшылардың басым бөлігі қабылдаған жоқ. Ол пікірлер тек автордың жеке пікірлері ретінде ғана тарихнамада қалды. Біздің ойымызша, А.А. Семеновтың жоғарыда айтып өткен пікірлерге келуіне мынадай факторлар әсер еткен: 1) Дешті Қыпшақ аумағындағы XІІІ-ХYІ ғасырлардағы болған тарихи процестерді терең қарастырмай, оның мәселелерінің тарихнамасына терең бойламаған. 2) Өз пікірін негіздеуде ол Йаздидың, Хондемирдің, Самаркандидің, Кухистанидың, Рузбиханның деректеріне, әсіресе соңғы екі автордың мәліметтеріне сүйеніп, олардың мәліметтерін басқа авторлардың деректерімен салыстырмай, аударма күйінде баяндап өтеді. Сөйтіп ол, тарихи процестер мен құбылыстарды зерттеушінің тұрғысынан емес, деректердегі мәліметтердің ақпараттық ауқымы мен шеңбері тұрғысынан қарастырып, жоғарыда айтып өткеніміздей, тарихшылар арасында қолдау таппаған пікірге келген. А.А. Семеновтың Қазақ хандығының құрылу тарихының әр түрлі мәселелеріндегі кейбір қате пікірлеріне қарамастан, оның Дешті Қыпшақ пен Мауереннахрдың XІY-ХYІ ғасырлардағы этникалық және саяси тарихына арналған жұмыстарының ғылыми маңызы өте жоғары болып саналады. Жұмыстың құндылығына, ең алдымен оның ортағасырлық авторлар еңбектеріндегі мәліметтерді алғаш рет ғылыми айналымға енгізуі жатады деп санаймыз. 1957 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының тарих, археология және этнография институтының жетекші мамандары жазған «Қазақ ССР тарихының» бірінші томы жарық көреді. Томдағы Қазақ хандығының құрылуын тарихшы В.Ф. Шахматов орындайды [256, 137-141 бб.]. Онда Қазақ хандығының құрылу тарихының жазылуына сол жылдары ең беделді шығыстанушылардың бірі – А.А. Семеновтың пікірлері негізге алынады. Оның пікірі бойынша Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуі ортағасырлардағы жай ғана ру-тайпалардың қашып кетіп, басқа ханға барып қосылуы, ол жалпы сипатқа ие болмаған. Сондай-ақ ХYІ ғасырлардың басына дейін бірнеше қазақ сұлтандарының иеліктері болған деген тұжырым 1957 жылғы томда біз қарастырып отырған мәселемізге негіз болады. Енді осы академиялық басылымдағы пікірлер мен тұжырымдарға назар аударалық. 1) Томда тарау мен тарауша "Қазақ хандығының құрылуы" деп аталады да, «Алғашқы қазақ хандықтары Қазақстан аумағында ХY ғасырда пайда болды»,- деген тезис ұсынылады [256, 137 б.]. 2) «Тарих-и Рашидидегі» Керей мен Жәнібектің бөлініп кетуі туралы мәліметті келтіре отырып, Моғолстанның батысында Шу мен Сарысу өзендері аралығында Жәнібек хандығы пайда болғандықтан, көп ұзамай Жәнібек ханның туыстарының да Әбілқайыр ханнан тәуелсіз иеліктерінің құрылғандығы айтылады [257, 140 б.]. 3) Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін Өзбек Ұлысындағы аулауыздықтарды пайдаланып, билікті тартып алу үшін Керей мен Жәнібек хандар басқа да сұлтандармен біріге отырып күрес жүргізеді. Бірақ Жәнібек хан Өзбек Ұлысында бірден орныға алмайды. 4) Өзбек Ұлысындағы билікке Мұхаммед Шайбан хан келеді де, Бұрындық пен Шайбан хан арасында күрестер жүреді. 5) Қазақ даласында Бұрындық хандығымен қатар Қасымның, Жаныштың, Таныштың, Ахмедтің және тағы басқа сұлтандардың иеліктері болды. 6) ХY ғасырдың 80-90 жылдары қазақ хандары мен Мұхаммед Шайбани хан арасында Сыр қалалары үшін күрестер жүреді. 7) Мұхаммед Шайбан ханның Мауереннахрда Темір әулетін жеңіп, билікті тартып алуы, олардың Шығыс Дешті Қыпшақтағы тайпаларымен байланысын үзеді де, далалы аймақтарда қазақ хандарының билігі үстемдік құрады [257, 11 б.]. Байқап отырғанымыздай, 1957 жылғы Қазақ ССР тарихының бірінші томында Қазақ хандығының құрылуы мүлде басқаша түсіндіріледі. Тұжырым авторынының түсіндіруінше, алдымен ұсақ қазақ хандықтары құрылған, кейінен ұсақ хандықтардың бірігуі нәтижесінде Қазақ хандығы дүниеге келген. Бұл тезисті 50-ші жылдардың екінші жартысында С.К. Ибрагимов қана қабылдап, оны одан әрі дамытуға күш салады. Ал басқа зерттеушілер одан бас тартып, өз жұмыстарында бір ғана Қазақ хандығы жөнінде ойларын білдіреді. ХХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы осы мәселе бойынша пікір білдірген тарихшылардың тұжырымдары 1957 жылғы академиялық басылымдардағы тезистің қате екендігін көрсетіп береді. Осы жылдары ХY-ХYІ ғасырлардағы Қазақстан тарихын зерттеуде өмірден ерте қайтқан шығыстанушы ғалым С.К. Ибрагимовтың қосқан үлесі ерекше. Ол өзінің қысқа ғұмырында он шақты ғылыми мақалалар жариялап, оларда негізінен ол ХY-ХYІ ғасырлардағы шығармалардың мәліметтерін жариялап, орыс тіліне аударып, ғылыми айналымға енгізеді. Сондай-ақ ортағасырлық Қазақстан тарихының өзекті мәселелері бойынша өзіндік тұжырымдарын білдіреді [32-41.]. Оның ерекше назар аударған мәселелерінің біріне тың дерек мәліметтерін орыс тіліне аударып жариялау жатса, екіншісіне – тың дерек мәліметтері арқылы ХY-ХYІ ғасырлардағы Қазақстан тарихының күрделі мәселелерін түссіндіру, түйінді жерлерін шешу жатты. С.К. Ибрагимов ХY ғасыр ортасындағы Дешті Қыпшақ тарихындағы маңызды оқиғалардың бірі – Қазақ хандығының құрылуы жөнінде өз пікірлерін білдіреді. Оның пікірлерін топтастырсақ, мынадай ойларды көреміз. 1) Керей мен Жәнібек ХY ғасырдың 60-шы жылдарына дейін Өзбек Ұлысындағы жоғарғы билік үшін күрестерде ешқандай роль атқармаған. Оған «Тарих-и Абулхайр-хани» еңбегінде Керей мен Жәнібек жөнінде ешқандай деректердің кездеспеуі дәлел болады [41, 155 б; 35, 86 б.]. 2) Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр хандығынан бөлініп кетуі де «көшпелі өзбектер» елінің саяси тарихында онша елеулі оқиға болып саналмаған. Көшіп кету туралы Кухистани ешбір мәлімет бермейді [41, 155 б.; 35, 86 б.]. 3) ХY-ХYІ ғасырлар шенінде Әбілқайыр хандығынан жаңа феодалдық иеліктер бөлініп шығып, кейіннен ол иеліктер дербес Қазақ хандығы болып қалыптасады [38, 66 б.]. Біз С.К. Ибрагимов пікірінің А.А. Семенов пікірлерімен ұштасып, араласып жатқанын байқаймыз. Соған қарағанда өте белді шығыстанушы ғалымның С.К. Ибрагимовке әсері күшті болған сияқты. С.К. Ибрагимов пікірлеріне қазіргі кездегі тарихнаманың жеткен биігі тұрғысынан қарасақ, оның пікірлерінің шындықтан алшақ екендігін аңғарамыз. Біздің ойымызша, С.К. Ибрагимовтың мұндай шындыққа жуыспайтын пікірлер жасауына оның бір ғана дерек мәліметіне, шибанилық дерекке сүйеніп айтуы жатады. Жалпы, мұндай қате тұжырымға қарамастан С.К. Ибрагимовтың ХY-ХYІ ғасырлардағы Қазақстан тарихын зерттеуге қосқан үлесі кемімейді деп санаймыз. ХХ ғасырдың 50-шы жылдарының соңы мен 60- шы жылдарының басында Қазақ хандығының құрылуы мәселесін арнайы түрде зерттемесе де, П.П. Иванов, М.Г. Сафаргалиев, К.И. Петров сынды тарихшылар өздері қарастырып отырған мәселе шеңберінде оған тоқталып өтеді [42-44.]. Мысалы, П.П. Иванов өз еңбегінде Шығыс Дешті Қыпшақтағы Әбілқайыр хандығының ыдырауын қарастыра отырып, Керей мен Жәнібек хандардың «көшпелі өзбектерден» бөлініп кетуінің, оның себептерін анықтауға тырысады. Оның пікірінше, ХY ғасырдың 40-шы жылдары Әбілқайыр ханның әскери қуаты ең шегіне жетеді, бірақ ханның қатаң шараларына қарамастан, кейбір Шыңғыс ұрпақтарының қарсылықтарын жоя алмайды. Оның басты себебіне Әбілқайыр хандығында қандай да бір басқару жүйесінің немесе биліктің орталықтанған әкімшілігінің болмауын жатқызады. Сондай-ақ хан билігінің тайпаларға жүргізілуін тайпа көсемдерінің мүдделеріне байланысты болғандығын айтады П.П. Иванов [42, 35 б.]. Ал нақты Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуі жөнінде ол мынандай тұжырымдарға келеді. Әбілқайырға және оны қолдайтын жақтастарына қарсы күресті одан ары жалғастыруға мүмкіншіліктері болмай Керей мен Жәнібек өз туыстарымен, жақтастарымен ХY ғасырдың 50-ші жылдары Моғолстанға кетуге мәжбүр болады. Көшпелі тайпалардың мұндай ұйымдасқан түрде ханнан бөлініп кетуі, олардың хан саясатына қарсы екендігін көрсетеді [42, 37 б.]. П.П. Иванов Әбілқайыр хандығының күйреуінің басты себебіне экономикалық факторды жатқызып, «көшпелі өзбектер» елінің аумағы әр түрлі экономикалық орталықтарға тартылғандықтан, батыс аймақтарының орталығы Астрахань болған төменгі Еділ бойына, ал Шығыс аймақтардың Орта Азияның гүлденген өңірлерімен экономикалық байланыста болғандығын айтады. Ал мемлекеттің өз ішінде ірі орталықтардың болмауы тайпалар арасындағы экономикалық байланыстардың болмауына алып келіп, саяси жағынан бірігуге кедергі жасайды [42, 37 б.]. Осылайша, П.П. Иванов Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі негізгі тұжырымдарды қолдай отырып, оны өзінің тың тұжырымдарымен толықтырады. Мемлекетті басқаруда орталықтандырылған жүйенің болмауы, хан саясаты мен тайпа көсемдері мүдделерінің сәйкессізділігі, «көшпелі өзбектер» елінде экономикалық орталықтардың болмай, көрші елдердегі орталықтармен байланыста болған деген пікірлер ХY ғасырдағы Әбілқайыр хандығының ішкі өмірін түсінуге мол мүмкіндіктер береді. Ал Керей мен Жәнібектің бөлінуіне байланысты ол алғаш рет тарихнамада көшу барысы ұйымдасқан түрде өтті деген ой айтады. Кейінгі зерттеушілер П.П. Ивановтың пікірлерін теріске шығармай, оларды одан әрі қарай тереңдете түседі. Біз оны К.А. Пищулина зертттеулерінен байқай аламыз. Қазақ хандығының құрылуы мен қазақ халқының қалыптасуының аяқталуына қатысты кейбір пікірлерді К.И. Петров өз зертеуінде білдіріп өтеді. Оның пікірі бойынша ХY ғасырдың басында қыпшақтық Ақ Орданың орнына татарлар деген атаумен Сібір хандығы, Шығыс Дешті Қыпшақта өзбек немесе «өзбек-қазақ» деген атаумен екінші тайпалар одағы құрылып, өзбек-қазақтар ХY ғасырда екі ірі тайпалық бірлестікке бөліне бастайды. Қазақ тобын Орда ұрпақтары, өзбек тобын Шейбан ұрпақтары басқарып, олардың арасында күрес жүреді. ХY ғасырдың 50-ші жылдары Керей мен Жәнібек бастаған қыпшақ-қазақ тобы Әбілқайыр ханнан жеңіліс тауып, 200 мың адамымен Шу бойына қоныс аударады және бұл өңірде бірнеше жыл болады [43, 33-35 бб.]. К.И.Петровтың пікірлері тың және оған дейін ешбір зерттеуші айтпаған пікірлерге жатады. Бірақ та оның пікірлерінің кейбір тұстары шындыққа сай емес. Мысалы, ол "өзбек-қазақ" атауын көшпелі өзбек немесе Әбілқайыр хандығының барлық тайпаларына қатысты қолданады. Рузбиханның дерегінде Шығыс Дешті Қыпшақ тайпаларының жалпы атауы - өзбек деп аталғандығы, ал «өзбек-қазақ» атауы тек одан бөлініп шыққан Керей мен Жәнібек тайпаларына қатысты айтылатындығы Мұхаммед Хайдар Дулатида да баяндалады [208, 62 б.; 142, 110 б.]. Ал «көшпелі өзбектер» мемлекетінде Орда Ежен ұрпақтарын қолдайтын тайпалар одағының болғандығы және бөлінудің ұйымдасқан түрде жүрді деген пікірі қазіргі кезде толық дәлелденіп отыр [252, 3-7 бб.]. Осы жылдарда ХY ғасырдағы Шығыс Дешті Қыпшақтың саяси жағдайының тарихы көрнекті тарихшы М.Г. Сафаргалиевтың зерттеулерінде кеңірек қарастырылады [44, 453-483 бб.]. Автор Алтын Орданың ыдырау процесін қарастыра отыра, Шығыс Дешті Қыпшақтағы Әбілқайыр хандығының тарихына, одан бөлініп шыққан Қазақ хандығына арнайы тоқтап өтеді. Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты М.Г. Сафаргалиев мынадай ой-пікірлерді білдіреді. 1) Керей мен Жәнібек бастаған көшпелі өзбектердің бір бөлігі бөлініп кеткенге дейін Әбілқайыр хандығынан маңғыттар, қарақалпақтар бөлініп шыққан [44, 461 б.]. 2) «Көшпелі өзбектердің» бір бөлігі Керей мен Жәнібектің маңына топтаса бастайды да, бөлініп кету үшін қолайлы сәтті күтеді. 3) Керей мен Жәнібектің бөлінуі Әбілқайыр ханның Сығанақ түбінде жеңілуінен кейін іле-шала болған. 4) «Қазақ сұлтандарының билігі 870 (1465-66) жылдары басталды» деген «Тарих-и Рашиди» мәліметіне сүйеніп, М.Г. Сафаргалиев «қазақ сұлтандарының билігі» Әбілқайыр ханнан бөлінбей тұрып-ақ болған деген пікірді айтады. 5) Қазақ хандығы ХY ғасырдың 60-шы жылдарында Орда Ежен Ұлысының бір бөлігінде құрылған. М.Г. Сафаргалиевтың пікірлерінің барлығын қазіргі кездегі тарихнама биігінен қарастырғанымызда дұрыс деуге болады. Бірақ та тың кейбір пікірлеріндегі тарихи дата қате айтылады. Мысалы, Үзтемір тайшы мен Әбілқайыр хан арасындағы ұрыстың 1457 жылы болғандығы нақты белгілі, бірақ бұл оқиғаны М.Г. Сафаргалиев 1451 жылы болған деп түсіндіреді. Жалпы, Қазақ хандығының құрлуы, кеңірек алғанда ХY ғасырдағы Шығыс Дешті Қыпшақтың саяси тарихы мәселелері жөнідегі М.Г. Сафаргалиевтың пікірлері мен жасаған тұжырымдары әлі күнге дейін өзінің ғылыми құндылығын жоғалтқан жоқ. Оның бір дәлеліне – осы кезеңдегі Дешті Қыпшақ тарихымен айналысатын зертеушілердің оның еңбегіне жиі-жиі сілтемелер беруі жатады. Қазақ хандығының құрылу жөнінде өз ойларын Б.А. Ахмедов те «Государство кочевых узбеков» атты монографиясында айтып өтеді [45, 159 б.]. Б.А. Ахмедовтың бұл мәселе жөніндегі айтылған пікірлерінде өзіне дейінгі айтылған тұжырымдардан ешқандай айырмашылық жоқ. Оның тұжырымдарына «Тарих-и Рашидидегі» Керей мен Жәнібектің Әбілқайырдан бөлініп кетуі туралы дерек негіз болады. Зертеушінің пікірлерінен мынадай ойларды атап көрсетуге болады. 1) Керей мен Жәнібек Ақ Ордадағы Барақ ханның иелігін иемденіп қалған, бірақ олар және олардың иелігі жөнінде ХY ғасырдың ортасына дейін ешқандай деректе айтылмайды [45, 62 б.]. 2) Керей мен Жәнібек Моғолстанға келгенде моғол ханы Есенбұға оларды Моғолстанның солтүстік-батыс бөлігінде орнығып қалған қалмақтардан елдің ішкі аймақтарын қорғау үшін Моғолстаның батыс бөлігі береді [45, 62 б.]. Б.А. Ахмедовтың бұл пікірімен келісу қиын. Біріншіден, Моғолстанның солтүстік-батысында қалмақтардың қоныстанып, өмір сүргендігі туралы ешбір деректе айтылмайды. Олар бұл өңірге жорықтар барысында келіп, жорықтан кейін өз елдеріне оралып отырған. Екіншіден, Есенбұға ханның не себепті Моғолстанның батыс бөлігіндегі Шу өңірі мен Қозыбасы тауы жанындағы жерлерді Керей мен Жәнібекке бергендігін Махмуд бен Уәли өте жақсы атап өткен еді. Оның дерегі бойынша бұл жерлер – Есенбұға хан мен Жүніс ханның иеліктері арасындағы жерлер болған [144, 35 б.]. 3) Б.А. Ахмедов Қазақ хандығының құрылған кезін немесе жылын нақты айқындай алмай, өз еңбегінде бірнеше датаны көрсетеді [45, 35 б.]. Бұл туралы кезінде белгілі шығыстанушы В.П. Юдин «Государство кочевых узбеков» атты еңбекке сын-ескертпе айтып өткен болатын [46, 267 б.]. Сол себепті де біз Б.А. Ахмедовтың Қазақ хандығының құрылған жылы жөніндегі пікірлерін айқын емес деп есептейміз. ХХ ғасырдың 60-80 жылдары белгілі қазақстандық шығыстанушы-ғалым В.П. Юдин (1928-1983) XІІІ-ХYІІІ ғасырлардағы Қазақстан тарихын зерттеуге аса көп еңбек сіңіреді. Оның сіңірген еңбегінің бір қырына кейінгі ортағасырлық кезеңнің деректік базасын кеңейту, соған қатысты жүргізген зерттеулері жатады. В.П. Юдин арнайы түрде Қазақ хандығының құрылуын зерттемесе де, мәселені терең біліп, оның әр түрлі мәселелерін жан-жақты меңгергендігін ғалымның ғылыми жұмыстарға берген сын-ескертпелерінен, жекеленген мақалаларынан көруге болады. Төменде оның осы мәселеге қатысты пікірлеріне назар салып көрелік. В.П. Юдин 1969 жылы жарық көрген «Материалы по истории Казахских ханств ХY-ХYІІІ веков (извлечения из персидских и тюркских сочинений)» атты жинаққа арнап «Персидские и тюркские источники по истории казахского народа ХY-ХYІІІ веков» атты мақаласын жазды. Бірақ та, бұл мақала түсініксіз жағдайда жинаққа енбей, тек 2001 жылы ғана жарық көреді [46, 17-71 бб.]. Жалпы алғанда, ғалым осы мақаласында алғаш рет ХY-ХYІІІ ғасырлардағы қазақ халқының тарихына қатысты парсы және түрік тілдеріндегі тарихи шығармаларға деректанулық тұрғыда сипаттама бере келе, оларды жүйелеп сипаттайды, әр бір шығармадағы мәліметтерге ерекше назар аударады. Мәліметтердің маңыздылығына, құндылығына көңіл бөледі, олардың қандай тарихи мәселені ашуға көмегі тиетінін нақты көрсетіп береді. Мысалы, ол парсы және түрік тілдеріндегі деректердің этникалық тарих үшін баға жетпес маңызы бар екенін ерекше айта келе, солар арқылы ХY ғасырдағы Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы этно-саяси процестерді түсіндіреді. Оның көрсетуінше, ХІY ғасырдың өзінде осы аумақта өзбек терминімен аталатын этникалық қауымдастық пайда болған; 1465-1466 жылы өзбек тайпаларының бір бөлігінің Жетісу жеріне көшіп кетуі - өзбектердің саяси жағынан ажырауына алып келеді де, көшіп кеткендерге өзбек-қазақ, ал қалып қойғандарға - өзбек-шибан атауы тағылған. Кейіннен екі атау қысқартылып, бірі –қазақ, екнішісі - өзбек деп аталған [46, 59-60 бб.]. Одан ары В.П. Юдин мынандай жалпы қорытындыға келеді. Саяси себептерге байланысты Шығыс Дешті Қыпшақта дүниеге келген халықтар жаңа атауларға ие болады [46, 60 б.]. Ал енді нақты Қазақ хандығының құрылуы мәселесіне байланысты В.П. Юдин өзінің «Историографическая концепция автора «Тарих-и Рашиди» Мирза Мухаммед Хайдар доглета» атты мақаласында мынадай өте маңызды пікірді білдіреді. Мұхаммед Хайдар Керей мен Жәнібектің көшуін Есенбұға ханның билігі тұсында болғандығын нақты жазады да, қазақ хандарының билігі 870 (1465-1466) жылдан басталғандығын айтады. Бірақ та Есенбұға ханның 1461/62 жылы қайтыс болғандығына қарап Керей мен Жәнібектің көшіп кеткен жылы -1465-66 жыл бола алмайды. Мұхаммед Хайдар 870 (1465-1466) жылды Әбілқайыр ханның қайтыс болған жылы деп есептеп, Керей мен Жәнібектің Шығыс Дешті Қыпшақтағы билігі осы жылдан бастап басталған деп санаған. Қазір Керей мен Жәнібектің Моғолстанға келуін 1461-62 жылға дейін болған деп нық сеніммен айтуға болады [46, 195 б.]. Осылайша В.П. Юдин бұған дейін Қазақ хандығының құрылған жылы немесе Керей мен Жәнібектің Моғолстанға көшіп келген жылы туралы айтылып келген әр түрлі пікірлердің негізсіз екендігін дәлелдеп берді. Кейіннен бұл пікірді шығыстанушы Т.И. Сұлтанов негізге алып, оны одан ары қарай нақтылай түсті. Жалпы В.П. Юдиннің Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі ойларын қорыта келе, олар әлі күнге дейін өзінің құндылығын жоғалтқан жоқ, соларды негізге алып зерттеуді одан ары тереңдете түсуге болады деп есептейміз. Осы үшінші тарихнамалық кезеңде ХY-ХYІІІ ғасырлардағы Қазақ хандығының тарихын зерттеуде 1969 жылы «Материалы по истрии Казахских ханств ХY-ХYІІІ веков» атты деректер жинағының жарық көруі ерекше роль атқарады [207.]. Жинақты құрастырушылар осы ғасырлардағы қазақ тарихы үшін деректік материалдарды өте маңызды 17 парсы және түрік тілдеріндегі шығарманың Қазақстан тарихына қатысты мәліметтерін орыс тіліне аударып, әрбір дерекке алғысөз жазып, түсініктемелермен қамтамасыз етеді. Ондағы 17 шығарма мәліметінің 8-нің Қазақ хандығының құрылуына әр түрлі дәрежеде қатысы бар. Мысалы, «Тауарих-и гузида-йи нусрат наме», «Шайбани-наме», «Фатх-наме» деректерінде Әбілқайыр хан қайтыс болып, оның мұрагері – Шайх Хайдар ханға қарсы күрескен саяси күштер арасында басқалармен бірге Қазақ хандығы тарапынан Барақұлы Жәнібек ханның есімі кездеседі. Керей хан есімі алғашқы дерек мәліметінде айтылады да, соңғы екеуінде оның есімі кездеспейді [207, 19 б.; 56-57 бб.; 99 б.]. «Тарих-и Абулхайр-хани» еңбегіндегі мәліметтер Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында ХY ғасырдағы болған этникалық және саяси процестерді зерттеуге негізгі дерек көздері болады. Бұл деректің мәліметтері сонымен қатар, Қазақ хандығының құрылуының ХY ғасырдың екі ғасырдың екінші жартысындағы этникалық алғышарттарын ашып көрсетуде баға жетпес маңыз атқарады. «Тарих-и Кипчаки» еңбегінде өте қысқа көлемде Қазақ хандығының құрылу кезеңдеріне қатысты мәліметтер кездеседі [143.]. Бұл мәліметтің құндылығы сонда, онда алғаш рет 1469-70 жылдарда Шығыс Дешті Қыпшақ үшін жүргізілген күрестерде Бұрындық ханның есімі аталады. Сондай-ақ ол деректегі мәліметтер ХY ғасырдың 40-70 жылдарындағы Қазақстан аумағында болған этносаяси мәндегі оқиғалардың кейбір жақтарын ашуға көмектеседі. Жинаққа Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегінің екі бөліміндегі қазақтарға тікелей қатысты тұстарының кең көлемде енгізілуін тек Қазақ хандығының құрылуы мәселесінде ғана емес, жалпы XІІІ-ХYІ ғасырлардағы Қазакстан тарихындағы өте елеулі оқиға деуге болады. Бұған дейін «Тарих-и Рашидидің» үзінділері В.В. Вельяминов-Зерновтың аударуымен 1864 жылы жарық көрсе, осы нұсқаны 1935 жылы С. Асфендияров пен П. Кунте өздері құрастырған жинаққа енгізген еді [2, 130-223 бб.; 213, 91-100 бб.]. Ал Мұхаммед Хайдар Дулати еңбегінің ағылшынша аудармасы 1895 жылы Лондонда жарық көріп, үш жылдан соң оның екінші басылымы шыққан болатын [257.]. Қазақстандық шығыстанушы ғалымдардың еңбегінің арқасында «Тарих-и Рашидидің» қазақ хандығына қатысты мәліметтері біз сөз қылып отырған жинаққа еніп, қалың көпшіліктің де ортақ игілігіне айналды. «Тарих-и Рашидидің» екі бөліміндегі Қазақ хандығының құрылуына қатысты мәліметтер ХY ғасырдың бірінші жартысындағы Моғолстанның ішкі және сыртқы саяси жағдайын, не себепті моғол ханы Есенбұғаның Керей мен Жәнібек Шу бойынан жер бергендігін, Дешті Қыпшақтағы Әбілқайыр хандығының көшуі барысын білуге, сондай-ақ Қазақ хандығының құрылуы тарихына қатысты жалпы мәселелерді зерттеуге мүмкіндіктер береді. Махмуд бен Уәлидің еңбегіндегі Қазақстан тарихына қатысты мәліметтердің де жинаққа енгізілуі жалпы жинақтың құндылығын одан әрі күшейтіп тұр. Оның Қазақ хандығының құрылуына қатысты мәліметтері Мұхаммед Хайдар Дулатидан алынса да, кейбір мәліметтердің оригиналды сипаты басым. Мысалы, Керей мен Жәнібек хандар иеленген Шу мен Қозыбасы аралығындағы иеліктің ағалы-інілі екі моғол хандарының иеліктері арасындағы аймақ екендігін біз тек Махмуд бен Уәлидің дерегінен ғана кездестіреміз [144, 352 б.]. Осылайша, 1969 жылы төрт тарихшы-шығыстанушының еңбегінің арқасында жарық көрген жинақтың ортағсырлық Қазақстан тарихын зерттеудегі ролінің зор болғандығын тағы да қайталай келе, ондағы мәліметтердің Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеудегі маңызын төмендегіше қорытындылаймыз. 1) Жинақтағы әрбір шығарманың мәліметі мәселенің әр қырын түсінуге мүмкіндіктер берсе, ондағы мәліметтердің барлығын жинақтап, топтастырсақ, онда Қазақ хандығының құрылу тарихын барынша білуге болады деп сеніммен айта аламыз. 2) Жинақтағы мәліметтер Қазақ хандығының құрылуындағы саяси, этникалық алғышарттарды, хандықтың құрылу барысын өз ішінде бірнеше сатыға бөліп, әр сатыдағы оқиғаларды жеке-жеке талдауға мүмкіндіктер береді. 3) Жинақтағы мәліметтердің біз сөз етіп отырған мәселе бойынша деректік маңызын түйіндей келе, ол мәліметтер – Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеуде ең басты материалдар болып саналады дейміз. Қазіргі күндерде XІІІ-ХYІІ ғасырлардағы Қазақстан тарихының көрнекті зерттеушілерінің біріне айналған Т.И. Сұлтанов өзінің алғашқы ғылыми жұмыстарын біз қарастырып отырған тарихнамалық кезеңде бастайды. Ол өзінің 1971 жылы жарияланған көлемі жағынан өте қысқа болса да, мазмұны жағынан терең «Некоторые замечания о начале казахской государственности» атты мақаласында Қазақ хандығының ең алғашқы кезеңінің, яғни құрылу тарихының мәселелерін қозғайды [48, 54-57 бб.]. Оның дәлелдеп көрсетуі бойынша Керей мен Жәнібектің көшпелі өзбектердің негізгі бөлігінен бөлініп кетуі - Өзбек Ұлысындағы ішкі қайшылықтардың шиеленісуі мен Әбілқайыр хан билігінің ең әлсіреген кезеңіндегі біршама дербес сұлтандардың қарсылығының түрі болып, ол- қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу барысындағы оқиғалар тізбегінің ең маңыздысына және де жаңа саяси құрылымының атауының анықталуында ерекше роль атқарған [48, 55 б.]. Одан әрі Т.И. Сұлтанов Керей мен Жәнібек сұлтандардың бөлінуінің себептеріне көңіл аударып, әлеуметтік-экономикалық себептерге ерекше көңіл қояды. Оның пікірі бойынша Әбілқайыр ханның көшпелі тайпаларды қанауының күшеюі, сол себепті де тұрғындардың әлеуметтік жағдайы күрт нашарлап кетеді де, олар көрші елдерге көшіп кетуге мәжбүр болады. Әбілқайыр ханға наразы Жошылық сұлтандар: Керей мен Жәнібек өздерінің әлеуметтік мүдделеріне сай, бөлінудің басында тұрады [48, 56 б.]. Осы мақаласында Т.И. Сұлтанов моғол ханы Есенбұғаның көшіп келушілерді жылы қабылдауының бірнеше себептерін көрсетеді. Бірінші себепке – солтүстіктегі көшпелі тайпалардың жорықтарына тоқтауыл қоюға Есенбұға ханның мүмкіншілігі болмауы жатады. Екінші себепке көшіп келушілер арқылы өз иелігінің батыс шекараларын ағасы Жүністен қорғауы, ал келесі себепке – көрші елдің жауын өз жағына тарту арқылы оларды қажет кезінде сол елге қарсы қолдануға ұмтылуы жатады [48, 57 б.]. Т.И. Сұлтановтың назарынан хандықтың құрылған жылы жөніндегі мәселе де тыс қалмайды. Ол Әбілқайыр ханның соңғы жорығы мен оның осы жорық барысында қайтыс болғанын негізге ала отыра, Керей мен Жәнібектің Өзбек Ұлысына қайтып келгенін, ондағы жоғарғы билікті тартып алғанын айтады. Сөйтіп ол «қазақ» сөзін Өзбек Ұлысына ала келгенін айтады. Ол Қазақ мемлекеттілігінің басталуы ХY ғасырдың 70-ші жылдарына сай келеді деген қорытындыға келеді [48, 57 б.]. 1982 жылғы монографиясының қосымшасында ол Қазақ хандығының құрылған жылы туралы мәселеге тоқтап, оны 1470-71 жылдары болған деп есептейді [49, 114 б.].Т.И. Сұлтанов өзінің осы пікірін ешбір өзгертпей, қазіргі кездердегі зерттеулерінде оны тереңдетіп, кең түрде қарастыруда. Біз ол мәліметтерді Қазақ хандығының құрылуының қазіргі кезеңдегі (1991 жылдан басталады) тарихнамасында арнайы қарастырамыз. Қорыта келе айтарымыз, қазіргі кезеңдерде ХY-ХYІІ ғасырлардағы Қазақ хандығы тарихының ірі маманы, әрі зерттеушісі болып отырған Т.И. Сұлтанов өткен ғасырдың 70-ші жылдарында-ақ өзінің алғашқы ғылыми жұмыстарының тақырыбын қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңіне арнап, әлі күнге дейін ғылымилығын жоғалта қоймаған тұжырымдар жасайды. Ол тұжырымдар біз сөз етіп отырған тарихнамалық кезеңнің басты нәтижелеріне жатады. Қазақ хандығының құрылу тарихнамасындағы үшінші кезеңнің ең іргелі еңбегіне және ең белгілі зерттеушісіне, біздің ойымызша К.А. Пищулина және оның «Юго-Восточный Казахстан в середине ХІY- начале ХYІІ веков» атты еңбегі жатады [47.]. Монографияда негізінен ХІY-ХYІ ғасырлардағы ортағасырлық Моғолстан мемлекетінің тарихы қарастырылады. Қазақстанның оңтүсік-шығысы осы кезеңде Моғолстанның құрамдас бір бөлігі болып есептелгендіктен, Қазақ хандығының құрылуында осы аймақтың және ХY ғасыр ортасындағы моғол билеушілерінің тікелей қатысы бар болғандықтан К.А. Пищулина еңбегінің соңғы, төртінші тарауын Қазақ хандығының құрылуы мен Моғолстанның ыдырауына арнайды [47, 210-274 бб.]. Осы ауқымды мәселені автор өз ішінде бірнеше мәселелерге жіктеп, оның бірін – Қазақ хандығы құрылуының алғышарттары деп атайды. Ол Қазақ хандығының құрылуының терең түп-тамырлары Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы Ақ Орда мен Әбілқайыр хандығы және Моғолстан мемлекетінің тарихымен байланысты деген жалпы тезис шеңберінде төмендегідей қорытындылар жасайды. а) Шығыс Дешті Қыпшақ пен Моғолстан аумақтарында өмір сүретін түрік тілдес тайпалардың этно-саяси және шаруашылық-мәдени дамуына ХІІІ ғасырдағы монғол жаулаушылығы бірдей кері әсер етеді, олар монғол үстемдігінен қатар құтыла бастайды, этникалық бірігуді бірге бастарынан өткізеді. ә) шаруашылық ХІY-ХYІ ғасырларда қалпына келтіріліп, көшпелі мал шаруашылығы мен отырықшы-егіншілік шаруашылықтар арасындағы байланыстар дамиды да, ол өз кезегінде Қазақстанның далалы аймақтары, Жетісу, Оңтүстік- Қазақстан өңірлеріндегі тұрғындарды бір-бірімен жақындата түседі. б) Екі аймақтағы мемлекеттердің әлеуметтік дамуларында көптеген ортақ белгілер болады. в) Ақ Орда мен Моғолстанның құрылуының өзінде ортақ ұқсастықтар болған, екеуі де жеке дербес ел ретінде жергілікті этникалық негізде құрылады. г) Екі мемлекеттегі этникалық дамуларда да ортақ белгілер болады. Монғол үстемдігінен кейін Ақ Орда мен Моғолстандағы саяси және мәдени дамулар әлеуметтік-экономикалық қауымдастық халықты қалыптастырады. Осы екі мемлекеттегі одан арғы этнодамулар қазақ этносын дүниеге келтіреді. К.А. Пищулинаның атап көрсеткеніндей, Ақ Орда мен Моғолстан Қазақстан аумағындағы моғолдар үстемдігіне дейінгі Қыпшақ және ежелгі Усунь тайпалық одақтарының ХІІІ ғасыр басында үзілген этникалық процесті одан әрі жалғастырады. Сөйтіп, қазақ этногенезінің екі орталығы арасында тығыз байланыстар қалыптасып дамиды. ғ) Екі аймақ арасындағы шаруашылық байланыстардың дамуы этникалық процесті одан әрі нығайтады. д) Феодалық қатынастардың дамуы патриархалдық қатынастарды әлсіретіп жаңа қатынастар негізіндегі этностың қалыптасуына оң әсер етеді. е) ХІY ғасырдың екінші жартысы мен ХY ғасырдың бірінші жартысында Ақ Орда мен Моғолстандағы тайпалардың этникалық құрамы тұрақталып, түрік, түріктенген монғол тайпалары арасындағы айырмашылықтар азайып, Қазақстан тұрғындары біртекті бола түседі. ж) ХY ғасырдың ортасына таман Шығыс Дешті Қыпшақ пен Моғолстан (оның ішінде Жетісу аймағы) аймағындағы барлық тарихи процестердің ортақ саяси кеңістікте дамуына Қазақ хандығының құрылуы ортақтастырады [47, 210-246 бб.]. Осылайша, К.А. Пищулина Қазақ хандығының құрылуы тарихнамасында алғаш рет мәселені тереңірек қозғап, алғышарттардың өзін өз ішінде бірнеше мәселелерге бөледі де, олар жөнінде өз пікірлері мен ойларын білдіреді. ХХ ғасырды 70-ші жылдары үшін ол қарастырылған мәселелер нақты болып көрінгенімен, қазіргі кезең тұрғысынан қарастырсақ, ол пікірлер жалпылама сипат алып тұр. Дегенмен де, ғалымның Қазақ хандығының құрылуына байланысты айтқан пікірлерінің көбі әлі күнге дейін өзінің ғылымилылығы мен құндылығын жоғалтқан жоқ. К.А. Пищулинаның екінші бір пікірлері нақты Қазақ хандығының құрылуы барысына қатысты айтылады. Автордың өзі айтып өткендей, Қазақ хандығының құрылуына қатысты көптеген мәселелердің ішінде үш мәселені: Керей мен Жәнібектің көшуіне байланысты Қазақ хандығының құрылған уақыты мен жері; Қазақ хандарының Моғолстан билеушілерімен қарым-қатынасы; Қазақ хандығының құрылуының Жетісу мен Моғолстан тұрғындары үшін маңызды мәселелерін жеке қарастыру қажет деп санайды [47, 246 б.]. Біз төменде оның осы мәселелер бойынша айтқан пікірлеріне тоқталып, оларға талдау жасалық. К.А. Пищулина хандықтың құрылған мерзімі туралы өзіне дейінгі аталған пікірлерге қысқаша шолу жасай келе, олардың тұжырымдарын қабылдамайды, ол пікірлердің әлсіз тұстарын көрсетеді [47, 248-250 бб.]. Шығыс Дешті Қыпшақтан көшіп келген ру-тайпалар Жетісудағы жергілікті тайпалармен өте туыс жақындықта болғандықтан олардың арақатынастарында ешқандай қиыншылықтар болмаған. Жетісуға жаңадан көшіп келушілер арқасында Керей мен Жәнібектің күші артады да, олардың моғол ханына тәуелділігі тоқталады. Сөйтіп, олар 1465-66 жылдары Қазақ хандығының негізін қалайды [47, 253-254 бб.]. Егерде ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың ортасына дейінгі пікір айтқан зерттеушілердің көбі Қазақ хандығының құрылған жылына 1465-66 жылды жатқызып, оған негіз ретінде осы жылы Әбілқайыр хан қайтыс болған деп дәлел айтса, одан кейінгі кезде Әбілқайыр ханның 1468-69 жылы қайтыс болғандығы толық дәлелденген болатын. Ал К.А. Пищулинаның хандықтың құрылған жылына осы жылды жатқызуын тек «Тарих-и Рашиди» мәліметтерімен байланыстырамыз. К.А. Пищулинаның екінші бір көңіл аударған мәселесіне – Қазақ хандығының құрылған жері, аймағы жөніндегі мәселе жатады. Бұл мәселеге қатысты ол С.К. Ибрагимовтың пікірлерін сынай отыра, дерек мәліметтері негізінде Қазақ хандығы Жетісудың батысында құрылған деген тұжырымды дәлелдеп береді [47, 257-259 бб.]. Осылайша, К.А. Пищулинаның Қазақ хандығының құрылуына қатысты айтқан ойлары мен білдірген тұжырымдарын қорытындылай келе, өз қорытындымызда мынадай пікірлерді айтамыз. 1) Ол өз зерттеуін Моғолстанның тарихына арнаса да, онда Қазақ хандығының құрылу тарихына жеке бір тарауды арнап, мәселеге ерекше көңіл бөледі. 2) Оған дейін ешбір зерттеуші мәселені К.А. Пищулина секілді терең зерттеп, ондағы әр түрлі мәселелерді жеке-жеке талдамайды. 3) Ол алғаш рет мәселенің тарихи алғышарттарын жеке қарастырып, мәселенің түп-төркінін тарихтың терең қойнауларынан іздестіреді. 4) Оның жасаған тұжырымдары сол жылдар үшін өте тың және маңызы жоғары болып саналады. Қазірдің өзінде де оның көп пікірлері маңызын жойған жоқ. 5) Жалпы алғанда, оның пікірлері мен тұжырымдары мәселенің зерттеуін бірнеше қадам алға жылжытады. 1983 жылы бес томдық «Қазақ ССР тарихының» ІІ томы жарыққа шығып, онда қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы мен Қазақ хандығының құрылуы мәселесі жеке бір тарауда беріледі [258, 248-274 бб.]. Томдағы біз сөз етіп отырған мәселенің авторы К.А. Пищулина болғандықтан, ол өзінің тұжырымдарын мұнда қайталап ұсынады. Сол себепті де біз бұл жерде оларды талдап жатпай, тек атап қана өтеміз. Хандықтың құрылған жылы деп 1465-66 жыл көрсетіледі де, «бұл мерзімнің шындыққа сәйкес келетіні айқын, өйткені Моғолстанда қалыптасқан саяси жағдай қазақ хандары билгінің нығаюына және дербес саяси бірлестіктің құрылуына көмектеседі»,- деп қорытындыланады [258, 268 б.]. Біз қарастырып отырған үшінші тарихнамалық кезеңдегі зерттеулердің ең соңғысына М.Х. Абусейтованың еңбегі жатады [50, 104 б.]. Автордың негізгі зерттеу обьектісі ХYІ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстан тарихының саяси мәселелері болса да, ол Қазақ хандығының құрылуы мәселесіне қысқаша болса да тоқтап өтеді. Ол өзіне дейінгі беделді авторлардың пікірлеріне шолу жасай келе, хандықтың нақты құрылған жылы жөнінде ғылымда бекіген дата жоқ деген тоқтамға келіп, Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр хандығынан бөлініп кетуі ХY ғасырдың 50-ші жылдарының екінші жартысында жүзеге асқан, ол хандықтың құрылған жылы деп 870 (1465-66) жылды қолдайтынын білдіреді [50, 39-40 бб.]. Ал хандықтың құрылуының алғышарттарына қатысты мәселеде М.Х. Абусейтова Т.И. Сұлтанов, К.А. Пищулинаның пікірлерімен толық қосылады. Енді Қазақ хандығының құрылу тарихнамасындағы үшінші кезеңге қорытындылар жасалық. Өткен ғасырдың 50-80 жылдарында біз қарастырып отырған мәселе бойынша ең беделді деген зерттеушілер өз еңбектерінде ойлары мен пікірлерін айтып, мәселенің зерттелуін біршама алға жылжытады. Алдынғы беттердегі тарихнамалық талдауларды біз бұл мәселенің тарихшылар назарынан ешқашан тыс қалмағанын көреміз. Әр бір зерттеуші өз деңгейіне, қолданған деректеріне қарай мәселенің зерттелуінің негізгі бағыттарын айқындай түсіп, оның деректік базасын нығайтады, тарихи білімді арттырады. Төменде қарастырып отырған мәселеміз бойынша ХХ ғасырдың 50-80 жылдарындағы зерттеу жұмыстарының қандай бағытта дамығанын көреміз. 1) Осы кезеңде ортағасырлық Қазақстан тарихының мәселелерімен кәсіби шығыстанушы ғалымдар айналысып, олар ортағасырлық шығыс деректерінің мәліметтерін ғылыми айналымдарға енгізіп, ХІІІ-XYІІІ ғасырлардағы, оның ішінде Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеуге мол мүмкіндіктер ашады. 2) Тың дерек мәліметтерінің айналымға түсірілуі Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты жаңа мәселелердің беттерін ашады. Хандықтың құрылуының алғышарттары жеке тақырыпқа айнала бастайды. 3) Хандықтың құрылуын терең түсінуге жол ашатын әлеуметтік-экономикалық факторлар алғаш рет осы тарихнамалық кезеңде көтеріліп, зерттеле бастайды. 4) Қазақ хандығының құрылу тарихы аясында қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы екі этникалық орталықтың – Шығыс Дешті Қыпшақ пен Жетісу өңіріндегі этностардың бірігуі нәтижесінде жүзеге асқандығы дәлелденеді. 5) Жетісу жерінде құрылған Қазақ хандығының алғашқы жылдарда Моғолстан билеушілерімен қарым-қатынастары жөнінде пікірлер айтылады. 6) Қазақ хандығының құрылған жылы жөнінде бұрынғы пікірлерге қоса жаңа тұжырымдар айтылады, сөйтіп бұл мәселе ғылымда ашық күйінде қала береді. 7) Қазақ хандығының құрылу мәселесі кең ауқымда, яғни Алтын Орда мен Шағатай Ұлысы аумақтарында ХІY -ХY ғасырларда болған саяси дамулар барысында қарастырыла бастайды. Соның нәтижесінде хандықтың құрылуы – осы аумақтардағы тарихи дамулардың қорытындысы ретінде жүзеге асқан деген тұжырым. Жалпы, осы үшінші тарихнамалық кезеңді қорыта келе, бұл кезеңді өзіне дейінгі алғашқы екі кезеңмен салыстырғанда мәселенің зерттелуіне ерекше үлес қосқан, мәселенің жалпы тарихнамасында айрықша орын алатын кезеңге жатқызамыз.
Date: 2015-11-14; view: 1737; Нарушение авторских прав |