Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






ХV ғасырдың ортасындағы Әбілқайыр хандығының ішкі саяси жағдайы 1 page





Қазақ хандығының құрылуының саяси алғышарттары ХV ғасырдың бірінші жартысы мен сол ғасырдың орта тұсындағы Шығыс Дешті Қыпшақта болған Әбілқайыр хандығының, Ноғай Ордасының, Моғолстан мемлекетінің және Мауереннахрдағы Әмір Темір ұрпақтары мемлекетінің ішкі саяси жағдайлары мен олардың бір-бірімен жүргізген сыртқы саяси қатынастарынан туындайды. Осы аталған мемлекеттердегі ішкі және сыртқы саясат мәселелерін терең талдағанда ғана біз, Қазақ хандығының құрылуы кездейсоқ оқиға емес, керісінше, ХІV-ХV ғасырлардағы Дешті Қыпшақ пен Мауереннахр және оларға іргелес елдердегі саяси құрылымдар арасында болған саяси дамулардың заңды қорытындысы болғандығына көзімізді жеткіземіз. Олай болса, жоғарыда аталған мемлекеттердің әрқайсысын жеке-жеке алып, біріншіден, олардың ХV ғасырдың бірінші жартысындағы ішкі саяси жағдайын, екіншіден, бір-бірімен саяси қатынастарын қарастырып көрелік.

Қазақ хандығының құрылуы барысындағы ең ірі, ең маңызды оқиғаға – Керей мен Жәнібек хандардың Әбілқайыр хандығынан бөлініп кетуі жататындықтан, талдауымызды осы мемлекеттің тарихынан бастаймыз.

Ақ Орда мемлекетінің соңғы билеушісі қайтыс болғаннан кейін, 1428/29 жылы жергілікті ру-тайпа көсемдері мен ірі дін басыларының қолдауымен жап-жас шайбанилық сұлтан Әбілқайыр таққа отырғызылады да, 40 жылдай билікте болып, 1468/69 жылы қайтыс болады. Көп ұзамай оның мұрагерлерінің билігі Шығыс Дешті Қыпшақ аумағынан шеттетіледі. Кеңестік дәуірдегі және қазіргі кезеңдегі Отандық тарихнамада бұл мемлекетті Әбілқайыр хандығы, «Көшпелі өзбектер» мемлекеті, Өзбек ұлысы деп атау қалыптасқан [45, 196 б.; 258, 183-188 бб.; 54, 154-159 бб.; 49, 7-26 бб.; 51, 215-223 бб.; 203, 225-227 бб.].

Бұл мемлекеттің тарихын тарих ғылымында зерттелмеген, көмескі деуге болмайды. 1965 жылы белгілі өзбек тарихшысы Б.А.Ахмедов осы мемлекеттің тарихына арналған «Государство кочевых узбеков» атты монографиясын жарыққа шығарған болатын [45, 196 б.]. Оның еңбегіне белгілі шығыстанушы В.П. Юдиннің берген сын-пікірін нағыз классикалық үлгідегі сын-пікір деуге болады. «Б.А. Ахмедовтың зерттеуі – ХV ғасырдағы Шығыс Дешті Қыпшақта өмір сүрген өзбектердің тарихи жолын жүйелеп, ғылыми тұрғыда зерттеуге арналған алғашқы ұмтылысы», - дей келе, ол зерттеудегі көптеген қате пікірлер мен кемшіліктерді нақты-нақты атап көрсетіп береді де, жалпы кітап жөнінде «Б.А. Ахмедов пайдалы кітап жазған», - деген тұжырым жасайды [303, 261-270 бб.]. Қазіргі таңда Б.А.Ахмедовтың осы еңбегінің жарыққа шыққанына 40 жылдан астам уақыт өтті. Тарих ғылымында осы жылдары күрделі өзгерістер болып, ол теориялық, методологиялық, деректанулық, тарихнамалық тұрғыда біршама алға жылжып кетті. В.П. Юдин атап көрсеткен кемшіліктер мен қателіктерден басқа біздің өзіміз одан бірнеше кемшіліктерді аңғарып отырмыз. Олар мыналар: 1) Жап-жас Әбілқайырдың билікке келуінің және де жергілікті ру-тайпа басшыларының оны қолдауының себептері ашылмай қалған; 2) Әбілқайыр ханның Шығыс Дешті Қыпшақты біріктіру жолындағы қол жеткізген жеңістерінің себептері ашылмаған; 3) 1446-1468/69 жж. Әбілқайыр ханның Мауереннахрдағы Ақсақ Темір ұрпақтарымен жүргізген саясаты, қарым-қатынастары бар болғаны бір-ақ сөйлеммен берілген; 4) Әбілқайыр ханның Моғолстанға жасаған ең соңғы жорығының мақсаты, бағыты, барысы туралы ештеңе айтылмайды. Мұндай кемшіліктерді зерттеуден көптеп кездестіруге болады. Жалпы алғанда, А.А.Ахмедовтың бұл еңбегінде ХІV ғасырдың бірінші жартысындағы Шығыс Дешті Қыпшақ аумағының этно-саяси тарихына қатысты бірталай мәселелер назардан тыс қалдырылған және терең қарастырылмаған. Дегенмен де, біз В.П. Юдиннің бұл кітап жөніндегі айтқан пікірін қостай отырып, өз тарапымыздан Б.А. Ахмедовтың «Государство кочевых узбеков» атты еңбегі – Шығыс Дешті Қыпшақта ХV ғасырдың 20-60-шы жж. өмір сүрген Әбілқайыр хандығының тарихына арналған бірінші және күні бүгінге дейінгі жалғыз еңбек, сонысымен ол құнды демекпіз.

Әбілқайыр хандығының ішкі саяси жағдайын түсіну үшін, алдыменен, Әбілқайырдың билікке келуіне тоқталалық. Ежелгі және ортағасырлардағы әлем және Қазақстан тарихында жоғарғы билікке бірнеше жолдармен келетіндігі белгілі. Біріншісіне - әулеттің негізін қалаушы тұлға өзінің жеке басының қасиеттерін көрсете отырып, қарулы күрес, соғыс арқылы келсе, екіншісіне – мұрагерлік жолмен келу жатады. Үшіншісіне – бір әулет ішіндегі тұлғалардың өзара билік үшін күресі арқылы келу болса, төртіншісіне - әулеттің жап-жас өкілін сарай маңындағылардың, әмірлер мен бектердің қолдап отырғызуы жатады. Бұларға дәлел ретінде ежелгі үйсіндердің, түріктердің, қыпшақтардың, саяси тарихынан, сондай-ақ Алтын Орданың, Ақ Орданың, Моғолстанның, Темір мемлекетінің, Ноғай Ордасының тарихынан көптеген мысалдар келтіруге болады. Осы билікке келудің әртүрлі жолдарын талдай келе, мынадай бір заңдылық бар екені аңғарамыз. Билеуші әулеттің идеологиялық негізі мықты болған жағдайда билікті мұралану барысы қатаң сақталады, ал идеологиялық негіз әлсіреп, тоқырағанда, онда билікке туған бауырлар бірін-бірі өлтіріп жетеді немесе әулеттің ең жас, тәжірибесіз өкілін жергілікті саяси күштер немесе топтар таққа отырғызады. Әбілқайырдың 16-17 жасында билікке келуіне қарап-ақ ХV ғасырдың басында Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы саяси-идеологиялық жағдайдың қандай күйде болғандығын біле аламыз. Жалпы алғанда, ХV ғасырдың Алтын Орда үшін қандай маңызға ие екендігі тарихшыларға мәлім. Бұл ғасырда Алтын Ордадан Қырым, Қазан, Сібір, Астрахан хандықтары, Ноғай Ордасы бөлініп кетіп, әрқайсысы жеке, дербес мемлекет ретінде өмір сүре бастайды [44, 453-518 бб.]. Империяның саяси жағынан бытыраңқылыққа ұшырап, күйреуінің басты себептерінің біріне – билеуші әулетке негіз болған идеологияның әлсіреуі жатса керек. Дәл осындай тенденцияны Дешті Қыпшақтың шығыс бөлігінен де көреміз. Ақ Орданың соңғы ханы Барақтың ноғай мырзалары Қази (Ғази), Наурызбен соғысып қаза табуы шыңғыстық идеологияның әбден әлсірегенін көрсетеді [101, 118 б.]. Шыңғыс ұрпағына жатпайтын ноғай мырзаларының Шыңғыс хан ұрпақтарымен текетіреске түсуі, жоғарыда атап өткендей, шыңғыстық идеологияның әлсіреуін және хандық билік беделінің төмендеуін жергілікті этнотоптардың саяси беделінің артқандығын көрсетеді. Міне, осы саяси беделі мен ықпалы өскен Шығыс Дешті Қыпшақтың ру-тайпаларының көсемдері мен ірі дін басылары 1428 жылы Әбілқайырды хан сайлайды.

Әбілқайыр ханның шығу-тегі жазба деректерде өте жақсы баяндалады [130, 34-35 бб.; 144, 347-349 бб.]. Ол – Жошының бесінші ұлы Шайбанның ұрпағы. Дерек мәліметтеріне сүйенсек, Шайбан, одан Баһадүр, одан Жошы Бұқа, одан Бадағұл оғлан, одан Мың Темір хан, одан Болат, одан Ибрагим (Аба-оғлан деп те аталады – Б.К.), одан Даулет-Шайх, ал Даулет-Шайхтың жалғыз ұлы - Әбілқайыр хан [207, 34-35 бб.; 347-349 бб.]. Деректер Шайбан Ұлысында ХІІІ ғасырдың басынан, яғни Шайбан ханнан бастап Әбілқайырдың әкесі Даулат-шайхқа дейінгі ұлыс билігінің өзгермей әкеден балаға дейін ауысып отырғандығын нақты көрсетеді [207, 347-349 бб.].

Әбілқайырдың туған жылын және оған сүйенген зерттеушілер хижра жыл санауы бойынша 816 жыл (1413) деп көрсетеді [207, 141 б.; 193, 37 б.]. В.В.Бартольд бұл датаның қате екендігін көрсетіп, «Әбілқайыр 1412 жылы айдаһар жылы туылған, - деп дәлелдейді [11, 489 б.].

Біз де осы датаны қолдай отыра, өз тарапымыздан былайша дәлелдеп көрсетеміз. Кухистани Әбілқайыр ханды 57 жасында хижраның 874 жылы қайтыс болған деп жазады [207, 171 б.]. Бұл жылдың біздің жыл есептеуіміз бойынша 1469 жыл екендігі белгілі. Олай болса, 1469 жылы 57 жастағы адам 1412 жылы туылған болып шығады.

Әбілқайырдың әкесі Даулат Шайх оғлан әкесінің орнына билік жүргізіп, жазба деректерде өзі туралы мынадай мәліметтер қалдырады: «Ол басқарудың негізін қалады және адамдар үшін жарлықтарға бағынуды үйретті. Туысқандармен, ру-тайпалармен және барлық әскермен ол өте жақсы қатынаста болды. Ол сол тұстағы хандарға қатысты «көтеріліс» деген сөзден қашығырақ болды, бұл сөзден ол алыс болуды өзінің міндеті деп санады» [144, 349 б.]. Әбілқайыр ханның әкесінің ұлысындағы билігі ұзаққа созылмаған секілді. Оның қашан, неше жасында қайтыс болғанын деректер айтпайды.

Б.А. Ахмедов осыған байланысты Махмуд ибн Валидың дерегіне сүйеніп, «Даулат шайх-оғлан қайтыс болғаннан кейін шайбанилықтар арасында билік үшін күрес күшейіп, соның салдарынан оның кішкентай ұлы Әбілқайыр биліктен шеттетіледі. Шайбан Ұлысындағы билікті алғашында Сопы, ал кейін оның ұлы Жұмадық хан басып алады», - деп айтады [45, 43 б.]. «Тарих-и Кипчаки» дерегінің авторы «Әбілқайыр хан балалық шағын [туысқандығына] байланысты Жұмадық ханның жанында өткізді. Ол Әбілқайырды әскер мен елді басқаруға қабілеті жететіндей етіп тәрбиеледі», - деп жазады [143, 390 б.]. Әртүрлі жазба деректердегі мәліметтер бойынша Әбілқайыр мен Жұмадық хан 5-6 атадан туысады. Олардың ортақ арғы атасы – Бадағұл ұлы Мың Темір хан. Мың Темірдің алты ұлының бірі – Болат, одан төртінші буында Әбілқайыр тараса, Мыңтемірдің келесі бір ұлы – Сүйініш Темір. Одан Сүйеніш бай, одан Баба, одан Сопы мен Ақсопы, ал Сопыдан – Жұмадық таралады [130, 34-36 бб.; 144, 348-349 бб.]. Кухистани секілді тарихшылар Жұмадықтың есімінің жанына «хан» титулын қосып жазса, бүкіл Шығыс Дешті Қыпшақта, Қырымда, Қазанда, Хажытарханда (Астрахан), Батыс Сібірде, Хорезмде билік құрған әулеттер туралы құнды мәліметтер берген Қадырғали Жалайыр еңбегінде Жұмадық ханның есімі кездеспейді де, аталмайды да. Керісінше, Қ.Жалайыр Шығыс Дешті Қыпшақ аумағындағы Шайбанилық әулеттің билігін Әбілқайыр ханнан бастайды [101, 120 б.]. Соған қарағанда Жұмадық хан – Шайбан ұлысы ішіндегі көп ұлыстардың бірінің ханы ғана болған. Біздің бұл ойымызды «Муизз ал-ансаб фи шаджарат салатин могул» атты шежірелік деректегі мынадай мәлімет дәлелдейді. Шығарманың анонимді авторы (еңбек 1426 ж. жазылған) шайбани әулетінің шежіресін тарқата келе, Жұмадық-оғланның әкесі Сопы (Суфи) деп жазады да, Жұмадыққа қатысты мынадай қосымша мәлімет береді: «Қазіргі кезде – 829 жылы (13.ХІ.1425-1.ХІ.1426) әкесінің тірі болғанына қарамастан бір адамдар тобы оны патшалыққа отырғызды» [200, 55 б.]. Бұл мәліметке Б.А. Ахмедов ерекше назар аударып, мәтіндегі «жамағат» деген сөздің тек «адамдар тобы» ғана емес, сонымен бірге, «тайпа», «белгілі адамдардың жиыны», «бас қосу» және тағы басқа осындай сипаттағы мағынаға ие екендігін айтады [45, 43 б.]. Біздің ойымызша, бұл жерде «жамағат» сөзі ұлыс көлеміндегі ру-тайпа көсемдері мен дін басыларының тобын, жиынын, бас қосуын білдіріп тұр. Міне, осы топ 1425/26 жылы Жұмадықтың әкесі Сопыны биліктен шеттетіп, орнына ұлы Жұмадықты отырғызады. Жошы ұрпақтарының шежіресін, оның ішінде шайбанилықтар шежіресін өте жақсы тарқататын «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме» атты еңбекте Мың Темір ханның Сүйініш Темір атты ұлынан таралатын ұрпақтардың ешқайсысының есімінің жанында «хан» лауазымы берілмеген. Бұл деректегі шежіренің бір ерекшелігі сол, онда қай заманда өмір сүргендігіне қарамастан кез-келген Жошы ұрпағы егер ол билікте болса, оның есімінің жанына «хан» лауазымы қоса жазылып отырылады. Осы тұрғыдан келгенде, Мың Темір ханнан Жұмадыққа дейінгі бес буында ешкім хандық билікте болмаған. Тіпті «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме» авторы Жұмадық есімін «хан» лауазымынсыз жазады [207, 36 б.]. Осы жоғарыда келтірілген мәліметтерін талдай келе, біріншіден, Жұмадықтың Мың Темір ханға дейінгі ата-бабалары Шығыс Дешті Қыпшақтың қоғамдық-саяси өміріне ықпал етіп, із қалдырған белгілі тұлғалар деп айта алмаймыз. Керісінше, олар саяси оқиғалардың қалтарыстарында, шеттерінде қалып отырған секілді. Екіншіден, Шайбан ұлысындағы ру-тайпа басшыларының ұлыс билігінен Шыңғыс ұрпағын алып тастап орнына оның ұлын отырғызуы – Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында Шыңғыс ұрпақтары беделінің жоғарғы биліктен жергілікті билікке дейінгі аралықта әлсірегендігін, жергілікті ру-тайпа көсемдерінің саяси ролі мен ықпалының өсіп, күшейгендігін көрсетеді. Үшіншіден, Әбілқайыр ханның әкесі Даулат Шайх оғлан қайтыс болғаннан кейін сонау ХІІІ ғасырдан әкеден балаға беріліп, жалғасып келе жатқан ұлыс билігін мұралану дәстүрі бұзылады. Билікке келген жаңа хан – Сопы ұлыстағы бытыраңқылықты тоқтата алмайды, керісінше, Шайбан Ұлысында бір-біріне бағынбайтын, бірнеше дербес ұлыстар пайда болады.

Енді Әбілқайырдың билікке келуі қарсаңындағы Шайбан ұлысының ішкі жағдайына тоқталалық.

Бұған дейінгі тарауда Шайбан ұлысының аумағын қарастырып өткенбіз. Сол себепті де бұл жерде оған тоқталып жатпаймыз. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, ұлыс аумағы Кіші жүздің аумағына сәйкес келеді. Шайбан Ұлысын ХІV ғасырда билеген Болаттың екі ұлы Ибрагим мен Арабшах әкелерінен кейін ұлысты екіге бөліп, дербес басқарады. Олар жазда – Жайықтың жоғарғы ағысы бойында, қыста – Сыр бойында мекен етеді. Дерек беруші Әбілғазы Ибрагим мен Арабшахты бір-біріне көшіп-қонып араласты», - деп баяндайды [300, 105 б.; 135, 122 б.]. Жазба деректер Шайбан ұлысындағы екі иеліктің қай өңірде болғандығын нақты жазбаса да, оларды анықтауға болады. ХІV ғасырдың соңы мен ХV ғасырдың басындағы тарихи оқиғаларға қарап, оларға талдау жасай келе, Арабшахтың иелігі шайбан Ұлысының оңтүстік бөлігін, ал Ибрагимнің иелігі солтүстік бөлігін алып жатқан деген тұжырымға келеміз. Бұған дәлел ретінде Арабшахтың 3-4 ұрпақтары: Ядгар ханның, Берке сұлтанның иеліктерін ХV ғасырдың ортасында Сыр бойынан, ал Ибрагимнің немересі Әбілқайырдың иелігін солтүстіктегі Тобыл өзені маңынан кездестіреміз [207, 147 б.; 139, 198 б.; 143, 391 б.].

Әбілқайырдың әкесі қайтыс болғаннан кейін солтүстік бөлікте Сопы, одан кейін Жұмадық ханның билігі орнағанымен, олардың жарлығының солтүстік бөліктің барлық ұлыстарына жетпейді. Б.А. Ахмедов өз еңбегінде Әбілқайырдың билікке келуі қарсаңында Шайбан Ұлысында пайда болған жеке ұлыстарға Жұмадық ханның, Махмұд қожа ханның, Мұстафа ханның, Даулат-Шайх-оғланның, сондай-ақ Тура қаласы мен оған іргелес аудандардың бүркіт тайпасының көсемдері Адаб бек пен Кепек бектің билігі жүргендігін айтады [45, 43-44 бб.]. Осы жерде Б.А. Ахмедовтың ұсақ Шайбан ұлысындағы ұлыстардың аумақтарын көрсетуде бірнеше кемшіліктер мен дәлсіздіктерге орын берілген деп есептейміз. Біріншіден, Б.А. Ахмедов ұсынып отырған «Шайбан Ұлысының картасында» оңтүстік бөліктегі ұлыстар көрсетілмеген. Екіншіден, картада Сыр бойы мен Аралдың солтүстік жағы Жұмадық ханның ұлысы деп көрсетіледі, бұл аймақ Арабшах ұрпақтарының иелігі болғандықтан, бұл өңірде Жұмадық ханның иелігі болуы мүмкін емес. Үшіншіден, Даулат шайх-оғланның ұлысы Тобыл маңында деп дұрыс көрсетіледі, оның орнына билікке келген Сопы, одан кейін Жұмадықтың да ұлысы сол жерде болуы керек. Өкінішке орай, Жұмадық ханның ұлысы Б.А.Ахмедовтың картасында оңтүстік бөлікте деп көрсетілген. Біздің ойымызша, Б.А. Ахмедов құрастырған картаны «Шайбан ұлысының солтүстік бөлігіндегі иеліктер» картасы деп атауға болады. Жалпы алғанда, ХV ғасырдың 20-шы жылдарының соңына таман Батыс Қазақстан аумағындаы Шайбан Ұлысының солтүстік бөлігінде саяси бытыраңқылықтың нәтижесінде бірнеше дербес ұлыстар пайда болып, әрбір ұлыстың билеушісі өз беттерінше дербес саясат жүргізіп отырады. Ол ұлыстарға: Жұмадық ханның, Махмуд қожа ханның, Мұстафа ханның иеліктері, Тура өңірінде бүркіт тайпасының бектері Адаб бек пен Кепек бектің иеліктері, сондай-ақ Ембі мен Еділ өзендерінің аралығында маңғыт билерінің ұлыстары жатады.

1428 жылы 16 жасар Әбілқайыр хан билікке келер кездегі Шайбан Ұлысының жағдайы осындай болатын.

Енді Әбілқайыр ханның билікке келуі мәселесіне тоқталалық.

Біз бұған дейінгі Қазақ хандығының құрылуының этникалық алғышарттарына арналған тарауда мәселенің этникалық жағын қарастырып өткенбіз. Енді саяси жағына да назар салалық. Жап-жас, ешқандай тәжірибесі жоқ Әбілқайырды билікке отырғызу арқылы жергілікті этносаяси күштер өзіндік саяси мүдделерді көздейді. Кез-келген саяси күштердің басты мақсаты билікті иелену, билікке ықпал ету болса, ортағасырлардағы монархиялық елдерде саяси күштер мен топтардың мақсаты билікке әулет өкілдері арасынан өздерінің қалаған адамын әкелу, сол арқылы ішкі және сыртқы саясатта өздерінің мүдделеріне сай келетін саясат жүргізу болды. Мұндай жағдайда саяси топтар терең ойлап, алысты болжамайтын, принципшілдігі аз, ой-өресі таяз, білімі мен тәжірибесі онша көп емес және тағы басқа осындай қасиеттерге ие үміткерлерді әулет арасынан іздеп тауып, таққа әкеледі. Кейде мұндай жағымды қасиеттері жоқ үміткерлермен алдын-ала келісім жасасады. Ал кейде саяси топтар әулет өкілдері арасынан өмірлік тәжірибесі аз, жап-жас жеткіншектерді отырғызуға тырысады. Сол арқылы ол топ жоғарғы саяси билікті уыстарында ұстайды, мемлекеттік маңызы жоғары шешімдерді қабылдауда өздерінің мүдделеріне сай жүргізеді. 16 жасар Әбілқайырдың кандидатурасы жергілікті этносаяси топтар осындай мүдделеріне байланысты билікке әкеледі. Біздің ойымызша, Әбілқайырдың кандидатурасы мынадай талаптарға сай келген. 1) Шайбан әулетінің өкілі, әкесі Даулетшайх оғланға дейін ата-бабалары үздіксіз ұлыстарда билік жүргізген; 2) Шайбанилар арасында өте танымал, белгілі, асылдың асылы секілді әулеттің өкілі болғандықтан, Әбілқайырдың үміткерлігіне басқа шайбанилық сұлтандар қарсылық көрсетпейді; 3) Үміткер жас, тәжірибесі аз, ықпал етуге өте тиімді. Міне, осындай талаптарға сай келгендіктен, Шайбан ұлысының жамағаты, яғни ру-тайпалардың көсемдері мен бектері, әмірлері мен мырзалары, дін басылары, сейіттер мен қожалар өзара ақылдаса, кеңесе келе, Әбілқайырдың кандидатурасын таққа лайықты деп ұйғарады.

Мұндай жап-жас үміткерді жергілікті этносаяси күштердің билікке әкелуі ХІІІ-ХV ғғ. Қазақстан тарихы үшін бірінші оқиға емес-ті. Мысалға алсақ, ХІV ғасырдың бірінші жартысында Шағатай мемлекеті ыдырап, бірнеше әмірліктерге бөлініп кеткенде, Жетісу мен Шығыс Түркістандағы жергілікті ру-тайпа басшылары дулат тайпасының көсемі әмір Болатшының басшылығымен Дува ханның немересі, Есенбұғаның ұлы Тоғылық Темірді іздеп тауып, оны 17-18 жасында билікке отырғызады [142, 44-55 бб.]. Сондай-ақ ХV ғасырдың бірінші ширегінде Алтын Ордадағы тақты жап-жас Мұхаммедке (тарихта бұл хан Кіші Мұхаммед деген атаумен белгілі болып қалды – Б.К.) Едігенің ұлы Мансұр би алып береді [101, 119 б.; 51, 209-210 бб.; 266, 93 б.]. Осы жерде Мансұр бидің Кіші Мұхаммедті билікке әкелуіне байланысты мынадай бір тарихи дерек мәліметі біз қарастырып отырған мәселенің мәнін терең түсінуге мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Мансұр би Темір ханның жас баласы Кіші Мұхаммедті Алтын Орда тағына отырғызып, біршама уақыт өткеннен кейін жас хан биге ұнамай, ол таққа Барақ ханды отырғызуды ойластыра бастайды. Сол дәуірдің кемеңгер, ақылгөй Жан-Темір деген қариясы Мансұрға былай деп кеңес берген екен: «Мұхаммед хан әлі жас, өз бетінше арбаны сүйреп жүре алмайды, онымен сенің өмірің тыныштықта өтеді, ал Барақ – күшті бурамен бірдей, ол арбаңды сүйреп қоймай, керек кезінде сені аударып, таптап тастайды» [51, 209-210 бб.]. Шайбан ұлысының әмірлері мен бектері де Әбілқайырды «өз бетінше арбаны сүйреп жүре алмайтын» адамға теңеп, «өмірлерін тыныштықа өтткізуді» ойластырған.

Егер де тарихта бір тарихи факт тосындау, қисынсыз болса, онда оған кездейсоқтық деп қарауға болады. Ол егер тағы да қайталанса, онда ол ерекше бір назар аударарлық құбылысқа айналады. Ал енді осы оқиғаға ұқсас келетін фактілер үшінші рет, төртінші, бесінші рет қайталанса, онда оны тарихи заңдылық деп қабылдауымыз қажет. Тоғылық Темірдің 17 жасында (1347/48 жылы), ХV ғасырдың бірінші ширегінде Кіші Мұхаммед ханның, 1428 жылы 16 жасар Әбілхайыр ханның таққа отырғызылуы, бәрі бір-біріне ұқсас тарихи фактілер. Бұлардың арасында бір заңдылықтың бар екендігі белгілі. Олай болса, сол заңдылықтың ішкі мәнін түсіндіріп көрелік.

Жалпы, ХІІІ ғасырдан брі Монғол империясынң құрылуымен Дешті Қыпшақ аумағындағы саяси биліктің Шыңғыс хан әулетінің қолына шоғырланғандығы белгілі. Моңғолдардың қоғамдық құрылысын деректер негізінде өте терең зертеген академик Б.Я. Владимирцев мынадай пікірлерді алға тартады: «... Мемлекет – оны құрған және оның ханы болған адамның, оның оның руының меншігі болып саналады», «Шыңғыс хан руының ұлысқа, яғни мемлекет пен халыққа билігі мынадан көрінеді: сол рудың бір өкілі император, хан болып құрылтайда сайланады да, бүкіл империяға билік жүргізеді, ал рудың басқа өкілдері негізінен еркек кіндіктілер, ұлыс иеленуге, басқаруға құқылы екендігі мйындалады». «Монғол императоры – шексіз билікті иеленген монарх болып саналады» [166, 98-100 бб.].

Date: 2015-11-14; view: 1675; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.01 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию