Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Инклюзивті білім берудің маңызы





Әрбір адамның маңызды құқықтары мен еркіндіктері жүйесіндегі негіз қалаушы фактор болып білім алу құқығы табылады. Қазақстан Республикасында, барлық дамыған мемлекеттерде сияқты, аталған құқыққа, әлеуметтік немесе материалдық деңгейге, жынысы мен діни көзқарастарға, денсаулық қалпына және т.б. ерекшеліктерге қарамастан, барша адамдар ие. Біздің мемлекетімізде бірде бір бала дамуындағы интеллектуалдық немесе физикалық бұзылыстар себебінен бұл құқықтан айырылмайды. Барлық балалардың білім алуға құқығы біздің мемлекетіміздің басты заңы - Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілденген. 1994 жылы біздің мемлекетіміз БҰҰ-ның бала құқықтары жайлы Конвенциясын ратификациялай отырып, денсаулық және даму бұзылыстары бар балаларды «білім беру саласындағы қызметтерге нәтижелі қол жеткізу», баланы, мүмкіндігінше, әлеуметтік өмірге қосу арқылы жеке тұлға ретінде, мәдени және рухани дамуын қоса алғанда, дамыту міндеттерін алды.

Осы сәттен бастап ҚР-да денсаулық және даму бұзылыстары бар балаларды толыққанды өмір сүруге сапалы білім алуға қолжеткізу арқылы дайындау міндеті негізгі мәселелердің бірі болып табылады. Мемлекетімізде барлық балаларға келешекте қалыпты деңгейдегі адамдар мен олардың ортасында өзіндік және толыққанды өмір сүруге, еңбекте, шығармашылықта және жеке өмірде максималды жетістіктерге жетуге негіз болатын бірдей мүмкіндіктер жасау басты бағыттардың бірі. Осындай бағыттардың бірі болып инклюзивті білім беру табылады: даму бұзылыстары бар балаларға білім алуда басқалармен тең құқылы болып, кез-келген шеттетудің алдын алып, ерекше жағдайларды (материалды-техникалық, кадрлық, психологиялық-педагогикалық, сауықтыру және т.б.) қарастыратын жалпыға білім беруді дамыту үрдісі.

Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беру идеяларының пайда болуы мен енгізілуі п.ғ.д., профессор Р.А.Сулейменованың атымен байланысты. Р.А.Сулейменова даму кемістіктері бар балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік бейімдеу және кәсіби–еңбектік реабилитациялау Республикалық ғылыми-практикалық орталығының негізін қалаушы, директоры, соңынан бас директоры.

Р.А.Сулейменова берген анықтама бойынша, «инклюзивті білім беру – балаларды бөліп қарастыру кедергілерін жоюға бағытталған, барлық балаларды жалпыға білім беру процесіне қосу мен оларды әлеуметтік бейімдеуде жасына, жынысына, этникалық, діни қатынасына, даму кемшіліктеріне немесе экономикалық статусына қарамастан, отбасының белсенді қатысуымен, балаға түзету-педагогикалық және нақты әлеуметтік қолдау көрсету арқылы, адекватты білім беру жағдайларын жасауда, балалардың білім алу қажеттіліктері мен жеке ерекшеліктеріне баланы емес, ортаны бейімдеуге бағытталған мемлекеттің саясаты.

Яғни, бұл анықтамада инклюзивті білім беру жүйесі барлық балаларға, олардың физикалық, интеллектуалдық, әлеуметтік, эмоционалдық, тілдік немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, білім беруді ұйымдастыруда тең мүмкіндіктер жасалуын қамту қарастырылған. Кең мағынада, инклюзивті білім беру дегеніміз – балаларды өздерінен ерекшеленетін құрдастарымен бірге оқыту. Нәтижесінде өсіп келе жатқан адам қоғамның толыққанды мүшесі болып қалыптаса алады.


Р.А.Сулейменова ұсынған «инклюзивті білім берудің» анықтамасы ҚР-ң дамуында түрлі бұзылыстары бар тұлғаларға білім беру аймағындағы мемлекеттік саясатының негізін құрады. Білім беру саясатының негізгі ережелері бірқатар нормативті-құқықтық құжаттарда қарастырылған: ҚР «Білім беру заңы», «Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзете қолдау туралы Заңы», 2011-2020 ж.ж. ҚР білімді дамыту Мемлекеттік бағдарламасы және т.б. Сонымен қатар, «2011-2020 ж.ж. ҚР білімді дамыту Мемлекеттік бағдарламасы» негізінде Қазақстан Республикасында 2020 жылға дейін даму мүмкіндігі шектеулі балалар мен үлкендерге бағытталған тиісті деңгейдегі мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу, мектептік және кәсіби білім беруді қамтамасыз ететін «инклюзивті оқыту жүйесі» құрылады.

Мүмкіндігі шектеулі балалар – қалыптасқан тәртіпке сай дәлелденген, туа, тұқымқуалаушылық, жүре немесе замқымдардың нәтижесінде пайда болған аурулардың себебінен өмірлік іс-әрекеттерінде шектеулері бар, физикалық және (немесе) психикалық кемістіктері бар он сегіз жасқа толмаған балалар.

Мүмкіндігі шектеулі балалардың топтары:

1. Есту бұзылыстары бар балалар (кереңдер, нашар еститіндер, саңыраулар).

  1. Көру бұзылыстары бар балалар (соқырлар, нашар көретіндер, көру мүмкіндігінен кеш айырылғандар).

3. Қимыл-қозғалыс аппаратының функциясында бұзылыстары бар балалар.

4. Сөйлеу тілінде бұзылыстары бар балалар.

5. Ақыл-есі кем балалар.

6. Психикалық дамуы тежелген балалар.

7. Іс-әрекетінде және эмоционалдық-еріктік аймағында бұзылыстары бар балалар.

8. Күрделі бұзылыстары бар балалар, сонымен қатар соқыр-естімейтіндер.

Инклюзивті немесе «біріктіріп қосылған» білім беру - мүмкіндігі шектеулі балаларды жалпыға білім беру мектептерінде оқыту процесін сипаттауда қолданылатын термин. Инклюзивті білім беру – адамдардың түрлі қажеттіліктерін ескере отырып ұйымдастырылған жалпыға білім беру процесінің дамуы. Инклюзивті білім беру оқушылардың айырмашылықтарын мойындаудан басталады. Оқытудағы инклюзивті бағытты дамытуда мұндай айырмашылықтар білім беру процесінің негізін құрайды.

Инклюзивті білім берудің концепциясы барлық балалар, олардың мәдени және әлеуметтік деңгейлеріне, қабілеттері мен мүмкіндіктеріне қарамастан бірдей мектептерге баруы керек, оқуда түрлі қажеттіліктері бар балалар индивидум болып табылады - деген пікірлерге негізделеді. Бүгінгі күнде қарастырылатын нормативті-әдістемелік құжаттармен нақты анықталған даму мүмкіндігі шектеулі балалар өзінің мекен-жайына жақын орналасқан, балаға қажетті түзету көмегін көрсетуі тиіс, кез-келген жалпыға білім беру мекемесінде оқи алады. Мұндай оқыту процесі балаға отбасынан, үйінен, туыстары мен жақындарынан, достарынан ажырамай білім алуға, қоғамға қосылып әлеуметтену мәселелерін нәтижелі шешуге көмек береді. Есейе келе, балалар өзіндік ерекшеліктерін қабылдап, басқа адамдардың ерекшеліктерін ескеруге үйренеді. Әлеуметтік–философиялық мағынада инклюзивті білім беру қоғам мен білім беру институттар жүйесі қолдап, дамытатын қалыпты балалар мен мүмкіндігі шектеулі балалардың бірге өмір сүруінің түрі (формасы). Бұл контекстте инклюзивті білім беру әрбір оқушы білім алу орнын, тәсілі мен тілін таңдауға құқылы, білім беру мекемесінде мүмкіндігі шектеулі балалардың нәтижелі білім алуы мен дамуына қажетті жағдай жасау, оларды жалпыға білім беру мекемесінің оқу процесіне толық қосу – деп, қарастырылады.


Инклюзивті білім беру барлық балаларға толық мөлшерде балабақша, мектеп, институт ұжымының өміріне, баршаға тең құқылы деңгейде ұжым мен қоғамның іс-әрекетіне қатысуға мүмкіндік береді.

Инклюзивті білім беру келесі ұстанымдарға негізделеді:

1. Барлық адамдардың құқықтары тең болу принципі (индивидуалдылық пен ерекшеліктерді ескеру жағдайында).

  1. Кез-келген дискриминациялау түрін болдырмау, яғни мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу мен әлеуметтік өмірге қатысу құқықтарын шектемеу.

3. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың әлеуметтік-қоғамдық өмірдің барлық аймақтарына байланысты ерекше қажеттіліктерін қамту құқықтарын қабылдау, сонымен қатар, білім алуда (әлеуметтік инфрақұрылымның нысаналарына қол жеткізе алу мен білім алудағы ерекше жағдайлар).

4. Мүмкіндігі шектеулі баланың нәтижелі әлеуметтенуіне қажет жағдайлар мен қызметтерді ұсынудағы қоғамның міндеттері.


5. Барлық балаларды мектепке дейінгі мекемелер мен жалпыға білім беру мектептеріне қабылдауғажағдай жасау, барлық мүмкіндіктерді пайдалану.

Анықталған ұстанымдарды мектепке дейінгі мекемелер мен жалпыға

білім беру мектептерінің педагогикалық ұжымдарымен қатар ата-аналар және қатысты тұлғалардың ұжымдары орындаулары тиіс. Инклюзивті білім беру екі әлеуметтік субъекттердің бір-біріне бағытталып, жақындастыратын екіжақтамалы процесс:

1. Мүмкіндігі шектеулі балалардың қалыпты деңгейдегі құрбыларымен бірге оқу процесіне қосылуға ұмтылысы, сонымен қатар олардың ата-аналары арасындағы осындай байланыс.

  1. Аталған бірігіп оқу процесін құруға қажетті жағымды ұйымдастыру-функционалдық, адамгершілік-психологиялық жағдайларын қамтитын жалпыға білім беру процесінің өзі.

Инклюзивті бағыт балалардың түрлі білім алу қажеттіліктерін түсіну мен қажеттіліктерді ескеру арқылы білім беру процесіне қатысуға керек қызметтерді ұсынуды қарастырады. Бұл процеске қоғам қатысып, білім беру саласындағы сегрегация мен дискриминацияны жою тиіс.

Қалыпты деңгейдегі оқушылар үшін инклюзивті білім беру дегеніміз – инклюзивті және қалыпты сынып арасында таңдау жасаудағы еркіндік, және де, егер бірінші нұсқа таңдалса – баланы білім беру стандартында қарастырылған, білім алу сапасы мен оқу жылдамдығымен қамту, баланың инклюзивті білім беру ережелері мен белгіленген әлеуметтік ұстанымдарды қабылдауы. Осындай жағдайда ғана «инклюзивті қоғамға» көшу іске асырылады, яғни балалар арасындағы айырмашылықтар «өзара байланыста даму» ресурсы деп қарастырылатын әлеуметтік қарым-қатынастар нұсқасында.

Инклюзивті бағыттың жетістіктері анық:

- мүмкіндігі шектеулі баланың әлеуметтенуіне жағымды жағдайлар жасалады.

- Дамуында түрлі бұзылыстары бар балалардың оқу және оқу іс-әрекетінен тыс байланыстарға түсу мүмкіндіктері қамтылады.

- Педагогтардың квалификациясы жоғарылайды.

- Балаларды оқыту мен тәрбиелеуде жаңа технологиялар құрастырылып, енгізіледі.

- Арнайы (түзету) ұйымдармен, әлеуметтік және медициналық мекемелермен өзара байланыстар орнатылады.

Инклюзивті білім беру жүйесі қиындықтар мен өзгерістерге берілетін статикалық құрылым емес, ол балалардың индивидуалды ерекшеліктеріне байланысты оқыту жағдайларын үнемі жетілдіруге бағытталған динамикалық процесс. Жалпыға білім беру мектебінде мүмкіндігі шектеулі балаларды қалыпты құрбыларының қатарына қосу мен нәтижелі әлеуметтену жағдайлары ғана емес, сонымен бірге баланың барлық потенциалдық мүмкіндіктері анықталып, дамытуға бағытталған жұмыс жасалуы керек. Білім беру жүйесінің даму бұзылыстары бар балаларды жеке тұлға ретінде қабілеттерінің ашылып, максималды жетілуіне әсер ететін әлеуметтік-психологиялық реабилитациялауда үлкен мүмкіндіктері бар.

Инклюзивті білім берудің негізінде 8 маңызды принциптер жатыр:

1. Адамның құндылығы оның қабілеттері және жетістіктерімен анықталмайды.

  1. Әрбір адам сезуге, ойлауға қабілетті.

3. Әрбір адам қарым-қатынасқа, басқалардың оны естуіне құқылы.

4. Адамдар бір-біріне қажет.

5. Білім алу тек нақты өзара байланыстарда ғана іске асырылады.

6. Барлық адамдарға құрбыларының қолдауы мен достық қарым-қатынасы керек.

7. Барлық білім алушылардың жетістікке жетуі олардың не істей алмайтынымен емес, не істей алатынымен анықталады.

8. Түрлілік адам өмірінің барлық жақтарын күшейтеді.

Инклюзивті білім берудің негізгі идеясы - баланың білім беру жүйесіне қосылуға дайын болуы емес, жүйенің өзінің кез-келген баланы қосып алуға дайындығында. Яғни, барлық педагогтар мен ата-аналар инклюзивті білім беруді – жалпыға білім беру мектебі мен балабақшаға ашық есік ғана емес, сонымен бірге білім беру нәтижесіне жауапкершілік деп түсінулері тиіс. Оның сапасы мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу қажеттіліктеріне байланысты ұсынылатын қызметтердің сай болуына тәуелді. Инклюзивті білім беруде мүмкіндігі шектеулі бала білімдерді жалпыға білім беру стандартында қалыпты балаларға қатысты қарастырылған мерзімде меңгеруі тиіс екендігін ескеретін болсақ, онда мұндай бағыт психофизикалық даму деңгейі бойынша жасына сай немесе оған жақын балаларға ғана қатысты қолданылады. Н.М.Малофеев бойынша, инклюзивті білім беруді ұйымдастыру мектепке дейінгі кезеңде ең нәтижелі. Білім беру ұйымдары оларға адекватты жауап беруі үшін, нәтижелі білім беру стратегияларын іздеп, модельдеп, келешекте тәжірибеге енгізу үшін сипаттама берулері керек.

Инклюзивті білім беру модельдерінің іске қосылуының негізгі принциптері:

1. Мүмкіндігі шектеулі балалардың барлық өмірлік іс-әрекеттер аймақтары мен әлеуметтік өзара байланыстарындағы қызығушылықтарының приоритеті.

  1. Психофизикалық дамуында түрлі деңгейлі балалардың қажеттіліктері мен сұраныстарын ескеру.

3. Түрлі тежелген даму жылдамдығы бар балалардың білім алу құқықтарын ескеру.

4. Инклюзивті процесті мағыналық, әдістемелік қамту мен басқаруда жүйелілік бағытын ұстану.

5. Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту мен тәрбиелеу жүйесін құруда алмастырылатын білім беру бағыттарын ескеру (жалпыға білім беру моделі, арнайы білім беру, инклюзивті білім беру, әлеуметтік реабилитация, қосымша білім беру тәсілдерімен реабилитациялау, аралас модельдер және т.б.).

6. Аймақтың реабилитациялау кеңістігін құру мен іске қосуда жалпы әдістемелік бағытты құрастыру.

7. Балалар мен үлкендер ортасында пайда болатын жеке немесе әлеуметтік бейімделе алмау және үйлесімсіздік тәуекелдерін үнемі қадағалау.

Инклюзивті білім беру негізінде барлық балаларды, мүмкіндігінше, олардың арасындағы ерекшеліктерге қарамастан, бірге оқыту принципі жатыр. Инклюзивті білім беру концепциясына сәйкес әрбір баланың қайталанбас қасиеттері, қызығушылықтары, қабілеттері және білім алу қажеттіліктері бар, сондықтан ерекше балалар жалпыға білім беру жүйесіне қосылу үшін балалардың қажеттіліктеріне бағытталған педагогикалық әдістер көмегімен осы жүйемен қамтылуы тиіс.

Инклюзивті білім беру мәселесін зерттеуде оның келесі принциптерін атап өту керек:

- қоғам үшін барлық оқушылар мен педагогтардың құндылығын мойындау;

- балалардың жергілікті мектептердің мәдени өмірінде қатысу мөлшерін жоғарылату, сонымен қатар балалардың мектептік өмірден шеттетілу деңгейін төмендету;

- мектептің жанында тұратын барлық балалардың түрлі қажеттіліктерін қамту үшін мектептің әдістемелік жұмысын талдап, қайта құру жұмысын жүргізу;

- мүгедек немесе ерекше білім алу қажеттіліктері бар балалар үшін ғана емес, сонымен бірге барлық оқушыларға білім алу мен мектеп өміріне толық қатысуға мүмкіндік бермейтін кедергілерді жою;

- кедергілерді жою жолдарын зерттеп, талдауда өзгерістер енгізу;

- оқушылар арасындағы ерекшеліктер жойылуы тиіс кедергілер емес, олар педагогикалық процесті дамытатын ресурстар;

- баланың мекен-жайына жақын орналасқан мектепте білім алуға құқығын мойындау;

- мектептегі жағдайды тек оқушыларға ғана емес, мұғалімдер үшін де жақсарту;

- мектептің рөлі оқушылардың академиялық көрсеткіштерін жоғарылатуда ғана емес, сонымен бірге қоғамдық құндылықтарды дамытуда да маңызды екендігін мойындау;

- мектепаралық және жергілікті ұйымдар арасындағы біріккен іс-әрекет пен қолдау көрсетуді дамыту;

- инклюзивті білім беруді қоғамдағы теңдік аспектілерінің бірі ретінде қабылдау.

Инклюзивті бағыт ЮНЕСКО бойынша келесідей мағынаға ие:

- мектеп жасындағы барлық балалар толыққанды білім беру процесіне белсенді қатысады;

- сапалы мектептік білім алуда барлық балалардың мүмкіндіктері тең;

- барлық балалардың ерекшеліктеріне қарамастан, бірге оқуға мүмкіндіктері бар;

- барлық балалар бірге өмір сүруге үйренулері керек;

- инклюзивті бағыт инклюзивті қоғамның дамуы мен оның жетілуінің негізі.

Сонымен қазіргі таңдағы білім беру жүйесі мүмкіндігі шектеулі адамдарды шешімін табуы тиіс мәселе деп қарастырмай, білім алушылардың түрлілігін жағымды қабылдап, индивидуалды ерекшеліктерді барлығы білім алу процесін кеңейту мүмкіндігі, - деп бағалайды. Қазақстан Республикасында сапалық жағынан жаңа білім беру жүйесін жалпы және де инклюзивті бағытта құру әлеуметтік–экономикалық жағдайдың өзгеруімен байланысты. Қазақстан Республикасында инклюзивті білім беруді дамыту негізінде келесі маңызды принциптер мен құндылықтар қарастырылған:

1. Әрбір баланың жалпыға білім беру мекемелерінде оқуда және сапалы білім алуда тең құқылы болуы.

2. Әр баланың оқуға қабілеттілігін мойындап, қажетті жағдайлар жасау.

3. Балаларға отбасында дамуға жағдай жасап, барлық мәдени, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің және басқа да қоғамның жетістіктерін пайдалануға мүмкіндік беру.

4. Ата-аналарды балаларының бірінші мұғалімдері, тең құқылы серіктестері ретінде оқу процесіне қосу.

5. Жеке тұлғалық, жекелік бағыт негізінде құрастырылған оқу бағдарламаларын бейімдеу. Бағдарламалар мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың оқу дағдыларын өмір бойы дамытуға әсер етіп, қоғамның өміріне толыққанды қатысу мүмкіндіктеріне бағытталуы тиіс.

6. Инклюзивті білім беруде мүмкіндігі шектеулі тұлғалардың білім алудағы ерекше қажеттіліктерін ескере отырып, арнайы жағдайларды жасау қажет екендігін мойындау.

7. Оқытудың инклюзивті моделін іске асыруда заманауи зерттеулер мен тәжірибелердің нәтижелерін қолдану.

8. Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту мен тәрбиелеуде пәнаралық және топтық бағыттарды қолдану, ол үшін педагогтар, ата-аналар, логопедтер, психологтар, дефектолог-мұғалімдер және т.б. мамандар бірігіп жұмыс жасаулары керек.

Инклюзивті білім беруді дамытуға қойылатын негізгі талаптар:

- түрлі мүмкіндіктері бар балалардың барлығы білім беру ортасына қосылғанда өздерінің мүмкіндіктері шектеулі екендігін сезінбеулері керек.

- Қандай да бір көрсеткіштері бойынша балаларды топтарға бөлмей, біріктіріп оқыту.

- Мүмкіндігі шектеулі балалар өз жастарына сай құрбыларымен бір сыныпта оқытылады.

- Мүмкіндігі шектеулі балаларды нәтижелі оқыту мен тәрбиелеу үшін арнайы жағдайлар жасау.

Яғни, инклюзивті білім беру жаңа жүйе болып табылады, онда оқушылар мен педагогтар – «барлық балаларға сапалы әрі қолжетімді білім беру» - деген жалпы мақсатқа ұмтылады.

Заманауи педагогикада интеграциялау процесінің дамуына білім берудегі жаңа құндылықтардың пайда болуы үлкен әсер етті. Білім саласындағы құндылықтар, әлеуметтік жүйе ретінде, адам мен қоғамның дамуына жағдай жасайды. Білім беру жүйесі оқушылардың қажеттіліктерін қамтып, білім алып, құқықтарын қорғай алуға көмек береді. Мұның барлығы жалпыға білім беру жүйесінен шеттетілген балалардың топтарына бағытталған мемлекеттің білім беру саясаты. Инклюзивті білім беруді іске асырудағы қажетті көрсеткіштердің бірі – білімнің сапасы. Мұнда білім алу құқығы тек қолжетімділік ғана емес, сонымен қатар балалық шақтан үлкен болғанға дейін білім алу процесіндегі әр адамның жетістіктерге жетуі.

 

 







Date: 2015-10-19; view: 10140; Нарушение авторских прав



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.025 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию