Майлы паренхималық дистрофияны сипаттаңыз
Дистрофия – мүшенің паренхимасы мен стромасының зақымдану деңгейіне байланысты паренхималық, мезенхималық, аралас дистрофия болып, ал бұзылған зат алмасу түріне байланысты протеиндік, май, көмірсулық, минералдық болып бөлінеді. Паренхималық дистрофия – зат алмасу бұзылуы салдарынан арнайы қызмет атқаратын паренхималық клеткалар (гепатоциттер, нефроциттер, кардиомицеттер) құрылымдарының өзгеруі. Зат алмасу бұзылу салдарынан арнайы қызмет атқаратын паренхималық клеткалар құрылымының өзгеруі:белоктық, майлы, көмірсулы. Майлы паренхималық дистрофия деп клетка цитоплазмасында майдың көбейіп кетуін, кейде майдың қалыпты жағдайда кездеспейтін жерлерде пайда болуын немесе химиялық құрамы басқаша майлардың (мысалы, Гоше, Ниман-Пик липидоздарында) жиналып қалуын түсінеміз. Клеткада майдың пайда болуы: клеткадағы май-белок кешендерінің ыдырап, майдың көрініп қалуына (фанероз, декомпозиция), қанда май мөлшерінің көбейіп кетуіне (инфильтрация) және майдың көмірсулар мен белоктар есебінен шамадан тыс түзілуіне байланысты. Майлы дистрофия көбінесе жүректе, бауырда, бүйректе кездеседі. Май жиналу үдерісі клетканың жойылуына соқтырады. Бауырдың майлы циррозының дамуының негізінде осы механизм жатыр. Қантты диабетте, инсулин гормонының тапшылығына байланысты май қорларынан майдың қанға өтуі (липолиз) күшейіп, гиперлипидемия дамиды. Себебі, инсулин осы үдеріске қарсы әрекет етуші (липолизге қарсы) гормондар қатарына кіреді. Сонымен қатар фосфолипидтердің синтезі және май қышқылдарының тотығуы да бұзылады. Жалпы семіру кезіндегі майлы дистрофия қанда май мөлшерінің өте көбейіп кетуіне байланысты инфильтрация есебінен дамиды. Зат алмасуының бұзылуына байланысты, белоктардың липотроптық факторларының жетіспеушілігі нәтижесінде фосфолипидтер мен липопротеидтердің түзілуі бұзылып, бауырда көп мөлшерде бейтарап майлар жиналады.
Date: 2015-09-27; view: 3582; Нарушение авторских прав Понравилась страница? Лайкни для друзей: |
|
|