Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Абай шығармашылығындағы ағартушылық идеялардың маңызы





 

Арнайы әдебиеттерде ХІХ ғасырдың орта шенінде Ресей империясының қазақ даласын толық жаулап алуына байланысты оның экономикалық, саяси, мәдени дамуы ғасырлар бойы қалыптасқан тыныс тіршілігі, көшпенділердің рухани болмысы аясына сиыспайтындай ерекшеліктерге толы беймәлім бір сатыға көтерілгені айтылады. Дегенмен, жергілікті халықтың қоныс аударушылардан шаруашылық жүргізудің жаңа түрлерін көріп, көшпенді өмір салтын егіншілікпен ұштастыруға мүмкіндіктері ұлғайды. Бұл даланың өндіргіш күштерінің, экономикалық дамудың мәнді өзгерістерге, қоғамның әлеуметтік-саяси, мәдени өмір салаларының жетілуіне аяқ басуы болды. Капиталистік қатынастардың етек жаюы мен әлеуметтік игіліктердің көлемі көбеюіне, елдің рухани өміріне Ресейдегі таптық талас-тартыс негізінде пайда болған идеологиялық күрес те салдарын тигізді. Уақыт сұранысына сай тарих сахнасына ежелгі түркі, шығыс даналықтары, ғибраттарын жинақтаумен айналысқан және онымен жете таныс, белгілі бір деңгейде философиялық әдебиеттермен орыс революциялық демократтары, ағартушылары, жазушылары мен ғалымдарының игі ықпалдарымен әсерленген ойшыл ғалым Ш. Уәлиханов, ағартушылық идеяларын таратушы Ы. Алтынсарин, хакім А. Құнанбаев, ақын Ш. Құдайбердіұлы және т.б. тұлғалар ұлттық қоғамдық ойдың дамуына өз үлестерін қосады.

Қоғамдық ортаның пісіп жетілген сұрақтарының жауабы ретінде көрінісін тапқан ой тарихы өмірдің өзекті мәселелерімен үндес дүниеге келеді. Сондықтан қоғамдық ойдың дамуын халықтың тұрмыс-салтымен, басынан өткізген алмағайып замандарымен байланысты қарастыру қазақ философиясында кең орын алған. Онда ХІХ ғасырдың екінші жартысында саяси өмірге араласқан сайын дала перзенттері халқының қоғамдық өмірдегі барлық салалар бойынша өркениет көшінен қалып қойғаны, теңдік пен еркіндікке реформалар арқылы қол жеткізудің жолдарын іздестіріп, сауат ашу, кәсіппен айналысу істерін дәріптеп, жалпы халықтық өзекті мәселелерді көтеріп, оны шешудің жолдарын қарастырғаны айтылады.

Философиялық әдебиеттерде ағартушылықтың басты міндеттері әлеуметтік әділеттілік, білім, жақсылық идеяларын тарататын идеология есебінде түсіндіріледі. Ағартушы қызметі бағасының негізгі белгісі–бұл оның азаматтық позициясы, оның қоғамдық қозғалысқа қатынасы, өз халқы үшін қандай да бір құнды іс жасауға ұмтылысы. Сондықтан ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында пайда болған ағартушылық ағымның ұстанымдары өзара көмек, қайырымдылық, мейрімділік, ізгі ниеттерді дәріптеу, оқу білімге үндеулерден, кәсіпкерлікпен айналысуға шақыру идеяларын таратудан тұрды. Осыған орай, академик Ғарифолла Есім «Хакім Абай» еңбегінде жалпы «ағартушы» ұғымын бұрын қазақ халқы нақты бүгінгі мағынасында қолданбаған, қазіргі орыс тіліндегі «просветитель» деген сөздің тура аудармасы, қысқасы еліктеуден туған, санаға сырттан сіңірілген сөз деген пікір айтады. Дегенмен автор ағартушылықтың «қоғам болмысының заңдылығы ретінде аңғарылатын мәдени құбылыс,... ұлттық сана-сезімді ояту үшін қызмет атқаратын мәдени–саяси құбылыс» болатынын да жоққа шығармайды [67, 44-48 бб.].

Қазақ философиясы тарихының маманы, ғалым А. Тайжанов диссертациялық жұмысында ағартушылық идеясының Батыс пен Шығыс халықтарында дамудың өзіндік ерекшеліктеріне сай қалыптасқанына және оның «түркі тектес халықтардың дамуы өзінің күрделілігімен, көп қырлылығымен, қайшылықтарымен» ерекшеленетініне назар аударады. «Онда сол тарихи дәуірдің экономикалық, саяси–әлеуметтік және идеялық дамуының негізгі бағыттары айқын көрінеді», - деп тұжырым жасайды [68, 32 б.].

Ағартушылық – қазақ халқы өкілдерінің ортасында орыс тілінде білім алғандардың әсерімен пайда болған, алғашқы идеялық бағыт. Қазақ ағартушылары орыс мәдениеті, білімімен танысқан және орыстың зиялы қауым өкілдерімен араласып, достық қатынастарда болған. Олар Ресеймен одақты оң қадам деп бағалап, қазіргі заманғы Европа білімдеріне қол жеткізу үшін, қазақтар орыс тілін білуі керек деген пікірді қолдады. Өздеріне дейін өмір сүрген ақын, жыраулар дәстүрлерін жалғастыра отырып, тарихи орта сұраныстарына жаңаша дүниетанымдық көзқарас білдіріп, орыс білімі, мәдениеті арқылы елді артта қалушылықтан құтқарудың жолдарын қарастырды.

Қазақ халқының ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы Абай Құнанбаев еліміздің саяси-әлеуметтік пікір мен философиялық пайымдаулары тарихында айрықша орын алады. Оның шығармашылық мұрасы өлең, поэма, философиялық мазмұнды қара сөздерден, аудармалардан тұратыны белгілі. Абайдың дүниеге келген, рухани қалыптасқан уақыты халқымыздың отарлық зардаптарының ауыр сынына ұшыраған кезі болатын. Қазақ даласында жаңа қалалар салынып, көшпенді өмірдің өткен шаққа айналауының алғы шарты пайда бола бастап, отырықшылық дәріптеледі. Тарихи дәуір ерекшеліктеріне сай көшпенділер қоғамына ене бастаған капиталистік өндіріс тәсілі, бұған дейінгі сақталып келген сахара тұрмысының салт-дәстүрлері мен құқық негіздері шайқала бастағанынан көрінісін табады. Сондықтан Абай шығармаларының тақырыбына халықтың болашақ тағдыры, адамның жеке басының қасиеттері мен борыштары, пайдалы еңбек, оқу, білім мәселелері арқау болады.

ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ оқығандарының бәрі де оны жоғары бағалап, ақынның әлеуметтік саяси ойының кемелдігін өскен ортасымен, білімдегі қол жеткізген табыстарымен байланыстырады. Ұлы ақын мұраларының қоғамның рухани өмірінде алатын орнын көрсеткен М. Әуезов болды. Ол құнды зерттеулерімен ақын өмір сүрген тарихи ортаға шолу жасап, сол кездегі көшпенді қазақ қоғамының сипатында: «патша үкіметінің отарлау саясаты өз жемісін бере бастағанын», «қазақ сахарасына сауда капиталынан басқа өндіріс капиталы да ендеп кіре бастағанын» айта келіп, «қазақ халқының қалың көпшілік шаруасы патриархалдық-феодалдық үстемдік тәртібімен бір қаналса», патша әкімдеріне «әділетсіз ауыр алым-салық арқылы» жем болып отырғанын объективті жазады [69, 242-243 бб.]. Еліміз егемендігін алғаннан соң ақын мұрасын зерттеуге Ғарифолла Есім, Т.Х. Рысқалиев, М. Орынбеков, А. Қасабек, Ж. Алтай, Ж. Молдабеков, Т. Ғабитов сынды философ ғалымдарымыз да өз үлестерін қосты және зерттеушілік жұмыстар әлі де жалғасын табары даусыз.

Қазақ философиясы тарихын зерттеуші, ғалым Ғарифолла Есімнің пікіріне ден қоятын болсақ, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласы діни және саяси көзқарастарына байланысты жер аударылған демократтар идеяларымен толығады. Хат танитындар орыс және жалпы батыс елдері мәдениеттерімен танысуға мүмкіндік алады. Ояну дәуірі басталады. Қоғамдық қызметі осы тарихи дәуірге сәйкес келген «Абайды қоғам қызметкері деп атаймыз, оны ойшыл есебінде қабылдаймыз, өйткені оның шығармаларында жалпыадамзаттық қайшылықтар салдарлары бейнеленеді» [67, 30 б.].

Оның өмір сүрген тарихи дәуірі келеңсіздіктерінің екі түрлі негізі болды: бірі қазақ қоғамының артта қалған мешеулігі, бірлігінің жоқтығы, бақталастық, араздықтардың көптігі. Бұл келеңсіздіктер бір-бірімен сабақтасып, хандық дәуірде жырланған ағайын-туыстық, тұтастық орнын енді рудың ішкі бірлігі азып, қоғамдық күштер арасында өшпенділік, көре алмаушылық, ұрлық, сыбайластық байланыстар басты. Сондықтан ұры, залым, қуларға жемтік болып жүрген халық бұқарасын, момын шаруаларды аямасаң, соның тілеуін тілемесең болмайды деген Абай шығармаларында әлеуметтік ой басым. Әділетсіздік, теңсіздіктердің екінші көрінісі орыс бодандығымен байланысты, яғни патша үкіметінің жоспарлы қалыптастырған, санаға сіңірген саяси жүйесі. Ел билігі аға сұлтандар, болыстар, старшындар, указбен тағайындалған молдалар, тілмаштар қолына берілді. Көшпенділердің рулық санасына дем беру, біріне-бірін айдап салу, қырқыстырудың өздеріне тиімділігін түсінген отарлау әкімшілігі олардың ортасында бақталастық ұрығы шашылып, араздық отын жақты. Мұның шын мәнінде өзінің жемісін берген саясат болғанын тарихи деректер де көрсетеді. Ұлы ақынның «Болыс болдым мінеки», «Болды да партия», «Мәз болады болысың», «Бөтен елде бар болса» өлеңдері тарихи дәуірдің, көшпенділер өмірінің келеңсіз жақтарын ашық көрсеткен, объективті өмір салттарының субъективті бейнесі екендігі даусыз.

Абайдың қара сөздерінің салмағы үлкен. Ол өзінің ең бірінші қара сөзінің өзінде-ақ, ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, софылық қылып, дін бағу, бала бағу туралы сөз қозғап, заманының келелі мәселелерін көтереді. Дәстүрлі қоғамның ел билеу салтын білдіретін «ел бағу» түсінігін қоғамдық өмірдің саяси саласына байланысты дұрыс қолданғаны көрінеді. «...елге бағым жоқ... дертке ұшырайын деген кісі болмаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе» өзінің ел басқаруға ниетінің жоқтығын білдіреді. Абай заманы отарлықтың қамытын толық киіп, қолдан билік кетіп, ел еркінен айрылған, Кенесары және басқа да сұлтан, батырлардың бастаған көтерілістерінің сәтсіздікке ұшырап, елдікке деген ұмтылыстың, сенімнің елеске айналған уақыты болды. Осыдан енді қазақтың өзін–өзі баға алмайтынына, бағатын адамының жоқтығына, ол қайта ел бола алады ма, дегенге сілтеген ой жатыр.

Ақын түсінігіндегі «мал бағу» кәсіппен айналысып, сол кездегі қазақ қоғамын жайлаған жалқаулық, өсек, өтірік, ұрлық және тағы да басқа келеңсіз іс-әрекеттерден аулақ болып, пайда тауып өз жағдайыңды жаса деген ұғымда айтылады. Дегенмен «мен ішпеген у бар ма» деп, қоғамды жайлаған кертартпалықтардан көңілі қалған ол, ендігі жерде малды балалары бақпаса, өзінің кез–келген ұры-қары, залымдар мен тіленшілердің қолында кететін дүниені жиып, өмірін қорлағысы келмейтінін айтады. Өзі өскен ортада «ғылым бағарға да, ғылым сөзін сөйлесер де адамның» жоқтығына назар аударған ақын, «Біліміңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың», - дейді. «Ел бүлігі тобықты, көп пысыққа жолықты» - деп, ру аралық талас, өзара күншілдік тартысқа түскен атқамінерлер ісіне күйінген ақын сөзін тыңдайтын адам да жоқтың қасында еді. Күнделікті тұрмыс деңгейіндегі келеңсіздіктерден бастап, әлеуметтік мәнге ие болған қайшылықтарды шешетін кім? Өмірдің өзекті жақтары туындатқан мәселелерді ашық талқылауға, адамдарды өзара сұхбатқа шақырған ақын сұрақтары тіршілік мәселелерін терең түсінуге деген талпыныстардан тұрады. Осыдан «мұңдасып, шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі бір тез қартайтатын күйік». Ақын ағасына байланысты Ш. Құдайбергенұлы «тұрағы қазақ іші болғандықтан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда данышпан, хаким, философ кісі еді. Қор елде туды да, қорлықпен өтті», - деп толғанады [70, 6 б.]. Абай тұлғасына орай: «Зәредей шүбә етпейміз, Абайдың өлген күнінен қанша алшақтасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен-күнге артылар»,- деген Міржақып Дулатовтың сөзі біздің уақытымызды меңзеп айтылғандай [70, 6 б.].

Ақын түсінігіндегі дін бағуға тыныштық керек, сондықтан ол да болмайтын нәрсе. Дін бағуға әлеуметтік мән берген ол, «не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елде, осы жерде не қылған софылық!»-дейді. Абайдың сөзінен қазақ даласында Қ. Иасауи түсіндірмесі ретіндегі мұсылмандықтың кең таралымын тапқанын пайымдаймыз. Ол әрине, тыныштықты, зерделілікке жеткізетін тақуалықты, күнделікті күйбең тұрмыс сұраныстарынан тыс тұруды керек етеді. Мұның Абай үшін, сол тарихи дәуірде өмір сүрген ойлы адам үшін мүмкін еместігі түсінікті. Ақынның сөзінен бала тәрбиесіне көшпенділердің үлкен мән беріп, келелі мәселе ретінде қарастырғанын пайымдаймыз. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер», «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» - деп бала тәрбиесіне үлкен мән берген, өзекті мәселе ретінде қараған әлеуметтік ортаның өзіндік құндылықтары ұқыптылыққа меңзейді. Сондықтан ақын, болашақтың бұлыңғырлығынан баланы «бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай қаракетке қосайын»-деп толғанады.

Әрине тарихи дәуір тұрғысынан қазақ қоғамының даму деңгейінің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты, қоғамда өмір сүретін объективті заңдар туралы келелі пікірлер айтудың негізі әлі қалыптаспаған болатын. Дегенмен, ол қоғамдағы әлеуметтік, рулық қатынастардың әлі де болса берік сақталуы, отарлау әкімшілігінің ру басы, атқамінерлер тартыстарын қоздырып, әлеуметтік ахуалды шиеленістіріп, өз мақсаттарына тиімді пайдалана білуі ақынды күйіндіреді. Ұлы ақынның өлеңдерінен оның ежелден сайын далада сақталған жырау-билер дәстүрін ұстанып, қалың бұқараның жоғын жоқтағанын көреміз, олардың тек тілегін тілеп қоймай, бар рухани болмысымен күреске шығып, болыс та болады, төбе билікке сайланғаннан кейін халық мүддесін қорғап, айтыс-тартыстарды әділ шешеді. Жетпіс алты баптан тұратын жаңа заң ережелерін ұсынған Абайдың төрағалығымен өткен билердің төтенше съезінде әдет-ғұрып нормаларының негізі сақталған Ереже қабылдануының заман тұрғысынан мәнділігі үлкен.

Мұсылманшылық кең етек жайып, қоғам өмірінің барлық салаларын қамтыған қазақ даласында әлі де болса ру, тайпалық қатынастар мықты болды. Сондықтан адамдар арасындағы қарым қатынастың қандай түрлері болса да әдет заңдарымен, демек ертеден келе жатқан рәсімдермен, тұрмыс-салт дәстүрлерімен реттелетін. Ережелер белгілі бір деңгейде дінмен дәріптелсе де, ол халықтың моральдық және шаруашылық құндылықтары туралы пайымдауларынан туындады. Бұған белгілі бір тарихи замандағы қазақ ру, тайпаларының ішкі өзара қарым қатынастарын реттеген Тәуке ханның «Жеті жарғысы» мен әдет заңдарының астасып жататынын дәлел ретінде айтуға болады.

Қазақ даласының қарапайым құқықтық ережелерін жақсы білген Абай, кез-келген айтысты шешуде әдет заңдарына сүйенген әділеттілікті қолдады. Билер сотының артықшылықтарын көре білген ол, өзі жасаған Ережеге Ресей империясының кейбір заң ережелерін де енгізеді. Қазақ даласында 1868 жылы 21 қазанда бекітілген «Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару жөніндегі уақытша Ереже» бойынша билік жүзеге асырылып тұрған кезде қабылданған бұл реформалық талаптар патша үкіметінің отаршыл әкімшілігі тарапынан қолдау таппайды. Ресей үкіметі ұсынған заңдар жобасы көшпенділердің дәстүрлі ел басқару жүйесін бұзып, тұрмыс-тіршіліктерімен үйлеспейді. Сот жүргізу ісі айтарлықтай өзгерістерге ұшыраған қазақтар «екінші низам» деп атап кеткен ереже бұратаналарға өздерін мойындатуды көздеген нағыз үстемдік пиғыл туындысы болды. «Халық соттарына» жергілікті ұсақ-түйек істер ғана қалдырылып, бұрын билер құзырында болған көптеген қылмыстық әрекеттер шекаралық соттардың қарауына берілді.

Отаршыл әкімшілік енгізген ережелер мен тәртіптер билік пен мансапқа қызмет етіп, сот орындарының лауазымды адамдары өз қызметтерін жеке бастарының баюына ғана пайдаланды. Судьялардың сатылғыштығы мен болыстардың жағымпаздығын Абай, «Болыс, биді құрметтейін десең құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ» [71, 130 б.], - деп аз сөзбен әлеуметтік өмір келеңсіздігінің бетін ашады. Отарлық билікті қамтамасыз ету үшін отарлау әкімшілігінің күнделікті саясатына қарай құбылып, бейімделіп, өзгеріп отыратын тұрақсыз, зорлықпен таңылған заң ережелерін керексіз деп пайдаланудан бас тартуға шақырады. Басқару ісіндегі әділетсіздік пен жосықсыз әрекеттер қазақтың билік дәстүріне «бар малын шығындап, болыс болғандар», «қулық, арамдықпен болыстыққа жеткен соң, момындарды қадірлемейді, өзіндей арам, қуларды қадірлеп» зардабын тигізеді. Сондықтан, білімді болыс қана сайлау құқығына ие болса, оң нәтиже береді деп, сайлауға білімді адамдардың түсуін жақтап, кісіні біліміне қарай басшылыққа сайлау керектігіне меңзейді [71, 89-90 бб.].

Сайлауды ру арасындағы араздықты қоздыратын іс деп, ол болыстарды жоғарыдан тағайындауды халыққа пайдалы болар деп есептеген. Сайлау кезіндегі өзара тартыстың зардаптарын «өз басын, осындай таласпен кісі көбейтеміз деп партия жиғандардың бүгін біреуіне, ертең біреуіне кезекпен сатады да жүреді. Ұрылар тиылмайды. Ел тыныш болса, оның ұрлығын ешкім сүйемес еді. Ел екі жар болған соң, кім ант ішіп, арамдығын жақтап сүйеймін десе, соған жақ болып сүйеніп, бұрынғыдан ұрлығын әлденеше есе асырады». Қоғамдағы ұрлық-қарлықтың тиылмай, кең етек жайғанынан ішкі араздықтардың өршіп, елді тұралатқанын, оның кері кетуіне себеп болғанын терең түсінген ақын, онымен барынша қатал күрес жүргізеді.

Тыныш жатқан елдің «шала бүлінгені» отарлау әкімшілігінің сот реформасының нәтижесі деп түсінген Абай, «әрбір болыс елде старшын басы бір би сайлағандық халыққа көп залал келтірді»,-деп жазады. Қазақ халқы үшін қалыптасқан қоғамдық қатынастар болашағының жоқтығын түсінген ақын өзінің өнегелі ісімен, ұлағатты сөзімен елді жайлаған әлеуметтік, экономикалық, мінез-құлық кеселдерімен күресіп, билік жүйесінің жарамсыздығынан оны жетілдірудің жолдарын қарастырады. Елде билік айта алатын адамдардың өте аз қалғанына, ол үшін «бұрынғы Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, әз Тәуке ханның «Күлтөбенің» басында күнде кеңес құрған «Жеті жарғысын» білмек керек; ондай адам аз, яки тіпті жоқ» [71, 90 б.],- деп қынжылыс білдіреді. Сондықтан сот реформасын жүргізуде астамшылыққа бой бермей, ежелден келе жатқан қарапайым құқық ережелерінің мазмұнды, өмір сұраныстарына жауап беретіндерін сақтай отырып, оларды сот билігіне кең қолдануды дәріптейді.

«Балық басынан шіриді» дегендей елді басқаруға сайланғандар басқаның ақылын қажет етпей, өздерінің ғана бас пайдасын ойлайды. Құлқынының құлы болған билер мен болыстардан түңілген Абай, «бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық, сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық»,- деп ой қорытады.

Қазақ қоғамындағы әрбір әлеуметтік топ өкілдерінің мінез-құлқы мен қасиеттерін ашып көрсетуінің себебін ақын жиырма екінші қара сөзінде: «Байды қадірлейін десең, бай жоқ. Бай болса өз басының, өз малының еркі өзінде жоқ. Мырзаларды қадірлейін десең, осы күнде анық мырза елде жоқ, мал бергіш мырза иттен көп. Біреуді бір пайдама келтірем деп мырза болып жүр. Мықтыны сыйлайын десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ. Есті кісіні тауып құрметтейін десең, әділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық, амалға елдің бәрі есті» [71, 129 б.],- деп түсіндіреді.

Ұзақ жылдар бойы болыс болған және отарлық қамытын киген елге жасалып отырған талай қулық, сұмдықтарын өз көзімен көрген Абай биліктен өз еркімен бас тартып, билік иелерінің халықты аяусыз қанап, заңсыз тонап, шексіз баюдың жолына түскен жат қылықтарының сырын ашады. Болыс сайлауларындағы адалдықтың, шындықтың, әділеттіліктің жоқтығын, бәрінің алдаумен жүзеге асырылатынын жариялайды. Сайлаудан кейін болыстар өз уәделерін орындамайды, халықты қолдамай, керісінше жемқорлар мен ұры-қарыларға қызмет көрсетеді. Өзі өмір сүріп отырған қоғамнан қадірлі адам таба алмаған ақын оның себебін заманның өзгеруінен көреді. Көптің жүрген жерінде дау-дамай мен бас араздықтың қоса жүретінін білген ол, көптің билігін дұрыс көрмейді. Ұлы ақын көп дегенде, ретіне қарай ақылға, жөнге салынуы керек жетесіз, билікке көнбеген тобырды айтады. «Сократқа у ішкізген, Жанна д Аркты отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол–көп, ендеше көпте ақыл жоқ»- дейді. Оның пікірінше, ақылсыз тобыр–өзінің есінен айрылып, басқаның жетегіне ергендер. Сондықтан, «көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел» [72, 343 б.]. Абай негізі отарлау әкімшілігінің абсолюттік билігін нығайту болған патша реформасының халыққа қарсы мәнін көрсетеді. Қоғамдық күштердің ара жігін аша түскен, «бөліп ал да билей бер» дегенге саятын реформа салдарынан ру аралық тартыстар күшейді және бұл жалпы отарлау жүйесі жағынан қолдау тапты. Отарлау әкімшілігін қолдаған қазақ атқамінерлері жайылым, салық төлеуде үлкен артықшылықтарға ие болды.

Патша үкіметінің сот реформасы мен қазақ даласында кең таралымын тапқан, бір-біріне жат құқықтық жүйелер іс жүзінде үлкен қайшылықтарға алып келді. Мысалы барымта, қанға-қан, кек қайтару сияқты көшпенділерге түсінікті жағдайлар әдет құқығымен шешілді. Ресей заңдарымен түрмеге қамауға алынатын мұндай соттардың шешімерін далалықтар түсінбейді, наразылықтарын білдіреді.

Қауым өмірінің жан-жақты салаларын қолдарында ұстаған, әдет заңы негізінде жүргізілген ақсақалдар үкімі, әділдігімен ерекшеленген билер шешімдері келмеске кетуге қарады. Жауапкерлер әділ қазыларға күмән келтірмей, қатаңдығына қарамай олардың шешімдеріне тұратын заман да сағымға айнала бастады. Ал енді ру, тайпа өмірінің жағымды салт-дәстүрлерін тазалық, сенгіштік, сөзге тұру, т.б. адамгершілік құндылықтарын қазақтардың өздеріне қарсы пайдаланыла бастады. Енді байлық қана қауым басшылығына, сонымен қатар, би болуға мүмкіндік беретін, шешуші мәнділікке ие. Осының арқасында байлар өз қолдарына тек экономикалық мүмкіндіктерді ғана емес, сот және әкімшілік тұтқаларын да ұстады. Билік баюдың, үлкен байлықтың көзіне айналды.

Қазақ даласының саяси-әлеуметтік құрылымын дұрыс топшылай білген ұлы ақын шығармаларында бай мен кедей арсындағы тартыс бейнелі суреттеледі. Ол әсіресе «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» өлеңінде реалистік, шынайы көрінісін тапқан. Тарихи дәуір тұрғысынан қоғамның әлеуметтік топтары–байлар мен кедейлер арасындағы қайшылық ашылатын өлең мазмұнында, айналасына киіз тұтылған, жылы үйде отырған бай баласы қар жауса да тоңбайды, ал жалшының баласы көзінен жасы ағып жүріп оны ойнатады. Әлеуметтік күштері бір-бірімен аңдысқан, мардымсыз әрекеттер орын алған жерде өндірістік күштердің дамып, өмір салаларының жан-жақты өрбуі туралы айтудың мүмкін еместігі түсінікті.

«Көппен жалғыз алыстым» деген ақын қайырымдылықтың зұлымдықтан басымдығын, оның жемісін өзінің шыққан халқына көрсетуді міндет қылып қойғанын және әлеуметтік әділеттіліктің орнауы үшін өз өмірін тойымсыз, қанағатсыз билік иелеріне қарсы күрес жолына арнағанын да ұғамыз. Рухани өмір саласындағы надандық, сауатсыздықпен байланыстырылатын қараңғылық уақытша, кездейсоқ, өтпелі десек те, ол Абай ұғымы бойынша, еуропалық білім, орыс тілі арқылы ғана қол жеткізуге болатын игіліктерге, жарқын бастауларға ерте ме кеш пе, орын беруге душар болады. Көшпенді қоғам алдына қойған сұрақтарын саралауға талпынған тарихи заман ойшылдарының ортақ идеяларын қарастырудан олардың: тек адал еңбек етудің ғана халықты болашақта мұратқа жеткізетіні туралы ой түйіндегендерін пайымдауға мүмкіндік береді.

Абайдың шығармалары–ХІХ ғасырдың екінші жартысында өмір сүрген қазақ қоғамының, қазақ ортасының әлеуметтік ақиқаты, бейнесі. Өмірдегі барлық зұлымдық атаулының негізгі себебін жалқаулық, надандық, өсекшілдік, парақорлық т.б. келеңсіздіктерден көрген ол, халықты күнделікті өмірде кездесетін жағымсыз әдеттермен күресуге шақырады. Өз заманының теңсіздікке негізделгенін де көре білген ақын саналы өмірінде жұртын мәдениет көшіне ілестіруге ұмтылды, жосықсыздықтарын түзетумен болды. Мал бағудың төңірегенен аспаған, ұрлық, барымта, ру аралық тартыстар жайлаған, отарлау әкімшілігі құлға айналдырған, күйкі тірлікпен ғана күнін өткізген елін ояту үшін көзі көрген кемшілігін, атқамінерлер мен түйсіксіз замандастарын сынайды. Жастарға үлгі боларлық жөн көрсетіп, «жанбай жатып сөнбей, ғылымға ден қойса, дүниенің де, малдың да өзі болатынын», надандыққа бой ұрмай, білім алуға шақырып, ақылын айтады. Әлеуметтік орта сұраныстарына жауап іздеген ақын насихат өлеңдерімен бұқараға ой тастап, санасын аршып, жалғандық атаулыдан жерітіп, пайдалы істерге ұмылуға жол көрсетеді.

Абайдың философиялық ойларында объективті дүниенің санадан тыс өмір сүретіні тұжырымдалады. Адам «көзбен көріп, құлақпен есітіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрнымен иіскеп тыстағы дүниеден хабар алады»,- дейді қырық үшінші қара сөзінде. Өз заманы тұрғысынан объективті дүние құбылыстары туралы әр түрлі пайымдаулар айтқан оның пікірлерінен диалектикалық тұжырымдарды да көреміз. Ол отыз жетінші қара сөзінде:

«Дүние–үлкен көл,

Заман–соққан жел.

Алдыңғы толқын–ағалар,

Кейінгі толқын–інілер»

деп, қоршаған орта өзгерістері мен алмасуларын, тұрақсыздығын көрсетеді [72, 319 б.]. «Өлеңдер мен қара сөздеріне зер салып қарасақ, көптеген философиялық мәселелерді қарастырып, өзіндік ой-пікір, тұжырымдар жасағанын байқаймыз. Шығармаларының басым көпшілігінде өмір, ондағы адамның орны, мақсаты, мұң-мұқтажы туралы ой шертеді. Ендеше, философияның негізгі мәселесі Абай шығармаларында талқыланды деуге болады» [73, 248 б.].

«Келдік талай жерге енді,

Кіруге-ақ қалдық көрге енді.

Қызыл тілім буынсыз,

Сөзімде жаз бар шыбынсыз,

Тыңдаушымды ұғымсыз

Қылып тәңірім берген-ді» [72, 90 б.].

Бұл қоғамның зкономикалық өзгерістерінің халықтың рухани өмірінің мәнді өзгерістерге ұшырауынан туындаған парасатты, терең ойлы ақынның жан толқынысының айғағы. Мұнан көшпелі тірлік салдарының туындылары болған бұрынғы өлшемдер мен түсініктердің жаңа өмір салттарына сәйкес келмегенін көреміз.

Әдебиеттанушы ғұлама Есмағамбет Исмаиловтың 1943 жылы Бауыржан Момышұлына жазған хатында көшпенділердің еңсесін езген өктем саясат салдарынан халқымыздың мақсат-мүддесін көздеген біртуар ұлдары есімдерінің әдейі қараланғанын жазады. «Қатал қайрат иесі адамдар... тек өжет, мықты, батыр емес, ақылы, айласы қайратына сүйеу болып отыратын, қиын қыстау күндерде, қырғын соғыс үстінде ел-жұртын, әскерін тас қамау, тар асулардан абыржымай алып шыққан қолбасшы, мемлекет қайраткерлері... Мұндай қасиеттерге қазақта Абылай мен Кенесары ие болды... басқа атақты батырлардың қай-қайсысы болсын қайрат, жігер иесі болғанымен бүкіл елді соңына түгел ертіп әкететін қатал қайратқа ие бола алмады. Кенесарыдан кейін қазақ халқы патшаның отарына айналды да, өгей бала сияқты жалтақ, қорқақ, өзі билеп бастап кете алмайтын жасқаншақ халде болып келді, үнемі біреудің аузына қараумен болды». Осы кемшіліктердің бүгінгі адамдарымызға да тәндігі қынжылтады. Бойға сіңген жалтақтық, билік иелеріне жағымпаздық жазылмас дерттей. Өзіндік рухани болмысымен танылған тұлғаларымыздың халқын ізіне ертетіндей, бүкіл қазақ мойындағанының болмауы өкінішті. «Біздің халқымыздың ерлік, адалдық, намыскерлік қасиеттерімен қатар – алтыбақан ала ауыздық, бірін-бірі күндеушілік, өскенін күндеп, өшкенін жерлеу сияқты теріс сияпаты да бар...» Сондықтан бізге «қатал қайрат иесі» керек [74, 104-106 бб.].

Демократиялық-ағартушылық дәстүрде жеке адам тәрбиеге көнетін кісі деген түсінік орнықты. Содан адамның түзелу шарттары – тобырдан тұлғаға өтуде, мінез тұйығынан рух шыңына көтерілуде, дәлірек айтқанда, жекеге де, көпшілікке лайықты қайырымды қайратқа деген сенім санаға ұялай түсті. Тұлға қайрымдылығы адамның рухани тұтастығы мен сенімін, халықтың бірлестігі мен серіктестігін нығайтады деген наным-сенім күшейді. Осы тұжырымнан «адам түзелмей, заман түзелмейді» деген дүниетанымдық қағида туындады. Сондай-ақ, байлық пен берекеде адам бола білу, адамның келбеті, жетілдіру – ең өткір де, жауапты мәселеге айналды.

Абайдың ұйғарымынша, ағартушы-демократиялық дәстүр, біріншіден, туралыққа, тыныштыққа, татулыққа, тұтастыққа апаратын жол, екіншіден, ақиқатты, адалдықты, адамгершілікті халық сана-сезіміне енгізетін жүйелі іс-әрекет, үшіншіден, жан мен тән сымбатына және табиғи жарасымдылыққа деген сүйіспеншілікті жалғастырар қисын, төртіншіден, бостандық пен ерікке деген зәрулікті ұштай түсетін өрнек, ақыры, ерлікпен елдікке ұмтылдыратын, сол үшін күресуге ұйтқы болатын өтімді идея. Адамды да, заманды да түзейтін ізденіс пен іс-әрекет желісі Абайға қымбат болды, оның аңсарын аулады. Абай осы іспеттес адамзат құндылықтарын жүректің, ақыл-ойдың, ерік-жігердің мызғымас қорғаны және мұқалмас құралы ретінде қабылдады.

Абай да халқына өз қара сөздерінде: «еңсеңді көтер, көзіңді аш, еңбек ет, оқып білім ал, басқа халықтардан өнер білімге үйрен, жамандықтан без, жақсылықты бойыңа жина дейді. Жақсылықтың (яғни адамгершіліктің) өзі оқып-білгенде, сауатынды аш, надандықтан қаш, ақыл ой жинастыр, білімді-өнерлі бол, барлық жақсылықтың, байлықтың көзі сонда, малға да, жанға да бай, оған ақылы сай адам бол»,- дейді [75, 15 б.].

Сонымен елдің зиялы азаматтары байырғы қазақ ойшылдарының аңсаған мақсат-мұратын, олардың дүниетанымдық ұстамдарын, игілік деп тапқан байлықтарын ұғым-нанымдарын жоққа шығармай, сонымен бірге оларды жаңа тарихи жағдайда, мүлде заты басқа, табиғаты басқа бұрындар тысқары жатқан, әлдебір алып күштің ықпалына еріксіз түскен жағдайда, қайта карап, тереңінен ойлап, соны қорытындылармен байытып, қазақ ой өркенін жаңа да биік сатыға көтеріп береді.

Бұрын кең байтақ, көшіп-қонып, өзімен-өзі болып жатқан ел Ресейдің әсерімен бүкіл дүниежүзілік саяси-экономикалық, мәдени-өркениеттік процестің ықпалына енеді, сол бір дүлей ағымның екпінімен үлкен бір жартас іспеттес болып тұтасқан, тұйықталған қазақ даласы, қазақтың болмыс-бітімі, қоғами өмірі, салт-санасы, ой желісі, мінез-құлқы, екшелене түсіп, дүниежүзілік товар айналымының от-жалынының лебін сезіне бастайды. Қазақ даласы оянып, қимылдап, қозғалысқа келеді, қоғамдық өмірде әртүрлі өзгерістер басталады. Сол өзгерістерді алғаш сезген, соған сай ой кешкен, халықтың осы аумалы-төкпелі, алымды-ағымды кездегі тіршілігін, болашағын ойластырған зиялылары қайткенде қазақ баласы заманына сай болмақ, соған сай қоғам құрмақ, сол заманның жай ғана серігі болып қана қоймай, оны жасаушы, білгір де, іскер, санасы мен еркі күшті тұлғалы азаматы, серкесі болуын армандайды, соның жолын ой жүгіртіп іздестіреді. Бұл жолды оқу, білім алу, халықты ағарту, мәдениетін жан-жақты арттыру деп үғынады, соны уағыздайды, жүзеге асыру жолдары мен тәсілдерін көрсетеді. Жаңа заман лебіне құлақ түр, соны сезін, соған сай бол, сайын даланың тал бесігінде тербетіліп ұйықтай берме, тебірен, оқы-біл, ұмтыл, алға бас, ойың мен ісің бір жерден шығатын маман бол, кертартпа мінез бен бос ойын-күлкіден аман бол, адал бол, дүние жүзінің мәдениетін, білімін меңгерген, дүниенің тетігін игерген адам бол деп айтудан талмайды халықтың зиялылары.

Абайдың шығармаларында осы ойлар әсіресе толық, әсіресе бүкпесіз айқын, әсіресе әдемі де әсем айтылған. Абайдың дүниеге деген көзқарасын, дүниетанымын қазақ ойының даму шыңы дейтініміз оны данышпан хакім дейтініміз ол - өз шығармаларында замана ағымын түсінуі, дүниенің тылсым сырына үндес болуы, соның өз лүпіліне, дабылына сай мақаммен ойлауы, дәл басып жырлауы сол арқылы, қазақтың байырғы дүниетанымы мен жаңа заман игіліктерін синтездеуге жол ашуы, қазақтың өз айшықтарын, өзінің ұлттық тұтас тұлғасын сақтай отырып, бұрынғы тарихи белестерден өткендегі жинақтаған өміршең қасиеттерін, тәжірибесін төкпей-шашпай, заманның заңды талаптарына бейімделе дамуын көксеп, сананың бірден-бір жолы адамгершілікке, имандылыққа берік болуы, осы жолды білгірлікпен, білімділікпен ұштастыру, мәңгі-бақи бұл жолдан таймай іздене, ұмтыла ойлау, іс қимыл жасау деп көрсетуі еді.

Бұл жолдың қиындықтарын, қайшылықтарын, қалтарыстарын
талдап беріп, неден безіп, неге ұмтылу керектігін рухани азық қылып, нені арқалану қажеттігін, қазақ болашағының суреттемесін, өмір сүру кодексін, ережелерін жасап берген осы - Абай, данышпан бабамыз, десек артық болмас. Абай қазақты қатты сынаған, замана тезіне салып сынаған, дұрыс болсын, заманына сай озық болсын, елдің алды болсын, арты болмасын, қылмыс қылмасын деп сынаған, өмір сынағынан сүрінбей өтсін деп сынаған да мінеген, қазақты жаңа өмір салтына баулыған, жаманын қудалап атша жаратқан, түзеген, тазалаған, бейімдеген, бейілдеген, осылардың барлығы қазақ философиясының, философиялық мәдениетінің негізгі арқауы болып есептеледі.

Қазақ философиясы мен философиялық мәдениеті деген кезде біздің түсінігімізше ең алдымен басты-басты екі мәселені анықтап алуымыз керек. Олар қазақ философиясының генезисі (шығу тарихы) және қазақ мәдениет философиясының басталуы, қалыптасуы және дамуының ерекшеліктері.

Қазақ философиясының мәні мен мазмұны оның генезисі және басталуы арқылы айқындалмақ. Себебі, әрбір ұлттық философияның бір-бірінен өзгешелігінің өзі осы, оның генезисі мен басталуында. Біз осы мәселелердің мәнін іздегенде қазақ философиясын еліктеуге салынып өзге ұлттар, халықтар философиясының үлгісіне салмай өзіне тән менталитетінен шығарсақ, ондай жағдайда біз ешқашанда Абай дүниетанымын аттап өте алмаймыз. Осы себептерге байланысты қазақ философиясы деген ұғым Абайға келіп тіреледі. Абай философиясының арқауы - адам. Әрине, бұл жаңалық емес. Қашанда болмасын даналар өз -зейіндерін адамға арнаған. Бірақ, ақын адам туралы сөзді айта келіп, оны Алланың сөзіне тірейді. Сонда, Алланың сөзі бар, адамның сөзі бар. Мәселе сөзде. Платон идея десе, Аристотель формалардың формасы десе, Абай Алла сөзі дейді.

Абай бұл тұста Алланың сөзі аксиома, сен оны ұқ, қабылда деген діни дәстүрдегі қарадүрсіндікке салмайды, ол Алланың сөзі рас, бірақ оның растығы адамның сөзі арқылы расталмақ деген өте терең философиялық концепция ұсынған.

Абай дүниетанымын зерттеуде қандай тәсілді қолдандық дегенге келсек, негізінен оның өзі қолданған тәсілді алдық. Ақын алтыншы қара сөзінде қазақтың «Өнер алды - бірлік, Ырыс алды – тірлік» деген мақалына өзінше түсінік берді. Мұндай тәсілді европада герменевтика деп атайды. Ол тек метод емес, әрі философия [76, 71 б.].

Герменевтика тек қана Абайды емес, қазақ дүниетанымын, философиясын тануда өте тиімді тәсіл. Себебі, қазақ философиясы герменевтикалық мазмұнда. Қазақша ойлау жүйесі астарлап сөйлеуге негізделген. Мысалы, билерді алсақ та жеткілікті [77, 125 б.].

Абайдың ойлау дәрежесі өте биік, ауқымы кең. Ол өз шығармаларында аз сөзбен, саралы да сырлы сөзбен қазақ болмысының көптеген мәселелерін қойып, шешімін айтып береді, ойға салады. Оның ой толғамының негізгі діңгегі адам төңірегінде, адам болу, адами өмір сүру шарттарын анықтауында. Бұл адам мәселесін қарастыруда Абай дүниежүзілік философиялық ой деңгейіне көтерілген. Адам мәселесін таза күйінде, жалпы заңдылықтар тұрғысынан, адам болудың жалпылама шарттары тұрғысынан қарастыра білуі оның мәніне үңілуі, адам ететін негізгі қасиеттерін дәл анықтауы, - міне олардың бәрі осының айғағы. Осы ретте ол адамгершілік хақында да көп толғанған, адамгершілігі жоқ адамның иманы жоқ, иманы жоқ адам ол адам емес, есуас, мақұлық «санасыз, ойсыз, жарым ес» ондайлардан «сасу», ондайларға жоламай «қашу» керек деген [75, 70 б.].

Оқуға, білімге шақырғанда да Абай кең ауқымда ізденуге, дүниежүзі ғұламаларына сүйенуге, оқығаныңды, білгеніңді ізгілікпен, әдеппен ғибратпен, имандылық жолынан таймай, адам қажетіне тарту, ойын, біліктігін, адамгершілік қасиеттерін арттыруға, әділдік, бостандық, сұлулық, сүйіспеншілік тұғырына көтеруге мегзейді. Сөйтіп ол жан-жақты дамыған, толықсыған, толған, адам бейнесін, тұлғасын жасайды, сол тұлға үлгісінің деңгейінен жан-жағына сын көзімен қарайды, бұл армандаған образына сай адамды таппай қиналады, «сөзіңді ұғар адам жоқ» деп қынжылады. Оның: «Баяғы жартас - бір жартас, Қыңқ етер түкті байқамас», - деп, «надандардан түңіліп», ақыл ойға құлақ салар адам таппай, «ойланар», «сөз ұғар ел» таппай шарқ ұруы, «жалғыз қалуы», қамығуы - Абай атамыздың жүрегінің түкпірінен шыққан шынайы сезім, халқы үшін, соның болашағы үшін деген күйкі-күйзеліс, қайғы-мұң екені хақ [78, 122 б.].

Абай өлеңдері адамға деген сүйіспеншілікке толы, бірақ ол жалаң сүю де күю емес, сүйіспеншіліктің ауыртпалығын, мұңлы тіпті кайырлы немесе қайғылы жақтарын да айтады, сөйтіп ой өрнегін нақтылап, нәрлеп салады. Өмірдің, тағдырдың, жалғанның екі жағы барлығын, екі жағын да ескеру, екеуіне де төзу керектігін, төзімді, қайырымды, тағатты, қанағатшыл болуға баулиды. Адамды сүй, бүкіл адамзатты сүй дейді, хақ жолы, имандылық жолы осы деуі Абайдың гуманистік ой-тебіренуінде терең мазмұнның ішкі астарын ашып берерлік қағида. Адамға қастық қылма, «адамдық атын жойма» деп, бүкіл адамзатқа, жан иесіне бір ғана, біреу де болса ұлы талап қоюы, Абайдың ақын ретіндегі, хакім ретіндегі ұлылығының белгісі [78, 122, 304 б.].

Алла-тағала адамзатты махаббатпен жаратқан, олай болса әр адам, Алланы өз жанынан артық көріп сүюі керек, алланы сүю ол жаратқан бүкіл адамзатты сүюмен барабар,- міне осы үш сүю адамның иманы, сенімі, діні. Осы ақиқатты берік ұстау, сақтау, өмір азығындай арқалап өту, осыны терең білу, түсіну шарт, - сонда сен адамдығыңнан айырылмайсың. Осы үш сүюдің қарама-қарсысы, оларды бұзатын үш істен, шайтан ісі болып табылатын «пайда, мақтан, әуесқойдан» сақтан, «онан шошы»дейді Абай. Яғни ұлы ақынның айтуынша, әр адамның дүниетанымының, сенімінің түп қазығы, имандай сенер ұйытқысы адамды, адамзатты, алланы сүю; бар ойын, сана-сезімін, іс қимылын осы түп қазықтан бастама алса, соны иман тұтса, шайтан ісіне жоламаса, сонда ғана сен адамдық мәніңді сақтайсың, адам атына сай боласың. Егер осы түп қазыққа берік болмасаң, сенімің, иманың таяз болса, қаншама «руза, намаз, зекет, хаж» жасасаң да, яки иман-сенімнің сырт көрінісін, шарттарын орындағаныңмен, ішкі сенімің, иманың таза болмаса, сен адам болмайсың:

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті

Қылғанменен тартымды бермес жеміс [78, 305 б.].

Пайдакүнемдік, мақтаншақтық, әуесқойлық адамды бұзады, иман жолынан, алла жолынан тайдырады. Бұл - шайтан ісі, өйткені: бұған салынған адам алласын ұмытып, иманынан, шын сенімнен айырылады, ол адамды, адамзатты сүюден қалады, нәпсісін тыя алмай күнәға белшесінен батады. Сонан соң қаншама аллаға жалбарынып, намаз қылып, бас ұрғанмен сен мумин бола алмайсың, сен мунафик, екі жүзді адамсың,өйткені ісің шайтанның ісі, тек сөз жүзінде ғана аллалап, оған сенген боласың, иіліп құлшылық қылған боласың. Сөзің ғана емес ісің де таза болсын, имандылықты бұзбасын, адамға жамандық әкелмесін, қорламасын, қинамасын, қастық қылмасын, ісің де аллаға, адамға деген сүйіспеншілікке, махаббатқа толы болсын, -сонда ғана сен шынайы мүминсің, иманың таза, пәк адамсың [78, 304 б.].

Абайдың бұл айтқандары баяғы көне грек философы Протогордың «адам-барлық заттардың өлшемі» деген афоризмін еске салады, И.Канттың «категориялы императивімен» үндеседі. Ойыңда да, ісінде де адамды ұмытпа, ол үшін, әрине, алланы, алланың өсиетін ұмытпауың керек, сенімің берік болуы керек. Әр адамның іс-қимылы, жүріс-тұрысы, қызметі басқа бір адамға залал әкелмесін, еш адамға ешқашан қастандық ойлама да, жасама да -бұл адам өмірінің заңы, иманы. Бұдан тайған - имансыз, екіжүзді, ол адам емес шайтанға еріп, соның еліктеуіне көніп адасқан, бұзылған күнаһар пенде. Иман тазалығын сақтамаған пенденің ойы да, ісі де һарам, ол -қаскүнем, пайда табамын деп ол адамды жәбірлейді, басқа адамды сатып, оны пайдаланады, өз пайдасы үшін қолданады, қорлайды. Ол саған мақтанады, менменсиді, өзін басқалардан жоғары санайды, басқалар ол үшін тек оның тәлкегінің, пайдаға жұмсауының құралы, жымысқы ақылгөйлігінің құлы болып көрінеді. Сол сияқты мақтаншақтық пен әуесқойлық адамды азғырады, тоздырады, жеңіл-желпі өмір сүруге бастайды, үлкен адами мақсат қою, тұрлаулы оймен еңбек қылудан мұндай бенде безеді, оның сенімінде де, ісінде де тұрақ жоқ, ол жалтақ, қорқақ, жылмаң, есер. Ондай кісі адамдықтан, имандылықтан тез ада болады, одан жақсылық күтпе, оған ерме.

Абай атамыздың бұл айтқандарының үлкен тәрбиелік мәні бар. Ата-бабамыздан келе жатқан «баланы жастан» деген сөзді еске алсақ, баланы «шыр» етіп өмірге келгеннен бастап имандылық рухта тәрбиелеу керек, аллаға сендіру керек, яғни адамға деген сүйіспеншілікке, адалдыққа, ардың тазалығына баулу қажет.

Арғы жағында үлгі боларлық адами мәні, салмағы жоқ, бос мақтан, ойын-күлкі, орынсыз сөз бен іс баланың жан дүниесіне нәр бермейді. Ал басында имандылыққа толы карым-қатынас болса, балаға деген сүйіспеншілік басқаларға деген сый-құрметпен жалғасып жатса, сонда ғана тәрбиенің мәнісі бар, ондайды сезіп, көріп өскен бала, көргендігін жасайды, иманжүзді болады, жалпы адамға деген сүйіспеншілік сезім оның көкейіне нық қонады.

Қазақ халқының, қазақ елінің болашағы ұлы ақынның ойынша осындай толыққанды адамның қолында. Бақытты, болашағы зор ел болу иманды, адамгершілігі артқан адамды тәрбиелеу дегенмен барабар. Абай тегінде қазақ қоғамындағы тұлғалы кемел адамның рөлін терең сезінген, сондай адам ғана қоғамға ұйытқы, үлгі болатынын, ондай тұлға болмаса «өңкей нөл» қанша жиналса да қоғам құрмайтынын, қара тобыр, топ болып қала беретінін білген. Бұдан қандай қорытынды жасауға болады? Маркстік-лениндік тұрғыдан алғанда қоғамдық қатынастар жеке адамға, индивидке қарағанда алда, озық тұрғанды, индивид бұрын калыптасқан қатынастарды бойына сіңіріп барып қана сол қоғамның төл азаматы деңгейіне көтеріледі, содан кейін ғана ол қоғамға қызмет етіп, оған белсенді өзгерістер енгізе алады, тарих субъектіге айналады.

Белгілі мағынада қоғам алғаш, адам мәні қоғамдық қатынастардың жиынтығы, қоғам қандай болса, адам да сондай. Сондықтан алдымен қоғамды күрт, революциялық жолмен өзгертіп, одан кейін сол қоғамға сай адамды қалыптастыру керек. Абай бұл мәселені мүлдем басқадай ойластырған. Қоғам өмірінің түпкілікті негізі, айқындаушы күші - адам. Адам - қоғамдық өмірдің бастамасы. Адамды тәрбиелеу, адамның аллаға деген сенім-нанымын арттыру, нақты мүмин қылып баулу, осы жолда елдің қамқоры, бастаушысы, ақылшысы боларлық озық тұлғалардың дүниеге келуі, солардың ақыл-ойы, білімі, ерік-күші, белсенді іс-әрекеті басқаларға үлгі болып, ел жұртты ұйытып, біріктіріп, өміршең істерге көтеретіні,- елдің, қоғамның алға басуы осы жолмен болмақ. Осындай түсінікті ұстаған Абай өзі ел басқаруға қатыспақ болып, талпынған кезі де болған, бірақ сол замандағы билікке, атаққа таластың, қазақ қоғамының патша саясаты әсерінен ыдырауы, алауыздығы, көре алмаушылықтың асқынуы Абайға дес бергізбеген....

Абайдың адам, қоғам, тәрбие туралы жазғандары, терең философиялық антропологиялық, мәдениет философиясы бағытында мәні бар ойлары қазіргі тәуелсіздікке қол жеткен уақытта ерекше маңызды болып, қазақты өзіне-өзін танытып, бүкіл дүниеге әйгілі қылып, қаз басып келе жатқан ұлттық мемлекетіміздің сүйеніші, арқауы боларлық идеологиялық сипаттағы құндылықтардың негізін қалайтын ойлар жүйесіне айналып отыр. Қазақстан Республикасының ұлттық мемлекеттік тұғыры, оның мәдени, адами болмысы, болашағы осындай терең тамырлы, өміршең идеялардан бастама алғанда ғана іске асатыны, сонда ғана ұлттық тұтастықты сақтап, бұдан жарты мың жылдан астам уақыт бұрын дүниеге келген біртұтас қазақ хандығын құрған, содан кейін де қазақ атын да, затын да өшірмеген, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген ата-бабаларымызбен мұраттаса-мұраласа, өмірлеріне жалғаса, сабақтаса, бүкіл дүниежүзілік өркениет құндылықтарын өз бойына ұлттық менталитетін (ділін) жоғалтпай, қайта сол негізде қабылдап, қорытып дами беретіні анық.

Date: 2015-11-14; view: 2722; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.006 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию