Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Азақ хандығының құрылуының барысы мен кезеңдері 3 page





Екіншіден, маңғыт билері Әбілқайыр ханға Еділ бойында әскер жинауға мүмкіндік берді дегенің өзінде, Жетісу жеріне қарай жорыққа аттанбақ болған Әбілқайыр ханның қолбасшылары өз әскерлерін Шығыс Дешті Қыпшақтың әр ұлысынан Еділ бойына алып келген, одан кейін қайтадан Жетісуға қарай аттанған дегенге ешкім сене қоймайды.

Сонда Әбілқайыр хан Шығыс Дешті Қыпшақтың қай өзен бойында әскер жинаған? деген заңды сұрақ өз-өзінен туындайды. Біздің ойымызша, ол өзен Шығыс Дешіт Қыпшақ аумағында болған, сондай-ақ ол өзеннің айтылуында, не жазылуында Еділ сөзіне ұқсастығы болған. Сонымен қатар ол өзен жергілікті жердегі кішкене өзендердің бірі емес, Дешті Қыпшақ пен Мауереннахрға танымал Сырдария, Ертіс, Жайық, Шу, Талас, Жем секілді өзендердің бірі.

Біздің ойымызша, Әбілқайыр хан әскерінің бас қосып, жиналған жері – Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы Тобыл өзенінің жоғарғы және орта ағысы бойы болған. Оған біздің бірнеше дәлеліміз бар. Бірінші, Тобыл өңірі – XІІІ ғасырдың 20-шы жылдарынан бері Шибан әулетінің иелігіндегі жер және осы өңірде 1428 жылы 17 жасар Әбілқайыр хан тағына отырғызылған. Екінші, жорыққа дайындық жаз айларында басталып, хан әскер жию туралы жарлығын Шығыс Дешті Қыпшақтың солтүстігіндегі жайлаулардың бірінді жинаған. Жайлаудың негізінен өзендерге жақын, өзендер маңында болатынын ескерсек, онда Шибан Ұлысы аумағындағы үлкен өзеннің бірі – Тобыл өзені болғандықтан, хан әскерінің бас қосар жері осы өзен бойы деп белгіленген. Үшінші, Тобыл сөзі араб әріпімен----- - деп жазылады. Осы сөзді көшіру барысында оның Еділ (Итыл, Атил) сөзіне ауысу мүмкіндігі өте көп. Итыл сөзі – араб әліппесі бойынша -------- деп жазылғандықтан, екі сөзідң, яғни Тобыл мен Итыл сөздерінінң дауысты дыбыстарсыз әріптік құрылымы бірдей болып, олардың ауысуы әбден мүмкін. Біздің ойымызша, түпнұсқадағы Тобыл сөзін көшіру барысында көшірмелер астынғы және үстінгі ноқаттарды шатыстыру арқылы Итил сөзіне айналдырып жіберген.

Осылайша, жоғарыда айтылған дәлелдеулерімізді қорыта келе, Әбілқайыр хан 1469 жылы жаз айында өзінің ежелден бергі ата-баба иелігіндегі жайлауда болып, жорық жасау туралы шешімді осында қабылдаған. Сондай-ақ осы өңірдегі Тобыл өзеніннің бойы әскерлердің бас қосатын жері боп белгіленген. Сөйтіп, жорықтың бағытындағы алғашқы географиялық нүкте – Тобыл өзені болған деп санаймыз.

Тобыл өзені бойынан Моғолстан бағытына қарай баратын жолдағы екінші географиялық атау – Ала-Таг деп аталады. Біз бұл атауды Алатау емес, Орталық Қазқастандағы Ұлытау деп қабылдаймыз. Араб әріптеріндегі дауысты а,ә,ұ,ү, дыбыстары бір ғана әріп, / - алифпен берілгендіктен «ала» сөзін «ұлы» деп оқимыз. Ал «таг», «так» сөзінің көне түрік тілінде «тау» деген мағанасын білдіретіні көпке мәлім. Сонда дерек мәліметіндегі Ала-Так сөзі – Ұлытау сөзі болып шығады. Шынында да, Тобыл бойынан Моғолстан жаққа апарар ең қысқа және түзу жол Ұлытау арқылы өтеді. Алдыңғы бетте Қызыл Надырдың қай жерде екендігін айтып өттік. Осы анықталған үш географиялық нүкте арқылы: Тобыл-Ұлытау-Қызыл Надыр бағыттарымен түзу сызық жүргізсек, онда Әбілқайыр ханның жорығы Моғолстанның Жетісу аймағының батыс жағындағы Қазақ хандығына қарсы бағытталғанын байқаймыз.

Әбілқайыр ханның әскер жию туралы жарлығынан кейін, әскердің жиылуы, оларды тексеру және соншама мол әскермен Тобыл-Ұлытау-Қызыл Надыр арқылы жүру біршама уақытқа созылады. Хан әскерлері Қызыл Надырдан Жетісуға қарай бірнеше асу жер жүріп, Жетіқұдық деген жерге жеткенде күн суыта бастайды. Соған қарағанда, Әбілқайырдың жорық жасау жөніндегі шешімі мен жарлығы жаздың соңында шығып әскердің жиылуы мен аттаныс күз айларында болған. Махмуд бен Уәлидің: «... осы мезгілде қалың қар түсіп, құйындата жаңбыр жауды және күшті жел соғып, суық ең жоғарғы белгіге жетті».- деген дерегі күздің соңы немесе қыс айының басталғанын көрсетеді [144, 359-360 бб.]. Одан әрі ол биылғы қыстың басқа жылдармен салыстырғанда өте суық және қар аралас жаңбырлы болғанын айтып өтеді [144, 360 б.].

Суыққа қарамай Әбілқайыр хан жорықты жалғастырып, ұлдарының бірі Көшкінші сұлтанды әмір Жұлдыз тархан, Хасанбек ойрат, Жәлел оғлан, Сатылмас найман, Сейітбек қоңырат, Темір маджар, Тошбек Қыпшақ және тағы да басқа әмірлермен бірге әскердің авангарды ретінде алға жібереді. Аққышлақ деген жерге жеткен кезде суықтың күшейгені соншалық, хан әскерін сақтау үшін жорықты тоқтатуға мәжбүр болады. Осы кезде Әбілқайыр ханның өзі де суықтан қатты ауырып, емшілердің қолданған еміне қарамастан Аққышлақ деген жерде қайтыс болады. Махмуд бен Уәли оның өлген жылын «елу жеті жасында 874 (1469 шілде – 1470 маусым) жылы, тышқан жылында»,- деп көрсетеді [144, 361 б.]. Дәл осы жылды өз еңбектерінде Кухистани, Ходжамкули бек Балхи да айтып өтеді [207, 171 б.; 143, 393 б.]. Осылайша, Әбілқайыр ханның соңғы жорығы өз мақсатына жетпей, ханның қайтыс болуымен аяқталады. Сөйтіп, Қазақ хандығына төнген қауіп, өзінен-өзі сейіледі.

Осы жылдардағы Қазақ хандығының ішкі саяси өміріндегі жағдайларды баяндайтын дерек мәліметтер жоқ. Сондақтан да ол жөнінде пікір айту қиын.

Енді хандықтың құрылу барысындағы 1461/62-1469/70 жылдардағы үшінші саты оқиғаларына қорытындылар жасалық.

Өзіміз шарты түрде бөліп отырған үшінші саты маңызды болып саналады. Біріншіден, осы жылдары Қазақ хандығына Әбілқайыр хандығынан бөлінген ру-тайпалардың келіп қосылуы үзілмей жалғаса береді. Бұл процесс хандықтағы адам санының арта түсуіне алып келді.

Екіншіден, Есенбұға ханның мұрагері Дос Мұхаммед ханның билік құрған жеті жылы ішінде 866(1461/62) – 873 (1468-1469) Моғолстанның ішкі саяси жағдайы өте нашарлап кетеді. Ханның жүргізген саясатында нақты бір принциптердің болмауы әмірлердің арасында жікті ұлғайтып жібереді. Ал ол қайтыс болғаннан кейін әмірлер қарам-қарсы екі топқа бөлінеді де, бірі – Ыстықкөл жақтағы Жүніс ханды қолдаса, екінші біреулері – Дос Мұхаммед ханның жас ұлы арқылы өз үстемдігін сақтап қалуды мақсат етеді. Мұндай жағдайда Моғолстанның Жетісу жағындағы Қазақ хандығы бірте-бірте дербестене бастайды.

Үшіншіден, осы саты ішіндегі ең ірі оқиғаға - Әбілқайыр ханның Қазақ хандығына қарсы бағытталған жорығы жатып, жорықтың мақсаты – Моғолстандағы саяси жағдайды пайдалана отырып, Жетісудағы Қазақ хандығын жою болғаны анықталды. Мауереннахрдағы саяси бытыраңқылық та Әбілқайыр ханның жорық ұйымдастыруына қолайлы жағдайлар жасайды.

Төртіншіден, жорық барысына талдау жасау барысында кейбір түсініксіз жәйттерге көңіл аударылып, оларға ғылыми түсіндірулер берілді. Әбілқайыр ханның жорығы барысында ауырып қайтыс болуы – жорықты аяғына дейін жеткізбейді.

Сөйтіп, осы үшінші сатыда Қазақ хандығына басты қарсыласынан төнген қауіп оның қайтыс болуына байланысты сейіліп, өзінің қалыптасуы барысындағы соңғы сатыға аяқ басты.

Біз Қазақ хандығының құрылу кезеңіндегі соңғы, төртінші сатыға Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан қазақ билеушілерінің Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында билігі толық орныққанға дейінгі аралықты жатқызамыз.

1470-ші жылдан бастап Қазақ хандығы Моғолстанның саяси қамқорлығынан шығып, дербес, толыққанды мемлекет атануға мүмікіндік алады. Шығыс Дешті Қыпшақ, Мауереннахр аумақтарында және Моғолстанның Шығыс Түркістан аймағындағы саяси жағдайлар оған өте қолайлы алғышарттар әзірлейді. Дос Мұхаммед ханның қайтыс болуынан кейін моғол тағына ешбір қиындықсыз Жүніс хан отырады. Бірақта оған алғашқы кездерде моғол әскерлерімен тіл табысу қиындықтар туғызады. Ол туралы «Тарих-и Рашиди» авторы былай деп баяндайды: «Сол күндері Жүніс хан бірнеше рет Қашқарға барды, алайда Моғолстан әмірлерінің ешқайсысы Қашқарда тұрақтай алмады. Хан шарасыздықтан қайта оралған болатын... Ол жөніде қысқаша мынаны айтуға болады. Жүніс хан Қашқарда шаһарда тұруды армандайтын. Бірақ моғолдың әскері мен әмірлері қаладан қашқақтаған-ды. Сол себепті де хан Моғолстанда тұруға мәжбүр болды. Сансыз мырза өлген соң, Мұхаммед Хайдар мырза Жүніс ханмен жақындасты. Осы екі арада Дос Мұхаммед хан да өлді. Жүніс хан Ақсуға барып, Дос Мұхаммед ханның халқын өзіне қаратады...

Алайда Жүніс хан Ақсуда қалғысы келетін еді, себебі Ақсу Моғолстанға қарағанда қалаға ұқсайтынды. Бірақ моғолдардың жүріс-тұрысынан бұлар егер біршама уақыт тұратын болса, елдің көңілінің Сұлтан Кебек оғланға (Дос Мұхаммедтің ұлы –Б.К.) ауатынын байқайды. Сондықтан хан амалсыздан бар елін Моғолстанға әкетуге мәжбүр болды» [142, 117-118 бб.]. Осылайша, 1470-ші жылдардың басында Жүніс хан Моғолстан ханы боп мойындалса да, ол моғол әмірлері арасындағы алауыздықтарды тоқтата алмайды.

Бұған дейін айтып өткеніміздей, Мауереннахр аймағында да Әбу Сайд мырзаның өлімінен кейін саяси тұрақтылық саяси бытыраңқылыққа ауысып, мырзаның үш ұлы ондағы өз иеліктерінде жеке-дара билік жүргізеді.

Ал Әбілқайыр ханның қайтыс болуынан кейін «көшпелі өзбектер» еліндегі этносаяси ахуал мүлде шиеленісіп кетеді. Бұл туралы жазба деректерде мынадай мәліметтер кездеседі. «Тарих-и Рашидидің» бірінші кітабында «Әбілқайыр хан қайтыс болған соң өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында үлкен келіспеушілік туды»,- делінсе, екінші кітабында «Әбілқайыр хан дүние салғаннан кейін өзбектердің ұлысында алауыздық пайда болды»,- деп сипатталады [142, 110 б.; 306 б.]. Әбілғазы болса, «Оның (Әбілқайырды айтып отыр- Б.К.) ұлдары мен немерелері көп еді, көп дұшпан оларға да қол сұқты, балаларының бірнешеуін өлтірді, қалғандары төрт жаққа қашты. Көп елінің барлығын тоз-тоз қылды»,- деп жазады [135, 126 б.].

Мұхаммед Хайдар Дулатидың бірінші кітабындағы мәліметтен біз «көшпелі өзбектер» еліндегі 1470-ші жылдардың басындағы ішкі саяси жағдайдың қалай дамығанын байқаймыз. «Өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында үлкен келіспеушілік туды» деген мәлімет Әбілқайыр хан өлгеннен кейін билеуші әулет өкілдері арасында хан тағын иеленуге байланысты бірнеше топтың болып, олар арасында күрестер мен қақтығыстардың жүргенін білдіреді. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме», «Фатх-наме», «Шайбани-наме», «Тарих-и Кипчаки», «Фирдаус ал-икбал», «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар», «Түрік шжіресі» секілді деректердің мәліметтерінен біз Әбілқайыр ханнан кейін таққа Әбілқайырдың ұлдарының бірі Шайх Хайдар мен шибанилық әулеттің өкілі, Арабшахтың шөбересі – Иадгардың таласқанын көреміз [130, 19 б.; 131, 56 б.; 144, 359-360 бб.; 135, 126 б.]. Билікке таласушылардың шығу тегіне қарап мұрагерлік мәселесіндегі екі дәстүрдің – монғолдық және түркілік дәстүрлердің күресін көруге болады. Әбілқайыр ханның қаншы қызы болғанын дерек мәліметтері айтпаса да, оның он бір ұлы болғаны белгілі. Олар ханның төрт әйелінен және күңінен дүниеге келеді. Бүркіт тайпасынан алған әйелінен – Шах Бұтақ-сұлтан мен Қожа Мұхаммед, Маңғыт әйелінен – Мұхаммед сұлтан мен Ахмед, қоңыраттан алған әйелінен- Шайх Хайдар, Санжар, Шайх Ибрагим, 1451 жылы алған Ұлығбектің қызы Рабиға сұлтан бегімнен – Көшкінші мен Сүйініш қожа, ал Ақ Бурук пен Сайд Баба аты ұлдар – күңнен туылады [144, 354 б.]. Үлкен ұлы Шах-Бұтақтың әкесінің тірі кезінде қаза тапқаны белгілі, ал Қожа Мұхаммед Әбілғазы жазғандай «ақылы кем кісі болатын» [135, 128 б.]. Оқас бидің қайтыс болуынан кейін шибанилық әулеттің маңғыт билемен қарым-қатынасы нашарлап кетуіне байланысты маңғыт әйелден туған Мұхаммед пен Ахмед Сұлтандардың әулет өкілдерінің қолдамайтыны белгілі.

Рабиға Сұлтан Бегімнен дүниеге келген Көшкінші мен Сүйініш қожа сұлтандар – 16-17 жаста болатын. Ал қоңырат әйелден туылған үш ұлдың үлкені, Әбілқайыр ханның бесінші ұлы – Шайх Хайдарды Болаттың Ибрагимінен өсіп-өнген жиырмадай сұлтан қолдайды. Ал шибанилық Болаттың Арабшахынан тарайтын Иадгар сол кезде Болат әулетіндегі ең жасы үлкені болғандықтан хандық билікті иеленуге ол да үміт артады. Бұған дейінгі келтірілген «өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасты» деген Дулати мәліметі осы екі үміткер арасында болған қақтығыстарды айтса керек.

Арабшах ұрпағы Иадгар 1457 жылғы Сығанақ түбіндегі Әбілқайыр ханның қалмақтардан жеңілісінен кейін өз ұлысында хан болып сайланған еді [145, 436 б.]. Оны билікке үлкен ұлы Буреке сұлтан мен маңғыт биі Мұса отырғызады [145, 436 б.]. Сырдың төменгі ағысының бойындағы өз ұлысында билік құрған Иадгар хан енді Әбілқайыр ханнан кейін түркілік дәстүр бойынша Шығыс Дешті Қыпшақтағы шибанилық әулеттің ең үлкені ретінде «көшпелі өзбектер» тағына отырмақ болады.

Бірақта Шайх Хайдар хан мен Иадгар хан арасындағы таластар ұзаққа созылмайды. Иадгар ханның қандай жағдайда қайтыс болғанын деректер айтпайды, бірден оның қайтыс болғандығын және оның орнын Шайх Хайдар ханның иеленгенін баян етеді [131, 56 б.]. Дәл осыдан кейін Иадгар ханның ұлы Буреке сұлтан бұған дейін Әбілқайыр хан мен ұлдарына, шибан әулетіне адал қызмет етіп келсе, енді билеуші шибан әулетіне ашық күреске шығады. Біз ол туралы төменде әлі тоқталамыз.

Біздің бұл қарастырып отырған мәселеміз - Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейінгі алғашқы жылдарда болған «көшпелі өзбектер» еліндегі ішкі саяси жағдайлар. Ал енді осы жылдардағы «көшпелі өзбектер» жұртындағы ру-тайпаларға да тоқталып көрелік.

Бұл туралы өте қысқа болса да маңызды мәліметті Мұхаммед Хайдар Дулати береді. Ол Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейінгі оның еліндегі алауыздықтарды баяндай келе, былай деп жалғастырады: «Жұрттың көпшілігі Керей мен Жәнібек ханның жанына кетіп қалды. Олардың саны екі жүз мың адамға жетті, оларды өзбек-қазақ деп айта бастайды» [142, 110 б.]. «Тарих-и Рашидидің» тағы бір жерінде ол «әркім мүмкіндіктеріне қарай қауіпсіз һәм дұрыс өмір сүру үшін Керей хан мен Жәнібек ханды паналады. Олар осылай күшін нығайтты»,- деп сипаттайды [142, 306 б.]. Бұл дерек мәліметтері Әбілқайыр ханның өлімінен кейін «көшпелі өзбектер» елінде таққа таласушы екі топтың арасында кәдімгідей күрестердің жүргендігін көрсетеді. Кезінде Керей мен Жәнібек хандарға әртүрлі себептерге байланысты ілесе алмаған ру-тайпалар енді жаппай түрде көше бастаған секілді. Жаңадан қосылушылар есебінен Қазақ хандығының күші де өсе бастайды. Біздің ойымызша, олар ордаежендік және шибандық ру-тайпалар болған.

Иадгар ханның қайтыс болуынан кейін оның ұлысындағы биліктің Буреке сұлтанға тимей, Шайх Хайдар ханның қолына өтуі үміткердің қарсылығын туғызды. Сөйтіп, Болат әулетінің ішінде де жік пайда болады. Осындай жағдайды пайдаланып, Қазақ хандығы тарапынан Шығыс Дешті Қыпшақтағы шибан әулетінің билігін жою үшін алғашқы күрестер басталады. «Тарих-и Кипчаки» авторы ол туралы былай деп мәлдімет береді. «Бузург-хан [қайтыс] болғаннан кейін мемлекеттің басты адамдары ханзадаларымен ұйғарыса келе Шайх Хайдарды билікке алып келді. Ол жуастау және әлсіз адам болатын, басқару ісінде [өз бетінше қадамдар] жасауға дәрменсіз еді. Сол себепті де Жәнібек ханның ұрпақтарының бірі Бұ[рын]дық хан өз ұлысын біріктіріп, Әбілқайыр ханның ұлдарына бас салды. Оларда қарсылық [көрсететіндей] күш болмады, сол себепті жан-жаққа қашып кетті, олар кейін қайтқаннан соң [бұлар] қайта жиналды» [143, 393 б.].

Бұл мәліметте автор Бұрындықты Жәнібектің ұрпағы және оны хан деп қате жазғанына қарамастан, негізінен дерек Қазақ хандығының шибан әулетіне қарсы күресінің басталғанын көрсетеді. Сөйтіп, Қазақ хандығы он жылдан астам уақыт бойы Моғолстанның Жетісу аймағында болып, енді қайтып оралу үшін қорғаныстан шабуылға шыға бастайды.

Шығыс Дешті Қыпшақтағы шибан әулетіне қарсы күресті Қазақ хандығымен қатар басқа да қарсыластар жүргізеді. Олар – Батыс Сібір аумағындағы шибанилық әулет бұтағының өкілдері Сайдек хан, оның немере інісі Абак (Ибак) хан, Сырдың төменгі ағысы бойындағы шибанилық әулет өкілі, Иадгар ханның ұлы – Буреке сұлтан, маңғыт билері - Едігенің ұрпақтары – Аббас, Мұса және Жаңбыршы билер [130, 19 б.; 131, 56 б.; 144, 359-360 бб.]. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме» мәліметінде Шейх-Хайдар ханға қарсы күрескен Қазақ хандығы жағынан Барақ ханның ұлдары – Жәнібек пен Керейдің есімдері аталса, қалған шығармалардың мәліметтерінде тек Жәнібек ханның есімі ғана аталып, Керей есімі кездеспейді. Соған қарап біз. Қазақ хандығының алғашқы ханы болған Керей – 1470 жылға таман дүниеде болмаған деп санаймыз. Бұған дейінгі келтірілген мәліметтердің бірінде қазақ билеушілерінің Шейх Хайдар ханға қарсы жасаған алғашқы жорығында Бұрындықтың «хан» титуылымен аталуы да біздің осы ойымызды негіздей түседі.

Әбілқайыр ханның мұрагері Шейх Хайдар ханға қарсы күрескен қарсыластардың сол тұстағы мемлекеттері мен ұлыстарының аумағына және ондағы билеушілердің іс-қимылдарына назар салсақ, біз Қазақ хандығының қалыптасу кезіндегі соңғы сатының аяқталған жылын анықтауға мүмкіндік аламыз. Дерек мәліметтерінде бірінші болып айтылатын Сайидек хан мен оның немере інісі Ибак ханға тоқталайық. Батыс Сібір аумағындағы бұл билеушілер – Шибан әулетіне жатады. Олардың шығу тегі деректерде былайша беріледі: Шыңғыс хан- Жошы-Шибан-Баһадүр-Жошыбұқа-Мыңтемірхан-Бекқоңды-Әли-Қажымұхаммед, оның ұлдары – Сейидек хан, Махмудек хан және Махмудек ханның ұлдарынынң бірі – Ибак хан [130, 19 б.; 131, 56 б.; 144, 359-360 бб.]. М.Г. Сафаргалиев Сібір хандығын 1420 немесе 1421 жылы Едіге бидің ұлы Мансұрдың қолдауымен Шибанилық Хажымұхаммед хан қалаған дейді [44, 476 б.]. Қадырғали Жалайыр ол туралы былай дейді: «Негізінде Өзбекия арасында кең тараған хикаяда былай айтылады. Едіге би опат болады. Мансұр би болды. Хажы Мұхаммед оғланды Мансұр би хан көтереді. Бірі хан бірі би болып жүрер еді. Мансұр биді Барақ хан өлтірді. Онан соң бір күні Хажы Мұхаммед ханды да Барақ өлтірді. Және тағы Хажы Мұхаммед ханның ұлы Мұхаммед тек [өзі] хан еді» [101, 119 б.]. Шайх Хайдар хан билікке келген тұста Сібірде Махмудектің ұлы Ибақ билікте болатын. Ал Хажымұхаммед ханның бір ұлы Сайидек хан Сібірде бір ұлыстың билеушісі болса керек. Өйткені кейбір деректерде ол жалпылама түрде «хан» титулымен аталынса, ал Ибақты «хан» титулымен нақты көрсетеді [144, 362 б.]. М.Г. Сафаргалиев XY-XYІ ғасырлардағы Сібір хандығының аумағы мен шекараларын былайша көрсетеді: «... Сібір хандығы Батыс Сібірдің көп бөлігін алып жатты. Батысында ол Ноғай ордасымен, Қазан хандығымен шектеседі. Оңтүстік шекарасы мен Тобыл өзендерінің жоғарғы ағысы бойымен өтіп, Ноғай ордасымен түйіседі» [44, 476-477 бб.].

Біздің ойымызша, Алтын Орда тариыхының зерттеушісі Сібір хандығының оңтүсіктегі шекарасын көрсетуде қателікке бой алдырған. «Көшпелі өзбектер» мемлекетінің солтүстіктегі шекарасын Әбілқайыр хан тұсында Сібір хандығымен шектеліп жатса, ол қайтыс болғаннан кейін Есіл мен Тобыл өзендерінің маңы маңғыттардың билігіне өте қойған жоқ. Бұл өңірлер мен оған іргелес аймақтарда Әбілқайыр ханның ұлдары мен өзге де шибанилық сұлтандардың ұлыстары болды. Сол себепті де, біз 1470 жылы Сібір хандығының оңтүстіктегі шекарасы Шығыс Дешті Қыпшақта Шибан Ұлысымен түйісіп жатты дейміз.

Шайх Хайдар ханның иелігі оңтүстікте Сырдың төменгі ағысы бойындағы шибанилық Иадгар ханның, оның мұрагері Буреке сұлтанның иелігімен түйісіп жатты. Ал Батыста Жем, Жайық өзендерінің орта ағысы бойындағы жерлер маңғыт тайпалары мен шибандық тайпалардың шекарасы болып есептелді. Шейх Хайдар ханның оңтүстік, батыс және солтүстіктегі қарсыластарының күресі оның Ұлысының аумағын анықтауға мүмкіндік береді. Оның ұлысы біздің есебімізше, Әбілқайыр ханның қайтыс болуынан кейін бұрынғы Шибан Ұлысының аумағына дейін қысқарған.

Жетісудағы Қазақ хандығы болса осы жылдары бұрынғы Орда Ежен ұлысының аумағына қайта келеді. Жоғарыда айтып өткен Бұрындықтың жорығы осы аумақтағы шибанилық сұлтандардың үстемдігіне қарсы бағытталып, оларды сол аумақтан кетуіне мәжбүрлеген. Бұрынғы өңірлеріне қайта оралған қазақ билеушілері Шығыс Дешті Қыпшақтың батыс, солтүстік-батыс өңіріндегі шибан Ұлысын толықтай жоюға кіріседі. Т.И. Султановтың көрсетуі бойынша Шайх Хайдар ханның билігі өте қысқа болып, ол ұрыстардың бірінде қаза табады [52, 129 б.].

Date: 2015-11-14; view: 968; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.011 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию