Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Улеттік деректер тобының мәліметтеріне сипаттама





Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты мәліметтердің ең негізгі бөлігі парсы, түрік тілдерінде жазылған әулеттік деректерде кездеседі. Соған байланысты біз әулеттік топқа жататын әрбір деректің мәліметтеріне қысқаша тоқталамыз.

Хұлагулық деректердің мәліметтері: 1256-1344 жылдары Иран, Ирак, оңтүстік Азербайжан аумақтарында өмір сүрген Төленің ұлдарының бірі, Шыңғысханның немересі Хұлагу (1216-1265) қалаған мемлекет тарихта Илхандар немесе Хұлагу әулетінің мемлекеті деген атаумен қалды [198, 181-183 бб.; 199, 200-202 бб.]. Хұлагулық әулеттің билігі тұсында жазылған тарихи шығармаларды хұлагулық деректер деп атау қалыптасқан. Жувейни, Рашид ад-дин, Вассаф, Хамдаллах Казвини секілді ортағасырлық ірі тарихшылар өз шығармаларын осы әулеттің билігі тұсында жазады. Олардың еңбектерінде біздің мәселемізге қатысты құнды мәліметтер кездеседі.

а) «Тарих-и Жахангуша» («Әлемді жаулаушының тарихы») атты еңбектің авторы Ала ад-дин Ата Малик ибн Баха ад-дин Мухаммед ал Жувейни (1226-1283) өз еңбегін 1252-53 жылы бастап, 1260 жылы аяқтаған [200, 205 б.; 195, 166-167 бб.; 194, 19-20 бб. ].

Жувейнидің еңбегінде біздің мәселемізге қатысты мынадай мәліметтер кездеседі: 1) монғолдардың Дешті Қыпшақты жаулап алуы; 2) Алтын Орданың алғашқы хандары және олардың ислам, христиан діндеріне қатысты көзқарастары мен саясаты; 3) монғолдарға қарсы қыпшақ басшыларының күресі [200, 20-24 бб.]. Сондай-ақ «Тарих-и Жахангуша» авторы монғол жаулаушылығы қарсаңында Қазақстан аумағындағы саяси жағдайларды да баяндап береді [6, 238 б.].

ә) Хұлагулық деректердің тобына жататын келесі туындыға – Рашид ад-диннің «Жылнамалар жинағы» («Джамих ат-таварих») атты еңбегі жатады [107, 27-29 бб.; 195, 167-169 бб.; 201.;194, 22-27 бб.].

Рашид ад-диннің еңбегіндегі тарихи мәліметтердің құндылығын зерттеушілердің бәрі бір ауыздан мойындайды. И.П. Петрушевскийдің пікірі бойынша XІІІ-XІY ғ.ғ. монғодар тарихы үшін «Алтын дәптер» мен «Монғолдың құпия шежіресінің» мәліметтеріне қарағанда «Жылнамалар жинағының» мәліметтері өте құндырақ болып келеді [201, 30 б.]. Төменде біз де осы шығарманың өзіміз қарастырып отырған мәселелер бойынша деректеріне назар аударалық.

1) «Жылнамалар жинағының» бірінші томының бірінші кітабы түрік тілдес тайпалар тарихына арналған. Онда автор түріктердің территориясы, рулар атаулары мен бөлімдері, Оғыз тайпалары, өз билеушілері мен мемлекеті болған түрік тайпалары, монғол атанған түрік тайпалары туралы баяндайды. Бұл құнды деректер бізге XІІІ ғасырға дейінгі және одан кейінгі кезеңдерде Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында жүрген этнопроцестер туралы тұжырымдар жасауға мүмкіндіктер береді. Рашид ад- диннің түрік тайпалары туралы осындай жан-жақты баяндалған материалдары басқа деректерде кездеспейтіндіктен, біз оларды өте жоғары бағалаймыз.

2) Монғолдардың Шыңғысханның бастауымен Жетісу, Шығыс Дешті Қыпшақ, Оңтүстік Қазақстан аумақтарын жаулап алуы, соған байланысты болған қырып-жоюларды біз этнопроцеске тікелей әсер еткен кері сандық белгіге жатқызамыз.

3) Жошы хан және оның XІІІ ғасыр соңына дейінгі ұрпақтары, әсіресе Орда Еженнің ұрпақтары туралы баяндаулардан, біз Орда Ежен Ұлысында қандай тайпалардың өмір сүргендігін аңғарамыз. Қыпшақ, Арғын, Найман, Қоңырат, Алшын, Керей, Жалайыр және тағы басқа тайпалар осы ұлыста өмір сүріп, XY ғасырдың ортасында олар Орда Ежен ұрпақтары Керей мен Жәнібек хандарға қолдау көрсетеді.

4) Рашид ад-дин Шибан Ұлысындағы ру-тайпалар туралы да құнды мәліметтер береді. Ол мәліметтер арқылы біз XY ғасырдағы «көшпелі өзбек» тайпаларының шығу-тегін анықтай аламыз.

5) "Жылнамалар жинағында" алғаш рет XІY ғасыр басына дейінгі Орда Ежен Ұлысының тарихы баяндалады. Біз оның материалдары арқылы Шығыс Дешті Қыпшақтың XІY ғасырға дейінгі этносаяси тарихын зерттеуге мүмкіндіктер аламыз.

б) Хұлагулық деректер тобына жататын келесі бір дерек «Вассафтың тарихы». Еңбек Ирандағы илхандар тарихына арналса да, онда біздің қарастырып отырған мәселемізге қатысты мәліметтер кездеседі. Олар мыналар: 1) Шыңғысханның төрт ұлының ұлыстары, олардың аумақтары туралы; 2) Алтын Орда хандары мен Илхандар арасындағы соғыстардың себептері туралы; 3) Орда Ежен (Вассаф оны Хорда деп жазады – К.Б.) мен Батый туралы мәліметтер 200, 80-89 бб.]. Вассаф өзіне қажетті деректерді Жувейни мен Рашид ад-диннен алады, ал оның кейбір мәліметтері аталған авторларда кездеспейді, сол себепті де олар біз үшін өте құнды деректер қатарына жатады.

в) Хамдаллах Казвинидің (1281-82- ж.т.) "Тарих-и гузиде" («Таңдамалы тарих») атты еңбегі 1330 жылы аяқтаған, ондағы оқиғалар 1329 жылға дейін баяндалады. «Таңдамалы тарихтың» кейбір қолжазбалық нұсқалары одан әрі жалғастырылған: а) Хамдаллах Казвинидің өзі 1344 жылғы оқиғаларға дейін баяндалған; ә) оның ұлы Зейн ад-дин Казвини 1392 жылға дейінгі Иран тарихын жазып қосқан [200, 90 б.; 195, 171-172 бб.; 194, 30-31 бб.].

Біз Хамдаллах Казвинидің тарихи еңбегінен өзімізге қажет мынадай сипаттағы мәліметтерді кездестіреміз: 1) XІІІ-XІY ғасырлардағы Алтын Орда хандары және олардың дінге көзқарастары, әсіресе Сартақтың христиан, ал Өзбек ханның исламды қолдағаны жақсы баяндалады; 2) Алтын Орда мен Ирандағы илхандардың күрестерінің себептері; 3) Алғаш рет Алтын Орда әскерін автор өзбектер (узбекиян) деп, ал мемлекетін - Өзбек мемлекеті (Мамлякат-и узбеки) деп атайды [200, 90 б.; 195, 171-172 бб.; 194, 30-31 бб.].Егерде алғашқы мәліметтер тобы Казвини еңбегіне дейінгі авторларда жиі кездессе, «Таңдамалы тарихта» этносаяси мәндегі «өзбек» атауының айтылуы үлкен жаңалық болып саналады. Бұл атау арқылы біз XІY ғасырдың бірінші жартысына дейінгі Алтын Ордадағы этнопроцестердің дамуын, оның нәтижесін көре аламыз.

Жалпы, хұлагулық деректер тобындағы мәліметтерге қысқаша тоқтала келе, біз олардың XІІІ-XІY ғасырлардағы Жошы Ұлысының тарихы үшін өте маңызды және Қазақ хандығы құрылуының саяси, рухани, этникалық алғышарттарын зерттеуде аса құнды деректер қатарына жатады деген қорытындыға келеміз.

Делилік деректер мәліметі: Бұл топқа Жузжанидің «Табакат-и Насири» атты еңбегінің мәліметтері жатады. «Табакат-и Насири» - парсы авторларының дәстүрінше жалпы тарихты қамтыған шығармаға жатады. Оның өзге парсы авторларынан айырмашылығына, біріншіден, оның монғол жаулап алушылығы кезінде өмір сүріп, көптеген қырып-жоюлар оның дәуірінде өткендігі жатады. Ал екіншіден, Жузжани монғолдарға, олардың жаулаушылығы мен билігіне өзінің қарсылығын көзқарастары мен пікірлері арқылы білдірген автор болып саналады [200, 13 б.; 195, 166 б.; 194, 33-36 бб.]. «Табакат-и Насириде» біздің мәселеге қатысты мынадай мәліметтер кездеседі: а) XІІІ ғасырдағы монғолдардың жаулап алушылығы туралы; ә) Жошы ханның жеке басының қасиеттері туралы; б) монғолдардың жаулап алу соғыстары кезіндегі қырып-жоюлары туралы; в) Берке ханның мұсылманшылығы туралы және тағы басқа оқиғалар туралы мәліметтер. Біз бұл мәліметтерді XІІІ ғасыр басындағы Шығыс Дешті Қыпшақтың этносаяси тарихы үшін құнды мәліметтер қатарына жатқызамыз.

Жалайырлық дерек мәліметтері: Хұлагулық әулет билігінен соң, Ирак, Азербайжан аумақтарында 1340-1432 жылдары Жалайыр әулеті деген атаумен тарихта қалған жаңа әулет билік құрады. Бұл әулеттің екінші билеушісі Шайх Уайыс тұсында (1356-1374) Әбу Бәкір ал-Күтби ал-Ахари тарихи еңбек жазып, оны Шайх Уайысқа арнайды да, еңбектің атын "Тарих-и Шайх Уайыс" («Шайх Уайыстың тарихы») деп атайды [200, 99 б.; 198, 206-207 бб.; 199, 215-216 бб.; 195, 220-221 бб.; 194, 36-37 бб.]. Деректің Алтын Орда тарихына қатысты жерлері СМИЗО-ның екінші томына енгізілген [200, 99-103 бб.]. 1894 жылы «Тарих-и Шайх Уайыс» орыс тіліне аударылып, жарық көрген [115.]. «Тарих-и Шайх Уайыстың» біз үшін аса қажетті мәліметтеріне мыналар жатады: 1) Алтын Орда хандары туралы мәліметтер; 2) Алтын Орда мен Хұлагу мемлекеті арасындағы соғыстар туралы мәліметтер; 3) 1342-1357 жылдар аралығындағы Алтын Ордада болған билік үшін таластар мен Жәнібек ханның билік құрған кезеңі туралы мәліметтер [200, 99-103 бб.].

Темірлік деректер мәліметтеріне сипаттама: 1370 жылы Мауереннахрда билікке келген Ақсақ Темір, өз ұрпақтарына жаңа әулеттің негізін қалап берді. Бұл әулет 1500 жылға дейін Мауереннахр мен Хорасан аймағында билік құрып, тарихта Темір ұрпақтарының билігі немесе жай ғана темір әулеті деген атаумен белгілі болды. Осы әулеттің билігі тұсында басқа да шығармалармен қатар, көптеген тарихи шығармалар дүниеге келеді. Оларда да Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты аса құнды мәліметтер кездеседі. Төменде сол деректер мен олардың мәліметтеріне қысқаша тоқталып өтелік.

а) Темірлік деректер қатарына жататын туындылардың бірі – «Тузук-и Тимури» («Темірдің Заңдары») атты шығарма. «Тузук-и тимуриден» біздің мәселемізге қатысты мынадай мәліметтерді аламыз: 1) Ақ Орда билеушісі Орыс хан мен Темірдің соғыстары туралы; 2) Темірдің Тоқтамыспен күрестері туралы [116, 176-180 бб.]. Темірлік осы деректің мәліметтері біздің мәселеміз үшін негізгі дерек қатарына жатпаса да, XІY ғасырдың екінші жартысындағы Темір мемлекетінің Ақ Ордамен, Алтын Ордамен қарым-қатынастарының барысын түсінуге мүмкіндіктер береді.

ә) Темірлік деректер тобына жататын келесі шығарма Низам ад-дин Шамидың «Зафар-наме» («Жеңіс кітабы») атты еңбегі. «Зафар-намеде» біз қарастырып отырған мәселе бойынша мынадай сипаттағы деректерді кездестіреміз: 1) Алтын Ордада (Дешті Қыпшақта) Жошы ханнан Шәдібек ханға дейін билік құрған 25 ханның есімдері; 2) Темірдің Орыс ханмен соғысы туралы; 3) Темірдің Тоқтамысты 1378-1379 жылы Сығанақ тағына отырғызуы туралы; 4) XІY ғасырдың 90-шы жылдарында Темірдің Тоқтамыс ханмен соғыстары туралы жан-жақты, әрі кең көлемде баяндалады [200, 105-125 бб.]. Бұл мәліметтер бізге XІY ғасырдың екінші жартысындағы Алтын Орданың ішкі және сыртқы саяси жағдайынан мағлұматтар беріп, империяның ыдырау процесін тездеткен факторларды түсінуге жол ашады.

б) Шараф ад-дин Али Йаздидың «Зафар-наме» атты еңбегі де Шамидың еңбегімен бірдей аталып, екі туынды да Ақсақ Темірдің жорықтары мен соғыстарын, ұрыстары мен жеңістерін мадақтауға арналғанмен, Йазидың деректері Шамиға қарағанда тарихи оқиғаларды анағұрлым көлемдірек баяндайды [200, 145-189 бб.]. Йаздидың «Зафар-намесінде» біздің мәселемізге қатысты мәліметтер өте көп, сол себепті де біз оларды былайша топтастырамыз: 1) Жошы ханнан Кіші Мұхаммед ханға дейінгі Алтын Орданың 32 ханның әрқайсысына сипаттамалар. 2) Ақ Орда мен Темір мемлекеті арасындағы қарым-қатынастарды көрсететін деректер; 3) Темірдің Тоқтамысқа қарсы жорықтары өте жақсы баяндалған оқиғалар қатарына жатады. 4) Жәнібек ханның атасы Қойыршық оғланға қатысты, Едігеге қатысты мәліметтердің құндылығы жатады. 5) Шығыс Дешті Қыпшақ әскерінің «өзбек әскерлері» деп аталуының да астарында үлкен мән бар [200, 178 б.].

Жалпы, Йаздидың «Зафар-наме» еңбегінің Қазақ хандығының құрылу тарихын, оның ішінде этникалық, саяси алғышарттарын қарастыруда ролі өте ерекше деп атаймыз.

в) Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысы бар келесі бір темірлік дерекке – Муин ад-дин Натанзидың «Мунтахаб ат-тауарих-и Муйни» («Муйнидың таңдамалы туындылары») атты шығармасы жатады. Деректе XІІІ-XY ғасырлар аралығындағы Қазақстан тарихына қатысты құнды мәліметтер өте көп. Біз олардың ішінен өзіміздің мәселемізге қатысты мынадай мәліметтерді атап көрсетеміз:

1) Деректе Жошы Ұлысының екіге бөлініп, сол қанатқа жататын бөлік Ақ Орда деп, ал оң қанатқа жататын биліктің Көк Орда деп аталатындығы туралы айтылады [200, 127 б.]. Натанзидың осы мәліметіне байланысты мамандар арасында талас-тартысты пікірлер бар [51, 189-195 бб.; 203, 214-215 бб.; 53, 105-116 бб.]. Натанзи сол қанатты тек Ақ Орда деп атап қана қоймай, сол жақтағы Ұлытау, Женд, Баршкенд, Қаратал, Сегізағаш (Сенгірағаш) деген географиялық атауларды нақты көрсетіп береді [200, 127 б.]. Бұл атаулардың бәрінің қазіргі кездегі Қазақстан аумағында кездесетіндігіне және болғандығына ешкім қарсы келмейді. Сондай-ақ Жошы Ұлысының сол қанатқа бөлінгендігін, онда Жошының үлкен ұлы Орда Ежен және оның ұрпақтары билік құрғандығын Натанзидан бір ғасыр бұрын Рашид ад-Дин айтып кеткен болатын [110, 66 б.]. Олай болса Натанзи жазып отырған Жошы Ұлысының сол қанаты Ақ Орда деп аталады деген мәліметтің ешқандай қателігі жоқ. Ал сол қанат Ноғай ұрпақтарына қарады деген Натанзи мәліметі шынында да күмән туғызады.

2) Жошы Ұлысының оң қанатының, яғни Алтын Орданың XІY ғасырдың ортасына дейінгі саяси тарихына қатысты мәліметтері өте құнды. Біз ол мәліметтер арқылы Алтын Орданың ыдырау дәуірінің алғашқы кезеңдерін біле аламыз.

3) Ақ Орда хандарының Сасы Бұқадан Тоқтамысқа дейінгі билеушілері туралы мәліметтер оған дейінгі басқа ешбір жазба деректе айтылмайды. Сол себепті де біз оның бұл мәліметтерін өте құнды мәліметтер қатарына жатқызамыз. Сасыбұқа, Ерзан, Мүбарак-қожа, Шымтай және Орыс хандар – Қазақ хандарының арғы аталары болып келеді.

4) Алтын Ордадағы XІY ғасырдың соңы - XY ғасырдың алғашқы жылдарында болған күрестер жөніндегі мәліметтер де құнды боп есептеледі. Бұл деректер Алтын Ордадағы дағдарыстың тереңдеп, ыдыраудың күшейгенін көрсетеді.

Осылайша біз, Муйн ад-дин Натанзидің «Мунтахаб ат-тауарих-и Муйни» атты еңбегіндегі мәліметтерге тоқтала келе, Қазақ хандығының құрылу тарихында олардың маңызы жоғары деп есептейміз.

г) Қазақ хандарының шығу-тегін анықтауда парсы тілінде 1426-27 жылы Хорасандағы Темір әулетінің өкілі Шахрухтың тапсырмасымен жазылған және одан кейінгі жылдары жалғастырылған «Муизз ал-ансаб» («Книга прославляющая генеологии») атты еңбектің ролі ерекше.

Біз үшін бұл еңбектегі Жошы хан ұрпақтарының тарқатылуы мен соған қатысты мәліметтердің маңызы ерекше болып саналады. Әсіресе, Орыс хан ұрпақтары шежіресінің біздің қарастырып отырған мәселемізге тікелей қатысы бар. Онда Керей мен Жәнібекке дейінгі шежіре тарқатылып беріледі [200, 62-63 бб.]. Т.И. Сұлтанов СМИЗО жинағындағы (2-том) қазақ хандарының шежіресіне қатысты мәселелерде қателер мен кемшіліктердің бар екенін ескертіп, оны өзі аударып, оқырманға ұсынады [52, 120-121 бб.]. Біз өз жұмысымызда екі аударманың материалдарын пайдаланғанымызды атап өтеміз.

ғ) Темірлік деректер ішінде Қазақ хандығының құрылу тарихына ең көп фактологиялық материалдар беретін шығармаға Абд ар-Раззак Самаркандидің «Матла ас-садайн ва маджама ал-бахрайн» («Екі бақытты жұлдыздың шыққан және екі теңіздің қосылған жері») атты еңбегі жатады. Еңбек авторының толық аты-жөні – Камал ад-Дин Абд ар-Раззак Самарканди.

Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты ол шығармада мынандай деректер бар.

а) XY ғасырдың бірінші ширегіндегі Алтын Ордадағы ішкі саяси жағдайлар туралы; ә) XY ғасырдың екінші ширегінде Әбілқайыр ханның Темір әулетімен қарым-қатынастары туралы; б) Дешті Қыпшақтағы этникалық жағдайлар туралы; в) Шығыс Дешті Қыпшақ тұрғындарының «өзбектер» деп аталуы туралы [200, 191-200 бб.].

Біз Самарканди еңбегінің ерекше аудармасының үзінділерін СМИЗО-ның екінші томы бойынша пайдаландық [124.]. Сонымен бірге оның дерегіндегі кейбір мәліметтерді шығыстанушы ғалымдардың зерттеулерінен кездестірдік. Оған мысалы, Б.А. Ахмедовтың еңбегіндегі Самаркандидан алынған материалдар жатады. [45, 133-136 бб.].

Абд ар-Раззак Самаркандидің бұл мәліметтері Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеуде ерекше маңызға ие деген қорытынды жасаймыз.

д) Темірлік деректер тобындағы келесі туындыға Хафиз Абрудың еңбектері жатады. Мамандардың пікірінше Хафиз Абру - темірлік әулет тұсындағы тарихшылардың ең көрнектісі болып саналады [195, 215 б.]. Оның шығармалары ішінде біздің тақырыбымыз үшін маңыздысы – «Жылнамалар жинағының жалғасы» атты еңбегі. Бұл еңбек – Шахруктың тапсырмасымен Рашид ад-диннің еңбегін Олджайту хан мен Әбу Сайд ханға дейінгі оқиғаларды баяндау үшін жазылған. Шығарманың Алтын Орда тарихына қатысты жерлері орыс тіліне аударылған [200, 139-143 бб.]. Онда біздің мәселемізге қатысты мынадай мәліметтерді табамыз: 1) XІY ғасырдың бірінші ширегіндегі Алтын Орда мен Хұлагу әулеті билеген Иран арасындағы саяси қарым-қатынастар туралы; 2) Алтын Орданың ішкі саяси жағдайы туралы; 3) Өзбек ханның билікке келуі туралы; 4) Өзбек ханның жеке басына сипаттама және саясаты туралы. Бізге бұл мәліметтер Қазақ хандығының құрылуының тарихи алғышарттары жөнінде жалпы ақпараттар береді.

е) Темірлік деректер тобына жататын келесі бір еңбек – Фасихидың «Муджмал-и Фасихи» («Фасихидың жинағы») атты 1442 жылы Гератта жазылған еңбегі. Тарихи-әдеби анықтама ретіндегі бұл шығарма орыс тіліне аударылып, мәліметтері ғылыми айналымға енгізілген [126.]. Фасихидың еңбегі анықтама болғандықтан, онда баяндалған оқиғалардың бір бөлігі болған жылымен, ал бір бөлігі күні, айы, жылымен беріледі. Мысалы, ол бойынша Өзбек хан 1340 жылы 23 қазанда қайтыс болады, Жәнібек хан Алтын Орда тағына 1341 жылы 12 желтоқсанда отырады, Тоқтамыс хан 1376/77 жылы Темірдің жарлығымен Дешті Қыпшақтың билігіне келеді, Темірдің Қытайға жорығы 1404 жылы 27 қарашада басталады, Дешті Қыпшақтағы Шәдібек хан 1410/11 жылы қайтыс болады және т.с.с. [126, 59 б; 70 б.; 100 б.; 126 б.; 129 б.].

ё) Мирхондтың «Раузат ас-сафа» («Сад чистоты») атты еңбегі де темірлік деректер ішіндегі біз үшін маңызды шығармалар қатарына жатады. Біз өз жұмысымызда «Раузат ас-сафаның» мәліметтерін «Материалы по истории туркмен и Туркмении» жинағының бірінші томындағы орысша аударманың үзінділері бойынша пайдаландық [205, 535-541 бб.]. Сондай-ақ Ж.М.Төлебаеваның еңбегіндегі Михрондтың мәліметтеріне сүйендік [194, 82-84 бб.]. «Раузат ас-сафа» еңбегіндегі мынадай сипаттағы материалдар біздің тақырыбымыз бойынша өте құнды болып саналады: 1) XY ғасырдың бірінші ширегіндегі Барақ хан мен Ұлығбек мырза арасындағы қарым-қатынастар туралы мәліметтер; 2) Әмір Темір мен Орыс хан арасындағы қарым-қатынастарды көрсететін мәліметтер; 3) 1427 жылғы Ұлығбек мырзаның Дешті Қыпшаққа жорығы жөніндегі мәліметтер; 4) XY ғасырдың ортасындағы Мауереннахрдың ішкі саяси өміріне қатысты мәліметтер.

Бұл материалдар арқылы Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы Шығыс Дешті Қыпшақ пен Мауереннахрдың ішкі саяси жағдайларын, олардың бір-бірімен саяси қарым-қатынастарын терең түсінуге мүмкіндіктер аламыз.

ж) Мирхондтың немересі Хондамир 1474/75 жылы Гератта дүниеге келіп, Хорасандағы Темірлік әулетке қызмет етеді. Хондамирдің қаламынан 13 шығарма туған [194, 87 б.]. Біз үшін олардың ішінде 1523/24 жылы жазылған «Хабиб ас-сиар фи ахбар-и афрад ал-башар» («Друг жизнеописаний в известиях об отдельных людях») атты еңбегінің мәліметтері ерекше. Хондамир еңбегінің мәліметтерін біз В.В. Вельяминов-Зернов аударған нұсқа бойынша пайдаланғанымызды айтып өтеміз [2, 232-264 бб.].

Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты «Хабиб ас-сиярда» мынадай сипаттағы мәліметтер кездеседі: 1) XY ғасырдың екінші ширегіндегі Әбілқайыр ханның Шығыс Дешті Қыпшақтағы билігі туралы; 2) Әбілқайыр ханның қайтыс болуынан кейінгі Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында қалыптасқан саяси жағдайлар туралы; 3) Шибан әулетіне қарсы күрескен саяси топтар туралы. Бұл мәліметтер Қазақ хандығының құрылу барысындағы және оған қатысты оқиғаларды баяндайтындықтан, олардың маңызы өте жоғары болып саналады.

Осылайша, темірлік әулет тұсындағы жазылған тарихи деректердегі мәліметтерге шолу жасай келе, олардың Қазақ хандығының құрылу тарихына, оның ішінде мәселенің тарихи алғышартарын ашып көрсетуде ролі өте күшті деп есептейміз. Сондай-ақ біз үшін аса қажетті тарихи оқиғалардың мерзімін анықтауда да ол мәліметтер көп жәрдем тигізеді.

Шайбанилық деректердің мәліметтеріне сипаттама: 1501-1598 жылдары Мәуереннахрда Шайбанилық әулет билік құрады. Әулет билігі тұсында жазылған еңбектерде біздің тақырыбымызға қатысты жалпылама және нақты сипатттағы дерек мәліметтері өте көп кездеседі. Төменда сол деректердің мәліметтеріне тоқталайық.

а) «Тауарих-и гузида-йи нусрат-наме» еңбегінің мәліметтері. Еңбекте Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты мынадай сипаттағы мәліметтер кездеседі: 1) XY ғасырдың бірінші ширегінде Әбілқайырды қолдаған ру-тайпа көсемдері туралы; 2) 1457 жылғы Сығанақ түбіндегі жеңілістен соң Әбілқайыр ханның 3 жасар немересі Махмуд бахадур-сұлтанның Өз Темір тайшыға тұтқынға түсуі туралы; 3) Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейін Шығыс Дешті Қыпшақтағы Шибан әулетінің жағдайы туралы; 4) Әбілқайыр ханның мұрагерлеріне қарсы күрескен саяси күштердің жетекшілері туралы [207, 16-20 бб.]. 5) Еңбектің соңғы жағында «Жошы ұрпақтарының шежіресі» атты бөлімде Қазақ хандарының шежіресі беріледі [207, 33-44 бб.]. Бұл мәліметтер Қазақ хандығының құрылуының алғышарттары мен барысын зерттеуде көп жәрдем береді.

ә) Шайбанилық деректер тобындағы келесі еңбекке – Шәді молданың дастан түрінде жазылған «Фатх-нама» атты еңбегі жатады. «Фатх-наме» ХYІ ғасырдың басында, шамамен 1505 жылы жазылған. Ж.М.Төлебаеваның көрсетуі бойынша дастан Шибани хан дүниеге келген 1451 жылдан оның 1501 жылы Самарқан тағын иемденгенге дейінгі Дешті Қыпшақ, Хорезм және Мауереннахрдағы жағдайларды баяндайды [194, 89 б.]. «Фатх-наменің» біздің тақырыбымызға қатысты мәліметтері «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме» мәліметтерімен ұқсас, дегенмен де ол деректе тек өзіне ғана тән құнды мәліметтер айтылады. 1) Әбілқайыр ханның қайтыс болуынан кейін шайбанилық әулеттің өкілі Йадгар ханның таққа отырғандығы; 2) Буреке сұлтанның Cыр бойында Жүніс ханмен шайқасы; 3) Сол кездерде Мұхаммед Шейбани ханның 16 жаста болып, Иадгар ханнан сыйлық алғаны; 4) Иадгар ханнан кейін билікке Әбілқайыр ханның ұлы Шейх Хайдардың келуі: 5) Қарсы күштердің Иадгар ханды өлтіруі; 6) Қарсы күштер арасында қазақтар жағынан тек Жәнібек хан есімінің айтылуы және т.б. [207, 53-57 бб.].

б) Шайбанилық топтағы келесі дерекке Бинаидың «Шайбани-наме» және «Футухат-и хани» («Ханның жаулаушылықтары») атты еңбектері жатады. Бинаидың екі шығармасының мазмұны да, оқиғалардың хронологиялары да ұқсас. Соған байланысты Б.А. Ахмедов былай деп жазады: «... Футухат-и хани», «Шайбани-наменің» алғашқы нұсқасы «Көшпелі өзбектер» басшысы мен оның айналасындағыларға бірінші нұсқаның тілі мен жазылу стилі ұнамай, оны өте қарапайым, түсінікті ету үшін екінші нұсқа «Шайбани-наме» деген атаумен жазылған» [193, 21 б.]. Ондағы көптеген оқиғалар бұған дейін айтылған шайбанилық деректерде қайталанады.

в) Шайбанилық деректер ішіндегі біздің тақырыбымыз үшін мәліметтері өте құнды боп есептелетін келесі туындыға «Михман-наме-йи Бұхара» («Бұхара қонағының жазбалары») атты еңбек жатады [208.]. Ибн Рузбиханның еңбегі 1509 жылы Мұхаммед Шейбани ханның қазақтарға қарсы жасаған үшінші жорығы кезінде жазылған.

Бұл дерек - ХY-XYІ ғасырлардағы қазақ халқы туралы баяндайтын ең құнды деректердің бірі, онда Шығыс Дешті Қыпшақтың географиялық сипаттамасы, ауа-райы, табиғаты, Қазақстан қалалары, қазақ халқының әдет-ғұрыптары, наным-сенімдері, діні, қолөнері мен үй кәсіпшілігі, сауда-саттық пен айырбасы, мал шаруашылығы, қысқы, жазғы жайылымдары, көші-қоны, оның бағыттары туралы көптеген маңызды мәліметтер кездеседі.

Жалпы, «Михман-наме-йи Бұхара» еңбегінің мәліметтері Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты өте көп жалпылама және нақты сипаттағы деректерді береді деп есептейміз.

г) Қазақ хандығының құрылу тарихы үшін аса маңызды шибанилық деректердің біріне – «Тарих-и Абулхайр-хани» («Әбілқайыр ханның тарихы») атты еңбек жатады. Еңбектің авторы – Масуд ибн Осман Кухистани, оның туған, өлген жылдары белгісіз [207, 135-140 бб.; 193, 37-39 бб.; 194, 101-104 бб.]. Еңбек жалпы тарихи баяндау сипатында «дүниенің жаратылғанынан» XY ғасырдың 60-шы жылдарының аяғына дейінгі оқиғаларды қамтиды [194, 121 б.]. Біздің қарастырып отырған тақырыбымыз бойынша Кухистани еңбегінің мәліметтері негізгі деректер қатарына жатады. Ондағы мәліметтерді былайша топтастырып көрсетеміз: а) Әбілқайыр ханның өмірі мен күрестері туралы; ә)Шығыс Дешті Қыпшақтың сол тұстағы саяси және этникалық жағдайы туралы [207, 140-171 бб.].

Кухистанидың еңбегіндегі мәліметтерді біз, Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты негізгі деректер қатарына жатқызып, олардың маңызы өте жоғары деп бағалаймыз.

д) Мауереннахрдағы Шайбанилық әулет билігінің соңғы жылдары жазылған «Маджму ат-тауарих» атты еңбектің мәліметтері де біздің тақырыбымыз үшін маңызды болып саналады. Шығарманың негізгі бөлігі Ферғана өңірінің молдасы Сайф ад-дин Ахсикенди жазып, ол қайтыс болғаннан кейін ұлы Нұрмұхаммед (Наурыз Мұхаммед) 1591/92 жылы аяқтап бітірген [134, 200 б.]. Еңбектің мазмұнымен алғаш рет танысқан В.В. Бартольд: «Кітап негізінен Касан (Ферғана аймағы) қаласындағы шейхтардың тарихын баяндайды, шейхтардың өмірі фантастикалық тұрғыда көрсетілген, сол себепті кітаптың ешқандай тарихи маңызы жоқ»,- деп жазған болатын. [209, 308 б.]. В.В. Бартольдтың осындай пікірінен кейін бірнеше ондаған жылдар бойы бұл шығарма мамандардың назарынан тыс қалып келді. Тек А.Б. Тагирджановтың зерттеуінен кейін ғана «Маджму ат-тауарихқа» зерттеушілер көңіл аудара бастады [210.]. Т.И. Сұлтанов бұл еңбектегі этникалық материалдарды өз зерттеуінде жақсы пайдаланады [49, 26-51 бб.].

Бұл шығармадағы біз үшін ең құнды мәліметке – «92 көшпелі өзбек» тайпалары атауының кездесуі жатады [207, 210-213 бб.].

Шығарманың жазылған уақыты XYІ ғасырдың соңы болса да, ол XІY ғасырдың соңы – XYІ ғасырдың басындағы тарихи оқиғаларды баяндаған [49, 45 б.]. Соған қарағанда, 92 тайпа атауы да осы ғасырлардағы, әсіресе Шығыс Дешті Қыпшақтағы этникалық жағдайды көрсетеді. Біз бұл деректегі мәліметтен Қазақ хандығының құрылу қарсаңы мен құрылу барысындағы Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында қандай тайпалардың жетекші рольдер атқаратындығын, қандай тайпалардың Қазақ хандығының этникалық негізін құрағандығын біле аламыз

ж) Хорезмде немесе Хиуада XYІ ғасырдың басында (1512) Шибан әулетінің басқа бір тармағы билікке келіп, XYІІ ғасырдың соңына дейін билікте болады [145, 435-457 бб.]. Осы әулеттің өкілі, 1644-1663/64 жылдары билік құрған Әбілғазы Бахадур хан (1603-1664) «Шаджара-йи тюрк» («Түрік шежіресі») атты еңбек қалдырған. Қазақ тілінде бұл еңбек 1992 жылы филология ғылымдарының докторы Б.Әбілқасымовтың аударуымен Алматы қаласында жарық көреді [135.]. Біз қарастырып отырған мәселеге қатысты Әбілғазы еңбегінде өте құнды мәліметтер кездеседі. XY ғасырға дейінгі мәліметтердің бір бөлігі компилятивті сипатта болса, ал кейбір мәліметтер оған днйінгі ешбір деректерде ұшыраспайды. Сол себепті де біз компилятивті деректерге назар аудармай, деректің сирек кездесетін мәліметтеріне шолу жасаймыз.

1) Жошының бесінші ұлы Шибан әулетінің Тұранда, Қырымда, Маереннахрда, Дешті Қыпшақта билік құрғаны туралы мәліметтер жүйеленіп беріледі. Қазақ хандарының шежіресі осы жерде айтылады [135, 116-121 бб.].

2) Мұса би, Қожа мырза және Ғази би арасындағы талас-тартыстар, Ғазидың Әбілқайыр хан жағында, Мұсаның, Иадгар хан жағында болуы туралы мәліметтер XY ғасырдың орта тұсындағы, яғни Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы Шығыс Дешті Қыпшақтың саяси өмірін көрсетеді.

3) Деректе XY ғасырдың 50-60 жж. Мауереннахр мен Хорасанда билік құрып отырған Темір әулеті арасындағы талас-тартыстар туралы мәліметтер өте жақсы баяндалады. Бұл мәліметтер де Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы жағдайларды түсіндіруге көп жәрдемін тигізеді.

4) Орыс хан мен Тоқтамыс хандар арасындағы күрестер туралы.

д) Хорезмдегі шайбанилық әулеттің билігі тұсында жазылған келесі туындыға Өтеміс қажының «Шыңғыс-наме» атты шығарма жатады [136.]. Дерек XІІІ-XІY ғасырдың соңына дейінгі Алтын Орда тарихындағы оқиғаларды қамтиды. Біз одан қарастырып отырған мәселемізге қатысты мынадай сипаттағы мәселелерді кездестіреміз:

1) Жошы Ұлысы құрамындағы кіші ұлыстардың пайда болу тарихы (деректе Ақ Орда, Көк Орда және Боз Ордалардың шығуы жөнінде тарихи аңыз айтылады); 2) Берке ханның мұсылмандығы туралы; 3) Өзбек хан және оның исламды қалай қабылдағаны туралы; 4) Алтын Ордадағы XІY ғасырдың ортасында басталған «дүрбелең кезеңнің» алғашқы жылдары және сол кезде болған оқиғалар туралы [136, 76 б.; 92 б.: 105-107 бб.].

Жалпы бұл мәліметтер Қазақ хандығының құрылуын нақты көрсетпесе де, оның алғышарттарын ашуға көп жәрдем береді.

Жалпы қорыта келе, Қазақ хандығының құрылу тарихын зерттеуде шайбанилық деректердегі мәліметтердің маңызы орасан зор, оларсыз бұл мәселені жан-жақты зерттеу мүмкін емес деген қорытындыға келеміз.

Бабырлық деректердегі мәліметтерге сипаттама: Әмір Темір әулетінің өкілі, Омар-шейх мырзаның ұлы Захир ад-дин Бабыр (1483-1530) 1526 жылы Солтүстік Үнді жерін бағындырып, Ұлы моғолдар немесе Бабырлық әулеттің негізін қалайды. Бұл әулет 1858 жылға дейін Үнді жерінде билік жүргізеді. Осы әулет тұсында жазылған тарихи шығармаларды бабырлық деректер тобына жатқызып, біз олардың ішінде өзіміздің мәселемізге қатысты «Бабыр-нама», «Тарих-и Рашиди», «Тарих-и Кыпчак-хани» секілді еңбектердің мәліметтеріне тоқталамыз.

а) «Бабыр-нама» - Захир ад-дин Мухаммед Бабырдың тарихи-әдеби, мемуарлық сипатта жазған еңбегі. Қарастырып отырған мәселеміз бойынша біз «Бабыр-наманың» мынадай мәліметтеріне ерекше назар аударамыз. 1) XY ғасырдағы Әмір Темірдің Мауереннахрда билік құрған ұрпақтарының шежіресі туралы мәліметтеріне; 2) Қазақ хандығының құрылуы барысында белгілі бір дәрежеде роль атқарған моғол ханы Уәйістің ұлдары: Есенбұға хан мен Жүніс хандар туралы мәліметтерге; 3) XY ғасырдың 30-50 жылдарындағы Мауереннахр мен Моғолстан билеушілері арасында болған қарым-қатынастар туралы, әсіресе Есенбұға ханның Мауереннахрға жасаған жорықтары мен Әбу Сайд мырзаның оған қарсы жасаған әрекеттер туралы мәліметтерге; 4) Әбу Сайдтың Жүністі Ирак жақтан шақыртып, інісіне қарсы жіберуі; 5) Жүніс ханның Моғолстандағы билікті алу үшін жүргізген күрестері туралы мәліметтердің Қазақ хандығының құрылу барысын зерттеуде тигізер нақты және жанама маңыздары бар [138, 26-31 бб.; 39 б; 47 б.].

ә) Қазақ хандығының құрылу тарихын баяндайтын жазба деректер ішіндегі ең басты мәліметтерге осы топқа жататын Мұхаммед Хайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» атты еңбегіндегі мәліметтер жатады. Мұхаммед Хайдар Дулатидың өмірі мен оның «Тарих-и Рашиди» еңбегі тарих ғылымына XІХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бері жақсы таныс [211, 14-27 бб.; 2, 131-133 бб.; 212, 598-599 бб.; 213, 91-100 бб.; 214, 78-87 бб.; 215, 22-23 бб.; 216, 829 б.; 139, 185-231 бб.; 217, 190-203 бб.; 140.; 218, 176-197 бб.; 141-142.]. Қазіргі күнде Мұхаммед Хайдар Дулатидың есімі мен оның «Тарих-и Рашиди» еңбегі Отан тарихында өзіне лайықты баға алды деуге болады [219].

Енді «Тарих-и Рашиди» және ондағы Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты мәліметтерге тоқталалық.

1) XY ғасырдың 30-50-шы жылдарындағы Моғолстанның ішкі саяси өміріндегі жағдайлар туралы мәліметтер [138, 104-108 бб.] 2) Есенбұға ханның билігі тұсындағы Моғолстанның жағдайы, оның әлсіздігі, әмірлердің қарсылықтары туралы мәліметтер. 3) Есенбұғаның Мауереннахрдағы саяси дағдарысты пайдаланып, жасаған жорықтары туралы, Әбу Сайд мырзаның Есенбұғаны Ианги (Тараз) түбінде жеңіліске ұшыратуы туралы мәліметтер [138, 108-110 бб.]. 4) XY ғасырдың орта тұсындағы Шығыс Дешті Қыпшақта билік құрған Әбілқайыр хан және одан бөлініп Моғолстан аумағына қоныс аударған Керей мен Жәнібек хандар туралы, оларды Есенбұғаның қуана қарсы алып, Моғолстанның батыс жағындағы Шу мен Қозыбасы өңірінен жер беруі туралы, олардың «қазақ» атануы, қазақ сұлтандарының билік жүргізуінің басы 870 (1465-66) жылдан басталады деген мәліметтері – Қазақ хандығының құрылу тарихындағы ең басты, ең негізгі жазба дерек мәліметтері болып саналады [138, 305-306 бб.]. Қазіргі кезде Қазақ хандығының құрылуына қатысты ой-пікір айтып, тұжырымдар білдіретін тарихшылар Мұхаммед Хайдар Дулатидың осы мәліметтеріне сүйенеді.

Егерде осы мәліметтер болмаса, онда біз Қазақ хандығының қалай, кімдердің басшылығымен, қашан және қай жылы құрылған деген негізгі сұрақтарға жауап таба алмаған болар едік. Міне, осындай сауалдарға жауап беретін Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашидиінің» мәліметтерін біз тағы да ең басты дерек мәліметтері деп санаймыз да, қалған деректердегі мәліметтер оған қосымша, жанама деректер болады деп есептейміз.

б) Бабырлық деректер тобына жататын келесі дерекке – Ходжамқұлы –бек Балхидың «Тарих-и Кыпчаки» атты еңбегінің мәліметтері жатады [210, 72 б.; 193, 95-101 бб.; 194, 118-130 бб.].

«Тарих-и Кипчаки» - "дүние жаратылғаннан" XYІІІ ғасырдың 20-шы жылдарының ортасына дейінгі тарихи оқиғаларды қамтыған жалпы тарих сипатындағы еңбек. Ондағы деректердің көпшілігі компилятивті [193, 97 б.; 207, 387.]. XY ғасырдағы Шығыс Дешті Қыпшақтағы тарихи жағдайлар шайбанилық деректерден алынса да, ондағы кейбір мәліметтер бізге дейін жетпеген деректердің мәліметтері болуы керек, олар ешбір жерде кездеспейді. Енді төменде сол және басқа да мәліметтерге тоқталайық.

1) Әбілқайырдың билікке келуі, оның Шығыс Дешті Қыпшақтағы күрестері [207, 390-392 бб.]. 2) Әбілқайыр ханның Мауереннахрдағы темірлік әулеттің істеріне араласуы [207, 392 б.]. 3) 1457 жылы Сығанақ түбіндегі қалмақтармен ұрыс және қалмақтардың әскер саны туралы [207, 392-393 бб.]. 4) Әбілқайыр ханның қайтыс болған жылы және нақты жерленген жері туралы [207, 393 б.]. 5) Әбілқайыр ханның мұрагері Шейх-Хайдар ханға сипаттамалар; 6) Жәнібек ханның ұлдарының бірі Бұрындық ханның (деректе дәл осылай деп беріледі – Б.К.) Әбілқайыр ұлдарына қарсы жорығы, оларды жеңіліске ұшыратуы [207, 393 б.]. 7) Шах-Бұтақ сұлтанның билікке келуі туралы, оның тұсында парсы тіліндегі еңбектерді түрік тіліне аударудың болғандығы туралы мәліметтер.

Осылайша, Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты бабырлық деректер тобының мәліметтеріне қысқаша тоқтала келе, оларды, әсіресе «Тарих-и Рашиди» мәліметтерін ең басты, ең негізгі деректер қатарына жатқызамыз. Олар біз қарастырып отырған мәселеге тікелей қатысты деректер қатарына жатқызылады.

Аштарханилық деректердің мәліметтері: 1598-1785 жылдары Мәуереннахрда шабанилық әулеттің орнына Аштарханилар әулеті билікке болады [198, 232-233 бб.]. Әулеттің билігі тұсында Орта Азияда көптеген тарихи жазба туындылар жазылып, олар аштраханилық деректер қатарына жатқызылады. Аштраханилық деректердегі Қазақстан тарихына қатысты мәліметтер жөнінде шығыстанушы ғалым Ж.М. Төлебаева ғылыми сипаттама береді. [194, 133-153 бб.]. Өз кезегінде біз Қазақ хандығының құрылу тарихын баяндайтын дерек мәліметтеріне ғана тоқталамыз. Ондай дерекке Махмуд ибн Уәлидің «Бахр ал-асрар фи манакиб ал-ахиар» (Море тайн относительно доблестей благородных) атты 1634-1640/41 жылдары жазылған еңбегі жатады. В.П. Юдиннің жазуынша Махмуд ибн Уәлидің мәліметтері көп жағдайда компиялтивті, соған қарамастан онда ол тың мәліметтерді жиі пайдаланған [144, 323 б.]. Біз өзімізге қатысты материалдарды К.А. Пищулинаның орыс тіліне аударып, МИКХ атты жинаққа енгізген үзінділерінен алдық [207, 346-351 бб.].

Енді осы үзіндідегі Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты мәліметтерге тоқталалық.

1) Шығыс Дешті Қыпшақтағы ХІІІ- ХY ғасырлардағы Шибан әулетінің қысқаша тарихы туралы мәліметтер; 2) Әбілқайырдың билікке келуі туралы мәліметтер.3) Керей мен Жәнібек бастаған шығысдештілік тайпалар тобының Моғолстанға көшіп келуі туралы мәліметтер; 4) Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейінгі оның мемлекетінде қалыптасқан жағдайлар туралы мәліметтер. 5) Керей мен Жәнібектің қарамағындағы тайпалар тобының «қазақ» деп аталуының себептері туралы мәліметтер.6) Алғашқы қазақ ханы боп Керейдің тағайындалуы туралы мәлімет. 7) Әбілқайыр ханның ұрпақтарының шежіресі туралы мәліметтер. 8) Әбілқайыр ханның Моғолстан жаққа ең соңғы жорығы, оның бағыттары, жорық барысында ханның қайтыс болуы туралы мәліметтер; 9) Әбілқайыр хан қайтыс болғаннан кейінгі Шығыс Дешті Қыпшақтағы саяси жағдайлар туралы, Шибанилық әулеттің билігіне қарсы саяси күштердің күресі туралы, олардың ішінде тек Жәнібек хан есімінің аталуы туралы, Шайх-Ханның өлтірілуі туралы мәліметтер [207, 346-363 бб.]. Махмуд ибн Уәлидің бұл мәліметтері Қазақ хандығының құрылуына тікелей қатысты деректер қатарына жатады. Біз олардың құндылығын «Тарих-и Рашидидың» мәліметтерімен ғана теңесе алады дейміз.

Хиуадағы қоңыраттық деректер мәліметіне сипаттама: Хорезмдегі қоңырат әулетінің билігі тұсында (1804-1920) жазылған тарихи шығармалар ішінде біздің мәселемізге қатысты «Фирдаус ал-икбал» («Райский сад благоденствия») атты еңбектің мәліметтері негізгі роль атқармаса да, өзіндік орын алады. Еңбекте Хорезмнің тарихы ежелгі замандардан қоңыраттық әулеттің үшінші өкілі – Аллақұлы ханның (1825/26-1842) билігінің басына дейінгі аралықты қамтиды. Шығарманы екі автор – Шермухаммед Мунис (1778-1828/29) пен Мухаммед Риза Агахи (1809-1864) жазған. Бірінші автор 1812 жылға дейінгі тарихты жазса, екінші автор Аллақұлы ханның тапсырмасымен 1839 жылы аяқтап шыққан [193, 120 б.; 207. 431-435 бб.]. В.П. Юдин еңбектің бірінші бөлімінің компилятивті екендігін, авторлар өздеріне дейінгі деректердің, әсіресе Әбілғазының мәліметтерін пайдаланғандығын атап өтеді де, XYІІІ ғасырдағы тарихты баяндаудың оригиналды сипатта екендігіне ерекше назар аударады [207, 433 б.].

Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты мәліметтер де Әбілғазының «Түрік шежіресінен» алынған [145, 436 б.]. Бірақ онда кейбір оқиғалардың болған уақыты нақты көрсетіледі. Біз сол анықталған оқиғалар арқылы жалпы Қазақ хандығының құрылу қарсаңындағы оқиғалар тізбегін анықтай аламыз. Мысалы, «Фирдаус ал-икбалдағы» «862 (19. XІ. 1457- 10.Х. 1958) жылы Мұса би мен Буреке сұлтанның қолдауымен Иадгар хан өзбектердің көп бөлігінің билеушісі болды»,- деген мәлімет көп жағдайлардың бетін ашуға көмектеседі [145, 436 б.]. Міне, осындай мәліметтері бар «Фирдаус ал-икбал» дерегін біз, Қазақ хандығының құрылуын зерттеуде өзіндік маңызы бар деректер қатарына жатқызамыз.

Осылайша, қарастырып отырған мәселеміз бойынша жазба деректердегі мәліметтерге сипаттамалар бере келе, төменде мынандай тұжырымдар жасаймыз.

Біріншіден, Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты жазба дерек мәліметтерінің барлығы XІІІ- XYІІІ ғасырлардағы әр түрлі тілдерде, әр түрлі аумақтарда, әр түрлі әулеттер билігі тұсында жазылғандықтан, біз, оларды өзіміздің қарастырып отырған тақырыбымызға сай реттеу, жүйелеу үшін тілдік, аумақтық және әулеттік принциптерге сай топтастырып, әр топтағы дерек мәліметтеріне қысқаша сипаттама бердік. Әр деректегі мәліметтің маңызы мен құндылығын бағаладық.

Екіншіден, тілдік және аумақтық принциптер бойынша топтастырлыған деректердегі мәліметтердің Қазақ хандығы құрылуының тарихи алғышарттарын, атап айтсақ, араб, армян тіліндегі мәліметтердің негізінен рухани алғышарттарды, орыс тіліндегі деректердің саяси алғышарттарды көрсететінін аңғардық. Ал әулеттік принциптер бойынша топтастырылған дерек мәліметтерінің біздің мәселеміз бойынша ең басты, ең негізгі деректер екендігіне көз жеткіздік.

Үшіншіден, әулеттік топтағы дерек мәліметтерінің өзін мәселеге қатыстылығына қарай, шартты түрде негізгі және жанама деректер деп бөліп, Қазақ хандығының құрылуының негізгі деректеріне Мұхаммед Хайдар Дулатидың, Махмуд ибн Уәлидің еңбектеріндегі мәліметтерді жатқыздық.

Төртіншіден, жалпы, XІІІ- XYІІІ ғасырлар аралығында жазылған біздің мәселемізге 20-ға жуық жазба дерек мәліметтері қарастырылды. Кейбір деректердегі мәліметтер компилятивті болғандықтан, біз олардың мәліметтеріне тоқталып жатпадық. Осылайша, жоғарыда атап өткен тарихи шығармалардың мәліметтері арқылы біз өзіміздің тақырыбымызды аша аламыз деп ойлаймыз.

 

Date: 2015-11-14; view: 1389; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.006 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию