Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Бірінші дәрежедегі коммуникативтік талаптар туралы түсінік





Коммуникативтік талаптан сөйлемнің айтылу мақсаты туындайды. Сөйлемнің айтылу мақсаты – оның құрылымына да әсер ететін бірден бір фактор. Р. Әмірдің базистік деп таныған коммуникативтік талаптары бірінші дәрежедегі коммуникативтік талаптарға жатады. «Базистік» коммуникативтік талаптарға сай пайда болған құрылымдарға екі негізді хабарлы, сұраулы, бұйрықты сөйлемдерді жатқызамыз. Ғалымның бұларға «бірінші дәрежедегі» деп атау беруінің өзінде себеп болса керек. Себебі, коммуникативтік талаптың бұл түрі тек құрмалас сөйлемде ғана емес, жай сөйлемде де көрініс табатын талаптар болып табылады. Демек, бұндай коммуникативтік талаптар сөйлемнің екі түріне (жай, құрмалас) де ортақ.

Бірінші дәрежедегі коммуникативтік талаптар құрмалас сөйлемдерде қалай көрініс табады деген сауалға жауап бермес бұрын, әуелі сөйлемдердің коммуникативтік мақсатқа сай хабарлы, сұраулы, бұйрықты болып бөлінуі тілдің ойды білдіру, қатынас жасау құралы ретінде атқаратын басты функциясына негізделетінін ескеру керек.

Тілдің коммуникативтік қызметі сөйлеу арқылы жүзеге асатын болса, адамдардың өзара қарым-қатынасы кезінде, пікір білдіруде сөйлеушінің коммуникативтік мақсаты бірінші кезекте тұрады. Сөйлемнің өзі сайып келгенде, тілдің коммуникативті бірлігі болғандықтан, онда белгілі бір коммуникативтік мақсат болуы шарт. Яғни ол тыңдаушыға өзі жеткізіп тұрған ақпарат арқылы әсер етуді мақсат етуі қажет.

Сөйлемдерді осы тұрғыдан топтастыру А.Байтұрсынұлының еңбектерінен бастау алады. А.Байтұрсынұлы сөйлемдерді айтылуына қарай төртке бөледі: сұраулы сөйлем, лепті сөйлем, тілекті сөйлем жəне жай сөйлем. Осының ішінде тілекті сөйлемді əрі қарай бұйрық, өтініш, үгіт (ақыл), жай тілек деп жіктейді. Ал жай сөйлем деп отырғанына «сұраусыз, лепсіз, тілексіз айтылған сөйлемдерді» жатқызады [2, 297], яғни тілексіз деп қазіргі хабарлы сөйлемді меңзеп тұр деп түсінсек болады.

Сөйлемді ең басты синтаксистік санат ретінде мойындаған С.Аманжолов – қазақ тіл білімінде синтаксиске қатысты көптеген ой қалдырған ғалымдардың бірі. Ғалым жай сөйлемдерді мағыналық жағынан хабарлы, сұраулы жəне лепті сөйлем деп қарастырған. Осыған ұқсас топтастыру Х.Арғыновтың «Жай сөйлем синтаксисінен грамматикалық таблицалар» еңбегінде, Н.Сауранбаевтың еңбектерінде де кездеседі. Ал Х.Арғыновтың 1974 жылы жазылған əдістемелік құралында бұйрықты сөйлемге қатысты пікірлері де бар.

Нақты сөйлеу процесінде баяндаудың берілу мақсаты жағынан сөйлемді хабарлы, сұраулы, бұйрықты сөйлемдер, ал эмоциялық мағынасына қарай үстемелі лепті, арнаулы лепті сөйлемдер деп жіктеген О.Төлегенов топтастырудың жаңаша үлгісін ұсынады [25, 43-44].

Р.Əмір жай сөйлемдерді топтауда сөйлеудегі ерекшеліктеріне баса назар аударады. «Сөйлем болмыстағы қатынастарды білдіру үшін ғана жұмсалмайды. Кісінің тіл арқылы қатынас жасауы пікір, ой айтумен қатар екінші кісіден пікір білу, информация алу үшін сөйлеуіне немесе басқа біреуді іске қосу, жұмсау мақсатына да байланысты болады. Сөйлеудің осы мақсаттары тілде сөйлемнің тиянақты формалары арқылы көрінеді», – дей келе сөйлеу мақсатына қарай сөйлемдерді хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті деп жіктейді [17].


Қазақ тіл білімінде сөйлемдi коммуникативтік мақсатына қарай топтастыру жайлы ғалымдар арасындағы пікірлер әртүрлі. Осы тұрғыдан алғанда Р.Әмірдің сөйлемнің құрылуына негіз болатын коммуникативтік талаптарды бірінші және екінші дәрежедегі коммуникативтік талаптар деп жіктеуі әбден орынды. Бірінші дәрежедегі коммуникативтік талаптар жоғарыда атап өткеніміздей, хабарлы, сұраулы, лепті, бұйрықты сөйлемдер арқылы көрініс табады. Енді осыларға жеке тоқталсақ.

Айтылу мақсаты хабарлау, суреттеу, баяндауды білдіретін сөйлемдерді хабарлы сөйлем деп атайды. А.Байтұрсынұлының еңбегінде хабарлы сөйлем деген термин кездеспейді. Бірақ автор «сұраусыз, лепсіз, тілексіз айтылған сөйлемдердің барлығы жай сөйлем» деп алады. Ғалымның мұнда хабарлы сөйлемді тілексіз деп атағанын көреміз.

Бұл тақырыпты зерттеуде алдағы ғалымдардан біршама нақты тұжырымдар ұсынған Р.Əмір болды. Ғалымның айтуынша, «хабарды, интонацияны баяндау үшін жұмсалатын конструкциялар хабарлы сөйлем деп аталады». Аталмыш сөйлемдердің грамматикалық белгілері ретінде мыналарды атап көрсетеді [29, 59]:

1. Етістіктің ашық рай формасынан (немесе осы формаға сипаттас жұмсалатын есімдерден) жасалған баяндауыштары бар сөйлемдер.

2. Өзіне тəн интонацияға ие. Сонымен қатар бір негізді, екі негізді құрамды болып келеді: Тау іші, Иен жайлау. Ұшқан құс, жүгірген аңнан басқа тіршілік иесі білінбейді (Қ.Жұмаділов).

Соңғы жылдарда қазіргі қазақ тіл білімінде хабарлы сөйлемнің модальділігі туралы зерттеулер пайда бола бастады. Мəселен, осы тақырыпты жан-жақты қарастырып жүрген Ж.А.Құсайынованың пікірін келтіре кетуге болады. Ол хабарлы сөйлемде модальді реңктердің жарыса өмір сүретінін былайша түсіндіреді: сөйлемде ақпаратты жеткізу қызметімен

астарлас сол ақпаратты қабылдаудағы субъектінің түрлі көзқарасы, бағалауы, ақпараттың қабылдануы да бірге сипатталып отырады. Автор бұл сөйлемдердің модальді реңктерінің жасалу амалдарын жүйелі түрде көрсетеді [30, 339-342]:

Шартты райдың -са, -се жұрнағы мен «игі еді» қолданысы арқылы жасалған хабарлы сөйлемдер субъектінің тілегін, қалауын білдіріп, құптау реңкін білдіреді. Мысалы: Ол тез келсе игі еді (Ə.Нұршайықов). Контексте бұл тұлға интонация, одағай, қыстырма, модельді сөздермен параллель қолданылса, субъектінің əртүрлі көзқарасы білінеді. -са,-се игі еді тұлғасы мен интонация, одағайдың бірлікте қолданылуынан субъектнің ішкі күдігі күшейтіліп беріледі: Түу, биыл қар ерте түспесе игі еді (С.Жүнісов).Осы реңктерге синонимдес реңктер -са, -се екен, -са, -се ғой тұлғалары арқылы келеді. Ал -са, -се игі еді формасының «игі еді» формасытүсіріліп айтылса, интонация көмегімен кейде күдіктену реңкі күшейсе (Тəлім болса жарады, тəйтік шығып жүрмесе... (М.Əуезов)), кейде сөйлемде топшылау мəнді реңк айқындалады (Бірдемені біліп, қатын бала-шағаны үркітпейін деп, іштей уайымдап жүрмесе... Х.Есенжанов).


Сұраулы сөйлемдер де қазақ тіл білімінің синтаксисінде А.Байтұрсыновтың еңбектерінен бастап зерттеле бастады. Ғалым бұл сөйлем түріне «жауап сұралғанда айтылатын сөйлем» деген анықтама береді [2, 297].

Х.Арғынов сұраулы сөйлемнің бірнеше жасалу жолдарын көрсеткен: Сұрау есімдігі арқылы: Жүректе қайрат болмаса,

Ұйықтаған ойды кім түртпек?

Сұраулық шылау арқылы: Сезімнің сыртқа шықпас түсі бар ма? Оны жасырар адамның күші бар ма?

- ау, ше, ғой арқылы: Атым – Қайырғали, өзіңнің атың ше?

Интонация арқылы: Сен намыстанып қалғанбысың?

шығар, болар жəне т.б. көмекші етістіктер: Борашты көріп жүретін шығарсың?

Профессор Р.Əмірдің зерттеуінде сұраулы сөйлемдер бірінші қызметі

жағынан топтастырылады.

1. Сұраулы сөздердің, шылаулардың қатысуымен негізгі сұрақты білдіретін сөйлемдер жасалады. – Ей, сен бала директордың шопыры емессің бе? (А.Нұрманов).

2. Кейде негізгі сұраққа жауап алу үстінде қосымша сұрақ қойылып жатады. Бұндай жетек сұрақтар толымсыз болып құралып, көбіне тек сұрақ мағыналы сөзден ғана тұрады.

Естіп пе ең, келді ғой?

– Кім?

– Əбіл.

– Қайда?

– Осында (Б.Майлин).

3. Анықтаушы сұрақты білдіретін сөйлемдер екінші жақтың сөзін анықтап алу үшін қойылған сұрақты білдіреді [29, 61].

– Бұл кісілер қай елдікі?


– Сабынкөлдікі.

– Сабынкөлдікі?

– Иə, Сабынкөлдікі (Б.Майлин).

Сондай-ақ ғалым сұраулы сөйлемдерді мағынасына қарай топтастырған. Өйткені бұл сөйлемдердің сұрақтарының ішкі мазмұнына қарай бөлінуі арнайы тілдік формасынан көрініп тұратындығын айтады да, аталмыш сөйлем түрін мағынасына қарай төрт түрге бөліп көрсетеді. Олар: ашық сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер, альтернативтік сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер, риторикалық сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер, түрткі сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер. Автор сұраулы сөйлемдердің осы мағыналық түрлеріне жеке-жеке тоқталып өтеді.

Сұраққа негіз болып отырған мүше жалпы, ашық түрде қойылады. Оларды ашық (жалпы) сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер деп атап, өзара бірнеше түрге жіктеген [29, 62]:

1. Субъектінің іздеулі екенін білдіреді. Кім, не деген есімдіктер бастауыш позициясында тұрады: Кім келді? Не құлатқан мұны?

2. Пердикативтік іс-əрекеттің, сапаның сынның іздеулі екенін білдіреді. Не істеді, қайтті, кім, не, қандай, неше, қайда есімдіктері баяндауыштық позицияда жұмсалады: Келгелі не істедіңіз? Сонда айтпағың не?

3. Іс-қимыл нысанның іздеулі екенін білдіріп, кімді, нені, кімге, неге, кіммен, немен т.б. сұраулы есімдіктермен құралады: Кімге жолықтың?

4. Іс-қимылдың сапасының, себебінің, мекенінің, мезгілінің іздеулі екенін білдіреді. Пысықтауыш позициясында тұрған қалай, не үшін, неліктен, қашан деген есмідіктермен құралады: Олар не үшін қалды? Ол қашан қайтыпты?

5. Мұндай сұраулы сөйлемде зат сапасының, сынының, санының іздеулі екенін білдіріп, қандай, неше, қай деген есімдіктер анықтауыш позициясында қатысады. Қанша кісі жұмысқа шықты? Қандай вагонға алдыңдар?

Сұраулы сөйлемнің келесі мағыналық түрін альтернативтік сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер деп берген. Альтернативтіксұрақта іздеуге із, жоба болып альтернатив сапа, іс аталады. Ол сапа, ісатаулы сөздер арқылы көрініп, ма, ме, ба, бе, па, пе шылаулары олардың сұраулық мағынада айтылып тұрғанын білдіреді. Альтернативтіксұрақты білдіретін сөйлемдер баяндауыш мүшенің аталған шылаулардыүстеуі арқылы жасалады. Осы сөзге тоқтайсың ба, тоқтамайсың ба?Мынау егіс күздік пе, жаздық па?

Риторикалық сұрақты білдіретін сөйлемдерде баяндауыш сөздер кері мағынада жұмсалады да, ерекше интонация арқылы құрылады.

Риторикалық тудыратын баяндауыштық формалар ретінде өтті емес пе, оқыған жоқ емессің бе (емес пе – риторикалық тудыратын элемент) тəрізді тұлғаларды атап өткен. Содан бері талай жылдар өтті емес пе?

Тілімізде іске жұмсауды бұйрықты мағынада емес, сұраулы сөйлем формасында айту кездеседі. Бұндай сөйлемдердің баяндауышы келер шақ етістік пен ма, ме шылауларының бірігуінен жасалады. Ғалым мұны түрткі сұрақты білдіретін сұраулы сөйлемдер деп атап, мынадай мысалдар келтіреді [29, 66]: Үй құрығыр азынап кетті ғой, тағы бірдеме тауып жағасың ба? (Б.Майлин).

Жай сөйлемдерді айтылуына қарай жіктеуде екі түрлі пікірге себеп болған лепті сөйлемдер біршама ғалымдардың еңбектерінде зерттелді. А.Байтұрсынұлы лепті сөйлемге былайша тоқталады: «... адам көңілі күйі, жан жайымен сөйлегенде, мəселен, жан ауырғанда, не кенелгенде, таңданғанда, сұқтанғанда, кейігенде, есіркегенде, күйінгенде, сүйінгенде, қорыққанда, қуанғанда айтылатын сөйлемдер». Яғни осы сөйлемдер лепті үнмен айтылғандықтан, лепті сөйлемдер деп таниды. Мысалы, Уф, Алла! Бітті қаным! Шықты жаным! Ей. Шіркін, жақсылықты білмейтұғын! [2, 298].

О.Төлегенов хабарлы, сұраулы, бұйрықты сөйлемдерді мақсат мəнді деп алып, ал лепті сөйлемді бұл топқа жатқызуды дұрыс емес деп санайды. Ал осы сөйлемге мынадай анықтама береді: «Шындық құбылысы туралы, белгілі бір субъект жайында айтушының эмоциялық қатынасын, сезімін, көңіл-күйін үстемелей не арнайы білдіретін сөйлемдерді лепті сөйлем дейміз» [25, 155]. Автордың пікірінше, кейбір хабарлы, сұраулы, бұйрықты сөйлемдер эмоциялық мағынада айтыла береді. Яғни сөйлеу жағдайына қарай мақсат мəнді сөйлем типтері бірде тіке мазмұнында жұмсалса, бірде, сезім, эмоцияны үстемелей білдіріп те жұмсалады. Осыған байланысты лепті сөйлемді мақсат мəнді тип емес деп есептейді. Ал лепті сөйлемдердің екі түрлі жасалу жолын көрсетеді: айрықша интонациялық сөйлемдер, айрықша тұлға-құрамды сөйлемдер.

Лепті сөйлемдерді кеңінен зерттеп, мағынасын ашқан Р.Əмір болды. Автордың пікірі бойынша, істің қарқынын білдіретін баяндауыштардың көпшілігі эмоциялы болып келеді. Эмоциялық форма жай хабарлаушы баяндауыштар қатарынан да, бұйрық мəнді баяндауыштар қатарынан да табылады. Себебі, интеллектілік мағына мен эмоция қатар жүреді. Соған қарамастан ғалым экспрессивті баяндауыштарды парадигматикалық қатардағы жеке топ ретінде қарастырады. Оның бірнеше себебін келтіреді. Мəселен, экспрессивті баяндауыштар ерекше құралады (алмасам, алмасам ба, алмас па жəне т.б.); эмоцияны білдіретін баяндауыштар бар. Эмоциялы баяндауыштар түрлі коммуникативтік жағдайға, стильдік міндетке сай түрлі қызметтерді атқарады.

Ғалым Р.Әмір сөйлемде дүниедегі болмыс туралы пікірді хабарлап қана қоймай, сөйлеушінің болмысқа қатысты эмоциясын қоса білдіретін сөйлемдерді лепті сөйлем деп атайды. Эмоциялы баяндауыштардың жеке-жеке формаларын, олардың қызмет ерекшеліктерін көрсетеді [29, 66]. Олар төмендегідей:

1. айтса айтқандай, мықты десе мықты тəрізді құралған баяндауыштар арқылы жасалады: Ах, сорлы балам, айтса айтқандай. Аудырмай түсірген (Ш.Хұсайынов).

2. Негізгі компонент -ған, -ген есімшелі + тəуелдік жалғауындағы қайталақ компонент – алғаным алған, алғаны алған тəрізді баяндауыштар арқылы: Əпкем баратыны барады. Ертеңнен қалмайды. Су жаңа дөңгелек осы қалғаны қалған (Ш.Хұсайынов).

3. Негізгі компонент келер шақ, өткен шақ формалы етістік + есімше, тұйық рай тұлғалы қайталау компоненттері: Əпкем келетіні келеді (келуі келеді, келуі келген).

4. Компоненттері да, де жалғаулықтары арқылы біріккен күрделі баяндауыштар: алды да кетті, сірестім де қалдым.

5. «сын есім – десеңші», «етістік – десеңші»: Оған не жоқ десеңші!

6. «етістік – дейсің (деймін)», «есім сөз – деймін»: жауды дейсің,

ұстамын дейсің.

7. -тын, -тін формалы есімше немесе «есім сөз + өзі есімдігі»: сөй-

лейтіннің өзі, күлегештің өзі.

8. -ған, -ген, -тын, -тін формалы есімше + шығарды етістігі: Үй-ішіне ырза болмай, үнемі төмен қарап отырғанды шығарды (Ə.Нұршайықов).

9. -ғаным тұлғалы есімше + бар ма: Олардың түрлері де көзіме ыстық көрінгені бар ма (Б.Момышұлы).

10. алмасы бар ма тəрізді формада келген эмоциялы баяндауыш: Шөптібай жетіп келмесі бар ма (А.Нұрманов).

11. бұйрық рай тұлғасындағы болымсыз етістік + сұраулы шылау: Қасқырдан бөлтірік тумасын ба (Б.Момышұлы).

12. - ар, -ер тұлғалы есімше мен ма, ме шылауы: жетіп келермін бе, ала қоярсың ба, ала қояр ма.

13. Болымсыз шартты райлы етістік + ба, бе шылауы: Сенің түбіңе жетпесем бе! (Б.Майлин).

14. Шартты рай тұлғалы етістік + -шы формалы: Шіркін, ол өсітіп көз айырмай өмір бойы қарап тұрсашы (С.Мұратбеков).

15. - ған, -ген (-қан, -кен) + емес: Сейтен бала жасынан жылан-шаяннан қорқып көрген емес (І.Есенберлин).

16. Шартты рай етістіктің болымды түрі + ба (бе): «Осының жұмысын саған реттетсем бе!» дегендей боп Құлтай ашулы түрде қарады (Б.Майлин).

17. Негізгі компонент ретінде ауыспалы осы шақ, нақты осы шақ, өткен шақ етістік + қайталанатын сөз -мақ, -мек (-пақ, -пек) формасында: алмақ түгіл алады, жазбақ түгілі жазып жатыр.

18. Көсемшенің болымсыз түрі: Мені есіркегенше арбаға өзің отырмай! – деп Бибі де кейіп тұр (С.Мұратбеков).

19. - ып,-іп формалы көсемше: Əр нəрсеге ренжіп.

20. -уға (-уғанға) формалы етістік + дейін барды: Ұрысуға дейін барды, ұрысқанға дейін барды.

21. Ашық рай болымсыз баяндауышқа эмоциялы сыңар ретінде жұмсалатын зат есім + құрлы көрмейді, субстантивтенген еімше + құрлы көрмейді, зат есім + құрлы болмады, есімше + құрлы болмады: Күміс самаурының шойын құманым құрлы болмады (Ғ.Мүсірепов) [29].

Қазіргі қазақ тіл білімінде бұйрықты сөйлемдер туралы біршама зерттелген. Бұл сөйлем туралы алғашқы пікірді қарастыратын болсақ, тағы да А.Байтұрсыновтың еңбегіне жүгінеміз. «Нəрсенің болғанын, істің істелгенін көңіл тілеген орында айтылатын» сөйлем түрлеріне ғалым тілекті сөйлем деп атау береді. Ғалымның мұндағы тілекті сөйлем деп отырғаны – қазіргі бұйрықты сөйлемдер деуге болады. А.Байтұрсынов сонымен қатар мұның төрт түрін көрсетеді: бұйрық түрде, өтініш түрде, үгіт (ақыл) түрде жəне жай тілек (мұрат) түрде. Мысалы:

Бұйрық түрде:

Келіңдер, бозбалалар, атты алыңдар!

Жетектеп тоғайыма ап барыңдар!

Жабыңдар жабуына түкті кілем,

Тазалап, жуып, тарап, баптаңыздар!..

Кет, шық!

Бар, жүгір! Ұш!

Өтініш түрде:

Дауысыңды тым болмаса, бір шығаршы!

Кезек бер бір азырақ сөзге тақсыр!

Достарым осындай бір іс етелік,

Жастарды жетім қалған кісі етелік.

Ізгілер орманда да бар екенін

Осындай сауап іспен көрсетелік!..

Үгіт (ақыл) түрде:

Балалар, оқуға бар, жатпа қарап!

Жуынып, киініңдер шапшаңырақ.

Сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме.

Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле.

Жай тілек түрде:

Жасаған болғай панамыз көруге жазғай еді.

Есен-сау келгей едің.

Қақ бендесі біздей, сірə, болмасын.

Біздей болса, бұ дүниеге келмесін.

Арманменен інім шөлде өлмесін...[2, 298].

Ғалымның келтірген мысалдарынан бұлардың бұйрықты сөйлем екенін аңғаруға болады және бұйрықты сөйлемдің табиғаты да ашылып тұрғанын көреміз. Себебі берілген мысалдардағы бұйрықты сөйлемнің мағыналық түрлері де, баяндауыштарының жасалу формаларының əртүрлілігі,сонымен қатар бұйрықты сөйлемнің бір сөзден де құрала беретіндігі, жай сөйлем, құрмалас сөйлем түрінде де кездесетіні анық байқалып тұр.

Ал Қ.Жұбанов, С.Аманжолов сынды ғалымдар бұйрықты сөйлемдерді лепті сөйлемдердің құрамында қарастырған. Бірақ зерттеуші ғалым М.Балақаевтың 1959 жылы орыс тілінде шыққан «Қазіргі қазақ тілі» атты еңбегінде «Побудительное предложение» деген тақырыпша бар. Бұл еңбекті кейбір зерттеушілер (О.Жармакин, Х.Арғынов т.б.) бұйрықты сөйлем деген терминді енгізіп, оның басқа сөйлемдерден ерекшелігін, сипатын көрсеткен тұңғыш пікір деп баға береді. Зерттеуші М.Балақаев бұйрықты сөйлемдердің диалог түрінде ықшамдалып келіп, кейде қаратпа сөзді болып келетін ерекшеліктеріне қарай бұйрықты сөйлемдердің бірнеше мағыналық түрлерін атап көрсетеді [31, 120]:

1. Қатал бұйрықты: Өшір үніңді! (Ə.Сəрсенбаев). Көрсетпе көз жасыңды! (М.Əуезов).

2. Солғын бұйрық: – Қарындасым, ондай өтірікті айтушы болма! (Ə.Əбішев).

3. Сес көрсету, қорқыту мəнді бұйрық: – Балам, жөніңді айтшы! (М.Əуезов).

4. Өсиет, үндеу мəнді бұйрық: – Темірді қызған кезде соқ. Жаманнан без, жақсыдан үлгі ал.

О.Төлегеновтің еңбегінде де бұйрықты сөйлемге қатысты біршама пікірлер айтылған. Ғалымның пікірінше, бұйрықты сөйлем алдағы уақытта орындалатын іс-əрекет туралы, яғни келер шаққа байланысты айтылады. Сонымен қатар айтушының, сөйлеушінің немесе жазушының еркі əр алуан болып келуі мүмкін, мəселен, бірде көтеріңкі үнде, бірде сыпайылық сақтап, жай ғана белгілі бір əрекетпен жұмылдыруы мүмкін [25, 137-148].

Бұйрықты сөйлемді мағыналық жағынан топтастыруда көптеген ғалымдардың еңбектеріндегі пікірлерді саралай келе, Б.Жақыпбеков мынадай

түрлерге жіктейді:

1.Таза бұйрық мағынасындағы бұйрықты сөйлемдер;

2.Ақыл, ұсыныс мағынасындағы бұйрықты сөйлемдер;

3. Шақыру, ұран мағынасындағы бұйрықты сөйлемдер;

4. Өтініш мағынасындағы бұйрықты сөйлемдер;

Алғыс, қарғыс мағынасындағы бұйрықты сөйлемдер [32, 23].

Ал ғалым Т.Сайрамбаев өз еңбегінде бұйрықты сөйлемге мынадай анықтама береді: «Бұйрықты сөйлем біреуді іс істеуге қосу мақсатымен айтылады. Ондай мақсатпен айтылатын сөйлемдер жалаң бұйрық ретінде айтылмайды, сонымен қатар кісінің еркін, талабын, кеңесін, тілегін, жалынышы жəне т.б. білдіреді» [33, 380-381]. Сонымен қатар ғалым бұйрықты сөйлемдердің баяндауыштарының түрлілігіне қарай, сөйлемнің құрамына қарай, олардың мазмұны да əртүрлі болатынын көрсетеді.

1. Етістіктің бұйрық райының екінші жағында айтылған сөйлемдер көбінесе бұйрық, талап, кейде үндеу мəнді болады:

Тарт тіліңді! Жоғал, көзіме көрінбей! – деп Ысқақ кимелеп кетті (С.Ерубаев).

2. Бұйрық райдың үшінші жағында айтылған сөйлемдер талап, тілек мəнді болады: Керімбек малды тез жайлауға айдасын! Бағар көбейсін, шалым (Ғ.Мүсірепов).

3. Баяндауыштары етістіктің бұйрық райында айтылып, оған -шы/-ші қосымшасы жалғану арқылы тілек, жалыныш, сыпайы түрде, яғни сөйлемдер І жақта қалау рай мағынасында айтылады:

Келші, қалқам, менің қасыма отыршы! Қарағым, мына баланы риза қылшы!

4. Етістіктің бұйрық, қалау рай тұлғасынан жасалған баяндауыштары бар сөйлемдер ұран, үндеу мағынасында жұмсалады: Егіс көлемін ұлғайтыңдар, егіншіліктің мəдениетін арттырыңдар, егіннен мол өнім алатын болыңдар!

Бұйрықты сөйлемнің баяндауыштарының жасалу жолдарын профессор Р.Əмірдің еңбегінен де толықтай кездестіруге болады [29, 80]:

1. Бұйрық мағыналы баяндауыштарының ішіндегі негізгі тірек форма етістіктің жалаң екінші жақ бұйрық рай тұлғасы арқылы;

2. Бірінші жаққа қатысты бұйрықты, іс-əрекетке жұмсауды -айын/-ей- ін, -айық/-ейік формалы етістіктен жасалған баяндауыштар арқылы;

3. Ауызекі тілде бұйрық рай мағыналы сөйлем алғын, келгін формалы баяндауыштардың қатысуы арқылы;

4. Бұйрықты тұжырымдылау етіп білдіру үшін алсаңшы, алсаңызшы түрінде құралған баяндауыштар арқылы;

5. Шартты рай тұлғалы етістікті қатыстырып, бұйрық мағыналы баяндауыш жасау арқылы;

6. Екінші жақ бұйрық райлы форма + деген соң + екінші жақ бұйрық рай форма болып құралу арқылы (Ал деген соң сал);

7. -ушы формалы есімше + болма құрамында жасалған баяндауыш арқылы (Айтушы болма анаған);

8. Іске жұмсауды тілек, өтініш ретінде айту үшін, алшы, келші, алайыншы түрінде құрылған баяндауыштар арқылы;

9. - айық/-ейік тұлғалы баяндауышқа сыңар ретінде жұмсалатын -алық/-елік арқылы жасалған баяндауыштың көмегімен;

10. Қазақ тілінің жергілікті ерекшелігі ретінде бұйрық мағына білдіретін алалы, көрелі (ал – алы, көр – елі) тұлғалы баяндауыш арқылы;

11. Ауызекі тілінде ашық райдың келер шақ формасындағы етістікті баяндауыш арқылы;

12. Ашық рай формасындағы алушы болмасын күрделі етістігі арқылы бұйрық мағына береді;

13. Келер шақ етістік + ба, бе сұраулық шылауы арқылы да бұйрықты сөйлемдер жасалады.

Қарап отырсақ, тілімізде бұйрықты сөйлемдердің мағыналық түрлері, баяндауыштарының жасалу жолдары, синтаксистік құрылымы туралы біршама еңбектер бар.

Сонымен, бірінші дәрежедегі коммуникативтік талаптар жай және құрмалас сөйлемдерге ортақ коммуникативтік талаптар болып табылады.







Date: 2016-05-23; view: 2617; Нарушение авторских прав



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.048 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию