Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Түйсіктердің дамуы мен қалыптасуы





Қоршаған орта мен өз тәніміз жөніндегі біліктердің негізгі көзі – біздің түйсіктеріміз. Олар қоршаған орта мен ағза қалпы жөніндегі ақпараттардың миға жетіп, адамның төңіректегі дүние ортасы мен өз тәніне байланысты бағыт-бағдар түзуіне қажетті негізгі өзек, арнаны құрайды. Егер осы өзектер жабық болып, сезім мүшелері керекті ақпараттарды жеткізіп тұрмағанда, ешқандай саналы өмір жөнінде әңгіме ету мүмкін болмас еді. Деректерден белгілі болғандай, тұрақты ақпарат көзінен айрылған адам мүлгіген кейіпке түседі. Мұндай жағдай адамда кенеттен көру, есту, иіс сезу қабілетінен айрылып немесе сана-сезімі қандай да сырқатқа байланысты шектелсе, көрініс береді. Бұл кейіпте адам алғашқыда ұйқы құрсауына шырмалып, кейін төзіп болмас күйзеліске ұшырайды.

Көптеген байқаулардың көрсеткеніндей, ерте балалық шақта кереңдік пен зағиптықтан жеткілікті ақпарат ала алмаудан адамның психикалық дамуы күрт тоқтайды. Егер соқыр-керең болып туған баланы немесе ерте жастан мұндай халге душар болған субъектіні арнайы оқытып, кемістіктердің орнын толтырудың жолдары мен әдістерін үйретпесе, олардың психикалық дамуы өрістей алмай, өз бетінше кемелденуі біржола жойылады.

Түйсік дегеніміз – заттар сезім мүшелеріне тікелей әсер еткенде олардың жеке қасиеттерінің бейнеленуі.

Түйсіктің физиологиялық негіздері. Түйсік заттың сезім мүшелеріне әсер еткен кезінде ғана пайда болады. Сезім мүшесі – дененің шет аймақтары немесе ішкі мүшелерінде орналасқан, сыртқы және ішкі ортадағы белгілі бір тітіркендіргіштердің әсерін қабылдауға маманданған анатомиялық-физиологиялық аппарат. Сезгіш нервтердің ұштары әр сезім мүшесінің басты бөлігі болып табылады, ол рецептор деп аталады. Көз, құлақ тәрізді сезім мүшелері ондаған рецепторлық ұштықты біріктіреді. Тітіркендіргіштің рецепторға әсер етуі сезгіш (афференттік) нерв арқылы үлкен ми сыңары қыртысының белгілі бір бөліміне баратын нервтік импульстің пайда болуына әкеледі. Жауап қайыру реакциясы эфференттік нерв арқылы беріледі.

Морфологиялық және функциялық біртұтас құрылым болып саналатын рецепторды, ми қыртысындағы өткізгіш нервтер мен учаскелерді И. П. Павлов талдағыш деп атады. Түйсік тууы үшін талдағыштың барлық бөлшектерінің сақталуы қажет. Ми қыртысында талдағыштың нерв клеткалары бүлінсе, адамның сезім мүшесі толық сақтала тұрса да көруден немесе естуден қалады.

Талдағыштық орталық бөлімі (оның қыртыстық зонасы) ядродан және қыртысқа тараған перифериялық элементтер деп аталатын нерв клеткаларынан тұрады.

Түйсік әрқашан не қимыл-қозғалыс, не вегетативтік процестердің өзгерісі түріндегі жауап реакциясымен байланысты. Жауап реакциясын жүзеге асыратын эфференттік (қимылдық) импульстар, өз тарапынан бейімделу реакциясының сипаты жөнінде сигнал беретін афференттік (сезгіштік) нерв импульстерінің тасқынын туғызады. Талдағыштың айналма механизмінде бірнеше күйлер рефлекстері пайда болады. Сипатталған құбылыс физиологияда кері афферентация деп аталады.

Түйсіктердің физиологиялық механизмі саны шамалы шартсыз рефлекстер базасында туатын талдағыштардың шартты рефлекстік қызметінің механизмі ретінде сипатталына алады.

6.2. Түйсіктің түрлері

 

Түйсіктер сезім мүшелерімізге байланысты көру түйсігі, есту түйсігі, дәм түйсігі, иіскеу түйсігі, тері түйсігі, кинестетикалық, вибрациялық және органикалық түйсіктер болып бірнеше түрге бөлінеді. Ерте кезден бастап адамның сыртқы бес сезім мүшесіне орай көру, есту, сипау, иіс және дәм түйсіктерін ажыратқан. Қазіргі кезде сыртқы және ішкі ортаны рецепторда бейнелейтін 20-дан астам түрлі талдағыштар бар деп саналады. Түйсіктер бірнеше негіз бойынша жіктеледі. Тітіркендіргіш пен рецепторлардың жанасуына сәйкес не олардың жанаспауына орай дистактық және түйісу рецепторлары болып бөлінеді. Олар жақын ортаға бағдарлануды қамтамасыз етеді. Дәм сезу, ауырсыну, тактильдік (сипау) түйсіктері түйісу рецепциясына жатады.

І. Көру түйсігі. Дүние тануда көру түйсігінің маңызы зор. Зерттеу нәтижелерінің адамға әсері жеті спектрлі түсті және соның негізінде 10000-нан аса реңкті ажырата алатындығы анықталған. Бұдан біз көру түйсігінің өресі мен диапазонының өте кең екендігін айқын аңғарамыз. Халық мақалындағы «Мың рет естігеннен бір рет көрген артық» деген түсінік осындай тәжірибеден туындаған. Көз арқылы жарықтың қуатын, түр-түсін, үлкен-кішілігін, алыс-жақын тұрғанын, оның қозғалысын көріп білеміз. Заттар мен құбылыстардың жеке сипаттарын айнытпай толық бейнелеу, ең алдымен, көру түйсігі арқылы іске асады.

Көру түйсігі біздің көзімізге электромагнит толқындарының әсер етуі нәтижесінде пайда болады. Көру түйсігінің ұзындығы — 390-780 миллимикрон (миллиметрдің миллионнан бір бөлігі). Осы арқылы жарық толқындарын бір-бірінің түрлі сипаттарына қарап айыруға болады.

а) Толқынның ұзындығы оның бір секундтағы шайқалу санына байланысты. Шайқалу жиілей түссе, толқынның ұзындығы қысқара береді, шайқалу саны азайған сайын толқынның ұзындығы арта бастайды. I секундта ең аз шайқалатын ұзын толқындар қызыл түсті көрсетеді, көп шайқалатын ең қысқа толқындар күлгін түсті бейнелейді.

ә) Жарық толқындары шайқалу амплитудасы арқылы бір-бірінен айрылады. Бұл толқынның энергиясына байланысты. Шайқалу амплитудасынан біз түстің анықтығын байқаймыз.

б) Жарық толқындарының түріне қарап, бір-бірінен айыра аламыз. Жарықтың түрі түрлі ұзындықтағы толқындардың өзара араласуынан туады. Түстердің қою-лығы жарық толқындарының түріне қарай болады.

Заттар мен нәрселердің түстері хроматикалық (қызыл, қызғылт сары, сары, жасыл, көгілдір, көк, күлгін), ахроматикалық яғни бояусыз (ақ, қара және барлық сұр түстер) болып екіге бөлінеді. Хроматикалық түстер үш түрлі сапамен (түстің ашық болуы, реңкі, қоюлығы), ахроматикалық түстер тек ашық болуымен ғана ажыратылады. Түстің ашық болуы түстердің қара түстен айырмашылық дәрежесі. Мәселен, ақ түс – ең жарық түс, қар түс жырықтығы ең төменгі түс болып саналады. Түстердің өңі дегеніміз – бір түстің екінші түстен өзіндік ерекшелігін көрсететін сапасы. Түстің қоюлығы – жарықтығы бірдей сұр түстерден жеке түстердің айырмашылығы. Ең қою түс – қызыл түс.

Көру мүшесі – көз. Оның негізгі бөлімі – көз алмасы. Көз алмасының ішкі ортасын толтырып тұрған мөлдір қоймалжың зат — шыны тәрізді дене. Екі бүйірінен қысылғандай ұзарыңқыраған шар тәрізді көз алмасын қоршап тұрған үш қабық бар. Сыртқы қабықты ақ қабық деп атайды. Ақ қабықтың алдыңғы жағы дөңестеніп қалың қабыққа (роговица) айналады. Көздің торлы қабығына (сетчатка) жарық сәулесі осы қасаң қабық арқылы өтіп отырады. Сыртқы ақ қабықтың, астыңғы екінші кабығы — тамырлы қабық. Тамырлы қабықтың алдыңғы бөлігі нұрлы қабық деп аталады. Көздің түсі осы нұрлы қабықтағы пигментке (бояуына) байланысты түрліше болып келеді. Нұрлы қабықтың ортасында қарашық орналасқан. Торлы қабықта жарық сәулесінің сезімтал таяқшасы (палочка) және шақша (колбочка) деп аталатын фоторецепторлары орналасқан. Онда130 млн-ға жуық таяқша, 7 млн-дай шақша клеткалары бар. Таяқшалар ымыртта, қараңғыда көрудің, ал шақшалар күндіз көрудің аппараты делінеді. Шақшалар торлы қабықтың ортасына, ал таяқшалар оның шеткі жағына орналасқан. Таяқша клеткаларында көру пурпуры деген зат болады, бұл жарық әсерінен химиялық жолмен бөліну арқылы көру жүйкелерін қоздырып отырады. Рецептор құрылысынан табылған пигменттер көп. Солардан жақсырақ зерттелгендері - таяқша пигменті - родопсин, шақша пигменті - иодопсин. Көру мүшесі үшін көмекші анатомиялық аппараттарда (бездер, қабық, кірпік, қас, т.б.) тиісінше түрлі қызметтер атқарады.

Заттардың түстерін көру «үш түс теориясы» деп аталатын теорияға негізделеді. Бұл теорияны алғаш рет 1756 жылы ұлы орыс ғалымы М. В. Ломоносов ашқан болатын. 100 жылдан кейін оның көзқарасын неміс ғалымы Г. Гельмгольц жақтап шықты. Бұл теория бойынша көздің тор қабығында үш түрлі жұмыр клеткалар бар, олар жарық сәулелерінің әсерін түрліше сезінеді. Егер көзге ұзын толқынды сәуле әсер етсе, онда бірінші жұмыр клеткалар қозу күйінде келеді де, осының нәтижесінде адам қызыл түсті түйсінеді, екінші жұмыр клеткалар қозса, онда жасыл түсті түйсін пайда болады. Ал үшінші жұмыр клеткалардың қозуы күлгін түсті түйсінуге мүмкіндік береді. Осы үш жұмыр клетка қатар қозатын болса, адам ақ түсті түйсінеді, ал бұлардың қозу күші түрліше болса, аралық түстерді түйсінеді.

Көру талдағышында ми қабығындағы көру орталықтары айрықша рөл атқарады. Көру орталықтары мидың желке тұсында орналасқан. Көз алмасында сыртқы әсерлерден пайда болған қозу осы орталықтарға жеткенде ғана көру пайда болады. Шындықты жоғары деңгейде талдау мен біріктіру талдағыштардың осы бөлімінде өтіп жатады.

Көру жүйкесінің торлы қабықта байланысқан жерін соқыр дақ деп атайды Торлы қабықтың бұл жерінде сезгіш элементтер кездеспейді, егер де қарап тұрған заттың сәулесі дәл сол жерге түссе, адам ештеңе көре алмайды.

Қасаң қабықтың сезгіштік күші — сары дақ, ондағы шашалардың жиналған жері — орталық шұңқыр деп аталады. Адам көру үшін қарап тұрған объектісінің сәулесін сары даққа түсіруге тырысады. Ол үшін көзімізді ылғи қозғай береміз, сөйтіп заттың барлық бөлшектерін бейнелеп аламыз. Затты айқын көру үшін көзімізді бір нүктеге бағыттау керек. Бұл заңдылықты конвергенция деп атайды. Көз конвергенциясы жаңа туған нәрестеде болмайды, алғашқы күндері оның екі көзі екі жаққа қарап жатуы мүмкін. Көп ұзамай бөбек көзін бір объектіге тоқтата алады. Бір объектіні екі көзбен қарай отырып көру түйсігін бинокулярлық көру дейді.

Кейбір адамдардың көзінің түстерді айыра алмайтын кемістігі болады. Енді біреулер түстердің әр түрін жекелеп көре алмайды Айналадағы заттардың бәрі ол адамға қоңыр болып көрінеді. Көздің осындай кемістігін дальтонизм дейді. Ондай адам, әсіресе, қызыл және жасыл түсті айыра алмайды. Ер адамдардың 4-5% дальтондық болса, әйелдер 0,5%-ей ғана. Дальтондық адамдар машина жүргізсе, жол апатына ұшырауы мүмкін. Сондықтан түсті көрсететін сигналы бар жерге қызметке орналасу үшін ондай адам арнайы сыннан өтуі керек.

ІІ. Есту түйсігі. Есту рецепторына тітіркендіргіш болатын — ауаның толқындары. Ауа толқыны деп ауаның белгілі ырғақпен бірде тығыздалып, бірде селдіреп ыдырауын айтады. Сол толқындар әр тарапқа тарайды. Ауа толқындарының физикалық құрылысы өте күрделі. Біз сол толқындардың жиілігін, амплитудасын (кұлашын) және формасын ажырата аламыз. Ауаның бір секундта өтетін толқынын герц деп атайды. Адамның есту рецепторы 1 сек. ішінде орта есеппен 16000-нан 22000 герцке дейін ауа толқынын түйсіне алады. 16 герцтен төменгі жиілікпен өтіп жатқан толқындарды құлағымыз түйсіне алмайды. Біздің талдағыштарымыз түйсіне алмайтын 12-16 герцтен төменгі дыбыстарды инфрадыбыстар деп атайды. Ал толқыннын жиілігі 22000-нан асып кетсе, ондай дыбысты адамның құлағы шалмай қалады. Мұндай жіңішке дыбыстарды ультрадыбыстар дейді.

Жануарлардың дыбысты сезгіштігі адамнан асып түседі. Мысалы, насекомдар 80000 герцке жететін ультрадыбыстарды түйсіне алады. Жарқанат ұшқанда қанатымен ультрадыбыс шығарады. Ультрадыбыстардың айналадағы заттарға соғылып қайтқан жаңғырығын жарқанат түйсіне алғандықтан, тасқараңғы бөлмеде ештеңеге соқтықпай, ұшып жүре береді. Тәжірибелік зерттеу нәтижелер арқылы жарқанаттың ми бағанасындағы есту орталықтарының адамның миындағы сондай бөлімдермен салыстырғанда 100 есе артық дамығаны байқалады.

Есту түйсігі дыбыс шығаратын заттың периодикалык тау периодикасыз да тербелуінен тууы мүмкін. Тұрақты жиілікпен периодикалық шайқалудан туған дыбыстарды музыкалық дыбыстар дейді. Мысалы, ән айту, саз аспаптарының дыбыстары музыкалық, құлаққа жағымды дыбыстарға жатады. Тұрақсыз жиілікпен шайқалудан туған дыбыстар шуыл дыбыстар деп аталады. Мұндай дыбыстарға түрлі сықыр-сыбдырлар мен тарсыл-гүрсілдерді жатқызуға болады. Дыбыстың тембрі қосымша дыбыс шығаратын мүшелердің 1 сек., ішіндегі тербеліс саны мен амплитудасына байланысты болады. Музыкалық аспаптар мен адам даусының өзіндік үнін тембр дейді. Тембр ауа толқынының шайқалу түріне байланысты. Жеке дыбыстар құлағымызға бір мезгілде қатарынан әсер етсе, ол дыбыстар бір-біріне қосыльш кетеді. Мәселен, пианиноның үш клавишасын (до, ми, соль) бірдей бассақ, олар үндесіп, аккордқа айналады, Біз түйсінетін дыбыс үйлесімдері құлаққа жағымды, жағымсыз болып екіге бөлінеді. Дыбыстардың жағымды үйлесімі - консонанс (үйлесімді, жағымды), жағымсызы (үйлесімсіз, жағымсыз) — диссонанс деп аталады.

Құлақ — есту рецепторы. Ол үш бөлімнен тұрады: 1) сыртқы құлақ; 2) орта құлақ; 3) ішкі құлақ. Сыртқы құлаққа құлақ қалқаны және оның есту жолы жатады. Құлақ қалқаны — дыбыстың бағытын белгілеп отыратын және оны жинауға себепкер мүше. Ондай міндетті қалқанның бұлшық еті орындайды. Бұл мүшенің физиологиялық күші ерекше. Кейбір жануарларда қалқан бұлшық етінің де рөлі күшті. Оны біз құлағын қайшылап тұрған аттан, дыбысқа құлағын тігетін иттен байқаймыз. Есту жолын көмкеріп тұрған терінің беті түкті келеді және онда бұлақ шығаратын бездер болады. Есту жолының ұзындығы — 2, 5 см.

Сыртқы құлақты орта құлақтан бөліп тұратын мүше — дабыл жарғағы. Ол нәзік (0, 1 мм) болғанымен, өте берік. Дабыл жарғағы серіппелі болғандықтан, ауа толқынын бұлжытпай шайқалтады. Өзінің тербелуін дабыл жарғағы орта құлақтың сүйекшелеріне мүлтіксіз жеткізеді.

Ортаңғы құлақтың элементтері үш сүйекшеден — балғашық, төс және үзеңгіден тұрады. Балғашық ауаның жарғақта шайқалуын төске жеткізіп, төс дірілдерді үзеңгіге апарады. Үзеңгі сырттан келген дірілдерді ілгері жөнелтеді.

Ортаңғы құлақтың қуысы евстахий түтігі арқылы кеңсірік, жұтқыншақпен жалғасады. Осы түтікпен өтетін ауа дабыл жарғағының екі жағындағы ауа қысымын теңестіріп отырады. Егер екі жағындағы ауа қысымының теңелуі бұзыла бастаса, есту де нашарлай бастайды. Ал екі жақтың қысымы күшейіп кетсе, дабыл жарғағының жыртылуы мүмкін. Мәселен, атыс кезіндегі өте күшті (200 децибел) ауа толқыны жарғақты жыртып жібереді. Ондайдан сақтану үшін оқ атылғанда ауызды ашу керек, сол кезде евстахий түтігінен орта кұлаққа енген ауа мен атмосфералық ауаның қысымы теңеседі.

Ішкі құлақтың құрылысы өте-мөте күрделі. Ішкі құлақты кейде лабиринт деп те атайды. Құлақтың бұл бөліміне, ең алдымен, спиралдық сүйектен құрылған иірім түтік (улитка) жатады. Бұл — өзінің негізгі бел ағашынан бастап екі жарым айналым жасайтын ирек қуыс. Осы қуыс ұзынынан тартылған перде арқылы екі каналға бөлінеді. Қаналдың біреуі үзеңгінің табаны жауып тұратын сопақ тесіктен басталады. Иірім түтік арнасын екіге бөліп тұратын перденің бір бөлігінде негізгі мембрана орналасқан. Негізгі мембрана әр түрлі ұзындықтағы көлденеңінен керілген 24000-дай жүйке талшықтарынан құрылады. Үстіне иілген доға сияқты сезімтал нейрондары бар осы талшықтарды физиологияда корти органы деп атайды. Иірім түтігі ішінде есту процесін іске асыруға жәрдемдесетін эндолимфа дейтін сұйық зат болады. Адам денесінің кеңістіктегі қалпын және қимылын түйсініп отыратын мүше бар. Ол - жартылай имек каналдар. Олардың міндеті - денеміздің тепе-тендігін сақтау.

Есту түйсігі ауа толқынының дабыл жарғағына әсер етуінен басталады. Ауаның шайқалуы иірім

түтігіндегі сұйық затта күшіне қарай толқын тудырады. Сол толқындар корти мүшесінің сезімтал

нейрондарына жеткенде қозу пайда болады. Сырттан жеткен толқындар әсерінен 24000 жүйке

талшықтарының бәрі бірдей қозбай, эндолимфада пайда болған толқын күшіне орай мембрананың

кейбір топтары ғана қозады. Мембрана ерекшелігіне байланысты есту жайында Гельмгольцтің

резонанс (жаңғырық) теориясы бар. Бұл теория дыбыс тітіркендіргіштерінің күші мен жиілігі

корти мүшесіндегі электр толқынының күші мен жиілігіне сай келеді деп анықтайды. И.П.Павлов

лабораториясында иттің негізгі мембранасының ұзын талшықтарын кесіп альш тастағанда,

төменгі дыбыстарды түйсінуге иттің шамасы келмеген. Ал қысқа талшықтарды кесіп тастағанда,

жоғары дыбыстарды түйсіне алмаған. Мұндай тәжірибе Гельмгольцтің жаңғырық теориясының

дұрыстығын айқындайды.

Адам дыбыстарды ауа толқындары арқылы рецепторлармен түйсінеді. Бұл процестің екінші жолы — дыбысты сүйек арқылы есту. Мәселен, құлаққа мақта тығып қойып, дірілдеп тұрған камертонды бас сүйегіңе тақасаң, дыбыс айқын естіледі. Сондай-ақ, бұл камертонның дыбысын оны тістеп тұрып та естуге болады. Дыбыстың сүйек арқылы берілуі ауа арқылы емес, дыбыс шығарып тұрған зат пен сүйектің жанасуы нәтижесінде естіледі. Мысалы, қатты шыққан дауыстарды, жай сөздерді су астында бұғып отырып та ести аламыз.

Тіл есту талдағышының дамуына күшті әсер етеді. Ана тілінің дыбыс құрылымындағы нәзік айырмашылығын ажырату — адамның жастайынан бергі негізгі қажеті. Есту түйсігін дамытуға баланың жас кезінен бастап қамқорлық жасап, сөйлеуі мен естуінде мүкістікті болдырмау үшін дәрігерлерге қаратып тұру керек. Бала сөзінің нақышты болуы мен оның әр сөзді дұрыс айтуы да есту түйсігінің қалыпты дамуына байланысты. Әдетте, бала ақыл-ойының дұрыс дамымай, көңілінің жабырқау болуын, сабақ үлгерімінің төмендеуін есту түйсігінің мүкістігінен деп санау керек.

III. Тері түйсіктері заттардың механикалық және термикалық сипаттарының теріге әсер етуінен туады. Тию мен басу түйсігі, суықты, жылылықты, ауруды түйсіну де тері түйсіктеріне жатады. 1 см2-дегі рецепторлардың жұмыс істеу қабілеті сан жағынан үнемі ауысып отырады. Бір бөлігі жұмыс істесе, екіншісі демалыста, ал үшінші бір бөлігі жұмыс істеуін доғару не оған кірісу жағдайында болады. Терідегі афференттік жүйке талшықтарының ұшында түйсіктердің рецепторлық функциясын атқаратын түрлі аппараттар бар. Адамның бойында, шамамен тию мен басуды түй-сінетін 50 000 рецептор бар. Терінің 1см2 не 25 рецепторға дейін орналасатындығы анықталған. Адам заттың қатты-жұмсақтығы, кедір-бұдырлығы сияқты сипаттарын сипап біледі. Сипау арқылы затты түйсіну терінің ғана қызметі емес, бұл - күрделі процесс. Оның, қызмет не қимыл-қозғалыс рецепторлары да қатысады. Сипап сезу түйсігі қолдың қатынасымен іске асады.

Қол еңбек ету мүшесі ғана болып қоймай, дүниетану үшін де күшті рөл атқарады. Заттардың формасын, үлкендігі, майдалығын, бұжырлығын көзбен көрмей-ақ, қолмен сипау арқылы ажыратамыз. Сезім мүшелері сау адамдардың сипау түйсігі, әдетте, онша көп жетілмеген. Түйсіктің бұл түрі, әсіресе, кұлағынан айрылған, көзі көрмейтін адамдарда ерекше дамыған. Мысалы, өзі сокыр әрі саңырау, сақау американдық әйел Елена Келлер мен Мәскеудегі Ольга Скороходова тері түйсіктерін жетілдіру нәтижесінде Л. Браиль жүйесімен оқып-жазуды үйреніп, ғылыми атақтар алған. О.И.Скороходова «Мен айналадағы дүниені қалайша таньш білемін» деген (1974, 1956) еңбектер жазып, белгілі дефектолог маман болды. Әдетте, соқыр адамдарда тері түйсігінің сипау сезімінің жетекші рөл атқаратыныкүмәнсіз.

Тері (тактильдік) талдағыштарының ноқаттары тері беттерінде біркелкі орналаспаған. Арнаулы зерттеулер мен анықталған мәліметтер бойынша түйсік ноқаттарының есебін мынадай санмен көрсетуге болады: тию нүктелері - 1 млн.-дай, ауру нүктелері - 4 млн.-дай, суықтық нүктелер - 250000-дай, жылылық нүктелері 30000-дай. Мұндай тактильдік талдағыштардың ең көп орналасқан жері ерін, тіл мен саусақтың ұштары. Біз мұны мүшелеріміздің сезгіштігінен байқауымызға болады. Психологияда тактильдік түйсіктің кеңістік табалдырығын және нүктелер арасындағы қашықтықты эстезйометр аспабы арқылы өлшеп білуге болады Эстезиометр аспабымен анықталған ең төменгі кеңістік табалдырығы тілдің ұшында болады (1,1 мм). Ауру рецепторы (нерв ұштары) терінің көптеген жерлерінде орын тепкенін ауру ноқаттарының санынан байқауға болады (4000000).

Терідегі температуралық өзгерістерді түйсінетін негізгі екі рецептор бар. Оның бірі — қызулықты түйсінетін руффини клеткалары, екіншісі — төмендеп, салқындауды түйсінетін краузе колбалары. Сау адамның денесіне тән температураны шартты түрде «физиологиялық нөл» деп атайды. Айналадағы ортаның температурасы осы физиологиялық нөлден төмен түсе бастаса, краузе колбалары тітіркенеді, егерде нөлден көтеріле бастаса, руффини клеткалары қоза бастайды.

Адам терісіндегі температуралық нүктелер орта есеппен терінің 1 см2 кеңістігінде 6-23 суықтық рецепторлары, 3 жылылық рецептор болады. Дененің температуралық өзгеруінің ең сезгіш жері — қарын терісі, ең нашар жері — аяқ терісі. Аяқ терісінің суықты сезгіштігі бет терісінікінен екі есе нашар, жылылықты сезгіштігі төрт есе кем болған. Температуралық талдағыштың ми жарты шарларының қабығында тұрақтаған жері —артқы орталық қатпардың бойы.

IV. Иіс түйсіктері мұрын кеңсірігіндегі кілегей қабық клеткаларына түрлі химиялық заттардың әсер етуінен пайда болады. Кілегей қабықта иіскеу клеткаларының орналасқан аймағы 5 см2-ден аспайды. Тітіркендіргіштер әсерінен туған қозуды иіскеу рецепторы өзінің бойымен ми жарты шарларының астыңғы жағында орналасқан иіскеу орталығына жеткізеді. Сол кезде талдау басталып, адам иіс түрлерін айырып байқайды.

Иіс түрлерін жіктеп бөлу ғылымда әлі жете зерттелмеген мәселелер қатарына жатады. Сондықтан иіс түрлері иіс шығаратын заттардың атымен аталады. Мысалы, жусан иісі, лимон иісі, алма иісі, бензин иісі, т.б. Иіскеу клеткаларына тітіркендіргіш ретінде әсер ететін, оларда қозу тудыратын — ауада газ немесе бу түрінде ұшып жүрген химиялық заттар. Адам ауаны ішіне тартып тыныс алғанда, ауамен бірге кеңсірікке кірген химиялық элементтер иіскеу клеткаларына келіп ериді. Жануарлар өмірінде иіскеу түйсігінің биологиялық рөлі өте күшті. Көптеген жануарлар өз қорегін исі арқылы тауып алып қоректенеді.

Адам өмірінде иіскеу рецепторының рөлі аса күшті болмағанымен, тіршілік ортасы мен өмір тәжірибесіне сәйкес күшейіп, жетіле түседі. Иіс түйсіктері адамның тұрмыс салтына, қызмет сипатына қарай дамиды. Мәселен, Африкадағы бушмен тайпалары арыстанның, жирафтың, зебрдің ізін иіскеп жүріп-ақ оңай тауып алады. Олар иісті ең жақсы аңшы иттерден артық сезеді. Ал Үндістанда жыланның жатқан жерін иісінен білетін адамдар бар. Сонымен қатар, жылан шаққан малды, оның етін жеген адамдарды (оқ жыланның) исінен ажырата білу казақ халқына да тән қасиет.

Иісті нәзік сезіп, ажырата білу соқыр, мылқау, керең адамдарда ерекше жетілген. Олар бөтен адамдарды, түрлі нәрселерді алыстан-ақ иісінен «таниды». Адамның дамуында иіскеу рецепторы өте ерте іске қосылады. Мәселен, жаңа туған бала алғашқы жетіде-ақ анасының емшек сүті мен сиыр сүтін исінен айырады да, емізіктегі сүтті сорғысы келмейді. Жейтін тағамның организмге пайдасы мен зиянын айыру үшін де иіскеу талдағыштарының адам өміріндегі маңызы ерекше.

V. Дәм түйсіктері. Дәмді айыратын мүше - тіліміздегі дәм бүршіктері. Оны тітіркендіретін - белгілі дәмі бар, суға ерігіш түрлі химиялық заттар. Дәм бүршіктері тілдің бетінде, жақтың ішінде, таңдайда, жұтқыншақтың арт жағында орналасқан. Олардың ең көп орналасқан жері - тіл аймағы. Дәмді тәтті, ащы, тұщы, қышқыл деп ажыратады. Тілдің түрлі бөліктері дәмнің жоғарыда аталған төрт түрін түрліше сезеді. Тәтті дәмді тілдің ұшы, ащыны - тілдің түбі, кышқылды - тілдің екі жақ шеті, тұщыны - тілдің ұшы мен екі шеті түйсінеді. Егер әлдебір нәрсені тілдін ортасына салса, адам көпке дейін оның дәмін ажырата алмайды. Өйткені, дәм сезетін бүршіктер тілдің ортасында болмайды. Балада дәм түйсіктері ерте дамиды. Бұлар түрлі тағамдық заттардың касиеттерін айыру жолымен жетіледі. Дәм түйсіктері адам психологиясына түрліше әсер етіп, дәмді тағамдар адамның тәбетін ашады. Тәбет — дәм жүйкелерін қоздыратын психикалық әрекет. Асты көңіл қойып, сүйсіне ішу адамға жағымды әсер етеді. Желінетін тағамның дәмі тек дәм түйсігіне ғана емес, иіскеу түйсігімен де байланысты. Тұмауратқан адамның иіскеу түйсігі нашарлап, ас ішіп отырғанда, иіс түйсігі өз қызметін атқармайды да, дәм түйсігінің тууына себепші болуға жарамайды. Соның салдарынан тағамның дәмін адам түйсіне алмайды. Дәм рецепторының организм сақшысы ретінде күзетшілік маңызы да бар.

VI. Кинестетикалық түйсіктер қимыл мүшелері кеңістіктегі қалпын өзгерткенде пайда болатын процестерге байланысты. Мұндай түйсіктердің рецепторлары бұлшық еттерде, сүйектерді бірімен-бірі байланыстырып тұратын сіңірлер мен тарамыста, екі сүйектің бір-бірімен түйіскен буын аралығында болады. Олардың ұштары мидың орталық қатпарында орналасқан.

Кинестетикалық түйсіктің табиғаты күрделі. Өйткені, ол сапалық жағынан айырмасы бар бірнеше рецептордың бір мезгілде тітіркенуінен пайда болады. Қимылдарды орындағанда бұлшық еттегі рецепторлар ұшының тітіркенуі бұлшық еттердің тонусын түйсіндіреді. Тарамыстағы жүйке ұштарының тітіркенуі бұлшық еттің қысқаруын, зорлануын білдіреді. Қозғалу талдағыштары арқылы адам өз денесінің және жеке мүшелерінің қозғалуы, олардың тездігі мен күші, бұлшық еттерінің қысқарып босаңсуы, керілуін түйсінуге мүмкіндігі жайында үздіксіз хабар алып отырады. Кинестетикалық талдағыштың шетте (периферияда) не болып жатқаны туралы миға тез хабар жеткізіп отыруын кері афферентация деп атайды. Денедегі әр түрлі кері афферентацияға байланысты процестер адамның көздеген мақсатына сай келмесе, бұл процестерді бөгеп, мүлдем жойып жіберуге мидың шамасы келеді. Айнала қоршаған ортаның ылғи өзгеріп отыратын жағдайына байланысты организмнің бейімделіп отыруын реттейтін кері афферентация — өте керекті шарт. Кинестетикалық талдағыштардың кері афферентация жасау қызметі нашарлай бастаса, адамның күрделі қозғалыс әрекеті де күйрей бастайды. Оны көру рецепторы арқылы бақылап отырмаса, өзінің жасаған қимылдарын белгілі арнаға түсіріп отыруға адамның шамасы келмей қалады.

Кинестетикалық түйсіктер адамның сөйлеу әрекетінде де ерекше орын алады. Өйткені ерін, тіл, дауыс шымылдығы қатынасатын қимылдардың дәлдігінсіз сөйлеу мүмкін емес. Жазудың да негізі — кннестетикалық түйсіктер. Проприорецепторлары ауруға шалдыққан адам өзі сөйлеп отырмаса, жатқа жаза алмайды. Адам өміріндегі толып жатқан дағдыларды кинестетикалық талдағыштарсыз меңгеру мүмкін емес. Қимыл-қозғалыс дағдыларының барлығына жуығы кинестетикалық түйсікке сүйене отырып жасалады.

VII. Органикалық түйсіктер адамның органикалық қажеттіліктерімен тығыз байланысты. Органикалық түйсіктерге қарын ашу, тою, сусау, шаршау, жүрек айну, тұншығу, дененің қызуы, жүрек және тыныс алу мүшелерінің қызметіне байланысты туатын сезімдер мен ішкі органдарда пайда болатын түйсіктер жатады. Адам тоқ, дені сау кезінде немесе іс-әрекет үстінде түйсіктердің бұл түрін байқай бермейді. И.М.Сеченев түйсіктердің бұл түрін «көмескі түйсіктер» деп атаған. И.П.Павлов мектебінің зерттеу нәтижелері көрсеткендей, органикалык түйсіктер адамның «хал-күйінің» негізі болып саналады. Органикалық талдағыштар адамның көңіл-күйіне ылғи әсер етіп отырады. Осы орайда, «Тойған жалтырайды, тоңған қалтырайды» деген мақал организмдегі органикалық түйсікке байланысты айтылса керек.

VIII. Статикалық түйсіктерді тең басу түйсіктері деп те атайды. Бұл түйсіктің рецепторлары ішкі құлақтағы вестибулярлық аппаратта (кіре берісте) орналасқан. Статикалық түйсік бастың қозғалысын, дененің кеңістіктегі орнын, адамның тең басуын бейнелейді. Ғарышты меңгеру дәуірінде адамдардың статикалық түйсігін жетілдірудің маңызы ерекше. Мәселен, ғарышкер: мамандарды даярлауда олардың вестибулярлық аппаратын жаттықтырып, оларды көру, қозғалыс талдағыштарымен үйлестіре дамытып отыруға баса мән беріледі. Адам 40 секунд ішінде денесіне салмақ түсуді және салмақсыздықтың алмасуын түрліше түйсінеді. Осы ерекшелікке сәйкес адамдарды мынадай үш топқа бөліп қарауға болады. Бірінші - жүйке жүйесі барынша төзімді адамдар мұндай жағдайда онша қиналмайды. Ал екінші біреулер тосын тітіркендіргішке кездескенде ыңғайсызданып, тез шаршайды, өңі бозарып, терлейді, жүрегі айниды өздерін тиянақ таппай, қалқып жүргендей сезінеді. Үшінші біреулер сәл басы айналғанын сезгенімен, бірте-бірте оған бейімделеді. Бұл адамдардың жүйке жүйесі төзімді болады. Олар өз денесін ерік-жігерімен билейді, эмоциялық төзімділігі мол, қимыл-қозғалыстарын қандай жағдайда болса да үйлестіріп, денесін дұрыс бағдарлай алады.

IX. Вибрациялық түйсіктер деп - қозғалған заттардың ауаны толқытуын денеміздің сезінуін айтамыз. Мұндағы негізгі талдағыштар — түйсіну мүшелеріміз. Төрт мүшесі түгел, дені сау адамдарда бұл түйсік байқалмайды. Ауаның толқып тербелуін ол әлдеқайда нәзік түрде, яғни құлағы арқылы түйсінеді. Ал адам есту қабілетінен айрылса, онда вибрациялық түйсіктер оның тіршілігінде ерекше орын алады. Кейбір саңырау (керең) адамдар музыканы, әнді күшті ынта қойып «тыңдайды». Өйткені, олар дыбысты вибрациялық сезімі арқылы түйсінеді. Олар рояльда ойналған әуендерді оның үстіне қолын қою арқылы естиді. Мұндай адамдар оркестрді тындағанда, концерт залына барғанда сахнаға теріс қарап отыруды ұнатады. Себебі, нәзік дыбыс толқынын олар арқасымен түйсінеді. Музыка әуенін түйсініп дағдыланған саңыраулар оны жақсы ұғынып, аңғаруға әдеттенеді, бұрын «тыңдаған» музыкалық шығармаларын үнінен таниды.

Соқыр не саңырау адамдар есік қаққан кісіні, танысының келе жатқанын, автомобильдің дыбысын вибрациялық сезімдер арқылы түйсінеді. Түйсіктің бұл түрі барлық адамдарда бар. Бірақ біз одан гөрі жетілген талдағыштарымызды пайдаланатындықтан, вибрациялық түйсікті қажет етпейміз.

Сонымен, түйсік – дүние хақындағы біздің барша білімдеріміздің бастау көзі. Сезім мүшелеріне әсер етуші объектив заттар мен құбылыстар тітіркендіргіштер деп аталады да, ал олардың әсерінен сезім мүшелерінде туындайтын құбылыс – тітіркену деп қабылданған. Тітіркенуден, өз кезегінде, жүйке тарамдарында қозу пайда болады. Түйсік жүйке жүйесінің қандай да тітіркендіргішке жауапты реакциясы ретінде туындап, әрқандай психикалық құбылыс секілді рефлекторлық сипатқа ие.

 

Date: 2015-09-24; view: 988; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.006 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию