Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Арнайы бөлім 1 page





3.1 Жаздық бидайды өсіру технологиясы

 

Жаздық бидайдың өнім деңгейі оған танаптарды дайындағанда жүргізілетін шаралармен ғана емес, сонымен қатар шаруашылықтағы бүкіл егіншілік мәдениетіне байланысты анықталады. Бидай өсірудің технологиясы оның морфологиялық және биологиялық ерекшеліктерін ескере отырып жасалуға тиіс. Жаздық бидай өсіруге қойылатын талаптарды төмендегідей жиынтық түрде көрсетуге болады: жаздық бидай барынша жоғары өнімді қоректік заттарға бай, жыртылатын қабаты қалың, бонитеті жоғары танаптарда қамтамасыз етеді. Топырақтың механикалық құрамы неғұрлым жеңіл болса, соғұрлым егіншілік мәдениеті мен пәрмендендіру факторларына талаптар да арттырылады. Бидайды өсіргенде шектеулі факторға өсімдіктердің өсіп-жетілу кезеңдеріндегі ылғалмен төмен деңгейде қамтамасыз етілуі де жатады; топырақ жеңіл болған сайын, жауын-шашынның мөлшері мен бөлінуі ерекше маңызға ие болады.

Алғы дақылдар. Дақылдың құндылығын ескере отырып, оның өсірілу жағдайларына талаптарын қанағаттандыру мақсатында жаздық бидайға барынша жақсы жерлерді, алғы дақылдарды таңдап алуға тура келеді.Ең жақсы алғы дақылдар: сүрі жері, сүріден кейінгі екінші дақыл, дәнді бұршақ дақылдары, сүрлемдік жүгері. Пішенге, жасыл балаусаға дәнді бұршақ дақылдарының бірімен (асбұршақ, сиыржоңышқа, ж.б.) немесе жеке өзі өсірілген сұлы, сонымен қатар ерте себіліп (жаздық бидайды себуге дейін) және жалқы азыққа (монокорм) жиналған арпа да айтарлықтай алғы дақыл болады.

Қазақстанның далалық, орманды-дала аудандары үшін кезінде ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС және басқа ғылыми мекемелердің ғалымдары қысқа айналымды (4,5,6 танапты т.б.) дәнді сүр танапты, дәнді отамалы дақылдар ауыспалы егістерін зерттеп жасады және олар жазық тілгішті, минималды топырақ өңдеу технологияларына негізделген:

1. Сүрі жері, бидай, бидай, арпа, бидай;

2. Сүрі жері, бидай, бидай, бидай, арпа

3. Сүрі жері, бидай, бидай, сұлы, бидай, арпа

4. Жүгері, бидай, арпа немесе сұлы

5. Біржылдық шөптер (пішенге, жасыл балаусаға), бидай; асбұршақ, бидай, сұлы немесе арпа;

тағы басқа кескінді ауыспалы егістер.

Эрозияға қауіпті алқаптарда жаздық бидайды жолақты сүрі танабында орналастырады: сүрі жер + жаздық бидай, жаздық бидай + сүрі жер, жаздық бидай, арпа (сұлы).

Механикалық құрамы жеңіл топырақты шаруашылықтарда (Павлодар және Қостанай облыстарының шығыс бөлігі) да жаздық жұмсақ бидайды жолақтарға орналастырады (жолақтың ені 50 м аспағаны жөн): егістің 50% біржылдық және көпжылдық шөптер, 10% сүрі жер, және 40% бидай болуға тиіс.

Екі жылғы жауын-шашынның есебінен сүрі жерде айтарлықтай ылғал қоры жинақталады, мұның өзі жаздық бидайдан тұрақты да мол өнім алудың негізі болып табылады. ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ АШҒЗИ» ЖШС-нің егіншілік бөлімінің деректері бойынша орта есеппен 14 жылда топырақтың 1м қабатындағы өнімді ылғал қоры күзде өңделген дәнді дақылдар танабында 101,1 мм, ал сүрі жерде 150,1 мм болды.

Бірдей жағдайда егістіктің арамшөптермен ластануы сүрі жер емес алғы дақылда сүріге қарағанда анағұрлым жоғары. Мәселен, орта есеппен 13 жылда карбонатты оңтүстік қара топырағындағы сүріге себілген жаздық бидай егістігінің 1м2 36,5 дана арамшөп болды, оның ішінде біржылдық - 34,6, көпжылдықтары - 1,9, үздіксіз жыл сайын бидай себіліп отырған танапта –тиісінше 128,9, 113 және 15,9 дана болды.

Сүрі жерде топырақтың құнарлығы да артады. Өйткені басқа танаптарға қарағанда мұнда өсімдік сіңіре алатын түрдегі азот қосылыстары көп мөлшерде жинақталады. Жоғары да аталған ғылыми мекеменің деректеріне қарағанда көктемде бидайды себу алдында топырақтың 1м қабатындағы нақты нитратты азот мөлшері сүр жерде 200-400, екінші дақылда - 150-350, үшінші дақылда - 100-300 кг/га болады.

Топырақта ылғал мен қоректік заттардың жинақталуы, жаздық бидай өнімінің артуына мүмкіндік жасайды. Әр түрлі алғы дақылдардың жаздық бидай өніміне тигізетін әсерін Қазақстанның солтүстік облыстарындағы ғылыми-зерттеу мекемелеріндегі тұрақты ауыспалы егістіктердің көпжылдық деректері жалпы мағлұмат береді (кесте 2).

 

кесте 2

Алғы дақылға байланысты жаздық бидай өнімі, ц/га

 

Ғылыми мекемелер мен кезіндегі жауапты орындаушылар Сүрі танабы Сүріден кейінгі жаздық бидай Сүрідегі екінші дақыл Жүгері (сүрлемге) Үздіксіз себілген жаздық бидай
ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ АШҒЗИ» РММ (Шрамко Н.В.) 18,8 16,1 14,5 15,4 9,1
Қостанай ауылшаруашылық ғылыми зерттеу институты (Гилевич С.И.) 14,2 11,2 9,0 9,9 7,7
Солтүстік Қазақстан ауылшаруашылық ҒЗИ (Иодко Л.Н.) 18,3 13,9 11,6 13,9 8,7

 

Кез келген жылдары, метеорологиялық жағдайлардың ерекшеліктеріне қарамай, сүрі жердің жаздық бидайға өте жақсы алғы дақыл екендігін өндірістік деректер де көрсетті. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облыстарының 97 шаруашылығында 285 мың га сүрі жердегі жаздық бидайдың орташа өнімі 14,1 ц/га болды, жүгеріден кейін 87 мың га егістіктен - 15,9 ц/га және 2-3 жылғы дәнді дақылдан кейін себілген жаздық бидайдың 780 мың гектарынан - 10,4 ц/га өнім жиналды.

Сүрі жерлер құрғақшылықты аймақта жаздық бидайға барынша жақсы алғы дақылдар қатарына жатады. Дегенмен, олар шаруашылықта экстенсивті жұмыстың белгісі.Сүрі жерлерді бағалағанда одан кейінгі дақылдар өніммен екі жылғы шығынның орнын толтырылуға тиіс екенін ескеру қажет. Сонымен қатар олар экологиялық тұрғыдан (жел эрозиясы) мәселе туындатады, әрі топырақ қарашірігін босқа шығындатады.

Осыған байланысты егіншілік мәдениеті жоғары шарушылықтарда сүрі жерлерді сүрі жерлерді иеленуші дақылдармен – сұлы, асбұршақ ж.б. – алмастыруда.

Топырақ өңдеу. Топырақ өңдеу нақты аймақ жағдайында алғы дақылға, топырақ ерекшеліктеріне, оның арамшөптермен ластануына, басым арамшөптер түріне және көптеген басқа – жағдайларға байланысты өзгереді.

Топырақ өңдеу жүйесі көктемгі себу қарсаңына барынша мол ылғал қорын жинақтауға және оның өсімдіктердің өсіп-жетілу кезеңдерінде үнемді пайдалануына мүмкіндік жасағаны абзал.

Сүрі жерді өңдеу. Сүрі жерді өңдеу аймақтық егіншілік жүйесіне сәйкес жүргізіледі. Қазіргі кезеңде ҚР АШМ-нің «Казагроинновация» АҚ-ның «А.И. Бараев атындағы Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нің және басқа ғылыми мекемелердің жасаған жазықтілгішті, кешенді құрастырылған эрозияға қарсы, нөлдік, минималды – нөлдік және минималды сүрі танабын дайындау технологиялары қолданылуда.

Жазық тілгішті сүрітанабы алғы дақыл жиналғаннан кейін жазық тілгіш культиваторлардың бірімен 12-14 см тереңдікке өңделеді.

Соның нәтижесінде өсіп тұрған арамшөптер қырқылады, олардың тұқымының бір бөлігі топыраққа сіңіріледі және қопсытылған топырақ суды жақсы жұтады. Қара сұлымен қатты ластанған танаптарды күзде жазық тілгіштермен өңдесімен БИГ-3 имек тісті тырмалармен немесе олардың модификацияларының бірімен 4-6 см тереңдікке қосымша қопсытылады. Ал бұл агротехникалық шара қара сұлы мен басқа арамшөптер тұқымдарының ерте көктемде жаппай өсіп шығуына мүмкіндік жасайды.

Көктемгі жұмыс сүрі жерді қара сұлы жаппай көктегеннен кейін жазық тілгіш культиваторлардың бірімен өңдеуден басталады. Күшті ластанған танаптарда бұл жұмысты дәнді дақылдарды сепкенге дейін жүргізген дұрыс, соның нәтижесінде арамшөптер тым өсіп кетпейді, топырақты өңдегенде олар жеңіл құртылады, әрі топырақ артық кеуіп кетуден сақталады. Сүрі танабының бұдан әрі өңделуі атпа тамырлы арамшөптер күйіне байланысты – олардың сабақтанып кетуіне жол бермеген жөн. Осы мақсатпен пардысүрі жерді өңдегенге дейін (тамыздың соңғы онкүндігі) әрбір 18-20 күнде 10-12 см тереңдікте культивацияланады да жаз бойы кем дегенде 4 рет жүргізіледі. Жаз қуаңшылықты болғанда культиваторлармен сүрі жерді екінші немесе үшінші өңдеуден өткізгеннен кейін атпа тамырлы арамшөптер өсіп шығуы ықтимал. Олардың ішінде ең қауіптісі егістік шырмауық. Қуатты тамыр жүйесінің арқасында ол механикалық өңдеуге өте төзімді. Оны құрту үшін топырақты жазық тілгіш құралдармен өңдеумен қатар 2,4-Д немесе диален гербицидімен бүрку жұмыстарын қабыстырып жүргізу қажет. Бұл жағдайда сүрі жерді екінші өңдегеннен кейін 25-30 күн бойы егістік шырмауықтың өсуіне мүмкіндік беру керек, ал соңынан (тамыздың бірінші онкүндігінде) танап 2,4-Д тобының эфирлерімен (1,2 кг/га ә.е.з. мөлшерінде) немесе диаленмен (1,6-2,0 кг/га ә.е.з.) бүркеледі. Қоректік заттармен бірге төмен түсетін ағыстың нәтижесінде гербицидтер тамыр жүйесіне енеді де келесі жылы шырмауықтың толық жойылып кетуіне әкеліп соғады.

Тамыр сабақты жатаған бидайықпен ластанған сүрі танабын 4-5 рет 14-16 см тереңдікте КПЭ-3,8 немесе КТС-10-01 культиваторымен өңдеген барынша тиімді.

Тамыр сабақты қарабас шалғын (острец) арамшөбімен ластанған сүрі жерді дайындаудың технологиясы біршама өзгеше. Оның тамыр сабағы 18-28 см тереңдікке дейін орналасқан. Оны құрту үшін сүрі танабын қайырмалы соқамен маусымның басында 25-27 см жыртады, жаз бойы жаңа өркендерінің пайда болуына қарай 2-3 рет КПЭ-3,8 немесе КТС -10-01 культиваторымен өңделеді.

Қара сұлы мен итқонақпен, шырмауықты қарақұмықпен ластанған танапты сүріге дайындағанда мүмкіндігінше топырақты таяз өңдеген жөн, топырақтың беткі қабатының терең кеуіп кетпеуін қарастырады. Соның нәтижесінде арамшөптер жаппай өсіп шығады да, кейіннен культивациялаудың тиімділігі артады. Осы себеппен СЗС-2,1 және СЗС-2,1Л сепкіштерін де пайдалануға болады.

Сүрі танабының негізгі өңдеуін тамыздың екінші жартысында жүргізеді.

Солтүстік Қазақстанның карбонатты оңтүстік қаратопырағын, күңгірт қара-қоңыр және қоңыр топырақтарын 20-22 см-ден 25-27 см дейін қопсытады. Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарының қоңыржай қуаңшылық аймағында механикалық құрамы ауыр, бірақ ылғал қабілеті жақсы қаратопырақтарын 14 см асырмай қопсытса жеткілікті.

Эрозияға қауіпті топырақтарда жолақты сүрі танабы дайындалады. Жазда сүрі жолағы эрозиядан жолақпен себілген жаздық бидай өсімдігінің қыртысымен, ал күзде және көктемде - егін жинағаннан кейін қалдырылған аңыз паясымен қорғалады. Механикалық құрамы ауыр топырақтарда жолақтардың ені 50 м асырылмайды. Мұндай жағдайда танаптар сүрі жер арқылы екі жылда өтеді.

Таза сүрі танабында ылғал жинақтайтын арнаулы шаралар жүргізіледі. 2-3 рет қар тоқтатудың нәтижесінде сүрі танабында 40-50 см қар қабатын жасауға болады, мұның өзі бір метр топырақ қабатын ылғалмен төменгі ылғалсиымдылық дәрежесіне дейін қанықтырады.

Алғашқы қыста сүрі танабында жеткілікті мөлшерде тиімді ылғал қоры, бір метр топырақ қабатында 150-170 мм шамасында, жинақталған жағдайда келесі жазда ықтырма себудің қажеті болмайды, барлық күш танапты арамшөптерден тазартуға жұмсалады. Алайда, көбінесе ықтырмасыз сүріде жаздық бидай себудің қарсаңында тиімді ылғал қоры 120 мм аспайды. Сондықтан ықтырма сеуіп өсіру-жаздық бидайдың оңтайлы өсіру технологиясының бірден-бір қажетті шарты. Осыған байланысты сүрі танаптарында екінші қыстың қарын тоқтату үшін қышадан ықтырма өсіріледі. Ол шілденің алғашқы онкүндігінде арнаулы СКН-3 сепкішімен себіледі. Топырақтың беткі қабаты біршама кеуіп кеткеннің өзінде ол қышадан қос қатарлы ықтырманы қамтамасыз етеді. Кәдімгі СЗС-2,1 сепкішін де пайдалануға болады. Ол үшін 2-3 қатарлы ықтырмаға әрбір 8-12 м сайын 4-5 см тереңдікке гектарына 500-600 г мөлшерінде қыша тұқымын себеді.

Қыша ықтырмасы 30-40 см қар қабатын жасайды, соның нәтижесінде қар тоқтатқыштармен қар тоқтатудың қажеті болмайды.

Жекелеген өте құрғақ жылдары ықтырма себу алдында сүрі алқаптарының беткі қабаты (8-10 см дейін) барынша кеуіп кетеді де қыша ықтырмасының егін көгін алу қиындап кетеді. Мұндай жағдайда ықтырмаға сұлы себіледі, өйткені оның тұқымын тереңірек сіңіріп, жақсы егін көгін алуға болады. Шілденің басында аралығын 8-10 м етіп СЗС-2,1 сепкішімен немесе оның модификацияларының бірімен (СЗС-6/12) 4-5 қатарлы ықтырма себіледі. Сұлы ықтырмасының қышаға қарағанда қар тоқтату қарқыны шамалырақ, сондықтан қар тоқтатудың қажеттігі туады.

Еңкіштігі 1º дейінгі танаптарға ықтырманы қыратқа көлденең себу ұсынылады және су эрозиясынан сақтау үшін терең қопсытуды күзде жүргізеді. Еңкіштігі жоғары қыраттарда ықтырмалы сүрі жасау қауіпті, өйткені ондай алқаптарда су эрозиясы дамуы мүмкін. Мұндай жағдайда сүрі танабы кезінде «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» АҚ–ның ғалымдары зерттеп жасаған құрастырылған сүрі жер технологиясы бойынша дайындалады.

Құрастырылған сүрі танабы су эрозиясына ұшыраған сүрі жер алқаптарының бір бөлігіне орналастырылады. Таза сүрі бүкіл танапқа орналастырылғанда, құрастырылған сүрі жолақтары оны жел және су эрозиясынан қорғауға пайдаланылады.

Құрастырылған сүрі танабы дайындаудың технологиясы төмендегідей: күзде топырақ жазық тілгіштермен 10-12 см тереңдікке өңделеді; мамырдың екінші онкүндігінде аталған құралдармен 12-14 см өңделеді де бір мерзімде фосфор тыңайтқышы енгізіледі; 15-20 маусымда 2,4-Д тобының амин тұзының 3 кг/га ә.е.з. мөлшерімен танап бүркіледі; 10-12 шілдеде топырақ себу алдындағы өңдеуден өтеді де әрбір 12м кейін қышадан, ал оның аралығында себу мөлшері 0,8-1,0 млн/га өнгіш тұқыммен сұлы себіледі; қыркүйектің аяғында сұлы көк балаусаға шабылып алынады және топырақ терең қопсытылады; егер қыша ықтырмасы нашар өскен болса, сұлыны шапқанда әрбір 6 м сайын жолақ қалдырылады, қажет болғанда қыста қар тоқтатылады.

Минималды сүрі танабында (қара сұлылы – атпа тамырлы арамшөптермен ластанғанда) топырақ өңдеу көпфункциялы сепкішкешендер, сепкіштер, культиваторлар, жазықтілгішті культиваторлардың бірімен 8-12 см тереңдікке жүргізуден басталады; екінші өңдеуге глифосатты гербицидтердің бірімен (арсенал 25% с.к., фозат 36% с.е., ураган 480 с.е.) шілде айының ортасында 3-4 л/га мөлшерде танап бүркіледі; үшінші өңдеу (соңғы) жаздың соңында, егін жинауға дейін терең қопсытқыш-саңылау жасағыштар, жазық тілгішті тереңқопсытқыштар, көпфункциялы топырақ өңдеуші кешендердің бірімен 20-27 см тереңдікке жүргізіледі.

Тамыр сабақты жатаған бидайықпен (пырей корневищный) және тамыр сабақты қарабас шалғын (острец) арамшөптерімен ластанған сүрі танабында бірінші өңдеуді шамамен маусым айының соңында арамшөптердің биіктігі 12-15 см жеткенде жалпы әсерлі гербицидтердің бірімен 4-5 л/га мөлшерде танапты бүркуден бастайды. Сонымен арамшөптердің пайда болуына қарай 10-14 см тереңдікте екі рет механикалық өңдеу жүргізіледі. Соның нәтижесінде арамшөптер тамырлары оталып жұлынады да танап тазарады.

Минималды – нөлдік сүрі танабын өңдеу маусым айының екінші онкүндігінде глифосатты препараттардың толық мөлшерін қолданудан басталады да қара сұлылы – атпа тамырлы ластану түрінде 3-4 л/га, ал тамырсабақты-жатаған бидайықты – қарабас шалғынды ластану түрінде 4-5 л/га мөлшерде танап бүркіледі. Тамыздың соңы – қыркүйектің басында сүрі танабы терең қопсытылады (25-27 см). Осылай дайындалған сүрі танабында 70-80% егіс паясы (аңыздық қалдық) мен өсімдіктер қалдықтары сақталады, қарашіріктің ыдырауы азаяды, 40-53% жанар-жағармай үнемделеді.

Нөлдік сүрі танабын өңдеу маусымның екінші онкүндігінде (арамшөптер жаппай көктегенде) глифосатты препараттардың толық мөлшерімен, арамшөптермен ластану түріне байланысты 3-5 л/га, өңдеуден басталады. Арамшөптердің пайда болуына қарай екінші химиялық өңдеу (бүрку) 1,5 л/га раундап + 1,5 л/га 2,4–Д тобының амин тұзымен немесе глифосатты гербицидпен шамалы деңгейде ластанғанда оның азайтылған мөлшерімен жүргізіледі.

Нөлдік өңдеуде танаптарда 85-95% егіс паясы мен өсімдіктер қалдықтары сақталады, танаптарда барынша көп мөлшерде қар қабаты жинақталады, ылғал қоры сақталады, 20-30%-ға қарашіріктің ыдырауы азаяды (топырақ құнарлығының негізгі элементі) топырақ жел эрозиясынан барынша (максималды деңгейде) қорғалады, жанар-жағармай шығыны 4-10 есе азаяды.

Топырақ өңдеу жүйесіндегі жаңа тұжырым (концепция) бойынша дәнді-сүрі танапты ауыспалы егістер жүйесінде топырақ тығыздығының, қаттылығының, босқуыстылығының көрсеткіштері табиғи күйдегідей болса және механикалық өңдеуді гербицидтермен ауыстырғанда жаздық бидайдың өсіп-дамуына оңтайлы жағдайлар сақталғанда топырақты жыл сайын өңдеу міндетті емес.

Ресурс үнемдегіш технология жағдайларында қар қорын жинақтау мен тоқтатудың негізгі агрошарасына егінді жинау кезеңінде салыстырмалы түрде биік паясын (стерня) қалдыру болып табылады. Аңыз паясы аласа болғанда, қысқы қар тоқтатуды кең алымды гидрофицирлі қартоқтатқыш – атжалжасағыш СВШ – 10, СВШ – 7 және тіркемелі қартоқтатқыш-атжалжасағыш СВУ-2,6 қолданылады. Қар атжалдарын жасау аңыздағы қар қабаты 12-15 см-ге жеткенде және табанында 5 см қалыңдықта қар қалатын жағдайда жүргізіледі.

Атжалдар (қар қырқалары) желдің басым бағытына көлденең болғаны дұрыс және олардың арасы төбесінен есептегенде 4-5 метрден аспағаны жөн.

Солтүстік Қазақстан аймағында, жоғарыда көрсетілгендей далалық ауыспалы егістерде жаздық бидайды оңтайлы технологиямен өсіргенде сүрі емес алғы дақыл ретінде сүріден кейінгі бірінші бидайды, отамалы дақылдарды (сүрлемдік жүгері т.б.) пішенге, немесе жалқы азыққа біржылдық шөптерді, көпжылдық шөптерді т.б. пайдалануға болады. Топырақты негізгі өңдеу алғы дақылға, топырақ құрамы, тығыздығы, ылғалдылығы және рельефіне байланысты ерекше жүргізіледі.

Екінші бидай үшін алғы дақыл жиналғаннан кейін топырақ жазық тілгіш құралдармен (КПШ-9, КТС-10-1, КПЭ-3,8 ж.б) өңделеді. Алдындағы сүрі танабы 25-27 см қопсытылған болса, онда карбонатты Оңтүстік қара топырағы мен қара-қоңыр топырақтарда екінші бидайға негізгі өңдеу 10-12 см тереңдікке жүргізіледі. Өңдеу кезінде бұл топырақтардың ылғалдылығы 22%-дан жоғары болса күзгі өңдеуді 20-22 см дейін жеткізеді. Құмдақ, жеңіл және орташа саздақ топырақтарда 10-14 см жеткілікті. Сортаңдау топырақты рельефіне, сүрідегі тереңдігіне қарамай сүдігер 20-22 см тереңдікке өңделеді.

Тез тығыздалатын ауыр топырақтарда сүдігер 27-30 см терең жүргізеді. Соңғы жылдарда Солтүстік Қазақстан облыстарының шаруашылықтарында сүрі танабының қалай өңделгеніне қарамай күзде топырақ 20-22 см қопсытылып жүр. Мұның өзі жаздық жұмсақ бидайды интенсивті өсіргенде екі рет қар тоқтатылып, оның қалыңдығы 40-45 см жеткізуге байланысты және көктемде мұндай танаптарға ылғал жақсы сіңіріледі.

Жаздық бидай өсіруде алғы дақылға отамалы дақылдар ішінде сүрлемдік жүгері жиі пайдаланылады. Әдетте жүгеріге топырақ 20-22- ден 25-27 см дейін жазық тілгіш құралдармен немесе қайырмалы соқамен терең өңделеді. Жеңіл топырақ тек қана жазық тілгіш құралдармен саяз өңделеді.

Аталған ерекшеліктер топырақты бидай өсіруге дайындағанда ескеріледі.

Мал азығына өсірілетін шөптерден бидайға қарағанда танаптар ерте (1,0-1,5 ай) босайды. Сондықтан шөптерді жинап алысымен ине тісті тырмалармен (БИГ-3) немесе сыдыра жыртқыштармен (ЛДГ-10, ЛДГ-15) 5-6 см тереңдікке өңдейді. Арамшөп көгі шыққаннан кейін топырақ тығыздығы мен ылғалдылығына байланысты жазық тілгішті құралдармен (КПШ-9, КПГ-2-150, ПГ-3-5 ж.б.) негізгі өңдеуден өтеді.

Солтүстік Қазақстан облыстарында нақты топырақ – климат жағдайында жаздық бидайға көпжылдық шөптен (еркекшөп) босаған танапты негізгі өңдеу мына технология бойынша жүргізіледі.

- құрғақ далада шөп жинап алынғаннан кейін оның қыртысы КПШ-5 немесе КПШ-9 жазық тілгішімен тілінеді, соңынан шымды бірнеше рет өңдеп терең қопсытылады (ПГ-3-5, КПГ-2-150 ж.б.);

- қуаңшылықты далада шөп қыртысын әуелі ауыр тырмалармен (БДТ-7) үгітеді, содан соң соқамен (ПН-8-3,5, ПН-3-35) жыртылады және соңынан қажеттігіне қарай танап сыдыра жыртқыштармен өңделеді. Сондықтан қыста ылғал жинақтау шараларының маңызы өте зор. Солтүстік Қазақстанда қар түрінде түсетін ылғал мөлшері 60-80мм, алайда қысқы қатты желдің әсерінен қар танаптардан жыраларға, сайларға т.б. үйіледі. Осыған байланысты – қар тоқтату сүрі жер алғы дақылдарда жаздық бидайды оңтайлы өсіру жүйесіндегі қажетті шара.

Date: 2015-09-20; view: 1335; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.006 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию