Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Туризм эволюциясы





Қазіргі туризм жіктелімі аумақтық туристік шаруашылық пен қозғалыстың дамуын жоспарлау үшін қажетті. Бұл жіктелімнің мәні туризмнің жеке түрлерін бөліп көрсету. Қазірге дейін туризмге нақты жіктелім жасалмаған. Оны тәжірибеде туризмнің нақты бір түрін бөлудің мүмкін еместігімен түсіндіреді. Сондықтан да қазіргі жіктелімдерде көптеген кемшіліктер кездеседі.

Туризмді әр түрлі белгілеріне қарай жіктеуге болады: мақсатына қарай, саяхаттың мерзімі мен ұзақтылына қарай, қозғалу түріне, орналасу жолына, саяхатқа қатысушылар құрамының сапасына және т.б. Бірақ, шешуші рөлді атқаратын саяхаттың мақсаты. Формасы мен кластардан айырмашылығы – туризмнің түрлері өте әр алуан. Олар бірқатар факторларға бағынышты және олардың ішіндегі ең айрықшалары:

· бос уақыттың болуы мен ұзақтығы;

· жасына, денсаулығы, рухани дамуының деңгейі, адамның жеке талғамы және материалдық молшылық;

· табиғи жағдай мен мезгілдің әртүрлілігі;

· қозғалу мүмкіндіктерінің болуы және басқалар.

Сапар мақсатына, шарттарына, бағытына қарай, туризмді кластарға және түрлерге бөлуге болады. Қоғамдық қызметі мен өндірістік технологиясына қарай туризмнің үш негізгі түрін бөліп қараймыз: емдеу, спорттық, танымдық, т.б.

Жоғарыда айтылған түрлері арқылы туризмнің жіктелімі құрастырылады. Туристік ағым мен оның бағытына қарай, сондай-ақ, құқықтық мәртебесіне байланысты туризм екі үлкен класқа бөлінеді: ішкі (ұлттық) және халықаралық (шетелдік).

Ішкі туризм – бұл азаматтардың өз елінің ішіндегі саяхаты. Халықаралық туризм – бұл азаматтардың өз елінен тыс жердегі саяхаты, туристердің бір елден екінші елге сапары немесе бірнеше елдерге сапарлары. Шетелдік туризм – бұл шетелдік азаматтардың туристік мақсаттармен басқа елге келуі.

Бұлай бөліну халықаралық туризмнің екі басқа түрімен тығыз байланысты – кіру және шығу, бұлар туристік ағымның бағыты арқылы айырмашылықта болады. Турист саяхат жасау мақсатына қарай оның шыққан елін және баратын еліп анықтайды. Туристің шыққан елі шығу туризмі делінсе, ал баратын елі кіру туризмі деп аталынады. Бір турист бірден шығуда және кіруде турист бола алады.

 

 

 

Ұлттық туризм ішкі және сыртқа шығу туристік ағымдардан құралады. Бір елдің ішіндегі туризм – ішкі және келетін туристік ағымдарды қамтиды.

Ішкі туризм дегеніміз демалу, спортпен айналысу және басқа да мақсаттар үшін адамдардың өз елінің ішіндегі қозғалысы. Мұндай саяхаттарда елдің шекарасынан өтпейді, туристік құжаттарды толтырмайды.

Халықаралық туризмде турист өзінің елінен шығып басқа бір шетелдік елге барады. Кеденнен өту үшін туристік құжаттарды толтырады (паспорт, виза жасау), валюта және медициналық бақылаудан өтеді. Бұл халықаралық туризм ерекшелігі болып саналады және ішкі туризмнен ең басты айырмашылығы.

Халықаралық туризмнің тағы да бір ерекшелігі – елдің төлем балансына тигізетін әсері. Сондықтан да шетелдік туристердің келуін белсенді туризм деп атайды. Оған қарсы, туристердің шетелге кетуі ұлттық ақша мөлшерінің азаюына әсерін тигізеді. Ішкі және халықаралық туризм бір-бірімен үнемі тығыз байланыста болады. Шынында да олар бір бүтін туризмнің екі бөлігі. Ішқі туризм халықаралық туризмнің дамуының негізін жасайды, ішкі туризмсіз халықаралық туризм дамымайды. Ішкі туризм халықаралық туризмнің катализаторы. Ол жаңа рекреациялық ресурстар мен аудандарды игеруге, туристік инфрақұрылымның базасын құруға әсерін тигізеді, сондай-ақ бірте-бірте халықаралық туристік қозғалысқа, халықаралық туризм индустриясына енуге мүмкіндіктер туғызады.

Туризм жіктелімі, оның саяхатқа шығу мақсатына қарай бөлінуі осы уақытқа дейін көптеген пікірталастар тудыруда. Көп авторлар оның басты мәселесін бір ауыздан мақұлдайды және саяхатты мақсаты жағынан демалыс пен көңіл көтеру десе, басқа жағынан іскерлік туризм деп бөледі. Демалу мен көңіл көтеру мақсатындағы рекреациялық туризм туризмнің дамуындағы ең, негізгі бағыт болып саналады. Оның еншісіне дүниежүзілік туризмнің 70%-ы келеді. Олар сауықтыру, спорттық, танымдық сапарларын біріктіреді, шоп-тур және т.б.

Көптеген зерттеушілер туристік қозғалыстың дамуында басты рөлді танымдық туризмге береді. Соңғы уақытттарда жеке сапарлар дамуда немесе этникалық туризм – туысқандарына, таныстарына немесе ата-бабаларының туған жеріне барып мінәжат жасау, олар дүниежүзілік) туристік ағымның 10%-ды құрайды.

Іскерлік туризм – бұл саяхат, жұмыс мақсатымен іс сапарға бару. Бұндай сапармен ғылыми конгресске, конференцияға, симпозиумға; өндірістік семинарда бас қосуға; жәрмеңке, көрме және халықаралық салондарға қатысуға барады және тағы басқалар. Іскерлік туризм – бұл болашағы мол және тиімділігі жоғары туризмнің бір бағыты.

Туризм түрі жағынан әр түрлі белгілеріне қарай жіктелген. Ұйымдастыру жағына қарай туризм: а) ұйымдастырылған (жоспарлы); б) өз жоспары бойынша (әуесқойлық) болып бөлінеді. Қатаң уақыт тәртібі бойынша белгіленетін турфирмалар ұсынатын турлар – ұйымдастырылған туризм деп аталады.

Туризм жеке және топтық болып бөлінеді. Жеке бір адамның немесе бір отбасының өздерінің жеке жоспары бойынша саяхатын жеке туризм дейді, бір топ адамның саяхатын (6-7 адамнан бастап) топтық туризм деп атайды. Топтық туризм, әдетте, қатысушылардың тілек-талаптарына сәйкес ұйымдастырылады. Бұл турлар археологиялық, мәдени-өнер және тарихи бағытта болуы мүмкін.

Жылжымалық белгісіне қарай туризм стационарлық және көшпелі болып бөлінеді. Туризмнің стационарлық түріне емдік-сауықтыру туризмі және спорттық туризмнің кейбір түрлері жатады.

Су туризмінің серуендеу және спорттық түрлері дами түсті. Туризмнің бұл түріне кіретіндер: су-моторлы спорт, су шаңғысы спорты, каноэда еспе, желкенді кеме спорты және т.б. Туризмнің бұл түрі суға түсу, жағажай туризмімен ұштасады және теңіз, көл, өзен жағасына орналасқан туристік кешендерде қосымша қызмет көрсету түрлері болып кең тараған.

Су астындағы тіршілік иелерін, жануарлар дүниесін суретке түсіру, олардың өмірімен танысу мақсатын көздейтін су асты спорттық туризмі әйгілі болып келеді. Балық және аң аулау туризмі де барлығымызға таныс. Туризмнің сурет, кино, аң аулау түрлері оның танымалдық түріне жатады. Шетел туризмінің ішіндегі ең сұранысқа ие қымбат түрі – аң аулау туризмі.

Сапардың ұзақтығына қарай туризм қысқа және ұзақ мерзімді болып бөлінеді. Адамдардың үш тәулікке дейін саяхатқа келуін қысқа мерзімді туризм дейді. Қысқа мерзімді сапар – туризмнің бұқаралық түрі болып саналады. Ұзақ мерзімді туризм (үш тәуліктен артық) каникул немесе ұзақ мерзімді демалыспен байланысты.

Саяхаттың ара қашықтығына қарай туризм жақын және алыс болып бөлінеді. Жақын саяхат өз елімізге, алыс сапар шетелдерге бару деген сөз.

Туристік ағындардын, ритмі бойынша туризм жылдық және маусымдық болып бөлінеді. Жылдық дегеніміз жыл бойы туристік аудандарға саяхатқа, демалуға адамдардың барып тұруын айтады. Маусымдық – ондай туристік жерге жылдың бір кезеңінде ғана баруы.

Туристік саяхатқа қатысушылардың жасына қарай туризм былай бөлінеді: а) балалар мен жасөспірімдер туризмі; ә) жастар туризмі; б) ересектер туризмі.

Туристердің сапар желісінде орналасуы бойынша туризмді төмендегідей бөлуге болады: а) қонақ үй типті және б) қонақ үй типті емес.

Туристік саяхаттың көрсетілген мақсатына қарай туризм келесідей бөлінеді: а) рекреациялық, ә) экскурсиялық, б) арнайы туризм. Рекреациялық туризмге – емделу және сауықтыру үшін саяхат кіреді. Экскурсиялық туризм –табиғаты мен әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қызықты орындармен танысу мақсатымен саяхат, бұл бөтен аудандарға немесе елдерге саяхат жасау. Арнайы туризм – арнайы бағдарлама және маршрут бойынша саяхат.

Көлік қызметінің түріне қарай туризм автомобильмен, автобуспен, темір жолмен, теплоходпен саяхаттау болып бөлінеді. Дүние жүзіндегі жолаушыларды тасудың басым бөлігі автомобиль көлігінің үлесіне тиеді. Батыс Еуропада туристердің 70%-ы өз көліктерімен саяхаттайды. АҚШ-та бұл көрсеткіш 90% құрайды.

Соңғы 20 жылда круизді туризм шапшаң дамуда. Круиз – бұл теңіз саяхаты, жабық бір шеңбермен, белгілі бір маршрутпен көрікті, көңіл толарлық жерлерге тоқтап саяхат жасау. Круиздік саяхатта бірінші орында – Нью-Йорк порты. Круиздік туризммен айналысатын елдер – Англия, Норвегия, Грекия, Италия, Франция, АҚШ.

Алғашында барлық туристік іс-әрекет коммерциялық түрде болса, онан түсетін кіріс туристік мекемелердің жұмысының басты нәтижесі болды. Бірте-бірте коммерциялық туризмге қарсы әлеуметтік туризм деген түсінік пайда болды. Әлеуметтік туризм жүйесі тұтынушыларға ғана емес, туристік мекемелерге де өте тиімді. Сонымен, әлеуметтік туризм – бұл әлеуметтік жағдайлары төмен адамдардың пайдаланатын туризмі, оларды мемлекет және мемлекетке жатпайтын құрылымдар қолдайды, қаржыландырады.

Экологиялық туризм (экотуризм) – жақында ғана «жасыл» козғалыс толқынында пайда болды және елдің тұрақты даму концепциясына байланысты ол батыста кең дами бастады. Экотуризмді көпшілік туризмнің баламасы ретінде қарайды, сондықтан да оның қалыптасқан туризмнен айырмашылықтары бар. Олар төмендегідей негізгі белгілер:

· экотуризмнің басты нысаны болатын ерекше табиғаты көрікті, көзтартарлықтай жерлердің болуы;

· туризм индустриясының жоспарлы дамуының негізінде қолданғанмен, тозбайтындай табиғи және мәдени әлеуетті аумақтың болуы;

· басқаларға қарағанда төмен капиталды, материалды және энергия сыйымдылығының болуы;

· экотуризмнің ең күрделі мақсаттарының бірі – экологиялық білім беру және экологиялық тәрбиені қалыптастыру;

· бүтіндей мемлекетті немесе жеке аудандардың әлеуметтік экономикасын көтеретіндей дәрежеде болуы.

Қысқа уақыттық табиғатта уик-эндте демалудан бастап табиғи жаратылыс тақырыбына ғылыми зерттеулер жүргізуге дейін экологиялық туризм туристік ағымдарды әр түрлі мақсаттармен қамти береді.

Діни туризм бүгінгі күні айтарлықтай ауқымды көлемге жетіп отыр. Мұсылмандардың ең басты қасиетті қажылық орталығы – Сауд Аравиясындағы Мекке қаласы. Құдайға табынушы католиктер папа Римскийге Ватиканға барады. Туристік діни маршругтарды анықтайтын әр елде өзінің ұлттық діни орталықтары бар.

Туризм жіктемесінің ғылыми және практикалық маңызы бар, ол білгеніңді реттеуге және дүниежүзілік туризм қозғалысын терең біліп-түсінуге әсерін тигізеді.

Қазіргі отандық және шетелдік әдебиеттерді «Туризм» анықтамасына жан-жақты көзқарас қалыптасты, олар әр түрлі белгілерге негізделді және бірнеше топқа біріктірілді:

· туризм – адамдардың уақытша орын ауыстыруы ретінде олардың тұрғылықты өмір сүру ортасынан тыс шығуы, туристік қызығушылық туғызатын нысанда уақытша болуы;

· туризм – күрделі әлеуметтік-экономикалық жүйе ретінде оның негізін көпсалалы туристік индустрия деп аталатын өнеркәсіптік кешен құрады;

· туризм нарықтық экономика сегменті ретінде онда түрлі шаруашылық кешеніндегі кәсіпорындар өнімді ұсыну мақсатында туристік қызығушылықты қанағаттандыру үшін өзара байланыста болады;

· туризм – экономика саласы, бизнес, кәсіпкерлік, таным, спорт және демалыс.

«Туризм» ұғымының соңғы анықтамасы барынша толық деп есептеледі, себебі туризмді саяхаттан ерекшеліктендіретін барлық белгілер ескерілген туристік қозғалыстан негізгі белгісі адамның бос уақыты. Туризмдегі бос уақыт дегеніміз еңбек демалысының уақыты каникул, демалыс және мейрам күндері, еңбек демалысына шыққаннан кейінгі уақыт. Екінші маңызды белгі – қозғалыс мақсаты. Анықтамада мақсаттар нақты берілген: сауақтыру, танымдылық, кәсіптік, спорттық, діни, іскерлік, білім алу. Үшінші белгіні туристік индустрия экономикасы үшін өте маңыздылығы. Төртінші белгі – уақытша келген жерінде ақылы іс-әрекетпен айналысу мүмкіндігіңіздің аздығы. Сондықтан туристік бос уақыттан басқа, бос қаржы көлемі болуы керек, оны турист демалу және ағзасын қалыпқа келтіру мақсатына жұмсай алады.

Қазіргі туризм – бір жағынан жас құбылыс, себебі екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана көпшілік түрде дамыды, екінші жағынан туризмнің өте тереңге кеткен тамырлары бар, себебі саяхаттану адамзатқа ежелгі замандардан белгілі.

Туризмді жіктеудің кең таралған түрі оны типтерге, категорияларға, түрлер мен формаларға жіктеу.

Туризм түрлерін қызметіне қарай жіктеу мынадай мақсаттар бойынша анықталады:

1. Рекреациялық;

2. Емдік;

3. Танымдылық;

4. Іскерлік;

5. Спорттық;

6. Этникалық

7. Діни, т.б.

Осылардың ішінде барынша кең таралғаны рекреациялық және танымдылық туризм.

Рекреациялық туризм көптүрлігімен ерекшеленеді және көңіл көтеру бағдарламалары, аңшылық, балық аулау, музыка және көркемсурет, шығармашылығы, спорттық шараларға көрермен ретінде қатысуды қамтиды.

Емдік-сауықтыру туризм түрлі ауру түрлерін емдеу мен аурудан кейін ағзаны сауақтыруға бағытталған. Мұнда негізінен емдік турлар туралы айтылады.

Танымдық туризм – экскурсиялық – табиғи, тарихи-мәдени нысандар, мұражайлар, театрлар мен ұлттардың салт-дәстүрлерімен танысу мақсатында жүргізіледі. Саяхат танымдылық және рекреациялық мақсаттарды бірмезгіл атқара алады.

Іскерлік туризм – іскерлік және кәсіптік мақсаттағы барған жерінен айлық алмайтын саяхаттарды қамтиды. ХТҰ туризмінің бұл түріне съездерге ғылыми конгрестер мен конференцияларға, жиындарға семинарларға, жәрмеңке, көрмелерге, баруды, келіссөздер мен келісімшарт жасау, қондырғыларды жөндеу мен құру мақсатындағы сапарларды жатқызады. Іскерлік туризмде бизнес-сапарлар, конгрестік-көрмелік туризм, интенсив турлар кіреді. Интенсив-турфирма басшыларының қызметкерлеріне жақсы жұмыс көрсетушілер үшін марапаттауға берілетін мүмкіндік. Интенсив турлар жүйедегі сапалы қызмет көрсетуді («барлығы кірістірілген») қарастырады. Халықаралық туристік көлемде іскерлік туризм 10-20 % алады.

Спорттық туризм шараларға қатысу үшін басқа аймақтарға, елдерге баруды қамтиды. Оны өз кезегінде кәсіптік және қызығушылық деп жіктейді. Сонымен бірге спорттық туризмді сулы және әуе, шөлді аймаққа және тау туризм деп те ажыратады.

Этникалық туризм – туған жер мен отбасының қалыптасқан жерлеріне тума туыстарға бару мақсатын қамтиды. Туризмнің бұл түрін «өткенді еске алу» деп те атайды. Мұндай туризм түрлері әсіресе диаспоралар көп елде дамыған. Мысалы, Германия туристері үшін Волга маңына, Финляндия туристері үшін Карель жеріне, Ладога көліне бару. Финдер, 500 мыңға жуық адам 1939-1945 жылдардағы соғыс қимылдары кезеңінде осы жерден кетуге мәжбүр болды. Қытайлықтарда да осы туризм түрі дамыған, олардың диаспорасы әлем бойынша 60 млн-дай адам.

Діни туризм түрлі конфессия адамдарының діни қажеттіліктеріне негізделген. Бұл туризмді екі бағытта қарастыруға болады: мінажат ету мақсаттардағы және діни танымдылық туризм.

Ұйымдастыру ерекшеліктері бойынша ұйымдастырылған және өз бетімен ұйымдастырылған туризм деп ажыратылады. Ұйымдастырылған туризм алдын турист немесе туристер үшін туристік фирманың жасақтаған сұранысы бойынша және бюджет бойынша саяхаттың бағдарламасын қамтиды. Туристік фирма туристтік қызмет түрлерінің маршрут бойынша алдын ала брондап, қаржыландырады, қажетті құжаттарды дайындайды.

Өз бетімен ұйымдастырылған туризмде туристер саяхатты туристік фирмалардың қатысуынсыз өздері ұйымдастырады, өз беттерінше маршруттар таңдайды, экскурсиялық нысандарды анықтайды, қону орындарын жоспарлап, құжаттарды дайындайды, т.б. Туризмнің бұл түрі дүние жүзінде кеңінен танымал. Әсіресе визасыз саяхаттауға мүмкіндік беретін елдерде (мысалы, Шенген келісімі елдері арасында). Жақын арақашықтық дамыған көлік желісі шекараны қиындықсыз кесіп өту мүмкіндігі. Экскурсиялық нысандардың көп болуы, т.б. маңызды факторлар. Осы туризмнің Еуропадағы үлесі 80%-ға дейін көтерілді.

Ұзақтығы бойынша туризмнің мынадай түрлері: қысқа мерзімді (демалыс күнгі турлар, 7 күнге дейін) орташа ұзақтығы саяхат 9-12 күн, ұзақ мерзімді 15-30 күн.

Саяхатта пайдаланатын көлік түрлеріне қарай туризмнің мынадай түрлері ажыратылады: теміржолмен, әуе көлігімен, автомобильмен, кемемен (өзен, теңіз), автобуспен, велосипедпен, басқа да қозғалыс құралдарын пайдалану.

Туризмнің қарқынды дамыған мезгілдеріне қарай тұрақты және маусымдық деп жіктейді. Тұрақты туризм деп – аймақ пен нысанға жыл бойы туристердің бірқалыпты келуін айтамыз. Маусымдық туризмге климаттық жағдайға байланысты турист ағынының қарқындылығын өзгеруін айтамыз. Маусымдық туризмге рекреациялық, конгрестік-көрмелік туризмді жатқызамыз. Жоғары, орташа, төмен маусымдарды ажыратады. Жоғары маусым туристік ресурстарды толық пайдалану мүмкінідігімен сипатталады. Туризм түрлерінің маусымдылығына табиғи-климаттық факторлар, жалпы ұлттық діни мерекелер, каникулдар, көпшілік шаралар әсер етеді. Мәселен, Қазақстандағы наурыз мерекесі туристердің келуіне өте қолайлы.

Туристердің жас ерекшеліктеріне байланысты мынадай туризм түрлері ажыратылады: балалар, жастар, орта жастағылар, үшінші жас өкілдері

Халықаралық туристік ұйым жасы бойынша туристердің мынадай градациясын ұсынады: ата-аналармен бірге саяхатқа шығатын балалар (15 жасқа дейін), жастар (15-24 жас), экономикалық белсенді туристер (24-44 жас), орта жастағы экономикалық белсенді туристер (45-64 жас), үшінші жас деңгейінің өкілдері (64 жастан жоғары). Тәжірибеде туристік индустрия кәсіпорындарының жұмысында статистикалық мынадай жастық категорияларға бөлінеді:

· 0-2 жас инфант (нәрестелер)

· 3-12 жас – сәби, бала

· 14-18 жас – оқушы

· 18-25 жас – (студенттер)

· 26-45 жас – ересектер

· 46-65 жас және одан жоғары – зейнеткерлер

Қаржыландыру көзіне байланысты туризмді коммерциялық және әлеуметтік типтерге бөледі. Коммерциялық туризм – туристік фирмалардың пайда табуына бағытталған, қызмет көрсету өндірістерінің дамуына бағытталған. Барынша көп пайда табуға талпынып туристік фирмалар үнемі нақты бағамен сату бағасы арасындағы айырмашылықтардың тиімдігін қадағалап отырады. Олардың көрсететін негізгі қызмет түрлері орта және жоғарғы табыстағы адамдарға бағытталады.

Әлеуметтік туризм – азаматтардың белгілі бір категорияларының әлеуметтік қажеттеліктері үшін бөлінетін қаржымен қаржыландыру. Қаржыландыру мемлекеттік және мемлекеттік емес қорлардан және қайырымдылық қорларына бөлінеді. Манила декларациясында әлеуметтік туризм қоғамның аз қамтылған категориялары үшін талпыныс жасайтын мақсаты делінген.

Әлеуметтік туризм тұжырымдамасы үш ұстанымға негізделген:

· қоғамның әр бір мүшесін туризмге табысы төмен адамдарды тарту арқылы демалу мүмкіндігімен қамту;

· аз қамтылған азаматтардың туристік саяхаттарын қаржыландыру;

· мемлекеттік муниципалды қоғамдық құрылымдардың туризм дамуына қатысымы.

Бұл тұжырымдама тәжірибеге Швейцария, Германия, Францияда елдерінде демалыс чектерін пайдалану арқылы енгізілген. Ресейде туризмнің бұл түрі әлеуметтік сақтандыру қорлары арқылы жүзеге асырылады. Соңғы кезде туризмдердің жаңа түрлері қалыптасып сұранысқа ие болуда: экотуризм, агротуризм, экзотикалық, экстремальды туризм. Нарықта жаңа қызмет түрлерінің пайда болуы мына факторлармен байланысты: ғылыми-техникалық прогресс, урбандалу, т.б.

Экотуризмнің негізгі мақсаты – туристерді табиғи құндылықпен таныстыру, адамдарға экологиялық тәрбие мен білім беру. Бұл туризм түрін ұйымдастырудың ерекшелігі – саяхат барысында табиғатқа әсер етуді барынша төмендету, экологиялық қонақүйлер желісін кұру, туристерді экологиялық таза азық түлікпен қамтамасыз ету, т.б. Экотуризм экологиялық таза аумақтарға баруды қамтиды, оның аймағында экологиялық білім беру турларын, экожүйеге турларды фотоаңшылықты білуге болады.

Агротуризм (ауылдық туризм) туристердің демалу мақсатында экологиялық таза ауылдық елді мекендерге баруды қамтиды. Оның даму және таралу танымдылығының алғышарты: урбандалу дәрежесінің өсуі, бағаның арзан болуы, экологиялық таза пайдалы тамақтану мүмкіндігі, табиғат аясында болу мүмкіндігі, т.б. Бұндай туризмді таңдаудың негізгі мотиві мынадай:

· қымбат курорттарда, қонақ үйде демалуға қажетті қаржының болмауы;

· дәрігер ұсынған климаттық жағдайда сауықтыру қажеттілігі;

· табиғатқа жақын болып таза ауада көп болу мүмкіндігі;

· экологиялық таза тамақтану мүмкіндігі;

· тыныш әрі қалыпты демалу мүмкіндігі;

· басқа мәдениетпен және дәстүрмен танысу мүмкіндігі.

Агротуризмді ұйымдастыру мына міндеттерді шешу арқылы жүзеге асырады: арнаулы «туристік ауылдар» ұйымдастыру, ауыл үйлерде тұрып тамақтанатын ауылдық турлар ұйымдастыру. «Біркүндік» агротуризм Канада мен АҚШ-та кең таралған. Адамдар ауылдық жерлерде, алқаптарда өздеріне қажетті жеміс-жидектерді жинай алады. Бір жағынан бұл демалыс болса, екінші жағынан адамдардың қаржы үнемдеуіне мүмкіндік береді, үшінші жағынан фермерлердің өнімді тасымалдауға шығынын азайтады. АҚШ-та Хеллоуин мерекесі алдында жастар топталып қала сыртына шығып, демалып және мерекеге қажет ұнаған асқабақтарын таңдап алады.

Экзотикалық оқиғалық және экстремальды туризм экзотикалық орындарға (аралдар, жанартау, сарқырама, шөл, т.б.) барумен оқиғаларды көріп қатысумен (джип-сафари, рафтинг, дайвинг, пілге, әуе шарына міну, т.б.) байланысты.

Арнаулы туризм түрлеріне мына белгілері бар турларды да жатқызуға болады:

· көпшілікке арналмаған, сирек кездесетін туризм түрлері,

· соңғы өнімді қалыптастыруға көп еңбекті қажет ететін туризм түрлері;

· қаржыны көп қажет етпейтін туризм түрлері;

· әр түрлі туризм түрлерінің белгілерін қамтитын турлар;

· адамның қажеттілігінен туған жаңа туризм түрлері;

· дәстүрлі емес қаржы көздерін пайдаланып ұйымдастырылатын туризм түрлері.

Арнаулы, кең тараған, аталған талаптарға сай туризм түрлеріне мыналар жатады: діни туризм, іскерлік туризм, конгрестік-көрмелік, емдеу туризмі, экологиялық туризм, оқиғалық туризм, таушаңғы туризмі, экстремальды туризм, круиздік туризм, т.б.

Туристердің қажеттілігі мен сұраныстарының үнемі өзгеріп отыруға жаңа туризм түрлерінің пайда болып дамуының алғышарты болып табылады.

 

Date: 2015-06-07; view: 3465; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.007 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию