Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






ХV ғасырдың ортасындағы Мауереннахрдағы Темір әулеті мемлекетінің саяси жағдайы





 

Қазақ хандығының құрылуына саяси жағынан өзіндік әсер еткен мемлекеттердің бірі – Мауереннахрдағы Темір әулетінің мемлекеті болды. Егерде ХV ғасырдың ортасында Әбілқайыр хандығындағы этносаяси жағдайлар жаңа мемлекеттің қалыптасуына толық алғышарттар даярласа, оның көршісі Моғолстандағы ішкі этносаяси жағдайлар Қазақ хандығының Моғолстан аумағында ту көтеруіне алып келеді. Ал нақты Моғолстанның батысында Қазақ хандығының құрылуы – оның Мауереннахрдағы Темір әулеті мемлекетімен ХV ғасырдың ортасында жүргізілген саяси қарым-қатынастарының нәтижесі болып саналады. Сондықтанда біз үшін ХV ғасырдың орта тұсындағы Темір әулеті мемлекетінің ішкі және сыртқы саяси жағдайын білудің маңызы зор.

Орта Азиядағы темірлік әулеттің тарихы мәселелері тарих ғылымында жақсы қарастырылған деуге болады. Тіпті, оның ХV ғасырдағы жекелеген мәселелерінің өзіне арналған арнайы зерттеулер бар [10, 25-196 бб.; 9, 167-433 бб.; 310.; 311, 5-68 бб.]. Сондықтанда біз ХV ғасырдың 40-50 жылдарындағы Мауереннахрдың ішкі және сыртқы саяси жағдайы мәселелерін қарастырғанымызда бұрыннан белгілі болған мәселелерге жалпылама түрде қарап, ал Қазақ хандығының құрылуына қатысы бар мәселелерге тереңірек тоқталамыз.

Ақсақ Темірдің жаулап алу соғыстары нәтижесінде құрылған оның империясы этносаяси, мәдени, экономикалық дамуы жағынан алғанда біркелкі болмады. Әкеден қалған тақты иеленген Темірдің кіші ұлы Шахрух империяны 40 жылдай басқарса да, империяның әр аймақтарында әлсін-әлсін болып тұратын толқулар мен сепаратистік бағыттағы қимылдар оның негізі берік емес екендігін көрсетіп отырды. Болашақтағы саяси бытыраңқылықтар мен тақ үшін талас-тартыстардың негізі Шахрухтың тірі кезінде-ақ, ХV ғасырдың 40-шы жылдарының басында қалана бастайды. Сол тұста тақ мұрагеріне қатысты мәселе бойынша билеуші әулеттің өз арасында бірнеше үміткерлер пайда болып, олар жасырын түрде болса да болашақ күрестерге даярлана бастайды. В.В. Бартольдың көрсетуі бойынша Шахрух әбден қартайып, кәрі жасқа жетсе де, ол өз ұлдары мен немерелері арасынан ешкімді ресми түрде тақ мұрагері етіп жарияламайды [10, 147 б.]. Соған қарамастан 40-шы жылдардың басында Герат тағынан үміттенген бірнеше үміткерлер пайда болады. Бірінші және ең басты үміткер – Шахрухтың үлкен ұлы, Самарқанның билеушісі Ұлығбек болса, екінші үміткер – Шахрухтың келесі бір ұлы, Балх аймағының билеушісі – Мұхаммед Жөкі болып есептелінді. Империяны іс жүзінде басқарып отырған Шахрухтың әйелі Гаухар-шад билікке немерелерінің бірі – Ала ад-дауланы отырғызуға ниет қылса, Шахрухтың өзі көп немересінің бірі, Ұлығбектің ұлы Абдаллатифті ресми түрде тақ мұрагері етіп жарияламаса да, өзіне жақын тартқан [10, 147-148 бб.; 311, 58-59 бб.; 305, 466 б.]. Шахрухтың тірі кезінде тақтан үміттенгендер өз ойларын жасырын ұстайды. Бірақ та әрбір үміткер тақты қандай жолмен болса да иеленуге даярлана бастайды.

1444 жылы Шахрухтың қатты ауырып қалуына байланысты үміткерлер арасында болған оқиғалар Шахрухтың өлімінен кейін темір әулеті арасында жан берісер күрестердің болатынынан хабардар етеді. Шахрух ауырып, бүкіл Герат оның қайтыс болғандығы туралы хабарды күтіп отырғанда, үміткерлердің бірі Мұхаммед Жөкі Балхтан тез аттанып Гератқа келеді, ал мұнда Гаухар шадтың талап етуімен империяның әскери күштерінің басшысы Жалал ад-дин Фирузшах мұрагер ретіндегі Ала ад-даулаға ант беріп қояды. Бір қызығы, қатты ауырып, өлім халінде жатқан Шахрух жазылып кетеді. Тақтан үміткер Мұхаммед Жөкі белгісіз жағдайда сол жылы қайтыс болады. Сондай-ақ сол жылы Ала ад-даулаға ертерек ант берген Жалал ад-дин Фирузшах пен оның ұлы да өмірден ерте қош айтысады [10, 147-148 бб.]. Міне, осы оқиғалардың өзі Шахрухтан кейін темір әулетінде тақ үшін шиеленіскен талас-тартыстардың болатынын білдірген алғашқы қоңырау секілді болды. Соған қарамастан ресми түрде тақ мұрагері болып ешкім жарияланбайды. Мұхаммед Жөкінің белгісіз жағдайдағы өлімінен кейін тақтан үміткер ең басты екі адам қалады. Бірінші – Ұлығбек, ал екінші үміткер – Ала ад-даула болды.


1447 жылы наурыздың 14-де (басқа бір деректер бойынша 12 наурызда) Шахрух Хорасанның батыс аймақтарының бірінде жорықта жүріп ауырады да, көп ұзамай қайтыс болады [312.]. Шахрухтың денесі жерге тимей жатып-ақ Герат тағына үміттенушілер арасында күрес басталып кетеді. В.В.Бартольдың еңбегінде бұл күрестер жақсы қарастырылғандықтан, біз оған тоқталып жатпай, тек оның кейбір тұстары мен нәтижелеріне ғана назар аударамыз [10, 148-156 бб.].

Егерде Шахрух өлгеннен кейінгі Темір әулеті арасындағы тақ үшін күрестерді бірнеше кезеңге бөліп қарасақ, бірінші кезеңге 1447 жылдың наурызы мен сол жылдың соңғы айларына дейінгі аралық жатады. Негізгі оқиғалар Хорасан аймағында өтеді де, Герат тағын басты үміткердің бірі Ала ад-даула иемденеді. Ұлығбек болса Амударияның сол жағалауындағы Балх аймағын иеленіп, онда ұлдарының бірі – Абдаллатифті отырғызады. Ала ад-даула Гератты иеленгенімен, оның билігі бүкіл Хорасанға жүрмейді. Ондағы Мазендаран аймағына Шахрухтың немересі, Байсұңқардың ұлдарының бірі - Әбілқасым Бабырдың билігі орнайды.

1447 жылдың соңында Мауереннахр мен Хорасан билеушілері арасында уақытша болса да бейбіт келісімдерге қол жеткізіліп, тыныштық қалыптасады [10, 150 б.]. Бірақ та бұл тыныштық ұзаққа созылмайды. 1448 жылдың көктемінде Ұлығбек Хорасан аймағына еніп, Темір әулеті арасындағы күрестің екінші кезеңін бастап жібереді.


Екінші кезеңдегі басты оқиғаларға мыналар жатады:

а) Ұлығбек пен Абдаллатифтің 90 000 әскері Герат маңындағы Тарнаба қалашығы түбінде Ала ад-даула әскерін жеңіліске ұшыратады; ә) Ала ад-даула қашып, Әбілқасым Бабырды паналауға мәжбүр болады; б) Ұлығбек Герат пен оның төңірегіндегі қалалардың бірін күшпен, бірін ұрыссыз иеленеді де, бүкіл Хорасанды бағындыру үшін батысқа қарай жорығын жалғастырады. Гераттағы әмірлердің бүлігі Ұлығбекті кейін оралуға мәжбүр етеді, сөйтіп ол қарашаның соңында Гератқа қайтып келеді; ал «көшпелі өзбектер» елінің билеушісі Әбілқайыр ханның Самарқанға жорығы оны Хорасаннан Мауереннахрға қайтып оралуға мәжбүрлейді; Ұлығбек ұлы Абдаллатифті Гератта қалдырып, өзі Самарқанға қайтып оралады; екі аптадан кейін Әбілқасым Бабыр Абдаллатифті Гераттан қуып шығады [10, 150-156 бб.; 311, 60-62 бб.].

Темір әулеті арасындағы күрестің екінші кезеңін қорытындылай келе, күрес барысындағы басты рольді Ұлығбек атқарса да, нәтижесі ол үшін өте тиімсіз болды дейміз. Күрестің бастапқы сатыларында ол қалай жеңіске жетсе, соңғы сатыларында ол қол жеткізген жеңістерінің бәрінен айырылады. Абдраззак Самаркандидың айтуына қарағанда, 1448 жылғы тақ үшін жүргізілген күрестер әскер мен жергілікті тұрғындар арасында Ұлығбектің беделін күрт төмендетіп жібереді [10, 156 б.].

1449 жылдың көктемінде Ұлығбек Хорасанға қайта жорық жасауды жоспарлайды, бірақ ол оны жүзеге асыра алмайды. Өйткені, Ұлығбекке ұлы Абдаллатифке қарсы күресуге тура келеді. Сөйтіп, 1449 жылдың көктемінде Темір әулеті арасындағы күрестің үшінші кезеңі басталып кетеді. Күрес Мауереннахр аумағында әкесі мен ұлы арасында жүреді. Ұлығбек пен Абдаллатифтың арасындағы күрестің себептерін В.В. Бартольд өте жақсы ашып көрсеткен [10, 124-126 бб.; 128 б.]. Әкесі мен ұлы арасындағы күрес 1449 жылдың қазан айының соңында Ұлығбектің жеңіліп, кейіннен өлтірілуімен аяқталады. Осылайша, үшінші кезеңнің соңында Мауереннахр тағын Ұлығбектің ұлы Абдаллатиф иеленеді.


Осы жерде Ұлығбек өмірінің соңғы айларында Мауереннахр мен Дешті Қыпшақ билеушілері арасындағы саяси қарым-қатынастарды көрсететін бір-екі фактіге тоқтала кетсек дейміз. Б.А.Ахмедов Масуд бен Осман Кухистани мен Даулатшахтың деректеріне сүйеніп, Ұлығбек ұлынан масқара болып жеңілгеннен кейін, Дешті Қыпшақтағы Әбілқайыр ханға барып, одан көмек алуды ойластырды, бірақ ол ойынан қайтып, ұлы оған қастандық жасай қоймас деп, Самарқанға қайтып келеді де, билікті ұлына тапсыруды, өзі ғылыммен айналысуды жоспарлағандығын айтады [311, 63 б.]. Ал кейінгі дәуірде жазылған деректің бірінде Ұлығбектің Әбілқайыр ханға барғандығы, бірақ одан көмек ала алмай, Самарқанға қайтып оралғандығы айтылады [311, 63-64 бб.].

Ұлығбектің Әбілқайыр ханнан не себепті қолдау таппағандығын анықтау онша қиын емес. 1446 жылы Сырдария өзенінің орта ағысы бойындағы қалалар мен аймақтарды иелену арқылы «көшпелі өзбектер» елінің билеушісі бүкіл Дешті Қыпшақтың қожайыны ғана емес, сонымен бірге Мауереннахрдың ішкі істеріне араласуға, Мауереннахрды өзіне тәуелділікте ұстауға мүмкіндік алған болатын. Шахрухтың өлімінен кейінгі Темір әулеті арасындағы тақ үшін күрестер ол үшін өте тиімді еді. Әсіресе, 1449 жылғы әкесі мен баласы арасындағы күрестер оның бұл ойының жүзеге асуына бір қадам болса да жақындата түседі. Сол себепті де ұзақ жылдар бойы Самарқанды билеген, 55 жастағы Ұлығбекке қолдау көрсету, оның билігін қайтадан нығайту Әбілқайыр ханның жоспарының жүзеге асуына кедергі келтірген болар еді. Біздің ойымызша, осындай себептер оны Ұлығбекке қолдау көрсетуден бас тартқызады.

Осылайша, Мауереннахрда 40 жылдан аса уақыт билік жүргізген Ұлығбек ұлынан жеңіліс тауып, солтүстіктегі көршісінен қолдау таппай, ақырында өз ұлының қолына қайтып келеді. Ал Абдаллатиф болса жасырын түрде бұйрық беріп, сол жылдың 25 қазанында атақты Ұлығбекті өлтірткізеді. 2-3 күннен кейін бауыры Абд ал-Азиз де өлім жазасына кесіледі [10, 159-160 бб.].

Ұлығбек пен оның ұлы Абдаллатифтың арасындағы күрес кезінде Темірдің басқа ұрпақтары көзге түсе бастайды. Шахрухтың Ибрагим атты ұлынан туған Абдолла мырза мен Мираншахтың Сұлтанмахмуд атты ұлының баласы Әбу Сайд мырза Ұлығбек жағында болып, қолға түсіріледі де, қамауға алынады, бірақ өлтірілмейді.

Жеке дара билікті иеленген Абдаллатиф қатаң шаралар арқылы өзіне қарсы келгендер мен қарсы шыққандарды аяусыз басып отырады. Оның билігіне наразылар көтеріліс жасауға дәті бармайды, дегенменде қастандық арқылы жаңа билеушінің көзін құртуға бел буады. В.В. Бартольдтың дәлелдеуінше, қастандықты ұйымдастырушылар Ұлығбек пен Абд-ал- Азиздың бұрынғы нөкерлері болып, олар өз бектерінің өлімі үшін кек алуды мақсат еткен [10, 161 б.]. 1450 жылдың 8 мамырында Абдаллатиф қастандық арқылы өлтіріліп, оны ұйымдастырушылар билікке қамауда жатқан Абдолланы әкеледі.

Абдолланың билікке келуімен Мауереннахрдың саяси өмірінде тыныштық орнай қоймайды, керісінше билік үшін күрестің оты одан ары қыза түседі. Бұхарада қамауда отырған Абу Сайд мырзаны дін басылары мен қала әкімі тұтқыннан босатып, оған ант береді. Абу Сайд мырза бірден Самарқанға аттанады. Бірақ та Абдолла мырзадан жеңіліс тауып, солтүстіктегі көрші «көшпелі өзбектер» еліне қашуға мәжбүр болады.

Осы тұста Хорасан аймағында да Шахрухтың үш немересі – Сұлтан Мұхаммед, Әбілқасым Бабыр және Ала ад-даула арасында Герат тағы үшін күрес қызып, Балх, Хисар және Шапурган аймақтарының билігіне Ала ад-даула келеді де, ол Самарқандағы Абдолла мырзаға қарсы аттанады. Өз кезегінде Абдолла мырза да оған әскермен қарсы шығады. Бірақ екі жақ арасында ашық шайқас болмай, қарсыластардың бірі – Балхқа, екіншісі Самарқанға қайтып оралады. Ала ад-дауланың шайқасқа шықпай, кейін оралуына Әбілқасым Бабырдың Хорасанға қауіп төндіруі жатса, біздің ойымызша, Абдолла мырзаның Самарқанға қайтуына солтүстік аймақтарда қашып жүрген Әбу Сайд мырзадан төнген қауіп-қатерлер себеп болады. Әбу Сайд мырза сол кездерде Темір әулетіне тәуелді Сыр бойының қалаларының бірі Ясыны (Түркістан) басып алған болатын. Қалаға қарсыласының мықтап бекінуіне жол бермеу үшін Абдолла 1450-51 жылдың қыс айларында Сыр бойына әскер жібереді. Бірақ та одан ешқандай нәтиже шықпағандықтан, Абдолла мырзаның өзі аттанады. Әбу Сайд мырза болса, Әбілқайыр ханнан әскери көмек сұрауға мәжбүр болады. «Көшпелі өзбектер» елінің ханы оның бұл ұсынысына қуана келісіп, Дешті Қыпшақтың әскерін өзі бастап шығады. Абраззак Самарканди екі жақ әскерінің шайқасын керемет суреттеп баяндайды [72, 199-200 бб.]. Шайқастың нәтижесі бойынша Мауереннахр әскері жеңіліске ұшырап, Абдолланың өзі қаза табады да, 1451 жылдың маусымының соңы – шілдесінің басында Әбу Саид мырза Самарқан тағының егесіне айналады [200, 200-201 бб.; 10, 164 б.; 310, 350 б.].

Осылайша, Шахрухтың қайтыс болғанынан Әбу Сайд мырзаның билікке келгенге дейінгі 4 жарым жылдай уақыт ішіндегі Темір әулеті билік құрған империяның ішкі саяси жағдайын қарастыра келе, төмендегідей тұжырымдар жасауға болады. Біріншіден, империяның негізі берік болмай, орталық биліктің әлсіреуіне байланысты ол бірнеше аймақтарға бөлініп кетеді.

Екіншіден, тақ үшін күрестер алғашында Хорасан аймағында Шахрухтың үлкен ұлы Ұлығбек пен Шахрухтың тағы бір баласы Байсұңқар ұлдарының арасында өтсе, күрестің келесі кезеңінде билік үшін тартыстар одан ары шиеленісе түсіп, Хорасандағы күрес Байсұңқардың ұлдары арасында жүреді. Ал Мауереннахрдағы күрестің отын Ұлығбек пен ұлы Абдаллатиф қыздырады. Нәтижесінде, әкесін өлтіріп ұлы билікке келеді. Үшіншіден, Мауереннахрдағы күреске соңғы кезеңде Әмір Темірдің өзге ұлдарынан тараған өкілдер де белсене араласып, аз уақыт болса да, тақты иеленеді.

Төртіншіден, Мауереннахрдағы билікке таласушылар арасында өте беделді, көпшіліктің қолдауына сүйенген дара тұлғаның болмауы талас-тартыстарды үздіксіз етеді де, үміткерлер міндетті түрде сыртқы күштерге арқа сүйеуге мәжбүр болады. Әбу Сайд мырзаның билікке келуін осымен түсіндіруге болады.

Бесіншіден, саяси бытыраңқылықтардың нәтижесінде Мауереннахр аймағында Гератқа бағынбайтын жеке саяси құрылым пайда болып, билік үшін күрестердің тоқтамауы ХV ғасырдың ортасында оны да өте әлсіретіп жібереді. Міне, Шахрух қайтыс болғаннан кейінгі Темір әулеті билеген Мауереннахрдың 4-5 жыл ішіндегі ішкі саяси жағдайы осылай қалыптасады.

Әбу Сайд мырза Мауереннахрды 1451 жылдан бастап 18 жыл бойы билесе де, оған өз билігін, сондай-ақ Мауереннахрдың тұтастығын сақтап қалу үшін үнемі сыртқы күштер мен ішкі күштерге қарсы соғыс жүргізуіне тура келеді. Тек 1457 жылы Гератта Әбілқасым Бабырдың қайтыс болуынан кейін, ол Хорасанды бағындырады, бірақ Гератқа тұрақты билік жүргізу үшін Иранның батысындағы Қара Қойлы, Ақ Қойлы әулеттерімен күрес жүргізуіне тура келеді. Міне, осындай Мауереннахрдың саяси өміріндегі оқиғалардың оның шығысындағы көршісі Моғолстан аумағында Қазақ хандығының құрылуына қалай ықпал еткенін білу үшін, Әбу Сайд мырзаның 1451-1457 жылдардағы билігіне, осы жылдардағы Мауереннахрдың ішкі және сыртқы саяси жағдайына үңілелік.

Әбу Сайд мырзаның билігіне алғашқылардың бірі болып баға берген В.В. Бартольд «Ұлығбектің қырық жылдық үстемдігі Әбу Сайд мырзаның Ташкенттен алдырған Қожа Ахрар, нақышбандық топ өкілдерінің қырық жылдық үстемдігімен ауысты»,- деп жазады [10, 166 б.]. Біз бұл жерде ХV ғасырдағы Мауереннахрдың әлеуметтік, экономикалық, мәдени, діни тарихы мәселелерін талдаудан аулақпыз. Бірақ та бұл мәселелер әсіресе діни факторлардың ықпалы Әбу Сайд мырзаның өмірінде, жүргізген саясатында байқалады. Орта Азиядағы сопылықтың негізін нақышбандық бағытының негізін қалаған Қожа Ахрар (ол – Хазірет Қожа Ұбайдоллах, Қожа Насыр ад-дин Убайдаллах, Хазірет Ишан) (1404-1489-90 жж.) ХV ғасырдың ортасы мен екінші жартысында Мауереннахрдың саяси өмірінде үлкен роль атқарады. В.В. Бартольд Әбу Сайд мырзаның Қожа Ахрардың ықпалында болғандығын айтып өтеді [10, 168 б.]. В.В. Бартольдың бұл пікірін Ұлығбектің билігі жылдарындағы Мауереннахрдың мәдени өмірін одан кейінгі жылдардағы мәдени өмірмен салыстыру үшін айтылған пікір деп түсінуіміз қажет. Ал саяси өмір болса біршама тұрақтанып, билік үшін ашық түрдегі күрестер бәсеңдегенімен ішкі саяси өмірді толығымен бейбіт қалыпқа түсті деуге болмайды.

Әбу Сайд мырзаның 18 жылдық билігінің алғашқы жылдарында Самарқан тағын ұстап қалуына бірнеше факторлар әсер етеді. Оның біріншісіне – Ұлығбектің 40 жылдық билігі түсында саяси биліктен алыс болса да, халық арасында ықпалы күшті болған сопылық бағыттағы нақышбандық топ жетекшілерінің Әбу Сайд мырзаға қолдау көрсетуі жатса, екіншісіне - өзін тікелей билікке отырғызған Әбілқайыр ханның қолдауы болды. Самарқан тағының иесі болған қызметі үшін мол сыйлықтар беріп, Ұлығбектің Рабиға Сұлтан бегім атты қызын ұзатады [207, 167 б.; 124, 201 б.]. Осындай мықты қолдауға ие болған Әбу Сайд мырза алғашқы жылдары өзіне қарсы шыққандар мен бас көтергендерді жеңіліске ұшыратып, қатаң жазалап отырады. Темір әулетінің тарихшыларының бірі – Абраззак Самарканди Әбу Сайд мырзаның тақты иеленуін барынша мадақтай келе,оның алғашқы жасаған әрекеттері туралы былай деп жазады: «Ақылды адамдардың көңілінен шыққан оның бірінші және маңызды ісі Абдаллатиф мырзаны өлтіргендерден кек алу болды. Оларды ұстатып, өлтірткізеді де, Абдаллатифты өлтірген жерде өртетіп жібертті» [124, 201 б.]. Әбу Сайд мырза осы әрекеті арқылы өзінің Ұлығбектің саясатына қарсы саясат жүргізгендігін көрсетеді. Ұлығбектің ұзақ жылдардағы саясатын қолдаушылар мен жақтаушылар алғашқы кезде тым-тырыс қалғандай болады да, бірте-бірте өз қарсылықтарын білдіре бастайды.

Алғашқы бас көтеру 1455 жылы Отырар қаласында болады, бірақ оны Әбу Сайд мырза тез басып тастайды [10, 169 б.]. Бір қызығы, Отырардағы бас көтергендерге Әбілқайыр хан көмек береді [10, 169 б.]. В.В. Бартольдтың пікірінше, бүлікшілерге Бұхарадағы дін басылары қолдау көрсеткен [10, 169 б.]. Біз оларды Ұлығбектің саясатын қолдаушыларға жатқызамыз. Ал Әбілқайыр ханның Отырардағы бүлікшілерді қолдауын мынадай себеппен түсіндіреміз. Әбу Сайд мырзаның билікке келгеннен кейін бірнеше рет Моғолстан әскерлерін жеңуі, уақытша болса да, 1454 жыл Гераттағы Әбілқасым Бабырмен бейбіт келісімге келуі, оның беделін көтеріп, абыройын асырады. Халық арасында ықпалы өсіп, билігі күшейе түседі. Солтүстіктегі көршіге бұл ұнамай, Отырардағы бүлікшілер арқылы ол Әбу Сайд мырзаның билігін төмендетіп ұстауды мақсат еткен секілді.

Осы қарастырып отырған жылдар ішіндегі Мауереннахрдың сыртқы саяси жағдайының барысынан, оның ішінде Моғолстанмен, Хорасанмен және Хорасанның батысындағы Қарақойлылар әулетімен жүргізген саяси қарым-қатынастарының Қазақ хандығының құрылуына қандай дәрежеде қолайлы жағдайлар жасағанын анықтауға болады. Сондай-ақ осы қатынастар шеңберіндегі жазба деректер негізінде нақты анықталған оқиғаларды салыстыру арқылы Керей мен Жәнібек хандардың Моғолстанға көшіп келген мерзімін білуге болады. Олай болса, 1450-ші жылдардың бірінші жартысындағы Мауереннахрдың көршілес елдермен, оның ішінде жоғарыда айтып өткен елдермен қарым-қатынастарын талдап көрелік.

Алдыменен Мауереннахрдың Моғолстанмен жүргізген қарым-қатынастарынан бастайық.

Біз бұған дейін бұл қарым-қатынастарды Моғолстан тұрғысынан қарастырғанбыз. Сондай-ақ қысқаша болса да, кезінде Шағатай ұлысының құрамында болған екі аймақтың жеке мемлекет болғаннан бергі қатынастарына шолу жасағанбыз. Ондағы қарастырылған мәселелерді бұл жерде қайталап жатпай, тек жалпылама түрде айтсақ, екі ел арасындағы қатынастардың өзгермей, ауыспалы болғандығын байқаймыз. ХІV ғасырдың 50-60 жж. қарым-қатынастарда Моғолстан жетекшілік роль атқарса, одан кейінгі кезеңдерде жетекшілік роль Мауереннахрға көшеді. Ұлығбектің билігі тұсында да Мауереннахр бұл жетекші рольді сақтап қалады. Ал Шахрухтың қайтыс болған жылынан бастап, Темір әулеті арасындағы билік үшін болған өзара күрес жылдары екі ел арасындағы саяси қарым-қатынаста белсенділік қайтадан Моғолстан жаққа ауады да, Мауереннахр жағы тек қорғанушы рөлін атқаруға мәжбүр болады.

1451 жылға дейін, яғни Әбу Сайд мырза билікке келгенге дейін Есенбұға ханның Темір әулеті арасындағы билік үшін болған күрестерді пайдаланып, Мауереннахрдың шығыс аймақтарына бірнеше рет тонаушылық сипатта жорықтар жасайды. Есенбұға үшін бұл жорықтар қалай сәтті болса, Мауереннахр үшін керісінше, қайғылы аяқталып отырады. 1447-1451 жылдардағы Темір әулеті арасындағы күрестің қызған кезінде, әсіресе, Ұлығбектің Хорасан аймағы үшін, оның өз ұлымен, сондай-ақ Абдаллатиф мырзаның Абдаллахпен, Абдаллахтың Әбу Сайдпен күрестері кезінде Мауереннахрдың шығыстағы аймақтары ешбір қорғаусыз қалып, Мұхаммед Хайдар Дулатидың айтуынша Есенбұға «Сайрам, Түркістан, Ташкентте жорық жасап, ойрандап қайта оралып» отырады [142, 109 б.]. Мауереннахр тарапынан ешқандай қарсылық болмаған соң Есенбұға хан «сол жерге екінші рет шабуыл жасайды» [142, 109 б.].

1451 жылы Самарқан тағына Әбу Сайд мырзаның келуімен жағдай күрт өзгереді. Мұхаммед Хайдар Дулати Әбу Сайд мырза «Есенбұға ханды қуып, Иангиге дейін тықсырды, моғолдар ұрыссыз қашып кетті», - деп жазса, Бабыр «Сұлтан Әбу Сайд мырза таққа отырғаннан соң, Есенбұға ханға қарсы жорыққа шықты. Янгидың ар жағында Ашпарада, Моғолстанда ол Есенбұға ханның быт-шытын шығарды», - деп баян етеді [142, 109 б.; 138, 30 б.]. Әбу Сайд мырза осылайша Есенбұға ханға алғаш рет тойтарыс берсе де, оның тонаушылық жорықтарына тұрақты тосқауыл қоя алмайды. Самарқан билеушісінің сыртқы саясаттағы басты бағыты – Хорасан аймағын жаулау екендігін білген Моғолстан ханы Мауереннахрдың шығыс аймақтарына жорықтар жасап, үнемі қауіп-қатерде ұстайды, ал егер Самарқан әскері қарсы шықса, шегініп кетеді, олар кейін оралса, тағы да қауіп төндіре бастайды. Міне, Мауереннахр билеушісі үшін Моғолстан ханымен нақты бір принциптерге негізделген саяси қарым-қатынастар жүргізу мүмкін емес болатын.

Мауереннахр билеушілерінің ХV ғасырдың 50-ші жылдарындағы сыртқы саясаттағы басты бағыты – оңтүстік-батыс бағыт, яғни орталығы Герат қаласы болған Хорасан аймағын Әмір Темірдің билігі кезіндегідей Мауереннахрға қайта қосу болды. Сол себепті де ол Моғолстанның тонаушылық жорықтарына қарамастан Хорасаннан айырылып қалмау үшін бар күштерін салады. Әбу Сайд мырзаға бірден бір мезгілде екі майданда күрес жүргізуге тура келеді. Біріншісі – шығыс бағыттағы Моғолстан болса, екіншісі – оңтүстік-батыс бағыттағы Хорасан үшін Темір әулетінің басқа өкілдерімен, сондай-ақ Хорасанға қауіп төндіріп отырған Қарақойлы әулетінің билеушісі Жаханшахпен күрес болды. Осы екі бағыттағы күресте Әбу Сайд мырза басты бағыт ретінде Хорасан бағытын ұстанады да, өзінің негізгі күштерін сонда бағыштайды. Ал шығыс бағытты екінші орынға қояды. Мұны біз 1457-58 жылғы оқиғалар барысынан көреміз.

Мауереннахр үшін негізгі бағыт болып саналған Хорасанға келсек, онда 1447 жылы Шахрух қайтыс болғаннан кейін саяси билік жиі ауысып отырады. 1448 жылы Ұлығбектің Хорасанға жасаған екінші жорығанан кейін, ондағы билікті Ұлығбектің інісі Байсұңқардың үш ұлы иемденеді де, 1451 жылға дейін билік үшін күрестер Сұлтан Мұхаммед мырза, Әбілқасым Бабыр және Ала ад-даула арасында өршиді. А.Мюллердің жазуынша «ағайынды үш бауырдың арасындағы қатынастар Ұлығбек әулеті арасындағы қатынастарға ұқсайды. Мұхаммед мырза мен Ала ад-даула Бабырға қарсы аттанады....Олар өздерін қаншама қарапайым етіп көрсеткенімен, іс насырға шауып, ұрыс болады. Бабыр жеңіске жетіп, екі бауырын да тұтқынға алады. Ол Мұхаммедті өлтіруге бұйрық береді, ал Ала ад-дауланың екі көзін ойып алғызады» [313, 350 б.]. Осылайша, Бабыр 1451 жылы Хорасан билігіне таласқан негізгі қарсыластарын толығымен жеңеді, бірақ оған жаңа қарсыластар пайда болады. Оның бірі – Мауереннахрда билікке келіп, оған Хорасанды қосуды алдына мақсат етіп қойған Әбу Сайд мырза болса, екіншісі – Хорасанның батысындағы Қарақойлы әулетінің билеушісі Жахан шах (1436-1467 ж.) болатын. Мауереннахрдағы Әбу Сайд мырзаға Есенбұға хан мен Бабыр қандай қауіптер туғызып отырса, Хорасанды иеленген Бабырға да Әбу Сайд мырза мен Жахан шах дәл сондай қауіптер туғызады.

Осы жерде өзіміздің қарастырып отырған мәселеге қатысы бар болғандықтан, қысқаша болса да Иранның батысындағы Қарақойлы әулеті мен оның көрнекті билеушісі Жахан шахқа тоқталып өтелік.

Қарақойлы деген жалпылама атаумен белгілі болған тайпалар бірлестігі ХІV ғасырда Шығыс Анатолия аумағында көшпелі өмір сүрген. Бұл тайпалар бірлестігі – түріктің оғыз тайпалар тобына жатады. Бірлестік құрамына Бахарлу, Саадлу, Қараманлу, Алпаут, Духарлу, Джагирлу, Хаджилу, Ағашері тайпалары еніп, Бахарлу мен Сааду тайпалары онда жетекші роль атқарады. Тіл жағынан келгенде бұл тайпалық бірлестік азербайжан тілінің оңтүстік диалектінде сөйлеген [314, 230 б.].

ХІV ғасырдың 90-шы жылдарындағы Әмір Темірдің Ирандағы жаулап алу соғыстары барысында Қарақойлы бірлестігі Темір империясының құрамына енгізіледі. Иранда екі үлкен аймақ құрылып, біріншісі – орталығы Герат қаласы болған Хорасан, Гурган, Мазендаран, Систан өңірлері де, екіншісіне – орталығы Тебриз қаласы болған Батыс Иран мен Азербайжан, Армения аумақтары жатады [195, 232 б.]. Әмір Темірдің өзі Самарқанд қаласында болса, Гератта бір ұлы Шахрухты, ал Тебризде – келесі бір ұлы Мираншахты отырғызады. Қарақойлы тайпалық бірлестігі алғашында Мираншахқа бағыныштылықта болады.

1405 жылы Әмір Темір қайтыс болғаннан кейін Ирандағы екі аймақта жоғары билік үшін күрестер болады. Хорасанда Шахрух пен Мираншахтың ұлы Халил сұлтан билікке таласып, Шахрух жеңіске жетсе, Батыс Иран мен Азербайжан аумағында билікке Мираншах пен оның ұлы Омар таласады. Бұл күреске Жалайыр әулетінің бұрынғы билеушісі Ахмед пен оның одақтасы ретінде қарақойлық Қара Жүсіп те араласады. Күрес барысында 1408 жылы Мираншах қаза тауып, билікті Ахмед қолға алады да, Жалайырлар әулетінің билігін қалпына келтіреді. Бірақта көп ұзамай одақтастар арасынан шу шығып, Қара Жүсіп пен Ахмед ашық майданға шығады да, ол 1410 жылы Қарақойлылардың жеңісімен аяқталады [195, 232-233 бб.]. Қарақойлы әулеті басқарған мемлекеттің аумағына Батыс Иран, Азербайжанға Армения, Ирак жерлері енеді. Мемлекеттің астанасы Тебриз қаласы болып, онда Қара Жүсіптің өзі отырады да, аймақтарда ұлдарын отырғызады.

Шахрух Батыс Ирандағы Қарақойлы әулетін жою үшін 1420, 1429, 1435 жылдары бірнеше рет жорықтар ұйымдастырады. Хорасан билеушісі Қарақойлы әулетінің билігін жоя алмайды, бірақ әулеттің жаңа билеушісі Жахан шах (1436-1467) өзінің Темір әулетіне тәуелді екендігін мойындайды. Жахан шахтың Шахрухқа тәуелділігі тек сөз жүзінде ғана болып, Қарақойлы әулеті өзінің Армения мен Грузия аумағындағы тонаушылық соғыстарын жалғастыра береді. Ал Шахрухқа қарсы ешқандай әрекеттерге бармайды [313, 350 б.].

1447 жылы Шахрухтың қайтыс болуымен Хорасандағы жоғары билікке таласып жатқаны Темір ұрпақтарының күресін Жахан шах өз пайдасына шешпек болып, бұрынғы темірлік әулеттің иеліктерін өзіне бағындыра бастайды. Ол өзін сұлтан деп жариялайды, сол арқылы ол өзін дербес мемлекеттің билеушісі болғандығын жария етеді. ХV ғасырдың 50-ші жылдарының басында Парсы шығанағының шығыс жағындағы Хузистан, Фарс және Керман провинцияларын жаулау арқылы бүкіл Ирандағы ең қуатты саяси күштің біріне айнлады. Бүкіл Иранды бағындыруда оған Хорасандағы Темір әулетінің кезекті билеушісі Әбілқасым Бабыр кедергі келтіреді.

Міне, 1450-ші жылдарының бірінші жартысында бұрынғы Темір империясының аумағында қалыптасқан саяси жағдайлар осындай болатын. ХV ғасырдың бірінші жартысында империяның орталық аймағы Хорасанды, астанасы Гератты бағындыру үшін солтүстік-шығыстан - Әбу Сайд мырза ұмтылыстар жасаса, батыстан – Қарақойлы әулетінің билеушісі – Жахан шах қолайлы сәтін күтіп отырады.

Ал Герат тағын сол жылдары иеленіп отырған Әбілқасым Бабыр болса, екі оттың ортасында қалғандай күй кешіп, екі қарсыласына бір мезетте қарсы қоятындай күш таба алмай, амалсыздан қорғанысқа көшеді. Бұл туралы А.Мюллер былай деп жазады: «... Қарақойлылар 856 жылы (1452/1453) Фарс аймағын бағындырды. Бабыр одан ол жерді қайтаруды ойластырады, өйткені, оны басқа жақтан Трансоксанияны (Мауереннахрды) жаулап алған Әбу Сайд қыса бастап, Хорасанға көз аларта бастаған болатын. Ақырында олардың бәрі өзара келісімге келіп, сол тұстағы қалыптасқан иеліктерінің шекараларын мойындайды» [313, 351 б.]. Бірақта бұл келісімдер ұзаққа созылмайды. Хорасан билеушісі Әбілқасым Бабырдың 861 жылы (1456 ж. қараша – 1457 ж. қараша) қайтыс болуы қалыптасқан саяси жағдайды бұзып, Хорасан үшін күрестің жаңа кезеңіне жол ашады.

Хорасан билеушісінің кенеттен қайтыс болуын өз кезегінде Жахан шах та, Әбу Сайд мырза да тез пайдаланып қалуға тырысады. Кейбір тарихи әдебиеттерде Хорасанда Бабырдан кейін Әбу Сайд мырза немесе Жахан шах билікке келген деп айтылады [313, 351 б.; 195, 236 б.; 314, 479 б.]. Ал осы дәуірге қатысты арнайы зерттеулердің материалдарына сүйенсек, Бабырдан кейін билікке оның ұлы Шах-Махмудтың келіп, оны тез арада Ала ад-Дауланың ұлы Сұлтан Ибрагимнің талқандап, 861 жылы (1456/1457) Хорасанды иеленгендігі, ал оны 862 жылы (1457/1458) Жахан шахтың жеңгендігі, өз кезегінде 863 жылы (1458/1459) Жахан шахтан Хорасанды Әбу Сайд мырзаның тартып алғандығы айтылады [198, 227 бетке арналған аударамашының түсініктемесі және қосымша]. В.В. Бартольдтың қосымшалары мен түсініктемелерінен көріп отырғанымыздай, Бабырдың өлімінен кейін билікке Жахан шах та, Әбу Сайд мырза да бірден келмеген. Әкесінен соң тақты баласы иеленген, бірақ азғантай уақыт ішінде биліктен айырылып, Сұлтан Ибрагимге жол берген де, ол өз кезегінде қуатты Жахан шахқа қарсы тұра алмаған секілді. Біздің ойымызша, бұл оқиғалардың бәрі 861 жылы 1456 қараша – 1457 қараша болады. Жаһан шахтың Хорасанға енгенінен хабардар болған Әбу Сайд мырза да тез арада аттанып, Гераттан Жахан шахты кетуге мәжбүр етеді. В.В. Бартольд «Хорасанда Әбу Сайд билігінің бекуі Темір дәуіріндегі қырып-жоюлардан асып түсетін қатаңдықпен жүргізіледі. 1457 жылы Әбу Сайдтың жарлығымен кәрі патшайым Гаухаршад өлтіріледі...», - деп жазады [10, 171 б.]. Әбу Сайд мырзаның Хорасан аймағындағы жеңісті жорықтарына Моғолстан ханы Есенбұға кедергі жасайды.

Өз кезегінде Әбу Сайд мырзаның Хорасанға кеткенінен хабардар болған Есенбұға хан Андижанға шабуыл жасайды. Ол жөнінде Мұхаммед Хайдар Дулати былай деп жазады: «Мырза Сұлтан Әбу Сайд Хорасанды алып, сонда кеткенде, Есенбұға хан Әндіжанға бет алды.... Есенбұға ханның әсерінің көптігі сонша, олар үш қатар болып сап түзеп Әндіжанды айналдыра қоршады. Қорғанның әр тұсынан жер асты жол қазып, қорғанды алды.... Хан Әндіжан уалаятының тұрғындарын түгел тұтқындап, барлығын [өзімен бірге] алып оралды» [142, 109-110 бб.].

Мұхаммед Хайдар Дулатидың айтуына қарағанда, Есенбұға ханның Андижанды ойрандауы туралы хабарды Хорасанда естиді. Бұл кезде ол Хорасанға төніп келе жатқан Жахан шахпен соғысуға дайындалып, Ирак жаққа бет алуды ойластырып жатқан болатын [142, 110 б.].

Осылайша, 1457 жылы Гератты алып, Хорасанды бағындырғанымен, Әбу Сайд мырза үшін сыртқы саясаттағы барлық мәселелер шешіле қоймайды, керісінше, жаңа мәселелер пайда болып, олар күрделене түседі. Хорасанды бағындыру, әлі де болса бүкіл Иранды бағындыру емес еді, ол тек қана оның маңызды бір бөлігі ғана болатын. Бүкіл Иранды бағындыру үшін алдыменен оның батысында күшейіп келе жатқан Қарақойлы әулетінің билеушісі Жахан шахты жеңу керектігі туындайды. Өз кезегінде Жахан шах та Хорасанның Әбу Сайд мырзаның қол астына өткенін қаламады. Сөйтіп, жаңа соғыстардың иісі шыға бастайды.

Әбу Сайд мырзаға келсек, ол 1457 жылы Гератты иеленгенімен, Есенбұға ханның Андижандағы әрекеттеріне байланысты батыс Иранға қарай жорығын жасай алмайды. Осы кезде ол Есенбұға ханға қарсы қоятын, өзіне одақтас болатын күшті табады. Ол – Уәйіс ханның үлкен ұлы, Есенбұға ханның туған ағасы Жүніс болды. Біз бұған дейін Жүністің қандай жағдайда Хорасанға, одан кейін Иранның әртүрлі қалаларында болғандығын Бабырдың, Дулатидың мәліметтеріне сүйеніп айтып өткендіктен, бұл жерде оған тоқталып жатпаймыз. Әбу Сайд мырза үшін сыртқы саясаттағы басты бағыт – 1457 жылдан кейін де Хорасаның батыс жағындағы аймақтарды бағындыру, сол үшін де Жахан шахпен күрес жүргізу болып қала береді. Ал Моғолстанмен қатынас ол үшін аса маңызды болып саналмаса да, Жахан шахпен күресте, ол үнемі қол байлау болып отырады. Оны иелену үшін Әбу Сайд мырза Жүністі «Есенбұға ханға қарсы жіберді, ондағысы осылайша ағалы-інілі екеуі бір-бірімен тартысып жанжалдасып жатса, уалаяттың шекарасы тыныш хабар деген ойы еді», - деп түсіндіреді Мұхаммед Хайдар Дулати [142, 110 б.].

Мауереннахр билеушісі үшін бұл бірден-бір амалсыздан жасалған болды. Жүністі ол Иранның оңтүстік-батыс жағындағы Шираз қаласынан алдырып, Хорасанда Герат қаласының солтүстігіндегі Бағ-и заған атты бақтағы сарайға жайғастырып, оның келу құрметіне үлкен той жасайды [142, 111 б.]. Бабырдың айтуына қарағанда, Жүністің туған әпкесін Ұлығбектің ұлы Абдалазиз алған; ал ол өлтірілгеннен кейін Ханымға Әбу Сайд мырза үйленген; сөйтіп Әбу Сайд мырза Есенбұға ханның лаңын басу үшін жезделігін бетке ұстап Ирак жақта жүрген Жүністі шақыртқан [138, 30 б.]. Бұл жерде Әбу Сайд мырзаның Жүністі шақырту себебін Бабырдан гөрі Дулатидың мәліметтері терең ашып көрсетіп тұр. Мәуереннахр мен Хорасанды иеленген Әбу Сайд мырза сол тұста үлкен саяси күшке ие болды. Біз бұған дейін айтып өткеніміздей, ол Жүніспен келісім жасасып, шартқа отырады. Дулати «Жүніс хан барлығын қабыл алды. Бұл уәде шарттарын ант ішіп, бекітті. [Әбу Сайд] Жүніс ханға рұқсат беріп, сол маңайдағы бар моғолды қосып берді,- деп жазады [142, 112 б.]. Одан кейінгі оқиғалардың барысына назар аударсақ, ол былайша дамиды: «Сұлтан Әбу Сайд мырза Жүніс ханды Моғол ұлысына хан тағына отырғызғанда, бұрын Есенбұға ханға өкпелеп кеткен. Сағараш түменнің барлық бектері Моғолстанға қайтып оралды. Жүніс хан оларға келіп жолықты, - деп баяндайды Бабыр [138, 30 б.]. Ал Мұхамед Хайдар Дулати болса, бұл оқиғалардың Моғолстан тарихына тікелей қатысы болғандықтан, оны одан да тереңірек баян етеді. Оның мәліметтеріне сүйенсек, Жүніс хан Моғолстанға келген кезде ең алғашқы болып, оған әмір Кәрімберді келіп қосылды. Одан соң құнжының [тайпасының] басқа да әмірлері болған болатын. Моғол аймақтарының кейбір жерлері хан билігіне өтті. Әмір Қажы пір құнжы ол кезде құнжының тұманына әмірлік жүргізу қолында болатын. Ол өз еркінде дербес биледі. Ыстықкөлді жайлаған бекжак [бекчик] тайпасы әмірлеріне Әмір Пір Хақберді қайтыс болған еді. Оның орнына ағасының баласы әмір Ибраһим отырған еді. Ол да ханға келіп қосылды. Ханға біршама ел жиналды. Алайда біраз уақыттан бері әмірлері өз бетімен кетіп қалғандықтан, қызмет көрсету дәстүрін орындай алмай жүрді [142, 113 б.]. Жүніс хан жергілікті әмірлер арасында өз ықпалын нығайту үшін ең қуатты тайпалардың бірі құнжы тайпасын басқарып отырған әмір Қажы Пір құнжының Исан Дулат бегім атты қызына үйленеді [142, 113 б.; 138, 30 б.].

Осы жерде біз пайдаланып отырған деректердегі оқиғалар барысы біреуінде аз, қысқа, ал біреуінде көбірек және көлемді түрде түрде баяндалса да, негізінен оларда онша көп алшақтықтар байқала қоймайды. Тек қана оқиғалардың болған жылдарына қатысты айырмашылықтар мен сәйкес келмейтін тұстар кездесіп қалады. Енді соларға тоқтала кетсек. Өйткені, осы кездердегі нақты анықталған оқиғалардың Қазақ хандығының құрылған жылын анықтауға тигізген көмектері көп.

Мұхамед Хайдар Дулати Әбу Сайд мырзаның Хорасанды жаулап алғанын Есенбұға ханның, Мәуеренахрдың шығыс аймақтарына қауіп төндіруіне байланысты Иракқа жорық жасай алмағанын, Жүніс ханды Шираздан алдырып, келісім шартқа отырғаны мен Моғолстанға жібергенін міне, осы оқиғалардың бәрін хижраның 860 (1455-1456) болғандығын айтады [142, 113 б.]. Ал енді осы оқиғалар жөніндегі беделді авторлардың зерттеулеріне қарасақ, олардың бәрі бірауыздан басқа жылды көрсетеді. А.Мюллер Герат билеушісі Әбілқасым Бабырдың 861 жылы (1456-1457) қайтыс болып, Әбу Сайд мырза Хорасанды бірден жаулап алғандығын айтса, В.В. Бартольд 1457 жылы Бабыр қайтыс болғаннан кейін Әбу Сайд Хорасанда өз билігін нығйту үшін күрес жүргізендігін жазады [313, 351 б.; 10, 169 б.]. 1967 жылы жарық көрген төрт томдық Өзбек ССР тарихының бірінші томындағы «Темір мемлекетіндегі жаңа феодалдық бүліктердің басталуы» деген тарауында Герат тағын Шахрухтың немересі (Байсұңқардың ұлы) басып алып, қайтыс болғанға дейін, яғни 1457 жылға дейін биледі. 1457 жылы Мешхедте Әбілқасым Бабыр қайтыс болғаннан кейін, жағдай күрт өзгерді. Хорасанда да, Гератта да билікті қолына алатын адам табылмады. Үміткерлер көп болды. Бірақ олардың ешқайсысының үлкен әскери күші болмады. Олардың ішінде Әбу Сайд хан ғана күшті болып, Герат тағын басып алды, - деп түсіндіріледі [305, 479 б.].

Осы жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, Герат билеушісі 861 (1456 жылы қараша – 1457 ж.) қайтыс болған. Және дәл осы жылы Әбу Сайд мырза Гератты иеленген. сондай-ақ осы жылы Шираздан Жүніс ханды алдыртып, Моғолстанға жіберген деп есептейміз.

Әбу Сайд мырзаның 1457 жылдан кейінгі Ирандағы жағдайына келсек, ол шығыстағы мәселелерді реттегеннен кейін, бар күшін Иранның батыс аймақтарына аударады. Бұл кезде Жаһан шах Ирак, Хузистан, Фарс, Кермен аймақтарын басып алып, Хорасанды бағындыруға күш сала бастайды. Бірақ та Әбу Сайд мырзаның оған қарсы шығуы 1458 жылы екі жақтың бейбіт келісімге келуімен аяқталады. Келісім бойынша ұлы Иран шөлі «Дешт-и Кевир» екі елдің шекарасы деп белгіленеді [195, 236 б.].

Ал енді осы кездерде Моғолстанға қайтып оралған Жүніс ханға келсек, Дулатидың жазғанындай, хан олармен (моғол әмірлерін айтып отыр – Б.К.) келісімге келіп, бірнеше жыл осылай өткізген соң назарын Қашқарға аударды [142, 113 б.]. Бұл жерде тарихшының «бірнеше жыл осылай өткізген соң» деген мәліметінде Жүніс ханның Моғолстандағы күш жинау, біріктіру уақыты бірнеше жылға созылып тұр. Дулатидың келесі бір баяндамаларынан Жүніс ханның Моғолстандағы күш жинау, топтастыру уақытының бір жылға да жетпегендігін байқаймыз.

Жүніс ханның алғашқы аттанған қаласы Қашқар болды. Онда дулат тайпасының әмірі «Тарих-и Рашиди» кітабының авторы Мұхаммед Хайдар Дулатидың бабасы Әмір Саид Әлі билік етіп тұрған болатын. Автор бабасының сол кезде әбден қартайып, атқа мініп жүруден қалған кезі болатын, - деп жазады [113 б.].

Жүніс ханның жорығы жаз айларында өтеді. Ол туралы автордың «Есенбұға хан ол уақытта Моғолстанның шығыс жағындағы Жұлдыз жайлауына шығып кеткен еді», - дегеніне қарап білуге болады [142, 114 б.]. Есенбұға хан үшін ағасы Жүністің Моғолстан аумағына енуі Моғол өңірлерінің бір бөлігінен қолдау табуы және Қашқар секілді Моғолстанның маңызды аймақтарының біріне жаулап алуға аттануы – оның билігіне зор қауіп төндіреді. Егер де Жүніс хан Қашқарды алып, онда табан тіресе, Есенбұғаның бүкіл Моғолстандағы билігінің іргесі сөгіле бастағандай болады. Әмір Саид Әлі Жүніс ханның жорығы жөніндегі хабарды алысымен, ол тез арада 60 мыңдық әскер жиып, Қашқарға қарай шұғыл аттанады. 60 мыңдық әскердің алғашқы легіндегі 6 мыңымен он бір күнде Қашқарға жетеді. Оған 30 мыңдық әскермен Дулатидың бабасы да қосылады. Қашқардан шығысқа қарай 3 фарсах жердегі Хансалар деген жерде соғыс болып, Есенбұға хан өте қиындықпен жеңіске жетеді [142, 114 б.].

Жүніс ханның Моғолстандағы билікті алу жолындағы алғашқы қадамы сәтсіз аяқталып, отбасының тұтқынға түскеніне қарамастан, кейін қарай қашады да, Хорасандағы Әбу Саид мырзаға қайтып келеді [142, 114 б.]. Жүніс ханның сәтсіздікке ұшырауының бір себебіне, Моғол әмірлерінің оған сенімсіздікпен қарауы жатса керек. Сол себепті де ол Әбу Саид мырзадан «сол маңайдан моғол жұрты сеніммен қарағанға дейін мекен ететін уалаят беріңіз деп көмек сұрайды. Мырза келісіп, Әндіжан аймағының Жетікент деген жерін ханға тапсырды да, ханды сол жаққа жіберді», - деп жазады «Тарих-и Рашиди» авторы [142, 114 б.].Сөйтіп, Моғолстанмен шекаралас өңірге табан тіреген Жүніс ханның маңайына моғол әмірлері қайта жинала бастайды. Ол енді Моғолстандағы билікті ашық күрес арқылы емес, моғол әмірлерін жанына көптеп тарту арқылы иеленбек болады. Оның бұл әдісі тез арада жеңіске жеткізбесе де, бірте-бірте жүзеге асатын әдіс еді. Ең бастысы қандай әдіс болса да, ол Хорасандағы Әбу Саид мырзаға тиімді болды. Оның мақсаты Дулатидың айтқанындай, ағасы мен інісін бір-бірімен жанжалдастыру арқылы мемлекетінің шекарасын тыныштандыру болатын. Ол бұл мақсатына жетіп, өзінің Хорасандағы негізгі жұмыстарына ешбір алаңсыз кірісіп кетеді де, Қарақойлы әулетінің билеушісі Жахан шахпен бұған дейін айтып өткеніміздей, 1459 жылы келісімге келеді [195, 236 б.].

Енді осы оқиғаларға қатысты нақты даталарды анықталық. Мұхаммед Хайдар Дулати өз бабасы Әмір Саид Әліні 862 (1457-1458) жылы қайтыс болды. Оның кесенесінің күмбезіне осы өлген жылы жазылғандығын айтады [142, 114 б.]. Бұдан шығатын қорытынды мынадай: Жүніс хан мен Есенбұға хан арасындағы Хансалар шайқасы 1457 жылдың күз айларында болған; ал Жүніс ханның Әбу Сайд мырзаға қашып барып, одан Жетікент уалаятын алуы 1458 жылдың басында болған деуге болады. Қысқаша айтқанда, Жүніс хан мен оның інісі арасындағы шайқаста Есенбұға хан жағында болған Әмір Саид Әлінің нақты 1457-1458 жылы қайтыс болуы Хансалар шайқасының нақты 1457 жылдың күз айларында болғандығын көрсетеді.

Осылайша, Мауереннахр мен Хорасанды 1457 жылдан кейін біріктіре алған Әбу Саид мырзаның шығыс пен оңтүстік батыс бағыттарындағы сыртқы саясаты Темір әулетінің өкілі үшін біршама нәтижелі болады. Оңтүстік батыс бағыттағы саясатта бүкіл Иран бағындырылмаса да, Хорасан аймағы Шахрухтың қайтыс болуынан кейін Мауереннахр қайта біріктіріледі. Уақытша болса да батыс Ирандағы Қарақойлы әулетімен шекара мәселесі шешіледі.

Ал шығыстағы саясатқа келсек, ол жақтағы оқиғалардың даму барысы дәл Әбу Сад мырза ойлағандай өрбиді. Жүніс ханның Моғолстанға келіп, інісімен алғаш рет соғысуы, одан кейін Жетікент уалаятына табан тіреуі Мауереннахрдың шығыстағы аймақтарының қауіпсіздігін ғана қамтамасыз етіп қойған жоқ. Сонымен бірге Есенбұға ханның билігіне Моғолстанның батысындағы оның иеліктеріне үлкен қауіп төндіреді.

Енді Жүніс ханның Моғолстан аймағына екінші рет келуіне тоқталалық. Бұл туралы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашидидің» бірінші кітабының 45 тарауында арнайы баяндайды. Ол «Сұлтан Жүніс хан екінші рет Мырза сұлтан Әбу Саидтан, Моғолстанға келгенде, ондағы әмірлердің барлығы тағы да хан маңына жиналды. Хан Моғолстанда біраз тұрды. Жетікентті [Иетикент] тұрақтап қалды. Бірақ Есенбұға ханға тиесілі иеліктерге кіруге батылы бармайды», - деп жазған болатын [142, 175 б.]. Жүніс ханның екінші рет келуін шамамен 1458 жылы деп есептейміз. Ал оның Дулатидың айтқанындай, Есенбұға ханға тиесілі иеліктерге кіруе батылы бармады деуінің ар жағында бірнеше себебі болған. Оның біріне – Есенбұға ханмен ашық күреске шығудан бас тарту жатса, екіншісіне – Есенбұғаның өзіне Керей мен Жәнібек хандар секілді сенімді одақтас тауып, оларға Моғолстанның батыс жағынан иелік беруі жатса керек. ХVІІ ғасырдың тарихшысы Махмуд бен Уәли бұл жөнінде «осы себепті Есенбұға хан билігінің түбінде сызат пайда болды. Бұл Жәнібек хан мен Керей ханның келуін [ізгіліктің қайнар бұлағы мен өзінің адамдары үшін] қайырымды іс деп санады... Ол Моғолстанның батыс жағын хандарға берді. Бұл өңір Жүніс ханның ихтасы мен Есенбұға ханның [иелігін] байланыстырып жатқан өңір еді. Ол жер Чу және Қозыбасы деген атаумен белгілі болатын», - деп нақтылап айтады [144, 352 б.]. Байқап отырғанымыздай, Есенбұға ханды Әбу Саид мырза секілді өз билігімен иеліктерін сақтап алу үшін өзге күштерді пайдаланады. Бұл жерде Есенбұға хан үшін өзге күшке Дешті Қыпшақтағы Әбілқайыр ханнан бөлініп, Моғолстанға қоныс аударған Керей мен Жәнібек хандар жатады. Моғолстанның батыс жағында жаңа саяси күштің пайда болуы Жүніс ханға тосқауыл болып, оның Моғолстанның билігін иелену жолындағы күресіне кедергі келтіреді. Сөйтіп, Дулатидың айтып отырғанындай, ағасы інісінің иелігіне кіруге батылы бармайды. Осылайша, ХҮ ғасырдың орта тұсындағы Мауереннахр мен Моғолстан арасындағы саяси қарым-қатынастардың шиеленісе түсуі Моғолстанның батыс аумағында Қазақ хандығының пайда болуына қолайлы жағдайлар туғызып, құрылуына алып келеді.

Енді жоғарыда айтылған ойларымызды түйіндей келе, төменде мынадай тұжырымдар жасаймыз.

Біріншіден, 1447-1458 жылдар аралығында, яғни Шахрухтың қайтыс болған кезінен Әбу Саид Мырзаның Хорасанда Қарақойлы әулетінің билеушісі Жахан шахпен келісім жасасқан кезіне дейінгі он бір жыл ішінде біртұтас, бір орталықтан басқарылған Темір империясы әулет өкілдерінің билік үшін күресін басынан өткеріп, орасан зор дүрбелеңді басынан өткереді. Күрес барысында империя аумағында жекелеген әулет өкілдерінің басшылығымен уақытша болса да бірнеше дербес иеліктер пайда болып, ақырында Әбу Саид мырза қарсыластарын ығыстырады да, билікке қолы жетеді. Бірақ та Иранның батыс бөлігі империядан бөлініп, ондағы Жахан шахтың билгін Әбу Саид мырзаның мойындауына тура келеді.

Екіншіден, Әбу Саид мырзаға Хорасанды бағындыру жолында одан кейінгі Қарақойлы әулетімен күрес кезінде шы&#







Date: 2015-11-14; view: 1420; Нарушение авторских прав



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.033 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию