Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






ХІІІ ғ. ортасы мен ХІV ғ. ортасына дейінгі Шығыс Дешті Қыпшақтағы этнопроцестердің дамуы





 

ХІІІ ғасырдың орта тұсынан ХІV ғасырдың бірінші жартысы аралығындағы Жошы ұлысының тарихына этникалық тарих тұрғысынан қарасақ, осы кезеңнің ең басты ерекшелігіне – монғол жаулап алушылығына дейінгі Дешті Қыпшақ аумағындағы этнопроцестердің қайта жандана бастауы мен жаулап алу барысында аумаққа келген түрік және монғол тілдес тайпалардың қыпшақтануы процесінің жүруі мен аяқталуы жатады. Бұл ерекшелік Жошы ұлысының сол қанаты болып саналатын Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына да қатысты. Төменде осы аумақта этнопроцестердің қайта жандануы мен жаңадан келген тайпалардың қыпшақтануы процесінің барысын талдап көрсетелік.

ХІІІ ғ. ортасынан ХІV ғасырдың ортасына дейінгі Алтын Орда тарихындағы, әсіресе оның сол қанатындағы Орда Ежен ұлысындағы салыстырмалы түрдегі саяси тұрақтылық және Монғол империясы мен Алтын Орда хандарының бағындырылған аумақтардағы жүргізген ішкі саясаты этнопроцестердің қайта жандануына қолайлы жағдайлар жасайды. Алтын Орданың батыс жағында ХІІІ ғ. 70-90 жж. болған ұлыс билеушісі Ноғай мен Тоқта хан арасындағы және ХІІІ ғ. 90 жж. Ордаежен ұлысының шығысындағы Баян хан мен Құбылық арасындағы күрестерді есептемегенде, Алтын Орданың ішкі саяси тарихында этноөмірге кері әсер ететіндей үлкен оқиғалар болған жоқ. Саяси тұрақтылық қоғамның әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани өмірлерінің қалыпты өмір сүруі мен дамуында негізгі фактор ролін атқаратындығы баршаға белгілі. Орда Ежен ұлысындағы саяси өмірдің де тұрақты болуы – жаңадан келген этнокомпоненттердің аумақтағы этноөмірге тез араласып кетуіне, соның нәтижесі ретінде олардың қыпшақтанып кетуінде шешуші рольдердің бірін атқарды деп есептейміз.

Сонымен бірге алғашқы монғол қағандары мен ұлыс билеушілерінің бағындырылған аймақтарға қатысты жүргізген саясатынан да қыпшақтану процесіне әсер еткен оң ықпалды байқаймыз. Осы жөнінде тереңірек қарастыралық.

Зерттеушілер жаулап алудан кейін монғол хандары мен билеуші тобының жаулап алған елдерге қатысты жүргізген саясатында анық, бір-біріне қарама-қарсы екі ағымның болғандығын көрсетеді.

И.П. Петрушевский бұл екі ағымға мынадай сипаттама береді: «Бірінші бағытты монғолдың көшпелі-әскери тобының көп бөлігі және аздаған түрік тайпаларының көшпелі-әскери тобы қолдады. Монғолдық дәстүр мен көшпелі өмірді жақтайтын бұл топ отырықшы өмірдің, егіншілік пен қалалардың жауы болды, отырықшы шаруалар мен қалалардың төменгі тобын шексіз қанауды жақтады.... Бұл бағытты жақтайтындар отырықшы шаруаларды қорғамақ түгілі, оларды сақтап қалуға мүдделі болмады».

Бірінші бағытты қолдайтын топтың жүргізген саясатының нәтижесін Иран, Қытай елдері мен Мауереннахр, Жетісу аймақтарындағы ХІІІ ғ. екінші жартысында қалыптасқан жағдайдан байқауға болады. В.В. Бартольд «Жетісудың Шығыс Түркістанмен бірге монғолдарға еріктерімен берілгенін көрдік, сол себепті де Қытайға, Мауереннахрға және Батыс Азияға қарағанда бұл аймақ монғол жаулап алушылығының зардабына ұшырамады. Монғолдарда кейін көп ұзамай Жетісуға келген саяхатшылар бұл өңірді мәдениеті гүлденген ел деп жазады», - дей келе, ХІІІ ғасырдың ортасы мен екінші жартысындағы Жетісудағы жағдайды былайша жазады: «Іле өзенінен өткен Рубрук, қираған бекіністің саз қабырғаларын көрді, қирандылардың маңында егістіктер болды.... Келесі күні Рубрук онша үлкен емес таулы асудан өтіп, өзені көп, өзендері таудан бастау алып, Балқаш көліне құятын үлкен бір жазықтыққа келді. Мұнда көп саудагерлер тұратын Қайлақ қаласы болды. Жазықтықта бұрын көп қалалар болатын, бірақ қалалардың көп бөлігін татарлар жайылымдар үшін қиратып тастапты», - деп жалғастырады. Одан ары атақты шығыстанушы ғалым ХІІІ ғасырда Жетісуда отырықшылық мәдениеттің құлдырап кетуінің басты себебіне Жетісудың керемет жайылымдарының көшпелілерді үнемі қызықтырып отыруынан деп түсіндіреді. И.П. Петрушевский монғол билеуші тобы арасындағы бірінші бағыттың салдарына Иран, Қытаймен қоса, Жетісуды да жатқызады.


Монғол билеуші тобы арасында қалыптасқан екінші бағытты сарайдағы қызметтері арқылы хан әулетіне жақын болған көшпелі әскери топтың аздаған бөлігі мен орталық мемлекеттік биліктің жергілікті өкілдері, сондай-ақ мұсылман дін басылары, саудагерлер тобы қолдайды. Екінші топтың мақсатына хандық билігі бар күшті орталықтандырылған мемлекеттік жүйені құру, сол арқылы көшпелі-әскери топ арасындағы орталықсыздану, шеттеу ниетті жою жатты. Ол үшін де хандық билік бағындырылған елдердегі феодалдық топтың жоғарғы бөлігімен жақындасуы, қалалық өмірге, саудагерлерге, сауда-саттыққа қолдау көрсетуі, монғол жаулаушылығы кезінде қираған өндіргіш күштердің, әсіресе ауыл шаруашылығын қалпына келтіруі, тұрақты салық пен міндеткерлікті сақтауы, әртүрлі талан-тараждардан сақтауы қажет болды. Бірінші бағыт монғолдар үстемдігінің алғашқы кезеңінде жетекші орынға ие болып, оны Шыңғыс ханның өзі, Гүйік қаған, ұлыс билеушісі Шағатай хан қолдаса, екінші бағытты қағандар арасында Үгедей қаған (1227-1242), Мөңке қаған (1251-1259) жақтап отырған. Ұлыс билеушілері арасында Дешті Қыпшақтың билеушісі Жошы хан екінші бағытты қолдағанын Джузджанидың дерегінен көруге болады. Ол бойынша Жошы әкесінің бағындырылған елдердегі жаппай қырулар мен тонауларды жүргізуін сынға алған, мұсылмандарға көмектесуді ойластырған. Екі бағыт арасында жабық түрде болса да үнемі күрес жүріп отырады. И.П.Петрушевскийдің көрсетуі бойынша екінші бағыт Хулағу мемлекетінде Газан хан тұсында, ал Шағатай мемлекетінде Кебек хан тұсында (1318-1326) жеңіске жетеді.


Монғол билеушілері арасындағы екі бағыт жөнінде пікір айтушылар, негізінен Иран, Мауереннахр, Хорезм аймақтарындағы тарихи жағдайларға сүйенсе де, екі бағыттың Жошы ұлысының, оның ішінде сол қанатқа жататын Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы тарихи жағдайға қатысты екендігін де мойындауымыз керек. Бірақ та Шығыс Дешті Қыпшақтағы географиялық, шаруашылық, қоғамдық қатынастардың аталған аймақтардағы қатынастармен өзіндік ерекшеліктердің болуына байланысты екі бағыттың арасалмағында да өзгешеліктер байқалады. ХІІІ ғасырдың 70-ші жылдарына дейін монғолдың Ұлы қағандарының жергілікті халықтарға қатысты жүргізген саясаты бүкіл империяға ортақ болып, екі ағым арасындағы айырмашылықтар бірден байқалса, Жошы ұлысындағы хандардың саясатынан біз, алғашқы кезден-ақ екінші бағыттың басымдылықта болғанын аңғарамыз. Оның басты себебіне Жошы ұлысындағы жергілікті тайпалардың шаруашылық өмірінде көшпелі мал шаруашылығының жетекші орында тұруы жатса керек.

Парсы тарихшысы Джузджани осы жөнінде Жошының көзқарасын мынадай дерекпен көрсетеді: «Шыңғыс ханның үлкен ұлы Туши (Жошыны айтып отыр – Б.К.) Қыпшақ жерінің ауасы мен суын көріп, жер бетінде бұл жердің жерінен артық, ауасынан таза, суынан дәмді, жайылымдарынан кең жер жоқ деп білді. Оның басына әкесіне қарсы тұру туралы ойлар келіп, жанындағыларға былай дейді: «Шыңғыс хан ақылынан ауысып, соншама халықты қырып, соншама елдерді жойып жатыр. Менің ойымша, ең тиімдісі әкемді аң аулауда көзін жойып, Мұхаммед сұлтанмен жақындасу, бұл елді гүлдендіру және мұсылмандарға жәрдемдесу болып табылады». Джузджанидың бұл дерегі Жошының қандай бағытты ұстанғандығын бірден-ақ байқатып тұр.


Жошы ханның мұрагері болған Батый туралы парсы тарихшылары Джузджани де, Джувейни де екі түрлі дерек айтса да, біз одан Батыйдың бағындырылған халықтарға қатысты екінші бағыттың ұстанғандығын байқаймыз. «Ол (Бату) өте әділетті адам және мұсылмандардың досы болды; оның қамқорлығы арқасында мұсылмандар өмірін еркіндікте өткізді. Оның ордасы мен жұртында мешіт салынып, имамы, муэззины, намазға жығылатын қауымы болды. Оның патшалығы тұсында және оның тірі кезінде мұсылман елдеріне оның жағынан, оның қоластындағылар, тарапынан, оның әскері тарапынан ешқандай жаманшылық болған жоқ. Түркістан мұсылмандары оның қорғаштауы арқасында тыныштық пен қауіпсіздікте өмір сүрді. Монғолдарға бағындырылған Иран жерінің белгілі бір бөлігі оған қарады, ол жерлерге (Батый) өзінің басқарушыларын тағайындады. Барлық монғол басшылары мен қолбасшылары оған бағынды, оған әкесі Жошы секілді қарады», - деп сипаттама береді «Табакат-и Насири» кітабының авторы [114]. Ал келесі бір парсы тарихшысы Джувейнидың Батый жөніндегі пікірі өзгешелеу [105]. Соған қарамастан оның пікірінен де Батый ханның жергілікті бағындырылған халықтарға байланысты әкесі Жошының жолынан ауытқымағандығын көреміз.

Ол былай деп жазады: «Ол ешбір дінге, ешбір сектаға кірмеген билеуші еді, ол оларды тек құдайшылықтан танудың жолы деп түсінді, сөйтіп, ешбір секта мен діни ағымның жолын құшады.... Өзіне берілген сыйлықтарды қазынаға түсірместен бұрын тұтасымен монғолдарға, мұсылмандарға және басқаларға таратып берді. Әр жақтан келетін саудагерлер оған әртүрлі заттар әкелетін, ол не алса да, әрбір затқа бағасынан артық құн төлейтін». Бұл дерек Батыйдың діни ұстанымы жөнінді Джузджанидың мәліметінен өзгеше болғанымен, қол астындағы халқы мен саудагерлерге қатысты көзқарасының ұқсас болғандығын көрсетеді.

Батыңдың жүргізген саясаты туралы деректі парсы авторларымен қатар армян деректері де қостайды. ХІІІ ғ. армян тарихшысы Киракос Гандазакеций батый ханнан сауда жасауға жеңілдік алған Рабан Ата туралы айта келе, «оның адамдары, саудагерлері хан атынан тамғаны, яғни хат пен белгіні алып, барлық жерде емін-еркін жүрді, олар өздерін Рабанның адамдары екенін мәлімедегеннен кейін, оларға ешкім де тиіспеді. Тіпті татар қолбасшылары оларға өз олжаларынан сыйлықтар беріп тұрды». Одан әрі армян тарихшысы Батый ханға патшалар мен ханзадалардың, княздар мен саудагерлердің келіп, өз өтініштерін білдіргенде, ханның оларды әділдікпен шешім шығарып, оларға өз иеліктерін қайтарып бергендігі жөнінде баяндайды.

Одан кейін Алтын Орда тағында 10 жылдай отырған Берке ханың мұсылманшылдығы, ислам дініне көзқарасы туралы жазба деректердің бәрі бір ауыздан мақұлдап, оң баға береді. Жошы, Батый, Берке хандар ұстанған бағытты одан ары Алтын Орданың кезекті ханы Мөңке темір де жалғастырады. 1269 жылғы Талас және Кенджек өзендерінің бойында өткен құрылтайдың шақырылуы мен ондағы қабылданған шешімдерге Жошы ұлысы жағынан Мөңке темір хан мен Жошының ұлдарының бірі Беркечардың тікелей қатысы бар. құрылтайда қабылданған шешімдердің саяси аспектісін қарастырмай-ақ экономикалық жағына назар салсақ, онда Алтын Ордалықтардың ұстанған көзқарасын анық байқаймыз. Құрылтайда қабылданған шешім туралы рашид ад-дин былай деп жазады: «Өздерінің әдет-ғұрыптары бойынша олар алтынмен анттасып, болашақта таулы жерлер мен далалы жерлерде қоныстануға, қалалар маңында жүрмеуге, егістіктерге мал жаймауға және де раийаттарға (егіншілерге) әділетсіз талаптар қоймауға уәделесті». Жалпы алғанда, жоғарыда келтірген дерек мәліметтері Жошы ұлысындағы жоғарғы билеушілердің жергілікті бағындырылған халықтарға қатысты жүргізгенсаясатында екінші ағымның үстемдікте болғандығын көрсетеді. Ал ол дегеніміз өз кезегінде сырттан келген аз санды монғолдық этнокомпонеттердің қыпшақ тайпалары арасына тез сіңісіп кетуіне өте қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндіктер берді деген тұжырымға әкеледі.

Монғолдық этнокомпоненттердің қыпшақтық этноортаға тез сіңісіп, араласып кетуіне әсер еткен келесі бір қолайлы жағдайға – монғолдық әскери-әкімшілік құрылымның Жошы ұлысында немесе Дешті Қыпшақта енгізілуі жатады.

Монғол қоғамындағы қатынастарды терең зерттеген академик Б.Я.Владимирцев Шыңғыс хан тұсындағы қоғамдық қатынастардың, яғни бұрынғы қатынастар мен жаңа ене бастаған қатынастардың ара-жігін көрсетіп, әрбір қатынасты қалыптастырған элементтердің қоғамдық өмірге енуі эволюциясын нақты дерек мәліметтері бойынша негіздейді. Мысалы, көшпелілерге бұрыннан белгілі ондық, жүздік, мыңдық және онмыңдық бірліктерді «Шыңғыс хан алғаш рет наймандарға қарсы күрес қарсаңында қолданып, бұрынғы курендік бойынша құрылған жасағын белгілі бір жүйе бойынша құрылғанәскерге айналдырады. Сөйтіп, Шыңғыс хан 1206 жылы қаған болғаннан кейін бүкіл монғолдарды мыңдықтарға бөліп, оларға мыңдық-нояндарын белгілейді», - деп жазады Б.Я.Владимирцев. «Ондыққа, жүздікке және т.с.с. бөлудің ешқандай жаңалығы жоқ, бұл – Орта Азия көшпелілерінің ғасырлар қойнауынан келе жатқан әдеті. Шыңғыс ханның бұл жүйедегі қосқан жаңалығына – ұзақ процестер барысында жауынгерлер басшыға дейін өскен адамдардың вассалдық (тәуелділік, басыбайлық) қатынастарын ретке келтіруі және бекітуі жатады», - деп түсіндіреді монғолтанушы ғалым. Одан әрі ол монғол қоғамында мыңдықтардың пайда болуының екі түрлі жолы болғандығын, біріншісі – бұрынғы рулар негізінде, екіншісі - әр түрлі рулардың бөліктері мен қалдықтарының бірігуінен деп көрсетеді. Екінші жолмен құрылған мыңдықтар туралы көптеген деректерді келтіре келе, ол: «Шыңғыс ханның «мыңдықтарды» қалай «жинастырып» құрастырғанын түсінуімізге бұл деректерді жеткілікті деуге болады», - дей келе, Б.Я.Владимирцев одан ары былай деп жазады: «мыңдықтардың» құрылуы барысында монғол рулары мен тайпаларының бұлайша араласуының рулық құрылым үшін өте зор салдарлары болды. міндетті түрде олар қатты өзгеруі және жайылып кетуі тиіс еді. «Мыңдықтарға» бөлу, ұлыстарға бөлу көптеген монғол тайпаларының... толығымен шашырап, жойылып кетуіне алып келді, мысалы, татар, меркіт, джаджират, найман, керейттердің қалдықтары көп жағдайда әртүрлі қлыстар мен мыңдықтарға бөлініп, таралып кетті».

Б.Я.Владимирцевтің бұл айтқан пікірлері монғол қоғамының ішкі өміріне қатысты болғанымен, біз оны монғол жаулап алуынан кейін Дешті Қыпшақ пен Мауереннахр аумақтарында құрылған ұлыстарға да тікелей қатысы бар екенін байқаймыз. Жошыға берілген төрт мыңдықтың біз екіге бөлініп, бір – Батыйға, немесе оң қанатқа, екіншісін – сол қанатқа, немесе Орда Еженге берілгенен айтқанбыз. Шығыс Дешті Қыпшақтағы жергілікті тайпалар да Жошының үлкен ұлы Орда Ежен ұрпақтары мен оның інілерінің арасында кішігірім ұлыстарға, ол ұлыстар мыңдықтарға, мыңдықтар жүздіктерге бөлінеді. Басқаша айтқанда бұрынғы ру-тайпалық негізде құрылған жүйенің орнына жаңа жүейін, әскери-әкімшілік негіздегі жүйені енгізеді. Бұрынғы ірі тайпалардың кішігірім тайпалардың орынан түмендер мен мыңдықтар келеді. Кейбір мыңдықтарды басқаруға бұрынғы ру-тайпа көсемдері немесе олардың ұрпақтары қалдырылса, ал кейбіріне монғол нойандары тағайындалады. Тіпті жаңадан жүздіктер құрылып, оның басшылығына еңбегі сіңген қатардағы монғолдар қойылады. Мұндай көзге түскн қарапйым жауынгерді ондықтан, жүздікті, тіпті келе-келе мыңдықты басқаруға тағайындауды Шыңғыс хан кезінде жиі қолданған болатын. Аз санды монғолдардың ондық, жүздік, мыңдықтарға басшы ретінде тағайындалуы біріншіден, оларды бір-бірінен ажыратып, алыстатса, екіншіден, жүйенің бірлігін құраған жергілікті қыпшақ тайпаларының арасына тез араластырып жібереді. Осылайша, Шығыс Дешті Қыпшаққа жаулап алушылар ретінде келген монғолдық этнокомпоненттер әскери-әкімшілік негізінде құрылған жаңа жүйеге тез еніп кетеді де, аз санды монғолдар қалың қыпшақтайпалары арасында құмға сіңген судай, өздерінің этникалық болмыстарын тез жоғалта бастайды.

Монғолдық этнокомпоненттердің қыпшақтық этноортаға сіңісіп кетуін тездеткен фактордың біріне – жергілікті тайпалар мен жаулап алушылар арасындағы шаруашылық пен тұрмыс-слттың жақындығына байланысты этникалық араласу жатады. Жазба деректер ХІІІ ғ. ортасы мен екінші жартысынжа Жошы ханнан тараған 2-4 буын өкілдерінің әйелдері және олардың қай тайпадан шыққандығын атап көрсетеді. Қарапйым есептеу жолымен Жошы ұлысының сол қанатындағы ұлысты басқарған Орда Еженнің ұлдары: Сартақтай, Құи, Күнқыран, Хулагулерді шамамен 1220-1230 жж. дүниеге келген деп есептесек, олардың ұрпақтары ХІІІ ғ. ортасында туылған болып шығады. Рашид ад-динде Орда Еженнің және оның ұлдарының көбі қоңырат тайпасынан қыз алғандығы туралы көп айтылады. Бұл Шыңғыс хан заманынан бері келе жатқан дәстүрді ХІІІ ғасырда да оның ұрпақтары одан ары жалғастырғандығын көрсетеді. Орда Еженнің ең кіші ұлы Хулагудың екі әйелінің бірі – қыпшақ тайпасынан шыққан, есімі – Турбарчин-хатун. Ал осы Хулагудың Темір-Бұқа атты ұлының әйелдері Қоңырат, Арғын тайпаларынан алынған. Орда Еженге немере болып келетін Куинджи (Қоныша), Тумакан, Мұсылман секілді ұлдардың әйелдері Қоңырат, Меркіт, Жаджират, Татар, Найман тайпаларынан делінеді. Ал ХІІІ ғасырдың соңы мен ХІV ғасырдың І жартысында өмір сүрген Куйнджидың (Қоныша) ұлдарының әйелдері – Кераит, Қоңырат, Огунан (Уақ) тайпаларынан болған.

Енді осы Рашид ад-диннің деректеріне талдау жасап көрелік.

Біріншіден, жоғарыда келтірілген дерек мәліметтері Орда Ежен ұрпақтарының, әсіресе Жошы ұлысының сол қанатындағы билеуші әулет өкілдерінің жергілікті тайпалардан (Қыпшақ, Арғын) қыз алысуы олардың этникалық өзара байланысын көрсетеді. Бұл сол кездегі ішкі саясат үшін екі жаққа тиімді болатын. Ұлыс билеушілері жергілікті жердегі мықты тайпалардан, әсіресе тайпа басшыларының, оның ішінде монғолдарға дейінгі тайпалар басшыларының қыздарына үйленіп, оларды өздеріне жақын тартса, жергілікті этникалық топтардың өкілдері билеуші әулет өкілдеріне қыз беру арқылы өздерінің бұрынғы дәрежесін сақтап қана қоймай, оны одан әрі өсіруге ұмтылып отырады. Билеуші әулеттің бұл дәстүрін кішігірім ұлыс басшылары, түмен, мыңдық, жүздік басшылары да қолданады. Жоғарыдағы деректер аз санды монғолдық элементтердің қыпшақтық этноортаға тез сіңісіп кеткендігін көрсететін өте нақты мәліметтер болып саналады.

Екіншіден, Арғын, Қыпшақ тайпаларымен қатар аталатын Қоңырат, Найман, Кераит (Керей), Онгунан (Уақ) айпалары Монғолия аумағынан ХІІІ ғасыр басында келсе де, түрік тілдес және көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын тайпалар болатын. «[Түріктердің] сыртық түрі, сөздері мен сөлеуйі бір-біріне өте жақын болса да, өзіндік мінез-құлықтың түрлілігі мен әрқайсысының өз аймақтарындағы табиғат жағдайының ерекшелігі әрбір түрік халқының сыртқы пішіні мен сөйлеу өнерінен аз болса да өзіндік айырмашылықты байқатады», - деген рашид ад-диннің байқауына қарап, біз жоғарыдағы тйпалардың Арғын, Қыпшақ тайпаларына өте жақын болғандығын аңғарамыз. Жазба деректерде айтылмаса да, біз бұл тайпалар арасында да өзара қыз берісу, қыз алысудың болғандығын жоққа шығармаймыз. Тілдік жақындық, этникалық тығыз байланыстар және ортақ саяси жүйеде ұзақ уақыт болу – бұл тйпаларды біртұтас этносқа айналдыра бастаса, таза монғолдық элементтер осы этникалық ортаға аралсып, сіңісіп кетеді.

Үшіншіден, деректе айтылған тайпаларды біз, кейінгі ғасырларда қазақ халқының құрамындағы Орта Жүздің тайпаларымен сәйкестендіреміз. Соған қарап, ХІІІ ғасырдағы Орда Ежен ұлысының құрамындағы тайпаларды ХV ғасырда қазақ этносын қалыптастыруда басты роль атқарған тайпалар деуге толық негіз бар деп есептейміз.

Монғолдық этнокомпоненттердің қыпшақтың этноортаға тез сіңісіп кетуінде қыпшақ тілінің ролі ерекше болғандығын атап өтуіміз керек. Қыпшақтілі монғол жаулауына дейін бүкіл Дешті Қыпшақ аумағында өмір сүрген барлық тайпалар үшін ортақ тіл болып, Ертістен Дунайға дейінгі орасан зор амақта болған қыпшақ (куман, половец) хандықтары өздерінің сыртқы саясатын байланыстыратын қыпшақ тілінде жүргізді. Қыпшақ тілінің ролі мен маңызын мынадай салыстырулар арқылы көрсетуге болады. Кең мағынадағы қыпшақ тайпаларының ХІ-ХІІІ ғғ. мекендеген аймақтарынортақ атаумен Дешті Қыпшақ десек, ондағы тұрғындардың бәрін жалпы атаумен қыпшақтар (кумандар, половецтер) деп, олардың мемлекеттілігін қыпшақ хандықтары деп атасақ, қыпшақ тілі де бүкіл Дешті Қыпшақтың эалғых және жалпыға ортақ кең таралған тілі болып саналады.

ХІІІ ғасырда қыпшақ тілі жеңіске жеткен монғолдармен бірге монғол тілінің келуіне қарамастан, тұрмыстық деңгейдегі, рухани өмірдегі, әдебиет саласындағы өз позициясын жоғалтпайды, тіпті жоғарғы деңгейдегі мемлекетаралық қатынастардың, елшілік қарым-қатынастардың құралы ретінде монғол тілімен қатар қолданылып, ХІV ғасырдың өзінде оны бірте-бірте қолданыстан ығыстырып шығарады. Бұл туралы Б.Д.Греков пен А.Ю.Якубовский «... монғолдардан, дәлірек айтсақ, татарлардан тіл емес, тек есімі ғана сақталынып қалды. ХV ғасырда Дешті Қыпшақта монғол тілінде сөйлейтін адам аз болған секілді», - деген ойларды айтады. ХІІІ ғасырда өмір сүрген Дешті Қыпшақтың ұлы жыршысы Кетбұғаның Жошының өлімін Шыңғыс ханға астарлап естіртуі дәстүрлі өлең түрінде айтылып, қыпшақ (түрік) тілінде баяндалады.

«Тенгиз баштын булғанды ким тондурур, а ханым?

Терек тубтын джығылды, ким турғузур, а ханым?», -

деген ұлы жыршыға, Шыңғыс хан:

«Тенгиз баштын булғанса тондурур олум Джошы дур,

Терек тубтан джығылса, турғузур олум Джошы дур», -

деп жауап қайырған екен» [200, 203 б.]. ХІІІ ғасырдың бірінші жартысында қыпшақ (түрік) тілінде айтылған бұл өлең жолдарының қазіргі қазақ тіліндегі нұсқасынан аса көп айырмашылығы жоқ екенін тіл мамандары түгілі, қазақ тілін жетік білетін әрбір адам аңғарады. Бұл төрт жолдың қазіргі қазақ тіліндегі нұсқасы блыайша айтылады:

«Теңіз бастан былғанды,

Кім тұндырар, уа ханым?!

Терек түптен жығылды,

Кім тұрғызар, уа ханым?!

Теңіз бастан былғанса,

Тұндырар ұлыс – Жошы-дүр!

Терек түптен жығылса,

Тұрғызар ұлым Жошы-дүр!» [54, 236 б.].

ХІІІ ғасырдағы монғолдар билігінің алғашқы кезеңінде қыпшақ тілінің кең тарауымен бірге оның жазба әдебиетте де кең қолданыста болғандығын сол тілде жазылған көптеген туындылар дәлелдейді. «Кодекс Куманикус», «Оғыз-наме», «Мухаббат-наме», «Хусрау және Шырын», «»Жүсіп-Зылиха, «Гюлистан би-т-тюрки», «Қиссас-уль анбия» және тағы басқа қыпшақ ьілінде жазылған бұл туындылар – ХІІІ-ХІV ғғ. Алтын Ордада қыпшақ тілінің әдебиет пенмәдениеттің тілі болғандығын көрсетсе керек. Зерттеушілер бұл туындыларды негізінен сарай төңірегіндегі ортада талантты ақындар жазған, олар әдетте мемлекеттік қызмет атқарған немесе билеушілер жанында болып, өз туындыларын екінің бірінде өз билеушілеріне арнаған не оларға сыйға тартып отырған.

Қыпшақ тілінің сол дәуірде халықаралық деңгейге дейін өскендігіне «Кодекс Куманикус» (ХІV ғ. басы) («Қыпшақ тілінің сөздігі») атты жинақ дәлел бола алады. М.Г.Сафаргалиев бұл еңбекті «Италияда 1303 жылы құрастырылған бұл Қыпшақ сөздігі (Половецкий словарь) Дешті Қыпшақта сауда жасайтын итальяндық саудагерлерге көмекші ретінде қызмет етті», - десе, Қазақстан тарихының авторлары «Бұл -... арнаулы сөздік және кейбір жағынан әр түрлі мақсаттармен Ордаға келген және латынша білетін европалықтарға, сондай-ақ латынша білгісі келетін қыпшақтарға арналған өыпшақ тілінің оқулығы», «Дешті Қыпшаққа келіп, тіл жөнінен қиындық көргендерге көмек көрсету мақсатын көздеген адам құрастырғанын көрсетеді». Сөздікте қыпшақ тілінің латын, парсы тілдерімен қатар қойылып, әрбі сөздің осы үш тілдегі аудармасының қатар берілуі – қыпшақ тілінің Алтын Орда империясында кең тараған тіл екендігін, империяның ресми тілі болғандықтан, оның халықаралық маңызы да болғандығын дәлелдей түседі.

Осы жерде атақты түркітанушы В.В. Радловтың «Кодекс Куманикусқа» байланысты зерттеуінің қорытындыларын келтіру кетуді жөн көріп отырмыз. «Құман тіліндегі дыбыстарды талдауым оның түрік тілдерінің қай тобына жататындығын анық көрсетеді. Біз оны ертіс, қырғыз (қазақ тілін айтыпотыр – Б.К.), башқұрт және еділ бойындағы тілдер енетін батыс түрік тобына жатқызамыз. Олардың ішінде құман тілі еділ тіліне, оның ішінде Мешер диалектісіне жақын тұр. Бірақ та дауысыз дыбыстарды қарастыру барысында құман тілі қазіргі Мешер диалектісінен гөрі, одан да ертеректегі даму деңгейінде тұрғандығы байқалады. Құман тілін дыбысталуы жағынан алып қарасақ, ол қырғыздардың (қазақтардың) тіліне өте жақын...».

Қыпшақ тілінің Алтын Ордадағы хан Ордасында да кең тарап, ресми тілге айналғандығын мынадай дерек көрсетеді. Ибнабдеззахир 1263 жылы Египеттен келген елшілерді Берке ханның қалайша қабылдағаны туралы былай деп суреттеп жазады: «Ол (Берке) 100 адам (басқа нұсқаларда 500 адам) сиятын үлкен шатырда тұрды, шатырдың сырты ақ киіздермен жабылған, ал іші қытайдың қымбат жібек маталарымен, түрлі-түсті асыл тастармен көмкерілген. Ол тақта отырды, жанында үлкен әйелі болды және 50-60-тай әмірлер орындықта отыр. Елшілер кірген кезде ол өз уәзіріне жолдауды оқытты, сосын оларды сол жақтан оң жаққа қарай ауыстырды... Оның жанындағы бас қазы жолдауды аударып берді және ханға тізімді берді, сұлтанның хаты (Беркенің) жанына тұрғандарға арнап түрікше оқылды, олар (татарлар) бұған қатты қуанды».

Бұл жерде хаттың Берке ханның жанындағы 50-60 әмірге арнап түріше оқылғандығына ерекше назар аударалық. Егерде ол әмірлердің бәрі немесе көбі таза монғолдар болса, онда сұлтан хатының түрікше немесе қыпшақша оқылуының қажеті болмаған болар еді. Біздің ойымызша, Берке ханның жанындағы әмірлердің бәрі немесе көбісі жергілікті қыпшақ тайпаларынан, не болмаса қыпшақтанып кеткен монғолдар болған. Ибнабдеззахырдың сұлтан хаты түрікше оқылғанда «Олардың бәрі оған қатты қуанды» дегеніне қарағанда, хан Ордасында қыпшақтілінің үстемдікке жетіп отырғанын аңғарамыз.

Дегенменде, әлі де болса ХІІІ ғасырдың соңына дейін монғол тілі Алтын Орда хандарның диполматиялық хат алмасуларында қолданылыптұрады. 1283 жылы Египет сұлтанына Алтын Орда ханы Тудаменгудың монғол тілінде жазылған хатын алып екі қыпшақ дін білгірі Меджеддин Ата мен Нураддиннің келгендігін араб тіліндегі деректердің авторлары: Калавун, Рукн ад-дин Бейбарс, ан-Нувейри, Ибн ал-Форат жазады. Бірақта көп ұзамай монғол тілінде хат жазылу дәстүрі бірте-бірте азайып, кейіннен мүлде тоқтатылады. Әрине, сол тілде сөйлейтін адамдар болмаса, сол тілге деген сұраныс жоқ болса, ол тілдің қоданыстан шығарылып қалатыны кімге де болса түсінікті.

Монғол тілінің қолданыстан мүлде ығыстырылып шығарылуынан, енді Алтын Орданың ресми құжаттарының бәрін қыпшақ тілінде (түрік тілінде) жазу кең етек алады. В.В.Радлов Тоқтамыс пен Темір Құтлық хандардың жарлықтарын лексикалық және грамматикалық тұрғыдан талдай келе, мынадай қорытындыға келеді: «Тоқтамыстың жарлығының тіліндегі 104 сөздің 43-і жалпытүріктік (түрік тілінің барлығында кездеседі), 24-і солтүстік-түріктікғ 22-сі батыстүріктік, 15-і ұйғыр-шағатай сөздері. Сол сияқты жарлықтағы 54 грамматикалық жалғаудың – 23-і жалпытұүріктік, 15-і солтүстік-түріктік, 12-і батыстүріктік және 4-і ұйғыр-шағатайлық», - деп «Тоқтамыстың жарлығын батыс татарын жазған», - деген қорытындыға келеді. Одан ары Темір-Құтлықтың жарлығындағы сөздерді де осындай әдістермен талдай келе, жарлықты жазған адамның тілі – ноғай тілі деп есептейді. Қазіргі қазақ, ноғай, татар тілдерінің ХІІІ-ХVғасырларда қыпшақ тілінің тобына жататынына қарап, біз бұл жарлықтардың тілі Алтын Ордадағы ресми тіл – қыпшақтілі болғандығын ешқандай күмән келтірмейміз.

Алтын Ордадағы монғолдық этноэлементтердіңқыпшақтық этноортаға сіңісуі барысындағы қыпшақ тілінің ролін қарастыра келе, біз мынадай қорытындылаоға келеміз.

Біріншіден, қыпшақ тілі монғол жаулап алушылыған дейін бүкіл Дешті Қыпшақ тайпалары үшін өзара қатынас құралы ретінде қандай роль атқарса, монғолдар үстемдігі дәуірінде де өзінің маңызын жоғалтпай, Жошы ұылысындағы қыпшақтық және монғолдық этнокомпоненттер арасындағы қатынас құралы болып қала береді.

Екіншіден, жаулап алуға байланысты Монғолия аумағынан Дешті Қыпшаққа келген түріктік және моғнолдық аз санды этникалық элементтер азғантай уақыттың ішінде қыпшақ тіліне ауысады да, ол өз кезегінде қыпшақтану процесін тездетеді. Қыпшақ тілі қарапайым адамдардан хан Ордасындағы билеуші топ арасына дейін тез таралып, ХІІІ-ХІV ғғ. ауыз әдебиетінің үлгілері, жазба әдебиет ескерткіштері ресми құжаттар, тіпті халықаралық сөздік осы тілде орындалады.

Үшіншіден, қыпшақтық этнокомпоненттер монғолдық этнокомпоненттерді өз ортасына сіңіріп, қалай жұтып қойса, қыпшақ тілі де монғол тілінің Дешті Қыпшақ аумағында қолдану аясының кеңеюіне жол бермей, керісінше, өзінің кеңдігімен, байлылығымен, күші мен қуаттылығымен оны тарылтып, этноортадан ығыстырып шығарады.

Жаулап алу барысы мен Дешті Қыпшақ аумағында Ұлыстардың құрылған кезінен бастап қыпшақтану процесі жүре бастаса, ал оның қай кезде аяқталғандығын дөп басып айту өте қиын. Өйткені, этникалық мәселенің саяси мәселелерден айырмашылығы бар, оның өзіндік принциптері мен белгілері болғандықтан біз, ол жөніне келгенде тарихи кезеңнің мәресін шамамен, болжап қана көрсетеміз. Араб тіліндегі авторлардың еңбектерінде Жошы Ұлысын – Қыпшақ елі, Қыпшақ патшалығы Қыпшақ мемлекеті, Қыпшақ жерлері, ал Ұлыс хандарын – Қыпшақ ханы, Қыпшақ елінің билеушісі, Қыпшақ патшалығының ханы, Қыпшақ жерлерінің билеушісі, Қыпшақ мемлекетінің сұлтаны және тағы сол сияқты атаулармен атау, көрсету жиі кездеседі. Соларға талдау жасау арқылы біз, қыпшақтану үрдісінің аяқталған кезеңін анықтап көрелік.

Араб тарихшысы Аддзехеби (1348/1349 жылы 75 жасында қайтыс болған) өзінің «Ислам тарихы» атты көп томдық еңбегінде Берке ханды «Қыпшақ және Судак даласының патшасы», - деп, ал Тоқта ханды «Ұлы Тиран монғол Шыңғысханның, оның ұлы Сайын ханның, оның ұлы Тоғанның, оның ұлы Менгу Темірдің, оның ұлы сұлтан Токтотой, ол – Қыпшақ патшасы», - деп жазады. Осы кезеңде өмір сүрген келесі бір араб тарихшысы Ал-Омари Алтын Орданың билеушісін «Қыпшақ патшалығының ханы», «Қыпшақ және Хорезм жерлерінің билеушісі», Өзбек ханды «Қыпшақ мемлекетінің қазіргі билеушісі», - деп жазады. 1334/1335 жылы туып, 1404/1405 жылы қайтыс болған Ибн Ал Форат «665 жылы (1266 ж. 2 окт. – 1267 ж. 21 сент.) (Тоған) патшаның ұлы Менгутемір қыпшақ патшалығының тағына отырды», - деп атап өтеді.

Көріп отырғанымыздай, жоғарыда біз келтірген деректерде Алтын Орда, Жошы ұлысы атауы мүлде қолданылмайды, керісінше, бір ғана термин – Қыпшақ мемлекеті және Қыпшақ ханы деген атау айтылып тұр. Сондай-ақ, мәліметті берушілердің бәрі дерлік өз еңбектерінде ХІІІ ғасырдағы тарихи жағдайларды сипаттап қана қоймай, өздері Алтын Ордаға келген кездегі көргендерін де айтып өтеді. Оған «қазіргі кездегі Қыпшақ мемлекетінің билеушісі Өзбек хан» деген дерек дәлел. Деректің мәліметтеріндегі тарихи оқиғалар ХІІІ ғасыр мен ХІV ғасырдың бірінші жартысындағы кезеңге сәйкес келеді. Олай болса, ХІV ғасырдың басында-ақ Дешті Қыпшақтағы монғолдық этникалық элементтер толығымен және түпкілікті түрде қыпшақтанып болған. Араб тарихшысы, әрі Египет сұлтаны Ал-Мелик-ан-Насырдың хатшысы, 50 жастар шамасында 1348/1349 жылы Дамаскде қайтыс болған. Абулаббас Ахмед Ибн-Фадлаллах ал-Омари, өз еңбегіндегі Алтын Орда тарихына қатысты материалдарды сонда сауда-саттық пен елшілік мақсаттармен барып келген адамдардан ауызба-ауыз сұрастырып жинайды да, біз сөз етіп отырған мәселеге қатысты мынадай өте маңызды деректі береді: «Ежелде бұл мемлекет қыпшақтар елі болатын, бірақ оларды татарлар басып аған соң, қыпшақтар оларға бағынышты болды. Бұдан кейін олар (татарлар) (қыпшақтармен) араласып, туыстасты және жер олардың (татарлардың) табиғи және нәсілдік белгілерінен үстем түсті; монғолдар (және татарлар) қыпшақтар жеріне қоныстанғандықтан, олармен некеге тұрып, олардың (қыпшақтардың) жерінде өмір сүріп қалғандықтан, өздері де олармен бір рудан шыққандай, тура? қыпшақ болып кетті». Автор бұл мәліметте 1338 жылы Алтын Ордада болған саудагер Шериф Шемседдин Мұхаммед Ал-Хусейни ал-Кербалайдан алғандығын айтады. Ал-Омаридың бұл дерегі біз қарастырып отырған мәселенің бірнеше жағына нақты жауап береді. Біріншіден, автордың информатоы болған араб саудагері 1338 жылғы көзімен көргендерін баяндап, монғолдардың бұл жылға дейін қыпшақтанып кеткендігін аңғарған. Соған қарап біз, жоғарыда айтқан ойымызды тағы да осы дерек арқылы негіздеп, монғолдардың Дешті Қыпшақтануы ХІV ғасырдың басында аяқталған деп есептейміз. Екіншіден, Ал-Омари дерегі қыпшақтану процесінде басты роль атқарған бірнеше факторды көрсетіп отыр. Оларға екі этникалық топтың бір-бірімен қан жағынан араласуы, қыпшақтық этникалық топтардың монғолдарға қарағанда жоғары тұрғаныды жатады. «Жер олардың табиғи және нәсілдік белгілерінен үстем түсті» дегені осыны көрсетсе керек.

Осылайша біз, осы тараушада көтерілген мәселелерге байланысты ойларымызды түйіндей келе, төмендегідей тұжырымдар жасаймыз.

Бірінші, монғолдардың жаулап алуы мен одан кейінгі Ұлыстардың құрылған кезінен бастап ХІV ғасырдың бірінші жартысына дейінгі аралықта Жошы Ұлысында Шағатай, Үгедей Ұлыстарына қарағанда саяси тұрақтылықтың сақталуы мен ішкі саяси жағдайдың біршама қалыпты дамуы, сондай-ақ Жошы Ұлысындағы хандардың бағындырылған халықтарға қатысты жүргізген саясатында жергілікті халықтармен жақындасу, олардың өкілдерін мемлекеттік билікке араластыру, сауда-саттыққа қолдау көрсету сияқты бағыттың үстем болуы бұрынғы этникалық процестердің қайта жандануына, сондай-ақ аз санды монғолдық этнокомпоненттердің қыпшақтық этноортаға тез араласып, сіңісіп кетуіне қолайлы жағдайлар жасайды.

Екінші, жаңадан пайда болған Ұлыстарда мемлекеттік жүйенің әскери-әкімшілік нгізде құрылуы, соның негізінде Ұлыстардың ондық, жүздік, мыңдық, түмендік деп аталатын әкімшілік бірліктерге сай бөлінуі аз санды монғолдарды қалың қыпшақтар ортасына тарыдай шашып жібереді. Көшпелі өмірдің заңдылыған сай бір-бірінен оқшау орналасқан әкімшілік бірліктердегі монғолдар бір-бірінен оқшауланып, әкімшілік бірліктердің басым бөлігін құраған жергілікті қыпшақ тайпаларымен араласады. Бұл жағдай монғолдардың тез сіңісіп кетуінде басты факторлардың бірі боп есептеледі.

Үшінші, Жошы Ұлысының сол қанаты боп саналатын Орда Ежен Ұлысында өмір сүрген Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Найман, Керей, Уақ, Меркіт және т.б. тайпалар мен рулар арасында қыз алысу, қыз берісу секілді байланыстардың дамуы, Ұлысты билеген әулет өкілдерінің аталған ру-тайпалардан қыз алысуы, монғолдық этнокомпоненттердің қыпшақтануында басты роль атқарып, қыпшақтану процесінің жылдам жүруіне толық мүмкіндіктер жасайды.

Төртінші, монғолдар жаулап алуына дейін бүкіл Дешті Қыпшақ аумағында өмір сүрген тайпалардың ортақ тілі болған қыпшақ (куман, половец) тілі өзінің негізгі фуекциясын жоғалтпай, ХІІІ-ХІV ғғ. Алтын Орданың негізгі ресми тілі болып қала береді. Ауыз әдебиетінің үлгілері, жазба әдебиет туындылары, халықаралық сөздік, ресми құаттар қыпшақ тілінде айтылып, жазылады. Қыпшақтық этностың монғолдық этноэлементтерді жұтып қойғаны секілді қыпшақ тілі де монғол тілінің қолдану аясының шеңберін тарылтып, жойып жібереді. Тіл факторы да монғолдардың қыпшақтану процесінде басты рольдердің бірін атқарады.

Бесінші, қыпшақтану процесінің аяқталған кезеңі жөніндегі мәселе бойынша, жазба деректерге, оның ішінде араб тілді авторлардың еңбектеріндегі мәліметтерге терең талдаулар жасау арқылы біз, бұл процесті ХІV ғасырдың басында толық және түпкілікті аяқталған деп есептейміз.

 







Date: 2015-11-14; view: 1843; Нарушение авторских прав



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.028 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию