Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать неотразимый комплимент Как противостоять манипуляциям мужчин? Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?

Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника







ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамындағы әлеуметтік жағдайлар





Абай «Қара сөздерінің» дүниетанымдық ерекшелігі туралы сөз қозғалғанда, Абай заманында қалыптасып үлгерген қазақ халқының бодандық құрсауындағы хал-ахуалына сараптама жасамай өтуге болмайды. Өйткені, Абай өз заманының перзенті, оның үстіне үш жыл болса да болыстық қызмет атқарып қоғамдық өмірге белсене араласқан ойшыл. Патша үкіметінің отарлау саясатының жымысқы бір көрінісі – «бас басына би болған өңкей қиқымдар», яғни елді бөлшек-бөлшек етіп, тұтастықтан айырып, бір-біріне қарсы қойып, «шелтірейтіп орысың шенді шекпен» кигізіп жауластырып қойған болыс-билердің қарапайым халыққа жасайтын зорлық – зомбылық іс-әрекеті. Абай амалсыз партия-партия боп бөлініп билікке таласқан байлардың сияздарына қатысуға мәжбүр болды, осы таластан жәбір шеккен момын елдің мұң-мұқтажына куә болды. «Улы сия, ащы тіл, долы қолмен» елдегі «сабырсыз, арсыз, еріншек пысықтарды, бойы бұлғаң қуларды» әшкерлеуге тырысты.

«Түзетпек едім заманды, өзімді тым-ақ зор тұтып...» [41, 132 б.], деп жырлаған ұлы ақынның экзистенциалдық дүниетанымы қараңғылық пен надандыққа қарсы тұрып «мыңмен жалғыз алысқан» жанның көңіл-күйі, жүрек қағысы, жан сыры.

«Жүрегім менің қырық жамау» деп, кейбір мезеттерде түңіліп, күйініп, мұнын шағып, қуанышын да, қайғысын да елінен, болашақ ұрпақтан жасырмай жайып салатын ақын шығармаларында әлеуметтік толғаныстардың ұшан-теңізін қалдырды. Сондықтан да Абай дүниетанымы, көңіл-күйі, замана, қоғам, оның мүшелерінің көңіл-күйі, солардың ішкі жан дүниесінің айнасындай сипатта. Яғни, заман арқылы Абайды, Абай арқылы заманды танып білуге ұмтылуымызға үлкен негіз бар.

«Абай дүниетанымын түсіну үшін, оның идеяларын атап қою аз. Ең алдымен, Абай дүниетанымында бейнеленген сол тарихи кезеңнен нақты тіршілік, тұрмыс жағдайларының ерекшеліктерін тереңінен танып-білуіміз қажет» [42, 322-323 бб.].

Абай өз заманына дейінгі дала ғұламаларының даналық қазынасын толық меңгерген, бүкіл көшпенділер дүниетанымын, олардың болмысын, ақыл-ойын, парасатын дүниеге таратып, адамзат санасының дамуына үлкен үлес қосқан біртуар, дара ойшыл. Абай шығармашылығы көшпелілер мәдениетінің әлемдік рухани қазынаға қосқан ұлы үлесі десек қателеспейміз. Өйткені, Абайдың ғұмыры мен шығармашылығы көшпелі өмір мен отырықшы өмірдің арасындағы тіршіліктің, танымның, мәдениеттің, салт-сананың, заң мен дәстүрдің, билік пен қоғамдық қайшылықтың, тұрмыстың, көзқарастың нағыз арбасқан, таразыға түсіп тайталасқан тұсының дәл және толық көрінісі болып табылады.

Шығармаларындағы зор тоғыс пен толғаныстарды сөз қылмағанның өзінде, оның жеке басының тарихы ірі-ірі рухани және күнделікті өмір трагедияларына толы болды.

Абай өзінің тіршілігіндегі арпалыстары арқылы еркін елінің шексіз жайлаудан айырылып, қатты отарлық бұғауға түсіп, ежелгі дәстүрлі көшпелі өмірдің бодандықта булығатынына, тұншыға бастайтынына көзі жете бастады. Оған, әсіресе, өз ұлтының жан еркіндігінен айырылып тұншыққаны қатты әсер етті.

Профессор Ж. Молдабеков, Абай даналығының тағы бір себебіне оның ішкі жан дүниесінің жаңару бағытындағы ұмтылысына да меңзейді. «Көңілі құлазыған көпті көрген Абай «соқтықпалы соқпақсыз жерде» ерте есейді. Сор заманның зор қыспағында және арпалысы мол мақсатта тез ширады. Абай ұлылығы – оның тұлғалық даралығында, өмірге деген рухани-әлеуметтік жауапкершілігінде, адам болмысында үлкен қозғалыс тудырар өнерінде. Ал ұлылық жаңару жетістігінде екені мәлім. Әйтсе де жаңару ұмтылыс серпілісінен басталатынын ескерген абзал. Онсыз тарихтың да, тұлғаның да тағылымын түсіну екі – талай» [43, 108 б.].

Абай көшпелі дәуірдің соңғы, жаңа Низамның алғашқы ұлы тұлғасы. Сондықтан да оның шығармаларындағы жан күйзелісі қазақ халқының қасіреті мен тығырыққа тірелген рухани дүниесінің айнасына айналды. Көшпелі қоғамның ұлы катарсисі ақынның әлеуметтік дүниетанымына өзек болды.

Абай өміріне әсер еткен түбегейлі өзгерістер 1822 жылдан басталған еді. «Патша әкімшілігіне өлкені отаршылдық тұрғыда игеру үшін қазақ даласына басқарудың бірыңғай жүйесін енгізу және басқа да шараларды жүзеге асыру арқылы Қазақстанды түгел дерлік бағындыру қажет болды» [44, 26 б.].

1822 жылы Ресей патшалығы «Сібір қазақтарын басқарудың уақытша ережелері» деген заң шығарған. Осы заң бойынша қазақ даласында хандық дәстүр-билік жойылып, оның орнына аға сұлтандық билік орнады. Аға сұлтандар тек қана хандар, төрелер тұқымынан белгіленуге тиіс еді. Бұл кезде Тобықты елінің ауқымы кеңейіп, оған Қарқаралы округі де қарайтын. Осы округке аға сұлтан болып Құнанбай сайланады. Сайлау кезінде айтыс-тартыс көп болған. Бірақ Құнанбай аға сұлтан болып сайлануына оның ел алдындағы ықпал-абыройы, беделі, жеке басының шешендік, ақылдылық, ділмарлық қасиеттері себеп болды. Халық «қарадан сайланған хан» деп Құнанбайдың атақ, даңқын бұрынғыдан да асқақтатып көтеріп кетеді.

Мұхтар Әуезов «Абай жолында» Құнанбай өмірінің барлық кезеңдерін тәптіштеп суреттеуді мақсат етпейді.

Ұрымтал тұсында, Тобықты елінің ахуал-тіршілігін білдірерде, Абайдың өскен ортасын, әлеуметтік ұясын танытарда, әсіресе, Абайдың ой-санасы, қайраткерлік мінез-машығы қалыптасу, қатаю, өріс табу жолында әкесі Құнанбайдың қайталанбас қарымды қолтаңбасы көрініс береді.

Тарихи дәуірмен зерделесек, эпопеядағы Құнанбай өмірі мен іс-әрекеті, негізінен алғанда, 1822 жылғы далалық реформа мен 1868 жылғы Жаңа Низамға дейінгі мерзімді қамтиды. Яғни, М. Әуезов Құнанбай ғұмырын қазақ сахарасы отарлануының өлке-өлкеге бөлінген, билік-басқару жүйесінің іргесі түбегейлі шайқалған, елдік қасиеттер жоғалып, өзгеге жем бола бастаған бір дәуіріне, Құнанбайды сол өліара дәуірдегі кесек тұлғаның трагедиясы ретінде, ал Абайды Ресей отарлауының жаңа, ең ауыр, ақырғы дәуірінің құрбаны ретінде суреттейді. Бұл күнде жеке басқа табынушылықтың қанды балақ жылдарында жүрек түкпіріндегі сырын ақтара алмай, аса сақтықпен еңбек еткен Мұхтардың өз романы арқылы айтпақ болған астарлы ой-байламын дәл шешіп, тап баса жіліктеп беремін деу бос әурешілік.

Ұлы романистің шығармашылық лабораториясына терең бойлап, орнықты пікір-байлам айтқан белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметов былай дейді: «Биограф (Мұхтар Әуезов) Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасын жазғанда, оның арғы ата-бабалары Ырғызбай, Өскенбай, Құнанбай жайлы ел әңгімелері мен деректерді молырақ қамтыса, соңында олар жөніндегі деректерді барынша ықшамдап, Құнанбай мен оның заманына көбірек аялдады. Өйткені, Құнанбайды білмейінше, оның дәуірі мен өмірін тереңірек танымайынша, Абайды білу қиын болмақ деп қарайды» [45, 20 б.].

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасы қорындағы № 1913 – істе, Абай өмірбаянын жазған қолжазбасының ертеректегі бір нұсқасында, М. Әуезовтің өзі де бұл туралы тура жазады: «...Абайдың өз әкесі Құнанбай, оның әкесі Өскенбай, үшінші атасы Ырғызбай болсын – барлығы да ру ішінде үстемдік жүргізген адамдар. Осылардың нәсілінен шыққан Абайдың қоғамдық орны, тіршілігі, өмірлік әрекеттері де сол ата салтымен, ескі сарынмен қалыптасады. Сондықтан болашақ ақын Абайдың өмір жайын анық түсіну үшін, әуелі, мәлім болған дәрежеде бұның алдындағы буындардың да жай-күйін айта кету шарт...» Ендеше, ең ірі абайтанушылар Абай даналығын ата даналығының жалғасы, салдары деп есептейді. Оны «Асыл тұяқтан» деген халық сөзі де растайды.

Бұл жерде айта кететін тағы бір жайт, қазақ табиғатының антибиологиялық тұтастыққа, қандастыққа ұмтылу қасиеті ұлт бірлігінің нақты, тұрақты шарттарының бірегейі болды. «Ұлы дала, қуаң табиғат, көшпелі өмір-салт маңдайға жазылған соң, сол жазмышқа көндігудің бірден-бір кепілі» адамдар бірін-бірі жатсынбай, біріне-бірі арқа сүйеп қана өмір сүруі қажет.

Бұл қажеттілікті терең сезінген көшпелілер «адамның күні-адаммен» деген принципті тіршіліктеріне тірек еткен. Сондықтан да әрбір көшпелі қазақ туыстық-қатынастық жүйені тарата білуді өмір сүрудің нормасы, моральдық-этикалық критерий деп білген. Мұндай дәстүрдің бұлжымай сақталуына жеті аталық үрдіс ұйтқы болып отыр» [46, 37 б.].

Әке мен бала арасындағы сабақтастық өмірдің өзі тудырған ортақ мақсаткерлік көзқарас, дүниетаным, іс-әрекет бірлігін Ә. Бөкейханов пен С. Ғаббасовтың Қазан төңкерісіне дейін жарық көрген ғұмырбаяндық зерттеу мақалаларындағы пайымдаулар мен ой-нұсқалар айғақтай түседі.

«Дед Абая Ускембай стяжал в родной степи славу справедливого бия: к нему обращались киргизы отдаленных родов, предлагая разрешить их споры. Отец Абая Кунанбай имел огромное влияние и на киргиз чужих родов, что подтвердилось избранием Кунанбая в старшие султаны Каркаралинского округа, когда должность их была монополизирована родовитыми султанами. Кунанбай под конец жизни первым съездил в Мекку и вернувшись оттуда, удалился от мирских дел, что еще больше сделало популярным имя Кунанбая» [47]. Ал, Ғаббасов болса, өзінің көлемді мақаласында татарша тіл өрнегімен былайша баяндайды: «Марқұм Құнанбай мырза өте ақылды, сабырлы, халық сүюші, ғылым мағрифатқа құмар, Қарқара атырауында бастап, хаж етуші, биік дана бір зат еді. Баласы марқұм Абай Құнанбай мырзаның кім екенін жұртқа білдірді. Ибрагим мырза, яғни Абайды білмеген жұрт жоқ. Абай мырза өте дана, өте шағыр философ бір адам. Лакин жұрт қадірін тірі шағында білмесе де осы күні сағынады.

Өлгеніне бірнеше жыл болған Құнанбай мырза мен Абай марқұмды жұрт жадына қадірлі ақсақал Шаһкарім мырза Құдайберді баласы да түсіреді» [48].

1895 жылдың қаңтар айында жастай солып дүниеден өткен аяулы ұлы Әбдірахманға қатты күйзеліп, қасірет күйін кешкен Абай «Кешегі өткен ер Әбіш» деп басталатын ондаған өлең жырларын арнайды. Соның бірінде ұлы ақын әкесі Құнанбайды, Әбіштің атасын «Ескендір, Темір, Шыңғыстай, Мұсылманда атақты» деп дәріптейді. Қорытынды пікірі мынадай: «Ол сыйпатты қазақтан, дүниеге ешкім келмепті. Өлмейтұғын атақ қалдырып, дүниеге көңіл бөлмепті» [41, 162 б.]. Ендеше, Құнанбай әке мен бала Абай арасы, өмірлік мұрат-міндет пен тағдыр сабақтастығы бірнеше ұрпақ буынын үрейлендірсе, тітіркендірсе оқытатындай алшақтықта, алыс қашықтықта емес демекпіз. Құнанбай мырза қазақ халқы отарлануының Ресей империясы жоспарлауындағы 1822-1868 жылдарды қамтитын реформалау кезеңінде қайрат көрсете еңбектеніп, қоғамды басқарудың жүйесін ұлттық болмыспен берік ұштастыруға әрекеттеніп бағып, әлі келгенше «дүлей қара дауылға» қарсы тұрған болса, ұлы Абай 1868 жылдың Низамынан кейін отарлау саясатының сұрқиялықтарымен әкімшілік жолмен де, адамшылық жолмен де, философияшыл ақындық қалам қуатымен де алысып-арпалысып бағады. Абай шығармашылығының дені осы мәселелерге жауап іздейді. Шыншыл аяулы халық перзенті Ғабит Мүсіреповтің «Құнанбайдың кесек тұлғасын әлі де асқақтата сомдай түсу керек еді» деген сын пікірін қоштай отырып, исі қазақ тарихында Құнанбай қажы орнын анықтай түсуіміз қажет. Құнанбайды Абай арқылы ғана емес, қазақ шежіресіндегі белгілі би-шешен ретінде де зерттей түсуіміз қажет.

Заманында хатқа түсірген адамдар болмағандықтан, Құнанбайдың көп тапқыр сөз, терең ойлары, кесім-шешімдері сақталмаған. Бірақ анық Құнанбай айтты деген сөздер де баршылық. «Арымнан – жаным садақа, жанымнан -малым садақа», «Жарлы кісі жаманат, жамалар да қуанар», «Адамның не нәрсеге қасиеті болса, сол нәрседен міні де туады», «Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі: құлақпен естіген өтірік, көзбен көрген шын» - деген сөздер Құнанбай даналығының куәсі.

Құнанбай қажы жақсылық әдеттерді, қасиеттерді өз балаларынан күтті. Өзі оқымаса да білім-ғылымға өте үлкен үміт артқан Құнанбай өз балаларын да, өзге жастарды да оқытуға тырысқан. Бұл туралы мынадай дерек бар. «Кіші тобықты болысын билеуші старшын Өскенбаев биылғы 3 январьда жазған рапортында өзі басқарып отырған болыс қырғыздарының ортақ игілігі мен пайдасын көздеп, балаларды орысша және азияша сауаттандырып, оқыту үшін училище құрмаққа рұқсат сұрай отырып, бұған азияша тәржімасында білетін орыс мұғалімін жіберуді сұрайды» [49, 331 б.]. Әрине, Тобықтының ездерімен жауласқан, жөнге салуға тырысқан әке мен бала әрекеттерін жатжерлік отаршыларға қарсы ұрысқа, бітіспес айқасқа, теліп-балау қиын болар.

Бірақ тарихтан белгілі нәрсе, кешенді мақсаттағы отарлау саясаты ең алдымен бодандықтағы елдің төл ел басқару жүйелерін, заң-құқықтарын түп-тамырымен талқандауға тырысады. Одан соң әккі құрылған әкімшілік-қоғамдық жүйе басына кімді үкілеп тағайындаса да сол басқару тәсілі империя құзырына құлдық ұра қызмет ете береді. Қазақ жәмиғаты тарихнамасындағы хандық, билік ел басқару жүйелерін құрдымға жіберіп, әуелі округ, болысқа бөлшектеген. Содан соң әбден әлсіреген, өзара арпалысқан елді тұтастай империя қарауына қаратқан Ресейдің қараниет отарлау саясатын өмірде дәлелденген нақты тарихи шындық десек қателеспейміз. Ондай қараниет ойлардың жарықшақтары еліміз егемендік алған кезінде, ХХ ғасырдың соңында да, Солженицын, Жириновский сықылды сәуегейлердің шығармаларынан қылаң беретінін ескерсек, бұл саясат өзектілігін әлі де жоғалтқан жоқ дер едік.

1822 жылғы «Сібір қырғыздары туралы устав», 1867 жылғы «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы ереже», 1868 жылғы «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторлықтарындағы далалық облыстарды басқару туралы ереже», 1886 жылғы «Түркістан өлкесін басқару жөніндегі ереже», міне Құнанбай мен Абай елден ерекше, жете зерттеп-таныған осындай ереже-қағидалар далаға өлшеусіз зиян-кесапатын әкеліп жатты. Сондықтан Құнанбайдың көп әрекеттері, кесім - шешімдері Ата заңынан тая бастаған, отарлық саясат азғындаған руластарын адамгершілікке, құдайшылыққа қайтару жолы деп те түсінуге болады. Сондықтан Құнанбай Ресейдің отарлау саясатының бір кезеңіне қарсы қайыспас күрескер боп танылса, Абай отарлаудың нағыз ушыққан дәуірінде әкеден өзгеше қасиет-қайратымен әркез іс басынан табылды. Яғни, Абай әке іс-мұратын заңды жалғастырушы мұрагері болып табылады.

Әрине, Абайдың сыншыл санасы әкесінің мінезіндегі кейбір кемшіліктерді де байқамай қалған жоқ. «Әкесі қажының қайтпайтын қатты суық мінезін сөгіп отырушы еді. Қорықпақ пен сүймек, от пен су секілді бір жерде жиылмайды, адам сүйген адамның ақылын ұғып, сонан баһыра алады, қорқытып, ұрсып айтқан ақыл дарымайды деп» - еске алады, Абайдың ұлы Тұрағұл өзінің әкесі туралы естеліктерінде [50, 16 б.].

Бұл жолда Абай болыс болып та, би болып та, ойшыл-күрескер болып та санадағы төңкеріс майданына, халық өміріндегі мешеулік көріністерге бел шеше қарсы шығудан тайынбайды.

Сондықтан Құнанбай мен Абай арасындағы қарым-қатынасты таптық көзқарас, ескі мен жаңаның, күн мен түнектің бір-бірімен күресі емес, әке мен балаға ортақ мақсат-мұрат отарлаудың сойыл-сойқандарына, елді елдіктен бездірген кертартпа мерездіктерге бітіспес ұрыс жариялау деп түсіну орынды.

Сонымен, Мұхтар Әуезовтей ғұлама суреткердің тоталитарлық қоғам кезеңінде шарасыздан бұрмаланғанын еске ала отырып, поляк зерттеушісі Адольф Янушкевичтің биік бағасын, мейлінше зор марапатын көкейге тоқи жүруіміз қажет. Халиолланы орысша, Абайды мұсылманша оқытып жүргенде, соңғы баласына сопы Аллаяр сықылды ақындарды көп оқытып, өзі де тыңдай жүреді. Сол кезде «Абайдан Ысқақ артық болады» - дегендерге: «Не күтсеңдерде осы жаман қарадан күтесіңдер ғой», -деп жауап береді екен. Әке балаға сыншы деген осы. Абайдың Халиолла (Халел) туысының өмірі Шоқан Уәлиханов өміріне ұқсас. Алғашында Семейде оқып, одан соң Омбыда Шоқан оқыған Кадет корпусын бітіріп корнет атағын алып шығады. Кейін Мәскеудегі император Павел атындағы атты әскер мектебін бітіріп, 1877-78 жылдардағы орыс-түрік соғысына қатысады. Омбыда қызмет істеп жүріп науқастан қайтыс болады. Шоқанның досы Г. Н.Потанин Халиолла туралы мынадай мәлімет қалдырған: «Қырғыздың бір сұлтаны корнет Өскенбаев Тургенев, Лермонтов, Толстой шығармаларын ойша аударып, өзінің жерлестеріне мазмұнын түсіндіретін» [51, 11 б.].

Сөз жоқ, Абай мен Халел ғылым, білім, дүние, әсіресе әдебиет, мәдениет туралы көп пікірталас өткізіп, Абайдың болашақта рухани ізденуіне туысының да ықпалы болғаны айқын.

Дегенмен, Абайдың жас кезінде Қаратай шешенмен, Жанқұтты шешенмен, әкесі Құнанбай бимен сөзжарыстары болашақ даналыққа тектік негіз болғанын, оның жастайынан халық даналығын жете игергенін көрсетеді.

«...Құнанбай өзінің 12 жасар баласы Абайды Бөже, Сүйіндік, Байсал, Қаратай сияқты билердің жиналған кеңесіне шақырып, арнайы қатыстырады. Яғни, әкесі Абайдың зеректігін, ақыл-парасатын о бастан-ақ білген. Бұл Құнанбайдың адам танығыштық ерекше қасиетін білдіреді» [52, 176 б.] деп –көрсетеді академик Ж. Әбділдин.

Қаратай бір күні Абайдың құрбылас жас жігіттермен жиналып отырған жеріне келіп, олардың заманын жамандап, өз заманын мақтай бастайды. Сонда Абай оның сөздеріне ұзақ жауап бере келіп, соңында: «Сіздің заманыңызда көрші елдің арасында бір қол кісі болып, жиналып алып түн қатып жүрмесе, жалғыз-жарым кісі қатынаса алмаушы еді, ұрлық, барымта, бұзықтық көп болғандықтан «әні алып кетті, міні алып кетті» деп, кемпір-шал, қатын-қалаш, жас бала тыныштықпен асын іше алмаушы еді. Сол заман да жақсы ма? –дегенде, Қаратай жеңілмес үшін «Менің заманым пайғамбарға жақын» деп уәж айтады. Оған Абай: «Алатаудың басы күнге жақын, бірақ басында мәңгілік қар жатады. Сайында не түрлі өсімдік, неше алуан жеміс шығады. Рахым-жақсылыққа алыс жер, алыс заман жоқ. Қайда болса да жетеді. Сіз пайғамбарға әкесінен жақын емессіз, ол кәпір болған», - деп ұтып кетеді.

Енді бірде Жанқұтты шешен Құнанбайдың үйінде қонақ боп отырғанда, Абай келіп сәлем береді. Абайдың тапқырлығын, өлең шығаратын ақындығын естіп жүрген шешен жас жігітті қасына отырғызып, күтпеген жерден: «Шырағым, дүние неге сүйенеді?» -деп сұрайды. Абай: «Дүние үмітке сүйенеді» -дейді.

- Көздің көрмесі бар ма? – Көз қабағын көрмейді.

- Шам шырағының түспесі бола ма? – Шам шырағы табанына түспейді.

- Болат пышақтың кеспесі бола ма? -Болат пышақ өз сабын өзі кеспейді.

- Тамағына тартпайтын мақлұқат бола ма?

- Өз тамағына тартпайтын мақлұқат болмайды.

Өте риза болған шешен оған енді осы жауаптарын қара өлең түрінде жұптап беруін сұрайды.

Абай бөгелместен:

Сіз сұңқар, самғай ұшқан қиядағы,

Талпынған мен балапан ұядағы.

Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем,

Дүниенің жалғыз үміт тиянағы.

Көз көруі жетпейді қабағына,

Шам шырағы түспейді табанына,

Өз сабын болат пышақ өзі кеспес,

Мақлұқат тартпай қоймас тамағына.

Біраздан соң Абай: - Би аға, сізден сұрақ сұрауға бола ма? – дейді. Рұқсат алған соң, би аға, арзан не, қымбат не, дауасыз не? – деп сұрақ қояды. Сұрақтың жас Абайдың зеректігін, естілігін аңғартпай ма? Жанқұтты Ботантайұлы сонда: - Шырағым, арзан - өтірік, қымбат-шындық, дауасыз-кәрілік емес пе, жанарыңның оты бар екен – ақындығың шығар, маңдайың жазық екен – ойлылығың шығар, халқыңның қалаулы азаматы бол! –деп, батасын береді.

Абайдың ерекше дарындылығын Әуезов эпопеясындағы диалогтан да көреміз. Құнанбай бір жолы баласына былай дейді: - «Орайы келгенде айтармын деп жүр едім, сенің басыңнан үш түрлі мін көремін. Соны тыңда!

Абай: - Айтыңыз, әке! – деп Құнанбайдың жүзіне тура қарады да тосып қалды:

- Ең әуелі, арзан мен қымбаттың парқын айырмайсың. Өзіңдегі барыңды арзан ұстайсың, бұлдай білмейсің. Көп күлкіге, болымсыз ермекке асылыңды шашасың, жайдақсың. Жайдақ суды ит те, құс та жалайды.

- Екінші, дос пен қасты сараптамайсың. Досқа досша, қасқа қасша қырың жоқ. Ішіңде жатқан сыр ұшағы жоқ. Жұрт бастайтын адам ондай болмайды. Басыңа ел үйірілмейді.

- Үшінші орысшылсың. Солай қарай ден қойып барасың. Мұсылман жат санайтынын ескермейсің! –деді. Баласының басындағы басқалықты кінәлаттарды танып, тауып айтты. Абай:

- Осы үш айтқаныңыздың үшеуіне де дау айтам, әке. Өзімдікі дұрыс деп айтам.

Ең әуелі, жайдақ суға теңгердіңіз. Қолында құралы бар, жалғыз жарымға ғана пайдасы тиетін шыңыраудағы су болғанша, құралды, құралсыз, кәрі – жасқа түгел пайдасы тиетін жайдақ су болғанды артық санаймын.

Екінші, ел алатын тәсілді айттыңыз. Ел билейтіндердің мінезін айттыңыз. Менің білуімше, ел бір заманда қой сияқты болған, бертін келе ел түйе сияқты болды. Ал, қазір ел бұрынғы көр байлықтан, нашар момындықтан сейіліп, көзін ашып келеді. Енді ел жылқы сияқты болды. Аяз бен боранда, жауын-шашында, жанын аямаған, қар төсеніп, мұз жастанып, етегін төсеп, жеңін жастық қылған бақташы ғана баға алады.

Үшінші, орысты айттыңыз. Халық үшін де, өзім үшін де дүниенің ең асылы өнер-білім. Сол өнер орыста. Мен барлық тірліктен ала алмаған асылды содан алатын болсам, ондай жер жатым бола ма?» [53, 381 б.].

Осы жауаптарын зерделесек болашақ данышпанның өсиет, нақыл, маржан тізбектері жиналып шығармашылығына, ғақлияларына негіз болған секілді. Өйткені, осы балаң кезінде санасын билеген осы ойлар – халқына себін тигізу, елге қызмет істеу, ұлтының менталитетін зерттеп жете түсіну, зиялылардың халық арасындағы ағартушылық міндетін анықтау, дүниедегі, адам өміріндегі ең асыл құндылық өнер-білім екенін жастарға уағыздау, басқа ұлттардың жақсысына үйреніп, қабылдап, жаманынан жирену. Бұлардың бәрі -біздің қазіргі өтпелі уақытымызда, дәуірімізде өте қажетті құндылықтар. Абай дәуірінің өтпелілік белгілерін ескерсек, оның сөздері дер кезінде пайда болған заман сұранысына дөп түскен, бірақ замандастары бағалай алмай, қажетіне жарата алмай, бір ғасыр өткенде ғана ұрпақтары шын бағасын беретін дәрежеге жеткен мазмұны шексіз дүние. Абай даналығының ең зор белгісі – қалдырған қазынасы халқы қаншалықты өміршең болса, соншалықты оның дүниетанымымен, салт-санасымен, көзқарасымен, менталитетімен бірге жүріп, алтын діңгек, темірқазық іспетте мәңгілік жасайтындығында.

Сонымен Абай даналығының арнасын зерттей келе, қандас сабақтастық, әулеттік мирас, тәлім-тәрбиелік ерекшелік, әкелік мұра ғұламаға нендей әсер етіп, қандай қасиет қосты деген сауалға қорытынды жауап берер болсақ, онда ол мынадай болмақ:

Біріншіден, жалпы қазақ халқының басқа халықтардан ерекше қасиеті бар, ол сөз құдіретіне табыну, қастерлеу қасиеті. Жазу-сызу жоқ кезде ауызекі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қазақ фольклоры даналық ойдың айшықты мысалы.

Фольклордың аудармасы – халық даналығы деген сөз. «Ол кездің өнерін жалпақ ел түгел ұғатындықтан, екінші кейінгі ұрпақтың түгелімен алатын білімі, тәрбиесі де сондайлық көпке бірдей болып айтылатын жалпы дүниеге көзқарасы да, өткен өмірді түсінуі де бір-ақ түрде болады» [54, 21 б.].

Профессор Х. Досмұхаметұлы қазақ фольклорының барлық саласын қамтыған сараптама жасап, халқымыздың ауызша шығармашылығының 46 түрін атап көрсетеді. «Абай -өзінің еліне дарыған осы шығармашылықты түгелдей дерлік бәрін біліп, игерген алып» [55, 34-35 бб.].

Екіншіден, қазақ ойшылдары, даналары халықты тапқа, топқа бөліп, алалаудан аулақ болды, олар бүкіл халықтың «қалың елі қазағының» атынан сөйледі, көкейтесті ойларын, сөздерін Абайдың өзі айтатындай «бір кісі емес, жалпақ жұртқа» арнады, біреудің талабымен емес, жүректің қалауымен толғады.

Абайға дейін Бұқар, Махамбеттер бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ деп, қасқая тұрып, өз ойын жасырмай, бүкпей айтты. Мұңын да, зарын да, шерін де бүкіл халыққа баян етті. Осы қасиет ұлы Абайға да тән.

Үшіншіден, Абай бабалар салт-дәстүріне, ежелгі әдет-ғұрыпқа, ескі билер шешендігіне, тіл шұрайлығына, өнер шынайлығына, ауы екі әдебиет інжулеріне, мәдениет мұрағаттарына аналар тәрбиесі арқылы әжесі Зере, анасы Ұлжан, Айқыз әңгімелерінің арқасында-ақ жастайынан жетік болды.

Төртіншіден, әкесі Құнанбай дүниеден қайтқанша, қырық жасына дейін, сол кісінің әсер-ықпалында болды; Абай өлеңдері мен қара сөздерінде қажының адам болмысына, дін мен мәдениетке, саясатқа қатысты тұжырым-байламдары өшпес із қалдырып отырды, әкесі айтқан имандылық өлшемдері, ар-ұждан, кісілік белгілері, нендей қасиетсіздіктен сақтану қажеттігі, осының бәрі, бәрі Абай мұраларында толымды сипаттауға, бейнелеуге ие болды. Әкесінің даналығын Абай түсінбеді, елемеді деу ақылға симайды.

Бесіншіден, әкесі ислам дінін жан-дүниесімен, сана-сезімімен, бітім-болмысымен қабылдаса, Абай да ислам мәдениеті мен философиясын жүрек-діліне, ойшылдық келбет-тұрпатына тап солай қабылдады. Бірақ Абай мұсылманшылығы да жалпы қазақ мұсылманшылығындай кең философиялық мағынада, ерекше рухани еркіндікпен қабылданған дүние. Сондықтан оның «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген терең мағыналы ұйғарымы дінді уағыздау үшін емес, Құнанбай аруағына бағышталған, әкесінің рухын бүкіл елге паш ету үшін жазылған секілді.

Ислам дінінің қазақ даласына тарауына Ресей империясының отаршылдық саясаты үлкен әсер етті. Патша үкіметі қазақ халқын бағындыру мақсатымен ислам дінінің сайын далаға тез тарап, орнығуына ықпалы болды. Екатерина ІІ 1771-1772 жылдары қазына есебінен құран кітабын бастырып, оларды қазақ арасына тегін таратты. Осы мақсатта Петербордағы шығыс баспасы Қазан қаласына көшірілді. Қазанда «Иман-шарт», «Бадуам», «Таниғажап» секілді мазмұны жеңілдетілген діни кітаптар басылып шыға бастады. 1802 жылы патша үкіметі құранды 170 мың дана етіп басып, халыққа тағы да тегін таратты. Сонымен қатар ауыл, қалаларда діни мектептер ашып, мешіттер салдырып, халық сұранысын орындау жолында міндеттер атқарылды. Биліктегі, ауқатты қазақтар ислам дінінің таралуына мүдделі болды. Өйткені, алғашында зекет, ұшыр сияқты діни салықтар солардың қалтасына түсті. Тарихи деректерге жүгінсек, Жәңгір хан жылына Зекетке 18 мыңдай қой, 800 өгіз, 1000 жылқы, 700 түйе, ал соғымға 800-ден 1000-ға дейін жылқы жинаған. Әрине, олардың біразы мешіт салуға, мектеп ашуға, молдаларға ақы төлеуге жұмсалды. Арасында Абайдың әкесі аға сұлтан Құнанбай секілді діннің шын жанашырлары да болды. Құнанбай жетпіске келген шағында билікті, әкімшілікті қойып, дін жолына түсіп Меккеге барды. Онда Меккеге барған қазақтар жатып жүрсін деп, өз қаражатынан «Тақия» деген қонақ жай салдырып келді. Меккеге жер-жерден сапар шеккен қазақ мұсылмандары атақты Құнанбай би атына сонау шалғай жердегі қасиетті араб жерінен қанық болып қайтатын. Әкесінің шешімімен бала Абайдың алғашқы білімді өз үйінде жалдамалы молдадан алғаны белгілі. Он жасқа келгенде әкесі Абайды Семейдегі мешіт жанындағы медресесіне түсіреді. Мұнда Абай үш жылын өткізеді. Зерттеуші Жұртбаевтың айтуынша, ол мешітті салдырған да Құнанбай болатын.

Ислам дінінің Қазақстанда таралуына Ташкент, Бұхара, Хиуа секілді діни орталықтардың жақындығы себеп болды. Ақмола оязы патша үкіметі орындарының біріне жазған хатында Түркістанның жақындығы, әсіресе онымен үздіксіз байланыс мұсылмандықтың жайылуының басты көзі болып табылады дейді. Бұхара, Хиуа, Түркістан қожа-молдалары сауда керуендерімен еріп жүріп өз дінін сайын далада емін-еркін уағыздады.

Қазақ тарихын зерттеушілердің бірі Георги де осы ойды құптайды. «Қазақтар ХІХ ғасырдың басында ғана Түркістандық дін уағыздаушыларының ықпалымен шамандықтан магометан заңына көше бастады» [56, 245 б.].

Дегенмен ХҮІІІ-ХІХ ғасырларға дейін Қазақ жерінде ислам діні толық дами алмады. Қазақтар қожа-молдалар айтатын, олар тарататын үгітке онша бас ие қоймады. «Мұсылман рәсімдерін ұстану және аллаға сиыну рәміздерінің негізгі қағидаларын сөзбен қайталап отыру қазақтар арасында тарала қоймады» [57, 136 б.]. Ой еркіндігіне үйренген қазақтар тапжылтпай орындайтын қағидалар қыспағына түскісі келмеді. Молдалардың өзіне сын көзбен қарады. «Молданың істегенін істеме, айтқанын істе» деп алла, пайғамбар сөзін қабылдағанмен діншілдер соңына бірден ере қоймады. Халық арқылы осыған сай көзқарас Абайда да қалыптасты.

Ислам дінін қабылдағанның өзінде халық бірден көне этномәдени өмірде орын алған тәңірлік, зороастрлық, шамандық, бақсылық наным-сенімнің жұрнақтарынан ажырай қойған жоқ. Американдық профессор М.Б. Олкотт «Қазақтар» деген еңбегінде былай дейді: «Түркі халықтарының көпшілігі секілді қазақтар ислам дінін өз діні деп есептемейді, бірақ бұл дінге кеш кіргендіктен, олар шамандық рәсім-салттардың көпшілігін сақтап қалған» [58, 306 б.].

Әлі күнге дейін қазақ діні, ұлт дүниетанымы синкретикалық түрде қалыптасып отыр. Осы себептен профессор Ж. Молдабеков пен О. Алхаровтардың «Дегенмен, бақсылықтың этномәдени кеңістікте белгілі бір тарихи кезде қалыптасқан орны жойылып кетпей сақталған; бақсылықтың түрі де, қайшылықты көріністері де көп. Бірақ бақсылықтың ұқсастығы, біртекті сипаттары қалайша және неге ғасырлар бойы сақталынып қалды деген сұрақтар ғалымдарды жиі ойландырған» [59, 14 б.] деп мәселе қоюына үлкен негіз бар.

Біздің ойымызша, бақсылықтың өміршеңдігінің көп себебінің бірі оның қазақ музыкалық дәстүрімен біте қайнасып кеткендігінен болуы мүмкін. Әрине, бұл өте маңызды ғылыми мәселе, сондықтан арнайы зерттеуді қажет етеді.

Ескі діндердің, әсіресе, тәңірліктің ислам дінін қабылдау процесін жеңілдеткен жерлері де бар. Ендеше, Ғарифолла Есім мен Н. Аюповтың мынадай пікірін қолдар едік: «Тәңірге табынушылық дүниеге деген ашық мифологиялық – діни түсінікке ұйытқышылық етті. Тәңіршілдік – біртұтас құдайға, жалқы жасампазға, бар нәрсенің шоқтығына, абсолютті бастамаға бағытты ұстатты. Тәңіршілдік бірқұдайшылдық пен жалқы діни түсініктің тамырлауына демеулік етті. Тәңірлік құдайды да, оның жаратқан дүниесін де тануға іштен ұмтылыс тудырды. «Жарату менен – жаратылу өзіңнен» деген қағиданы адамның өзіндік сана-сезімімен, ұлыстардың санасынан өткізді» [60, 108-110 бб.].

Шоқан өзінің «Мұсылман дінінің қазақ даласына таралуы» атты еңбегінде пайғамбардың атын да білмейтін қазақтардың бар екенін, бұл жағдай ислам дінінің қазақ халқының қанына әлі де жете сіңбегенін мысалдар келтіре отырып дәлелдейді. Табиғатынан дарынды да ұғымтал қазақ өзбектің, башқұрдың, татардың дін уағыздаушыларының пікір және сезім жұтаңдығынан ешқандай пайда таппайтұғынын түсінді. Бірақ Абай секілді өзінше оқып, Құран кәрім, расул хадистерін көңілімен, жүрекпен ұқса, қазақ үшін оның табиғатын сақтау жолында ұшан-теңіз байлық барын әрине айта алмады. Себебі, өзі түсінбеген нәрсені дәріптеу қиынның қиыны. Және де дінді прогресс жолындағы тосқауыл көрді. Сондықтан патша үкіметінің ислам дінін таратудағы ролін сынағандай да ыңғай білдірді. Шоқан былай дейді, қазақтар орыс мемлекетінің қол астына көшкенге дейін атақ жағынан ғана мұсылман болып, Мұхаммед дін әлемінде оның сүннит деген дербес тарауында болып келді. Мұсылман Заңдарын қазақтар ешқашан қабылдаған емес, ол Заңдарды қазақ даласында сыртқы приказдардың жемістерімен бірге, үкіметтің өзі бастап енгізді. Шоқан қаншама рет айтқан қазақтардың мұсылмандығының осалдау екенін сезген отаршыл әкімшілдік кең далада уақытына сай екі түрлі саясат жүргізді.

Алғашында Екатерина ІІ патшалығынан бастап 1828 жылға дейін мұсылман дінінің таралуына барынша мүмкіндік жасалды. Кейін ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап шоқындыру бағытында көп жұмыс атқарылды. 1887-1888 жылдары даланың генерал-губернаторы П.А. Колпаковский өзінің орталыққа берген есебінде былай деп жазды: «Қазіргі кезде қазақтардың ескі әдет-ғұрып, салт санасы босаңсыды, ал жаңасы әлі құрыла қойған жоқ. Ал, мұндайда босаңсыған халық өзіне діннен тіреу іздейді. Қазақтар өздерін мұсылманбыз дейді, бірақ көпшілігінің сол дін туралы түсінігі жоқ. Бұлардың арасында Могамет ислам дінін насихаттап, таратып жүрген саудагер татарлар, бұхаралықтар. Сондықтан, оларға кедергі жасай отырып, мынадай босаңсып тұрған қолайлы кезеңді пайдалана отырып, қазақтарды христиан дініне қабылдау керек» [61]. Ресей империясының отаршылдары мен миссионерлері отарланған халықтарды біртіндеп орыстандыру, шоқындыру мақсатын түбегейлі жүзеге асыру үшін миссионерлік комитеттер мен мекемелерді, қоғамдарды құра бастады.

1869 жылы Мәскеуде «Миссионерлік қоғам» құрылуы, 1887 жылы Қазан қаласында сондай ұйымның ашылуы, 1888 жылы «Қоныс аудару комитетінің» жұмыс бастауы –барлығы шоқындыру саясатын жандандырудың амалдары болды. 1881 жылы «Миссионерлік қоғамның» ұсынысымен қазақ даласында мұсылмандыққа қарсы «Қырғыз рухани миссиясы» деп аталатын миссионерлердің діни басқармасы ашылып, осы мекеменің басқаруымен өлкеде 14 миссионерлік стан құрылып, олардың жанынан 17 мектеп ашылуы бәрі де алысты көздеген әрі жан-жақты ойластырылған үстем мемлекет идеологиясы мен шоқындыру саясатының нақтылы көріністері еді. Оны да місе тұтпай Ресей Жетісу өңірінен ерлер мен әйелдер монастырын салуды көздеді. Ыстықкөлдің солтүстік жағалауындағы Құрметті деген жерден Колпаковскийдің тікелей қолдауымен 1883 жылы монастырь салынды.

Патшалық Ресей мен оның діни басшыларының ендігі жұмысы миссионерлік ұйымдарда қызмет атқаратын миссионер мамандар мен ғалымдар дайындау мәселесі болды. Бұл салада Қазанның рухани академиясының орны ерекше. Онда тәрбиеленіп шыққан, өздерінің жан-жақты даярлықтарымен көзге түскен, миссионерлік жолға қалтқысыз берілген миссионер ғалымдар Иьминский, Остроумов, Алектров, Малов, Елисеев, Яковлев т.б. өз орталарынан екшеленіп шығып, ұзақ жылдар бойы белсене қызмет атқарды.

Ресей империясының ағарту министрлігі отарланған халықтарды орыстандырудың шешуші кілті, нәтижелі құралы – аралас мектеп немесе кәсіптік оқу орындары болуы керек деп түйді. Патшаның жергілікті әкімдері қазақ даласындағы ашылған оқытушылар семинариясы мен орыс-түземдік мектебі дейтін аралас мектептер атаулының бәрін де шамаға қарай миссионерлік ағартушылық мақсатта ұстап отырған. Миссионер-ғалым Е. А. Алектров «...Түркістан өлкесінде орыс мектептерінде оқыту арқылы орыстандыру саясатын ұстауға тырысамын» [62, 86 б.] деп атап көрсетуіне қарағанда мәселенің саяси мағынасын, түпкі мақсатын олар онша жасыра қойған жоқ. Өлкеде патша әкімшілдігі ендігі жерде қазақ балаларына кәсіптік білім беретін пансион деп аталатын мектептер аша бастады. Бұл мектептің де негізгі мақсаты балаларды егіншілікке, бау-бақшаны күтетін бағбандыққа үйрете отырып, христиан дінін насихаттау. Осындай мектептің алғашқыларының бірі болып Шортанды миссионерлік оқу орны 1887 жылы ашылды. Бір жылдан кейін мектеп директоры Ақмола губернаторына берген есебінде, пансионның ашылу мақсаты, православтық христиан дінін қазақтар арасында тарату деп ашып көрсетті. Әрине қазақ балаларына кәсіптік мамандықты үйрету бір жағынан пайдалы, екінші, осы мамандықтарға үйрете отырып, орыс өнерінің артықшылығын дәріптеп, дінге қарай бет бұру. Жергілікті әкімдер шоқындыру саясатын мектеп-интернаттар құрып, соларға күндіз-түні білім алады, тамақтары тоқ, көйлектері көк болады деп қызықтырып балаларды, қыздарды жинап алып та жүргізе бастады. Абайдың «интернатта оқып жүр талай қазақ баласы» деген шумақтары соны меңзейді. Қазақ халқын орыстандырудағы саясаттың бір ұшы 1870 жылы Ағарту министрлігінің Ресей бұратана халықтарына білім беру заңының шығуына байланысты Н. И. Ильминскийдің Қазақ жеріндегі мешіттерге миссионерлік педагогика жүйесін енгізуімен, 1876 жылы орыс патшасының ғасырлар бойы қолданылып келе жатқан араб жазуын орыс жазуына ауыстыру туралы жарлыққа қол қоюында жатыр еді. Ағарту министрлігінде Шығыс халықтарын оқыту жөніндегі арнайы кеңесте татарлардан басқа халықтардың бәрі де алғашқы екі жылын өз тілдерінде, қалғанын түгел орыс тілінде оқытылып, оқулықтар орыс алфавитінде болуы керек деген шешім қабылдады.

Бұратана халықтарды шоқындыру әдістерінің бірі баспасөз арқылы миссионерлік идеяны таратып, насихаттау үшін арнаулы зерттеу жинақтарын, православияның қағидаларын насихаттайтын кітаптарды, баспа жұмыстарын қазақ тіліне аударып таратуда жатыр. 1847 жылы Қазанның рухани академиясының жанынан Ильминский басқарған арнаулы аудармашылар ұйымы құрылды. Миссионер атаулының ең бір ұрымтал тәсілінің бірі – шоқынушы азаматқа, ата-анасының азан шақырып қойған атын өзгертіп, орысшалап қою еді.

Жалпы қазақ халқына орыс тілі тек зиянын тигізді десек қиянат болар еді. Орыс тілі, орыс мәдениеті, орыс білімі арқылы көптеген қазақ зиялылары Ресей, Еуропа елдеріне белгілі болды.

Абайдың өзін айтпағанда, оның шәкірттері саналатын Алашорданың атышулы қайраткерлерінің бәрінің дерлік орысша білімі болды. Бодандық дәуірде саясатқа араласудың, халық мүддесін қорғаудың, өздерінің азаматтық құқығын қорғаудың басқа жолы да болған жоқ. Сондықтан орыс тілін, орыс ілімін білу тарихи қажеттілік болды десек те артық болмайды. Әңгіме патша отаршыларының орыс тілін, мәдениетін өз мақсаттарына, бодандықты мәңгілік сақтауға пайдаланып, қазақ халқын тілінен, дінінен, ділінен айыруға бар күштерін салғандығында.

Ресей империясының бұратана халықтарды отарлауының тағы да бір әдісі ол орыс шаруаларын жергілікті халықпен араластыра қоныстандыру, олардың санын жыл санап көбейтіп отыру саясаты. Ресей метрополиясы осындай сан түрлі айла-тәсілдерді қолдана отырып, бұратана халықтарды орыстандыру, шоқындыру саясатында жергілікті елдің тарихи ерекшеліктеріне, менталитетіне, осал тұстарына сүйене отырып, аспай-саспай толассыз қимыл жасай берді. Бірақ қимыл бар да нәтиже бар. Осы құйтырқы әдістер, ерен қимылдар қандай нәтиже берді?

«Көптеген зерттеушілер ХІХ ғасыр соңында, ХХ ғасыр басында қазақтар арасында ислам дінінің үлкен орын ала бастағанын жазады. Діни мектептер мен медреселер көбейді. Жетісу облысында 1891 мен 1897 жылдар арасында мектеп саны 64-тен 88-ге, ал оқушылар саны 1251-ден, 12 835-ке дейін, яғни 10 есе көтерілді. Семей облысында, Абай елінде 1884-85 жылдары бір жыл ішінде мектеп 10-нан 17-ге дейін, оқушылар саны 615-тен 900-ге дейін жетті» [63, 238 б.].

Меккеге қажылыққа бару қазақтардың әдетіне айнала бастады. 1901 жылдың соңына қарай Шымкент ояздығында қажыға барғандар саны 188-ге жетті. Бұл бұрын болмаған екпенділіктің көрінісі. Олардың 126-сы әртүрлі болыстардың адамдары. Яғни, мұсылман дінін уағыздап, оның барлық қағидаларын, шарттарын орындайтындар ауылға да жетті деген сөз. Кейініректе Түркістан өлкесінде қажыға баратындар саны 50 мыңға дейін жетті. Қазір ислам діні мемлекеттік дін болып саналатын елдердің өзінен Меккеге бір жылда одан артық діндарлар бара қоймайды. Жер-жерден әкімшіліктің рұқсатынсыз медреселер ашыла бастады. Торғай облысында, кейбір деректерге қарағанда құрбан айт кезінде мешіттер толып халық симай қалатын жағдайлар да кездесе бастады.

Ал енді Абай діндарлығының ерекшелігін, оның исламды гуманистік тұрғыдан қабылдап, ағартушылық, адамгершлік сипат беруінің негіздерін іздесек, бірінші орында тарихи мезетке, ұлт психологиясына ерекше мән берер едік.

Қазақ халқының Абайға дейін де, Абайдан кейін де ақынға кенде болған жері жоқ. Ақындық талант қуаты одан артық болмаса бірде кем емес небір сөз дүлдүлдерінің болғанына тарих куә. Бірақ солардың бәрінен Абайдың атын оздырып, даналық тұлғасын даралық, кемеңгерлік тұғырына көтерген оның өзгелерден ерекше білімдарлығы.

Ол – орыс патшалығының отарлау саясаты сахарада салтанат құра бастаған кезде өмірге келіп, бейбіт елдің басына тәуелділік ноқтасы біржола кигізіліп, езгіге түскен кезінде тіршілік кешті. Отарлау саясатының ежелден қалыптасқан ескі тәсілдерінің бірі – отарланушы елдің ішкі қуат көзі –этникалық тұтастығына сына қағып, тайпаластар, руластар арасына іріткі салу екені белгілі. Осы мақсатта жоспарлы жұмыс істеген патша үкіметінің әкімшілік аппараты бірді бірге айдап салып, кеңқолтық бейқам қазақтар арасынан парақорлар мен пәлеқорлардың, жағымпаздар мен жандайшаптардың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап шығуына жол ашты. Мұның бәрі отаршыл саясат қазақ арасында жер дауы, жесір дауы, құн дауы, барымта тәрізді ескілікті әдет-ғұрыптың қаймағы бұзылмай сақталуына көмектесу арқылы жүзеге асырды. Рушылдық өртін өршітіп, елдің сол баяғы ескі қалпын сақтап, күйкі-тірліктің күйбеңімен күн кештіріп, надандықтың тар шеңберінде ұстады.

Міне, Абайдың ел тірлігіне араласып, әлеумет қайраткері болып шыққан, ақындық өнерге ден қойған тұстағы бүкіл қазақ даласындағы жағдай осындай болатын. Осындай жағдай Абайдай алыпты өмірге әкелді, оны «мыңмен жалғыз алысуға» мәжбүр етті.

Патша өкіметінің әскері отарлау арқылы қазақ даласына ендей кіріп, бар билікті өз қолдарына алып, даланы басқарудың жаңа заңын енгізуі бұрынғы ата-бабаның қолына қару алып, қарсы шабар қаһармандық дәуірінің өткенінің белгісі еді. Ендігі жерде ашық айқасқа шығу, соған шақыру халықты қырғынға ұшыратып, елдігінен біржола айыру болатын. Мұны Абай алдындағылардың бірі болып ұқты.

Осы орайда сөзіміз дерексіз болмас үшін Абайдың Шорманның Мұсасының баласы Садуақастың әкесінің асына шақырған хатына қайырған жауабынан үзінді келтіре кетсек артық болмас. Онда ол: «Мұса арғын баласының ішінде қолынан іс, тілінен май таматын адам еді. Жаңа туып келе жатқан заманның қатпарлы құбылыстарын түсінген адам еді. Барамын. Басында құран оқимын. Асында боламын», - дейді. Міне, осындағы «жаңа заманның қатпарлы құбылыстарын түсінген адам еді» деген жалғыз сөйлем-ақ Абайдың қандай таным иесі болғанына куәлік береді. Өйткені, біріншіден, заманның қатпарлы құбылысын өзі түсінбеген адам өзгенің түсінгенін қайдан білсін. Екіншіден, өзі түсінбесе Абай мұны Мұсаны өзге қазақтан ерекшелеп оның үлкен қасиеті ретінде бағаламас та еді. Ендеше, Абайдың «жаңа заман» деп, қазақ елінің жерін бірнеше әкімшілікке бөлшектеп, географиялық тұтастығынан, сонан соң адамын ауылға бөліп, этникалық бірлігінен ажыратып, сол арқылы биліктің екі тізгінін, бір шылбырын өз қолдарына алған патшаның отаршылдық саясатының нысапсыз жұлмырлығын, «қатпарлы құбылысын» айтып отырғаны хақ. Сондықтан да халық ретінде өзін-өзі билеуден біржола айырылған «қалың елі қазағының» не болары белгісіз ертеңгі күнінің қамын ойлаған қам көңіл Абай сол Садуақасқа хат жазған жылы:

 

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын.

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың [41, 49 б.], -деп күйіне жазды.

Отаршылдық бұғауы болып, тар қапасқа қамалған халқының жарыққа шығар жолын іздеді. Мұратқа жеткізер үмітті жалғыз жол – ұзтаздық жол деп тапты. Сол кез аясы үшін расында да бұдан басқа жол да жоқтұғын. Сондықтан да ол өз міндетін халыққа қызмет ететін, адамды қайта тәрбиелейтін және қоғамды қайта құруға көмегі тиетін жаңалыққа шақыру, надандық шөлінде қалып сусаған «қалың елі, қазағы, қайран жұртын» адастырмай білім бұлағына жеткізу деп білді. Бұратана атанған халқын ояту үшін, жарыққа ұмтылдыру үшін тек ұстаздық іс атқару керектігін көрегендікпен түсінді. Сол заманның белгілі демократ революционерлерімен пікірлес болған Абайдың шығармаларынан патшаға, оның жүргізіп отырған саясатына ашық қарсылықтың, күреске шақырған революциялық әсердің екпінді лебі еспейтіні де сондықтан. Бірақ оның есесіне Абай елінің еңсесін басып, ертеңіне енжар қаратып отырған надандықтың қапас қараңғылығына қарсы бітіспес майдан ашты. Абайдың айтулы күрескерлігі де осында! «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деп, ол өлеңдерімен де, қара сөздерімен де «ғылым таппай мақтануға», озық мәдениетті өзге елдердің қатарынан «орын таппай баптануға» болмайтындығын ұрпағына өсиет етіп, надандықтың тұманын серпіп, білімділік жарығына шығуға шақырып үлгі-өнеге шашты. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп өзі айтқандай, бұл жолда қазақ жастарын ерінбей еңбек етуге, ғылым-білімге ұмтылуға шақырудан, жеке басының өнегесімен үйретуден жалыққан емес.








Date: 2015-11-14; view: 224; Нарушение авторских прав

mydocx.ru - 2015-2017 year. (0.181 sec.) - Пожаловаться на публикацию