Главная Случайная страница



Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать неотразимый комплимент Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника







Біріккен Араб Әмірліктері





 

Біріккен Араб Әмірліктері – солтүстік-шығыстағы Арабия түбегінде Таяу шығыста Парсы және Оман шығанағының жағалауында орналасқан мемлекет. Катармен, Сауд Арабиясымен және Оманмен шектеседі. БАӘ солтүстігінде Парсы шығанағының суларымен, ал шығысында Оман бұғазының суларымен шайылып жатыр. Аумағының ауданы 83, 6 мың шаршы шақырым.

 

Кесте 7.2 Әкімшілік-аумақтық құрылымы

Әмірлік Араб тіліндегі атауы Әкімшілік орталығы Ауданы, шаршы шақырым Халық саны
Абу-Даби أبو ظبي Абу-Даби 67 340 1 465 431
Аджаман عجمان Аджаман 260 492
Дубай دبي Дубай 3 885 1 229 330
Рас әл-Хайма رأس الخيمة Рас әл-Хайма 1 683 191 753
Умм әл-Кайвайн أم القيوين Умм әл-Кайвайн 59 098
Әл-Фуджайра الفجيرة Фуджейра 1 166 118 933
Шарджа الشارقة Шарджа 2 590 656 941

БАӘ-не 7 әмірлік кіреді: Абу-Даби, Дубай, Шарджа, Рас әл-Хайма, Аджаман, Әл-Фуджайра, Умм әл-Кайвайн. Әр әмірліктің әміршісі – шейх, ал жалпы мемлекеттік басқару билігі жоғарғы кеңеске берілген.

Ең алғашқы қоныстанушылар мұнда б.э.д. VІ ғ. келе бастады. Олардың негізгі кәсіптері балық аулау, інжу мен маржан өндіру, Месопатиямен, Үндістанмен және Египетпен сауда жүргізу болды. Оазистерде халықтар ауыл шаруашылығымен айналысты. Жергілікті халықтың дәстүрлі кәсіптері араб шапқыншылығынан кейін де, ағылшындардың отарлауынан кейін 1960 ж. басында бай мұнай кеніштерінің ашылуына дейін сақталды.



БАӘ мемлекет ретінде 1971 ж. бастап құрылды және олардың экономикасы мұнай өндіруге негізделген. Елдегі мұнай мен мұнай өнімдерін сату капиталдың жинақталуына мүмкіндік берді және инвестицияның халықаралық қызмет көрсету саласына, жеке айтқанда туристік кешенге бағытталды.

Ресми астанасы – Абу-Даби қаласы болып табылады. Ал туристік және сауда орталығы – Дубай шаһары. Әр әмірліктің есімі оның бас қаласының атауымен сәйкес келеді.

Халықтың 80%-ы басқа елден келушілер болып табылады. 2000 ж. санақ бойынша этникалық арабтар барлық тұрғынның 48,1% (оның ішінде БАӘ арабтары – 12,2%, бедуиндер – 9,4%, египеттік арабтар – 6,2%, оман арабтары – 4,1%, сауд арабтары - 4%), оңтүстік Азиядан келгендерi – 35,7%, ирандықтар - 5%, филлипиндіктер – 3,4%, еуропалықтар – 2,4%, басқалар – 5,4% бөлігін құрады.

БАӘ-нiң діні – ислам. Дегенмен, басқа діндерге де рұқсат берілген. Араб тілі, сонымен бірге ағылшын тілі де кең таралған.

БАӘ барлық аумағы шөлді жазық болып келеді, сирек вадилер кесіп өтеді. Тек Оман шығанағының жағалауында кейбір бөліктері 1000 м-ге дейін жететін жоталар көтерілген. Елдің көп бөлігін құмдар (Эд-Дарфа, Әл-Хамра) алып жатыр. Хамадалар шығысы мен батысында кездеседі. Елдің батысында сорлы шөл алқаптары – сабхалар бар. Ең үлкен сабха – Матти – диаметрі 40 шақырым.

БАӘ нағыз құрғақ субтропикалық климатымен ерекшеленеді (жылына жауын-шашын дәрежесі – 13 см). Жаз мезгілі өте ыстық болады (+48°С-ге дейін). Күн және бұлтсыз аспан жылына 360 күн. БАӘ-дe туристік маусым жазғы аптап азайған кезде қыркүйек айының соңында басталып, мамыр айының бірінші жартысына дейін созылады. БАӘ-да желтоқсан мен қаңтар ең салқын айлар болып есептеледі. Бұл кездегі ауа температурасы күндіз +28°С, түнде +18°С көрсетеді. Жауын-шашын өте сирек жауады, сондықтан тұрақты өзендер жоқ.

БАӘ өсімдіктер дүниесі өте кедей болып келеді. Өсімдіктер жер беті сулары жақын жатқан жерлерде қалыптасқан оазистерде кездеседі. Олар қазіргі уақытта суландыру жүйелері арқылы қамтамасыз етіліп отыр. Осындай оазистерден өздерінің бастамасы қаланған қалалар Абу Даби, Дубай, Шарджа. Шөлдің жануарлар дүниесінен негізінен қарақұйрық, жыландар мен кесірткелердің көптеген түрлері кездеседі. Ал су асты дүниесі құрлық ландшафтысымен салыстырғанда алуан түрлі болып келеді.



БАӘ алғаш сәттен бастап өзінің керемет табиғатымен, алтын жағажайларымен және таңғаларлық суасты әлемімен тартымды жылы әрі тап-таза теңізімен туристерді қызықтыратын ел.

Демалыс пен қонақүйлердегі қызмет көрсетудің ұйымдастырылғандығы соншалық, мұнда келген әрбір адам көптен күткен қонақ ретінде барлық артықшылықтарды пайдалана алады. Толық жайлылық пен дәстүрлі шығыстық қонақжайлылық мұндағы демалыстан ұнамды әрі естен кетпестей әсер қалдырады.

Ескілікті ұнатушыларды ежелгі архитектура ескерткіштеріне көптеген экскурсияларға, мұражайлар мен галереяларға апару арқылы таңқалдырады.

БАӘ-де белсенді демалысты жақсы көрушілер үшін барлық жағдайлар жасалған. Мұндағы барлық сауық түрлерін қызықтап шығу үшін бір апта демалыстың өзі жеткіліксіз. Мұнда дайвингпен, терең сулы аңшылықпен, садақ атумен айналысуға, түйемен және атпен жүрумен үйренуге, скутерлермен, катамарандармен, сәулетті қолайлы яхталармен жүзуге дүние жүзі бойынша ең жақсы жағдайлар жасалған. Парсы шығанағындағы балық аулау рахатқа бөлесе, гольф, теннис, футбол ойындары ағзаны қалыпқа келтіреді.

Аквапарктер, хауыздар, жабайы табиғаттағы зообақтар мен қорықтар, аттракцион бақтары күндізгі демалысты көңілді, мазмұнды өткізуге септігін тигізеді; ал көптеген барлар, мейрамханалар, араб әншілері мен бишілері бар түнгі клубтар түнгі сауықты ұнатушыларды қуантады.

Белсенді әрі тиімді шопингті ұнатушыларға БАӘ-да кең мүмкіндіктер ашылады. Көптеген базарлар, дүкендер, сауда фестивальдары мен жәрмеңкелері ешкімді бей-жай қалдырмайды. Осынау молшылық теңізінде әркім өзіне ұнаған және қалтасы көтеретін затты табады.

БАӘ-нің негізгі курорттарына мыналар жатады: Абу-Даби, Дубай, Фуджейра, Шарджа, Умм әл-Кайвайн және т.б.

Дубай – көлемі бойынша екінші Әмірлік, халқының саны – 600 мың адам. Дубай Таяу Шығыс елінің іскерлік орталығы, үнемі кеңею үстіндегі Парсы шығанағына Иран, Үндістан, Шығыс Африка, тіпті шеткері Шығыс елдері үшін “ену қақпасы” болып табылады. Ол қаланы екі бөлікке бөлетін Хор-Дубай шығанағымен қиылысып жатыр. Дубай – БАӘ-дегі негізгі туристік орталық, ең танымал курорттардың бірі, әркім қалаған демалыс пен сауық түрін таңдай алатын, өзіндік ерекшелігі бар еркін қала. Бар-Дубай – оңтүстік бөлігінде әр түрлі компаниялар мен банктер және басқа да мекемелердің басқару орталықтары орналасқан. Туристер үшін ең қызықтысы сауда орталығы, жануарлар саябағы және теңіз жағалауындағы Аль-Джумейра саябағы болып табылады.

Парсы шығанағының жағалауында орналасқан Дубай Таяу Шығыстағы басты саяхат орталығы болып табылады. Жыл бойы ашық күн, ертегідей жағажайлар, демалыс үшін мүмкіндіктің молдығы, спортпен шұғылдану – мұның бәрі демалысыңызды Дубайда өткізуге қолайлы жағдай жасайды. Жалпы Дубай қаласында көк тіреген үйлер, бесжұлдызды қонақүйлер мен сәулетті мейрамханалар тар көшелер және базарлармен кезектесіп отырады. Дубайдағы туризм индустриясының дамуының негізгі факторларының бірі – сыртқы сауда қатынасының белсенді жүргізілуі, екінші алғышарты – жағажай демалысы үшін қысқы маусымдағы ыңғайлы климаттық жағдайдың болуы.

Көптеген саяхатшылар мұнда атақта Дубай сауда орталықтарын, көз алмастыруға мүмкін емес тастар мен металлдарға толы Алтын базарды, Джумейра мешітін, Сайд патшасының сарайын тамашалау үшін дәне қаланы екі бөлікке бөлетін арналан дәстүрлі “доу” кемесімен немесе “арба” таксиімен аралау, сонымен қатар, паба, бар, түнгі клуб, дискотека секілді Дубайдың түнгі өміріне орану үшін ат терлетіп келеді.

Дубайда дүние жүзіндегі жоғарғы класты отель «Джумейра Бич» пен әлемдегі ең биік отель желкен формасында салынған «Арабия мұнарасы» (321м) орналасқан. «Арабия мұнарасы» екі қабатты номерлермен және су асты мейрамханаларымен жабдықталған. Қаланы су таксиімен (арба), жер бетілік (құрлық) таксимен, көлікті жалға алып немесе тікұшақ немесе шағын ұшақпен әуеге көтерілу арқылы тамашалауға болады. Қандай көлік түрін таңдаса да, туристерді әрқашан қызықтыратын бірнеше жерлер бар. Олар жел диірмендері бар ескі аудан, айлақ, қорық, мешіттер, мұражай, Халықаралық Сауда Орталығы, көптеген саябақтар, бақшалар және т.б. орындар.

Дубай турлары белсенді демалысты ұнатушыларды демалыстың жылқыға және түйелерге міну, ашық теңізде балық аулау, дайвинг, гидроциклдармен мен су шаңғыларымен серуендеу, виндсерфинг, парапланеризм және желкенмен жүру түрлерімен қызықтырады. Бұл таңғажайып қалада: ежелгі бедуиндердің құпияларын ашатын Әл-Фахиди бекініс мұражайы мен қазіргі заманғы сауда орталықтары, халықаралық көрмелер мен түйелер жарысы, қолайлы қонақүйлер мен ескі мешіттер бар. Дубайда 1990 ж. екінші жартысында круиздік туризм дами бастады. Егер 1993 ж. Дубайға бір ғана круиз кемесі келсе, 1999 ж. – 30, ал 2000 ж. – 200 астам кеме келген.

Дейра – солтүстік бөлігі – бұл бизнес пен туризмнің орталығы. Мұнда көптеген дүкендер, базарлар, мектептер, қонақүйлер, клубтар және халықаралық Дубай әуежайы бар. Бұл екі бөлік Әл-Хор шығанағымен өтетін Әл-Мактум және Әл-Гархуд көпірімен, сонымен қатар Әл-Шандага үңгіртауымен байланысқан.

Джебель Али ауданы бүкіл ел үшін өндірістік және сауда-саттық аймағы болып есептеледі. Бұл жалпы Парсы шығанағындағы ең ірі еркін экономикалық аймақ.

Джумейра мешіті 1979 ж. ортағасырлық ислам үлгісінде салынған. Оның құрылыс материалын ретінде алқызыл түсті құмдар құрады. Бұл құрылыстың ортағасырлық элементтері Каирдағы XIV-XV ғғ. мешіттерді еске түсіреді. Мешіт БАӘ-гі ең үлкен, әдемі, тартымды архитектуралық ескерткіштердің бірі.

Wonderland («Ғажайыптар елі») саябағы – Таяу Шығыстағы қазіргі үлгідегі тақырыптық саябақтардың бірі. Ол Дубайда орналасқан, Әл-Гархуд Бридж көпірінің және басқа танымал Криксайд қалалық саябағымен қатар орналасқан. «Ғажайыптар елі» саябағы 18 га. аумақты алып жатыр. Бұл саябақ ең ұнамды жанұялық демалыс орны саналады. Саябақтың барлық аттракциондары бір уақытта сегіз мың адамға дейін қабылдай алады. Саябақта су және құрлық аттракциондары кеңінен тараған. «Ғажайыптар елі» шартты түрде үш тақырыптық зоналарға бөлінеді.

Main Street немесе Кариб қалашығы көшесінде жаппай жарқын, көңілді әуен беріліп тұрады. Аяқ басқан сайын мұнда сиқыршылар мен сайқымазақтарды кездестіруге болады. Мұнда көптеген аттракциондар, түрлі шаралар өткізілетін бірнеше кафетерийлер, банкет залдары бар. Неғұрлым күрделі және маңызды аттракциондар Theme park зонасында жинақталған. Олар жасөспірімдердің талғамы мен қабілеттеріне бағытталған. Бұлар – әртүрлі катерлер, әткеншектер, картинг т.б. Сонымен қатар мұнда Әмірлікте жалғыз болып саналатын Space Shot («Ғарышқа секіру») деген атауға ие аттракцион орналасқан.

Келесі тақырыптық зона – Splashland аквапаркі. Мұнда келушілерге бірден тоғыз аттракцион, әсіресе балаларға және ересектерге арналған төбешіктер мен сырғанақтар ұсынылады. Бұл тақырыптық зонаның өзіндік ерекшелігі – су қозғалысы көмегімен жасалған күнделікті фильмдердің көрсетілімі.

Шарджа – БАӘ маңызды туризм объектісі болап саналады, елдің мәдени астанасы. БАӘ құрамына кіретін әмірліктер ішінде көлемі жөнінен үшінші орын алады. Аумағы шамамен 2600 шаршы шақырымды құрайды. Халқы шамамен 464 мың. Шарджа барлық солтүстік әмірліктердің әлеуметтік-экономикалық дамуында басты рөлді атқарады. Бұл астанада Шарджа – керемет лагунасымен ерекше саябақтары мен бақшалары бар өте таза, жасыл желекті қала. Шарджада өмір сүру теңіз жағасында орналасқан көптеген қонақүйлер есебінен жүзеге асырылады. Бұл Шарджаны туристердің сүйікті мекеніне айналдырған. Бірақ Шарджа өзіндік қаталдығымен де ерекшеленеді, мұнда бірқатар ережелер бар. Әмірлікте күнге күюге болмайды, тіпті жекеменшік жағажайлар болса да. Алкогольді ішімдіктер ішуге болмайды, тіпті қонақүйлердің өзінде де.

Шарджа соншалықты қымбат емес әмірлік, бірақ мұнда әсем Парсы шығанағының жағалауында керемет демалыс орындары бар. Шарджа жақын орналасқан табиғи тарихи мұражайымен баурап алады. Мұражайда сақталған ежелгі экспонаттарынан БАӘ-нің даму сатылары көрініс тапқан. БАӘ-нің сенім символы мен ұлттық мақтанышы – бұл «Құран» монументі.

Шарджа өзінің дәмді асханасымен таң қалдырады, сонымен қатар әр түрлі спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді. Шарджаның көрнекті орындарына сөзсіз, ерекше исламдық үлгіде салынған сауда базарларын жатқызуға болады. Қазіргі кезде әмірлікте 17-ге жуық түрлі бағыттағы этнографиялық, қару-жарақ ісі, археология, табиғи мұражайлар бар.

Шарджадағы Теңіз мұражайы. Шарджаның көрікті орындарының бірі жақын арада 2009 ж. ашылған теңіз мұражайы. Мұражай Хан ауданында орналасқан. Бұл БАӘ өмірінде теңіздің және онымен байланыстының барлығы маңызды орын алатындығын дәлелдейді. Мұражай экспозициялары қатарына арабтардың балық аулауда, інжулер жинауда және сауда қатынастарында пайдаланатын ағаш желкенді кемелері қойылған. Мұнда сонымен қатар бұрынғы теңіз жасаушылардың құрал-жабдықтарын, бірегей інжу моншақтарын тамашалауға болады. Теңіз мұражайын «интерактивті» деп те атауға болады. Оның залынан тек өткен және қазіргі белгілі капитандар мен теңіз саяхатшыларының портреттері мен суреттерін ғана көріп қоймай, ескі теңіз әуендерін тыңдауға, теңізшілердің орындауын көруге болады. Мұражай жұмадан басқа күндері аптасына алты рет жұмыс жасайды. Онда кіру үшін жанұялық билет те сатылады. Болашақта Теңіз мұражайы теңіз саябағының бір бөлігі болады деп болжанып отыр.

Шарджадағы Бейнелеу өнері мұражайы.Шарджада жиырмадан астам мұражай орналасқан, олардың ішіндегі ең танымалдарының бірі – Бейнелеу өнері мұражайы. Бұл мұражай 1997 ж. ашылған. Онда араб бейнелеу өнерінің жақсы туындылары жинақталып, сонымен қатар мұнда белгілі жергілікті және шетелдік суретшілердің көрмелері үнемі өткізіліп тұрады. Мұражайдың экспозициясындағы заттар әртүрлі дәуірлерден көрініс береді. Көрме іс-әрекетінен басқа мұражайда белсенді ғылыми жұмыстар жүргізіледі.

Шарджадағы шөл саябағы. Шарджа әмірлігінде «мұражайлар астанасынан» 28 шақырым жерде Шарджа шөл саябағы орналасқан. Бұл саябақ Әмірлік халқының, басқа елден келген қонақтарының ұнамды демалыс орны болып табылады. Саябақ ауданы біршама ауқымды аумақты қамтиды. Саябақ аумағында бірнеше мұражайлар орналасқан: Жаратылыстану мұражайы, Ботаникалық мұражай, Араб мәдениетінің орталығы, балалар фермасы және т.б. Жаратылыстану мұражайы теңіздік экожүйе және шөл жағдайында адамдарға өмір сүру ортасын туындатады. Жаңа технологиялар негізінде жанартаулар атқылау, метеориттердің құлауы, сонымен қатар ежелгі ландшафттар сияқты табиғат құбылыстарын тамашалауға болады.

Саябақтағы ең жас мұражай – Ботаникалық бақ. Бұл мұражайда оның келушілері аймақта өсетін өсімдіктер дүниесімен таныса алады.

Араб мәдениеті орталығында хайуанаттар саябағы бар. Онда қорқау, бабуин сияқты аймаққа тән жануарлар дүниесін, жергілікті фаунаның сирек кездесетін өкілдерін көруге болады. Мысалы, түйе, араб жолбарысы, құм мысығы және т.б.

Балалар фермасында кішкентай келушілер Әмірлікте өсірілетін үй хайуанаттарымен таныса алады, олардың күтімдерін тамашалай алады және оларды ұстап, ойнай алады.

Абу-Даби БАӘ-нің құрамына кіретін ең үлкен және ең бай әмірлік болып табылады. Осы әмірліктің және бүкіл БАӘ мемелекетінің астанасы болып табылатын Абу-Даби қаласы қала – саябақ болып есептеледі және іскерлік туризм орталығы саналады. БАӘ-де табылған мұнай көздері Абу-Даби қаласының инфрақұрылымын дамытуға көп қаржы бөлуге мүмкіндік беріп, қаланы нағыз курортқа айналдырды. Қаланың алып жатқан аумағы 67000 шаршы шақырымды құрайды. Астанада 900-дей биік ғимараттар бар. Абу-Дабидің құрамына Арабия түбегінің айналасында орналасқан 200 арал кіреді. Абу-Дабидің шығысында өсімдік дүниесіне бай Әл-Айн қаласы орналасқан. Қалада көптеген саябақтар, сонымен қатар артезиан ұңғымалары мен фермалар да бар. Бұл бөліктің ең көрікті жерлеріне Айн – Файад саябағы, Хафит тауы, Әл-Хейли аттракциондар саябағы, хайуанаттар саябағы мен Әл-Айн мұражайы жатады.

Материктен бұғаз арқылы бөлініп тұрған Абу-Даби қала-cаябақ атануға толық құқылы. Мол отырғызылған жасыл желек негізінде қала сыртына қарағанда қаладағы температура 1-2 градусқа төмен болып келеді. Соңғы он жыл ішінде Абу-Даби әлемнің ең әдемі, әрі сәнді қаласына айналды.

Абу-Дабиде млн-ға жуық адам тұрады. Жергілікті халық өкілдері арабтар халықтың аз ғана бөлігін құрайды. Басым шетел қауымдастары – үндістер, ағылшындар, пәкістандықтар. Жергілікті тұрғындар Банияз тайпасына жатады.

Әмірліктің климаты субтропиктік болып табылады. Жаздың ыстық әрі ылғалды айларын көпшілік туристер көтере алмайды. Көпшілік туристер бұл курортқа демалысқа қолайлы маусым болып саналатын қазан – мамыр айларында барады. Жаңбыр түріндегі жауын-шашын өте сирек, кейде қыста да болады. Орташа шамамен 13 мм-дей жауын-шашын түседі, бұл Еуропадағы жауынды күндерге пара-пар.

Абу-Даби қаласының географиялық орнына байланысты әмірлік қонақүйлері теңіз жағасында орналасқан. Абу-Даби қаласы шығыс дәстүрі мен қазіргі заманғы урбанистикалық пейзаждар үйлесімін тапқан әлемнің ең сұлу астаналарының бірі. Бұл БАӘ-дегі басты демалыс орталықтарының бірі болып саналады.

Әл-Айн оазисі.БАӘ астанасы Абу-Дабидан 150 шақырым жерде Әл-Айн қала-оазисі орналасқан. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен туристер тамашалауға келеді. Бұл аудан ел билеушілерінің шөлдерді көгалдандыру жұмыстарының нәтижесі болып табылады. Мұнда гүлденген өсімдіктер және елдегі ең әдемі саябақтар, шөлдер үшін таңғажайып субұрқақтар орналасқан.

Оазис аумағында ертеректе құнды пальма шоқтарын қорғау үшін салынған бірнеше ескі қорғандар сақталған. Мысалы, Әл-Джахили қорғаны XVII ғ. салынған, Әл-Айна мұражайының осында орналасуы бұл жердің көріктілігін арттыра түседі. Бұл мұражайда Джебел Хафит тау баурайында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған мыс құралдары, тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар және т.б. заттар жинақталған. Оазистің солтүстігінде Хили қоғамдық саябағы орналасқан. Саябақ аттракциондарында балалармен көңілді демалуға болады.

Әл-Айна хайуанаттар саябағы мен аквариумінде әлемнің барлық жерінен экзотикалық жануарлар түрлері және тек Арабияда өмір сүретін жануарлар жинақталған.

Фуджейра – елдің оңтүстік шығысында орналасқан, Үнді мұхитының жағалауындағы таң қаларлық әдемілігімен көз тартатын әмірлік. Мұхит, таулар, сарқырамалар, ежелгі бекіністер мен мешіттер көрінісі ашылатын, тыныш әрі жайлы демалыс іздеген адамға Фуджейра нағыз таптырмайтын орын болып табылады. Бұрын Фуджйера Шарджа әмірлігінің құрамында болды, 1953 ж. ғана тәуелсіздік алды. Барлық әмірліктердің ішінде Фуджейра ең жасы болып табылады. Дегенмен, мұнда ежелгі бекіністер, жазғы сарайлар, археологиялық мұражай, әмірліктердегі ең ескі саз балшықтан салынған мешіт бар. Ал өзінің кең ассортиментімен танымал болған Жұмалық базарда әркім қалаған нәрсесін тауып алады. Дегенмен де Фуджейраның басты байлығы оның көз тартарлық табиғаты болып табылады. Мұнда теңіз бойымен созылған тау тізбектері, жасыл желекпен жайқалған аңғарлар, жағажайлары бар шығанақтар ерекше үйлесімділікпен ғажайып суреттегідей орналасқан. Үш қорықтық зоналар – сарқырамалар, бақшалар, ыстық бұлақтар – келушілер үшін жыл бойы ашық.

Аджаман қаласының мұражайы. Аджаман бір уақытта каботаж сапарына арналған қырық кемеге дейін жасай алатын кеме жасау орталығы болып саналды. Бұл қала сонымен бәрге БАӘ-гі қызықты мұражайлардың бірі орналасқан қала. Мұражай XVIII ғ. салынған ескі қорғанда орын тепкен. Өткен ғасырдың 70-жылдарында мұнда Билеушілер резиденциясы, содан кейін полицей басқармасы, ал 1981 ж. бастап қалалық тарихи мұражай орналасқан. Аджаман қаласының мұражайы археологиялық қазба заттарының бай коллекциясы бар. Мұражайға келушілер ежелгі араб манускрипттерімен (көне заманғы қолжазба), қарулардың қайталанбас үлгілерімен, арабтардың дәстүрлі тұрғын үйлерінің ішкі көрінісімен, араб базарларымен таныса алады. Сонымен бірге Аджаман қаласының минералды бұлақтар орталығы ретіндегі тарихымен таныса алады. Бұл жер Парсы шығанағында орналасқан барлық елдерді ауыз сумен қамтамасыз етеді. Елдегі басқа мұражайлар сияқты бұл мұражай да белсенді дамып келеді. Мұнда көптеген көрмелер мен конференциялар өткізіліп тұрады, ғылыми орталық жұмыс жасайды.

БАӘ жыл сайын шетелдік туристердің одан әрі қызығушылығын арттырып келеді. Бұған БАӘ әлемдегі ең қауіпсіз демалыс орындарының бірі болып есептелуі негіз болып отыр. Сондықтан да шетелдік туристердің саны жал сайын артуда. Әсіресе, Таяу Шығыс (26%), Еуропа (26%) және Оңтүстік Азия (14%) аймақтарынан келушілер саны басым. Мемлекеттің халықаралық туризмнен түсетін кірісі 1 млрд АҚШ долларын құрайды.

Араб асханасы. Араб асханасында келесі тағамдар кең орын алған: хомус – бұршақ пен күнжіт ұрығынан жасалған паста, таббуле – ұсақталған жұмсақ ет, ақ желкен мен майдаланған бидай, гузи – жаңғақ пен күріш қосылған қозы еті. Харис – арнайы дайындалған бидайдан пісірілген ет.

Араб әмірліктері – теңіз елі, сондықтан мұнда ет тағамдарынан басқа теңіз жануарларынан жасалған тағамдар өте көп. Таңқышаян, асшаян, омар, тунец – бұлар күріш және арнайы дәм қосарлармен бірге берілетін тағамдар.

Араб елінің дәстүрлі жеңіл тамағы – шаверма (араб шелпегіне оратылған салат пен қозы немесе балапан еті) – қаланың әр бұрышында сатылады

Жергілікті десерттер өте дәмді – умм али (нан пудингісінің бір түрі), эш асаяя (бетіне крем жағылған тәтті ірімшік бәліші), мехалабия – (қызғылт сумен және пістелермен себілген пудинг).

Кофе тағайындау – бұл елдегі үлкен өнер болып есептеледі. Ең кереметі – арабиялық, ашық түсті. Ол жартылай қыздырылған дәннен жасалады. Көптеген Араб дәмханаларынан оның дәмін татуға болады.

БАЭ мұсылман елі болғандықтан, спирттік ішімдіктер барлар мен мейрамханаларда, қонайүйлерде ғана сатылады. Тек Шардж әмірлігінде ғана ішімдікке мүлде тыйым салынған. Дубай – ең демократиялық қала болып саналады. Қоғамдық орындарда, көшеде, жағажайда ішімдікті пайдалануға болмайды.

Діни мерекелердің мерзімі Исламда қабылданған айлық күнтізбе бойынша белгіленеді. Күндік күнтізбеге қарағанда айлық күнтізбенің жылдық айналымы 11 күнге қысқа болып келеді. Діни мерекелер кезінде мейрамханалар жұмыс істемейді немесе онда темекі шегуге, спирттік ішімдіктер ішуге тыйым салынады. Рамадан мерекесін алып қарасақ, бұл айда дүкендердің жұмыс уақыты қысқартылып, қоғамдық орындарда ішіп-жеуге, темекі шегуге болмайды. Бұл талаптар отель аумағына таратылмайды. Демалыс күні – жұма.

Біріккен Араб Әмірліктерінің салт-дәстүрлері оның мұсылман елі екендігінен бастау алады. Сондықтан, бұл елмен түсінісіп, келісімге келу үшін және жақсы дем алу үшін осы халықтың дәстүрін сыйлау қажет.

Ислам шарттары, әсіресе, қасиетті Рамадан айында қатаң сақталынады. Тәуліктің жарық кезінде мұсылман баласының аузы берік болады. Қылмыс пен заң бұзушылықты Шариғат соты қарастырады. Анаша тарату мен жыныстық қатынас сипатындағы қылмыстар қатаң жазаланады. Спирттік ішімдіктер ішуге барда, ресторанда немесе отель нөмірінде ғана рұқсат етіледі. Қоғамдық орындарда алкогольді пайдалану немесе көшеде мас болып жүрудің соңы қылмыстық жазалауға немесе елден кетіруге әкеліп соғады.

Намаз оқып жатқан адамдарға қарау, оларды фотосуретке немесе бейнесуретке түсіру, мешітке жалаңтөс кіру мәдениетсіздіктің белгісі деп танылады.

Үйге кіру үшін алдымен аяқ киімді шешу қажет. Арабтар үшін қарсы отырған адамның өкшесі көрініп тұрса, бұл қорлық болып саналады. Арабтардың қол алысуы ұзағырақ, себебі, бұл ерекше мұқияттылықтың белгісі. Қоштасу кезінде қол алысуды ұмытпаған абзал. Қымбат адамдардың қолын екі қолмен алған дұрыс. Мұсылман әйелге қолды бірінші болып бермейді, қажет болса, оны өзі жасайды.

Арабтармен сөйлесу кезінде, тіпті ол жақсы білетін ескі танысыңыз болса да, оған оның әйелі туралы ешқашан сұрақ қоюға болмайды. Отбасы жағдайы туралы сыпайы ғана сұраған жөн.

Арабтар өте қонақ жай халық. Олар қонақты шай, кофе немесе салқын шырындармен қарсы алады. Шығыс елі қонақ күтудің ежелгі дәстүрін ұстанады, сондықтан тағамды қабылдамау – үй иесін сыйламағандықтың белгісі. Тағамды, шырындарды немесе қандай да бір заттарды тек оң қолмен ғана алған дұрыс.

Шай, кофе секілді сусындар тұтқасы болмайтын кіші стаканға құйылып, сүтсіз, тәтті-дәмділермен қоса беріледі. Жаздың ыстық күнінде шөп қосылған араб шайы адам жанын сергітеді.

Жыл бойы жаз бен ыстық болатын Дубай қаласында әйелдер киіміне қатаң шектеулер қойылмайды. Дегенмен, жергілікті дәстүрді сыйлап, өте ашық көйлектерді кимеген абзал.

БАӘ – әлем туристері үшін ең бай және тартымды мемлекет. Парсы шығанағының жылы сулары, құмды жағажайлары, шөлейтті табиғи көріністері, құрма, банан және лимон шоқтарының ылғалды алқаптары, қазіргі кезеңгі өмір тәртібі, халықтың ұлттық дәстүрге деген сенімі, еуропалық тамаша супермаркеттерi мен шығыс базарлары – мұның бәрі саяхатшылар үшін қиял әлемі.

 








Date: 2015-06-07; view: 1343; Нарушение авторских прав



mydocx.ru - 2015-2021 year. (0.021 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию