Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать неотразимый комплимент Как противостоять манипуляциям мужчин? Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?

Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника







Керей мен Жәнібек хандар туралы





Тарих ғылымында ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарынан бері Қазақ хандығының құрылуында жетекші роль атқарған екі тұлғаның – Керей мен Жәнібектің есімдері анықталып, белгілі болған. В.В. Вельяминов-Зернов алғаш рет Оразмұхаммед ханның шығу тегін анықтау барысында «Тарих-и Рашидидің» мәліметтерін айналымға енгізе отыра, былай деп жазған болатын: «Қазақтар туралы (В.В. Вельяминов-Зернов қырғыз қайсақтар деп жазады – Б.К.) «Тарих-и Рашидиде» Мұхаммед Хайдар айтқан мәліметтер хижра бойынша 860 жылдан 944 жылға дейінгі, яғни 1456 жылдан 1537/38 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Осы 80 жыл ішінде Мұхаммед Хайдар бойынша қазақтардың ең басты тұлғалары: жошылық Керей мен Жәнібек, Керейдің ұлы Бұрындық, Жәнібектің ұлдары Әдік пен Қасым және Әдіктің ұлы Тахир болды» [2, 228-229 бб.]. Міне, осы кезден бастап Керей мен Жәнібек хандардың Қазақ хандығының құрылуындағы тарихи рөлі анықталып, қазіргі күндерге дейін оны ешбір зерттеуші теріске шығармай, керісінше, оны зерттеушілердің бәрі бірауыздан мойындап отыр. Олай болса, осындай тарихи тұлғалардың өздеріне жеке тоқтап, олардың шығу тегіне, ата-бабаларына, жеке өміріне, хандықты құру ісіндегі іс-әрекеттеріне қатысты мәселелерге арнайы тоқтап өту арқылы олардың қазақ тарихындағы алатын орны мен атқарған роліне назар аударалық.

Махмуд бен Уәлидің жазуы бойынша алғашқы қазақ ханы Керей хан болғандықтан, арнайы қарастыруды Керей ханнан басталық [144, 353 б.].

Жазба деректер мен тарихи зерттеулерде алғашқы қазақ ханының есімі - Гирей, Герей, Кирай, Керей түрінде кездеседі. Қазақ тілінде жазылған әдебиеттер мен зерттеулерде соңғы есім жиі және тұрақты пайдаланылатындықтан, біз де осы есімді өз зерттеуімізде қолданамыз.

Бұл сөздің түп-төркіні мен мағынасына келсек, В.В. Бартольд ол жөнінде былай деп жазады: «Өзінің деректерін көрсетпей, Ахмед Вефик-паша өз сөздігінде «гирей» - монғол сөзі, монғолша «гарай» делініп, «еңбегі сіңген», «лайықты», «құқылы» деген мағынада қолданылады» [269, 522 б.]. Қазіргі кезде Монғолиядан тарихи Отанына қоныс аударған және көне монғол тілін жетік білетін бауырларымыздан бұл сөздің мән-мағынасы жөнінде сұрастырғанымызда, кезінде тарих пәнінің мұғалімі болып, зейнеткерлікке шыққан, ардагер-ұстаз Нығмет Мәмбетұлы ақсақал: «гарай» - көне монғол сөзі, оның екі мағынасы бар, біріншісі – «биік», «еңселі», «алып» дегенді білдірсе, екіншісі – «ержүрек», «батыл», «еркін», «берік» деген мағынаны білдіретінін хабардар етті. Араб тілінде бұл мағыналардың «хайдар», «ғайдар» деген сөздермен берілетінін ескере келе, монғол тіліндегі – «керей» сөзі мен араб тіліндегі – «хайдар» сөздерінің мағынасы ортақ, бірдей деген қорытындыға келеміз.

Мұндай есімнің Алтын Орда дәуіріне дейінгі араб, парсы тілдеріндегі шығармаларда кездеспеуіне және де тек қана осы дәуірде ғана Шыңғыс ұрпақтары мен көшпелі қоғамның жоғарғы тобы арасында жиі кездесуіне қарағанда бұл сөздің түп-төркіні монғолдық, ал мағынасы жоғарыда айтып өткен «ержүрек», «батыл», «алып», «берік» деген мағынаны білдіреді деген пікірлерді толық қолдаймыз.

Керей ханның шығу тегі бұған дейін айтылғандай, Жошы ханның үлкен ұлы – Орда Еженнен бастау алады. Орда Ежен, оның ұлы Сасы бұқа, оның ұлы Ерзен, оның ұлы Шымтай және оның ұлы Орыс хан болып жалғасады. Орыс ханнан Керейге дейінгі шежіре ортағасырлық деректерде жақсы сақталған [123, 62-63 бб.; 130, 42 б.; 52, 120-121 бб.]. Т.И. Сұлтанов аударған «Муизз ал-ансабтың» мәліметінде «Орыс ханның 15 баласы: 8 ұл және 7 қызы болған, делінеді де: «Бірінші ұл - Тоқтақия, ол хандық билікте болған. Оның үш қызы және үш ұлы болған. 1) Анике-Булад, 2) Бугучак, 3) Тенгриберди», - деп айтылады [52, 120 б.]. Ал «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намада» Тоқтақияның ұлдары «Тенгри-Берди, Йагуджак-анеке, Пулад», - деп беріледі [130, 42 б.]. «Анике» немесе «анеке» сөзінің біресе Болаттың алдында, біресе Йагуджактың соңында берілуін қолжазбаны көшірушілерден жіберілген техникалық қате деуге болады. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наманың» осы мәліметтері 1426 жылы жазылған «Муизз ал-ансабқа» тәуелді болғандықтан, біз осы шығармадағы мәліметті негізге аламыз. Ал Анике-Булад немесе Болатта бір ғана ұл болған, оның есімі - Керей-хан [130, 42 б.]. Сөйтіп, Орыс ханнан бері қарай таратсақ, Орыс-хан, оның ұлы Тоқтақия, оның ұлы Анике Болат және оның ұлы – Керей хан болып жалғасады.

Керей ханның Орыс ханға дейінгі ата-бабалары жөнінде тарихи зерттеулерде біршама жақсы қарастырылғандықтан, біз оларға тоқталмаймыз [198, 199-200 бб.; 258, 131-135 бб.; 155-160 бб.; 51, 195-201 бб.; 203, 214-217 бб.; 228-233 бб.]. Зерттеулердің бәрінде де Орда Еженнен бастап Орыс ханға дейін Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен әулеті билігінің үзілмегендігі айтылады. 1377 жылы Ақ Орда билеушісі Орыс хан қайтыс болғаннан кейін таққа оның үлкен ұлы Тоқтақия, яғни Керейдің атасы келеді де, 2 ай ғана билік құрады [200, 131 б.; 211 б.; 214 б.]. Т.И.Сұлтановтың жазуы бойынша Керей ханның атасы Тоқтақия «жұмсақ мінезді және әділетті» адам болып, Әмір Темір мен Тоқтамысқа қарсы күресте қайтыс болған [51, 201 б.; 52, 145 б.]. Ал Керейдің әкесі Анике-Болат немесе Болатқа келсек, ол – Тоқтақияның үш ұлының бірі. Оның есімі деректерде шежірелерге қатысты ғана айтылады. Басқа жағдайларда Анике-Болат туралы ешқандай мәліметтер айтылмайды. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-нама» бойынша Керей хан – Болаттың (Анике Болаттың) жалғыз ұлы [130, 42 б.]. Тоқтақияның Болаттан басқа Тәңірберді және Бұғышақ атты екі ұлы болып, Бұғышақтың Мұхаммед, Ахмет және Әли атты үш ұлы және Имен би атты қызы болғандығы белгілі [123, 62 б.; 130, 42 б.; 52, 120 б.].

Керейдің қай жылы дүниеге келгендігін деректер айтпайды, бірақ оны салыстыру әдісі арқылы болжап, шамамен айтуға болады. Орыс ханның үлкен ұлы Тоқтақия да, кіші ұлы Қойыршақ, олардың жас арасын шамамен 15-20 жыл деуге болады. Тоқтақия ұлы Болат болса, Қойыршақтың ұлы – Барақ. Барақтың 1428 жылы қайтыс болғаны белгілі. Барақтың үш ұлының үлкені Жәнібек хан. Ал Жәнібек хан мен Болаттың ұлы Керейдің бір тарихи кезеңде өмір сүргені және белгілі. Олардың да арасындағы жас айырмашылықтары 10-20 жыл деп санауға болады. Керейдің есімі ХV ғасырдың 60-шы жылдарының соңынан, ал Жәнібектің есімі ХV ғасырдың 70-ші жылдарының ортасынан бастап жазба дерек мәліметтерінде кездеспейді. Соған қарап оларды 60-70 жыл өмір сүрген деп есептесек, онда олар XV ғасырдың басында дүниеге келген болып шығады.

ХV ғасырдың 50-ші жылдарында, яғни Қазақ хандығының құрылар қарсаңында Орыс ханнан тараған Керей мен Жәнібек секілді шөберлерді санағанымызда, Темір Мәліктің ұрпақтарынсыз олардың саны 20-ға жуықтаған. Олардың ішінде жасы жағынан ең үлкені Керей болған. Сондай-ақ Орыс ханның үлкен ұлы – Тоқтақия, ал оның үлкен ұлы – Анике Болат, ал оның жалғыз ұлы Керей болғандықтан, ХV ғасыр ортасында Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен әулетінің, Орыс хан ұрпақтарының арасында ата жолы жағынан Керейдің мәртебесі жоғары болған.

Сол себепті Керей Махмуд бен Уәли айтқандай Әбілқайыр хандығы бөлініп кеткенде жасы мен жолына қарай хан болып сайланды. Ол он шақты жылдай хан болып, Қазақ хандығының іргетасын қалаған хандардың қатарына жатады. Жазба деректер оның нақты қай жылы қайтыс болғанын айтпаса да, жанама мәліметтер арқылы оны анықтауға болады. Әбілқайыр хан қайтыс болып, оның орнына отырған Шайх Хайдар ханға қарсы күрескен қарсыластарды шайбанилық деректер нақтылай атайды. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намада» Шайх Хайдардың жауларына: «Қажы Мұхаммед ханның ұлы Сейтек, Қажы Мұхаммед ханның немересі, Махмудектің ұлы Ибақ, Барақ ханның ұлдары Жәнібек пен Керей, Арабшахтың ұрпағы Буреке сұлтан, маңғыттан Аббас, Мұса, Жаңбыршы билер жатқызылады» [130, 19 б.]. Ал «Фатх-наме» мен «Шайбани-наме» деректерінде Керейдің есімі аталмай, тек Барақтың ұлы Жәнібек ханның есімі басқалармен бірге айтылады [131, 56-57 бб.; 132, 99 б.]. Соңғы екі дерек мәліметін негізге ала отыра, біз Керей хан есімінің оларда кездеспеуін, сол тұста, яғни 1469-1471 жылдары Керей хан өмірде болмаған, нақтырақ айтсақ, осы жылдарға дейін Керей хан қайтыс болып кеткен, - деп ой түйеміз. Керей ханның Жәнібек ханмен бірге Қазақ хандығын құрудағы іс-әрекеттері алдағы тараушада қарастырылатындықтан, біз бұл жерде оған тоқталып жатпаймыз.

Ал енді Жәнібек ханға келсек, тарихи деректерде оның есімі әртүрлі жағдайларға байланысты Керей ханға қарағанда жиі кездеседі. 1426 жылы жазылған «Муизз ал-ансаб» еңбегі мен ХVІ ғасырдың алғашқы жылдарында жазылған «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намада» оның есімі хандар шежіресіне байланысты кездессе, «Тарих-и Рашиди», «Фатх-наме», «Шайбани-наме» секілді тарихи шығармаларда Қазақ хандығын құрушылардың бірі ретінде жиі айтылады [123, 63 б.; 130, 42 б.; 142, 110 б.; 305-306 бб.; 132, 99 б.]. Ал Әбілғазы, Қадырғали Жалайыри, Гаффари, Хайдар Разидің еңбектерінде Жәнібек хан есімі Шығыс Дешті Қыпшақта билік құрған әулеттің өкілі ретінде ұшырасады [135, 19 б.; 101, 114 б.; 200, 212 б.; 218 б.].

Жәнібек ханның есімі ортағасырлық деректерде жиі айтылса да, тарих ғылымында оның тарихи рөлін алғаш анықтап берген В.В.Вельяминов-Зернов болды. Ол Ораз Мұхаммед ханның шығу тегі мен ата-бабаларын анықтау барысында көптеген мұсылман деректерінің мәліметтерін ғылыми айналымға енгізе отыра, Жәнібекті Кереймен бірге Қазақ хандығының алғашқы 80 жылдық тарихындағы, ірі тұлғалар дей келе, Жәнібекті Әбілқайыр хан дәуірінде Орта Азия тарихында өзіндік маңыз атқарған және одан кейін қазақтардың билеушісі болған дейді де, «одан басқа біз бұл екі тұлғаның (автор бұл жерде екі тұлға деп Жәнібек хан мен оның ұлы Жәдік сұлтанды айтып отыр – Б.К.) қазақ халқын құрушылар екендігін білеміз», - деп нақты көрсетеді [2, 228-229 бб.; 271 б.]. Осыған байланысты зерттеушінің «қазақ халқын құрушылардың» бірі ретінде Жәнібекті атап көрсетуін оның этникалық процесс пен саяси процестің ара жігін ажыратпай, екі процесті бір процесс деп қарастыруынан деп түсінеміз. Шындығына келгенде, екі процестің өздеріне ғана тән ерекшеліктер мен заңдылықтары, ұғымдары мен түсініктері бар. Саяси процесте белгілі бір әлеуметтік топ жетекші болса, оның басшылары сол әлеуметтік топ арқылы бүкіл саяси процеске басшылық рөл атқарады. Саяси процестер тарихи жағдайларға байланысты тез дамып, тез өзгеріп отырса, этникалық процестерге жоғарыда айтқан ұғымдар мен түсініктер мүлде сәйкес келмейді. Сол себепті де біз, В.В. Вельяминов-Зерновтың «қазақ халқын құрушылардың» бірі деген ойын қате деп қабылдап, Жәнібекті Қазақ хандығын құрушылардың бірі болған деген пікірмен толықтырамыз.

Жәнібек ханның шығу тегі мен ата-бабаларына келсек, ол Керей ханның шөберелес туысы болғандықтан, олардың Орда Еженнен Орыс ханға дейінгі бабалары ортақ болып келеді. Сол себепті де біз бұл жерде Жошыдан Орыс ханға дейінгі Жәнібек ханның ата-бабаларын қайталап жатпай, бірден Орыс ханнан тарайтын аталарына тоқталамыз. Бұл туралы бұған дейін айтылып өткендей, 1426 ж. жазылған «Муизз ал-ансаб» пен ХVІ ғасырдың алғашқы жылдары жазылған, мәліметтері бірінші шығармаға тәуелді «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намада» айтылады. Т.И. Сұлтановтың дәлелдеуі бойынша «Муизз ал-ансабтың» Париждегі ұлттық кітапханада тұрған қолжазбасынан алынып, «Сборник материалов относящихся к истории Золотой Орды» аты жинақтың екінші томына енгізілген Шыңғыс хан ұрпақтарына қатысты мәліметтерде біршама қателіктер жіберіліп, «Шыңғыс хан әулетіндегі бірнеше ондаған ханзадалар сиқырлы таяқтың әсеріне ұшырағандай, оғландарға айналып кеткен» [52, 109-117 бб.]. Соған байланысты ол шығарманың Орыс хан ұрпақтарына қатысты мәліметтерін деректану ғылымының талаптарына сай орыс тіліне аударды. Біз Жәнібек ханның ата-бабасы жөнінде қарастырғанымызда Т.И. Сұлтанов аудармасын пайдаланғанымызды ескертіп өтеміз. Ол аудармада Жәнібек ханның ата-бабалары жайлы былайша беріледі: «Орыс ханның бірінші ұлы – Тоқтақия. Ол билік құрған... Орыс ханның сегізінші ұлы – Құйыршық. Оның Пайанде-сұлтан, Рукйиа деген екі қызы және Барақ атты бір ұлы болды. Барақ билік құрған. Барақта төрт бала: Саадат-бек деген қызы және Әбу Сайд, Мир Қасым, Мир Сайд деген үш ұлы болған» [52, 120-121 бб.]. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намада» Әбу Сайд Барақ ханның үш ұлының кішісі және Жәнібек хан деген қосымша есіммен берілсе, Қадырғали Жалайыр ол туралы Барақтың ұлы «кіші Жәнібек хан», - деп дәлірек түсіндіреді [130, 42 б.; 101, 114 б.; 135, 119 б.]. Осылайша, деректердегі Жәнібек хан туралы айтылатын шежірелік мәліметтерде оның шын есімі - Әбу Сайд, ал лақаб есімі – Жәнібек екендігін білеміз. Ал Қазақ хандығының құрылуы барысын баяндайтын мәліметтердің бәрінде оның есімі Керей ханның есімімен бірге Жәнібек хан деп кездеседі.

Бізге Әбу Сайдтің не себепті Жәнібек атанғаны белгісіз, ол жөнінде ешбір дерек айтпайды. Ал оның не себепті «кіші Жәнібек» атанғанын дерек мәліметтері айтпаса да, анықтауға болады. Т.И. Сұлтановтың пікірінше, Жошы Ұлысы мен Орта Азия тарихында бір уақытта хан титулы бірнеше сұлтанда болып, олар жөнінде жақсы хабардар болған дерек авторлары хандарды ажырату үшін өз мәліметтерінде «Ұлұғ хан» (Үлкен хан) және «Кішіг хан» (кіші хан) деген атауларды қолданған [52, 148 б.]. Біздің ойымызша, «ұлұғ» және «кішіг» хандар жөніндегі мұндай түсіндірме дұрыс айтылған. Бұл түсіндірменің Алтын Ордада ХV ғасырдың бірінші жартысында хан болған Ұлығ Мұхамед хан мен Кішік Мұхаммед хандарға қатысты айылып тұрғаны белгілі. Бұл екі ханның Алтын Орданың саяси тарихында терең із қалдырып, жазба дерек мәліметтеріне есімдері сол дәуірдің өзінде-ақ енген болатын. Ал Қазақ хандығындағы Барақтың ұлы Әбу Сайдты «кіші Жәнібек» десе, онда «үлкен» немесе «ұлығ» Жәнібек деген кім болған? ХІV-ХVІ ғғ. ортағасырлық мұсылман деректерінде Жәнібек есімді хан да, сұлтан да көптеп кездеседі, бірақта олардың ешқайсысы Ұлығ Жәнібек деп аталмайды.

Мұны анықтау үшін дерек мәліметтеріне тереңірек назар салу керек сияқты. 1426 жылы жазылған «Муизз ал-ансабта» Әбу Сайд Барақ ханның үш ұлының үлкені деп көрсетіледі, бірақ та оның лақаб есімі жөнінде ештеме айтылмайды. Соған қарағанда Жәнібек хан деген лақаб есім оған ресми түрде хандықты иеленгеннен кейін берілген. Ал ХVІ ғасырдың алғашқы жылдарында жазылған «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намеде» Әбу Сайд – Барақ ханның үш ұлының кішісі, яғни үшіншісі деп беріледі. Сондай-ақ онда Әбу Сайдтың лақаб есімі – Жәнібек хан екендігі қоса айтылады, бірақ «кіші» деген сөз кездеспейді. Әбілғазы дерегінде де дәл сондай. Жәнібек ханның «кіші Жәнібек хан» екендігі алғаш рет ХVІІ ғасырдың алғашқы жылдары жазылған Қадырғали Жалайыр еңбегінде бірінші рет кездеседі [101, 114 б.]. «Шежірелер жинағы» «Оның (Барақ ханды айтып отыр – Б.К.) ұлы Кіші Жәнібек хан атанған - деген мәліметті бізге дейін жетпеген жазба дерек мәліметтерінің бірінен немесе ауыз әдебиетінің материалдарынан алған деуге болады.

Енді ХV ғасырда Жошы Ұлысы аумағының әртүрлі бөліктерінде бір тарихи кезеңде хан болған Жәнбек хан есімді тұлғаларға тоқталайық. Олар бірнешеу.

1) 1477-1478 жылдары азғантай ғана уақыт Қырымда хан болған Хажы Керей ұрпағы – Жәнібек хан [198, 199-200 бб.]. Бұл Жәнібек ханның билігі өте қысқа болғандықтан, кейбір деректер мен зерттеулерде ол жөнінде айтыла бермейді. 1474-1477 жылдары Қырым хандығында Хажы Керейдің ұлдары арасында таққа таластар жүріп, жеңіліске ұшыраған Меңлі Керей хан түрік сұлтанының көмегімен тақты бауырынан қайырып алады. Ал 1477 жылы оны Үлкен Орда ханы Ахмед хан жеңіліске ұшыратып, Қырымға Хажы Керей ұрпағы Жәнібекті немесе Жәнібек Керейді отырғызады. Бір жылдан кейін Меңлі Керей Жәнібек ханнан тақты қайтарып алады, ал Жәнібек хан болса Мәскеу княздығына қашуға мәжбүр болады. Билікке қайта келген Меңлі Керей ІІІ Иванмен бұрынғы одақтастық туралы шартын қайта бекітіп, қосымша қаулылармен толықтырады. Онда Ресейге қашып барған бауырларына жасына қарай материалдық жағынан қамтамасыз ету және оларды Ресейден шығармау жөнінде айтылған болатын [320, 141-142 бб.]. Қаулыға сәйкес Жәнібек хан өмірінің соңына дейін Ресейде қалып, сонда Ковно қаласында қайтыс болады.

2) Астрахан хандығында 1514-1521 жылдары билік құрған Кіші Мұхаммед ханның немересі, Махмуд ханның ұлы – Жәнібек хан. Астрахан хандығының тарихына арналған монографияның авторы И.В. Зайцевтың көрсетуі бойынша Махмуд ханның ұлы, Абд ал-Керімнің бауыры Жәнібек Астрахан тағын 1514 жылдың жазында иеленіп, 1521 жылдың 15 тамызына дейін билік жүргізген [302, 73-87 бб.].

3) Келесі хан лауазымын иеленген Жәнібек есімді тұлғаға – ХVІ ғасырдың бірінші жартысында Мауереннахрда Андижан уалайатын басқарған, шибанилық Жәнібек хан жатады. Ол - Әбілқайыр ханның немересі, Қожа Мұхаммед ханның ұлы [144, 356-357 бб.]. ХVІ ғасырдың соңғы ширегінде Жәнібек ханның немересі атақты Абдаллах хан Мауереннахрды біріктіру жолында күрес жүргізеді.

4) Хан лауазымын иеленген Жәнібектерден басқа хандар шежіресінде сұлтан титулыменен де бірнеше Жәнібек кездеседі. Олар: Тұқай Темірдің ұрпағы, Қара Кесектің немересі, Жетібектің ұлы – Жәнібек [130, 40 б.]. Шайбанилық Бахтияр сұлтанның шөбересі, Әлике сұлтанның немересі, Тұрымның ұлы – Жәнібек [130, 35 б.]. Бұл Жәнібек есімді тұлғалардың хан лауазымын иеленбеуіне байланысты біз, оларды қарастырмаймыз.

Енді жоғарыда есімдері аталған Жәнібек хан есімді тұлғалардың билік құрған жылдарын Барақ ұлы Жәнібек ханмен салыстырсақ, онымен бір мезгілде хан титулын иеленген тұлғаға – Қырымда азғантай ғана уақыт билікте болған Қажы Керей ұрпағы Жәнібек хан жатады. Ал Астрахан мен Андижандағы Жәнібек хандар ХVІ ғасырда билікте болғандықтан, олар біз қарастырып отырған Жәнібек ханға қарағанда «Ұлұғ Жәнібек хан» бола алмайды. Қырымдағы Жәнібек ханға келсек, оның саяси рөлі Жошы ұлысы түгілі, Қырымның өзінде онша болмаған. Сондықтан да ол да «Ұлығ Жәнібек хан» атануға лайықты емес. Олай болса біз, Барақ ханның ұлы Жәнібектің «кіші Жәнібек хан» атану себебін басқа жағдайлардан іздестіруіміз қажет.

Біздің ойымызша, Жәнібек ханның «кіші» деп Қадырғали Жалайыр еңбегінде айтылуының екі себебі болған. Бірінші себепке мынадай жағдайды жатқызамыз. Қадырғали Жалайырда Қырымдағы да, Астрахандағы да Жәнібек хандар жөнінде ештеңе айтылмайды, ал Алтын Орда ханы, Өзбек ханның ұлы Жәнібек туралы былайша баяндалады: «Өзбек хан неше жылдар Еділ бойында патшалық қылды. Оның ұлы Жәнібек хан болып Өзбек ханның орнына отырды. Неше жылдар бойы ол да патшалық құрды. Екеуінің патшалық қылғаны елу жылға жетті. Жәнібек апат болған соң әрқайсысы әр тарапқа тарады» [101, 113-114 бб.]. Осы Алтын Орда ханы Жәнібекпен салыстырғанда қазақ ханы Жәнібек – «кіші Жәнібек хан» деп аталған. Ал екінші себепке мынадай жағдайды жатқызамыз. «Муизз ал-ансабта» Барақ ханның үш ұлының үлкені Әбу Сайд деп берілсе де, «Тауарих-и гузида-йи нусрат-намеде» керісінше, Әбу Сайд – Барақтың үшінші ұлы деп айтылады. «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наменің» деректерін пайдаланған ХVІ-ХVІІ ғасырлардың авторлары Жәнібек ханды Барақтың кіші ұлы деп түсініп, оны өз шығармаларында «Кіші Жәнібек хан» деп жазып жіберген.

Осы жерде Жәнібек ханға қатысты зерттеушілер арасында мынадай шатасу мен түсініксіздіктің болғандығын айта кетелік. М.Тынышпаев өзінің «Қазақ халқының шығуы мен Қазақ хандығының құрылуы» атты көлемді ғылыми мақаласында қазақ ханы Жәнібекті, Астрахан ханы Жәнібекті және Қырымда 1477-1478 жылдары хан болған Жәнібекті, осы үшеуін бір тарихи тұлға деп түсінген. Оның көрсетуі бойынша қазақ Жәнібек Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін, Кереймен бірге бұрынғы жерлеріне қайтып келген, одан кейін ол Астраханда хан болып, 1477 жылы Қырымда билік жүргізген. Одан кейін Ресейге кетіп, сол жақта қайтыс болған [20, 128-131 бб.]. Зерттеушінің мұндай қате пікірде болуына біз, біріншіден, сол кезеңде көптеген жазба дерек мәліметтерінің ғылыми айналымға түспегендігі, екіншіден, М.Тынышпаевқа дейін беделді авторлар арасында Жәнібек хан туралы шатасулардың орын алуы негіз болған деп есептейміз.

Осылайша, Жәнібек ханның есіміне, лақабына қатысты мәселелерді анықтап алғаннан кейін, оның ата-бабаларына да тоқтала кетелік.

Алдыңғы беттерде айтып өткеніміздей, Жәнібек хан – Орыс ханның сегізінші ұлы Қойыршақтың немересі, Барақ ханның ұлы. Жәнібек ханның атасы жазба деректерде – Койричак оғлан, Коюрчак, Курчук, Нузи-оғлан, Каруджак, Құйыршық, Құйыршақ, Койриджак деген есімдермен жиі кездеседі. Қазақ тіліндегі академиялық басылымда бұл есім – Қойыршақ деп жазылғандықтан, біз де осы нұсқаны қолданамыз [258, 157 б.; 159 б.].

Қойыршақ туралы мәліметтер Шыңғыс хан ұрпақтарының шежіресінен басқа темірлік тарихшы Шараф ад-дин Йездидің «Зафар-наме» еңбегінде айтылады. 1395 жылы сәуірде Темір Терек өзені бойындағы шешуші шайқаста Тоқтамыс ханды жеңіліске ұшыратады да, түпкілікті талқандау үшін соңына түседі. Қойыршаққа қатысты онда мынадай мәлімет баяндалады: «Ол Еділ өзені арқылы өтетін Туратур өткеліне жетіп, жанындағы Орыс ханның ұлы Қойыршақ-оғланға өз тобынан өзбек баһадүрлерін қосты да, алтын жіптен тігілген халат пен алтын белдік кигізіп, ханға лайықты заттар береді. Оған Еділ өзенінен өтіп, Жошы Ұлысының билігін өз қолына алуды тапсырады. Жошы ұрпағының сұлтаны бұйрыққа сай өзеннің арғы бетіне өтіп, шашырап кеткен әскерін жинастыруға кірісті» [200, 178 б.]. Осы деректі өз зерттеулерінде келтірген Т.И. Сұлтанов Қойыршақтың қашан және қандай жағдайда Темір Ордасына барғандығы, оның Жошы Ұлысындағы билігі қалай болғандығы деректерде айтылмайды дей келе, Махмуд бен Уәлидің мәліметіне сүйеніп, Алтын Орда аумағынан Темірдің қайтуымен оның отырғызған адамы өлтірілді», - деген деректі келтіреді [52, 146-147 бб.]. Қойыршақтың Темір астанасына қашан барғанын нақты білмесек те, қандай жағдайға байланысты барғанын білу онша қиынға соқпайды. Тоқтамыс хан Темірдің көмегімен Ақ Орда тағын иеленгеннен кейін, өзіне қарсы келгендердің көзін құртып, ал билігін мойындағандарға рахымшылық жасаған. Ал Тоқтамыс хан Алтын Ордаға ие болып, Темірмен қайшылықты бастағанда, оның қарсыластары Темір жағында болатынын анықтау еш қиындық туғызбайды. Қойыршақтың Темірдің жанында жүруін біз, оның Тоқтамыс ханға қарсы жүргізген күресінің бір түрі деп түсінеміз.

Жәнібек ханның атасы Қойыршақ аз уақыт болса да Шығыс Дешті Қыпшақта билік құрып, онда ордаежендік әулеттің билігі мен ықпалын сақтап алады. Сөйтіп оның есімі Жошы ұлысында хан болғандардың қатарында айтылады [200, 212 б.; 214 б.]. Ал Жәнібек ханның әкесі Барақ хан туралы ортағасырлық деректерде мәліметтер көп кездеседі.

Бұған дейін айтып өткеніміздей, Барақ – Қойыршақ ханның жалғыз ұлы. Барақтан басқа Қойыршақтың Пайанде-сұлтан және Рукйиа атты екі қызы болған. Қадырғали Жалайыр Барақ хан туралы «оның өзі алып тұлғалы, ірі, нағыз ер, батыр еді. Тез арада әр тараптағы ұлыстарды өзіне бағындырды», - деп баяндайды [101, 114 б.]. Барақ хан – Алтын Орданың ХV ғасырдың 20-шы жылдарының бірінші жартысындағы саяси өмірінде із қалдырған және тақ үшін талас-тартыстарда жеңіске жетіп, бірнеше жыл Алтын Орданы билеген адам. Абд ар-Раззак Самарканди еңбегінде оның есімі алғаш рет 1419 жылғы оқиғаларға қатысты, ал орыс деректерінде 1422 жылдың 21 тамызынан бастап кездеседі [200, 196 б.; 321, 238 б.]. Жалпы алғанда Барақ хан туралы арнайы зерттеулер болмаса да, белгілі зерттеушілер өз еңбектерінде оған тоқталып өткен. М.Г.Сафаргалив өзінің еңбегінде оның Ұлұғ Мұхаммед ханмен, Хұдайдатпен күресін қарастырып өтсе, Т.И. Сұлтанов ол туралы өз зерттеуінде кеңірек тоқталады [44, 449-452 бб.; 51, 204-212 бб.]. Біз бұл авторлардың Барақ хан жөніндегі зерттеулеріндегі тұжырымдарын қайталап жатпай, тек оның өмірінің басты-басты кезеңдерін атап өтеміз.

Барақ ханның қай жылы дүниеге келгені белгісіз, 1419 жылы Ұлығбектің тікелей көмегімен Шығыс Дешті Қыпшақтың билігін иеленеді; 1422 жылы қарсыласы Хұдайдат ханды, Ұлұғ Мұхаммед ханды жеңіп Алтын Орда тағына ие болады; 1422-1426 жылдары Барақ Алтын Орданың ханы; 1426 жылы Ұлұғ Мұхаммед ханнан жеңіліс тауып, Шығыс Дешті Қыпшаққа қайта оралады; 1427 жылы Сырдың орта ағысы бойындағы қалалар мен жерлер үшін Ұлығбекпен соғысып жеңіске жетеді; 1428 жылы ол Кіші Мұхаммед ханның, Ғази мырза мен Наурыз мырзаның біріккен әскеріне қарсы шайқаста қаза табады.

1428 жылы Барақ хан қаза тапқаннан кейін Шығыс Дешті Қыпшақтағы Орда Ежен әулетінің билігі уақытша бірнеше он жылға тоқтатылады. Сөйтіп, Барақ ханның қайтыс болуымен ортағасырлық Қазақстан тарихындағы Ақ Орда атты мемлекет те өмір сүруін тоқтатып, тарихтың еншісіне қалады.

Барақтың ұлы Жәнібек, Анике Болаттың ұлы Керей және олардың інілері сол жылдарда жас болғандықтан ордаежендік әулеттің басын біріктіріп, күшейе бастаған шибанилық әулетке қарсы тұра алмайды. Керей мен Жәнібек бастаған әулет тобына Шығыс Дешті Қыпшақтағы ордаежендік әулеттің билігін қайта қалпына келтіру үшін 40 жылдан астам уақыт керек болады.

Осылайша, Жәнібек ханның әкесі мен атасы жөнінде жоғарыда айтылған ойларымызды қорытындылай келе, мынадай тұжырымдар жасаймыз.

Бірінші, Орыс ханға дейін Орда Ежен әулетінің билігі Шығыс Дешті Қыпшақта қалай жалғасса, одан кейін де бұл әулеттің билігі осы аумақта әртүрлі саяси жағдайларға қарамастан 1428 жылға дейін жалғаса берген. Керей ханның атасы Тоқтақияның, Жәнібек ханның атасы Қойыршақ хан мен әкесі Барақ ханның билікте болуы әулет өкілдері ішінде осы отбасыларының статусын ерекшелендіреді. Екінші, ХV ғасырдың ортасында шибанилық әулетке қарсы күресте Керей мен Жәнібек хандар текті атаның ұрпақтары ретінде беделді әулеттің өкілдері ретінде басшылық жасамай, тыныш қалуы мүмкін емес болатын.

Жәнібек ханның қай жылы дүниеге келгенін жазба деректер айтпаса да, оны жанама деректер арқылы мөлшерлеп айтуға болады. «Муизз ал-ансабта» Жәнібектің Барақ ханның баласы деп көрсетілуіне қарағанда, оны 1410-1420 жылдардың аралығында дүниеге келген деуге болады. Сондай-ақ оның тоғыз ұлының үшінші не төртіншісі Қасым 1512 жылы Мұхаммед Хайдар Дулатидың айтуы бойынша «алпыстан асып, жетпіске таяп қалған» [142, 308 б.]. Бұл жасты 66-68 деп есептесек, онда Жәнібектің ұлы Қасым 1444-1446 жылдары дүниеге келген болып шығады. Қасымның алдында Жәнібектің Иренші, Махмұд, Әдік атты ағаларының болғандығын ескере келе, біз Қасым дүниеге келгенде әкесі Жәнібек 25-30 жастар шамасында болған дейміз.

Жәнібек ханның 1450 жылдардың соңына дейінгі өмірі белгісіз, ол жөнінде ешбір деректе айтылмайды. Солай десек те Ордаежендік әулеттің негізгі билік жүргізген аумағы Ертістен Ырғыз – Торғайға дейінгі, Сырдан Тобылға 4ейінгі аумақ болғандықтан, Барақ хан қаза тапқаннан кейін де әулет өкілдері осы өңірлерде өмір сүрген дейміз. Сырдың орта ағысы бойы Дешті Қыпшақ үшін де өте маңызды аймақ болғандықтан, екі аумақтың билеушілері ол өңірді өз қарамағында ұстауға күш салатыны белгілі. 1427 жылы Ұлығбек Барақ ханнан жеңіліп, Сығанақ өңірінен айырылып қалса да, Барақ хан қайтыс болғаннан кейін оның бұл өңірді қайтарып алатынын түсіну қиын емес. Тек 1446 жылы ғана күшейіп алған Әбілқайыр хан Сыр бойындағы қалалар мен өңірлерді Темір әулетінен қайта қайтарып алады. Осы жағдайларды ескере келе, 1428-1446 жылдар Орыс ханның немерелері Керей де, Жәнібек те өз ұлыстарымен Темір әулетіне жартылай тәуелді болған. Ал 1446 жылы Сыр бойында шибан әулетінің билігінің орнауымен Жошыдан тарайтын екі әулет арасында бәсекелестік пайда болады. Бұл өз кезегінде дами келе ашық жаулыққа ұласады да, ордаежендік әулеттің сол тұстағы жетекшілері Керей мен Жәнібек өз қарамағындағы ру-тайпаларды бастап, Әбілқайыр ханның үстемдігінен дербестеніп, Махмуд бен Уәлидің айтуынша «бөгде елге» көшуге мәжбүр болады. Біз ол туралы келесі тараушаларда кеңірек тоқталамыз.

Осылайша, осы тараушада қарастырылған мәселелерімізді түйіндей келе, төмендегідей қорытындыларға келеміз.

Бірінші, Қазақ хандарының шығу тегін Жошының кіші ұлы - Тұқай Темірден тарату ХVІ ғасырдың басындағы шибанилық әулет өкілдерінің қазақ хандарының Шығыс Дешті Қыпшақтағы билігін әлсірету, жою үшін әдейі жасаған идеологиялық күресінің бір көрінісі деп білеміз де, Жошының үлкен ұлы Орда Ежен ұрпақтарының билігі ХІІІ ғасырдың 20-шы жылдарынан Орыс ханға дейін одан кейінгі Барақ ханға дейін де үзілмеген.

Екінші, Барақ хан қаза тапқаннан кейін Шығыс Дешті Қыпшақта Жошының бесінші ұлы Шибан ұрпақтарының билігі орнығып, ордаежендік әулет өкілдері биліктен уақытша шеттетіледі. ХV ғасырдың 50-ші жылдарында Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған әулет өкілдері ордаежендік әулеттің билігін қалпына келтіру үшін күрес жүргізеді де, күрес барысында өздеріне қарайтын ру-тайпаларды бастап амалсыздан Моғолстанға көшеді. Көп ұзамай-ақ олар Шығыс Дешті Қыпшақ аумағына жаңа деңгейде қайта оралып, бұрынғы ордаежендік әулеттің билгін қайта қалпына келтіреді және жаңа – Қазақ хандары билігінің негізін қалайды.

 








Date: 2015-11-14; view: 1500; Нарушение авторских прав

mydocx.ru - 2015-2017 year. (0.011 sec.) - Пожаловаться на публикацию