Полезное:
Как сделать разговор полезным и приятным
Как сделать объемную звезду своими руками
Как сделать то, что делать не хочется?
Как сделать погремушку
Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами
Как сделать идею коммерческой
Как сделать хорошую растяжку ног?
Как сделать наш разум здоровым?
Как сделать, чтобы люди обманывали меньше
Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили?
Как сделать лучше себе и другим людям
Как сделать свидание интересным?
Категории:
АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника
|
Мәселенің ХІХ ғ. ортасынан – ХХ ғ. 30 жж. дейін зерттелуі
Тарих ғылымында қазақ халқы мен қазақ мемлекеттілігінің тарихын зерттеуді алғаш ғылыми негізде бастаған Ресейлік ғалымдар екендігіне ешкім дау білдірмейді. Оны бұл жерде дәлелдеп жату да артық деп есептейміз. ХYІІІ ғасырдың 50-шы жылдарынан бастап Ресейде қазақ халқының шығуы, «қазақ» сөзінің мәні мен мағынасына қатысты алғашқы ой-пікірлер мен тұжырымдардың айтыла бастағаны белгілі. ХYІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Ресей империясының Қазақстан аумағында саяси-экономикалық ықпалының күшейіп, тереңдеуіне байланысты ресейлік авторлардың қазақ халқының тарихына қатысты зерттеулері кең ауқымға ие бола бастайды. ХІХ ғасырдың ортасына дейінгі ресейлік авторлардың қазақ тарихына қатысты ең көп қалам тартқан тақырыптарына: қазақ жерінің географиялық жағдайы, қазақ халқының этнографиясы, қазақ халқының шығу-тегі, «қазақ» сөзінің мәні мен мағынасы, қазақ халқының ру-тайпалық құрылымы мен құрамы, халықтың саны, шаруашылығы, көші-қоны, сауда-саттығы және тағы басқа да осындай сипаттағы мәселелер жатты. Ал ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарының ортасында Қазақстанды Ресейдің жаулап алуының аяқталуымен Қазақстанды зерттеу, оның ішінде тарихын зерттеудің ауқымы одан сайын ұлғайып, онымен арнайы ғылыми мекемелер мен ұйымдар айналыса бастайды. ХІХ ғасырдың орта тұсында Қазақстан тарихын зерттеу барысында жаңа тақырыптар күн тәртібіне қойыла бастайды. Сондай тақырыптардың біріне – Қазақ хандығының құрылуы тақырыбы жатады. Қазақ хандығының құрылуы мәселесінің тарих ғылымында зерттеле бастағанына содан бері 150 жылдай уақыт өтті. Осы аралық ішінде тарихшылардың бірнеше буын өкілдері хандықтың құрылуы және оған қатысты мәселелер төңірегінде әртүрлі ой-пікірлер мен тұжырымдар білдірді. Соның нәтижесінде мәселенің ауқымы кеңейіп, оның көптеген қырлары мен жақтары ашыла түсті. Дегенмен де, мәселені толық зерттеліп болды деуге әлі ерте. Хандықтың құрылуы мәселесіне зерттеушілер неғұрлым тереңірек барған сайын, соғұрлым шешімін күтіп жатқан мәселелер, әлі де болса күн тәртібіне қойылмаған сұрақтар алдыдан шыға береді. Жалпы алғанда, мәселенің бір жарым ғасырдай уақыт ішіндегі зерттелуі барысын шартты түрде бірнеше тарихнамалық кезеңге бөлуге болады. Бірінші тарихнамалық кезең – ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарының ортасы мен ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының соңы аралығын қамтиды. 1864 жылы В.В. Вельяминов-Зерновтың «Исследование о Касимовских царях и царевичах» атты зерттеуінің екінші бөлімінің жарыққа шығуымен және онда алғаш рет Қазақ хандығының құрылуы жөнінде тарихи деректердің айналымға енгізілуімен біз, мәселе тарих ғылымында күн тәртібіне қойылды деп санаймыз. Ал ХХ ғасырдың 30-шы жылдарына таман, кеңес Одағында қоғамдық ғылымдарға маркстік-лениндік методологияның үстемдігі орнап, тарихқа таптық тұрғыда қараудың белең алуы тарих ғылымы үшін бір кезеңнің аяқталып, жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді. Соған байланысты біз қарастырып отырған мәселені зертттеу барысында да теориялық және методологиялық тұрғыда өзгерістер болады. Мәселенің екінші тарихнамалық кезеңі ХХ ғасырдың 30-40-шы жылдары аралығын қамтиды. Бұл кезеңнің басты ерекшелігіне маркстік-лениндік методологияға сай барлық тарихи оқиғалар мен зерттеулер тек таптық тұрғыда қарастырылып, соған сай тұжырымдар мен қорытындылар жасалды. Қазақ хандығының құрылуы мәселесі де осындай көзқарастар негізінде зерттеледі. Үшінші тарихнамалық кезең – сол ғасырдың 50-80-ші жылдары аралығын қамтыды. Осы үшінші тарихнамалық кезеңнің басты ерекшелігі – тарих ғылымына идеологияның үстемдік құрған кезеңі болса да, мәселемен осы жылдары арнайы мамандығы бар, кәсіби зерттеушілердің айналысуы жатады. Қазақ хандығы құрылуының соңғы тарихнамалық кезеңіне өткен ғасырдың 90-шы жылдары мен қазіргі кезеңге дейінгі зерттеулерді жатқызамыз. Соңғы тарихнамалық кезеңнің басты ерекшелігі – бірнеше ондаған жылдар бойы тарих ғылымына үстемдік етіп келген идеологияның күшін жойып, тарих пен тарихи процесстерді таптық тұрғыда емес, керісінше одан да кең ауқымды ұлттық мүдде тұрғысынан қарастырудың орныққаны жатады. Енді төменде әрбір тарихнамалық кезеңдегі авторлардың біз қарастырып отырған тақырыпты зерттеу барысында айтқан ойлары мен жасаған тұжырымдарына талдау жасау арқылы олардың жалпы мәселені зерттеуге қосқан үлестерін, сондай-ақ әрбір тарихнамалық кезеңдегі тақырып бойынша зерттеудің бағыттары мен жетістіктерін айқындайық. Алдымен мәселенің ХІХ ғ. ортасынан – ХХ ғ. 30 жж. дейін зерттелуіне тоқталалық. 1864 жылы В.В. Вельяминов-Зерновтың белгілі еңбегінің екінші бөлімінің жарыққа шығуымен тарих ғылымында Қазақ хандығының құрылуын зерттеу ісі басталды деуге болады [2.]. Одан кейінгі көптеген зерттеушілер өз еңбектерінде Қазақ хандығының құрылуы мәселесін жанама түрде қарастырса, ал кейбір зерттеушілер оған арнайы түрде тоқталып өтеді. Сөйтіп ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының соңына дейін олар Қазақ хандығының құрылуы жөнінде өзіндік ой-пікірлер мен тұжырымдар айтып, мәселенің зерттелу тарихына өзіндік үлестерін қосады. Олардың жасаған тұжырымдары мен білдірген ой-пікірлері мәселенің тарихнамасының бірінші кезеңін құрайды. Бірінші кезеңге біз, В.В. Вельяминов-Зерновтың, В.В. Радловтың, Н.А. Аристовтың, И.И Крафтың, В.В. Бартольдтың, Ш.Құдайбердіұлының, Л.П. Чулошниковтың, М. Тынышбаевтың, Г.М. Грумм-Гржимайлоның және тағы басқа авторлардың зерттеулерін жатқызамыз. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақ хандығының құрылуының тарихы ХІХ ғасырдағы орыстың ірі шығыстанушысы-ғалым В.В. Вельяминов-Зерновтың (1830-1904) зерттеуінде алғаш рет көтеріледі Араб, парсы, шағатай, татар, қазақ тілдерін жетік білген автор, осы тілдерде жазылған шығармаларды түпнұсқалардан бірден оқи білген [243, 15 б.]. Оның еңбегінің негізгі деректік базасын орыс жылнамаларынан басқа «Бабыр-нама», «Хабиб ас-сийар», «Жахан-ара», «Тарих-и Рашиди», «Шайбани-нама», «Жамих ат-таварих», «Тарих-и Хайдари», «Тарих-и Аламарайи Аббаси», «Абдаллах-нама», «Шаджара-ий турк» секілді ХYІ- ХYІІ ғасырлардағы негізінен парсы, шағатай, түрік тілдерінде жазылған шығармалардағы мәліметтер құрайды. В.В. Вельяминов-Зерновтың қарастырып отырған мәселеміздің зерттелуіне қосқан үлесі мен жасаған тұжырымына назар аударалық. Автор еңбегінің негізгі мақсаты - ХY- ХYІІ ғасырлардағы Ресейдегі Қасым хандығында билік құрған хандар мен сұлтандардың өмірін зерттеу болғандығы көпшілікке мәлім. Осы хандықта ХYІІ ғасырдың алғашқы жылдарында қазақ билеушілерінің өкілі, Шығай ханның немересі, Ондан сұлтанның ұлы Оразмұхаммед билікте болады. В.В. Вельяминов-Зернов еңбегінің екінші бөлімі Қасым хандығында 1567-1610 жылдары хан болған үш тұлға өміріне: Сайынболат ханның, Мустафа Әли ханның және Оразмұхаммед ханның өмірлеріне арналған. В.В. Вельяминов-Зернов Оразмұхаммедтің төртінші атасы Жәнібек ханның өміріне қатысты деректерді алдыңғы беттерде айтылып өткен ортағасырлық шығармалардан тауып, олардан көлемді үзінділерді келтіреді. Сондай қажетті үзінділердің бірі – Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі Жәнібек ханға қатысты мәліметтер. Қазіргі күндерде қалың көпшілікке белгілі болып отырған ол мәліметтің қысқаша мазмұны мынандай: «Дешті Қыпшақта билік құрып отырған Әбілқайыр ханнан бөлініп, Керей хан мен Жәнібек хан Моғолстанға қашып келеді. Моғолстанның сол кездегі билеушісі Есенбұға хан оларды жақсы қабылдап, оларға Моғолстанның батыс жағындағы Шу және Қозыбасы өңірін береді. Олар ол өңірде тыныш өмір сүре бастайды. Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін Өзбек Ұлысы бүліншілікке ұшырап, көп халық Керей мен Жәнібек хандарға келіп қосылады. Сөйтіп ондағы адамдар саны 200 мыңға жетеді, ол оларды өзбек-қазақтар деп атай бастайды. Қазақ сұлтандарының билігінің басталған кезін 870 (1465-66) жыл деуге болады. Анығы бір Аллаға аян...» [2, 139 б.]. Зерттеушінің негізгі мақсаты – Жәнібек ханға қатысты деректерді жинастыру болғандықтан, ол бұл мәліметтің Қазақ хандығының құрылуындағы маңызына тоқталмайды. Соған қарамастан шығыстанушы-ғалымының парсы тіліндегі шығарманың Қазақ хандығының құрылуын көрсететін мәліметтерін орыс тіліне аударып, өз еңбегінде енгізуі, біз оның біз сөз етіп отырған мәселені зерттеуге қосқан зор үлесі деп білеміз. Сонымен бірге, біз осы еңбегі арқылы В.В. Вельяминов-Зерновты Қазақ хандығының құрылуы мәселесін зерттеген ғалымдардың көшбасшысына жатқызамыз. Алғаш рет В.В. Вельяминов-Зернов ғылыми айналымға енгізген «Тарих-и Рашидидегі» Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстанға келуі жөніндегі мәлімет – одан кейінгі кезеңдегі тарихшылар үшін, қазіргі кезеңдегі зерттеушілер үшін де Қазақ хандығының құрылуын көрсететін негізгі, басты дерек болып отыр. В.В. Вельяминов-Зернов осы тарихи мәліметті баяндау барысында өз тарапынан түсіндірме ретінде бір тарихи жылды атап өтеді. Оның өзі бұл датаны кейінгі зерттеушілердің Қазақ хандығының құрылған жылы деп көрсететінін сезбеген де шығар. Ол «Сол кезде Әбілқайыр хан Дешті Қыпшақта билік құрып тұрды» деген сөзіндегі «сол кезеңнің» қай жылдар екендігін оқырмандарға түсіндіре кету үшін «сол кезде» деген сөзден кейін жақша ішінде «шамамен 860=1456 ж.» деген қосымшаны өзі қосады [2, 139.]. Кейінгі зерттеушілер осы 1456 жылды – Қазақ хандығының құрылған жылы деп есептеп, өз зерттеулерінде осы датаны негіздеуге тырысады. Осылайша, В.В. Вельяминов-Зерновтың Қазақ хандығының құрылуы тарихнамасына қосқан үлесін қарастыра келе, мынадай тұжырымдарға келеміз. 1) Мәселеге қатысты біраз ғылымға белгісіз болған тарихи дерек мәліметін айналымға қосу арқылы ол мәселенің зерттелуіне жол ашып береді. 2) Оның тарихи оқиғаны түсінікті ету үшін өз тарапынан қосымша, түсіндірме ретінде қосқан жылы – бірінші және екінші тарихнамалық кезеңдердегі зерттеушілер үшін хандықтың құрылған жылы деп қабылданды. В.В. Вельяминов-Зерновтың еңбегінен кейін бір жылдан соң, яғни 1865 жылы императорлық Орыс Географиялық қоғамының толық мүшесі П. Семеновтың құрастыруымен «Географическо-статистический словарь Российской империи» атты жинақтың ІІ томы жарыққа шығып, онда кең көлемде «Киргиз-кайсаки» деген энциклопедиялық сипаттағы мақала беріледі [245, 590-595 бб.]. Жинақтың авторлары Қазақ хандығының құрылуын қазақ халқының қалыптасуының аяқталуымен тікелей байланыстырып, Қазақ Одағы деген ұғымды әрі саяси, әрі этникалық мәнде қолданады. «Вельяминов-Зернов мырзаның зерттеуі қазақ халқының пайда болуының уақытын нақты көрсетеді. Ол ХY ғасырдың екінші жартысында, нақтырақ айтсақ 1465 жыл шамасында жүзеге асады»,- дей келе, одан ары В.В. Вельяминов-Зернов еңбегіндегі «Тарих-и Рашидидің» Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлінуі туралы мәліметін еркін түрде баяндап береді [245, 590-591 бб.]. Жинақты құрастырушылар этникалық мәндегі Қазақ Одағы деген ұғымға қазақ халқын жатқызып, оның негізін найман, үйсін, юз-чжи, жалайыр, дулат және тағы басқа тайпалар құрады десе, саяси мәндегі Қазақ Одағын – Қазақ хандығы деп түсіндіреді. «Күшейген Қазақ Одағы көп ұзамай бүкіл Дешті Қыпшақты басып алады»,- деген сөйлемде әңгіменің Қазақ хандығына қатысты айтылып тұрғанын аңғару еш қиынға соқпайды [245, 592 б.]. Енді осы жинақ авторларының қарастырып отырған мәселемізге қатысты тұжырымдарын қорытындылап көрелік. 1) Авторлар Қазақ Одағы деп әрі қазақ халқын, әрі Қазақ хандығын айтады да, олардың пайда болған кезі деп нақты 1465 жылды көрсетеді. 2) Қазақ Одағының құрылуын «Тарих-и Рашиди» мәліметі негізінде түсіндіреді. 3) Қазақ Одағының негізін Найман, Үйсін, Жалайыр, Дулат және тағы басқа тайпалар қалады деген тұжырым жасайды. Қазақ хандығының құрылуы мәселесіне арнайы түрде болмаса да өз зерттеуінде ХІХ ғасырдағы орыс тарихшысы, әрі этнографы, түрік халықтары мен тайпаларының этникалық құрамы мен саны жөнінде іргелі еңбек жазған Н.А. Аристов тоқталып өтеді. 1868-1889 жылдары Жетісу облысында қызмет атқарған ол, өзінің алғашқы ғылыми жұмыстарын «Туркестанские ведомости» газетінде жариялайды да, Ұлы Жүз қазақтары мен Жетісуда өмір сүретін қырғыздардың этникалық құрамын анықтауға арналған көлемді еңбегін ХІХ ғасырдың 90-шы жылдары баспадан шығарады [246-248.]. Көп ұзамай ол өзінің түрік халықтарының этникалық тарихына арналған негізгі еңбегін «Живая страина» журналында жариялайды [4.]. Н.А. Аристов осы еңбегінің «Орта Азиядағы түрік тайпаларына қысқаша тарихи шолу» атты екінші тараушасында Қазақ хандығының құрылуын ХY ғасырдағы Жошы Ұлысының ыдырауымен байланыстырады. «ХY ғасырдың екінші ширегінде Жошы Ұлысының ыдырауы ұлыстың батыс бөлігінде тәуелсіз Қырым және Қазан хандықтарының құрылуынан басталады және сол ғасырдың үшінші ширегінде Әбілқайыр ханның өлімімен, сондай-ақ қырғыз-қазақ одағының пайда болуымен аяқталады»,- деп жазады Н.А. Аристов [4, 40 б.]. Одан ары ол осы тұжырымын тереңдете түсіп, былайша негіздеуге тырысады: «1452 және 1455 жылдар аралығында қалмақтардың Әбілқайыр ханды жеңіліске ұшыратуы оны қатты әлсіретіп кетті және тікелей соның салдарынан 1455 жылдың шамасында Керей мен Жәнібек сұлтандар ханға наразы тайпаларды ертіп Шағатай Ұлысына көшіп кетті. 1465-66 жылы Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін Өзбек ұлысы толығымен күйрейді; 1472-73 жылы Әбілқайыр ханның үлкен ұлы Бурудж-оғланның қаза табуынан кейін өзбектер басшысыз қалып, Дешті Қыпшақтың көптеген тайпалары Қазақ Одағына біріктіріледі [4, 40-41 бб.]. Н.А. Аристовтың пікірін тікелей талдай келе, ол Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты мынадай тың тұжырымдар жасады дейміз: 1) Қазақ хандығының құрылуын кең ауқымда алғанда Жошы Ұлысының ыдырауымен байланыстырады; 2) Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуіне соңғысының қалмақтардан жеңілуі тікелей ықпал етті деп есептейді; 3) Керей мен Жәнібекті Әбілқайыр ханнан 1455 жылы шамасында бөлінеді, Әбілқайыр хан 1465-66 жылы қайтыс болады, Өзбек ұлысы сол жылы толығымен күйрейді. 4) Қазақ Одағын әрі саяси, әрі этникалық мәнде қолданады. Н.А. Аристовтың осы тұжырымдарына қазірігі кезеңдегі осы мәселенің тарихнамасының жетістігі тұрғысынан қарасақ, зерттеушінің алғашқы екі тұжырымының шындыққа жақын екендігін байқаймыз. Біз ол пікірлерді қарастырып отырған мәселе бойынша қажетті, бірақ мәселені толық ашып бере алмайды дейміз. Ал үшінші пікірдегі барлық тарихи даталарды қазіргі кездегі ғылымға белгілі ортағасырлық деректер бойынша нақты емес деп есептейміз. Жалпы алғанда, Н.А. Аристов Қазақ хандығының құрылуы тарихын арнайы зерттемесе де, ол мәселені түрік халықтарының жалпылама тарихи шеңберінде қарастырады. Соған қарамастан оның білдірген кейбір пікірлерін оң, әрі тың пікірлерге жатқызамыз. Академик В.В. Бартольд (1869-1930) өзінің зерттеулерінде негізінен Орталық Азияның, Таяу және Орта Шығыстың тарихи мәліметтерін қарастырса да, ол бұрын ғылымға белгісіз болып келген ортағасырлық деректердің мәліметтерін ғылыми айналымға енгізу арқылы қазақ тарихының көптеген мәселелерін түсінуге, зерттеуге мүмкіндіктер ашып берді. Әлі күнге дейін қазақ тарихының ортағасырлық мәселелерін зерттеуші ғалымдар оның еңбектеріндегі тарихи мәліметтерге, оның білдірген ой-пікірлеріне соқпай өтпейді. Ол өзінің алғашқы іргелі еңбектерінің бірі – «Жетісу тарихының очерктерінде» (еңбек 1898 жылы жарық көрген) Моғолстан тарихына арнайы тоқталып, Есенбұға хан тұсындағы оқиғаларды талдап өтеді. Қазақ хандығының құрылуы Есенбұға ханның билігі тұсында Моғолстан аумағында жүзеге асқандықтан, ол процесс зертеушінің назарынан тыс қалмайды. Ол В.В. Вельяминов-Зернов еңбегіндегі «Тарих-и Рашидидің» мәліметтерін келтіре отырып, деректі қысқаша баяндаумен шектеледі [249, 88 б.]. Соған қарамастан оның осы еңбегінің өзінде ХY ғасырдың ортасындағы Шығыс Дешті Қыпшақ, Моғолстан және Мауереннахр аумақтарындағы саяси оқиғаларды жете түсінуге және олардың даталарын нақтылауға мүмкіндіктер беретін тың тарихи мәліметтер көп кездеседі. Мысалы, ол қалмақ көсемі Үз-Темір тайшының Сыр бойында өзбектерді жеңуін басқа дерек көздеріне сүйеніп, 1457 жылы болған деп жазады [249, 87 б.]. Сондай-ақ ХY ғасыр тарихшысы Абд ар-Раззак Самаркандидің еңбегіндегі құнды мәліметтерді алғаш рет қолданады [249, 86-89 бб.]. «Абулхайр» атты энциклопедияға арналған мақаласында В.В. Бартольд Керей мен Жәнібектің Әбілқайр ханнан бөлініп кетуін былай деп түсіндіреді: «Шамамен 870/1465-66 жылы өзбек халқы арасында бөлініс болып, нәтижесінде сол кезден бастап қазақтар атанған даланың нағыз тұрғындары халықтың негізгі бөлігінен бөлініп кетті» [11, 489-490 бб.]. Оның Орта Азия тарихына арналған көптеген зерттеулерінде Қазақ хандығының құрылу тарихына жанама қатысы бар тарихи деректер мол кездеседі [8, 109-166 бб.; 9, 257-267 бб.; 10, 25-177 бб.; 250, 545-548 бб.]. Жалпы, В.В. Бартольдтың біз қарастырып отырған мәселенің зерттеулеріне қосқан үлесіне оның зерттеулеріндегі көптеген тың деректердің, әсіресе ғылыми айналымға алғаш рет енгізілген мәліметтердің Қазақ хандығының құрылуы барысындағы көптеген тарихи оқиғаларды түсінуге, олардың болған мезгілін нақтылауға мүмкіндіктер беріп жатады. В.В. Вельяминов-Зерновтың кезінен бері Қазақ хандығының құрылуы туралы ой-пікірін білдірген зерттеушілердің бәрі «Тарих-и Рашидидегі» бір ғана жазба дерек мәліметтеріне сүйенсе, Шәкәрім Құдайбердіұлы бұл мәселені өз еңбегінде қарастырып, оны тың, халық ауыз әдебиетінің материалдарымен байытады. Ш.Құдайбердіұлы 1911 жылы жазылған «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» атты еңбегінде қазақ халқының шығуына тоқталып, Қазақ хандығының құрылуын қарастырып өтеді [16, 21-33 бб.]. Оның Қобыланды батырдың Ақжол биді өлтіруі туралы тарихи дерегі Жәнібек пен Керей хандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуінің себептерін түсінуге жол ашады. Негізінен алғанда, Ш. Құдайбердіұлы бұл мәселеде Мұхаммед Хайдар Дулатидың дерегіндегі бағытты ұстанады. Ал оның ғылыми айналымға енгізіп отырған дерегі тарихи процесті сырттай емес, ішінен танып-білуге мол мүмкіндіктер береді. Жалпы халық ауыз әдебиетіндегі тарихи аңыз-әңгімелердің бір ерекшелігіне олар сол тарихи процесті жасаушы, оған қатысушы ортада туындап, сол процеске деген халықтық көзқарастарды білдіреді. Сол себепті де ауыз әдебиетіндегі тарихи деректер бізге тарихи процестерді өте жақындатып көрсететіндей мүмкіндіктер береді. Қобыланды батыр мен Ақжол биге қатысты деректі «Тарих-и Рашидидегі» Керей мен Жәнібектің бөлінуі жөніндегі мәліметтен бірін-бірі толықтыра отыра талдасақ, біздің Қазақ хандығының құрылуы туралы біліміміз кең жайыла да, тереңдеп те өскен болар еді. Өкінішке орай, Ш. Құдайбердіұлы есімінің кешегі кеңестік дәуірде көпшілікке белгілі себептерге байланысты атауға тиым салынуы оның барлық еңбектеріне де тікелей әсер етіп, бірнеше ондаған жылдар бойы ол еңбектер зерттеушілердің назарына ілінбей келді. Жалпы, Ш. Құдайбердіұлы Қазақ хандығының құрылуын зерттеу барысында қосқан үлесіне оның жазба деректердегі мәліметке ауыз әдебиетіндегі мәліметтерді қосып, олардың көмегімен мәселені жан-жақты түрде зерттеуге ұмтылыс жасауы жатады. Қазақ хандығының құрылуы мәселесі жөнінде ой-пікірлері мен тұжырымдарын ХХ ғасырдың 20-шы жылдары А.П. Чулошников өз еңбегінде білдіреді [17, 102-107 бб.]. Оның пікірлерінің көбісін М.Тынышбаев көп ұзамай-ақ қатты сынға алады да, А.П. Чулошниковтың қазақ халқының қалыптасуы жөніндегі тұжырымдарын сенімсіз, ғылыми емес деп санайды [20, 55-56 бб.]. Ал қазақ хандығының құрылуына байланысты айтқан пікірлеріне келсек, А.П. Чулошников В.В. Вельяминов-Зернов еңбегіндегі «Тарих-и Рашиди» мәліметін негізге алып, оны өз қалауынша баяндап береді де, кейбір тұстарда ешбір дерекке сүйенбей өзінің жеке пікірлерін ұсынады. Оның пікірінше көшіп немесе қашып кету шамамен 1456 жылы болып, Моғолстанға қашып келгендер басқа элементтерді өздеріне магнитше тарта бастаған. [20, 102-103 бб.]. Сондай-ақ көшіп келгендердің алғашқы толқыны бірден хандық билік құруды ойластырмаған, олардың жетекшілері Керей мен Жәнібек болып, моғол ханына толық тәуелді болып отырған. Ал рулар мен ауылдар бір-бірімен мидай араласып, жаңа руларды қалыптастырған; Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін көшіп келушілер көбейеді де, жаңадан келушілер хандық биліктің қажет екенін сезініп, хандықтың құрылуына қозғау салған; хандық ХY ғасырдың 70-ші жылдарының соңында құрылған [20, 103=104 бб.]. А.П. Чулошниковтың осы пікірлеріне қазіргі кездегі мәселенің тарихнамасы жеткен биіктен қарайтын болсақ, оның пікірлерінің бәрін дерлік, ешбір деректік материалдарға негізделмеген, тарихи логика мен заңдылықтарға сай келмейтін пікірлер дейміз. Сол себепті де оның Қазақ хандығының құрылуы жөнідегі пікірлерін одан кейінгі зерттеушілер онша көп қолданбайды. ХХ ғасырдың 20-шы жылдары Қазақ хандығының құрылу тарихына арнайы тоқтап, өзінің ой-пікірлері мен тұжырымдарын білдірген зерттеушілердің бірі – қоғам қайраткері, ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысы жетекшілерінің өкілі, инженер, әрі тарихшы Мұхамеджан Тынышбаев (1879-1938) болды. Оның негізгі мамандығы тарихшы болмаса да, ол өткен ғасырдың 20-шы жылдары қазақ халқының этникалық тарихы мен ХІІІ-ХYІІІ ғасырлардағы саяси тарихын зерттеуге зор үлес қосады. Оның пікірлері мен тұжырымдарының ғылыми маңызы өте жоғары болуы себепті сол жылдары атақты тарихшылар мен туркологтар оған сілтеме жасап, онымен санасуға мәжбүр болған [21, 621-623 бб.; 251, 5-16 бб.]. А. Самойлович қазақ сөзінің мәні жөніндегі он бір беттен тұратын қысқаша ғана мақаласында 6 рет М. Тынышбаевқа сілтеме жасайды. М. Тынышбаевтың қазақ халқының этникалық тарихы мен қазақ хандығының ХІІІ-ХYІІІ ғасырлардағы тарихына қатысты ой-пікірлері оның «Материалы к истории киргиз-казахского народа», «Отзыв о труде А.П. Чулошникова по истории казах-киргизского народа», «Киргиз- казахи в ХYІІ и ХYІІІ веках (дополнение к Материалам к истории киргиз-казахского народа» атты еңбектері мен мақалаларында тұжырымдалады [18, 76 б.; 19, 15 б.; 20, 43-193 бб.]. М. Тынышбаевтың ерекше назар аударған мәселесінің бірі – Қазақ хандығының құрылу тарихы болды. Егерде оған дейін ешбір зерттеуші Қазақ хандығының құрылуы мәселесін арнайы қарастырмай, жалпы мәселелер шеңберінде атап өтсе, М. Тынышбаев оны арнайы түрде қарастырады. Ол қарастырып отырған мәселесін Қазақ хандығының құрылу тарихы деп атап, тарихшылардың ішінде бірінші болып Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр хандығынан бөлініп, Моғолстанға қоныстануын – Қазақ хандығының құрылуы деп атайды. Ал оған дейін зерттеушілер бұл процесті Қазақ Одағы деп атаған болатын. М. Тынышбаев Қазақ хандығының құрылуын Алаш Орданың тарихымен, әсіресе оның ХY ғасырдағы ыдырау процесімен жалпылама байланыстыра қарастырады. Оның пікірінше, ХY ғасырдың бірінші жартысында жалпыұлыстық биліктің әлсірей бастауымен шет аймақтардағы жеке хандықтардың күшеюі қатар жүріп, Қазан, Қырым, Сібір, Әбілқайыр хандықтары, Моғолстанмен шекарада Қазақ хандығы, Ноғай Ордасы және Алтын Орданың орнында Сарай хандығы айқындала бастайды, кейіннен Астрахан хандығы пайда болады. ХY ғасырдың ортасынан бастап олар дербес мемлекеттер болып есептеледі де, ал олардың арасындағы қақтығыстарды көршілес хандықтар арасындағы соғыстар деуге болады [18, 45 б.]. Тікелей хандықтың өмірге келуін ол Шибан Ұлысындағы саяси жағдайлардан іздестіреді. Оның көрсетуінше 1430-1450 жылдары Алтын Орда аумағындағы қуатты мемлекет Әбілқайыр хандығы болып, өмірінің соңына таман оның мемлекеті құлдырай бастайды. Бірінші болып Шибанилық ханнан Оқас бидің ұлдары Мұса мен Жаңбыршы билер бөлініп кетіп, Әбілқайыр ханның қарсыласы Жәдігерге барады да, оны хан көтереді. Одан кейін 1456 жылы Керей мен Жәнібек те Әбілқайыр ханмен ренжісіп, Моғолстан жаққа көшіп кетеді. М. Тынышбаев Шәкәрімнің Қобыланды батыр мен Ақжол би жөніндегі ауызша мәліметін пайдаланып, ренжісудің себебіне Ақжол биді қыпшақ батырының өлтіруін жатқызады. М. Тынышбаевтың тағы бір пікіріне – Керей мен Жәнібек хандардың жақтастары, яғни оларды қолдаушы ру-тайпалар кенеттен 1456 жылы пайда болып қойған жоқ, ол рулар тобы кем дегенде бірнеше ондаған жылдар бұрын қалыптасқан деген пікірі жатады [18, 45 б.]. Осы мәселелерге қазіргі күндегі тарихнаманың қол жеткізген жетістіктері тұрғысынан қарасақ, біз М. Тынышбаев пікірінің дұрыстығына көз жеткіземіз. Осы жолдардың авторы өзінің соңғы кездерде баспа бетінде жарық көрген жұмыстарының бірінде Керей мен Жәнібек хандарға қолдау көрсеткен ру-тайпалар тобын – ордаежендік тайпалар тобы деп атап, оның XІІІ ғасырдан бері Орда Ежен Ұлысында өмір сүріп келе жатқандығын дәлелдеп жазған болатын [252, 3-7 бб.; 253, 35-38 бб.]. Жоғарыда атап өткен М. Тынышбаевтың қазақ халқының шығуы мен Қазақ хандығының құрылуын зерттеуге қосқан үлесін төмендегідей көрсетеміз. 1) Қазақ хандығының құрылуын арнайы түрде қарастырып, Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстанға келуін – бірінші болып Қазақ хандығының құрылу процесі деп атайды. 2) Қазақ хандығының құрылуын Алтын Орда тарихымен, Шибан Ұлысының ыдырауы процесімен байланыстыра қарастырады. 3) Керей мен Жәнібек хандардың қоластындағы рулар тобын кенеттен пайда болған рулар емес, кем дегенде бірнеше ондаған жылдар бұрын қалыптасқан рулар тобы деген пікірі. 4) Қазақ хандығының құрылуында жазба дерек мәліметтері мен ауыз әдебиетінің матеиалдарын байланыстыра қарауы жатады. Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі ой-пікірлерін монғол тарихының ірі маманы Г.Е.Грумм-Гржимайло да өз еңбегінде атап өтеді [21, 846 б.]. Оның пікірлері еңбектің мазмұнында емес, автордың түсініктемелерінде айтылады [21, 620-623 бб.]. Автор В.В. Вельяминов-Зерновтың, В.В. Бартольдтің, Н.А. Аристовтың еңбектеріндегі тұжырымдарды қарастырумен шектеліп, өзіндік тың ой, пікір, тұжырым білдірмейді. Соған қарамастан біз оның көлемді әрі іргелі еңбегінде Қазақ хандығының құрылуы мәселесінің сөз болуын тақырыптың Орталық Азия халықтарының ХY ғасырдағы тарихында маңызды болғандығымен байланыстырамыз. Осылайша, ХY ғасырдың 20-шы жылдарының ортасына таман Қазақ хандығы құрылуының тарихнамасындағы бірінші кезең аяқталады. Осы кездегі мәселеің зерттелуіне, оның негізгі бағыттары мен пікірлері және тұжырымдарына қорытынды жасалық. 1. 1864 жылы В.В. Вельяминов-Зернов еңбегінің екінші бөлімі жарыққа шығуымен және онда Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі мәліметтердің орыс тіліне аударылып ғылыми айналымға енгізілуімен Қазақ хандығының құрылу тарихы мәселесі күн тәртібіне қойылады. 2. Деректе айтылатын Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстанға келуі – Қазақ хандығының құрылуындағы басты оқиға ретінде қабылданды, оны ешбір зерттеуші теріске шығармайды. 3. Шәкәрім Құдайбердіұлының ғылыми айналымға енгізген ауызша мәліметі Қазақ хандығының құрылуы жөніндегі схемамен сәйкес келіп, оны мазмұндық жағынан байыта, толықтыра түседі. 4. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарына дейін хандықтың құрылуын зерттеушілер «Қазақ Одағы» деп атап, одан әрі саяси, әрі этникалық мәндер берсе, М. Тынышбаев оны «Қазақ хандығының қалыптасуы» және «Қазақ хандығының құрылуы» деген сөздермен өзгертіп, «Қазақ одағын» жіктейді. 5. Қазақ хандығының құрылуы жалпы алғанда Алтын Ордасының тарихымен, нақты алғанда оның бір бөлігі болып саналатын Шибан Ұлысының ыдырауымен тікелей байлаыстырады (М. Тынышбаев). 6. Хандықтың құрылған жылы деп кезінде В.В. Вельяминов-Зерновтың шамамен шартты түрде ұсынған 1456 жылы осы тарихнамалық кезеңде «Тарих-и Рашидидің» дерегі ретінде қабылдана бастайды да, барлық зерттеушілер осы жылды нақты атап көрсете бастайды. Жалпы, бірінші тарихнамалық кезеңді қорытындыласақ, осы кезеңдегі зерттеушілер Қазақ хандығының құрылуы тарихнамасының іргесін берік қалыптастырады. Әлі күнге дейін осы бірінші кезеңдегі тарихнамалық пікірлер мен тұжырымдардың көбі өздерінің ғылыми құндылықтарын жоғалтпай келе жатыр.
Date: 2015-11-14; view: 981; Нарушение авторских прав |