Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Азақ хандарының шығу тегі мәселесі





Қазақ хандығының құрылу мәселесінде зерттеушілердің айналып өте алмайтын, міндетті түрде қарастыратын сұрақтарының біріне – қазақ хандарының шығу тегі мәселесі жатады. Бұл сұраққа дұрыс жауап тапқанымызда біз, ХІІІ-ХV ғғ. Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы мемлекеттілік, саяси, билеуші әулеттер тарихының мәселелерін, ең бастысы Қазақ хандығындағы билеуші әулеттің шығу тегі мен ол әулеттің ХV ғасырдың ортасына дейінгі Қазақстан аумағындағы тарихынан хабардар боламыз. Сондай-ақ Қазақ хандығының негізін қалаушылар – Керей мен Жәнібек хандардың не себепті жаңа этникалық сипаттағы мемлекетті қалыптастыруға күш салып, күрескенін түсіне аламыз. Міне, сол себепті де, тарихшылар үшін Қазақ хандығының құрылуы тарихын зерттеуде хандықтың негізін қалап, оны билеген әулеттің шығу тегін анықтаудың маңызы ерекше.

Бұл мәселе жөнінде зерттеушілер арасында біржақты пікірдің жоқтығына М.Қ. Әбусейітова көңіл аударып, былай деп жазады: «Қазіргі кезде қазақ хандары әулетінің шығуы жөнінде екі түрлі пікір бар. Зерттеушілердің бір тобы оларды Орда Еженнен таралады деп есептейді», - дей келе, «қазақ хандары Жошының он үшінші ұлы Тұқай Темірдің ұрпақтары», - деген өзінің пікірін ұсынады [50, 38 б.]. Ал белгілі тарихшы З.Қинаятұлы болса, «Қазақ мемлекетінің бастауында Орыс хан, оның ұрпақтары тұрғандығы ғылымда мойындалған шындық.... Орыс хан қазақ хандарының атасы деп танылады. Орыс ханның ата тегі жайлы тарихи әдебиетте екі жақты пікір бар, - деп жазады да, әр пікірге негіз болған жазба деректер мен әр пікірді жақтайтын бірнеше тарихшыларды атап өтеді» [58, 227-229 бб.]. Біз де кезінде осы мәселенің тарих ғылымында шешілмей тұрғандығына назар аударып, былай деп айтқан едік: «Қазіргі күнде қазақстандық тарихнамада осы мәселе бойынша екі бағыттағы пікірлер толық айқындалып отыр. Алғашқы пікірді қолдаушылар қазақ хандарының шыққан тегі Жошының үлкен ұлы – Орда Еженнен бастау алады деп көрсетсе, ал кейбір тарихшылар қазақ хандарын Жошының кенже ұлдарының бірі – Тұқай Темірден тараған деп дәлелдейді» [63, 54-55 бб.].

Екі түрлі пікірге негіз болған жазба дерек мәліметтерін талдамас бұрын, алдыменен пікір білдірген зерттеушілерге және олардың дәлелдеулеріне тоқталып өтелік.

Қазақ хандары Тұқай Темірден тараған деген пікірді Ш.Уәлиханов, Ш.Құдайбердіұлы, Құбанғали Халид, В.П. Юдин, М.Қ. Әбусейітова жақтайды [315.; 16.; 241.; 316.; 144.; 46.; 50, 38-39 бб.]. Ал ордаежендік бағытты ұстанатындарға В.В. Вельяминов-Зернов, Стэнли-Лэн-Пуль, М.Тынышпаев, М.Г. Сафаргалиев, А.Ю.Якубовский, П.П. Иванов, К.И. Петров, Б.А.Ахмедов, Г.А. Федоров-Давыдов, К.Э. Босфорт, К.А. Пищулина, Т.И. Сұлтанов, З.Қинаятұлы және осы жолдардың авторы жатады [2, 231 б.; 198, 192 б.; 18, 169-170 бб.; 44.; 42, 17-19 бб.; 43, 34 б.; 45, 32 б.; 199, 204 б.; 187.; 47.; 52.; 58, 227-231 бб.; 273, 311-312 бб.; 63, 54-55 бб.].

Осы екі топтағы авторлардың біреулері өз пікірлерін деректер арқылы немесе басқа тәсілдермен дәлелдеуге тырысса, ал екінші біреулері ешбір дәлелдеулерсіз өз пікірлерін ұсынған. Сол себепті де біз, өз пікірлерін дәлелдеуге тырысқан авторлардың пікірлеріне қысқаша болса да тоқтап өтуді жөн көріп отырмыз.

Қазақ хандары Тұқай Темірден таралады деген пікірді жақтаушылар: Ш.Уәлиханов, Ш.Құдайбердіұлы, Қ.Халид және М.Әбусейітова өз пікірлерін негіздеу үшін Әбілғазының дерегіндегі мәліметтерді алға тартады. «Ұрыс шыққан әулет, Әбілғазының айтуынша, Жошының кіші ұлдарынан тарайды, олардың аталары Тоқай Темір», - деп 1856-1857 жылдары Ш.Уәлиханов жазса, Ш.Құдайбердіұлы «Жошының төртінші баласы – Тоқай Темір, біздің қазақ осының қол астында болған және Әбілмансұр – Абылай ханның арғы атасы осы еді», - деп түсіндіреді [315, 162 б.; 16, 51 б.]. Шоқан, Шәкәрім, Халид секілді М.Әбусейітова мен В.П. Юдин де өз пікірлерін ХVІІ ғасырдағы тарихшы Әбілғазының дерегіне негідейді. Біз Әбілғазының дерегіндегі Қазақ хандарының шежіресіне қатысты мәліметтер жөнінде ойымызды сәл кейінірек айтамыз.

Ал енді Қазақ хандарының шығу тегін Жошының үлкен ұлы Орда Еженнен тарататын зерттеушілердің дәлелдеулеріне назар аударсақ.

Олардың пікірлеріне негізінен Рашид ад-дин мен Муин ад-дин Натанзидың деректеріндегі, сондай-ақ Гаффаридың (1567/68 жж. қ.б.), Хайдар Разидың (1618/19 ж. жазылған) шығармаларындағы мәліметтер тірек болған [110, 66-71 бб.; 200, 129-131 бб.; 210-211 бб.; 214-215 бб.]. Осы пікірді жақтайтын бірнеше тарихшы өз пікірлерін дерек мәліметтерімен қатар, өзіндік дәлелдеулермен де негіздеп, қарсы пікірлерді теріске шығарады. Оларға М.Тынышпаев, Т.И. Сұлтанов, З.Қинаятұлының дәлелдеулері жатады. М.Тынышпаев өз дәлелдеуін былайша ұсынады: «Ежен мен Тұқай Темірдің әкесі Жошы 1227 жылы, ал Орыс 1376 жылы қайтыс болған, яғни олардың арасы 150 жыл; бірінші пікір бойынша (М.Тынышпаев бұл жерде бірінші пікір деп Ордаежендік бағытты айтып отыр – Б.К.) бұл уақытқа 7 буын сәйкес келеді, ал екінші бағытқа (Тұқай-Темір, Өз Темір, Қожа, Бадақұл, Орыс) – 4 буын келіп тұр. Көптеген шежірелерде 100 жылға 4 буынның, кейде 5 буынның, өте сирек жағдайда 3 буынның сай келетінін аңғарамыз. Қазақтарға қарағанда хан әулетінде ерте үйлену кең тараған, сол себепті де 100 жылда оларда 4 ұрпақтан аса буын өзгереді. Осы есептеу қазақ хандарының шығу тегін Тұқай Темірден емес, Еженнен тарайтындығын көрсетеді» [20, 169-170 бб.]. Екінші бір дәлелдеуінде ол былай түсіндіреді: «Тіпті қазақтарда, оның ішінде Шыңғыс ұрпақтарында белгісіз бір Ежен хан жөнінде естелік қалған (кейбір төрелер оны өздерінің түп атасы деп санайды), ал Тұқай Темір оларға мүлде беймәлім» [20, 170 б.]. Біздің ойымызша, М.Тынышпаевтың екі дәлелдеуі де өте орынды. Әсіресе, оның бірінші дәлелдеуі ерекше назар аудартады. Біз оның осы дәлелдеуіне қосымша ретінде Жошының Орда Еженнен кейінгі екінші ұлы Батыйдың, бесінші ұлы Шайбанның ұрпақтарын есептегенімізде, Батыйдан Бердібек ханға дейін 7 буын, шибанилық Әбілқайыр ханның (1412-1468/69) атасы Ибрагимге дейін де 7 буын болатынына көз жеткіздік. Бұл дегеніміз біріншіден - Әбілғазы дерегіндегі Тұқай Темірден Орыс ханға дейін төрт буын болады деген мәліметтің дұрыс еместігін көрсетсе, екіншіден, Қазақ хандары – Орда Еженнің ұрпақтары деген пікірдің дұрыстығын дәлелдей түседі.

М.Тынышпаевтың кейін бұл мәселеге арнайы назар аударып, өз дәлелдеулерін ғылыми түрде негіздеген Т.И. Сұлтанов болды. Ол екі пікірге негіз болған жазба дерек мәліметтерін келтіре отыра, зерттеушілердің бұл мәселеде ортақ пікірге келе алмай отырғандығын айтып өтеді де, мәселені шешуді Тұқай-Темір мен Орда Еженнің және олардың ұрпақтарының қай кезде, қай өңірлерде билік құрған іздерінен қарастырады. Оның көрсетуі бойынша Тұқай Темір 1236-1242 жж. монғолдардың батысқа жорығынан кейін Маңғышлақ пен Солтүстік Кавказ өңірлерін алған, сондай-ақ Батый мен оның алғашқы мұрагерлері Тұқай Темір мен оның ұрпақтарына Хажы Тархан (Астрахан), Кафа, Қырым уалайаттарын басқаруға берген. Жазба деректер Тұқай Темір ұрпақтарын «хан ұлдары» (хан-оғлы), ал тұқай темірлік әулет «Ханедан-и Тукайтимурийан» деп аталған [52, 141-142 бб.]. Одан әрі ол көптеген жазба дерек мәліметтеріне негіздеп, Орда Ежен ордасының алғашқы кездерде Ертістің жоғарғы ағысы бойы мен Алакөл маңында болғандығын, оның мұрагерлері: Күнқыранның (Орда Еженнің төртінші ұлы), Қонышаның (Орда Еженнің немересі, Сартақтайдың ұлы), Баянның (Қонышаның ұлы)билік еткендігін айта келе, ХІІІ ғасырдың екінші жартысында ұлыс орталығы Алакөл маңынан Сырдария маңына ауысады да, сол кезден бастап Сырдарияның орта және төменгі ағысы бойы мен оған іргелес аймақтарда Орда Ежен ұрпақтары билігінің мықтап орныққандығын айтады. Бұған қоса ол, Орыс ханның өзі де, аталары да, ұрпақтары да Сыр бойынан саяси қарсыластарына қарсы жорықтар жасап, Сыр маңындағы өз иеліктеріне қайтып оралып отырған деп айтады да, «Орыс хан – Жошының үлкен ұлы Орда Еженнің ұрпағы деген қорытынды жасаймыз», - деп дәлелдеуін түйіндейді [52, 143-144 бб.].

Қазақ хандары Жошының үлкен ұлы Орда Еженнен таралған деген пікірді З.Қинаятұлы монғол тіліндегі дерек мәліметіне сүйеніп дәлелдейді. Ол Орыс ханның шығу тегі Орда Еженнен бастау алады деген пікірді қостайтынын білдіре келе, оны «тек араб, парсы тарихи шежірелері ғана емес, Моңғолдың төл тарихи шежірелерінің бірі «Чингис хааны язгуур торлийн цадигууд» (Шыңғыс ханның ата шежіресі) де растайды. Шежіренің (цадиг) №5 кестесінде Жошы әулетінің Ақ Ордалық хандар кестесін Шыңғыс хан – Жошы – Ордана – Кали (Кули) – Буян (Баян) – Сасыбұқа – Абисан (Эрзен) – Шымтай – Орыс хан деп, Орыс ханды Орда Еженнің тоғызыншы ұрпағы деп таниды», - деген болатын [58, 228-230 бб.].

Енді біз де қазақ хандары Орда Еженнен таралады деген пікірді негіздейтін өзіміздің дәлелдеуімізді ұсынайық. Біздің дәлелдеуіміздің негізіне жазба дерек мәліметтерін деректанулық тұрғыда қарастыру жатады. Алдыменен екі пікірге негіз болып отырған деректерге тоқталып, олардағы өзімізге қатысты мәселе бойынша мәліметтердің оригиналдылығы мен компилятивтілігін анықтап көрелік.

Қарастырып тырған мәселеміздің деректерін Т.И. Сұлтанов төмендегідей топтастырады. Ол бірінші топтағы деректерге, яғни Орыс ханды Жошының кіші ұлы Тұқай Темірден тарататын деректерге мыналарды жатқызады: 1) 1426 жылы Темір әулетінің билеушісі Шахрухтың тапсырмасымен белгісіз автор құрастырған «Му'изз ал-ансаб» (Книга, прославляющая генеологии) еңбегінің мәліметтері. Ол бойынша Орыс ханның шығу тегі мынадай болып келеді: Тұқай Темір, одан Урингтам, одан Аунк, одан Бактук, одан Темірхожа, одан Бадак, ал одан Орыс хан [52, 140 б.; 200, 61 б.].

2) 1504 жыл шамасында Орта Азияда белгісіз автор жазған «Тауарих-и гузида-ий нусрат-наме» («Нусрат-наме») дерегінің мәліметтері. Ол бойынша Орыс ханның шығуы былайша беріледі: Тұқай Темір, одан Өзтемір, одан Хожа, одан Бадық, ал одан Орыс хан [52, 140 б.].

3) Әбілғазының (1603-1664) «Түрік шежіресінің мәліметі». Ол бойынша Тұқай Темірден Өзтемір, одан Хожа, одан Бадақұл, ал одан Орыс хан [52, 140 б.].

Сондай-ақ осы топтағы деректерге Т.И. Сұлтановтыңкөрсетуі бойынша ХVІ ғасыр авторы Өтеміс қажының «Шыңғыс-наме» мен ХVІІ ғасыр тарихшысы Махмуд бен Уәлидың «Бахр ал-асрар» еңбектері жатады [52, 140 б.].

Ал екінші топтағы деректерге, яғни Орыс ханды Жошының үлкен ұлы Орда Еженнен таралатындығын көрсететін деректерге Т.И. Сұлтанов төмендегідей еңбектерді жатқызып, оларды былайша көрсетеді.

1) 1413-14 жылы Муин ад-дин Натанзи жазған «Мунтахаб ат-тауарих-и Муини» немесе «Ескендірдің анонимі» атты шығарма.

2) 1564-65 жылы жазылған ал-Гаффаридың «Нусах-и джаханара» атты еңбегі.

3) 1611 және 1619 жылдар аралығында жазылған Хайдар ибн Әли Хусайин Разидың «Тарих-и Хайдари» атты еңбегі. Сонымен бірге бұл топқа ХVІІ ғасырдағы Осман тарихшысы Мунаджим-башының «Джами ад-двуал» (Собрание династий) атты шығармасы да жатады. Бұл деректер бойынша Орыс ханның тегі былайе берілген: Орданың ұлы Құли, одан Нукай, одан Сасы Бұқа, одан Ерзен, одан Шымтай, ал одан Орыс хан [52, 140-141 бб.].

Мәселеге қатысты деректердің бәрін анықтап алғаннан кейін, олардың жазылған уақытына қарай келе, біз, Орысханды Тұқай Темірден тарататын деректердің негізгісіне 1504 жыл шамасында Орта Азияда жазылған «Тауарих-и гузида-ий нусрат-наме» еңбегінің мәліметтерін жатқызамыз. «Муйизз ал-ансаб» мәліметінде Орыс хан Тұқай Темірден таратылса да, одан кейінгі буындар мүлде басқаша айтылады. Сондықтанда біз бұл шығарманың мәліметін қарастырмаймыз. Әбілғазы, Өтеміс қажы және Махмуд бен Уәлидың мәліметтері Орыс ханның шығу тегін анықтауда негізгі, оригиналды дерек көзі бола алмайды, өйткені олардың мәліметтері ХVІ ғасырдың алғашқы жылдарында жазылған «Тауарих-и гузида-ий нусрат-наме» дерегінен алынған. Сол себепті де біз, төменде осы шығармадағы Орыс ханның шығу тегі жөніндегі мәліметті деректанулық тұрғыдан саралап, оның ақиқаттылығының шынайылық деңгейін анықтауға тырысамыз.

Жазба деректерге деректанулық тұрғыдан талдаудың маңызды бір бөлігіне тарихи сын, яғни ондағы информациялардың ақиқаттығына көз жеткізу, шығарманың жазылуы мен оның авторына әсер еткен қоғамдық-саяси факторларды анықтау және т.б. тарихи жағдайлар жататындықтан, «Тауарих-и гузида-ий нсурат-наме» еңбегін осы тұрғыдан қарап көрейік.

«Тауарих-и гузида-ий нусрат-наменің» қай жылы жазылғандығын оны зерттеген тарихшылар 1-2 жыл айырмашылықпен көрсетсе де, анығы сол, ол – шығарманың ХVІ ғасырдың алғашқы жылдары жазылғандығы [45, 20 б.; 193, 12 б.; 130, 12-13 бб.]. Шығарманың авторы және жазылу тарихы мәселесіне келсек, бірінші мәселе бойынша бір жақты пікір жоқ. А.А. Семенов бұл шығарманың авторы Мұхаммед Шайбани ханның өзі болған деген пікірді білдірсе, А.М. Акрамов шығарманы жазған Мұхаммед Салих деп көрсетеді [28, 113 б.; 129, 16 б.].

Р.Г. Мукминова болса «Таварих-и гузида-йи нусрат-наменің» жазылуына Мұхаммед Шайбани хан тікелей атсалысқан, ал шығарманы Шайбани ханға жақын адам жазған деген ойды айтады [206, 126 б.]. В.П. Юдин бұл шығармаға Мұхаммед Шайбани ханның қатысын және нақты шығарма авторы туралы мынадай ойды айтып өтеді. «Біздің ойымызша, Мұхаммед Шайбани ханның авторлығы екі жағдайдан көрінеді», - дей келе, бірінші жағдайға Мауереннахрды бағындырғанға дейін Мұхаммед Шайбани хан шығармаға негіз болған алғашқы нұсқаны дайындаған, ал Самарқанмен Бұхараны алғаннан кейін, оған Мұхаммед Салих және т.б. өте мықты әдебиетшілер оның жағына өтеді. Осы әдебиетшілер өздеріне ұсынылған «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наменің» жоспары мен фактологиялық материалдары пайдаланса, сондай-ақ қойылған мақсатты ескере отыра, өз тілдерінде Мұхаммед Шайбани ханды мадақтайтын шығарманы жазып шығады. Мұхаммед Салих шығарма деректерімен жұмыс істеуге мүмкіндік алған алған бірінші адам болуы мүмкін. Дегенменде, оның авторлығы күмән тудырып отырса, Мұхаммед Шайбани ханның авторлығын сөзсіз деп есептейміз [207, 10-11 бб.].

Мұхаммед Шайбани ханның авторлығын дәлелдейтін екінші жағдайға «Тауарих-ий гузида-йи нусрат-наменің» тілі мен ханның басқа шығармаларының тілі (лексикасы, фонетикасы, морфологиясы) арасындағы ұқсастық жатады, - деп ойын тұжырымдайды В.П. Юдин [207, 11-12 бб.]. Ал Б.А. Ахмедов болса, шығарма авторының «Бейшара, кедей, түгі жоқ қайыршыға Төлей ханның ұлы Менгу ханға [арналған] «Тарих-и жахангушайды» Газан-ханның қызына [арналған] «Тауарих-ий гузида-йи нусрат-намені», Ұлығбек мырзаның атынан жазылған «Мунтахаб-и тауарих-и шахиды», монғол тілінде жазылған монғол бақсыларының кітаптарын, сондай-ақ парсыша жазылған [кітаптарды] ретке келтіруге, түсінуге жеңілдету үшін аударуға бұйрық берілді. Еңбек «Тауарих-ий гузиде нусрат наме» деп аталды», - деген мәліметіне қарап, «шығарманы Шайбани ханның тапсырмасымен оның айналасындағы ғалымдардың бірі жазған», - деген тұжырымға келеді [193, 12-13 бб.].

Осылайша біз, шығарманың авторы жөнінде пікірлер айтқан зерттеушілердің тұжырымдарын қарастыра келе, «Тауарих-ий гузида-ий нусрат-наменің» Мауереннахрда шибанилық әулеттің негізін салып, оның алғашқы билеушісі болған Мұхаммед Шайбани-хан арнайы тапсырыспен жаздырған деген пікірлерді қолдаймыз.

Р.Г. Мукминова осы мәселеге арнайы тоқтап, «Тауарих-ий гузида-йи нусрат-наме» и его автор» атты мақаласында В.П. Юдиннің пікірін қостай келе, оны мынадай тұжырымдармен толықтырады. «Шейбани-ханның билікке келуі мен оның жаулап алы соғыстарын мадақтауды міндет еткен ақындар мен жазушылардың еңбектеріндегі және «Тауарих-ий гузида-йи нусрат-намедегі» фактологиялық материалдардың сәйкес келуі, баяндаудың бірдей болуы В.П. Юдин айтқандай, мадақ кітаптар жазу үшін ортақ бір дерек-құралдың болғандығын дәлелдейді» [317, 157 б.]. Одан әрі ол шығарманың нақты авторын атамаса да, шығармаға негіз болған «дерек-құралдың авторы – Мұхаммед Шайбани-ханның нақ өзі», - деп көрсетеді [317, 157 б.].

Осылайша, қарастырып отырған шығарманың авторы жөніндегі зерттеушілердің тұжырымдарын талдай келе мынадай қорытындыға келеміз.

Біріншіден, «Тауарих-ий гузида-йи нусрат-наме» және ХVІ ғасырдың басында жазылған басқа да Шайбани-ханды мадақтап, дәріптейтін тарихи шығармаларға әлі де болса жеке кітап күйіне жеткізілмеген тарихи жазба негіз болған.

Екіншіден, ол тарихи жазбаның бір бөлігін Мұхаммед Шайбани-ханның өзі жазса, қалған бөліктерін Шайбани-ханның қатысуымен немесе айтуымен басқа авторлар жазған. Сөйтіп шығарманың жазылуына Мұхаммед Шайбани ханның қатыстылығын осылай анықтаймыз.

Үшіншіден, «Тауарих-ий гузида-йи нусрат-наменің» авторын зерттеушілер әртүрлі айтатындықтан біз, бұл мәселе әлі күнге дейін толық шешілмеген, шығарма авторы белгісіз деп есептейміз.

Жалпы қорытындылай келе, Мұхаммед Шайбани-хан «Тауарих-ий гузида-йи нусрат-намені» өзі жазбаса да, оның жазылуына тікелей мұрындық болған және оның тапсырмасымен жазылған деп санаймыз.

Ал енді шығарманың жазылу мақсатына келсек, ол жөнінде ешқандай даулы сұрақ жоқ. Бұған дейін айтып өткеніміздей, шығарма – Мұхаммед Шайбани ханның өзі мен оның жеңістерін мадақтауға, Мауереннахрдағы шибанилық әулеттің билігін негіздеуге арналған [207, 12 б.]. Еңбектің бірінші және екінші бөлімдерінде түрік және монғол тайпаларының арғы ата-бабасы Оғыз ханның тарихы, Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарының Монғолияда, Дешті Қыпшақта, Орта Азия мен Ирандағы билігі баяндалса, үшінші тарауда Шайбани ханның дүниеге келгенінен оның 909 (1503-1504) жылы Мауереннахрды бағындырып, Самарқан тағын иеленгенге дейінгі тарихы айтылады [193, 12 б.]. В.П. Юдинның атап көрсеткеніндей, еңбектің «Мұхаммед Шайбани ханның өмірі мен іс-әрекеттеріне және Жошы ұрпақтарының шежіресіне арналған бөлімі қазақ халқының тарихы үшін біршама маңызға ие» [207, 13 б.]. Міне, осы Жошы ұрпақтарының шежіресінде қазақ хандарының шығу-тегі Жошының ең кіші ұлы Тұқай Темірден таратылып, Орыс ханға дейін былайша көрсетіледі: «Жошы хан → Үз Темір → Ходжа → Бадық → Орыс хан» [130, 39-42 бб.]. Бұған дейін айтып өткеніміздей, қазақ хандарының шығу тегі жөніндегі осы мәлімет ХVІІ ғасырдың бірінші жартысында жазылған «Бахр ал-асрар» еңбегі мен сол ғасырдың 60-шы жылдарының басында жазылған «Түрік шежіресіне» дерек болып енеді. Осы мәліметтің қате екендігін М.Тынышпаев Т.И. Сұлтанов,З.Қинаятұлы өз дәлелдеулерінде нақты атап көрсеткендігін, біз бұған дейін айтып өткендіктен, бұл жерде оған тоқталып жатпаймыз. Біз төменде мұндай сенімсіз, күдігі көп мәліметтің неге осындай шығармаға енгендігіне жауап беріп көрелік.

Кез-келген тарихи факт, тарихи мәліметтер саяси жағдайлардың ықпалымен әдейі бұрмалануы әбден мүмкін екендігін ескере отыра, «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намедегі» кейбір деректердің субъективтілігі басым екендігін аңғаруға болады. Мысалы, 1457 жылы Әбілқайыр ханның Сығанақ түбінде қалмақ тайшысы Үзтемірден жеңіліп, оның шарттарына көнгені белгілі [207, 169-170 бб.]. Бұл жеңіліс туралы «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намеде» ештеңе айтылмайды, тек қана Мұхаммед Шейбани-ханның туған інісі Махмуд-бахадур-сұлтанның 3 жасында Үз темір қалмаққа тұтқынға түскендігі қысқаша ғана баяндалады [207, 17 б.]. Сондай-ақ осы деректе Мұхаммед Шайбани ханның 40 адаммен Ибақ ханның ордасына, 150 адаммен 150 мыңдық әскері бар Ахмад ханның ордасына шабуыл жасап, қаза тапқан Шайх Хайдар хан үшін кек алғандығы айтылады [130, 20 б.]. Шығарма авторының баяндауына қарағанда осы шайқастардың бел ортасында Мұхаммед Шайбани ханның өзі жүріп, басшылық жасап отырады. Тіпті ол 300 адамдық әскерімен қазақ сұлтаны Қасымды да жеңіліске ұшыратады [130, 21 б.]. Сондай-ақ Шайбани хан 200 адамымен 3000 әскері бар Мұхаммед Мазид-тарханды жеңіп, оның көп адамын қырып салады[130, 31 б.]. Көріп отырғанымыздай, шығармада Мұхаммед Шайбани ханның бейнесі – ешқашан да, ешкімнен де қорықпайтын, жеңілмейтін, соғыса қалса жаулары өзінен қанша есе көп болғанына қармастан жеңіліс табатын, батыл, батыр, қолбасшы және керемет басшы ретінде сомдалады. Деректегі осындай сипаттағы мәліметтердің бір жақтылығын осы және тағы басқа баяндаулардан көруге болады.

Мұхммед Шайбани хан Мауереннахрдағы Темір ұрпақтары арасындағы алауыздықтарды шебер пайдалана отырып, 1501 жылдың шілдесінде Самарқан тағын Темір әулетінің өкілі Захир ад-дин Мұхаммед Бабырдан тартып алады да, 1501-1505 жылдар аралығында Мауереннахрдың Ташкент, Шахрухия, Ферғана, Хорезм аймақтарына билігін толық орнатады. 1505 жылдың күзінен бастап ол жаулап алудың бағытын Хорасанға қарай бұрады [27, 55-61 бб.; 313, 356-358 бб.; 305, 510-516 бб.; 318, 261-265 бб.].

Мұхаммед Шайбани ханның осы жылдардағы іс-әрекеттерінен өзінің жеке-дара билігімен қатар, Мауереннахрда жаңа әулеттің – Шибанилық әулеттің билігін орнықтыруға күш салғанын көруге болады. Оның Мауереннахрдың жоғарыда аталған аймақтары мен қалаларын өзінің ең жақын туыстарына басқаруға беруі, жаңа әулетке қауіпті болып көрінген бұрынғы әулет мүшелері мен оларға ең жақын, ең сенімді, халық арасында беделгеие болған жекелеген отбасыларын қырып-жою, оларды Мауереннахр аумағынан қууы көрсетеді. Біздің бұл ойымызға «Тарих-и Рашиди» кітабының авторы, Мұхаммед Хайдар Дулатидың әкесін өлтіруге байланысты Мұхаммед Шайбани ханның айтқан мына сөзі дәлел болады: «Бүгін біздің өзбектердің арасында отыз мыңға жуық өзбек бар. Моғол басшылары басқарып тұрғанда, олардан жақсылық күту мүмкін емес. Егер олардың күні жарқырап туар болса, біз оларға не істеген болсақ, бізге соны жасайды. Олардың ішінде ең бірінші орында Мұхаммед Хусейін гурган тұр. Мен неше күннен бері ол жайлы ойланып жүрмін. Оны өлтіру, хандардың бірін өлтіргенмен бірдей» [142, 211 б.].

Мұхаммед Хайдар Дулатидың ата-бабалары ХІІІ ғасырдың 20-шы жылдарынан бері Шағатай ханға, оның әулетіне мемлекет басқару ісінде адал қызмет атқарған әулет болатын. Тіпті Шағатай мемлекеті ыдырап, Жетісу мен Шығыс Түркістан аумағында Моғолстан атты мемлекеттің құрылуында «Тарих-и Рашиди» авторының аталарының бірі Әмір Болатшының батыл роль атқарғаны, осы мемлекеттің тарихында дулат тайпасы әмірлерінің ерекше роль атқарғандығы белгілі [142, 44-46 бб.; 92-93 бб.; 95-98 бб.; 106-108 бб.; 114-115 бб.; 124-125 бб.].

Мұхаммед Шайбани ханның өз билігі мен шибанилық әулеттің билігін орнықтырудағы келесі бір іс-әрекетіне әулеттің Мауереннахрға билік жүргізуге құқығын негіздеуі және жаңа әулетті мадақтап, ол әулеттің басқа шыңғыс әулеттеріне қарағанда артықшылықтарын дәріптеуі жатады. Мұндай мадақтар мен дәріптеулердің найза ұшынан гөрі қалам ұшымен жақсы әсер етіп, күшті ықпалы болатындығын білген әулет басшысы кітаптар жаздыруға жарлық береді. Сондай кітаптардың бірі – «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме». Кітаптың 1502 жылдың 2 қарашасында жазыла бастауына қарағанда, Мұхаммед Шайбани хан 1501 жылдың шілдесінің ортасында Самарқанды түпкілікті иеленіп, өз билігін тұрақтандырғаннан кейін, бұл іске бірден кіріскен секілді.

Бұған дейін айтып өткеніміздей, кітаптың үшінші бөлімінде Шибан ұрпақтары, Әбілқайыр ханның билігі, Шайбани ханның өмірі мен жеңістері, Мауереннахрдағы билікке келуі жөнінде баяндалса, Жошының бесінші ұлы Шибан ұрпақтарының Жошының басқа ұлдарының ұрпақтарынан артықшылығы осы кітаптың соңындағы «Жошы ұрпақтарының шежіресінде» асыра көрсетіледі [130, 33-43 бб.].

Енді төменде осы «Жошы ұрпақтарының шежіресіне» назар аударалық.

«Тауарих-и гузида-йи нусрат-намедегі» шежірелік материалдардың ХІV ғасырдың басында жазылған Рашид ад-диннің «Жылнамалар жинағынан» алынғанын аңғару қиынға соқпайды. В.П. Юдин де, Б.А. Ахмедов та «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наменің» деректері ретінде басқа шығармалармен бірге Рашид ад-диннің көпшілікке белгілі еңбегін атап өтеді. Ойымыз дәлелді болуы үшін бірнеше мысал келтіре кетелік. Жошының екінші ұлы Батыйдың ұрпақтары туралы Рашид ад-дин «Батудың көптеген бәйбішелері мен күңдері болды және 4 ұлы бар», - деп жазса, «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наменің» авторы «Батудың көп көп әйелі және көп күңі болды. Оның 4 ұлы болған», - деп баяндайды [110, 72 б.; 130, 33 б.]. Рашид ад-дин: «Батыйдың бірінші ұлы – Сартақ. Оның бірде-бір ұлы болмады», - десе, «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме» авторы: «Сартақ – Бату-ханның бірінші ұлы. Оның ұлдары болмады», - деп жазады [110, 72 б.; 130, 33 б.]. Рашид ад-динде «Батудың төртінші ұлы – Улакчи. Оның ұлдары болмады және де оның әйелдерінің есімдері белгісіз», - деп айтылса, «Батудың төртінші ұлы Улагчи. Оның ұлдары болмады. Оның әйелдері де белгісіз», - деп сөзбе-сөз қайталанады «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намада» [110, 73 б.; 130, 34 б.]. Дәл осындай салыстыру әдісі арқылы Рашид ад-ин еңбегіндегі Жошы ұрпақтары жөніндегі материалдардың «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намаға» ауысқандығын көптеп көрсете беруге болады. Бұл жерде біздің көздегеніміз Ршид ад-дин еңбегіндегі Жошы рпақтарының шежіресін «Тауарих-и гузида-йи нусрат-нама» авторының пайдаланғандығын дәлелдеу болғандықтан, осы екі-үш мысалды көрсетумен шектелеміз.

Енді «Тауарих-и гузида-йи нусрат-нама» авторының немесе авторға тапсырма берген Мұхаммед Шайбани ханның «Жылнамалар жинағындағы» шежрелік материалдарды өз пайдасына орай қалай пайдаланғанына көңіл қоялық.

Рашид ад-дин Жошы ханның 14 ұлы болғандығын, оларды рет-ретімен: «1) Орда, 2) Бату, 3) Берке, 4) Беркечар, 5) Шибан, 6) Тангкут, 7) Бувал, 8) Чилаукун, 9) Шингкур, 10) Чимпай, 11) Мұхаммед, 12) Удур, 13) Тука Тимур және 14) Сингкум», - деп жазады да, олардың ұрпақтарын дәл осы ретпен таратады [110, 66 б.]. Бірінші болып үлкен ұл Орданың ұрпақтары тарқатылады. Ал «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намеде» Орда Ежен және оның ұрпақтары туралы неге екені белгісіз, бір ауыз сөз айтылмайды. Хандар шежіресі бірден Батый ұрпақтарын таратудан басталып, ол аяқталғаннан кейін «Жошы ханның үшінші ұлы – Берке. Оның ұлдары болмады», - делінеді де, «Жошы ханның төртінші ұлы – Беркежар», - деп жалғасады [130, 34-35 бб.]. Осы жерде шежіре авторының Рашид ад-динде бірінші ұл болып айтылатын Орда Еженді қалдырып кетсе де, Жошы ұлдарының реттік санын өзгертуді ұмытып кеткенін байқаймыз.

«Тауарих-и гузида-йи нусрат-намедедегі» шежіре Жошы ұрпақтарына арналғанымен, бүкіл шежіре көлемінің жартысына жуығы Жошының бесінші ұлы Шибан ұрпақтарына арналады. Дәл осындай көлемде шежіреде Тұқай Темір ұрпақтарына орын берілген. Басқаша айтқанда, шежіредегі Шибан мен Тұқай Темір ұрпақтарының тереңдетіп берілуі – екі әулеттен таралатын ұрпақтарды салыстыру үшін берілген деуге болады.

Бұған дейін айтып өткеніміздей, осы шығармада қазақ хандарының арғы атасы болып саналатын Орыс ханның шығу тегі: Тұқай Темір – Үз Темір – Хожа – Бадық және Орыс хан беріледі. Осы жерде мынадай заңды сұрақ туындайды. Неге «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намеде» қазақ хандарының шығу тегі бұрмаланған? Оның себептерін Шығыс Дешті Қыпшақтағы Қазақ хандығы мен Мауереннахрдағы шибан әулетінің ХVІ ғасырдағы қарым-қатынастарынан ғана емес, сонымен бірге ХV ғасырдың бірінші ширегінен бері жалғасып келе жатқан екі әулет арасындағы күрестерден іздеу керек.

Алтын Орда құрылғаннан бері ондағы билік Жошының екінші ұлы Батый мен оның ұрпақтарында, ал сол қанат болып саналатын Шығыс Дешті Қыпшақ аумағы Орда Ежен және оның ұрпақтарына бағынышты болып, олар Батый әулетіне тәуелді болса да, ерекше статусқа ие болғаны белгілі [110, 66 б.]. Алтын Ордадағы «дүрбелең» жылдарға дейін Шибан әулеті империядағы саяси оқиғаларға араласпайды. Олардың саяси белсенділігі 1359-1380 жылдары Орда Ежен, Тұқай Темір ұрпақтарымен Алтын Орда тағы үшін күресте қатты байқалады. Лэн-Пуль Стэнлидың анықтамалық материалында 20 жыл ішінде үш әулеттен 15 хан таққа отырса, олардың 7-уі Шибан әулетінің өкілдері болады [198, 191 б.]. Орда Ежен мен Шибан ұрпақтарының иеліктері Шығыс Дешті Қыпшақта болғандықтан, олардың арасындағы таластар өте қатты жүреді. Барақ хан қайтыс болғаннан кейін мұндағы билік Шибан әулетіне ауысады. Тек 1470-ші жылдардың басында ғана саяси билік Оыс хан ұрпақтарына қайта оралады. Жеңіліске ұшыраған Шибан әулеті ширек ғасыр бойы Мұхаммед Шайбани ханның басшылығымен Сыр бойында әулет билігін сақтап қалу үшін күрес жүргізеді. Бірақ ол күрес нәтиже бермейді. ХVІ ғасырдың басында Самарқан тағын иеленіп, Мауереннахрда 3-4 жыл ішінде Шибан әулетінің билігін орнатқан Әбілқайыр ханның немересі Шығыс Дешті Қыпшаққа да шибанилық әулет билігін қайта орнату үшін қазақ хандарына қарсы күрестің барлық түрлерін қолданады.

Жазба дерек мәліметтері ХVІ ғасырдың алғашқы жылдары Мұхаммед Шайбани ханның Қазақ хандығына қарсы экономикалық, діни, әскери күрес әдістерін қолданғанын көрсетеді. Фазлаллах ибн Рузбихан Исфаханидың жазуы бойынша Мұхаммед Шайбани хан бірнеше рет Түркістан тұрғындары қазақ саудагерлерімен ешқандай сауда-саттық жасамасын, олар мен бұл жердің (Түркістанның – Б.К.) тұрғындары арасында өзара барыс-келіс пен саудагерлердің баруы болмасын деген жарлық шығарған. Сондай-ақ бірнеше рет Түркістанның кейбір аудандары мен Хорезм қалаларында қазақ саудагерлерін тонауға бұйрық берілген [208, 101 б.]. Біз бұны Мауереннахрдың жаңа билеушісінің Қазақ хандығына қарсы жүргізген экономикалық күресіне жатқызсақ, «қазақтарды – пұтқа табынушылар деп жариялауы, оларға қарсы соғысты ғазауатқа айналдыруы – оның діни күресіне жатады» [208, 63 б.]. Сондай-ақ қазақ хандарының билігін жою үшін Мұхаммед Шайбани хан оларға қарсы 1505-1510 жылдар аралығында төрт рет жорық ұйымдастырады [319.].

Қазақ билеушілеріне қарсы ұйымдастырылған күрестің келесі түріне – идеологиялық күрес жатады. Күрестің осы түрі арқылы Мұхаммед Шайбани хан қазақ билеушілерінің Шығыс Дешті Қыпшақтағы билігінің негізсіз екендігін дәлелдеуге тырысады. Ол идеологиялық күрестің құралы етіп қазақ хандарының шежіресін, яғни шығу-тегін пайдалануы. Сөйтіп, ХVІ ғасырдың басында арнайы тапсырмамен жазылған «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наменің» Жошы ұрпақтарының шежіресіне арналған бөлімінде Жошы ханның ең кіші ұлы – Тұқай Темір ұрпақтарына көп орын беріледі де, қазақ хандары тұқайтемірліктер деп көрсетіледі.

Осы жерде мынадай жағдайды қоса айтып өткен өте орынды деп есептейміз.

ХVІ ғасыр басында Хорезмде билікке келген шибанилық әулеттің тарихшысы Өтеміс қажы өз еңбегінде Шибан ұрпақтарының Тұқай Темір ұрпақтары алдында өздерінің шығу тегін қалай мақтан ететінін былайша баяндайды. Автор Жошы ханның қайтыс болып, кім мұрагер болады деген мәселеде Орда Ежен мен Батыйдың бір-біріне тақты ұсынғандығын, ақыры тақты иеленуді Шыңғыс хан шешсін деген ұйғарымға келіп, аталарына он жеті інісімен келгендігін айта келеді де, «олар ханға қызмет етуге келді, хан оларға үш киіз үй тіктіріп, алтын босағалы ақорданы Сайын-ханға, күміс босағалы көк орданы Ижанға (Орда Еженге – Б.К.), болат босағалы боз орданы Шайбанға берді. Қысқасын айтқанда, үш жағдайда Шайбан-ханның ұрпақтары Тоқтамыс-ханның, Темір Құтлының және Орыс ханның ұрпақтары алдында «Біз сіздерден артықпыз» (Біз сізләрдін артуқ турур біз) деп мақтанады. Бірінші, мынау – киіз үй. Шыңғыс хан... Ижан мен Сайыннан кейін біздің атамыз Шайбан-ханға киіз үі бергенде, сіздердің атаңызға [жабық] арба да берген жоқ», - деп жазады [136, 92 б.]. Одан ары Өтеміс қажы шибанилықтардың мақтан ететін екінші жағдайында Өзбек ханның ашуланып, барлық сұлтандарды өздерінің ру-тайпаларымен қият Исатайға қосын ретінде бергенде, шайбанилықтарға құрмет көрсетіп, қос құрамды ел бергендігін, ал үшінші жағдайға – «Сайн ханның ұрпақтары Бердібек хан тұсында құрып кеткенде, Жәнібек ханның анасы Тайдулла бегім хандық пен елді Шайбан-хан ұрпақтары басқарады деп ұйғарып, Маңғытайдың ұлы Хызыр-ханды шақырады да, Сарай уалайатында хан етеді. Сайн хан ұрпақтарынан кейін тақты билеу бізге қалды», - деп мақтанады», - дейді шибанилық автор [136, 92-93 бб.].

Өтеміс қажының осы мәліметінен жалпы шибанилар әулетінің ХVІ ғасыр басында Жошының басқа ұлдарының ұрпақтарына қарағанда өздерін бүкіл Дешті Қыпшақ пен Мауереннахрдың бірден-бір, дара билеушілері ретінде жарияланғандығын байқаймыз. Ал «Шыңғыс-наме» мен «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наменің» жазылған уақыттарын салыстыра келе, қазақ хандарын тұқайтемірліктер деп көрсету тарихи шығармаларда Мауереннахрдағы шибанилық әулеттен, нақытрақ айтсақ, шибанилық әулеттің негізін қалаушыдан бастау алған және осы шығу текті бұрмалап көрсету арқылы олар қазақ хандарының Шығыс Дешті Қыпшақтағы билігіне нұқсан келтіруді, олардың абыройы мен беделін төмендетуді, билік етуге құқын жоюды мақсат еткен дейміз.

Енді қазақ хандарының шығу тегіне байланысты алдыңғы беттерде айтқан ойларымыздың бәрін түйіндей келе, төмендегідей тұжырымдарға келеміз.

Біріншіден, бұл мәселе жөнінде зерттеушілердің пікірлері екі топқа бөлініп, бір тобы қазақ хандарын Жошының үлкен ұлы Орд Еженнен таратса, екінші тобы кенже ұл – Тұқай Темірдің ұрпақтары деп санайды. Оларға мұндай пікірлер айтуға Муин ад-дин Натанзи мен авторы белгісіз «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме» еңбектеріндегі және мәліметтерді осы шығармалардан алған Гаффаридың, Хайдар Разидың, Әбілғазының деректері жатады.

Екіншіден, пікір айтқан зерттеушілердің көпшілігі қазақ хандарын Орда Еженнен таратқанымен, М.Тынышпаев, Т.И. Сұлтанов және З.Қинаятұлы өз дәлелдеулерін ғылыми негізде дәлелдеп береді. М.Тынышпаев Жошыдан Орыс заңға дейінгі 150 жыл ішінде төрт буын емес, 7 буынның болатынын алға тартып, тұқайтемірлік деп көрсететін пікірлерді жоққа шығарса, Т.И. Сұлтанов екі әулеттің тарихына тарихи шолу жасау арқылы, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында Ордаежендік әулеттің ХІІІ ғасырдың басынан билігі үзілмегенін көрсетіп отыр. Ал, З.Қинаятұлы болса, монғол тіліндегі жазба дерек мәліметтеріне сүйеніп, қазақ хандарының шығу тегін Орда Еженнен бастайды.

Үшіншіден, біз де, қазақ хандарының арғы атасы – Орда Ежен деген пікірді қостай келе, өз дәлелдеуімізді жазба дерек мәліметтеріне сыни көзқараспен қарау арқылы, дерек мәліметтеріне әсер етіп, ықпал жасаған тарихи жағдйлар мен саяси факторларды, субъективтіліктің деңгейін анықтау арқылы негіздеуге ұмтылдық. Қазақ хандарының шығу тегін Тұқай Темірден таратқан деректердің негізгісі ХVІ ғасырдың алғашқы жылдарында жазылған, авторы белгісіз, «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме» екендігін анықтадық.

Төртіншіден, еңбектің жазылу мақсатына, оны жазуға тапсырма берген Мұхаммед Шайбани ханның таихына шолу жасап, 1) шығарманың шибанилық әулетті, Мұхаммед Шайбани ханды мдақтауға, дәріптеуге арналғандығына, 2) шибанилық әулеттің билігін Мауереннахрда орнықтыруға, 3) сол кезеңде шибанилық әулеттің негізгі, басты қарсыласы қазақ хандары болғандықтан, оларға қарсы күрестің түрлерін, оның ішінде шежірене бұрмалап, иедологиялық күресті де қолданғандығына көз жеткіздік.

Бесіншіден, қазақ хандарының шығу тегін бұрмалап көрсету Мауереннахрдағы шибан әулетінен басталып, Хорезмдегі шибан әулетіне де кең таралады. Жалпы, Шибан әулеті өкілдерінің Тұқай Темір ұрпақтарына қарап, «Біз сендерден артықпыз» деуі – олардың Мауереннахр мен Хорезмнен басқа Шығыс Дешті Қыпшақта да билік жүргізуге ұмтылғандығын, ал қазақ хандарының Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында билік етуге оларға қарағанда құқын төмен екендігін көрсетеді. Осылайша, «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме» еңбегіндегі шежірелік материалдарға сыни көзқараспен қарау – қазақ хандарының арғы атасын – Жошының кенже ұлы Тұқай Темірден таралады деген мәліметін қате, әдейі бұрмаланған деуге негіз береді. Соған байланысты осы қате, әдейі бұрмаланған мәліметке сүйеніп пікір айтқан зерттеушілердің де тұжырымдарын бұрыс деп есептейміз.

Алтыншыдан, осы жоғарыда айтылған тұжырымдарымызды қорыта айтсақ, қазақ хандарының шығу тегі Жошының ең үлкен ұлы Орда Еженнен бастау алады және де Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен ұрпақтарының билігі шибанилық Әбілқайыр ханның тұсында уақытша тоқталғаны болмаса, жалпы алғанда, ХІІІ ғасырдың алғашқы ширегінен ХV ғасырдың ортасына дейін, яғни Керей мен Жәнібек хандарға дейін жалғасқан деп санаймыз.

 

Date: 2015-11-14; view: 1372; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.006 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию