Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Идеялары, теориялары жӘне Өкілдері 8 page





Социологиялық әдіс ережелерінде Дюркгейм қоғамның психологиялық фактілерге сәйкес келмейтін өзінің жеке шындығы бар екенін көрсетуге тырысты. Оның пайымдауы бойынша, қоғам - “өз алуына /suі generіs/ өмір сүруші шындық”. Әлеуметтік шындықтың мұндай ерекше сипатын мына фактіден көруге болады, біз бұл шындықты қалауымыз бойынша жойып жібере алмаймыз. Қоғам біздің ойларымыз бен тілектерімізге қарама-қарсы тұрады, себебі ол табиғат объективтілігімен салыстыруға болатындай объективтілікке ие, алайда ол екеуі бірдей емес.

Дәлме-дәл айтсақ, социологизм дербес жалпы социологиялық теория ретіндегі әлеуметтік өмірге қандай-да бір ерекше анықтама беруге немесе түсіндіруге талпынбайды. Бұл философиялық-социологиялық тұжырымдаманың мәні белгілі бір бастапқы позицияны тұжырымдауға саяды: яғни, адам болмысындағы әлеуметтік шындықтың басты және ерекше маңызын мойындау және де бұл болмысты түсіндіруде социологиялық әдістерді қолдану. Қоғам қарапайым өзіне тән ерекшелік қана емес, сонымен бірге доминантты, жоғарғы шындық деп мойындалғандықтан, қоршаған әлемде (“социологизация”) болып жатқанның бәрін түсіндірудің социологиялық әдісі ең дұрысы деп жарияланады. Ол өзге әдістерді не жоққа шығаруы не жеке оқиға ретінде өзіне қосып алуы тиіс.

Социологизмнің онтологиялық (мәндік) жағы, әлеуметтік шындықтың басқа да - физикалық, биологиялық, психологиялық шындықтарға қатысты автономия орнатуы болып табылады. Ол негізделген, тұрақты және белгілі бір заңдар әрекетіне бағынады. Осылайша, социологияны өзге ғылымдардан ерекшелейтін, сондай-ақ өзінің жеке зерттеу пәні бар ғылым қалыптасты. Алайда социологиялық ғылымның өз алдына бөлініп шығуы үшін, сонымен қатар басқа да ғылым салалары айналысатын фактілер түсіндірілетін және бақыланатын болғаны сияқты, оның да пәні бақыланатын және түсіндірілетін болуы тиіс.

Осыдан келіп “әлеуметтік факт теориясы” шығады. Әлеуметтік шындықтың мазмұнын, Дюркгейм бойынша болмыстың не экономикалық, не психологиялық, не құқықтық және басқа да фактілерін жатқызуға болмайтын әлеуметтік фактілер құрайды. Бұл әлеуметтік фактілердің мынадай өз алдына дербес сипаттамалары бар:

(1) Объективті, яғни кез келген бөлек алынған индивидтен тәуелсіз тіршілік әлеуметтік фактілердің мәнін түсіну үшін, физикалық шындықтың деректерін анықтағанымыз сияқты оларды сырттан бақылап, қайтадан ашып отыру керек. Сондықтан, Дюркгейм тұжырымдағандай, “...әлеуметтік фактілерді заттар ретінде қарастыру қажет. Заттар - бізге берілген бақылауға жататын және бақылауға болатын нәрселер. Қоғамды зерттеген бұрынғы барлық ғылыми пәннің негізгі қателігі, Дюркгеймнің пікірі бойынша, мынада: олар әлеуметтік құбылыстарды қарастыру барысында біз оларға қандай мән-мағына берсек, соған сүйенетіндігінде; соған қарамастан олардың нағыз мәнін тек объективті ғылыми зерттеудің көмегімен ғана анықтауға болады.

(2) Кез келген жеке индивидке қысым көрсете алу (күштеу), яғни оның іс-әрекетін анықтау қабілеттілігі. Индивидтің қоғамдағы іс-әрекетінің реттелуі жеке-дара себептер мен түрткі болатын себептермен емес, сол адам өмір сүріп отырған қоғамдағы әрекет етуші әлеуметтік фактілер жиынтығымен анықталады, яғни бұл фактілер оны қандай да бір іске итермелейді. Мысалы, сән көрсету - қарапайым әлеуметтік факт, өйткені әрбір адам өзінің сол сәттегі көңіл-күйіне қарап емес, осы уақытта және осы жерде оны қоршағандар мен қабылдаушылар қалай киінсе, солай бағыт алады. Социология ғылымының ең маңызды міндеттерінің бірі ретінде Дюркгейм әлеуметтік іс-әрекетті “еркін жігер” тұрғысынан түсіндіруді құнсыздандыратын әлеуметтік фактілерді зерттеу деп көрсетті. Дюркгейм еңбектерінің басым көпшілігінде орын алған ой мынадай: “қоғам индивидтен емес, индивид қоғамнан пайда болады”.


Әлеуметтік фактілердің жиынтығын Дюркгейм екі негізгі топқа бөлді: морфологиялық және рухани. Қоғамның өзіндік “материалды субстратын” қалыптастырушы морфологиялыққа, мысалы, халық тығыздығын жатқызуға болады. Ол шындығында да дербес индивидтердің пиғылы мен ісіне тәуелді емес; ал олардың өмір сүру жағдайы тығыздыққа біршама тәуелді. Сонымен бірге қоғам орналасқан аумақтағы аудан бірлігіне сәйкес келетін қоғам мүшелерінің санымен өлшенетін физикалық (материалдық мағынадағы тығыздық) және Дюркгейм көрсеткендей олардың арасындағы қарым-қатынас қарқындылығы мен жиілігін бейнелейтін моральдік тығыздықты ажырата білу қажет. Тығыздықтың бұл екі түрінің өзара үйлесуі, сол қоғамдағы еңбектің қоғамдық бөлінісінің немесе әлеуметтік саралану ерекшеліктерін айқындайды. Жалпы, Дюркгейм әлеуметтік құбылыстарды түсіндіруде (әсіресе өзінің шығармашылығының бастапқы кезеңдерінде) біршама белсенді түрде демографиялық және әлеуметтік-экологиялық факторларды (әлеуметтік топтардың күрделілік деңгейі мен құрылымын қоса) пайдаланды.

Сонымен қатар, морфологиялық әлеуметтік фактілерге адамдардың бірігіп қызмет етуінен шыққан туындылардың бірқатарын жатқызуға болады, мысалы, қоғам мүшелері өмір сүріп отырған елді мекендердің доминантты сипаты, қатынас жолдарының саны мен сапасы. Басқа сөзбен айтқанда, морфологиялық әлеуметтік фактілер - адам өмірінің материалдық жағдайын қалыптастыратын құбылыстар жиынтығы, бірақ та олардың табиғи сипаты жоқ, ол сол қоғам қызметінен келіп шығады.


Ал рухани әлеуметтік фактілерге келетін болсақ, олар морфологиялық секілді “заттай” жүзеге асыра алмаса да, одан кем емес деңгейде объективті (яғни қоғамның әрбір мүшесіне қатысты сырттай одан тәуелсіз қатынас табиғатына ие және күштеу қасиеті бар) болып табылады. Оған жиынтығы ұжымдық немесе жалпы көзқарасты қалыптастыратын “ұжымдық түсініктерді” жатқызуға болады.

Дюркгейм жазғандай: “Сол қоғамның орташа алынған мүшелеріне деген ортақ нанымдар мен сезімдер жиынтығы өзінің өмірі бар белгілі бір жүйені құрайды; оны ұжымдық немесе жалпы сана деп атауға болады. Сөзсіз, ол субстрат ретінде бір ғана мүшеден тұрмайды; ол анықтама бойынша қоғамның бүкіл кеңістігіне тараған. Алайда, оған қарамастан оның өзіне ерекше шындық қалыптастыратын өзіне тән ерекшелігі бар. Шынында да ол индивидтердің жеке жағдайларына байланысты емес, олар өтпелі, ал ол тұрақты. Ол солтүстікте де, оңтүстікте де, үлкен және кіші қалаларда да, әр түрлі кәсіп өкілдерінде бірдей. Сол сияқты ол әрбір келесі ұрпақ кезінде де өзгермейді, керісінше бірінен соң бірі келетін ұрпақтарды байланыстырады. Осылайша, ол тек қана индивидтер арқылы іске асатындығына қарамастан, жеке санаға қарағанда мүлдем өзгеше”.

Қоғамдағы ұжымдық және жеке-дара интеллектінің дамуы еңбек бөлінісінің тереңдеуімен қоян-қолтық жүреді және белгілі бір деңгейде біріншісі екіншісінің қажеттіліктерімен анықталады. Дюркгеймнің пікірі бойынша интеллект санаға барабар емес, дәлірек айтсақ, ол оны көтереді. Дәл осы сияқты еңбек бөлінісі де ең алдымен қоғамдық өмірдің бет жағында жатыр, бұл әсіресе экономикалық еңбек бөлінісі үшін дұрыс болып табылады (ол қоғамдық еңбек пен экономикалық еңбек бөлінісі арасында айырмашылық жүргізетіндігін атап өту қажет: егер біріншісі бүкіл қоғамның белгілі бір құрылымы болса, ал экономикалық немесе техникалық еңбек бөлінісі - оның тек бір көрінісі ғана).


Әлеуметтік нормалар мен басқа да әлеуметтік факторлар қоғамның дербес мүшелерінің іс-әрекетіне тікелей және тура емес, олардың игерілуінің белгілі механизмдері арқылы ықпал етеді, оған қоса әлеуметтік реттегішттер қызметінің тиімділігі тікелей мәжбүрлеу күшімен емес, ол индивид үшін нормаларды іске асыруға құлқымен болғанда ғана көрініс табады.

Дюркгеймнің ойынша социология құрылымы үш негізгі саладан тұруы тиіс: морфология, социология және жалпы социология. Әлеуметтік морфология, анатомия тектес, қоғам қалай құрылған, оның құрылымы көріністерінің материалдық формалары: әлеуметтік ұйымдар, халықтың құрамы, оның тығыздығы, алып жатқан аумағы бойынша орналасуы т.б. қандай деген мәселелерді зерттеумен айналысуы тиіс. Әлеуметтік физиология қоғам тіршілігінің әр тектес салаларын зерттеп, бірнеше дербес социологиялық теорияларға бөлінеді: дін социологиясы, мораль социологиясы, құқық социологиясы, экономикалық социология және т.б. Ал соңғысы, жалпы социология алғашқы екі бөлімнің жетістіктері мен тұжырымдарын синтездейді және біршама ортақ әлеуметтік заңдарды орнықтырады.

Әлеуметтік байланыстың сипаты мен табиғатын зерттеу тақырыбы Дюркгеймнің бүкіл ғылыми шығармашылығында басты орын алады. Қандай мәселеге көңіл аударса да - қоғам типологиясы немесе өзін-өзі өлтірудің әлеуметтік факторларын анықтау проблемалары, еңбектің қоғамдық бөлінісін зерттеу немесе дін рөлі мен рәсім мәнін анықтауда, - оны әрдайым мынадай сұрақ мазалады: адамдардың бірігуіне, бір-бірімен жақындасуына не итермелейді, оларды не ажыратады?

“Біз өзімізге ұқсайтынды, біз сияқты ойлап, сезінетіндерді ұнататынымызды әрқайсымыз білеміз. Алайда бұған қарама-қарсы жағдай да жиі ұшырасады. Біз өзімізге ұқсамайтын адамдарға құштарлық сезімде болатын жағдай жиі кезігеді, мұның себебі олардың бізге ұқсамайтындығында”.

Осыған сүйене отырып, ол әлеуметтік ынтымақтастықтың екі формасын ажырату қажет деп есептейді, оларды механикалық және органикалық деп атайды. Бұл ұғымдарды ол өзінің “Еңбектің қоғамдық бөлінісі туралы” атты алғашқы еңбегіне енгізеді. Оның пікірі бойынша, еңбек бөлінісінің тереңдігі мен сипаты қоғам дамуының жалпы деңгейін анықтамаса да, біршама барабар түрде бейнелейді және әлеуметтік байланыстың қандай да бір үстем типін қалыптастырады. Дюркгейм бұл жерде араларында белгілі бір тарихи-логикалық сабақтастығы бар қоғамдардың жетілген типтерін құрастыру идеясына сүйенеді. Ынтымақтастық жоғарғы әмбебап принцип, жоғарғы моральдік құндылық ретінде қарастырылады. Сондықтан да еңбек бөлінісінің өзі моральді.

Механикалық ынтымақтастық, Дюркгеймнің ойынша, архаикалық немесе қарабайыр қоғамдарда басым болып келеді. Оның жеке терминологиясын қолданатын болсақ, бұл ұқсастық нәтижесіндегі ынтымақтастық. Қауым немесе бірлік мүшелері оларда ортақ нәрсе көп болғандықтан - тіл, дәстүр, сенім, тіпті жалпы тарихи (мысалы, ауызша аңыз түріндегі) зерде арқасында бір-біріне тартылады, ұқсас жағдайларда өздерін бірдей сезінеді. Мұндай механизмдер өзге де тайпа өкілдерінің бөлектенуіне алып келеді. Бұл “өзіміз - бөтен” принципіне сәйкес ынтымақтастық.

Алдыңғы қатарлы, дамыған қоғамдарда орын алатын органикалық ынтымақтастық - оның мүшелері функцияларының саралануының, қоғамдық еңбек бөлінісінің тереңдеуінің жемісі. Адамдар мұнда - барған сайын бір-бірінен түрлі сипаттары бойынша әр түрлі болып келеді. Бірақ та осының нәтижесінде олар одан әрі бірін-бірі қажет етіп, бір-бірінсіз тұра алмайды - функциялардың, қызметтердің және олардың нәтижесінің айырбасы біршама терең өзара тәуелділікке алып келеді, яғни бұл “әлеуметтік бөлшектердің” одан әрі тұтастануына әкеліп соғады. Бұл жерде еңбек бөлінісі тек таза экономикалық қана емес, сонымен бірге әмбебап, тұтас қамтушы әлеуметтік құбылыс ретінде түсіндіріледі. Әрбір адамды жеке алғанда ол мінсіз емес, ал олар бірін-бірі толықтыра отырып, күшті интеграцияға жол ашады. Ынтымақтастықтың бұл типі тіршілік иесінің органдарымен ұқсастығына қарай “органикалық” деп аталады. Өйткені бұлар бір-біріне мүлдем ұқсамайды және өздеріне ғана тән ерекше функция атқара отырып, тек бәрі бірге болған жағдайда ғана организмнің қызмет етуіне мүмкіндік жасайды.

Механикалық ынтымақтастық үстемдігі кезінде ұжымдық сана жеке-дара сананы жұтып қояды. Адамның жеке-даралығы органикалық ынтымақтастық басым қоғамдарда ғана пайда болуы мүмкін.

“Біріншісі тек жеке-даралық тұлға ұжымға енген жағдайда ғана ықтимал; екіншісі егер әрбір адам өзінің әрекет ету саласы болған жағдайда ғана, яғни тұлға болғанда ғана мүмкін. Сонымен, ұжымдық санада өзі реттей алмайтын арнайы функциялар орнығуы үшін, ол жеке-даралық сананың бір бөлігін ашық күйінде қалдыруы тиіс. Және де бұл сала ауқымдырақ болған сайын, осы ынымақтастықтан келіп шығатын байланыс күштірек болады.

Шынайы өмір сүретін қоғамдардағы ынтымақтастық сипатын анықтауға талпына отырып, біз бұл арада жетілген типтерді қарастырғанымызды ұмытпауымыз қажет. Ынтымақтастықтың екі типін ажырату мен олардың даму деңгейі бойынша әр түрлі қоғамдарда басым болатындығы туралы тұжырымның нанымдылығына қарамастан, бұл сараланудың едәуір дәрежеде сараптамалық сипаты бар. Әрине, қазіргі заманға индустриалды дамыған қоғамдарда да механикалық ынтымақтастық көрінісі жиі ұшырасады: дәл осы ынымақтастық, мысалы, отбасылық және туысқандық байланыстар негізінде жатыр. Ұлттық, діни және тіпті саяси-партиялық қатынастар да “біздікі - бөтен” типіндегі байланысқа негізделгендіктен көп жағынан келгенде механикалық ынтымақтастық көрінісі болып табылады. Соған қарамастан, қандай да бір ынтымақтастықтың басымдылығы, доминанттығы туралы тезис өзінің теориялық күшін жоймайды.

Әлеуметтік байланыстың, оның сипаты мен түрлерінің сараптамасына Дюркгеймнің атақты еңбектерінің бірі “Өзін-өзі өлтіру” арналған. Бұл кітап ортақ қағида бойынша классикалық социологиялық еңбек ретінде қарастырылады. Бұл еңбегінде Дюркгейм өзін-өзі өлтірудің әлеуметтік себептеріне назар аударады. Өзін-өзі өлтіруді тек адамдар ғана іске асыруға қабілетті, бірегей жеке-дара актілердің бірі болғандықтан бұл ерекше қасіретті жағдай. Бұған қарамастан Дюркгейм мол әлеуметтік деректерге сүйене отырып, өзін-өзі өлтіру ықтималдығын анықтауда әлеуметтік негіздеудің шешуші маңызы бар екендігін көрсетті. Сондықтан да ең бірегей жеке-дара оқиға ұжымдық және жоғарғы абстрактілі факторлармен байланысқан болып шығады. Бұл кітаптың бірінші ең үлкен тарауында қайсы бір қоғамдағы өзін-өзі өлтіру статистикасының өзгеруіне ықпал ете алатын әлеуметтіктен тыс сипаттағы факторлар қарастырылады: психопатиялық күй; нәсілдік және тұқым қуалаушылық ерекшеліктер; климаттық ортаның маусымдық өзгерістері; еліктеу механизмдері. Кең ауқымды статистикалық сараптамаға сүйене отырып, Дюркгейм бұл тараудың әрбір бөлімін мынадай тұжырыммен аяқтайды: олардың бірде бірі өзін-өзі өлтіру пайызын жеткілікті түрде түсіндіре алмайды. Бірінші тараудың түйіні мынаған келіп саяды: “...әрбір әлеуметтік топтың өзіне ғана тән өзін-өзі өлтіруінің ерекшелік бейімділігі болады, ол не индивидтің физикалық-органикалық құрылысымен немесе оларды қоршаған ортаның физикалық табиғатымен түсіндірілмейді. Осыдан келіп жоққа шығару принципі бойынша бұл бейімділік әлеуметтік себептерге байланысты болып, ұжымдық құбылыс ретінде көрінуі тиіс”, демек тек социология ғылымы ғана өзін-өзі өлтірудің себептерін қанағаттанарлық деңгейде түсіндіре алады.

Статистикалық мәліметтерді сараптай келе, Дюркгейм бірқатар заңдылықтарға оқырмандардың көңілін аудартады: қалаларда өзін-өзі өлтірудің үлес салмағы ауылдық жерлердегіге қарағанда неғұрлым жоғары; өзін-өзі өлтіру деңгейі католиктермен салыстырғанда протестанттарда басым; отбасы адамдарға қарағанда бойдақтар өзін-өзі өлтіруге бейім тұрады және де бұл процент ажырасқандар арасында көп; әйелдер ер адамдармен салыстырғанда өз-өзіне сирек қол жұмсайды; өзін-өзі өлтіру соғыстар кезінде едәуір азаяды ұлттық көлемдегі апат жағдайында мүлдем болмайды. Мұның бәрі қандай да бір әлеуметтік қауымдастықта азды-көпті деңгейдегі жаппай құбылыс ретінде өзін-өзі өлтірудің негізгі факторы әлеуметтік байланыстың күші мен сипаты екендігін көрсетеді. Индивидтің әлеуметтік байланысының әлсіреуі және тіпті оның одан әрі өмір сүруінің мақсатсыздығы туралы қорытындыға келуіне және өмірден кету туралы шешім қабылдауына алып келуі мүмкін. “Егер адамды өмірмен жалғастыратын дәнекерлер үзілсе, онда мұның себебі оның қоғаммен байланысының әлсіреуінде”. Алайда кейбір индивидтердің белгілі бір жағдайларда өмірден кету туралы шешім қабылдауына әлеуметтік байланыстың шамадан тыс күшеюі де итермелеуі мүмкін. Осыған сәйкес Дюркгейм өзін-өзі өлтірудің жеке типологиясын жасады.

Эгоистік өзін-өзі өлтіру. Қандай да бір діни сенім үстемдігінің өзін-өзі өлтіру статистикасына қалайша әсер ете алатындығын түсінуге ұмтылып, Дюркгейм протестантизмге көбіне көп еркін ойлау тән, сондықтан да бұл жердегі сенушінің шіркеумен және өзінің қауымымен байланысы, христиандықтың басқа тармақтарымен салыстырғанда неғұрлым әлсіз деген қорытындыға келеді. Ал “дінге сенушілер тобында жеке пайымдаулар күштірек болған сайын, оның адамдар өмірінде алатын орны төменірек және бірлігі мен өміршеңдігі де әлсіздеу. Сондықтан да “өзін-өзі өлтіру саласында протестантизмнің көш басында болу себебі, бұл шіркеудің католик шіркеуіне қарағанда тұтастығы төмендігінде.

Қалалық және ауылдық жерлердегі өзін-өзі өлтіру коэффициенттері айырмашылығының әлеуметтік механизмдері шамамен мынадай: біріншісінде адамдар айтарлықтай деңгейде оқшауланған және олар өз бетінше жүреді, ал ауыл тұрғындары арасындағы әлеуметтік байланыс мықты болумен қатар (олардың дәстүрлі сипатына байланысты) тура және ашық көрінеді. Бойдақтар (және әсіресе ажырасқандар мен жесір қалғандар) арасындағы суицид үрдісінің күшею себептері мынада: некелеспегендерге қарағанда ерлі-зайыптылар арасындағы дәнекерлік және моральдік ұйым жақсырақ”.

Бұл тектес өзін-өзі өлтірудің бірқатар нұсқаларын талдау нәтижесінде Дюркгейм өзімшіл суицидтік типке мынадай анықтама береді: “Шектен шыққан дарашылдық өзін-өзі өлтіруге итермелеуші себептердің әрекетіне жағдай жасай отырып, өзі де осы тектес себептің бірі деп есептелуі мүмкін. Ол адамдардың өзін-өзі өлтіруге ұмтылысын тежейтін кедергілерді жойып қана қоймай, өзі де осы ұмтылысты өршітіп, өзін-өзі өлтірудің арнайы түріне орын береді”.

Альтруистік өзін-өзі өлтіру. Дюркгейм сондай-ақ “эндемикалық” деп атайтын өзін-өзі өлтірудің бұл типі жоғарыда қарастырылғанға мүлдем қарама-қайшы және ол “жұртшылық дарашылдықты толығымен, түгелдей жұтып қойғанда іске асады” деп көрсетеді. Өзін-өзі өлтірудің бұл түріне, көбінесе, кейбір халықтардың тарихтан белгілі қарт адамдардың “өмір сүру қиындап кеткен кезде” өзін-өзі өлтіру салты немесе индуизмде қабылданғандай жесір әйелдің күйеуін жерлеу кезіндегі өзін-өзі өртеуін жатқызуға болады. Дюркгеймнің ойынша, альтруистік суицид, яғни топтық мүдде үшін өзін-өзі өлтіру, күшті топтық қысым мен әлеуметтік қолдаудың нәтижесінде болады.

Сонымен бірге адамдардың өз өмірін құрбан етуінің бірқатар себептері бар, ол әдетте қоғам игілігі үшін немесе белгілі бір жағдайларда - қалыптасқан салт-дәстүр бойынша болады. Дюркгеймнің тұжырымдауынша, “қоғам әлеуметтік мүдде негізінде осы тектес өзін-өзі құрбан етуді талап етеді”. Азаматтық тұлғалармен салыстырғанда әскери адамдар жиірек іске асыратын суицид жағдайларын қарастыра келе және бұл топ өзін-өзі өлтіруге ерекше түрде бейім деп есептей отырып, Дюркгейм мұның өзі альтруистік өзін-өзі өлтірудің бір түрі деген қорытындыға келеді. Оның пікірі бойынша мұның басты себебі, “әскери мансап адамның бойында өмірмен қоштасуға итермелейтін жан азабын өршітеді”.

Альтруистік өзін-өзі өлтірудің жалпы қасиеті оның эгоистікке тікелей қарама-қайшы болуында және “индивидуализмнің жеткіліксіз дамуы: ол әдетте борыш үшін жүзеге асырылады”.

Аномиялық өзін-өзі өлтіру. Бұл тип әлеуметтік байланысты қоғам тарапынан реттеу сипатымен ұштасады. Аномия - “әлеуметтік өзара әрекеттестікті басқаратын нормалардың жарылысымен сипатталатын әлеуметтік жағдай” немесе “қоғам мүшелерінің едәуір билігі міндеттеуші нормалардың бар екенін біле тұра оларға жағымсыз немесе бей-жай түрде қарайтындай күйі”. Мұндай жағдай, қоғам мүшелері бұрынғы нормаларға еті үйреніп және оларды орындауға дағдыланып, жаңа нормалар қалыптасып бітпеген кезде, реформалар дәуірі мен әлеуметтік алапаттар барысында, өтпелі кезеңдерде жиі болып отырады. “Бұрынғы иерархия бұзылды, ал жаңасы лезде орныға алмайды”. Мұндай жағдайда көбісі өзін нормативті вакуумдегідей сезініп, әлеуметтік бағдарын жоғалтып алатыны түсінікті.







Date: 2016-07-25; view: 311; Нарушение авторских прав



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.015 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию