Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Дүниеге көзқарас және оның тарихи формалары





Серік Мырзалы

ФИЛОСОФИЯ

Оқулық баспа

Философия тарихы

Болмыс ілімі (Онтология)

Эпистемология(Таным мәселелері)

Леуметтік философия

Жаhандану және тәуелсіз Қазақстан

Алматы,2008

ББК 87.21

М91

Оқу құралына пікір жазғандар

Ғабитов Т.Х.- философия ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ

Ұлттық унивеситетінің профессоры

Cабит Мұрат- философия ғылымдарының докторы, Абай атындағы Ұлттық

Педагогикалықунивеситетінің кафедра меңгерушісі,профессор

М91Мырзалы Серік. Философия.-Алматы: «Бастау»,2008.

 

М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникация академиясы және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық унивеситетінің оқу-методикалық кеңестерінің шешімімен баспаға ұсынылды

ISBN 9965-814-7

Оқулықта философияның өзіндік санасы –тарихы талданған. Философияның негізгі тарауы болып саналатын «Болмыс» ұғымына талдау асалып, оны нақтылай түсетін басқа да категориялардың мазмұны, методологиялық мән-мағынасы қарастырылған. әлеуметтік философия мен таным мәселелеріне де көңіл бөлінген. Әр тараудың соңында оқырманның өз-өзін тексеруге арналған сұрақтар, рефераттар тақырыптары берілген.

Студенттер мен аспиранттарға, жалпы философиямен әуестенетіндерге арналған.

 

ББК87.21

ISBN 9965-814-7

Мырзалы С.Қ.,

Авторлық құқық заңмен қорғалған

All rights are reserved.

I тарау. Мәдениет аясындағы философия және оның адам мен қоғам өміріндегі алатын орны

Дүниеге көзқарас және оның тарихи формалары

Адам басқа тіршіліктерге қарағанда ерекше пенде: ол өзін бүкіл Дүниеден бөліп алып, оған қарсы қоя алады. Менің осы Дүниедегі орным қандай? Мен бұл өмірге не істеу үшін келдім? Адамды Құдай, я болмаса «Ұлы мәртебелі Табиғат» неге жаратты? Бұл Дүниені адам танып, түбіне жете алар ма екен? Мені жағалай қоршаған табиғат неге шексіз, әртүрлі және сондай әсем? Ертең-ақ бұл әсем Дүниені өлер шағымда қалайша қиып кетемін? Егер мен бұл Дүниеге уакытша ғана келсем, онда бұл өмірдің мәні неде? деген осындай және мыңдаған басқа сұрақтар адамның ойына оқтын-оқтын келеді. Әрбір адам өзінің ой-өрісі, өмірден алған тәжірибесі, жалпы мәдениетінің деңгейіне қарай бұл сауалдарға жауап беріп, өзіне тән дүниеге деген көзқарас қалыптастырады.

Алайда қайсыбір Дүниеге деген көзкарасты философияға жатқызуға болмайды, өйткені соңғыға тек қана абстрактілік ой-өріс дамуының негізінде Дүниені ұғымдармен бейнелеу түрі жатады (аbstігасtіо - латын сөзі, ой арқылы заттың, құбылыстың әртүрлі жақтарын бір-бірінен бөліп алып қарау). Олай болса, философия -Дүниеге деген дамыған көзқарас түрі.

Тарихи дүниеге деген көзқарастың тұрпайы түрі алғашқы қауымдық қоғамның шеңберінде Дүниеге келеді. Оны біз мифология дейміз (mithos - грек сөзі, баян, аңыз, logos - грек сөзі, ілім деген мағына береді).

Миф - табиғат, қоғам және адам жөніндегі алғашқы тұрпайы фантастикалық түсініктер (рhantasia- грек сөзі, қиял, елес). Алғашқы қауымдық қоғамдағы әлеуметтік дамудың тым төмендігі, адамның табиғаттың әртүрлі күштеріне қарсы тұра алмауы, сонымен қатар өзінің өмірге деген қажеттіктерін өтеу жолындағы сол табиғат құбылыстарын сезіну және тусіну іңкәрі - мифтердің Дүниеге келуінің қайнар көзі болып табылады.


Әрбір халық өзінің дүниеге келу жолында әртүрлі мифтерді ойлап шығарды. Дүниенің пайда болуы мен тәртібі, жақсылық пен жамандық, көркемдік пен түрсіздік, адам өмірінің мәні мен құндылығы т.с.с. сұрақтардың жауаптары халықтар аңыздарында әртүрлі дәрежеде берілген. Ол жағалай коршаған табиғаттың ерекшелігіне және соған сәйкес қалыптасқан халық тіліне байланысты болса керек.

Бірақ тереңірек қарасақ, әртүрлі халықтардың дүниеге қойған сұрақтары, ізденістерінің бір-біріне ұқсас жақтарын да көруге болады. Олар: Дүние қалай пайда болды? Кім адамды тудырды? Адам неге өледі? Адамдардың сөйлейтін тілдері неге әртүрлі? Аспан мен жер неге бір-бірінен бөлінген? т.с.с.

Әрине, бұл сұрақтарға берілген жауаптар бүгінгі адамдарды қанағаттандырмайды, оған ол тұрпайы болып көрінеді, өйткені мифтерде табиғаттың құбылыстары сиқырлы күштер арқылы түсіндіріледі. Мифтер - адамзаттың «балалық тарихындағы» туындылары. Сол кездегі адамдар мифтердегі айтылатын сиқырлы күштерге өзінің ықпалын тигізе алатынына кәміл сенді. Сонымен олар жағалай қоршаған ортаны, табиғаттың зор күштерін қиялдық жолмен түсінуге және игеруге тырысты..

Жалпылай келе, әртүрлі халықтардың мифтерін белгілі бір топтарға бөлуге болады. Мифтердің ең үлкен бөлігінін бірі космогониялық (kosmos - грек сөзі, әлем, genesis- грек сөзі, дүниеге келу, пайда болу) аңыздар. Оларда көбінесе Дүниенін алғашқы жағдайы хаос (сһаоs - грек сөзі, шексіз шашылған бытыраңқы дүние) арқылы көрсетіледі. Сиқырлы құдіретті күштің іс-әрекеті арқылы хаос жер мен көкке бөлініп, Дүниеге тәртіп келіп, әртүрлі табиғаттың құбылыстары дүниеге келеді.

Дүниеге деген жалған көзқарас ретінде мифтің қандай ерекшеліктерін атап өтуге болады?

Біріншіден, миф алғашқы пайда болған қоғамдық сананың формасы ретінде өзінің ішінде болашақта дүниеге келетін өнер, дін, саясат, мораль сияқты құбылыстардың элементтерін бойында сақтайды. Сондықтан мифті ғалымдар коғамдық сананың синкретикалық түрі деп есептейді (synkretismos- грек сөзі, қосылған, араласқан, бөлінбеген деген мағына береді).


Екінші ерекшелігі-­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­мифтегі адам мен табиғаттың бірлігі, жағалай қоршаған ортаны антропоморфизациялау, адамның өзіндік мәндік қасиеттерін бүкіл табиғатқа таратуы, табиғаттың құбылыстары мен заттарын олардың адам сияқты жаны, ойы, сезімі, іңкәрі бар деп түсінуі. Мысалы, жерге нәр беретін аспаннан жауған нөсердің мифте Құдайлардың жыныс қатынасынан шығатыны жөніндегі қияли ойлары.

Үшіншіден, мифте әлі ғылыми ұғымдар жоқ, онда қоршаған орта, әлеуметтік қатынастар көркем сөз арқылы бейнеленеді.

Әлемнің пайда болуы жөнінде кейбір Шығыс халықтарының аңыздарында антропоцентрлік көзқарас та кездеседі (antropopos- грек сөзі, адам, sentrum - латын сөзі, орта, әртүрлі катынастардьң бір жүйеге қосылатын нүктесі). Бұл мифтер: «Дүниеден бұрын алғашқы еңгезердей адам болған, ал ол өлген кезде оның денесінен Дүние жаратылады», - деген пікір айтады.

Көне заманда күн мен ай, аспан мен жұлдыздар жөніндегі аңыздар адамдардың өмірінде кең орын алған. Күннің сәулесінің жер бетіндегі тіршіліктің өміріне тигізетін шешуші рөлі сол заманда-ақ анықталып, Күн Құдайы негізгі табынатын кұдайлардың біріне айналған. Сонау көне заманда пайда болған дөңгелек күнге ұқсатылып жасалған. Мысалы, біздің ертедегі бабаларымыз аспанға (тәңір, қытайша - тян) табынып: «Жер мен тіршілікті, адамды жаратқан сол аспан Құдайы», - деп есептеген.

Жағалай қоршаған ортадағы өзгерістер, кайталау үрдістері, жыл маусымдарының, күн мен түннің ауысып отыруы, жер сілкіну, дауыл, топан су, т.с.с кұбылыстар көне мифтерде жұлдыздар мен планеталардың орналасуымен, солардың ықпалымен түсіндірілді. Аспандағы жұлдыздардан тұратын фигуралар жердегі ахуалды, болашақта болатын оқиғаларды анықтайды, деп есептелді. Бүгінгі астрологиялық болжамдар (astron - грек сөзі, жұлдыз) сол көне замандағы пайда болған мифтерге сүйенеді.


Көп халықтардың мифтерінде ерекше орынды әйел Құдай алады (қазақтың Ұмайы, гректердің Деметрасы, т.с.с). Әйел Құдай -құнарлықтың, жер бетіндегі тіршіліктің әміршісі. Ол — аңшыларға сәттілік әкелетін, жер мен мал шаруашылығында мол өнім тудыртатын Құдай.

Әлемдегі Құдайлар мен адамдардың қарым-қатынастарына арналған мифтердің де орны бөлек. Ертедегі халықтардың мифтерінде әрбір табиғат құбылысын тудыратын өз Құдайлары болды. Мысалы, үнді халқы өз мифологиясында 3000-нан аса Құдайлардың бейнесін жасады. Құдайлар грек мифологиясында да өте көп.

Біріншіден, Құдайлар мәңгілік жандар, ал адам болса уақытша Дүниеге келеді. Өйткен себебі - Құдайлар алғашқы мәңгілік табиғат заттарынан жаратылған, ал адам болса ол — бір мифтерде Құдайлардың саздан жаратқан пендесі, екіншілерде Құдайдың сөзінен пайда болған. Бірақ, дегенмен кайсыбір миф адамға егер сол адам өзінің ізгі өмірімен, тазалығымен құдайлардың мейірімін туғызса кішкентай да болса мәнгілік өмір сүру мүмкіншілігін қалдырады.

Екіншіден, аспандағы Құдайлардың өмірі жердегі адамдардың өміріне өте ұқсас. Құдайлар да адамдар сиякты күледі, жылайды, қуанады, өкінеді, ғашық болады, т.с.с. Оны біз мифтегі социоморфизациялаудың нәтижесі деп түсінуіміз керек (societas- лат. сөзі, қоғам, morphe - грек сөзі, форма, түр).

Әрине, мифтердің пілдей бөлігі - батырлар хиқаялары (Қобыланды, Шора, Алпамыс, т.с.с.). Батырлар - бұрынғы заманда өмір сүрген бабалар, олар ездерінің өжеттігімен, зор күш-қуатымен ерекше бейнеленеді. Олар өздерінің ғажап істерімен халыққа жасаған ізгі жақсылықтары арқылы адамдарды неше түрлі қиындықтардан аман-есен алып шығып, бақытты өмірге жетелейді.

Мифологиядағы тағы бір ерекшелік - ол адамның жан дүниесін, сезімдерін ерекше Құдайдың іс-әрекетінен шығаруы. Бұл сонау көне заманда пайда бола бастаған діннің, адамның өз ішкі рухани өміріне үңіліп, таным жолына қоя бастағанының кепілі болып табылады. Мысалы, грек мифологиясындағы кейіпкерлер ғашық сезіміне шомылса, ал Афродита: «Ғашықтық - Құдайдын ісі», - деп түсінеді. Егер еске түсіру Құдайы - Мнемосина көмек берсе, адам есіне өткен оқиғаларды түсіреді, егер Муза Құдайлары көмектессе, онда адамға шабыт бітіп, ол өнерде шығармашылық туындыларын жасайды.

Сонымен мифология, қай халық болмасын, оның мәдениетінің түп нұсқасы ретінде бүгінгі заманға дейін сақталып, қазіргі жазушылар мен күйшілердің, мүсіншілер мен өлеңшілердің шабыт қиялын оятып, шығармашылығына зор әсерін тигізеді. Және әр заманның өкілдері мифтегі мазмұнға өз уақытына сәйкес баға беріп, осы уақытқа шейін ашылмаған сыр іздейді. Мысалы, Прометей жөніндегі мифті алсақ, ол Зевсті алдап, адамдарға от әкеліп, онын қалай пайдалану керектігін түсіндіріп, әртүрлі қол-өнерге үйретті. Өз еркіне көнбегені үшін Зевс оны Колхидадағы биік таудың тасына шынжырлап тастады. Күндіз үлкен бүркіт келіп, оның бауырын шұқып жейді, ал түнде оның бауыры бұрынғы қалпына келіп үлгіреді, келесі күні бүркіт тағы да ұшып келеді... Тарихтағы Ренессанс дәуірінен бастап осы уақытқа шейін Прометей кейпі өнер адамдарының, философия, әдебиет қайраткерлерінің шығармаларында әртүрлі ойларды туғызып отыр (renaissance - француз сөзі, қайта туу). Солардың басымы Прометейді адамды сүюдің, риясыздықтың, ізгіліктің, ержүректіктің нышаны десе, соңғы кездегі адамзаттың экологиялық дағдарысқа келіп тірелуі, рухани азғындауы Прометейдің кейпіне кейбіреулердің керісінше қарап, оны Құдайдың көрсеткен алғашқы жолынан тайдырушы, тәкаппарлықтың белгісі деп түсінуде.

Келесі гректің Сизиф жөніндегі мифін алсақ, (Sisyphus - латын сөзі, адамның аты), онда оған берілген Құдайдың жазасы: үлкен тасты домалатып, таудың басына шығарып орнату керек. Бірақ ол тас таудың басында орнықпай төменге қарай домалап кетеді. Ал Сизиф болса тағы да төменге түсіп, оны жоғарыға итеруге тиіс... Бірақ XX ғасырда өмір сүрген француз ойшысы А.Камю, бұл гректің мифінен адамның Құдайдың өзіне парапарлығын байқаған. Күнбе-күн үлкен тасты таудың басына шығарып, қайта-қайта төменге домалаған тасқа бара жатқан шағында ол көкке көз жіберіп, Құдайдың әділетсіз жазасына қанша қиналса да, өзінің көнбегенін көрсетеді...

Бүгінгі өмірде ғылым мен техниканың, гуманитарлық пәндердің дамуына қарамастан (humanitas - латын сөзі, адамгершілік, адамзат), мифтерге сену, олардың жаңа түрлерін тудыру осы уақытқа шейін жалғасып келе жатыр. Мысалы, адамдардың ғарыштағы басқа саналы пенделерге кездесуге деген бітпес іңкәрі неше түрлі аспаннан ұшып келген тарелкалар жөнінде, ондағы жандардың адамға ұқсас екені, жер қызының ғарыштан келген жігітке ғашық болғаны жөніндегі мифтерді атап өтуге болады. Сонымен бүгінгі таңда, сонау мыңдаған жылдар өткен замандағы сияқты, қазіргі мифтің мазмұнынан біз жоғарыда көрсетілген антропоморфизациялауды байқаймыз.

Әсіресе қазіргі замандағы әлеуметтік-экономикалық қиындықтар, адамның рухани өмірінің өзегін құрайтын құндылықтардың күрт өзгеруі қоғам өмірі жөнінде, билік басында отырған адамдар, олардың отбасылары, өмір салты жөнінде неше түрлі мифтерді тудырып отыр. Әрине, оларды тудыратын - халық, бұл мифтерде адамдардың жақсы өмірге деген іңкәрі, өмірдегі болып жатқан көп әділетсіздіктерді қабылдамауы байқалады.

Уақыт өте келе мифологияның шеңберінен дін бөлініп шықты, сонымен қоғамға дүниеге деген көзқарас, дүние сезімінің жаңа түрі келді. Дін де мифологияға ұқсас синкретикалық табиғатымен, сонымен қатар Дүниені фантастикалық бейнелеуімен ерекшеленеді.

Сонымен қатар бұл кұбылыстардың негізгі айырмашылықтары: мифте шынайы өмір мен қиял бір-бірімен араласып жатса, дінде «бұл Дүние» мен «о Дүние» бір-бірінен анағұрлым алшақ жатыр. Өйткені егер бұл Дүниедегінің бәрі де өтпелі, кемшілікті, өз-өзіне жеткіліксіз болатын болса, о Дүние – мәңгі, әсем, бақытты, жетілген т.с.с.

Дінде ең құдіретті жасампаз –Құдай- табиғаттан жоғары және бөлек тұр. Оны ғылыми жолмен танып-білу мүмкін емес, ол адамға аян арқылы беріледі де, адамның жан дүниесінде терең сенім сезімін туғызады.

Сенім дегеніміз - белгілі бір қоғамдағы уағыздалатын пікірлерге, нәрселерге берілу, олардың шындығын тексеру, я болмаса дәлелдеуді қажет етпеу. Осы тұрғыдан алғанда сенімді екіге бөлуге болады. Олардың бірі -ғылыми сенімдік. Оған қазіргі адамдардың ғылым мен техниканың жетістіктеріне, олардың болашақта адамзат өмірін түбегейлі өзгертетіне сену. Оны философияда сциентизм ия болмаса технократизм дейді (scientiа - латын сөзі, білім, ғылым, teсhnе - грек сөзі, өнер, жасай білу, шеберлік, сrаtоs - грек сөзі, билік).

Сенімнің екінші түріне адамзаттың күнделікті тәжірибесінен, я болмаса ғылыми деректерден шықпайтын, тіпті оған қайшы келетін қиялдарға нандыру және соларды адамның өз-өзіне нандыруы жатады. Міне, осы соңғы сенімдік түрі қайсыбір діннің негізін құрайды.

Діннің негізінде Құдайдың өз еркімен адамдарға пайғамбарлар арқылы берген белгілі бір тұжырымдары жатады. Олар адамдардың іс-әрекетін, жүріс-тұрысын, ойлау өрісін анықтайтын абсолютті қағидалар (absolutus- латын сөзі, шектелмеген, сөзсіз).

Мұндай қағидалардың жиынтығы діни көне құжаттарды құрайды. Оларға Құран, тәурат, Талмуд, Інжіл т.с.с. киелі кітаптарды жатқызуға болады. Бұл кітаптарда Құдайдың құдіретті күшін көрсететін неше түрлі табиғат заңдылықтарына бағынбайтын, оларды бұза алатын ғажайып оқиғалар жазылған. Солардың ішіндегі ең ғажабы - адамның рухының, жан дүниесінің өлместігі.

Құдайдың құдіретті күшін мойындай отырып, қайсыбір дін берген өмір сүру нормаларын әрқашанда коғамдағы адамдардың толық орындамай, бұзып отыратынын көрсетеді. Діннің заңдарын бұзған адам күнәға батады, бірақ ол өзінің ізгі істерімен болашақта Құдайдың кешіріміне жете алады.

Діни сенімнің қайнар көзі - адамның дүниені сезімдік-құндылық тұрғыдан игеруінде, ал Дүниеге деген ақыл-ой, парасат арқылы келген көзқарастарға дін қарсы келеді.

Ғасырлар бойы жиналып келе жатқан ғылыми деректер жағалай ортадағы білім мен ақыл-ойдың негізіндегі жасалған күрделі өзгерістер діннің өрісін тарылтып, оның ғылымға жақын түрлерін тудырады. Негізінен, біз оларды пантеизм және деизм дейміз(pan-грек сөзі, бәрі, theos- құдай,deus- латын сөзі, құдай).

Пантеизм дегеніміз Құдайды табиғаттың ішінде еріту, табиғаттың өзін Құдай ретінде түсіну. Мұндай Құдайға деген көзқарастың шеңберінде «табиғатты жарату» мәселесі құр босқа қалып қояды.

Деизмді алатын болсақ, онда Құдай мойындалғанмен, оның рөлі тек Дүниені өзінің құдіретті күші аркылы жаратумен танылады. Жаратылған Дүние әрі қарай өзіне тән ішкі заңдылықтары арқылы өмір сүре береді, оның болашақ дамуына Құдай кіріспейді.

Діннің дүниеге келуінен бастап, оның негізгі қағидаларына күмәнданған атеистік көзқарастар да туды (аthos - құдайсыз, құдайға қарсы, грек сөзі). Бүгінгі заманда Дүниеге деген атеистік көзқарас ұстаған адамдардың саны да аз емес.

Діннің бүгінгі адамзатқа аса тартымды жағы ол тек қана жағалай ортаны түсіну емес (ғылымның жетістіктері бұл қажеттікті анағұрлым жақсы орындайды), ол оның адамзаттың рухани тәрбиешісі, адамдардың бір-бірімен байланыстары, карым-қатынастарын ретке келтіруші қызметі. Яғни дін қоғамдағы мораль саласын өзіне тартып, бойына сіңіріп, өзінің жүйесінің ажырамас бір бөлігіне айналдырып, оның қағидаларын өз мүддесіне жаратады (mores - латын сөзі, әдет-ғұрып). Сонымен қайсыбір дін мыңдаған жылдар бойы қоғам өмірінде қалыптасқан жалпы адамгершілік нормаларды (norma - латын сөзі, басшылықтың бастамы, тәртіп, нұсқа) діни моральдық қағидаларға айналдырады. Моральдық борыш, жауапкершілік, тиістілік дінде Құдай алдындағы адамның борышы, парызына айналады. Адамның жүрегіндегі сүйіспеншілік сезімі нақтылы қоршаған адамдардан гөрі, Құдайға деген сүйіспеншілікке айналады. Осының арқасында моральдық құндылықтар Құдайға сенудің негізінде адамның жүрегіне, жан дүниесіне тезірек кіріп, оның жүріс-тұрысына зор әсерін тигізеді. Атеистік бағыт ұстаған адамға қоғамдағы моральдық нормаларды өзінің рухани өміріне кіргізу үшін олардың мазмұнын талдап, оған керек пе, жоқ па, соны өзінің білімі, парасаты арқылы саналы, дәлелденген сенімге айналдыруы керек. Ал бұл жол — өте киын жол.

Сонымен қатар діннің ішінде жалпы адамзаттық кұндылықтардан басқа, соларға қайшы келетін нормалар да болуы мүмкін. Мысалы, Иса пайғамбардың: «Мен сендерге бейбіт емес, қылыш әкелдім», - деген қағидасы бар. Ал ислам дініндегі «жихад», «газауат» деген нормалар дінге сенбегендерге қарсы күреске шақырады. Адамзат тарихында талай діни соғыстар болып өтті. Қазіргі Балқан елдеріндегі, Израиль мен Ирактағы кақтығыстардың негізінде де діни, этникалық қайшылықтар жатыр.

Құдайдың құдіретті күшіне сенушілік ертелі-кеш соған табынуға әкеліп соғады. Дінге табынушылықтың негізінде әртүрлі діни мекемелер мен ұйымдар пайда болады (шіркеу, мешіт, синагога және т.б.).

Діннің пайда болып даму жолында біршама себептер бар.

Біріншіден, дін мифологиялық санаға қарағанда, адамның абстрактылық ойлау қабілетінің анағұрлым биік дәрежеде дамуын талап етеді (о дүние, мәңгілік, шексіздік, әсемдік, ізгілік және т.б. ұғымдардың пайда болуы).

Екіншіден, адамның реалдық Дүниедегі, әсіресе қоғам өміріндегі себептік-салдарлық, қажеттік және кездейсоқтык т.с.с. байланыстар мен қатынастарды сезініп, соларды түсінуге деген өшпес іңкәрі. Бірақ олардың мәнін дұрыс түсіне алмағаннан кейін, адамдар табиғаттағы заңдылықтарды неше түрлі құдіретті күштерге теңеп, соларға табыну арқылы оларды адамға керек бағытта өзгертуге ықпал жасауға болатынына сенді.

Үшіншіден, адамның әлеуметтік өмірдегі зардап шегуі, езілуі, зорлық-зомбылықтың жақсылық пен ізгілікке қарағанда басымдылығы оның көкейінде бұл Дүниедегі өзінің өміріне қанағаттанбай, әрдайым шынайы құндылықтарды армандап, оның әлемін о Дүниемен теңеуге әкеліп соқты.

Төртіншіден, адамның өз өмірінің уақытшалығы, әрдайым оның өлместікке деген қиялын оятып, оның мәңгілік, кемеліне келген бақытты Дүние болуы керек деген ойын туғызды.

Басқа қоғамдағы сан алуан құбылыстар сияқты дін де тарихи өзгерістерге түсіп, өзінің әртүрлі бағыттарын тудырды. Бүгінгі таңда жер бетінде үш негізгі дүниежүзілік діндер бар. Христиан дініндегі негізгі идея - эсхатология (еsсһаtоs - соңғы, грек сөзі, lоgоs - ілім) тарихтьң, Дүниенің соңында Мессияның (құтқарушы) екінші келуі, тірі және өлген адамдарды таразыға салып, біреулерін тозаққа, екіншілерін мәңгі жұмаққа аттандыру. Христиан дінінің негізгі қағидасы - сүйіспеншілік және оны уағыздауда осы дін өте биік яғни, жай адамның мүмкіншілігінің шеңберінен шығып кететін дәрежеге дейін көтеріледі (өздеріңнің жауларыңды да сүйіңдер!).

Ислам діні де осы Дүниені жаратқан бір Құдайды - Алланы, оның құдіретті күшін мойындайды. Бұл діннің негізгі ерекшелігі Құрандағы жазылған қағидалар адам өмірінің барлық жағын үйлесімді түрде ретке келтіріп отыруға тиіс. Сондықтан Ислам діні қоғамның мемлекеттік істеріне, саясатқа белсенді ықпал жасауға тырысады (Ауғанстан, Пәкістан, Иран). Ислам діні басым елдерде, шариғаттың негізінде өмір сүретін исламдык құкықтық мемлекет орнату идеясы көптеген адамдардың мақсатына айналуда.

Ислам дінінің негізгі қағидасы - мейірімділік, қайыршыға, кемтар адамдарға кол ұшын беру (садақа), зекет төлеу (адамның өз еркімен әлеуметтік салаға кемінде жылдық табысының 2 пайызын беріп отыруы), т.с.с. міндеттері бар. Бұлардың бәрі де ислам дінінің әлеуметтік-демократиялық жақтарының үлкен ықпалын көрсетеді.

Үшінші дүниежүзілік дін - Буддизм. Бұл діннің негізгі ерекшелігі - оның этикалық-практикалык бағыттануы (еtһоs - грек сөзі, әдет-ғұрып, ргасtісоs - грек сөзі, белсенділік, іскерлік). Бұл өмірде (бейнеленген болмыс) адам зардап шегеді. Оның себебі адамның өмірге деген құштарлығында, оның қызығына тоймауында. Ал зардаптан құтылу үшін адам бұл бейнеленген болмыстан бас тартуы керек. Ол үшін адам нирвана (сөну, өшу) дәрежесіне көтеріліп, бейнесіз болмысқа өтуі керек. Сонда ғана адам өмірдегі зардаптан құтыла алады. Дүниежүзілік мәдениетте мұндай өмірден бас тартуға шакыратын бірде-бір философия жоқ сияқты.

Буддизм дінінің тартымды жақтарының бірі - ахимса (зияндық жасамау) қағидасы, яғни өмір сүріп жатқан бүкіл тіршілікке тиіспеу, зорлық-зомбылық арқылы залымдыққа қарсы тұрмау, адамдар мен халықтардың арасында жеңген де, жеңілген де болмауға тиіс.

Буддизмнің бұл қағидалары бүгінгі таңдағы Дүниеден ләззат іздеген, гедонизм (gedonе - грек сөзі, рахат, ләззат) жолына түсіп, жер бетінде экологиялык дағдарыс туғызған қазіргі Батыс цивилизациясына наразылық көзбен қарайтын миллиондаған адамдардың жүрегіне жақсы ұялайды.

XX ғасырда бұрынғы Кеңес Одағының шеңберінде социалистік қоғам құру барысында жаңа ағарған дінді адамдардың жан дүниесіне кіргізу (марксизм-ленинизм) амалы, бұрынғы діндермен күресу, оларды қоғамның рухани өмірінен сырттату саясаты жүргізілді. Жалпы алғанда, марксизмді Батыс Европа ой жүйесінің логикалык соңы ретінде карауға болады. Бұл ілім бойынша адамзат болашақта жер-бетін, қоғам өмірін қайта өзгертіп, сол өзгерісті жасау барысында жаңа адам дүниеге келеді. Оған мемлекеттік басшылық, заңдар керек емес. Ол тек қана адамгершілік нормалардың шеңберінен шықпай өмір сүреді. Жаңа адам жан-жақты және ұйлесімді түрде өзінің дарындары мен қабілеттерін дамытып, өзіне керек барлық қажеттіктерін кедергісіз өтей алады.

Алайда мұндай «жердегі жұмақ» орнатуға бағышталған орасан зор ерлік және сонымен қатар қайғылы да аянышты әлеуметтік тәжірибе 70 жылдан кейін қоғамды тарихи тұйықтыкқа әкеліп тіреді. Коммунизмнен күдер үзген миллиондаған адамдар өздерінің өмірлерінің мән-мағынасын іздеу жолында бүгінгі таңда бұрынғы дүниежүзілік діндердің шеңберіне қайта оралды.

Алайда қазіргі адамзатты бірде-бір дүниежүзілік дін толығынан қанағаттандырмайды. Сондықтан, бір жағынан алғанда, қайшылықтарға толы цивилизацияға бүкіл адамзаттың басын біріктіретін бір ғана дін болуы қажет сияқты. XIX ғасырдың ортасында Иран топырағында пайда болған Бахаизм діні сол рөлді өз мойнына алып орындауға тырысуда.

Екінші жағынан, XX ғасырда болған екі дүниежүзілік соғыс, миллиондаған адамдардың қырылуы, ғылым мен техниканың жетістіктерін пайдалану жолындағы теріс салдарлар, тірі табиғаттың әлсіреуі көп адамдардың қайтадан көне табиғатқа табынатын діндерге жаңа дәрежеде қайтып оралғысы келетінін сездіртеді.

§ 2. Философия - ғылым әлде өнер ме?

Жоғарыда атап өткеніміздей, Дүниеге деген діни көзқарасқа қанағаттанбаушылык сонау көне заманның өзінде-ақ пайда болып, аса ұлы тұлғалардың дүние мен адам қарым-қатынасы жөніндегі ақыл-ойға негізделген сұрақтар мен жауаптарының дүниеге келуіне себеп болды.

Осы тұрғыдан алғанда, «Философия — ақыл-оймен ұстап қалынған тарихи дәуір» деген Гегельдің берген анықгамасында терең сыр жатса керек.

Әрине, дін де философия сияқты шынайы ең биік рухани құндылықтарды, адамның өмір жолының адалдығын уағыздайды, бірақ олардың қайнар көзін «о Дүниеден» табады. Философияны алсақ, сонау Көне Грециядағы алғашқы пайда болған «Милет мектебі» өкілдерінің койған: «Дүниенің негізінде не жатыр?» -деген сұрағынан бастап, осы күнгі ойшылдардың: «Адамзаттың болашағы бар ма, ия болмаса ол өзін-өзі экологиялық апатқа, дүниежүзілік ядролық соғысқа әкеліп өлтіре ме?» - деген сұрағына дейін, бұлардың бәрі де ақыл-ой таразысына салынып, парасат шеңберінде талданады.

Философияның басқа өмірге деген көзқарастардан айырмашылығы - оның рационалдығында (rаtio - латын сөзі, ақыл-ой). Жалпы алғанда, философия қоғамдық сананың ғылыми саласының шеңберінен шығып кетпеуге тырысады, осы мақсатқа жету үшін өзінің категориялық (саtеgогіа - грек сөзі, белгі, пікір айту, айыптау) бүкіл ғылымның жетістіктеріне, адамзаттың мыңдаған жылдық өмірден алған тәлім-тәжірибесіне негізделген жүйесін қалыптастырады.

Сонымен қатар философияны басқа жаратылыстану және әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдармен салыстырсақ, оның ерекшеліктерін де байқауға болады (һumаnus- латын сөзі, адамдық, адамгершілік).

Біріншіден, философиялық категориялардың (ұғымдардың) шегіне жеткенше жалпылығын атап өтуге болар еді. Олар болмыс пен ойлаудың ең маңызды және мәнді терең байланыстары мен қатынастарын көрсетеді. Жеке ғылымдар тек қана Дүниенің белгілі бір бөлігін ерекше объект ретінде қарап, соның мәнді байланыстары мен қатынастарын зерттейді (jbjectum - латын сөзі, зат).

Екіншіден, философия басқа ғылымдар сияқты, ғылыми деректерді пайдаланады. Бірақ философиялық деректердің айырмашылығы - ол жеке ғылымдарда сарапталған, белгілі бір теоретикалық орта деңгейге көтерілген білімді дерек ретінде қорытады, әсіресе бұл философияның онтология және гносеология (эпистемология) салаларына тән нәрсе(ontos-грек сөзі, болу, өмір сүру),(gnosis-грек сөзі,білім,таным).

Үшіншіден, философияда ғасырлар бойы жиналған сан алуан теоретикалық жүйеге келтірілген көзқарастарды кездестіруге болады. Бірақ, соған қарамастан, бұл ғылымның саласында үзілді-кесілді шешілген барлық философиялық қауымның бір ойынан шығатын бірде-бір тұжырымдамасы жоқ сыңайлы. Философия саласында қызмет еткен ірі тұлғаның өзіндік дүние сезімі, түсінігі, көзқарасы қалыптасады. Сондықтан біз Платон, Спиноза т.с.с. ірі тұлғалардың философиясын ерекше түрде басқалардан бөліп алып зерттейміз.

Ал жеке ғылымдарды алатын болсақ, ондағы ашылған табиғат сырларын, жасалған теориялар мен тұжырымдамаларды сол саладағы ғалымдар мойындайды. Мысалы, физика саласында қазақ, американ ия болмаса араб физикасы жоқ, бұл ғылымның жетістіктері бүкіл адамзатқа ортақ, және өткен ғасырларда ашылған жаңалықтар мен жасалған теориялар үйлесімді түрде жаңа жасалған тұжырымдамалардың ажырамас бағынышты бөлігіне айналады, олар бір-біріне қарама-қайшы келмейді.

Философияға келер болсақ, ондағы сонау көне заманда койылған метафизикалық сұрақтар осы күнгі ұрпақтарды да тебірентеді, оларға әр дәуір өзіндік жауабын ұсынады (metaphisica -грек сөзі, физикадан кейін, яғни болмыс жөніндегі тәжірибенің шеңберінен шығып кететін мәселелер).

Оқырманньң байқағанындай, философия статусы (status -латын сөзі, мәртебе) жеке ғылымдарға қарағанда анағұрлым кеңірек, сондықтан Батыс елдерінде философияны тіпті өнер саласына жатқызатыны мәлім (the Art-ағылшын сөзі, өнер).

Мысалы, А.Шопенгауер: «Философия ғылымының кемшіліктері - оның ғылым жолымен дамуында, ал шынында философия көркемөнердің бір түрі ғана», - деген пікір айтқан болатын.

Егер біз философияны көркемөнер саласымен салыстырсақ, онда біз олардың бір-бірімен біршама көп ұқсас жақтарын ашуымызға болады.

Жоғарыдағы көрсеткендей, философия саласында қызмет еткен әр ірі тұлға осы ғылымның тарихында өзінің ерекше дүниетанымы, дүниетүсінігі, көзқарасымен ерекшеленіп, ешқашан бұрын-соңды қайталанбас орын алады. Сондықтан қанша ірі тұлға философияға атсалысса, соншалыкты философияның түрлері бар деп айтсақ, артық болмайды.

Өнер саласындағы туындылар да бір-бірін қайталамайды, онда өнерпаздың дүниеге деген тұлғалық-сезімдік қарым-қатынасы өзгеше болып көрініп тұрады.

Философиядағы әрбір тұлға өзгеше орын алғаннан кейін, біздің алдымызда таңдау мәселесі пайда болады. Философияда талғамдық бар. Біреуге Гегельдің философиясы ұнаса, екіншіге Фейербахтан асқан ойшыл жоқ сияқты. Осы себептен кейбір уақытта философияның белгілі бір ағьшы басқалардан гөрі басымырақ әсерін тигізіп, сол дәуірдің рухани өмірінің өзегіне айналуы мүмкін. Мысалы, діни философия - орта ғасырларда, маркстік философия­- XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың бірінші жартысында, экзистенциализм - XX ғасырдың 60-70 жылдарында т.с.с. И.Фихтенің айтқанындай, философиялық жүйені таңдау -адамның өзінің кім екеніне байланысты, өйткені философиялық жүйе соны жасаған адамның жан дүниесі арқылы жанданған. Бұл жағынан алып қарағанда, философия көркемөнерге ұқсас.

Жеке ғылым салаларына көз жіберсек, онда талғам мәселесі толығынан жоқ сияқты. Физика, я болмаса биологиядағы теорияларды жасаған авторларды көбінесе көзі тірі кезінде айтамыз, соңынан олардын ашқан жаңалықтары сол ғылымның бір тарауына құрап, бейтұлғалық объективтік занға айналып кете барады (оbjektum - латын сөзі, зат, қарсы қоямын).

Шынайы философиялық шығармалар көркемөнердегі ұлы туындылар сияқты, адамның жүрегінде, ой-өрісінде өшпес із қалдырады, оның жан дүниесін ұлылық, құлаштап жетпес биіктік, әсемдік, гармониялық сезім билейді (һаrmоnіа - грек сөзі, үйлесімді, қарама-қарсылықтың бірлігі).

Философияны өнерге жақындататын келесі мәселе - Дүниенің біртұтастығын көрсету, ішке және сыртқа қарай шексіз Дүниенің суретін жасау - философия саласындағы ең қиын істің бірі. Өйткені Дүние жөніндегі ғылыми деректер әр уақытта өзінше шектелген. Олай болса, тек қана ғылыми жолмен шексіз Дүниені шектелген білім арқылы біртұтас ретінде суреттеу мүмкін емес. Ал, бірақ адамның жүрегінде Дүниені толығынан түсіну ұмтылысы ешқашанда бітпес іңкәр болып қала береді де, әртүрлі Дүние суретін тудырады. Ол үшін философ өзінің Дүниесуретін ғылыми деректер жетіспеген жағдайда қиял арқылы толықтырады, сезім толқындарымен бояйды. Олай болса, философия өзін тудырған мифологиядан толығынан бөліне алмайды. Философия мен көркемөнердің бір-біріне жақындығын, бір-біріне өтіп жатқанын айқын көрсететін нәрсе - тарихтағы ұлы тұлғалардың шығармалары. Оған Платонның «Диалогтарын», нақыл сөздерін, Ницшенің афоризмдерін, Камюдің эсселерін жатқызуға болады, өйткені олардың философиялық мазмұны көркем сөзбен берілген. Ал Абайдың өлеңдері мен Әуезовтің романдарында Достоевский, Толстой сияқты орыстың ғұлама жазушыларының шығармаларында терең философиялық сыр жатыр.

Философияның тағы бір ғажап жағы - оның өз бойына мистикалық транцендентік қасиеттерді сіңіруі (mysticos - грек сөзі, құпия; transcdere - аттап өту, латын сөзі). Дүниені транцеденттік жолмен игерудің керектігі - оның тұңғиықтығында, шексіздігінде, кұпия әлі ашылмаған сырларында. Екінші жағынан алып қарағанда, адамның өзінің де жан дүниесі, ішкі рухани өмірі де шексіз терең. «Өзіңді тани біл» деген көне заманнан бері келе жатқан қағида әрқашанда мазмұнды болмақ. Сонымен ішке және сыртқа қарай транцеденттік бір-бірін толықтырып, адамның қол астындағы болмысты, жиналған тәжірибені аттап өтіп, Дүниенің ең терең жақтарын мистикалық сезіммен қамтуында, адамның осы шексіз Дүниенің ажырамас тамшысы ретінде сезінуінде жатыр. Транценденттеу дегеніміз - ақыл-ойдың шеңберінен аттап өтіп, дүниенің танылмайтын алғашқы негіздерін, өмір сүріп жатқан болмыстың құпиясын іштей сезіну, өз болмысыңның Дүниенің терең жатқан сырымен біртұтастығын сезіну. Бұл жағынан алғанда, философия діни сезімге жақындап, кейбір кезде діни философияға айналып кетуі мүмкін.

Философиялық білімді тек қана Дүние мен танымның ең жалпы заңдылықтарына, универсалияларына теңеуге болмайды (universalis - латын сөзі, жалпы ұғым).

Өйткені көне заманда бұл пәнге берілген аттың өзі - философия (рһilео - грек сөзі, сүю, sорһіа - даналық) оның практикалық, өмірге лайықтылық жағын көрсетеді. Шығыс пен Батыстағы философия бастауындағы тұлғаларды (қытайдағы КонФуЦзы, Лао-Цзы, гректердің «Жеті данасы», парсы елінің Заратустрасын алсақ, олар, негізінен алғанда, адам бұл тіршілікте қалай өмір сүруі керек, қандай құндылықтарды сыйлауы керек, жақсылық пен зұлымдық, сұлулық пен түрсіздік дегеніміз не, адам өмірінің мән-мағынасы неде? деген сұрақтарды қойып, соларға жауап беруге тырысқан.

Шынында да, даналық дегеніміздің өзі білімділікпен тепетең емес. Оның өзегі - адам өмірінің мән-мағынасын анықтайтын мыңдаған жылдардағы жиналған өмір тәжірибесі мен моральдық құндылықтар мен ережелерінің біртұтастығында.

Философиядағы құндылықтар адамды жағалай қоршап шектелген, толымсыз болмыстан тиістілік әлеміне ұмтылдырады. Қазақстанның белгілі ғалымы, профессор К. Абишев философияның ерекшелігін оның ұсынатын бағыты болуға қажетті, болуға лайықты, болуы мүмкін, тіпті болуы парыз нәрселерден көреді. Мұндай пікірмен толығымен келісуге болады. Өйткені адамның рухани өмірі сан алуан ойлар мен болжамдарға, күңгірт және әсем сезімдерге, жоспарлар мен үміттерге т.с.с. толы. Адам өзін қоршаған нақтылы болмыстың шеңберінен әрқашанда шығып кетіп, әлі өмірде жоқ, бірақ болуға тиіс Дүниеге жетуге тырысады. Сонымен құндылық әлемі оның өмірінің мақсат-мұраты мен мән-мазмұнына айналады. Бұл күрделі мәселелерді философияның аксиологиялық жағы деуге болар еді (аksios — құндылык, құндылықтар ілімі).

Адам өмірінің құндылықтары сан алуан. Оларды, негізінен алғанда, екі үлкен топқа - материалдық және рухани құндылықтарға бөлуге болады. Қарапайым адамдардың көпшілігі өмірдің мән-мағынасын материалдық құндылықтарды жинаудан, байлыққа ұмтылудан көреді. Американ философы Э.Фромм бұл құндылық бағытын «алу» категориясымен көрсетеді. Ал екінші бағытты адамның рухани ізденісін, оның шындық, әсемдік, жақсылыққа, шығармашылық деңгейіне ұмтылысын өмірде «болу» категориясымен ұштастырады.

Бұл тұрғыдан алғандағы философияның негізгі қызметі құндылықтар әлемін сараптау, әлеуметтік өмірде қандай кұндылықтар болуы керек, болуға тиіс, - соларды негіздеу болып табылады.

Қоғам өміріндегі әрбір әлеуметтік топтың өзінің алатын орны, соған сәйкес мүдделері мен мақсат-мұраттары болғаннан кейін, олар белгілі бір философиялық бағытта негізделмей коймайды. Әлеуметтік болмыс белгілі топтың мүддесінен өтіп барып бейнеленеді, яғни бұрмаланады. Ал мұның өзі сол топтың құндылық әлемін таңдауына өзінің зор әсерін тигізеді. Біз мұны философияның идеологиялық жағы деп түсінеміз (іdеа - идея; 1оgоs -ілім, алғашқы кейіп). Сонымен философия таптық қоғамда сондағы идеологиялық және саяси қақтығыстарға қатыспай қоймайды.

Жоғарыда айтылғандарды қорыта келе, біз философия пәнінің күрделі де, біріктіргіш білім, Дүниеге деген көзқарас екенін байқаймыз.

Философияның тағы бір елеулі ерекшелігін алатын болсақ, ол - XX ғасырда пайда болған тілге деген үлкен қызығушылық. Белгілі орыс философы В.В.Бибихиннің: «Философия - қабылдайтын түсінік ретінде өзінің Дүниеге ашықтығымен тілге тең», - деген пікірінде үлкен сыр жатса керек. Ал неміс философы Г.Г.Гадамерді алатын болсақ, ол: «Тіл дегеніміз – бәрін қамтитын Дүниенің алдын ала берілген түсінігі», - дейді.

Расында да, сәби ананың ак, сүтімен, әлди-әлди өлеңімен бірге өзінің жан дүниесіне туған тілін сіңіріп, жарық Дүниенің есігін алғаш ашып, өмірге деген дүниетанымы мен түсінігін, ер жете келе көзқарасын қалыптастырады. Қайсыбір халық өзінің тарихи мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан тілі арқылы қоршаған болмысты өзінше бейнелеп, сезінеді. Сондықтан атақты неміс философы М.Хайдеггердің «Тіл - болмыстың үйі», - деген нақыл сөзінде үлкен мән-мағына жатыр, олай болса, әр халықтың тіліне сәйкес философиясы, өмір салты, әдет-ғұрпы, рухани өмірі, менталитеті бар және ол - оның өшпес құндылығы, өйткені тіл жоғалған жерде халық өз-өзінен айырылады. Мүмкін, ол халық тіршілікте болуы мүмкін, бірақ ол тарихтың субъекті ретінде өшеді. Олай болса, қазіргі қазақ халқының XXI ғасырдың басындағы тарихи шешуші сатысындағы негізгі мәселелерінің бірі ол өз тілін жаңа дәрежеге көтеру, ұмыт қалған мыңдаған сөздерді бүгінгі тілге енгізу, ата-бабаларымыздан қалған негізгі байлықты мақтан ету, оны шынайы бүкіл Қазақстан халқы сыйлайтын мемлекеттік тілге айналдыру. Ал қазақ интеллектуалдарының (іntеllесtus - латын сөзі, тану, білу, ой еңбегімен шығармашылық деңгейде айналысатын адамдар) негізгі істерінің бірі - туған тілді аса ұқыптылықпен тыңдау, ұмыт қалған сөздердің мәнін ашу, уақытпен бүркеленген сөздің сырын, шынайы көне дүниетанымдарды жандандыру, соның негізінде жаңа шабыт, ізденіс, ұмтылыс тудыру болмақ.

Екінші жағынан, ұлттық философиядағы өмір құндылықтары терең зерттеліп, олардың адамды қалыптастырудағы, тәрбиелеудегі мүмкіншілігі қазіргі өтпелі заманда толығынан пайдаланылуы керек. Өмірдің талабына сәйкес біз «ашық қоғам боламыз» деген ұранмен қазіргі мәдениет, рухани саладағы батыс құндылықтарын, үлгілерін жаппай ішке кіргізу (оның өзінде жақсы үлгілерінен гөрі, тұрпайы адамдардың күңгірт, тағы инстинкттерін оятатын үлгілерді) халықтың шынайы мәдениетіне, дүниетанымына үлкен соққы жасап отырғаны біздің алаңдатуымызды тудырады. Бұл да болса, біздің әлі жас ұлт екенімізді, солақай еліктеушілігімізді, басқару жүйесінде отырған көп азаматтарымыздың философиялық рухани тайыздығын көрсетеді. Ал мұның бәрі философияның «филологикалық» (рһіlео - сүю, lоgоs - сөз), «герменевтикалық» (һеrmenеutіс - грек сөзі, түсіндіру, мән-мағынасын ашу) жағын көрсетеді.

Бұл айтылған пікір, әрине, аутаркиялық бағыт (аutarсіа - грек сөзі, өз-өзіне жеткілікті) ұстап, басқа дүниежүзілік қауыммен араласпай, өне бойы артқа, батырлық заманға қарау деген ой туғызбауы керек. Қазіргі шешуші уақытта, дәуірдің қойған талабына сай келу үшін біз болашаққа батыл қарап, ең алдымен ғылыми-техникалық жетістіктерге негізделген жаңа, экологиялық таза (еiсоs - грек сөзі, үй; lоgоs - ілім, жағалай қоршаған орта жөніндегі ілім) энергияны аз пайдаланатын технологияларды игеруіміз керек. Мұның өзі жеке адамның бас бостандығын, оның белсенді де шығармашылық деңгейге көтерілуін талап етеді. Бұл мәселелерді толығырақ оқулықтың әлеуметтік философия сұрақтарына арналған тарауында қараймыз.

Сонымен жоғарыда айтылған ойлар, бір жағынан алғанда, философияның филологиялық, гуманитарлық жағын көрсетсе (рһileо — сүю; lоgоs — ілім), екінші жағынан, оның герменевтикалык (һеrmenеutіс- грек сөзі, түсіндіру, мән-мағынасын ашу) мәнін көрсетеді.

Қорытындылай келе, философиялық Дүниеге көзқарастың мәнін ашу жолында біз оның көпқырлы, көпсырлылығын байқадық. Бір жағынан алып қарағанда, философия ғылымменен ұштасып жатса, екінші жағынан, оның көркем өнермен, идеологиямен, гуманитарлық біліммен, күнбе-күнгі сана мен моральдық рухани құндылықтармен, тіпті мистикалық діни сезімдермен байланысты екенін байқадық.

Әрине, әрбір үлкен тарихи философиялық тұлғалардың шығармашылығында олардың алатын үлестері әртүрлі, біреулерінде ғылыми жағы басым болса, екіншілерде көркемөнерлік, үшіншілерде нақылдық-моральдық, төртіншілерде діндік-мистикалық жақтары басым болуы мүмкін.

Оның өзі көп жағдайлармен, әсіресе белгілі тұлғаның өмір сүрген дәуірімен, сол тұлғаны тудырған халықтың тілі мен ділімен (менталитет) оның тәрбие, білім алған жағалай ортасымен, тіпті жеке мінез-құлқы, темпераментімен байланысты болса керек (tеmреrаmеntum - латын сөзі, жеке адамның жан дүниесінің табиғи ерекшеліктері).

Бірақ, қалай дегенде де, философияның әртүрлі жақтарын бір-бірінен ажыратып бөлек алуға болмайды. Философия – біртұтас ерекше Дүниеге деген көзқарастык білім. Философия - адамзат мәдениетінің өзегі.

Философия пәні

Философияның Дүниеге деген ерекше көзқарастық мәнін ашқаннан кейін, мәселені нақтылай түсіп, келесі сатыда оның пәнін анықтауымыз керек.

Бұл мәселе бір қарағанда оңай сияқты болғанымен, бірақ жаратылыстану мен жеке гуманитарлық білім салаларының тез дамуы, жыл сайын жаңа ғылым түрлерінің пайда болуы философия пәнінің өрісін тарылтып, тіпті оны керек қылмай қалуы мүмкін,деген пікірді туғызуы ғажап емес. Ағылшын драматургы У.Шекспирдің «Король Лир» кейіпкері өзінің барлық байлығын үш қызына бөліп беріп, өмірінің соңында қайыршы болып қалғанындай, философия шенберінен бөлініп кеткен жеке ғылымдар оны өз пәнінсіз қалдырмас па екен деген сұрақты неміс философы В.Виндельбанд қойған болатын. Ал француз философы О.Конт философия өз дамуында 3 сатыдан өтетінін айтады. Олар теологиялық (tһеоs - грек сөзі, Құдай), метафизикалық (metа рһіsіса-грек сөзі, табиғаттан кейін, болмыстың алғашқы құдіретті бастамалары жөніндегі ілім) және позитивтік. Соңғы сатысында философия тек қана жалпы ғылым және таным методтары (method -грек сөзі, әдіс) жөніндегі пәнге айналмақ, қалған мәселелердің бәрі жеке ғылымдардың үлесіне кете бермек.

Философия пәніне деген мұндай көзқарасты сынға алу үшін, біз бұл ғылымның шығу тарихына көз жіберуіміз керек. Онда біз тарихи өндіргіш күштердің дамуы, ой еңбегінің дене еңбегінен бөлінудің негізінде алғашқы ғылыми түсініктердің пайда болып (жер өңдеу, оған су әкелу, геометриялық, математикалық түсініктерді, мал бағу, көшіп-қону, жұлдыздар мен планеталарға, айға қарап, олардың қозғалуы, жерге тигізетін әсерлері жөніндегі білімдердің негізінің пайда болуына әкелді), мифологиялық және діни көзқарастың бірте-бірте алшақтап, Дүниеге деген ақыл-ойға негізделген білімді тудырғанын атап өтуіміз керек. Негізінен алғанда, бұл алғашқы өмірге келген білімнің синкретикалық табиғатын атап көрсеткен жөн: ол әлі философия, ия болмаса физика, психология т.с.с. емес, оның ішінде барлық болашақ Дүниеге келген ғылымдардың ұрығы болса керек.

Көне грек топырағында бұл алғашқы білімге философия деген атақ беріліп, ол, шынында, сол кездегі барлық дүние зерттеудегі пайда болған ғылымның алғашқы деректері мен тұжырымдамаларын өз бойына сі







Date: 2016-05-18; view: 4315; Нарушение авторских прав



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.053 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию