Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






ДәрісЖер қатынастарын реттеу. Дәріс №1 Жер ресурстарын басқару пәні





Дәріс №1 Жер ресурстарын басқару пәні

Кіріспе Ер тірегі – ел,

Ел тірегі – жер

Жер - ауыл шаруашылығының ең басты өндіріс құрал-жабдығы. Жер-ресурстық потенциалдың маңызды түрлерінің бірі болып табылады. Жер халық шаруашылығының барлык саласында пайдаланылады, алайда оның ролі барлық жерде бірдей, емес. Мәселен, өнеркәсіпте жер тек кәсіпорындарды орналастыратын орын ретінде ғана, ал ауыл шаруашылығында негізгі өндіріс қүрал-жабдығы ретінде көрінеді. Өнеркәсіп орындарының шаруашылық кызметінің нәтижелері түгелдей технология және өндірісті ұйымдастыру деңгейіне, олардын негізгі және айналым құралдары мен қамтамасыз етілу дәрежесіне, өңдірісті басқару жүйесіне және басқа факторларға байлаңысты.

Ағылшын экономисті Уильям Петти жердің ролі жайлы келесі нақыл сөзді айтты: «Еңбек байлықтың әкесі, Жер – оның анасы».

Жер ресурстары – негізгі және ешбір затпен алмастыруға келмейтін халық байлығы. Жерді пайдалануда халықшаруашылығында барлық сала үшін ролі бірдей. Өндірісте, қазба саласына қоспағанда, жер тек кәсіпорынның орналасу аймағы болып табылады. Қазба саласында жер қазына ретінде, адам тек пайдалы заттар алады да, мұнда өндіріс жер мен байланысты емес, ал оның топырақ сапасына байланысты. Жалпы жер өндірістің басты құралы, ауылшаруашылығының материалды – техникалық базасының маңызды бөлігі.

Қазақстан Республикасының жер қоры нысаналы мақсатына сәйкес мынадай санаттарға бөлінеді:

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер;

Елді мекендердің (қалалардың, кенттер мен ауылдық елді мекендердің) жері;

Өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс жері және өзге де ауыл шаруашылығы мақсатына арналмаған жер;

Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері, сауықтыру мақсатындағы, рекреациялық және табиғи- мәдени мақсаттағы жер;

Орман қорының жері;

Су қорының жер;

Босалқы жер.

Ауыл шаруашылығының жер ресурстары дегеніміз- мемлекеттің ауыл мекендерге, басқа кәсіпорындар мен ұйымдарға ауыл шаруашылығы өнімін өндіру үшін пайдалануға берген жер алқаптары.

Ауыл шаруашылығы өндірісіндегі жер ресурстары өндіріс құрал-жабдығы ретіңде әртүрлі қызметтер атқарады. Өндірістік процесс топырақты өңдеуге және оның құнарлылығын сақтауға немесе арттыруға бағытталғанда жер ресурстары еңбек құралдары ретінде керінеді. Сонымен бірге жер ресурстары өсімдіктердің өсуі мен дамуына әсер ете отырып, еңбек кұралдары ретінде көрінеді, мұның өзі адам топырақтың механикалык, физикалық, химиялық және биологиялык қасиеттерін пайдалану арқылы өсімдікке қажетті бағытта әсер етеді деген сөз.

Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру процесінде жер басқа да еңбек құралдары және басқа заттарымен қатар ерекше белсенді роль атқарады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының шығымдылығы, демек, жалпы ауыл шаруашылығы өндірісінің нәтижелілігі мен тиімділігі жердің сапасына, оның құнарлылығына және сумен қамтамасыз етілуіне байланысты. Ауыл шаруашылығында қызметкер еңбек құралдарының көмегімен еңбек заттарына және сонымен бірге жерге де ықпал етеді, тұтыну құнын, егіншілік және мал шаруашылығы өнімін өндіреді.


 

Мемлекет жерінің құрамы

Жер – Қазақстан Республикасының негізгі заңы бойынша мемлекеттік меншік болып табылады, ол тек пайдалануға беріледі.

Қазақстанның барлық жері бірыңғай мемлекеттік жер қорын құрайды және ол өзінің мақсатты арналуына байланысты төмендегілерден тұрады:

- ауылшаруашылық бағыттағы жер, пайдаланушыларға берілген ауылшаруашылық бағыттағы жерлер;

- қоныстанған пункт жерлері (қалалар, қала түріндегі кенттер және ауыл қоныстанған пунктері);

- өнеркәсіптік, транспорттық, курорттық, қорық және басқа ауыл шаруашылығына арналмаған жерлер;

- мемлекеттік орман қоры жерлері;

- мемлекеттік су қоры жерлері;

- мемлекеттік қордағы жерлер.

Жердің көрсетілген санаттарға бөлу реті және жерді бір санаттан екінші санаттарға ауыстыру заң жүзінде орындалады.

1. Есполов Т.И., Сейфуллин Ж.Т. Управление земельными ресурсами. – А.: яказНАУ. – Агроуниверситет, 2004 г.

2. Научно- практический журнал: Қазақстанның жер ресурстары/ 2005 – 2012 ж.ж

 

№2Дәріс Жер ресурстары – ел байлығының негізі Еліміз егемендік алып, күллі әлем өркендеп келе жатқан жолға түсу барысында экономика салаларының барлығында жаппай реформа басталды. Сол реформалардың ішіндегі ең бір маңыздысы әрі күрделісі жер қатынастары саласындағы реформа еді. Жер дегеніміз бар байлықтың басы, бүкіл тіршіліктің көзі ғой. Бұл мәселеге келгенде жүрек сезімі оянбайтын адам жоқ. Сон­дықтан, бұл мәселедегі өзгерістерді азаматтардың бәрі бірден дұрыс қабылдай алмайтындығы, оны жақтаушылардың да, даттаушылардың да болатындығы анық еді және солай болып шықты да. Шешімдер үлкен қиындықтармен қабылданды. Соның ең үлкені жаңа Жер кодексінің қабылдануы болды. Қазақстанда ауылшаруашылық жер телімдеріне неліктен жеке меншік институты енгізілді? Жер телімдерінің өзін жеке меншікке бермей-ақ, сол жер телімдерін пайдалануға берілетін құқықты сатуға шығарумен ғана шектеп қалуға болмас па еді? Қазіргі күні осы сұрақтарға берілетін басты жауаптарды жүйелейтін болсақ, бұл жерде ең басты мәселе ауыл шаруашылығы жерлеріне қаржы және технологиялық инвестициялардың келуіне жол ашу болғандығы анық. Оның үстіне жермен жұмыс істейтін ауылшаруашылық құрылымдарының жерге деген құқықтық қатынасы мен оларды ұйымдастыру жүйесін нақты белгілей отырып жер күтімі, топырақ құнарлылығын сақтау мен жерді ақылы пайдаланудың негізін қалыптастыру, ауылшаруашылық жерлерінің құндылығын арттыру мәселелері шешімін табуы да қажет болды. Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығында жаппай жекешелендіру басталғанда мал, техника, өндіріс құралдарының барлығы халыққа бөлініп берілгенде, жер мәселесі шешілмей қалған болатын. Осы мүлік бөлу мен жер реформасы қатар жүрген жағдайда бұрынғы ұжымдар негізінде кооперативтер тез қалыптасып кетуі де әбден мүмкін еді. Қоғамды толғандыратын осындай мәселелер жүйелі түрде сатылап шешімін тауып отырмаса, жер ресурстарына бай Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласы дамудың заманауи деңгейіне дейін көтеріле алмайтындығын ең алдымен Елбасымыздың өзі көре білді. Мәселенің ауыр салмағын көптеген адамдар еліміздің ауыл шаруашылығындағы жағдай әбден жақсарып, өзгерген тұста ғана барып нақты мысалдар арқылы пайымдай алатын болды. Ал қазір өмірдің кез келген саласында жүргізіліп жатқан реформалардың барысы жалпы халықтың дайындығы мен сана өзгерісіне қарағанда, әлдеқайда алға кетіп отырғандықтан және қазіргі уақыт ағымы ел басшылығынан қоғамдық санаға қатысты өзгерістерді күтпей-ақ жеделірек қимылдауды талап етіп отырғандықтан кейбір мәселелерде түсінбестіктердің болып қалып жатқандығы да анық. Солардың алдыңғы қатарындағы еліміз­дегі жер реформасы Елбасының барынша төзімділікпен, екіншіден, қатаң бақылауда ұстай отырып, батыл жүзеге асырып келе жатқан шаруаларының бірі. Сондықтан бұл мәселенің әрі реформалық, әрі эволюциялық сипаттары тең түсіп келе жатқандығын байқаймыз.


Елімізде жер реформасын жүргізудің күрделі болатын сыры неде және оның қандай тарихи маңызы бар?

Елбасы жер ресурстарының қоғам дамуындағы айрықша рөліне тоқтала келе «Жер табиғи байлықтармен және жылжымайтын мүлікпен қатар экономиканы көтеріп тұрған киттердің бірі болып табылады» деп тұжырымдаған болатын. Бүкіл адамзат қауымының арғы-бергі тарихына көз салсақ, жер мәселесінің ерекше мәнге ие болатындығын байқаймыз. Жер – адамзаттың басты тіршілік көзі, бүкіл материалдық өндірістің базистік негізі, мемлекетті құрып, дамытудың аса маңызды геосаяси факторы. Оның осындай маңызын түсіне және пайдалана білген, ресурстық мүмкіндіктерін дұрыс бағалаған және қоғамда жердің маңызы туралы нақты көзқарас қалыптастыра білген елдер ғана жақсы жағдайларға жеткен. Еуропадағы өркениетті үдерістердің тарихи қалыптасуын осының мысалы ретінде қарастыруға болады. Мұнда жер ресурстарының географиялық орналасу жайы, оның табиғи әлеуеті, ауа райының тұрмыс-тіршілікке қолайлылығы дамыған қоғам құруға орасан зор ықпал етті.


Сонымен жер ресурстары дегеніміз, адамзат тіршілігінің дамуына тірек болар негізгі факторлардың бірі. Ол өткен ғасырға дейін таусылмайтын ұшан-теңіз байлық көзі ретінде қарастырылып келген еді. Алайда соңғы елу жылдың ішінде адамзат қауымында жүріп жатқан жаңалықтар жерге деген бұрынғы көзқарастарға өзгерістер енгізді. Жер ресурстарының шектеулі екендігі мәлім болды. Осының ықпалында жердің өндірістік фактор ретіндегі маңызы барынша арта түсті. Жер бетін жайлаған адам санының жедел өсуіне байланысты қалалар мен қала шаруашылықтары күрт дамып, егістіктер мен мал жайылымдықтары тарылды. Құнарлы деген жерлердің біразы ауыл шаруашылығы айналымынан шығарылып, басқа салалардың игілігіне берілді.

Оның үстіне өндірістік және экологиялық проблемалар (табиғи, климат өзгерістері) жылдан-жылға асқына түсті. Бүкіл әлем бойынша алғанда адамдардың жермен қамтылу көрсеткіші уақыт өткен сайын төмендеу үстінде. Бұдан 10-15 жыл бұрын әлем бойынша егістік жер 1 адамға 0,45-0,5 гектардан айналса, қазіргі уақытта осы көрсеткіш бар болғаны 0,25 гектарды ғана құрайды. Осыдан барып жердің материалдық игілік көзі ретіндегі бағасы да артқан үстіне артуда.

Сонымен адамзат қауымы дамыған сайын оның тіршілігінің негізгі көзі – жердің маңыздылығы да арта беретіндігінің куәсіміз. Сондықтан әлемнің дамыған көптеген елдері жер ресурстарын пайдалану мен игеруді реттеу және бақылау мәселелерінде мемлекеттің рөлін күшейте түсіп отыр. Көптеген елдерде жер жеке және мемлекеттік меншіктің қолында. Жердің жеке меншігінде адамдардың оны қалай пайдаланам десе де еркі бар. Бірақ мемлекет жер телімдерінің қандай меншік түріне жататындығына қарамастан, олардың жалпыхалықтық маңызын, ұлттың негізгі стратегиялық ресурсы екендігін ескере отырып, жер телімінің тиімділікпен пайдаланылуын және жер туралы заңдылықтардың дұрыс сақталуын қадағалау жөніндегі өз рөлін бір сәт те босаңсытпай, қайта күшейте түсуде.

Біздегі көптеген адамдардың бойында қазір жеке меншік нарықтың жаны деген ұғым пайда болды. Бұл да дұрыс шығар. Бірақ, мұның өзі медальдің бір ғана жағы. Өйткені, егер біз осы бір қағидамен ғана шектеліп, қалыптасқан мемлекеттік қызмет құрылымдарының барлығын тоз-тозын шығарып, барлық билікті жеке меншікке үлестіріп беріп, енді қалған мәселенің бәрін нарықтың өзі реттейді десек, нағыз анархияға тап болар едік. Қазіргі дамыған капиталистік мемлекеттерде болып жатқан терең дағдарыстар соның дәлелі. Біз бұл жерде нарық либерализмінің ақыры қаржы алаяқтығына дейін ұласқандығын көріп отырмыз. Ал жедел даму жолындағы шығыстық мемлекеттер басшыларының қай-қайсысы болмасын экономиканы дамытудағы мемлекеттік саясаттың маңызын жеке меншіктің рөлінен кем санамаған. Мемлекеттік рөл қазіргі жағдайда даусыз жоғары деңгейде. Бұл екеуі медальдің екі жағы секілді. Екеуі қосылып, заңмен белгіленген шеңберде өзара үйлесімді әрекет жасаған жерде ғана дамудың тұрақтылығы мен жүйелілігі пайда болады. Оның үстіне жер мәселесіне қатысты қазіргі өзгерістер бұл мәселенің жекелеген мемлекеттердің ауқымынан шығып, жаһандық проблемаға айналғандығын көрсетіп отыр. Біз өзіміздің стратегиялық мақсаттарымызды жүзеге асырғанда дүние дидарында жүріп жатқан осындай өзгерістерді мықтап сараптап отыруға тиістіміз. Жер ресурстарының молдығы басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстанның ең үлкен басымдығы. Демек, бұл артықшылығымызды қадірлеуіміз керек.

Жердің сан түрлі қасиеті бар. Ол қасиеттер осы уақытқа дейін қоғамның даму жағдайына байланысты ашылып келеді. Мәселен, біздің қазақ халқы ертерек уақыттары өзінің тарихи қалыптасқан көшпенді тұрмыс салтына сәйкес жерді мал жайылымы ретінде көбірек пайдаланып келсе, соңғы кездері егіншілік саласында да жақсы табыстарға жетіп отыр. Соның бір мысалы ретінде Қазақстанның әлемдегі ірі көлемде астық экспорттайтын елдердің қатарына қосылғандығын айтуға болады Әрине, осылардың барлығы бізде жүргізілген реформалардың, соның ішінде жер реформасының дұрыс бағытта екендігін білдірсе керек.

Еліміздің егістік жерінің келешек мүмкіндігі жоғары екендігін мына мысалдан көруге болады. Әлемнің әртүрлі елдерінде халықтың егістік алқаптармен қамтамасыз етілу көрсеткіші мынандай: Канадада 1 тұрғынға – 1,48 гектар, АҚШ-та – 0,63 гектар, Қытайда – 0,08 гектар, Жапонияда – 0,03 гектар жерден келсе, біздің Қазақстанда 1 тұрғынға 1,51 гектар жерден айналады.

Ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдалану көрсеткіші табиғи-климаттық жағдайлармен және шаруашылықтардың қолданатын технологияларының даму деңгейімен, әлемдегі жер ресурстарын пайдалану жетістіктерімен анықталады. Қазақстан жерінің тағы бір басты қасиеті минералды шикізат көзі ретіндегі қазба байлық түрінде ашылып отыр. Қазба байлық – ел тәуелсіздігінің 20 жылдығында қол жеткізген экономикалық жетістіктеріміздің негізгі көзі (мұнай, газ, металл, көмір, т.б). Сондай-ақ, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері республиканың табиғи көрікті өңірлеріне де назар аударылып, туристік инфрақұрылымдарды дамыту арқылы да табысқа жету жайы ойластырылуда. Қазіргідей әлем халықтарының аралас-құраластығы артып отырған тұста жердің транзиттік мүмкіндіктерінің болуының өзі үлкен байлық көзі деп есептеледі. Қазақстан Еуразия кеңістігінің кіндік тұсында қоныс тепкендіктен Еуропа мен қайнап өсіп келе жатқан Қытайды, Оңтүстік-Шығыс Азияны құрлық арқылы байланыстыратын көлік дәлізі ретінде де қызмет ете алады. Сонда бұл істен де үлкен экономикалық пайдаға кенелуге болады.

Осы айтылған жайттар кең-байтақ жеріміздің қасиеті уақыт өткен сайын әр қырынан ашыла түскендігін көрсетеді.

Міне, осы тұста біз жердің өзіне тән ерекшелігін, маңызы мен мәртебесін есте ұстауымыз қажет. Жер – өндіріс құралы. Адамдар жерді пайдаланып жұмыс істейді. Оның үстіне, ол – өндіргіш күш. Себебі, жерге бидай тұқымын ексең, ол күзде бірнеше есе көбейіп шығады. Енді осылардың сыртында жер – табиғи фактор. Бүкіл жаны бар тіршілік оның аясында дамиды. Одан қуат алады.

1. Сейфуллин Ж.Т. Земельный кадастр: Управление земельными ресурсами. Алматы: казНИИЭОАПК, 2001 г.,

2. Научно- практический журнал: Қазақстанның жер ресурстары/ 2005 – 2012 ж.ж

 

Дәріс Қазақстан республикасындағы жер ресурстарын басқару жүйесі.ҚР субъекктлерінің жер ресурстарын басару. ҚР субъектлеріндегі жер ресурстарын басарудың негізгі міндеттері мен ерекшеліктері.

Жердің өндіріс құрал-жабдығы ретінде өзіне тән өзгешеліктері немесе бірқатар ерекшеліктері бар.

Оның ең маңызды ерекшелігі: жердің басқа өндіріс құрал-жабдығы сияқты адам еңбегінің жемісі болып табылмайтынын да. Ол адамнан сан миллиондаған жыл бұрын пайда болған және табиғаттың тартуы немесе табиғаттың жемісі болып табылады. Сондықтан мұның өзі осынау сыйға аялап қарауды, жерді бүкіл қоғамның мүддесі үшін өнімді пайдалануға міндеттейді. Өйткені жерді жаратуға адам еңбегі жұмсалмаған, оның құны жоқ. Жерді пайдалануда амортизациялық жарна төленбейді, ол өзіндік құнды қалыптастыруға қатыспайды демек, ауыл шаруашылығы өнімінің кұнын қалыптастыруға да қатыспайды.

Жердің екінші ерекшелігі - оның территориялық жағынан шектеулілігінде. Жекелеген елдер шегінде жер қорлары олардың шекараларымен айқындалады, ал жалпы біздің планетамызда оның құрлығының бетімен айқындалады. Өндіріс құрал-жабдығының көпшілігін (тракторлар, комбайндар, автомобильдер және басқалар) адам жасайды, сондықтан олардың саны ұдайы көбейеді, ал жердің территориясы бұрынғы көлемде қалады. Егер жер шарының халқы әрбір кырық жылда шамамен екі есе көбейетінін ескерсек, жердің сапасын жақсартудың және оны пайдаланудың тиімділігінің қажеттігі айқындала түседі.

Жердің территориялық шектеулілігі азамат коғам дамуының белгілі бір кезеңдерінде пайдаланылмаған жаңа жерді шаруашылық айналымға тарта алмайды деген сөз емес.

Жердің үшінші ерекшелігі - оның өзгермейтіндігінде. Тарихи даму барысында адамның білек күші жануарлардың күш-қуатымен соңғысы механикалық және электр қозғалғыштарымен ауыстырылды, оның орнына атом козғалғышы келді. Ал жер өзгермейтін өндіріс құрал-жабдығы болып қала береді.

Төртінші ерекшелігі - топырақ кұнарлылығының әртүрлілігінде. Құнарлылық - топырақтың аумақ бірлігінен өнімнің белгілібір мөлшерін бере алатын айрықша қасиет. Құнарлылыктың екі түрі бар. Олар-табиғи құнарлылык және жасанды құнарлылық. Табиғи құнарлылық пен жасанды кұнарлылықтың ұштастыру экоңомикалық немесе тиімді кұнарлылық береді. Табиғи құнарлылықтың айырмашылығы салдарынан белгілі бір еңбекпен қаржы шығынында бір гектар жер еліміздің әртүрлі аймақтарында өнімді әркелкі мөлшерде береді. Мұның өзі ауыл шаруашылығында 1-дифференциялық рентаның болуын талап етеді, ол өндірісті құнарлылығы жөнінен жақсы жерлерде жүргізетін және өнімді сататын жерге жақын орналасқан шаруашылықтардан алынған қосымша таза табысты көрсетеді.

Топырақтың құнарлылығындағы айырмашылық жоспарлауда және жекелеген салаларды орналастыруда, ауыл шаруашылығы өнімінің бағасын белгілеуде, сондай-ақ әртүрлі табиғат жағдайында орналасқан елді мекендердің шаруашылық қызметін салыстырмалы бағалауда еліміздің жекелеген экономикалық аудандары мен аймақтарына сараланған көзқарасты талап етеді.

Бесінші ерекшелік -жер, топырақ дұрыс пайдаланылғанда азбайтыны былай тұрсын, қайта өзінің касиетін жақсартады. Қазіргі заманғы отандық ғылымымыз, социалистік құрылыс тәжірибесін пайдалана және шаруашылықты жүргізудің ғылыми негізделген жүйесіне сүйене отырып, топырак кұнарлылығын әртүрлі тәсілдермен арттыр

Экономиканың басқа салаларына қарағанда елімізде жер қатынастары бірте-бірте дамып келеді. Еліміз өз конституциясын қабылдағаннан кейінгі он төрт жыл ішінде бұл салада көптеген мәселелер жүзеге асып, бұрынғы кеңестік жер қатынастары жүйесінің түбірінен өзгеріске түскені сезіледі.

Еліміздегі жер қатынастарының дамуы, жерді игеру, пайдалану, оның формаларын айқындау секілді мәселелер қай заман, қай қоғамда болмасын өте күрделі, әрі ең басты мәселе ретінде саналып келе жатыр. Қазақ халқы ежелден-ақ жерге бай ел болғанымен сонау хандық кезеңнің өзінде жер дауы мен жесір дауы бәрінен де жоғары тұрғандығын тарихи деректер растайды.

Елімізде жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық әкімшілік реформалардың нәтижелері белгілі бола түскен сайын жер ресурстарының маңызы да өсе түсуде. Әлемде табиғи ресурстар тапшылығының орын алуы, көптеген жаһандық ірі компаниялардың Қазақстан экономикасын инвестициялауға деген ынта-ықыласының артуы бұл байлық көзін ел мүддесі жолында барынша пайдалану мәселесі тұр.

Еліміз өз конституциясын қабылдағаннан кейін, нарық экономикасын орнатуға кіріскенімізде жер мәселесінде бірден төтенше қадамдарға бара қойғанымыз жоқ. Елбасы өзінің «Қазақстандық жол» атты еңбегінде атап көрсеткеніндей, еліміздегі жер қатынастары эвалюциялық түрде, яғни уақыт пен заман талаптарын ескере және мәселенің пісіп-жетілуі ырғағын сақтай отырып бірте-бірте дамытылу үстінде. Біз осы ретте, әсіресе, еліміздің ауылшаруашылық жерлерін нарық айналымына қосу мәселесінде кезең-кезеңімен алға басып келеміз. Бұл күндері Қазақстанда жер телімдерінің кадастрлық құны қалыптастырылды. Нарықтық құны мен телімдерінің ерекшеліктеріне, пайдалану сипатына орай сұраныс пен ұсыныстын арақатынасы негізінде айқындалуы тиіс. Бізде жер телімінің екінші нарығы қалыптасу үстінде.

Осы орайда қала маңайындағы ауыл шаруашылығы жерлерін арзан бағамен сатып алып, оны тұрғын үй салатын телімдерге айналдырып, барынша көтеріңкі бағамен қайта сату фактілерінің орын алғандығын, осы жағдай жер қатынастары саласында алыпсатарлықтың туындауына ықпал еткендігін жасыруға болмайды. Қазір Елбасының тапсырмасына сәйкес, бұл келеңсіздіктің тамырына балта шабылуда. Үкімет қалалар, ауылдық елді мекендер мен олардың айналасындағы жерлерді пайдалану мәселелерін реттеу, сондай-ақ жермен алыпсатарлықтың алдың алу ісіне бел шеше кірісіп, осы мақсатта кешенді шаралар қабылдауда.

Елді мекендердің және қала маңындағы аймақтардың жері бойынша алыпсатарлықты болдырмау мақсатында келесі шаралар қабылданды.

біріншіден, мемлекет тарапынан жеке меншікке мемлекет сататын жердің кадастрлық құны нарықтық құнға жақындатылды. Атап айтқанда, Үкіметтің тиісті қаулыларымен бекітілген Астана қаласы және тоғыз облыс орталықтары бойынша жерге төлемақының базалық ставкалары қайта белгіленді. Бес облыс орталықтары бойынша ұқсас қаулылар 2006-2007 жылдары қабылданды. Осылайша, қазіргі уақытта барлық облыс орталықтары және Астана, Алматы қалалары бойынша мемлекет сататын жердің құны оның нарықтық құнына сәйкес келеді және жермен алыпсатарлықтың алдын алудың экономикалық тұтқаларының бірі болып табылады.

-екіншіден, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің қарауына Жер Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобалары ұсынылады.

Жер қатынастарындағы құқықтық мәселелер:

- Парламент әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар мен жалпы пайдаланудағы нысандарды қоспағанда, мемлекет меншігінде тұрған жер учаскілерін тек аукциондық негізде беру туралы мәселені мақұлдады;

- елді мекендерді, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды, қорғаныс және байланыс, энергетика, көлікті дамыту үшін, сонымен қатар кен орындарын қазу мақсатында жерді резервке қою;

- елді мекеннің бекітілген бас жоспары болмаған жағдайда, құрылыс мақсаттары үшін жер учаскілерін беруге тыйым салу;

- жер учаскілерін игерудің нақты мерзімдері мен шарттарын белгілеу;

- нысаналы ауыл шаруашылығына бағытталған жер учаскісін құрылыс жүргізу үшін сегменттеу мүмкіндігін болдырмау мақсатында жер учаскілерінің ең кіші көлемін белгілеу.

Жер жеке меншігі оның иесіне тұрақты сенімділік бере отырып, жерді ұқыпты және ысырапсыз пайдалануға, оны жақсартуға аса маңызды түрткі болады. Иесіз жер – жетім. Экологиялық дағдарысқа, бірінші кезекте, осындай жер ұшырайды. Сондықтан, «Жер жеке меншігі» туралы заңды қабылдай отырып, Республика Парламенті өзінің тарихи миссиясын орындады деуге болады.

1. Ткачук С.А. Управление земельными ресурсами. Госагропром СССР. – Целиноград: Целиноградский СХИ, 1986.

2. Научно- практический журнал: Қазақстанның жер ресурстары/ 2005 – 2012 ж.ж

 

 

ДәрісЖер қатынастарын реттеу

Осындай үлкен ерекшеліктеріне байланысты адамдардың жермен қарым-қатынасы бірнеше заңдылықтар бойынша реттеледі. Жерді сақтау, қорғау мәселелері көбінесе, Жер кодексі мен табиғат қорғау заңдарына бағындырылса, адамдардың үй салу үшін жер телімін алуы, оны пайдалануы Жер және Азаматтық кодекстермен, басқа да заң аясындағы актілердің қатысуымен реттеліп отырады. Ал жерді өндірістік тұрғыдан, қазына байлығы ретінде игеру, оның күтіміне мән беру, басқа да ерекшеліктерін көбіне Жер кодексі мен экономикалық саланың заңдары реттейді.

Сонымен, ата-бабаларымыздан мұраға қалған біздің туған жеріміз – біздің тұрмыс-тіршілігіміздің негізгі қайнар көзі, сан-түрлі экономикалық іс-әрекеттердің тоқайласар тұсы, тәуелсіз мемлекет құруымыздың басты негіздерінің бірі. Қазақстан халқының болашағы көп жағдайда осы жердің ресурстық мүмкіндіктерін қаншалықты шеберлікпен пайдалана білгендігіне байланысты шешілетіндігі уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Сондықтан жер байлығын дұрыс игеру, одан пайда болған материалдық игіліктерді Қазақстан халқының әл-ауқатының артуы, мәдени, саяси жетілуі, бәсекеге қабілетті елге айналуы жолында дұрыстап іске жарату мемлекеттік саясаттың аса маңызды мәселесі болып отыр. Осы саясатты жүзеге асырамын деп Елбасымыз да бір сәт тыным көрмей келеді. Бүкіл дүниені шарлап, тіршілігі алға басқан елдерден әріптестер тауып, тиімді қарым-қатынастар орнатуда. Уақыт өте келе халық бұл саясаттың мәнін айқын түсінуде және оның алғашқы жемістерінің дәмін сезініп те үлгерді.

Еліміз өз тәуелсіздігіне ие болғаннан кейін жер қатынастарын неғұрлым тиімді шешудің жолдары қарастырылғаны белгілі. Кеңес өкіметінің кезінде жер тек мемлекеттік меншікте ғана болды. Сөйтіп, Кеңес өкіметінде жер қатынасының тек бір ғана – жер пайдалану формасы ғана мойындалды. Жер оны пайдаланушыларға тегін беріліп отырды. Салық алынбады. Жер телімінің жылжымайтын мүлік ретінде мәртебесі болмады. Жерді жалға алуға тыйым салынды. Сөйтіп, социалистік жер заңдылықтарында жерді меншіктенудің, төлемді пайдаланудың, жердің азаматтық және нарықтық айналымын дамытудың құқықтық мәселелері шешімін таппады.

Экономикада нарықтық қатынастар жолына түскен Қазақстан осы тұста жер мәселесі жөнінде екі кеменің құйрығын бірдей ұстаған жанға ұқсап тұрды. Жер қатынастарының социалистік жүйесі нарықтық экономика жағдайында жер қатынастарын дамытудың мүмкіндіктерін жетілдіруге дәрменсіз болып шықты. Демек, бұл жүйеден бас тарту қажеттігін өмірдің өзі талап ете бастады. Ақырында жер жөнінде әлемдік тәжірибеге негізделген және еліміздің өз ерекшеліктері ескерілген жер реформасын жүргізу жолы таңдап алынды.

Негізінде жер реформасын жүргізуге деген қажеттілік Кеңес одағының тұсында-ақ пайда болғаны белгілі. Бірақ кеңестік жүйе оның жолын таба алған жоқ. Өйткені, бір орталықтан басқарылатын жоспарлы экономика мен сол кездегі әміршілдік тәсілдер, тек мемлекеттік меншіктің ғана үстемдік құруы бұл мәселені кең тұрғыдан қарастыруға мүмкіндік бермеді. Сөйтіп, адамдардың жерге деген шаруагерлік ынтасы бірте-бірте төмендей берді.

Елбасы өзінің «Қазақстан жолы» кітабының «Жер мәселесінің эволюциясы» атты тарауында «Реформаны әзірлей отырып, біз кеңестік Жер кодексі қоғамның жер қатынастары жөніндегі қажетін қанағаттандырмайды деген қорытындыға келдік. 1991 жылы маусым айында қабылданған «Жер реформасы туралы» заң жердегі әртүрлі шаруашылық формаларының тиімді қызметі үшін құқықтық және экономикалық шарттарды қалыптастыруға арналған еді. Сонымен бірге, бұл заң жеке меншік институтын енгізген жоқ. Ол тек аграрлық сектордағы дағдарысты жағдайларды еңсеру шартын ғана туғызды. Бұл заңның өтпелі кезеңдік сипаты болғандығын бәрі де түсінді»,- деп мәселенің пісіп-жетілу сипатын атап көрсетті.

Қазақстанда жер қатынастары мәселесінде бірте-біртелік, яғни эволюциялық даму жолы таңдап алынды.

Тәуелсіздік алған жылдан бері Мемлекет басшысының елімізді дамыту жөнінде алға қойған стратегиялық мақсатына, Үкіметтің сол стратегияны жүзеге асыру жөніндегі жоспарларына сай жүргізіліп келе жатқан жер реформасы казіргі күні өзінің шешуші сәтіне аяқ басты. Елімізде жер қатынастарын жаңа заман талаптары негізінде айқындап, тұрақтандыруға бағытталған, жер байлығымызды ел байлығына айналдырудың маңызды мәселелерін шешкен Жер кодексі қабылданып, жүзеге асырыла бастады. Біз жаңа міндеттер жүгін арқалатып отырған бұл кезеңге қалай жеттік, осы уақытқа дейін қандай шараларды жүзеге асырдық? Енді осыған келейік.

Бұл уақытқа дейін жер қатынастарының социалистік жүйесінен нарықтық экономиканың жағдайына бейімделген жаңа жер қатынастарына көшу жер реформасын жүргізудің бастапқы кезеңінің негізгі міндеті болып келгені белгілі. Ол үшін жерге мемлекеттік меншік монополиясын жою мен жердің кейбір санаттарына жеке меншікті енгізу, жер телімдеріне жер пайдалану және жеке меншік құқығын беру, оны заңды түрде жылжымайтын мүлік ретінде тіркеу, жерді ақылы пайдалану жүйесін қалып­тастыру, жер телімдерінің кадастрлық бағасын анықтау, мемлекеттік емес ауылшаруашылық ұжымдарының түрлерін қалыптастыру, жаңадан нарықтық жағдайға бейімделген мемлекеттік жер кадастрын қалыптастыру секілді шаралар қабылданып, жүзеге асырылды. Рет-реті, кезең-кезеңімен жүзеге асырылған осы шаралар бір бірімен қосыла келе, жер телімдерін нарық айналымының бірінші сатысына шығару ісін қамтамасыз етті. Нарық жолына түскен ТМД елдерінде және әлемнің дамыған және дамып келе жатқан алдыңғы қатарлы мемлекеттерінде жер қатынастары осы модель негізінде жүргізіліп келе жатқандығын айта кетсек артық болмас.

Ендігі кезекте қолға алынып отырған міндеттердің бірі жер ресурстарын инвестиция тартудың сенімді көзіне айналдыру болып отыр. Оны шешу үшін нарықтық жер айналымын қалыптастырудың, фискалды саясатты іске асырудың, жер телімдерінің ипотекалық несие мәселелерін шешудің құқықтық-нормативтік құжаттарын жетілдіруіміз керек. Осы ретте назар аударатын үлкен мәселе жер кадастры болып отыр. Себебі, жер кадастры Жер кодексінің негізгі ережелерін жүзеге асырудың, жер пайдаланушылардың құқығын қорғау мен жер ресурстарының әлеуетін тиімді пайдаланудың негізі болып табылады. Бұл іс қазіргі күні мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жасау және құру, осы жүйеге инновациялық технологияларды пайдалану арқылы іске асырылуда. Мәселен, жер телімдерін ғарыштағы спутниктер арқылы межелеу, ға­рыштағы спутниктерден жердің сапасы туралы алынатын мәлімет – ақпараттарды пайдалану, географиялық ақпарат жүйесінің (ГАЖ) технологиясын пайдалануды кеңейту. Міне, осы мәселелерді шешу арқылы біз өзіміздің жер кадастрымызды әлемдік үлгіге сай қалыптастыратын боламыз.

Жер ресурстарын, оның ішінде, ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдаланудың тағы бір жолы – оны қорғау, осы туралы заң­дылықты бұзуға жол бермеу, мемлекеттік бақылауды қатаң жолға қою және жүзеге асыру.

Біз бұл мақсатқа жер мониторингін жүргізуді жоғары деңгейге жеткізу, жердегі өзгерістерді дер кезінде анықтау, болжам жасау және кері әсері бар үдерістердің алдын алу арқылы қол жеткізе аламыз.

Әлемнің озық елдеріндегі жақсы тәжірибелер мен нарыққа көшуімізге байланысты туындайтын қазіргі заман талаптары жер ресурстарын басқарудың әдістері мен қағидаттарын және олардың ғылыми-әдістемелік негіздерін қайта қарастыруды қажет етеді. Басқарудың осындай элементтерінің қатарына ГИС-технологиялар негізінде жаңа жер кадастрын жүргізу, жерді төлемді пайдалануға көшу, жердің нарықтық айналымын қалыптастыру, жер және жерге орналастыру мониторингін жүргізу технологиясы жатады. Бұл мәселелер қазір қолға алынып, іске асырылуда.

Жер ресурстарын жаңа жағдайда басқару ісі өңірлік бағдарлама қабылдау, жерге орналастырудың ішкі шаруашылық жобаларын ландшафтық-экологиялық негізде жасау, ауылшаруашылық жерлерін инвестиция тартудың негізгі көзіне айналдыру арқылы іске асырылады.

Ғылыми бағдарламаның негізін құрайтын жоғарыдағы әрбір үлкен мәселе зерттеулер жүргізе отырып, олардың нәтижесін жер пайдалану ісінде қолданып көруді қажет ететін дербес тақырып болып табылады. Олардың әрбірінің, атап айтатын болсақ, мемлекеттік жер кадастрының, жер мониторингінің, жерге орналастыру және жерді төлемді пайдалану жөніндегі әдістемелер мен нормативтердің еліміздің экономикалық жағдайының жақсаруына тигізетін ықпалы елеулі. Бұл шаралардың қай-қайсысы болмасын өздерінің инновациялық сипатына сәйкес еліміздің 2012-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын, сондай-ақ өңірлік даму бағдарламаларын жүзеге асыруға тікелей әсер етуге тиісті.

«…Жер кодексінің қабылдануы жер қатынастары реформасының аяқталғандығын білдірмейді. Өйткені, эволюциялық үдеріс дегеніміз шексіз. Демек, біз болашақты бірігіп ойлауымыз керек», деп атап көрсетті Елбасы.

Бұдан туатын қорытынды Қазақстанда жер қатынастарын жетілдіріп, дамытудың негізгі жолдары белгіленді. Елімізде жер қатынастары саласындағы мемлекеттік бағыт сараланды. Жерді игеру, күтіп ұстау, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесіне бизнес неғұрлым сергек қараса, жер қадірі де арта түскен болар еді. Міне, осыны мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер, ғалымдар, шаруалар болып бірлесіп ойластырып, жер мәселесіндегі заңдылықтарды талапқа сай жетілдіріп, жаңа технологиялардың, білікті, іскер кадрлардың келуіне жол ашуымыз керек.

Екіншіден, мемлекет адамдардың жермен жұмыс істеуіне еркіндік бере отырып, осы бағыттағы заңдылықтардың дұрыс орындалуын қатаң қадағалап отыруы қажет. Сонда ғана халықтың жерге қатысты мемлекеттік саясат туралы түсінігі дұрыс қалыптасатын болады.

Сонымен, бүгінгі күні мемлекеттің жерге қатысты жүргізетін саясаты толық айқындалып, олар заң негізінде бекіді. Ендігі мәселе, осы заңдылықтардың қалай сақталып, орындалатындығына байланысты. Мұның өзі Жер ресурстарын басқару агенттігімен қатар ендігі салмақ жүгі ауып отырған жергілікті әкімдіктерге орасан зор міндеттер жүктейді және олардың аталған мәселеде білікті болуын талап етеді. Ол үшін, әрине, жер иеленушілер мен пайдаланушыларға нарық еркіндіктерін бере отырып, мемлекет тарапынан болатын тиісті бақылау шараларын бір сәт те босаңсытпау қажет.

Қазіргі күні жер қатынастарын қалыптастыру мен еліміздің жер ресурстарын басқару саласында мемлекеттік саясатты дұрыс жүргізу – қоғамның бірігуі мен елдің ішкі саяси тұрақтылығын қамтамасыз етудің бір кілті екеніне көзіміз жетіп отыр.

Сөйтіп, осыдан 20 жыл бұрынғымен салыстырғанда, Қазақстан қазір көп өзгерді. Себебі, біз еліміз бен жеріміздің ішкі мүмкіндіктерін ашып бере алатындай көптеген жаңа заңдар қабылдадық.. «Біз өз жеріміз бентабиғатымызды ата-бабадан мұраға қабылдағанымыз жоқ, біз оны болашақ ұрпақтан қарызға алып отырмыз», деді Елбасы халықтың маңызы ескірмес даналық сөздеріне сүйене отырып. Демек, елімізде қазіргі күні жүріп жатқан жер қатынастары саласындағы реформа – бұл тек бүгінгі күннің ғана мәселесі емес, сонымен қатар болашақ ұрпақ қамы. Бұл жер саласындағы мемлекеттік саясаттың басты қағидасы.

1. Земельный кодекс РК. Алматы: «Жети Жаргы», 2003

2. Научно- практический журнал: Қазақстанның жер ресурстары/ 2005 – 2012 ж.ж

 

 







Date: 2016-05-24; view: 1510; Нарушение авторских прав



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.035 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию