Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






ХV ғасырдың 40-50 жж. Әбілқайыр хандығының көрші елдермен саяси қарым-қатынастары





М.Тынышпаевтың кейін бұл мәселеге арнайы назар аударып, өз дәлелдеулерін ғылыми түрде негіздеген Т.И. Сұлтанов болды. Ол екі пікірге негіз болған жазба дерек мәліметтерін келтіре отыра, зерттеушілердің бұл мәселеде ортақ пікірге келе алмай отырғандығын айтып өтеді де, мәселені шешуді Тұқай-Темір мен Орда Еженнің және олардың ұрпақтарының қай кезде, қай өңірлерде билік құрған іздерінен қарастырады. Оның көрсетуі бойынша Тұқай Темір 1236-1242 жж. монғолдардың батысқа жорығынан кейін Маңғышлақ пен Солтүстік Кавказ өңірлерін алған, сондай-ақ Батый мен оның алғашқы мұрагерлері Тұқай Темір мен оның ұрпақтарына Хажы Тархан (Астрахан), Кафа, Қырым уалайаттарын басқаруға берген. Жазба деректер Тұқай Темір ұрпақтарын «хан ұлдары» (хан-оғлы), ал тұқай темірлік әулет «Ханедан-и Тукайтимурийан» деп аталған [52, 141-142 бб.]. Одан әрі ол көптеген жазба дерек мәліметтеріне негіздеп, Орда Ежен ордасының алғашқы кездерде Ертістің жоғарғы ағысы бойы мен Алакөл маңында болғандығын, оның мұрагерлері: Күнқыранның (Орда Еженнің төртінші ұлы), Қонышаның (Орда Еженнің немересі, Сартақтайдың ұлы), Баянның (Қонышаның ұлы)билік еткендігін айта келе, ХІІІ ғасырдың екінші жартысында ұлыс орталығы Алакөл маңынан Сырдария маңына ауысады да, сол кезден бастап Сырдарияның орта және төменгі ағысы бойы мен оған іргелес аймақтарда Орда Ежен ұрпақтары билігінің мықтап орныққандығын айтады. Жазба дерек мәліметтерінде хандықтың сыртқы саяси жағдайын көрсететін деректер жүйелі түрде кездеспейді, тіпті жоқтың қасы. Бірақта жанама деректердің көмегімен бұл мәселені нақтылы түрде болмаса да, жалпылама түрде шешуге болады.

Алдыменен, «көшпелі өзбектер» елінің Батыс Сібірдегі Шайбан әулетімен қарым-қатынасынан басталық.

Батыс Сібір аумағы ХІІІ ғасырдың басынан Жошы Ұлысының құрамында болғаны белгілі. Сол кезден бері онда Шайбан ұрпақтары билік құрып, ХV ғасырдың бірінші жартысындағы Алтын Ордадағы саяси таластар мұнда да байқалады. Жазба деректер мен оларға негізделген зерттеу еңбектерінде ХV ғасырдың 20-шы жылдары Батыс Сібірде шайбанилық әулеттің өкілдері билеген бірнеше ұлыстар болады [207, 141-143 бб.; 101, 119 б.; 135, 118 б.; 307, 197 б.; 45, 41-44 бб.; 54, 162-163 бб.]. Оларға: Хажы Мұхаммед ханның – 1420 немесе 1421 жылы хан болып сайланған, Жұмадық ханның – 1425/1426 ж. хан болып сайланған, және Махмуд қожа ханның ұлыстары жатады [44, 457 б.; 207, 146 б.; 45, 43 б.; 54, 155 б.].

Болашақ Сібір хандығының билеушісі Ибақ ханның (деректерде Абақ деп те айтылады – Б.К.) атасы осы – Хажы Мұхамед хан. Қадырғали Жалайыр ол туралы және оның ұрпақтары туралы мынадай мәліметтер береді: «... Ол уақытта Хажы Мұхаммед оғлан еді. Бір уалаяттан бір уалаятқа еркін өтіп барар еді, өзі иулак [жас], баһадүр, ұзын бойлы, бір бет [сынлығ] еді, оқтары ұзын еді. Онан Едіге биге хабар береді, оны Едіге өз алдына шақыртты.... Ол жолы Хажы Мұхаммед оғланды әскерге бастық қылды. Көп ұрысты. Қадірберді ханды ол алтын садағымен кесе атты.... Негізінде Өзбекия арасында кең тараған хикаяда былай айтылады. Едіге би опат болды. Мансұр би болды. Хажы Мұхаммед оғланды Мансұр би хан көтерді. Бірі хан, бірі би болып жүрер еді.... Өзбекия арасында Мансұр биді Барақ хан өлтірді. Онан соң бір күні Хажы Мұхаммед ханды да Барақ хан өлтірді. Және тағы Хажы Мұхаммед ханның ұлы Мұхаммед тек [өзі] хан еді. Оның ұлы Құлұқ хан еді. Оның ұлы Айбақ [Ибақ] хан еді» [101, 119 б.]. Қадырғали Жалайыр дерегіне талдау жасай келе, М.Г. Сафаргалиев Сібір хандығының негізін шайбанилық Хажы Мұхаммед қалады деген тұжырымға келеді [44, 476 б.]. Хажы Мұхаммед ханды Барақ хан өлтіргеннен кейін Сібір хандығының билігіне оның ұлы Махмудек хан келеді. Міне, осы Махмудек ханның мұрагерлері ХV ғасырдың 40-60-шы жылдары Шығыс Дешті Қыпшақтағы Әбілқайыр ханмен қарым-қатынасқа түседі.


Әбілқайыр хандығы ХV ғасырдың орта тұсында солтүстігінде Сібір хандығымен шектесіп жатты. Екі жақ арасындағы саяси қарым-қатынастардың негізгі объектісіне біздің ойымызша, территориялық таластар, сауда-саттыққа бақылау орнату, саяси ықпалдылыққа ұмтылу жатқан. 1446-1469 жылдар аралығындағы саяси қарым-қатынастар туралы жазба деректерде ешқандай мәліметтер кездеспейді. Бұған қарап екі ел арасында ешқандай қатынастар болған жоқ деп пікір айту дұрыс емес. Негізінен, 1446 жылдан бастап Әбілқайыр ханның сыртқы саясаты оңтүстік бағытта белсенді жүргізіліп, жазба деректерде ол жөнінде мол мәліметтер кездеседі де, Сібір хандығымен болған қатынастар жылнамашылардың назарынан тыс қалған секілді.

Дегенмен де, Әбілқайыр хандығы мен Сібір хандығы арасындағы қатынастарға жалпы сипаттама берер болсақ, біз оны достық сипатта болған деп айта алмаймыз. Өйткені, 1469 жылы Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін, оның мұрагеріне қарсы ашық күреске шығып, шайбанилар әулетіне қарсы соғысқан күштердің қатарында Сібір хандығы тарапынан Хажы Мұхаммед ханның ұлы Сайидек хан мен Махмудек ханның ұлы Ибақ (Абақ) хандар есімі аталады [130, 19 б.; 131, 56-57 бб.; 132, 99 б.; 144, 362 б.]. Әбілқайыр ханды деректер Ибақ ханның өлтіргендігін баяндайды [207, 20 б.; 99 б.].

Жалпы алғанда, Әбілқайыр хандығының Қазақ хандығының құрылуы қарсаңындағы Сібір хандығымен саяси қарым-қатынасын қорыта келе, қарым-қатынастар достық қатынаста болмаған деп есептейміз.


ХV ғасырдың ортасындағы Әбілқайыр хандығының оңтүстік-шығыстағы көршісі – Моғолстан мемлекетімен сыртқы саяси қарым-қатынастарының Қазақ хандығының құрылуында ерекше маңыз атқарады. Әбілқайыр ханнан бөлініп, Керей мен Жәнібек сұлтандардың бастауымен ордаежендік ру-тайпалардың Моғолстан аумағына қоныс аударуы екі ел арасындағы қатынастардың нәтижесінен туындаған. Егер де сол тұстағы Моғолстан билеушісі Есенбұға ханның Әбілқайыр ханмен қатынасы өте жақсы болған болса, онда «көшпелі өзбектердің» ханының қарсыластары оның жақтасына бармаған болар еді. Олай болса, шайбанилық әулет пен шағатайлық әулет билеушілері арасындағы саяси қарым-қатынастарды жақсы болған деп айта алмаймыз. Енді осының бәрін қолда бар дерек мәліметтеріне сүйеніп ашып көрсетелік.

Жалпы, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы ордаежендік әулеттің болсын, шайбанилық әулеттің болсын Шағатай әулеті билеген Моғолстан мемлекетімен жүргізген саяси қарым-қатынастары әртүрлі тарихи кезеңде әртүрлі сипат алып тұрды. Деректер және оларға негізделген зерттеулер екі елдің бір-бірімен достық та, жаулық та қарым-қатынастарда болғандығынан хабардар етеді. Мысалы, 1380-ші жылдардың соңында Шығыс Дешті Қыпшақ билеушісі Тоқтамыс хан мен моғол әмірі Қамар ад-дин Әмір Темірге қарсы бірігіп, одақ құрған [47, 70-73 бб.]. Ал ХV ғасырдың бірінші жартысында моғол ханының қарсыластары Шығыс Дешті Қыпшаққа қашып барып, ондағы билеуші әулеттен пана сұраған [142.]. Ал енді ХV ғасырдың 40-50-ші жылдарындағы «көшпелі өзбектер» мен моғол елдері арасында болған нақты қарым-қатынастарға келсек, жазба деректер саяси қатынастардың барысы жөнінде ешқандай мәліметтер бермейді. Мұхаммед Хайдар Дулатидың мәліметтерінен саяси қарым-қатынастардан гөрі, осы кезеңде этникалық байланыстардың жиі жүргенін байқаймыз.

Оның объективті себептері бар. Моғолстанның құрамдас бір бөлігі болып саналатын Жетісу жері өзінің географиялық орналасуына қарай батысында Түркістан өңірімен, солтүстігінде Дешті Қыпшақпен шектесіп жатқандықтан, ондағы тұрғындармен әртүрлі бағыттағы байланыстарға ешқандай кедергілер болмады. Егер де Моғолстанның ең маңызды аймақтары болып есептелетін Жетісу мен Шығыс Түркістан аймақтарын Тянь-Шанның биік асулары бөліп жатып, екі аймақ арасындағы экономикалық байланыстардың өзі жылдың бір қолайлы мезгілдерінде ғана жүргізіліп тұрса, Жетісудың солтүстігі мен батысында ондай табиғи географиялық кедергілердің болмауы Дешті Қыпшақ пен Түркістан аймақтарындағы тұрғындардың Жетісу тұрғындарымен мәдени, рухани, этникалық, экономикалық байланыстарға кең жол ашып отырды. Саяси тұрғыдан алғанда бұл аймақтың түрлі тарихи кезеңдерде әртүрлі саяси құрылымдардың құрамында болуы Жетісу аймағын Дешті Қыпшақтан алыстатып тұрғандай көрсетеді.


Ал саяси тұрғыны соңғы қатарға қойып, алдыңғы қатарларға географиялық, этникалық, мәдени, рухани тұрғыларды шығарсақ, онда Жетісу, Дешті Қыпшақ, Түркістан аймақтары тұтас бір жүйенің, толық бір құрылымның бір-бірінен ажыратуға болмайтын, бір-біріне аса қажетті бөліктері болып табылады. Мұхаммед Хайдар Дулати екі аймақтың тұрғындары арасындағы этномәдени және шаруашылық байланыстарға дәлел болатын мынадай тарихи фактілерді келтіреді: «Өзбекстан мен Моғолстанның арасын Көкше теңіз (Балқаш көлін айтып отыр – Б.К.) бөліп тұрады, қыс мезгілінде Көкше теңізде мұз қататын. Өзбектер мұздың үстінен өтіп, Моғолстанға баратын. Олар екі тәулік бойы жылдам жүріп отырып мұздың үстінен басып өтетін. Қыстың аяғында қайтқан кезде де дәл сондай жылдамдықпен мұздың үстінен жүріп өтетін» [142, 404 б.]. Ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық өмірдегі бұл байланыстар екі аймақтың ру-тайпалары арасындағы этномәдени байланыстарды одан ары тереңдетеді. Екі аймақтағы саяси құрылымдарда саяси дағдарыстар өршіп, ру-тайпалар үшін қиыншылықты жағдайлар туындаған кезде екі жақтағы ру-тайпалар емін-еркін екінші жаққа өтіп отырған. Тағы да Мұхаммед Хайдар Дулатидың дерегіне сүйенсек, онда Есенбұға ханның саясатына наразылық ретінде моғолдық қалушы (калучи), бұлғашы (булгачи және тағы басқа тайпалардың Дешті Қыпшаққа көшіп кеткендігі жөнінде баяндалады [142, 109 б.].

«Менің жауымның жауы маған жау емес» деген қағидаға сай, моғол ханы Есенбұға жауларының Әбілқайыр ханға баруы, сол сияқты Әбілқайыр хан жауларының Есенбұға ханға келуі - Әбілқайыр хан мен Есенбұға хан арасында онша жылы қатынастардың болмағандығын көрсетеді. ХV ғасырдың ортасында Әбілқайыр хандығы мен Моғолстан арасында осындай саяси қарым-қатынастардың орын алуы Қазақ хандығының құрылуына қолайлы алғышарттар туғызған деген қорытындыға келеміз.

Әбілқайыр хандығының ХV ғасырдың 40-50-ші жылдарындағы Мәуереннахрдағы Темір әулетімен жүргізген сыртқы саяси қарым-қатынастары да белгілі бір дәрежеде Қазақ хандығының құрылуына ықпал жасады. Біз бұған дейін Әбілқайыр хандығының ішкі саяси жағдайы мәселелерін қарастырғанымызда оның ХV ғасырдың 40-50-ші жылдарындағы Темір әулеті мемлекетімен жүргізген саясатына қысқаша болса да тоқталғанбыз. Сондықтанда бұл жерде ол мәселеге тереңірек тоқталық.

Әбілқайыр хандығы мен темірлік әулеттің мемлекеті арасындағы саяси қарым-қатынастарды ұғыну үшін оны көшпелілік пен отырықшылық шаруашылықтар тұрғысынан қарау қажет.

Дешті Қыпшақ тұрғындарының басым бөлігі көшпелі мал шаруашылығымен айналысатындықтан, олардың негізгі байлығы мал мен мал өнімдері болғандықтан, олар мал санын арттыруды, сақтауды бірінші орынға қойған. Ол үшін ең басты қажетті нәрсеге – жайылым жатқан да, жылдың төрт мезгіліндегі жайылым түрлерін өте тиімді пайдаланып отырған. Көшпелілер экстенсивті мал шаруашылығын дамыту үшін негізінен табиғи жайылым түрлерін пайдаланған. Дешті Қыпшақтың көшпелілері үшін қысқы жайылым мен қыстаулар ретінде Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысы бойындағы жайылымды жерлер мен өзеннің сол жағындағы Қызылқұмның қысы жұмсақ өңірлері болған. Қызылқұмның Сыр бойынан оңтүстікке қарай созылып жатқан құмды және шөлді жерлері Мауереннахр мен Дешті Қыпшақтың табиғи шекарасы ролін атқарады. Сөйтіп, солтүстікте Тобыл өзенінің жоғарғы және орта ағысы бойы мен оңтүстікте Қызылқұмға дейінгі орасан зор аймақ Дешті Қыпшақтың көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын ру-тайпалар үшін өмір сүру кеңістігі болып есептеледі. Бір типті шаруашылықтың басым болуы және оның шаруашылық өмірде жетекшілік роль атқаруы шығыста Ертіс өзенінен батыста Еділ өзеніне дейінгі, солтүстікте Тобылдан оңтүстікте Қызылқұмға дейінгі кеңістікте өмір сүрген ру-тайпалардың этномәдени, саяси-рухани өмірінде аса маңызды роль атқарып, олардың жеке этнос болып қалыптасуында ерекше орын алады. Шығыс Дешті Қыпшақ аумағы көшпелі мал шаруашылығы үшін аса қолайлы болып, ондағы ру-тайпалардың этникалық жағынан бірігуіне маңызды роль атқарса да ол процесс ХV-ХVІ ғасырларға дейін жүзеге аспады. Өйткені әрбір тарихи кезеңдерде Дешті Қыпшақтың жекелеген аймақтары ондағы саяси жағынан бірліктің болмауына байланысты көрші мемлекеттердің қоластына қарап келді. Әсіресе, бұл жағдай Дешті Қыпшақтың оңтүстік аймақтарына көп қатысты. Сыр бойы мен Қызылқұмдағы қыстауларда қыстап шыққаны үшін ру-тайпалар ондағы билеушілер мен олардың тағайындаған әкімдеріне есепсіз салықтар төлеуге мәжбүр болады. Сол себепті де Дешті Қыпшақ тайпалары үшін Сыр бойы мен Қызылқұм өңірлерінің тек қана Дешті Қыпшақ билеушілеріне қарағаны өте тиімді болатын. Бұл оңтүстік өңірлердің шаруашылық өмірдегі маңызын көрсетсе, ондағы қалалардың саяси-әкімшілік, мәдени-рухани, сауда мен экономикалық білім мен ғылымның орталықтары ретіндегі маңызы өте жоғары [308, 18-45 бб.]. Сондай-ақ аймақтың Дешті Қыпшақ билеушілері үшін геосаяси маңызы да өте тиімді болып саналады.

Жалпы алғанда, Сыр өңірі мен ондағы қалалы, далалы өңірлердің Дешті Қыпшақтың ру-тайпалары үшін атқаратын рөлі мен маңызын былайша тұжырымдап беруге болады: 1) этношаруашылық, рухани-мәдени өмірдің тұтас болуы үшін оның маңызды бөлігі болып саналатын территориялық кеңістік те тұтас болуы қажет. Сондықтан да Сыр бойы да солтүстіктегі Тобыл, Есіл бойлары секілді Дешті Қыпшақтың ажырамас, құрамдас бір бөліктері болып саналады; 2) Сыр бойының маңызы өте жоғары болғандықтан ол аймаққа саяси жағынан кім үстемдік орнатса, сол бүкіл Дешті Қыпшаққа ықпал ете алады. Міне, осы жағдайлар Шығыс Дешті Қыпшақ билеушілерін осы аймаққа үнемі үстемдік орнатуға тырысқан Мауереннахр билеушілерімен күрес жүргізуге итермелейді. ХІ ғасырда қыпшақтар мен оғыздардың, ХІІ-ХІІІ ғасыр басына дейін Хорезм билеушілері мен қыпшақтардың, одан кейінгі Орыс хан мен Әмір Темірдің, Барақ хан мен Ұлығбектің арасындағы болған күрестердің басты себептері осылар. Әбілқайыр хан мен темірлік әулеттің, Қазақ хандары мен шайбанилық әулеттің, одан кейінгі аштарханилық әулеттің арасындағы күрестің себептеріне осы факторлар жатады.

Біз осындай тұрғыдан келгенде ғана Дешті Қыпшақ пен Мауереннахр алғанда ХV ғасырдың орта тұсындағы Әбілқайыр хандығы мен темір әулеті арасындағы үздіксіз күрестердің себептерін ұғынамыз.

Әбілқайыр хан 1446 жылы Сыр бойын иеленгеннен кейін Шығыс Дешті Қыпшақтың дербес билеушісі ретінде ол Мауереннахрдың ішкі саяси өміріне назар аударуға міндетті болды. Бұл кезде ондағы билеуші Шахрух мырза қайтыс болып, билік үшін темірлік әулет өкілдері арасында соғыс өрті тұтана бастаған болатын. Мұндай жағдайда кез-келген көрші елдің билеушісі ондағы жағдайды өз пайдасына шешуге тырысатыны, билікке таласушылар арасынан бір үміткерді таққа отырғызып, өзінің саяси ықпалын онда да нығайтуға күш салатыны белгілі. Осындай жағдайлар Әбілқайыр ханды темір әулетімен саяси қарым-қатынастар жүргізуге итермелейді.

Әкесінің орнына келген Ұлығбек мырзаны туған ұлы Абд-ал-Латип мырза 1449 жылы өлтіріп, билікке келеді. Бірақ көп ұзамай өзі талас-тартыстың құрбаны болады да, билік үшін күрес одан ары өршиді. Темірдің ұрпақтары Абдулла мырза мен Абу-Сайд мырза арасында болған күресте соңғысы жеңіліске ұшырап, қашуға мәжбүр болады. Сөйтіп ол 1451 жылы Әбілқайыр ханнан көмек сұрайды.

Кухистани 1451 жылы Әбілқайыр ханның Самарқан қаласын алып, билікке келген Әбу Сайд мырзаны отырғызғанын айтып өтеді [207, 167 б.]. Бірнеше жылдан кейін Әбу Сайд мырза мен Абд ал-Латиф мырзаның ұлы Мұхаммед Жөкі арасында билік үшін күрес қайта тұтанғанда, Әбілқайыр хан соңғысына қолдау көрсетеді. Әбілғазының жазуы бойынша «көшпелі өзбектер» ханы Мұхаммед Жөкіге Самарқан тағын алып беру үшін өзі бармай, шайбанилық сұлтан Бурекені 30 мыңдық әскермен аттандырады [135, 124 б.]. Бұған дейін айтып өткеніміздей, Буреке сұлтан бұл тапсырманы орындай алмайды. Абу Сайд мырзаның әскерімен тікелей шайқасқа түсуден бас тартып, Мауереннахр өңірін талан-таражға салады да, мол олжамен кейін оралады [135, 125 б.]. 1455 жылы болған «көшпелі өзбектердің» бұл жорығы - Әбілқайыр ханның Мауереннахрға соңғы жорығы және Темір әулетінің ішкі ісіне араласуының соңы болды. Өйткені, 1457 жылғы қалмақтардан жеңіліс «көшпелі өзбектердің» екінші рет бөлініске түсуіне алып келіп, Әбілқайыр ханның сыртқы саясатта белсенділік роль танытуына мүмкіндік бермеді.

Жалпы, ХV ғасырдың орта тұсында Әбілқайыр хандығының Мәуереннахрдағы темір әулетімен жүргізген саяси қарым-қатынастарын қарастыра келе мынадай қорытындыларға келеміз. 1) Әбілқайыр хандығы мен Мауереннахрдағы темірлік әулет арасындағы саяси қатынастарды тек «көшпелі өзбектер» тарапынан болған тонаушылық сипаттағы жорықтармен көрсету – мәселені толық ашып бере алмайды. Саяси қарым-қатынастардың негізгі себептерін: шаруашылық, этникалық, рухани, мәдени, геосаяси факторларды түсінгенде ғана саяси қарым-қатынастардың астарларын көреміз. Біз оған Сыр бойы мен Қызылқұмның Дешті Қыпшақ үшін атқарған маңыздарын жатқызамыз. 2) ХV ғасырдың 40-шы жж. екінші жартысында Әбілқайыр хандығы өз дамуының ең шегіне жетсе, дәл сол тұста оңтүстіктегі көршіде билік үшін күрестер басталады. Бұл жағдай Әбілқайыр ханға екі жақты қарым-қатынаста белсенділік роль атқаруға, Мауереннахрдың ішкі саяси ісіне араласуға, ондағы билікке өз адамын отырғызуға мүмкіндіктер береді. 3) Өзі отырғызған Әбу Сайд мырзаны биліктен кетіріп, орнына басқа темір ұрпағын отырғызуға күш салуы және оны жүзеге асыра алмауы - Әбілқайыр ханның Әбу Сайд мырзамен қарым-қатынасы шиеленісіп кеткендігін және өз жағдайының әлсірей бастағандығын көрсетеді. Ал біз оны Қазақ хандығының құрылуына қолайлы жағдай жасаған саяси факторға жатқызамыз.

Енді жоғарыда айтылған Әбілқайыр хандығының ХV ғасырдың орта тұсында көрші елдермен жүргізген саяси қарым-қатынасы мәселесіне байланысты айтқан ойларымыз бен пікірлерімізді жинақтап қорытындылайық.

Біріншіден, Әбілқайыр ханның бүлкі Шығыс Дешті Қыпшақты бағындыруы Жошы Ұлысының сол қанатындағы басқа саяси құрылымдардың күшті қарсылығын туғызады да, ол өз кезегінде сол мемлекеттермен жүргізілген саяси қарым-қатынастардың сипатын анықтайды.

Екіншіден, Әбілқайыр ханның Мауереннахр және Моғолстандағы темір, шағатай әулеттерімен көрші болуы олардың ашық қарсылығын туғызбаса да, ұнатпағаны белгілі. Өз іштеріндегі саяси дағдарысқа байланысты олар Сыр бойының Әбілқайыр ханға бағындырылуын мойындауға мәжбүр болады. Ал Әбілқайыр хан болса, темір әулеті арасындағы өзара күресті өз пайдасына шешуге тырысады. Алғашында ол саясат нәтижелі болғанымен, кейінгі жылдары Мауереннахрдың ішкі саяси өміріне оның ықпалы азаяды.

Үшіншіден, ХV ғасырдың 40-50-ші жылдарындағы Әбілқайыр ханның көрші елдермен жүргізген саяси қарым-қатынастарында ешбір елмен қатынастардың достық сипатта болмағандығына көзімізді жеткізіп, ол Қазақ хандығының құрылуы үшін аса қолайлы саяси алғышарттар даярлаған деген жалпы қорытындыға келеміз.

 







Date: 2015-11-14; view: 1271; Нарушение авторских прав



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.015 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию