Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Лебізді ажарлау, түрлендіріп айту факторлары және құрмалас сөйлем





Қазақ сөзі қашан да тың қолданыстармен, түрлі оралымдармен, сан алуан құбылтулармен беріледі. Мұның өзі тіліміздің шұрайлылығын, байлығын көрсетсе керек. Осыған байланысты сөйлеу барысында да ойды жеткізу үстінде сөйлеуші пікірдің әсерлі болуы үшін лебізді ажарлап, ойды көркем жеткізуге тырысады.

Лебізді үйреншіктіден өзгеше етіп, түрлендіріп айтуға қазақша сөйлеуші үзбей ұмтылады. Мұны қазақ сөзінің дәстүрі деуге болады. Осылай сөйлеу – қазақтың абыройы, мәртебесі. Қазақтың осы сөйлеу дәстүрініц үлгісі деп М. Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан бір ғана фрагмент келтіреміз. Ожар Есенге Еңлік былай дейді: «Менің затым - әйел, қайратыңмен жұмсатам деме. Ебіңмен кел. Жөніңді өзің айт, аңғал батыр». Осы қысқа ғана репликада қанша тың, қисынды сөз өнері тұр [1, 97].

Түрлілікке (мұны көпшілік тіл білімінде геторегендік деп атайды) және үнемділікке ұмтылу сөйлеуде ылғи қатар жарыса жүретін құбылыстарға жатады.

Құрмалас сөйлемдердің лебіздің геторегендігіне қосатын үлесі көп, оның құрылымдық сипаты бұл үшін үлкен ресурс береді. Бұл тұста үлесі үлкен – құрмалас сөйлемге қатысатын лексикалық тұлғалар. Олардың синтаксема ретіндегі қатысымен лебізге түрлілік, ажарлық беретін қызметі орасан.

Егіс шетте тұрған үйдің іргесіне алқымдап кеп тіреліпті (Ә. Тарази).

Алқымдап кеп, тіреліпті - екеуі де ажарлық бейне беріп тұрған сөздер.

Антоним сөздер қатысып, контрастық беріп, лебізді ажарландырады [1, 97].

Құрмалас сөйлемнің грамматикалық құрылымының өзінде де аталған коммуникативтік талапқа жұмсалатын тұлғалар көп. Ол – өзара функ-циялас, синонимдікке жуықтайтын тұлғалар. Оның көбі грамматикалык жүйеге кіреді. Синонимдік қатынасқа келетін тұлғалар жуық грамматикалық топ ішінде көрініп тұр (-ғанда, -ған кезде). Алшақ грамматикалық топта жатып та синтаксистік тұлғалар синоним болады (-ғанда, -са, -се; -са, -се, -п еді, т.т.). Сөйлеуші осылай қатысқан синонимдердің қатарынан өз сөйлеу тәжірибесі тұрғысынан өлшегенде неғүрлым тың, жаңа болып көрінетін вариантты қатыстырады. Мысалы, Ж.Аймауытов «Олар бір мұжықтың қаласына келе ме, алдынан қаланың әкімі шыға келеді..» деген құрылымды жұмсаған. Оны Ол бір мұжықтың қаласына келсе, алдынан қаланың әкімі шыга келеді» дегеннен ұтымды, тың көріп жұмсаған. Осылай талғаудың себебі де, жөні де бар. Осы сияқты іргелес салалас құрмалас сөйлемдердің қатарындағы -ды бар ма, -са бар ғой, -са ше типті баяндауыштар арқылы ұйымдасқан конструкциялар да лебізді ажарлы етіп құру мақсатында пайдаланылады [1, 97].

Осы сияқты лебізді ажарландырып, түрлендіріп айтуға қатысты мына бір мысалды талдап көрелік. Қазақтардың тілі әуезді де әсем, шебер де шешен, әсіресе, сөз сайысына келгенде олардың алғырлығы мен өткірлігі, тауып сөйлейтін тапқырлығы таңқалдырады (В.В.Радлов). Мұнда автор қазақтардың сөйлеу ерекшелігін көрсету үшін қолданған синонимдерді ерекше, әсерлі етіп беру үшін ойын түрлендіріп жеткізген. Әйтпесе, дәл осы мысалды Қазақтардың сөйлеуі ерекше. Қазақ тілі бай тіл деген сынды ойлармен де беруге болар еді.


Құрмалас сөйлемнің құрамы, әсіресе оның көп компонентті болуы сөйлеушінің өз бетінше ізденіп, тыңнан конструкция кұрып, ажарлық, түрлілік іздеуіне де мүмкіндік береді. Мұндай ізденіс, әсіресе көркем әдебиеттен байқалып қалады.

Мұндай ізденістердің көрініс табуы кездейсоқ емес, олардың өзіндік себептері бар.Ғалым Р.Әмір олардың мынадай типтерін көрсетеді:

1. Ә. Таразидың шығармаларында Қырына алды - құрыдық типті сөйлемдер бар. Бұл құрылымды біз идентивтік сипаттағы конструкция деп атадық. Ә.Ақпамбет Қатын алдың – қауаққа басың тықтың деген сөйлемді жұмсаған. Бұларды авторлар ұмыт болып бара жатқан фольклорлық құ- рылымдарға еліктей, соны жаңғыртып ұйымдастырған.

2. Биноминативті компоненттерді қатыстырып құрылған құрмалас сөйлемдер де лебізге жаңаша рең қосу үшін қызмет етеді.

Кешегі Оспан

Бір бөлек жан;

Үйі - базар, түзі - той. (Абай)

Дүниенің алды – сайран, түбі – ойран,

Өтер сойды бұл дүние,

Азаулының Аймедет ер Доспамбет ағаңнан. (Доспамбет)

Бізден ары қазақта ел жоқ: бір жағымызда Қытай, бір жағымыз - Монғолия, бір жағымыз - Ресей (Ә. Асқар). Әр шөптің басы – кілем, әр бақбақтың басы – күн (М. Қабанбаев).

Биноминативті компонентті құрмалас сөйлем лебізге мына сипаты арқылы ажарлық әкеледі:

Компоненттердің құрылысындағы симметриялық.

Олардың арасындағы параллелизм.

Айтылу интонациясы.

Мұның үстіне предикативтік позициядағы сөздердің мағыналық арақатынасы, жұмсалыс ерекшелігі де өз үлесін қосады.

Келтірілген мысалдардағы ажарлық қосып тұрған сөздердің көрінісі анық танылып тұр:

а) (үйі) базар, (түзі) той - үдемелік мағына;

ә) (алды) сайран (түбі) ойран антонимдер контрастық тудырады;

б) (шөптің басы) кілем, (әр бақ-бақтың басы) күн – образды теңеу.

3. Биноминативті сөйлемдердің тосын түрлері де лебізді тартымды, қызығарлық етеді: Күлкісі – күлкі, қалжыңы – қалжың...; ауыл – сол ауыл, үйі – үйі-ақ т.т [1, 102].

Лебізге тұлғалар тың, тосын жұмсалыс, құрылыспен келсе, ол соғұрлым ол қызықты әрі құлаққа жағымды болады.


Көркем әдебиеттегі кездесетін осындай мысалдар тіліміздегі бұл бағыттағы ізденіске көп септігін тигізетінін байқауға болады. Мәселен, мына сөйлемге назар аударалық. Бұл жайды бөгеліп тұрып ойлағанда, Абайдың қабағы түйіліп, жүрегі жүгене қысылып, өне бойымен түршігіп бір дір еткендей. (М.Әуезов) Осы сөйлемдегі конструкциялардың барлығы лебізді ажарландыру үшін, әсерлі ету үшін құрылған.

Ғалымның жоғарыдағы биноминативті сөйлем деп отырғаны бастауышы зат есім, баяндауышы атау септіктен болған зат есімнен тұратын сөйлемдер.

Ғалым Р.Әмір өзінің «Құрмалас сөйлемдер жүйесі» атты еңбегінде лебізді ажарландыруға байланысты мынадай мысалдарды көрсетеді.

Екі қолы артында, бір адам жападан-жалғыз барады – Хэмингуэй (Ә. Тарази).

Осы мысалдағы Хэмингуэй деген компоненттің эллипсистік сипаты, ілгергі компоненттен бөлінген интонациясы (ол сызықша арқылы білдірілген) құрмалас сөйлемге ерекшелік беріп тұр. Құрмалас сөйлем лебізді түрлендіреді.

Қолында жүгені бар, кепкалы біреу төніп келді. Тани кеттім – Сұлтан (Б. Соқпақбаев).

Сөйлем ілгергі конструкцияға ұқсас құрылыста болғанмен, коммуникативтік қызметі өзгеше. Атаулы сөйлем ретіндегі компонент танылған объектіні оқыс етіп атап тұр, екі компоненттің арасындағы интонация сөйлеушінің психикалық күйін бейнелейді. Сол арқылы конструкция тыңдаушыға да әсер етеді.

Осы сиякты мына комбинацияда құрылған құрмалас сөйлем дәстүрден ерекше интонацияда айтылып, лебізге түрлілік, жаңалық беруге арналған.

Сәнжан қатты ұнады: мінезі ұнады – сабырлы, келбеті ұнады - сұңғақ бойлы, сымбатты (Ә. Тарази).

Айқындауыштық, себептік қатынастағы компоненттер іргелесіп, түрлі интонациялық қалып арқылы байланысып, конструкцияға өзгеше ажар беріп тұр» [1, 103].

Ғалымның жоғарыда келтіргеніндей, интонация арқылы лебізді ерекше қып айтуға мына бір сөйлемді мысал ретінде алуға болады: Ал сапасыз ұн болған соң, нанның көтерілуі, қалыпқа сәйкес пісірілуі – қиын шаруа (Жас Алаш). Осында қиын шаруа компоненті интонация арқылы ажыратылып, сөйлемнің әсерлі болуына ықпал жасап тұр.


Жануарлар тегіс жанданып, құрт-құмырсқаға дейін тірілді (Ғ.Сланов). Бұл сөйлемдегі жанданды, тірілді деген компоненттерге лебізге ажар беріп тұрғанын көреміз.

Ажарлық үшін жұмсалған мына сөйлемдердің құрылысына да авторлар (сөйлеуші) ізденіс салып, жол тапқан.

1. Шаршап, қалжырасам арқа сүйерім, басым ауырса – бабымды жасап өбектейтінім, жазатайьім құлап бара жатсам – демейтінім, қамыгып жыласам – жұбатарым, көп күлсем – сап-сап деп басу айтарым – соның бәрі ешкім де емес, бір өзім (Ә. Ақпанбет).

2. Мал болса, мәңгі жолы осы, сай-сайды қуалап, кейде іркіліп, топталып қалып, кейде шұбатылып, сусылдап жөнеліп, еркін кетіп барады – көктемдегі қара су іспеттес, сала-саладан ағып шығар жол іздейді (Ә. Тарази).

3. Алтын басым қор болды, азғындарга жолығып. Тұқымыңды жайғаным – барлық күнәм осы ма, ойбай! (Ә. Ақпанбет).

4. Менің оқуыма нағашымның сөзі ғана қамшы болған жоқ, оның жәрдемі де болды. (Х.Есенжанов)

5. Кейде бір қымызға бөртіп алған тұстарда гармонды құлашын кере құйқылжытқанда, қос тілді қара гармонның қарталары үзіліп, екі басы екі қолында кететін шығар деп ойлайсың (Қ.Жұмаділов).

6. Кезеңге шыға келгенде, бір ұя қаздың жұмыртқасындай дөңгелене қонған ақ ауыл Демежанның көзіне оттай басылды (Қ.Жұмаділов).

7. Əр ауылдың тұсынан өткен сайын, үлкен-кішілі түгел сыртқа шығып, бұл өңірде бұрынды-соңды болмаған қоңыраулы күймеге таңырқай қарап, біразға дейін көздерімен ұзатып салады (Қ.Жұмаділов).

8. Тек бір ғана тілегім сол – толып дами берсеңші, биікке баса берсеңші (М.Əуезов).

9. Сенің жөнің бөлек дегенім сол – сен сонау жиналған бас буынның қайнаған ортасындасың (М.Əуезов).

10. Аспанмен тірескен қақпа сала алсаң да,

Елдің аузына қақпақ қоя алмайсың. (Қ.Мырза Əли)

11. Кедей үй Түркістанға көшіп келгесін де, жоқшылық бейне көлеңкедей ұласып қыр соңынан қалмады (Д.Досжанов).

Келтірілген мысалдар құрмалас сөйлемнің құрылымында лебізді түрлендіретін, ажарлайтын қор мол екенін байқатады. Және ол қор сөйлеушінің шығармашылығына да көп сүйенеді.

Конструкция ажарлау үшін қолданылды дегенде - сөйлеуші конструкцияны әдейі іздеп, таңдап табады деген сөз емес, конструкция сөйлеушінің көңіл күйіне, сезінуіне байланысты туады және ол тосыннан құрылады.

Құрмалас сөйлем құрылысы осыған мүмкіндік, өріс, потенция береді.

Көп компонентті құрмалас сөйлемдердің конструкция арқылы лебізге ажарлық беретін мүмкіндігі мол.

Олар компоненттерді арнаулы, бейімделген үлгіде қатыстырып, орнын, байланысу амалын ыңғайлап құрып, түрлі интонациялық қалыпта, ырғақта айтылатын етіп құрылады.

Сонымен, құрмалас сөйлемдердің лебізді ажарландыру, түрлендіру талабына қызмет етуі тек коммуникативтік талаптардың көрінісі ғана емес, мұнымен қатар құрмалас сөйлемдер арқылы тіліміздегі айшықты қолданыстарды орайын тауып қолдануға да мүмкіндік беретін бірден-бір фактор екенін көрсетеді.







Date: 2016-05-23; view: 2205; Нарушение авторских прав



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.013 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию