Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






ХV ғасырдың ортасындағы Әбілқайыр хандығының ішкі саяси жағдайы 2 page





Әскердің көмегімен басқа да халықтарды жаулап алған Шыңғыс хан бағындырылған халықтар мен олардың территориясының толық, жеке дара қожайынына айналды. Соғыстардан түскен мол қазына, салықтар, міндеткерліктер, сауда-саттықтан алынатын баж және тағы басқа байлық көздері Шыңғыс хан және оның әулетін экономикалық жағынан да, саяси жағынан да шексіз байлық пен қуатқа кенелтеді. Шыңғыс ханның өзі тірі кезінде-ақ осыншама зор территорияны бір ғана әскердің күшімен ұстап тұрудың өте қиын, ауыр екенін түсіне біліп, өз әулетінің билігін әрі шексіз, әрі ұзаққа созу мақсатында екі үлкен міндетті жүзеге асырады. Оның біріншісіне – бағындырылған аймақтардағы бұрынғы билеуші әулетті түбірімен жойып, әулет өкілдерін үрім-бұтақтарымен қырып жіберуі жатса, екіншісіне - әулет билігін идеологиялық тұрғыдан негіздеп, өз руының арғы түп аталарын киелі етіп көрсету жатты. Біздің ойымызша, Шыңғыс хан және оның ұрпақтарының алғашқы буын өкілдері екі міндетті шебер орындап шығады. Монғолдардың жаулап алған елдерде әсіресе, бұрынғы билеуші әулеттерге қатысты қандай қырып-жоюларды жүзеге асырғаны белгілі. Ал екінші міндет 1240 жылғы «Монғолдың құпия шежіресінде» алғаш рет негізделеді. Онда Шыңғыс ханның шығу тегі жөнінде былай делінеді: «Шыңғыс ханның түп атасы Борте-Чиноның Көк Аспанның әмірімен дүние есігін ашқандығы, ол әйелі Гао-Марал екеуі Теңізді жүзіп өтіп, Онон өзенінің бастау алатын Бұрхан-Халдун тауында көшіп жүргендігі баяндалады. Борте-Чиноның ұрпағы Бата-Чиган, ал оның 16-шы ұрпағы Дува-Сахор мен Добун-мерген болған екен. Біріншісінің маңдайында жалғыз ғана көзі болыпты. Ал екіншісінің Алан-гао деген әйелі болып, одан екі ұлы болған екен. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін Алан-гао киіз үйдің түндігінен түскен ақсары адамның қолының сипауымен жүкті болып, үш ұлды дүниеге әкеледі олардың ең кішісі Бодочар деп аталып, ол моңғолдың Боржігін руының түпатасы болып саналады [91, 79-81 бб.]. Одан ары бұл еңбекте Бодончардан Шыңғыс ханға дейінгі 11 буын ата-тек көрсетіліп, олардың қасиеттері мен ерлік істері баяндалады [91, 81-85 бб.]. ХV ғасырдың басында Шыңғыс хан әулетінің шығуы жөнінде Рашид ад-дин «Құпия шежіре» мәліметтеріне сүйене отырып, кең түрде, керемет баяндап береді [109, 7-59 бб.].

Енді осы деректердегі мәліметтерді талдай келе, біз, Шыңғыс хан әулетінің билігін идеологиялық жағынан негіздейтін бірнеше белгінің бар екендігін аңғарамыз. 1) Шыңғыс ханның 27-ші атасы Борте-Чино Көктің құдіретімен дүниеге келген, яғни бұл дегеніміз, оның ерекше жаратылғандығын, жер бетіндегі адамдардан жоғары тұратындығын, Көктің оны адамдар арасына белгілі бір мақсаттар үшін жібергендігін көрсетеді; 2) Монғолдар үшін киелі болып саналатын Бұрхан тауын алғаш қоныстанған адам – Шыңғыс ханның осы түпатасы. Бұл – Шыңғыс хан әулетінің Монғолияның иесі екендігін көрсетеді; 3) Шыңғыс ханның 11-ші атасы да ерекше жағдайда, дүниенің тылсым күшінің арқасында дүниеге келеді. Бұл да осы әулеттің ерекше жаратылысын, киелілігін көрсетеді. 4) Шыңғыс ханның 27 атасына дейінгі шығу-тегі нақты көрсетіледі. Бұл – осы әулеттің тектілігін білдіреді. 5) Шыңғыс ханның 11-ші атасынан бастап өзіне дейінгі шығу-тегінде оның аталары ең үлкен ұлдар ретінде көрсетіледі. Бұл осы әулеттің бүкіл монғол тайпалары арасында жолы үлкендігін білдіреді. 6) Шыңғыс ханның аталарында батыр да, мерген де, қаған да болған. Ол - әулеттің ел басқаруға, қол бастауға, билік айтуға толық құқылы екендігін білдірді.


