Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать неотразимый комплимент Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?

Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Грамматикалық категорияның сипаты





Тілдегі негізгі грамматикалық ұғымның бірі – грамматикалық категория. Грамматикалық категория ұғымы, бір жағынан, грамматикалық мағынамен де, грамматикалық формамен де байланысты, екінші жағынан, олардан күрделі болып келеді.

Грамматикалық категория деген ұғым барлық зерттеулерде біркелкі түсініле бермейді. Оның сипатын түбегейлі түсіндіруде пікір айырмашылықтары да байқалып отырады. Кейбір еңбектерде грамматикалық категория тек грамматикалық мағына деген ұғымға қатысты ғана беріліп, сөздердегі нақты лексикалық мағынадан жалпыланған, жалпы сипаттағы мәнді білдіретін мағына деп анықталады (СРЯ, 136).Енді біреулерінде тілдегі өзіне тән грамматикалық формасы (тәсілі) бар жалпы грамматикалық мағына грамматикалық категория деп аталады. (ЫА. – ҚҚТ,20), немесе „тілдегі лингвистикалық единицалардың яки оның бір тобының грамматикалық амал-тәсілдер арқылы берілетін жалпы сипаттарының бірі" (А. – СЛТ, 191),морфологиялық категория деп ортақ грамматикалық сипаттағы мағынаны білдіретін сөз формаларының жүйесі „(М.МКСРЯ, 27),не "бірыңғай мағыналы грамматикалық формалар қатарының бір-біріне қарама-қайшы жүйесі түсініледі" (Б. – ТМК,10-11) тәрізді анықтамалар берілген.

Грамматикалық категориялардың өрісі біркелкі болмайды. Кейбір категориялар тым жалпы, әрі өрісті, әрі қарымды болса, кейбір категориялардың өрісі тар, қарымы аз, тіпті жалқы да бола береді. Мысалы, тым жалпы категория деп сөз таптары категориясын, қосымшалар категориясын алсақ, олардың әрқайсысын іштей саралап, әлденеше ірілі-ұсақты жалқы категорияларға бөлуге болады. Айталық, сөз таптары категориясын жалпы ерекшеліктеріне қарай есімдер категориясы, етістіктер категориясы, көмекші сөздер категориясы деп топтасақ, одан әрі есімдер категориясын зат есім категориясы, сын есім, сан есім категориясы деген сияқты жіктерге бөлумен тынбай, олардың әрқайсысын тағы да әрі қарай саралап отырамыз. Мысалы, есімдіктер категориясын жіктеу есімдігі, сілтеу, сұрау, топтау, белгісіздік, болымсыздық деп, одан әрі бір ғана жіктеу есімдіктерін тағы да дараландырып, жақ категориясын анықтаймыз. Сол сияқты қосымшалар категориясын әуелі жалғау категориясы және жұрнақ категориясы деп жіктеп, одан әрі жалғауларды жоғарыдағыдай көптік жалғау, тәуелдік жалғау, септік жалғау, жіктік жалғау категориялары деп бөлеміз. Жұрнақтарды әуелі сөз тудыратын және сөз түрлендіретін категорияларға, одан әрі іштей жеке сөз таптарына тели бөліп, олардың өзара жіктері мен сыр-сипаттарын ашамыз" (ЫА – ҚҚТ, 22-23).



Осы үзінділерден көрінетіндей, грамматикалық категория деген ұғымды ғылыми тұрғыда түсінуде әлі бірізділік, нақтылық пен айқындылық байқалмайды. Грамматикалық категория, ең алдымен, грамматикалық мағынамен және грамматикалық формамен тікелей байланысты. Грамматикалық мағына, грамматикалық форма болмаған жерде грамматикалық категорияның болуы мүмкін емес. Екіншіден, грамматикалық категорияның болуы грамматикалық мағына мен грамматикалық форманың өзара бірлігімен, тұтастығымен сәйкестігімен, яғни олардың арасындағы диалектикалық сәйкестікпен, ондағы жүйелілікпен байланысты. Яғни кез келген грамматикалық мағына немесе қайсыбір грамматикалық форма грамматикалық категория құрай бермейді. Белгілі бір грамматикалық мағыналар бірлігі белгілі бір грамматикалық топ құрайтын сөздерге тән болып, солардың парадигмалық түрлену жүйесі болу арқылы грамматикалық категория құрайды. Үшіншіден, грамматикалық категория сипатына жету үшін грамматикалық мағыналар жиынтығы, бір жағынан, өзара бір тектес, бірыңғай сипаттағы, екінші жағынан, бір-біріне қарама-қайшы мәндегі мағыналар болу керек. Яғни грамматикалық категория - өз ішінде бір-біріне қарама-қайшы қасиетте бола алатын бірнеше (кем дегенде екі түрлі) тектес, мәндес грамматикалық мағынаның жиынтығы, бірлігі. Сол бірлік пен өз ішіндегі қарама-қайшылық арқылы және соның әрқайсысын білдіретін әр түрлі тәсілдер арқылы немесе соған тән арнайы грамматикалық формалар жүйесі я түрлену парадигмасы арқылы грамматикалық категорияның мәні, сипаты, шегі байқалып, айқындалады. Осыған байланысты мынадай сұрақ туады.



Бір ғана грамматикалық мағына мен оның сыртқы көрінісі болып табылатын грамматикалық формасының бірлігі грамматикалық категория болып саналмай ма? Бұл сұрақтың жауабы біреу-ақ. Бір ғана грамматикалық мағына мен оны білдіретін грамматикалық форма грамматикалық категория құрай алмайды. Мысалы, септік категориясы, тәуелдік категориясы, жақ категориясы деген грамматикалық категориялар бар да, ілік немесе барыс, т.б. септік категориясы, бірінші (немесе екінші) жақ тәуелдік категориясы, осы (немесе өткен) шақ категориясы дегендер жоқ, ілік (немесе барыс) септіктің, бірінші (немесе екінші) жақ тәуелдіктің осы (немесе өткен) шақтың әрқайсысына тән грамматикалық мағынасы (грамматикалық меншіктілік немесе жанама обьектілік-бағыттылық, 1-2-жақ тәуелдік, қимылдың сөйлеп тұрған сәтте болып жатқанын немесе өтіп кеткенін), оны білдіретін грамматикалық формасы, тұлғасы бар болса да, бұлар жеке-жеке грамматикалық категория бола алмайды. Сондай-ақ қазақ тіліндегі көптік категориясы, негізінен, заттың көптік ұғымымен байланысты да, морфологиялық жағынан көптік жалғау арқылы беріледі. Бірақ көптік категория сөз болғанда ол тек көптік жалғаумен ғана шектелмеу керек. Көптік мағына грамматикалық тұрғыдан жекелік мағынаға қарама-қайшы мағына ретінде заттың сандық ұғымының шеңберінде өмір сүреді. Сондықтан бұл категория көптеген тілдерде қазақ тіліндегідей көптік категориясы деп емес, сан категориясы (мысалы, орыс тілінде категория числа, қазіргі қырғыз тілінде сан категориясы) деп аталынады.

Сөйтіп, грамматикалық категорияның негізінде грамматикалық мағыналар жиынтығы (жекелеген мағына емес) олардың грамматикалық формалар жүйесі сияқты арнайы грамматикалық тәсілдер арқылы берілуі жатады.

Демек, бұдан байқайтынымыз – грамматикалық категория ұғымы негізінен алғанда кез келген грамматикалық мағынамен емес, оның категориялық грамматикалық мағына түрімен байланысты. Ал грамматикалық мағына ұғымының жалпы грамматикалық мағына, қатыстық грамматикалық мағына деп аталатын түрлері грамматикалық категорияға қатысты емес пе? деген де сұрақ туады.

Грамматикалық мағынаны жалаң түрде грамматикалық мағынамен қатысты ғана қарау, сол шеңберде ғана анықтау, жоғарыда көрсетілгендей, дұрыс болмайды. Грамматикалық категория әрі өзара тектес, мәндес, ыңғайлас, әрі бір-біріне қайшы мәндегі бірнеше, кем дегенде екі түрлі грамматикалық мағына немесе мағыналар жиынтығынан тұрып, ол грамматикалық мағыналар белгілі парадигмалық тұлғалар жүйелері арқылы беріледі. Сол арқылы грамматикалық категория белгілі грамматикалық топтағы сөздердің (сөз таптарының) түрлену жүйесі болып, сөз табы ретінде ерекшеленеді, әрі сол сөз табының грамматикалық белгісі болып табылады.

Сөйтіп, грамматикалық категория болудың алғы шарты мынадай екен: 1) бірнеше, кемінде екі грамматикалық мағына болу керек; 2) ол (кемі екі) мағыналар бір-бірімен тектес, ыңғайлас, мәндес болу керек, әр тектес мағыналар грамматикалық мағына құрай алмайды; 3) ол грамматикалық мағыналар қаншама тектес, ыңғайлас болса да, мысалы, тәуелділік мағына, екінші жағынан бір-біріне қарама-қайшы болып, мысалы, сол тәуелдіктер жақ сияқты, яғни 1-жақ 2-жаққа я 3-жаққа қайшы, 2-жақ 1-жаққа я 3-жаққа қайшы, келуі; 4) сөйтіп барып әр тектес, ыңғайлас, әрі бір-біріне қарама-қайшы мағыналардың бірлігі, тұтастығы болуы, 5) сол тектес мағына да, қайшы мағына да бөлек-бөлек белгілі грамматикалық формалар арқылы берілуі және 6) олардың белгілі парадигмалық жүйе құрауы арқылы мағыналық-тұлғалық сәйкестік бір жиынтық болуы. Міне осындай талаптар мен шарттарға сәйкес келетін тілдік құбылыс қана грамматикалық категория болып таныла алады. Мысалы, жіктік жақ категориясын алайық. Жіктеліп, субъектінің кім, не екенін білдіру және жақ мәні ортақ мағынасы. Қай жақты алсақ та (бірінші жақта да, екінші жақта да, үшінші жақта да) осы мағыналар бар. Солай бола тұрып, жақ жағынан (кейде жекеше я көпше) бір-біріне қарама-қайшы және сол әрбір қайшы мағынаның әрқайсысына тән грамматикалық тұлғасы (формасы) бар: 1-жақ -мын, -мін, -бын, -бін, -пын, -пін немесе -м т.б. 2-жақ -сың, -сің немесе -ң, сыпайы түрі -сыз, -сіз, немесе -ңыз, -ңіз, 3-жақта арнайы тұлға жоқ немесе -а, -е, -й және –ып, -іп, -п көсемше тұлғасынан кейін -ды, -ді, -ты, -ті. Және бұл тұлғалар парадигмалық түрлену жүйесі болып саналады. Міне осылардың бірлік жиынтығы грамматикалық жақ жіктелу категориясы болып табылады.

Лексикалық мағынаның жалпылануы арқылы пайда болатын грамматикалық (жалпы грамматикалық) мағыналар жүйесі (кем дегенде екі түрлі мәндес, тектес грамматикалық мағына) ешбір грамматикалық тұлғасыз семантикалық тәсіл арқылы ғана берілетін болса, онда грамматикалық категория жасай алмайды, өйткені грам-матикалық категория тек грамматикалық мағыналар жиынтығы ғана емес, сол тектес, мәндес әрі бір-біріне қарама-қайшы грамматикалық мағыналарды білдіретін, парадигмалық сипаттағы грамматикалық тұлғалар жүйесі болып табылады. Сондықтан, мысалы, зат есімнің жалпы зат атауын білдіруін былай қойғанда, мұнда тіпті бір-біріне қарама-қайшы және тектес, мәндес мағыналық та қасиет жоқ, яғни бір ғана жалпы грамматикалық мағына, (қайшы) оппозициялық және тектес мәнді жалпы және жалқы есім, деректі және дерексіз зат есім, кімдік (адамға байланысты) және нелік (адамнан басқа зат атауларына байланысты) зат есім, сапалық және қатыстық сын есім т.б. сол сөз табының (зат есім я сын есімнің) грамматикалық категориялары бола алмайды, ол грамматикалық мағыналардың морфологиялық көрсеткіштері жоқ. Ал грамматикалық мағыналар семантикалық тәсіл (лексикалық мағынаның жалпылануы) арқылы берілсе де, олардың (тектес грамматикалық мағыналардың) бір-бірінен айырмашылығы (қарама-қайшылығы) кейде грамматикалық формалар арқылы берілетін болса, сөз жоқ, бүл мағыналар мен формалар жиынтығы грамматикалық категория жасай алады. Мысалы, етістіктің салттылық-сабақтылық мағынасы түбірдің семантикасы арқылы көрінеді, яғни кез келген етістік түбір ешбір грамматикалық формасыз-ақ я салттылық мағынаны я сабақтылық мағынаны білдіреді. Салттылық-сабақтылық мән етістік түбірдің семантикалық сипаты, қасиеті болып табылатындықтан да, кейбір зерттеушілер бұл қасиетті етістік сөз табындағы омонимия мен полисемияның шегін ажырататын критерий ретінде де ұсынады. „Етістіктердің салт немесе сабақты болуына қарай әрқайсысын өз алдына жеке сөз, дербес лексикалық единица деп қарау керек" (-X. ЕЛГС, 210) Соған қарамастан етістіктің салттылық-сабақтылық мәні тура обьектіні талап ету-етпеуіне қарай грамматикалық формаға байланысты, өйткені тура объект табыс септік формасы ашық я жасырын түрінде беріледі. Сөйтіп, етістік түбірдің таза семантикалық тәсіл арқылы байқалатын салттылық-сабақтылық мағынасы екінші жағынан табыс септік формасы арқылы берілетін тура объектімен тікелей байланысты я байланысты емес болуы арқасында грамматикалық категория қасиетіне ие болып отыр.

Орыс тілінде зат есім семантикалық жағынан деректі-дерексіз (конкретное — отвлеченпое имя), жалпы-жалқы (нарицательное – собственное имя) сияқты түрлерімен бірге жанды және жансыз заттар (одушевленные и неодушевленные предметы) болып бөлінетіні белгілі. Қазақ тілінде де зат есімнің осындай түрлері орыс тіліндегі зат есімнің, соңғы түріне семантикалық сипаты жағынан қазақ тіліндегі кімдік (адамға байланысты) және нелік (адамнан басқа зат атауларына байланысты) зат атаулары біршама сәйкес келеді, бірақ бірдей емес. Орыс тіліндегі зат атауының жанды-жансыз түрлері, бір жағынан, қазақ тіліндегі кімдік-нелік зат атаулары сияқты таза семантикалық тәсіл арқылы ажыратылып айқындалса, екінші жағынан, белгілі бір сәтте грамматикалық формаға қатысы байқалып отырады. Мысалы, жанды зат атаулары септелгенде, табыс (винительный) септік тұлғасы ілік (родительный) септік тұлғасымен сәйкес келеді де, жансыз зат атаулары септелгенде, табыс (винительный) септік формасы атау (именительный) септік формасымен сәйкес келеді: вижу белые пароходы (ақ кемелерді көріп тұрмын) және вижу белых слонов (ақ пілдерді көріп тұрмын). Сондықтан орыс тіліндегі зат есімнің жанды-жансыз түрі грамматикалық (морфологиялық) категория болып есептеледі де, қазақ тіліндегі зат есімнің кімдік-нелік түрі ондай қасиеті (грамматикалық тұлғалануға қатысы) болмағандықтан, грамматикалық категория бола алмайды. Орыс тіл білімінің кейбір мамандары зат есімнің жанды-жансыз мәнді түрін топтау, жіктеу мәнді (классифицирующие) морфологиялық категорияға (сөз түрлендіру словоизменительные) – морфологиялық категорияларға қарама-қайшы) жатқызады. (М.-МКСРЯ, 26). Мұның өзі грамматикалық категория әр тілдің жүйелік қүрылымына, грамматикалық құрылысының парадигмалық сипат-ерекшеліктеріне қарай анықталатынын көрсетеді. Сондықтан да бір тілдегі грамматикалық категория екінші бір тілде бола да бермеуі мүмкін. Айталық, үнді-еуропа тілдерінің көпшілігіне зат есімнің тек (род) категориясы тән. Тек категориясы о баста жыныстық қасиетпен байланысты туып қалыптасқан болуы керек. Жанды заттарды (адамзатты, хайуанаттар мен жәндіктерді) биологиялық жынысы жағынан еркек және ұрғашы деп бөлу және сондай ұғымның болуы дүние жүзіндегі халықтар тілінің барлығына ортақ. Бірақ ол ерекшеліктердің көрінісі болып табылатын ұғымдардың тілде берілуі бірдей емес. Бір тілде, мысалы, орыс тілінде, ондай тектік (род ұғымына байланысты) ерекшелік белгілі бір жүйелі түрдегі грамматикалық тұлғалар арқылы берілсе және тектік жүйе грамматикаланып, ол сипат тек жыныстық ерекшеліктері бар жанды заттарға ғана емес, жыныстық қасиеті жоқ белгілі грамматикалық топтағы (заттық ұғымдағы) сөздерге, жалпы зат атауларына тән болып келеді, тіпті жыныспен байланысы жоқ аралық тек (средний род) сияқты грамматикалық мәнде пайда болса, басқа бір тілде, мысалы, қазақ тілінде, жыныстық ерекшелік жеке сөздердің семантикасы шеңберінен шықпай (мысалы, әке-шеше, бала-қыз, аға-апа, қошқар-қой, арлан-қаншық т.б.) немесе сипаттама түрде ғана беріліп (мысалы, еркек қаз я ата қаз ұрғашы қаз, еркек күшік – ұрғашы күшік, оқушы бала-оқушы қыз т.б.) белгілі грамматикалық топтағы сөздердің (сөз табының) жүйелі тұлғалық түрлену ерекшелігі болып қалыптасқан.

Тілде болатын табиғи құбылыстардың бірі-заттар арасындағы меншіктілік – тәуелділік қатынас. Өйткені қоғамдық өмірде бір зат жеке бір адамға, ұжымға тән, соның меншігі болу, бір зат екінші заттың бөлігі болу немесе соған қатысты болу т.б. – ақиқат нәрсе. Осындай мәндер қай тілде болсын белгілі амал-тәсілдер арқылы беріледі. Мысалы, ол мағына орыс және басқа үнді-еуропа тілдерінің біразында таза аналитикалық немесе семантикалық-аналитикалық тәсілмен – тәуелдеу есімдіктері (притяжательные местоимения) мен зат есімдіктердің анықтауыштық қатынаста қиысуы (согласование) арқылы (қазақ тілінде қиысу тек жақ арқылы және кейде жекеше-көпше бастауыш пен баяндауыш арасында ғана болады) беріледі: мой дом, твой дом, наш дом, наша школа, ваша книга, мои друзъя, ваши друзья т.б. Мұнда парадигмалық сипаттағы ешбір жүйелі тұлғалық құрылым жоқ, заттың атауы болатын сөздер өз алдындағы анықтауыштарынсыз ешбір тәуелдік ұғымды білдірмейді. Ал қазақ тілінде менің үйім, сенің үйің, біздің мектебіміз, сіздің (сендердің) кітабыңыз (кітаптарың, менің достарым, сіздің (сендердің) достарыңыз (достарың) дегендерде тәуелділік, жақтық мағына, алдыңғы анықтауыштарын (менің, сенің, біздің, сіздің, сендердің) алып тастасақ та, сақталып тұрады. Ол грамматикалық мағынаны білдіріп тұрған -ім, -ің, -іміз, -іңіз, -ыңыз, -ың, -ым деген парадигмалық сипаттағы тәуелдік жалғауы. Сондықтан да бұл – қазақ тілінде (жалпы түркі тілдерінде) жеке бір грамматикалық категория, тәуелдік категориясы болып табылады.

Тілдегі грамматикалық категориялар айналадағы объективтік құбылыстың, қоғамдық өмірдегі болмыстың, шындықтың тілдегі бейнесі деуге болады.

Жоғарыда көрсетілгендей, грамматикалық категориялардың негізінде белгілі бір объективтік болмыс, шындық жатады. Айталық, тек (род), тәуелділік ұғымдары мен жекелеген тілде сондай грамматикалық категориялардың болуын былай қойғанда, тілдегі етістікке байланысты шақ категориясын алайық. Ең алдымен, етістік қимылды, іс-әрекетті, процесті, құбылысты білдіреді. Бұл – қандай тілге болса да тән. Екіншіден, қандай тілде болса да, етістік яғни, іс-әрекет, процесс, құбылыс белгілі бір мезгілде, сәтте, уақытта және белгілі бір кеңістікте, мекенде өтеді я өтуге тиіс. Бұл – объективтік шындық. Ешбір кеңістікке байланыссыз, ешбір мезгілге қатынассыз қимыл, іс-әрекеттің болуы мүмкін емес. Енді қимыл іс-әрекеттің өту мезгілін (уақытын) белгілі бір сәтпен байланысты анықтау, яғни айтушы тұрғысынан сөйлеп тұрған сәтте өлшем ету қалыптасты да, соған байланысты әрбір қимыл, іс-әрекет мезгілінің, шағының грамматикалық мағынасы туып, тұрақтап, олар белгілі грамматикалық амал-тәсілдер арқылы жүзеге асу нәтижесінде грамматикалық шақ категориясы пайда болды. Қимыл, іс-әрекетке байланысты кеңістік, мекендік мән грамматикалық сипат ала алмай, бұл сияқты қалыптасу процесі болмағандықтан, грамматикалық категорияға айнала алмады. Немесе жоғарыда көрсетілгендей, тек (род) категориясы бар тілдердің өзінде олардың (тектің) сипаты, түрлері бірдей, біркелкі бола да бермейді. Орыс, неміс тілдерінде зат есімдер еркек тек (мужской род), аралық тек средний род, ұрғашы тек (женский род) түрлеріне бөлінсе, араб, француз тілдерінде зат есімдерді тек еркек тек, ұрғашы текке бөлу дәстүрі бар. Сондай-ақ бұл тілдерде жекелеген сөздердің (зат атауларының) тектік сипаты, ерекшеліктері біркелкі емес: бір сөз бір тілде тек категориясының бір түріне жатса, екінші тілде ол сөз тектің екінші біреуіне жатуы мүмкін. Мысалы, орыс тіліндегі ложка (қасық), голова бас деген сөздер ұрғашы текке, женский род, жататын болса, неміс тілінде олар дер Леффель (қасық), дер Кепф (бас) түрінде еркек текке жатады. Тіпті бір тілдің өз ішінде тектес, мәндес, жақын сөздер әр текке де жатуы мүмкін. Орыс тіліндегі мына сөздерге назар аударайық: -изба -здание -дом, -школа -училище -техникум -институт, речь -слово -голос, -вывод -заключение т.б. Осындағы үйге, оқу орнына байланысты, сөз сөйлеуге, қорытындыға байланысты сөздердің әрбір сыңары бір-бірінің соңғы тұлғалық формасы арқылы ғана әр түрлі текке (род) жатады. Әйтпесе бұлар мәндері жағынан бір-біріне өте жақын емес пе?

Бұдан тілдегі грамматикалық категориялар о баста қоғамдық өмірдегі болмыс объективтік шындық негізінде пайда болып қалыптасып, тілдің даму барысында ол категориялардың абстракциялану дәрежесіне сай алғашқы мәнін сақтап я одан алшақтап кететінін көреміз. Сөйтіп, ол осы қасиеттері арқылы белгілі бір сөз табының грамматикалық немесе лексикалық-грамма-тикалық сипаттағы түрлену жүйесі болып табылады да, сол сөз табын басқа сөз таптарынан ажыратарлық морфологиялық белгісі болып есептеледі.






Date: 2016-02-19; view: 874; Нарушение авторских прав

mydocx.ru - 2015-2019 year. (0.008 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию