Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Ресурстар. 7 page





2. Херфиндаль-Хиршман индексі (IHH) – нарықтағы фирмалардың шоғырлану (концентрация) деңгейін анықтайтын және нарықтың барлық қатысушылары арасында нарықтық билікті бөлуді сипаттайтын көрсеткіш. Индексті есептеу үшін әрбір фирманың нарықтағы жеке үлестері бөлшек ретінде шаршының алынуы керек және мына формауламен анықталып, осы шаршылардың қосындысы арқылы алынады:

IHH = S2 1 + S2 2 +... + S2 n,

мұндағы, IHH – шоғырлану (концентрация) көрсеткіші, S2 1 – ең ірі фирманың нарықтағы пайыздық үлес салмағы, S2 2 – көлемі бойынша келесі фирманың нарықтағы пайыздық үлес салмағы, S2 n – ең кіші фирманың үлес салмағы. IHH -дің ең жоғарғы шамасы – 10000, яғни оның мәні салада тек бір фирма болғанда 10000-ға тең болады, өйткені S2 1 – 100%. Егер салада 100 бірдей фирма болса, онда S2 1 = 1%-ке, ал IHH 100-ге тең болады.

 

2. Монополистік бәсеке – бұл салада өзіндік ерекшеліктері бар тауарларды өндіретін және өзара бәсекеге түсетін көптеген фирмалар болатын, сонымен қатар, олардың ешқайсысының нарықтық бағаны бақылауға толық билігі болмайтын нарықтық құрылымның бір түрі. Монополиялық бәсеке «таза монополия» жағдайына, сонымен қатар «жетілген бәсекеге» де ұқсайды.

Монополиялық бәсеке жағдайында фирманың сұраныс қисығы төмен қарай бағытталған, кемімелі, икемді болады. Сұраныс икемділігінің факторлары – бәсекелестер саны, өнімнің ерекшелену (дифференциациялану) деңгейі.

Тауарды ерекшелендіру (дифференциациялау) дегеніміз – фирманың нарықтағы өз билігін күшейту мақсатында тұтынушы-ның көз алдында тауарын өзіне ұқсас тауарлардан қандай да бір белгімен айрықша көрсету әдістерін сипаттайтын нарықтағы мінез-құлықтық элементі, яғни ондай айрықша белгілерге: сапа, жарнама, сауда белгісі, сату шарттары, буып-түю және т.б жатады.

Монополиялық бәсеке нарығы моделінің ерекшеліктерін екі негізгі сипаты бойынша қарастыруға болады:

1. Монополиялық сипаттары бойынша:

- кемімелі сұраныс қисығы;

- бағаға әсер ете алу мүмкіндігі.

2. Бәсекелестік сипаттары бойынша:

- нарықты басқа ұсақ фирмалардың көпшілігімен бөлісу;

- іс-әрекеттері басқа фирмалаға тәуелді емес;

- өнім көлемін шектеу мақсатында келісімге келу мүмкіндігі жоқ.

Тауарды өзгешелендірумен байланысты шығарылатын қосымша шығындар осы салаға жаңа фирмалардың кіруіне кедергі болуы мүмкін.

Монополистік бәсеке нарығының монополия сияқты қоғам үшін экономикалық тиімсіздікке алып келетін әлеуметтік-экономикалық салдарлары бар. Біріншіден, тауарлар өндірісі үшін ресурстар толық қолданыла алмайды, яғни жоғарыда атап өткеніміздей, артық өндіріс қуаты пайда болады. Екіншіден, тұтынушылар тауарларды төменгі бағамен сатып ала алмайды, яғни оларға қажетті тауарлар тиісті деңгейінде өндірілмейді. Үшіншіден, тауарға тұтынушылық сұранысты бейімдеу үшін сол тауарға үнемі ерекшелік беріп жетілдіріп отыру қажет. Төртіншіден, тауарға тұтынушылық сұранысты бейімдеу үшін сол тауарға жарнама жасап отыруды қажет етеді.

 

3. Олигополия – шешім қабылдау кезінде өздерінің бәсекелес-терінің мүмкін болатын іс-қимылдарын есепке алатын, бір-бірімен өзара тығыз қарым-қатынаста әрекет ететін фирмалардың саны шектеулі және санаулы болып табылатын жетілмеген бәсеке жағдайындағы нарықтық құрылымның бір типі.


Олигополия нарығы моделінің түрлері:

1. Табиғи олигополия – ұзақ мерзімдік ең төменгі орташа шығындармен барлық нарыққа өнімнің белгілі бір түрін бірнеше фирмалардың сатуымен ерекшеленетін олигополияның бір түрі.

2. Таза (стандартталған) олигополия – біртекті (стандартты) өнімді (мысалы, металл, шикі мұнай, т.б.) өндіруді жоспарлаған бірнеше ірі фирмалардың нарықта әрекет етуін сипаттайтын олигополия нарығының бір түрі.

3. Ерекшеленген (дифференциацияланған) олигополия – нарыққа әртүрлі (ерекшеленген) өнімдерді (мысалы, автомобиль, тұрмыстық техника, т.б.) бірнеше ірі фирмалардың шығарып сатуын сипаттайтын олигополия нарығының бір түрі.

Олигополия нарығының негізгі ерекшеліктері:

1. Нарықта басым фирмалар болады, олардың саны көп емес.

2. Олигополиялық фирмалардың нарықтық үлестері көп болады, сондықтан бағаға монополиялық билік жүргізе алады.

3. Осындай әрбір фирманың сұраныс қисығы төмен қарай бағытталған болады.

4. Олигополиялық нарықтың басты сипаты – фирмалар бір бірімен тығыз байланыста және өзара тәуелділікте болады. Баға мен өнім көлемін анықтағанда әрбір фирма өзінің бәсекелестерінің ықтимал реакциясын ескеруге мәжбүр болады.

5. Салаға жаңа фирмалардың кіруіне айтарлықтай кедергілер қойылады.

Жалпы өзара байланыстың салдары:

1) сұранысты бағалау қиындығы;

2) шекті түсімді анықтауға болмайды;

3) тепе-теңдік баға (P*) мен тепе-теңдік сату көлемін (Q*) анықтау мүмкіндігі жоқ.

Нарық іс-әрекетінің осындай белгісіздігінен олигополия үлгісінің көптігі туындайды, олар кооперативтік және кооперативтік емес іс-әрекет модельдеріне бөлінеді.

Кооперативтік емес іс-әрекет – бұл әрбір жеке олигополист-фирмалардың бәсекелестерінің ықтимал шешімдері мен реакцияларын ескере отырып, баға мен өнім көлемі туралы мәселелерді өз бетінше дербес шешуін сипаттайтын бірікпеген қимылдары.

Кооперативтік іс-әрекет – бұл саладағы олигополист-фирмалардың біртұ-тас монополия құру мақсатымен баға, өнім көлемі және ықтимал пайда туралы мәселелерді өзара бірігіп шешуін сипаттайтын қимылдары.

 

6.4 Жетілген және жетілмеген бәсеке жағдайында баға мен өндіріс көлемін таңдау


 

Нарықтық құрылымның және бәсекелестіктің әртүрлі жағдайларында жұмыс істейтін кез-келген фирманың іс-әрекеті пайда табуға және оны арттыруға негізделеді. Ол мақсатқа жету үшін фирмалар оңтайлы баға мен өндірістің тиімді көлемін таңдау қажет. Жетілген және жетілмеген бәсеке жағдайында өндірілетін тауарлардың әртүрлі болуына байланысты фирмалар бағаны тағайындағанда оның өніміне деген сұраныс қисығымен әрдайым санасып отырады. Содан соң фирма пайдасын көтеретін өндірістің ең тиімді көлемін таңдауға ұмтылады.

Жетілген бәсеке жағдайында фирманың өніміне деген сұраныс абсолютті икемді болып табыла отырып, оның сұраныс қисығы шекті табыс қисығымен сәйкес келеді, бұл өз кезегінде фирманың нарықтық бағаны басшылыққа ала отырып шығарылым көлемі туралы шешім қабылдауға итермелейді. Фирма өз пайдасын шекті шығындар нарықтық бағаға тең болғандағы шығарылым көлемі кезінде максималдайды. Қысқа мерзімде жетілген бәсекелес фирманың ұсыныс қисығы өндірістің қысқа мерзімді шекті шығындарының орташа өзгермелі шығындармен қиылысуындағы жоғарғы кесіндісімен сәйкес келеді:

- өндірістің орташа шығындарынан жоғары баға кезінде фирма экономикалық пайда алады;

- бағаның өндірістің орташа шығындарына тең болуы кезінде фирма нөлдік пайда ала отырып, өзін-өзі өтеу жағдайында болады;

- фирма шығындарды ең аз деңгейге жеткізе отырып бағаның минималды орташа өзгермелі шығындарымен тең болғандағы шығарылым көлемін жүзеге асыруы қажет. Жетілген бәсекелестік жағдайында ұзақ мерзімді уақытта MC=MR=AC=P теңдігі сақталады. Тепе-теңдік жағдайында осы белгілі бәсекелестік саланың барлық фирмаларының шығындары бірдей болуы керек деген парадокс туындайды. Жетілген бәсеке нарығында салаға кіріп-шығу тосқауылдарының жоқ болуы ұзақ мерзімде нарықтық ұсыныстың ұлғаюы есебінен экономикалық пайданың жоғалуына себепші болып табылады. Жетілген бәсекелі фирманың және саланың ұзақ мерзімдегі тепе-теңдік жағдайы нарықтық баға өндірістің ұзақ мерзімдегі минималды орташа шығындарына тең болған уақытта орындалады, яғни фирмалар нөлдік экономикалық пайданы ғана ала алады. Қысқа мерзімдегі нарықтық (салалық) ұсыныс бағаның әрбір жеке деңгейінде жекелеген фирманың қысқа мерзімдегі ұсыныс көлемдерін көлденеңінен қосу арқылы анықталады. Салалық ұсыныстың ұзақ мерзімдегі қисығы өндіріс факторларына деген бағалардың өзгеруіне байланысты қалыптасады және оның көлбеулігі мынадай болуы мүмкін: а) көлденең түзу сызықты, егер өндіріс факторларының бағалары салалық шығарылым көлемін кеңейту кезінде өзгеріссіз қалса; ә) жоғары бағытталған өспелі қисық түрінде, егер факторлардың бағалары өссе; б) төмен бағытталған кемімелі қисық түрінде болуы мүмкін, егер өндіріс факторларының бағалары төмендейтін болса. Жетілген бәсеке нарығы әрекет етудің мынадай шарттарының орындалуын қамтамасыз етеді, яғни жетілген бәсеке жағдайындағы фирма баға шекті шығындарға және де өндірістің ұзақ мерзімдегі минималды орташа шығындарына тең болғандағы сату көлемін таңдайды. Жетілген бәсеке нарығы әрекет етуді қамтамасыз етудің аса тиімді әдісі болып табылады, яғни бұл жерде өндірістік ресурстарды аса ұтымды түрде пайдалану жүзеге асырылады және өндіріс үрдісі ең аз шығындармен және аса арзан тәсілдермен орындалады.


Монополия жағдайында фирманың билік жүргізуінің көзі болып нарыққа бақылау жасай алуы табылады, ол нарықты бақылау арқылы өзінің өндіріс көлемін реттей отырып нарықтық бағаға әсер ете алады. Монополия жағдайында минималды орташа шығындармен өндіруге ынталандыратын нарықтық күштер болмағандықтан, монополист өндірістің кез-келген көлемін таңдай алады. Пайданы максимизациялау ережесіне жүгіне отырып, монополист шекті табыс өндірістің шекті шығындарына тең болғандағы өндіріс көлемін таңдайды. Бұл жағдайда, сұраныс қисығының көлбеулігін ескере отырып монополист бағаны бір өнімге кететін шекті шығындардан жоғары етіп тағайындайды, яғни осы баға оның өніміне деген сұраныс икемділігіне кері пропорционалды олып табылады. Монополисттің өндіріс көлемі туралы шешім қабылдауы шекті түсім қисығының сипатын анықтайтын сұраныс икемділігінің өзгеруіне байланысты болса, онда баға мен ұсыныс көлемі арасында арақатынас орын алмайды, сондықтанда монополия жағдайында ұсыныс қисығы болмайды. Әр түрлі тең жағдайларда монополистің ұсыныс көлемі жетілген бәсекелес фирмаға қарағанда төмен, ал бір өнімге деген монополиялық баға жетілген бәсекелес фирманың бағасына қарағанда жоғары болып табылады, осының салдарынан қоғамдың әл-ауқаты төмендейді.

Монополистік бәсеке жағдайында фирма пайданы максималдауды басшылыққа алатын болса, онда ол шығарылым көлемін өндірістің шекті шығындары оның шекті табысына тең болған кезде оңтайландыруы қажет. Монополистік бәсеке жағдайында жұмыс істейтін фирма өнімінің бағасы қысқа мерзімде оның орташа өзгермелі шығындарын және ұзақ мерзімді кезең үшін ұзақ мерзімді орташа шығындарды жауып отырғанша дейін шығарылым көлемін жүзеге асыра береді. Монополистік бәсеке жағдайында фирманың және саланың ұзақ мерзімдік тепе-теңдігі тауарды өндірістің ұзақ мерзімді орташа шығындарға тең болғандағы бағамен сатқанда орындалады, бұл салалық тосқауылдардың төмен болуына орай бәсекенің орын алуына себепші болып табылады. Сондықтанда, фирма ұзақ мерзімдік тепе-теңдік жағдайында бола отырып экономикалық пайда алу мүмкіндігінен айрылады. Монополистік бәсеке жағдайындағы фирмалар өз өніміне деген сұраныс қисықтарының көлбеулігімен санасады десек, онда олардың ұзақ мерзімдік тепе-теңдікке жетуі нарықтық бағалардың шекті шығындардан және өндірістің ұзақ мерзімді минималды орташа шығындарынан жоғары болуы кезінде қамтамасыз етіледі, ал бұл өз кезегінде артық өндіріс қуатының болуын сипаттайды.

Олигополия жағдайында фирмалар салалық пайда максималды болатындай шығарылым көлемін қамтамасыз етуді өз алдына мақсат етіп қояды. Өзара әрекеттесудің өзі кооперативтік стратегия формасында жүзеге асуы мүмкін, яғни бұл жағдайда бірігу фирмалардың баға мен өндіріс көлемі туралы өзара келісімге келуі арқылы қол жеткізіледі, және де әрекет ету кооперативтік емес стратегияны қолдану кезінде орын алуы мүмкін, яғни бұл жағдайдағы координация бәсекелік әдістер жолымен жүзеге асырылады. Кооперативтік іс-әрекеттер кезінде фирмалар біртұтас монополия ретінде мінез-құлық танытып, бағаны жоғары белгілейді және өнім көлемін де тым шектейді. Ал кооперативтік емес іс-әрекет кезінде фирмалардың мінез-құлқы жетілген бәсекеге ұқсас болып келеді және олардың пайдасы да кооперативтікке қарағанда төмен болады.

 

6.5 Бәсекені қорғау және монополияны шектеу. Антимонополиялық саясат

Қазіргі уақытта таза монополия нарығын мемлекет тарапынан реттеудің әлемдік тәжірибе тұрғысынан қалыптасқан бірнеше тәсілдері бар, яғни монополиялық билікті қысқартудың негізгі тәсілдері мыналар болып табылады:

1. Монополияға қарсы заңдар – фирмалардың қоғамға зардап шектіретін монополиялық билікті көбейтуіне қарсы бағытталған шаралар. Мұндай заңдылықтардың негізгі мақсаты – ірі фирмалардың бірігуіне, бәсекелетікті әлсіретуге, монополияны орнатуға, яғни олардың бірігуіне рұқсат бермеу арқылы құрылымдық салаларды реттеу.

2. Табиғи монополияларды мемлекет тарапынан реттеу (тікелей және жанама).

3. Мемлекеттік меншікті қалыптастыру, яғни жеке иеліктегі табиғи монополияны реттеудің орнына, мемлекет өзі монополияны иемденуші бола бастайды. Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, пайдаға ұмтылу – фирманы кәсіби басқарудағы тіректі кепіл болып табылады.

Сонымен, монополиялық іс-әрекеттерді мемлекеттік реттеу салалық ұсынысты ұлғайту мақсатында жүзеге асырылады және ол монополиялық әрекеттерді жоюға бағытталған құқықтық нормалар, монополияның нарықтық билікті жүзеге асыру мүмкіндіктерін шектейтін экономикалық іс-шаралар сияқты әдістер арқылы жүргізіледі.

Әдебиеттер тізімі

 

1. С. Әкімбеков, А.С. Баймұхаметова, У.А. Жанайдаров. Экономикалық теория. Оқу құралы. Жалпы редакция С. Әкімбековтікі. – Астана: 2002. - 464 б.

2. Жалпы экономикалық теория. Оқулық. Ө.Қ. Шеденов, Е.Н. Сағындықов, Б.А. Жүнісов, Ү.С. Байжомартов, Б.И. Комягин. /Жалпы редакциясын басқарған Ө.Қ. Шеденов – Ақтөбе, «А-Полиграфия», 2004 – 455 бет.

3. Я. Әубәкіров, К. Нәрібаев, М. Есқалиев, Е. Жатқанбаев, т.б. Экономикалық теория негіздері. Оқулық. – Алматы, «Санат», 1998. – 479 бет.

4. Ғабит Ж.Х. Экономикалық теория: оқу-әдістемелік кешен. – Астана: 2006., 248 б.

5. Нарматов С.Р., Нарматова А.С. Экономикалық теория. Лекциялар курсы. (Оқу құралы). – Алматы: «Эверо», 2009. – 516 бет.

6. Курс экономической теории: учебник – 5-е исправленное, дополненное и переработанное издание/ Под общ. ред. Чепурина М.Н. и Киселевой Е.А. – Киров: «АСА», 2006 – 832 с.

7. Сажина М.А., Чибриков Г.Г. Экономическая теория: Учебник для вузов. – 2-е изд., перераб. и доп. – М.: Норма, 2005. – 672.

8. Крымова В. Экономикалық теория: Кестелі оқу құралы. Алматы: Аркаим, 2009. – 196 б.

9. Женсхан Д.Ж. Экономикалық теория. Экономикалық емес мамандықтарға арналған қысқаша курс. Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ., 2008. – 147 б.

10. Шеденов Ө.Қ. Экономикалық ілімдер тарихы: оқулық. - Ақтөбе: А - Полиграфия, 2006. – 316 б.

11. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты», 2012 ж. 28 қаңтар.

12. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз», 2011 ж. 28 қаңтар.

13. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері», 2010 ж. 30 қаңтар.

14. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға». 2009 ж. 7 наурыз.

15. Н.Ә. Назарбаев. Қазақстан - 2030: «Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы», Алматы – 1998 ж.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары

1. Бәсекелестіктің түрлері қандай?

2. Нарықтық құрылымдар және оларды анықтайтын факторлар қандай?

3. Жетілген бәсекенің шарттары қандай?

4. Жетілген бәсеке жағдайында баға мен өнім көлемін таңдаудың ерекшеліктері қандай?

5. Жетілмеген бәсекенің түрлері қандай?

6. Монополияның түрлері қандай?

7. Монополияның шарттары қандай?

8. Олигополия жағдайында шешім қабылдаудың ерекшеліктері қандай?

9. Монополистік бәсеке жағдайында өнімді ерекшелендіру мен жарнамалау қалай орын алады?

10. Антимонополиялық саясаттың негізгі бағыттары қандай?

 

Студенттің өзіндік жұмыстары

1. Тақырып бойынша экономикалық сөздік жасау (глоссарий).

2. Тақырып бойынша логикалық схемалар құрастыру.

3. Мына сұрақтарға жауап беріңіз (конспект):

1) Монопсония және екі жақты монополия.

2) Дуополия, дуопсония, олигопсония үлгілері.

 

4. Тест тапсырмалары:

1. Таза бәсеке - бұл:

A) Баға арқылы жүргізілетін бәсеке.

B) Көптеген сатып алушылар мен сатушылардың бәсекелістігі.

C) Даулы мәселелер бойынша келісім.

D) Кәсіпорындар арасындағы бәсеке.

Е) Жалғыз сатып алушының сауда жүргізуі.

2. Мына көрсетілген салалардың қайсысында монополиялық әрекеттер тиімді түрде жүзеге асырылуы мүмкін?

A) Жеңіл өнеркәсіпте. B) Тамақ өнеркәсібінде.

C) Жылумен қамтамасыз ету орталықтарында.

D) Жиһаз дайындау цехтарында. E) Көтерме сауда нүктелерінде.

3. Нарықтық ортада монополиялық билік болу үшін:

A) Жеке өндіруші нарықтық бағаның өзгеруіне ықпал ете алуы керек. B) Жеке өндіруші нарықтық бағаның өзгеруіне ықпал ете алмайды. C) Жеке өндіруші өнім көлемін қысқартуы қажет.

D) Жеке өндіруші өнім көлемін өсіруі қажет.

E) Өндірушілер арасында бәсекелестк болмауы қажет.

4. Олигополиялық бәсеке жағдайында:

A) Бірнеше ірі фирмалар жұмыс істейді.

B) Бірнеше сатып алушылар жұмыс істейді.

C) Көптеген сатушылар нарықта орын алады.

D) Әділетсіз бәсекенің формасы көп кездеседі.

E) Тек бағалық емес бәсеке орын алады.

5. Біртекті немесе әртүрлі тауарлар мен қызметтер өндіретін бірнеше ірі өндірушілері бар нарықтық модель қалай аталады?

A) Олигопсония. B) Олигополия. C) Монополистік бәсеке.

D) Монопсония. E) Монополистік олигополия.

6. Монополияның әрекеттері лицензиялаумен байланысты, өйткені:

A) Нарықта ерекше өнім өндіріледі. B) Әртүрлі өнімдер өндіріледі.

C) Біртекті тауарлар өндіріледі. D) Фирмаға қажетті өнімдер шығарылады. E) Адамға қауіпті өнімдер өндіріледі.

7. Монополистік бәсеке нарығында фирма немен сипатталады:

A) Әр түрлі өнім шығарады. B) Бірнеше фирма қатысады. C) Нарыққа еркін кіріп шыға алмайды. D) Нарық туралы толық мәлімет болмайды. E) Жалғыз сатушының болуы.

8. Монополия жағдайында салаға кіру:

A) Тосқауылдармен шектелген. B) Қиындатылған. C) Еркін.

D) Ашық. E) Кез келген фирмаға мүмкін.

9. Монополист дегеніміз кім?

A) Жалғыз ғана сатып алушы. B) Биржаларда келісім жасаушы тұлға. C) Ұйымның басшысы. D) Жалғыз ғана сатушы. E) Банккке ақша салушы адам.

10. Дуополиялық бәсеке қандай белгімен анықталады?

A) Өнімді жалғыз фирманың өндіруі.

B) Нарықта көптеген сатушылардың жұмыс істеуі.

C) Нарықта өнімнің белгілі бір түрін екі кәсіпорынның өндіруі.

D) Өнімнің белгілі бір түрін бірнеше фирмалардың өндіруі.

E) Нақты екі ғана ірі сатып алушының үстемдік жүргізуі.

11. Сұраныс пен ұсыныс бағаның реттеушілік рөлін сипаттау үшін қандай нарықтарда қолданылады?

A) Тауарлар мен қызметтер нарығында. B) Валюта нарығында.

C) Бағалы қағаздар нарығында. D) Ресурстар нарығында. E) Кез келген нарықтарда.

12. Монополистік бәсеке нарығында фирма:

A) Стандартты және сараланған тауарлар шығырады.

B) Сапалы тауарлар шығарады.

C) Ерекше тауарлар шығарады.

D) Әртүрлі тауарлар өндіреді.

E) Біртекті тауарлар өндіреді.

13. Біртектес тауарларды әртүрлі тұтынушыларға әртүрлі бағамен сатуды не деп атаймыз?

A) Ғылыми техникалық қақтығысу. B) Бағалық дискриминация.

C) Бағалық емес дискриминация. D) Өндірістік қақтығысу.

E) Бәсекелік дискриминация.

14. Мына көрсетілген салалардың қайсысында монополиялық әрекеттер тиімді түрде жүзеге асырылуы мүмкін?

A) Бөлшек сауда. B) Бөлмені жинастыру. C) Су құбырларының желілері. D) Аяқ киім шығару. E) Сыртқы киімдер шығару.

15. Жетілген бәсекелі фирманың өніміне деген сұраныс қисығының пішіні қандай болып келеді?







Date: 2015-10-22; view: 1045; Нарушение авторских прав



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.042 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию