Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Азақ хандығының құрылу тарихына қатысты ауыз әдебиетінің материалдарына сипаттама





Қазақ хандығының құрылу тарихы туралы Қазақ хандығы дәуірінде ешқандай жазба дерек жазылмаса да, қазақ халқының ауыз әдебиетінде ХІY-XYІ ғасырларда Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында болып өткен көптеген оқиғалар туралы материалдар сақталған. Ол материалдардағы мәліметтердің бір бөлігі мифологиялық сипатта баяндалса, ал бір бөлігі қоғамдық өмірдің әр қыры мен жақтарын көрсететін мәліметтерге жатады. Олардан саяси тарихтың, экономикалық, әлеуметтік, этникалық, мәдени, рухани өмірдің, қоғамдық қатынастар дамуының іздерін аңғаруға болады. Халықтың өмірінде терең із қалдырған ұлы тұлғалар, маңызды оқиғалар, күрделі өзгерістер міндетті түрде халықтың санасына әсер етіп, ол ауыз әдебиетінің әр түрлі материалдары арқылы бейнеленеді. Сөйтіп, олар ауызша дерекке айналып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған. Өкінішке орай, әр дәуір, әр дәуірдің еңбектері әр түрлі жағдайлар мен себептерге байланысты ауызша материалдарға өзіндік белгілерін қосып отырған. Соның нәтижесінде тарихи болмыстың тарихи деректері әр дәуірдегі ерекшеліктерге сай өзгеріске ұшырайды, ауызша тарихи деректерді тарихтың шаңы барынша көмескілейді. Қазіргі кездегі зерттеушілердің басты міндеттерінің бірі – ауыз әдебиетінің тарихи деректерін мейлінше қоспалардан тазартып, тарихи болмысты зерттеу үшін қолдана білу болып табылады.

Ауыз әдебиеті материалдарын жазба дерек мәліметтерімен салыстыра қарағанда мынадай ерекшеліктерді аңғарамыз. Жазба дерек мәліметінде информациялардың сақталынуы ауыз әдебиетіне қарағанда анағұрлым жақсы болса, ХІІІ-ХY ғасырлардағы Шығыс Дешті Қыпшақта болған тарихи болмыстың бейнеленуі жазба деректерден гөрі ауыз әдебиетінде анағұрлым жақсы көрінеді. Жазба деректер авторлары көбінесе сырттан келген адамдар болғандықтан, олар оқиғалар мен процестердің сыртқы мазмұнын көрсетумен шектеледі. Ал ауыз әдебиетінің материалдарында тарихи болмыстың сыртқы мазмұнымен қатар, оның ішкі мәні де көрініс береді. Осы жағынан алғанда ауызша дерек мәліметтерінің жазба деректерден бір артықшылығы байқалады. Ауыз әдебиетінің материалдарын өзіміздің қарастырып отырған мәселеміз бойынша былайша топтастырамыз.

1.Түрік халықтарының батырлық жырлары мен дастандарындағы мәліметтер.

2. Қазақ халқының тарихи аңыз-әңгімелеріндегі мәліметтер.

3. Қазақ халқының шежірелеріндегі мәліметтер.

Төменде әр топтағы материалдардың мәліметтеріне сипаттама берелік.

Түрік халықтарының батырлық жырлары мен дастандарындағы мәліметтер: Бұл топқа түрік тілдес халықтардың, әсіресе, қазақ, қарақалпақ, ноғай, татар, башқұрт халықтарына ортақ болып саналатын «Едіге», «Қырымның қырық батыры» атты батырлық жырлар жатады. Бұл жырлардағы оқиғалар ХІY ғасырдың ортасы мен XYІ ғасыр аралығын қамтиды. Ал оқиғалардың өткен жерлері – Дешті Қыпшақ аумағы мен оған іргелес аймақтар. Бұл тарихи кезең Қазақ хандығы құрылуының алғышарттарының кезеңіне жататындықтан, аталған жырларда аз да болса да, сол дәуірдің қоғамдық өмірін бейнелейтін мәліметтер кездеседі.


Тарихи тұлға – Едігеге арналған жыр түрік тілдес халықтарда «Ер Едіге», «Мырза Едіге», «Едіге батыр» немесе жай ғана «Едіге» деп аталады. «Едіге» жырын терең зерттеген ғалымдардың бірі В.М. Жирмунский жырдың 30-дан астам әр түрлі нұсқаларының бар екендігін және ол жырдың белгілі нұсқалары ішінде архетипке Уәлиханов-Мелиоранский нұсқасының біршама жақын екендігін айтады [151, 354 б.]. «Едіге» жырының зерттеулері жөнінде пікір айтар болсақ, салыстырмалы түрде оны біршама жақсы зерттелген деуге болады [146-152.]. 1996 жылы «Едіге» жырының жеті нұсқасын бір жинаққа енгізіп, басылымға кең көлемде алғысөз жазған белгілі ғалым Р. Бердібай онда жырға қатысты мәселелердің бәріне тоқталады [153, 3-50 бб.].

Енді жырдағы біздің тақырыбымызға қатысты мәліметтерге назар аударалық. Ол мәліметтерді былайша топтастыруға болады: 1) XІY ғасырдың соңы – XY ғасырдың алғашқы екі онжылдығы арасында Алтын Ордада болған ішкі саяси күрестер мен Ақсақ Темірмен саяси қарым-қатынастар туралы мәліметтер. 2) Жырдағы мәліметтерде ноғай, өзбек, қалмақ секілді этникалық атаулармен бірге Мүйтен, Қыпшақ, Арғын, Барын, Шырын, Барлас, Маңғыт секілді ру-тайпалар атауы және сол ру-тайпалардың билерінің, басшыларының, батырларының есімдері жиі кездесіп отырады. 3) 1419 жылы Тоқтамыстың ұлдарының бірі Қадірберді сұлтанның Едігені жеңіп өлтіргенін жазба деректердің барлығы дерлік баян етсе, осы оқиға «Едіге» жырында да кездеседі.

Міне, осындай мәліметтерді өзіміздің тақырыбымызға қатысты жалпы сипаттағы жанама дерекке жатқызамыз.

«Қырымның қырық батыры» атты батырлық жырлар топтамасында Едігенің ұрпақтары Нұраддин, Мұса би, Орақ, Мамай, Қарасай, Қази секілді тұлғалар жеке-жеке жырланады [155.]. Жырлардың басты кейіпкерлері – Нұраддин – Едігенің ұлы болса, Мұса – Нұраддиннің немересі, Орақ – Мұсаның немересі, Алшағырдың ұлы, Қарасай мен Қази – Орақтың ұлдары болып келеді [18, 59 б.].

Енді осы жырлардағы мәліметтерге назар аударалық.

1) Батырлық жырларда Шығыс Дешті Қыпшақ тұрғындарының жалпылама жиынтық атауы - ноғайлы деп аталады. 2) Жырда ноғайлы елінің тағы бір атауы ретінде "тоқсан баулы ноғайлы" деген сөз тіркестері жиі кездеседі [155, 134 б; 155 б; 159 б.; 161 б.; 180 б.]. "Тоқсан баулы ноғайлы" дегеніміз – ноғай халқының 90 (92) тайпадан тұратындығын көрсетеді.


Жалпы Қазақ хандығы құрылып, қазақ атауы Шығыс Дешті Қыпшақтағы ру-тайпалардың ортақ этникалық атауына айналғанға дейін, қыпшақ, өзбек, атауларының қолданылып, «92 баулы қыпшақ», «92 баулы өзбек», «92 баулы ноғай» деген сөз тіркестерінің айтылғандығы белгілі. Алғашқылар жазба дерек мәліметтерінде айтылса, соңғы ауыз әдебиетінде кездеседі. Осындай жағынан алғанда, «Қырымның қырық батыры» атты батырлар жыры топтамасындағы мәліметтер де XY ғасырдағы Шығыс Дешті Қыпшақтың этникалық өміріне қатысты деректер береді. Біз бұл деректерді Қазақ хандығы құрылуының этникалық алғышарттарын көрсететін мәліметтерге жатқызамыз.

Қазақ халқының тарихи аңыз-әңгімелеріндегі мәліметтер: Қазақ халқының ауыз әдебиетіндегі көп таралған жанрдың бірі – тарихи аңыз-әңгімелер. Тарихи аңыз-әңгімелер көп жағдайда белгілі бір тарихи тұлғаларға қатысты пайда болады. Біздің қарастырып отырған тақырыбымызға қатысты ауыз әдебиетінде бірнеше материал кездеседі. Солардың алғашқысы – Ақжол бидің өліміне қатысты тарихи аңыз-әңгіме. Бұл тарихи аңыз-әңгімені алғаш рет Ш. Құдайбердіұлы ел аузынан жазып алып, өзінің зерттеуінде қолданады және ол өзінің «Қазақтың түп атасы» атты өлең түрінде жырлаған еңбегінде осы тарихи аңыздың мәліметтерін пайдаланады [16, 22-23 бб.; 73-74 бб.].

Ауыз әдебиетіндегі бұл мәліметтер жазба деректер ішіндегі «Тарих-и Рашидидегі» мәліметтермен ғана салыстыруға, теңестіруге болады. Екі дерек мәліметі Қазақ хандығының құрылу тарихындағы бір мәселені тікелей баяндайтын деректер қатарына жатады. Тарихи аңыз-әңгіменің бір ерекшелігі, оны деректің артықшылығына жатқызуға болады, онда тарихи болмыстың сыртқы болмысы емес, ішкі мазмұны баяндалып тұр. Сол арқылы біз хандықтың құрылу тарихындағы ең маңызды деген бірнеше мәселенің бетін аша аламыз. Оған мыналар жатады: 1) XY ғасырдың ортасындағы Шығыс Дешті Қыпшақтың этникалық жағдайы, ру-тайпалар арасындағы талас-тартыстар; 2) Керей мен Жәнібектің Әбілқайыр ханнан бөлінуіне себеп немесе түрткі болған оқиға; 3) Хан билігінің белгілі бір дәрежеде жергілікті ру-тайпа басшыларына тәуелді болуы; 4) "Қазақ" сөзінің мәні мен мазмұны туралы; 5) Қазақ хандығының құрылуы барысында басты роль атқарған ру-тайпалар туралы.


Қазақ хандығының құрылу тарихы мен айналысатын мамандардың бір әлсіз тұсына олардың осындай керемет мәліметтерді өз зерттеулерінде қолданбауы жатады. Тек соңғы онжылдықтарда ғана зерттеушілер осы материалдарға көңіл аудара бастады [62, 61-68 бб.]. Жалпы қорыта келе, Ш. Құдайбердіұлы ғылыми айналымға енгізген бұл тарихи аңыз-әңгімелердің мәліметтері Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеуде ең басты деректер қатарына жатады деп санаймыз.

Қарастырып отырған мәселемізге қатысты келесі тарихи аңыз-әңгімелерге 1996 жылы белгілі археолог Мадияр Елеуұлының жариялаған тарихи аңыз-әңгімелер топтамасындағы аңыздар жатады [221, 6-12 бб.]. Ондағы екі аңыз-әңгіменің Қазақ хандығының құрылу тарихына тікелей қатысы бар. М.Елеуұлы онда өзіне мәлімет берушілерді нақты атап көрсетеді [221, 7-8 бб.]. Осы аңыз-әңгімелердің мәліметтеріне назар аударалық. «Сырдың бойынан тышқан жылы қара күзде бір түмен елімен ауа көшкен ағайынды Керей мен Жәнібек сұлтандар қыс түсе Мойынқұмға (Ұланбелден Хан тауына дейінгі аралық сөз болып отыр) жетіпті. Құмды қыстап шыққан қалың ел көктемде Тұлпарсазда Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлап, өздерін «қазақ» деп атапты. Керей мен Жәнібек сұлтандар Шудың бойына шаһар салдырып, олардың жаз жайлауы Қозыбасы, Хан тауы мен Жамбыл тауларында, ал қыстауы Шудың бойы мен Мойынқұмның құмы екен. Шудың бойында он жылдай хандық құрған Керей хан Хан тауына жерленіпті. Керей хан дүниеден қайтқанына екі жыл толғанда оның ұрпақтары мен Жәнібек сұлтан Сырға қайта көшіпті [221, 7-8 бб.].

Ал екінші мәліметтің мазмұны былайша айтылады: «Қара күзде Сырдан қопарыла көшкен қалың елді Керей мен Жәнібек сұлтандар Мойынқұмға бастап келіпті. Құмды қыстап, мал-жаны аман қалған екі сұлтан Тұлпарсазда той жасап, бәйге шаптырыпты» [221, 8 б.].

Төменде осы материалдардағы мәліметтерге сипаттамалар беріп, олардың мазмұнына тоқталалық.

1) Келтіріп отырған мәліметтердің мазмұны «Тарих-и Рашидидегі» мәліметтерге ұқсас келеді, сол себепті де оларда жазба дерек мәліметіне тәуелділік байқалады. Бірақ та тарихи аңыз-әңгімелердегі мәліметтер Керей мен Жәнібектің кімнен бөлініп кеткенін, неге бөлініп кеткенін баяндайды.

2) Ауызша мәліметтерде Керей мен Жәнібектің Шу бойына нақты қашан көшіп келгені айтылады. «тышқан жылы, қара күзде» деген мәліметке терең үңілу арқылы Ордаежендік сұлтандар бастаған көштің Шу бойына көшіп келген жылы мен жыл мезгілін анықтауға болады. «Тарих-и Абулхайр-ханида» Әбілқайыр ханның қайтыс болған жылы «тышқан жылына сай келетін 874 (11.07.1469-30.06.1470) жылы 57 жасында» деп көрсетіледі [207, 171 б.]. Бұл тышқан жылының алдындағы тышқан жылы 862 (19.11.1457-8.11.1958) жыл сәйкес келеді. Ал қара күз дегеніміз күз мезгілінің соңғы айы екендігін дәлелдеп жатуды артық деп санаймыз. Сөйтіп, осы ауыз әдебиетінің мәліметін жазба деректермен байланыстыра отырып қарасақ, Керей мен Жәнібек бастаған көштің Шу бойына нақты қай жылы, қай мезгілде келгенін анықтай аламыз.

3) Керей мен Жәнібек бастаған көштің Шу бойына Сыр бойы жақтан келді деген аңыз-әңгіме мәліметі өте қызықты және өте таңданарлық. Бұған дейінгі қарастырылған не жазба дерек мәліметінде, не ауыз әдебиеті мәліметінде бұл туралы ешқандай ақпарат кездеспейтіндіктен, біз бұл мәліметке ерекше назар аударамыз. Бірақ та оның қаншалықты ақиқатқа сай екендігін дәл айту қиын.

4) Ауыз әдебиетіндегі «Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлады», «Керей хан Шу бойында он жылдай хандық құрды» деген мәліметтер Махмуд ибн Уәлидің мәліметтерін қайталағандай болады. Тарихи болмыстың шындығын анықтау үшін XY ғасырдың 50-80 жылдарындағы оқиғаларына үңілсек, мынадай жағдайларды аңғарамыз. 1457 жылы қара күзде Керей мен Жәнібек бастаған көш Шу бойына көшіп келіп, келесі жылы көктемде Керейді хан сайлап алса, 1463/70 жылы Әбілқайыр хан қайтыс болып, оның мұрагерлігіне қарсы күрескен саяси күштер арасында Керей есімінің кездеспей, тек Қазақ хандығы жағынан Жәнібек хан есімінің кездесуі – сол жылдарға таман Керейдің өмірде болмағандығын көрсетеді.Олай болса, «Керей хан Шу бойында он шақты жыл хандық құрды» деген ауыз әдебиеті мәліметі тарихи болмысты айқын көрсетіп тұр деген қорытындыға келеміз.

5) «Керей хан дүниеден қайтқанына екі жыл толғанда оның ұрпақтары мен Жәнібек сұлтан Сырға қайта көшіпті» деген мәліметтің астарында әрі жұмбақ, әрі айқын бірнеше жағдайлар байқалады. Олай дейтініміз, Әбілқайыр ханнан кейін оның мұрагерлері Шығыс Дешті Қыпшақтағы шибанилық әулеттің билігін ұзақ ұстап тұра алмай, шамамен 1-2 жылдан соң жан-жаққа қашуға мәжбүр болған жазба деректер арқылы белгілі. Ауыз әдебиетінің мәліметі осы жағдайды ашық көрсетіп отыр. Осы жағынан келгенде ауыз әдебиетінің бұл мәліметін жазба дерекке тәуелді мәлімет деуге болады.

Қазақ халқының шежірелеріндегі мәліметтер: Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты ауыз әдебиетіне жататын дерек түрлерінің бірі – шежірелер. Шежірелердің басты мақсаты- белгілі бір тайпаның, рудың, ру-тайпалық бірлестіктердің қалай тарқалатындығын көрсету болғандықтан, оларда тарихи оқиғаларды баяндау кейінгі қатарларға қойылады. Тарихи оқиғалар шежірелердегі белгілі бір тұлғаның өміріне қатысты, тұлғаның тарихи роліне қатысты жағдайларда ғана айтылады. Соған қарамастан, шежірелердегі материалдарды терең зерделеу арқылы, біз олардан өзіміздің қарастырып отырған мәселемізге қатысты мәліметтерді ала аламыз.

Жалпы алғанда, қазақ халқының шежіресіне қатысты материалдарды ХYІІІ ғасырдың 40-шы жылдарынан бастап ресейлік авторлар жинастыра бастайды. 1748 жылы М. Тевкелев жазбаларында, Г.С. Волконскийдың материалдарында, 1825 жылы жазылған «Ұлы Жүз руларының сипаттамасында», сондай-ақ П.И. Рычков, А.И. Левшин, Н.А. Маев, Н.А. Абрамов, Н.А. Аристов, В.В. Радлов, Н.И. Гродеков, И.М. Казанцев, Н.Н. Балкашин, Ш.Ш. Уәлиханов, Г.Н. Потанин, Л. Мейер және тағы да басқа авторлардың зерттеулері мен материалдарында қазақ ру-тайпаларының шежіресі мен шежіресіне қатысты материалдар мол кездеседі [222, 407-408 бб.; 223, 512-555 бб.; 224, 224 б.; 225, 99-103 бб.; 226, 192-193, 227, 115-116 бб.; 228, 269-278 бб.; 229, 255-268 бб.; 230, 279-320 б.; 231, 321-328 бб.; 4.; 3, 110-111 бб.; 232.; 159, 18 б.; 223, 61-65 бб.; 234, 255-257 бб.; 235, 180-183 бб.; 236, 54-66 бб.; 237, 89-93 бб.]. Біз өз жұмысымызда аталған авторлардың алатын орны мен маңызын қазақ халқының шежіресін зерттеуде, сондай-ақ қазақ халқының құрамындағы ру-тайпалардың шежіресін жеке зерттеуде атап көрсеттік [238, 92-105 бб.; 239, 3-43 бб.; 240, 227-252 бб.].

Сондай-ақ қазақ шежіресіне қатысты материалдар ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлтынан шыққан зиялы қауым өкілдері Құрбанғали Халидтың, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Мұхамеджан Тынышбаевтың, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтың еңбектерінде көп кездеседі [241, 304 б.; 16, 80 б.; 18, 75 б.; 242, 76 б.].

Біз бұл шежірелер ішінде М. Тынышбаевтың шежіресін ерекше атап өтеміз. Оның шежіресіндегі материалдар қазақ шежіресінің қай ғасырлардан бері басталатындығын анықтауға мүмкіндіктер береді. Мысалы, оның шежіре-кестесіндегі Ұлы Жүздің Дулат тайпаларындағы Сиқым тайпалық бөлімінен 1850 жылы дүниеге келген Әжібек Датқаның ұлы Байсейітке (1925 жылы 75-тер шамасында болған) дейін -13 буынды, Шымырдан Байзақ датқаның немересі Тілеуқұлға (1925 жылы 45 жаста болған) дейін де 13 буынды, Шымырдан Бұралқы бидің ұлы Керімбайға (1922 жылы қайтыс болған) дейін де -13 буынды құрайтындығы көрсетіледі [18, 65-66 бб.]. Арғыннан Саққұлақ биге (1924 жылы тірі болған) дейін 14, Шәкәрімнен (1925 жылы 67 жаста) Арғынға дейін – 15, Найман шежіресінде Төлегетайдан Жұмаханға (1925 жылы 30 жаста) дейін -17, Барлыбек Сырттановтан (1915 жылы 47 жасында қайтыс болған) Найманға дейін -16, автордың өзінен Найманға дейін -16 буынның бар екендігі айтылады [18, 71-72 бб.]. Кіші Жүздің он екі ата Байұлындағы Беріш тайпасының шежіресінде Халел Досмұхамедұлынан (1884 жылы туылған) Берішке дейін-12, Қаракесектен (Әлімұлы) Темірбек Жүргеновке (1925 жылы 27 жаста) дейін -14 буын болғандығы көрсетіледі [18, 67-74 бб.]. Қазіргі кездегі қалыптасқан тәсіл бойынша орта есеппен әр буынның арасын 30 жыл деп алып есептесек, онда 13 буын -400, 14 буын – 420, 15 буын – 450, 16 буын – 480, 17-буын – 510 жылға сай келеді. Орта есеппен алғанда 13 пен 17 буындардың арасы 15 буынға немесе 450 жылға тура келіп тұр. ХХ ғасырдың басынан осы 450 жылды шегерсек, 1450 жылы немесе ХY ғасырдың ортасы шығады.

Бұл кезең - Қазақ хандығының құрылған және қазақ халқының жеке дербес этнос ретінде тарих мінбелеріне көтерілген кезеңі. Осылайша, Қазақ хандығы құрылып, жаңа этнос қалыптасқанға дейін Шығыс Дешті Қыпшақ ру-тайпалары қыпшақ, өзбек этноқауымдастығының құрамында болса, енді олардың жекеленген бөліктері өздерінің негізгі атауларын сақтай отыра, қазақ халқының құрамына енеді де, бұрынғы шежірелерін ұмытып, жаңа шежіреге негіз қалайды. Олардың жаңа шежірелерінің ХY ғасырдың ортасынан басталуының себебі осында жатыр. Шежірелік материалдарға талдаулар жасау бізді осындай тұжырымға алып келіп отыр.

Сөйтіп, шежірелік материалдар нақты және тікелей түрде болмаса да, Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеуде жанама және жалпылама түрде ролге ие болып, өзіндік маңыз атқарады.

Енді осы тараушада көтерілген мәселелер бойынша тұжырымдар жасалық.

Бірінші, Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты халық ауыз әдебиетінің материалдары өз ішінде үш топқа жіктеліп, әр топтағы мәліметтер өзіндік ерекшеліктеріне сай, белгілі бір дәрежеде маңыз атқарады. Батырлық жырлар мен дастандардағы мәліметтер ХY ғасырдың ортасы, атап айтқанда, «Едіге» жыры мен «Қырымның қырық батыры» атты батырлық жырлар топтамасының бізге ХІY- ХY ғасырлардағы саяси күрестер мен оқиғаларды, жалпылама сипаттағы этникалық ахуалдан мәліметтер беретіндігіне көз жеткіздік.

Екіншіден, кейбір жекеленген тарихи аңыз-әңгімелердегі мәліметтердің біздің мәселемізге қатысты тұстарының өте көп екендігін аңғардық. Тіпті олардың кейбір мәліметтері дерек мәліметтерінен де маңыздырақ болып, біздің тақырыбымыздың кейбір жақтарын көрсетуде басты орын ала алатындығын байқадық.

Үшіншіден, шежірелік материалдар да белгілі бір дәрежеде тарихи мәселелерді ғылыми тұрғыда шешуде көмек бере алатындығына көзімізді жеткізе алдық. Ал дерек түрлерінің бәрін бір-бірімен байланыстыра, толықтыра отыра қарастырсақ, Қазақ хандығының құрылу тарихында көп мәселенің бетін ашуға болады деп нық сеніммен айтуға болады.

 







Date: 2015-11-14; view: 1076; Нарушение авторских прав



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.013 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию