Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Абай даналығындағы «Адам мен Әлемнің» үйлесімділік сипаттары





Адам және Әлем мәселесі - философияның басты нысаны. Бұл арада «Әлем» ұғымын дәстүрлі «Дүние» деген ұғыммен бара бар күйде қолданып отырмыз. Олай болса, Абай даналығындағы «Адам-Әлем» мәселесінің мән-жайына тереңірек үңіліп зерделейік.

Абайдың атын бүкіл әлемге танытқан заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов ақынның әдебиеттегі және мәдениеттегі орнын Абай шығармаларындағы даналықпен, поэтикалық көркемдікпен, әлеуметтік сарынмен және қазақ тұрмысының олқы жақтарын қатал сынаумен қарастырады. Бірақ Абай шығармашылығының осы қырларын философияға тікелей қатысты деп ойламайды: «...Шын мәнінде алғанда, - деп жазады Мұхаң, - Абай философ емес..., оның арнап жазған философиялық жекеше терең толғаулы еңбектері, трактаты жоқ» [94, 180 б.]. Сөз жоқ, бұл арада М.Әуезов философияға маркстік- лениндік тұрғыдан қарап, Абай шығармаларынан Батыс философиясына тән салаларды, бағыттарды, белгілерді көре алмай, Абайды философтар санатына қоса алмай отыр. Сонымен бірге ол Абайдың адамгершілік, ұждан, мораль философиясына тікелей қатысы бар, толып жатқан бөлек-бөлек бір көлемді, әрі сапалы, терең ойлы пікірлері барын атап өтеді.

Абай философия бойынша іргелі еңбек жазбаған, алайда оның қаламынан терең философиялық поэзиясынан басқа философиялық толғаныстардан, төлтума философиялық идеялардан тұратын «Ғақлия» немесе «Қара сөздер» атты еңбек туды. 1918 жылы жарық көрген «Абай» журналында Ж.Аймауытұлы «Журнал туралы» деген мақаласында Абайдың философиялық дарынына алғашқылардың бірі болып баға бере келіп, былай деп дәл атап көрсетті: «Ақыл, білім, сезім, терең ойлылығына қарағанда Абай қазақтан шыққан философ (данышпан)» [95]. Ойшыл ақын Мағжан Жұмабаев та өзінің «Алтын хакім Абайға» деген өлеңінде оның даналығына ерекше мән береді:

Шын хакім, сөзің асыл баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес [96, 22 б.].

Әрине, біз Абай философиясын ғылым, таным теориясы, методологиялық пайымдау деп сипаттай алмаймыз.

Қазақ философиясының тарихын зерттеуші, даналықтың табиғатына терең бойлаған ғалым Т. Х. Рысқалиевтің пікіріне жүгінетін болсақ: «Абай философиясын ХІХ –ғасырдағы қазақ жеріндегі қоғамдық сананың формасы деп қарау ақылға сыйыңқырамайды. Ол кезде ешкім де Абайдай ойлап, Абайдай түсінікке ие болған жоқ. Сондықтан да Абайды замандастары түсінбеді. Абайдың философиясы – оның өзінің ойы, пікірі, көзқарасы. Қоғамдық сананың формасы болып табылатын философия - көптің пікірі, түсінігі. Онда тереңдік, даналық жоқ. Абай мұндай философияны «ақсақал айтты, бай айтты, кім болса, мейлі сол айтты» деп қабылдамайды. Мұндай философия пікір деңгейінен әрі аса алмайды, түсінікке жете алмайды. Абай пікір мен түсініктің арасын айыра біледі. Кеңестік дәуірде философия анаған да, мынаған да, бәріне де түсінікті көзқарасқа айналды. Материалистік философияда түсінбейтін нәрселер аз. Ондай түсінікпен біз Абайдай ойшылдарға бойлай алмаймыз.

Абайдың түсінігі таң қалдырады. Оған дейінгі, одан кейінгі қазақ ойшылдары мен ғалымдарында кездеспейтін түсінік. Өткенді де, қазіргіні де, болашақты да қамти алған түсінік. Оқумен, тоқумен, тәжірибемен, ойланумен, толғанумен, терең бойлаумен келген түсінік. Адамды өсіретін, сонымен бірге кімнің кім екенін, ненің не екенін таразыға салып өлшеп беретін түсінік» [97, 44 б.].

Абай дүниетанымы мен философиясындағы даналықтың қыр-сырын, бүге- шүгесіне дейін ашып көрсете білген профессор Т.Х. Рысқалиевтің пікіріне тоқталайық: «Абай даналыққа, даналықты білдіретін сөзге, іске, мінез-құлыққа ерекше мән берді; ол даналықты танып, ажырата білді, жүзеге асыра білді. Даналық Абай ілімінде теориялық концепция болып қалған жоқ, өмір сүру тәсіліне айналды.

Даналықты Абай ата-анасынан, әжесінен, халқынан, Батыс, Шығыс және орыс әдебиетінен, Құраннан, философиядан үйренді. Өзі де ізденіп оқып, танысқан ойшылдардан, оның іздегені, күткені даналық болды. Олар адамға қалай қарайды, не үшін бағалайды, олардың дүниеге көзқарасы қандай, дүниенің күрделі жақтарын, қайшылықтарын қалай түсінеді; олар неге ұмтылады, неге құмар болады; олардың өмірінде зат қандай орын алады; олардың қанағатқа, баққа, қайғыға қалай қарайтыны; олардың сөздерінің тәрбиелік мәні т.т. - міне, әдебиеттен, философиядан оның білмек болғаны осы еді» [97, 44 б.].

Абай жөнінде, бұл – «адам» дейтін орталық нүктеге қарап, тепе- теңдік ұстайтын тұтас әлем, Абай ғарышы деу жоқ. Адамшылық мәні, оның этикалық һәм эстетикалық келбеті, өмірінің мәні мен мағынасы, зерде мен сезім дүниесі, ойшылды тебіренте толғантқан. «Абайға келгенде... адам мен адамгершілік, ұждан – мораль философиясына тікелей қатысы бар, толып жатқан бөлек-бөлек бір көлемді, әр сапалы, терең ойлы пікірлері бар екені даусыз. Біздің білуімізше, Абайдағы философиялық көзқарастың көбі адамгершілік мәселесіне тіреледі», -деп жазады М.О.Әуезов [98, 171 б.].

Абай үшін негізгі мәселе – адам проблемасы, ол және де кең ұғымда алынған: адамның көңіл-күйі, мінез-құлқы, түсінігі, пейілі, ойы, көзқарасы. Дәлірек айтсақ, философиялық мәселенің бір-бірімен тығыз байланысты, сабақтас этикалық, эстетикалық, әлеуметтік, гносеологиялық және басқа қырлары болғандықтан адам проблемалары жиынтығы тұрғысынан келеді.

Абайдың өз шығармаларындағы негізгі ұстанған этикалық қағидасы –бұл «Адам бол!» деген үндеуі – ол ақынның шығармашылығының өзегіне айналды. Абай үндеуінің этикалық мәні адамның өмірдегі міндеті мен ролін жоғары бағалау. Адам – ақын көзқарасында ақыл ойдың, адамшылықтың, еңбексүйгіштіктің және білімділіктің, достық пен махаббаттың түгелдей көрініс табуы, жинақталуы. Ай мен күн – аспан әлемінің әшекейі, орман мен жемістер – таудың әшекейі, ал жердің сәні – адам. Абай үлкен мақтанышпен: «Адам деген даңқым бар!», - деп жар салады [99, 86 б.].

Абайдың адамға қойып отырған талабы бүгін де мәнін жойған жоқ. «Адам болам десеңіз» - мұны қалай түсінуге болады? Адам әзір күйде туа салмайды, адам болып қалыптасады. Адам болу – екі түрлі өзара байланысты процесс: бір жағынан, қоғамға байланысты, қоғамдық ортаның сәбиге, жасөспірімге болашақ адам ретінде қарап, оның адам болуына жағдай жасауы; екінші жағынан, адамның өзіне де байланысты, есі кірген жастың өзінің адам болуға ұмтылуы. Абай бір кездегі Диоген құсап тілі бар, сөйлей алатын екі аяқты жануарлардың бәрін бірдей бірден адам деп танымайды, оның адамшылық белгілеріне қарайды: «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым ойлап қой». Бұл талаптар бүгін артық деп кім айта алады? Әсіресе, Абайдың «терең ойды» қайта-қайта алға тарта беруі – таңқаларлық жәйт:

Ғылым оқып, ой таппай,

Құр үйінде жатады...

(«Сабырсыз, арсыз, еріншек» деген өлеңінде).

Ойлау да жоқ, білу жоқ,

Келер менен кетерді...

(«Көжекбайға»).

Терең ой, терең ғылым іздемейді...

(«Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы»).

Ынсап, ұят, терең ой,

Ойлаған жан жоқ, жауып қой,

Ойланар елдің сиқы жоқ...

(«Сегіз аяқ»).

Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз...

(«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін»).

Жүйрік тіл, терең ой,

Сол күнде қайда едің?...

(«Қызарып, сұрланып»).

Терең ойдың телміріп, соңына ермей...

(«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес»).

Малда да жан мен тән, ақыл, сезім болмаса,

Тіршіліктің несі сән, тереңге бет қоймаса?...

(«Жүректе қайрат болмаса»). Абайдың өкпесі де, назы да, өкініші де, үміті мен сенімі де болашақтың - біздің заманның, келер заманның өкілдеріне арналған.

Адам ұғымы Абай шығармашылығында абстракты, жалпыға бірдей қолданыла беретін ұғым емес. Адамдарды ойшыл әр категорияларға бөледі. Ер адам мен ез адам:

Ер ісі ақылға ермек, бойды жеңбек,

Өнерсіздің қылығы өле көрмек.

Шыға ойламай, шығандап қылық қылмай,

Еріншек өздігінен көпке көнбек...

(«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек»). Ақылды және ақылсыз, надан адам:

Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,

Әр нәрсеге өзіндей баға бермек.

Таразы да, қазы да өз бойында,

Наданның сүйенгені көп пен дүрмек (сонда), атқамінер адам:

Бас басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?...

(«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым»). Пысық, қу адам:

Пысықтықтың белгісі - арыз беру,

Жоқ тұрса бес бересі, алты аласы...

(«Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат»).

Пысық деге ант шықты

Бір сөз үшін жау болып,

Бір күн үшін дос болып,

Жүз құбылған салт шықты.

Пысық кім деп сұрасаң –

Қалаға шапса демалмай,

Өтірік арыз көп берсе,

Көргендерден ұялмай.

Сыбырдан басқа сыры жоқ,

Шаруаға қыры жоқ.

Өтірік, өсек, мақтанға

Ағып тұрса бейне су.

Ат -шапаннан кем көрмес,

Біреу атын қойса «қу»...

(«Сабырсыз, арсыз, еріншек»). Жиырма бірінші қара сөзінде Абай біреулердің өздерін «қу», «пысық» дегенге мақтанатынын айтып, оларды «наданның наданы» деп кекетеді.

Абайдың түсінігінде топ бар (толпа), жеке, дара тұлғалар бар (идивидуальность). Топтағылардың бір бірінен айырмашылығы жоқ. Абай топты кейде тобыр, дүрмек дейді. Топ өздігінен ешнәрсе тындырмайды: «өңкей нөл». Топты жөнге салу үшін кемел басшы керек:

Единица- жақсысы,

Ерген елі бейне нөл.

Единица нөлсіз-ақ,

Өз басындық болар сол.

Единица кеткенде,

Не болады өңкей нөл?...

(«Сәулең болса кеудеңде»). Отыз жетінші сөзінде Абай: «Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркты отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? – деген сұрақ қояды да, оған өзі былай деп жауап береді: -Ол көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та жөнге сал». Абай көпті немесе топты жартасқа теңейді:

Жартасқа бардым,

Күнде айғай салдым,

Онан да шықты жаңғырық.

Естідім үнін,

Білсем деп жөнін,

Көп іздедім қаңығырып.

Баяғы жартас, бір жартас,

Қаңқ етер түк те байқамас...

(«Сегіз аяқ»). Дара тұлға деп Абайдың әкесі Құнанбайды айтуға болады: қарадан сұлтан болған ел ағасы, азулы, қатал, айлакер би, данагөй шешен. Абайдың әкесіне берген сипаттамасы:

....Мұсылманға қоймаған

Орынсыз жанжал, шатақты,

Ерегіскен жауларын

Кісен салып матапты.

Зекет жиып, егін сап,

Тойдырған ғаріп, жатақты.

Ескендір, Темір, Шыңғыстай

Мұсылманда атақты.

Мұқым қазақ баласы

Тегіс ақыл сұрапты.

Тобықтыны ел қылып,

Басын жиып құрапты...

(«Бермеген құлға қайтесің»).

Дара тұлға- Абайдың інісі Оспан: ажуар, тентек, ержүрек, ақкөңіл жан:

Кешегі Оспан ағасы

Кісінің малын жемепті.

Мал сұраған кісіге

Жоқ, қайтемін демепті.

Қуаты артық, ойы кең,

Жұрттың бәрін шенепті.

Досына дәл- жаз, жауға- аяз,

Алысқанды демепті.

Адалдық үшін алысып,

Жегішке ақы төлетті.

Бас шайқаймын дегеннің

Басына салды әлекті...

(«Кешегі Оспан ағасы»).

Адам еңбекпен өседі, жетіледі. Еңбек - Абай іліміндегі негізгі ұғымдардың бірі. Адамға еңбектің қай түрі де лайық, жарасады.

Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе,

Ең болмаса, еңбекпен мал табалық...

(«Бір дәурен кемді күнге - бозбалайық»).

Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас,

Еңбек қылмас, еріншек адам болмас...

(«Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей»).

Болмасын кекшіл,

Болсайшы көпшіл,

Жан аямай кәсіп қыл.

Орынсыз ыржаң,

Болымсыз қылжаң.

Бола ма дәулет, кәсіп бұл?

Еңбек қылсаң ерінбей-

Тояды қарның тіленбей.

Егіннің ебін,

Сауданың тегін.

Үйреніп, ойлап мал ізде.

Адал бол - бай тап.

Адам бол - мал тап.

Қуансаң, қаун сол кезде...

(«Сегіз аяқ»).

Сенбе жұртқа, тұрса да, қанша мақтап,

Әуре етеді ішінде қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар

Еңбегің мен ақылың екі жақтап...

(«Сенбе жұртқа тұрса да, қаншама мақтап»).

Абайдың этикалық тұжырымдамаларында «еңбек» ұғымының айрықша орны бар, өйткені қазақтың ойшыл ақынының еңбектің адам өміріндегі мәні туралы айтылмайтын шығармасы жоқ деп әсірелеусіз айта аламыз. Еңбек әрекетін Абай адамның рухани, ақыл-ойының қалыптасуының негізі деп есептеді: «Ақыл, ғылым –бұлар кәсіби» [100, 219 б.]. Ол сонымен қатар, еңбек адам жанын түлетеді, ал еңбектен алыс жүретін жалқауларда жаман әдеттерге бейімділіктер көп кездесетінін келтіреді. «Еріншектік –күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады», - деп жазады «Ғақлиясында» [100, 207 б.].

Адам болудың шарты болып табылатын тағы бір терең мәнді философиялық ұғым - қанағат. Ежелгі грек, үнді, қытай ойшылдары құмарлықты, нәпсіні жеңуге, білуге көп мән берген. Қанағат қылу – Абай үшін де - адамның асыл қасиеті болып табылады.

Бар ма екен жай жүрген жан қанағатпен

Құдайдың өз бергенін жеп көрем деп?...

(«Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман»).

Ер ісі ақылға ермек, бойды жеңбек...

(«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек»).

Жасы кіші үлкеннен ұялмай жүр.

Сұрамсақтар нәпсісін тыя алмай жүр...

(«Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да»). Құмарлықтан қашудың жөні жоқ. Тек құмарлықтың қайсысы адамға жолдас болады: жан құмары ма, тән құмары ма? Тән құмары дегеніміз – нәпсіге берілу, - дейді Абай. Жан құмары – «білмекке құмарлық», білсем, көрсем, үйренсем деген тілек. Тән құмары - ішсем, жесем, ләззатқа, рахатқа батсам деген ниеттен туады. Жас шағымызда, - дейді Абай жетінші қара сөзінде, - біз «ол немене?», «бұл немене?» - деп, «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» -деп көзіміз көрген, құлағымыз естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейтін едік. Өсе келе жан құмары күшеймесе, кеми түспеуі керек еді. Олай болмайды, дейді Абай. Керісінше, адам баласы қара бастың қамын ойлап, мал тапсам, дүние жинасам деп әуре-сарсаңға түседі. Жан құмары жайына қалады, «ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық... Жанды тәнге бас ұрғыздық». «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбененен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?», - деп Абай адамдарға олардың адамшылық борышын еске салады.

Адам, оның өмірі туралы философиялық толғаныстарын Абай өлеңмен де өрнектеді. Бұл кездейсоқ құбылыс емес, себебі философиялық ой кешу мен поэзиялық бейнелеу адамның рухани қызметінің ажырамас жақтары. Философия мен поэзияның онтологиялық және гносеологиялық негіздері де бір, екеуі де реалды шындықты бейнелеуге тырысады. Бейнелеу тәсілдері мен нәтижелері әр түрлі болғанымен, екеуі де ақиқатты танып-білуге ұмтылады. Философия ғылым ретінде пайда болғаннан бері адам дүниесін зерттеумен айналысып келе жатырса, поэзияның да жырлағаны адам. Адам жүрегін оятуға бағытталған шығармашылықтың азапты жолынан философ та, ақын да өтеді. Рухани қызметтің аталған түрлерінің ұқсастығының осындай мысалдарын көптеп келтіруге болады. Философия мен поэзияның, философ пен ақынның бірлігін теріске шығарып, поэзиядан «пәлсапа», ой мен мораль іздеу бекер дейтіндер де табылып жатады, ондай ойдың қисынсыздығына дүниежүзілік деңгейдегі басқа тұлғаларды айтпағанның өзінде Абайдың өзі-ақ дәлел бола алады.

Өмірдің мәніне жетемін деген адам қандай қасиеттерді бойына жинап, қандай қасиеттерден арылуы қажет? Өмірде не нәрсенің маңызды екенін түсіну үшін адамға ең әуелі ақыл керек. Абай ақылды адамды есті адам деп сипаттайды – Ақылдың көмегімен адам өзі қызыққан өмір – дүниенің есігін ашады, дүниені ғана емес, өзін де, басқаны да ұғынуға тырысады. Өмірінің мақсатын анықтау міндетін де адамның ақылы атқарады. Ең қарапайымнан күрделіге дейінгі сан түрлі мақсаттың ішінен өзіне қажеттісін таңдап алу оңай емес. Есті адам құмарлық сезімге бой бермей, ақылына жүгініп, тұрақты, түпкілікті мақсатты таңдап алуға қабілетті. Ол «орынды іске қызығып, құмарланып, іздейді екен-дағы, күнінде айтса құлақ, ойласа көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өмірдің өкініші де жоқ болады екен» [101, 35 б.].

Сезімі ақылын шырмаған адамның есі кетіп, ақылын қолдан шығарып алады да, анықты бұлдырдан айыра алмайды. Мұндай күй әсіресе жас адамға тән. Жастық шақта адамға өмірдің бәрі алда, өмір таусылмастай, адам бәріне үлгеретіндей көрінеді. Абай осы алдамшы сенімнен сақтандырады, себебі ақылына құлақ түрмей әр нәрсеге бір қызығушылық адамның бойында мастық туғызады, ол ақылдың көзін мүлдем байлап тастайды. Есер адам осы мастықтан арыла алмайды да, «орнын таппай, не болса сол, бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен-дағы, күнінде өкінгені пайда болмайды екен» [101, 36 б.].

Ақыл өмірлік мақсатты анықтауға көмектесіп қана қоймайды, сол өмір ағымын реттеп те отырады. Адам өмірінің әрбір күнін, жұмасын, айын ақыл таразысына салып, өзінен өзі есеп алып отырса, өмірін өкінбестей өткізетінін Абай баса айтады. Қандай тамаша ой! Бұл пікірге ұқсас «сандар теориясы» Пифагорда да кездеседі. Антика ғұламасы адам өмірі сандар секілді ретті, үйлесімді, жинақты болу керектігіне назар аударған еді. Абайдың ойы тереңдеу. Ақылға жүгінбей, есепсіз, қалай болса, солай өмір сүрген адам өмірдің ағып өте шыққанын білмей қалып, кеш ойланатыны шын емес пе? Сондықтан да ғұлама бабамыздың бұл пікірін әрбір адам басшылыққа алса, артық болмас еді.

Адамды аздыратын ақылсыздық қана емес, сыншыл ақылдың айтқанымен жүретін, оны ұғатын жүрек пен қайраттың жоқтығы. Көздеген мақсатқа жету үшін ақылдылық аз етеді, ештеңеге мойымайтын батылдық, жүректілік керек. Осы жүректіліктің негізінде жігер мен қайрат жатыр. Қайрат ақылға бағынғаны дұрыс:

Жүректе қайрат болмаса,

Ұйықтаған ойды кім түртпек?

Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүріп күнелтпек.

 

Аспаса ақыл қайраттан,

Терең бармас, үстүрттер.

Қартыңның ойы шар тартқан

Әдемі жеңіп күңгірттер [102, 451 б.].

 

Ал жігерді адамның өз өмірінің негізгі мақсатын таңдап және оның құндылығын саналы түрде бағалап қана қоймас, оны жүзеге асыруға өзінің ішкі күш-қайратын жұмылдыра білу қасиеті десек, жігер мінезбен байланысты екен. Мінез ұғымын тереңірек түсінетін болсақ, өмірлік мақсатқа жетемін деген адамға табандылық, тұрақтылық қажет, бірақ мінез ақылға байлаулы болғаны дұрыс. Мінезсіз адам өмір көшінен қалып қояды, себебі ол ақылсыз.

Жігер мен қайраттан тұратын жүректілік ақылға құлақ салмаса, асығыстық іс жасалады. Қазақта көбіне жүректіліктің осы түрі көп кездесетін секілді. Абай айтқандай: «Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Біздің қазақтың «жүректісі» мақтауға сыймайды» [101, 73 б.].

Таза жүректе ақыл, рақымдылық, мейірбандық қонақтайды, таза жүректі адамның шапағаты өзіне ғана емес, бүкіл адам баласына түседі. Абайдың «адам баласына адам баласының бәрі – дос» деген гуманистік қағидасының негізінде де осы таза жүректілік принципі жатыр. Тереңірек ойлап қарасақ, ашық аспан астында жер басып жүрген адамдарының бәрі бірдей, өмір мен өлім, қайғы мен рахат, тоқтық пен аштық тағы басқаның бәрі адамға ортақ, жетпейтін ештеңе жоқ. Сондықтан да кішкентай өмірді қырқыспен өткізу ақылға сияр ма екен? Абай айтқандай: «Бес күндік өмірің бар ма, жоқ па? Біріңе бірің қонақ екенсің, біреудің бағына, малына күндестік қылып, я, көрсеқызарлық қылып көз алартыспақ лайық па?» [101, 74 б.].

Адамдар арасындағы араздық пен немқұрайдылық жүректің кірлеуінен шығады. Жүректі кірлететін – «мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық» [101, 116 б.]. Осы қасиеттерден және надандық, өтірікшілдік, мансапқорлық секілді жаман қылықтардан аулақ болуға Абай өз халқын үнемі үгіттеп отырды, себебі олар адамды «ақылдан шығарып жібереді», ал «адамшылықтан шығарып, құмарпаздыққа салып жіберетін нәрседен бойды ерте тиып алуы керек» [101, 117 б.]. Ол үшін адамға керегі – қанағат.

Өмірдің мәні руханилық пен адамгершілікке жету үшін адамға білім мен еңбек қажет екендігін Абай барлық дерлік өлеңдері мен қара сөздерінде айтады. Адамның тіршілігінің мәнді болмағы адамның өзіне ғана байланысты. Бұл мәселенің шешімін құдай тағалаға немесе басқа күштерге асырып тастау қисынсыз. Еңбек ету, Абайдың сөзімен айтсақ, өнер үйрену адамға ең әуелі күн көріс үшін керек: «Мал тапса, қарын тояды... Қарны аш кісінің бойында ақыл ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын?» [101, 151 б.]. Бірақ еңбекпен уақытша мал тауып, қарын тойдыру адамшылыққа жатпайды. «Мал жұтайды, өнер жұтамайды», сондықтан адам жалқаулыққа салынбай, еңбегін еселеп, ақылмен дамыта білген жөн. Оған кедергі болар кеселдерді де Абай ұмытпай ескертеді. Қолдағы барға ғана мақтанбай, бар өнерді арттырып, басқа жұрттан үйреніп, талаптану қажет. Еріншектік, жалқаулық, «өнерлісің ғой» деген мақтанға алдану мен ысырапсыздық еңбекті қор етеді, дауға айналдырып, адамшылықтан айырады.

Еңбексіз білім де келмейді. Ғылым тілі – дүниенің кілті. Адамның көкірегін тазартатын да, надандықты жеңетін де ғылым. Осы қағидаға өз көзі жеткен Абай қазақ жұртын мал емес, таусылмас қазына білім мен ғылым жинауға шақырады. Ерінбей еңбектенсе, алынбайтын білім қамалы жоқ екендігін ұлы ақын әсіресе жастарға көбірек ұғындырады. Абай білім ұғымын кең түсінікте қолданады. Ол тек ғылым ғана емес, адамның қоғамдық мақұлық ретінде өмір сүре білуге, басқа адамдармен адамгершілікке негізделген қарым-қатынас жасауға үйренуі. Дүниеге келген адам бәрін біліп тумайды, адам деген атқа сай болуды бірте – бірте үйренеді.

Қазақта «көргенділік» деген тамаша ұғым бар. Тәрбиелі, бойында адамгершілігі мол, үлкенге ізетті, кішіге мейірімді, ата салтын бойына мол жинаған, жөн білетін адам – көргенді. Осы көргенділікке жеткен адам қоғамда өз орнын таба білу ғылымын игерді деуге болады, қазақ баласын көргенділікке тәрбиелеуге тырысатыны сондықтан. Бұл білімді игеру тек ата – анаға ғана емес, баланың өзіне де көбірек байланысты. Көрсем, білсем, үйренсем деп еңбектенген адам ғана көргенділікке, адамгершілікке жетеді. Өмір бойы ештеңе ұғынбай, ұғынуға талпыныс жасамай да өмірден өтетін, адам болу біліміне қол жеткізуге еңбектенбейтін адамдар қаншама. Өмірін осылайша мағынасыз өткізуден ауыр ештеңе жоқ шығар.

Қазақ халқын адамгершілік пен руханилыққа негізделген мәнді өмір сүруге үгіттеген Абайдың өсиеті өз жұртының санасына жете қоймады. Қараңғылық пен надандық тұмшалап қалғыған сананы сөзбен оятпақ болған, елді жайлаған бақталастық, күншілдік, еріншектік, арсыздықпен поэзиясы арқылы күрескен философ, ақын бұл тірлігінің еш нәтиже бермегенін көзімен көріп, шошынды:

 

Менсінбеуші ем наданды,

Ақылсыз деп қор тұтып,

Түзетпек едім заманды,

Өзімді тым-ақ зор тұтып.

 

Таппадым көмек өзіме,

Көп наданмен алысып.

Көнбеді ешкім сөзіме,

Әдетіне қарысып.

 

Жан шошырлық түрінде

Бәрі бірдей еліріп,

Ұстай алмадым бірін де,

Кекиді кейін шегініп.

 

Мұндай елден бойың тарт,

Мен қажыдым, сен қажы!

Айтып – айтып өтті қарт,

Көнбеді жұрт, не ылажы? [102, 454 б.].

 

Мыңмен жалғыз алысқан Абайды, оның өз сөзімен айтсақ, кілең нөл қажытты, жанын мұң жайлап, жабығу мен жалғыздық басты. Жалығу туралы ол жиырмасыншы қара сөзінде: «...жалығу деген әр нәрсені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын – бәрінің баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады. Хаттаки ғұмырдың баянсызын, дүниенің әрбір қызығының ақырының шолақтығын көрген – білгендер тіршіліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық та, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын», - деп жазған еді [101, 143 б.].

Адамзат тарихының барлық дерлік ғұламалары кешкен жалығуды Абай да кешті. Жалығу әрбір адамның басында болады. Біреу үшін, әсіресе Абай айтқан ақымақтар үшін жалығу өткінші болуы мүмкін, олардың жалығуы жалығу емес, жәй әншейін, уақытша іш пысу десек те болар. Осы жерде өмірдің мәнін таппай қиналып, өмірден жолыққан Л.Толстойдың ештеңеге бас қатырмайтын, бар мұңы ішер тамағы мен жатар орнын ойлаумен ғана шектелетін мұжықтарына қарап, қандай бақытты деп қызығатыны еске түседі.

Нағыз жалығу өмір, адам қоғам туралы ойлардың тереңіне бойлаған адамда болады. Абайды да «болмасқа болып қара тер, қорлықпен өткен қу өмір» жалықтырды, жалығу жалғыздыққа ұласты, ақын «ішім өлген, сыртым сау» дейтіндей күйге түсті. Түсінген адамға Абайдың жалғыздығы – нағыз ойшылдардың жалғыздығы. Өзін қоршаған меңіреу қоғам ақынның өсиетін де, ақылын да керек қылмады, терең ойы мен ішкі жан дүниесін түсінуге де тырыспады. Арқа сүйеп, жөн сұрар, пікір бөлісер, өзін өзіндей биік деңгейден болмаса да, тым құрыса өзі шамалас тұрғыдан түсінер жан табылмады. Қоғам мен адам түсінер жан табылмады. Қоғам мен адам арасындағы осындай дисгармония әдетте субъектіні оқшаулануға мәжбүр етеді. Өзін қоршаған ортаны тастап кетпегенімен, Абай одан рухани безді, рухани оқшауланды, өгейленді: «ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей», «моласындай бақсының, жалғыз қалдым тап шыным» дейтіні де сондықтан.

Академик Ғарифолла Есімнің «Ақиқат» [103, 46-47 бб.] журналында жарияланған Абай өлеңдеріне жасаған талдауына тоқталып өткенді жөн көрдік:

«Боямасыз ақ көңіл, кірлетпей кетті жүректі». Бұл –Абайдың ең тәуір көретін баласы Әбіш қазасына арнайы жазған «Әбдірахман өлгенде» деген өлеңнің он үшінші, он төртінші жолдары.

Адамның (әкенің) баласын жоқтап, дертті болуы әбден түсінікті, себебі бұл табиғи жол емес. Баласы әке қазасын көруі - әділеттілік, жағдай өзгеше болғанда табиғи тәртіптің бұзылғандығы. Абайда өзіміз сияқты пенде яғни оның баласының мезгілсіз о дүниелік болуы – жанды жаралаған ауыр қаза. Абай Әбіш өліміне қатты күйзелген. Бірақ бізді алаңдатып, ой қозғап отырған мәселе - әкесінің баласын жоқтауы емес, Абайдың Әбішті жоқтауы. Дана Абай баласын өлімге қия алмай отырғаны оның яки Әбдірахманның «боямасыз ақ көңілдігі». Қазақта ақ көңіл деген түсінік кеңінен қолданылды. Біз оны түсініп те, түсінбей де жаны жарқын адамдарға мінездеме бергенде оңды-солды қолдана береміз. Көбінесе, ақ көңіл дегеннің не екеніне жете мән бере бермейміз. Абай болса «ақ көңіл» дегенді нақтылап айтқан, ол «боямасыз ақ көңіл» дейді. Демек, ақ көңілдің боямалы да түрі болуы мүмкін деген ой еріксіз пайда болады. Сонда бояу дегеннің өзі шындықты жасыру, басқа түсінікке бастау болғаны ма? Боялып қойған нәрсенің өз түсі қайда кетпек? Дүниеде өз түсі жоқ зат жоқ ендеше, неге сол алғашқы түсті өзгертіп, біз бояу жақпақпыз. Бояу жағу- шындықты бір себепке байланысты жасыру, өзгерту, өзгеше етіп көрсету. Абай болса «боямасыз ақ көңіл» дегендегі түпкі ойы осы бағытта болар деген пікірдемін.

Абай Әбдірахман өліміне аса қатты қайғырды. Бірақ баласы өлген әке жалғыз Абай емес, сондықтан өлмектің артынан өлмек жоқ қой деп те ойға қаласың. Алайда, мәселе Абайдың «Кірлетпей кетті жүректі» деген түсінігінде тұр. Абай әкені қинап тұрғаны - Әбіш бала болып, қателесіп, балалық, шалалық жасап әкесінің жүрегін кірлетпегені. Абайдың жүрегі кірлесе, яғни баласының әлдебір қылықтарынан көңілі қалса бір сәрі. Әбіш әкесінің көңілін қалдыратын ұл болмады. Оның бар қылығы әкесін байыта берді. Абай Әбіштен өзін көрді, алдағы күнді аңғарды. Өшпес өмірдің жалғасы барын Әбіш арқылы нақтылы сезінді. Сондықтан ол Әбішке арналған екінші бір өлеңінде: «жаңа жылдың басшысы – ол, мен – ескінің арты едім» - дейді.

Жүрекке, әке жүрегіне кір түсірмеген бала, әрине, арман. Абайға Әбіш шын мәнінде арман болатын. Сондықтан Абайдың қайғысы тек әке қайғысы емес, одан зорлау еді, Әбіш те әкесінің баласы емес, ол да одан асқан ұрпақ еді. Қайғының, қазаның ауырлығы, міне, осында.

Абай не жазса, Абайлығы байқалып тұрады ғой. Осы қазаға арналған өлеңнің соңғы екі жолында мынандай түйін бар:

Тағдырға тәбділ (амал) бола ма,

Сабырлық қылсаң керек-ті.

Тағдырға амал жоқ. Сонда басыңды иіп әкеліп мойындататын бұл тағдыр деген неткен құдіретті күш. Тағдыр құдай емес, сонда ол қандай құдірет. Амалдың, сананың таусылып, тек мойындаудан өзгеге қауқарының болмайтыны – бұл Тағдырдың құпиясы кімге белгілі. Тағдыр – тылсым, сірә оның қуаты адамдар үшін беймәлім болғанымен, өзінің қисыны (логикасы) бар болса керек. Сол үшін қалыптасқан сана бар, оның аты – сабыр. Тағдыр ісіне, жазуына сабыр еткеннен өзге амал жоқ. Абайда осы түсінікке келіп, Әбдірахманның өлімін Тағдыр жазуы деп сабыр еткен. Сонда сабырлық дегеніміз - өлімнен кейін өмір бар деген болашаққа бастайтын, үміт отын өшірмейтін сана. Бұл - керек, онсыз істің бәрі де мәнсізденіп, түсініктер түсініксіздікке айналып, тиянақ таппай, ой тоқырап қалар еді. Осы мәнде Тағдыр мен Сабыр деген ұғымдар бірін бірі қажет етіп тұр. Сабыр, сабырлық тек Тағдырға мойынұсынушылық қана емес, ол оптимистік сана. Сабыр дегенде үлкендер өткенге өкініп сарыуайымға салынбай, болған іске болаттай берік болып, болашақты ұмытпа деген мән берген. Абай да жаны жараланып, қайғыға тұншыға отырып, өзіне-өзі қайрат беріп «Сабыр қылсақ керек-ті» - дейді. Бұл – Тағдыр ісіне көну, бірақ, бас ию емес. Тағдырды түсіну бар да, мойындау бар. Абай Тағдырды түсінген, бірақ мойындамай сабыр сақтаған.

Абайдың сүйіспеншілігі, махаббаты, адамға құштарлығы тек адаммен шектелмейді. Бұл сүйіспеншілік аспанға, Құдайға дейін тарайды және құдайдан тарайды:

Махабатпен жаратқан адамзатты.

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті [99, 89 б.].

Құдайдың өзі адамзатты махаббатпен жаратқан соң адамның бұл дүниені, адамзатты «бауырым» деп танымауына шара жоқ демекші ақын. Адамның адамды бауырым деп тануы - әділет жолы. Әділетті таңдаған адам адамзатқа сүйіспеншілікпен қарайды, сүйсіне қарайды. Сөйтіп, Абай сүйіспеншілікті адамгершілік деңгейіне көтереді, сезімді ақылмен ұштастырады.

Ұлы Абайдың айтуына қарағанда, қазақ халқының болашақтағы материалдық және рухани байлығының түп қазығы – бірлікте. Дегенмен, бірлік –тірлік адамға ғана ма? Жан-жануар да, мал да жантәсілім етпес үшін азығын тауып жеуге тырысады. Тамағы жоқ, көйлегі көк болса жетіп жатыр ма? Ертеңгі күнді кім ойлайды сонда? Ондай тірлік кімге керек?

Бірлік адамдар бір-біріне қажет болғанда керек. Бірлік адамдар ортасындағы ақыл-ойдың жоғары тұрғандығын, мәдениеттіліктен, туысқандықтан көрінуге тиіс.

«Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды?-дейді Абай.

-Біреу-болыс, біреуі-би. Олардың ақыл үйренейік, насихат тыңдайық деген ойы болса, ол орынсыз сайланып та жүрмес еді. Олар өздері де үздік кісіміз, Өздеріміз біреуге үлес беріп, ақыл айтармыз деп санады. Өздері түзеліп біткен, енді ел түзерлігі қалған. Ол не қылып тыңдасын және тыңдайын десе де қолы тие ме» [104, 156 б.]. Ал, байлығы асып-тасыған адам үшін не сенің ақыл-өсиетіңнің, не насихатыңның керегі бар ма, оны олар құлақ асып тыңдап.., керектісін іріктеп ала қояр деймісің? Оған керегі - мал, дәулет. Не керектің бәрін де осы байлығымен орын аламын, сатып аламын деп ойлайды. Байлықтан басқаны ойламайтұғын оларға адалдық, білімділік керек емес. Мұны олар екінші кезекке ысырып қалды. Абай айтқандай, оның діні, құдайы, халқы, білім-ұяты, жақыны, бәрі – мал.

Халықты қандай адам басқаруы керек? Ол халықтың бойындағы қандай мұраттар мен идеялардың дәнін себуге тиіс? Бұл ел басшысына байланысты. Дегенмен де бір ақиқаты, болыстар мен билер адамшылықты, даналықты халықтың өзінен үйренеді, оқиды, ізденеді, талпынады, сөйтіп, өз білген – түйгенін халықтың игілігіне, оқу-біліміне жұмсайды. Ол шектен шыққан билікке, басы артық жағдайда ұмытылмауы керек. Өз халқының болашағы жолында сенім мен әділеттік олардың әлеуметтік – этикалық қызметінің басты элементтері ретінде көрінуге тиіс.

Абайдың қара сөздеріндегі және басқа да еңбектеріндегі халықты басқару мен қоғамдық қатынастарды дамытуда әділеттік пен адалдық танытy проблемасы Батыс пен Шығыстың ойшылдарының, философтарының басты назарында болды.

Әділеттік мұрасы қай дәуірде болса да, қай елдің философиясында болса да жоғары бағаланды. Айталық, ежелгі қытай философиясында да, Батыс пен Шығыстың басқа елдеріндегі философтардың еңбектерінде де әділеттілік мұраты тұрғысындағы ой-тұжырымдар аз емес. Конфуцийдің ілімдеріне сүйенсек, қарапайым адамдарға қарағанда «қайырымды елдердің» ең жоғары сапалық қасиеттерінің бірі- әділетті болуында. Конфуцийдің пікірінше, әділеттік басқару жүйесін нығайтып, біріңғай игілікті сақтайды [105, 141-142 бб.]. Мо-Цзы «барлық істердің ішінде әділеттіліктен асқан құндылық жоқ. Әділеттілік қапа адамдарға игілік әкеледі» деп санады. Ал моистер мектебінің негізін қалаушы Мо-Дидің және оның пікірлестерінің пайымдауынша әділеттілік идеясы «жалпыға бірдей сүйіспеншілік пен өзара тиімділік» приципі бойынша іс жүзіне асатын болып шықты [104, 152 б.].

Ал Сократ болса, адам өзінің борышы мен мұратын аяқасты етсе, бұл өлімнен де күшті деп есептеді. Платон «әділеттілік әр уақытта да болады» деп ойлады. Ал, Кант әділеттілікті «борыш» деп түсіндірді. Гегельдің әділеттілік тұжырымдамасы бостандық проблемасымен тікелей байланысты болды.

Адам тақырыбы Абайдың барлық шығармаларында бар. Оның жарық дүниеге келіп, адамгершілік, танымдылық көзқарастары қалыптасып, өлгенге дейінгі аралықтағы сан соқпақты жолдары, тіршілік, бәрі-бәрі Абай шығармаларына арқау болған. Оның айтуынша: «Адам баласы жылаумен туады, күліп өледі. Бұл сөздің астарында үлкен мән-мағына, ой жатыр. Адам баласы тууы мен өлуі арасында бұл дүниенің рахаты қайда екенін біле алмай дал болып, бірін-бірі аңдып, болмашы қол жеткенді дабырайтып, мақтаныш қылып, жарамсыз қылықпен өмірін бос өткізіп алғанын өзі де ағармай қалады. Өмір тоқтап тұрмайды, әр нәрсені өзінің уақытында, дер кезінде алып қала алмасаң, кеш болады, жас келіп қартайғаннан кейін қанша тырысқаныңмен одан ештеңе шықпайды.

Мақсатсыз, мұратсыз өмір сүру - өмір емес. Абай ондай өмір итте де бар екенін айтады. Тіленшектік, әркімге көз сүзушілік өмірде опа бермейді. Сондықтан, адам әуелі құдайға сыйынып алып, одан кейін өзінің қадір қайратына арқа сүйеуге тиіс, талмай еңбек жасауы керек. Сонда ғана өмір бос өтпейді, сонда ғана алға қойған мұратыңа, мақсатыңа жетесің.

Адам туралы, рухани жан дүниесі туралы Абайдан артық айта қойған ешкім жоқ. Ол былай деп жазады: «Жас бала да анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады, бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреу – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады, бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреу білсем екен демелік... мұның бәрі жан құмарлығы - білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» [104, 154-156 бб.]. Білімнің қайнар көзі - қоршаған орта, адамның өзі. Оның ақыл ойының, сана сезімінің жоғары болуы өзіне байланысты. Адам барлық уақытта осы мақсатта өзін өзі жігерілендіріп, мұраткерлік танытып отыруы керек.

Адам танымын Абай өте күрделі процесс деп қарайды. Адам ұдайы ақыл ойын, таным түсінігін, рухани жан дүниесін табанды еңбегі арқылы жетілдіріп, ұштап, күш қайратын, жігерін осы мақсатқа шоғырландыруы тиіс. Ғылымға ден қойған адам қоршаған ортаны, адамдардың бойындағы сапалық қасиеттер мен ерекшеліктерді бұрынғыдан да кеңірек танып біледі. Абайдың айтуынша, адамның өмірі мен оның бүгіні, болашағы үшін ең басты қажеттілік, адамның мақсатына, мұратына жетуі үшін өзін және қоршаған ортаны кеңірек танып, оның нәтижесін шындықты өтіріктен, әділеттілікті әділетсіздіктен, қайырымдылықты қатыгездіктен айыра білуі қажет.

Адам бойында білсем, үйренсем, көрсем деген талпыныстың болғаны әмбе жақсы. Адамның бәрі дәл осылай емес, кейбірі ішкен – жегеніне, қарын тойдырып, уақыт өткізгеніне мәз болып, өмірдің мәнді жақтарына, ненің не екеніне бас ауырта қоймайды. Абай мұндай адамдарды да сынаған, оның жаман қылығын бетіне басқан [104, 222-224 б.].

Шындығында да адам анадан бірден есті, білімді болып ту салмайды ғой. Есейе келе айналаға көз жіберіп, көріп біліп, таңсық нәрсенің сырына көз жеткізгеннен кейін ғана жақсы мен жаманның парқын ажыратып, айыра алатын, түсіне алатын хәліне жетеді. Бұл ретте оны қоршаған адамдар қандай, есті ме, есер ме, білімді ме, білімсіз бе? Көп нәрсе соған байланысты. Абай да мұны қалт жібермеген. Ол былай дейді: «Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өз ісіне жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады» [104, 168 б.].

Қайғысыздықтан сақ бол,

Қайғылыға жақ бол.

Қайратсыз ашу - тұл.

Шәкіртсіз ғалым – тұл [104, 192-194 бб.], - деген – өсиет айтады Абай.

Абайдың сөзімен келтірсек, өсек, өтірік айту, мақтаншақтық, елден ерекше шашып төгу адамды жақсылыққа жеткізе қоймайды. Мұндай жаман әдетке бейім адамнан жақсы адам шыға қоймайды. Терең ақыл - ой, саналы еңбек, талмас талант, талап қана көрікті қылады. Біреуге қарсы өшпенділік жасаудан аулақ болуға шақырады. Қайырымды, білімді адам ғана өзіне де, халқына да пайда әкелмек [100, 48-50 бб.].

Пайдакүнемдікті мақсат етіп, соның жолында күресу жақсы адамның ісі емес. Өзіне де, халқына да әр кез адал болуға тырысу керек. «Адал жүріп, адал тұр» - дейді Абай [100, 56-57 бб.]. Адам баласы қашанда артық білуге ұмтылуы керек. Адам өзін өзі батыр болуға, жұртты сүюге тәрбиелеуі қажет. Сонда ғана өзімшілдіктен, масаттанушылықтан құтылуға болады [100, 162-163 бб.]. Бай болғаннан, мырза болғаннан не пайда, білімің, білген – түйгенің таяз болса. Сауатың жоқ болса, мықтылығы қайсы? Абай осындай індетпен күресуге шақырады. Барлық күш қуатты балалардың оқуына арнаған жөн. Аш құрсақ адамнан ақыл сұраудың, білім - ғылым сұраудың қисыны келмейді. Сондықтан мал жан да, еңбек те балалардың білім алуына жұмсалуы тиіс. Орыс әдебиетін, мәдениетін білу, үйрену арқылы әлемдік өркениетке жетуге болады. Білім арқылы ғана қазақтың көзі ашылады, халықты, жерді заң бойынша, құқық бойынша қорғай алады, басқа өркениетті елдермен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік туады [100, 173-175 бб.]. Адам бірін – бірі, тұтас халықты жақсы көруі жолында күресе білуі керек. Адам мен адамның арасы бөлінсе, ол бір-біріне дұшпан болады. Өзіне ғана емес, басқаларға да жақсылық, қайырымдылық жасай білуі керек, басқаларды да осылай тәрбиелей білген жөн. Өзіңе өзің сын көзбен қарауды ұмытпа. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар: сонан қашпақ керек. Әуелі - надандық, екінші - еріншектік, үшінші - залымдық деп білерсің», - дейді Абай [100, 212-213 бб.].

Қоршаған ортаға, адамға деген ынта ықылас жас адамның біліміне білім қосып, білмекке итермелейді.Тек қана қызығып қоймай, оны ғылыми түрде тұжырымдау өте қажет. Міне, осы арқылы одан әрі ғылыми - зерттеу жүргізуге деген құлшыныс пайда болады, ғылымға деген сүйіспеншілік оянады. Бұл процесс барысында сөз жоқ, нақты қойылған ғылыми мақсат, оның негізі мен қажеттілігі, сондай-ақ гуманизм басты рөл атқарады. Бұл жолда «азғырылмайтын ақылдылық, арды сақтарлық беріктік, қайраттылық» ауадай қажет. Адам ол өзінің мұратына, халқына адал болуға тиіс.

Абай шығармашылығының адамшылық жаңғырық-үні, оның тартымдылығы мен жоғары құндылығы - оның адамды жаңарту жолдарын іздеуде, оның рухани дүниесін байытуға ұмтылысында, оның күш жігері мен қабілетіне сене отырып, жетілдіруге жағдай жасауға талпынуында жатыр. Абай шығармаларын оқу арқылы адамның дүниенің жиынтығы, жаратылыстың шыңы, қоғамның негізі мен тамыры екеніне көзіміз жетті.

Қазақ үшін әлі күнге дейін Абайдан асқан данышпан, ғұлама тұлға болмай отыр, мүмкін болмайтын да шығар. Абайды танып – білу шексіз. Әлі талай ұрпақ қазақтың бас ақынының жұмбақ әлеміне, оны толғандырған адам, қоғам, өмір мәселелеріне зерттеу жасайтыны сөзсіз.

 

Date: 2015-11-14; view: 1913; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.006 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию