Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Азақ хандығының құрылуы қарсаңындағы Моғолстанның ішкі және сыртқы саяси жағдайы





Қазақ хандығының құрылуында Әбілқайыр хандығымен бірге тікелей қатысты болған мемлекеттің бірі – Моғолстан. Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған ордаежендік тайпалардың «көшпелі өзбектер» елінен бөлінуі Әбілқайыр хандығындағы ішкі және сыртқы саяси жағдайлардан қалай туындаса, дәл сол сияқты XV ғасырдың орта тұсындағы Моғолстанның ішкі және сыртқы саяси жағдайы осы мемлекеттің аумағында Қазақ хандығының құрылуына алып келеді. Сондықтанда, Қазақ хандығының құрылуының саяси алғышарттарын түсіну үшін Моғолстандағы ішкі және сыртқы саяси жағдайды анықтаудың маңызы ерекше.

Тарихнамада Моғолстан мемлекетінің саяси тарихы зерттелмеген деп айтуға болмайды. Алғаш рет Моғолстанның саяси тарихы 1898 жылғы В.В Бартольдтың «Жетісу тарихының очеркі» атты еңбегінде қарастырылады [309, 74-175 бб.]. Еңбектің ғылыми құндылығы сондай, ол академиктің шығармалар жинағына енгенге дейін бірнеше рет қайта басылады. 1943 жылы А.Н. Бернштамның редакциялық етуімен Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында, 1956 жылы ағылшын тілінде, 1962 жылы қайта басылып шығады. [7, 5 б.] Академиктің бұл еңбегі оның шығармаларының 1963 жылы жарық көрген екінші томының бірінші бөліміне енгізілген. [7, 21-106 бб.] Ондағы «Моголистан» атты жетінші тарауша көлемі жағынан 17 беттен тұрса да, онда Моғолстан мемлекетінің құрылуынан XVI ғасырдың ортасына дейінгі Жетісу өңіріндегі саяси оқиғалар қысқаша көлемде, бірақ жүйелі түрде баяндалады [7, 79-95 бб.]. В.В.Бартольд Моғолстан тарихына қатысты осы мақалада айтқан ойлары әлі күнге дейін өзінің ғылыми маңыздылығын жойған жоқ, сол себепті де Моғолстан тарихына қалам сілтеуші авторлар оның еңбегінен аттап немесе айналып кете алмайды.

Қазіргі кездеін өзінің ғылыми маңыздылығын жойған жоқ, сол се Отандық тарихнамада Моғолстан тарихының жалғыз және белгілі маманы К.А.Пищулина болып саналады. Оның 1977 жылғы монографиясы толығымен осы мемлекеттің тарихына арналған. [47.] Сондай-ақ 1983 жылғы көп томдық Қазақ ССР тарихының 2-ші томындағы «Моғолстан» атты тараушаны, 1998 жылғы көп томдық Қазақстан тарихының 2-ші томындағы Моғолстан мемлекетінің тарихына арналған 3-ші тараушаны К.А. Пищулина орындап шығады. [54, 121-128 бб.; 145-154 бб.]

Көрсетілген авторлардың еңбектерінде Моғолстан мемлекетінің құрылуы, алғашқы моғол хандарының саясаты, Әмір Темірдің Моғолстанға жорықтары, XV ғасырдың бірінші жартысындағы саяси тарихы мәселелері жақсы қарастырылғандықтан, біз бұл жерде ол мәселелерді қайталап жатпай, бірден XV ғасырдың орта тұсындағы Моғолстанның ішкі және сыртқы саяси тарихының мәселелеріне көңіл аударамыз.

XV ғасырдың басынан сол ғасырдың орта тұсына дейінгі Моғолстанның ішкі саяси жағдайына шолу ретінде көз жүгіртсек, «XV ғ. I жартысында Оңтүстік-Шығыс Қазақстан (Моғолстанның бір бөлігін құраған Жетісу жері-Б.К.) тынымсыз өзара алауыздық қырқасулар сахнасына айналды. Қызыр-Қожа хан, Мұхаммед хан, Уәйіс хан тұстарында Моғолстанда өкімет билігін орталықтандыру мен ішкі саяси жағдайларды уақытша тұрақтандырудың жекелеген кезеңдерін феодалдық күрестің жаңа толқындары мен Жетісу аумағына батыстан Темір әулеті және шығыстан ойраттар жасаған үздіксіз шапқыншылықтар бұзып кетіп отырды”,-деп сипаттама береді К.А. Пищулина [54,151 б.]

Моғолстан тарихын баяндайтын ортағасырлық шығарма «Тарих-и Рашидиде» XV ғасырдың бірінші жартысындағы Моғолстандағы саяси бытыраңқылық, өзара күрестер, талас-тартыстар жақсы баяндалады. 1418-1428 жылдары билік құрған Уәйіс ханның тұсында біршама тұрақтылық байқалғанымен, ол қаза тапқаннан кейін, билік үшін күрестер мен талас-тартыстар қайта күшейеді. Ол туралы Мұхаммед Хайдар Дулати «Уәйіс хан шахид болғаннан кейін моғолдардың ұлысы бейберекетсіздікке ұшырады»,-деп жазады [142, 105 б.] Одан ары «Тарих-и Рашиди» авторы Моғолстандағы бейберекетсіздіктің себептерін былайша түсіндіреді: «Уәйіс ханнан екі ұл қалды. Жүніс хан және Есенбұға хан. Жүніс хан үлкен ұлы еді, оның жасы сол кезде он үште болатын.

Әмірлердің арасындағы алауыздықтың кесірінен әмір Хұдайдадтың сыйлы адамдары Иразан барин және Мирак түрікпен екеуі Уәйіс хан қайтыс болғаннан кейін адамдары және қару-жарақтарымен Хұдайдадтың ұлы әмір Мұхаммед шаһтан бөлініп, Жүніс ханға барып қосылды. Сөйтіп олар бүлікшіліктің негізін қалайды.» [142, 105 б.] Көріп отырғанымыздай, Моғолстандағы саяси дағдарыстың себептері XIV ғасырдың екінші жартысынан бастау алатын Алтын Ордадағы саяси дағдарыстардың себептерімен ұқсас келеді. Жергілікті ру-тайпа көсемдерінің экономикалық қуатының артуы олардың саяси өмірдегі ықпалын күшейтсе, шағатайлық әулеттің билік үшін бір-бірімен өзара күресі, олардың осы күрестерде әмірлер мен бектерге арқа сүйеп, саяси күресте оларға тәуелді болуы –ең алдымен, шыңғыстық идеологияны қатты әлсіретеді. Алтын Ордадағы Едіге би секілді мұнда шағатай әулетінің қайсысының билікке келуі дуғлат тайпасы әмірлерінің кімді қолдайтындығына байланысты болды. Мұхаммед Хайдар Дулати осыған байланысты мынадай қызықты мәлімет береді: «Моғолдарға әмір Хұдайдақ (автордың алтыншы атасы, әмір Болатшының ұлы-Б.К.) өз қолымен алты ханды таққа отырғызғаны мәлім. Олардың алғашқысы Қызыр қожа хан, содан соң Шам-и Жеһан хан, Нақыш-и Жяһан хан, Мұхаммед хан, Шир Мұхаммед хан, соңғысы Уәйіс хан» [142, 101 б.] Тағы да мынадай бір мәліметтен жергілікті ру-тайпа көсемдерінің қандай материалдық байлықтарға ие болғанын көреміз. Автор үшінші атасы Әмір Сайид Әлінің Қашқардағы билігі жөнінде айта келе, «Әмірден үш ұл және екі қыз қалды. Бір ұлы Мұхаммед Хайдар мырзаға, яғни менің атамның үлесіне бір жүз алпыс мың қой тиген еді»,- деп хабарлайды [142, 108 б.] Әрбір әмір немесе әмірлер тобы өздерінің мақсат-мүдделеріне сай келетін, солардың талаптарын орындайтын шағатай әулеті өкілін билікке отырғызуға күш салды. Соның нәтижесінде бірнеше таққа үміткер пайда болып, ең күштісі немесе ең жолы болғышы билікті иеленгенге дейін күресін тоқтатпайды. Уәйіс ханнан кейін Моғолстанның әмірлерінің іс-әрекеттері біздің осы ойымызды негіздей түседі.

Уәйіс ханның екі жас ұлын қолдаған әмірлер арасындағы күрестер 5-6 жылға созылып, ақыры ең жасы Есенбұғаны қолдаған топ жеңіске жетеді де, 1434 жылы Жүністі жақтастары Мауереннахрдағы Ұлығбекке алып кетеді. [142, 105 б.; 7, 88 б.; 47, 117 б.; 138, 29-30 бб.]

Есенбұға ханның жастығын, оның мемлекет басқарудағы тәжірибесіздігін Моғолстанда қалған моғол әмірлері өз пайдаларына шешуге тырысады. Тұрфандық ұйғыр тайпасынан шыққан Темір атты әмірдің ханға өте жақын болуы, басқа әмірлердің қарсылығын туғызады да, олар бүлік жасап, Темірді өлтіреді. Ал өздері болса, әрқайсысы өз ұлыстарына қашып барып бекінеді. Моғол әмірлерінің бүлік жасауы себебін К.А. Пищулина дәл анықтап былайша түсіндіреді: «Өз кезегінде жас хан Моғолстанның көшпелі тайпаларының әмірлері арасында өзін еркін сезіне алмай, өзіне тірек болуды оңтүстіктегі егінші отырықшы аудандардағы феодалдардың жоғары тобынан іздеді. Моғолстанның бұрынғы ру-тайпаларының көсемдері, әмірлер мен бектер бұған наразы болды.»[47, 118 б.]

Осы тұстағы Моғолстандағы бытыраңқылықтың күшейгені сондай, орталық биліктің қауқары тек Есенбұға ханның айналасындағыларға ғана жеткен сияқты. Ал «Тарих-и Рашиди» авторының мәліметіне сүйенсек, әрбір әмір өз ұлысында дербес өмір сүре бастаған. Мысалы, бұрынғы ұлысбегі Әмір Мұхаммед шаһ Атбасыға қоныстанса, Әмір Кәрімберді Моғолстанның Әндіжан мен Ферғанаға шекаралас Алабұға деген жерінде өзіне қорған салдырады. Бекжак тайпасының әмірі Хақберді Ыстық көлдің Қой су деген жерінде қорған салдырады. Шорас, барин тайпаларының әмірлері қалмақтарға, калуун (қалушы), бұлгауи (бұлғашы) және тағы басқа бірнеше тайпалар Шығыс Дешті Қыпшаққа кетеді. Құнжы және тағы басқа тайпалардың әмірлері Моғолстан жерінде ешкімге бағынбады, даланы сергелдеңге салып, берекетсіздікке ұшыратады [142, 109 б.; 7, 87 б.; 47, 118-119 бб.] Әрбір әмір өз бетінше өмір сүріп, өз саясатын жүргізеді. Әмір Кәрімберді Ферғана мен сол аймақтағы елдімекендерді тонауға ұшыратса, Әмір Хақберді Түркістан мен Сайрамды ойрандауға кіріседі. [142, 109 б.] Уақыт жағынан алғанда Моғолстандағы бұл бытыраңқылық XV ғасырдың 30-шы жылдарының соңы мен 40-шы жылдарының бірінші жартысында болады. Сондай-ақ ол мемлекеттегі ішкі саяси жағдайдың ең тереңдеп, бытыраңқылықтың ең асқынған түрінің көрінісі болды. Моғолстан атты мемлекеттің одан ары өмір сүру не болмаса тарихтан өшу мәселесі бірінші боп күн тәртібінде тұрды деуге болады. Ресми хан Есенбұғаның бұл тығырықтан елді алып шығар ешқандай жоспары болмаған секілді. Теңеу түрінде айтсақ, сол жылдардағы Есенбұғаның жағдайы мен халін ағысы қатты өзенде ескегінен айырылған қайықшы деуге болады.

Осындай жағдайда ханның қауқарсыздығын түсініп, елдегі ішкі жағдайды ретке келтіру үшін жергілікті ру-тайпа көсемдерінің алдыңғы қатардағы тобының өкілдері өз бастамаларымен жағдайды жөндеуде қолға алады.

Ханның беделі болмаса да, шыңғыстық идеология әлі де болса өз позициясын толық жоймаған болатын. Мұны жете сезінген әмірлер тобы бүкіл мемлекеттік көлемдегі саяси шараларды ханның атынан, ханның қолдауымен, ханның жарлығымен жүзеге асыру үшін ханды өз ықпалдарында ұстау керектігін түсінеді. Сол мақсатпен ханға бірінші боп бұрынғы ұлысбегі дуғлат тайпасының әмірі Мұхаммед шаһ қайтып оралады. Одан кейін басқа әмірлер де ханның төңірегіне топтаса бастайды. Бұл туралы Мұхаммед Хайдар Дулати: «Одан соң барлық ел ханға қайтып оралды. Хан да өзінің жасаған әрекеттеріне опынып, елімен жақсы қатынас жасай бастады»,-деп баяндайды [142, 109 б.]

Мұхаммед Хайдар Дулатидың осы мәліметіне талдау жасау арқылы біз сол кезеңдегі моғол қоғамындағы этносаяси жағдай туралы біршама түсініктер ала аламыз.

Мәселенің этникалық жағына назар аударсақ, онда Моғолстан мемлекетіндегі негізгі этноқауым-моғолдардың осы кезеңде таза классикалық үлгідегі этнос болып қалыптаса қоймағанына көзімізді жеткіземіз.

К.А. Пищулина бұл жөніндегі: «XV ғасырдың бірінші ширегінде Оңтүстік-Шығыс Қазақстан бірнеше рет феодалық өзара қырқыстар мен сыртқы шапқыншылықтарды бастан өткерді....ондаған жылдарға созылған феодалдық соғыстар, феодалдық қырқыстар, сондай-ақ жаулаушылардың кезекті соғыстары мемлекеттің саяси тұтастығын сақтап қалуға мүмкіндік бермеді. Мұның бәрі тұрғындардың этникалық бірігуіне кедергі келтіріп отырды»,-деген тұжырымы біздің ойымыздың дұрыстығын растайды. [47, 287 б.] Көрсетілген себептер XV ғасырдың екінші ширегінде де этникалық бірігуге кедергі жасайды.

Моғолстанның негізгі аймақтары Жетісудағы, Тянь-Шаньдағы және Шығыс Түркістандағы түрік тілдес тайпалар ортақ атаумен «моғолдар» деп аталса да, олар географиялық орналасуға, шаруашылық түрлеріне, этногенетикалық және тарихи дамуларына қарай бір-бірінен ерекшеленіп тұрады. Моғолдар құрамындағы ірілі-ұсақты 25-26 тайпалардың ішінде қазақ халқының құрамында кездесетін Қаңлы, Доғлат (Дулат), Керайт тайпалары болған. В.П. Юдин әрбір тайпаға тарихи сипаттама бере келе доғлаттар туралы: «Доғлаттар Моғолстанның саяси өмірінде белсенді роль атқарған және оның ең қуатты тайпасының бірі болған. Тайпа әмірлеріне Қашғария берілген. Бұл тайпа Моғолстанның бар аймағына тараған. Доғлаттардың бір тармағы Жетісуда қоныс тебеді»,-деп түсініктеме береді [46, 73-75 бб.].

Керайт тайпасы болса, Мұхаммед Хайдар Дулатидың дерегінде қазіргі Алматы өңірінде қоныс тепкендігі айтылады [142, 74 б.]. Керайт тайпасының Жетісуда керайттар аймағы деп аталатын өңірде тұрғандығын В.В. Бартольд та деректерге сүйеніп айтады [10, 182 б.].

Ал Қаңлы тайпасына келсек, бұл тайпаның б.з.д. III ғасырдан бері Оңтүстік Қазақстанда өмір сүріп, жеке мемлекет құрғаны белгілі. Біз қарастырып отырған кезеңде қаңлылардың аймағы Тоғылық Темір ханға бағынып, аймақ басшыларының бірі, Бекжак- Керайт, Арқанут тайпаларының қолбасшыларымен Мауереннахрды жаулап алуға ат салысады. [142, 50 б.]. Қаңлылар сан жағынан көп болуына байланысты Оңтүстік Қазақстан, Жетісу және Моғолстанның басқа да өңірлерінде қоныстанған. «Тарих-и Рашиди» дерегіндегі қаңлылар жөніндегі мәлімет тек қана Жетісудағы Қаңлыларға қатысты айтылып отыр. Кейіннен қазақ халқының құрамына енген бұл тайпалар Моғолстан құрылғанға дейін-ақ Жетісу өңірінде мекендейді де, Моғолстан мемлекеті құрылғаннан кейін оның маңызды аймағының басты тайпалары болып саналады.

Шығыс Түркістан аумағындағы жергілікті этносаяси күштердің бір жағынан, екінші жағынан Жетісу аймағындағы этносаяси күштердің моғол хандарына ықпал ету арқылы өздерінің талап-мүдделеріне сай саясат жүргізуге күш салып отырғанын байқаймыз. Моғол хандары болса екі аймақтағы екі ірі этносаяси күштерге алма кезек тәуелді болып, жалпымоғолдық бағыттағы саясат жүргізуде дәрменсіздік танытады. Мұндай мемлекеттің ұзақ өмір сүре алмайтыны белгілі. Моғол хандарына екі аймақтың біріндегі этносаяси күштерге сүйеніп қана әулет билігін сақтап қалу мүмкіндігі қалған болатын. Тарихи дамудың барысы көрсеткеніндей, XV ғасырдың соңында екі аймақтағы этносаяси күштер Моғолстанда екі ханды билікке әкеледі, ал XVI ғасырдың басында Жетісу аймағының Қазақ хандығының құрамына қосылуына байланысты, моғол хандары Шығыс Түркістанға біржолата ауысып, сол аймақтағы этносаяси күштердің мақсат-мүдделеріне сай саясат жүргізе бастайды.

XV ғасырдың орта тұсындағы Моғолстандағы саяси жағдайға екі аймақтағы этносаяси күштер арасындағы ханға ықпал жасау, ханды өз талаптарына сай пайдалану жолындағы тартыстар қатты әсер етеді. «Хан өзінің жасаған әрекеттеріне опынып, елімен жақсы қатынас жасай бастады»-деген дерек мәліметі жалпылама түрде біздің жоғарыда айтқан ойларымызды дәлелдесе, нақтырақ алғанда, Есенбұға хан Тұрфандық Темірді ұлысбегі ету арқылы Шығыс Түркістандық этносаяси күштерге бет бұрғандығына өкініш білдірген секілді. Одан ары «елімен жақсы қатынас жасай бастады», -деген дерек мәліметінен біз Жетісу және Қырғыз жерлеріндегі этносаяси күштердің ханға ықпал ету жолындағы тартыстардың толық жеңіске жеткендігін көреміз.

Есенбұға ханға моғол әмірлерінің қанша жыл бағынбағаны, олардың қай жылы Есенбұға ханның төңірегіне жинала бастағанын деректер айтпаса да, біз оны шамамен Мауереннахрдағы саяси дағдарыстарға дейін болған деп есептейміз.

Жетісулық және Тянь-Шаньдық әмірлердің қолдауына сүйенген Есенбұға хан В.В. Бартольдтың көрсетуінше «өз билігін қалпына келтіріп, мейіріммен ел басқару арқылы өзінің беделін өсіруге күш салады» [7, 87 б.] Осындай жолмен Моғолстанда уақытша болса да біршама тұрақтылық сақталғандай болады.

Осы тұста Моғолстанның батысындағы көршісі Мауереннахрда 5-6 жылдай уақытқа созылған саяси дағдарыстарды пайдаланып, Есенбұға хан ол жақтың Моғолстанмен көршілес аймақтарына бірнеше рет тонаушылық сипаттағы жорықтар жасайды. Біз ол туралы Моғолстанның XV ғасырдың ортасында Мауереннахрмен жүргізген саясаты деген мәселеде тереңірек тоқталамыз.

Есенбұға ханның жорықтарына тосқауыл қою үшін Мауереннахр билеушісі Әбу Сайд мырза моғол ханының ағасы Жүністі іздеп таптырып, оған қолдау көрсетеді де, інісіне қарсы айдап салады, «ондағысы осылайша ағалы-інілі екеуі бір-бірімен тартысып, жанжалдасып жатса, уалаяттың шекарасы тыныш табар деген ойы еді.» [142, 110 б.] Осылайша, Әбу Сайд мырза Жүніс ханға қолдау көрсету арқылы Моғолстандағы сөнбесе де бықсып тұрған оттай ішкі саяси жағдайға май құйғанмен бірдей әрекет жасайды.

Жүніс хан «Тарих-и Рашиди» авторының туған нағашы атасы болғандықтан, ол Жүніс хан туралы мол материалдарды өз кітабына енгізіп, оған үш тарауды арнайды. Мұхаммед Хайдар Дулатидың мәліметтері бойынша: Жүніс хан 1416/1417 жылы туған; 13 жасында моғол әмірлерінің бір тобы оны әкесі Шахрухқа жібереді; Шахрух оған құрметпен қарап, Шарафаддин Йаздиге білім алуға тапсырады; Жүніс хан ұстазының жанында 12 жыл болады; одан кейін ол Йазд қаласынан кетіп, Фарсы, Әзербайжан, Казвин өңірлерінде ұзақ уақыт болады да, Ширазға келеді; Ширазда жүрген жерінен оны Әбу Сайд мырза шақыртып, Моғолстанға жібереді; сол кезде Жүніс ханның жасы 41-де және бұл 1455/1456 жылы болған [142, 112-113 бб.]

Соңғы екі тарихи датаның Қазақ хандығының құрылған жылын анықтауда тигізер көмегі көп, сондықтанда біз бұл екі датаға кейін әлі ораламыз.

Жүніс ханның тағы бір туған жиені, темірлік әулеттің өкілі Бабыр да өз еңбегінде Жүніс ханға тоқтала келе, оның өмірінен мынадай мәліметтер береді:

«Жүніс хан мен Есенбұға Уәйіс ханның ұлдары. Жүніс ханның шешесі- Темірдің рахымы түскен түркістандық қыпшақ бегі Шейх Нұр ад-диннің иә қызы, иә немересі. Уәйіс хан өлгеннен кейін, моғол ұлысы екіге жарылды: бір бөлегі- Жүніс ханға, екінші бөлегі Есенбұға ханға қарады. Бұған дейін Ұлықбек мырза Жүніс ханның әпкесін Әбді әл-Әзиз мырзаға айттырған. Осындай туыстық, жекжаттыққа байланысты Бәрін тұман бектерінің бірі Иразан, Чарас тұманының бегі Мирек Түркмен екеуі қасында үш-төрт мың түтін моғолмен қоса Жүніс ханды Ұлықбек мырзаға алып келді. Мұндағы мақсаты Ұлықбектің жәрдемімен Моғолстанды түгел жаулап алу еді. Ұлықбек мырза бұлардың бұл қылығына оң қарамады: келген моғолдардың біразын тұтқынға алып, қалғандарын әр аймаққа таратып жіберді. Иразанның салған бұл лаңы моғол ұлысында естен кетпейтін оқиға болды.

Ханды Иран жаққа жөнелтті. Тебрезде жылдан астам тұрып қайтты. Ол кезде Тебрезді Жаһан шаһ Барани Қарақойлық билейтін. Хан сол жақтан Ширазға келеді, Ширазда Шаһрух мырзаның екінші ұлы Ибраһим Сұлтан мырза тұратын. Бес-алты айдан кейін Ибраһим Сұлтан мырза дүние салып, оның хан тағы мұрагер баласы Абдолла мырзаға көшеді. Сөйтіп, хан Абдолла мырзаның нөкері болды. Ширазы бар, басқасы бар, әйтеуір. Сол аймақта хан он жеті-он сегіз жыл өмір кешеді. Ұлықбек мырза мен балаларының арасындағы жанжалды пайдаланып, Есенбұға хан Ферғанаға шабуыл жасап, атының басын Қанди-Бадамға келіп тіреді. Ол Әндіжанды басып алып, барлық тұрғындарын тұтқынға алды. Сұлтан Әбу Сайд мырза таққа отырғаннан соң, Есенбұға ханға қарсы жорыққа шықты. Янгидің ар жағында Ашпарада, Моғолстанда ол Есенбұға ханның быт-шытын шығарды. Сұлтан Әбу Сайд мырза мына лаңды басу үшін бұрынғы Әбді әл-Әзиз мырзаның әйелі ханның әпкесі Ханымға үйленуіне байланысты «жезделігін бетке ұстап, Ирак пен Хорасан жақта жүрген Жүніс ханды шақыртты. Оның келу құрметіне ұлан-ғайыр той жасап, екеуі төс қағысып дос болды. Сұлтан Әбу Сайд мырза Жүніс ханды моғол ұлысына хан тағына отырғызғанда, бұрын Есенбұға ханға өкпелеп кеткен Сағараш түменнің барлық бектері Моғолстанға қайтып оралды. Жүніс хан оларға келіп жолықты. Ол кезде Сағараш тұманының бегі Шир Қажы бек болатын. Жүніс хан оның қызы Исан Дулат бикеге үйленді. Моғолдардың әдеті бойынша Жүніс хан мен Исан Дулат бикені ақ киізге отырғызып, хан көтерді.» [138, 29-30 бб.]

Әбу Сайд мырза Жүніс ханға қолдау көрсету арқылы оған шарт қояды. Бұл шарттың Моғолстанның ішкі саяси өміріне де, Моғолстан мен Мауереннахрдағы билеуші әулеттер арасындағы қарым-қатынастарға да, тіпті мемлекет басқару мен қоғамдық өмірдегі шыңғыстық идеологияға да тікелей қатысы болғандықтан, осы жерде шарттың мәтінін толық беруді жөн көріп отырмыз.

«Хорасанда ол (Әбу Сайд мырзаны айтып отыр.-Б.К.) Жүніс ханды Бағ-и заған бағындағы сарайға жайғастырды да ханның құрметіне патшалық той жасады. Олар бірнеше мәселе бойынша келісім шарт жасады. Сұлтан Әбу Сайд мырза (Жүніс ханға) мынаны айтты: «Әмір Темір о баста әмірлерді сайлап, билік бергенінде басқа әмірлер оны мойындамаған-ды. Өйткені бұл жағдайды өздерін кемсіткендей сезінді. Сондықтан әмірлер: «Әмір Темірге хан тағайындаған кезде біз оған бағынатындай лайықты хан болсын», деп ұсыныс айтты. Содан соң Әмір Темір Суиурғатмыш ханды хандыққа отырғызды. Әмірлер оны мойындады. Әмір Темір сайланған ханды өз уысында ұстады. Түрікше жарлықтар (пәрмендері) мен тугра ханның атынан жарияланып отырды. (Суиургатмыш) хан қайтыс болған соң оның ұлы Сұлтан Махмұд ханды орнына тағайындады. Әмір Темір заманынан бастап Мырза Ұлықбекке дейін бұл дәстүр жалғасып келді. Алайда хандықтан (қолдан қойған) хан деген сөздің аты ғана қалған еді. Хандар өмірінің соңғы кезеңдерін көбіне Самарқанда өткізетін болды. Қазір патшалық кезек маған жетті. Мен ешкімге де тәуелді емеспін, дербеспін, ешқандай да ханға мұқтаждығым жоқ. Қазір мен сіздің пақырлық киіміңізді шешкізіп, үстіңізге патша шапанын жаптым, енді сізді ата жұртыңызға жіберемін. Менің шартым мынау болсын: өткен хандар (хақандар) Әмір Темір мен оның ұрпақтарын өздерінің нөкері деп санайтын, ал мен олай ойламаймын. Бұрында біздің аталарымыз солай болған еді дегенді тастау керек. Қазір мен дербес патшамын, басқалар өзін маған нөкерімін деп санайды. Енді «достық» ұғымынан «қызметші» және «мырза» деген сөзді алып тастап, бұрынғы хандар сияқты «Темірдің мырзаларына» деп жазбай, достық хат-хабар алысып отыруды сақтаған жөн. Осы дәстүр болашақта ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсе екен».

Жүніс хан барлығын қабыл алды. Бұл уәде шарттарын ант ішіп, бекітті. (Әбу Сайд) Жүніс ханға рұқсат беріп, сол маңайдағы бар моғолды оған қосып берді.» [142, 111-112 бб.]

Осы жерде Әбу Сайд мырза мен Жүніс хан арасында жасалған шартқа қысқаша тоқталып, оның мәні мен маңызына түсініктеме берелік.

Біріншіден, бұл шарт- Моғолстандағы дәл сол кездегі ішкі саяси жағдайды тұрақсыздандыруға бағытталған. Әбу Сайд мырза өзіне үнемі шығыстан жорықтар жасап отырған Есенбұға ханды тоқтатып, Жүніс ханның «үстіне патша шапанын жабу» арқылы Моғолстанның ішкі саяси өміріне от салады. Есенбұға ханға «жазылмастай бас ауруын» тауып береді. Тарихтың кейінгі даму барысы көрсеткеніндей, Жүніс хан Әбу Сайд мырзаның қолдауына сүйеніп, Есенбұға ханмен ашық күресте жеңілсе де, Мауереннахр билеушісі оған Моғолстанмен іргелес жерден иелік беріп, Есенбұға хан үшін сейілместей қауіп төндіріп қояды.

Екіншіден, бұл шарт- Моғолстан мен Мауереннахр арасында болашақта болатын қарым-қатынастарды реттеуге бағытталады. В.В. Бартольд осы мәселе жөнінде Әбу Сайд мырза Жүніс ханды «Мауереннахрға шабуылдар жасаудан алдын-ала бас тартқызып барып, Моғолстанға жіберді», деп жазады [7, 88 б.]

К.А. Пищулина болса, бұл шарт- болашақта Жүніс хан билікке келгеннен кейін Моғолстанның Мауереннахрға тәуелді болатындығын анықтады, бірақ та Жүніс ханның өзі, ұлдары мен немерелері тұсында ол қағаз күйінде қалғандығын айтады. [47, 122-123 бб.] Біздің ойымызша, бұл шарт - Моғолстан мен Мауереннахрдың болашақтағы қарым-қатынастарын анықтайтын ең басты принципті мәселені анықтауға арналған. Моғолстан мен Мауереннахр аймақтары XIII ғасырдың басынан бері бір саяси құрылымда болып, онда XIV ғасырдың ортасына дейін Шағатай хан және оның ұрпақтары билік жүргізеді. Шағатай мемлекеті ыдыраса да оның Моғолстан деп аталған бөлігінде шағатайлық әулеттің билігі сақталынып қалады. Есенбұға хан да, Жүніс хан да сол әулеттің өкілдері. Ал Мауереннахрда билікке келген Әмір Темір Шыңғысхан ұрпағынан болмағандықтан, өзін «хан» деп санай алмайды. Шыңғысхан әулетіне оның бар жақындығы, оның бұл әулеттен қыз алып «курэкэн»-«күйеу» лауазымын алуы ғана. Бүкіл Мауереннахрды ол Шағатай әулетінен тағайындалған «қуыршақ» хандар арқылы басқарып отыратын. Ортағасырлық мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарда терезесі тең екі елдің билеушілері хат жазысқанда, егер де екі ел арасында бейбіт, достық қатынастар болса, онда олар бірін-бірі «дос- бауыр» деп айтады. Ал сол екі елдің біреуі мықты, екіншісі әлсіздеу болса, онда олар бір-біріне «аға-іні», тіпті кейде «әке- бала» деп, ал біреуі екіншісіне тәуелді болса, онда «мырза-құл», «хан-нөкер» деп атасады. Моғолстан мен Мауереннахр арасындағы қарым –қатынастардың алғашқы кезеңінде «мырза-құл» немесе «хан-нөкер» принципі болып, ол кейін қолданылмаса да, есте сақталған секілді. Әбу Сайд мырза «қуыршақ» хандардан да бас тартып, өзін дербес, күшті билеуші ретінде сезінеді де, енді болашақта моғол хандарымен болатын қарым-қатынастардың басты принципіне «дос-бауыр» принципін енгізуді ұсынады. Билікке келуден үміті бар Жүніс хан бұл принциптің Шыңғыс әулеті үшін кемсітушілік мәні болса да, қабылдауға мәжбүр болады.

Үшіншіден, бұл шартты бұрынғы монғол империясы аумағында қалыптасқан шыңғыстық идеологияға қарсы жергілікті жерлерде билікке келген шыңғыстық емес әулеттің саяси-құқықтық және идеологиялық әлсіреуіне байланысты билікке келген жергілікті әулетке – едігелік әулет жатса, Шағатай мемлекетінде- темірлік әулеті жатады. Едігенің беклербек ретінде Алтын Ордадағы беделінің күшті болғаны соншалық, оның ұлдары империяның ыдырауы кезінде пайда болған хандықтарда осы лауазымды сақтап қалады. В.В. Трепавлов ноғай билерінің Дешті Қыпшақтың жүздеген тайпаларының бірі-маңғыт тайпасынан шығып, шыңғыс әулетіне жақындауын және ерекше статусқа ие болуын- біріншіден, маңғыттардың Жошы Ұлысындағы сол қанатта орын алуымен, екіншіден, Едіге бидің шығу-тегінің Баба Түкті Шашты Әзизбен байланыстыруынан деп түсіндіреді. [266, 85-88 бб.] Тағы бір нұсқаларда Едігенің арғы аталарының бірі- Натақын Шыңғысханның Түмен хан деген атасымен бірге туған делінеді [16.]. Осылайша, ноғай билері өздерінің шығу тегін шыңғыс әулетімен жақын етіп көрсетеді де, едігелік әулеттің заңдылығына идеологиялық негіз қалайды. Дәл сол сияқты Мауереннахрда билікке келген Әмір Темірдің де билігін идеологиялық тұрғыда заңдастыру үшін оның «идеологтары» оның арғы ата-бабасын Шыңғысханның арғы атасымен егіз болған деп дәлелдейді [16.]. Сөйтіп, жергілікті аймақтарда билікке келген әулеттер өздерінің шығу-тегін алғашында шыңғыс әулетімен туыс, жақын етіп көрсетеді де, олармен қарым-қатынастарда өздерінің бір саты төмен екендігін көрсетіп отырса, Әбу Сайд мырза мен Жүніс хан арасындағы шарт алғаш рет шыңғыстық идеология мен темірлік идеологияның теңескендігін көрсетеді. Бірақ та, К.А. Пищулина айтып өткендей, бұл шарт орындалмай, қағаз жүзінде қалса да, біздің ойымызша, Жүніс хан секілді шыңғыс әулеті өкілінің оны мойындап, келісуі шыңғыстық идеологияның жекелеген аймақтарда күшін жоғалта бастағанын көрсетеді.

Сөйтіп, 1450-ші жылдардың ортасында Моғолстандағы ішкі саяси жағдай қайта өзгереді. Моғолстандағы әмірлердің бір бөлігі Жүніс ханға келіп қосылады. Олар: Әмір Кәрімберді, Құнжы тайпасының әмірлері, бекжак тайпасының әмірі-Ибраһим Әмір және тағы басқалар болатын. «Моғол аймақтарының кейбір жерлері хан билігіне өтті....Ханға біршама ел жиналды»,-деп жазады «Тарих-и Рашиди»авторы [142, 113 б.] Одан кейінгі оқиға былай өрбиді:

Жүніс хан Моғолстанның бір бөлігін өзіне қаратқаннан кейін, Қашқарды алуға аттанады. Есенбұға хан бұл кезде Моғолстанның шығыс жағындағы Жұлдыз жайлауында еді. Ағасының Қашқарға жақындағанын естіп, Жұлдыздан Қашқарға он бір күнде 60 мың әскермен келеді. Қашқар билеушісі Әмір Саид Әлі 30 мың әскермен Есенбұға ханға қосылады да, Хансалар деген жерде Есенбұға хан мен Жүніс хан арасында ұрыс болады. Есенбұға хан жеңіске жетеді. Ал Жүніс хан болса, жеңіліп, қашуға мәжбүр болады. Оның әйелі, бала-шағасы Әмір Саид Әлінің қолына түседі. Жүніс ханның үлкен қызы Михр Нигар-ханым сол кезде әлі бір жасқа толмаған, емшекте болатын [142, 114 б.]

Қашқар түбіндегі жеңілістен кейін Жүніс хан Моғолстанға қайта оралады. Оның жақтастары одан теріс айналып кетеді. Хан амалсыздан Мауереннахрдағы Әбу Сайд мырзаға қайта келеді. Әбу Сайд мырзадан ол "Сол маңайдан моғол жұрты сеніммен қарағанға дейін мекен ететін уалаят берсеңіз" деп көмек сұрайды. Мырза келісіп, Әндіжан аймағының Жетікент деген жерін ханға тапсырып, ханды сол жаққа жібереді [142, 114 б.] Сөйтіп Жүніс хан тағы да Моғолстанға оралады. Ел оның қасына топтаса бастайды. Бірақ Жүніс ханның Есенбұға ханға қарсы екінші жорығы жасалмайды. Оның себебін біз алда әлі түсіндіреміз.

Осылайша, Моғолстан ханы Есенбұға Мауереннахрдағы саяси бытыраңқылықты пайдаланып, тонаушылық сипаттағы жорықтар арқылы әскери олжаға ие болғанымен, XV ғасырдың 50-ші жылдарының арасында өз басына пәле тілеп алады. Әбу Сайд мырза ағасы мен інісін бір-біріне қарсы қою арқылы ең басты мақсатына жетеді. Ол Мауереннахрдың шығысындағы аймақтарды моғол ханының әскерінен қорғау болатын. Екінші мақсаты - Жүніс ханды Моғолстан билігіне отырғызу жүзеге аспаса да, моғол елі екіге бөлініп, онда саяси күрес қайта жанданады. Бұл өз кезегінде Әбу Сайд мырзаға Хорасандағы мәселелерге бар күшін аударуға мүмкіндік береді.

Жоғарыда қарастырылған мәселелеріміз бойынша қорытындылар жасалық.

Біріншіден, XV ғасырдың бірінші ширегіндегі жағдай секілді сол ғасырдың екінші ширегінде де, Моғолстандағы ішкі саяси жағдай тұрақсыз болады. Ішкі саяси жағдайдың тұрақсыздығының себебіне Уәйіс хан ұлдарының билікке таласы жатса, таласты тудырған жағдайға моғол әмірлерінің топтық мүдделері негіз болады. Моғолстанның Шығыс Түркістан аймағы мен Жетісу, Тянь-Шань аймақтары географиялық, шаруашылық жақтарынан ғана емес, этникалық жағынан да ерекшеленіп, ондағы ру-тайпа көсемдері билеуші хандарға ықпал ету үшін күресіп, билікке өз үміткерлерін әкелуге тапсырады. Сөйтіп үміткерлер арасындағы билік үшін күрестер елдің XV ғасыр ортасындағы ішкі саяси жағдайын анықтайды. Есенбұға хан мен Жүніс хан арасындағы алғашқы таластар осыны көрсетеді.

Екіншіден, ішкі саяси жағдайдың тұрақсыз болуына аймақтық топтардың арасындағы талас-тартыстар да себеп болады. Есенбұға ханның отырықшы-егіншілік аудандардың әмірлеріне мойын бұруы - көшпелі, жартылай көшпелі ру-тайпа әмірлерінің бүлігін туғызып, олардың ханға бағынбай, бірінің көрші елдерге, бірінің таулы жерлерге, ал біреулерінің ел ішінде бейберекетсіздіктер жасауына алып келеді.

Үшіншіден, Есенбұға ханның Мауереннахрға жасаған жорықтары Әбу Сайд мырза інісіне туған ағасын қарсы пайдалануға алып келеді. Сөйтіп, Жүніс ханның XV ғасырдың 50-ші жылдарының ортасында Есенбұға ханмен күресі қайта басталып, Моғолстанның ішкі саяси жағдайын өте шиеленістіріп жібереді. Есенбұға хан басқа елге жорықтар жасаудан гөрі енді өз тағын аман сақтап қалу үшін қорғанысқа көшуге және өзіне одақтас іздеуге мәжбүр болады.

Төртіншіден, осы қорытындыларды түйіндей келе, XV ғасырдың орта тұсындағы Мауереннахрдың ішкі саяси жағдайы Моғолстан аумағындағы Қазақ хандығының құрылуына толық қолайлы алғышарттар әзірлеген дейміз. Ал Моғолстанның батысында Керей мен Жәнібек сұлтандардың ту тігуі - Моғолстанның көрші елдермен жүргізген саяси қарым-қатынастарынан туындайды.

Енді Моғолстанның XV ғасырдың орта тұсындағы сыртқы саяси қатынастары мәселесін қарастыралық.

Қарастырып отырған кезең ішінде жазба дерек мәліметтері Моғолстанның саяси қарым-қатынастары батысында Мауереннахрдағы темірлік әулеттің мемлекетімен, шығысында – қалмақ тайпаларымен, ал солтүстігінде –«көшпелі өзбектер» елімен жүргізілгендігін хабар етеді. Оның ішінде батыс пен шығыстағы көршілермен саяси қарым-қатынастар, әсіресе темір әулетімен жүргізілген саяси қарым-қатынастар XV ғасырдың орта тұсындағы Моғолстанның сыртқы саясатының негізгі мазмұнын анықтайды.

Тарихи әдебиеттерде Моғолстан мемлекеті құрылғаннан оның күйреген кезіне дейінгі көрші елдермен жүргізген сыртқы саясаты жақсы қарастырылған [7, 81-91бб.; 47, 41-126.б.; 54, 123-128 бб.;, 145-154 бб.] Сондықтанда біз екі ел арасындағы саяси қарым-қатынастардың жалпы тарихына бармай, тек оның өзіміз қарастырып отырған кезеңіндегі мәселелеріне тоқталып, сыртқы саяси қатынастардың Қазақ хандығының қалыптасуына қаншалықты дәрежеде әсер еткенін анықтаймыз.

1447 жылы наурыз айында Маеуреннахрдың билеушісі Шахрух қайтыс болғаннан кейін темір әулеті арасында 1451 жылға дейін үздіксіз билік үшін күрестер жүреді [10, 148-164 б.б.] Осы жағдайды пайдаланып Есенбұға хан Мауереннахрдың шығыстағы аймақтарына бірнеше рет тонаушылық сипатта жорықтар ұйымдастырады. Мұхаммед Хайдар Дулати бұл жорықтар туралы: «Ол (Есенбұға ханды айтып отыр.-Б.К.) толық өз күш-қуатына келген соң алғаш рет Сайрам, Түркістан, Ташкентке жорық жасап, ойрандап, қайта оралды. Бұл жорық 855 (1451) жылдан бұрынырақ болды. Осындай жолмен ол сол жерге екінші рет шабуыл жасады», -деп мәліметтер қалдырады. [142, 109 б.] Осы жорықтардың және одан кейінгі де Мауереннахр аймақтарына қарсы жүргізілген әскери қимылдардың біз қарастырып отырған мәселе үшін маңызы ерекше. 1451 жылы Әбілқайыр ханның тікелей көмегімен Самарқан тағына келген темір әулетінің өкілі Әбу Сайд мырза Есенбұға ханның жорықтарына тойтарыс ұйымдастырады. Тағы да «Тарих-и Рашиди» еңбегінің авторына сүйенсек, ол бұл жөнінде: «Сол мезетте Сұлтан Абу Саид мырза Мауереннахрда патша тағына отырды. Ол (Есенбұға) ханды қуып, тарихи кітаптарда Тараз деп жазатын Иангиге дейін тықсырып тастады. Моғолдар ұрыссыз қашып кетті де, мырза Әбу Сайд өз уалаятына қайта оралды»,-дейді [142, 109 б.]

Ал «Бабырнаманың» авторы болса, «Янгидың ар жағында Ашпарада, Моғолстанда ол Есенбұға ханның быт-шытын шығарды», - деп жазады [138, 30 б.] В.В. Бартольд Бабырдың осы дерегіне сүйеніп Мауереннахр әскері Ашпарада моғолдарды жеңген деп есептесе, К.А. Пищулина болса, «Темірлік Әбу Сайд мырза Есенбұғаны Иангиге (Таразға) дейін қуып барды, бірақ моғолдар ұрысқа түспей елдің ішкері жағына қашып кетті», - деп Мұхаммед Хайдар Дулати дерегін алға тартады [7, 88 б.; 47, 121 б.] Бұл жерде екі дерек мәліметіне сүйенген екі зерттеуші пікірлерінің мынасы дұрыс, мынасы қате деген тұжырым айтудан аулақпыз. Тек қана дерек мәліметіне қатысты мынадай деректанулық тұрғыдағы ескертпе айтамыз. Екі автор да болған оқиғаның куәгері немесе сол жылдарда өмір сүрген адамдар емес. Бабыр Ианги түбіндегі оқиғадан кейін 30 жылдан кейін туылса, Мұхаммед Хайдар Дулати 50 жылдан кейін дүние есігін ашқан. Олай болса, олар деректі басқа бір шығармалардан алған немесе ауызша естіген.

Екінші бір ескертер нәрсеге мәлімет беріп отырған екі тарихшының соғысушы екі әулеттің көзқарасын білдіруі жатады. Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр Мауереннахрдағы темірлік әулеттің өкілі, сол әулеттің көзқарасын білдіріп отырса, екінші тарихшы, Мұхаммед Хайдар Дулати – Моғолстандағы шағатайлық әулеттің көзқарасын білдіруші және сондағы ұлысбегі қызметін атқарушы әулеттің өкілі. Сол себепті де, екі автор кейбір оқиғаларды баяндағанда өз әулеттеріне қарай іш тартуы әбден мүмкін. Сонымен қатар, екі автор да бір-біріне өте жақын туыс екендігін ескерте кетеміз. Екеуінің аналары апалы-сіңлілер, Моғолстан билеушісі Жүніс ханның қыздары болып келеді.

Сонымен, Ианги түбінде екі жақ арасында шайқастың болған -болмағанын біз нақты айта алмаймыз. Оның ақиқатын басқа деректер арқылы ғана айтуға болады.

Моғолстан билеушісінің Мауереннахр аймақтарына тонаушылық сипаттағы жорықтары мұнымен аяқталмайды. Көп ұзамай ол Әбу Сайд мырзаның Хорасан жақта жүргендігін пайдаланып, өзінің келесі жорығын Андижан аймағына бағыттайды. Бұл жорықтың салдары екі ел арасындағы саяси қарым-қатынастар үшін маңызды болғандықтан, оған тереңірек тоқталық. «Мырза Сұлтан Әбу Саид Хорасанды алып, сонда кеткенде, Есенбұға хан Әндіжанға бет алды. Әндіжанда Мырза әлі Кучак деген әлдебір әмір болатын-ды. Мырза Әбу Саидтың билікке қойған адамы еді, ол Әндіжан қорғанын күшейтті. Есенбұға ханның әскерінің көптігі сонша, олар үш қатар болып сап түзеп Әндіжанды айналдыра қоршады. Қорғанның әр тұсынан жер асты жол қазып, қорғанды алды. Мырза Әлі Кучак хан сарайында (аркада) қалды. Ең соңында татуласып, көп сыйлықтар тапсырды. Хан Әндіжан уалаятының тұрғындарын түгел тұтқындап, барлығын (өзімен бірге) алып оралды»,-дейді Мұхаммед Хайдар Дулати [142, 110 б.] Есенбұға ханның Андижандағы тонаушылықтары Мауереннахр үшін өте ауыр болса да, Самарқан тағының иесі оған қарсы әскери іс-әрекет қолданғанымен, ол ешқандай оң нәтиже бермеуші еді. Оның себептерін Мұхаммед Хайдар Дулати былайша түсіндіреді: «Сұлтан Әбу Сайд мырза бұл хабарды (автор бұл хабар деп Есенбұға ханның Андижандағы тонаушылықтарын айтып отыр. – Б.К.) естігенімен, Есенбұға ханға тойтарыс беруге дәрменсіз еді. Өйткені ол Моғолстанға барса, Есенбұға хан Моғолстаннан шеткері кетіп қалар еді. Самарқан әскерлеріне кең байтақ далада Есенбұға ханның қай түкпірге тығылып қалғанын табу қиын болмақ. Сондықтан олар амалсыз кері қайтпақ.Ал әскерлер кетісімен, Есенбұға хан да өз жұртына қайта оралады. Сөйтіп Есенбұға ханды жазалау мүмкін болмас еді. Екіншіден, Есенбұға ханның әскерінің көптігінен Сұлтан Әбу Сайд әмірлері оларға қарсыласуға шамасы келмейтін де еді. Сұлтан Әбу Сайд әскерімен Иракқа бет алуға мүдделі-тін. Алайда ол жоғарыда айтылғандай, Есенбұға ханға алаңдап, ол жаққа бара алмай қалды.» [142, 110 б.]

Міне, осы кезде бұған дейін айтып өткеніміздей, Мауереннахр билеушісі Әбу Сайд мырза Есенбұға ханға қарсы оның туған ағасы Жүніс ханды Шираздан алдырып, онымен келісім-шарт жасасады да, Моғолстанға аттандырады. Жүніс ханның Моғолстанға алғаш келуі 1455/56 жылы болады. Ал оның інісімен Хансалар түбіндегі ұрысы келесі жылы, яғни 1456/57 жылы өтеді.

Есенбұға тарапынан болатын жорықтардың Әбу Сайд мырзаның Хорасандағы жоспарларын жүзеге асыруына кедергі келтіруі оны Жүніс ханға көмек беруді тоқтатпауға мәжбүрлейді. Дәл осындай жағдайды біз XIV ғасырдың 70-ші жылдары Әмір Темірдің Ақ Орда ханы мен Орыс ханға қарсы Тоқтамысты пайдалануынан көреміз. Осындай мақсатпен Жүніс ханға Моғолстан мен Мауереннахрдың Андижан аймағының шекарасындағы Жетікент жерді Жүніс ханға береді. Бұл хижра бойынша 862(1547/58) жылы болады.

Осылайша, XV ғасырдың орта тұсындағы Моғолстан мен Мауереннахр арасындағы саяси қарым-қатынастар өте шиеленісіп кетіп, оның ақыры 1457/58 жылы Жүніс ханның Моғолстан шекарасына жақын жерде табан тіреуімен аяқталады. Ақсу қаласындағы Есенбұға хан үшін бұл өте қауіпті болатын. Сондықтанда оған Жүніске қарсы қоятындай одақтас қажет болды. Дәл осы тұста Моғолстанға Әбілқайыр ханнан бөлініп, Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған ордаежендік тайпалар келеді. Махмұд ибн Валидың айтуы бойынша Есенбұға хан «Жәнібек хан мен Керей ханның келуін адамдар (үшін) қайырымдылық пен ізгіліктің қайнары деп есептеген» [144, 352 б.]

XV ғасырдың орта тұсындағы Моғолстан мен Мауереннахр арасындағы саяси қарым-қатынастар барысын талдай келе, біз екі ел арасының осы кезеңде өте нашарлап кеткендігін, әсіресе оның моғол ханы Есенбұға хан үшін өте тиімсіз, қиын болғандығын көреміз. Бұл жағдай да өз кезегінде Жетісуда Қазақ хандығының құрылуына өте қолайлы жағдай туғызған деген қорытындыға келеміз.

XV ғасырдың бірінші жартысындағы моғол-қалмақ (ойрат) қатынастарын бейбіт түрде дамыды деуге болмайды. И.Я. Златкин бұл мәселе жөнінде «Ойрат феодалдарының Моғолстанға қарсы қарулы соғысы Қытайға қарсы соғыстан ертерек басталды....Ойраттардың Моғолстанға жорықтары XIV ғасырдың соңында болып тұрды», -деп жазған болатын. [180, 27 б.] Екі ел арасындағы әскери қақтығыстар мен жорықтардың экономикалық негізіне «екі ел феодалдарының сауда жолдары үшін, өз өнімдерін өткізетін және өздерін қамтамасыз ететін аймақтар үшін күрестер жатты»,-деген тұжырымға келеді И.Я.Златкин [180, 27 б.] Мұхаммед Хайдар Дулатидың деректерінде XV ғасырдың 20-шы жылдары моғол-ойрат қатынастарының қандай сипатта және қандай дәрежеде болғандығы нақты айтылады. Ол «Хан енді кәпірлердің жорығынан қорғап, олармен шайқаста Қалмақтармен іргелес болғандықтан, кәпірлерге қарсы үнемі соғысып келді. Ол көбінесе жеңіліске ұшырап отырса да жиһаз (ғазауат) соғысынан бас тартқан емес....Ел аузында мынадай сөз таралған: хан қалмақпен алпыс бір рет шайқасқан, тек бір рет қана жеңіп шыққан, одан басқаларында жеңіліске ұшыраған. «Алла жақсы біледі» [142, 99-100 бб.] Осы мәліметтің өзі-ақ Моғолстанның шығыстағы көршісімен қандай қарым-қатынаста болғандығын көрсетеді.

Моғолстанды Есенбұға хан басқарып тұрған кезде де қалмақтардың бұл елге жойқын жорықтары тоқтамаған. Моғол әмірлерінің Есенбұға ханға қарсылығы жылдары Әмір Хақберді бекжак қалмақтардан қорғану үшін Қой су деген жерде қорған салдырып, өзі Түркістан мен Сайрамды тонауға аттанып отырған [142, 109 б.] Хан билігінің әлсіз болуына байланысты шорас, барин тайпаларының әмірлері қалмақтарға көшіп кетеді [142, 109 б.] Қазақ хандығының құрылар қарсаңында, яғни XV ғасырдың 50-ші жылдарының екінші жартысында қалмақтардың кезекті бір жойқын жорығы Моғолстанның бір аймағы-Жетісу арқылы өтіп, Сыр бойындағы Сығанаққа дейін барады. Деректерде жазылғандай, қалмақтар Шу бойында жүгі мен бала-шағаларын қалдырып, өздері тек таза әскерімен Сығанақ түбінде Әбілқайыр ханмен соғысады [207, 17 б.; 170 б.] Қалмақтардың Жетісу жерінде өздерін осылай емін-еркін сезінуі біріншіден, моғол ханы Есенбұғаның қалмақтар алдында дәрменсіз болғандығын көрсетсе, екіншіден, 1455/56 жылдан бастап Жүніс ханның Әбу Сайд мырзаның қолдауымен Моғолстанның далалы аймақтарына келуі және 1456/57 жылдан Жетікент өңіріне табан тіреуі Есенбұға ханды Шығыс Түркістандағы өз орталығы – Ақсудан басқа жаққа баруға мүмкіндік бермейді. Жүніс хан Есенбұғаның әр қадамынан хабардар болып, реті келсе Шығыс Түркістан қалаларын жаулап алуға даяр болатын.

Міне, Есенбұға хан үшін осындай қиын-қыстау күндері Жетісу жері қалмақтар үшін ашық қалдырылады. Есенбұға ханның қолын Жүніс хан жіпсіз байлағандай етіп, оның Ақсудан басқа жаққа, тіпті өз елінің бір аймағына баруына мүмкіндік береді.

Осы жерде мынадай бір тарихи заңдылықты байқаймыз. Есенбұға хан Мауереннахрдың шығыс уалаяттарына жорықтар жасап, Әбу Сайд мырзаның Хорасандағы мемлекет үшін маңызды істермен айналасуына кедергі келтіріп, қол байлау жасап отырса, Әбу Сайд мырза да Жүніс ханды інісіне қарсы қойып, Есенбұғаның Ақсу қаласынан шығуына мүмкіндіктер бермейді. Мұндай жағдайда Жүніс ханға қарсы қою үшін Есенбұға ханға одақтас өте қажет болды. Ол одақтас көп ұзамай-ақ тез табылды. Ол – Керей мен Жәнібек сұлтандар болатын.

Сөйтіп, XV ғасырдың ортасындағы Моғолстанның қалмақтармен қарым-қатынастары да моғол хандары үшін өте тиімсіз болды. Бұл қарым-қатынастарда қалмақтар белсенділік танытып, моғолдар қорғанумен болады. Мұндай жағдайда Есенбұға ханға одақтас ауадай қажет еді. Осылайша, Моғолстандағы сыртқы саяси жағдай да Қазақ хандығының құрылуына қолайлы жағдайлар жасайды.ijhfc6,fhby nfqgfkfhsy_________________________________________________________________________________________________________ммды тонауға аттанып отырған. қалмақтардан қорғану үшін Қой су деген жеретер жатты"ның

старын анықтайтын ең басты принципті мәселені анықтауға арналған. қағаз кү______________________________ тар ен Жетісу аумағына батыстан Темір әулеті және шығыстан ойраттар жасаған үздіксіз мен ішкі саяси жағдайларды уақытша

Азақ хандығының құрылуы қарсаңындағы Моғолстанның ішкі және сыртқы саяси жағдайы _____________________________________________

Date: 2015-11-14; view: 1180; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.008 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию