Полезное:
Как сделать разговор полезным и приятным
Как сделать объемную звезду своими руками
Как сделать то, что делать не хочется?
Как сделать погремушку
Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами
Как сделать идею коммерческой
Как сделать хорошую растяжку ног?
Как сделать наш разум здоровым?
Как сделать, чтобы люди обманывали меньше
Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили?
Как сделать лучше себе и другим людям
Как сделать свидание интересным?
Категории:
АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника
|
Кесте бер
Тізімде Жалайыр (4), Қоңырат (6), Алшын (7), Арғын (8), Найман (9), Қыпшақ (10) тайпаларының алғашқы 10 тайпа арасында берілуі Т.И.Сұлтанов атап көрсеткен үш принциптің біріншісі мен екіншісіне келіп тұрғандығын көрсетеді. Оның ішінде белгілі бір саяси құрылымда болған ру-тайпалар тізімде қатар айтылады деген тұп-тура осы алты ірі тайпаға айтылған секілді. Біз бұл алты тайпаның қандай саяси құрылымда болғандығы жөніндегі мәселеге төменде қайтып ораламыз. Табын (58), Тама (59), Рамадан (60), Үйсін (61) және Телеу (71), Кердері (72) тайпаларының бұл тізімде Үйсіннен басқасының қатар берілуін де Т.И.Сұлтанов анықтаған үш принциптің біріншісіндегі екі пунктке де сай келетінін аңғарамыз. Жетіру тайпалар одағына енетін бұл тайпаларды қазақ шежіресі бір атаның балалары деп көрсетсе, ХІV-ХVІ ғғ. тарихына қатысты зерттеу жұмыстарында Жетіру тайпалар одағының ұзақ уақыттар бойы Ноғай Ордасында болғандығы айтылады [266, 499-504 бб.]. Кестедегі 92 тайпаның 19-ын біз қазақ халқының құрамына енген ру-тайпалардан кездестіреміз. Олар – Жалайыр, Қоңырат, Алшын, Арғын, Найман, Қыпшақ, Қаңлы, Оймауыт, Кереит, Меркіт, Қоралас, Керей, Табын, Тама, Рамадан, Үйсін, Телеу, Кердері және Шеркес тайпалары. Бұл тайпалардың әрқайсысына Т.И. Сұлтанов өз еңбегінде қысқаша болса да сипаттама бергендіктен, біз оларға тоқталмаймыз [49, 34-38 бб.]. Енді 92 көшпелі тайпадан құралған өзбек этноқауымдастығының ыдырап, одан қазақ этносының бөлініп шығуы мен қазақ этносының этникалық негізін құраған тайпалар мәселесіне ауысалық. ХVІ ғасырдың басында Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында өмір сүретін тұрғындардың бәрін өзбектер дей келе, «Өзбектерге үш тайпа жатқан, олардың бәрі Шыңғыс ханның иеліктеріндегі ең мықтылары болып саналады. Қазіргі кезде [олардың] бірі – шибаниттер, бірнеше аталарынан кейін оларды мәртебелі хан (Мұхаммед Шайбани ханды айтып отыр – Б.К.) басқарып отыр. Екінші тайпа – қазақтар, олар бүкіл әлемге күштерімен және ержүректіліктерімен даңқы шыққан, үшінші тайпа – маңғыттар, олардан астрахандық хандар шығады», - деп «көшпелі өзбектер» қауымдастығын жіктеп береді. Рузбиханның осы мәліметіне қатысты алдын-ала мынадай ескертпе мен түсініктеме беруді жөн деп есептейміз. Оның тайпа деп айтып отырғаны, қазіргі біздің түсінігіміздегі тайпа емес, одан жоғары және кең мағынадағы ұғым. Қазіргі түсініктер бойынша Рузбихан жазып отырған өзбектерді этноқауымдастық деп санасақ, онда оның тайпа деп отырғанына тайпалық одақтар сай келеді. Сонда біз автордың жоғарыдағы мәліметін өзбектер үш үлкен тайпалар тобынан немесе бірлестігінен тұрады деп қабылдауымыз керек. Келесі бір түсіндірмеге мынау жатады. Автор өз шығармасын 1509 жылы жазып, ХV ғасырдың оқиғаларын өткен шақ тұрғысынан баяндап тұр. Қазақ хандығы құрылып, қазақ атауы халықтың атауына берілгенге дейін, яғни ХV ғасырдың 50-70-ші жылдарына дейін қазақ сөзінің этникалық мәні болған жоқ. Сол себепті де «өзбектердің екінші тайпасы – қазақтар» деген мәліметті дұрыс түсінген жөн. Ибн Рузбихан айтқан өзбектер этноқауымдастығындағы үш тайпалар тобының әрқайсысына талдау жасайық. Алдыменен, өзбектер құрамындағы бірінші тайпалық одақ – шибанилерге тоқталалық. Шибанилер атауының Жошының бесінші ұлы – Шейбан есімімен байланысты екендігін ешбір зерттеуші жоққа шығармайды. Рашид ад-дин, Плано Карпини, «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме» еңбегінің белгісіз авторы, Әбілғазы, Қадырғали Жалайыри, Махмуд бен Вали секілді өте сенімді деректердің авторлары Шыңғыс ханның және Жошы ұрпақтарының шежіресін таратқан мәліметтерінде Жошы ханның бесінші ұлын – Шейбан, Сейбан, Шайбан, Шабан, Шибан деп атайды [110, 74 б.; 103, 39-40 бб.; 130, 34 б.; 135.; 101, 93 б.; 144, 34 б.]. Осы дерек мәліметтеріндегі бір тұлғаның әр түрлі формада берілуіне байланысты зерттеушілер де оның есімін және одан тараған ұрпақтарды кейде шибандықтар, ал кейде шайбандықтар деп жазып жүр. Жиі кездесетін терминдердің қолданылуында бір ізділік болғанын дұрыс деп санап, біз осы терминге қатысты академиялық басылымдар мен іргелі еңбектер қолданған Шайбан нұсқасын қабылдап, осы терминді одан ары қолданамыз [207, 494 б.; 300, 134 б.; 54, 82 б.]. Жошы ұлысы өз ішінде ұлыстарға бөлінгенде Шайбан да ағалары Орда Ежен, Батый секілді жеке ұлысты иеленеді. Өтеміс қажының «Шыңғыс-намесінде» Жошы хан қайтыс болғаннан кейін Шыңғыс ханның оның үш ұлы Орда Еженге, Батыйға және Шайбанға үш киіз тіккізіп, Алтын босағалы Ақ Орданы Батыйға, Күміс босағалы Көк Орданы Орда Еженге, болат босағалы Боз Орданы Шайбанға бергендігі баяндалады» [136, 92 б.]. Дерек авторы шайбанилық бағыттағы авторлардың бірі болып, Шайбанды және оның ұрпақтарын жоғары көтермелеп мадақтағаны деректе қатты байқалады. Дегенменде Шайбанның ұлы атасы Шыңғыс ханнан иелік алып, онда ұлыс басқарғандығын тәуелсіз басқа деректер де мақұлдайды. Шайбанның алғашқы кездегі алған Ұлысының қай жерде екендігін деректер нақты көрсетпесе де, Батыйдың 7 жылдық жорығынан кейін, оған бөлінген территорияны Әбілғазы нақтылай көрсетіп береді. Онда «Батый ханның жорықта жеңіске жетуге көп күш салған ағасы Орда Ежен мен інісі Шайбанға жер бөліп бергендігі айтыла келе, Шайбанға Корел өңірі мен Құсшы, Найман, Қарлық және Бұйрық атты төрт халықты бөліп бергендігін және Батыйдың Шайбанға: «Сенің жұртың менің жұртым мен үлкен ағам Иченнің жұрты арасында болсын. Жазда сен Жайықтың шығыс жағында Ырғыз, Ор, Елек өзендері мен Орал тауы аралығында бол, қыста Аралқұм, Қарақұм мен Сырдың, Шу, Сарысу өзендерінің бойы аралығында бол», - деп айтқандығын баяндайды» [300, 104 б.]. Бұл аймақтың аумағын басқаша айтсақ, Шайбан ұлысына батыста Жайықтан, шығыста Сарысуға дейінгі, оңтүстікте Арал теңізі мен Сырдария өзенінің төменгі ағысы бойынан, солтүстікте башқұрттардың жеріне дейінгі территорияның енгендігін білеміз. Шайбан ұлысының орналасуы жөніндегі Әбілғазының дерегін Плано Карпини мәліметі қуаттайды. 1246 жылы осы өңір арқылы өткен ол былай деп жазады: «... Бұл жерде бір үлкен өзен бар, оның аты бізге белгісіз; онда Янкинт деген бір қала бар, тағы бірі Бархин, үшіншісі Орнас деп аталады және аттары белгісіз тағы көп қалалар бар. Бұл жерде Алтисолданус (Ала ад-дин Мұхаммед Хорезмшах – Б.К.) деген билеуші болған, оны татарлар бүкіл үрім-бұтағымен жойып жіберді.... Оңтүстікте ол жерде Иерусалиммен Балдахпен (Багдад) және Саррацин жерлерімен (бұл жерде Плано Карпини Саррацин деп Иранды айтып отыр) шектеседі; солтүстікте бұл жерге қара қытайлар жері мен Мұхит түйіседі. Онда Батудың інісі Сыбан өмір сүреді» [103, 64 б.]. Бұл жерде итальяндық монах Сырдың төменгі ағысы бойынан солтүстікке дейінгі жерлердің бәрі Сыбанға немесе Шайбанға қарайтындығын айтып отыр. Ортағасырлық тарихшы Махмуд бен Уәли де Батый ханның Шайбанға төрт омақ бергендігін, ал оның ұлы Бахадүр жазғы, қысқы жайылымға Ақ Орданы алғандығын хабарлайды [144, 347 б.]. Махмұд бен Уәли Шайбан ұлысында биліктің Шайбан ханнан бастап Әбілқайыр ханның әкесі Дәулет-шайх оғланға дейін үзілмей келгендігін, және Шайбан әулетіне бағынышты территорияны «ел, ұлыс» деп аталатындығын баяндап береді [144, 347-349 бб.]. Жошының 1227 жылы қайтыс болып, сол жылы Шайбан осы өңірді иеленсе, ал Әбілқайыр ханның осы аймаққа 1428 жылы күреспен билікке келгенін есептесек, онда Шайбан ұрпақтары Әбілқайырға дейін 200 жыл бойы осы ұлыста тыныш билік құрады. Осыншама ұзақ уақыт бойы Шайбан ұлысында өмір сүріп, бір-біріне жақын болған ру-тайпаларды Шайбан ұлысының тайпалары немесе қысқаша атаумен шайбанилар (Рузбиханда шибанилар) деп атап кеткен. Шайбан ұлысының аумағы Шығыс Дешті Қыпшақтың құрамдас бір бөлігі болғандықтан, ал Шығыс Дешті Қыпшақтың тұрғындары ХІV ғасырдың екінші жартысынан бастап жалпылама атаумен өзбектер деп аталғандығын, шайбанилар, яғни Шайбан ұлысының тайпалары өзбек этноқауымдастығының заңды түрдегі құрамдас бір бөлігі болып есептеледі. Енді жазба деректерге сүйеніп, шайбанилықтардың ру-тайпалық құрамын анықтап көрелік. Сол арқылы бұл топтың шығу-тегін де анықтауға болады. Алғаш рет жазба дерек мәліметтеріне сүйеніп, өзбектер құрамындағы шайбанилардың ру-тайпалық құрамын анықтауға А.А. Семенов күш салады [26, 24-37 бб.]. Бұл мәселеге Б.А. Ахмедов, Т.И. Сұлтанов өз зерттеулерінде арнайы тоқталған [45, 16-18 бб.; 49, 7-28 бб.]. Бұл үш зерттеуші Масуд ибн Осман Кухистанидың дерегіндегі мәліметтерге сүйеніп, 1428 жылы жап-жас шайбанилық сұлтан Әбілқайырды хан тағына отырғызған және де оны кейінгі жылдары қолдаған тайпаларды Шайбанилық тайпалар деп атайды да, оған мына тайпаларды жатқызады: қият, маңғыт, қаанбайлы (байлы), чинбай, қоңырат, тангут, иджан, дурман, кушчи, утарчи, найман, украш-найман, тубай, таймас, джат, китай, барак, уйгур, карлук, кенегес, уйшун, курлаут, имчи (ички), туман, минг, буркут, нукуз, шадбаклы, шункарлы, ойрат, мажар және кипчак [26, 24 б.; 45, 16 б.; 49, 8-11 бб.]. Бұл тайпалардың жалпы саны – 32. Мүмкін, «отыз екі баулы өзбек» деп аталатын тайпалар тобы – осы шайбанилық тайпалар шығар. Мұны әлі де болса терең қарастыру қажет. А.Вамбери еңбегінде берілген 32 баулы өзбек тайпаларын жоғарыдағы 32 тайпа атауларымен салыстырғанымызда, қият, маңғыт, қоңырат, дурман, найман, қытай, ұйғыр, кенегес, уйшун, ички, минг, нукуз, кипчак секілді тайпа атауларына екі нұсқа да сәйкес келетінін аңғардық [301, 171 б.]. Бұл тайпалардың шығу-тегі мәселесіне келсек, біз олардың көбісінің монғол жаулап алушылығына байланысты ХІІІ ғасыр басында Монғолия аумағынан келгендігіне көз жеткіземіз. Рашид ад-диннің дерегіндегі тайпалар негізінен үш топқа бөлініп, олардың біріншісіне – түрік тайпалары, екіншісіне – түрік, бірақ қазіргі кезде монғол деп аталатын тайпалар, ал үшіншісіне – тегі түрік, бірақ бұрыннан монғол деп аталған тайпалар болатын [108, 80-197 бб.]. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Шайбанилық тайпалардың бәрінің арғы тегі түркілік, монғол деген атауға ие болып, Қазақстан аумағына ХІІІ ғ. басында келген. Осы жерде қыпшақ, найман, қоңырат, уйшун тайпаларына қатысты мынадай түсіндірме бере кетуді жөн көріп отырмын. Бұл тайпалар сан жағынан өте көп болып, олардың жекелеген бөлімдері мен бөлімшелері, тармақтары әр түрлі ұлыстардың құрамында болғандықтан, олардың ортақ атаулары тек жекелеген ұлыстардағы тайпалар тобында ғана емес, сондай-ақ түгелге жуық түрік тілдес халықтардың құрамында кездеседі. Қыпшақ, найман, қоңырат, уйшун атауларының шайбанилық топтан кездесуін біз, осы аталған тайпалардың жекелеген рулары сол топта болған деп түсінуіміз керек. Осылайша, өзбек этноқауымдастығының құрамындағы шайбанилық топтың құрамын анықтай келе, біз, олардың басым бөлігінің ХІІІ ғасыр басында монғол жаулап алушылығына байланысты Монғолия аумағынан келген арғы тегі түріктік, жалпылама монғол атауымен аталған тайпалар деген қорытындығына келеміз. Ибн Рузбихан атап көрсеткеніндей, өзбектер құрамындағы келесі бір тайпалар тобына – маңғыт тайпалар тобы жатады. ХІV ғасырдың соңында Еділ мен Жайық өзендерінің аралығында, кейіннен Ембіге дейінгі жерлерде мекендеген үлкенді-кішілі тайпалар маңғыт деген ортақ атаумен аталғаны белгілі. Бұл тайпалар Ноғай Ордасының этникалық негізі болып табылады. ХІV ғасырдың екінші жартысынан бастап бұл аймақтағы тайпалар да өзбек этноқауымдастығының құрамында болып, Ноғай ұлысының өзіне тән ерекшелігіне, тарихи-географиялық жағдайларына байланысты бұл өңірдегі тайпалар да өз бетінше топтасады. Бұларға маңғыт деген ортақ атау бірнеше себепке сай берілген. Біріншісі, ол атау осы топтағы жетекші тайпаның атауы болса, екіншісіне – ұлыстың билеушілері маңғыт тайпасынан шыққан билер болған. В.В. Трепавлов құрастырған «Ноғай ру-тайпалары» деген кестедегі 70 ірі ру-тайпа атауларын 92 баулы «көшпелі өзбектер» тайпаларымен салыстырғанымызда, біз бұл топтағы тайпалардың да түбі түріктік екендігіне көзімізді жеткіздік[266, 499-504 бб.]. Мұндағы тайпалардың ішінде де шайбанилықтар секілді Монғолия аумағынан келгендер де бар. Бірақ та шайбанилықтардан бір ерекшелігі мұнда аз, аксюрют, алшын, байұлы, қаңлы, қыпшақ, киргиз, құла-аян, тама, тоғай, түркмен, уйшун, шөмішті, телеу секілді жергілікті тайпалардың саны басымдау келеді. Ал енді өзбек этноқауымдастығындағы үшінші тайпалар тобына тереңірек тоқталалық. Рузбихан бұл топтағы тайпаларды қазақтар деп атағанын жоғарыда айттық. Қазақ атауы ол тайпаларға Қазақ хандығы құрылғаннан кейін, яғни ХV ғасырдың 60-шы жылдарынан кейін берілгені белгілі. Қазақ атауы этникалық мәнге ие болмай тұрып-ақ «көшпелі өзбектер» құрамында бұл тайпалар бірлестігі болған. Төменде осы тайпалар бірлестігіне қатысты мәселелерді рет-ретімен шешуге тырысып көрелік. Алдыменен, 92 тайпа ішінде қандай тайпалар үшінші тайпалар тобын құраған екен, соны анықталық. Біз алдыңғы беттердің бірінде 92 тайпаның тізімін беріп, алғашқы ондықтағы алты тайпаны бөліп көрсеткенбіз. Т.И.Сұлтанов анықтаған тізімдегі тайпалардың берілу принциптерінің алғашқы екеуі осы алты тайпаның бір-бірімен қатар тұру себептерін көрсетеді. Бірінші принцип бойынша тізімде бір-біріне жақын тұрған тайпалар – белгілі бір мемлекетте, саяси жүйеде ұзақ уақыт бойы бірге болған тайпалар болып келеді. Олай болса, алғашқы ондықтағы алты тайпа – Жалайыр, Қоңырат, Алшын, Арғын, Найман және Қыпшақ тайпаларын біз бір аймақтан, бір ұлыстан, бір мемлекеттен іздестіруіміз қажет. Жазба дерек мәліметтерін талдау, саралау барысында біз бұл тайпалардың ХІІІ ғасырдың басынан бері Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен ұлысында өмір сүргендігіне көзімізді жеткіздік. Алшын, Арғын, Қыпшақ тайпалары монғол жаулап алушылығына дейінгі кезеңде осы аймақтарда мекендеген жергілікті тайпалар болса, ХІІІ ғасырдың басында оларға Монғолия аумағынан түрік тілдес Жалайыр, Қоңырат, Найман тайпалары келіп қосылады. Бұл тайпалардың Жошы ұлысы аумағында, оның ішінде Жошының үлкен ұлы Орда Ежен ұлысында болғандығын жазба деректер тікелей айтпаса да, біз, ол туралы жанама деректер арқылы біле аламыз. Орда Ежен ұлысындағы билеуші әулет өкілдерінің ХІІІ ғасырдың ІІ жартысында алған әйелдері жергілікті ру-тайпалардың өкілдері екендігін Рашид ад-дин жазады. Оның мәліметінде Орда Еженнің ең кіші ұлы Хұлағудың алған екі әйелінің бірі – Турбарчин-хатун, қыпшақ тайпасының қызы болса, осы Хұлағудың Темір-Бұқа атты ұлының әйелдері Қоңырат, Арғын тайпасынан, Орда Еженге немере болып келетін Куинджи (Қоныша), Тумакан, Мұсылман секілді ұлдарының әйелдері Қоңырат, Меркіт, Жаджират, Татар, Найман тайпаларының, ал ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасырдың І жартысында өмір сүрген Куйнджидың (Қонышаның) ұлдарының әйелдері – Керайт (Керей), Қоңырат және Огунан (Уақ) тайпасынан болған [110, 67 б.; 69 б.; 71 б.]. Деректе көптеген ру-тайпалар атауының берілмей қалуына қарамастан, бұл мәліметтер Орда Ежен ұлысында қандай тайпалардың болғандығын хабардар етеді. Бұл тайпалар Орда Ежен ұлысының басты этникалық негізін құрап, ХV ғасырдың ортасына дейін біртұтас этникалық жүйеде болады. Қазақ хандығы құрылғаннан кейін де Орда Ежен ұлысындағы Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Керей, Уақ тайпаларын қазақ халқының құрамындағы Орта жүзден кездестіреміз. Бұл тайпалардың Орта жүз құрамында болуының негізі, осылайша Орда Ежен ұлысы кезінен бастау алады. Ұзақ уақыт бойы бір саяси-әкімшілік құрылымда болған, бір-біріне өте жақын тайпаларды кейін келе қазақ шежіресінің кең тараған бір нұсқасында Болат қожа атты кісіден тараған деп баяндайды [236, 56 б.; 61 б.; 63 б.]. Ал Жалайыр тайпасы атауының 92 тайпаның ішінде жоғарғы қатардан орын алуын – оның Жошы ұлысы аумағында алатын мәртебелік орнымен байланыстырамыз. Қадырғали Жалайыри Жалайыр тайпасының Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында қандай роль атқарғандығын былайша түсіндіреді: «Ұрыс ханның (Ақ Орда ханы Орыс хан) оңы (маймене) мен солы (майсара) мынадай... Майсара Алаш мыңы болды, ол үш сан еді. Қатаған қауымының өз араларында осы заманға дейін үлкендері белгілі. Ал Алаш мыңы арасында үлкені тарақ тамғалы Жалайыр болады. Шыңғыс хан заманынан бері бір мәртебеден (ұлықтық) Тебре бекке тиді. Одан Шайх Софы бекке тиді, одан Итбаға бекке тиді. Одан Қараш бекке тиді. Алаш мыңының ағасы болып келген осылар еді. Олар Өзбекия арасында мәлім, мәшһүр», - деп, тағы бір жерде «Шыңғыс хан заманында Сартақ ноян болған. Оның ұлы Жалайыр Саба еді. Оның ұрпағы Жалайыр Тебре бек. Оның ұрпағы Айтөле бек еді. Ол белгілі мәлім-мәшһүр болған адам. Ұрыс ханның ұрпағында ұлы әмір болған» [101, 126 б.]. Бұл мәлімет Жалайыр тайпасы ХІІІ ғасырдан Қадырғали Жалайыр заманына дейін Орда Ежен ұлысы мен Ақ Орда мемлекетінде, одан кейін Қазақ хандығында билеуші әулеттен кейінгі мәртебелі орында болып, тайпа өкілдерінің «ұлы әмір» немесе «Алаш мыңының ағасы» лауазымы болғандығын дәлелдейді. Автордың «Өзбекия» деп айтып отырғаны Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Өзбекстаны» парсы автоларының «Өзбектер елі», Рузбиханның «өзбектердің жазғы және қысқы жайылымдары» - яғни Шығыс Дешті Қыпшақ территориясы. Ал Алаш мыңын біз, қазақ халқының өзіндік атауы (самоназвание) деп түсінеміз. Міне, Жалайыр тайпасының осындай рөліне байланысты «92 көшпелі өзбек» тайпаларының алғашқы тізімін құрастырған автор бұл тайпаны жалпы тізімнің жоғарғы жағына қойған. Жалайыр тайпасының Орда Ежен ұлысындағы, кейіннен Ақ Ордадағы, сосын Қазақ хандығындағы мәртебесі халықтың дәстүрлі санасына терең сіңіп, Ұлы жүзде бұл тайпа ноқта аға болып саналған. Н.И. Гродеков: «Жалайыр қазіргі кезде Ұлы жүздің үлкені. Тойларда, табақ тартқанда бірінші болып табақ тарту үшін ноқта ағасы Жалайыр бар ма деп сұрайды, үйлену тойларында жалайырлар бірінші болып ән бастайды», - деп жазады [160, 7 б.]. Алшындардың тізімнің жоғарғы жағында тұруының бірнеше себебі бар, біз, ол жөнінде алдыңғы беттерде арнайы қарастырғандықтан, бұл жерде оған тоқталып жатпаймыз. Алшындардың шайбанилық тайпалар тобында болмағанын Масуд ибн Осман Кухистанидың дерегі дәлелдейді [207, 143-144 бб.]. Ноғай ру-тайпаларының құрамында алшындар Байұлынан бөлек ХVІ ғасырдан бастап кездеседі [266, 499 б.]. Соған қарағанда, Алшындар ХІІІ ғасырда Орда Ежен ұлысының құрамында болып, ұлыстың Ақ Ордаға айналуына байланысты, сондай-ақ Ақ Орда хандарының билігі бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына таралуына байланысты жауынгер тайпа ретінде хандықтың аумағындағы Сыр, Арал, Каспий өңірлеріне қоныстандырылған секілді. Санының көп болуы да оларды мал шаруашылығына қолайлы жайылымдар қарастыруға мәжбүрлеген болуы керек. Тек қана ХVІ ғасырда Батыс Қазақстан өңірінің Ноғай Ордасы құрамында болуына байланысты ондағы алшындар Ноғайлар құрамында айтылған. Міне, осындай жағдайларға сай, Алшындардың Орда Ежен ұлысындағы тайпаларға жақын болуы және тайпаның әскери-экономикалық қуатының күштілігі – оларды 92 тайпаның алдыңғы жағына шығарды деп есептейміз. Рузбихан бұл алты тайпаны Қазақ хандығы құрылғаннан кейін қазақтар деп жазса, ал оған дейінгі атауын, біз шартты түрде ордаежендік тайпалар деп атаймыз. Өйткені, Шайбан ұылысындағы тайпаларды – шайбанилықтар, Маңғыт ұлысындағы тайпаларды оның маңғыттар деп атағанын жоғарыда атап өттік. Олай болса, Қазақ хандығы құрылғанға дейін Орда Ежен ұлысының этникалық негізі болған бұл тайпаларға бұндай атау өте орынды. Осылайша, біз «көшпелі өзбектер» құрамындағы үш үлкен тайпалар тобына талдау жасай келе, мынадай тұжырымдарға келеміз. Біріншіден, ХІV ғасырдың ортасынан ХVІ ғасырдың басына дейін Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы «көшпелі өзбектер» этноқауымдастығын қалыптастырған 92 көшпелі тайпалар өз ішінде аумақтағы үш әкімшілік құрылымға байланысты үш топқа бөлінген де, сол әкімшілік атаулармен: маңғыттар, шайбанилар және қазақтар (ордаежендіктер) деп аталған. Екіншіден, әр топтағы тайпалардың құрамын тексеру барысында шайбанилық тайпалардың тегі түріктік, көбісінің ХІІІ ғасыр басында монғол жаулап алушылығына байланысты Монғолия аумағынан көшіп келгендігі анықталды. Маңғыт тобындағы тайпалардың жартысы жергілікті, жартысы Монғолия аумағынан келген түрік тілдес тайпалар екендігі дәлелденді. Ал ордаежендік тайпалардың да басым бөлігі дештіқыпшақтық және түріктік екендігі анықталды. Үшіншіден, ХІІІ-ХV ғғ. әртүрлі саяси жағдайларға байланысты әр топтағы тайпалардың жекелеген рулары мен тармақтары басқа топтың құрамында кездесіп отырғандығын анықтап, біз мұндай жағдайдың себебін ХІІІ ғасыр басындағы ұлыстардың құрылуы мен жаңа әкімшілік-басқару жүйесінде әскери-әкімшілік принциптің негізге алынуымен байланыстырамыз. Төртіншіден, ордаежендік тайпалар құрамында тек қазақ халқын құраған ру-тайпалар кездесетіндіктен, біз бұл тайпаларды, қазақ этносының негізгі ұйтқысы болған тайпалар деп есептейміз. Қазақ халқының қалыптасуының аяқталуына «көшпелі өзбектер» этноқауымдастығының ыдырап, одан ордаежендік тайпалар тобының бөлініп шығуы, сөйтіп олардың қазақ деген этникалық мәндегі атаумен жеке дербес саяси құрылымға этникалық негіз болуы алып келеді. Қазақ этносының тарих мінберіне көтерілер қарсаңындағы Дешті Қыпшақтағы этникалық процестерді сол аумақтағы саяси тарихтың дамуларынан бөле қарау мүмкіне емес. Сол себепті де біз, халықтың қалыптасуы барысындағы соңғы кезеңнің мәресі тұсында этникалық процестерге тікелей әсер етіп, оны тездеткен саяси оқиғаларды келесі тарауда тереңірек қарастырамыз. Бұл жерде тек аса маңызды этносаяси оқиғаларға қысқаша ғана тоқталамыз. Барақ ханның қаза табуынан кейін Шығыс Дешті Қыпшақта саяси бытыраңқылықтардың пайда болғаны белгілі. Тек Шайбан ұлысының өзінде ғана бірнеше ұлыстар болған. [45,41-44 бб.] Шайбанилық Абылхайыр хан жергілікті ру тайпалар басшыларының көмегімен билікке келіп, 3-4 жылдың ішінде Шайбан ұлысын біріктіреді. ХV ғ.40 жылдарының 2-ші жартысында Моғолстан мен Мауереннахрдағы саяси дағдарыстарды пайдаланып, Әбілхайыр хан ешбір қиындықсыз Сыр бойын иеленіп, ондағы қалаларға өз адамдарын тағайындайды [207, 159 б.]. Осылайша ХV ғ. ортасында бұрынғы Ақ Орда аумағы саяси және этникалық жағынан қайта біріктіріледі. Тарихи әдебиеттерде бұл мемлекетті Әбілхайыр хандығы немесе «көшпелі өзбектер» мемлекеті деп атау қалыптасқан. «Көшпелі өзбектер» атауы, оның құрамында 92 тайпаның болғандығы осы тұста пайда болады. Ордаежендік тайпалар да шашырап кетпей 92-нің ішіне енеді. Сөйтіп олар «көшпелі өзбектер» құрамында айтылады. Әбілхайыр хандығының әлсіреуі мен «көшпелі өзбектердің» ыдырауы қатар жүреді. Алдыменен одан маңғыт тайпалары бөлінсе, 1457 жылғы Сығанақ түбінде шибанилық ханның қалмақ билеушісінен жеңілуінен кейін одақтасы Иадгар хан, ал соңына таман ордаежендік тайпалар Керей мен Жәнібек сұлтандардың басшылығымен бөлініп кетеді. [142, 110 б.; 139, 195 б.; 221-222 бб.; 144, 352 б.] Жоғарыда айтылғандар этникалық дамудың объективті барысын көрсетсе, дамудың бағыт-бағдары, ауқымы, екпіні, жылдамдығы көп жағдайда саяси факторлармен тығыз байланыста болады. Ордаежендік тайпалар тобының сол тұстағы жетекшілері, Орда Ежен әулетінің өкілдері Керей мен Жәнібек сұлтандардың осы этносаяси процестерде өзіндік мүдделері болғаны белгілі. Оған ең алдыменен, әрине, бұрынғы Ақ Орда хандығы тұсындағы Орда Ежен әулетінің билігін қалпына келтіру жатты. Осылайша, ХV ғасырдың бірінші жартысындағы этносаяси процестердің дамуы барысында саяси күштердің мүддесі мен этникалық топтардың мүддесі бір арнаға тоғыса келе, жаңа, ұлттық сипаттағы мемлекеттік құрылым – Қазақ хандығы мен ұлттық сипаттағы этнос – қазақ халқын қалыптастырады. Осы тараушада қарастырылып, әрбір мәселе бойынша жасалған тұжырымдарымызды жинақтай келе, мынадай жалпы қорытындыларға келеміз. 1) Жошы ұлысында қалыптасқан өзбек этноқауымдастығы атауының түп-төркіні, шығуы, мәні және осыған қатысты зерттеушілердің пікірлері қарастырыла келе, біз бұл мәселе бойынша ортақ тұжырымның жоқ екендігіне көзімізді жеткіздік. Зерттеушілердің бір тобы «өзбек» этнонимінің шығуын Алтын Орда ханы Өзбектің есімімен байланыстырса, екінші бір тобы бұл сөзді «өзі» және «бек» атты әлеуметтік мәндегі қос сөзден шыққан деп түсіндіреді. Біз өз зерттеуімзде бірінші пікірді қостай отыра, өзбек сөзінің түп-төркіні «өзі» және «бек» атты түрік тіліндегі қос сөзден құралып, ер адамға берілетін кісі есімі екендігін, бұл есімнің Алтын Орда ханы Өзбекке дейін де, Өзбектен кейін де тарихта болғандығын жазба деректер негізінде дәлелдедік. 2) Өзбек атауы Өзбек ханның билігі тұсында бүкіл Алтын Орданың әскеріне, кейіннен барлық тұрғындарына қатысты қолданыла бастап, әлеуметтік мәннен жинақтаушы саяси-этникалық мәнге ауысады. Араб тіліндегі авторлар ХV ғасырдың басына дейін өзбек атауын қыпшақ атауымен қатар қолданса, парсылық авторлар осы тұста тек қана өзбек атауын этникалық мәнде қолданады. Сонымен бірге олар көп жағдайда өзбек атауын Шығыс Дешті Қыпшақ тұрғындары мен Ақ Ордаға қатысты қолданатындығы анықталды. 3) ХV ғасырда Шығыс Дешті Қыпшақ тайпаларының «көшпелі өзбектер» атты этноқауымдастықта болып, оның құрамындағы маңғыт, шайбанилық және ордаежендік тайпалар тобының ру-тайпалық құрамы анықталды, оларға қысқаша сипаттама берілді. 4) Қазақ халқының негізін ордаежендік тайпалар тобының құрағандығы анықталды. Бұл топтағы Арғын, Қыпшақ, Алшын тайпалары мен тайпалық бірлестіктері монғол жаулаушылығына дейін Қазақстан аумағындағы этникалық процестердің басты компоненттерін құраса, оларға кейін қосылған Жалайыр, Қоңырат, Найман, Керей тайпалары ХІІІ-ХV ғғ. Орда Ежен Ұлысында болып, осы дәуірдегі этникалық дамуға қатысады. 5) ордаежендік тайпалар ХV ғасырдың ортасында тарихи жағдайларға байланысты «көшпелі өзбектер» этноқауымдастығынан бөлініп, жаңа ұлттық сипаттағы қазақ этносын дүниеге келтіреді, ал ол кезегінде, яғни бөліну процесі Қазақ хандығының құрылуының этникалық негізін құрайды. Сондықтанда біз осы кезеңдегі этникалық дамулар барысын Қазақ хандығы құрылуының этникалық алғышарттарына жатқызамыз.
Date: 2015-11-14; view: 1087; Нарушение авторских прав |