Полезное:
Как сделать разговор полезным и приятным
Как сделать объемную звезду своими руками
Как сделать то, что делать не хочется?
Как сделать погремушку
Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами
Как сделать идею коммерческой
Как сделать хорошую растяжку ног?
Как сделать наш разум здоровым?
Как сделать, чтобы люди обманывали меньше
Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили?
Как сделать лучше себе и другим людям
Как сделать свидание интересным?
Категории:
АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника
|
Азақ хандығының құрылған жылы туралы пікірлерге талдау
Қазақ хандығының құрылуы тарихындағы толық шешімін таппаған сұрақтардың біріне – хандықтың нақты қай жылы құрылғандығы жөніндегі мәселе жатады. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында бұл мәселеге тарихшылар мен қоғамтанушы ғалымдар ерекше назар аударып, мәселені шешуге ұмтылғаны белгілі. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігі туралы заңын қабылдағаннан кейін қоғамтанушы ғалымдар Қазақстан Республикасы мен Қазақ хандығының арасындағы тарихи сабақтастықтарға көңіл бөліп, Қазақ хандығының құрылған жылын анықтаудың қазақ мемлекеттілігі тарихында маңызы ерекше екендігіне көпшіліктің назарын аудартады. 1993 жылдың шілде айынан бастап жарық көре бастаған «Қазақ тарихы» журналы осы мәселе бойынша бастама көтеріп, 1993-1995 жылдары журнал беттерінде бірнеше тарихшының Қазақ хандығының құрылған жылын анықтауға арналған мақалалары жарық көрді [259, 41-43 бб.; 260, 38-41 бб.; 261, 18-21 бб.; 322, 31-37 бб.; 323, 21-29 бб.; 324, 20-27 бб.; 61, 15-20 бб.]. Мәселеге қатысты қалам тартқан тарихшылардың пікірлері әртүрлі болып, олар ортақ ой мен бір ұйғарымға келе алмады. Ә.Хасенов – 1445 жылды, Қ.Салғарин – 1456 жылды, осы жолдардың авторы – 1458 жылды ұсынып, әрбір автор өз ойларын жазбаша және ауызша дерек мәліметтері мен логикалық ой қорытулар нәтижесінде негіздеуге тырысты. Осылайша, «Қазақ тарихы» журналы көтерген тарихи мәселе сол жылдары өзекті мәселелердің бірі болып есептелсе де, бір ортақ пікірдің болмауы себепті күн тәртібіндегі ашық сұрақ күйінде қала берді. Осы жерде мынадай жағдайды ескерте кеткіміз келіп отыр. Қазақ хандығының құрылған жылын анықтау тек ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында пайда болған жоқ, осы кезеңде тек мәселеге деген қызығушылық күрт өсіп, көпшіліктің назарын аудартады. Ал мәселенің пайда болған кезіне көз салсақ, ол ХІХ ғасырдың 60-жылдарынан бастау алады. 1864 жылы орыс шығыстанушысы В.В. Вельяминов-Зерновтың белгілі еңбегінің 2-ші бөлімі жарыққа шығысымен, бұл мәселе күн тәртібіне қойылады [2, 139-140 бб.]. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашидидегі» мәліметтерді парсы тілінен аудара отырып, В.В. Вельяминов-Зернов оларды алғаш рет ғылыми айналымға енгізеді. Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуін ол былайша аударып, түсіндіреді: «Ол кезде (шамамен 860/1456 жыл) Әбілқайыр хан Дешті Қыпшақта билік құрып тұрды; жошылық сұлтандар одан көп қысымшылықтар көрді; олардың екеуі Керей мен Жәнібек хандар Моғолстанға қашып кетті.... Қазақ сұлтандарының биліктерінің басталған кезеңі 870 (1465/6) жылға сай келеді, анығы Аллаға аян...» [2, 139 б.]. В.В. Вельяминов-Зерновтан бастап қазіргі күндегі тарихшылардың бәрі Қазақ хандығының құрылуын баяндауда жоғарыда үзінді ретінде берілген «Тарих-и Рашиди» мәліметін пайдаланады да, тарихи оқиғаның жылын нақты көрсетуге келгенде, XV ғасырдың 50-70 жылдар аралығындағы бірнеше жылды көрсетеді. Олардың бәрін топтастырар болсақ, онда біз қарастырып отырған мәселе бойынша бірнеше пікірлер тобының бар екендігіне көз жеткіземіз. Төменде сол пікірлер тобына назар аударалық Бірінші топқа – Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ханнан 1456 жылы бөлініп кетіп, олар Моғолстанда 1465/66 жылы Қазақ хандығының негізін қалады деген зерттеушілер пікірлері жатады. Біз бұл топқа бөлінуді 1455 жылы және ХV ғасырдың 50-ші жылдары болған деген пікірлерді де жатқызамыз [2, 139 б.; 5, 7 б.; 20, 131 б.; 17, 102-103 бб.; 4, 41 б.; 16, 22 б.; 42, 36 б.; 43.; 45, 63 б.; 186, 167 б.; 47, 254 б.; 262, 148 б.; 58, 240 б.]. Екінші топты Т.И. Сұлтановтың пікірі құрайды. Ол Керей мен Жәнібектің бөлінуі - 1459-60 жылдары жүзеге асып, Қазақ хандығы - 1470-71 жылы құрылған деп есептейді [48, 57 б.; 52, 145 б.; 203, 247-248 бб.; 51, 237-238 бб.]. Келесі топқа – А.А. Семенов пен С.К. Ибрагимов пікірлері жатады. Олар Қазақ хандығының құрылған кезін ХV-ХVІ ғасырлар шені мен ХVІ ғ. 30-40 жж. жүзеге асқан деп есептейді [26, 36 б.; 37, 172 б.; 175 б.; 180 б.]. Біздің ұсынып отырған датамыз жоғарыда келтірілген пікірлерден сәл өзгешелеу. Біздің дәлелдеп көрсетуімізше, Керей мен Жәнібектің бөлінуі – 1457 жылдың соңында болып, хандық – 1458 жылы құрылған [325, 30-35 бб.; 326, 29-33 бб.]. Байқап отырғанымыздай, тарихшылардың көпшілігінің пікірлері бірінші топқа жатады. Егерде біз, олардың әрқайсысының пікірлерін жеке-жеке талдасақ, онда қарастырып отырған мәселеміздің шегіне жете алмаймыз. Олардың пікірлерінде онша көп айырмашылықтар жоқ. Керей мен Жәнібектің бөлінуін 1455 немесе 1456 жылы, кейбір тарихшылар бұл датаны нақтыламай-ақ XV ғасырдың 50-ші жылдары болған, деп көрсетеді де, хандықты 1465/66 жылы құрылған деп санайды. Енді осы пікірлер тобына талдау жасалық. Бірінші топтағы пікірлердің бәріне негіз болып отырған дерекке – Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашидиінің» мәліметі және оны алғаш ғылыми айналымға енгізген В.В. Вельяминов-Зерновтың пікірі жатады. Алдыменен, Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлінген жылына тоқталып өтелік. Мұхаммед Хайдар Дулатида, басқа да авторларда бөлінген жыл туралы нақты айтылмайды. Бұған дейін айтып өткеніміздей, тек бөліну барысы ғана қысқаша баяндалады. Олай болса, бірінші топтағы пікірлерді айтқан авторлар «1455, 1456 жылдары» «XV ғасырдың 50-ші жылдары Керей мен Жәнібек бөлініп кетті» деген пікірлерді қайдан алған деген заңды сұрақ туындайды. Біз мұның бәріне жауапты ортағасырлық дерек мәліметтерінен емес, В.В. Вельяминов-Зерновтың түсіндірмесінен табамыз. «Тарих-и Рашидидегі» «Сол заманда Әбілқайыр ханның Дешті Қыпшақ даласына түгелдей билік жүргізіп отырған кезі еді», - деген мәліметін ол аудара отырып, «сол заманда» деген уақытты оқырмандар үшін түсінікті ету үшін осы сөз тіркесінен кейін жақша ішінде шамамен «860=1456 жыл» деп қосымша қосады [2, 139 б.]. Шығыстанушы-ғалымның сол кездегі ғылыми беделінің күштілігі сондай, оның осы (860=1456 жыл) деген қосымша түсіндірмесін кейінгі зерттеушілердің бәрі дерлік «Тарих-и Рашидидегі» мәлімет ретінде қабылдайды. Әбілқайыр ханның Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына билігінің толық орнаған кезіне 1446-1450 жылдар жатады. 1449 жылы Оқас бидің өлімінен кейін оның мұрагерлері Батыс Қазақстан аумағы енген территорияда дербес мемлекет болып өмір сүргені белгілі. Мұхаммед Хайдар Дулати маңғыттардың «көшпелі өзбектерден» бөлініп кеткенінен хабарсыз болғандықтан, ол «сол заманда Әбілқайыр ханның Дешті Қыпшақта түгелдей билік жүргізіп отырған кезі еді», - деп жазған болатын. «Тарих-и Рашидимен» толық танысқан В.В. Вельяминов-Зернов «сол заманға» «1456 жылды» жатқызады. «Мұхаммед Хайдар Дулати еңбегінің қазіргі кезде орысша да, қазақша да аудармасын салыстыра қарай келе, біз «Тарих-и Рашиди» авторының «сол заманда» деген тарихи кезеңіне шамамен 1446-1460-шы жылдар аралығын жатқызамыз. Керей мен Жәнібектің бөлініп кетуі жөнінде баяндалатын «Тарих-и Рашидидің» бірінші кітабындағы 39-шы тарау қазақша аудармада «Есенбұға ханға әмірлердің қарсылық көрсеткен күндерінен әңгіме» деп берілсе, орысша аудармасында «Есенбұға ханға әмірлердің қарсылық көрсеткен және сол күндерде не болғандығы туралы әңгіме» деп аталады [142, 108-111 бб.; 140, 103-106 бб.]. Осы тарауда әмірлердің қарсылығынан басқа Моғолстандағы әмірлердің көрші елдерге кетуі, Есенбұғаның Сайрам, Түркістан, Ташкенте жорығы, Әбу Саид мырзаның Мауереннахрда билікке келуі, оның Есенбұға ханды қууы, Әбу Саид мырзаның Хорасанды алуы, соны пайдаланып Есенбұға ханның Әндижанға жорығы, Әбу Сайд мырзаның Жүністі Ирак жақтан алдыртып, Есенбұға ханға қарсы жіберуі, сондай-ақ Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстанға келуі баяндалады [142, 108-110 бб.]. Бұл оқиғалардың 1450-1460 жылдар аралығында болғанын басқа дерек мәліметтері арқылы білген В.В.Вельяминов-Зернов Әбілқайыр ханның Дешті Қыпшақта толық билік құрған жылдарын шамамен 1456 жылдар деп көрсетеді. Оған сүйенген барлық зерттеушілер осы датаны Керей мен Жәнібектің бөлініп кеткен жылы деп қабылдайды. Ал біз бұған дейін бөліну 1457 жылғы Сығанақ түбіндегі Әбілқайыр хан мен Үз Темір тайшы арасындағы шайқастан кейін болған деп атап көрсеткендіктен, бөлініп кету 1455, 1456 жылы жүзеге асқан деген пікірлерді нақты деп есептемейміз. Осы бірінші топтағы «Қазақ хандығы 1465/66 жылы құрылған» деген пікір жөнінде де өз ойымызды айтып, дерек мәліметінің дәлсіз, нақты емес екендігін дәлелдеп көрсетелік. Зерттеушілер арасында алғашқы болып Қазақ хандығын 1465/66 жылы құрылған деген пікірлерге қарсы дау білдірген В.П. Юдин, кейіннен Т.И. Сұлтанов болды [49, 113 б.; 52, 131-133 бб.]. Олардың көрсетуі бойынша «Тарих-и Рашиди» авторы жылдарды шамамен, болжаммен көрсеткен [52, 133 б.]. Өз кезегімізде біз де Мұхаммед Хайдар Хайдар Дулатидың кейбір тарихи даталарды беру әдісіне назар аударып, оларға талдау жасап көрелік. Мұхаммед Хайдар Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашидиі» екі дәптерден немесе екі кітаптан тұратыны белгілі. Сондай-ақ 1541 жылы «Тарих-и Рашидидің» мемуарлық сипаттағы екінші кітабы, ал 1546 жылы тарихи сипаттағы бірінші кітабы жазылғаны мамандарға белгілі. Мемуарлық бөлімдегі оқиғалардың мерзімін автор өте дәл, анық көрсетіп отырса, тарихи сипаттағы бөлімде Мұхаммед Хайдар Дулати кейбір оқиғалардың мерзімін Т.И.Сұлтанов айтқандай, «болжаммен, шамамен» айтып өтеді. Қазақ хандығының құрылған жылын ХV ғасырдың 50-60- жылдары десек, «Тарих-и Рашидидің» жазылған уақыты – ХVI ғасырдың 40-шы жылдары, яғни автор Қазақ хандығы тарих сахнасына шыққаннан кейін 40-50 жылдан соң дүние есігін ашқан және 80-90 жыл өткеннен кейін біз сөз етіп отырған оқиға тарихи дерекке айналған. Бұдан шығатын қорытынды мынау – Мұхаммед Хайдар Дулати Қазақ хандығы құрылуының тікелей куәгері, замандасы болмағандықтан, ол жөніндегі ақпаратты басқа бір көздерден алған. Автордың еңбегінде 15-тей ортағасырлық шығармалар мәліметтері қолданылса да, В.П.Юдин «Тарих-и Рашидидің» негізгі дерегі ретінде моғолдар арасында кең тараған ауызша тарихи әңгімелер болған деп есептейді [207, 189 б.]. Қазақ хандығының құрылуы туралы жазба дерек мәліметтері «Тарих-и Рашидиге» дейін ешбір жазба деректе кездеспейтіндіктен, автор біз қарастырып отырған мәселенің дерегін жергілікті халық аузындағы тарихи әңгімелерден алған деп есептейміз. Оқиғаның ақпарат ретінде халық ауыз әдебиетінде бейнеленуі, оның бір ғасырдай уақыт бойы ауыздан-ауызға беріліп отыруы – тарихи болмысқа біршама өзгерістер енгізеді. Мұндай жағдайда тарихи болмыстың мазмұны жақсы сақталса да, оның мерзіміне қатысты мәліметтердің көп өзгерістерге түсетіні белгілі. Басқаша айтқанда, ауыз әдебиетіне тән ерешеліктердің бірі - мезгіл-мекен ұғымдары ауыздан-ауызға берілу барысында қатаң сақталмайды да, негізінен оқиғаның мазмұны сақталынып отырады. «Тарих-и Рашиди» авторы да ХІІІ-ХV ғасырлардағы тарихи аңыз-әңгімелердің мазмұндарын баяндай отыра, олардың болған мерзімдерін салыстыру, таразылау арқылы анық беруге тырысады. Ал мүмкін болмаған жағдайда оларды шамамен, болжап береді. Қазақ хандығының құрылған жылын да Мұхаммед Хайдар Дулати осындай жолмен берген. Осы жерде «Тарих-и Рашиди» авторының кейір оқиғалардың мерзімін шамалап көрсетуде қолданған әдістері ерекше назар аударуды қажет етеді. Ол алдыменен болған жылы нақты емес оқиғаның мерзімін ондықа дейін дөңгелектеп отырады. Одан әрі оқиғаның мерзімін дөңгелектеген жылға жақындатып сол жылға дейін немесе сол жылдан кейін болды деп жазады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін «Тарих-и Рашидидің» бірінші кітабынан бірнеше мысалдар келтірелік. 1) «Хан (Қызыр) 770 (1368/69) жылға дейін дүниеге келген болса, ал бұл баяндалып отырған оқиға 870 (1405) жылы (автор Әмір Темірдің қайтыс болған жылын айтып отыр – Б.К.) болған. Сонымен Қызыр Қожа хан Әмір Темірден соң қанша жылдан кейін қайтыс болғаны белгісіз, Алла жақсы біледі» [142, 93 б.]. 2) «Тарих жылнамасында оның [Ұлығбектің] туған күні белгісіз. Егер де сол кездегі мерзімдерді салыстырар болсақ, ол шамамен 860 (1455/56) жылдары қайтыс болған, Алла жақсы біледі» [142, 95 б.]. 3) «... Әмір Хұдайдадтың ел билеу кезі 765 (1363/64) жылдан бұрынырақ басталған. Меккеге 850 (1446/47) жылға дейін барған» [142, 101 б.]. 4) «... Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465/66) жылдан басталады, Алла жақсы біледі» [142, 110 б.]. 5) «... 940 (1533/34) жылға дейін қазақтар Өзбекстанның көп бөлігіне өз биліктерін толық жүргізген еді» [142, 110 б.]. 6) «... 940 (1533/34) жылдан соң Бұйдаш хан да о дүниелік болып [бұл жерде] қазақтар қалмады десе де болады» [142, 111 б.]. 7) «... Ибраһим унг пен Илияс унгтың Қытайға қашуы шамамен 910 (1504/05) жылдан бұрын болған еді» [142, 118 б.]. Осы шамамен, болжаммен берілген кейбір оқиғалардың нақты жылын көрсетейік. Бірінші мысалда Қызыр қожа хан 770 (1368/69) жылға дейін туылған делінеді. Ал оның әкесі Тоғылық Темір ханның 730 (1329/30) жылы туылып, 764 (1362/63) жылы қайтыс болғаны белгілі [47, 43 б.; 51 б.]. Егерде біз «Тарих-и Рашиди» авторы көрсеткен Қызыр қожа ханның туған жылын 1368/69 жыл деп алсақ, онда әкесі қайтыс болғаннан кейін 6-7 жылдан соң барып баласы дүниеге келген болып шығады. Сондықтан да Мұхаммед Хайдар Дулати осыны ескере келе, Қызыр қожа ханның туған жылын 770 (1368/69) жылға дейін деп шамалап көрсетіп отыр. Екінші мысалдағы Ұлығбектің қайтыс болған жылын автордың шамамен 860 (1455/56) жылдары деп көрсетуінде де 6-7 жыл айырмашылық бар. Ұлығбектің 1394 жылы 22 наурызда дүниеге келіп, 1449 жылдың 25 қарашасында өлгені тарихта белгілі жайт [207, 502 б.; 142, 95 б.]. Мұхаммед Хайдар Дулатидың шамамен көрсеткен тарихи оқиғалардың жылдарын қазіргі кездегі тарих ғылымына белгілі деректермен осылай тексергенімізде 6-8 жылдай айырмашылықтардың бар екенін байқаймыз. Келесі бір көңіл аудартатын нәрсеге – автордың өзіне дейін өмір сүрген тарихи тұлғалар мен нақты жылдары белгісіз оқиғалар туралы баяндауларында жиі қолданатын сөздері жатады. Ол о дүниелік болып кеткен адамдар жөнінде айта келе, сөзін «Алланың нұры жаусын», «Алланың шапағаты тисін», «Алланың қайырымы мол болсын», «Алла қабірін нұрландырсын», «Алла тағала оның мүрдесіне нұр жаудырсын» деген сөз тіркестерімен аяқтап отырады. Ал оқиғалардың нақты жылдарын болжамммен мөлшерлеп айтқанда «Бәрін Алла біледі» немесе «Бәрі Аллаға аян» деп аяқтап отырады. Тарихи сипаттағы бірінші кітапты мұқият, зерделеп қарағанымызда, Мұхаммед Хайдар Дулатидың мұндай сөздерді алты жерде қолданғанын көреміз. Оларға: Қызыр ханның туған жылы, Ұлығбектің өлген жылы; Уәйіс ханның қалмақтармен қанша рет соғысқаны, Жүніс ханның туған жылы, Қазақ сұлтандарының билігінің басталған жылы және Сайд ханды Уәйіс ханның қасиеттерімен салыстыруы туралы айтқанда қолдануы жатады [142, 92 б.; 95 б.; 100 б.; 112 б.; 160 б.]. Осы айтылып отырған алты жағдайдың төртеуі оқиғалардың жылына, біреуі санға, тағы біреуі автордың жеке пікіріне қатысты болып тұр. Біз бұған дейін автордың тарихи даталарды көрсетуде жылдарды ондыққа дейін дөңгелектеп шамамен көрсеткенін, сондай-ақ оларды тексергенімізде 6-8 жылдай айырмашылықтардың бар екендігін байқағанбыз. Мұхаммед Хайдар Дулатидың өзі де мөлшерлеп көрсеткен жылдарының өте дәл емес екенін біліп, «Бәрі Аллаға аян» деген сөздерді қолданған. «Қазақ сұлтандарының билігі 870 (1465/66) жылдан басталады, «бәрі Аллаға аян» деп жазуына қарағанда, Дулати өзі айтып отырған жылдың дәлдігіне күмән келтіріп отыр деп есептейміз. Және де шынайы ақиқатты тек Алла ғана біледі деп жүгінгені тарихи оқиғаның жылын көрсетуде дәлдік пен нақтылықтың жетіспей тұрғанын автордың өзі де сезінгендігінен деп білеміз. Осылайша, дерек мәліметіне деректанулық тұрғыда талдау жасау арқылы біз, Мұхамед Хайдар Дулатидың Қазақ хандығының құрылған жылы деп көрсеткен датасын нақты, дұрыс, дәл дата деп есептей алмаймыз. «Қазақ сұтандарының билігі 870 (1465/66) жылдан басталады» деген мерзімді шамамен, жуықтатып берілген дата дей келе, осы датаны негізге алып, «Қазақ хандығы 1465/66 жылы құрылған» деп пікір айтқан тарихшылардың пікірлерін де біз, дұрыс деп айта алмаймыз. Енді Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуі – 1459-60 жылдары болған, ал Қазақ хандығының құрылған жылын 1470-71 жылдар деп көрсеткен Т.И. Сұлтановтың пікірлеріне талдау жасап көрелік. Белгілі шығыстанушы ғалым Т.И.Сұлтановтың бөлінуді 1459-1460 жылдары болған деп көрсетуі біршама шындыққа сай келеді, бірақ өте дәл, анық дей алмаймыз. Ғалымың бөліну мен Моғолстанға келудің мерзімін 1459-1460 жылдар деп көрсетуінің негізіне – темірлік Әбу Сайд мырзаның 863 (1458/59) жылы Хорасанды алуы мен Жүніс ханды Шираздан алдыртуы, сондай-ақ Жүніс пен Есенбұға арасында 1,5-2 жылға созылған күрес алынып отыр [51, 233 б.]. Біз бұған дейін дәлелдеп көрсеткеніміздей, Әбу Сайд мырза алғаш рет Хорасан астанасы Гератты 1457 жылдың 2 қазанында, ал түпкілікті түрде 1458 жылдың 16 желтоқсанында иеленеді. Екі оқиға арасында 14,5 ай бар. Осы уақыт ішінде аймақтағы саяси даму барысында көп өзгерістер болатындықтан, біз үшін Әбу Сайд мырзаның Жүністі Шираздан алдыртқан жылын анықтау өте маңызды. Біздің бұған дейін дәлелдеп көрсеткеніміздей, Әбу Сайд мырза Жүністі 1457 жылдың қазан айында шақыртып, сол айда Моғолстан жаққа жіберген. Ал, Т.И. Сұлтанов болса, Жүністі Шираз жақтан алдыртқан уақытқа 1458 жылдың 16 желтоқсанынан кейінгі күндерді жатқызады. Одан кейін Т.И. Сұлтанов Жүніс хан мен Есенбұға хан арасында кем дегенде бір жарым – екі жылдай күрес болған деп есептейді. Жүніс пен Есенбұға хандар арасындағы алғашқы шайқас 1458 жылдың жаз айларының соңында болып, осы шайқасқа Есенбұға ханмен бірігіп қатысқан әмір Сайд Әлінің көп ұзамай 1458 жылдың қыркүйек-қазан айларының бірінде жасы келіп қайтыс болғаны белгілі [142, 114 б.]. Сондай-ақ Әбілқайыр хан мен Үз Темір тайшы арасындағы шайқастың 1457 жылы болғанын, Әбілқайыр ханның өзіне қолдау көрсетпегендерді жазалауға кіріскенін ескере келе, Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлінуі 1457 жылдың күз айларының соңында болған дейміз. Т.И. Сұлтанов Әбу Сайд мырзаның Жүністі Шираздан шақыртуын 1458 жылдың желтоқсанында болған деп және осы датаны негізге алып, Керей мен Жәнібектің бөлінуі мен Моғолстанға келуін бір жарым жылдай уақытқа кеш көрсетіп отыр. Ал енді оның 1470-1471 жылды – Қазақ хандығының құрылған жылы деп айтқан пікірімен біз мынадай жағдайларға байланысты келісе алмаймыз. Біріншіден, Керей мен Жәнібек Әбілқайыр ханнан бөлініп кетіп, Моғолстанның батыс өңіріндегі нақты бір аймақты иеленгеннен кейін, қол астындағы ру-тайпаларды басқару, ру-тайпалар арасындағы әр түрлі қатынастарды, сыртқы саясатты реттеу үшін сол кезеңдегі биліктің ең жоғары түрі – хандық басқару жүйесін ұзақ уақыт бойы күтіп жатпай, бірден өз араларынан хан сайлап алған. Махмуд бен Уәли нақты жылын көрсетпесе де, осы кезде Керейдің хан болғандығын айтып өтеді [144, 353 б.]. Хан – мемлекеттіліктің символы болғандықтан, ханның сайлануымен жаңа мемлекетті құрылған дейміз. Екіншіден, 1470-1471 жылдар – Қазақ хандығының Шығыс Дешті Қыпшақ аумағынан шибанилық әулет өкілдерінің билігін толығымен ығыстырып, жаңа хандықтың билігін орнатқан жылы. Сол себепті де біз бұл жылдарды Қазақ хандығының құрылған жылы емес, керісінше, Қазақ хандығының құрылуы барысының толығымен және түпкілікті түрде аяқталған жылы деп санаймыз. Қазақ хандығының құрылған мерзіміне ХV-ХVІ ғасырлар шені мен ХVI ғасырдың 30-40 жылдарын жатқызатын үшінші пікірлерге келсек, пікір білдіргендердің бірі, белгілі шығыстанушы А.А. Семенов өз ойын былайша тұжырымдайды. «Шу өзеніне қарай көшіп кету өзбек-қазақтар тарихындағы бір ғана эпизод, олар кейіннен Шудан өз далаларына қайта көшіп келеді; бұл оқиға бүкіл халықты емес, тек оның бір бөлігін ғана қамтыған», «... Дешті Қыпшақтың өзбек-қазақтар деп аталатын тайпаларының Шейбани-ханның өзбектерінен түпкілікті бөлінуі Шейбани-ханның билігі тұсында болған» [26, 36 б.]. Бұл жерде А.А. Семенов Қазақ хандығының құрылуынан гөрі қазақ халқының қалыптасуының аяқталған кезін көрсетіп, сол арқылы қазақ мемлекетінің басталған кезеңін меңзеп отыр. Ал Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстанның батыс бөлігінде дербес хандық құруын көзге ілмей, оны Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы көшпелі тайпалар өміріндегі көптеген ұсақ оқиғалардың бірі деп есептейді. Ал, С.К. Ибрагимов болса А.А. Семеновтың пікірімен келісе отыра, Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуінің «көшпелі өзбектер» мемлекетінің саяси тарихында маңызы болмады, егер де бұл оқиға ірі маңызға ие болған болса, онда ол жөнінде «Тарих-и Абулхайр-хани» авторы өз еңбегінде атап өткен болар еді деген ой айтады [41, 155 б.]. Сондай-ақ ол бөлінудің Сығанақ түбіндегі Әбілқайыр хан мен Үз Темір тайшы арасындағы шайқастан кейін болғандығын атап өтеді де, шайқасты 1451-1452 жылы өткен деп есептейді [41, 155 б.]. Қазақ хандығының құрылған кезіне С.К. Ибрагимов ХVI ғасырдың 30-40 жылдарын жатқызады. Оның пікірінше, ХV ғасырдың соңында Керей мен Жәнібектің ұлдарының басшылығымен бірнеше феодалдық иеліктер пайда болып, олар ХVI ғасырдың 30-40 жылдарында жеке Қазақ хандығы болып түпкілікті түрде қалыптасады [37, 172-180 бб.]. Оның мұндай тұжырымға келуіне Моғолстаның батыс өңірінде Керей мен Жәнібек хандардың басшылығымен құрылған мемлекетті феодалдық иеліктердің бірі деп санауы негіз жасап отыр. Ал біз және басқа да пікір айтушылар Қазақ хандығының негізін Керей мен Жәнібек хандар қалаған деп санайтындықтан С.К. Ибрагимовтың да пікірімен келісе алмаймыз. Біз өзіміздің осы мәселе жөніндегі пікірімізді келесі тараушада тереңірек қарастыратын болғандықтан, бұл жерде оған тоқталып жатпаймыз. Енді осы тараушада қаралған мәселелер бойынша ойымызды қорытып, тұжырымдар жасалық. Бірінші, Қазақ хандығының құрылуы барысындағы айтулы дата – хандықтың құрылған жылы ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бері күн тәртібінде тұрса да, ХХ ғасырдың 90-шы жылдарында мәселеге деген қызығушылық күрт өсіп, тарихшылар айтулы датаны анықтауға атсалысады. Бірақ та мәселе аяғына дейін шешілмейді, әр тарихшы осы мәселеде өз пікірлерін негіздеуге тырысады. Екінші, Қазақ хандығының құрылған жылы жөнінде өз пікірлерін білдірген зерттеушілердің ойларын жинақтай келе, оларды үш топқа топтастырдық. 1) 1455, 1456 немесе XV ғасырдың 60-шы жылдары құрылған деген пікірлер; 2) Керей мен Жәнібек хандар 1459-60 жылдары бөлініп, 1470-1471 жылы хандық құрды деген пікір; 3) Қазақ хандығы XV-XVI ғғ. шенінде және XVI ғ. 30-40 жж. құрылған деген пікірлер. Үшінші, әр топтағы пікірлерді талдай келе, бірінші пікірді жақтаушылардың сүйенген мәліметінің нақты емес екендігін көрсетіп бердік. В.В. Вельяминов-Зерновтың түсіндірме ретінде айтқан 1456 жылы мен Мұхаммед Хайдар Дулатидың көрсеткен 1465-1466 жылдың болжаммен, мөлшермен айтылған мерзім екендігін дәлелдеп, осы даталарға сүйенген пікірлердің айқын емес екендігін көрсеттік. Сондай-ақ Т.И. Сұлтанов ұсынған датаны Қазақ хандығының құрылған жылы емес, құрылудың аяқталған жылы деп санаймыз. Ал А.А. Семенов пен С.К. Ибрагимовтердің пікірлерін қате деп есептеуімізге, олардың Керей Мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлінуін көшпелі тайпалар өміріндегі жай қатардағы, елеусіз, маңызы жоқ оқиғалардың бірі және екі сұлтанның Моғолстан аумағында құрған мемлекетті – феодалдық иеліктердің бірі деп санауы жатты. Осылайша, біз әр топтағы пікірлер Қазақ хандығының құрылған жылын анық көрсете алмаған деп есептеп, келесі тараушада өз пікірімізді ұсынамыз.
Date: 2015-11-14; view: 1279; Нарушение авторских прав |