Ортағасырлық адамдар үшін шығу-тегінде осындай ерекше қасиеттер мен киелілік белгілерге толы болған адамның болмысы да ерекше жаратылған деген қоғамдық сананы қалыптастырады. Оған Шыңғыс ханның монғол мемлекеті мен империясын құрудағы іс-әрекеттері мен жеке басындағы қасиеттері қосыла келе, жалпы сол дәуірдің адамдарының санасында Шыңғыс ханның тұлғасы шынында да Көктің әмірімен жаралған тұлға деген сананы бейнелейді. Ал оның әулеті де қоғамдық санада дәл солай бейнеленеді.

Осылайша, Монғол империясының аумағында ХІІІ ғасырдан бастап Шыңғыс хан әулеті билігінің идеологиялық негізі қалыптасады. Осы жерде қосымша болса да айта кетелік, қазақ халқы ХV ғасырдың ортасынан бастап бұл әулет өкілдерін әлеуметтік тұрғыда жалпылама түрде «төре» атты әлеуметтік топқа жатқызса, этникалық тұрғыда «ақсүйектер» тобына жатқызады. Қазақстандық шығыстанушы В.П. Юдин кезінде осы мәселеге ерекше назар аударып, былай деп атап өрсеткен болатын: «Кейбір көшпелі халықтарда шамандық, буддалық, ислам және басқа діндердің тұжырымдары мен шыңғыстық доктринаның синтезі жаңа бір дүиетанымның, жаңа идеологияның қалыптасуына алып келді. Бұл жерде жаңа діннің қалыптасқандығы туралы айтуға толық негіз бар. Бұл дін моңғол-татар жаулап алушылығы туғызған дүниетаным мен идеологияның бір бөлігі болып табылады. Жаңа дүниетанымдық және идеологиялық түсініктердің жиынтығын біз чингизизм деп атаймыз» [304, 16 б.]. Біз автордың «жаңа діннің қалыптасқандығы туралы айтуға толық негіз», - бар деген субъективті және дискуссиялы пікірін шегере тұрып, Шыңғыс хан әулетінің монғолдардың жаулап алған аймақтардағы саяси билікке қатысты құқықтық идеологиясын чингизизм деп атауына біз толық қосыламыз.


Міне, осы шыңғыстық идеологияға негізделген Дешті Қыпшақ аумағындағы саяси жүйе мен билік ХІҮ ғасырдың ортасына дейін толық сақталып, үздіксіз қызмет атқарады. Бұл идеологияға 1360-1380 жылдардағы Алтын Орда тарихында орын алған «дүрбелең жылдар» оқиғалары қатты соққы береді. Билікке негіз болған идеологияның шайқалуы биліктің беделі мен абыройына нұқсан келтіреді. Сасяи биліктің әлсіреуіне байланысты бос қалған саяси-құқықтық және идеологиялық кеңістікте жаңа саяси-құқықтық идеология пайда бола бастайды. Мауереннахрда 1370 жылы Самарқан тағын иеленген Әмір Темір өзінің билігін құқықтық-идеологиялық жағынан негіздеу үшін шығу-тегін Шыңғыс ханның төртінші атасы Тумбина Сеченмен байланыстырады. Ш.Құдайбердіұлы былай деп жазады: «... Тумен ханның (Тумбина Сечен) бұл тоғыз баласының ішінде Қажіл (Рашид ад-динде Качули) мен Қабул - Әмір Темірдің арғы атасы» [16.]. Ноғай Ордасының негізін қалаушы Едігенің де шыққан тегін де Ш.Құдайбердіұлы Түмен ханның Нотақыш деген ұлымен байланыстырады. Екінші бір нұсқа бойынша Едігенің арғы атасы мұсылман әлеміндегі алғашқы халиф Әмір әл-Момын Бәкір әл-Садық, ал бергі атасы Баба Түкті Шашты Әзіз делінеді [101, 117 б.]. Көріп отырғанымыдай, бұынғы монғолдар билігі орнаған аумақтарда шыңғыстық идеологияның ықпалының кемуіне байланысты Шыңғыс хан әулетінің билігі де өзінің қауқарын жоғалта бастайды. Ол өз кезегінде жаңа саяси-идеологиялық-құқықтық идеологияға негізделген жаңа бір әулеттің билігін дүниеге әкеледі. Ноғай Ордасы мен Әмір Темір ұрпақтары мемлекеттерінің идеологиялық негізі осыны дәлелдейді.

Осы жерде мынадай бір жайтты ескерте кеткіміз келеді. Шыңғыстық идеология Мауереннахр мен Ноғай Ордасында басқа идеологияға орын берсе де толық жойылып кетпеген. Оның көрінісіне Әмір Темір мен Едігенің және олардың ұрпақтарының «хан» титулын иелене алмауы, Әмір Темір және оның Әбу Сайд мырзаға дейінгі ұрпақтарының елді Шағатай әулетімен шыққан «қуыршақ» хандар арқылы басқаруы, Едіге ұрпақтарның толыққанды мемлекет басшысы болып, билік жүргізуі үшін міндетті түрде олардың «би» лауазымын Шыңғыс хан ұрпақтары билеген көрші елдердегі ресми бір ханның заңды түрде мойындауы жатты. Бүл дегеніміз – шыңғыстық саяси-құқықтық идеологияның ХІҮ-ХҮ ғасырлар шенінде біршама әлсіресе де, өз күшін толық жоймағандығын білдіреді.


Ал енді Дешті Қыпшақ аумағындағы басқа аймақтарға келсек, әрбір аймақтағы қалыптасқан саяси-экономикалық, діни-мәдени, этникалық-әлуметтік ерекшеліктерге байланысты шыңғыстық саяси-құқықтық идеология әртүрлі деңгейде өзгеріске ұшырайды. Бірақ та өзінің саяси кеңістіктегі құқын, статусын толық сақтап қалады. Өзгерістерді біз хандық биліктің статусынан емес, ханды билікке әкелуден көреміз. Егер де бұрынғы кезде, яғни монғолдар үстемдігінің алғашқы кезеңінде ханның билікке келуі билеуші әулет өкілдері арасында шешілсе, енді «дүрбелең жылдардан» кейін бұл міндетті жергілікті жерлердегі жаңа этносаяси күштер – ру-тайпа көсемдері, әмірлер, бектер, батырлар, дін басылары шеше бастайды. Қадырғали Жалайырда баяндалатын Қырымда Қажы Керей ханның билікке келуі осының нақты айғағы болады. Онда «Хажы Керей ханның ағасы – Жанкерей сұлтанды қоңырат Хайдар билер өлтіргеннен соң, Хажы Керей сұлтан кішкене екен, қашып жүріп Чағырған байға жалға кіріп жүргенде билер өз араларында бір-бірімен жараса алмай, Хажы Керей сұлтанды іздеп тауып хан жасады», - делінеді де, одан ары хан сайлауға қатынасқан 15 тайпаның атауы мен әр тайпаның басшысының есімі беріледі [101, 116-117 бб.]. Моғолстандағы дулат тайпасының көсемі Әмір Болатшы бастаған ру-тайпалар басыларының Тоғылық Темірді, Мансұр би бастаған топтың ХҮ ғасырдың бірінші ширегінде Кіші Мұхаммед ханды хандық билікке әкелуі – біздің жоғарыда айтқан пікірлеріміздің дұрыстығын нығыздай түседі. Әбілқайыр да дәл осындай жағдайда 16-17 жасында өз күшімен емес, Шайбан ұлысындағы ру-тайпа көсемдері мен ірі дінбасыларының тікелей қолдауымен билікке отырғызылады.

Біз, ХІҮ ғасырдың ортасы мен ХҮ ғасырдың ортасына дейінгі аралықта монғолдар үстемдігі орнаған аумақтардағы жоғарғы билік мәселесіне қатысты заңдылықтың болғандығын айтып өтіп, оның ішкі және мен мазмұнын талдап, түсіндіруге тырыстық. Енді сол заңдылықты тұжырымдап берелік.

Ортағасырлық монархиялық мемлекеттердегі билеуші әулеттің саяси-құқықтық және идеологиялық негізі неғұрлым мықты болса, онда жоғарғы билікке қатысты мәселелер тек билеуші әулет өкілдері арасында ғана шешіледі. Ал егер де билікке тірек болған саяси-құқықтық және идеологиялық негіз күшін жойса, одан билеуші әулет биліктен айырылады. Ал биліктің тірегі болған факторлар күшін толық жоймай, тек қатты әлсіресе онда жоғарғы билікке қатысты мәселелерде жергілікті этносаяси күштер басты роль атқарады.

Міне, осы заңдылықты ұғынғанда ғана, біз Әбілқайырдың жап-жас болса да Шайбан ұлысында билікке келуін түсіне аламыз. Ноғай Ордасы мен Мауереннахрда Шыңғыстық идеологияны едігелік және темірлік идеологиялар саяси-құқықтық кеңістіктен ығыстырып шығарса, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында шыңғыстық идеологияға қарсы қоятындай негізделген идеология қалыптаса қоймайды. Дегенмен де, жергілікті аймақтарда ру-тайпа көсемдерінің саяси-экономикалық рөлі артып, мемлекеттік деңгейді аса маңызды іс-шараларға белсене араласады. Осындай, мемлекеттік маңызы бар іс-шараның бірі – жаңа ханды таңдау, оны таққа отырғызу болып саналады.

Енді Әбілқайырдың билікке келуіне тоқталсақ. 1425/26-1426/27 жылдары Шайбан Ұлысында феодалдық соғыстар мен тартыс-тартыстар күшейіп тұрған болатын. Жазба дерек мәліметтері ұлыстағы талас-тартыстардың бәрін баяндамаса да, кейбіреулерінен хабар береді. Кухистанидың дерегінде Едіге бидің ұлдарының бірі Ғази бидің билігі, оның саясатына наразы бір топ әмірлер мен бектердің одан бөлініп, Жұмадық ханға келуі, хан тарапынан маңғыт әмірлерінің жылылық пен қайырым көрмей тағы да қашып кетуі, сөйтіп Жайтар Жалқын (Батыс Қазақстандағы тарихи жер-су атауы, нақты қай жер екендігі анықталмаған) деген жерде бас қосуы туралы айтылады да, одан ары оларға қарсы Жұмадық ханның 70 мыңдық әскер жасақтап, әскердің сол қанатында Әбілқайырдың болғандығы баяндалады [207, 141-147 бб.]. Одан ары дерек мәліметінде екі жақ арасында кескілескен қанды шайқастың болып, Жұмадық хан әскерінің жеңілгендігі, Жұмадық ханның қаза тауып, ал 16 жастағы Әбілқайырдың тұтқынға түскендігі айтылып өтіледі [207, 142 б.]. Б.А.Ахмедов пікірінше Жұмадық ханның өзі және әскерінің көптеген қолбасшылары тұтқынға алынып, кейін маңғыт әмірлерінің жарлығымен өлтірілген [45, 45 б.]. Ал Кухистани болса, «бұл ұрыста Көктегі жарылқаушының қалауымен Жұмадық хан қаза табады», - деп нақтылап айтады [207, 142 б.].

16 жасар Әбілхайырды маңғыт әмірлерінің бірі Сарыг-Шиман (Б.А.Ахмедовте Сарыг-Усман деп жазылады – Б.К.) аса жоғары құрмет көрсетіп, оның кейін оралуына жағдай жасайды. Әбілқайыр сол жылдың желтоқсанынан келесі жылдың наурызына дейін сол өңірдегі аймақтың басшысы, өте беделді және ықпалды тұлға – Алаш-баһадүрдің жұртында қыстап шығады [207, 143 б.]. Осы кезде Шайбан ұлысының болашақ тағына үміткер анықталған секілді. Алаш-баһадүр өзінің жұртында Шыңғыс ұрпағының және жай ғана ұрпағы емес, Шайбан ұлысын ХІІІ ғасырдан бері басқарып келе жатқан әулеттің тікелей ұрпағы бар екендігін көршілес өңірлердегі барлық ру-тайпа басшыларына хабарлаған секілді. Көктем шыға Әбілқайыр өз жұртына қайтып оралады. Сол жылы-ақ Әбілқайырды ірі дін басылары - Құл-Мұхаммед Сейд, Қарасеид, қият, маңғыт, шынбай, иджан, қаанбайлы, табгут, дурман, құсшы, отаршы, найман, өкіреш найман, тубай, таймас, уат, қытай, барақ, ұйғыр, қарлұқ, кенегес, уйшін (үйсін), қоңырат, құрлауыт, ички, туман, туман-минг және тағы басқа ру-тайпалар басшылары мен Шадбақыт оғлан, Темір оғлан, Мұратсопы оғлан секілді Шыңғыс әулетінің өкілдері, сондай-ақ тархан лауазымын иеленген бірнеше белді тұлғалар хан етіп көтереді [207, 143-144 бб.; 45, 46 б.]. А.А.Ахмедов Махуд бен Уәлидің дерегіне сүйеніп «сол кезде оны (Әбілқайырды – Б.К.) рулар мен тйпалардың 200-ге жуық көрнекті басшылары қолдады», - деп жазады [45, 46 б.]. Кухистани Әбілқайырдың билікке келген жылын былай деп көрсетеді: «Он жеті жасында, сегіз жүз отыз үшінші жылы биджин, яғни мешін жылы (1428/1429 жж) [Әбілқайыр] мемлекет тағына келіп отырды» [207, 144 б.]. Осылайша, 17 жасар Әбілқайырдың Шейбан ұлысы мен Шығыс Дешті Қыпшақтағы 40 жылға созылған (1423-1469) билігі басталады.

Билікке келген Әбілқайыр ханның басты мақсаты Шайбан ұлысындағы саяси бытыраңқылықты жойып, ұлыстың тұтастығын қалпына келтіру болды. Бұл мақсат оны билікке әкелген ірі дін басшылары мен ру-тайпа басшыларының да мүдделерімен ұштасып жатқан болатын. Дінбасылары үшін кішігірім, дербес ұлыстарда жеке-жеке діни кеңістіктің пайда болуы үлкен қауіп туғызып отырды. Әрбір жеке ұлыста бір-біріне қайшы келетін діни бағыттар тарап кетсе, онда ол өз кезегінде әртүрлі мұсылмандық топтардың пайда болуына әкеп соғары сөзсіз болатын. Сол себепті де ұлыстың түгелдей бір саяси кеңістікте болуы әртүрлі бағыттарға жол бермейтін бірден-бір ұстаным болып есептеледі. Ал ру-тайпа көсемдеріне келсек, олардың қоластындағы елдің көшіп-қонуы үшін үлкен кеңістіктің қажет екендігі белгілі жайт. Көшпелі мал шаруашылығы үшін орасан зор шаруашылық кеңістіктің саяси тұрғыда жеке-жеке саяси кеңістіктерге бөлінуі мал шаруашылығының дамуына кедергі келтіріп отырды. Сол себепті де ру-тайпа басшыларына жеке-жеке саяси кеңістіктен гөрі ортақ саяси кеңістіктің болғаны өте тиімді болды.

Саяси бытыраңқылық сауда-саттыққа де кедергі келтіріп отырғандықтан, саудагерлер тобы да бір аймақта бір саяси кеңістіктің болуына өте мүдделі болды. Ал Әбілқайыр хан үшін сонау ХІІІ ғасырдан бері ата-бабалары үзбей билік жүргізіп келген ұлыстың бірнеше ұлыстарға бөлініп, онда жеке дара билік жүргізген хандардың болуы өте тиімсіз болды. Ол Шайбан ұлысында бір ғана биліктің, Шайбан әулеті билігінің қайта қалпына келтірілуін көздеді. Осылайша, Әбілқайыр хан мен оны жақтаған әулет өкілдерінің, қолдау көрсеткен дін басылары мен ру-тайпа көсемдерінің мақсат-мүдделері бір арнаға тоғысып, бір бағытқа жұмылдырылады.

Әбілхайыр ханның 40 жылдың билігін шартты түрде бірнеше кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңге – Шайбан ұлысындағы саяси бытыраңқылықтарды жою үшін жүргізген күрес жылдары жатып, ол 1429-1431 жылдар аралығын қамтиды. Келесі екінші кезеңге - 1432-1445 жылдар еніп, бұл жылдар тыныштық, бейбіт өткен жылдармен ерекшеленеді. Үшінші кезеңге - Әбілқайырдың Шығыс Дешті Қыпшақты толық бағындырып, аумақтың жеке-дара билеушісіне айналған және мемлекетінің ең күшейген жылдары жатады. Оған – 1446-1457 жылдарды жатқызамыз. Ал соңғы кезеңге – 1457-1469 жылдар жатып, ол Әбілқайыр мемлекетінің әлсірей бастауы мен бытыраңқылықтың күшеюі, ханның қайтыс болуымен ерекшеленеді.

Әбілқайыр ханның Шайбан Ұлысындағы бытыраңқылықтарды жою үшін жүрізген табысты күрестері Масуд ибн Осман Кухистанидың дерегінде, соған және тағы басқа жазба дерек мәліметтеріне сүйеніп жазылған Б.А.Ахмедовтың зерттеуінде жақсы қарастырылған [45, 48-54 бб.; 207, 144-158 бб.]. Сол себепті де біз Әбілқайыр хандығының саяси тарихындағы бірінші және екінші кезеңге терең тоқталмай, тек сипаттама беріп өтеміз де, бірден үшінші кезеңдегі тарихи мәселелерге назарымызды аударамыз. Осы кезеңдегі тарихи дамудың барысын талдағанда ғана барып, Қазақ хандығының құрылуының саяси алғышарттары айқындала түседі.

Әбілқайыр хан өзінің жақтаушылары мен қолдаушылардың арқасында Шайбан ұлысын біріктіру жолындағы күрестерде бірден ірі-ірі табыстарға қол жеткізеді. Жас ханның алғашқы жорығы сол аймақтың саяси, әкімшілік және экономикалық орталығы болған Тура (Тара) қаласына бағытталып, ұрыссыз жеңіске қол жеткізіледі. Адаб-бек, Кепек-қожа секілді әкімдер Әбілқайыр ханның билігіне бірден мойынсұнады [207, 144 б.].

Б.А. Ахмедов Әбілқайыр ханның Тура қаласын алғаннан кейін өз атына хутба оқытып, ақша соқтырғандығын және қаланы 1446 жылға дейін өзіне астана еткендігін атап көрсетеді [45, 48 б.]. Бұл жеңіс Әбілқайыр ханның Шайбан ұлысын біріктіру жолындағы алғашқы жеңісі болды. Ол Әбілқайыр ханды жаңа жорықтарға аттануға итермелейді. Сондай-ақ бұл жеңіс туралы хабар жан-жаққа тез тарап, Шайбан әулетінің өкілдерін, Әбілқайыр ханның туыстарын, сонымен бірге кейбір ру-тайпа көсемдерін жас ханның төңірегіне топтастырады да, олар ханның күшін арттырып, Әбілқайырдың келесі, жаңа жорықтарына белсене қатынасады [45, 48 б.].

1430/31 жылы Әбілқайыр хан Тобыл өзені маңында Шайбанилық Махмуд қожа ханның әскерін талқандап, оның ұлысын өзіне қосады [207, 146-149 бб.]. Кухистани Әбілқайыр ханның бұл жеңісінен кейін Дешті Қыпшақтың көп бөлігінің ханның қоластында бағынғандығын атап өтеді [207, 149 б.]. Шынында да, Әбілхайыр ханның жеңісті екі жорығы нәтижесінде бытыраңқы Шайбан ұлысының басым бөлігі біріктіріледі. Өзінің Дешті Қыпшақтағы позициясын нығайту үшін және Орта Азиямен экономикалық байланыстарда жетекшілік роль атқару үшін ханның келесі жорығы 1431/1432 жылы Хорезмге бағытталады.

Әбілқайыр хан Хорезмнің астанасы Үргеніш қаласын тез алады, бірақ онда тұрақтап қала алмайды. Оның Хорезм өңірінен тез кетуін жазба дерек мәліметтері, сондай-ақ зерттеушілер әртүрлі себептермен түсіндіреді. Кухистанидың дерегінде ол жөнінде мынадай мәлімет айтылады: «Хорезм қаласы мен сол уалаяттың тұрғындары біршама уақыт қайнаған ыстық күннің астында және Сүлеймен секілді қайырымды патша [Әбілқайыр ханның] қарамағында болып еді, Хорезмде оба ауруы пайда болады» [207, 152 б.]. Одан ары автор Дешті Қыпшақтың таза ауасына үйренген Әбілқайыр хан әскерінің белді адамдарына Хорезмнің жаман ауасының жақпай, ауыра бастағанын, соған байланысты әскер басшыларының ханға келіп, әскерді оба ауруы мен күннің шыжыған ыстығынан құтқарудың жалғыз жолы Дешті Қыпшаққа оралу екендігі жөнінде кеңес, өтініш бергендігін баяндайды. Әмірлері мен кеңесшілерінің [осы] өтініштері негізінде [Әбілқайыр хан] кейін қайтуға шешім қабылдап, [өзінің] ордасы жағына бет алды», - деп нақтылап түсіндіреді Масуд ибн Осман Кухистани [207, 152 б.]. Дәл осы жылдары осы аймақта қатты құрғақшылық пен оба ауруының індет болып кең жайылып тарағанын, одан көп халықтың қырылғанын 1364/65-1441/42 жж. өмір сүрген араб тарихшысы Абу Аббас Ахмед Такмаддин Ал-Макризидың «Книга путей для познания» атты кітабында баян етеді [72, 442 б.]. Ал темірлік әулеттің тарихшысы Абд ар-Раззак Самарканди дерегі (1413-1482) мен жоғарыда келтірген оба ауруы және күннің ыстығы Әбілқайыр ханның кейін оралуына себеп болды деп түсіндіреді П.П. Иванов [42, 33 б.]. Абд ар-Раззак Самарканди еңбегінде бұл оқиға жөнінде айтылады, бірақ оны П.П. Иванов толық түсіндіре алмаған. Онда 834 жылы (19. IX. 1430-8.IX.1431) Хорезммен Шахрухқа хабаршы келіп, өзбек әскерлерінің Хорезмді басып алғандығын, үлкен тонаушылықтар мен талан-тараждар жасағандығын және қайтадан өздерінің Дешті Қыпшағына қайтып кеткендігі туралы хабарды жеткізеді [124, 198 б.]. Одан ары Самарканди «Ол (Шахрух) сол өңірді бірнеше әмірге тапсырды, [ол] әмірлер батырлық пен қайсарлық көрсетіп, өзбек ұлысына шабуыл жасап, оларды жойды, қалғандарын қашырып жіберді», - деп жазады [124, 198 б.]. Енді осы дерек мәліметіне терең үңілсек, 1430-1431 жылы Гераттағы Шахрухқа келген хабаршы өзбек әскерінің Хорезмді жаулап алып, тонаушылыққа ұшыратқанын және өзбек әскерінің, яғни Әбілқайыр хан әскерінің кейін қайтып кеткендігін жеткізеді. П.П. Ивановтың: «Бірақ та ол (Әбілқайыр) темірлік әскердің тықсыруымен Хорезмді қалдырып кетті», - деген пікірінің негізсіз екендігін бірден көреміз. Ал Шахрух жіберген әмірлер Хорезмде Әбілхайыр хан қалдырып кеткен әкімдер мен аз ғана іскерді тас-талқан етіп жеңген секілді.







Date: 2015-11-14; view: 1049; Нарушение авторских прав



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.012 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию