Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Кесте 15.1





Ревальвация мен девальвацияның төлем балансының жағдайына әсер етуі

  Сауда балансына әсері Капитал балансына әсері Төлем балансына әсері
Валютаның ревальвациясы Экспорт ↓ Импорт ↑ Қорытынды: нашарлайды Экспорт ↑ Импорт ↓ Қорытынды: нашарлайды Нашарлайды
Валютаның девальвациясы Экспорт ↑ Импорт ↓ Қорытынды: жақсарады Экспорт ↓ Импорт ↑ Қорытынды: жақсарады Жақсарады

 

Егер валютаның ревальвациясы төлем балансын нашарлата-тын болса, онда ол не үшін жүргізіледі деген заңды сұрақ туындайды. Бұл мәжбүрлі шара болып табылады. Ревальвацияны жүргізудің қажеттілігі экспорты импортынан асып кеткен елдерде туындайды. Мұндай асып кету басқа әріптес-елдерде сауда балансы тапшылығының орын алуын білдіреді.

Валютаның девальвациясын төлем балансының тапшылығын (импорттың экспорттан артып кетуі) көріп отырған елдер жүргізуге мәжбүр болады.

 

Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мәселесі

 

Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) бастапқыда Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тарифтер мен сауда жөніндегі Бас келісім (ГАТТ) 1 ұйымы ретінде құрылып, кейіннен 1995 жылы өз атауын осылай өзгерткен. Қазір ДСҰ-ның құрамында 153 мемлекет мүше болып саналады. ДСҰ-ға мүше-елдердің үлесіне әлемдік жиынтық сауда айналымының 95%-ы тиесілі.

ДСҰ өзін оған мүше-елдер арасындағы өзара сауда-экономикалық қарым-қатынастарды ұйымдастыру, кеңестер мен келіссөздер жүргізу арқылы ерікті түрде сауда-саттық рұқсаттарын беру үшін қажетті халықаралық форум ретінде жұмыс істейтін ұйым деп таниды. ДСҰ-ға мүше-елдер өзара сауда тарифтерін және импорттық кеден баждарын қысқартуға, тауарлар мен қызметтерді саудалау бойынша операцияларды жүзеге асыру кезінде тарифтік емес шектеулерді қолданбауға міндетті. Бұл іс-әрекеттер оларға артықшылық береді, өйткені сауда кедергілерін қысқарту тауарлар мен қызметтердің арзандауына және сол арқылы ДСҰ-ға қатысушы елдер халқының әл-ауқатын көтеруге жағдай жасайды, сонымен қатар ұйымның ережелері инвестицияларға деген қол жетімділікті де арттырады. ДСҰ қызметінің негізінде жатқан тың идеялардың тартымдылығы, ондағы елдердің халықаралық саудадан ұтыс көру қалаулары соңғы уақытта, бірқатар елдердің осы ұйымға мүше болып қабылдану кезегінде тұрғандығын нақты айғақтайды. Ол кезекте әрине Қазақстан да бар. Ресей болса 2011 жылдың аяғында осы ұйымға мүше болып үлгерді.

Қазақстан қазіргі уақытта ДСҰ-ға кіру үшін екі жақты келіссөздерді белсенді түрде жүргізіп келеді. Келіссөздер негізгі төрт бағыт бойынша жүргізіліп жатыр:

1. Тауарлар нарығына жол ашудың келіссөздері ДСҰ-ға мүше-елдермен импорттық кеден баждарын шектеудің максималды деңгейін анықтауды және мақұлдауды қарастырады.

2. Қызметтер нарығына қол жеткізу бойынша келіссөздер, олардың мақсаты болып қазақстандық нарыққа қызметтерді шет елдер тарапынан жеткізу шарттарын келісу табылады.

3. Ауыл шаруашылығы бойынша көп жақты арнайы келіссөздер. Бұл жөнінде ауыл шаруашылығын іштей қолдау көлемін, тарифтік қорғаудың деңгейін және экспорттық субсидия-лардың шамасын қамтамасыз ету шарттарын қарастырады.

4. Жүйелі мәселелер бойынша келіссөздер. Бұлар арқылы ДСҰ-ға мүше мемлекеттермен валюта жүйесі, төлемдер, инвестициялық тәртіп, мемлекеттік меншік және жекешелендіру, баға саясаты, бәсекелестік сияқты экономикалық саясаттың күрделі мәселелерін шешу қарастырылады.

Қазақстан үшін ДСҰ-ға кіру шығындарды да, пайданы да алып келеді, сондай-ақ, оның мәселесімен қатар келешегі де зор болып табылады. Әлемдік шаруашылыққа, соның ішінде ДСҰ-ға әріқарау кірігу кезінде мүмкін болатын ықтимал тәуекелдерді төмендетуге қол жеткізу қажет. ДСҰ қызметінде неолибералдық жаһанданудың идеялары көлемді түрде жүргізіледі. Бұдан басқа, ДСҰ – бұл әлемді біртұтас нарыққа айналдырудың, кедендік тосқуылдарды төмендетудің және әртүрлі елдерде экономикалық заңдарды біріздендірудің аса маңызды құралы. ДСҰ капиталдың, тауарлар мен еңбек ресурстарының еркін қозғалысын білдіретін жалпы қабылданған бірыңғай қағидалары мен ережелері бар жаһандық экономикалық интеграцияны қамтамасыз етуге қабілетті бүкіләлемдік еркін сауда аймағын құруға бағытталады.

 

Қазақстанның әлемдік экономикадағы қазіргі орны мен рөлі

 

Қазақстан бірқатар тауарларды өндіру, ең алдымен шикізаттар мен жартылай фабрикаттарды, қуат көздерін өндіру бойынша әлемде алдыңғы қатарлы орындарды иеленеді. Бұл бір жағынан, Қазақстанның табиғи ресурстарға бай екендігін, ал екінші жағынан, еңбек пен капиталдың экспортқа бағытталған және пайдасы мол салаларда шоғырланудың өте үлкен дәрежесі бар екендігін көрсетеді. Қазақстанның әлемдік экономикадағы бет-бейнесін төмендегілер анықтайды:

1. Мұнай, көгілдір отын, электроэнергия.

2. Қара металлургия, минералды тыңайтқыштар, мақта-мата кездемесі, ағаш өнімдері.

3. Астық өнімдері, сүт, әртүрлі жемістер.

Көптеген өнімдер бойынша, соның ішінде жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, жеңіл автокөліктер өнімдері бойынша Қазақстанның әлемдік экономикадағы орны әлі де болса төмен. Өкінішке орай, Қазақстанның машина жасау кешеніндегі орны өзінің тиісті деңгейінен қалып қойып отыр. Оған бірқатар факторлар жауап береді: инвестициялық сұраныс төмен, бәсекелік қабілеттілігі мардымсыз, көптеген машина жасау фирмаларының экспорттық белсенділігі төмен, т.б.

Қазақстанның әлемдік экономикадағы орны мен рөлін сипаттайтын көрсеткіштердің қарқынын ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді үдерістер, жалпы әлемдік экономикамен салыстырғанда елдің экономикалық даму қарқынын арттыратын және оны тежейтін факторлар анықтайды. Кеңес Одағы ыдырап, егеменді ел болғаннан кейін Қазақстан 90-шы жылдардағы өндірістің терең құлдырауын бастан кешіріп әлемдік экономиканың даму көшінен тым артта қалды.

Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілік тұрғысынан өзінің жағдайын әлі де болса жақсарта алмаса да, республикада соңғы жылдары тұрақты экономикалық өсу байқалып отыр (бұл әрине 2008 жылы орын алған әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс-тан кейін). Қазақстан ЖІӨ үлесі мен экономикалық даму бойынша 90-шы жылдары жоғалтып алған деңгейін қайта қалпына келтіре алды. Жыл сайын ЖІӨ өндірісі орта есеппен 7,0-7,5%-ға өсіп келеді.

Осы уақытқа дейін, Қазақстанның экономикалық өсу қарқынының жылдамдауына салыстырмалы түрде қысқа және ұзақ мерзімді факторлар әсер етті.

Қысқа мерзімді факторлар:

1) 1998 жылы болған Азиялық дағдарыс нәтижесінде теңгенің құбылмалы бағамын енгізу, бұл экспорттық өндірістің барлық түрлерін ынталандырды;

2) мұнай мен газға, көптеген шикізат түрлеріне және жартылай фабрикаттарға әлемдік бағалардың көтерілуі;

3) жақын шет мемлекеттерден еңбек ресурстарының ағылуы.

Ұзақ мерзімді факторлар:

1) біліктілігі жоғары жұмыс күші әлеуетінің бар болуы;

2) алдыңғы қатарлы озық технологияларды қолданудың кең мүмкіндіктері;

3) Қазақстан территориясында Еуропа мен Азияны байланыстыратын трансұлттық көлік жолдарының дамуы;

4) жеке және мемлекеттік секторларда жинақталған ірі қаржы ресурстарының болуы.

Қуат көздерін, шикізат пен жартылай фабрикаттарды экспорттауды әріқарай дамыту ұзақ мерзімді жоспарда Қазақстанның экономикалық өсу қарқынының факторы ретінде қарастырыла алмайтындығын атап өткен жөн. Өйткені, ЖІӨ-ді арттыруда энергия мен материалды көп қажетсіну ұзақ мерзімде төмендейтін үрдіс болып табылады, олай болса, шикізат көздеріне әлемдік сұраныстың өсу қарқыны келешекте әлемдік ЖІӨ-нің өсу қарқынынан қалып отырады.

Ұзақ мерзімді басымдықтарда Қазақстанның үдемелі экономикалық өсуі тиімділігі жоғары ғылымды көп қажет ететін өндірістерді және қызметтер көрсету салаларын дамыту негізінде ғана мүмкін болады. Осындай негізде ғана әлемдік технологияларды игеру, экономиканың тиімділігі мен халықтың табыстарын тұрақты түрде көтере алу мүмкін болады.

Сыртқы сауданың қазіргі тауарлық құрылымы Қазақстанның ЖІӨ-н өсірудің факторы бола алмайды. Енді, өндірістің барлық секторларын жаңғыртуда инвестицияларды маңызды түрде арттыру және жалпы алғанда, ұлттық экономиканың бәсекелік қабілеттілігін көтеру қажет.

Ұлттық бәсекеге қабілеттілік ұғымы кең мағынада халықтың денсаулығы, білім беру мен ғылым, инфрақұрылым жүйелерінің дамуы, қаржы-несие саласының жағдайы, қоғамдық тәртіп және басқалары сияқты жиынтық факторлардан құралады.

Ұлттық бәсекеге қабілеттілік ашық экономика мен жаһандану жағдайында ұлттық шаруашылықтың әлемдік нарықта бәсекелік күрестің негізгі субъектісі ретінде сапалы тауарлар мен қызметтер-ді өндіруін және оларды әлемдік бағамен сатуын, шетел капиталы мен еңбек ресурстарын тарта алуын, өзгеретін сұранысқа тез бейімделе алуын білдіреді.

Бірқатар халықаралық ұйымдар ұлттық шаруашылықтардың бәсекелік қабілеттілік рейтингісін анықтайды. Солардың ең негізгісі ретінде, бәсекелік қабілеттілік бойынша әлем елдерінің рейтингісін бағалау қазіргі уақытта, жыл сайын Швейцарияның Давос қаласында өтетін «Дүниежүзілік экономикалық форум» (ДЭФ) ұйымының баяндамаларында жүргізіледі. ДЭФ-ң экономи-калық бағалау көрсеткіштері 200-ге жуық. Олар негізгі 8 топқа бөлінеді: 1) ашықтылық; 2) мемлекет; 3) қаржы; 4) инфрақұрылым; 5) технология; 6) басқару; 7) еңбек; 8) институттар. Әр топтың өзіндік үлес салмағы бар: мысалы, «ашықтылық», «мемлекет», «қаржы» 16,7%, ал «басқару» мен «институттар» - 5,5%. Сегіз факторлық индекстің (оның ішінде көптеген субиндекстер бар) негізінде елдің бәсекелік қабілеттілік рейтингісі анықталады.

ДЭФ-ң бәсекеге қабілеттілік рейтингісінің мәліметтері бойынша Қазақстан 1999 жылы 74-ші, 2000 жылы 68-ші, 2001 жылы 65-ші, 2002 жылы 71-ші, 2004 жылы 76-шы, 2005 жылы 68-ші орындарда болды.

Осыларға қарап, халықаралық айырбастың қатысушысы ретінде Қазақстан экономикасының салыстырмалы артықшылықтарын және әлсіз жақтарын қарастырып өту қажет. Біз білетініміздей, экономиканың салыстырмалы артықшылықтары сыртқы саудада ұлттық шаруашылықтың нақты бір саласының, аясының және қызмет түрінің әлемдік орташа деңгеймен салыстырғанда жоғары болғанда ғана соларға маманданудың тиімділігін көрсетеді.

Қазіргі уақытта, әлемнің барлық елдері дамудың әртүрлі деңгейінде тұрса да және табиғи ресурстармен әртүрлі қамтамасыз етілгеніне қарамастан, ең алдымен, өңдеуші өнеркәсіп өнімдерінің экспортын дамытуға тырысады. Мәселен, Қазақстанның қазіргі экспорттық құрылымының 75%-н минералды-шикізаттық өнімдер алып отыр, ал қалған үлеске металлдар, химиялық тауарлар, азық-түлік өнімдері, машина жасау өнімдері ие. Қазақстан импортының құрылымында машиналар мен құрал-жабдықтардың үлесі 45%, минералдық өнімдер 14%, химиялық тауарлар 11% және тамақ өнімдері 7% болып табылады. Қазақстан тауарларын басты импорттаушылар болып Батыс Еуропа елдері, соның ішінде, Италия, Швейцария, Франция, Германия, Англия, сондай-ақ, Ресей, Қытай, АҚШ және Украина табылады.

Осыған байланысты, мүмкіндігінше, машиналар, құрал-жабдықтар, дайын тауарлар экспортына өтіп, Қазақстанның сыртқы сауда құрылымын өзгерту қажет.

Жоғары білікті мамандар Қазақстанның отын-энергетикалық және шикізаттық өнімдерді өндіретін салаларында салыстырмалы артықшылықтар тудыратын аса маңызды факторларға төмендегі-лерді жатқызады:

- бірқатар түрлері бойынша әлемдік маңызы бар ірі және кешенді минералды-шикізат қорларының болуы;

- отын-энергетика кешенінде әлемдік деңгейдегі өнеркәсіп қуаттарының болуы;

- сәйкес көліктік және энергетикалық инфрақұрылымның бар болуы;

- біліктілігі жоғары маман кадрлардың және ғылыми-техникалық жетістіктердің бар болуы. Жалпы өңдеуші өнеркәсіп және машина жасау экспортында әлсіз жақтарды тудыратын факторларға төмендегілерді жатқызуға болады:

- өндірісті ұйымдастырудың тиімсіз технологияларына және әдістеріне ие болуы, оның ресурсты көп қажет ететіндігі, ал бұл өнеркәсіп өнімін әлемдік нарықтарда бәсекеге қабілетсіз етеді;

- негізгі қорлардың өте жоғары дәрежеде тозуы және оларды жаңартудың шектеулі мүмкіндіктері;

- алдыңғы қатарлы озық индустрияны дамыту бойынша нақты мемлекеттік бағдарламалардың болмауы;

- өндірісті орналастырудың тиімсіздігі және жоғары көліктік шығындар;

- бизнес пен маркетингте тәжірибенің жетіспеушілігі, бірегей инфрақұрылымның болмауы.

Бірқатар сарапшылар Қазақстан экономикасының және оның бәсекелік қабілеттілігінің әлемдік шаруашылықтағы қазіргі және болашақтағы орнын анықтауға талпыныстар жасауда. Мұндай болжамдық бағалаулар негізгі үш талапқа жауап беруі тиіс: елдің ішкі мүмкіндіктерін нақты бағалай алудан; жалпы әлемдік үрдістерді нақты бағалай алудан; қолданыстағы көрсеткіштер мемлекеттік реттеудің объектісі бола алуы үшін ішкі мүмкіндіктерді бағалаудың әдістемесін жеткілікті түрде анықтай алудан тұруы қажет.

Қазіргі әлемде болып жатқан экономикалық дағдарысқа қарамастан, сарапшылар 2030 жылдан 2050 жылға дейін әлемдік экономиканың белсенді түрде өсуі байқалады деп болжайды. Мұндай экономикалық өсу ең алдымен, жоғары технологиялы салалар мен қызметтер аясы есебінен қол жеткізіледі және өндіруші мен өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында өсу бәсеңсиді және олардағы жұмысбастылық қысқарады деген пікірлер көп айтылады.

Мұндай құбылыстар бір топ дамыған елдер үшін қазірдің өзінде шынайылыққа айналып отыр. Дамыған елдерде әлемдік халықтың 20%-ы тіршілік етеді. Қалған 80% халқы бар дамушы мемлекеттерде азық-түлікке, дәрі-дәрмекке, ұзақ пайдаланылатын заттарға, машиналар мен құрал-жабдықтарға қажеттіліктерді қанағаттандыру деңгейі төмен. Сәйкесінше, ұзақ мерзімді басымдықтарда өнімнің осындай түрлерін жедел қарқынмен арттырудың әлеуетті мүмкіндіктері пайда болып отыр. Бірақ, осындай мүмкіндіктерді іске асыру мәселесі әлі де болса дамыған елдер тұрғындарының төлем қабілеттілігі бар сұраныстарына келіп тіреледі. Егер келешек уақыттарда дамушы мемлекеттер өздерінің төлем қабілеттілігі бар сұраныстарын дамыған елдерге қарағанда тез қарқынмен кеңейте алса, онда әлемдік деңгейде өңдеуші өнеркәсіп пен құрылыс саласы жоғары технологиялар мен қызмет-тер көрсету салаларының өсу қарқынынан қалмайтын болады.

Қазір БРИКС деп аталатын ұйымға мүше, өте тез қарқынмен дамып келе жатқан Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка Республикасы сияқты бес мемлекеттің жиынтық ЖІӨ көлемі 2050 жылға қарай АҚШ, Германия, Англия, Франция, Италия, Канада және Жапония сияқты «Үлкен жетілік» елдерінің ЖІӨ көлемінен асып түсетін болады. 2050 жылға қарай болжамға сүйенетін болсақ, ЖІӨ көлемі бойынша елдер былайша жайғасатын болады: 1) Қытай; 2) АҚШ; 3) Үндістан; 4) Жапония; 5-6) Ресей және (немесе) Бразилия.

Қазақстан Республикасы болса өзінің ұлттық бәсекелік қабілеттілігін әріқарай нығайта беретін болады және үдемелі құрылымдық алға жылжулар мен инфрақұрылымдық қайта құрулар негізінде экономикалық тиімділікті көтеруге бағытталған саналы іс-шараларды жүзеге асыра отырып, бәсекелік күрес жағдайында әлемдік экономикада өзінің лайықты орнын табатын болады.

Әдебиеттер тізімі

 

1. С. Әкімбеков, А.С. Баймұхаметова, У.А. Жанайдаров. Экономикалық теория. Оқу құралы. Жалпы редакция С. Әкімбековтікі. – Астана: 2002. - 464 б.

2. Жалпы экономикалық теория. Оқулық. Ө.Қ. Шеденов, Е.Н. Сағындықов, Б.А. Жүнісов, Ү.С. Байжомартов, Б.И. Комягин. /Жалпы редакциясын басқарған Ө.Қ. Шеденов – Ақтөбе, «А-Полиграфия», 2004 – 455 бет.

3. Я. Әубәкіров, К. Нәрібаев, М. Есқалиев, Е. Жатқанбаев, т.б. Экономикалық теория негіздері. Оқулық. – Алматы, «Санат», 1998. – 479 бет.

4. Ғабит Ж.Х. Экономикалық теория: оқу-әдістемелік кешен. – Астана: 2006., 248 б.

5. Нарматов С.Р., Нарматова А.С. Экономикалық теория. Лекциялар курсы. (Оқу құралы). – Алматы: «Эверо», 2009. – 516 бет.

6. Курс экономической теории: учебник – 5-е исправленное, дополненное и переработанное издание/ Под общ. ред. Чепурина М.Н. и Киселевой Е.А. – Киров: «АСА», 2006 – 832 с.

7. Сажина М.А., Чибриков Г.Г. Экономическая теория: Учебник для вузов. – 2-е изд., перераб. и доп. – М.: Норма, 2005. – 672.

8. Крымова В. Экономикалық теория: Кестелі оқу құралы. Алматы: Аркаим, 2009. – 196 б.

9. Женсхан Д.Ж. Экономикалық теория. Экономикалық емес мамандықтарға арналған қысқаша курс. Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ., 2008. – 147 б.

10. Шеденов Ө.Қ. Экономикалық ілімдер тарихы: оқулық. - Ақтөбе: А - Полиграфия, 2006. – 316 б.

11. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты», 2012 ж. 28 қаңтар.

12. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз», 2011 ж. 28 қаңтар.

13. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері», 2010 ж. 30 қаңтар.

14. ҚР-ның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың халыққа Жолдауы «Дағдарыстан жаңару мен дамуға». 2009 ж. 7 наурыз.

15. Н.Ә. Назарбаев. Қазақстан - 2030: «Ел Президентінің Қазақстан халқына жолдауы», Алматы – 1998 ж.

Өзін-өзі тексеру сұрақтары

Студенттің өзіндік жұмыстары

1. Тақырып бойынша экономикалық сөздік жасау (глоссарий).

2. Тақырып бойынша логикалық схемалар құрастыру.

3. Мына сұрақтарға жауап беріңіз (конспект):

1) Экономикалық теориядағы адам мәселесі.

2) Экономика ғылымы бойынша Нобель сыйлығы және оның лауреаттары.

 

4. Тест тапсырмалары:

1. Еркін сауданың (фритредерство) артықшылықтарына мыналар жатады:

А) Еркін бәсекелестік.

В) Өндіріс тиімділігінің артуы.

С) Тұтынушылар үшін тауарлардың үлкен таңдауы.

D) Елдер арасындағы ынтымақтастықтың ұлғаюы.

Е) Аталғандардың барлығы дұрыс.

2. Төменде аталған шаралардың қайсысы ұлттық валютаға айырбасталынатын шетел валютасының ұсынысын көбейтеді:

А) Тауарлар экспорты. В) Капитал импорты. С) Қызметтер импорты. D) Капитал экспорты. Е) Игіліктер экспорты және капитал импорты.

3. Тарифтік емес шектеулердің түрлері:

А) Кеден бажы. В) Лицензиялар мен шетелдік квоталар.

С) Кеден бажы мен еркін импорттық шектеулер. D) Шетелдік квоталар, лицензиялар және еркін экспорттық шектеулер. Е) Эмбарго мен кеден бажы.

4. Доллар бағасының түсуі АҚШ-тың экспорттық-импорттық көлемге қалай әсер етеді:

A) Экспорт пен импорт өседі. B) Экспорт өседі, импорт қысқарады. C) Экспорт пен импорт түседі. D) Экспорт азайып, импорт өседі.

E) Экспорт пен импортқа әсер ете қоймайды.

5. А мемлекеті бір бірлік ресурсты пайдалана отырып 1 тонна бидай немесе 4 тонна көмір өндіре алады. Б мемлекеті бір бірлік ресурсты пайдалана пайдалана отырып 2 тонна бидай немесе 5 тонна көмір өндіре алады. Олай болса:

А) А мемлекеті бидай экспорттайды және көмірді импорттайды.

В) А мемлекеті бидайды экспорттамайды және импорттамайды.

С) Б мемлекеті бидайды да, көмірді де экспорттайды.

D) Б мемлекеті көмірді экспорттамайды және импорттамайды.

Е) Б мемлекеті тек көмірді ғана экспорттайды.

6. Валюта бағамы қалай анықталады?

А) Ақша бірлігінің сатып алушылық қабілетімен.

В) Инфляцияның қарқынымен.

С) Пайыз мөлшерлемесінің деңгейімен.

D) Әлемдік нарықтарда сол валютаға деген сенімнің дәрежесімен.

Е) Аталғандардың барлығы дұрыс.

7. Мыналардың қайсысы ғаламдық әлеуметтік-экономикалық проблемаларға жатпайды?

А) Қаладағы қылмыстың өсуі.

В) Экономикалық артта қалушылық.

С) Демографиялық мәселелер.

D) Экологиялық мәселелер.

Е) Азық-түлік мәселелері.

8. Бреттон-Вудтық жүйе – бұл қандай жүйе:

А) Алтын стандарты жүйесі. В) Күміс стандарты жүйесі. С) Тіркелген валюта бағамдарының жүйесі. D) Қалқымалы валюта бағамдарының жүйесі. Е) Тіркелмеген валюта бағамдарының жүйесі.

9. Доллардың теңгеге шаққандағы бағамының төмендеуі:

А) Экспорт көлемін ұлғайтады.

В) Импорт көлемін ұлғайтады.

С) Шикізат экспорты мен импортының арақатынасын тұрақтандырады.

D) Мұнай экспоры мен импортының арақатынасын тұрақтандырады. Е) Азық-түлік экспорты мен экспортының арақатынасын тұрақтандырады.

10. Баж дегеніміз не?

А) Импорттық квота. В) Тарифтік емес тосқауылдар. С) Импорттық субсидиялар. D) Импортталатын тауарларға қойылатын акциздік салық. Е) Жеке табыс салығы.

11. Егер АҚШ-та компьютердің бағасы 1000 долл. болса, онда Қазақстандағы бағасы қандай болады, егер айырбас бағамы 1 доллар 150 теңгеге тең болса:

А) 150 000 теңге. В) 1500 теңге. С) 15 000 теңге. D) 50 000 теңге.

Е) 45 000 теңге.

12. Абсолютті артықшылықтар теориясының авторы кім?

А) Д. Рикардо. В) А. Смит. С) Д.С. Милль. D) В. Леонтьев.

Е) Э. Хекшер.

13. Девальвация дегеніміз - бұл:

А) Номиналды валюта бағамының төмендеуі.

В) Валютаның құнсыздануы.

С) Валюта бірлігінің өзгеруі.

D) Сатып алу қабілетінің өсуі.

Е) Валютаға деген сұраныстың артуы.

14. Протекционизм дегеніміз – бұл:

A) Ұлттық экономиканы қорғауға бағытталған мемлекеттің экономикалық саясаты.

B) Халықаралық саудадағы қосымша шектеулер.

C) Елге алдын-ала импортталған тауарларды басқа елдерге қайта сату мақсаты.

D) Тауарларды шет елдерге төмендетілген бағамен сату.

E) Экспорт пен импорттың еркіндігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттің экономикалық саясаты.

15. Сауда балансының оң сальдосы кезінде:

A) ЖҰӨ ЖІӨ-нен кіші болады.

B) ЖҰӨ мен ЖІӨ бір-біріне тең болады.

C) ЖҰӨ ЖІӨ-нен үлкен болады.

D) ЖҰӨ ҰТ-тан үлкен болады.

E) ЖІӨ жалпы сыртқы өнімге тең болады.

16. Демпинг дегеніміз – бұл:

A) Тауарларды шетелде ішкі рыноктікінен төмен бағамен сату.

B) Экспорттаушыларға мемлекеттің жеңілдеткен несиелері.

C) Қорғаныс өнеркәсібі салаларын қорғау құралы.

D) Отандық өндірушілерге мемлекеттік субсидиялар беру.

E) Саяси жағдайға байланысты белгілі бір елдің тауарын импорттаудан бас тарту.

17. Егер елдің ішінде бағалар өссе, онда:

А) Экспорт ұлғаяды, импорт өзгермейді.

В) Экспорт азаяды, импорт өседі.

С) Импорт төмендейді, экспорт өседі.

D) Экспорт пен импорт қатар өседі.

Е) Тек импорт төмендейді.

18. Берілген елдің экспортының өсуі, басқа жағдай тұрақты болғанда:

А) Жиынтықты сұранысты көбейтеді, бірақ ұлттық табысты азайтады.

В) Жиынтықты сұранысты азайтады, ұлттық табысты көбейтеді.

С) Таза сұранысты азайтады.

D) Жиынтық сұраныс пен ұлттық табысты көбейтеді.

Е) Жиынтық сұранысты азайтады.

19. Егер мемлекет белгілі бір тауарды өндіргенде салыстырмалы артықшылыққа ие болса, онда:

А) Басқа елдерге қарағанда сол тауарды көп мөлшерде өндіреді.

В) Сол тауарды аз шығынмен өндіреді.

С) Сол тауарды өндіру арзанырақ түседі.

D) Сол тауарды өндіру мемлекет үшін қымбат.

Е) Ол сол тауарды аз мөлшерде өндіреді.

20. Нақты валюта бағамы дегеніміз:

А) Екі ел тауарларының бағаларының қатынасы.

В) Валюта сатылған күнгі Ұлттық банктің бағамы.

С) Алтын бағасы.

D) Алмастыру орындарындағы баға.

Е) Шетел валютасымен есептелген ұлттық валютаның мөлшері.

21. Егер АҚШ долларының нақты айырбас бағамы өсетін болса, онда:

А) Отандық тауарлар қымбаттайды.

В) АҚШ азаматтары үшін импортты тауарлар арзандайды.

С) АҚШ - ң таза экспорты азаяды.

D) Ағымдағы операциялар бюджетінің жетіспеушілігі артады.

Е) Отандық тауарлар арзандайды.

22. Кедендік баж дегеніміз – бұл:

А) Прогрессивті салық. В) Тарифтік емес құрал.

С) Елдің шекарасынан өтетін тауарларға мемлекетпен салық салу немесе алым. D) Сауда эмбаргосы. Е) Демпинг.

23. Қазақстанның халықаралық еңбек бөлінісіндегі орны қандай?

А) Жаңа технологиялармен мамандануы.

В) Тамақ өнімдерін өндіруге мамандануы.

С) Мұнай, газ және басқа да пайдалы қазбаларды жеткізуге мамандануы.

D) Компьютерлер шығарумен мамандануы.

Е) Жаңа синтетикалық материалдарды шығарумен мамандануы.

24. Протекционизмнің артықшылықтарына мыналардың қайсысын жатқыза алмаймыз:

А) Бағалардың өсуі, тауарды таңдаудың аз болуы.

В) Демпингтен қорғау.

С) Жаңа салаларды қорғау.

D) Сауда балансының теңдігі.

Е) Өндірістің ұлғаюын ынталандыру.

25. Қазақстанның әлемдік беделін арттыруға мынадай факторлар мүмкіндік береді:

А) Тәуелсіздікті нығайту. В) Саяси тұрақтылық. С) Территориялық тұтастықты сақтау. D) Экономикалық даму үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету. Е) Осы аталғандардың барлығы дұрыс.

26. Егер белгілі бір елдің валютасы кез келген шетелдік валютаға шексіз айырбасталатын болса, онда бұл:

А) Еркін айырбасталу. В) Бөлшектеліп айырбасталу.

С) Ішкі айырбасталу. D) Сыртқы айырбасталу. Е) Қатаң айырбасталу.

27. Сингапур:

А) Дамыған индустриалды елге жатады.

В) Жаңа индустриалды елге жатады.

С) Мұнай экспорттаушы ел болып табылады.

D) Өтпелі экономикалық ел болып табылады.

Е) Экономикалық жағынан артта қалған ел болып табылады.

28. Халықаралық еңбек бөлінісі:

А) Салыстырмалы артықшылықтар теориясымен байланысты.

В) Абсолютті артықшылықтар теориясымен байланысты.

С) Жұмыс күшінің миграциясымен байланысты.

D) Капитал миграциясымен байланысты.

Е) Тауар өндірушілердің шарттарымен байланысты.

29. Егер экспорттық кеден бажын енгізу орын алса, онда:

А) Ел ішінде сол тауарды тұтыну көлемі артады.

В) Ішкі баға деңгейі әлемдік баға деңгейіне қарағанда жоғарылайды. С) Сол тауардың өндірісі ұлғаяды.

D) Таза экспорт көлемі артады.

Е) Сол тауардың өндірісі қысқарады.

30. Салыстырмалы артықшылықтар теориясын алғаш рет кім ұсынды?

А) А. Смит. В) Д. Рикардо. С) В. Леонтьев. D) А. Маршалл. Е) М. Портер.

31. Егер нақты валюта бағамы өссе, онда таза экспорт:

А) Азаяды. В) Өседі. С) Өзгермейді. D) Нөлге тең болады. Е) Теріс болады.

32. Мемлекеттің сыртқы сауда саясатын жүргізудің екі түрі бар, олар қандай?

А) Фискалдық және монетарлық саясат.

В) Протекционистік және инновациялық саясат.

С) Валюталық және фритредерстік саясат.

D) Протекционизм және еркін сауда саясаты.

Е) Экспорттық және импорттық сауда саясаты.

33. Девальвация дегеніміз не?

A) Тағайындалған айырбас бағамы жағдайында ұлттық валюта бағамының ресми түрде жоғарылауы.

B) Қалқымалы айырбас бағамы жағдайында ұлттық валюта бағамының ресми түрде тұрақтануы.

C) Әртүрлі елдердің валюталарының арақатынастары.

D) Халықаралық нарықтарға бекітілген ортақ бағалар туралы заң.

E) Тағайындалған айырбас бағамы жағдайында ұлттық валюта бағамының ресми түрде төмендеуі.

34. Сауда тосқауылдарының түрлері:

A) Тарифтік шектеулер.

B) Тарифтік емес және валюталық шектеулер;

C) Эмбарго және валюталық шектеулер.

D) Кеден бажы және тарифтік емес тосқауылдар.

E) Квоталық емес және еркін экспорттық шектеулер.

35. Арнайы экономикалық аймақтарды құрудың мақсаты:

А) Сол аймақты дамыту.

В) Әлемдік тәжірибені игеру.

С) Сыртқы экономикалық байланыстарды арттыру.

D) Жаңалықтар мен жаңа енгізілімдерді қолданып сынақтан өткізу.

Е) Осы аталғандардың барлығы дұрыс.


[1] «Трансакциондық шығындар» (келісімдер жасасу және келіссөздер жүргізу бойынша пайдалы ақпараттар іздеу шығындары) теориясының негізін салған американдық экономист Рональд Коуз болып табылады.

[2] Әлеуетті жалпы ішкі өнім – бұл толық жұмысбастылық пен экономикада ресурстар толық қамтылған жағдайда қол жеткізілетін жалпы ішкі өнімнің деңгейі.

[3] Қолда бар табыс көрсеткіші жеке табыс пен жеке табыс салықтарының айырмасы ретінде анықталады.

[4] Троя унциясы – бұл ағылшын алтын монета фунтының 1/12 үлесі, массасы 31,1035 грамм алтын салмағының өлшемі ретінде қолданылады.

[5] Халықаралық валюталық қор – 1944 жылы АҚШ-та Бреттон-вуд конференциясы аясында құрылған Біріккен Ұлттар Ұйымының арнайы мекемесі болып табылады. Қор қысқа мерзімді және орта мерзімді несиелер береді.

1 Валюта «қоржыны» – орташа бағамы есеп айырысатын валюта өлшемін белгілеу кезінде негізге алынатын валюталар жиыны.

1 GATT – General Agreement on Tariffs and Trade.

Date: 2015-05-09; view: 804; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.009 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию