Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Ортақтастыру амалы және құрмалас сөйлемдер





Сөйлеудің өн бойында үнемділікке ұмтылу талабы қоса жүретінін жоғарыда атап өттік. Себебі сөйлеу барысы ауызша түрде өтетіндіктен, ұзын сона сөйлемдермен ойды жеткізу сөйлеуші үшін де тиімді болмайды. Сөйлеушінің лебізді үнемді етіп құру мақсатына сай сөйлеуде оның ойы да соған лайық жинақы, тиянақты әрі түсінікті болып құрылады. Үнемдеу құбылысының негізгі мақсаты сөйлемнің өн бойына ойды түгел сыйдыра отырып, оны қысқа әрі түсінікті етіп жеткізу болып табылады.Ал осы ұмтылыстың кұрмалас сөйлем құрылысынан көрінісінің алуан түрін көруге болады. Солардың бірі – ортақтастыру амалы. Ортақтастыру амалы дегеніміз компоненттерді ортақ лексикалық, грамматикалық тұлғаға қатыстырып құру. Ортақтасу амалының екі түрлі жолмен берілуіне қарай ортақтастыру амалы лексикалық ортақтастыру, грамматикалық ортақтастыру болып бөлінеді.

Лексикалық ортақтастыру деп құрмалас сөйлемнің компоненттеріне бір немесе бірнеше сөзді ортақ қатыстырып құруды айтамыз. Лексикалық ортақтастыру деп аталуының себебі де сол, мұнда ортақтасатын объект – сөз. Мәселен, Ең кішісі Ұлақшы да жау түсіріп, ел басқармағанмен де, қыздарға көз салып, бәйгіге түсуге жарап қалған (І.Есенберлин). Аталған мысалда Ең кішісі Ұлақшы деген тіркес құрмалас сөйлемнің барлық компонентіне ортақ болып тұр. Демек ең кішісі Ұлақшы құрмалас конструкцияларға кірген әр компоненттерге ортақ, бірдей қатысты. Сөйлемнің осылайша құрылуы құрмаластың конструкцияларын ықшам етіп құруға септігін тигізеді. Ортақ лексикалық тұлға құрмалас сөйлемнің бас позициясында тұрады.

Сонымен қатар Қасындағы қарт кісіні Абай білмегенмен, шешесі әбден таниды екен (М.Әуезов) деген сөйлемде де қасындағы қарт кісіні деген бөлік құрмалас сөйлемнің екі компонентіне де ортақ болып тұр. Әрі бұл лексикалық тұлға тұрлаусыз мүше қызметінде тұр.

Оспан әкесі ұрғанда жыламаса да, шешесі ұрған уақытта, тіпті жылауық (М.Әуезов). Ол атқа мініп жүруге жарағанмен, үйден көп шықпайды (М. Әуезов) деген сөйлемдерде де Оспан, ол сөздері де құрмалас сөйлемдердің конструкцияларының екеуіне де ортақ болып тұр.

Ал грамматикалық ортақтасу құрмалас сөйлем компоненттерінің құра- мындағы қызмет жағынан бірыңғай мүшелерінің грамматикалық формаға ортақтас болып кұрылуынан көрінетін құбылысқа жатады.

Болашақты олар да күтсін, біз де күтейік. Бәлкім, бөлінген жерлеріміз жалғасып, бөлінген еліміз бірігіп кетер (У. Қыдырханұлы).

Осы құрмалас сөйлемнің компоненттерінде баяндауыш қызметінде жалғасып кетер, бірігіп кетер жұмсалып тұр. Бұлар форма жағынан ұқсас: негізгі етістіктер көсемше тұлғада тұрып, кетер деген көмекші етістікті телуге тиіс. Осы кетер соңғы баяндауыш кұрамында ғана жұмсалып, алдыңғы компоненттің баяндауышына да ортақ болып тұр.

Қалай, үй-іштерің аман, бәйбішең қуатты ма (Ә. Нұршайықов). Бұл мысалда сұраулық ма демеулігі соңғы компонент кұрамында тұр, бірақ ілгергі компонентке де ортақ.


Есенейге сіздің жараңыз жеңіл, ана батырыңыз ауыр жараланған деген (Ғ.Мүсірепов). Осы сөйлемдегі деген көмекші етістігі құрмалас сөйлемнің екі компонентінің баяндауышына да ортақ болып тұр. Бірақ құрмалас сөйлемнің соңғы компонентінің баяндауышының құрамында жұмсалып тұр.

Компоненттердің баяндауыштары форма жағынан бірыңғай болып келгенде, тек көмекші сөздер ғана ортақтасып қоймайды. Негізгі сөздердің құрамындағы бірыңғай косымшалар да ортақтас болып келеді.

Қызғалдақтар гүл жарып, бәйшешектер атар еді (М.Тиесов).

Құрмаластың құрамындағы бірінші компонентті толық түрде мынадай формада да айтуға да болады: Қызғалдақтар гүл жарар еді. Бірақ компоненттің баяндауышы болып келген етістік келер шақ есімше тұлғасын, көмекші етістік (еді) бірдей түсіріп жұмсалып тұрғанын көреміз.Осындай жағдай мына мысалдан да байқалады:

Жаңаларды жеке жібермей, ескілерді баулыса қайтеді? (Ғ.Мұстафин). Осы сөйлемдегі бірінші конструкцияны толық түрде былайша айтуға болады: Жаңаларды жеке жібермесе қайтеді? Дегенмен компоненттің баяндауышы болып келген етістік шартты рай тұлғасын да (жібермесе орнына жібермей болып қолданылып тұр, мұнда –са шартты райдың жұрнағы), қайтеді етістігін де түсіріп, қолданылып тұр.

Таяқ жесе де, Елена Павловна жылаған баланы уатып, алдында қарусыз елге қожаңдап тұрған Хайровты көзімен атып тұр (Ə. Шəріпов). Осы сөйлемде де грамматикалық ортақтасуды байқауға болады. Мұндағы тұр көмекші етістігі құрмалас сөйлемнің екі бөлігіне де ортақтастырылған. Ортақтастырудың тағы бір мақсаты лебізді үнемді етіп құрудан басқа, құрмалас сөйлем құрамындағы сөздерді қайталамас үшін ортақтастырылатын тұлғаны сөйлемнің тек бір компонентіне телу болып табылады.

Үлкен ақ үйдің терме баулары барқыт пен жібекке, кесте мен оюға, бояу мен сырға орап қойғандай (Ғ.Мүсірепов). Бұл сөйлемде де баяндауыш тұлғасы сөйлемдегі бірыңғай мүшелердің барлығына ортақ.

Бар бəлесінің алдын алуға дайындалып, тас түйін отыр едім, мынаусы күтпеген соққы болды (Б.Əлімжанов).Осы құрмалас сөйлемнің құрамындағы әр компонент Бар бәлесінің алдын алуға дайындалып едім. Тас түйін отыр едім болып құрылуы керек еді. Бірақ үнемдеу есебінен бірінші комоненттегі едім көмекші етістігі түсіріліп, екі компонентке де ортақтастырылып, тек екінші компоненттің баяндауышының құрамында ғана жұмсалып тұр.


Жарайды, мейлі, сол Жолбосынның қонақасына бармасам да, таңым атып, күнім батар баяғыша (С.Асылбекұлы).

Бірінші компоненттің етістік баяндауышы ыңғайлас қосымшаларын түсіріп, өткен шақ көсемше формасына ауысады. Көсемшенің бұл формасы – байланыстырушы ретіндегі тұлға. Аталған баяндауыштардың өткен шақ көсемше тұлғасын алуы осы себептен.

Баршаны теңгермек болған кезеңнің кенезесі кеуіп, кезенейі көбейе бастағаннан-ақ, бұлардың заңғар зауыты алқынып, алқым түймесін ағытуға шамасы жетпеген алып адамдай гүрс етіп құлап кетті (М.Байғұт).

Бірінші компоненттегі баяндауыш кеуіп ортақтасу процесіне байланысты көмекші етістікті құрамынан түсірді, сөйтті де негізгі сөз өткен шақ көсемше тұлғасына ауысты. Бұнысы жалғастыққа (байланысқа) бейімделгені. Өткен шақ көсемше тұлғасының байланыстырушылық қызметін алғаш байқап, атаған «Грамматика алтайского языка» деген еңбек болатын.

Ортақтасу процесіне түскен салалас құрмалас сөйлемдер сабақтас құрмалас конструкцияның қатарына өтеді. Өйткені бірінші компоненттің етістік баяндауышы көсемше тұлғасына көшіп, сол форма арқылы келесі компонентпен байланысады. Осылай ету мына сөйлемде де бар.

Әкем арба жөндеп, шешем құрт қайнатып жатыр (Ғ.Мүсірепов). Сөйлем толық түрде былай айтылады: Әкем арба жөндеп жатыр, шешем құрт қайнатып жатыр.

Күн жылы, жер қарада, қораны жөндеп алыңдар. Бұл сөйлем – құрмалас. Бағыңқы компоненттердің баяндауыштары бірыңғай формада, жатыс септік тұлғада (жылыда, қорада) соңғы компоненттегі баяндауыштың құрамындағы жатыс септік жалғау ортақ.

Шегерілетін тұлғалар есім негізді болса, ол атау формада қалады, етістік болса, өткен шақ көсемше формасын қабылдайды [1, 95].


Ортақтастыру сөйлемнің бірыңғай мүшелерін ұйымдастыруға да қатысатынын байқауға болады. Бірыңғай мүшелер ретінде септік жалғауы бірдей зат есім сөздер қатысса, септік жалғауы соңғы мүшеге ғана жалғанып, ілгергі бірыңғай мүшелер соған ортақ болады: қозы, лақтарды көгендей жүр.

Бірыңғай баяндауыштар финиттік формаларын сақтап жұмсала алады: Аңшы мылтығын алды, бөлшектеді, тазалады. Осы сөйлем бірыңғай мүшелердің формасын ортақтастырып құрала алады: Аңшы мылтығын алып, бөлшектеп, тазалады. Бірыңғай баяндауыштарға тиісті предикативтік форманы соңғы позициядағы баяндауыштар өткен шақ көсемше тұлғада жұмсалады.

Ортақтасуға түсетін сөйлем мүшесінің өз құрамынан морфологиялық тұлғаларды түсіру сипаты көп факторға бағынышты. Бұл процесті билейтін байланыстырушы элемент ертінде қатысатын –п тұлғасы, осы тұлғаның жұмсалу ережелері.

Ортақтасатын мүшенің формаларына қатысты тағы бір ереже мына сөйлемнен байқалады. Қара жерді енді қар емес, су селі басты. Шаптығып, тасып тасыраңдамаған шолақ сай жоқ (О.Бөкеев). Бұл сөйлем үнемділікке түспегенде былай айтылған болар еді: Қара жерді енді қар емес, су селі басты. Шаптықпаған, тасымаған, тасыраңдамаған шолақ сай жоқ.

Сөйлемдегі бірыңғай мүшелер қатарына кіріп, ортақтасуға қатысқан сөздер болымсыздық қосымшасын, есімше тұлғасын бірдей түсіріп барып, көсемше жұрнағын қабылдаған: шаптықпаған – шаптығып, тасыраңдамаған – тасыраңдап. Аталған сөздердің ортақтас үшін және –п тұлғасын алу үшін түскен өзгерістер болымсыздық форма мен көсемше формаларының көне замандағы өзара байланысының бүгінгі жаңғырығы деп қарауымыз керек. Ортақтасу мына сөйлемде де бар.

Көзіне ақ түскен шотыр əйел қыбыжықтап, отбасында күйбелеңдей берді (Т.Əлімқұлов). Сөйлемнің бірінші бөлігін толық түрде былай құруға болады: Көзіне ақ түскен шотыр әйел қыбыжықтай берді. Бірақ лебізді үнемді етіп құру мақсаты есебінен, көсемшенің -й тұлғасы –п тұлғасымен алмасып, ал берді қосымша етістігі екінші компоненттің баяндауышы құрамында келіп, ортақтастырылған.

Əйелдер қызық: олар мықты жігіттің бойынан осалдық, осал жігіттің бойынан мықтылық іздейді (Қ.Мырза Əли). Мұнда да іздейді етістігі құрмаластың екі компонентіне ортақ.

Сонымен ортақтастыру амалы құрмалас сөйлемдердің құрылымынан кездесетін факторлардың бірі екенін байқадық. Ортақтастыру амалы сөйлеушінің үнемдеу коммуникативтік мақсатынан туындайтынына көз жеткізуге болады. Лебізді үнемді етіп құру құрмалас сөйлемдердің өн бойынан көрінетін коммуникативтік талаптардың кең тараған түрлерінің бірі.







Date: 2016-05-23; view: 1609; Нарушение авторских прав



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.01 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию