Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Антикалық мәдениет аясындағы философия





Көне шығыс философиясынан кейін біз Батыс философиясына көшеміз. Әдебиетте оны антикалық философия дейді. Оның Отаны - қазіргі Греция. Грек философиясының әлеуметтік-экономикалық негіздері - патриархалдық-құлдық қоғамынан дамыған құл иеленушілік қоғамға көшу, қосымша құнды өсірудің негізінде байлықтың көзі ашылып, қала-мемлекеттердің қалыптасуы, интеллегенцияның дүниеге келуі т.с.с. Бұл үрдістер VI-V б.ғ.д. өтті.

Грек философиясының қайнар көзі оның бай мифологиясында, гректердің өте терең нақыл сөздер қалдырып кеткен 7 дана аталарында. Сондықтан қысқаша оларға тоқтап кетпеуге болмайды.

Грек мифологиясы

Грек мифологиясы - осы күнгі уакытқа дейін адамзатты таңғалдыратын мәдени құбылыс. Ол - бүкіл Европа өркениетінің іргетасына сіңген, бүкіл ағарған адамзаттың рухани өміріне осы уақытқа дейін ықпалын тигізіп, шығармашылық шабыт туғызатын көне мәдениет туындылары.

Грек мифологиясынан сонау көне замандағы адамдардың өмір-салтын, олардың қиялдары мен үміттерін, табиғаттың құбылыстарына оның ашылмаған сырларына деген көзқарастары мен қорқыныш сезімдерін, Дүниенің қалайша пайда болғаны жөніндегі алғашқы түсініктерін байқауға болады.

Грек мифологиясының кейіпкерлері осы уақытқа дейін өнер, философия, әдебиетте қолданылады. Кейбіреулерін атап өтейік. Грек мифологиясында ең жоғарғы құдай - Зевс - Кронның баласы. Ол өзінің інілері Посейдон мен Аидпен Дүниені бөліп алады. Зевске аспан, Посейдонға мұхит, Аидқа жер тиеді. Зевс аспандағы бұлттарды жинап, жерге жаңбыр жаудыртып, найзағайды жібереді, ол үй шаруасына көмектесетін Құдай.

Грек мифологиясында егер Эрот махаббаттың Құдайы болса, өмірдегі қуаныш пен бақытты көрсетсе, Танатос өлім Құдайы болған. Ал оның інісі Гипнос - ұйқы Құдайы.

Егер Афродита сүю меы құмарлықтың әсем Құдайы болса, онда Пандора әсем зұлымдықты көрсетеді. Зевстің бұйрығы бойынша, ұста Құдайы Гефест Пандораны өте әсем қылып жасап шығарды. Ол адамдарға келгенде өзімен әкелген қобдишасын ашып, бүкіл зұлымдықтарды жер бетіне шығарып жіберді, тек қана оның түбінде үміт қалыпты.

Көне гректердің Құдайларының ішіндегі әділ қазысы - Фемида, әділеттілікті қадағалап байқап отыратын - Дике.

Егер Эфир күн Құдайы болса, онда Нюкта - түн Құдайы. Нюкта ешкімге қосылмай жалғыз өзі алдауды, құмартуды, қайғыны, аштықты, кәрілік пен өлімді тудырыпты.

Ал адамға келетін болсақ, грек мифологиясында оның жаны (психе) және ақыл-ойы (нус) бар. Жануарлардың жаны болғанымен, олардың ақыл-ойы жоқ. Нус - адамдарға ғана тән құбылыс.

Адам өмірінің ұзақтығын, жасын анықтайтын Құдай - ол Мойра, ал адамның тағдырын анықтайтын - Ананке. Ал Тихе деген тағдыр Құдайы белгілі бір кездейсоқтықтың негізінде адамның тағдырын күрт өзгертіп жіберуі мүмкін. Адамның ақыл-ойы мен сезімінде шабыт тудыратын құдайлар - Музалар. Эрато — махаббат пен поэзияның, Клио тарихтың, Мельпмена - трагедияның, Терпсихора - бидің, Талия - комедияның, Урания - астрономияның музалары.

Оқырманның байқағанындай, бұлардың бәрі қазіргі

Мәдениет, білім салаларында осы уақытқа шейін айтылатын кейіпкерлер.

Гректердің «Жеті даналары»

Грек философиясының пайда болып калыптасуына өзінің тікелей әсерін тигізген — олардың «Жеті даналары». Олар б.з.д. 7-ғ. өмір сүрсе керек, аттары — Фалес, Клеобул, Питтак, Биант, Солон, Хилон, Анахарсис. Соңғы кісінің шыкқан тегі - қазақ жері болса керек. Білім іздеп сонау Грецияға барып, Солон патшаның кеңесшісі болыпты-мыс деген аңыз бар. «Сіз қалай ойлайсыз, жер бетінде өлі көп пе, тірі көп пе деген сұраққа ол кісі сұрақпен жауап қайтарған екен: «Түбінің қалыңдығы 3 елі тақтайдан жасалған қайықтағы теңіздің толқынында жүзген адамдар өлі ме, әлде тірі ме?» Осы жауаптан Анахарсистің XX ғ. пайда болған әкзистенционализм философиясының негізгі қағидаларының бірі - адам өмірінің нәзіктігі, ол тек «шекаралық», яғни өмірмен өлімнің екі ортасында қалған жағдайда өзінің өмірінің мән-мағынасын ашатыны жайлы шындықты болжай білгенін байқаймыз.

Гректің «жеті даналары» үлкен философиялық туындылар қалдырмаған, олар кітап жазбаған. Бірақ олардың Дүние, адам, таным мәселелеріне арналған біршама нақыл сөздері қалған. Кейбіреулерімен таныстырайық.

Клеобул: «Өлшем - ең жақсы», «Әкеңді сыйла», «Көбірек тыңда, азырақ сөйле», «Ләззатты ауыздықта», «Әйелді теңіңнен ал» т.с.с. деп айтқан екен.

Солон патшадан мынандай нақыл сөздер қалыпты: «Зардап тудыратын ләззаттардан аулақ бол», «Әке-шешеңнің пікірлері әрқашанда дұрыс» (бұған күмән келтіруге, әрине, болады. - С.М.), «Елді басқару үшін, ең алдымен кенуді үйрен», «Көрмегенді айтпа, білмесең - үндеме». «Ұлы істермен бәріне жақсы болу қиын».

Хилон былай депті: «Өзіңді тани біл», «Тойды арзан ақыға жаса» (әсіресе қазақтарға керек. - С.М.), «Өлгенді көтер, үлкенді сыйла», «Тілің ойыңнан озып кетпесін» (әсіресе бізге керек нақыл СӨЗ.-С.М.).

Фалес: «Әке-шешеңді қалай сыйласаң, балаларың соны жасайды», «Ең жаман нәрсе – тәрбиесіздік», «Өлшемді сақта», «Елді басқару үшін ең алдымен өзіңді-өзің басқара біл».

Питтак: «қорқыныш пен үрей болашақта, тыныштық еткенде», «Кек алудан гөрі кешіру жақсы».

Биант: «Күнде айнаға қара: әсем болсаң, дұрыс жүр, кемшілігің болса түзетуге тырыс», «Өзімдікінің бәрін өзіммен бірге алып жүрмін».

Периандр: «Талаптан. Сонда ғана барлық арманыңа жетесің», «Дүниедегі ең тамаша тыныштықта».

Әрине, осы және басқа нақыл сөздерде жеті даналардың өмірден алған тәжірибесі, олардың дүниетанымы, адамдардың қарым-қатынасы жөніндегі терең ойлары берілген. Осындай рухани тебіреністерден кейін грек даласында философияның өзі туады.

Алғашқы философтар. Натурфилософиялық кезең

Алғашқы грек философтары Иония (Кіші Азияның батысы) топырағында дүниеге келеді. Олар тарихқа «фисиологтар» (рһуsis -табиғат, грек сөзі, nаturа - табиғат, латын сөзі), яғни табиғатпен айналысатын ойшылдар ретінде кірді. Дүние жөніндегі мифологиялық көзқарасқа қанағаттанбай, олар бүкіл Дүниені біріктіретін, соның негізінде жатқан алғашқы затты іздеді. Олардың ойынша, ол зат, біріншіден, сезіммен танылатын, ең кең тараған, әртүрлі қасиеттері бар зат болуы керек. Сонымен олар Дүниенің бастауын мифологиядағы Құдайлардан іздемей, табиғаттың өзінен табуға тырысады.

Егер мифология Құдайлардың аяны ретінде есептелсе, Дүниеге келген ойшылдар өздерінің «даналыққа деген құштарлығын», білімге деген талпыныстарын көрсеткісі келеді. Пифагор айтқандай, «Толығынан дана - ол Құдай ғана, ал біз тек сол даналыққа құштармыз».

Тарихи бірінші рет осындай ой-өрісіне көшіп, Милет қаласынан шыққан Фалес (625-547 б.ғ.д.): «Алғашқы Дүниенің негізін құрайтын зат - су», деді. Өйткені су ең әртүрлі өзгеріске ұшырайтын табиғаттың заты, сондықтан ол табиғаттағы барлық өзгерістердің негізінде жатуы мүмкін. Фалес барлық заттардың қорегі дымқыл болып келеді, барлық тіршіліктің ұрықтары мен дымқыл табиғаты бар деген ойларды айтыпты-мыс деген қағидалар тарихта қалған. Құрғақшылық тіршіліктің өліміне әкеледі. Өмір әрқашанда сумен байланысты, бәрі де судан шығады, су арқылы өмір сүреді де, суда өмірі бітеді. Аңыз бойынша Фалес - жүзімнің шырынын қысып шығаратын құрал жасаған адам. Мүмкін, бүл нәрсе де оның ойына судың, дымқылдың тірі өмірдегі маңызын көрсетсе керек.

Ал адамның жан дүниесіне келер болсақ, Фалес оны барлық Дүниедегі заттарға теңеген. Магнит темірді тартады, олай болса темірдің де жаны бар деген екен. Олай болса, бүкіл Дүние тіршілікке толы. Мұндай көзқарасты біз гилозоизм дейміз (һуlе -грек сөзі, материя, zое - өмір,тірі). Сонымен Фалес жанды бүкіл дүниедегі заттардың ішкі қозғайтын күші ретінде караған.

Фалестен қалған кейбір нақыл сөздерді «Жеті дана» жөніндегі тарауымызда айттық. Тағы да басқа ойларын осы арада келтіруді жөн дейміз. Плутархтың айтуына қарағанда, Фалеске берілген сұрақтардан мынандай жауаптар алыныпты.

«Бәрінен де жасы үлкен кім?» «Құдай, өйткені ол тумаған». «Бәрінен де не үлкен?» «Кеңістік, өйткені ол бүкіл Дүниені қамтиды.» Не нәрсе ең әсем? —Дүние, өйткені әсемдіктің бәрі оның құрамында. «Ең дана не?» - Уақыт, ол бәрін тудырды, тағы да тудырады. «Барлыққа ортақ не?» «Үміт. Қолында еш нәрсе жоқтардың да үміті бар өмірден». т.с.с.

Сонымен Фалеспен бірге грек ой-өрісі бірте-бірте аңыз-қиялдан айырылып, ғылым жолына қарай бетбұрыстың есігін ашты. Милет мектебінің келесі үлкен ойшысы - Анаксимандр. Ол Фалестің жан досы, оқушысы болған деген пікір бар.

Анаксимандр алғашқы негіз мәселесін тереңдете түседі. Судың өзі нақтылы заттың түрі ретінде алғашқы негіз бола алмайды. Алғашқы негіз (аrсһе - бастау, грек сөзі) шексіз және бейнақтылы болуы керек. Оны Анаксимандр апейрон деген ұғыммен береді (ареіrоn - шексіз, бейнақтылы, грек сөзі).

Апейронның кеңістікте сыртқы шектеуі жоқ, яғни сандық жағынан шексіз, сонымен қатар ішіне қарай да шектелмеген, яғни сапа жағынан да анықталмайды.

Сонымен ішкі және сыртқы жағынан алғанда шексіз апейрон Дүниедегі шектелген әртүрлі заттарды тудырады. Апейрон бүкіл Дүниені қамтып, қоршап, бүкіл заттарды тудырып, ауыстырып отырады.

Бұл шексіз алғашқы негіз жоғарыда айтқандай кұдіретті болғаннан кейін, ол Құдайға тең, өйткені ол өлмейді де құрымайды. Егер грек мифологиясындағы Құдайлар дүниеге келіп мәңгілік өмір сүрсе, Анаксимандрдың Құдайы - апейрон – мәңгілік, шексіз, оның басы да соны да жоқ.

Анаксимандр - дүниедегі заттардың табиғатының қарама-қарсы жақтарын аңғарған ойшыл. Олар жылы мен суьқ, кұрғақ пен дымқылдың күресі.

Анаксимен (585-525б.ғ.д.) деген ойшыл да Милет қаласында өмір сүрген. Табиғаттың негізінде жатқан алғашқы негіз шексіз және біреу болғанымен ол бейнақтылы емес, керісінше, нақтылы -ол ауа (аеr - грек сөзі, ауа). Бірақ ауаның ерекшелігі - ол көрінбейді, сонымен қатар ол үне бойы қозғалыста, олай болса өзгерісте. Ауа сирей келе отты тудырады, қысыла келе желге, содан кейін бұлтқа, содан кейін жерге, сосын тасқа т.с.с. айналады.

Грек мифологиясындағы жанды адамның тынысымен теңеуін, Анаксимен өзінің философиясында пайдаланады. Ауа адамның жан дүниесін де тудырады. Олай болса, Құдайды да тудырған ауа деген пікірге келеді.

Алғашқы грек философиясының негізін қалаушылардың арасында оқшау тұрған Гераклит (Үғ-Үб.ғ.д.). Ол Эфес қаласында дүниеге келген.

Гераклиттің нақыл сөздерінің мәнін түсіну қиын болғаннан кейін, оған «күңгірт» деген ат қойылған. Гераклит «Бұл ғарыш, барлық өмір сүргенге бір, еш Құдай, я болмаса адам жаратпаған, болған, болып жатқан және болатын жарқыраған тірі от, өлшемді түрде сөніп, жанып отырады».

«Алтын тауарларға, тауарлар алтынға алмастырылғандай, бәрі де отқа, от бәріне алмастырылады».

Гераклит Дүниенің мәңгілік өзгерісте, қалыптасу үстінде екенін ашық көрсетеді. Пан та реи (раn tа rһеі) бәрі де қозғалыста, бәрі де ағым, еш нәрсе қозғалмай тұрақты тұрмайды, бәрі де өзгеріп басқаға айналады деген терең пікір айтады. «Өзен суына екі рет кіруге болмайды. Біз өзен суына кіреміз, сонымен қатар кірмейміз, біз сол өзімізбіз, сонымен қатар басқамыз».

Ойшылдың бүл ойлары бізге түсінікті. Бір қарағанда өзен сол өзен болып көрінгенмен, оның суы өне бойы ағыста болғаннан кейін жаңарып отырады. Сондықтан екінші реттей өзенге түскенде, алғашқы сулар ағып кеткен. Сонымен қатар біздің өзіміз де осы уақыт шеңберінде өзгердік.

Гераклиттің шәкірті Кратил: «Біз бір реттей де өзенге түсе алмаймыз, өйткені біз суға кіріп жатқанда, олар сол сәтте ағып кетеді, оның орнына жаңа су толқындары келеді, біз өзіміз де сол сәтте өзгеріп жатамыз», - дейді.

Гераклит Дүниенің мәңгілік қалыптасу екенін көрсетіп қоймай, сонымен қатар оның қайнар көзін іздейді. Гераклиттің түсінігінше, қалыптасу дегеніміздің өзі қарама-карсылықтың бір-біріне өтуі: суық ыстыққа, ыстық суыққа, дымқыл құрғаққа, құрғақ дымқылға, жас кәріге, тірі өліге т.с.с. айналады. Өмір садаққа, лираға ұқсайды (лира - гректердің музыкалық аспабы, ортүрлі тартылған ішектерден тұрады). Заттардың қарама-қарсы жақтары өшпейтін күресте. «Соғыс — бар заттың анасы және басқарушысы», - дейді Гераклит. Бірақ ол біржақтылықтан аулақ. Соғыс белгілі бір уақытта бейбітке, не үйлесімділікке айналады. «Олар (надандар) түсінбейді: айырмашылығы бар нәрсе ғана өз-өзіне келеді. Ауру саулықтың тәттілігіне, аштық тоқтықтың жақсылығына, ауыр еңбек демалысты бағалауға кепіл. Әділеттіліктің не екенін біз ренжу болмаса білер ме едік», - дейді ұлы ойшыл.

Қарам-қарсылықтардың бәрі бір-біріне өтіп, гармонияға (һаrmоnіа - грек сөзі, қарама-қарсылықтың үйлесімге келуі) келеді. Жоғарыға кететін жолмен төменге кететін жол - сол жол, өлі мен тірі - біреу. Сонымен «Бәрі де - бір, біреуден – бәрі де шығады». Бұл Дүниенің гармониясын қадағалайтын - Логос. Логос - грек сөзі және оның мағынасы әртүрлі - ол ілім, сөз, сойлем, баяндау, есептеу, қатынастарды анықтау т.с.с. Гераклиттің философиясында Логос заң ұғымына жақын. «Ақылдылыққа үйрену үшін Логосқа жақынырақ болу керек, қаланы өркендету үшін оның заңдарын күшейту кажет», деген Гераклиттің нақыл сөздерінен Логосты Дүниенің өзгеру заңдылықтары деп түсінуге болады.

Гераклиттің Логосын, ол кісінің айтуынша, қайсыбір адам түсіне бермейді. «Маған Логосты тыңдау, даналықты мойындау, бәрі де - бір».

Гераклиттің «Аіоn — асықтармен ойнап жатқан сәби» деген ойы жөнінде осы уақытқа шейін философтар әртүрлі түсініктемелер береді. Біздің ойымызша, ол заңды түрде сөніп, тағы да лапылдап от болып жатқан Дүниедегі кездейсоқтықтың үлкен орнын көрсеткісі келгендей. Ал мұндай көзқарас қазіргі философиядағы Дүние жөніндегі, оның өз бойында орасан зор әртүрлі даму мүмкіншіліктерінің бар екені, олардың өмірге кездейсоқтық арқылы кішкентай ғана бөлігінің іске асатынын еске түсіреді.

Сонымен алғашқы грек философтарының ішіндегі Гераклиттің орнының ерекшелігін, оның аса ғұлама түлға екенін, қорыта келе, тағы да атап өтуіміз керек.

Келесі үлкен тұлға - Пифагор (VI-V б.ғ.д.). Жас кезінен бастап білімге деген құштарлығы оны шығысқа - Мысыр еліне тартты. Еліне қайтып оралғаннан кейін, ол өзінің кұпия мектебін ашып, өзінің философиясын шәкірттеріне таратты.

Пифагор математика ғылымымен айналыса келе, Дүниедегі құбылыстардың заңдылықтарын математикалық сандық өлшемдермен беруге болатынын байқайды. Олай болса, Дүниенің алғашқы негізі суда, ауада, жерде т.с.с. емес, санда болар деген ой келеді.

Міне, осы сәттен бастап, дүниетанымға жаңа көзқарас кіріп, батыс мәдениетінің ерекшеліктерінің қалыптасуына зор әсерін тигізді. Музыка саласында дыбыстардың арақатынасы математикалық түрде көрсетіле басталды. Жердегі ауа райының өзгеруі, маусымдардың келу ерекшеліктері, тіршіліктің даму циклдары – бәрі де математикалық заңдылықтарды көрсетті. Өздерінің космологиясында, олар геоцентризмнен (gеоs - грек сөзі, жер; сеntrum -латын сөзі, орталық) бас тартып, жердің шарға ұқсастығын, күннің тұтылуы айдың жер мен күннің екі ортасынан өтуінде екенін т.с.с. көрсетті.

Сонымен сан - заттардың алғашқы негізі. Бүгінгі таңдағы біздерге сан — абстракция, ақыл-ойдың туындысы. Бірақ антикалық ой шеңберінде - сан - ол шындықтьң алғашқы негізі, ол заттардың «фюзисі», яғни табиғаты.

Date: 2016-05-18; view: 1127; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.008 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию