Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Мәселеге қатысты деректерді тілдік принцип бойынша топтау және оларға сипаттама





ХY ғасырдың ортасында тарих мінберіне шығып, ХYІІІ ғасырдың 20-шы жылдарына дейін бір орталықтан басқарылған Қазақ хандығы өзінің үш жарым ғасырлық тарихында өз тарихын баяндайтын жазба ескерткіш қалдырмады. Жазба ескерткіш болған деп есептегеннің өзінде ол бізге дейін жеткен жоқ не болмаса әлі күнге дейін тарих ғылымына белгісіз болып отыр. Бұл дегеніміз жалпы алғанда, ХY-ХYІІІ ғғ. Қазақ хандығының тарихы жөнінде деректер мүлде жоқ дегенді білдірмейді. Деректер мен оның түрлері баршылық. Олардың бәрі әртүрлі тілдерде жазылған, көршілес елдердің жазба тарихында шашыраңқы күйде, үзік-үзік мәліметтер күйінде кездеседі. Дәл сол сияқты Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты деректер де шашыраңқы күйде.

Жазба деректердің өзін Қазақ хандығының тарихына қатысты сыныптауда, жүйелеуде, топтастыруда нақты қалыптасқан принциптер жоқ. В.П. Юдин парсы және түрік тілдеріндегі жазба деректерді белгілі бір территорияда билік құрған әулеттің тарихымен байланыстырып, оларды темірлік, шағатайлық, сефевилік деректер тобы деп сыныптаса [46, 22-б.], Б.А. Ахмедов жазба деректерді құжатты (документті) деректер және нарративті деректер деп топтастыруды ұсынады [193, 4-б.].

Ж.М. Төлебаева бұл мәселеге арнайы көңіл бөліп, ХІІІ- ХІХ ғғ парсы тіліндегі қазақ тарихына қатысты жазба деректерді территориялық-уақыттық, типтік және тематикалық белгілер бойынша сыныптау оларды жүйелеуде өте тиімді деп есептейді де, алғашқы белгіге сүйеніп парсы тіліндегі жазба деректерді – хулагулік, делилік, селжұқтық, жалайырлық, темірлік, шайбанилық, бабырлық, сефевилік, аштарханилык, бұхарлық, қоқандық деректер тобы деп топтастырады [194, 10-б.]. Одан әрі ол әрбір топтағы деректерді типтік белгілеріне қарай нарративті және құжатты шығармаларға жатқызып, жиі кездесетін нарративті шығармалардың өзін түріне қарай – анналдар (әр жылда болған маңызды оқиғалардың қысқаша жазбасы); тарихи оқиғалар; мемуарлар; өмірбаяндар; тарихи-әдеби шығармалар; тәлім-тәрбиелік мазмұндағы трактаттар деп жіктейді [194, 10-18 бб.]. Бір тілде, бірақ әр түрлі тарихи кезең мен әртүрлі әулет билігі тұсында жазылған жазба деректерді Ж.М. Төлебаева ұсынып отырған белгілер бойынша сыныптау өте тиімді. Ал егер Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты жазба деректер әр тілде, әр аумақта, әр түрлі әулеттер тұсында жазылса, кейбір деректердегі мәліметтер өте аз, әрі қысқа және үзік-үзік болса, оларды қалай топтастыруға болады? Мысалы, ХІІІ-ХY ғасырлардағы араб авторларының шығармаларындағы Алтын Орданың тарихына қатысты мәліметтерді, ХІІІ-ғасырдың 40-шы жылдарындағы «Монғолдың құпия шежіресіндегі» мәліметтерді, сондай-ақ армян деректеріндегі Алтын Ордаға қатысты жазба дерек мәліметтерін қандай белгіге сай топтаймыз? ХІІІ ғасырдағы европалық В. Рубруктың, Плано Карпинидің, Марко Полоның еңбектеріндегі мәліметтерді қандай топқа жатқызамыз? Ал халық ауыз әдебиетіндегі тарихи аңыз-әңгімелер, батырлық жырлар мен дастандар, шежірелер қалайша топтастырылады және сыныпталады?

Жалпы, Қазақ хандығының құрылуы ХY ғасырдың орта шенінде жүзеге асқан қазақ тарихындағы аса маңызды оқиға болса, оның саяси алғышарттарына ХІY-ХY ғасырлардағы, ал этникалық алғышарттарына ХІІІ-ХY ғасырлардағы тарихи дамулар мен процестер жатады. Осы аралықтағы тарихи дамулар барысы тек жазба ескерткіштерде ғана емес, сонымен бірге ауыз әдебиетінде де көрініс тауып, бейнеленген. Сол себепті де біз қарастырып отырған мәселемізге қатысты дерек мәліметтерінің барлығын екі үлкен топқа бөлеміз. Бірінші топ – барлық жазба деректеріндегі мәліметтер, ал екінші топқа ауыз әдебиетіндегі мәліметтер жатқызылады.

Бірінші топтағы жазба дерек мәліметтеріне келсек, оларды тілдік, аумақтық және территориялды-уақыттық немесе әулеттік принциптерге сай бөліп қарастыруға болады. Тілдік принцип бойынша араб, армян, орыс, монғол, түрік, тілдерінде жазылған деректер осы тілдердегі деректер тобын құрайды. Ал аумақтық принципке сай В.П. Юдин, Ж.М. Төлебаева айтып өткен хулагулік, темірлік, шайбанилық, шағатайлық, аштарханилық әулеттер билігі тұсында жазылған тарихи шығармаларындағы мәліметтер осы аталған әулеттердің деректер тобына жатқызылады.

Төменде осы принциптер бойынша топтастырылған деректер тобындағы әр жазба ескерткішке, оның мәліметтеріне тоқтап, ол мәліметтердің Қазақ хандығының құрылу тарихын қаншалықты көрсететініне, олардың маңызына сипаттама берелік.

Араб тіліндегі дерек мәліметтеріне сипаттама: Алтын Орда тарихының алғашқы кезеңіндегі оқиғаларды қарастыруда араб тіліндегі тарихи шығармалардың алатын орны ерекше. Оны тарихшы М.Г. Сафаргалиев былайша түсіндіреді: «Орданың ең алғашқы кезеңін зерттеуде араб авторларының деректері аса жоғары маңызға ие. Алтын Орда қуатты болып тұрғанда египеттік сұлтандар одақтас ретінде оның көмегіне зәру болды, арабтар сол себепті Ордада болып жатқан оқиғаларға көп көңіл аударды» [44, 2-88 б.]. Ал Ирандағы Хұлагу әулеті тарапынан қауіптің азаюы мен Алтын Орданың өз ішінде қайшылықтардың шиеленісуіне байланысты арабтардың Алтын Ордаға деген қызығушылығы азайды [44, 288-б.]. Жалпы араб тіліндегі жазылған Алтын Орданың тарихына қатысты тарихи шығармаларды өз ішінде екі топқа жіктеуге болады. Бірінші топқа монғол жаулаушылғын, монғол үстемдігін өте теріс көзқараста баяндайтын деректер жатса, екіншісін монғолдарға оң көзбен қарайтын авторлар еңбектері құрайды. Бұл екі топтағы авторлардың мәліметтері ХІІІ-ХY ғасырлардағы Дешті Қыпшақ аумағында болған саяси, әсіресе этникалық процестерді қарастыруда маңызды болғандықтан, оларға ерекше мән береміз. Бірінші топтағы авторларға мыналар жатады:

1. Изз-ад-дин Абулхасан Али Ибн Мухаммед, көпшілікке Ибн ал-Асир деген атпен белгілі болған тарихшы,әрі дінтанушы ғалым. Ибн ал-Асирдің 12 томнан тұратын «Ал-Камил фи-т-тарих» («Полный свод по истории») атты еңбегі жалпы тарихты қамтиды [72, 1-45 бб.]. Автор монғол жаулап алушылығы кезінде өмір сүрген. Оның деректерін тікелей куәгерлердің ауызша әңгімелері және автордың өзі сұрастыру, әңгімелесу арқылы жинастырған материалдары құрайды. Ибн ал-Асир монғолдарды татарлар деп атап, олардың жаулап алу кезіндегі талан-тараждары мен қырып-жоюларын бұрын-соңды адамзат тарихында болмаған зор алапат деп бағалайды да, өзінің жаулап алушыларға деген ызасы мен ашуларын оларды «дінсіздер», «қарғыс атқырлар», «құдай ұрғырлар» және тағы басқа атау арқылы білдіреді.

Монғолдардың Түркістан мен Мауереннахрды, Дешті Қыпшақты жаулап алу барысындағы оқиғаларды баяндауы, әсіресе, қыпшақтардың орыс жерлеріне, Азербайжанға қарай қашуы, шайқастар барысындағы қырып салулардың, жойып жіберулердің көп болуы Ибн ал-Асир еңбегінде жиі айтылады.

2. ХІІІ ғасыр басындағы монғолдардың Дешті Қыпшақ пен Мауереннахрды, Иран мен Хорасанды жаулап алуы туралы баяндайтын, монғол жаулап алушылығына қарсы пікірде болған араб тілді авторлардың біріне – Мухаммед ибн Ахмед Насави (Несеви) жатады. 1231 жылы Жалел ад-дин өлгеннен соң, 1241/42 жылы «Сират ас-султан Джалал ад-дин Манкуберти» («Жалел ад-дин Манкуберти сұлтанның өмірбаяны») атты араб тіліндегі еңбек жазып, онда негізінен соңғы хорезмшахтың монғолдарға қарсы күресін баяндайды [65.]. Тарихи шығармаларда монғолдар жаулап алушылығы кезіндегі Хорезмшах мемлекетінің жағдайы, мемлекеттің көрші елдермен, соның ішінде Шығыс Дешті Қыпшақтағы қыпшақ тайпалары мен қарым-қатынасы жөнінде құнды мәліметтер кездеседі. Сондай-ақ біз ан-Насавидің дерегінен ХІІІ ғасыр басындағы қыпшақ қоғамының ішкі құрылымы туралы деректерді табамыз.

Енді араб тіліндегі деректердің екінші тобына жататын шығармалар мен олардың мәліметтеріне тоқталалық.

3.Ибн Абд-аз-Захирдің (1221-1293) «Ар-Рауд аз-Захир фи сират ал-Малик аз-Захир» атты еңбегіндегі мәліметтер ХІІІ ғасырлардың 60-шы жылдарында Алтын Орда мен Египет арасындағы елшілік қатынастарды, сонымен бірге осы кезеңде ислам дінінің Алтын Ордада кең тарала бастауын көрсетеді. Ибн Абу аз-Захир Египеттегі Мамлюк сұлтаны, тегі қыпшақ Бейбарыс ал-Бундукдаридің (1260-1277) хатшысы ретінде сарайдағы жоғарғы дәрежесін пайдалана отырып, өзіне қажетті материалдар мен құжаттарға қол жетікзеді [196, 255-б.]. Оның еңбегінде ислам дінінің Алтын Ордада таралуынан басқа тағы мынандай мәліметтерді көруге болады. Алтын Ордадағы халықтың құрылымы, Берке ханның Ордасына сипаттама, елшілік хаттардың сарайда аударылып оқылуы және т.б [72, 63-64 бб.].

4.Араб тіліндегі келесі дерекке Рукн ад-дин Бейбарыс ал-Мансури ал-Мысридің (1245-1325) еңбегі жатады. Оның 11 томнан тұратын «Зубдат ал-фикра фи тарих ал-хиджра» («Сливки размышления по истории хиджра») атты еңбегі 622-1324 аралығындағы оқиғаларды қамтиды [196, 255-б.]. Алтын Орда тарихына қатысты 1260-1309 жылдар аралығындағы маңызды оқиғалар, әсіресе Сарай мен Мысыр арасындағы елшілік байланыстар, Алтын Орда хандарының ислам дінін қабылдауы секілді мәліметтер жиі кездеседі. Сондай-ақ бұл еңбекте алғаш рет Алтын Орданың сол қанатында орналасқан Орда Ежен Ұлысындағы ішкі саяси жағдайлар баяндалады. Автор 1301-1302 жылы болған оқиғалар қатарына Орданың ұлы Кунджидің қайтыс болғанын және Орда Еженнің ұрпақтары Баян мен Куйлюк арасындағы күрестерді жатқызады [72, 118-б.].

5.1273-1333 жылдары өмір сүрген арабтың энциклопедист–ғалымы ан-Нувайри 30 томнан тұратын «Нихаят ал-араб фи фунун ал-адаб» («Предел желаний относительно дисциплин адаба») атты энциклопедиялық еңбегінде Алтын Орданың ХІІІ-ХY ғасырлардағы тарихына тоқталып өтеді [ 72, 128-171 бб.; 196, 25-б.]. Біз үшін оның еңбегіндегі мәліметтердің көп бөлігі компилятивті болып келеді. Ал ХІY ғасырдың бірінші ширегіне жататын мәліметтердің құндылығы ерекше. Оларда ислам дінінің Алтын Ордада жетекші рөлге ие болғандығы, қажылыққа бару туралы деректер кездеседі [72, 170-б.]. Сондай-ақ ан-Нувайридің дерегінде ХІІІ ғасырдың бірінші жартысында Дешті Қыпшақта өмір сүрген 11 қыпшақ тайпасы, оның ішінде Дурут және Тоқсоба тайпалары арасындағы алауыздықтар жөнінде мәліметтер кездеседі [72, 540-541 бб.].

6. ХІY ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Шихаб ад-дин Абулаббас Ахмед Ибнфадлаллах ал-Омаридің (1301-1343) «Масалик ал-абсар фи мамалик ал-амсар» («Пути взоров по владениям городов») атты еңбегінде Жошы Ұлысының мемлекеттік құрылымы, жалпы аумағы, өзендері мен көлдері, олардың ара-қашықтықтары секілді мәліметтер айтылады. Ал-Омаридің моңғолдардың қыпшақтануы туралы дерегін зерттеушілердің бәрі Дешті Қыпшақ аумағындағы этникалық дамуды көрсететін құнды факт ретінде қарастырады. Б.Е. Көмеков бұл деректі былайша түсіндіріп, талдайды: «Бұл тарихи факт ХІІІ ғасырдың соңы ХІY ғасырдың басында тарихи қалыптасқан қыпшақ этникалық қауымдастығының монғолдық дәстүрлерді жеңіп, қайтадан көтеріле бастағандығын көрсетеді» [196, 27-б.].

7. Алтын Орда және оның географиялық сипаттамасы, сондай-ақ ондағы тұрғындардың тұрмысы, шаруашылығы, әдет-ғұрыптары жөнінде келесі араб авторы – Абуабдаллах Мухаммед Ибн Баттута (1304-1377) мәліметтер береді [72, 278-314 бб.]. Б.Е. Көмековтың жазуынша, Ибн Баттута бүкіл мұсылман әлемін – Еділ Бұлғариясынан Индонезияға дейінгі елдерді өзі аралап шығып, Қытайда болған. Оның әңгімелерін 1356 жылы ал-Калби әдеби жағынан өңдеп, әдеби туындыға айналдырған [196, 27-б.]. Біздің қарастырып отырған мәселеміз бойынша ибн Баттутаның Алтын Орда билеушілері мен мұсылман дін басыларының исламдағы қандай мазғабты (жол, бағыт) ұстанғандығы туралы мәліметтері құнды. Егерде оған дейінгі араб тілді авторлар Берке ханнан Өзбек ханға дейін ислам дінінің кең тарала бастағанын баян етсе, Ибн Баттута Алтын Ордада ханафиттік мазғабтың таралғандығын хабар етеді [72, 284-б.; 300-б.].

8.Монғол жаулаушылығы қарсаңында Дешті Қыпшақ тайпалары арасындағы тайпааралық жанжалдар туралы құнды деректерді араб тарихшысы Ибн Халдун (1332-1406) баяндайды. Оның мәліметі бойынша дештіқыпшақтық Дурут пен Тоқсоба тайпаларының алғашқысы – Қыпшақ, ал екіншісі – Татар да, олардың екеуі де Түрік тайпасына жатқан [72, 541-542 бб.]. Дерек мәліметтеріне назар аударып, автордың деректеріне сыни көзбен қараған Б.Е. Көмеков, Ибн Халдунның тайпалардың тегі туралы мәліметтерінің әлсіздігін атап көрсетеді [196, 29-б.]. Соған қарамастан автордың монғол жаулаушылығы қарсаңындағы Дешті Қыпшақтың 11 тайпасы туралы мәліметі өте құнды дерек болып есептелінеді.

9.Келесі араб тіліндегі шығарма авторы Ал-Макризи (1364/1365-1441/1442) өзінің еңбегінде Алтын Орда тарихына қатысты құнды мәліметтерді баяндай отыра, ХY ғасырдың бірінші жартысында Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында қалыптасқан жағдайларды көрсетіп береді [72, 417-442 бб.]. Оның ХІІІ-ХY ғасыр басына дейінгі Алтын Орда тарихына қатысты көптеген мәліметтері компилятивті сипатта баяндалады. Ал 1428-1430 жылдары Дешті Қыпшақтың оң және сол қанатында қатты құрғақшылық пен кең жайылған індеттің болып, одан көптеген адамдардың қырылғаны туралы айтылады [72, 442-б.].

10.1361-1451 жылдары өмір сүрген араб тарихшысы ал-Айни Алтын Орданың ХІІІ-ХY ғасырлардағы саяси тарихының маңызды тұстарын баяндайды [72, 475-534 бб.]. Оның баяндауында Алтын Орданың кейінгі кезеңдегі тарихи оқиғалары 1444 жылды қамтиды. Алтын Орданың алғашқы кезеңіндегі оқиғалар басқа да араб тілдес авторлар еңбегінде өте жақсы айтылады. Ал ХY ғасырдың бірінші жартысындағы саяси оқиғалар туралы мәліметтер барлық авторларда айтыла бермейтіндіктен, біз ал-Айнидің осы мәліметтерін құнды деп санаймыз.

11. Келесі бір араб тіліндегі тарихи шығарма авторы ал-Дженнаби (1590-1591 жылы қайтыс болған) бізге дейін жетпеген парсы тіліндегі авторлардың еңбектерін араб тіліне аударып, Жошы ұлысының тарихын баяндайды [72, 535-538 бб.]. Бізге оның мәліметтерінен Шейбани әулеті, Әбілқайыр ханның билігі жөніндегі мәліметтері қызықтырады. Оның баяндауы бойынша Әбілқайыр хан Шығыс Дешті Қыпшақтың билігіне туысы Махмуд қожа ханды аң аулап жүрген жерінде қастандық жасап өлтіріп, тақты иеленген [72, 538-б.].

Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты араб тіліндегі деректерге қысқаша сипаттамалар бере келе, мынадай қорытындыларға келеміз:

1) Араб тіліндегі шығармалардың авторлары негізінен ХІІІ-ХІY ғасырлардағы Алтын Орданың тарихына, әсіресе, хандардың билік құрған жылдарына, олардың ішкі-сыртқы саясатына ерекше көңіл бөледі. Кейбір мәліметтер бізге ХY ғасырдың екінші жартысындағы саяси күрестердің барысын түсінуге мүмкіндіктер береді.

2) Монғол жаулаушылығына дейін немесе монғол жаулаушылығы қарсаңындағы Дешті Қыпшақ тайпалары, олардың арасындағы қарым-қатынастар, талас-тартыстар баяндалады. Өз кезегінде бұл деректер бізге ХІІІ-ХY ғасырлардағы этникалық процестерді талдауға мүмкіндік береді.

3) Араб тіліндегі деректерден біз монғолдық этнокомпоненттердің Дешті Қыпшақтағы қыпшақтануы процесін, оның уақытын біле аламыз.

4) Ислам дінінің таралуы, Алтын Орда хандарының исламға бет бұруы туралы араб тіліндегі деректерде өте көп және жиі айтылады. Өз кезегінде бұл деректер де Қазақ хандығының құрылуының алғышарттарын анықтауға зор мүмкіндіктер береді.

Жалпы алғанда, араб тіліндегі авторлардың мәліметтері арқылы ХІІІ-ХІY ғасырларда болып өткен этносаяси процестерді талдай отыра, Қазақ хандығының құрылуының тарихи алғышарттарын терең түсінуге мол мүмкіндіктер аламыз.

Армян тіліндегі деректерге сипаттама: ХІІІ-ХY ғасырлардағы Дешті Қыпшақтың этно-саяси тарихына қатысты тілдік принцип бойынша топтастырылған жазба деректердің келесі бір тобын армян тілінде жазылған деректер құрайды. Осы ғасырлардағы тарихи жағдайлар Қазақ хандығының құрылуының алғышарттарына жататындықтан, біз армян тіліндегі деректердің оны қарастыруда өзіндік орны бар деп есептейміз. Армян тіліндегі деректерде «ХІІІ ғасырдағы монғолдардың жаулап алушылығы, олардың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, діни наным-сенімдері, әскері мен оның құрылымы, ұрыстар жүргізу тәсілдері, басқару, салықтар жинау жүйесі және тағы басқалар туралы жақсы баяндалады» [85, 6 б.].

Бұл топтағы дерек мәліметтеріне жалпы сипаттама берер болсақ, онда біз, олардың негізінен Ирандағы Хұлагудың және оның мұрагерлерінің билігі тұсындағы тарихи жағдайларды терең баяндағанын аңғарамыз. Ал Жошы Ұлысының тарихына қатысты мәліметтер оларда өте сирек кездеседі. Сол сирек кездесетін деректердің өзі ХІІІ-ХІY ғасырлардағы Жошы Ұлысының ішкі саяси өміріндегі жағдайды түсінуге көмектерін тигізеді. ХІІІ ғасырдағы армян тарихшыларының еңбектері ХІХ ғасырдың 60-70 жылдарында орыс тіліне аударылып, ғылыми айналымға түсірілген [73.; 84.; 75-78.]. Сондай-ақ ХІІІ-ХІY ғасырларда тағы басқа армян авторларының деректерінен үзінділер А.Г. Галстянның аударуымен 1962 жылы жарық көрді [85, 156-б.]. Төменде осы дерек мәліметтеріне қысқаша тоқталып кетелік.

Варданның дерегінде 1222 жылғы оқиғаларға қатысты қыпшақтар туралы айтылып, тарихшы қыпшақтарды Ғұн елінің тайпалары деп жазады, қыпшақтар мен армяндардың ұрыстары айтылып өтіледі [74, 3-4 бб.]. Сондай-ақ 1254 жылы Қарақорымдағы Мөңке қағанның халық санағын жүргізіп, ер адамдарға салық белгілегендігі, армян патшасы Гетумның Батыйға келіп, одан ары Мөңке қағанға барғандығы, Хұлагудың христиан дініне іш бұрып, христиандарға оң көзбен қарағандығы, Берке ханды –«Солтүстіктің билеушісі, ислам дінін қабылдаған»-деп жазады [74, 5 б.; 9-10 бб.; 26 б.].

Келесі бір армян дерегінің авторы Стефан Орбелиан ХІІІ ғасырдың соңында жазылған еңбегінде монғолдар, Алтын Орда мен Ирандағы илхандар билеушілері арасындағы діни тартыстар, монғолдардың ислам дінін қабылдауы туралы құнды деректер береді. Ол монғолдарды Магакий секілді «атқыштар халқы» немесе татарлар деп атап, алғашында оларда құдай да, дін де болған жоқ дейді де, жағымды жақтарын көп суреттейді. Одан ары монғолдар ислам дінін қабылдап, бұрынғы жағымды мінездерін жоғалтып, сөйтіп теріс жолға түсті деп баяндайды христиан тарихшысы [74, 31-32 бб.]. Сондай-ақ Стефан Орбелиян Хұлагу мен оның мұрагерлерінің христиан дінін қолдағандығын, бірақ олардың белгісіз жағдайда уланып өлтірілгендігін хабарлайды [74, 45-46 бб.].

Авторы белгісіз, Себастаци қаласының тұрғыны, тарихшы Себастаци деген атпен белгілі армян тарихшысы өзінің «Жылнамасында» өзіне дейінгі армян тарихшыларының мәліметтеріне сүйеніп, ХІY ғасырға дейінгі көптеген оқиғаларды баян етеді [79, 23-33 бб.]. 1256 жылғы Батыйдың мұрагері Сартақтың өліміне тікелей кінәлілерге ол исламды қабылдаған Берке мен Беркежарды (деректерде Беркечаллин делінеді) атап көрсетеді [79, 27 б.]. Сартақтың христиан дінін қабылдағаны туралы басқа да армян тарихшылары хабар етеді [85, 90-б.].

Жалпы алғанда, ХІІІ ғасырдағы армян тарихшыларының еңбектерінен біз, Жошы Ұлысының ХІІІ ғасырдағы жалпылама жағдайын байқаймыз. Өз кезегінде ислам діні ХІY- ХY ғасырларда Алтын Ордадағы этно-саяси дамулар мен процестерге қатты ықпал етеді. Біз бұл процестердің кейбір жақтарын Қазақ хандығының құрылуының алғышарттарына жатқызғандықтан, ХІІІ ғасырдағы армян тіліндегі деректердің маңызын жоққа шығармаймыз.

Орыс тіліндегі деректер: Қазақ хандығының құрылуының саяси алғышарттарына XІY ғасырдың екінші жартысы мен XY ғасырдың бірінші жартысындағы Алтын Орданың ішкі саяси өміріндегі жағдайлар, яғни саяси бытыраңқылықтардың жататыны белгілі. Осы кезеңдегі оқиғалар орыс тіліндегі деректерде жүйелі түрде болмаса да, үзік-үзік көрініс береді.

Төменде бірнеше шығармалардың мәліметтеріне назар аударалық.

1. «Троицк жылнамаларында» әр жылдарда Алтын Орданың саяси өмірінде болған оқиғалар баяндалады. Мысалы, 1313 жылы жылнамашы Тоқта ханның қайтыс болып, Өзбектің таққа отырғандығын және оның мұсылман болғандығын айтса, 1341 жылы күзде Өзбектің қайтыс болғандығын, Жәнібектің кіші інісі Хыдырбекті, ал 1342 жылы туған ағасы Тінібекті өлтіргендігін жазады [86, 355-365 бб.]. Сондай-ақ «Троицк жылнамасында» XІY ғасырдың 90-шы жылдарындағы Алтын Орда ханы Тоқтамыс пен Ақсақ Темір арасындағы күрестер, Ақсақ Темірдің жорықтары, Темір мен Темір Құтлы арасындағы тақ үшін болған күрестер туралы мәліметтер кездеседі [86, 448-449 бб.; 450-451 бб.].

2. «Никонов жылнамасында» XY ғасырдың бірінші ширегіндегі Алтын Орданың ішкі саяси өміріндегі оқиғалар көрініс береді. 1422 жылы Барақ ханның Құдайдатты Ордадан қуып, жеңіске жетуі, Барақтың Одоев қаласына жорығы туралы мәліметтер осы жылнамада айтылады [87, 238-239 бб.].

3. Орыс жылнамаларының толық жинағының (ПСРЛ) жиырма сегізінші томына енгізілген «1497 жылғы Жылнамалар жинағында» XY ғасырдың бірінші ширегіндегі Алтын Ордадағы жағдайлар туралы біршама құнды мәліметтер кездеседі. Нақты айтсақ, 1406 жылғы Шәдібек ханның Тоқтамысты өлтіруі, Булек сұлтанның Шәдібекті биліктен ығыстыруы (1407ж), 1422 жылғы Барақ ханның Құдайдатты Алтын Ордадан қууы және т.б. мәліметтер айтылады [88, 91-92 бб.; 96-98 бб.; 102 б.].

4. Ал осы жиырма сегізінші томдағы «Уваров жылнамасы» немесе «1518 жылғы Жылнамалар жинағында» XY ғасырдың екінші ширегіндегі Алтын Орданың ішкі саяси өміріне қатысты құнды мәліметтер кездеседі. 1422 жылғы Барақ ханның Құдайдатты Ордадан қууы, 1437-1438 жж. Ұлығ Мұхамед хан мен Кішік Мұхаммед хан арасындағы күрестер осы жылнамада көрініс тапқан [89, 261 б.; 268 б.]. Сондай-ақ осы жылнамада алғаш рет 1460 жылғы оқиғаларға қатысты Ахмет хан Үлкен Орда ханы деп айтылады [89, 284 б.].

Жалпы, XІY-XY ғасырлардағы Алтын Орда тарихына қатысты орыс тіліндегі деректердің, оның ішінде орыс жылнамаларының мәліметтерін қарастыра келе, бұл мәліметтер біз қарастырып отырған мәселеде негізгі, басты дерек көздері болып саналмаса да, Қазақ хандығы құрылуының жалпылама түрдегі саяси алғышартына жататынын, Алтын Орданың ыдырау процесін анықтауда тигізер көмегі көп дейміз. Ал кейбір оқиғалардың нақты уақытын көрсетуде ол мәліметтер маңызды рөл атқара алады.

Монғол тіліндегі дерек мәліметтер: Қазақ хандығының құрылуының этникалық алғышарттарын зерттеуде монғол тіліндегі дерек мәліметтерінің рөлі ерекше. Біз бұл топқа жататын деректер арқылы XІІІ-XY ғасырларда Шығыс Дешті аумағындағы этносаяси процестерге қатынасқан көптеген ру-тайпалардың шығу тегін анықтауға мүмкіндіктер аламыз. Қарастырып отырған мәселеміз бойынша бұл топтағы деректерге «Монғолдың құпия шежіресі» және «Алтын шежіре» атты тарихи ескерткіштердің материалдары жатады.

1) «Монғолдың құпия шежіресі» - 1240 жылы жазылған туынды. Көне монғол әдебиетінің құнды ескерткіші болып саналатын бұл шығарманы XІX ғасырдың ортасында ірі орыс шығыстанушыларының бірі, синолог Паллади Кафаров тауып зерттеген, бірақ оның аудармасы жарыққа шықпайды [90, 5 б.]. Ал 1941 жылы С.К. Козин бұл шығарманы ғылыми талаптарға сай зерттеп, айналымға енгізеді [90]. Қазақ тілінде «Монғолдардың құпия шежіресі» алғаш рет 1979 жылы жарық көреді [91.]. 1998 жылы бұл шығарма қазақ тілінде екінші рет басылып шығады [92.].

Біз өз зерттеуімізде бұл деректің мәліметтерін қазақ және орыс тілдеріндегі аудармалары бойынша салыстыра отыра пайдаланғанымызды ескертіп өтеміз.

«Құпия шежіре» өте қысқаша түрде болса да, XІІІ ғасырдағы Шыңғысхан бастаған монғолдардың Мауереннахр мен Шығыс Дешті Қыпшақты жаулап алуын баяндайды [90, 180-185 бб.; 91, 135-138 бб.]. Біз үшін бұл деректегі ең құнды мәліметтерге Чаджарат, Барин, Салжиут, Барлас, Маңғыт, Тайшуит, Бесут, Кенегес және т.б. тайпалардың шығу тегі туралы баяндаулар жатады [90, 82-85 бб.; 27-28 бб.; 92, 30-32 бб.].

2) Монғол тіліндегі екінші дерекке Лувсанданзанның «Алтын шежіресі» атты еңбегі жатады [93-94.]. Шамамен 1651-1675 жылдар аралығында жазылған бұл шығарма ғылымға 1926 жылы ғана белгілі болды. XІІІ ғасырдың ортасына дейінгі тарихи баяндаулар «Монғолдың құпия шежіресінің» мәліметтерінен алынған. Онда біз көптеген тайпалардың шығу-тегі, атап айтсақ, Дөрбет, Қатаған, Барлас (Барулас), Жаршырад, Боржігін, Маңғыт, Бесут және т.б. тайпалардың шығу-тегі жөніндегі мәліметтеріне назар аударып, зерттеуімізге пайдаландық [93, 15-19 бб.].

Жалпы алғанда, монғол тіліндегі жоғарыда атап өткен мәліметтердің XІІІ ғасырдың басындағы Шығыс Дешті Қыпшақтағы саяси жағдайлар мен көптеген тайпалардың шығу-тегін анықтауда рөлі ерекше деп санаймыз.

Түрік тіліндегі деректер мәліметі: Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысы бар түрік тіліндегі деректерге Махмуд Қашқаридың "Түрік тілінің сөздігі" (Диуани лұғат ит-турк) XI ғ. және Қадырғали Қосымұлы Жалайырдың «Жылнамалар жинағы» жатады. М.Қашқаридың шығармасында X-XI ғ.ғ. түрік халықтары мен тайпаларына қатысты материалдар, әсіресе этнографиялық сипаттағы деректер өте көп. Онда түрік тілдес 20 тайпаның атауы айтылады [95. 54-55 бб.]. Келесі шығарма авторы Қадырғали Қосымұлы Жалайыр XYІІ ғасырдың алғашқы он жылдығында орыс еліндегі Қасым хандығында хан болған қазақ сұлтаны Оразмұхаммедтің кеңесшісі қызметін атқарған. 1600 жылы Оразмұхаммедті орыс патшасы Борис Годунов Қасым хандығына хан етіп тағайындағаннан кейін, Қадырғали Жалайыр аталмыш еңбегін жазуға кірісіп, оны 1602 жылы аяқтап шығады.

Шығарманы зерттеген ғалымдар мен олардың еңбектері өте көп. Біз олардың бәріне тоқталып жатпай, тек бірнешеуін ғана атап өтеміз. Олардың қатарына И.Н. Березин, М.А. Усманов, Р. Сыздықова, М. Қойгелдиев, Б.Көмеков, Н. Мингулов, С. Өтениязов, Ә. Дербісәлиев және т.б. жатады [98-101.; 196.]. Біз бұл жерде шығарма көне қазақ, ескі татар, шағатай тілдерінде жазылған деген пікірлерді талдауға бармай, бәріне ортақ түрік тілі деген атауды қолданып отырмыз. Біз үшін бұл жерде ең бастысы – шығармадағы Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты мәліметтерге қысқаша шолу жасап, сипаттама беру жатады. Төменде сол мәселеге назар аударалық.

Біз шығармадан Қазақ хандығының құрылу тарихына қатысты мынадай мәліметтерді кездестіреміз.

1) Орыс хан, Құйыршақ хан, Барақ хандар туралы, Жәнібек ханның "кіші Жәнібек хан" деп аталатындығы туралы және XІY-XY ғасырларда Дешті Қыпшақта болған оқиғалар туралы жалпы мәліметтер; 2) Едіге және оның ұрпақтары: Мансур, Қази, Наурыз, Нұраддин; Афас, Оқас, Хорезми, Мұса, Жаңбыршы билерге қатысты мәліметтер; 3) Сібір хандарына қатысты мәліметтер; 4) Шайбанилық Әбілқайыр хан мен Иадгар ханға қатысты мәліметтер; 5) Жәнібек хан және оның ұрпақтарына қатысты мәліметтер [101, 112-123 бб.]. Бұлардың бәрі Қазақ хандығының құрылуының саяси алғышарттарын терең түсінуге және зерттеуге мол мүмкіндіктер береді.

Date: 2015-11-14; view: 1285; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.007 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию