Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Сөздің морфемалық құрамы





Қандай да сөз болмасын негізінен белгілі бір дыбыстардың жиынтығынан тұратыны белгілі. Сөздің сыртқы қабыршағы - дыбыстар. Демек, сөз құрайтын ең кіші тілдік бөлшек (единица) дыбыстар екен. Бірақ дыбыстар сөзді құрайтын ең кіші бөлшек бола тұра өздері жеке тұрып ешбір мағына, мән (лексикалық та, грамматикалық та) бере алмайды. Сондықтан дыбыстар, олардың жасалуы, қолданылу ерекшеліктері, сипаты т.б. соған байланысты толып жатқан зандылықтары фонетикада қаралады. Ал морфологияның объектісі болу үшін тілдік единица жоғарыда көрсетілгендей белгілі бір грамматикалық мағына білдіріп, сөйлеу процесінде (контексте) белгілі бір қызмет атқарып тұруы керек.

Сөздің қолдану негізінде қалыптасқан көбіне бір ғана лексикалық мағынасы болғанмен, сөйлеу процесінде сөз бір я бірнеше грамматикалық мағына білдіруі мүмкін. Олай болу сөздің сөйлеу процесінде қандай мәнде жұмсалуымен, басқа сөздермен қарым-қатынасқа түсу дәрежесімен, соның нәтижесінде көтеріп тұрған семантикалық – стильдік жүгімен және түрлі тұлғада жұмсалуымен байланысты. Мысалы:

Сүй-е-мін ту-ған тіл-ді ана-м тіл-і-н,

Бесік-те жат-қан-ым-да-ақ бер-ген біл-ім, (С.Т.) дегенді көрсетілген бөлшектерге бөлуге болады, өйткені олардың әрқайсысының контексте білдіретін грамматикалық мағыналары бар, сол жердегі тұрғысына байланысты белгілі қызмет атқарып тұр. Сүйемін деген сөзде бір лексикалық мағына бар, ол – нақтылы сүю қимылы, оны білдіріп тұрған сөздің сүй бөлшегі, ол – тілдің сөздік құрамына енетін жеке сөз, сөйлеу процесіне түсудің арқасында (лексикалық мағынаның жалпылануы арқасында) бұл сөзде қимылды білдіру сияқты жалпы яғни грамматикалық мағына қалыптасқан. Сөздің бұл бөлшегінде басқа да грамматикалық мағына бар, ол – сабақтылық мағына яғни бұл қимылдың тура объектіні талап етуі. Бұл мағынамен бірге осы сөздің басқа бөлшектері (сүй дегенге үстелген тұлғалар) сөзге түрлі грамматикалық мағына үстеп отыр: – қимылдың белгілі мезгілде болуын яғни шақтық (ауыспалы осы шақ және сөйлемнің модальдылық сипатын белгілеп тұр), - мін - қимылдың қандай субъект арқылы іске асуын яғни жақтық (1 жақ, жекеше) мағыналы білдіріп, өзі сол жалғанған сөзін (сүйе) предикаттық қатынаста, мен деген сөзбен байланыста жұмсалуға дәнекер болып тұр. Тілін деген сөзде де бір лексикалық мағына, нақтылы зат атауы бар, оны білдіріп тұрған - сөздің тіл деген негізгі бөлшегі, сөйтіп, грамматикалық тұрғыдан жалпы зат атауын білдіру мағынасы бар, Сонымен бірге бұл бөлшекке деген қосымша бөлшек қосылу арқылы тәуелдік мағына (жақтық мағына тағы бар) үстелген. Сөйтіп, барып бұл сөз осы - і бөлшегі арқылы анам сөзімен (ілік септіктің жасырын түрінің қатысуы арқылы: анам/ның/ тілі: байланысқа түсіп тұр. Ал бөлшегі сөзге тура объектілік мағына үстеп, оны сүйемін деген сөзбен байланыстырады және бұл сөздің (тілін) сөйлемде толықтауыш қызметін атқаруына негіз болады...

Сондай-ақ сүйемін, тілін... деген сөздер тілімізде осы түрлерінде ғана қолданылып қоймайды, олардың сүйікті, сүйкімді, сүйгіш, сүймей, сүйіп, тілге, тілші, тілдес... т.б. тәріздес әрі ортақ, әрі бөлек-бөлек тұлғалары бар. Сонымен бірге ортақ бөлшек арқылы білдіретін ортақ мағыналарымен қоса бөлек-бөлек бөлшектер үстейтін өзгеше де мағыналары бар.

Айт-ыл-ар сөз айт-ыл-ды... не-ні айт-са-ң да, ойлап айт... айт-атын-ың-ды айт... сонда айт-па-ғың не... айт-па-са-ң айт-па-й-ақ қой... бұл сөзді айт-қыз-ба-ған кім?

Бұл сөйлемде айту сөзі әр түрлі тұлғаларда қолданылған олардың бәріне ортақ бөлшек - айт, соның арқасында мысалдағы барлық сөз сөйлеу мәніндегі нақтылы бір қимылды жеткізу мәнін білдіріп тұр және оның жалпылануы негізінде жалпы грамматикалық мағына - жалпы қимыл мағынасы қалыптасқан (лексикалық мағынасы), ол бөлшекке үстелген тұлғалар сол негізгі бөлікке (түбірге) әр түрлі қосымша грамматикалық мағына үстейді. Айт-ыл-ар: -ыл — қимылдың тура объектіге грамматикалық субъект ретінде қатынасын, (яғни қимылдың тура объектісі бұл жерде грамматикалық субъектісіне айналып, етістік салт етістікке ауысуын, -ар – қимылдың алда (келер шақтық мағына) болатығындығын орын тәртібінің өзгеруі арқылы заттың, сөздің, қимылдың сынын білдіріп тұр, бұлай болу – етістіктің есімше формасының ерекшелігі) айт-ыл-ды: -ды қимылдың сөйлеп тұрған сәттен бұрын орындалғанын (өткен шақтық мағына), айт-са-ң: -са – қимылдың істелу шартын, – қимылдың қай (екінші) жақ және жекеше, анайы субъект арқылы орындалуын, айт: - нөлдік форма – бұйрықты және ІІ жақ жекеше, анайы мағынаны білдіреді, басқа сөздерде айт -атын -ың -а, айт -пағ/қ/ -ың, айт -па -са -ң, айт -па -й -ақ, айт -қыз -ба -ған тәрізді бөлшектерден тұрады. Демек, негізгі мағына өзгермейді, сөздің лексикалық мағынасы және оның жалпылануы арқылы пайда болған жалпы грамматикалық мағынасы осы көрсетілген барлық сөз формаларына ортақ болып келеді, өйткені олардың ортақ мәнді бөлшегі айт. Ал көрсетілген тұлғалар арқылы пайда болған категориялық грамматикалық мағыналар түбірдің мәніне негізделеді, соның арқасында бұл сөздер жақын, ұқсас мәнде қолданылып, әр түрлі түлғалық жамылғылардың арқасында соған сәйкес әр түрлі қосымша мағына үстеліп, сол сөздер сөйлемде әр түрлі қызмет атқарып тұр.

Басқа сөздерге негіз болатын бөлшек те (айт), оған әр түрлі мән-мағына үстеп тұратын бөлшек те (-ың, -ар...) тіл білімінде морфема деп аталады. Демек, морфема дегеніміз контексте (сөйлеу процесінде) сөздің жалпы грамматикалық (бұны оқулықтарда күні бүгінге дейін лексикалық мағына деп келгені мәлім (түбір), я категориялық немесе қатыстық грамматикалық (қосымша) мағыналарын білдіре алатын ең кіші бөлшегі. Морфологияның негізгі объектісі және ең кіші бөлшегі морфема (лексикалық я грамматикалық мағына білдіре алатын) соңғы лингвистикалық зерттеулерде негізінен осылай айқындалады. Бірақ морфология тілдің грамматикалық құрылысының (грамматиканың) бір бөлегі болғандықтан да, оның қарастыратын негізгі объектісі сөздің, тілдің грамматикалық құрылысының грамматикалық сипатын, қасиеттерін көрсететін тілдік элементтер болса керек. Осы тұрғыдан келгенде, лексикалық мағына білдіретін түбір деген тілдік құбылыстың морфологиялық сипаты қандай болмақ? Өйткені лексикалық мағына морфологияның үлесі емес, морфологияның шеңберінде қаралуға тиісті емес, лексиканың (лексикологияның) үлесі болып табылады. Сонда сөздің түбірі морфема деген ұғымға енбей ме? Бұл жерде мына мәселені айқындап алу қажет. Сөздің түбірі лексикалық мағына білдіретіні үшін морфема деп аталмайды, керісінше грамматикалық мағына білдіретіні үшін морфема деп аталады. Әрине, ол (түбір білдіретін) грамматикалық мағына – лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын жалпы грамматикалық мағына, яғни жасалу төркіні жағынан лексикалық мағынаға саяды, бірақ бұл жерде түбір білдіретін мағына ретінде ол грамматикалық (лексикалық емес) мағына болып табылады. Сонда морфема дегеніміз тілдің грамматикалық мағына білдіре алатын ең кіші бөлшегі болып табылады. Оның (морфеманың) сипатын анықтауда әрі грамматикалық, әрі лексикалық мағына білдіруді, сөйтіп, сөздің әрі грамматикалық, әрі лексикалық қасиеттерін араластырып шатастырмай, морфеманың нақты белгілерін (грамматикалық сипатын) айқындау қажеттігі күмән тудырмайды. Бұл – морфема ұғымының принципті сипаты әрі ерекшелігі. Болмаса оны грамматиканың (тіл білімінің тек грамматика саласының) негізгі объектісі деп тануға болмас еді және сол арқылы сөздердің грамматикалық сипатын толық, жан-жақты айқындауға да болмас еді. Ал грамматикалық элемент ретіндегі түбір морфеманың лексикалық мағыналы сөзбен сәйкес келуі (немесе кейбір тілдерде мысалы, орыс тілінде сәйкес келмеуі) тілдің қүрылымдылық ерекшеліктеріне, диалектикалық жүйесіне қатысты сипаттарын анықтайды, өйткені бұл екі құбылыс (лексикалық мағына мен грамматикалық мағына және сол екеуінің бір грамматикалық құбылысының өзіндік белгісі, мәні болуы) грамматиканың (тілдің грамматикалық құрылысының) бір қатардағы шеңберіне сыймайды. Сондықтан әр нәрсені өз атымен атап, өзіндік сипаты мен шекарасын айқындау керек, сол арқылы талданып отырған грамматикалық құбылыстың мәні ашылмақ.

Сөйтіп, лексикалық мағына мен жалпы грамматикалық мағына деген ұғымдар, бір жағынан қаншалықты алшақ болса, (бірі лексикология, екіншісі грамматиканың объектісі болып, сөйлеу процесінде көрінсе), екінші жағынан, жақындығы бірінен (лексикалық мағынадан оның жалпылануы арқылы) екіншісінің (жалпы грамматикалық мағынаның) тууы және сырт тұлғасының сәйкес келуі болса, сөздің түбірі (бұл грамматикалық яғни морфологиялық ұғым) мен сөз (бұл лексикалық ұғым) деген ұғымдар да мәні жағынан басқа-басқа да, сыртқы тұлғасы жағынан сәйкес келеді. Осындай ерекшеліктердің мәні айқындалмаса, тіл білімінің лексика және грамматика салаларының шеңбері мен шекарасы да анықталмас еді. Сонымен бірге жоғарыда көрсеткеніміздей, әр морфеманың өзіне тән мағынасы (грамматикалық) және сыртқы дыбыстық көрінісі - формасы, тұлғасы болады. Сөйтіп, сөз морфемалардан, морфема дыбыстардан құралады. Кейде сөз бен морфема сәйкес келеді, яғни сөз грамматикалық тұлғаларсыз түбір күйінде жұмсалып, бір-ақ морфемадан тұрады.

Талдан таяқ жас бала таянбайды,

Бала бүркіт түлкіден аянбайды. (Халық әні)

Мысалдағы жас (бала), бала (бүркіт) сөздері түбір тұлғаларында қолданылған. Ал түрі жағынан түбірге сәйкес келетін таяқ, бала (таянбайды), бүркіт (аянбайды) сөздері түбір тұлғада емес, таяқ табыс септіктің жасырын түрінде (таяқты таянбайды), бала бүркіт атау септік тұлғасында қолданылған. Бұл жерде түбір тұлғадағы жас бала сөздерінің грамматикалық мағынасы - әлі жетілмеген, жасөспірім, көк деген мағына - өздері анықтап тұрған затпен байланысты (жас бала, бала бүркіт) қатыстық грамматикалық мағына білдіріп түр. Бұндай сөзбен сәйкес келетін және бірнеше морфеманың қосындысынан тұрып, сырт тұлғасы жағынан ғана сәйкес келетін сөз формаларын түбір тұлға ұғымымен шатастырмау керек. Сонымен бірге кейде морфема мен дыбыс (фонема) та сәйкес келеді: айтсаң дегендегі - ң, сүйемін дегендегі -е, тілін дегендегі - і және - н, т.б. белгілі морфемалар, олар бір-бір ғана дыбыстан тұрады. Міне сөздің қүрамы, әсіресе морфемалық құрамы дегенде, оның морфемалардан тұруын түсінеміз.

Сөздің құрамындағы морфемалар білдіретін мағынасы мен атқаратын қызметі жағынан және тұрған орнына қарай біркелкі болмайды. Мысалы, сүйемін және тілін деген сөздердегі сүй, тіл және -е, -мін, -і, -н морфемаларын салыстырайық. Сүй, тіл бөліктері сөздегі негізгі лексикалық мағынаны, сол арқылы сөздің қандай тұлғада айтылса да жалпы грамматикалық мағынасын білдіреді, басқа түрлі мағыналы сөз жасауға ұйтқы бола алады және басқа формалар бұларға келіп жалғанады. Ал -е, - мін, -і, - н морфемалары жеке тұрып ешбір мән-мағына бере алмайды, тек алғашқы морфемаларға қосылғанда ғана барып оған әр түрлі грамматикалық мағына үстейді және сол алғашқы морфеманың сыртқы дыбыстық ерекшелігіне байланысты құбылып, өзгеріп те отырады. Айтамын, басын дегендердегі -а, -ы морфемаларынан сүйемін, тілін дегендегі е, і морфемаларының мағыналық, қызметтік ешбір айырмашылығы жоқ, айырмашылық тек дыбыстық жағында, яғни бұлар бір қосымшаның жуан және жіңішке нұсқасы болып табылады.

Міне, осындай жақтары мен ерекшеліктерін ескере келгенде, морфема атауы екі түрге бөлініп қаралып жүр: түбір морфема және қосымша морфема.

Оқы, оқы және оқы. Кел, балалар, оқылық, оқығанды көңілге ықыласпен тоқылық. Оқушылардың көбі жақсы оқиды деген сөйлемдердегі оқумен байланысты сөздер мынадай морфемаларға бөлінеді: оқы, бұйрық райдың жекеше 2-жақ анайы нөлдік тұлғасы, - лық, -ған, -ды, -у, -шы, -лар, -дың, -й, -ды. Осындағы оқы – түбір морфема. Бұйрық райдың 2-жақ жекеше, анайы тұлғасы – сен оқы - бұдан бөлек, олар түбір мен нөлдік тұлғадан тұратын сөз формалары. Сөйлемде оқы және кел деген етістіктер түбір күйінде емес бұйрық рай тұлғасында қолданылған, ал түбірі – бұйрық мағынасыз қимылды ғана білдіретін етістік. Бұл сөйлемдерге кел, бала, көңіл, ықылас, тоқы, көп, жақсы дегендер де осы сияқты түбір морфемалар, өйткені оларды бүгінгі тіл даму тұрғысынан әрі қарай бұдан кіші морфологиялық бөлшектерге бөлуге болмайды және осы бөлшектер негізінде құралатын сөздердің негізінде құралатын сөздердің негізгі мағынасын білдіріп тұрады. Демек, түбір морфема қүрылысы жағынан да, мағынасы жағынан да сөздің әрі қарай бөлшектеуге келмейтін мағыналы түпкі бөлшегі, негізі. Түбір морфема жаңа сөз жасаудың ұйтқысы болып табылады, түбір морфемасыз сөз жасалмайды. Қандай да жаңа сөз болсын оның мағынасы түбір морфема білдіретін мағынамен байланысты, соған қатысты болып отырады. Түбір морфема қазақ тілінде әдетте сөздің бас позициясында болады. Қазақ тілінде префикс деген тұлға жоқ, беймаза; бейшара; бейбақ, бейқам, бейкүнә, наразы, нақұрыс т.б. сияқты иран тілдерінен сол күйінде енген сөздердегі бей (би), на қазақ тілінде грамматикалық тұлға дәрежесіне көтеріле алмай қалып қойды.

Міне осындай ерекшеліктердің негізінде кейде түбір морфема мен сөз сәйкес келе береді. Ал осы түбір морфемаларсыз қосымша морфемалар өз алдына біреуі болсын, бірнешеуі болсын я жеке тұрып ешбір мағына бере алмайды, немесе өз бетімен қолданылмайды: ойла, ойлы, тасты, тастардың, үйшік сияқты сөздердің ла, лы, ты, тардың, шік дегенде ешбір мән жоқ. Осы жағынан қарағанда түбір морфемалар ең негізгі морфема болып саналады. Олар жеке тұрып-ақ белгілі бір мағына бере алатындықтан, ешбір қосымша морфемаларсыз-ақ кейде сөйлеу процесінде (сөйлем ішінде) қолданыла береді, белгілі синтаксистік қызмет те атқара алады.

Бірақ бұл жерде мына мәселені ескерген жөн. Грамматикалық тұлғалары мол, әсіресе байланыстырушы тұлғаларға бай сөз таптары көбіне түбір күйінде қолданылмайды немесе ерекше мәнде қолданылады. Сондай сөз таптары – зат есім мен етістік. Ал сөз байланыстырушы, сөз түрлендіруші парадигмалық жүйелері жоқ немесе дамымаған сөз таптары сөйлеу процесінде (түбір тұлғаларында) қолданыла береді. Мысалы, сын есім, сан есім, үстеулер көбіне түбір тұлғасында жұмсалады (тіпті туынды түбір тұлғасында болса да). Мысалы: Арқаның Кербез сұлу Көкшетауы (С.С.) Ерте туып, кеш қалған сияқты сөйлемдерде кербез, сұлу сын есімі, ерте, кеш үстеуі өздері қатысты (анықтап, пысықтап тұрған) сөздермен (Көкшетау, ерте, туып, қалған) түбір тұлғада тікелей орын тәртібі арқылы қабыса байланысқан. Ал зат есім мен етістік түбірлердің жайы басқаша. Зат есім сөйлемде таза заттық мағынада (заттың аты мәнінде) түбір тұлғада қолданылмайды, өзі тіркескен екінші бір зат есіммен (тас жол, ағаш үй) тіркесіп, оның сындық сипатын, көмекші етістікпен, септеуік шылаулармен тіркесіп, заттың қимылға ауысу процесін (мысалы, дос болу, сөз етті, әңгіме қылды т.б.), сондай-ақ мақсаттық, себептік, мекен-мезгілдік т.б. мәндерді (мысалы, ауыл сайын, бала үшін, радио арқылы т.б.) білдіреді. Зат есім сөйлемде басқа сөздермен септік, тәуелдік, белгілі жағдайда ғана жіктік жалғау тұлғаларында тұрып грамматикалық байланысқа түсе алады. Ал етістік түбір, жоғарыда көрсетілгендей, тікелей жіктелмейді, таза грамматикалық (рай, шақ) тұлғалары үстеліп барып жіктеледі, сондықтан түбір тұлғасында басқа сөздермен тікелей грамматикалық байланысқа түсе алмай, сол түбір күйінде сөйлемде қолданыла алмайды. Түбір морфеманың осындай ерекшелігі, сөз табына қатысты болуы олардың грамматикалық сипатының бір көрінісі болып табылады.

Түбір морфема дара түрде де, қосымша морфеманы жалғап та жұмсала береді. Осымен бірге түбір морфемалар қайталанып (қора-қора қой, мая-мая шөп), қосарланып (аяқ-табақ, жол-жоба), бірігіп те (желбау, ашудас), бір-бірімен тіркесу арқылы күрделеніп те (он жеті, қара торы, тас бақа, темір жол) жеке сөз ретінде қолданыла береді және оларға тілдің құрылымдық заңы шеңберіңде қажетінше қосымша морфема үстемелей алады.

Қосымша морфемалар - өз алдына жеке тұрып ешбір мағына бере алмайтын, тек түбір морфемаларға қосылып, оған әр түрлі қосымша мағыналар үстейтін морфемалар. Демек, қосымша морфемаларда не мағыналық, не тұлғалық, не қолдануда дербестік болмайды, оның мән-мағынасы, қызметі түбір морфеманың ыңғайында ғана ашылып, анықталады. Ол тек түбірге жалғанып қолданылатындықтан, түбір морфеманың дыбыстық ерекшелігіне лайық әуеніне еріп, өзгеріп, нұсқаланып, түрленіп отырады. Сондықтан да бір қосымша морфеманың бірнеше дыбыстық нұсқасы болады. Мысалы, көптік жалғаудың - лар, -лер,- дар,- тар, -тер (6 нұсқасы), ал сөйлеу тілінде одан да көп – ерін үндестігіне байланысты ңұсқалары 1-жақ тәуелдік жалғаудың -ым, -ім, -м (3 нұсқа), сын есім тудырады деп танылып жүрген қосымшаның -лы, -лі, -ды, -ді, -ты, -ті (6 нұсқа) нұсқалары араларында не мағыналық, не қызметтік, не стильдік айырма жоқ.

Сондай-ақ түбір морфема дербестігімен, атап айтқанда, қосымша морфемаға қарағанда мағыналық, қолданыстық, тұлғалық дербестігі арқылы ерекшелінеді. Бұл – түбірдің мағыналық дербестігі. Тұлғалық дербестігі де оның дыбыстық өзгеріске түспей, керісінше оның дыбыстық сипатына қарай қосымша морфеманың құбылып, әр нұсқада жалғануы болып табылады. Сондай-ақ түбір морфема осындай дербестігімен бірге жалқылығымен де ерекшеленеді. Ал қосымша морфемада жалқылық болмайды, белгілі бір грамматикалық топқа тәндік байқалып отырады. Мысалы:

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін

Жоқ – барды, ертегіні термек үшін. (А.)

Осындағы жаз -ба -й -мын, өлең -ді, бар-ды, ертегі -ні, тер -мек сөздері осындай бірнеше морфемадан тұрады. Мұндағы қосымша морфемалар тек осы сөздерге ғана емес, сол тектес басқа да көптеген сөздерге жалғана алады: жаз-ба-й-мын -қаз-ба-й-мын, бар-май-мын, айт-пай-мын т.б. Өлең-ді, сөз-ді, үй-ді т.б. тер-мек, бер-мек, сөй-ле-мек т.б.

Морфемалардың түр-түрлеріне тән өзіндік ерекшеліктері болады. Ең алдымен түбір морфемалар мен қосымша морфемалардың қосылуында кездейсоқтық болмайды, ол белгілі заңдылыққа сүйенеді де, жүйе құрайды. Бір тектес қосымша морфемалар грамматикалық қасиеттері бірыңғай, біркелкі түбір морфемаларға жалғана алады. Мысалы, болымсыздықты білдіретін -ма, -ме, ба-, -бе, -па, -пе, шарттылықты білдіретін -са, -се, шақтық мағынаны білдіретін -ған, -ғен, -қан, -кен, -ды, -ді, -ты, -ті, т.б. қосымша морфемалар тек қимылды білдіретін сөздерге және қимылды білдіретін сөздердің баршасына (етістіктерге), ал меншіктік-тәуелдікті білдіретін -ым, -ім, -м, -ың, -ің, -ы, -і, -сы, -сі, тура объектіні білдіретін -ды, -ді, -ты, -ті, -н, т.б. зат атауын білдіретін және барлық зат есімдерге, тағы сондай сөздерге ғана жалғана алады, керісінше жалғанбайды. Өйткені тілдің талай ғасыр даму барысында негізгі сөздің мағыналық топталу ерекшеліктеріне байланысты, олардың өзгеруі, түрлену жүйесі қалыптасып, тұрақталуы, сол жүйелердің көрсеткіштері болып саналатын, грамматикалық мағынаны білдіретін тұлғалар мағыналық жағынан сұрыпталып, белгілі топтағы, грамматикалық қасиеті жағынан бірыңғай, бір тектес сөздерге жалғануға икемделіп қалыптасады.

Негізінен алғанда, түбір морфема жалқы болып келетіндіктен оған қанша қосымша морфема қосылса да, сыртқы тұлғасын өзгертпейді, ал керісінше, қосымша морфема түбірдің тұлғалық ерекшелігіне сай формасын өзгертіп отырады: бар-ған, айт-қан, көр-ген, бала-ның, хат-тың, іні-нің т.б. Кейінді ықпал заңы бойынша қ, к, п, дыбыстарына біткен сөздерге дауысты дыбыстан басталатын қосымша жалғанғанда қ дыбысы ғ -ға, к дыбысы - г -ге, п я б -ға, я у -ға айналып кетуі түбірдің тұлғалық дербестік сипатына, қосымша морфеманың дербестігі жоқтығына нұқсан келтірмейді. Тек кейде тілдің даму барысында негізгі түбірдің өлі түбірге айналуына байланысты кейбір дыбыстық өзгерістер, деформациялар болуы мүмкін, бірақ олардың өзгерісінде қосымша морфемалар тікелей рөл атқармайды.

Қосымша морфема қай түбірге және қанша түбірге жалғанса да, олардың әрқайсысына жаңа - әр түрлі мағына үстемейді, жалпы бір түрлі грамматикалық мағына үстейді: кел-ді, көр-ді, сөй-ле-ді, оқы-ды, және мал-дар, үй-лер, ауыл-дар. Бұлардың әрқайсысы әр мағынадағы сөз болғанмен және оларға үстелген қосымшалардың дыбыстық ерекшеліктері болғанмен, оларға қосымша бір түрлі грамматикалық мағына үстеген, ол – қимылдың жаңа ғана болуы (шақтық мағына) және заттың көптігі.

Бір түбір морфемаға кейде бір емес бірнеше қосымша морфема қосыла алады. Ондайда сөзге (түбірге) қосымша морфемалардың жалғану тәртібі белгілі қалыптасқан дәстүр бойынша және тілдің тұрақтанған негізінде болады:

о қы-т-у-шы-лар-ымыз-да-ғы, айт-ыл-ған-дық-тан т.б.

Бұндағы қосымша морфемаларды керісінше етіп тізбектеуге бола бермейді, өйткені бұл мағынаны білдіретін осы сөзді құрауда әрбір қосымша морфемалардың өзіне тән тиісті мән-мағынасы, алатын орны, атқаратын қызметі бар. Қосымшалардың тұлғалық сипаты келесі тақырыпта арнайы сөз етіледі.

Түбір морфеманың мағынасы нақтылы, ол мағына түбірдің тікелей өз бойында және өзі дербес болса, қосымша морфеманың мағынасы тым жалпы, тек сөздің құрамында ғана анықталады, түбір білдіретін мағынаға ғана негізделеді, олар дербес қолданылмайды. Осымен байланысты тілімізде түбір морфемалар сан жағынан қосымша морфемадан әлдеқайда көп.

Тарихи жағынан бұл екеуі де жетіліп отырады, олар көбейіп, өзгереді. Кейбір морфемалар тілімізден шығып қалса, кейбір морфемалар екінші бір морфемамен қосылып кетіп, өлі морфемаға айналады: уан, -уат, -оят, -оян, -ұзын, -ұзақ, -қызыл, -қыздар, барғаннан соң -барған соң -барғасын, шейін -ша/ше т.б.

Қосымшалар белгілі топтағы сөздерге жалғанады, олардың өз ішінде де мағыналары мен қызметтері бірдей емес. Біразы өздері жалғанған сөздерге жаңа лексикалық мағына үстесе (жылқы-шы, апта-лық, шеге-ле, біл-ім) сөйтіп, сөзжасам тәсілінің бір түрі болып танылса, енді біразы сөздің мағынасына ешбір өзгеріс енгізбей, таза грамматикалық мағына үстеп, ол сөзді басқа сөзбен байланыстырып тұрады. Осындай мағыналары мен қызметтеріне қарай қосымшалар көпшілік грамматикаларда жұрнақ – жалғау болып бөлініп жүр. Демек, морфемалық құрамы жағынан түбір, қосымша (жалғау, жұрнақ), сөз деген бөліктер мен ұғымдар болады. Бұлардан басқа кейбір еңбектерде сөз, туынды түбір деген ұғымдармен сәйкес келетін негіз (сөздің негізі) деген термин де аракідік қолданылып жүр. Сондай-ақ мағыналық жағынан қосымша морфемалардың яғни қосымшалардың өз ішінде омонимдік, синонимдік, антонимдік, моносемиялық – полисемиялық сипаттары, құрамы жағынан жалаң және күрделі, құрамы, шығуы жағынан төл және кірме қосымшалар бар екенін ескерткен жөн.

Date: 2016-02-19; view: 3098; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.007 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию