Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Слово первое





Опубликовал elimai | Дата: 8 января 2009

Бipіншi Сөз
Бұл жасқа келгенше жақсы өткiздiк не, жаман өткiздiк не, əйтеуiр бiрталай өмiрiмiздi өткiздiк: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық əурешiлiктi,көре-көре келдiк. Ендi жер ортасы жасқа келдiк: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген iсiмiздiң бəрiнiң баянсызын, байлаусызын көрдiк, бəрi қоршылық екенiн бiлдiк. Ал, ендi қалған өмiрiмiздi қайтiп, не қылып өткiземiз? Соны таба алмай өзiм де қайранмын. Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кiсi
бақпаса, не абартқан, көңiлi басылмаған жастар бағамын демесе, бiздi Құдай сақтасын!
Мал бағу? Жoқ, баға алмаймын. Балалар өздерiне керегiнше өздерi бағар.
Ендi қартайғанда қызығын өзiн түгел көре алмайтұгын, ұры, залым, тiлiмсектердiң азығын бағып беремiн деп, қалған аз ғана өмiрiмдi қор қылар жайым жоқ.

Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзiн сөйлесер адам жоқ.
Бiлгенiңдi кiмге үйретесiң, бiлмегенiңдi кiмнен сұрайсың? Елсiз-күнсiзде кездеменi жайып салып, қолына кезiн алып отырғанның не пайдасы бар?
Мұндасып, шер тарқатысар кiсi болмаған соң, ғылым өзi бiр тез қартайтатұғын бiр күйiк.
Софылық қылып, дiн бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек.
Не көңiлде, не көрген күнiнде бiр тыныштық жоқ, осы елде, осы жерде не қылған софылық?
Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едiм, қалайша бағудың мəнiсiн де бiлмеймiн, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харакетке қосайын? Балаларымның өзiне iлгерi өмiрiнiң, бiлiмiнiң пайдасын тыныштықпен көрерлiк орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерiмдi бiле алмай отырмын, не бол деп бағам? Оны да ермек қыла алмадым.
Ақыры ойладым: осы ойыма келген нəрселердi қағазға жаза берейiн, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кiмде кiм ішiнен керектi сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегi жоқ десе, өз сөзiм өзiмдiкi дедiм де, ақыры осыған байладым, ендi мұнан басқа ешбiр жұмысым жоқ.

Екінші Сөз
Мен бала күнімде естуші едім, біздің қазақ сартты көрсе, күлуші еді: «енеңді ұрайын кең қолтық, шүлдіреген тəжік, арқадан үй төбесіне саламын деп қамыс артқан, бұтадан қорыққан, кез көргенде «əке-үке» десіп, шығып кетсе, қызын боқтасқан, «сарт-сұрт деген осы» деп.
Ноғайды көрсе, оны да боқтап күлуші еді: «түйеден қорыққан ноғай атқа мінсе, шаршап, жаяу жүрсе, демін алады, ноғай дегенше, ноқай десеңізші, түкке ыңғайы келмейтұғын, солдат ноғай, қашқын ноғай, «башалшік»1 ноғай деп.
Орысқа да күлуші еді: «ауылды көрсе шапқан, жаман сасыр бас орыс» деп.
Орыс ойына келгенін қылады деген… не айтса соған нанады, «ұзын құлақты тауып бер депті»— деп.
Сонда мен ойлаушы едім: ей, Құдай-ай, бізден басқа халықтың бəрі антұрған, жаман келеді екен, ең тəуір халық біз екенбіз деп, əлгі айтылмыш сөздерді бір үлкен қызық көріп, қуанып күлуші едім.

Енді қарап тұрсам, сарттың екпеген егіні жоқ, саудагерінің жүрмеген жері жоқ, қылмаған шеберлігі жоқ. Өзіменен өзі əуре болып, біріменен бірі ешбір шаһари жауласпайды. Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлісінің ахиреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды. Əке балаға қимайтұғын малыңды кірелеп, сол айдап кетіп тұрды гой. Орысқа қараған соң да, орыстың өнерлерін бізден олар көп үйреніп кетті. Үлкен байлар да, үлкен молдалар да, ептілік, қырмызылық, сыпайылық — бəрі соларда. Ноғайға қарасам, солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, казаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып мал табудың да жөнін солар біледі, салтанат, əсем де соларда.
Оның малдыларына құзғын тамағымыз үшін, біріміз жалшы, біріміз қош алушымыз. Біздің ең байымызды: «сəнің шакшы2 аяғың білəн пышыратырға қойған идəн түгіл, шық, сасы қазақ»,— деп үйінен қуып шығарады.
Оның бəрі бірін-бірі қуып, қор болмай, шаруа қуып, өнер тауып, мал тауып зор болғандық əсері.
Орыска айтар сөз де жоқ, біз құлы, күңі қадарлы да жоқпыз.
Бағанағы мақтан, бағанағы қуанған, күлген сөздеріміз кайда?

 

Үшінші Сөз
Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұгынының, рас сөзі аз болатұгынының, қызметке таласқыш болатұгынының, өздерінің жалқау болатұгынының себебі не?
Һəмма ғаламға белгілі данышпандар əлдеқашан байқаған: əрбір жалқау кісі — қорқақ, қайратсыз тартады, əрбір қайратсыз — қорқақ, мақтанғыш келеді; əрбір мақтаншақ — қорқақ, ақылсыз, надан келеді: əрбір ақылсыз — надан, арсыз келеді; əрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады.
Мұның бəрі төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан; өзге егін, сауда, өнер, ғылым секілді нəрселерге салынса, бұлай болмас еді.

Əрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді.
Ол мал көбейсе малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызга тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ. Қыстауы тарлық қылса, арызы жеткендік, сыйы өткендік, барлық қызметімен біреудің қыстауын сатып алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ. Ол қыстауынан айрылған жəне біреуге тиіспек, я болмаса орынсыздығынан елден кетпек, əр қазақтың ойы осы. Осылар біріне бірі достық ойлай ала ма? Кедей көп болса, ақысы кем болар еді, малдан айрылғандар көбейсе, қыстауы босар еді деп, мен ананы кедей болса екен деп, ол мені кедей болса екен деп, əуелде ішімізбен қас сағындық.
Əрберден соң сыртымызға шықты, жауластық, дауластық, партияластық.

Осындай қастарға сөзім өтімді болсын жəне де ептеп мал жиюга күшім жетімді болсын деп, қызметке, болыстық, билікке таластық.

Сонан соң не момынның баласы бөтен жаққа шығып, еңбек қылып, мал іздемейді, егін, сауданың керегі жоқ болады. Өз басын өзі осындай таласпенен кісі көбейтеміз деп партия жиғандардың бүгін біреуіне, ертең біреуіне кезекпен сатады да жүреді.

Ұрылар тыйылмайды. Ел тыныш болса, оның ұрлыгын ешкім сүйемес еді.

Ел екі жар болған соң, кім ант ішіп ақтап, арамдығын жақтап сүйеймін десе, соған жақ болып сүйеніп, бұрынғыдан ұрлығын əлденеше есе асырады. Елдегі жақсы адамдардың бəрінің үстінен бекер, өтірік «шапты, талады» деген əр түрлі уголовный іс көрсетіп, арыз береді. Оған дознание — тергеу шығарады. Өтірік, көрмегенін көрдім деуші куəлар да əлдеқашан дайындап қойылған, бағанағы жақсы адам сайлауға жарамасы үшін, ол адам басын құтқармақ үшін жамандарга жалынса, оның да адамдығының кеткені, егер жалынбаса, тергеулі, сотты адам болып, ешбір қызметке жарамай, басы қатерге түсіп өткені.
Ол болыс болғандар өзі қулық, арамдықпенен болыстыққа жеткен соң, момынды қадірлемейді, өзіндей арам, қуларды қадірлейді, өзіме дос болып, жəрдемі тиеді деп, егер қас болса, бір түрлі өзіме де залал жасауға қолынан келеді деп.
Осы күнде қазақ ішінде «ісі білмес, кісі білер» деген мақал шықты. Оның мəнісі: «ісіңнің түзулігінен жетпессің, кісіңнің амалшы, айлалығынан жетерсің» деген сөз.

Үш жылға болыс сайланады. Əуелгі жылы: «Сені біз сайламадық па?»— деп елдің бұлданғандығымен күні өтеді. Екінші жылы кандидатпенен аңдысып күні етеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап, тағы болыс болып қаларға мүмкін болар ма екен деп күні өтеді. Енді несі қалды?

Осы қазақ халқынық осындай бұзықшылыққа тартып, жылдан жылға төмендеп бара жатқанын көрген соң, менің ойыма келді: Халықтық болыстыққа сайлаймын деген кісісі пəлен қадəрлі орысша образование алған кісі болсын.
Егер де орталарында ондай кісісі жоқ болса, яки бар болса да сайламаса, уезный начальник бірлəн военный губернатордың назначениесі6 бірлəн болады десе, бұл халыққа бек пайдалы болар еді. Аның себебі: əуелі қызметқұмар қазақ балаларына образование беруге ол да — пайдалы іс, екінші — назначение бірлəн болган болыстар халыққа міндетті болмас еді, ұлықтарға міндетті болар еді.

Уа жəне назначение қылғанда тергеуі, сұрауы барлығына қарамаса, өтірік арыз берушілер азаяр еді, бəлки жоғалар еді. Уа жəне əрбір болыс елде старшина басы бір би сайланғандық, бұл халыққа көп залал болғандығы көрініп, сыналып білінді. Бұл билік деген біздің қазақ ішінде əрбір сайланған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолын», Əз Тəуке ханның «Күл төбенің басында күнде кеңес» болғанда «Жеті жаргысын» білмек керек. Əм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек еді, ондай кісі аз, яки тіпті жоқ.

Бұрынғы қазақ жайын жақсы білген адамдар айтыпты: «Би екеу болса, дау төртеу болады» деп. Оның мəнісі — тақ болмаса, жүп билер таласып, дау көбейте береді дегенмен айтылған сөз. Өйтіп би көбейткенше, əрбір болыс елден толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе, жаманшылығы əшкере білінгендікпенен түссе, əйтпесе түспесе. Ол билерге даугер адамдар қарамай, екеуі екі кісіні билікке таңдап алып, үстіне біреуді посредникке сайлап алып, біте берсе, егер оған да ынтымақтаса алмаса, бағанағы үш бидің біреуін алып, яки жеребемен сайлап алып жүгінсе, соңда дау ұзамай бітім болар еді.

 

Төртінші сөз
Əрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, əрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, əрбір мастың сөйлеген кезінде бас ауыртатұғынын. Бұлай болғанда, күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не ұят келерлік істен құр, ғафил көп өткізіп отырса керек. Осындай ғафилдік көп өткізіп, елемеген кісінің не дүниеде, не ахиретте басы бір ауырмай қалмаса керек.
Əрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Əрбір жинақылықтың түбі кеніш болса керек. Енді олай болғанда, үнемі уайым-қайғыменен жүре аламыз ба? Үнемі уайым-қайғыға жан шыдай ма екен? Үнемі күлмей жүре аламыз ба, үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін. Уайым-қайғысыздыгыңа уайым-қайғы қылдағы, сол уайым-қайғысыздықтан құтыларлық орынды харакет табу керек һəм қылу керек.
Əрбір орынды харакет өзі де уайым-қайғыны азайтады, орынсыз күлкіменен азайтпа қайғыны, орынды харакетпен азайт! Шығар есігін таба алмай, уайым-қайғының ішіне кіріп алып, қамалып
қалмақ, ол өзі де — бір антұрғандық жəне əрбір жаман кісінің қылығына күлсең, оған рахаттанып күлме, ыза болганыңнан күл, ызалы күлкі өзі де — қайғы. Ондай күлкіге үнемі өзің де салынбассың, əрбір жақсы адамның жақсылық тапқанына рақаттанып күлсең, оның жақсылықты жақсылығынан
тап-қандығын ғибрат көріп күл. Əрбір ғибрат алмақтың өзі де мастыққа жібермей, уақытымен тоқтатады.
Көп күлкінің бəрін де мақтағаным жоқ, оның ішінде бір күлкі бар-ау — Құдай жаратқан орныменен іштен, көкіректен келмейді, қолдан жасап, сырты менен бет-аузын түзеп, бай-бай күлкінің əнін сəндеп, əдемішілік үшін күлетін бояма күлкі.
Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада бұл дүниенің рақатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп еткізеді де, таусылған күнінде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды.
Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ — өнерсіз иттің ісі. Əуел Құдайга сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп еңбегіңді сау, еңбек қылсан, қара жер де береді, құр тастамайды.

 


Бесінші Сөз
Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпей, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады. Қазақтар: «Ə, Құдай, жас баладай қайғысыз қыла көр!» деп тілек тілегенін өзім көрдім.
Онысы жас баладан гөрі өзі есті кісі болып, ескермес нəрсесі жоқсып, қайғылы кісі болғансығаны. Қайғысы не десең, мақалдарынан таңырсың: «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, əкең де жат», «Мал — адамның бауыр еті», «Малдының беті — жарық, малсыздың беті — шарық», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Берген перде бұзар», «Алаған қолым — береген», «Мал тапқан ердің жазығы жоқ», «Байдан үмітсіз — Құдайдан үмітсіз», «Қарның ашса, қаралы үйге шап», «Қайраңы жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без» деген осындай сөздері көп, есепсіз толып жатыр.

Бүл мақалдардан не шықты? Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, əділет үшін қам жемейді екен, бірақ мал үшін қам жейді екен, ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап, мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен, егер малды болса, əкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Əйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік,соған ұқсаған қылықтың кайсысын болса да қылып мал тапса, жазалы демесек керек екен.

Бұларының жас баланың ақылынан несі артық? Бірақ, жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, жерге өне жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен. Іздеген еліміз сол ма?

Алтыншы Сөз
Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды — бірлік, ырыс алды — тірлік» дейді.Бірлік қаңдай елде болады, қайтсе тату болады — білмейді. Қазақ ойлайды:бірлік ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дəулет ортақ болса екен дейді. Олайболғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай маліздеп не керек? Осы ма бірлік? Жоқ, бірлік — ақылға бірлік, малға бірлік емес.Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, дін басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Бірлік малға сатылса антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда əркім несібесін Құдайдан тілейді, əйтпесе Құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Əуел біріне бірі пəле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пəле салып, қорғалатып, əйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?

«Ырыс алды — тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек кылудан, қызмет қылудан кашып, еріншек атанып, дүниеде əлгі айтылған ырысқа дұспан болады.

Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, кекірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың.Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.

Кеселді жалқау, қылжақбас,
Əзір тамақ, əзір ас,
Сыртың — пысық, ішің — нас,
Артын ойлап ұялмас,—

болып жүріп, тірімін деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық.

Жетінші Сөз
Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі — ішсем, жесем, ұйықтасам деп түрады. Бұлар — тəннің құмары, бұлар болмаса, тəн жанға қонақ үй бола алмайды, һəм өзі өспейді; қуат таппайды. Біреуі білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дəмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бəрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бəрі — жан құмары, білсем екен, көрсем екен; үйренсем екен деген.

Дүниенің көрінген һəм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады. Əзелде Құдай Тағала хайуанның жанынан адамның жанын ірі жаратқан, сол əсерін көрсетіп жаратқаны. Сол қуат жетпеген, ми толмаған ессіз бала күндегі «бұл немене, ол немене?» деп, бір нəрсені сұрап білсем екен дегенде, ұйқы, тамақ та есімізден шығып кететұғын құмарымызды, ержеткен соң, ақыл кіргенде, орнын тауып ізденіп, кісісін тауып сұранып, ғылым тапқандардың жолына неге салмайды екеміз?

Сол өрістетіп, өрісімізді ұзартып, құмарланып жиған қазынамызды көбейтсек керек, бүл жанның тамағы еді. Тəннен жан артық еді, тəнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық, жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тəнге бас ұргыздық, еш нəрсеге көңілменен қарамадық, көзбен қарамадық, көңіл айтып тұрса сенбедік. Кезбен көрген нəрсенің де сыртын көргенге-ақ тойдық. Сырын қалай болады деп көңілге салмадық оны білмеген кісінің несі кетіпті дейміз.
Біреу айтса да, ұқпаймыз. Біреу ақыл айтса: «Өз білгенің — өзіңе, өз білгенім — өзіме», «кісі ақылымен бай болғанша, өз ақылыңмен жарлы бол» деген дейміз, артығын білмейміз, айтып тұрса ұқпаймыз.

Көкіректе сəуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде, хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз.

Сегізінші Сөз
Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды?
Біреу — болыс, біреу — би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді. Олар өздері де оздық кісіміз, өзіміз біреуге үлгі беріп, ақыл айтамыз деп сайланды. Өздері түзеліп жеткен, енді елді түзерлігі-ақ қалған. Ол не қылып тындасын жəне тындайын десе де қолы тие ме? Басында өзіндік жұмысы бар: ұлығымызға жазалы болып қаламыз ба, яки елдегі бұзақыларымызды бүліндіріп аламыз ба, яки халқымызды бүлдіріп аламыз ба, яки өзіміз шығындап, шығынымызды толтыра алмай қаламыз ба?— деген ебіне қарай біреуді жетілтейін, біреуді кұтылтайын деген бейнетінің бəрі басында, қолы тимейді.

Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дəулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малыменен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, арамдық акыл, ғылым, білім — еш нəрсе малдан қымбат демейді. Мал болса Құдай Тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білім-ұяты, ары, жақыны, бəрі — мал. Сөзді қайтіп ұқсын, ұғайын десе де, қолы тие ме? Ол малды суармақ, тойғызбақ, саудасын жимақ, күзеттірмек, бақтырмақ, ұры-бөрі, қыс, суық-сұғанақ — солардан сақтанбақ, солардан сақтарлық кісі таппақ. Оның бəрін жайғастырып, аяғын алып келіп, мақтанға орналастырғанша қашан? Қолы тимейді.

Енді ұры-залым, сұм-сұрқия өзі де тыңдамайды. Онша-мұнша қой жүнді қоңыршалар күнің де көре алмай жүр. Аналар андай болып тұрғанда, білім, ғылым, ақылды не қылсын? Жəне де білім, ғылым
кедейге керегі жоқтай-ақ: «Бізді не қыласың ана сөзді ұғарлықтарға айт!» дейді.
Оның өзгеменен ісі жоқ, ана алдыңдағы үшеуіндей болған жанның ойында ешбір қайғысы, мұңы болмаса керек.

Тоғызыншы Сөз
Осы мен өзім — қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уа, əрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, я көңілге тиянақ қыларлық бір нəрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем — сөйлеспесем, мəжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ.
Бұлардың бірі де жоқ. Бұл қалай? Бұл айтқанның бірін тұтпай болмас еді. Мен өзім тірі болсам да анық тірі де емеспін. Əншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен себептен бе,— білмеймін. Сыртым сау болса да ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бəрі де əлдекімдікі.
Қайратты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан əбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйір боларлық қайрат жалын сөніп те қалған екен. Сол себептен бір жүрген қуыс кеудемін. Тегінде ойлаймын: бұ да жақсы, өлер кезде əттеген-ай, сондай, сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге

 

Оныншы Сөз
Біреулер Құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан Құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма?
Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзгеге қимайтұғын сенің не қылған артықша орның бар еді?


Баланың жақсысы — қызық, жаманы — күйік, не түрлі боларын біліп сұрадың? Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма? Өзіңнің қылған иттігің аз болды ма? Енді бір бала туғызып, оны да ит қылуга, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың?

Артымнан балам Құран оқысын десең, тіршілікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім Құран оқымайды? Жаманшылықты көп қылсаң, балаңның Құраны неге жеткізеді? Тіршілікте өзің қылмаған істі, өлген соң саған балаң кəсіп қылып бере ала ма?

Ахирет үшін бала тілегенің — балам жасында өлсін дегенің. Егерде ержетсін десең, өзі ержетіп, ата-анасын тұзақтан қүтқарарлық бала қазақтан туа ма екен? Ондай баланы сендей əке, сенің еліңдей ел асырап өсірмек пе екен?
Қартайғанда асырасын десең, о да — бір бос сөз. Əуелі — өзің қаруың қайтарлық картаюга жетемісің, жоқ па? Екінші — балаң мейрімді болып, асырарлық болып туа ма, жоқ па? Үшінші — малың болса, кім асырамайды?
Малың жоқ болса, қай асырау толымды болады? Баланың мал табарлық болары, мал шашарлық болары — ол да екіталай.
Хош, Құдай Тағала бала берді, оны өзің жақсы асырай білесің бе? Білмейсің, бұрынғы өз күнəңді өзің көтергеніңменен тұрмай, балаңның күнəсіне тағы да ортақ боласың.

Əуел балаңды өзің алдайсың: «Əне, оны берем, міне, мұны берем» деп. Баста балаңды алдағаныңа бір мəз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің? «Боқта!» деп, біреуді боқтатып, «кəпірқияңқы, осыған тимеңдерші» деп, оны масаттандырып, əбден тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде, молданың ең арзанын іздеп, хат таныса болады деп, қу, сұм бол деп, «пəленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді» деп, тірі жанға сендірмей, жат мінез қылып, осы ма берген тəлімің? Осы баладан қайыр күтесің бе?

Жəне мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Əуелі, Құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай Тағала саған еңбек қылып мал табарлық куат берді. Ол куатты халал кəсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұгарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі? Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі — біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің — сол. Бұл Құдайдан тілеген емес. Бұл — абыройын, арын сатып, адам жаулағандық, тіленшілік. Хош, сөйтіп жүріп-ақ мал таптың байыдың. Сол малды сарып қылып, ғылым табу керек. Өзіңе табылмаса балаң тапсын. Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан руза, қылган қаж ешбір ғибадат орнына бармайды. Ешбір қазақ көрмедім, малды иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған. Бəрі де иттікпен табады, иттікпенен айрылады.

Бейнет, күйігі, ызасы — сол үшеуінен басқа еш нəрсе бойында қалмайды. Барында баймын деп мақтанады. Жоғыңда «маған да баяғыда мал бітіп еді» деп мақтанады. Кедей болған соң тағы қайыршылыққа түседі.

 

Он Бірінші Сөз
Осы елдің үнем қылып жүргені немене? Екі нəрсе. Əуелі — ұрлық. Ұры ұрлықпен мал табам деп жүр. Мал иесі артылтып алып тағы да байимын деп жүр. Ұлықтар алып берем деп, даугерді жеп, құтқарам деп ұрыны жеп жүр. Қарапайым жұрт ұрлық айтып мал алам деп, ұрыға атымды сатып «пайдаланам» деп, не өткізбесін арзанға түсіріп алам деп жүр. Екінші — бұзақылар біреудің ойында жоқ пəлені ойына салып, бүйтсең бек боласың, бүйтсең көп боласың, бүйтсең кек аласың, мықты атанасың деп, ауқаттыларды азғырғалы əлек болып жүр. Кім азса мен соған керек боламын деп, к… қыздырып алып, өзін біраз гана азық қылайын деп жүр.

Ұлықтар «пəлі-пəлі», бұл табылған ақыл екен, мен сені бүйтіп сүйеймін деп, ананы жеп, сені бүйтіп сүйеймін деп, мынаны жеп жүр. Қара халық менің сонша үйім бар, сонша ауыл таяғыңды соғайын, дауыңды айтайын деп, қай көп бергенге партиялас боламын деп, Құдайға жазып, жатпай-тұрмай салып жүріп басын, ауылын, қатын, баласын сатып жүр.
Осы бір ұры, бұзақы жоғалса, жұртқа ой да түсер еді. Шаруа да қылар еді. Бай барын бағып, кедей жоғын іздеп, ел секілденіп талапқа, тілеуге кірісер еді.

Енді жұрттың бəрі осы екі бүлік іске ортақ, мұны кім түзейді? Анттың, серттің, адалдықтың, ұяттың бір тоқтаусыз кеткені ме? Ұрыны тыю да оңай болар еді, бірақ осы бұзақының тіліне еретұғын, азатұғын байларды кім тыяды?

Он Екінші Сөз
Кімде-кім жақсы дүр, жаман дүр ғибадат қылып жүрсе, оны ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, əйтеуір жақсылыққа қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Лəкин сондай адамдар толымды ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны білсе екен. Əуел — иманның иғтиқатын (9) махкамлемек (10) керек, екінші — үйреніп жеткенше осы да болады ғой де-мей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны Құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды. Уа лəкин, кімде-кім иман неше нəрсе бірлəн кəмелəт табатұғынын уа неше жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, бірəдар атын көріп, рузашыл, намазшыл болып жүргені көңілге қалың бермей тұрып жыртысын салғанға ұқсайды.

Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласымен өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы бар деп болмайды.

Он Үшінші Сөз
Иман деген — Алла Табарака уатағаланың (11) шəриксіз(12), ғайыпсыз бірлігіне,барлығына уа һəр неге бізге Пайғамбарымыз саллала Аллаһу ғалайһи уа саллам(13) арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын сұнып, инанмақ.
Енді бұл иман дерлік инануға екі түрлі нəрсе керек.
Əуел не нəрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлəн дəлел жүргізерлік болып ақылы дəлел испат(14) қыларга жараса, мұны яқини иман(15) десек керек.
Екінші — кітаптан оқу бірлəн яки молдалардан есту бірлəн иман келтіріп, сол иман келтірген нəрсесіне соншалық беріктік керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып көңілі қазғалмастай берік боларға керек. Бүл иманды иман тақлиди(16) дейміз.
Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен. Яқини иманы бар деуге ғылымы жоқ, тақлиди иманы бар деуге беріктігі жоқ, я алдағанға, я азғырғанға, я бір пайдаланғанға қарап, ақты қара деп, я қараны ақ деп, я өтірікті шын деп ант ететұғын кісіні не дейміз? Құдай Тағала өзі сақтасын. Уа əрнешік білмек керек, жоғарғы жазылмыш екі түрліден
басқа иман жоқ. Иманға қарсы келерлік орында ешбір пенде Құдай Тағала кеңшілігімен кешеді-дағы демесін, аның үшін Құдай Тағаланың ғафуына, яки Пайғамбарымыздың шафағатына сыймайды уа мүмкін де емес. «Қылыш арасында серт жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрысын.

Он Төртінші Сөз
Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі
дегені — батыр дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап білмейді.
Рақымдылық, мейірбандылық, əр түрлі істе адам баласын өз бауырым деп, өзіне ойлағандай ойды оларға да болса игі еді демек, бұлар — жүрек ісі, асықтық та — жүрек ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалган шықпайды.
Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Біздің қазақтың «жүректісі» мақтауга сыймайды. Айтқанға көнгіш, уағдада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптің атының басын бұрып алуға жараған, əділетті ақыл мойындаған нəрсеге, қиын да болса, мойындау, əділетті ақыл мойындамаган нəрсеге, оңай да болса, мойындамау — ерлік, батырлық осы болмаса, қазақтың айтқан батыры — əншейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз.

Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін
ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады.
Білместігімнен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын. Білімді білсе де, арсыз қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір ілігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік кайрат қазақта кем болады.
Осы жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бəрі — бəлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі «айда батырлап!» қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сездері.
Əйтпесе, Құдайға терістіктен, не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын
жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тəуір түгіл, əуелі адам ба өзі?

Он Бесінші Сөз
Ақылды кісі мен акылсыз кісінін, менің білуімше, бір белгілі парқын
көрдім.Əуел — пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нəрсені қызықкөрмей жүре алмайды, сол қызықты нəрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықтыуақыты болып ойында қалып.

Сонда есті адам, орынды іске қызыгып, құмарланып, іздейді екен-дағы,күнінде айтса құлақ, ойласа көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткенөмірдің өкініші де жоқ болады екен.
Есер кісі орнын таппай, не болса сол, бір баянсыз, бағасыз нəрсеге қызығып,құмар болып, өмірінің қызыкты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады өкен-дағы, күнінде өкінгені пайда болмайды екен. Жастықта бұл қызықтан соң жəне бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп бірер қызықты қуғанда-ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады екен.

Үшінші — əрбір нəрсеге қызықпақтық. Ол өзі бойға құмарлық пайда қылатын нəрсе екен. Əрбір құмарлық өзіне бір түрлі дерт болады екен, уа əрбір құмар болған нəрсеге жеткенде, яки əне-міне, жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен.

Əрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың кезін ашып, «ананы, мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нəрсе екен.

Сол уақытта есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей,
бойын сынатпай жүріп ізденеді екен.
Есер кісі ер-тоқымын тастап, бөркі түсіп қалып, етегі атының к…н жауып кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі екен, соны көрдім.

Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мəртебе,
болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің?

Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?

Он Сегізінші Сөз
Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һəм ол киімін былғап,былжыратып кимей, таза кимек — дұрыс іс. Лəкин өз дəулетінен артық киінбек,не киімі артық болмаса да көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ — кербездің ісі.

Кербездің екі түрлі қылығы болады: бірі — бет-пішінін, сақал-мұртын,
мүшесін, жүріс-тұрысын, қас-қабағын қолдан түзеп, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап əуре болмақ. Біреуі — атын, киімін «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардың ішін күйдіріп, өзінен кейінгіге «əттең дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» дейтұғын болмаққа ойланбақ.

Мұның бəрі — масқаралық, ақымақтық.
Мұны адам бір ойламасын, егер де бір ойласа, қайта адам болмағы қиын іс. Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сезге ұқсатамын. Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нəрселермен озбақ.
Онан басқа нəрселерменен оздым ғой демектің бəрі де — ақымактық.

 

 

Он Тоғызыншы Сөз
Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Əрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп білген жақсы нəрселерін ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, соны
адам десе болады.
Мұндай сөзді есіткенде жайқақтап, шалғырттанып не салбырап,
салғырттанып есітсе, не есіткен жерін қайта қайырып сұрап ұғайын деп
тұшынбаса, не сол жерде сөздің расына көзі жетсе де, шыға беріп қайта
қалпына кетсе, естіп-есітпей не керек?
Осындай сөз танымайтұғын елге сөз айтқанша, өзіңді танитұғын шошқаны
баққан жақсы деп бір хакім айтқан екен, сол секілді сөз болады.

 

Date: 2015-09-19; view: 356; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.007 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию