Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Етістіктің сабақтылық-салттылық категориясы





Етістік жалпы грамматикалық мағынасы жағынан нені білдірсе де (іс-әрекетті, қимылды, қозғалысты, көңіл күйін, сапалық белгінің өзгеру процесін, туу, өсу сияқты қимылды, амал-әрекетті, қалыпты т.б. мағыналарды) және қандай тұлғада (негізгі және туынды түбір, қосарланған, біріккен, тіркескен күрделі түбір, лексика-грамматикалық етіс және болымсыз етістік, таза грамматикалық – рай, шақ тұлғалары жіктеліп келгеңде) тұрса да, я сабақты, я салт мәнін білдіріп тұрады. Яғни етістіктің салттылық-сабақтылық мәні оның, біріншіден, семантикалық сипаты, екіншіден, тумысынан тән ерекшелігі екенін баса көрсеткен жөн. Мысалы, негізгі түбір деп танылып жүрген оқу, жазу, көру туынды түбір деп танылып жүрген ойлау (ой-ла), шегелеу (шеге-ле), ескеру (ес-кер), арқалау (арқа-ла), утіктеу (үтік-те), күрделі (тіркесті) түбір деп танылып жүрген жек көру, келемеж ету, оқып отыру, әңгіме қылу т.б. етістіктер сабақты және әр түрлі тұлға түрлері де, оқы-ған, оқы-дым, оқып-сың, жазып-ты, жаз-ады, көр-гісі келді, ойла-ма-ған, үтікте-йді, жек көр-месе, келемеж ет-кісі келді, әңгіме қыл-ған-сыз т.б. сабақты етістік болып табылады, өйткені бұлардың барлығы да тура объектіні тікелей талап етеді; бұған кімді? нені? деген сұрақ қойылады да онымен тіркесетін табыс септікті зат көрініп тұрады: кітапты (нені?) оқу, оқып, отыру, отыр-ған-мын, бала-сын (кімді?) ойлау, ойла-ған, ойла-маған, ойлап отыр, өсекшіні (кімді?) немесе артық сөзді (нені?) жек көру, жек көр-етін-сіз, жек көр-гісі келді т.б. Сол сияқты түбір тұлғасы келу, жүру, тұру, күлу, туынды түбір ойнау (ойын-а), бозару (боз-ар), кему (кем-і), көбею (көп-ей), күрделі түбір таң қалу, тарс ету, бармақ еді, келе жа-ту, отырып қалу т.б. етістіктер салт болып, бүлардың басқа да әр түрлері, мысалы, кел-генмін, кел-се, кел-іп отыру, ойна-сам, ойнаймын, ойна-п отыру, кел-гісі келу т.б. сабақты емес, салт етістік болып табылады, өйткені бұлардың барлығы да тура объектіні қажет етпейді, табыс септікті зат есіммен тіркеспейді. Сондықтан да кімді? немесе нені? келді, ойнады, бозарған, таң қалды т.б. деп айтуға болмайды. Әрине, бұдан салт етістікті де, сабақты етістікті де тудыратын грамматикалық тұлға, топ бүтіндей жоқ екен деуге болмайды. Мысалы, етіс жұрнақтары мен кейбір сөзжасам қосымшалары салт етістік немесе сабақты етістік жасау қызметін де атқарады, бірақ бұл парадигмалық жүйе сипаты дәрежесіне жете алған жоқ, сондықтан бұлар сабақтылық-салттылық категориясының грамматикалық тұлғалану жүйесі бола алмайды.

Бұл жағынан келгенде етістіктің салттылық сабақтылық семантикалық түрлік ерекшеліктері зат есімнің жалпы есім-жалқы есім, адамға байланысты зат, адамнан басқа атауларға байланысты зат, сын есімнің сапалық-қатыстық немесе сапалық сын есімнің түр-түсті және сапалық сын – көлемдік сын т.б. түрлеріне ұқсас келеді. Өйткені бұлардың басты ерекшелігі, өзгешелік белгісі жалпы осы топтағы сөздердің жалпы грамматикалық мағынасының (семантикасының) әрі біртектес, ыңғайлас және әрі бір-біріне қайшы келе алатын, оппозициялық сипатта бола алатын қасиетінде: жалпы біртектес, бірыңғай заттардың жалпы атауы (жалпы есім) және соның жеке дара затқа берілген атауы (жалқы есім) және оның нақтылы шегі болуы: кісінің аты, жер аты, мекеме, ұйым атауы т.б. немесе тек адамға байланысты (адам, туыс, кәсіп-мамандық, қызмет, лауазым баптарына т.б.) атаулармен ғана қарама-қайшы мәндегі қалған бар зат, құбылыс, жан-жануарлар т.б. атаулары және олардың алғашқысы (адамға байланысты) кім? деген сұраққа жауап беруі, екіншісі қарама-қайшысы не? деген сұраққа жауап беруі сапалық сын зат, құбылыстың сапалық белгісін, түс-түрін т.б. білдіруі де, қатыстық сын әр түрлі зат, құбылыс, қимыл, іс-әрекеттің т.б. қатыстық сипатын білдіруі және сапалық сын есімнің шырай тұлғаларымен түрлене алуы, ал қатыстық сындарға шырай тұлғаларының жалғанбауы сияқты болып келеді. Бірақ бұл көрсетілген тілдік құбылыстардың осындай семантикалық (мағыналық) сипаты (бір тектес, әрі қарама-қайшы) болғанмен, грамматикалық көрсеткіші, ол мағыналардың сипатын көрсетіп түрарлық грамматикалық түлғалары жоқ. Сондықтан бүлар грамматикалық немесе (зат есімнің я сын есімнің) лексика-грамматикалық категориясы бола алмайды. Ал сабақты етістік пен салт етістіктің бұл сипатта жайы өзгеше. Талданып көрсетілгендей, семантикалық түрге бөліну ерекшеліктеріне сай грамматикалық сипаты да бар: ол – сабақты етістіктің әр уақытта тура объектіні талап етіп тұруы да, ол қасиет табыс септікті сөзбен тікелей байланыс жасап, соны меңгеріп тұруы, ал салт етістікте тура объектіні қажет етпей, табыс септікті сөзбен байланыспай қолданылуы, сөйтіп, семантикалық ерекшелік грамматикалық (синтаксистік-морфологиялық) тұлға арқылы жүйелі түрде іске асып, грамматикалық сипатының көрсеткіші бола алуында. Етістіктің салт және сабақты болып бөлінуі „олардың қалайда болмасын тұлғалық ерекшеліктеріне емес, негізінде, лексикалық (дұрысында жалпы грамматикалық (-И.С.) мағыналарына байланысты болып келеді. Сондықтан да бұл категория етістіктердің семантика-синтаксис саласындағы өзгешеліктері қатарында танылады (ҚТГ, 162). Сондықтан да салттық-сабақтылық категориясын етістіктің лексика-грамматикалық (таза грамматикалық категорияларына қарама-қайшы) категориясы деп танып, бөліп көрсетеміз.

Салт-сабақты етістіктердің семантикалық сипатының басым болу қасиетіне қарап, кейбір зерттеушілер, біріншіден, салт етістікті сабақты етістікке және сабақты етістікті салт етістікке айналдыратын қосымшаларды сөзжасам қосымшалары деп, екіншіден, салттылық-сабақтылық белгіні етістіктің полисемиялық немесе омонимиялық сипатын ажырататын критерий деп те ұсынады, яғни бірдей айтылатын етістіктер әр уақытта тек сабақты немесе тек салт мәнінде болса, онда ол көп мағыналы етістік те, бірде салт, бірде сабақты болса, омоним яғни бөлек-бөлек сөз (етістік) деп бөледі. „Айты-

луы мен жазылуы бірдей, тіпті бір сөз табына енетін омоним сөздерді жеке-жеке лексикалық единица деп тану үшін, олардың салт немесе сабақты етістіктерінде қолданылуы негізгі критерий есепті қаралуы керек тәрізді" (ХА. -ЕЛТС, 210,211)

Олай болғанда жүру салт етістігінің ауыс мағынада сабақты етістік мәніндегі жүру (шахмат ойынында, мысалы, атты, офицерді т.б. дойбы ойынында, тасты я биді, қарта ойынында алтылықты, тұзды т.б. жүру), ойнау салт етістігінің ауыс мағынада сабақты етістік мәніндегі ойнау (мысалы, шахмат ойнау, футбол ойнау, хоккей ойнау т.б.) бөлек-бөлек сөздер болып шығар еді. Бұл мәселеде мынаған жүгінбеске болмайды: „Етістіктердің бәрі бірдей я салт, я сабақты (яғни я тек салт, я тек сабақты (-И.С.) бола бермейді. Олардың ішінде әрі салт, әрі сабақты болатындары да бар. Әдетте мұндай қасиеттер не омоним етістіктерде (тек омоним болу міндетті емес (-И.С.), не полисемиялы (көп мағыналы) етістіктерде болады. Мысалы, арт, жүр, тара... етістіктерін қолдана қалсақ, олардың әрқайсысынан жүкті арттық және ақылы артты, сен жетілік қарғаны жүр және сен үйге жүр, шаштарыңды тараңдар және үйді - үйлеріңе тараңдар деген сөйлемдер құрауға болады. Ал мұндағы етістіктің әрқайсысы әрі салт, әрі сабақты болып қызмет атқарып тұр" (ЫА -ҚҚТ, 294). Бұлай болудың яғни кейбір етістіктер ауыс я қосымша мағынада көп мағынаның бірінде келгенде әрі салт, әрі сабақты болуы, біріншіден, тілдің дамып отыруының жемісі, тілмен бірге соның бір элементі ретінде етістік, оның семантикалық қырлары да дамып, жетіліп, өзгеріске түсіп, отырады. Екіншіден, етістіктегі салттылық-сабақтылық мән оның (етістіктің) жалпы грамматикалық мағынасының (лексикалық мағынасының жалпылануы, абстракциялануы нәти жесінде пайда болатын грамматикалық мағынасының) негізгі діңгегі, тірегі, басты мәнді көрсеткіші емес екенін көрсетеді, ондай жалпы грамматикалық мағынаның басты мәнді көрсеткіші – жалпы қимылды, іс-әрекетті, процесті білдіру, ал салттылық-сабақтылық соның негізінде ғана пайда болатын екінші семантикалық сипаты. Етістік түбірлерге кейбір (әсіресе етіс) қосымшалар жалғану нәтижесінде етістіктің негізгі қимылдық, іс-әрекеттік семантикасы өзгермей, сабақты етістік салт етістікке, салт етістік сабақты етістікке айналуының өзі осыны дәлелдейді. Мысалы, әңгімені айту, кітапты оқу, пальтоны кию, үйді тазалау т.б. сабақты етістік те, оған ырықсыз кеиде өзіндік етіс қосымшасы жалғанса, олар салт етістік болып шығады: әңгіме айтылды, кітап оқылды, бала киінді, үй тазаланды. Ал керісінше шам сөнді, бала отырды, аттар жарысты, оқушылар жүгірді дегендер салт етістік те, оған өзгелік етіс жұрнақтары жалғанса, бұлар сабақты етістікке айналады: шамды сөндірді, баланы отырғызды, аттарды жарыстырды, оқушыларды жүгіртті.

„Етістіктер өзара арнайы грамматикалық көрсеткіш (морфема) арқылы салт және сабақты болып бөлінеді... Салт және сабақты етістіктердің арнайы морфема арқылы жасалған тұлғасы олардың ауыспалы түрі болып табылады. Себебі, арнайы морфемалар арқылы салт етістік сабақтыға, сабақты етістік салтқа ауысып отырады. Салт және сабақты етістіктердің бір-біріне ауысуы етіс формаларымен ұштасып жатады. Яғни өздік және ырықсыз етіс жұрнақтары сабақты етістікті салт етістікке айналдыратын морфема қызметін атқарса, өзгелік етіс жүрнағы салт етістікті сабақты етістікке айналдыратын морфема болып табылады" (М.И. -ҚҚТ, 34-35). Аталған етіс тұлғаларының осындай қызметін, яғни өздік және ырықсыз етіс қосымшасы сабақты етістікті салт етістікке, өзгелік етіс қосымшасы салт етістікті сабақты етістікке айналдыратынын жоққа шығармай, бұл тілдік құбылыстың жүйелі, толық парадигмалық сипат ала алмағанын айтпасқа болмайды. Мысалы, өздік етіс қосымшасы әр уақытта сабақты етістікті салт етістікке айналдыра бермейді. Тілімізде, көбіне ауыз әдебиеті нұсқаларында белін бу-ын-ды, киім ки-ін-ді, беті-қолын жу-ын-ды тәрізді өздік етіс қосымшасы жалғанған етістік тура объектімен (табыс септікті сөзбен) тіркесіп, сабақты етістік ретінде қолданылады. Өзгелік етіс қосымшасы салт етістікке ғана жалғанып, оны сабақты етістікке айналдырып қоймайды, сабақты етістікке де жалғанып жұмсалады, ол етістіктің сабақтылық сипаты сақталып отырады: кітапты мен оқыдым – кітапты маған оқытты, ол өлең айтты – ол бізге өлең айттырды я айтқызды. Ал ортақ етіс тұлғасы етістіктің салттылық-сабақтылық сипатына бүтіндей бейтарап, яғни түбірі салт етістік болса, ортақ етіс қосымшасы жалғанғаннан өзгермей, сол салт етістікке етістік сипатында қала береді, түбірі сабақты етістік болса, ортақ етіс тұлғасы жалғанғаннан кейін де сабақты болып қала береді. Сондықтан да етіс тұлғалары белгілі дәрежеде салт я сабақты етістік тудыру қызметін атқарса да, олардың (салт я сабақты етістіктің) грамматикалық тұлғалар жүйесі, категориялық көрсеткіші бола алмайды.

Етіс категориясы

Етіс – етістіктің ерекше категориясы. Әдетте етіс қимыл, іс-әрекеттің, субъекті мен объекті арасындағы (семантикалық-синтаксистік сипаты) әр түрлі қатынасты білдіріп, белгілі қосымшалар жүйесі арқылы жасалатын етістік категориясы деп анықталады. Етіс категориясының семантикалық (лексика-грамматикалық) сипаты қазақ тіл білімінде арнайы зерттелсе де, әлі тұрақты бір пікір жоқ. Зерттеушілердің бір тобы етіс тұлғаларын сөзжасам қосымшаларының қатарына жатқызады. Академиялық грамматика етіс қосымшаларын былай анықтайды: „Етіс аффиксі қосылған сөздер аффикстердің санына қарамай, туынды түбір етістіктер құрамына кіреді, сондықтан да бұл категория сөз тудырудың морфологиялық әдісіне жатады". Сөйтіп, етіс қосымшалары жалғанған етістік туынды түбір деп саналады да, етіс қосымшалары етістік негізден етістік тудыратын жұрнақ деп аталады" (ҚТГ, 168, 140)

Етістіктің әр түрлі грамматикалық түрлерін, лексика-грамматикалық сипатын, әсіресе етіс категориясын арнайы зерттеген А.Қалыбаева (Хасенова) да осы пікірін басқа зерттеулерінде де тұрақты қайталап жүр. Басқаны былай қойғанда, жоғарыда келтірілген пікірі яғни айтылуы (түрі) бірдей етістіктердің бір сөз бе, (полисемия ма), әлде бөлек-бөлек сөз бе, омоним ба, оны ажыратудың критерийі ретінде ол етістіктің салттылық я сабақтылық қасиетін негізге алу керек деуі, ал етістіктің салттылық я сабақтылық қасиетін айқындайтын және өзгертетін грамматикалық тәсіл етіс қосымшалары екені белгілі, етіс қосымшаларын лексикалық сипаты негізінде сөзжасам қосымшасы деп анықтау болып табылады (ХА. -ЕЛТС, 210,211). Бұл пікірді А.Ысқақов та қолдайды: „Сөйтіп, етіс формаларының бұл ерекшелігінен, біріншіден, басқа жұрнақтар сияқты туынды етістік жасайтын қабілет барлығы (айырмасы тек етістіктен етістік тудыратындығы) және сол етіс жұрнақтары арқылы туған формалар етістік негіздері есебінде қызмет ететіні айқындалады. Ендеше бұл жағынан қарағанда, етіс жұрнақтары сөзден сөз тудыратын жұрнақтармен сипаттас келеді де, лексикалық категорияға жатады. Екіншіден, етіс категорияларының формаларында субъекті мен объектінің амалға қатысын, керісінше, амалдың (әрекеттің) субъекті мен объектіге қатысын білдіретін грамматикалық сипаты күшті. Демек, етіс формалары сөйлемнің грамматикалық құрылысына өзгеріс енгізіп отырады." (ЫА -ҚҚТ, 296).

Айта кету керек, сөзжасам қосымшалары сөзге жалғанғанда, оны (сол сөзді) өзгертіп жіберетіндіктен, жаңа мағыналы (лексикалық мағыналы) сөз тудыратындықтан (сөйтіп, тілдің грамматикалық құрылысын емес, сөздік құрамын байытатындықтан), жаңа лексикалық мағыналы сөздің жалпы грамматикалық мағынасы да, грамматикалық сипаты да өзгереді, сөйтіп, ол жаңа сөз сөйлемде басқаша грамматикалық байланыстарға түсіп, өзгеше қарым-қатынастарды білдіріп, жаңаша қызмет атқаруы таң қаларлық жай емес. Сондай-ақ етіс тұлғалары сөзжасам қосымшалары болса, біріншіден, ол грамматикалық сипаты бар тілдік құбылыс болмай, яғни сөздердің белгілі бір грамматикалық тобының (сөз табы-ның, яғни етістіктің) тұлғалық көрсеткіші болмай, етістіктің шеңберінде ғана қалып қоймай, екіншіден, парадигмалық сипаты болмай, категориялық мәнді білдірмей, басқа да толып жатқан сөзжасам қосымшаларының бірі болып қала берер еді. Бұл мәселе жөнінде И.Мамановтың пікірі назар аударарлық: „Етіс категориясы – түбір етістіктен туатын грамматикалық форма. Яғни етіс формалары - өзі жасалған түбір етістікпен кореллятивті түрде өмір сүретін және екеуінің лексикалық мағынасы бір болып келетін етістіктер" (М.И. ҚҚТ, 36).

Сөз жоқ, етіс жұрнақтары семантикалық сипаты жағынан сөзжасам қосымшаларына жақын. Кейбір түрлері жаңа сөз жасап, етіс қосымшалы етістік негізгі сөздік құрамнан жеке лексикалық единица ретінде орын алған. Мысалы, таң асыру, қызды айттыру, бір көрген біліс, екі көрген таныс, үйге кіріп жылынды, үйді жылытты, рұқсат беруді өтінді, бұған екеуі де келісті, екі дайға келгенде ол маған болысады, оқуға берілді, ауруынан жазылды, олар бәрібір табысады т.б. қолданыстағы етістіктер етіс қосымшалары арқылы жасалған туынды түбір негізгі түбірден туған жаңа мағыналы сөздер болып табылады: ас, айт, жылы түбірлерден -ыр, -тыр, -т, өзгелік етіс қосымшасы арқылы, біл, таны, кел, бұл түбірлерден -ыс, -іс, -с ортақ етіс қосымшасы арқылы, жылы, от түбірлерден -н, -ін өздік етіс қосымшалары арқылы бет, жаз, түбірлерден -іл, -ыл, ырықсыз қосымшалары арқылы жаңа мағыналы сөз жасалған. Сондай-ақ қазіргі кезде түбір және қосымшаға ажырамайтын, өлі түбір деп есептелетін, бірақ тарихи тұрғыдан бір кездегі өзгелік етіс пен өздік етіс қосымшалары деп танылатын, қазір әрқайсысы жеке-жеке сөз, лексема деп қаралатын оян мен оят, үйрен мен ү йрет, жұбан мен жұбат, уан мен уат сияқты жеке-жеке параллель сөздердің тілімізден орын алуы етіс қосымшаларының сөзжасамдық сипатының белгісі болса керек. Сондай-ақ бір сөзге етіс тұлғаларының бірінің үстіне бірінің, тіпті өзгелік етіс қосымшаларының өзі бірнеше рет қабаттасып жалғануы да таза грамматикалық немесе категориялық грамматикалық тұлғалар қасиеті шеңберінен шығаратын белгілер болса керек. Бірақ солай бола тұрса да, етіс қосымшалары әр уақытта өзі жалғанған етістік түбірдің мағынасын, лексикалық мәнін өзгертіп жібере ме, әр қашан жаңа лексикалық мағыналы сөз жасай ма? Мысалы, Ол баласына хат жазды. Бұл хат кеше жазылды. Баласына хатты маған жаздырды. Ол екеуі бір-бірімен ылғи хат жазысады. Осы сөйлемдердегі хатқа байланысты жазу (жазды), жазылу (жазылды). жаздыру (жаздырды), жазысу (жазысады) етістіктері бөлек-бөлек сөздер ме? Тіпті хатқа байланысты болуын арнайы көрсетпегеннің өзінде (кітап, өлең, шығарма т.б.) толып жатқан затқа байланысты жалпы жазу қимылы, іс-әрекеті өзгерді ме? Не өзгерді? Етістіктің (жазудың) жалпы грамматикалық мағынасы яғни жазу қимыл-процесін білдіруі өзгерген жоқ, сөзжасам қосымшасы болса, оны өзгертіп жіберер еді: шеге зат атауы, шегеле оған байланысты қимыл, қара белгіні, түсті білдіретін сын, қарай сол түске айналу процесі (қимыл-әрекеті) т.б. Тек бұл жазу етістігі емес, оқы-оқыл-оқып-оқытқыз, айт-айтьм-айтыс-айтқыз-айтқыздыр, сөйле-сөйлем-сөйлес-сөйлет-сөйлеткіз, шегеле-шегелес-шегелет-шегелеткіз т.б. етістіктерде етіс жұрнақтары жаңа сөз тудырмайды, етістік түбір білдіретін семантикасын өзгертіп жібермей лексикалық және жалпы грамматикалық мағынасы сақталып қалады, тек сабақтылық-салттылық мәні өзгеріп, сөйлемде субъект мен объект арасындағы қатынасы ауысуы мүмкін: оқы етістігінен жасалған кітап оқылды дегенде тура объект (кітап) грамматикалық бастауышқа айналып, тура объект керек етілмей қолданылса, ол бізге кітап оқытты (оқытқызды) деген оқу қимылының иесі, іске асырушысы ол болып тұр да, бірақ ол сол қимылды (оқу әрекетін) тікелей өзі атқармай екінші біреу (субъект) арқылы іске асырып отыр, яғни оқу қимылын тікелей жүзеге асырушы – біз, ол қимыл, іс-әрекетті тікелей орындаушы субъект, агенс деп аталады, бірақ грамматикалық бастауыш (субъект) емес, грамматикалық жанама объект мәні мен қызметінде қолданылған. Сондай-ақ оқу етістігі (оқытты) тура объектіні міндетті түрде талап етіп отырады (кітапты): ол жуынды дегенде жуу қимылын іске асырушы субъект (ол) сол қимылды өзіне бағыттайды, сөйтіп, қимыл, іс-әрекеттің субъектісі белгілі дәрежеде объектісі де мәні мен қызметінде жұмсалады, бірақ ол грамматикалық субъект болып қала береді; ол екеуі бір-бірімен хат жазысады дегенде қимыл, іс-әрекеттің бір ғана субъекті тарапынан емес (іс-әрекетті орындаушы біреу емес), бірнеше екенін білдіреді. Бұл сияқты етістік түбірге етіс қосымшалары жалғанғаннан кейін пайда болатын мағыналар мен синтаксистік қарым-қатынастар, негізінен алғанда, етістік түбірдің жалпы грамматикалық мағынасын өзгертпейді, тек сабақтылық-салттылық мәнін ғана өзгертуі мүмкін.

Сондай-ақ етіс тұлғаларының тіліміздегі етістік атаулының бәріне я белгілі бір тобына (ырықсыз және өздік етіс қосымшалары тек сабақты етістіктерге жалғануы) жалғана алуы, яғни әмбебеп қасиеті, сөйтіп барып И. Мамановтың көрсетуіндей грамматикалық абстракция жасай алуы, өнімділік-өнімсіздік, құнарлылық-құнарсыздық сипатының болмауы, соның арқасында қосымшалары жалғанған жердің бәрінде жаңа сөз тудыру қатарын құрай алмауы етіс қосымшаларын сөзжасам қосымшаларының қатарына қосуға болмайтындығын көрсетеді. Ал кейбір етістіктің құрамында келіп, жаңа туынды түбір, демек негізгі түбірден өзгеше жаңа лексикалық мағына білдіретін жоғарыда көрсетілген тәрізді сөздердің ([қыз] айттыру [таң] асыру [бір көрген] біліс, [екі көрген] таныс [үйге кіріп] жылынды, [үйді] жы-лытты, [рұқсат беруді] өтінді, [бұған екеуі де] келісті, [екі дайға келгенде ол маған] болысады, [оқуға] берілді, [ауруынан] жазылды, [олар бәрібір] табысады) айтылудан айттыру, асудан асыру, білуден білісу, танудан танысу, жылудан жылыну мен жылыту, өтуден өтіну, келуден келісу, болудан болысу, беруден берілу, жазудан жазылу, табудан табысу тәрізді жеке лексема болып, сөздік құрамнан бөлек-бөлек орын алуы тек қана етіс (өзгелік, ортақ, өздік, ырықсыз) қосымшаларының жалғану нәтижесі емес, одан да гөрі семантикалық процестің (сөзжасамның синтетикалық тәсілінен гөрі семантикалық) тәсілінің басым болуы, ондай процестер тілімізде аз емес, мысалы, көлемдік септік тұлғасында бір топ сөздердің адвербиалданып, үстеуге айналуы, немесе тұйық етістік пен -с, -іс, -ыс ортақ етіс я қимыл есімдерінің соған қатысты жаңа заттық ұғымдардың тілде пайда болуымен байланысты заттанып, зат атауын білдіретін сөздердің пайда болып тұрақтануы (көсеу, егеу, тұсау, айтыс, соғыс, жарыс т.б.) яғни ішкі мағына дамуының нәтижесі деп қараған жөн.

Етіс тұлғаларының тағы бір ерекшелігі бар. Ол етіс қосымшалары етістік түбірге жалғанып, түбірдің грамматикалық сипатын өзгертпейді, яғни етіс тұлғалы етістіктер түбір (негізгі, туынды) етістіктерше 1) сырттай бұйрық райдың 2-жақ жекеше, анайы, түрімен сәйкес келеді; 2) тікелей жіктелмейді, тек рай, шақ (көсемше, есімше) тұлғаларын үстеп барып жіктеледі және сол тұлғалар (рай, шақ) жалғануға негіз, бола алады. 3) сондықтан да сөйлемде сол тек етіс тұлғасында етістік қолданылмайды. Осы сияқты қасиеттерінің негізінде И.Маманов жалпы етістік атаулыны негізгі етістіктер және функциялық етістіктер деп екі топқа бөліп, негізгі етістіктер оның грамматикалық категорияларын жасауға негіз болады дей келіп, оның өзін екі түрге бөліп, бірін түбір етістіктер, екіншісін модификациялы етістіктер деп, модификациялы етістіктердің қатарына етіс, болымсыз етістік, күшейтпелі етістік және күрделі етістікті (көсемше формаларының көмекші етістіктермен тіркесуі) ерекше бөліп жатқызады. (М.И. -ҚҚТ, 9-10, 33-34).

Сөйтіп, етіс тұлғалары сөзжасам қосымшалары емес, жоғарыда көрсетілген сипаттары (және тұлғалар жүйесінің сөзжасамға қарама-қайшы барлық етістікке түбірлерге жалғана алу мүмкіндігінің арқасында) негізінде етістіктің лексика-грамматикалық категориясы болып табылады.

Етіс категориясы түрлері жайында да талас пікірлер жоқ емес. „Мектеп оқулықтары мен арнаулы курстарда негізінен төрт түрге бөлініп баяндалып келген бұл категория арнаулы зерттеушілер еңбегінде беске бөлініп жүр. Мұның өзі соңғы жылдары дәстүрге айналып отыр.

Мағыналық ерекшеліктері мен синтаксистік қызметіне және тұлғалық ерекшеліктеріне негізделіп, қазақ тіліндегі етістіктерді де: негізгі етіс, өздік етіс, ырықсыз етіс, ортақ етіс және өзгелік етіс деп беске бөлуге болады. Соның төртеуі әрқайсысы өзіне тән аффикстермен түрленеді, ал біреуі негізгі етіс, өзінің ондай аффиксі болмағандықтан тұлғасынан ерекшеленеді. Сондықтан да етіс аффиксімен әлі тұлғаланбаған негізгі және туынды түбір етістіктерді тұтас алып, өз алдына жеке бөліп, негізгі етіс деп атаймыз. Бұл жағдайда субъекті мен объектінің іс-әрекетке деген қарым-қатынасы етістіктің бастапқы семантикалық мәніне қарай анықталады", - деп көрсетеді академиялық грамматика (ҚТГ, 169) Бұл пікірді А. Ысқақов та толық қолдайды: „Етістер жұрнақтарының түрлеріне, олардың мағыналары мен қызметтеріне қарай төмендегідей бес түрге бөлінеді: І) негізгі етіс, 2) ортақ етіс, 3) өзгелік етіс, 4) ырықсыз етіс, 5) өздік етіс.

Негізгі етістің арнаулы көрсеткіші болмайды. Оған әрбір түбір я туынды етістіктердің де, күрделі етістіктердің де негіздері жатады. Әдетте етістік негізінің субъекті мен объектіге қатысы я субъекті мен объектінің етістік негізіне (амалына) қатысы сол негіздің бастапқы лексикалық семантикасына қарай анықталатындықтан, оның семантикалық ерекшелігі, грамматикалық (синтаксистік) қызметі туралы да арнайы сипаттама беру қажет болмайды" (ЫА -ҚҚТ, 297).

Осыдан анық көрінетіндей, негізгі етіс деп аталатын етіс түрінің етістік түбірі деген ұғымынан, мейлі негізгі түбір, мейлі туынды түбір, мейлі күрделі түбір болсын, не семантикалық жағынан, не формалық жағынан, не синтаксистік қызметі, басқа сөздермен қарым-қатынасы жағынан ешбір айырмашылығы жоқ екен. Бұл – бір. Екіншіден, грамматикалық я лексика-грамматикалық категория (түрлеріне) негіз болатын тұлға яғни негізгі етіс деп аталған, дұрысында етістік түбірі деген тұлға ол категорияның бір түрі бола алмайды, категория шеңберіне енбейді, сол категория түрлеріне негіз ғана болады. Сондықтан негізгі етіс деген етіс категориясының түрі жоқ, етіс категориясына, түрлеріне негіз болатын негізгі, туынды, күрделі етістік түбір деген ғана ұғым бар. Сол себепті де И.Маманов етіс категориясының өздік етіс, өзгелік етіс, ырықсыз етіс, ортақ етіс дегендерді (төрт-ақ түрін) көрсетеді (М.И. -ҚҚТ, 36).

Өздік етіс қимыл, іс-әрекеттің орындаушысына (иесіне), субъектіге қарай бағытталып, сабақты етістікке -ын,-ін, -н қосымшасы қосылып жасалады: ки-ки-ін-ді, тазала-тазала-н-ды, көр-(дәрігерге) көр-ін-ді, шеш-шеш-ін-ді, тара-тара-н-ды, сұра-сұра-н-ды, сүрт-сүрт-ін-ді т.б. Осы мысалдан көрінетіндей, біріншіден, қимыл, іс-әрекет іс иесі субъектіге қарай бағытталады, сөйтіп, субъекті әрі тура объекті мәнінде қызмет атқарады. Ол өзіне-өзі субъекті әрі тура объекті мәнінде қызмет атқарады. Ол өзін-өзі киіндіреді, өзін-өзі тазаланады, өзін (дәрігерге) көрсетеді, өзін-өзі шешіндіреді, өзін яғни шашын өзі тарайды, өзін біреуден, жұмыстан босатуға ма, бір жаққа баруға ма сұрайды, өзін, денесін, бетін сүртеді. Бұл жерде түбірдегі сабақты етістіктердің обьектісі субъектінің дене мүшесіне, өзіне т.б. қарасты сөздер, ал өздік етісте ол объекті түгел субъектінің өзіне көшеді. Екіншіден, өздік етіс жұрнағы негізінен сабақты етістікке жалғанады, бірақ барлық сабақты етістіктерден өздік етіс жасала бермейді яғни барлық сабақты етістік түбірге өздік етіс қосымшасы жалғана бермейді, тек қимыл, іс-әрекет субъектінің өзіне қарай бағыттала алатын сабақты етістіктерден ғана өздік етіс жасалады және онда өздік етіс қосымшасы сабақты етістікті салт етістікке айналдыру қызметін атқарады. Мысалы, айт, оқы, бер, (атты) ағат, ат т.б. сияқты сабақты етістіктерден өздік етіс жасалмайды, өйткені бұл сияқты сабақты етістіктердің тура объектілері (өлеңді, әңгімені айту, кітап, оқу, қарызды, кітапты беру, атты ағыту, біреуді ату) іс иесі субъектіге тура қаратыла алмайды. Кейде жыр мәтіндерінде өздік етісті сөйлемде тура объекті де бөлек беріліп, қимылдың субъектіге байланысты нақты қай жеріне бағытталғанын білдіреді. Енді белін түйінді, Асыл киім киінді (Қыз Жібек) – Бұл - әдеттегі қолданыстан гөрі стильдік мақсаттағы нормадан ауытқу болып табылады.

Сонымен бірге өздік етіс көрсеткішіне құранды (күрделі) қосымша -лан,-лен, -дан,-ден, -тан,-тен, де жатқызылады: ой-лан, намыс-тан т.б. Бұл құранды қосымша сөзжасам - ла, -ле, -да, -де, -та, -те қосымшасы мен өздік етіс қосымшаларынан құралғанын көру қиын емес. Бірақ И.Маманов бұл қосымшаларды етіс тудыратын қосымшалар қатарына жатқызуға болмайтынын көрсетеді. „Сондай-ақ намыстану, мейірлену, шаттану, жандану, булану, сияқты етістіктерді де сыртқы тұлғасының ұқсастығына қарап, өздік етіс деуге болмайды. Өйткені бұл етістіктерде дербес морфемалық қызмет атқарып тұрған жоқ. Олар -лен, -тан, -дан жүрнақтары жалғану арқылы есім сөздерден жасалған туынды түбір етістіктер. Сондықтан бұлар өздік етіс бола алмайды" (М.И. -ҚҚТ, 37)

Ырықсыз етіс деп қимыл, іс-әрекеттің өздігінен орындалатын мән үстеп, қимыл, іс-әрекеттің тура обьектісі оның грамматикалық бастауышы болу қызметін атқарып, тек сабақты етістіктерден -ыл -іл, -л қосымшасы, түбір құрамында л дыбысы болса, -ын, -ін, -н қосымшасы арқылы жасалатын етістің түрін айтамыз. Мысалы, кітап оқы-л-ды, үй тазала-н-ды, астық жина-л-ды, сөз сөйле-н-ді, хат жаз-ыл-ды т.б. оқу қимылының, іс-әрекетінің тура объектісі – кітап, тазалаудың тура объектісі – үй, жинаудың тура объектісі – астық, сөйлеудің тура объектісі – сөз, жазудың тура объектісі – хат, ал ырықсыз етіс қосымшасы (-л, -н, -ыл) жалғану арқылы, біріншіден, оқу, тазалау, жинау, сөйлеу, жазу іс-әрекеттері өздігінен болғандай, көрсетілген тура объектілері бұл сөйлемшелерде грамматикалық бастауыш қызметін атқарып тұр, соның арқасында, екіншіден, ырықсыз етіс тұлғалы етістіктер салт етістік болып тұр, яғни ырықсыз етіс қосымшалары сабақты етістікке жалғанып, оны (сабақты етістікті) салт етістікке айналдырып тұр. Кейде қимылдың, іс-әрекеттің атқарушы иесі (субьектісі) жалпы сөйлемнің мазмұнынан сезіліп тұрады немесе грамматикалық жанама объекті тұлғаларында (барыс, көмектес септіктерінде, түбір, ілік септік тұлғасындағы сөз бен тарапынан, жағынан деген сөздердің тіркесінен т.б.) тұрып та жұмсала береді. Өздік етіс пен ырықсыз етістің ұқсас та, өзгешелік те жерлері бар. Ұқсастығы: 1) қосымшалардың кейде бірдей болып келетіні, кейде өздік я ырықсыз етіс екені контекстен ғана байқалады, сөйтіп, бір-бірімен омоформа да жасайды: ол дәрігерге көрінді және алыстан бір қара көрінді; 2) екеуі де сабақты етістікті салт етістікке айналдырады. Негізгі айырмашылығы: олардың білдіретін семантикасында: өздік етісте логикалық (іс иесі) субъект-грамматикалық субъект (бастауыш) болады, ал ырықсыз етісте грамматикалық бастауыш логикалық объект болады.

Өзгелік етіс қимыл, іс-әрекеттің тікелей субъектінің өзі арқылы емес, екінші бір субъекті (ол екінші субъекті, қимылды, іс-әрекетті тікелей орындап, іске асырушы субъекті агенс деп аталады) арқылы істелетінін, іске асатынын білдіріп, сабақты етістіктен (кез келген етістіктен емес) белгілі қосымшалар арқылы жасалатын етіс категориясының түрі болып, табылады. Демек, өзгелік етісте қимылды, әрекетті іске асырушы субъекті бір емес, екеу болады: бірі – іс-әрекетті, қимылды орындатушы иесі, сөйлемде ол грамматикалық бастауыш қызметінде болады, яғни бұл логикалық субъекті әрі грамматикалық субъекті болады, екіншісі, іс-әрекетті, қимылды тікелей орындаушы субъекті (агенс) ол сөйлемде берілмеуі де мүмкін, берілсе, барыс септік тұлғасында тұрып, ол сөз сөйлемде жанама толықтауыш қызметін атқарады. Бұл бір. Екіншіден, өзгелік етіс тек сабақты етістіктен жасалады, сабақты етістікке өзгелік етіс қосымшасы үстелгенде, ол баяндауыш болып тұрған сөйлемде тек іс-әрекет, қимылды тікелей атқарушы барыс септіктегі екінші субъект (агенс) ғана пайда болады, баяндауыш сабақты етістікті сөйлемде іс-әрекетті орындатушы субъекті мен объект өзгелік етіс қосымшасы қосылмай тұрғанның өзінде бар болатын. Мысалы, Өнер-білім бар жұрттар тастан сарай салғызды (ЫА) деген сөйлемде сал деген сабақты етістіктен -ғыз қосымшасы арқылы өзгелік етіс жасалған. Салу сабақты етістігінің тура объектісі, сарай (ды) және салу әрекетінің иесі, іске асырушы субъектісі (өнер-білім бар) жұрттар. Өзгелік етіс жасалуымен байланысты тура объекті (сарай) да, субъекті (жұрт) де қалып отыр, бірақ өзгелік етіс жасалғанда, біріншіден, іс-әрекеттің субъектісі (жұрттар) қимылды, іс-әрекетті, яғни салу әрекетін, тікелей өзі атқармайды, тек қимылдың орындалуына түрткі болады, екіншіден қимыл, іс-әрекетті тікелей атқарушы екінші субъект агенс пайда болады, ал бірақ бұл сөйлемде арнайы берілмеген, берілсе барыс септік тұлғасында тұрар еді. Яғни өнер-білім бар жұрттар сарайды өздері салған жоқ, біреуге салғызды. Ал салт етістікке өзгелік етіс жұрнағы жалғанғанда І) қимыл, іс-әрекет иесі, орындаушы субъект жаңадан пайда болады да, қимыл, іс-әрекетті тікелей өзі атқарады, орындайды, 2) салт етістік сабақты етістікке айналады 3) салт етістіктегі грамматикалық бастауыш (субъекті) сабақты етістіктің тура объектісіне айналады, 4) бірақ екінші субъект – агенс, қимыл, іс-әрекетті тікелей орындаушы субъекті болмайды. Мысалы, бала шамды сөндірді дегенде сөндіру қимылының субъектісі де, тікелей сол қимылды іске асырушы, атқарушы да біреу-ақ, ол бала. Ал етістіктің түбір күйіндегі яғни салт етістік күйіндегі грамматикалық субъект -шам да (шам сөнді), ол бұл жерде тура объектіге айналған: шамды сөндірді, бірақ шам өз-өзінен сөнген жоқ. Сөйтіп, өзгелік етіс қосымшасы салт етістікке жалғанғанда, салт етістіктен бірден өзгелік етіс тудырмайды, тек салт етістікті сабақты етістікке айналдырады, енді осы сабақты етістікке екінші рет етіс қосымшасы жалғанғанда барып өзгелік етіс жасалады: Бала інісіне шамды сөндіртті. Бұл сөйлемде бала қимылдың иесі, субъекті, бірақ оны (қимылды) тікелей өзі атқарып отырған жоқ, екінші субъект-агенс арқылы іске асырып отыр, яғни сөндіру қимылын тікелей орындаушы субъект агенс – інісі, сөйлемде ол (інісі) барыс септік тұлғасында тұрып грамматикалық жанама объекті (толықтауыш) синтаксистік қызметін (қатынасты) атқарып тұр, ал тура объекті – шамды өзгерген жоқ.

Салт етістіктің субъектісі қызметіндегі жанды заттар мәніндегі сөздер, салт етістікке өзгелік етіс жұрнағы жалғанғаннан, тура обьектіге айналумен бірге екінші субъекті-агенс мәнінде де жұмсалатын сияқты көрінеді. Мысалы, ол баланы ойнатты (бала ойнады), Жолаушы атын оттатты (аты оттады) деген тәрізді мысалдарда ойнату, оттату қимылын іске асырудың бұл сөйлемдердегі тура объектісі, ал салт етістік мәнінде (өзгелік етіс қосымшасы) қолданылған түріндегі субъектіні (бала, ат) екінші субъекті-агенс мәнін де білдіретін сияқты, яғни ойнайтын – бала, оттайтын – ат қой. Бірақ, біріншіден, бұл сөйлемдердегі субъекті ол және жолаушы қимыл, іс-әрекетті орындауға мұрындық қана болмай, өзі тікелей атқарады: өзі ойнатады, өзі оттатады, екіншіден; өзгелік етіс болудың бір шарты екінші субъекті-агенс жоқ, ал баланы мен атты деген сөздер бұл қимылдардың объектісі ғана. Сондықтан да „Өзгелік етіс — субъектінің қимылы объектіге тікелей емес, екінші біреу арқылы бағытталатынын білдіретін сабақты етістіктің грамматикалық формасы, "салт етістіктен жасалған сабақты етістікті өзгелік етіс категориясына жатқызу дұрыс болмас еді" және „өзгелік етіс болу үшін ол сөйлемде барыс септігіндегі жанама толықтауыш қызметіндегі агенсті керек етеді. Агенс сөйлемде айтылуы да, айтылмауы да мүмкін. Салт етістіктен өзгелік етіс жұрнағы арқылы жасалған сабақты етістіктер агенсті керек етпейді.

Салт етістіктен сабақты етістікке айналған етістік тұлғасын өзгелік етіске айналдыру үшін оның үстіне тағы да өзгелік етіс жұрнақтарының біреуі жалғануы шарт" (М.И.-ҚҚТ, 40, 41, 42)

Өзгелік етіс қосымшалары: І) -ғыз, -гіз, -қыз, -кіз; 2) -дыр, -дір, -тыр, -тір (кей жағдайда қосымшаның алдыңғы д, т, дыбыстары түсіп қалып, -ыр, -ір, -р тұлғаларында да кездеседі: ас-ыр-у - ас-тыр-у, өс-ір-у - өс-тір-у, Абайда: Адам баласын заман өсіреді; піс-ір-у - піс-тір-у, тус-ір-у -түс-тір-у т.б.); 3) жоғарыда көрсетілгендей, өзгелік етіс қосымшасы бір түбірге бірінің үстіне бірі жалғана да береді: айту – айтқызу-айтқыздыру-айтқыздырту, келу-келтіру-келтіргізу, ойнау-ойнату-ойнатқызу т.б. Бұл тек өзгелік етіс қосымшаларының ерекшелігі болып табылады, ал етіс түрлерінің қосымшалары бірінің үстіне бірі жалғана береді.

Ортақ етіс қимыл, іс-әрекеттің бір емес, бірнеше субъекті арқылы іске асатынын білдіріп, -ыс, -іс -сқосымшасы арқылы жасалады. Біріншіден, ортақ етісті қимыл, іс-әрекеттің субъектілері қимылға ортақтығы бірдей де, бірдей де емес болуы мүмкін (субъект көптік тұлғадағы бір зат атауы, немесе бірыңғай бастауыштар, немесе біреуі грамматикалық субъект те, екіншісі -грамматикалық жанама объекті болуы мүмкін т.б. (ҚТГ -174-175),екіншіден, ортақ етіс қосымшалары салт етістікке де, сабақты етістікке де жалғанып, ортақ етіс жасай береді: олар хат жаз-ыс-ып тұрады, қонақтар жайғасып отыр-ыс-ты, ол бізге үй сал-ыс-ты т.б. (М.И. -ҚҚТ, 49-52).

Сөйтіп, ортақ етіс мағынасы мен қосымшасы етістің басқа түрлерінен сабақтылық-салттылық сипатқа бейтарап болуы негізінде де ерекшеленеді. Ортақ етістің тағы бір ерекшелігі – қимыл атауын білдіруге бейім тұрады да, кейбіреулері сол арқылы заттық ұғымның пайда болуымен зат есім болып кеткен: соғыс, айтыс, жүріс, байланыс т.б. Ортақ етіс пен өзгелік етістің семантикасында мынандай бір ұқсастық бар: екеуі де қимылдың, іс-әрекеттің бір субъекті емес, бірнеше субъекті арқылы орындалатынын білдіреді, бірақ өзгелік тек сабақты етістіктен жасалып, онда екінші субъект – агенс міндетті түрде болады да, ол-қимыл, іс-әрекетгі тікелей орыңдаушы, ал ортақ етісте бұлар жоқ.

Сондай-ақ етіс қосымшалары бірінің үстіне екіншісі де жалғана береді. Оның тәртібі: І) өздік етіс + өзгелік етіс: жу-ын-дыр, ки-ін-дір т.б. 2) өздік етіс + ортақ етіс: желпі-н-іс, көр-ін-іс т.б. 3) ортақ етіс +өзгелік етіс: сөйле-с-тір, жина-с-тыр; 4) өзгелік етіс + өзгелік етіс: айт-қыз-дыр, жаса-т-қыз т.б. (ҚТГ, 177-178).

Date: 2016-02-19; view: 2441; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.007 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию