Полезное:
Как сделать разговор полезным и приятным
Как сделать объемную звезду своими руками
Как сделать то, что делать не хочется?
Как сделать погремушку
Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами
Как сделать идею коммерческой
Как сделать хорошую растяжку ног?
Как сделать наш разум здоровым?
Как сделать, чтобы люди обманывали меньше
Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили?
Как сделать лучше себе и другим людям
Как сделать свидание интересным?
Категории:
АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника
|
Естің негізгі процестері
Есте қалдыру. Есте қалдырудың бастапқы формасы - ырықсыз, ниеттелмеген мнемикалық әрекет, яғни мақсаты болмаған, арнайы тәсілдерді қолданбай-ақ жадта қалдыру. Бұл - болған әсерден ми қабығындағы кейбір қозу іздерінің санада бекіп қалуы. Ми қабығындағы әрқандай процесс соңында бекімі әр деңгейде болған із қалдырады. Өмірде кездестіргендердің көбі адам есінде ырықсыз орнығады: төңіректегі заттар, құбылыстар мен тұрмыстық оқиғалар, адамдардың қылықтары, әншейін оқыла салған кітап мазмұны және, т.б., ал енді олардың әрқайсысының жадталуы бірдей емес. Әдетте, адам үшін өмірлік маңызды нәрселер, қызығулары мен қажеттіліктеріне орай және іс-әрекет мақсаты, міндетіне байланысты заттар мен оқиғалар жеңіл есте қалады. Тіпті ырықсыз есте қалдырудың өзі де таңдамалы сипатты, адамның төңірекке қатынасының берік не әлсіз болуынан. Ырықсыз есте қалдырудан адамның алдына мақсат қоюынан болатын ырықты, ниеттелген есті ажырата білу керек. Мұндай есте ақпарат санада бекіп қалуы үшін адам арнайы тәсілдер қолданады, күрделі ақыл-ой әрекетін пайдаланады. Оқу барысында ниетті есте қалдыру көп жағдайда жаттап алу формасында орындалады, яғни оқу материалы толық әрі мүлтіксіз жатталғанша көп мәрте қайталанады. Жаттап алуды мақсат етіп қою маңызды роль ойнап, ол есте қалдыру үшін болған барша іс-әрекеттің мәнін айқындайды. Осыдан, ырықты есте қалдыру ырықсыз, ниеттелмеген есте қалдыруға қарағанда анағұрлым өнімді келеді. Өмір барысында біз қабылдайтын заттың көбі алдымызға қойған арнайы мақсаттарға негізделмесе, есте тұрмайды. Сонымен бірге, егер алға осы міндет қойылып, оны іске асыру үшін қажет болған шаралар орындалып барса, есте қалдыру тиімді нәтижеге жетіп, санада берік орнығады. Бұл жағдайда жалпы міндеттер белгіленумен бірге (тұтастай жаттап алу), жеке, арнайы міндеттердің де болғаны жөн. Мысалы, бір жағдайда негізгі, басты ой-пікірді есте қалдыру мақсаты тұрса, екіншіде - сөзбе-сөз жаттап алу, ал үшіншіде бірде - деректерді тізбектей жаттау ниеті тұрады. Түсінікті болатын да, есте қалатын да ең алдымен біздің іс-әрекетімізбен тікелей байланыстағы заттар, құбылыстар. Бірақ біздің мақсатты әрекетіміздің мазмұнынан тыс, ырықсыз есте қалдыруға негіз болған әрекетке енбеген нәрселер көбіне ырықты есте қалдырудың болмағанынан ойда қала бермейді. Қалай болғанда да ескерілетін жәйт: біздің жүйелі білімдеріміздің көбі арнайы әрекет-шаралардың нәтижесінде пайда болады, жинақталады. Мұндай ниетті әрекеттің басты мақсаты - қажетті материалды есте сақтап қалу. Есте қалдыру және тұрақтанған материалды қайта жаңғыртуға бағытталған мұндай әрекет мнемикалық (мнема - ес) әрекет деп аталады. Мнемикалық әрекетте адам өзіне ұсынылған материалдан қажетті бөлігін таңдап, оны есте қалдыру міндетін қояды. Барша жағдайда адам өзіне есте қалдыруға ұсынылған нысанды басқалардан айыра біліп, қосымша әсерлерге берілмей, қайта жаңғырту кезінде сол материал шеңберінен ауытқымауы қажет. Мнемикалық әрекеттің таңдамалылығы осында. Материалды жаттап алу, оны есте сақтау және жатталғанды еске түсіру мақсатында өткендегілерді саналы сараптау - саналы іс-әрекеттің айрықша формасы болып саналады. Механикалық және мағыналық есте қалдыру. Есте қалдырудың табысты болуы адамның жадында сақтауға қажетті болған материалының мағынасын толық түсіне білуіне тәуелді. Механикалық жаттауда сөздер, заттар, оқиғалар мен әрекеттер қабылдау негізіндегі ретімен, қандай да бір өзгеріссіз, сол қалпында есте орнығады. Мұндай есте қалдыру барысында адам жатталуға тиіс нәрселердің кеңістік пен уақыт ішіндегі өзара жақындығына сүйенеді. Ал мағыналы есте қалдыруға келетін болсақ, ол материал бөлшектері арасындағы көзден таса, ішкі логикалық байланыстарына негізделеді, яғни мұндай естің астарында екінші сигналды жүйенің жалпыланған байланыстары жатады. Осыдан, мағыналы есте қалдыру оның механикалық түрінен әлдеқайда тиімді келеді. Механикалық жаттау тиімділігі шамалы, көп еңбектеніп, сан мәрте қайталауды керек етеді; мұндай жолмен жатталғандар қажетті кезінде еске түсе бермейтіні де бар. Ал мағыналы жаттау адамды шектен тыс еңбектерден азат етіп, үлкен де нық нәтижелерге кенелуіне жол ашады. Түсінімді және берік есте қалдырудың шарттары. Материалды түсініп, ұғу үшін әр түрлі әдістерді қолдануға болады. Игерілген материалдың өзекті ой топтары бөліп алынып, жоспар түрінде өрнектеледі. Жоспардың әрбір атамасы - мәтіннің белгілі бөлігінің жалпыланған тақырыбына айналады. Бір бөлшектен екіншісіне өте отырып, материалдың негізгі мағыналарының логикалық бірізді тізбегі құрылады. Мәтінді қайта жаңғырту кезінде қажетті материал жоспар тақырыбы төңірегінде шоғырланып, оны еске түсіру жеңілдейді. Жоспар түзуге машықтану адамды оқуға, қызықтырған мәселелердің ішкі байланысы мен тәртібін байқап баруға үйретеді. Жоспар түзіп жаттауға дағдыланған оқушылардың білімі жоспарсыз есте қалдыруға тырысқан шәкірттердің білімінен анағұрлым артық та берік болатыны сөзсіз. Материалды ұғудың пайдалы әдісі - салыстыру, яғни заттар, құбылыстар мен оқиғалар арасындағы бір-біріне ұқсастық пен ерекшелікті тани білу. Мұғалім көп жағдайда балаларға жаңа танымды түсіндіруде оны өткендегілермен салыстырып отырады, осылайша ол жаңа материалды оқушыларда қалыптасқан білім жүйесіне ендіріп барады. Материалдың түсінімді болуы - оның нақтылығында. Бұл үшін жалпы ережелер мен анықтамаларды нақты, күнделікті өмірде кездесетін есептер мен мәселелерді шешу, байқаулар мен дәрісханалық жұмыстар арқылы түсіндіріп бару қажет. Есте берік қалдырудың жолы - қайталап тұру. Бұл білім, ептілік, дағдыларды игерудің өте маңызды шарты. Бірақ мұндай іс-әрекет өнімді болуы үшін қайталау жұмыстары белгілі талаптарға сай орындалуы тиіс: қайталау белсенді және әр түрлі болуы ләзім (мысалдар келтіру, сұрақтарға жауап беру, схема сызу, таблица түзу, көрнекі құрал жасау, т.б.). Белсенді қайталау барысында екінші сигналдық жүйе жанданып, материалды ұғына түсінуге нәр береді. Қайталаудың әр түрлі формада іске асуы, игерілетін материалдың өмірмен, күнделікті тұрмыстық практикамен ұштасып баруы есте қалдырудың толыққандылығын қамтамасыз етеді. Енжар (пассив) қайталаудан пайда шамалы. Қайталау уақытын реттестіріп барған жөн. Уақытқа байланысты қайталау екі әдіспен орындалады: жинақты және бөлшектенген. Бірінші әдісте материал бір отырыста жатталады да, оның қайталануы үздіксіз, бірнеше рет орындалады. Мысалы, оқушының өлеңді жаттап алуы үшін 12 қайталау қажет болса, ол сол мәтінді 12 рет оқып, толық есте қалдырмағанша, жұмысын үзбейді. Ал бөлшектенген қайталауда мәтіннің әр оқылу арасы бірнеше уақытпен ажыратылады. Бөлшектенген қайталау жинақты қайталаудан тиімділеу. Уақыт пен қуат үнемделеді, білім игерілуі мен жадта қалуы берік болады. Сондықтан да тәжірибелі мұғалімдер оқу материалын бүкіл жыл бойы қайталап баруға тырысады, бірақ жиі қайталаулардан балалар жалықпасы үшін олардың түрін, формасын, әдістерін алмастырып отырады, өткен материалды жаңа байланыстарға қосып барады. Психологияда жаттау әдістерінің 3 түрі аталған: тұтастай, шамалап, аралас. Бірінші әдіс: материал мәтіні бастан аяқ, тұтастай бірнеше рет, толық игерілгенше қайталанады. Екіншіде - материал бірнеше бөлікке ажыратылады да, әрқайсысы өз алдына бірнеше қайталанып, жатталады. Аралас жаттауда тұтастай игеру және шамалап есте қалдырумен материал элементтері біріктіріледі. Бүтін материал алдымен толық, көлеміне орай бір не бірнеше рет оқылады, кейін қиын тараулары бөлініп алынып, өз алдына жатталады, ақырында бүтін мәтін қайтадан толық жаттауға түседі. Есте қалдырудың нәтижелі болуы материал сипатына да тәуелді. Көрнекі-бейнелі нысан жалаң сөзден гөрі тәуір есте бекиді; мағыналы ұштасқан мәтін жеке, байланыссыз сөйлемдерге қарағанда оңай жаңғыртылады. Түсіндірме (объяснительный) мәтіндермен салыстырғанда суреттеме (описательный) мәтіндер оқушылар есінде тез орнығып, ұзақ сақталады. Табысты есте қалдырудың және бір тиімді жолы қажет материалды жүйелестіре білу, яғни есте қалдыруға керек болған заттарды қандай да белгілері бойынша топқа жіктеп, біріктіру, мысалы, түріне, көлеміне, формасына, оқиғалардың өту уақытына т.с.с. Есте сақтау. Адам есінде қалдырғанды біршама уақыт аралығында жадта сақтап тұру қабілетіне ие. Есте сақтау ес процесінің құрылымдық бөлігі ретінде өз заңдылықтарына бағынады. Есте сақтау динамикалық (қозғалмалы) және статикалық (тұрақты) түрде көрінуі мүмкін. Динамикалық есте сақтау мезетті қызметтік (оперативная) есте орын иелеп, ал статикалық - ұзақ мерзімді есте әрекетке келеді. Динамикалық есте сақтауда жатталған материал өзгеріске түсе бермейді, ал тұрақты есте, керісінше, қайта құрылып, өңделеді. Ұзақ мерзімді есте сақталатын материал сырттан үздіксіз келіп жатқан жаңа ақпараттардың әсерінен ұдайы қайта жасалып жатады. Мұндай процесте естің жаңалануы әр түрлі формада өтуі мүмкін: есте сақталған материалдың кейбір бөліктері жойылады, бірінің орнына екіншісі келеді, материалдың орналасу кезегі өзгеріске түсіп, қажет бір жалпылыққа келтіріледі. Бұның барлығы қайта жаңғырту кезінде байқалады. Ақпараттың сақталғаны және оның өзгеріске түскенін естің келесі екі процесінде анықтау мүмкін, бұлар - тану мен қайта жаңғырту. Тану және қайта жаңғырту. Қандай да нысанды тану сол объектіні қабылдау кезінде көрінеді, яғни объектнің қабылдануы адамда бұрыннан қалыптасқан ес немесе қиял елестері негізінде іске асырылады. Затты не құбылысты тани отырып, біз оны белгілі бір категориялар тобына жатқызамыз. Тану өзінің дәлдігі және толықтығына орай әр түрлі дәрежеде болуы мүмкін. Танудың ең төменгі дәрежесі адамның алдындағы затты дәл біле алмай, тек шырамытуынан білінеді. Ал аса жоғары тану дәрежесі адамда қабылданатын зат бойынша ешқандай күмәні болмаған жағдайда байқалады; толық тануда субъект қабылданып жатқан нәрсені қалтқысыз белгілі топқа жатқызып, онымен қандай жағдайда кез болғанын айтып бере алады немесе оны танитыны жөнінде қосымша айғақтар келтіреді. Қайта жаңғыртудың танудан өзгешелігі: ол танудан соң іске асады немесе тіпті тікелей танусыз-ақ одан тыс жүзеге келуі мүмкін. Сондықтан да бұрынғыны қайта жаңғырту процесі танудан гөрі күрделірек келеді. Мысалы, оқушы мәтінді қайта оқи отырып оңай таниды, ал кітап жабық болып, мәтінді тікелей көрмесе, ол, әлбетте, біраз қиналады. Қайта жаңғырту материал бөліктерін өз кезегімен еске түсіру арқылы жүргізіледі, бұл жағдайда іске белсенді еріктік әрекет қосылады. Материалды еске түсіруде жоспарлы берілген сұрақтардың көмегі үлкен. Сұрақтар баланы негізгі мақсатқа жетелеп, материал мәтіндері арасындағы уақытша байланыстарды (ассоциация) қоздырып отырады. Кейде сұрақтар орынсыз қойылып, екіұшты болса, баланың материалды еске түсіруіне кедергілік етеді. Бұл мұғалімнің есінде әрдайым сақталғаны жөн. Қайта жаңғырту ырықты және ырықсыз орындалуы мүмкін. Еске түсіру - бұл әрқашан ырықты, ниеттелген әрекет: адам алдына күні бұрын еске түсіруді мақсат етіп қояды, ол үшін ой толғанысына батып, ерік күшін қосады. Ал ырықсыз жаңғырту өздігінен жүріп жататын процесс, оның негізінде дүние заттарының уақыт пен кеңістікте болған ұқсастық, сыбайластық немесе қарама-қарсылық байланыстары жатады. Қайта жаңғырту тікелей немесе жанама болып бөлінеді. Тікелей қайта жаңғыртуда аралық байланыстарды еске түсірудің қажеті болмайды (мысалы, көбейту кестесін жатқа айтып беру). Жанама қайта жаңғыртуда адам байланыстырушы аралық тетіктерді пайдаланады, олардың ішіне жаңғыртылуы тиіс материалға (нысанға) қатысы бар тірек сөздер, бейнелер, сезімдер мен әрекеттер кіреді. Ұмыту. Ұмыту процесі еске түсіре алмау немесе тану мен қайталап айтып берудегі қателесуде көрінеді. Ұмытудың физиологиялық негізі - уақытша жүйке байланыстарын жандандыруға кедергі етуші ми қабығындағы тежелу әрекеттері. Көбінесе бұл жағдай материалды еске сақтап тұруға ниеттелген қайталаулардың уақытылы болмауынан туындайтын, ойда қалдырғанды бірте-бірте сөндіріп барушы тежелу процесіне байланысты. Толық жаңғырта алу мен бүтіндей ұмыту аралығында психологияда «ес деңгейлері» деп аталған тану кезеңдері байқалады. Мұндай деңгейлер үшеу: 1) қайта жаңғыртушы ес; 2) тану есі; 3) тану мен жаңғыртуды жеңілдетуші ес. Мысалы, оқушы өлеңді жаттап алды. Егер уақыт өтуімен шәкірт жаттағанын түгелдей жаңғырта, айтып берсе, онда балада бірінші деңгейдегі, ең жоғарғы естің болғаны; егер оқушы жаттағанын айтып беруде көп қателессе, бірақ оны кітаптан немесе басқаның айтуында тани алса, екінші деңгейлі еске ие болғаны; егер оқушы жаттағанын өз бетінше кітаптан да, басқаның еске салуымен де қайталап айтып бере алмай, бірақ толық еске түсіріп айтып беру үшін қайта жаттауда аз уақытта нәтижеге ере алса, онда үшінші деңгейлі еске ие болғаны. Ұмыту материал құрылымын түзуде, яғни жоспарлауда, оның кейбір мәнді бөлшектерін назардан тыс қалдыруда, жаңа жаттағандарын ескілерімен шатастыруда көрініс береді. Ұмытшақтықты жеңу үшін оның туындауына себепші келесі заңдылықтарды білу қажет: 1. Ұмытудың уақыт ішінде желісі әр түрлі. Жатталғанның есте тұрмауы, әсіресе, материалды бірінші қабылдаудың ізін ала болады, ал кейін дейділеген ақпарат ұмытыла бермейді. 2. Қабылданған материалды қайталап бару жұмыстарын кейінге ысырып қоймай, дер мезгілінде орындап тұрған жөн. 3. Қабылдаудың ізін ала ұмтылған материал бірнеше уақыт өтуімен қайта еске оралады. Бұл құбылыс психологияда реминисценция (жобалай еске түсіру) деп аталған. 4. Материалдың тез істен шығып, ұмытылуы, оның түсініксіздігінен, мағынасына жете ене алмағандықтан да болады. Сондықтан әрдайым мұғалім ұсынылған материалдың жеткілікті деңгейде түсінімді болғанын анықтап алғаннан соң ғана оны есте қалдыруға байланысты жаттығуларға өткені дұрыс. 5. Адамның ұмытшақ болуының үлкен бір себебі - оның айналысқан материалының қызықты болмай, тұрмыстық қажеттілікпен байланыспауынан келіп шығады. Осыдан да ересек адамдардың көбі өз кәсібіне, өмірлік қызығуларына орай өткен оқиғалар мен кезіккен ақпараттарды жадынан шығармайды. 6. Ұмыту желісі материал көлемі мен оны игеру қиыншылықтарына тікелей байланысты. 7. Ұмыту процесінің кем болуы үшін жаттау қызметінен кейінгі іс-әрекет алдыңғы жаттауға кедергі болмай, оны қайталауға байланысты жұмыстармен ұштастыруға мүмкіндік бергені орынды. 8. Ұмытшақтыққа себепші көп факторлардың ішінде аса қатерлісі - адам жүйке жүйесінің әр түрлі сырқаттарға шалдығуы мен бас құрылымының кездейсоқ соққылар мен жарақаттар алуы. Ұмыту қызмет бабымен шаршауға да байланысты. Қажетті материалға назар аударуға кедергі келтіретін шектен тыс әсерлер де ұмытшақ болуға өз ықпалын тигізбей қоймайды. Ұмытшақтықпен күресте жоғарыда келтірілген жаттаудың ғылыми негізделген әдістерін білу көп жәрдемін тигізері сөзсіз. Бұл ұсыныстарды елемеуден материалды есте қалдыру мен есте сақтау үшін бекерге уақыт жойып, көп еңбек сарп етіп, ақырында межелеген нәтижеге жете алмай қалу екінің бірінде болатын жағдай. Естің бұзылысы. Ес қызметінің қажетті деңгейінен кері ауытқуы астарында психологиялық талдауды қажет ететін әр түрлі жағдаяттар жатыр. Мидың психикалық қалпы ең алдымен ес бұзылысынан көрінеді. Мұндай ақыл-ес сырқаты көбіне ағымдағы оқиғаларды есте қалдыруға қажет болған ырықсыз (тікелей) естің бұзылуымен байланысты, яғни адам жаңа ғана көрген-білгенін қас-қағым уақыт өтпей ұмытады, бірақ өткендегілерін түгелдей, жақсы болжастыра алады. Науқас адам атам заманда не оқығаны, қандай қызмет атқарғаны жөнінде жай-жапсарын қалдырмай еске түсіріп беруі мүмкін, ал осы бүгін тамақтанды ма, жоқ па; қажет адамымен кездесті ме, кездеспеді ме - бұған жауап таба алмай, мүдіріп қалуы таңқалғандай. Бұл адамдағы қайта жаңғырту, еске түсіре, жатқа айтып беру қабілетінің жойылуы деген сөз. Ес бұзылысы кейде өткендегі оқиғаларды да қайта тіктей алмаудан көрінеді: науқас адам өмірінде не болғанынан түк хабарсыз, бұрынғыны бүгінгісімен шатастырады, жыл, айларын алмастырады, яғни уақыт пен кеңістік өлшемдерін таразылай алмайтын жағдайға түседі. Сонымен бірге науқас адам санасында өте бір ұзақ уақытта болған қандай да бір оқиға, жағдай естен кетпестей орын тебуі мүмкін. Кейбір жағдайларда ес өз желісінің (динамика) бұзылуынан да көрінеді: адам белгілі бір уақыт аралығында тәп-тәуір жаттап, материалды қайта жаңғырта алса, ал қысқа бір мерзім өтумен бұл қабілетінен айырыла қалады. Мұндай сырқатқа шалдыққандар кейде оқыған, білгендерін тәптіштеп айтып беріп отырса, біраздан соң әйтеуір жай нәрсені есіне түсіре алмай қиналады. Мұндай жайлардан адам есі үзіліске түсіп, оның ой жүрісінің бұзылғанын байқаймыз. Ес бұзылыстарын зерттеу ми сырқаттарының белгілерін дәл танып, болжастырумен бірге. (Қараңыз. «Жантану негіздері». С. Бабаев (Бап-Баба). Алматы, 2001 ж. 154-170 беттер).
Date: 2015-09-24; view: 1493; Нарушение авторских прав |