Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать неотразимый комплимент Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?

Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Азақ хандығының құрылуының барысы мен кезеңдері 2 page





Жүніс ханның Исан Дәулет бегімге 1457 жылдың соңында үйленгенін, олардың тұңғыштары Михр Нигар ханымның емшекте болғанын ескеріп, Хансалар ұрысы 1458 жылдың тамыз-қыркүйек айларында өтті дейміз. Осы шайқасқа қатысқан Дулатидың арғы атасы әмір Сайд Әлі 862 (1457 ж. қараша -1458ж. қараша) жылы, яғни, 1458 жылдың қазан-қараша айларының бірінде қайтыс болады [142, 113-114 бб.].

Сөйтіп, Жүніс ханның Моғолстан тағын иеленуге бағытталған алғашқы әрекеті сәтсіздікке ұшырайды. Есенбұға ханның өз тағын сақтап қалуына Қазақ хандығы да өз септігін тигізеді. Қазақ хандығы Махмуд бен Уәлидің жазғанындай «Есенбұға ханның иелігі мен Жүніс ханның иктасы аралығында орналасып», Жүніс ханға бүкіл Жетісу тайпаларының қосылуына кедергі жасайды.

Әбу Сайд мырза өзіне қашып келген Жүніс ханға екінші рет қолдау көрсетеді. Бұл жолы оған Андижан аймағының Жетікент деген жерін басқаруға береді [142, 114 б.].

Дулатидың көрсетуі бойынша Жүніс хан Әбу Сайд мырзаға екінші рет қайтып келгенде моғол әмірлері оның маңына қайта топтаса бастайды. Ол Жетікентте тұрақтап қалады. «Бірақ Есенбұға ханға тиеселі иеліктерге кіруге батылы бармайды» [142, 117 б.].

«Тарихи-Рашиди» авторының осы мәліметі Жетісудың батыс жағында құрылған Қазақ хандығының елеулі саяси күшке айналғанын көрсетеді. Сөйтіп, Қазақ хандығы сол жылдары Моғолстанның ішкі саяси өміріндегі оқиғаларға тікелей араласпаса да, саяси күш ретінде ондағы билік үшін күресуші топтар арасында танылады, Қазақ хандығын олар мойындауға мәжбүр болады. Бұл – біздің ойымызша, Қазақ хандығының құрылуы барысының екінші сатысындағы ең басты жетістігі болып табылады.



Қазақ хандығының құрылуы кезіндегі үшінші сатыға 1461/62-1469/70 жылдар аралығы жатады. 1461/62 жылы моғол ханы Есенбұғаның қайтыс болуымен және оның мұрагері Досмұхаммедтің хан тағына келуімен Моғолстанның ішкі саяси өмірінде күрделі өзгерістер жүреді де, ол өзгерістер Қазақ хандығына да ықпал етеді. Енді осы мәселені тереңірек қарастыралық.

«Есенбұға хан ажалы жетіп дүниеден озған соң, орнына ұлы Дос Мұхаммед хан патша тағына отырады. Оның жасы он жетіде болатын. Ол парасатты адамдар қатарына жатпайтын, көптеген істері ақылға қонбайтын еді, оның үстіне бір сәт болса да мастықтан есін жинаған емес. [Мисра]:

Жүретұғын жері лас, отыратын тағы лас,

Ақылды жан аулақ жүр, жынды бүгін тағы мас!»,- деп Мұхаммед Хайдар Дулати оның жеке басына осындай сипаттама сөздерді қосып жазады [142, 115-116 бб.]. Мемлекетті басқару ісіндегі негізгі принциптердің еленбеуі, жас ханның ішкі саясатында белгілі бір мақсаттың, жүйеліліктің болмауы Моғолстанның Шығыс Түркістан жақ бөлігіндегі әмірлер арасында жіктер мен алауыздықтарды туғызады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Тарих-и Рашиди» авторының арғы атасы Әмір Сайд Әлі 862(1457-1458) жылы қайтыс болғаннан кейін, артында қалған екі ұлдың үлкені – Сансыз мырза моғолдардың саясаты бойынша әкесінің орнына әмір болады да, Жаркентті өзіне орда етеді. Ал кіші ұлы – Мұхаммед Хайдар мырзаға жомарттықпен Қашқар мен Ианги Хисарды береді [142, 115 б.]. Сансыз мырзаның шешесі шорас тайпасынан, ал Мұхаммед Хайдар мырзаның анасы – Жүніс ханның әпкесі Ұрун сұлтан ханым да, әйелі – Есенбұға ханның қызы Даулет Нигар ханым болды [142, 115 б.].

Әмір Сайд Әлінің тұсында Шығыс Түркістандағы моғол тайпалары арасында алауыздық жоқ болатын, ал бар болса байқалмайтын. Әмір Сайд Әлі көп ұзамай Есенбұға хан қайтыс болғаннан кейін, Дос Мұхаммедтің билігі басталысымен тайпа басшылары арасында жік пайда болып, ол кеңейе түседі. Дулатидың жазуына қарағанда, Мұхаммед Хайдар мырза күйеу баласы болғандықтан, Есенбұға ханмен жақсы байланыс орнатты, ал ол болса дүние салғаннан кейін Дос Мұхаммед ханмен жақсы болды, ал Сансыз мырза Жүніс ханды қолдауға мәжбүр болды [142, 115 б.]. Сол себепті ағайынды екі мырзаның арасында араздық пайда болды. 863 (1464-1465) жылы Сансыз мырза аңда жүріп аттан құлап, жарақат алады да, көп ұзамай қайтыс болады. Осы кезде ешбір себепсізден Дос Мұхаммед хан әскерімен Жаркентке аттанып, Сансыз мырзаның әйелі мен үлкен ұлы Әбу Бәкірді өзімен бірге ала кетеді. Қашқарға да аттанып, қаланы тонауға ұшыратады да, өз астанасы Ақсуға қайтып оралады. Ханның бұл ісіне Мұхамед Хайдар мырза қатты ренжіп, ол енді Жүніс хан жағына шығады [142, 115-117 бб.]. Осылайша, Моғолстанның Ыстықкөл жанындағы Жүніс ханның күші молая түседі. Ал Дос мұхаммед ханның жоғарыда айтып өткеніміздей, өзінің қоластындағы қалаларға әскерімен барып, оларды тонауға ұшыратуын түсініп білу өте қиын. Ханның мұндай саясаты оның абырой-атағы мен беделін төмендетіп, жақтастарын азайтады., қарсыластарын көбейтеді.



Осы тұстағы Қазақ хандығы мен Дос мұхаммед хан арасындағы қарым-қатынастардың қандай болғаны белгісіз, ол жөнінде «Тарих-и Рашидиде» ешқандай мәліметтер айтылмайды. Соған қарамастан, екі арадағы қатынастарды мөлшерлеп, шамалап айтуға болады. Есенбұға хан тұсындағы дәстүрлі қатынастардың көбін бұзып, ешбір принциптерге негізделмеген саясат жүргізген Дос Мұхаммед хан Моғолстанның Жетісу жағындағы Қазақ хандығымен де жақсы болмаған секілді. Оның Шығыс Түркістан жақтағы жүргізген саясатының барысы осындай ойға жетікзеді. Қазақ хандығы үшін Дос Мұхаммед ханның бұл саясатының тиімді жағы болды деуге болады. Егерде Есенбұға хан тұсында Моғолстанның Жетісу аймағындағы батыс бөлікті иемденіп, оған белгілі бір дәрежеде тәуелді болған болса, Қазақ хандығы жаңа моғол ханының саясаты нәтижесінде дербестене бастайды. Бірақта оны толық жеке хандық деуге әлі ерте болатын. Моғолстанның ішкі саяси өміріндегі қатынастарда қазақ билеушілері қарсыласушы жақтардың ешқайсысын қолдамай, дербестік саясат ұстайды. Жүніс ханның жақтастары көбейіп, күші одан сайын арта түседі. Соған қарамастан, Жүніс хан билік үшін ашық күреске шықпай, Шығыс Түркістандағы саяси дамулар барысны бақылап, оның ақырын күтеді.

Жетісудағы Қазақ хандығы үшін осы жылдар бір жағынан саяси күш ретінде күшею, көршілерге танылу жылдары болса, екінші жағынан алғанда, алғашқы тарихи сындарға төтеп беру жылдары болып саналады. Әбілқайыр ханға наразы болған жекеленген ру-тайпалардың Қазақ хандығына келіп қосылуы осы жылдары да жалғаса береді. К.А. Пищулина осыған қатысты мынадай ойды білдіреді: «... Жәнібекпен және Кереймен көптеген жошлық сұлтандар, сондай-ақ ру-тайпа басшыларының өкілдері Моғолстанға келді. Көшіп кету одан кейін 15 жылдай уақытқа созылды, әсіресе ол процесс 1468 жылы Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін күшейе түсті» [47, 252 б.].

Осылайша, «көшпелі өзбектер» ханның көз алдында кеше ғана одан бөлініп кеткен қарсыластары Керей мен Жәнібек Әбілқайыр ханнан бөлініп кетушілер есебінен әрі көбейе, әрі күшейе түседі. Басқаша айтқанда, Әбілқайыр ханның ұзақ жылдар бойы соғыстар арқылы күшпен қалыптастырған мемлекетінің іргесі оның көз алдында сөгіле бастайды. Ол мемлекеттің күйреу процесін тоқтатудың бірден-бір дұрыс жолы деп Моғолстанның батыс жағындағы Қазақ хандығын жоюды қажет деп тауып, өмірінің соңғы жылы өзінің соңғы жорығын жүргізеді.

Әбілқайыр ханның бұл жорығының «көшпелі өзбектер» елінің тарихында, Қазақ хандығының құрылуы тарихында алатын орны маңызы болғандықтан, ол мәселе арнайы қарастыруды қажет етеді. Жорықтың барысына кіріспес бұрын, алдымен жорық қарсаңындағы Шығыс Дешті Қыпшақ, Моғолстан және Темір әулеті мемлекеттерінің саяси дамуындағы маңызды оқиғаларға талдау жасап, олардың жорыққа жалпы қатысын анықталық. Әсіресе, 1469 жылғы Моғолстандағы ішкі саяси жағдайдың барысы – жорықтың себептері мен мақсатын анықтауға мүмкіндіктер береді.

Жалпы алғанда, Әбілқайыр ханның Моғолстанға жорық жасауының себебі түсінікті. Өзіне бағынбаған Керей мен Жәнібек сұлтандарды және олардың соңына ерген ру-тайпаларды Жетісуға қоныстануға рұхсат берген моғол ханы Әбілқайырдың жауы, әрі қарсыласы болғаны белгілі. Керей мен Жәнібек Моғолстанға көшіп келгеннен кейін, бірден оларға қарсы Әбілқайыр хан бірнеше себептерге байланысты жорық жасай алмайды. Бірінші себепке – 1457 жылғы қалмақтардан жеңілуіне және ордаежендік тайпалардың бір бөлігінің бөлініп кетуіне байланысты күшінің әлсіреуі жатса, Керей мен Жәнібек сұлтандарға жорық жасау – Моғолстанға қарсы соғыс ашуды білдіргендіктен, күші әлсіреген Әбілқайыр хан оны уақытша тоқтата тұруға мәжбүр болады. Бұл - Әбілқайыр ханның Керей мен Жәнібеккке қарсы бірден жорық жасамағандығынының екінші себебіне жатады.

Ал 10 жылдан астам уақыт бойы Әбілқайыр ханға наразы болған ру-тайпалардың Қазақ хандығына қосылу процесінің жүруі «көшпелі өзбектер» елі ханын жорық жасауға итермелейді. Әлі де болса күш ала қоймаған Жетісудағы Қазақ хандығын талқандау арқылы ол негізгі қарсыласын жоюды және өзіне бағынышты тайпалардың бөліну процесін тоқтатуды мақсат етеді. Бірақта Моғолстан ханының қол астындағы аймаққа жорық жасауға жүрегі дауаламаған секілді.

1469 жылдың бірінші жартысында Темір әулеті мемлекеті мен Моғолстанда қалыптасқан саяси жағдай Әбілқайыр ханға жорық жасауға мүмкіндік береді. Біз бұған дейін темірлік әулеттің өкілі Әбу Сайд мырзаның 1451 жылы жаз айында Әбілқайыр ханның тікелей әскери көмегі арқасында Самархан тағына ие болғанын айтқанбыз. 1458 жылдың соңында ол Герат қаласын алып, Мауереннахр мен Хорасанды қайта біріктіреді. Иранға толық үстемдік орнатуға оған Иранның батысындағы Қарақойлы әулетінің мемлекеті (1410-1467) кедергі жасайды. 1459 жылы Әбу Сайд мырза қарақойлылар билеушісі Жаһан Шахпен бейбіт келісім жасайды. 1467 жылы Қарақойлы мемлекеті құлап, орнына Батыс Иранда Аққойлы мемлекеті құрылады. Бұрынғы Қарақойлы мемлекетінің астанасы Тебриз қаласы Аққойлылардың астанасына айналады. Аққойлы мемлекетінің күшеюіне жол бермеу үшін Әбу Сайд мырза 100 мыңдық әсерімен Ұзын Хасанға қарсы аттанады. 1469 жылдың қысын Муган қаласында өткізген хорасандық әскер бүкіл аткөліктерінен айырылады, әскер аштыққа ұшырайды. Ұзын Хасан әскері Әбу Сайд мырза әскерін қоршауға алып, ақыры жеңіліске ұшыратады. Қолға түскен Әбу Сайд мырза өлтіріледі [313, 353-354 бб.; 195, 236-237 бб.; 314, 230-231 бб.].

Темірлік мырзаның өлімі Хорасан мен Мауереннахрдағы саяси тұрақтылықты саяси бытыраңқылыққа айналдырады. Ең алдымен Әбу Сайд мырзаның басты қарсыласы Хұсайын Байқара бас көтереді. Ол 1460 жылдан бері Әбілқайыр ханның қолдауына сүйеніп, бірнеше рет Хорезм аймағына өз билігін орнатқан болатын. Бірақта Самархан билеушісінің тықсыруымен ол Дешті Қыпшаққа қашуға мәжбүр болған еді [45, 144-145 бб.]. Б.А. Ахмедов Абдраззақ Самарканди мен Хондемирдің мәліметтеріне сүйеніп, оның Әбу Сайд мырзаның қаза табар қарсаңында Әбілқайыр хан Ордасында болғандығын айтады [45, 145 б.]. Соған қарағанда Әбу Сайд мырзаның 1469 жылдың қыс айларының соңы – көктемінің басында өлтірілгені туралы хабар Дешті Қыпшаққа сол жылдың көктем айында белгілі болған. Өте тез қимылдаған Хұсайн Байқара әуелі Хорезмді, кейін Гератты алады. Осы жылдардағы Хорасан мен Мауереннахрдағы оқиғаларды А. Мюллер былай деп баяндап түсіндіреді: «Темірлік мырзаларға бірлік деген ұғым өте жат болатын, Әбу Сайд мырзаның артында қалған он бір ұлы жағдайды өте қатты қиындатты. Одан басқа мырзаның өлімі Хұсайын Байқараның Хорасанға қарсы жорыққа аттануына мүмкіндік берді. Әртүрлі қақтығыстардан кейін онымен және Әбу Сайд мырза ұлдары арасында тіл табысылады. Әбу Сайдтың ұлдарының төртеуі – үлкені Ахмед мырза Самарқан мен Бұқарада, үшінші ұлы – Махмуд мырза – Бадахшанда, төртінші ұлы – Омаршейх мырза – Ферғанада, ең кіші ұлдарының бірі – Ұлықбек мырза – Кабул мен Ғазия аймақтарында өз биліктерін сақтап қалады. Ал қалған аймақтардың бәрінде Хорасан, Саджестан, Балх, Хорезмде Хұсайын Байқараның билігі онайды [142, 117 б.].

Сөйтіп, Әбілқайыр ханның соңғы жорығы қарсаңында Темір әулеті мемлекетіндегі саяси жағдай күрт өзгеріп, империя бірнеше дербес иеліктерге бөлініп кетеді. Бұл өз кезегінде Әбілқайыр ханның Моғолстан жаққа жорық жасауына жол ашқандай әсер етеді.

Әбілқайыр ханның Моғолстан жаққа қарай жорықты бастауына түрткі болған оқиғаға – 1469 жылы моғол ханы Дос Мұхаммедтің кенеттен қайтыс болуы жатты. Мұхаммед Хайдар Дулати оның қайтыс болған жылын былай деп түсіндіреді: «Дос Мұхамед мырзаның өкпесіне суық тиіп, алтыншы күні көз жұмады. Ол жиырма төрт жаста еді. Жеті жыл патшалық етті 873(1468-1469) жылы қайтыс болды» [328, 16 б.]. Қазіргі біздің жыл санауымыз бойынша хижраның 873 жылы – 1468 жылдың 22 шілдесі мен 1469 жылдың 11 шілдесі аралығына сәйкес келеді [328, 16 б.].

Деректегі «мырзаның өкпесіне суық тиді» деген дерекке қарағанда, Дос Мұхаммед хан 1469 жылдың қыс айының соңында немесе көктемнің басында қайтыс болған секілді. Бірақта бұл туралы хабар Әбілқайыр ханға кеш жеткен деп есептейміз. Өйткені Әбілқайыр хан жорыққа шығу туралы шешімді жайлауда жүргенде қабылдайды. Біздің ойымызша, егерде моғол ханының қайтыс болғандығы жөніндегі ақпарды ол Сыр бойындағы қыстауда естіген болса, онда Шығыс Дешті Қыпшақтың солтүстік жағына жайлауға көшпеген болар еді.

Дос Мұхаммед ханның қайтыс болуы Моғолстанның Шығыс Түркістан жағындағы ішкі саяси өмірді біршама шиеленістірді. «Тарих-и Рашидиде» ол туралы: «Бұдан соң ел бір-бірімен тартысып, берекелері кетті»,- делінеді [142, 117 б.]. Ондағы әмірлердің бір тобы Жүніс ханды қолдаса, екінші бір тобы Дос мұхаммед ханның ұлы Кебек Сұлтан оғланды алып, Турфан жаққа кетеді [142, 117 б.].

Осындағы, Моғолстандағы саяси жағдайдан хабардар болған Әбілқайр хан өзінің негізгі мақсатын жүзеге асыруға уақыттың жеткенін біліп, бірден жорыққа дайындалады.

Сөйтіп, 1469 жылдың басынан бергі Мауереннахр мен Моғолстандағы саяси жағдайлар Әбілқайыр ханға 1457 жылға дейінгі мемлекетінің қуаты мен өзінің беделін қалпына келтіруіне қолайлы жағдайлар қалыптастырады. Мауереннахрда үш дербес иелік пайда болып, бір-бірімен алауыз болып жатқанда олар Әбілқайыр ханның қайта күшеюіне тосқауыл қоя алмас еді. Моғолстанның оңтүстігіндегі әмірлер арасындағы бірліктің болмауы, Жүніс ханның әлі де болса Ақсудағы билікке отыра қоймауы да Әбілқайыр ханнның Жетісудағы Қазақ хандығын талқандап, ол аймақты өз мемлекетіне қосып алуына ешқандай кедергі жасай алмаған болар еді. Жалпы қорытып айтқанда, Әбілқайыр ханның 1469 жылғы Моғолстан жаққа жорығы қарсаңындағы бүкіл аймақтағы саяси жағдайлар ол үшін өте қолайлы болды. Мұндай сәтті өз пайдасына шешу үшін «көшпелі өзбектер» елінің билеушісі бірден жорыққа аттану туралы шешім қабылдайды.

«Көшпелі өзбектер» елі билеушісінің 1469 жылғы Моғолстанға жасалған жорығы туралы зерттеу жұмыстары өте аз. Біз өзіміздің бірнеше мақалаларымызда оған арнайы тоқталып, ондағы кейбір мәселелерді түсіндіруге тырыстық [61, 17-20 бб.; 329, 624 б.]. Бұл жорықтың Қазақ хандығының қалыптасуы кезеңінде, оның ішінде үшінші сатысында алатын маңызы өте ерекше болғандықтан, оған тереңірек тоқталуыды жөн санап отырмыз.

ХY-ХYІ ғасырлардағы Қазақстан тарихының көптеген мәселелері шығыс жазба деректері ішінде шибанилық шығармаларда көп көрініс тапқаны белгілі. Бұл топтағы шығармалардың өзіндік бір ерекшелігіне - әулет билеушілері мен сұлтандарының өмірін, соғыстары мен жеңістерін мадақтау, марапатттау, ал жағымсыз жақтары жөнінде жақ ашпау жатады. Сол себепті де Әбілқайыр ханның бұл соңғы жорығы өз мақсатына жетпегендіктен, осы жорық барысында ханның өзі ауырып қайтыс болғандықтан, шибанилық туындылардың ешқайсысы бұл жөнінде ешқандай мәліметтер бермейді. Керісінше, аштараханилық топқа жататын «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар» шығармасында осы жорық оқиғалары біршама тәуір баяндалады. Тіпті бұл тарихи шығармалардағы осы жорыққа қатысты деректерді бірден-бір жалғыз деуге болады. Олай болса, осы шығармалардағы дерек мәліметтеріне сүйеніп, Әбілқайыр ханның 1469-1470 жылғы соңғы жорығын талдап қарастыралық.

Махмуд бен Уәли жорықтың нақты қай жылы және қай айда басталғанын айтпаса да, оны жорық барысындағы кейбір оқиғалармен салыстырулар арқылы анықтауға болады. Ханың қайтыс болған жылы мен айы – 874 жылғы қыстың алғашқы айы болса керек. Ол қазіргі жыл санау бойынша – 1469 жылдың желтоқсанына сай келеді [144, 359-360 бб.]. Осыны ескере келе Әбілқайыр хан жорықты 1469 жылдың күзінің басында бастаған деп санаймыз.

Махмуд бен Уәли Әбілқайр ханның жорыққа дайындығы туралы былай деп баяндайды: «... Кенеттен ол (Әбілқайыр хан- Б.К.) моғол сұлтандарының билігіндегі Моғолстанның қалған жерлерін бағындыруды ойластырып, әскер жинауға жарлық береді. Хан жорығына сәйкес барлық ел мен ұлыстардағы басшылар айтылған уақытта өздерінің ондықтарымен, жүздіктерімен және мыңдықтарымен Еділ бойындағы хан ордасына келуі тиіс болды» [144, 358-359 бб.]. Махмуд бен Уәли Әбілқайырдың жорыққа аттанған, әскерінің жиналған жері деп Еділ өзенінің бойын өз дерегінде біршама атап өтеді [144, 359 б.]. Одан ары жорықтың жүрген бағытына үңілсек, Әбілқайыр хан Еділ өзені бойынан аттанып, Ала-Так маңынан өтеді де, Қызыл Надыр жайлауының жолымен жүре отырып, бірнеше асулардан асады. Одан ары Жеті Құдық деген жерге келіп тоқтайды [144, 359 б.]. Қызыл Надыр жайлауы Талас өзенінің төменгі ағысында, қазіргі әкімшілк жүйе бойынша Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының шекаралары түйіскен жерде болған [207, 552 б.]. Көрсетілген географиялық атаулар бойынша Әбілқайыр ханның жорық бағыттары: Еділ-Алатау-Қызыл Надыр- Жетіқұдық арқылы жүрген болып шығады. Енді осы жорық бағытына карта бойынша көз салсақ, Әбілқайыр хан мол әскерімен Еділ бойынан аттанып, Алатау маңына жеткен, одан ары кейін оралып, Қызыл Надырға барған да, қайтадан 180 градусқа бұрылып, Жетіқұдық деген жерге келіп тыныстаған. Әрине, талай жорықтарды басынан өткерген және Шығыс Дешті Қыпшақты бес саусағындай жақсы білетін «көшпелі өзбектер» ханы қалың қолымен бұлайша жүрмеген. Біздің ойымызша, жорық бағытындағы географиялық атауларды көрсетуде дерек авторы, не болмаса деректі көшірушілер тарапынан қателіктерге жол берілген. Егерде біз жорық басталғандығы географиялық атауларды дәл анықтасақ, онда жорық бағыты анық айқындалады да, Әбілқайыр ханның соңғы жорығының қайда және кімге қарсы бағытталғандығын нақты біле аламыз. Олай болса, алдыменен жорықтың бағытындағы географияық атаулардың көрсетілуіне көңіл аударалық.

Ортағасырлық шығармалардың кезінде түпнұсқадан талай рет көшірілгені белгілі. Осындай көшірулер барысында түпнұсқадағы кейбір адам есімдері мен жер-су атаулары қате жазылуы мүмкін екендігін деректану ғылымы мойындайды. Сондай-ақ араб әліппесімен жазылған шығармаларды көшіруде «б», «т», «и» және т.б. әріптердің үстіндегі немесе астындағы ноқаттары артық не кем болса, тіпті көрсетілмеуі сөзді мүлде өзгеріске ұшыратады. Осыған орай, «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар» кітабының түпнұсқасын көшіру кезінде көшірмешілер тарапынан жоғарыдағыдай қателер кеткен деп есептейміз. Қателерге байланысты Әбілқайыр ханның жорық бағыты да қате көрсетілген.

Алдыменен Әбілқайыр ханның жорықты бастаған жері – Еділ өзенінің атауына тоқталалық. Еділ өзені – Дешті Қыпшақ аумағындағы ең белгілі, ең танымал өзендердің бірі. Ортағасырлық деректерде бұл өзен – Итил, Атил деген атаулармен кездеседі. Махмуд бен Уәли еңбегінде Әбілқайыр ханның әскер жиған жері Еділ өзенінінң бойы деп жазылса да, біз оны дұрыс деп есептей алмаймыз. «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиардан» үзінді аударып, оған түсініктемелер жазған К.А. Пищулина «Әбілқайыр әскерінің жиналған жері басқа бір өзеннің жағасы болған, ол көшірушілер тарапынан өзгеріске ұшыраған» деп есептейді [207, 552 б.]. Біз де ғалымның осы пікірін қостай отырып, Әбілқайыр ханның Еділ өзені бойында әскер жиюы мүмкін еместігін мынадай дәлелдермен келтіреміз.

Біріншіден, Ноғай бегі Оқастың тұсында оның Әбілқайыр ханмен ордадағы достығы қатты көрініп, маңғыт тайпалары мен шибандық тайпалар «көшпелі өзбектер» қауымдастығын құраса, Оқас би қайтыс болғаннан кейін оның мұрагерлері Әбілқайыр ханнан ат құйрығын кесісіп, маңғыт тайпаларынан бөлініп кетеді. Еділ мен Жайық аралары маңғыттардың негізгі қонысы болып қалғандықтан, басқа бір мемлекет басының өз елінің аумағында емес, көршілес елдің аумағында әскер жиды дегеніне ешкім илана қоймайды.








Date: 2015-11-14; view: 546; Нарушение авторских прав

mydocx.ru - 2015-2021 year. (0.013 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию