Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Идеялары, теориялары жӘне Өкілдері 2 page





Осыдан салыстырудың үшінші түрі шығады. Оны Конт “адамзаттың әр түрлі жүйелік жай-күйін тарихи салыстыру” немесе “тарихи тәсілі” деп атаған. Әлеуметтік ғылымның “нағыз негізін” құрайтын бұл тәсіл тек социологияға тән және оған неғұрлым жақын келетін биологиядан да айырмашылығын айқындайды. Бұл тәсілдің мәні адамзат эволюциясының әр сатысын салыстыруында, “әлеуметтік қатарлар” жасауда және адамзаттың әр түрлі жай-күйіне жүйелі баға беруінде жатыр.

Социологияны болжау мақсатында да тарихи тәсілдің маңыздылығы жоғары, өйткені ол үшін өткен уақыт осы уақытқа қарағанда өте маңызды: “...Біз өткенді болжай алған жағдайда ғана болашақты ұтымды түрде болжауды үйренеміз...”

Ал “субъективті” тәсілге келетін болсақ, бұл тәсілді Конт анық сипаттамайды, өйткені Конт үшін “субъективті” тәсілдің мистикалық сипаты бар. “Субъективті” тәсілдің бастамасы болып табылатын субъектіге негізінен индивид, немесе топ емес, бүкіл адамзат жатады.

Бұл тәсілдің бірінші белгісі - зерттелетін объектіге жалпы адамзаттық немесе әлеуметтік көзқарас.

Екінші белгісі - “объективті” ұтымды тәсілмен салыстырғанда, бұл тәсіл өзінің мәні жағынан эмоционалды-альтруистік болып табылады. Бұл ақылды бағындыратын “жүрек” тәсілі. Ғылыми, моральдік, саяси идеяларды отанға, адамзатқа бағытталған альтруистік сезімдерге бағындыру қажет. Бұған үш формула сәйкес келеді: жақын адамдар үшін өмір сүру, өзінің отандастары үшін өмір сүру, барлық адамдар үшін өмір сүру. Мұның бәрі “Басқалар үшін өмір сүру” деген тұжырымға сіңірілген.

Бір сөзбен айтқанда, бұл тәсіл қазір эмпатия деп аталатын тәсілге қарағанда, жалпы және іргелі болып табылады. Конт мұны махаббат тәсілі деп атап, оны тек өмірлік емес, методологиялық принцип тұрғысынан атап көрсетеді.

Конттың ойынша, кез келген объект екі көзқарас (статикалық және динамикалық) тұрғысынан зерттеледі. Мұның әлеуметтік жүйені зерттеуде де қатысы бар. Сондықтан социология оның доктринасында екі бөлікке бөлінеді: әлеуметтік статика және әлеуметтік динамика. Екі пән де Конттың “тәртіп және прогресс” деп аталатын ұранының екі бөлігіне сәйкес келеді. Әлеуметтік статика үшін басты мақсат - әлеуметтік тәртіп заңдарын табу болса, әлеуметтік динамика үшін - прогресс заңдарын анықтау. Әлеуметтік статика - әлеуметтік организмнің құрылымын зерттейтін әлеуметтік анатомия болса, әлеуметтік динамика - оның жүзеге асуын қарастыратын әлеуметтік физиология. Олардың біріншісінің объектісі - “тыныштық қалпындағы” қоғам болса, екіншісінің объектісі - “қозғалыс қалпындағы” қоғам болып табылады. Конттың социологияның осы екі бөлімінің маңыздылығына берген салыстырмалы бағасы өзгеріп отырады: “Позитивті философия курсында” ол социологияның басты бөлігі - әлеуметтік динамика деп есептесе, “Жүйеде” әлеуметтік статиканы социологияның басты бөлімі деп санайды.

Әлеуметтік статика “ұжымдық тіршілік ету құрылымын” бөліп көрсетіп, барлық адамзат қоғамына тән тіршілік ету жағдайларын және соған сәйкес үйлесімділік заңдарын зерттейді. Бұл жағдайлар индивидке, отбасыға және қоғамға (адамзатқа) қатысты.


Конттың ойынша, индивид табиғи түрде қоғамда өмір сүру үшін жаралған; бірақ оның өзімшіл ерекшеліктері де табиғи сипат алады. “Нағыз социологиялық элемент” - индивид емес, отбасы болып табылады.

Отбасы - әлеуметтік өмір мектебі, мұнда индивид бағынуды және басқаруды үйренеді, басқалармен үйлесім тауып өмір сүруді үйренеді. Ол әлеуметтік сабақтастық сезімі мен өткен ұрпаққа тәуелділікті түсіну керектігін сіңіріп, өткенді болашақпен байланыстыра отырып “...Адамның өмірге кеше келдім деп ойламауы әрқашан маңызды болады...” дейді. Микроәлеуметтік жүйе болған отбасы иерархия мен субординацияға бағынады: мұнда әйел еркекке, кішілер - үлкендерге бағынуы тиіс. Отбасы - қоғамды құрайтын негізгі элемент.

Қоғам отбасылар жиынтығынан құрылады; мұнда отбасылық тіршілік ету сатысы саяси тіршілік ету сатысына ауысады. Отбасы, ру, ұлт, мемлекет - мұның бәрі дәйекті түрде адамзатқа ұмтылу ассоциациясының кезеңдері болып табылады. Бірақ отбасы - ассоциация емес, ол сезімдік, эмоционалдық байланыстылыққа негізделген “одақ” болып табылады. Ал әлеуметтік құрылымдар тұрғысынан алғанда, бұлар еңбек бөлінісіне негізделген кооперацияны көздейді.

Конттың ойынша, еңбек бөлінісі тек экономикалық емес, сонымен бірге іргелі әлеуметтік факт және “біздің әлеуметтік өміріміздің басты шарты” болып табылады. Еңбек бөлінісі әлеуметтік ынтымақтастықтың және әлеуметтік организм көлемінің ұлғаюы мен күрделілігінің өсуі негізінде жатыр. Ол әр отбасына басқаларға тәуелділік сезімі мен өзінің жеке маңыздылығы сезімін туғызады, сондықтан әр отбасы өзін бүкіл жүйеден бөлінбейтін маңызды қоғамдық функцияны атқаратынын біле алады.

Ынтымақтастық барлық тірі жанға тән болғандықтан қоғамда ең жоғары дәрежеге ие болады. Осы дәрежені және адамзат қоғамындағы әлеуметтік ынтымақтастық ерекшелігін анықтау үшін Конт әлеуметтік консенсус (келісім) түсінігін қолдана бастайды. Консенсус оның теориясында “ әлеуметтік статиканың негізгі идеясы ” болып табылады.

Сонымен қатар, еңбек бөлінісінің әлеуметтік организм үшін белгілі бір зияны мен қауіп-қатері бар. Ол қоғамды көптеген бөлек топтарға ыдыратып жіберу қаупін тудырады. Ол адамды бір жағынан шебер ететін болса, екінші жағынан “тым қабілетсіз” етеді. Өзінің жеке міндетін орындауға ұмтылған адам, тек өзінің жеке мүддесін ойлайды да, әлеуметтік мүддеге селқос болады.


Осы қауіптерді жеңіп шығу тұрақты пәннің, басқару және соған сәйкес атқару функциясының арқасында мүмкін болады. Басқару - “идеялардың, сезімдер мен мүдделердің таралуының қатерлі бейімділігін” ескерту мен тежеп отыруға арналған әлеуметтік функция. Гоббс, Локк және Руссоға қарсы Конт басқаруды - адамдарды қоғамдық келісім мен тәртіпті сақтауға шақыратын әлдебір қосымша жасанды күш емес, қоғаммен бірге дамыған табиғи, қажетті функция деп көрсетеді. Материалдық, интеллектуалдық және моральдік субординация еңбек бөлінісімен тығыз байланысты; ол бағынудан басқа, не қабілеттілікке, не басқарушылардың адалдығына сенімді талап етеді. “Қалыпты” үкімет - әлеуметтік тұтастықты қамтамасыз ететін үкімет алдымен материалдық күшке, сонан соң сенімге, келісімге және қоғамдық пікірге сүйенеді. Субординация заңға бағынады, ол бойынша іс-әрекеттің жеке түрлері жалпы түрлерінің басқаруымен жүзеге асады. Басқару - функциялардың ішіндегі ең жалпысы, сондықтан әлеуметтік функциялар осыған бағынады.

Конт әлеуметтік иерархияның табиғи, мәңгі және жойылмайтын сипаты мен соған сәйкес әлеуметтік теңдік идеясының табиғи емес сипатын көрсетеді. Қоғамды таптарға бөлу басқару мен атқару функцияларын бөлуден шығады. Конт таптарды әр түрге бөледі, олардың мәні екі жалпы категорияны: басқарушылар мен атқарушыларды құрайды. Қазіргі қоғамда екі неғұрлым елеулі категория бар. Ол патрициат және пролетариат. Олар өз ішінде ұсақ әлеуметтік топтарға бөлінеді. Патрициат капиталды басқаратын банкирлер мен кәсіпкерлерден тұрады. Кәсіпкерлер өз алдына өнеркәсіптік және ауыл шаруашылық болып бөлінеді. Пролетариат та өз ішінде жіктеледі, алайда мұны мойындай отырып, Конт олардың бірлігі мен біртектілігін баса көрсетуге бейім.


Билікті заң шығарушы, атқарушы және сотқа бөлуге қарсы болған Конт сонымен қатар билікті діни және зайырлы билікке бөледі. Бұл бөлу діни билік зайырлы биліктен сөзсіз басым болған жағдайда қоғам үшін шынайы және игілікті. Ортағасырлық Еуропада діни билік дін басшыларының, зайырлы билік әскерилердің қолында болды. Француз революциясынан кейін діни билікті зайырлы билік жұтып қойды да ол саясаткерлер мен заңгерлердің қолына көшті. Қазіргі заманда позитивизмнің жеңісімен бірге зайырлы билік “индустриалдарға”, ал діни билік - “ғалымдарға” (“философтар” мен “социологтар”) өтті, оларды Конт алғашында бейнелі мағынада, кейін тура мағынада жаңа “рухани билеушілер”, “жаңа абыздар” деп атады.

Конттың ойынша әлеуметтік статика зерттейтін қоғамның құрылымы түбегейлі өзгермейді. Ол тек сындарлы кезеңдерде қиындықты бастан кешіуі мүмкін, бірақ прогрестің арқасында қайта қалпына келеді. Өйткені оның формулаларының біріне сәйкес “прогресс - тәртіптің дамуы”.

Әлеуметтік динамика - прогресс теориясы. Прогресс түсінігі тек адамзат қоғамына тән болып келді, олардың өзіне тән ерекшелігін жасап, социологияны биологиядан бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Жануарлар қауымдастығымен салыстырғанда, бір ұрпақтың келесі ұрпаққа жинақталған материалдық және рухани байлықтарды қалдыра алуының арқасында прогресс мүмкін болады. Қоғам мен адамзат арасында айырмашылықтың болмауы салдарынан және социологияның “адамзат табиғатының позитивті теориясының” құрамына кіруі нәтижесінде Конттың прогресс теориясы өзінің негізі бойынша антропологиялық болып табылады.

Конт прогресс бақыттың шексіз өсуі мен адамның жетілуімен бірдей емес екендігін ескертіп, бұл түсінікті “даму” ұғымымен ауыстыру керектігін айтады. Әлеуметтік динамика ауытқулардың мүмкіндігі мен қажеттілігін мойындайтындықтан оптимизмнен айрылған. Тарихта “органикалық” кезеңдер “сыни” кезеңдермен сабақтастық бұзылған кезде алмасып отырады. Дегенмен, Конт әлеуметтік дамуды жетілу, жақсару, прогресс ретінде сипаттайды.

Конт үнемі прогрестің үздіксіз және сабақтастық сипатын ерекшелейді. Кеңістікте әлеуметтік статика ынтымақтастықты қалай анықтаса, әлеуметтік динамика оның уақытын анықтайды. Әлеуметтік динамика қоғамның жүйелілік күйін өткен шақтың нәтижесі мен болашақтың қажетті қайнар көзі ретінде қарастырады, өйткені Лейбництің аксиомасына сәйкес “осы уақыт болашақты тудырады”.

Дәстүршілердің көзқарастарына сәйкес, Конт ұрпақтар сабақтастығын ерекше айта келіп, алдыңғы ұрпақтар болашақ ұрпақтың дамуына үлкен ықпал жасайтындығын айтады. Өзінің “Позитивтік катехизисінде” ол былай дейді: “Әрдайым тірілерді өлілер басқарып отыратын болады: бұл адамзат болмысының іргелі заңы”. Бұл анықтама оның адамзаттың көпшілік құрамы өлілерден құралады және әлеуметтік байланыс “тірілер өлілерге қарсы шыққан” жағдайда бұзылады деген тезисімен ұштасады.

Конттың ойынша әлеуметтік прогрестің басты заңы - үш саты заңы. Барлық қоғамдар ерте ме, кеш пе өзінің дамуында теологиялық, метафизикалық, позитивті кезеңдерден өтеді.

ХІХ ғасырдың көптеген әлеуметтік ойшылдары сияқты Конт та болжам жасағанды жақсы көрген. Бүгінгі таңда оның болжамдарының бірі қарапайым және күлкілі болса, бірі - негізделген әрі тура айтылған болып табылады. Конттың өзі негізін қалап, ритуалдық белгілеріне дейін ойлап тапқан Адамзат Діні адамзаттың дініне айналады деген сенімі ақталмады. Ол бір жағынан болжап, бір жағынан ұсынған әлеуметтік режим - социократия - қатаң иерархияға, субординацияға, белгіленген функцияны дұрыс орындауға негізделеді. Осы тектес қоғамдар көлемі жағынан шағын (болашақ мемлекеттер көлемі жағынан Швейцариядан немесе Бельгиядан аспауы керек) болып, біртұтас шіркеуге немесе Ұлы Тіршілік иесіне (адамзатқа) бағына отырып, Фурье фаланстері мен монастырь арасындағы нәрсе болуы керек еді. Конттың пролетариат пен әйелдердің одағы бір жағынан және позитивизм - екінші жағынан; орта таптың жойылуы; әйелдің отбасылық-тұрмыстық рөлі жайындағы болжамдары ақталмады.

Сонымен қатар адамзаттың бірігуі мәселесі бүгін де, саяси, ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар дәуірінде өте өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Бірақ жалпы адамзаттың бірігуіне жету әлі алыс бола тұрса да, көптеген бүкіләлемдік және халықаралық ұйымдар әрекетінің біршама жетістіктерге жеткенін көруге болады. Конт ұлтаралық және тапаралық бейбітшіліктің белсенді жақтаушысы болды, Бернарден де Сен-Пьермен бірге ол бірінші болып “еуропалық үй” идеясын қорғады; Сен-Симонмен бірге ол индустриализм заманының келуі мен отарсыздандыру процесін болжады.

Конттың әлеуметтік-саяси көзқарасы мен жобаларында авторитаризм мен болашақ тоталитаризм элементі, атап айтқанда азаматтық бостандықтар мен жеке тұлғаның құқықтарын, сөз бостандығы мен пікір бостандығын, биліктін бөліну принципін, демократиялық институттарды мойындамау маңызды орын алады. Конт мемлекеттің экономикаға және әлеуметтік өмірдің басқа да жақтарына белсене араласуын жақтаушы болды. Социалистердің көптеген жобалары сияқты, оның “социократиясы” сөзсіз тоталитарлық режимнің алғашқы бейнесі болып табылады.

Дегенмен де, Конттың социологиясында либерализм рухы сезіледі. Бұл оның “объективті” тәсілге негізделген, өзінің басты мақсаты ретінде табиғи өзгермейтін заңдарды тану және әлеуметтік тәжірибеде соларға сүйену болып табылатын бөлігіне қатысты. Конттың теориялық жүйесінің осы жағы кейін әлеуметтік ойлар тарихында дами түсті. Әлеуметтік шындық өзіндік заңдармен дамиды, ол табиғат сияқты айла-шарғыға және мәжбүрлеуге көнбейді, сондықтан оған нәтижелі ықпал жасау үшін алдын ала зерттелген заңдарға бағыну, соларға сүйену қажет. Міне осы идея либерализм негізінде жатыр.

Социология Конт үшін синтетикалық дүниетаным болып табылады, оған ғылымнан басқа көптеген құрамдас бөліктер, соның ішінде утопиялық жобалау кіреді. Осының салдарынан “социология” сөзі біраз уақыт беделінен айрылып қалды. ХІХ ғасырдың ортасы мен екінші жартысында көптеген әлеуметтік ғалымдар оны фанатик позитивистердің әлеуметтік утопиясы ретінде қабылдады; ол сөзді қолдану “позитивизм” немесе “социократия” сөздерін қолданумен бірдей болды. Өздерінің зерттеулері мен қоғам туралы ғылымын белгілеу үшін олар басқа терминдерді, соның ішінде бейтарап “әлеуметтік ғылым” терминін қолдануды ұйғарды. Тек Г.Спенсердің, кейін басқа да ғалымдардың еңбектері нәтижесінде “социолог” сөзі қалпына келтірілді. Ол тек Конттың әлеуметтік доктринасын ғана емес, жалпы әлеуметтік құбылыстар жайындағы ғылымды білдіретін болды. Сонымен қатар оның мағынасы кішірейе түсті, өйткені социологиядан оның ғылымнан тыс құрамдас бөліктері алынып тасталды.

Конт әлеуметтік ілімнің онтологиялық парадигмаларын, яғни әлеуметтік шындық жайындағы басты түсініктерінің қалыптасуына зор үлес қосты. Ол әлеуметтік шындық - әлемдік жалпы жүйенің бір бөлігі деген тезисті дәлелдеді. Ол “әлеуметтік тіршілік” автономиясы идеясының жеке-дара тіршілікке қатынасын негіздеді. Ол бірінші болып “әлеуметтік организм” және “әлеуметтік жүйе” сияқты іргелі түсініктерді ойлап тапқан. Конт барлық қоғам өз дамуында ерте ме, кеш пе бірдей кезеңдерден өтеді дегенді дәлелдей отырып, эволюциялық парадигманы енгізді. Ол қоғамды әскери және индустриалды түрге бөлуді негіздеді, кейін бұл идеяны басқа социологтар жалғастырып, дамытты. Оның идеялары индустриализм мен технократияның әр түрлі теорияларына негізделген. Ол әлеуметтік өмір мен жаңа әлеуметтік категориялардың: кәсіпкерлердің, банкирлердің, инженерлердің, жұмысшы табының, ғалымдардың маңызы өскенін белгілеп көрсетті. Ол басты социологиялық дәстүрлердің бірі - әлеуметтік ынтымақтастықты (сондай-ақ “келісім”, “тұтастық” терминдерімен анықталатын) зерттеу дәстүрінің бастаушысы болып табылады.

Эпистемологиялық жағынан Огюст Конттың қоғамның құрылымы мен дамуы заңдарға бағынады, ол заңдарды оқып-біліп солардың негізінде әлеуметтік тәжірибені құру қажет деген тезисінің маңызы зор болды. Оның әлеуметтік статика мен динамикаға бөлуін белгілі бір формада социологияның бүкіл тарихы бойында сақталып қалды. Социология тәсілдеріне қатысты салыстырмалы тарихи тәсіл туралы бақылау, тәжірибе оның көптеген жорамалдары да өз мағынасын сақтап қалды.

 

Джон Стюарт Милль

 

Джон Стюарт Милль (John Stuart Mіll) (1806 - 1873) - ағылшын экономисі, философ, тарихшы және ойшыл, саяси және экономикалық либерализмнің теоретигі.

Лондонда туған. Әкесі Джеймс Милль, “Британдық Үндістанның тарихы” атты еңбектің авторы, ұлына жоғарғы білім берген. Тоғыз жасында Джон Стюарт грек және латын тілдерін меңгеріп, он бір жасында әкесінің кітабын оқып шығады. 1823 - 1858 жылдары Ост-Үнді компаниясында жұмыс істейді. Өзінің “Өмірбаянында” жастық шағына толық сипаттама береді. Жиырма жасында үлкен торығуды басынан кешіріп, оны эмоциялардың таусылуы деп есептейді. Милльдің философиялық және социологиялық көзқарастары Карлейль, Бентам, Конттың ықпалымен қалыптасты.

Англияда Конт позитивизмінің методологиялық идеясын насихаттап, оны сынады, қайтадан ой елегінен өткізді. Милльдің эмпирикалық психологизмі - социологияның да, логиканың да басты мәселелерінің бірі, психологияның ойлау техникасын зерттейтін тармағы болып табылады.

Өзінің “Огюст Конт және позитивизм” атты мақаласында француз философының зерттеу тәсілін ойлап тауып, нәтижелерін көрсетсе де, осы тәсілдің шынайылығын дәлелдеу шартына назар аудармағанын айтып өтеді. Өйткені, тәжірибеден біз тек жүйелілік пен бір ізділікті табамыз. Алайда тәжірибе себеп-салдарлық байланыс пен жағдайлардың тура келуі арасындағы айырмашылықты таба алмайды. Бұл, әсіресе, қоғамды зерттеу барысында заңдылықтар мен прогресс заңдарын анықтауды қиындататын көптеген факторлар қолданылған кезде айқын байқалады. Нақ осында заңдарды орнықтыру тәсілдері мен соған сәйкес фактілерді тұжырымдау рөлінің мәселелері неғұрлым өткір қойылады. Милль Конттың осы жөніндегі көзқарастарын жинақтайды. Мұнда адам психикасының құрылымынан немесе дәуірлер терминінде адамзат табиғатының заңдарынан әлеуметтік заңдар дедукциясының мүмкіндіктері жайында сөз болды.

Милльдің социология үшін аса маңызды болған еңбегі “Силлогистик және индукциялық логиканың жүйесі” (1843) деп аталады.

Бұл еңбекте социология үшін маңызды төрт тәсіл берілген:

1. Ұқсастық тәсілі: егер бірнеше жағдайларда белгілі бір құбылысты зерттеу барысында бір ғана жалпыға ортақ жағдай табылатын болса, онда бұл жағдай осы құбылыстың себебі (немесе салдары) болып табылады.

2. Өзгешелік тәсілі: егер де осы құбылыс жүріп жатса, не жүрмей жатса, бір жағдайдан басқасының бәрі бірдей болып жатса, онда соңғысы осы құбылыстың себебі (не салдары) болып табылады.

3. Қалдықтар тәсілі: құбылыстан бұрынғы индукцияларда белгілі болған себептер алынып тасталады. Сонда қалған факті қалған себептің салдары болып табылады.

4. Ілеспе өзгерістер тәсілі: құбылыс әрдайым басқа құбылыстың белгілі бір өзгерісінен осы соңғы құбылыспен себептік байланыспен сабақтасқан кезде өзгеріп отырады.

Милль адамның ақыл-ойы әлеуметтік даму негізінде жетілетінін, ал “пікір мен наным-сенім” - оның шешуші факторлары болып табылатындығын мойындайды. Сонымен қатар, ол қоғамдық өмірде адамдар адамзат табиғатының заңдарынан туындайтын қасиеттерге ие болады деп көрсетеді. Ол жеке-даралықтың басымдығы, тарихтағы тұлғаның орны позицияларын ұстанып, тарихи процестің дамуында халық бұқарасының рөлін мойындамады, сондықтан да Конт сияқты, марксшілдердің қатаң сынына ұшырады, олар оны реакционер деп санап, социологияны - буржуазиялық ғылымдар санатына қосты.

Өзінің социологиялық көзқарастарын Милль адамдардың ақыл-ой құрылымы мен мінезін зерттеу, яғни олардың психологиясы мен санасын зерттеуге арнайды. Ол қоғамды ойлау қабілеті біртіндеп өзгеру мен даму процесінен өтетін индивидтердің агрегаты ретінде қарастырады.

Психологияның абстрактілі индуктивті ғылымнан нақты қоғамдық ғылымдарға өтетін ойлаудың дедуктивті қозғалысы тарихтан индуктивтік қозғалыспен толықтырылады. Соңғысы социологияға ойлау үшін адамдар қоғамының шын даму барысын бақылаудан туындайтын эмпирикалық тұжырымдар түріндегі материалдар береді. Шынайы бақылаулар өте қажет. Социология тек тарихи қорытындыларды психологиялық және этологиялық заңдар арқылы жүйелі тексеруді жүзеге асырады. Сөйтіп, социология қарапайым эмпирикалық заңды табиғаттың шынайы заңына, яғни жалпыға маңызды болашақ жағдайды болжау үшін пайдаланатын ғылыми заңға айналдырады. Нәтижесінде социология өткен уақыттың қоғамдық өмірінің дәстүрлі мүдделерін Конттан кейінгі жаңа эволюциялық мүдделермен тарихи жағдайлардың ауысу заңдарына және қоғамның тұтас нәрсе ретіндегі ерекшеліктеріне орай байланыстыратын аралық бақылау пәні болып қалады.

Социологияның бақылау функциясы - бүкіл адамзатты және әр түрлі әлеуметтік-тарихи, жағдайларды эмпирикалық бақылаулардың сындарлы емес әспеттеу (экстраполяциясы) қателіктерінен және адам табиғатының теориялық тұжырымдары негізінде ғана қоғамдағы адамның шынайы мінез-құлқын сөз ету қателіктерінен де қорғауды білдіреді.

Милль кез келген тарихи айқын нәрсені қоғамдық жай-күйдің тарихи сабақтастығының қандай да бір нақты біркелкілігін табиғаттың шын заңы ретінде қабылдаудан үнемі сақтандырып отырды. Оның сенімділігіне көз жеткізу үшін, социология эмпирикалық заңды тұтастық дәрежесі неғұрлым жоғары, өзінің фактологиялық базасына тәуелсіз негізделген және тексерілген тұжырымдар мен түсіндірмелерді дедукциялауға болатын заңдарға ұштастыруы керек. Ғылыми рәсім ретінде редукция қорытудың екі тәртібінің - әлеуметтік ғылымның жалпы принциптерінің долбары (априорлы) дедукциясы мен нақты тарихи айқын нәрсенің сәйкес келуін белгілеуі тиіс. Қорытудың осы екі қатарының сәйкес келмеуі, мүмкін болмауы оларды сын көзімен қайта қарау қажеттігін көрсетеді.







Date: 2016-07-25; view: 296; Нарушение авторских прав



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.029 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию