Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Ресурстар. 5 page





3) Экономикалық ұтымдылық принципі – рационалды субъектінің өз алдына қойған мақсаттарын жүзеге асыру барысында берілген шығындар деңгейінде немесе ең аз шығынмен максималды нәтижелілікке жетуіндегі ұтымды шешім қабылдау әрекеті мен мінез-құлқы. Бұл жерде нарықтың әрбір субъектісі аса жоғары көрсеткішке жетуіне тырысады: тұтынушы өз қажеттіліктерін максималдауды, фирма өз пайдасын арттыруды, мемлекет халықтың әл-ауқатын көтеруді мақсат етеді.

Осы аталған принциптер негізінде нарық механизмі сұраныс пен ұсыныс сияқты қарама-қарсы күштерді және нарықтық бағаларды пайдалануға негізделген нарықтық тепе-теңдікті қалыптастыруға мүмкіндік береді.

 

5.3 Инфрақұрылым және нарықтық инфрақұрылым

 

Инфрақұрылым – бұл қоғамдық өндірістің қалыпты жұмыс істеуі үшін фирмалардың қызметіне және тұрғындардың өмір-тіршілігіне әсер ететін шаруашылық ұйымдарының және коммерциялық емес мекемелердің кешенді жүйесі.

Экономикада инфрақұрылымның мынадай түрлері қалыптасқан:

1. Өндірістік инфрақұрылым – бұл өндірістік қызметтер мен халық шаруашылығындағы экономикалық айналымды қамтамасыз ететін салалар мен салаішілік салалардың жиынтығы. Өндірістік инфрақұрылымның құрамына мыналар кіреді: өндіріске қызмет көрсететін көліктердің барлық түрлері, өндіріске қызмет көрсететін байланыс құралдары, материалдық-техникалық жабдықтау, тауарлар қозғалысының жүйесі, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау және өткізу, электр қуатының объектілері, т.б. Инфрақұрылымның бұл түрі қоғамдық өндірістің тиімді жұмыс істеуі мен оны орналастыру үшін жалпы жағдайлар жасайды.

2. Әлеуметтік инфрақұрылым – бұл халықтың дұрыс өмір сүруі үшін материалдық, мәдени-тұрмыстық, рухани жағдайларды қамтамасыз ететін салалардың және салаішілік салалардың жиынтығы. Бұл әртүрлі қызмет көрсетулер мен рухани игіліктерді өндіру аясы. Әлеуметтік инфрақұрылымның құрамына мыналар жатқызылады: халыққа білім беру, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт, мәдениет пен өнер, бөлшек сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрмыстық қызмет көрсету, жолаушылар көлігі, халыққа қызмет көрсету орталықтары, т.б.

3. Нарықтық инфрақұрылым – бұл ерекше нарықтар ретінде әрекет ететін және олардың тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететін институттардың өзара байланысқан жиынтығы. Нарықтық инфрақұрылымның құрамына мыналар жатады: банктер, сақтандыру компаниялары, тауар және қор биржалары, еңбек биржалары, сауда үйлері, көтерме және бөлшек сауда кәсіпорындары, жәрмеңкелер мен көрмелер, аукциондар, делдалдық құрылымдар, сауда-өнеркәсіп палаталары, кедендік мекемелер, ақпарат орталықтары, жарнамалық агенттіктер, заң қызметтері, т.б.

 

5.4 Сұраныс пен ұсыныс: мәні, әсер ететін факторлары, заңдары, қисықтары. Нарықтық тепе-теңдік

 

Сұраныс әрқашанда сатып алушылар (тұтынушылар, үй шаруашылықтары) тарапынан болады.


Сұраныс дегеніміз тұтынушылардың белгілі бір уақытта, белгілі бір бағамен тауарлар мен қызметтердің белгілі бір көлемін сатып алуға деген дайындығын сипаттайтын төлем қабілеттілігі бар қажеттіліктері мен талаптары. Сұраныс көлемі, яғни тауарларды сатып алу көлемі – бұл тұтынушылардың ағымдағы бағамен берілген уақыт бірлігінде сатып алғысы келетін сол игіліктердің максималды саны. Ал, сұраныс бағасы – бұл тұтынушылардың белгілі бір игіліктің санын сатып алу үшін төлеуге дайын және төлей алатын максималды бағасы. Сұраныс заңы дегеніміз – тауардың бағасы мен сатып алу көлемі арасындағы кері тәуелділікті сипаттайтын нарықтық ұстаным: тауардың бағасы неғұрлым жоғарылаған сайын, тауарға сұраныс соғұрлым төмендей береді, ал тауардың бағасы неғұрлым төмендеген сайын, тауарға сұраныс соғұрлым жоғарылай береді.

Сұраныс функциясы – бұл сұранысқа әсер ететін әртүрлі факторлардың өзгеруінен сол сұраныс көлемінің өзгеру сипатын бейнелейтін тәуелділік. Әрине сұранысқа әсер ететін маңызды фактор баға болып табылады. Сонымен қатар, сұранысқа әсер ететін бағалық емес факторлар да бар: а) тұтынушылардың табысы; ә) алмастырушы және толықтырушы тауарлардың бағасы; б) тұтынушылардың талғамы; в) алдағы уақытты немесе болашақты күту; г) нарықтағы тұтынушылардың саны, т.б. Сұранысқа және сұраныс көлеміне әсер ететін барлық факторларды сұраныс детерминанттары деп те атайды. Сұраныс барлық осы факторлардың функциясы болып табылады:

QD = f (Р, I, Z, W, Psub, Pcom, N, В),

мұндағы, QD — сұраныс; Р— баға; I— табыс; Z— талғамдар мен қалаулар; W— күтулер (waiting); Psub – алмастырушы (субститутты) тауарлардың бағасы; Pcom – толықтырушы (комплементарлы) тауарлардың бағасы; N — сатып алушылардың саны; В — басқа да факторлар.

Ұсыныс дегеніміз – бұл сатушылардың нарықта белгілі бір тауар көлемін немесе қызмет түрін берілген уақыт мезетінде белгілі бір бағамен сатуға деген даярлығы немесе сата алу қабілеті. Ұсыныс көлемі – бұл нарықтағы барлық сатушылардың берілген уақыт мезетінде сатқысы келетін немесе сатуға дайын игіліктерінің жалпы саны. Ал ұсыныс бағасы – бұл сатушының нарық жағдайында берілген игіліктің көлемін сатуға дайын минималды бағасы. Тауардың бағасы мен тауарды сату көлемі арасындағы тура тәуелділікті сипаттайтын нарықтық ұстанымды ұсыныс заңы деп атаймыз: баға жоғары болғанда (басқа факторлар тұрақты болғанда) сатушылар өз тауарын көбірек көлемде сатқысы немесе ұсынғысы келеді. Мысалы, 20 теңге бағамен сатушылар Х тауарының 2 бірлігін сатады, 30 теңге бағамен – 4 бірлікті, ал 50 теңге бағамен Х тауарының 6 бірлігін сата алады.


Өндірушілердің берілген игіліктерді сатуға дайындығы ұсыныс детерминанттарымен сипатталады. Ұсыныс детерминанттары деп нарық жағдайында ұсынысқа немесе сатушылардың сату қабілетіне әсер ететін бағалық және бағалық емес факторларды айтамыз. Ол факторлар мыналар: а) сол тауардың берілген уақыт мезетіндегі бағасы; ә) өндіріс факторларының (ресурстардың) бағалары; б) өндірісте қолданылатын технологияның сипаты; в) болашақ бағаны және тапшылықты күту; г) салықтар мен субсидиялардың көлемі; д) сатушылардың саны; т.б. Ұсыныс көлемі барлық осы факторлардың функциясы болып табылады. Ал ұсыныс функциясы дегеніміз ұсынысқа әсер ететін әртүрлі факторлардың өзгеруінен сол ұсыныс көлемінің өзгеру сипатын бейнелейтін тәуелділік және ол мынадай формуламен беріледі:

Qs = f (P, Pr, К, Т, N, В),

мұндағы, Pr — ресурстардың бағалары; К — технология; Т — салықтар мен субсидиялар; N — сатушылардың саны; В — басқа да факторлар.

Нарықтық тепе-теңдік дегеніміз бұл берілген баға бойынша игіліктерге деген сұраныс көлемі оның сол игіліктің ұсыныс көлеміне тең болған кезіндегі орын алатын нарықтың қалыптасқан жағдайы. Әрине, бұл жерде, нарықтық тепе-теңдіктің қалыптасу шартының басты параметрлері болып, біріншіден, жоғарыда аталып өткендей, тепе – теңдік баға және тепе – теңдік көлем табылады. Тепе-теңдік баға – бұл сатып алушылар мен сатушылардың өзара әрекеттері нәтижесіндегі сұраныс бағасы мен ұсыныс бағасын теңестіретін ортақ баға. Ал тепе-теңдік көлем – бұл сатып алушылар мен сатушылардың өзара әрекеттері нәтижесінде сұраныс көлемі мен ұсыныс көлемін теңестіретін ортақ сату және сатып алу көлемі.


 

5.5 Икемділік ұғымы. Сұраныс пен ұсыныс икемділігі

 

Біз енді нарықтық механизмнің әрекет етуі мен даму заңдылықтарын және оның негізгі элементі болып табылатын сұраныс пен ұсынысты одан әрі терең талдау үшін икемділік деген ұғымды қарастырамыз. Экономикалық агенттердің тарапынан бағаның және табыстың өзгеруіне деген мүмкін реакцияларын зерттеуде икемділік ұғымы маңызды рөл ойнайды. «Икемділік» ұғымын да жоғарыда аталған, ағылшын экономисі Альфред Маршалл өз зерттеуінде алғаш рет қолданып микроэкономика ғылымына енгізген болатын. Кейін, бұл ұғым туралы идеяларды ағылшын экономисі Джон Хикс пен американ экономисі Пол Самуэльсон және тағы басқа да ғалымдар әріқарай дамыта түсті.

Икемділік дегеніміз – бір айнымалы өлшемнің өзгеруіне байланысты екінші бір айнымалы өлшемнің өзгеріске ұшырау реакциясының дәрежесі. Икемділіктің сандық мәнін есептеу үшін икемділіктің коэффициенті қолданылады. Ал, икемділік коэффициенті дегеніміз - бір айнымалының 1 пайызға өзгеруі нәтижесінде екінші бір айнымалының соған байланысты қанша пайызға өзгеретінін көрсететін сандық көрсеткіш. Икемділіктің мәні нөлден шексіздікке дейін өзгеріп отырады. Икемділік сұранысқа да, ұсынысқа да әсер етеді. Ең алдымен, икемділіктің сұранысқа қалай әсер ететіндігін қарастыру қажет. Осы жерде сұраныс икемділігінің үш түрі болады:

1. Cұраныстың баға бойынша икемділігі – бұл тауар бағасының бір пайызға өзгергендегі сұраныс көлемінің салыстырмалы өзгеру реакциясының сезімталдылығын сипаттайтын көрсеткіштік коэффициент. Тәжірибелік мәні жағынан, икемділіктің абсолюттік шамалары емес салыстырмалы шамалары ғана маңызды болып табылады. Бұл айтпаса да түсінікті. Мысалы, біз «сникерстің» бағасы 10 теңгеге өсті десек, онда оның өзгеруін байқамау мүмкін емес, өйткені ол тауар үшін бағаның осылай өсуі өте маңызды болып табылады, сондықтан ол сұраныс көлемін айтарлықтай өзгертеді. Ал «Вольво» автокөлігіне баға 10 теңгеге өсті десек, онда оның өзгеруі тұтынушының сұраныс көлеміне мүлдем әсер етпейді. Сондықтанда, бағаның және сұраныс көлемінің өзгеруі салыстырмалы шамада мынадай формуламен беріледі:

EDP = DQ% / DР%,

мұндағы, EDP – сұраныстың бағалық икемділігінің мәнін көрсететін коэффициент; DQ% - сұраныс көлемінің салыстырмалы өзгеруі; DР% - бағаның салыстырмалы өзгеруі. Сұраныстың баға бойынша икемділігіне байланысты бес түрі бар: 1) Икемді сұраныс – бағаның өзгеруіне қарағанда сұраныс көлемінің көбірек өзгеруін көрсететін жағдай, бұл жерде икемділіктің мәні 1-ден жоғары болады, ЕPD>1 (бұл сұраныс көлемінің бағаға қарағанда тез өсетіндігін немесе кемитіндігін білдіреді). 2) Икемсіз сұраныс - бағаның өзгеруіне қарағанда сұраныс көлемінің азырақ өзгеруін көрсететін жағдай, бұл жерде икемділіктің мәні 1-ден төмен болады, ЕPD<1 (бұл сұраныс көлемінің бағаға қарағанда баяу өсетіндігін немесе кемитіндігін білдіреді). 3) Бірлік икемді сұраныс – бағаның және сұраныс көлемінің бір пропорцияда өзгеруін көрсететін жағдай, бұл жерде икемділіктің мәні 1-ге тең болады, ЕPD =1 (бұл бағаның қанша пайызға өзгерсе, сұраныс көлемінің де сонша пайызға өзгеретіндігін білдіреді). 4) Абсолютті (өте) икемді сұраныс – бағаның өте аз өзгеруіне немесе мүлдем өзгермеуіне орай сұраныс көлемінің шексіз өзгеруін көрсететін жағдай, мұнда икемділіктің мәні шексіздікке ұмтылады, EPD = ¥.

5) Абсолютті (өте) икемсіз сұраныс – бағаның өзгеруі сұраныс көлемін мүлдем өзгерпейтінін немесе салыстырмалы өте аз өзгертетінін көрсететін жағдай, мұнда икемділіктің мәні нөлге тең болады, EPD = 0. Өте икемді және өте икемсіз сұраныстың түрлерін икемділіктің ең шеткі немесе сирек кездесетін жағдайлары деп атайды.

2. Сұраныстың қиылысқан (тоғыспалы) икемділігі – бір тауардың бағасының (Х) пайыздық өзгеруіне байланысты сол тауарды алмастыратын немесе толықтыратын екінші бір тауарға (Y) деген сұраныс көлемінің пайыздық өзгеру дәрежесін көрсететін коэффициент. Бұл икемділіктің коэффициенті мына формуламен беріледі:

 

EDx,y = DQy% / DРx%,

мұндағы, EDx,y – сұраныстың қиылысқан икемділігінің мәнін көрсететін коэффициент; DQy% - Y тауарына деген сұраныс көлемінің салыстырмалы өзгеруі; DРx% - X тауары бағасының салыстырмалы өзгеруі.

Егер қиылысқан икемділіктің мәні (EDx,y >0) 0-ден үлкен немесе оң сан болса, онда бұл қарастырылып отырған X және Y тауарлары – бірін-бірі алмыстырушы (субститут) тауарлар болып саналады (егерде, кофенің бағасы өсетін болса, онда оны алмастыратын шәйға деген сұраныс артады). Егер қиылысқан икемділіктің мәні (EDx,y <0) 0-ден кіші немесе теріс сан болса, онда бұл қарастырылып отырған X және Y тауарлары – бірін-бірі толықтырушы (комплемент) тауарлар болып саналады (егерде, фотопленкаға баға өссе, онда оны толықтыратын фотоаппаратқа сұраныс көлемі төмендейді). Ал егер қиылысқан икемділіктің мәні (EDx,y=0) 0-ге тең болса, онда бұл қарастырылып отырған X және Y тауарлары - өзара тәуелсіз тауарлар деп саналады, яғни бұл екі тауардың арасында ешқандай байланыс жоқ деген сөз (мысалы, қаламға деген бағаның өсуі сүтке деген сұранысты өзгертпейді).

3. Сұраныстың табыс бойынша икемділігі – тұтынушы табысының пайыздық өзгеруіне байланысты тауарға деген сұраныс көлемінің пайыздық өзгеруін сипатайтын сұраныстың сезімталдық дәрежесінің көрсеткіштік коэффициенті. Бұл икемділіктің коэффициенті мына формуламен беріледі:

EDI = DQ% / DI%,

мұндағы, EDI – сұраныстың қиылысқан икемділігінің мәнін көрсететін коэффициент; DQ% - тауарға деген сұраныс көлемінің салыстырмалы өзгеруі; DI% - тұтынушы табысының салыстырмалы өзгеруі. Әрине, бұл жерде табыс деңгейі сұранысқа әсер ететін маңызды факторлардың бірі болғандықтан, оның өзгеруінен тауарлардың әр типіне деген сұраныс әртүрлі жағдайда өзгеріп отырады. Егер табыстың пайыздық өзгеруі сұраныс көлемінің пайыздық өзгеруіне қарағанда кем болса, онда сұраныс табыс бойынша икемді (EDI >1). Егер табыстың пайыздық өзгеруі сұраныс көлемінің өзгеруіне қарағанда артық болса, онда сұраныс табыс бойынша икемсіз (EDI <1) болып табылады. Мысалы, біріншіден, табыс өскенде кәдімгі (қалыпты) тауарларға да сұраныс артады және ол кемімелі оң тәуелділікпен сипатталады. Яғни, уақыт өткен сайын табыстың өсуіне қарағанда бұл тауарларға сұраныс баяу қарқынмен өсіп отырады. Сондықтан, кәдімгі тауарлар үшін сұраныстың табыс бойынша икемділігінің мәні нөлден үлкен және 1-ден кіші (оң) болады: 0< EDI <1. Кәдімгі тауарлардың мысалына тамақ, киім-кешек, тұрмыстық тұтыну заттары жатады. Екіншіден, табыс өзгергенде бірінші қажеттіліктегі тауарлар үшін сұраныс өзгермейді және табыс бойынша сұраныс өте икемсіз (нөлдік мәнді) болып табылады: EDI =0. Бірінші қажеттіліктегі тауарлардың мысалына тұз жатады. Үшіншіден, табыс өскен сайын қымбат бағалы заттарға (сапалы) немесе ұзақ пайдаланылатын тауарларға сұраныс тез қарқынмен өседі. Мұндай тауарларға деген табыс бойынша сұраныс икемділігінің мәні әрқашанда 1-ден үлкен (оң) болып келеді: EDI >1. Қымбат бағалы заттарға асыл тастар, қымбат автокөліктер, антиквариат бұйымдары, яхталар, тұрғын үйлер, т.б. жатады. Төртіншіден, табыс өскенде қалыпты емес немесе сапасыз тауарға (арзан) сұраныс төмендей береді. Мұндай тауарларға деген табыс бойынша сұраныс икемділігінің мәні әрқашанда 0-ден кіші (теріс) болып келеді: EDI <0. Бұл тауарлар бағасы және сапасы төмен жақын алмастырушылар болып табылады, яғни табыс өскенде тұтынушылар оның сапалы алмастырушыларын тұтына бастайды деген сөз. Сонымен, табыстың өзгеруіне байланысты осы аталған тауарларға деген сұраныс икемділіктерінің мәндерін график арқылы көрсете аламыз.

Ұсынысқа әсер ететін басты фактор баға болғандықтан, бұл жерде ұсыныстың бағалық икемділігі деген түрі қарастырылады. Ұсыныстың баға бойынша икемділігі дегеніміз – тауар бағасының бір пайызға өзгеруіне байланысты ұсыныс көлемінің салыстырмалы түрде қанша пайызға өзгеретінін және соған орай сезімталдық реакциясын көрсететін сандық коэффициент. Ұсыныстың бағаға икемділігінің көрсеткіштік мәні мына формуламен беріледі:

ESP = DQ% / DP%,

мұндағы, ESP – ұсыныстың бағалық икемділігінің мәнін көрсететін коэффициент; DQ% - ұсыныс көлемінің салыстырмалы өзгеруі; DР% - тауар бағасының салыстырмалы өзгеруі.

Ұсыныстың баға бойынша икемділігінің де сұраныстікіндей негізгі 5 түрі бар: 1) икемді ұсыныс – бағаның өзгеруіне қарағанда ұсыныс көлемінің көбірек өзгеруін көрсететін жағдай (бұл ұсыныс көлемінің бағаға қарағанда тез өсетіндігін немесе кемитіндігін білдіреді), бұл икемділіктің коэффициенті бірден жоғары (ESP>1); 2) икемсіз ұсыныс – бағаның өзгеруіне қарағанда ұсыныс көлемінің азырақ өзгеруін көрсететін жағдай (бұл ұсыныс көлемінің бағаға қарағанда баяу өсетіндігін немесе кемитіндігін білдіреді), бұл икемділіктің коэффициенті бірден төмен (ESP<1); 3) бірлік икемді ұсыныс – бағаның да, ұсыныс көлемінің де бір пропорцияда немесе бірдей пайызға өзгеретінін көрсететін жағдай (бұл бағаның қанша пайызға өзгерсе, ұсыныс көлемінің де сонша пайызға өзгеретіндігін білдіреді), бұл икемділіктің коэффициенті 1- ге тең (ESP=1); 4) абсолютті (өте) икемді ұсыныс – бағаның өте аз немесе мүлдем өзгермеуіне байланысты ұсыныс көлемінің шексіз өзгеруін көрсететін жағдай, мұнда икемділіктің мәні шексіздікке ұмтылады, EPS = ¥; 5) абсолютті (өте) икемсіз ұсыныс – бағаның өзгеруі ұсыныс көлемін мүлдем өзгерпейтінін немесе салыстырмалы өте аз өзгертетінін көрсететін жағдай, мұнда икемділіктің мәні нөлге тең болады, EPS = 0.

Әдебиеттер тізімі

 

1. С. Әкімбеков, А.С. Баймұхаметова, У.А. Жанайдаров. Экономикалық теория. Оқу құралы. Жалпы редакция С. Әкімбековтікі. – Астана: 2002. - 464 б.

2. Жалпы экономикалық теория. Оқулық. Ө.Қ. Шеденов, Е.Н. Сағындықов, Б.А. Жүнісов, Ү.С. Байжомартов, Б.И. Комягин. /Жалпы редакциясын басқарған Ө.Қ. Шеденов – Ақтөбе, «А-Полиграфия», 2004 – 455 бет.

3. Я. Әубәкіров, К. Нәрібаев, М. Есқалиев, Е. Жатқанбаев, т.б. Экономикалық теория негіздері. Оқулық. – Алматы, «Санат», 1998. – 479 бет.

4. Ғабит Ж.Х. Экономикалық теория: оқу-әдістемелік кешен. – Астана: 2006., 248 б.

5. Нарматов С.Р., Нарматова А.С. Экономикалық теория. Лекциялар курсы. (Оқу құралы). – Алматы: «Эверо», 2009. – 516 бет.

6. Курс экономической теории: учебник – 5-е исправленное, дополненное и переработанное издание/ Под общ. ред. Чепурина М.Н. и Киселевой Е.А. – Киров: «АСА», 2006 – 832 с.

7. Сажина М.А., Чибриков Г.Г. Экономическая теория: Учебник для вузов. – 2-е изд., перераб. и доп. – М.: Норма, 2005. – 672.

8. Крымова В. Экономикалық теория: Кестелі оқу құралы. Алматы: Аркаим, 2009. – 196 б.

9. Женсхан Д.Ж. Экономикалық теория. Экономикалық емес мамандықтарға арналған қысқаша курс. Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ., 2008. – 147 б.

10. Шеденов Ө.Қ. Экономикалық ілімдер тарихы: оқулық. - Ақтөбе: А - Полиграфия, 2006. – 316 б.

11. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты», 2012 ж. 28 қаңтар.

12. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз», 2011 ж. 28 қаңтар.

13. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері», 2010 ж. 30 қаңтар.

14. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға». 2009 ж. 7 наурыз.

15. Н.Ә. Назарбаев. Қазақстан - 2030: «Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы», Алматы – 1998 ж.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары

1. Адам Смиттің «көрінбейтін қол» қағидасын қалай түсінуге болады?

2. Нарықтың анықтамаларына сипаттама беріңіз?

3. Нарықтың негізгі элементтеріне не жатады?

4. Нарықтың атқаратын негізгі қызметтері қандай?

5. Нарықтың принциптері қандай?

6. Нарықтың әртүрлі жіктелу өлшемдеріне байланысты түрлері қандай?

7. Сұраныс және оған әсер ететін факторлар қандай?

8. Ұсыныс және оған әсер ететін факторлар қандай?

9. Икемділіктің түрлері қандай?

10. Икемділіктің тәжірибелік маңызы неде?

 

Студенттің өзіндік жұмыстары







Date: 2015-10-22; view: 607; Нарушение авторских прав



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.04 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию