Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Дәріс №7. Қазақстанның шет елдермен экономикалық өзара қатынасының ерекшеліктері мен негізгі бағыттары





Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, Қазақстан АҚШ пен Батыс Еуропаның ірі компанияларын өзі­нің шикізат рыногына еркін кіргізді. Алайда, 1990-шы жылдардың соңында Еуропамен интеграцияланудың аса тез бола қоймайтындығына көзі жетті. Содықтан Қазақстанның сырт­­қы экономикалық қарым-қатынасты дамытуда Ресей Федерациясымен өзара жақын­дасу үдерісі күшейе бастады. Қазақстан барлық ТМД мемлекеттерімен қарым-қатынастарды жақсартуды өзінің әлемдік саяси экономикалық құрылымдарға енуінің маңызды факторы ретінде бағалады. 1995-2001 жылдар аралығында Қазақстан ТМД мемлекеттеріне қарағанда өзара қарым-қатынастарды жақсартудың, Еуразиялық кеңістікте жаңа тұрпатты экономикалық, сауда және ақпараттық интеграциялану кеңістігін жасаудың қажеттілігін сезінді. Осы жылдарда Қазақстан мен Ресей арасында әскери-техни­калық саладан бастап, сауда-экономикалық, гуманитарлық салаларға дейін қамтыған түрлі келісім шарттарға қол қойылды. Қазақстан мен Ресей басшылары әр жылда 10-15 реттен түрлі дәрежедегі кездесулер мен келісімдер өткізіп отырды.
Екі ел арасындағы сыртқы сауда айналысы 2010 жылы 15 млрд. АҚШ долларынан асқан. 2010 жылы 1 қаңтардан бастап Ресей, Қазақстан, Беларустің кеден одағының жұмыс істей бастауы өзара сауданы белсенді өсіретінін көрсетті. 170 млн. халқы бар үш елдің экономикалық қуаты 1,7 трлн. АҚШ долларына жетіп отыр. Қазақстанның кедендік одақ құру арқылы Ресеймен интеграцияны күшейту саясаты нәтижелі болды. Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, 2011 жылы екі­жақты сауда айналымының көлемі 23,8 млрд. АҚШ долларына жетіп, 2010 жылмен салыстырғанда, 42,3 пайызға артты. Қазақстанның Ресейге экспорты 47,8 пайызға өсіп, 7,5 млрд. долларға жетті. Қазақстанның бүкіл сыртқы саудасының 20 пайызы тек қана Ресейге тиесілі болды.

Қазақстанның сыртқы экономикалық саясатында ерек­ше геосаяси маңызы бар тағы бір мемлекет - Қытай Халық Республикасы. Екі ел де демократиялық модер­низация мен нарық экономикасын жасап, дамуға құлшына кірісті. Сондықтан, екі ел үшін де бейбітшілік, өзара татулық пен экономикалық-сауда әріптестігін дамы­ту пайдалы. Қытай өзінің батыс өңірі Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданына Қазақстандағы саяси тұрақтылықтың дұрыс ықпал етуін қалайды. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қытай бірден-бір қуатты социалистік мемлекет болып қалды. Қытайдың мақсаты әлемдік саясаттың негізгі ба­ғыт­тары түгел дерлік қамтыған АҚШ ба­сымдылығын азайту. Сондықтан ҚХР Орталық Азия мемлекеттерімен жан-жақты қарым-қатынастарды нығайта отырып, бұл аймақтағы АҚШ ықпалының аз болуына мүдделі. ҚХР осы мақсатта Қазақстан тәуелсіздігін тез арада таныған мемлекеттер қатарында, Қытай әлемдік озық үлгілерді өзіне тез қабылдау арқылы елдегі демографиялық өсімнен туындайтын азық-түлік, тұтыныс пен тұрғын үй мәселелерін шешуге ұмтылуда. Экономикалық өсуінің зор қарқыны Қытайдан ұдайы шикізат, мұнай-газ өнімдерін, құрылыс материалдарын іздеуді талап етеді. Осы ретте ресурстарға аса бай көрші мемлекеттер Ресей мен Қазақстан Қытайдың ерекше назарында. ҚХР Ресей Федерациясымен тығыз ынтымақтастыққа баруы онымен бірігіп, АҚШ-тың әлемдік гегомондығына тосқауыл қою ниетіне де байланысты. Ал, Қазақстанмен Қытай «шыңжаң мәселесіне» қатысты ынтымақтасуды көздейді. Сонымен қатар, Қытай Қазақстанды Батыс Еуропаға тікелей ашылатын транзит ретінде де қажетсінді. Ал, Қазақстанға ұлы көршімен татулық және оның 1,5 млрд-тық нарық қуаты қажет болды.
Қытайды, сөз жоқ, Қазақстанның энергетикалық қорлары қызықтырады. Ол Каспий теңізіндегі мұнай қорларын игеруге мүдделі. Осы мүдделіктің арқа­сында заманауи алып құрылыстар Атасу-Алашанкой мұнай құбыры, ұзындығы 8,4 мың шақырым Батыс Еуропа - Батыс Қытай автомагистралі өмірге келді. Бұл автомагистралдың 2,3 мың шақырымға жуығы Қазақстанның 5 облысын басып өтеді. 2010 жылы Қытайдың мұнай ком­панияларының Қазақстанның Батыс өңіріндегі мұнайды өндірудегі үлес сал­мағы 23 пайызды құрады. Қытай ком­панияларының Қазақстан мұнайының 1/3 жуығын иеленуі екі ел арасындағы экономикалық-сауда байланыстарын одан сайын нығайта түсті. Қытайдың мұнайға зәрулігі өскен сайын, оның Қаз­ақстанға деген қызығушылығы арта түсуде. Екі ел арасындағы байланыстардың белсенділігін 20 жыл ішінде Қазақстан Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қытайға 11 рет, ал Қытай басшылары Цзян- Цимин мен Ху Цзин Таоның 7 рет ресми сапарларымен және 2015 жылы Си Цзиньпиннің Қазақстанға келгендігі дәлел­дейді. Қытай Орталық Азия ау­мағын­дағы өз ықпалын арттыруды күш көрсету немесе әскери қуатпен қор­қы­ту саясаты арқылы емес, өркениетті ел­дерге тән инвестициялар құю, сауда көлемін арттыру, ақпарат пен технология алмасу, экономикалық ынтымақтасудың жаңа жолдарын игеру саясаты арқылы іске асырамыз деп жариялауда. Қытай Қазақстанның шекаралық біртұтастығы мен мемлекеттілігіне қол сұқпайтындығын мәлімдеді. Қазіргі Қытай «ХХІ ғасырдың геосаяси өзгерістеріне тән бағыт-бағ­дар ұсынатын мемлекетпіз, бізге агрес­сия, экспанция құбылыстары жат» деген ұранмен әрекет етуде. Қытай өзі ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан көр­ші кішкентай мемлекеттерді жұту саясатынан бас тартқандай сыңай таны­туда. Қытай «айдаһары» жалынымен ешкімді шарпымайтын бейбіт айдаһарға айналғандай. Оның айғағы Қытай басшы­лығының Қазақстанға көршілес аймақта орналасқан Лобнор ядролық сынақ поли­гонын жабуы. Қытай басшылығы бірнеше мәрте Қазақстанға ұзақ мерзімдік кредит берді. 2009 жылы Қазақстан Қытайдан 10 млрд. доллар көлеміндегі қарыз алғаны белгілі.
Қазақстан Кеңес Одағы құрамынан шыққаннан кейін, Қытаймен тығыз эко­но­микалық, сауда, инвестициялық қа­рым-қатынастар жасай бастады. 2010 жылы Қытайға экспортталған Қазақстан тауарларының құны 17,5 млрд. долларды құраған. Ал, Қытайдан импорттайтын тауарлар 27,6 млрд. доллар болған. Экс­порт-импорт қатынастарындағы кері сальдо 10 млрд. доллардан артық. Қытай мұнай, уран өнімдеріне ерекше ден қоюда. Қазақстан оған стратегиялық шикізат сатуға мәжбүр. Ал, Қытай негізінен өндіріс тауарлары мен тұтыныс заттарын өткізуде. Қазақстанның тұтыныс рыногын Қытай өнімдері басып алған. Германия мен АҚШ-тан кейінгі инвестиция көлемі жағынан үшінші орында Қытай тұр. Қазақстанның Қытаймен жақсы экономикалық байланысы оның транзиттік қуатын күшейте түсуде. Түркіменстан, Өзбекстан газы Қытайға қазақ құбырлары арқылы жеткізілуде. Қытай тауарлары Ресейге, Украина мен Беларусияға Қазақстанның транзиттік дәлізі арқылы өтуде. Транзиттік тасымал пайдасы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» тас жолының іске қосылуымен тіптен арта түспек. Қытай Қазақстанды стратегиялық әріптес ретінде бағалауда. Екі елдің қауіп­сіздігі мәселелері ШЫҰ, АСӨЫК (Азиядағы сенім және өзара ынты­мақ­тастық кеңесі), БҰҰ шеңберінде үнемі талқыланып келеді. Екі ел арасындағы тауар айналымын 2020 жылы 40 млрд. долларға жеткізу жоспарлануда. Тәуелсіз мемлекет ретінде 20 жыл өмір сүрген Қаз­ақстан экономика мен саясатта Қы­тай экспанциясын немесе қысымын сезініп отырған жоқ. ШЫҰ қызметінің арқа­сында екі елдің аймақтық қауіпсіздігін нығайту мәселелеріндегі ынтымақтасуы күшейе түсуде. Қытайдың мемлекет басшысы Си Цзиньпин «екі ел арасындағы қатынастар үлгі боларлық деңгейде, Қазақстан Қытайдың сыртқы саясатының ма­ңызды басымдылықтарының бірі», - деп атап көрсетті.
Ал, Қытайдың әлемдік экономикалық державаға айналуға ұмтылуы, валютасы юанның әлемдік валютаға айналуы үде­рісі Қазақстанның Қытаймен қарым-қаты­насының нығая беруіне негіз бол­мақ.

Қазақстан әлемдегі ең қуатты держава Америка Құрама Штаттарымен де тату­лық, ынтымақтастық және әріптестік қатынастарында болуды мақсат тұтады. АҚШ-пен достық байланыста болу елдің геосаяси және геоэкономикалық мығым­дылығының кепілі деп есептелінеді. Се­бе­бі, АҚШ әлемдік экономиканың 30 пайызға жуығын иемденіп отыр. Оның валютасы ХХ ғасырдың 40-шы жылдарын басып әлемдік қаржылық айырбастағы негізгі валютаға айналды. Сонымен қатар, АҚШ әлемдік қуат ресурстарының 40 пайызын пайдаланып келе жатқан алып ел. 15 триллион долларға жуық жиынтық ішкі өнім өндіретін АҚШ - қуаты ең озық, тиімді технологияларды пайдалануға негізделген. Бұл алпауыт елдің алып экономикасы ұдайы шикізат пен қуат көздеріне зәру. АҚШ-тың неоимпериалистік сыртқы саясаты «американ халқының ұлттық мүд­делерін қорғау» ұранымен жүргізіліп келеді. ХХ ғасырдың соңында бұл саясат­тың құрбандығына Ирак, Ауғанстан, Югославия, Судан, Ливия сияқты мемле­кеттер айналды. Әлемдік терроризм қаупі, «АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігін қорғау» ұранымен АҚШ билігі әлемнің кез келген нүктесінде өзінің мүдделік мәселелерін шешуге ұмтылуда.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, Қаз­ақстан мен Орта Азия мемлекеттері АҚШ-пен стратегиялық мүдделері бар аймақ­қа айналды. АҚШ-тың бұл аймақтағы мүдделері келесі мәселелерге қатысты: - геосаяси бәсекелестік-аймақты Ресей Федерациясы ықпалынан неғұрлым та­зар­ту. Бұл елдерді Қытай ықпалына түсірмеу, қауіпсіздіктің еуроатлантикалық құрылымдарына тәуелді ету;
- қауіпсіздік мәселелеріне қатысты ынты­мақтастық орнатып, «әлемдік тер­роризмге қарсы соғысты» өршіту;
- коммерциялық және энергетикалық мүдделерді қорғау. Әсіресе, мұнай-газ секторында АҚШ позициясын күшейту, қуат көздерін тасымалдау жолдарын неғұрлым әртараптандыру. Осылар арқылы АҚШ трансұлттық корпорацияларының мүдделерін қорғау;
- Қазақстан мен Орта Азия елде­рін­де экономикалық және саяси рефор­малардың жүруіне ықпал ету. Осы арқы­лы бұл елдерде Батыстық саяси және экономикалық жүйені тану. Аймақтық мемлекеттердің егемендігін нығайтуды батыстық модельдермен қабаттастыра жүргізу арқылы бұл елдерді қауіпсіздік пен бейбітшілікті ғана жақтайтын мемлекет­терге айналдыру.
– ядролық қарулар мен техноло­гия­лардың таралуына тосқауыл қою. Ядролық қауіпсіздікті нығайту, Қазақ­станның суммарлық қуаты жағынан әлемде төртінші орын алатын ядролық қарулар арсеналынан бас тартуын қуаттау;
– Батыс демократиясы мен өмір салтын, нарықтық қатынастар мен либерализм идеологиясының Қазақстанда неғұрлым тереңдей енуіне жағдай жасау;
– Қазақстанды американдық саясат басымдылықтарын мойындайтын, АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне нұқсан келтір­мейтін әріптес және одақтас мемле­кетке айналдыру;
– Американың сыртқы саясаттық басым­дылықтары оның Қазақстанда геосаяси, геоэкономикалық және геостра­тегиялық мүдделері бар екендігін анық көрсетеді. Әсіресе, 2001 жылғы қыр­күйек­те Нью-Иорк қаласында болған ала­пат террористік актілерден кейін АҚШ басшылығы Ауғанстанда жақын орналасқан Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға ерекше ден қойды. Сонымен бірге АҚШ Қазақстанның мұнай-газ нарығында шешуші ойыншы болуды қалай отырып, өз инвестицияларын Қаз­ақстан экономикасының осы саласына бағыттады.

АҚШ үкіметі Қазақстанға қаржылық көмекпен бірге, өз инвестицияларын құйды. Тек 1999 жылы ЮСАИД бағы­тымен әрбір қазақстандыққа 2,15 доллар көлемінде көмек көрсетілді. Бұл көрсеткіш Қырғызстанда - 5,3 доллар, Тәжікстанда - 1,73, Түркіменстанда-1,72, Өзбекстанда - 0,81 доллар болды.

2002 жылы 100- ден астам американдық компаниялар Қазақстанда өз өкілдіктерін ашып, 350-дей біріккен кәсіпорындар құрылды.

Тәуелсіздіктің 24 жылы ішінде Қазақ­стан мен АҚШ Президенттері 9 рет кездесті. Алғашқы кездесу 1992 жылы болды. Осы кездесулер барысында бірне­ше екіжақты келісімдерге қол қойды. Демократиялық әріптестік туралы Хар­­тия, Экономикалық әріптестік іс-қи­мылы жөніндегі бағдарлама, «Жаңа қазақстандық-американдық қатынастар туралы» екі ел Президентінің біріккен мәлімдемесі, т.б. құжаттар.

АҚШ үшін Қазақстанның бай шикізат ресурстарын пайдалану керек болды. АҚШ Қазақ­станның Орта Азия аймағындағы Батыс пен Шығысты, Сол­түстік пен Оң­түстікті жалғастырушы геосаяси орны­ның маңыздылығын түсінді. Әсіресе, Каспий теңізіндегі мұнай қорларын игеру­ге АҚШ мүдделілік танытты. АҚШ өзінің негізгі бақталастары Ресей мен Қытайдың Орта Азия аймағындағы рөлінің артуын шектеуді мақсат тұтты.

АҚШ Қазақстанмен экономика және қауіпсіздік салаларында нақты байланыстар орната бастады. АҚШ экономикасы үшін жаңа қуат көздерін іздеу зәрулік. Се­бебі 2001-2020 жылдар аралығында бұл елдің мұнай өнімдерін тұтынуы 33 пайызға көбеймек. Сондықтан, АҚШ-қа мұнайды алудың түрлі альтернативті, балама жолдарын іздестіру маңызды. Таяу Шығыс пен Парсы шығанағы елдеріндегі мұнай мен газды импорттау емес, басқа мемлекеттердің сутекті қорларын пайда­лану қажеттігі туындауда. 2011 жылы Қазақстан әлемдік мұнай қорының 2,9 пайызын иемденіп, бұл көрсеткіш бойын­ша 9-шы орынды иемденеді. АҚШ Қазақстанның мұнай-газ сек­торымен қатар, түсті металдар мен уран өнімдеріне де қызығушылық танытады. Сондықтан, АҚШ компаниялары алдағы 10 жылда Қазақстанға жыл сайынғы тіке­лей инвестициялар көлемін 20 млрд. долларға жеткізбек. АҚШ әсіресе Каспий аймағындағы аса бай газ қорларын игеруді мақсат етеді. Каспий аймағына кіру арқылы АҚШ Қазақстанмен қатар, Әзірбайжан, Түркіменстан сияқты мемлекеттерге өз ықпалын күшейтпек. Осымен қатар, Иран мен Ресейдің Каспийдің мұнай-газ қор­ларына деген үстемдігін шектемек. Қазақстанның көмірсутекті қорларын игеру АҚШ-қа экономикалық жағынан ғана емес, саяси жағынан да ұтымды. Ол өзінің бәсекелестері Ресей мен Қытайдың дәл қасында отырып энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шешуге мүмкіндік алуда. АҚШ Иран мен Ресейге соқпайтын мұнай-газ құбырларының болуына мүдделі. Қытайдың Орта Азияға экономикалық экспанциясын азайтуды да көздейді. Осы себептерге байланысты, Қазақстан АҚШ-тың сыртқы саясат доктринасында маңызды басымдылықтардың біріне айналды.
Қазақстанның АҚШ-пен қарым-қатынастарының жандана түсуіне екі ел басшыларының және Сыртқы істер минис­трлерінің екіжақты кездесулері ықпал етуде. 2012 жылы ақпан айында ҚР СІМ Ержан Казыханов Вашингтонда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтонмен кездесті. Екі мемлекет саяси, сауда-эконо­ми­­ка­лық, мәдени-гуманитарлық, энер­гетика, азық-түлік қауіпсіздігі, ғылыми-техникалық кооперация арқылы өнді­рісті әртараптандыру мәселелерінде ынтымақтасуды тереңдете беруді жос­парлады.

Негізгі әдебиеттер: 1, 3, 8, 9, 10, 14, 15, 18, 19, 22, 25, 29, 30.

Қосымша әдебиеттер: 37, 38, 40, 42, 43, 44, 45, 46, 49, 52, 56.

Дәріс №8. Қазақстан және әлемдік, аймақтық қауіпсіздік проблемалары

Қазіргі кездегі халықаралық қатынастардағы байқалып отырған басты тенденциялардың бірі - мемлекет ішіндегі қауіптің басқа мемлекетке оның аймаққа, аймақтың жаһандық қауіпке айналу қабілеті. Соған сәйкес халықаралық мемлекеттік емес акторлардың рөлі халықаралық қатынастарда өсуде, бұл терроризмді Орталық Азиядағы келесі өзекті мәселе ретінде көрсетеді.

Орта Азияның барлық мемлекеттері дерлік ұлттық қауіпсіздігін күшейту және тұрақтандыру үстінде, миграция, есірткі тасымалы, діни экстремизм, ұлттық бірегейлік, сепаратизм секілді көптеген проблемалар туындағандықтан оның орны терроризмен толықтырылды. Яғни мемлекеттің қалыптастырылу үстінде көптеген проблемалармен күресу заңды, бірақ та сарапшылар тарапынан Орталық Азияның жергілікті мамандары тұрғысынан да, шетелдік зерттеушілер тарапынан да, еңбектер әлі де аз. Терроризмнің себептері ретінде экономикалық-әлеуметтік дамудың төмен көрсеткіштері, білім беру, маргинализация және т.б. себептері бар, бұл мәселені кешенді түрде қарастыру қажет сол себептерін анықтау терроризммен күресуге бастама бола алады.

Орталық Азияда кең тараған террористік ұйымдарға назар аударатын болсақ, олардың қатарына «Өзбекстандағы Ислам Қозғалысы», «Хизб ут-Тахрир аль- Ислами» («Исламды азат ету қозғалысы»), «Ағайынды мұсылмандар»- бұл ұйымдардың бірнеше орталықтары бар және кең түрде қызмет етуге тараған, ал «Әлеуметтік реформалар қоғамы - Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстанда, «Исламдық Үндеу Қозғалысы», «Азиядағы мұсылман комитеті», «Акрамиттер», «Адолат уюшмаси», «Шығыс Түркістан Ұйымы» және т.б. ұйымдар бар. Бұл ұйымдардың қызмет атқаруына тиым салынғанымен олардың атын өзгертіп немесе басқа заңы әлсіз мемлекеттерде өзінің жұмысын барынша тез қарқынмен жалғастырып жатыр. Соған байланысты бұл ұйымдардың пайда болуы тәуелсіздік жылдарынан кейінгі Орта Азия мемлекеттеріндегі экономикалық-әлеуметтік мәселелерді шешуге тырысқан мемлекеттердің қауіпсіздік, бірегейлік, дін секілді маңызды шарттар екінші орынға жылжыды. Бүгінде оның салдарларын анық байқауға болады.

Орта Азиядағы терроризм мәселесіне келген сәтте оның таралуының келесідей түрлері бар:

Ауғаныстан, Пәкістан арқылы Тәжікстан, Өзбекстанға таралып басқа аймақтық мемлекеттерге жетуі, бұндағы ескеретіні олардың исламдық фундаментализм негізінде таралуы орын алады; әлеуметтік-экономикалық жағдайдың төмендегі, саяси апатия, ескермеушілік т.б. кешенді мәселелерден туындайтын түп негізі белгісіз терроризм және сонымен күресудің өзі қиын, себебі нақты түрде оның белгілерінің өзі айқындалмаған.

Ал терроризм, экстремизм, заңсыз есірткі айналымымен күресетін қаншама ұйымдар мемлекеттің ішкі қауіпсіздік органдарынан басқа Ұжымдық Қауіпсіздік келісімі, ШЫҰ, ТМД қатысушыларының антитерористік ұйымы, БҰҰ есірткі және қылмысты басқаруы ұйымы (UNODC), бұл ұйымдардың барлығы Орталық Азиядағы терроризм, экстремизм, есірткіге қарсы күрес жүргізеді, дегенмен де олардың барлығы да бұл мәселеге тосқауыл қоя алмай отыр. Басты себеп мемлекеттердің өздерінің осыған орай мүддесін білдірмеуі және ресми сипатта ғана қалуы, ал іс жүзінде әрекет ету терроризммен күресті одан әрі жеделдетуші еді. Мемлекеттердің арасындағы институттардың өзара әрекеттестігінің болмауы себебінен бұл жағдай өзінің толық шешімін таппай отыр.

АҚШ Мемлекетік департаментінің 2011ж. баяндамасына назар аударсақ, Орта Азияның барлық мемлекеттерінде террористік актілер орын алған жоғары деңгей Қазақстанда, төменгісі - Түркменстанда болған. Террористік актілердің өсуі олардың қоғамдық орындарда, адамдар көп шоғырланған жерде орын алуының жиілеуі бір ғана Қазақстанда 2011ж. 5 террористік актінің болуы- бұл қоғамдық жарылыс болып саналады. Осындай жағдайда ұлттық қауіпсіздік органдары, мемлекет, халық ешқандай күштер бұған толықтай даяр еместігін көрсетті. Ал Қырғызстанда террористік актілердің орын алуы да аса жоғары емес дегенмен де қатер бар екендігі байқалады. Ол мемлекеттің жалпы тұрақсыздығы мен соңғы болып өткен контситуциялық өзгерістермен, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен тығыз байланысты. Өзбекстандағы экстремистік және террористік актілердің болуы мемлекет тарапынан қатаң бақылауда ұстанады, тіптен 2011ж. Қазақстан азаматын тиым салынған діни әдебиеттер таратқаны және мемлекеттік қауіпсіздікке зияны бар деген айыппен 13 жылға бас бостандығына айыру деген шешімі күшейтілген бақылау орнағандығын байқатады. Тәжікстан мен Түркменстанда бұл өзінің жалғасын тапты.

Осы мәселе сыртқы акторлардың араласуы бойынша АҚШ Мемлекеттік демпартаменті қауіпсіздік саласына бөлетін қаржының көлемін 40 пайызға арттырды. 2012ж. түрлі бағдарламалар бойынша бөлінетін қаржы 21 млн. АҚШ долларын құрады, өткен жылмен салыстырғанда 60 млн-ға өсті делінген хабарландыруда. Ол бойынша қаржы негізінен «трансұлтық қатерлермен күресудегі, оның ішіне терроризм және есірткі саудасы да кіреді құқық қорғау органдарының потенциалын арттыруға» бөлінеді. АҚШ-тың аймақтағы мүддесінің арттыру жолы мен күшейтуге ерекше мән бергендігін байқауға болады. Сонымен қатар аймақтағы төрт мемлекетпен «Терроризммен күрестегі әріптестік бағдарламасы (Antiterrorism Assistance program - ATA) қызмет атқарады, оның құрамына Өзбекстанды қосу жұмыстары жүзега асырылып жатыр. Ендігі кезекте Орта Азияның бес мемлекеті өзінің ішкі аймақтық мәселелерін шешудегі қауқарсыздығын танытқандығын тиімді пайдаланған АҚШ аймақтағы негізгі күштерді бақылауды арттырмақ, әрине бұндағы терррористік күштерді жоюға емес, керісінше өзінің мақсатына пайдаланып алмақ, себебі ондай ұйымдар құрылуда, ең алдымен, мемлекетте іріткі салу мен жеке мемлекеттің мүддесіне сәйкес құрылғандығын білеміз.

Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркменстандағы террорзиммен күрес немесе контртерроризм әр түрлі деңгейде орындалып отыр. Бастысы заңнама бойынша арнайы заңдар қабылданған және тиісті өзгерістер енгізген. Бірақ та бұл ретте терроризмге заңнамалалық актілерді енгізуі, тиісті шараларды қабылдау нәтижесінде көлемін азайту айтарлықтай қиын болмақ. Онымен күресудің басты маңызды жолы ретінде идеологиялық және адамдардың санасына әсер ететіндей жұмыстары жүргізу өзектірек. Бұл БАҚ-тың тарапынан қалыптастырылатын көзқарас пен мемлекеттің өмір сүру сапасын жоғарлату мен атқарылатын іс-шараларға тікелей байланысты болып табылады.

З. Бжезинскийдің айтуынша, Ауғаныстан мен Пәкістан террористік ұйымдардың құрылуында КСРО-ны соғысқа араластыру болды және соның нәтижесінде 1980ж. «Әл-Кайда» ұйымы құрылды. Бүгінгі таңдағы Шешенстан және Орталық Азияның маңызды бөлігі мен Кавказ аймағындағы террористік актілердің барлығы НАТО тарапынан қаржыландырылады және қолдау табады, түпкі мақсаты аймақты тұрақсыздандыру және өзінің геосаяси қарсыластары Ресей мен Қытайға өзінің әсерін тигізу. АҚШ ФБР (FBI) өкілі Сибель Эдмондс бұны мойындайды. Яғни терроризм секілді құбылыстың арнайы мақсаттарда пайдаланғандығын байқаса, қарапайым адамдарың бұған ену себебі білімнің жетіспеушілігі мен құндылықты өлшемдегі мәселелердің әркелкілігі себебінен болуы ықтимал. Мәселен, соңғы болған Бостондағы жарылысты немесе Норвегиядағы Брэйвик ісін де алуға болады. Соған сәйкес біз, бұл жерде нақты себептерін анықтау қиынға соғатынын байқай аламыз. Қоғам әркелкі болғандықтан осындай көзқарастары бар немесе оған жақын түрлерін табу аса қиын екендігін көрсе аламыз. Соған сәйкес қазіргі қоғамдағы жағдай түрлі өзгеріске ұшыраған, сондықтан да күресудің жолдарын табу қиындыққа соғады.

Орта Азия аймағы сырттай қарағанда шекаралас мемлекеттер мәдени-тарихи ұқсастықтары аса көп болғанымен шын мәніндегі іштен назар аударсақ жеке ерекшеліктері мен айырмашылықтары аса көп. Соған қарағанда ішкі және сыртқы ұқсастықтар бір-бірінен бөлек болып табылады және айырмашалықтары және олардың айналысатын мәселелері де аса көп, соған байланысты жағдай да қиындай түседі. Соңғы болып жатқан оқиғалар әлемдегі ресурстардың таусылуы, батыстың алпауыт елдерінің пайдалы қазбаларға бай Орта Азияға көз салуын жеделдетуде. Ал мемлекеттердің өзара қарым-қатынасы бір-бірінен алшақ болғанымен де, кейбір мүдделік маңызы бар жағдайларда түйіспейді. Әлемдік саяси коньюнктура өзгеруде, бірақ та стратегиялық мақсат сол күйде қалуда. Бұл аймақтағы мемлекеттердің интеграциялық бірлестігін бір арнаға біріктіруді қажет етеді. Өкінішке орай оның қызмет атқаруы қазіргі таңда аса төменгі деңгейде. Сондықтан да сыртқы мүдделерді ескерген ішкі мәселелерге көңіл бөлетін интеграциялық құрылымды жандандыру мен мемлекеттер арасындағы амбициялық жарыстарды екінші орынға ысыру орынды.

Қазіргі кезде мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастардың тиімді тетіктерінің бірі болып табылатын ынтымақтастық халықаралық қатынастарда іргелі рөл ойнауын жалғастыруда. Әлемдегі өзара тәуелділіктің күшеюі, жаһандық проблемалардың пайда болуы мен шиеленісуі әлемдік сахнадағы ынтымақтастықты кеңейтудің және жеделдетудің объективті қажеттілігін арттырды.

2001 жылғы 11-қыркүйек оқиғаларынан кейін халықаралық лаңкестікке қарсы бастаған АҚШ-тың күресі Орталық Азия мемлекеттерінің, оның ішінде Қазақстанның стратегиялық рөлін арттырды және қазақстандық-американдық екі жақты қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтерді. Өзінің сыртқы саяси стратегиясын дәйекті әрі прагматикалық тұрғыдан жүзеге асырып жатқан Қазақстанның аймақтағы неғұрлым серпінді даму үстіндегі мемлекет ретіндегі мәртебеге иеленуі екі жақ диалогының нығаюына және ынтымақтастық тетіктерінің дамуына мүмкіндік берді.

Қазақстанның АҚШ-пен ұзақ мерзімді қарым-қатынастарды дамыту қажеттігі оның сыртқы саясатының ең басты басымдықтарының біріне жатады. Өйткені АҚШ-тың әлемдік экономикадағы және саясаттағы көшбасшылығын, әскери күш-қуаты мен Орталық Азия аймағындағы геосаяси үдерістерге белсенді қатысуын ескерсек, біздің мемлекетіміз үшін Америка Құрама Штаттарымен ықпалдастықты дамыту стратегиялық жағынан маңызды болып табылады.

Қазақстан Республикасының қарқынды дамуына, еліміздің әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына кіру жөніндегі стратегиялық міндетін шешуі үшін АҚШ-пен ынтымақтастықты әрі қарай дамыту қажет.

Бұл тұрғыдан Қазақстанның мемлекеттік қайраткерлері АҚШ-пен тұрақты жақсы қарым-қатынастар болмаса, Қазақстанның халықаралық қауымдастық істеріне толық құқықты қатысуын қамтамасыз ету мүмкін еместігін, себебі қазіргі заманғы әлемдік тәртіпті Американың анықтайтындығына назар аударады.

АҚШ-тың ресми тұлғалары Қазақстанның мемлекеттік құрылыс саласындағы жетістіктерін жоғары бағалай отырып, біздің республикамыздың аймақта, халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және экономикалық дамуда көшбасшы екендігін атап өтеді.

АҚШ-тың Қазақстанмен одан әрі сенімді және берік әріптестікті дамытуға ниетті екендігін АҚШ-тың Президенті Б. Обаманың да біздің мемлекетіміз туралы айтқан сөзі куә бола алады: «Қазақстан Құрама Штаттардың досы болып табылады және мен Қазақстанмен қарым-қатынасты одан әрі жақсарта түсуге күш саламын».

Сонымен қазіргі таңда Қазақстан - АҚШ қарым-қатынастары әлемдік саясаттың түйінді мәселелері бойынша ұстанған бағыттарының, сондай-ақ ықпалдастықтың басым салаларындағы ұзақ мерзімдік ұлттық мүдделерінің жақындығымен ерекшеленеді.

Аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан - АҚШ ынтымақтастығы Орталық Азиядағы тұрақтылықтың маңызды факторларының бірі болып табылады. Қазақстандық сарапшылардың пікірнше, АҚШ-тың аймақ елдерімен көп қырлы ынтымақтастығы Орталық Азияның дамуының және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, оның ішінде қазіргі заманғы қауіптер мен қыр көрсетулерге қарсы тұрудың басты факторы болып табылады.

Қазақстанның Америка Құрама Штаттарды лаңкестікке қарсы күресте қолдауы екі мемлекет арасындағы әскери саладағы ынтымақтастыққа жаңа серпіліс берді. Атап айтқанда, Қазақстан АҚШ-тың халықаралық лаңкестікке, діни экстремизмге қарсы күрестегі, Ирак пен Ауғаныстанды қайта жаңғыртудағы сенімді одақтасына айналды.

2001 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның ТМД мемлекеттерінің арасында бірінші болып одақтастар авиациясына әуе кеңістігін пайдалануға келісімін беруі елеулі түрде ықпал етті. Сондай-ақ бұл саладағы екі мемлекеттің ынтымақтастығы дамуының қарқындылығына келесі қабылданған меморандумдар дәлел бола алады: 2001 және 2002 жылдары АҚШ ұшақтарына техникалық көмек көрсету, Алматы қаласының әуежайын қосымша әуежай ретінде пайдалану, есірткіге бақылау орнату және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша өзара түсіністік меморандумдары.

Әскери-техникалық аспектіде Қазақстан мен АҚШ ықпалдастығы қарулы күштердің дамытылуы мен жаңартылуына бағытталған. Қазақстан мен АҚШ-тың әскери ынтымақтастық саласындағы басымдықтары 2003, 2008 және 2012 жылдары қол қойылған Қазақстан мен АҚШ-тың Қарулы Күштері арасындағы Бесжылдық ынтымақтастық жоспарларында айқындалған. Осының негізінде «Шетелдік әскери қаржыландыру», «Халықаралық әскери оқыту және әзірлеу» сияқты басқа да бағдарламалары жүзеге асырылды.

«Шетелдік әскери қаржыландыру» (FMF) бағдарламасы аясында әр түрлі модификациядағы «Хаммер» автомобильдері мен олардың қосалқы бөлшектерін сатып алу, «Азия Хаммер» автомобильдеріне техникалық қызмет көрсету жөніндегі Орталықты ашу, Атырау қаласындағы «Батыс» Аймақтық командованиесі әскерлерінің қолбасшысы Басқармасының объектілерінде күрделі жөндеу жүргізу бойынша бірнеше жобалар, сондай-ақ Ақтау қаласында американдық мамандардың қатысуымен ҚР Қорғаныс министрлігінің Әскери-теңіз институтының объектілерін жаңартуы жүзеге асырылды.

«Халықаралық әскери білім беру және дайындық» (IMET) бағдарламасы АҚШ-та қазақстандық әскери мамандарды дайындауға бағытталған. Көрсетілген кезең аралығында бағдарлама бойынша 9 млн. астам АҚШ долл. бөлініп, 30 мамандық бойынша 370 жуық әскери мамандар дайындалды. Вест-Пойнт әскери академиясы (Нью-Йорк), Аннаполис әскери-теңіз академиясы (Мэриленд), Колорадо Спрингз әскери әуе күштері академиясы және Нью-Лондондағы жағалау күзеті академиясы сияқты АҚШ-тың элиталық жоғары әскери-оқу орындары мен АҚШ-тың Қарулы Күштерінің түрлі командалық-штабтық колледжтерінде ҚР-ның Қарулы Күштерінің әскери мамандары дайындалуда.

Әскери байланыстар жоспары (Mil-to-Mil)аясындағы шаралар қазақстандық-американдық әскери ынтымақтастық мақсаттарын жүзеге асыруға бағытталған. «Mil-to-Mil» Жоспарлары жыл сайын өтетін екіжақты кеңесулердің барысында қабылданады. Бес жылдық жоспардың жүзеге асырылуынан бастап қорғаныс саласындағы алдыңғы қатарлы тәжірибені зерделеуге және қарулы күштерді дамытуға қатысты шаралардың өсу үрдісі байқалуда.

2006 жылы АҚШ Үкіметі «Оқыту және жабдықтау» (ТЕР)бағдарламасын ашқан болатын. ТЕР бағдарламасы аясында бөлінген қаражаттар Атырау қаласында Аэромобильді әскерлердің арнайы мақсаттағы тобын дамытуға бөлініп, FMF бағдарламасы сияқты жүзеге асырыла бастады.

НАТО желісі бойынша да екі жақты ынтымақтастықтың өрбуі және бұл, негізінен, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің соғысқа қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін НАТО штабтарында офицерлерді дайындау бағдарламалары мен бірлескен оқу-жаттығуларының өткізілуі арқылы жүзеге асырылуда.

Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастығының жаңа кезеңі Ауғаныстандағы лаңкестікпен күрес және ондағы тұрақтандыру шараларын жүзеге асырумен айқындалатындығын атап өтуіміз қажет.

Америка Құрама Штаттары Қазақстанның экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерін Ауғаныстандағы жағдайдың тұрақтануы үшін пайдалануға мүдделі болуда. 2011 жылғы «Жаңа жібек жолы» жобасында экономикалық даму мен қауіпсіздік проблемаларын кешенді түрде шешу үшін Орталық Азия аймағына Орталық және Оңтүстік Азияны байланыстыратын өзек ретінде Ауғаныстанды қосу арқылы жаңа аймақтық қатынастар жүйесін дамыту көзделуде. Жобаның негізгі мақсаты аймақты тұрақты, болжаулы арнада дамуын қамтамасыз ету. АҚШ Мемлекеттік хатшысының кө­мекшісі Роберт Блэйктің айтуынша, Оң­түстік және Орталық Азиямен арадағы осы аймақтың елдеріне, әсіресе Ауғанстан мен Пәкістанға пайда әкелетіндей сауда және транзиттік байланыстың жетілдірілген әрі кең ауқымды желісіне айналуы тиіс. Бо­лашақ аймақтық серіктестіктің нақты мысалдары ретінде Түрікменстан, Ауғанстан, Пә­кі­стан мен Үндістанды жалғайтын газ құ­быр­ы құрылысы мен Қырғызстан мен Тәжікстаннан Ауғаныстан аумағы ар­қылы Пәкістанға электр энергиясын тасы­мал­дауға мүмкіндік беретін CASA-100 жобалары аталуда.

Аймақтық, құрлықтық интегра­цияның гене­раторына айналған Қазақстан Республикасы Ауған проблемасын дәйектілікпен шешуге, 2014 жылдан кейін де Ауғанстанда тұрақтылықтың сақталуына мүдделі. Сондықтан Қазақстан аймақтағы экономикалық байланыстарды дамыту арқылы Ауғаныстандағы тұрақтылықты қамтамасыз етуді көздеп отырған АҚШ басшылығы ұсынған «Жаңа жібек жолы» стратегиясына қолдау көрсетуде және оны жүзеге асыру барысында аймақтық транзиттік саудаға жәрдемдесу, энергетика, көлік инфрақұрылымын дамыту сияқты басым бағыттарға аса зор мән беруде. Атап айтқанда, қазіргі кезде Ауғанстан темiр жол желiсiнiң дамытуындағы Қазақстанның қатысу мүмкiндiгі қарастырылуда. Бұл Қазақстанның көршілес мемлекеттерге экономикалық жағынан едәуір ашық, саяси жағынан едәуір тұрақты болуға көмектесе отырып, Орталық Азияда негізгі рөл ойнауға барлық қажетті құраушылары бар болуымен түсіндіріледі.

Осылайша аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Қазақстан Республикасы мен АҚШ ынтымақтастығы екі мемлекеттің де мүддесіне сай келетіндігін және Вашинтон Қазақстан рөлін аймақтық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің негізгі факторы ретінде қарастырып отырғандығын көрудеміз.

Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара сенім атмосферасында дамуында қарамастан, екі ел арасында да түйіткілді мәселелер бар. Оның бастысы ретінде АҚШ-тың Батыс саяси мәдениетінің өлшемдеріне негізделген демократиялық құндылықтарды ендіру әрекеттерін атап өтуімізге болады.

АҚШ демократияның және нарықтық экономиканың элементтерін саяси өмірге және халық шаруашылық құрылымына енгізу қажеттігін аймақтағы орнықтылықтың басты факторларының бірі ретінде қарастырады. Батыс сарапшылары АҚШ-тың Орталық Азия мемлекеттерінде демократияландыру және азаматтық қоғамды дамытуға ықпал ету қажеттігін жиі атап өтуде. Атап айтқанда, АҚШ аймақта жаңа рөл атқаруы керек. Бұл рөл тек стратегиялық мүдделермен ғана шектеліп қалмауы тиіс. Басқаша айтқанда, әкімшілік адам құқықтарын қорғау проблемасы жөнінде қатаң бағдарды ұстануы тиіс.

Демократияландыру және саяси ырықтандыру мәселелері бойынша тұрақты түрде жүргізілетін диалог Қазақстан және АҚШ арасындағы екі жақты қатынастардың басым элементі болып табылады. «Демократиялық серіктестік туралы Хартия» демократия, адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды құрметтеу саласындағы Қазақстан мен АҚШ ынтымақтастығының жалпы қағидаттарын негіздеген болатын. 2001 және 2006 жылғы Қазақстан мен АҚШ мемлекет басшыларының мәлімдемелерінде де демократия ұзақ мерзімдік тұрақтылықтың маңызды шарты ретінде қабылданған.

Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы бұрын-соңды болмаған демократияландыру бағдарламасын жүзеге асыруға кірісуі екі ел арасындағы өзара түсіністіктің дамуына ықпал етті. Қазақстанда азаматтық қоғамның институттары біртіндеп және жүйелі түрде негізгі мәдени дәстүрлер және өркениеттік факторды есепке ала отырып дамытылуда. Бұл Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың «Демократия - бұл қоғамның деңгейлі емес, сатылы үдерісі» деген көзқарасымен ұштасады.

Қазақстан және АҚШ стратегиялық серіктестігі тұрақты дамуда деп айта аламыз. Қазақстан Республикасы АҚШ-тың Орталық Азиядағы басты серіктесі болуы, бір жағынан, Қазақстан үшін АҚШ-пен ынтымақтастықты жан жақты дамытуға ықпал етуде, ал екінші жағынан, АҚШ Орталық Азияның ең тұрақты және болжамды арнада даму үстіндегі және экономикасы жедел қарқынмен дамып, прагматикалық тұрғыдан негізделген көпвекторлы сыртқы саясатын жүргізіп жатқан, демократиялық үдерістері серпінділігімен сипатталатын Қазақстанмен қарым-қатынасты дамыту қажеттігін түсінуде.

Қорытынды ретінде, Орта Азиядағы қауіп-қатерлер аймақтық деңгейде геосаяси және табиғи ресурстарына байланысты державалардың назарын өзіне аудартады, бұл назар сарапшылар тарапынан шектен тыс қауіп деңгейінде түсіндіріледі. Бұл жағдайды шешудің ең оңтайлы жолы ретінде қатерлердің өскен деңгейде мемлекеттер бір-бірімен әріпстестігі мен ынтымақтастығы артуына алып келеді немесе аймақ мемлекеттеріне ортақ жауды ойлап табу жағдайға жаңа сипат әкелуі мүмкін.

Негізгі әдебиеттер: 1, 3, 8, 9, 10, 14, 15, 18, 19, 22, 25, 29, 30.

Қосымша әдебиеттер: 17, 21, 29, 31, 33, 35, 36, 37, 38, 40, 42, 43, 44, 45, 46, 49, 52, 56.

Date: 2016-11-17; view: 1746; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.007 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию