Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайырдан бөлінуіне қатысты мәселелер





 

Қазақ хандығының құрылуы барысындағы ең басты оқиғаға – Керей мен Жәнібек хандардың өздерінің қоластындағы ру-тайпалармен бірге «көшпелі өзбектер» мемлекетінен бөлініп кетуі жатады. Бұл бөлінудің маңыздылығын мынадай тарихи салыстырулар арқылы көрсетуге болды. Қазақ хандығының тарихында оның құрылуы қандай маңызға ие болса, хандықтың құрылуы тарихында біз сөз етіп отырған бөліну, яғни Керей мен Жәнібек хандардың бастауымен Әбілқайыр ханнан тайпалар тобының бөлінуі дәл сондай маңыз атқарады. Дәл сол сияқты Қазақ хандығының құрылуы одан кейінгі тарихи даму барысына қалай әсер етсе, Керей мен Жәнібек хандар бастаған ру-тайпалардың Әбілқайыр ханнан бөлінуі де хандықтың құрылуы барысына дәл сондай әсер етеді. Кез келген маңызы жоғары, салдары күшті ірі тарихи оқиғалардың өз ішінде бір-бірімен тығыз байланысты, бірінен бірі туындайтын оқиғалар тізбегінен тұратынын ескерсек, онда Қазақ хандығының құрылуы барысындағы оқиғалар тізбегінің алдыңғы қатарында осы бөліну тұрады. Сондықтанда ешбір зерттеуші хандықтың құрылуы тарихын қарастыруда бұл оқиғаға арнайы тоқтамайөтпейді. Сол себепті де біз осы мәселеге, оның ішіндегі жеке-жеке сұрақтарға жауап іздейміз. Біздің ойымызша, Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлінуіне тікелей қатысы бар сұрақтарға мыналар жатады: 1) бөлінудің себептерін анықтау; 2) бөлінуге түрткі болған оқиғаларды көрсету; 3) бөлінудің болған уақытын анықтау; 4) бөлініп кеткендердің сан мөлшерін анықтау.

Енді мәселеге тікелей қатысы бар, жоғарыда атап көрсетілген сұрақтардың шешімін табалық.

Бірінші мәселе, ол – Керей мен Жәнібек хандардың «көшпелі өзбектер» елінің ханынан бөлінуінің себептерін анықтау болып табылады.

Зерттеушілердің көпшілігі бұл мәселеге келгенде В.В. Вельяминов-Зерновтың еңбегіндегі Мұхаммед Хайдар Дулатидың дерегіне сүйеніп, оның мазмұнын қайталайды да, бөлінудің себептерін ашып көрсетпейді [17, 102-103 бб.; 44, 461-467 бб.; 7, 88 б.; 45, 62-63 бб.]. Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайырдан бөлінуінің себебін алғаш рет Ш.Құдайбердіұлы Ақжол бидің өліміне қатысты тарихи әңіменің дерегі арқылы түсіндіреді [16, 22-23 бб.]. М.Тынышпаев та «Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ханға өкпелеп, Моғолстанға кетті», - дей келе, реніштің себебіне Ақжол атанған арғын биі Дайырқожаны Қарақыпшақ Қобыланды батырдың өлтіруін жатқызады» [20, 127 б.].

Кәсіби зерттеушілер арасында бөлінудің себептерін анықтап, түсіндіруге белгілі шығыстанушы-ғалымдар А.А. Семенов, Т.И. Сұлтанов, К.А. Пищулина атсалысады [26, 27-28 бб.; 48, 57 б.; 47, 43 б.; 51 б.].

А.А. Семенов біз қарастырып отырған мәселені арнайы түрде қарастырмаса да, өзінің кең танымал болған «Шейбани-хан өзбектерінің құрамы мен шығуы мәселесі туралы» деген көлемді мақаласында оған қысқаша тоқталып өтеді. «Әбілқайыр ханның қуатты көшпелі хандық құру жолындағы жеңістері көшпелілердің әр түрлі көшіп кетулеріне әкеліп соқтырды, көптеген тайпалардың туған дласынан басқа жерлерге кетіп қалуы олардың талқандалуы мен жеңгендердің оларды құлға айыналдыруларының нәтижесінде ғана болып қойған жоқ», - дей келе, ол көшпелі тайпалардың қысқы және жазғы жайылымдарды пайдалану тәртібінің бұзылғанын тілге тиек етеді де, «Тобыл мен Есіл өңірлерінен Сырдария бойындағы далалы жазираларға қарай Әбілқайырдың жеңімпаз тайпаларының оңтүстікке қоныс аударуының қандай тәртіпсіздіктер туғызғандығын сезіну қиындық тудырмады, олардың жайылымдарының жаңа жерлерге ауысуы мұндағы көшпелілердің мүддесін түбірімен бұзып жіберді, бір-біріне туыс келетін Шайбан ұлысы мен Ора Ежен ұлысы тайпалары арасында жаулық қатынастарды қалыптастырады. Тағы бір жағынан осы ұлыстардағы жеңілген жошылық сұлтандар мен хандар езгіге ұшыраған рулар мен тайпалардың өздерінің мақсат-мүдделеріне пайдаланып, оларды қарсыласына қарсы қолданды,- деп жазады А.А. Семенов [26, 26-27 бб.]. Одан ары ол осы келтірілген тезисті Керей мен Жәнібек хандарға қатысты қолданады [26, 28 б.].

Ал Т.И. Сұлтанов болса бұл мәселеге арнайы тоқтап, 1971 жылы жарық көрген «Қазақ мемлекеттілігінің бастауы туралы кейбір ескертпелер» атты мақаласында бөлінудің себептерін одан ары нақтылай түседі [48, 54-57 бб.]. «Керей мен Жәнібектің көшпелі өзбектердің негізгі бөлігінен бөлініп кетуі мүмкіндігінше дербестігін сақтаған сұлтандардың Әбілқайыр билігінің ең бір әлсіреген және Өзбек ұлысындағы қайшылықтардың шиеленіскен тұсындағы қарсылықтың бір түрі болды», - деп жазады да, одан әрі Т.И. Сұлтанов «хан билігінің күштілігі ханның жүргізген саясатының ірі тайпалар басшыларының мүдделерімен сәйкес келуіне байланысты еді, егер де хан саясаты феодалдық топтың мүддесіне қарсы келсе немесе олардың құқықтарына нұқсан келтірсе, онда тәуелді феодалдар ханнан кетіп қалып отырды, тіпті оған ашық қарсы шыққан. Өз мемлекетін тастап кетуге бірнеше себептер итермелеген, олар: әулеттік және өзара тартыстар, билеушілерінің жеке теріс қасиеттері, ханның кек алуынан қорқу және т.б.», - деп түсіндіреді [48, 1 б.; 55 б.]. Жазба деректердегі мәліметтерге сүйеніп, өз мемлекетінің аумағынан көшіп кеткендер жөнінде бірнеше мысалдар келтіреді де, Т.И. Сұлтанов «Өзбек ұлысындағы бөлініске не себеп болды?» деген нақты сұрақ қойып, Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлінуінің себептерін көрсетеді [48, 55-56 бб.]. Т.И. Сұлтановтың көрсетуі бойынша, Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлінуі қалмақтардың тонаушылығынан кейін Әбілқайырдың елді тәртіпке келтіруімен тұспа-тұс келген де, «көшпелі өзбектер» елі ханының тәртіпке келтіруі өте қатал және аяусыз шаралар арқылы жүзеге асырыла бастайды. Оның бұл шаралары хан билігінің уақытша әлсіреуіне байланысты оған қарсы бас көтергендерге де, сондай-ақ қалың бұқараға да қатты әсер етеді. Мемлекет неғұрлым әлсіреген сайын салықтар мен міндеткерліктер өсе түсіп, хан шенеуніктерінің парақорлығы мен талан-тараждары да көбейе түседі [48, 1 б.; 56 б.]. Бағынышты халықтың қанаудың күшеюі мал саны мен жайылымдардың азаюына, сауданың құлдырауына, жалпы алғанда, қарапайым халықтың тұрмысының күрт төмендеуіне әкеледі. Мұның бәрі тұрғындар наразылығының күрт өсуіне, сөйтіп өз кезегінде бұл жағдайдың елдегі ру-тайпалардың басқа көрші мемлектеттерге көшуіне әкеліп соқтырады. Сөйтіп, ханға қарсы Жошының басқа ұлдарынан таралатын әулет өкілдері өздерінің мақсаттарына жету үшін халықтың наразылығын пайдаланады деген ұстанымды негізге ала отырып, Т.И. Сұлтанов Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлінуінің себебін осылайша түсіндіреді [48, 1 б.; 56 б.].

Моғолстан мемлекетінің тарихына арнап жазылған монографиясында белгілі қазақстандық тарихшы К.А. Пищулина да бұл мәселені айналып өтпей, оған арнайы тоқтайды. Ол «Қазақ хандығының бастауы, оның құрылуының себептері – Керей мен Жәнібектің көшіп кетуінде емес, ортағасырлық Қазақстан тұрғындарының шаруашылық, әлеуметтік, саяси, сондай-ақ қазақтардың этникалық тарихының дамуының нәтижесі», - дей келе, «ХҮ ғасырдың 50-60 жылдарындағы Дешті Қыпшақтан Батыс Жетісу жеріне қазақтардың бір тобының көшуі, біріншіден, оңтүстік-шығыс Қазақстан мен Моғолстан тарихында үлкен роль атқарды, ал екіншіден, таптық күрестің бір түрі ретінде Қазақ хандығының құрылуы барысындағы саяси оқиғалар тізбегіндегі маңызды оқиға болды», - деп жазады [47, 250-251 бб.].

Одан ары К.А. Пищулина Т.И. Сұлтановтың айтқан пікірін толықтыра түсіп, өз ойын былайша түйіндейді: «Бұл жерде біз нақты мынаны көреміз, Әбілқайыр ханмен жауласқан шыңғыстық сұлтандар – Керей мен Жәнібек Ақ Орда хандарының Дешті Қыпшақтағы билігін қайта қалпына келтіру жолындағы Шайбанилықтрға қарсы күресте халық бұқарасының наразылығын пайдаланды. Олар өз беттерінше көп халықты қоныс аударта алмас еді. Өздерінің таптық мүддесін көздей отыра, өз пайдалары үшін, өз әулеттерінің саяси билігі үшін күресе отыра, Жәнібек пен Керей қазақ ру-тайпалары басшыларының бір бөлігінің және бірігуге ұмтылған халықтың дербес мемлекет құруға жасаған қадамдарын объективті түрде көрсетті» [47, 253 б.].

Осылайша, Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлінуінің себептерін бізге дейінгі зерттеушілердің қалай түсіндіргендігіне шолу жасай келе, мынадай қорытындылардың болғандығын көреміз.

Бірінші, Керей мен Жәнібектің қол астындағы ру-тайпаларды бастап Әбілқайыр ханнан бөлінуінің себебіне, олардың ұлыстарындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың күрт нашарлауы және содан туындаған наразылықтардың өсуі жатады. Екінші, Орда Ежен ұрпақтарының сол тұстағы жетекші өкілдері – Керей мен Жәнібек хандар Әбілқайыр ханның қалмақтардан жеңілуіне байланысты әлсірегенін пайдаланып, Шығыс Дешті Қыпшақтағы ордаежендік әулеттің билігін қайта қалпына келтіру үшін ашық күреске шығады. Олар Әбілқайыр ханға наразы ру-тайпаларды бастап, одан бөлініп кетуді жөн көреді. Бұл бөлінудің – саяси себебіне жатады.

Бұл айтылған себептермен қатар басқа да себептердің бөлінуге алып келгенін байқаймыз. Төменде сол себептерді ашып көрсетелік.

Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлінуінің себептерін Әбілқайыр ханның 1446 жылғы Сыр бойындағы қалалар мен өңірлерді бағындыруынан кейінгі қалыптасқан тарихи жағдайлардан іздестіруіміз қажет. Оңтүстіктегі аймақтарды бағындыру нәтижесінде Әбілқайыр хан Шибан әулетінің алғашқы өкілі ретінде бүкіл Шығыс Дешті Қыпшаққа билігін орнатады. Бұл кезде ордаежендік әулеттің өкілдері Әбілқайыр ханға қарсы шығуға күштері аз болғандықтан, қалыптасқан жағдаймен амалсыз келіседі, бірақ түпкі ойлары өз әулетінің билігін қалпына келтіру болады. Бөлініп кетудің саяси себептері осы жылдарда қалыптасады. А.А. Семеновтың айтып отырған Шайбан Ұлысы мен Орда Ежен ұлысындағы туыстас ру-тайпалардың біріктірілуі шибандық тайпалардың жеңістері арқылы жүзеге асқандықтан, шибанилық сұлтандар Сырдария бойындағы қалалар мен жақсы жайылымдарды өздері иеленеді де, онда шибанилық тайпаларды қоныстандырады.

Ал ордаежендік тайпалар болса, ордаежендік әулеттің өкілдері секілді қалыптасқан жағдаймен амалсыздан келісіп, ең жақсы жайылымдарынан айырылады. Сөйтіп, жоғарыда айтып өткен зерттеушілердің әлеуметтік-экономикалық себептері де саяси себептермен қатар қалыптаса бастайды.

Бөлінудің тағы бір себебіне Әбілқайыр ханның жергілікті ру-тайпа басшыларының мүдделерімен санаспай жоғарғы билікті жеке-дара иемденіп, оларды билікке араласудан шеттетуі жатады. Кезінде бұл мәселені Т.И. Сұлтанов «бұл күрделі тақырып бірден шешіле қоймайды», - деп атап өткен болатын [48, 1 б.; 55 б.]. Төменде біз, осы мәселені қарастыру арқылы Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлінуінің тағы бір себебін анықтаймыз.

ХІІІ ғасыр басында Шыңғыс хан бастаған монғолдардың Шығыс Дешті Қыпшақ аумағын жаулап алуымен бұл зор аумақ, ондағы тұрғындармен бірге Монғол империясының құрамына енгізіледі. Аумақтағы билеуші қыпшақ әулеті жойылып, олардың мемлекеттілігі қиратылады да, оның орнына Шыңғыс хан әулетінің билігі және монғолдық мемлекеттілік құрылым мен басқару жүйесі орнығады. Монғолдар үстемдігі дәуірінде Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында монғолдық этноэлементтердің қыпшақтануы процесімен қатар, монғолдық мемлекеттілік жүйенің да қыпшақтануы немесе жергіліктенуі процесі де қатар жүреді. Монғолдық мемлекеттік жүйеде қағанның және одан кейін жекелеген аумақтарда ханның құзырына атқарушы, заң шығарушы, сот, әскери биліктер қарап, ол жеке-дара билеуші болады. Жергілікті ру-тайпа басылары маңызды мемлекеттік істерге араластырылмай, олар тек хан жарлығы мен заңын бұлжытпай орындаушылар болғаны белгілі.

Алтын Ордадағы 1360-80 жылдардағы оқиғалар және одан кейінгі қалыптасқан жағдайлар монғолдық хандық билік жүйесіне қатты әсер етеді. 1360-80 жылдардағы оқиғалар барысы көрсеткендей, хандардың құзырындағы билікке түркіленген және жергілікті түрік тайпаларының басшылары белсене араласады. Оған Дешті Қыпшақтың батыс бөлігіндегі Қият тайпасының әмірі Мамайдың, Еділ мен Жайық өңіріндегі Маңғыт тайпасының биі Едігенің іс-әрекеттерін дәлел етуге болады. Мауереннахр мен Моғолстан аумақтарында Барлас тайпасының әмірі Темірдің, Дуғлат тайпасының әмірі Қамараддиннің де іс-әрекеттері осыны көрсетеді. Егер де Мауереннахрда Әмір Темір хандарды «қуыршақ» ролінде ұстап, хандық билікті әмірлік билікке ауыстырса, ХІҮ ғасырдың соңы мен ХҮ ғасыр басында Едіге би де Алтын Ордада дәл Мауереннахрдағыдай билік жүйесін енгізбесе де, хандарды жиі-жиі ауыстырып, өзгертіп, хандық биліктің құзіреттілігін барынша төмендетеді.

ХҮ ғасырдағы хандық басқару жүйедегі бір өзгешелікке жергілікті ру-тайпа басшыларының жоғары биліктегі рөлінің өсуі жатады. Бұл үрдіс ХҮ ғасырда дәстүрлі жағдайға айналады. Дегенменде жекелеген хандар билікке жергілікті ру-тайпа басшыларының көмегімен келіп, билікке орныққаннан кейін бұрынғы монғолдық дәстүр бойынша билік жүргізуге ұмтылып отырады. Оған Барақ ханды, Әбілқайыр ханды жатқызуға болады.

Ойымыз дәлелді болуы үшін Барақ ханға қатысты бір-екі мәліметтерді келтірелік. Қадырғали Жалайыр оны «алып тұлғалы, ірі нағыз ер, батыр еді» деп суреттегені белгілі [101, 114 б.]. Ол алғашында Ұлығбектің көмегімен Шығыс Дешті Қыпшақта, кейіннен маңғыт биі Мансурдың қолдауымен Алтын Орда тағына келеді.

Мансур бидің Алтын Орда тағына лайықты адам іздестіріе, өз ұлысындағы Жантемір деген кемеңгер ақсақалмен ақылдасқанда, оның берген кеңесінің терең мәні бар екенін көруге болады. Оның «Мұхаммед-хан (Кіші Мұхаммед хан – Б.К.) әлі жас, ол қазір өз бетінше арбаға да міне алмайды, сол себепті сенің өмірің тыныш болады; Барақ-оғлан – күшті бура сияқты, ол арбаны сүйреп қана қоймай, қажет болса сені арбадан аударып, таптап кетеді», - деген ақылына Мансур би құлақ аспай, Барақты хан көтереді [51, 210 б.]. Одан кейінгі тарихи даму барысы көрсеткеніндей, Жантемір қарияның айтқаны келіп, Барақ хан Мансұр биді өлтіреді де, бүкіл елді жеке-дара басқарады [51, 210 б.].

Енді дала кемеңгерінің кеңесіндегі әрбір сөздің астарына үңілсек. Бұл жерде арба – мемлекеттік жүйе, хандық билікті білдіріп тұр да, Мұхаммед-хан мен Барақ хан – нақты тарихи тұлғалар болса да, сол тұстағы мемлекетті басқару үрдісіндегі екі дәстүрдің – жаңадан қалыптасқан дәстүр, яғни жергіліктенген монғолдық билік пен бұрынғы Шыңғыс хан, Батый хан дәуіріндегі монғолдық биліктің бейнесін көрсетіп тұр. Ал Мансұр би – ол нақты тарихи тұлға болса да, арбаға кімді отырғызуды тек өздері ғана шешетін жергілікті ру-тайпа көсемдерінің жиынтығын білдіріп отыр. Жантемір қарияның кеңесі ХІҮ ғасырдың соңы мен ХҮ ғасырдың алғашқы ширегіндегі Жошы Ұлысы аумағындағы мемлекеттік жүйе мен оны басқару ісіндегі үлкен өзгерісті анық көрсетеді. Бұл біздің бірінші дәлеліміз болса, екінші дәлелімізге Барақ ханның қаза табуына қатысты тарихи деректер жатады. Тағы да Т.И. Сұлтанов қолданған материалдарға жүгінелік. Бүкіл тарихи деректің қысқаша мазмұнына тоқтасақ, Мансұр биді өлтіргеннен кейін, Барақ хан оның артына ерген ру-тайпаларды біртіндеп шеттете бастайды. Сол себепті ру-тайпа бектері Мансұр бидің туысы Ғази, Наурыз мырзаларға жасырын түрде кетіп қалады. Оларды қайтару үшін Барақ хан қарсы аттанады. Барақ хан әскерінде әлі де кетіп үлгере алмаған Мансұр бидің жақтастары: қыпшақ Айаз бек, құрлауыт Мағрип бек секілді адамдар болады. Кіші Мұхаммед хан, Ғази, Наурыз мырза әскерлерімен Барақ хан әскері шайқасқа түскен кезде, құрлауыт Мағриб бектің атқан оғы Барақ ханды жаралайды, ал қыпшақ Айааз бек ханды өлтіреді де, басын Күшік Мұхаммед ханға алып келеді» [51, 210-211 бб.]. Бұл деректегі екі ханнан басқа тұлғалар: Ғази мен Наурыз мырзалар, қытай Сайд-Әлі, қыпшақ Айаз бек, құрлауыт Мағриб бек, Шайх Мұхаммед бектер тек ру-тайпа көсемдері ғана емес, сонымен бірге сол кездегі саяси өмірде белсенді роль атқарған жергілікті этникалық күштердің өкілдері болып есептеледі. Олардың хан болуға құқықтары болмаса да, шыңғыстың ұрпақтары ішінде кімді сайлауға толық құқылары бар болатын.

Осы екінші дерек мәліметі көрсетіп отырғанындай, ХҮ ғасырда жергілікті ру-тайпа басшыларының бұрынғы монғолдық дәстүр бойынша билікке мойынсұнғысы келмейтінін көреміз. Хан тарапынан ру-тайпа басшыларының мүдделері шектелсе, немесе олардың құқықтары еленбесе, онда олар ханды тастап кетіп, не болмаса оған қарсы шығып отырған.

Бұған дейін айтып өткеніміздей, Әбілқайыр да Шибан ұлысы аумағында 17 жасар кезінде жергілікті маңғыт және шибандық ру-тайпалар басшыларының қолдауымен хан сайланады. 1429-1431 жылдары оның Шибан ұлысын біріктіру жолындағы соғыстары өте табысты аяқталып, ол Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы беделді саяси күштердің біріне айналады [45, 44-55 бб.]. Әбілқайыр ханның осы жылдардағы барлық жеңістері оған қолдау көрсеткен жергілікті маңғыт және шибандық тайпалар бірлестіктері жетекшілерінің есімдерімен тығыз байланысты [207, 143-144 бб.; 146 б.; 153-157 бб.].

1446 жылы Сырдария өзеінің орта ағысы бойындағы қалалар мен қысқы жайылымдарға өте қолайлы өңірлерді бағындыру арқылы Әбілқайыр хан Шығыс Дешті Қыпшақтың толық, жеке-дара билеушісі болады. Көп ұзамай-ақ Әбілқайыр ханнан оны қолдаған жергілікті этникалық күштердің өкілдері қол үзіп, бөліне бастайды. Бірінші болып «көшпелі өзбектер» елінің ханынан Оқас бидің ұлдары бөлініп кетеді. Біз ол жөнінде Әбілқайыр хандығының саяси тарихына қатысты мәселеде терең тоқтап, оны «көшпелі өзбектер» еліндегі бірінші бөлініс деп атағанбыз. Қарастырып отырған мәселеге қатысты болғандықтан, ХҮ ғасырдың 70-80-ші жылдарында Әбілқайыр ханның немересіне айтылған мынадай сөздің ХҮ ғасырдың 40-50-ші жылдары үшін де маңызы бар дейміз. Онда Мұса мырза Мұхаммед Шайбани ханды Дешті Қыпшаққа хан көтеру үшін өзінің әмір-бектерімен кеңескенде, олар былай деген екен: «Ежелгі замандардан қазіргі күндерге дейін маңғыт әмірлері көтерген әрбір хан мемлекет ішінде маңғыт әмірлеріне еркіндік берген. Егерде [Мұхаммед Шайбани хан] біздің осы ескі әдетімізге келіссе, жақсы [яғни, біз оны хан сайлаймыз], ал егер келіспесе, онда да жақсы, [яғни, онсыз да өмір сүре аламыз]» [132, 104 б.].

Бұл дерек мәліметі маңғыт әмірлерінің ұзақ уақыттар бойы қалыптасқан өз дәстүрлері мен құқықтарын ерекше құрметтейтіндігін, ол жоғары билік тарапынан сақталмаса немесе бұзылса оған қарсы күресуге даяр екендігін көрсетеді. Алдыңғы бетте айтып өткенміздей, Барақ ханың өліміне тікелей себепші болған хан мен маңғыт әмірлері арасындағы қайшылықтар да осыдан, яғни Барақ ханның өзінің қол астындағы ру-тапалардың басшыларын тықсырудан, шеттетуден, оларды елемеуден туындаған болатын. Әбілқайыр хан да ХҮ ғасырдың 40-шы жылдарының екінші жартысында бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақтың билеушісі болғаннан кейін билік жүргізуде монғолдық дәстүрді қолданады. Бұл жағдай өз кезегінде басқа да себептермен бірігіп, маңғыт әмірлернің Әбілқайыр ханнан бөлінуіне әкеліп соқтырады.

«Көшпелі өзбектер» еліндегі келесі ірі бөлініске – Керей мен Жәнібек хандардың басшылығымен болған ордаежендік тайпалардың бөлініп кетуі жатады. Орда Ежен ұлысындағы ру-тайпалардың жетекшілері де 1446 жылдан кейін Әбілқайыр хан тарпынан шеттетулер мен қысымшылықтарға ұшырады деуге болады. Тіпті олардың жағдайлары маңғыт және шибандық жетекшілерге қарағанда анағұрлым қиындау болған секілді. Өйткені, шибандықтар Әбілқайыр ханға бұрыннан бағынышты, маңғыттар одақтас болып келсе, ордажендіктер жаулап алынған немесе бағындырылған тайпалар қатарына жатады. Сол себепті де ордаежендік тайпалар Сыр бойындағы ең жақсы, ең тәуір жайылымдарынан айырылып, оларды «жеңімпаз» тайпаларға қалай берсе, олардың жетекшілері де өздерінің 1446 жылға дейінгі мемлекеттік жүйедегі мәртеблерінен айырылып, кейінгі қатарларға ығыстырылады. Олардың құқықтары мен құзыреттері басқаларға қарағанда барынша төмендетіледі. Міне, осы жағдайлар да ордаежендік тайпалардың Әбілқайыр ханнан бөлініп кетуін де басты факторлардың біріне жатады. Осылайша, 1446 жылдан кейінгі жағдайлардың бәрін бір арнаға топтастырсақ, мынандай жәйттерді аңғарамыз. Керей мен Жәнібек бастаған ордаежендік әулет өкілдері ХІІІ ғ. бері жалғасып келе жатқан биліктен айырылып, хандық биліктің шеңберінен шығарылса, ордаежендік ру-тайпа жетекшілерінің Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы билікке ықпал ету құқықтары төмендетіледі. Ал, қарапайым ру-тайпа мүшелеріне әртүрлі салықтар мен міндеткерліктер көптеп салынады. Осы аталған саяси-құқықтық, экономикалық және әлеуметтік себептердің жиынтығы бөліну процесіне жалпы сипат бергізеді.

Біздің ойымызша, зор маңызға ие болып, салдарлары өте күшті болған бұл бөлінудің себептері жоғарыда аталған себептермен шектеліп қоймайды. Жетісу жеріне келген бойда көрші халықтарға «өзбек-қазақ» деген атаумен белгілі болған бұл этникалық қауымның Өзбек ұлысынан бөлінуін Шығыс Дешті Қыпшақ көлеміндегі этникалық бөлініс деуге болады. Өйткені, бөлінуге дейін бір ғана өзбектер немесе «көшпелі өзбектер» деп аталатын этнос бөлінуден соң екі этносқа айналады. Олай болса, бөлінудің салдарларының біріне этникалық мән жатса, онда бөлінудің этникалық себептері де болғаны.

Этникалық себептердің дерек мәліметтері арқылы байқауға болатын жағына жергілікті халықтың өміріндегі қарапайым мұрагерлік дәстүрдің саяси билікті мұралау жүйесіне еніп, саяси биліктегі монғолдық мұргерлену дәстүрін ығыстырып шығаруы жатады. Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында монғолдық этноэлементтердің ХІҮ ғасырдың бірінші жартысында қыпшақтанып болғанын бұған дейін атап өткенбіз. Қыпшақтану процесіне алдыменен қарапайым, аз санды монғолдық элементтер түседі. Олар жергілікті қыпшақ тілін, әдет-ғұрпын, дәстүр-салтын қабылдайды. Бұл процесс әлеуметтік жүйеде төменнен жоғары қарай жүреді. Қарапайым монғолдар бірте-бірте қарапайым Шығыс Дешті Қыпшақ тұрғындарына, нойандар – әмір немесе бектерге, баһадүрлер-батырларға айналады. Хандардың өзі де қыпшақ хандары деп есептелінеді. Монғол хандары қыпшақтық дәстүрлерді қабылдағанымен де, бір дәстүрге келгенде, өздерінің бұрынғы жолын берік ұстап отырады. Ол – хандық билікті мұралау жолы еді. Монғолдық дәстүр бойынша билік атадан әкеге, әкеден балаға, одан тікелей немереге ауысып отырған. Ал қыпшақтық дәстүрде – ол әкеден оның бірге туған бауырларына, әулеттің жасы үлкен өкіліне берілетін болған [191, 282 б.].

ХҮ ғасырдан бастап бұл дәстүр де хандық билікті мұралану жүйесіне ене бастайды. Мұны енгізушілер жоғары биліктен ұзақ уақыт тыс қалып, жергілікті халықтың барлық дәстүрлерін қабылдаған, оның ішінде қыпшақтық мұрагерлену дәстүрін де өздерінің дәстүріне, санасына сіңірген Шыңғыс ұрпақтары еді. Сондай Шыңғыс ұрпақтарының өкілдері Керей мен Жәнібек және сол секілді топ болатын. Барақ ханнан соң 30-40 жылдай уақыт бойы ресми хандық биліктен шет қалған Орыс хан ұрпақтары толығымен халықтың осы дәстүрін бойларына сіңіреді. Кейіннен ресми билік өз қолдарына көшкенде, жаңа хандар осы дәстүр бойынша таққа отырызылады.

Билікті мұраланудағы осы дәстүрлік айырмашылықтар да Керей мен Жәнібекті қол астындағы ру-тайпалармен бірге Әбілқайыр ханнан бөлінуге итермелеген деп санаймыз.

Бөлінудің келесі бір этникалық себебіне «көшпелі өзбектер» елі ішіндегі ру-тайпалық талас-тартыстар жатса керек. Алғаш рет ХХ ғасырдың басында Ш.Құдайбердіұлы ғылыми айналымға енгізген Қарақыпшақ Қобыланды батырдың арғын биі Ақжол биді өлтіруі туралы тарихи әңгімеде тайпааралық дау-дамайға Әбілқайыр хан мен Керей, Жәнібек сұлтандар да араласады [16, 22-23 бб.]. Тартыстың нәтижесінің Ақжол биді өлтірген Қобыланды батыр жағына қарай шешілуіне наразылық білдірген қарсы жақ Керей мен Жәнібекпен бірге Әбілқайыр ханнан бөлініп кетеді. Халық ауыз әдебиетінің бұл мәліметі де бөлінудің этникалық бір себебін айқындай түседі.

Ақжол бидің өліміне қатысты тарихи аңыз-әңгіменің мәліметтеріне терең үңіліп қарасақ, біз бөлінудің этикалық себептерімен қатар, оған әсер еткен руханилық факторды да көреміз. Этникалық сипаты бар оқиғаларда руханилық фактордың маңызды роль атқаратынын ескерсек, онда этникалық бөліну процесін бұл факторсыз толық сезіну мүмкін емес.

Жазба және ауыз әдебиетінің деректері ХҮ ғасырдың бірінші жартысында Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында кең танымал бірнеше рухани көсемдердің есімдерін айтады. Оның бірі - әрі батыр, әрі әулие Алаш есімді тұлға болса, екіншісі – Дайырқожа би [207, 143 б.; 145 б.; 16, 22-23 бб.]. Дайырқожа би – Ақжол бидің шын есімі. Ш.Құдайбердіұлы мәліметінде ол жөнінде «арғындардың арғы атасы, әрі Әбілқайыр ханның сүйікті қазысы және әділ айтатындықтан Ақжол атанған», - делінеді [16, 22 б.]. Оның есіміне тіркеліп айтыған осымша есім Ақжол бидің қандай деңгейдегі тұлға екендігін көрсетіп тұр. Қожа, би, қазы деген атақ-лауазымдардың бір адамға қатысты айтылып тұрғанына қарап, Ақжол бидің өз дәуірінде ірі дін басы, әрі билер институтының көрнекті өкілі болғандығын байқаймыз. Халықтың оны Ақжол деп атауы – оның халықшыл, турашыл және халық арасында үлкен беделді болғандығын көрсетсе керек. Дін – халықтың рухани өмірінің өзегі болғандықтан, ірі діни тұлғалар – рухани өмірдің көсемі болып саналған. Ақжол би де ХҮ ғасырдың орта тұсында Шығыс Дешті Қыпшақ тайпалары үшін рухани көсем, басшы, жетекші бола білген. Рухани көсемнің батырдың қолынан қаза табуы және де кінәліні Әбілқайыр ханның қорғауы халықтың рухани күйзелісін туғызып, ашу-ызасын келтіреді. Өз кезегінде руханилық фактордан туындаған жергілікті халықтың бір бөлігінің ашу-ызасы мен наразылықтары «көшпелі өзбектер» еліндегі ру-тайпалар тобының бір бөлігін жоғарыда айтылған басқа да себептермен бірге Әбілқайыр ханнан бөлніп кетуіне әкеледі.

Осыған дейінгі Керей мен Жәнібек хадардың Әбілқайыр ханнан бөлінуінің себептерін анықтауға қатысты айтылған ой-пікірлермізді түйіндей келе мынадай жалпы қорытындыға келеміз. Бөлінудің салдарлары мен нәтижесі өте маңызды болғандықтан, оның себептері де одан кем болмаған және бөлінуге ХҮ ғасырдың орта тұсында Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы «көшпелі өзбектер» елінде болған саяси, әлеуметтік, экономикалық, этникалық және рухани себептер алып келген.

Бөлінудің себептерін анықтағаннан кейін оған қатысты қарастыратын келесі мәселеге – бөлінуге түрткі болған оқиғаларды айқындау жатады. Кез-келген маңызды оқиғаның себептері әбден пісіп-жетілгенде, оның басталуына кішігірім оқиғалардың түрткі болатыны, қозғау салатыны белгілі.

Жазба деректер ХҮ ғасырдың 50-ші жылдарының екінші жартысында Әбілқайыр хандығының тарихында болған оқиғалар арасынан бір ғана оқиғаны өте жақсы баяндайды. Ол – 1457 жылы жаз айларында қалмақ билеушісі Үз Темір тайшының «көшпелі өзбектер» еліне жорығы мен Сығанақ қаласының түбінде оның Әбілқайыр ханмен шайқасы және қалмақтардың жеңуі туралы оқиға [207, 168-171 бб.; 143, 392-393 бб.]. Әбілқайыр хандығының саяси тарихына қатысты мәселеде бұл шайқас туралы айтып өткендіктен, бұл жерде оған тоқталмаймыз. Шайқас нәтижесінің бөлінуге тікелей қатысы бар болғандықтан, ол мәселе оған көңіл бөлуді қажет етеді. Кезінде 1457 жылғы шайқастан кейінгі Әбілқайыр хандығындағы ішкі жағдайға С.К. Ибрагимов, Т.И. Сұлтанов ерекше назар аударған болатын [37, 178-179 бб.; 48, 56 б.]. Бірақ та олар 1457 жылдан кейінгі Әбілқайыр ханның іс-әрекеттерін бөлінуге түрткі емес, бөлінудің себептері ретінде қарастырады. Бөлінудің себептеріне біз, 1446-1457 жылдардағы Әбілқайыр хандығындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайларды жатқызып, ал Сығанақ түбіндегі шайқастан кейінгі Әбілқайыр ханның ордаежендік тайпа басшыларына, ордаежендік әулеттің өкілдеріне қарсы іс-әрекеттерін бөлінуге түрткі болған оқиғаларға жатқызамыз. Біз бұған дейінгі тарауларда Әбілқайыр ханның қалмақтардан жеңілуінің бір себебіне оны ордаежендік әулет өкілдері мен оларға қарасты ру-тайпалардың қолдамауынан деп айтып өткенбіз. Шайқастан кейін «көшпелі өзбектер» ханының бірден өзін қолдамағандарды жазалауға кірісетіні белгілі. Мұхаммед Хайдар Дулати осы жағдайды былайша баяндайды: «... Жошы әулетінен шыққан кейбір сұлтандар одан келер бір пәленің исін сезіп қалып, оны болдырмауға тырысты. Керей хан, Жәнібек сұлтан сияқты кейбір сұлтандар мен басқалар аз ғана топпен Әбілқайыр ханнан қашып, Моғолстанға келді» [142, 305 б.]. Ал Махмуд ибн Уәли болса, «... Керей хан мен Жәнібек хан... бағыну мен мойынсұнудан бас тартып, отанын тастап кетуді қалады. Ата-бабаларынан мұра болып алған елді тастап, олар бөгде елге апаратын жолды таңдады. Сыйлауға тұратын адамдармен бірге олар Моғолстанға бет алды», - деп жазады [144, 352 б.]. Көріп отырғанымыздай, Керей мен Жәнібек Әбілқайыр хан ордасында 1457 жылғы шайқастан кейінгі болып жатқан оқиғалардан хабардар болған. Ортағасырлық деректерде ханның ордасындағы құпия жоспарларды қарсы жаққа алдын-ала жеткізіп қою актілері көптеп кездеседі. Мүмкін, Әбілқайыр хан жанында Керей мен Жәнібектің сенімді адамдары болған шығар. «Тарих-и Абулхайрхани» авторының «... Әбілқайыр хан Үзтемір тайшы қайтқаннан кейін Сығанақты тастап, халқы мен ұлысын жиды, мемлекет пен қоластындағылардың істерімен айналысты, әскерін тәртіпке келтірді», - деп жазуы жалпылама түрдегі іс-әрекеттерді баяндаса, жоғарыда келтірген Мұхаммед Хайдар Дулатидың мәліметі шайқастан кейінгі жағдайды нақты баяндайды [142, 170 б.].

Сөйтіп, Керей мен Жәбектің Әбілқайыр ханнан бөліуіне түрткі болған оқиғаға біз, «көшпелі өзбектер» елі ханның 1457 жылғы шайқастан кейін ордаежендік сұлтандарға қарсы әркеттері жатады деп санаймыз.

Алдыңғы беттерде айтып өткеніміздей, бөлінуге қатысты мәселелердің бріне – оның қай уақытта болғанын анықтау жатады. Бұл мәселенің де хандықтың құрылуы мен оның датасына қатысы бар болғандықтан одан айналып өтуге болмайды.

С.К. Ибрагимов Керей мен Жәнібектің бөлінуін қалмақтар жорығынан кейін Әбілқайыр ханнның өз елін тәртіпке клтірумен сәйкес елді деп айтады да, нақты жылдарды көрсетпейді [37, 178-179 бб.]. Ал Моғолстан мемлекетінің тарихына арналған монографиясында К.А. Пищулина біз қарастырып отырған мәселе бойынша өзіндік пікірлерін білдіре кетеді. Ол бөлінудің мерзімін нақты айтпаса да, оны «ХҮ ғсырдың 50-ші жылдрының екінші жартысында болған» деген қорытындыға келеді [47, 251 б.]. Зерттеушілер арасында осы мәселемен ең ұзақ айналысып, көп жұыстар жариялаған Т.И. Сұлтанов бөлінуді 1459-1460 жылдары жүзеге асқан деп дәлелдейді [49.; 51-52.; 203.; ]. Ол өзінің тұжырымын былайша негіздейді: «Керей мен Жәнібек өздерінің ұлысындағы адамдарымен Моғолстанға моғол ханы Есенбұғаның тірі кезінде келеді, ол қашып келгендерді қуана қарсы алып, оларға Шу бойы мен Қозыбасын береді. Есенбұғаның 866 (1462) жылы қайтыс болғаны белгілі. Олай болса, көшіп кету оған дейін болған. «Тарих-и Рашиди» мен «Бахр ал-асрардың мәліметтері бойынша Керей мен Жәнібектің Моғолстанға көшіп келуі темірлік Әбу Сайдтың Шираздан Жүніс ханды шақырған және оны Есенбұғаға қарсы пайдалану үшін Моғолстанға әскермен жіберген уақытымен сәйкес келеді. Әбу Сайдтың Жүніс ханды Гератта қабылдауы 863 / 1458-1459 жылы Хорасанды бағындырғаннан кейін болғаны белгілі, ал Жүніс хан мен Есенбұға арасындағы өзара тартыстар аз дегенде бір жарым-екі жылға созылған. Соған қарап, көшіп кетудің уақытын, дәлірек айтсақ, Керей мен Жәнібектің қарамағындағы адамдарымен Есенбұға ханның иелігіне көшіп келуін 864/1459-60 жылдар деп санауымыз керек» [51, 233 б.].

Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп кеткен уақытында Т.И. Сұлтанов ұсынып отырған 864/ (1459-60) жылды алуға болар еді, егер де алдымыздан бірнеше сұрақ шықпаса. Сол сұрақтың алғашқысы мынадай, неге Әбілқайыр хан 1457 жылдан кейін өзін қолдамаған Керей мен Жәнібекке 2-3 жыл бойы ешқандай әрекет жасамаған? Әбу Сайд мырзаның Герат қаласын бірінші рет алуы 1457 жылы, ал түпкілікті түрде алуы 1458 жылдың соңында болғаны белгілі, соған байланысты ол Жүніс ханды Герат қаласын қай алуында шақырған? Өйткені, оны нақтылау арқылы Керей мен Жәнібектің Моғолстанға келген кезін нақты анықтауға болады. Олай болса, біз төмене осы сұрақтарға жауап табу арқылы Керей мен Жәнібектің Моғолстанға келген кезін анықтап көрелік.

Жоғарыда айтап өткеніміздей, бөліну 1457 жылғы Сығанақ түбінде Әбілқайыр ханның қалмақтардан жеңіліс табуынан кейін және Есенбұға қайтыс болғанға дейін, яғни 1457-1461/62 жылдар аралығында болған. Мұхаммед Хайдар Дулати бөлінудің мерзімін нықтауға тигізер көмегі көп Жүніс ханның өміріне қатысты бірнеше датаны айтады. Ол Жүніс ханның дүниеге келген жылын бір дерегінде «оның туған жылын мен естімесем де, өлген жылы және өмір сүрген уақытына қарап, оны 819 (1416-141) жылы туған деп санауға болады. Алла жақсы біледі», - деп шамалап айтады [142, 112 б.]. Ал келесі бір дерегінде ол Жүніс ханның туған жылы мен қайтыс болған жылын, қанша жыл өмір сүргенін нақты баяндап береді. «Хан Ташкентте қоныстанған соң, ұлы Сұлтан Махмуд ханға Сұлтан Ахмет мырзаның қызы Қаракөз бегімге құда түсті.... Сұлтан Жүніс хан сол арада сал болып, содан екі жылға жуық төсек тартып жатып қалды. Сол сырқаттан ол ақыры бұл дүниеден өтті. Оның жасы жетпіс төртте еді. Моғол хандарының ішінде мұндай жасқа ешкім жеткен жоқ. Олардың көпшілігі қырықа жетпеген. Хан 818 (1415-1416) жылы туып, 892 (1486-1487) жылы дүние салды. Оны Ташкентте Шайх Хаванд Тахур мазарының жанына жерлеген», - деп нақтылап жазады [142, 138 б.]. «Тарих-и Рашиди» авторы Жүніс хан туралы тағы да мынадай датаны айтып өтеді. «Сол арада Мырза Сұлтан Әбу Сайд Хорасанды жаулап алды, енді Иракты да бағындыруды мақсат етті. Бірақ Есенбұға ханның Ферғана, Шаш және Түркістанға қауіп туғызуына байланысты Иракқа [жорық] жасау кейінге қалды. Сонда Мырза Сұлтан Әбу Сайд адам жіберіп, ханды Шираздан алдырды да... оны Моғолстанға жіберді. Ханның жасы ол кезде 41-ге келген-ді, ол 860 (1455-1456) жыл болатын» [142, 113 б.].

Ал енді Әбу Сайд мырзаның Гератты алуына байланысты белгілі болған даталарға назар аударып көрелік. Абд-ар-Раззак Самаркандидың деректеріне сүйеніп, Б.А. Ахмедов 1452-1457 жылдары Гератты билеген Әбіл-Қасым Бабырдың 1457 жылы 21 ақпанда қайтыс болып, Ала-ад-Дауланың ұлы Ибрагим мырзаның бірнеше талпыныстардан соң 1457 жылы қыркүйекте Хорасан астанасын алғандығын, Әбу Сайд мырзаның Әмударияның сол жағында Ибрагим мырзаны жеңіп, 1457 жылдың 2 қазанында ұрыссыз Гераттың Қыпшақ қақпасы арқылы қалаға салтанатпен кіргенін айтады [45, 133-134 бб.]. Көп ұзамай Балхта Абдаллахтың ұлдары – Мұхаммед Жөкі мен Ахмед мырза көтеріліс жасайды да, Әбу Сайд мырза Гераттан Балхқа аттанады. Көтерілісті тұншықтырып, Әбу Сайд Балхты басып алады да, Гератқа да, Самарқанға да қайтып оралмай, сонда қыстап қалады. Гераттың иесіз алғанын көрген Ибрагим мырза тез арада Гератты қайта иеленеді. Осы кезде Ибрагим мырзаның әкесі Ала ад-Даула қайтадан пайда болып, баласы әкесіне 1458 жылдың 23 сәуірінде Герат тағын ұсынады [45, 135 б.]. 1458 жылдың қазанының ортасында Қарақойлы әулетінің басшысы Жахан шахтың Гератқа төніп келуіне байланысты Ала ад-Даула қаланы тастап кетуге мәжбүр болады. 1 қарашада Жахан Шах Гератты соғыссыз алады. Бірақ оның тылында өте қиын жағдайдың қалыптасуына байланысты, ол Гератқа беттеген Әбу Сайд мырзамен бейбіт келісімге келеді де, Хорасанды тастап кейін оралады. Ал Әбу Сайд мырза болса, 1458 жылдың 16 желтоқсанында екінші рет, бұл жолы түпкілікті түрде Гератты иемденеді [45, 136 б.]. Жоғарыда келтірілген даталарға талдау жасай отыра, Жүніс ханның Моғолстанға Әбу Сайд мырза атынан келген кезін анықтап көрелік.

Біздің ойымызша, Герат билеушісі Әбілқасым Бабыр 1457 жылдың 2 ақпанында қайтыс болса да, Хорасан астанасын басып алуға Әбу Сайд мырза сол жылдың аяғына дейін аттана алмаған. Оған себеп, біріншіден, Есенбұға хан тарапынан төніп тұрған қауіптер болса, екіншіден, Әбілқайыр хан тарапынан жасалатын тонаушылық жорықтар қол байлаған. Ал 1457 жылдың жаз айларында Әбілқайыр ханның қалмақтардан жеңілуінен кейін, Мауереннахрға солтүстіктен келер қауіп-қатер біршама сейіледі де, Әбу Сайд мырза 1457 жылдың күзінде Гератқа аттанады. Ол Есенбұға хан тарапынан болып қалар жорықтарға тосқауыл қою үшін Иранның Шираз қаласы жағында жүрген Жүністі Моғолстан жаққа, яғни туған інісіне қарсы жіберуді алдын-ала жоспарлаған. Өйткені, Бабырдың айтуына қарағанда Жүніс ханның туған әпкесі Ханымды күйеуі Абдалазиз мырза өлтірілгеннен кейін Әбу Сайд мырза алған болатын [138, 30 б.]. Жүніс ханның әпкесіне інісінің қайда жүргені мәлім болғандықтан, кіші інісінің іс-әрекеттерін тежеу үшін үлкен інісін пайдалану туралы күйеуіне кеңес беруі де мүмкін.

Сөйтіп, 1457 жылдың 2 қазанында Гератты алғаннан кейін Әбу Сайд мырза бірінші кезекте "жезделігін бетке ұстап, Ирак пен Хорасан жақта жүрген Жүніс ханды шақыртады" [138, 30 б.]. "Хорасанда ол (Әбу Сайд мырза - Б.К.) Жүніс ханды Бағ-и Заған (Гераттың солтүстік жағындағы бақ, Шахрух билік құрған жылдары онда оның ордасы орналасқан - Б.К.) бағындағы сарайға жайғастырды да, ханның құрметіне патшалық той жасады", - деп баяндайды М.Х. Дулати [142, 111 б.]. "Ханның жасы сол кезде 41-де болатын" деген "Тарих-и Рашиди" авторының мәліметі тура келіп тұр. Жүніс ханның 1415-1416 жылы туылғанына қарап, 1457 жылы оның жасы 41-де болғандығына көзімізді анық жеткіземіз.

Әбу Сайд мырзаның Жүніс ханды Шираздан шақыртуы оның Гератты алғашқы алуынан кейін болғандығын тағы да мынадай жағдай дәлелдей түседі. Балх аймағындағы Мұхаммед Жөкі мен Ахмед мырзаның көтерілісін басқаннан кейін, Әбу Сайд мырза Гератқа да бармай, Самарқанға да қайтып оралмай, Балх қаласында қыстап қалып қояды. Оның мұндай қадамға баруын біз, Жүніс ханды Есенбұға ханға қарсы жіберу арқылы ол Моғолстан ханы тарапынан Мауереннахрға төнген қауіптерден құтылғандығынан деп есептейміз. Сөйтіп, ол Мауереннахрға солтүстіктен де, шығыстан да қауіп-қатердің болмайтынына толық көз жеткізгеннен кейін ғана Балхта қыстап, 1458 жылдың соңына дейін, яғни 1458 жылдың 16 желтоқсанында Гератты алғанға дейін Амударияның сол жағалауында болады.

Ал енді Жүніс ханға келсек, Ол Мауереннахрда шашырап жүрген моғолдардың басын қосып, Моғолстанның батыс өңіріне келеді. Бұл кез – 1457 жылдың күз айларының соңы болатын. Оған кейбір моғол әмірлері қолдау көрсетеді, ол Құнжы тайпасы әмірінің Исан Даулат бегім атты қызына үйленіп те үлгереді [142, 113 б.]. Келесі жылы, яғни 1458 жылдың жаз айларының бірінде Еснбұға ханның Моғолстаның шығысындағы Жұлдыз жайлауында жүргенінен хабардар болған Жүніс хан Қашқарды бағындыруға аттанады. Сол кезде Қашқарда «Тарих-и Рашиди» авторының үшінші атасы Әмір Сайд Әлі билікте болатын. Ол Есенбұға ханға хабар жібереді. Есенбұға тез арада жетеді де, Әмір Сайд Әлімен бірігіп, Жүніске қарсы Қашқар маңындағы Хансалар деген жерде шайқасқа түседі. Жүніс хан жеңіліс тауып, қашып кетеді. Ал әйелі, бала-шағасымен әмір Сайд Әлінің қолына түседі [142, 114 б.]. Дулатидың жазуына қарағанда, Жүніс ханның Исан Даулат бегімнен туған Михр Нигар ханым атты үлкен қызы емшекте болған [142, 114 б.]. Көп ұзамай әмір Сайд Әлі (1457-1458) жылы қайтыс болады [142, 114 б.]. 862 хижра жылының христиан жыл санауы бойынша 1457 жылдың 19 қарашасынан 1458 жылдың 9 қарашасы аралығына сәйкес келетінін ескере келе, біз тарихи уақыттарға қатысты мынадай қорытындыларға келеміз. 1) Әмір Сайд Әлі – 1458 жылдың сентябрь-октябрь айларында қайтыс болған; 2) Жүніс хан мен Есенбұға хан арасындағы шайқас – 1458 жылдың тамыз-қыркүйек айларында болған және сол кезде Жүніс ханның тұңғыш қызы 1-1,5 айда болған; 3) Әбу Сайд мырза Жүніс ханды 1457 жылы 2 қазанда Гератты алғаш иленген бойда Шираздан шақыртып алып, бірден Моғолстанға аттандырған.

Осылайша, жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, мынадай тұжырымдарға келеміз. Бірінші, Әбілқайыр ханның Сығанақ түбіндегі қалмақтардан 1457 жылғы жеңілісінен кейін Керей мен Жәнібек «көшпелі өзбектер» ханынан келер «бір пәленің исін сезіп алып, оны болдырмауға», яғни Әбілқайырдан бірден бөлніп кетуді жөн санаған. Сол себепті де Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстаның батыс бөлігіне көшіп келуі 1457 жылдың күз айларында болған. Екінші, Жүніс ханның да Әбу Сайд мырзаның шақыруымен Шираздан Гератқа келіп, одан Моғолстанға орнығуы – 1457 жылдың қазан-қараша айларында болған.

Бөліну мәселесіндегі қарастырар келесі бір мәселеге – «көшпелі өзбектерден» бөлніп кеткен Керей мен Жәнібек адамдарының сан мөлшерін анықтау жатады. Жазба деректерде ол жөнінде нақты айтылмаса да, жанама дерек мәліметтері арқылы оны шамалап көрсетуге болады.

Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашидидің» екінші кітабында «Керей хан, Жәнібек сұлтан сияқты кейбір сұлтандар мен басқалар аз ғана топпен Әбілқайыр ханнан қашып, Моғолстанға елді», - деп жазады [142, 305 б.]. Бұл дерек мәліметінің қаншалықты шынайы екендігін білу үшін ХҮ-ХҮІ ғасырлардағы Дешті Қыпшақ аумағындағы «көшпелі өзбектер», одан кейінгі қазақ қоғамының құрамындағы ұлыстардағы адам санын анықтап алу қажет.

Т.И. Сұлтанов ортағасырлық дерек мәліметтеріне сүйене отыра, ХҮІ ғасырдағы бір Қазақ ұлысында шамамен 60 мыңдай адам болған деп есептейді [49, 78-79 бб.]. Бұл санды тек ХҮІ ғасырдғы қазақ қоғамындағы ұлыстарға ғана емес, сонымен бірге ХҮ ғасырдағы да Дешті Қыпшақ ұлыстарына қолдануға болады. 5-7 ұлыстан ірі ұлыстар құрылып, олардағы адамдар саны 300-400 мың адамға жеткен [49, 80-81 бб.].

Бұған дейін айтып өткеніміздей, Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлінуінің тек саяси сеептері ғана мес, сонымен бірге әлеуметтік, экономикалық, этникалық, рухани да себептері болғандықтан біз, «көшпелі өзбектер» қауымдастығынан оның бір бөлігі бөлініп кеткен, яғни ордаежендік тайпалар бөлініп кеткен деп есептейміз.

ХҮІ ғасырдың 20-шы жылдарына таман қазіргі Қазақстан Республикасының аумағына тең келетін Шығыс Дешті Қыпшақ аумағы Қасым хан тұсында этносаяси тұрғыда біріктіріліп, тұрғындарының саны миллионнан асып кеткен болатын [142, 306 б.]. ХҮ ғасыр ортасында «көшпелі өзбектерден» маңғыттар да, ордаежендік тайпалар да бөлінбей тұрғанда, бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақтағы тұрғындар санын шартты түрде миллионға жуықтаған деуге болады. Ордаежендік тайпалар «көшпелі өзбектердің» үштен бірі болғандықтан Керей мен Жәнібекті қолдаған, оларға жақтас болған тайпаларды да шамамен 300 мыңнан асқан деуге болады. Біздің бұл қарапайым есебіміз жоғарда айтып өткен Т.И.Сұлтановтың есебімен сәйкес келеді.

Кез-келген қоғамда билушілере қатысты қоластындағы тұрғындардың көзқарастары әртүрлі болатыны белгілі. Әртүрлі көзқарастағыларды топтастырсақ, онда мынадай топтар шығады: 1) хан мен сұлтандарға, яғни билеуші әулетке жақын, ру-тайпалар; 2) бейтарап ру-тайпалар; 3) билеуші әулетке алыс тайпалар. Мұндай көзқарастар бір жағынан ру-тайпа басшыларының билеуші әулет өкілдеріне жақындығына, туыстығына байланысты болса, екінші жағынан кейбір тайпа аумақтарының географиялық орналасуына да байланысты болады. Осындай жағдайларды ескере келе біз, Керей мен Жәнібекпен бірге оларға жақын тайпалар Моғолстанға қоныс аударған деген тұжырымға келеміз. Шамамен айтсақ, «көшпелі өзбетерден» бөлінген тайпалардағы адамдар санын 100 мыңға жуық болған деуге болды.

Осылайша, Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр ханнан бөлінуіне қатысты мәселелерді қарастыра келе, төменде мынадай жалпы қорытындыларға келеміз.

Бірінші, Қазақ хандығының құрылу барысында маңызды орын алатын Керей мен Жәнібек хандар бастаған ру-тайпалардың Шығыс Дешті Қыпшақ аумағынан Жетісу жеріне келуін тарихи әдебиеттерде «қашып кетті», «көшіп кетті», «ажырап кетті» деген сөздермен көрсетіп келсе, біз оның дұрыс емес екендігін дәлелдеп, оның орнына «бөлініп кетті» деген сөздерді қолданамыз. Бұл бөліну «көшпелі өзбектер» елі тарихындағы маңғыт тайпаларының бөлінуінен кейінгі екінші бөлініс болып саналады. Сондай-ақ «қашып кетті» деген сөздер жекелген адамдар мен адамдар тобының іс-әрекеттеріне қатысты айтылса, этноқауымдастықтың бір бөлігінің осындай іс-әрекетіне қатысты бөлініп кету-сөзі лайықты деп есептейміз.

Екінші, бөлінуге қатысты оның саяси, әлеуметтік, экономикалық себептері тарихнамада бұрыннан-ақ анықталған болса, біздің зертеулеріміздің барысында оның саяси себептерімен қатар, этникалық, рухани да себе

Date: 2015-11-14; view: 4389; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.007 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию