Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Арыстанбаб аман ба?





 

1969-70 жылдың қысы әдеттегі кезекті қыс емес, елді есеңгіретіп, үкімет пен партияны есінен тандырған естен кетпес оқиға болды. Ондай қысты жүз жасаған қариялар да көрмепті. Аяз күн сайын 30-40 градустан төмен түскен жоқ. Мал біткен далаға шыға алмай қамалып қорада тұрды. ДТ тракторынан басқа көлік жүре алмады.

Сөйтіп, қиналып жүргенде қатты жел тұрып, қораларды қар басып, мал қардың астына көміліп қалды. Аршып алуға шама жоқ. Бұл жағдай айлап созылды. Мал жаппай аштан қырыла бастады. Күн жылынар емес, қайта суыта түсуде. Тірі тұрған қойлар бірінің жүнін бірі жеп жатыр.

Партия мен үкімет састы, есінен танды. Ешнәрсеге көзі жетпейді. Көзсіз көбелек сияқты мал қоралардың төбесінен самолетпен престелген шөп тастады. Бірақ ол өзінің жинаулы тұрған шөбінен де алысқа түсті. Ақылынан адасқан ел басшылары малды жаппай сойыңдар деген нұсқау берді. Бірақ халық оған дайын емес еді. Күн болса жалап тұр. Көтерем болғандықтан сойылған малды ешбір жер қабылдамайды. Енді бұған кіналы адамдарды іздеген әңгіме басталды.

Енді елдің бәрі көлеңкесінен қорқып жүргенде күн бірден жылынып, қар аяқ астынан ери бастады. Өзендерде мұз бұзылды. Жерді көк-топан су басты. Елді мекендер судың астында қалды. Кейбір совхоздардың орталығы бүтіндей құлап, ел жан сауғалап, басының ауған жағына көшіп жатты. Аудан басшылары да өздері қалып үйлерін, бала-шағасын көшіріп жіберді. Республика мен облыс басшылары малды сұрауды қойып, енді адам аман ба?-ға көшті.

Сөйтіп ел «Ақтабан шұбырындыға» ұшырап жатқан кезде 10 наурыз күні кешкі сағат 19-да ауданның бірінші хатшысын Д. А. Қонаев телефонға шақырады деген хабар келді Алматыдан. Басқаның бәрін қойып, Т. Тайбеков аппаратты аяғынан тік тұрғызып ақпар жинады. Димекеңнің не сұрайтынын білу үшін облыс басшыларына да телефон шалды.

Түнгі сағат онда тұтқадан:

– Тәліп, мен Қонаевпын, – деген Димекеңнің даусы естілді.

– Мен Тайбеков, тыңдап тұрмын, Димеке, сәләматсыз ба, – деп жатыр.

– Тәліп, ел-жұртың аман ба? Мен байқап тұрмын, сен біртүрлі қобалжып, дегіберсізденіп тұрсың ғой. Өзіңді мықтап ұстап, өзіңе-өзің көкіл. Рас, жаппай мал қырылып жатқанда республиканың бірінші басшысының қоңырау шалуын халық жақсылыққа жорымайды. Бұл сенің қалыпты жағдайыңды бұзуы мүмкін. Бірақ бұл жолы сенен жұмыс сұрамаймын. Малдың өлімі туралы мәлімет алдымда жатыр. Табиғат деген соқыр, мылқау, өзінен басқаны танымайтын дүлей күші бар, ол дегенін істеді. Табиғаттың бермесін алуымыз керек деп, қайдам, асылық айттық па? Елдің басына келген зауал малмен кетсін деп тілейік. Халық аман болса, малдың басы толар...

Жерді-шөпті топансу алып кетті деп есітіп жатырмын. Арыстанбаб аман ба, судың астында қалған жоқ па? – деп сұрады Димекең.

– Арыстанбаб аман, төңірегіндегі еріген қардың суы коллекторға құйылып жатыр, – деді Тайбеков.

– Кесенесінің іргесіне су кетпесін, қабырғасы жарылса немесе құласа екеумізді әруақ ұрады. Жазаның ең үлкені әруақ қой. Әруақ ұрған оңалмайды. Сондықтан бір көзің сонда болсын. Бүгін түнделетіп Туриводан генерел бастаған саперлар барып, вагонымен Тимур стансасында тұрады. Өзен мен көлдердегі мұз буады-ау деген жерлерді жарғызыңдар. Дұрыстап пайдаланып, менің көмегім керек болса, телефон шал, – деп бір қойды.

– Енді сен мені тыңда, – деді Димекең әлден соң.

Қазақстанда не көп, әулие көп. Бірақ оның ең үлкені Арыстанбаб екені аян, Сайрамда бар сансыз баб. Түркістанда Түмен баб. Ең үлкен бабтардың бабы Арыстанбаб деп халық бекер айтпаса керек. Бұл тек қазақтардың ауқымындағы әңгіме-аңыз емес. Бұл теңеуді орта Азияда тұратын біраз мұсылман елдерінен есітуге болады. Баяғыда Қожа Ахмет Йасауи кесене тұрғызып жатқанда қабырғасы екі рет қирап қалады. Сонда ең алдымен кесенені Арыстанбабқа тұрғыз деп түсінде аян береді. Мұхаммед Пайғамбардың ұсынысы бойынша сонау Арабиядан келіп, Түркістанның көшесінде мектептен шығып келе жатқан 9 жасар оқушы бала Қожа Ахметке пайғамбардың аманатын берген де осы Арыстанбаб емес пе еді.

Арыстанбаб Фараби мен Қорқытты қасына ертіп алып, Қазығұрт тауының бойында ауа райы мен аспан денелерін зерттейді. Осы сапарында табылған Нұһ пайғамбар кемесінің сынықтарын Отырарға ала келеді. Оларды өзі өлерінің алдында көзінің қарашағындай сақта деп шәкірті Қожа Ахметке тапсырады деген жазба деректер бар. Бабамыз халықтың геолог ретінде Қаратаудың күнгей бетіндегі үңгірлер мен сай-салалардан тастарды теріп, олардан алтын, күміс, қорғасын, темір, сынап сияқты сирек кездесетін асыл металдарды бөліп ала білген. Үнемі таулы жерлерден шөп жинап, одан дәрі-дәрмек жасап адам емдеген. Дәрілік шөптердің мезгілін тауып ала біл, мөлшерін тауып қолдана біл деп үйретті ол. Арыстанбаб туралы елдің аузына аңыз-әңгмелер көп. Біреулер өте ерте замандардағы Хакім Лұқпан тәуіптің ұрпағы десе, енді біреулер оны Мұхаммед пайғамбардан әлдеқайда бұрын туғызып, өмір сүргізеді.

Қалай дегенде «Мен бір жұмбақ адаммын» деп Абай айтқандай, Арыстанбабтың жұмбақ жан екені рас. Өйткені оның туған-өскен жерлері мен жылдары белгісіз, ата-анасы туралы да, өскен ортасы, алған білімі туралы да, Отырар мен Түркістанға келуі туралы да нақты деректер жоқ. Бірақ өмірде болғаны рас. Осыдан кейін бабамыздың жұмбақ жан болмағанда несі қалды. Қалай дегенде үлкен бір сиқырлы кереметі бар екенін бүкіл мұсылман халқы мойындайды.

Дәл осы жерге келгенде Димекең:

– Тәліп тыңдап тұрсың ба? – деп сұрап қойды.

– Иә, тыңдап тұрмын, Димеке, – деді Тайбеков.

– Онда сен тыңдай бер. Мен айта берейін. Екеумізді ешкім бөле қоймас, көп сөйледің де демес.

Менің әкем діндар адам емес. Дінді оқып, уағыздамайды. Бірақ қатты құрметтейді. Оған тіл тигізбейді, оның көптеген артықшылығын мойындайды. Барлық заманның талаптарына тұп-тура келетін қағидалары көп-ақ деп отырады. Өткен пайғамбарлардың өмірі туралы қиссаларды оқып отырып таңданады, оларға бас иеді. Менің оңтүстік өңірге барып қайтқанымды білсе «Арыстанбабқа, Әзірет Сұлтанға бардың ба, жолын істедің бе?», – деп сұрап отырады.

Әруаққа табынып, оны басына көтеріп, сол арқылы күн көріп байып отырған елдер бар. Ал біздің мұсылман елінің бірі Саудовская Арабия бір адамның туған жері мен өлген жерін ардақтап, табыс көзіне айналдырып отыр. Арыстанбабтың да сондай ертелі-кеш киелі орынға айналмауына кім кепіл? Осы уақытқа дейін еліміздің баяу дамуына әруаққа қырын қарау сияқты біреу байқап, біреу байқамайтын құпия сырдың жатуы мүмкін. Әруақты ардақтай білейік, ағайын! Басқа елдердің әруағы тірілерге дүние тауып беріп жатыр. Біздің әруақтар құлыптаулы тұр немесе қора-қопсыға айналып кеткен. Әруаққа деген көзқарасты айырма, иіне, осындай.

Мен өткен қыста Қырымда болып қайттым. Онда Тегерандағы діни қоғам мүшелерімен өткен әңгіменің бас жағында Отырғандардың біреуі орнынан тұрып бізден алдымен, «егер рұқсат болса, бір нәрсені Сізден сұрағымыз бар», – деді.

– Сұраңыздар, рұқсат, – дедім мен.

– Олай болса, Сіздің раббыңыз кім, дініңіз қандай, пайғамбарыңыз кім, қыблаң қайда, кімнің ұрпағысыз, миллетің кім», – деді.

Мен өзінің ретімен «Алла тағала, Ислам, Мұхаммед, Адаш ата, Ибраһим» деп жауап бердім.

Олар өз тілдерінде «шын мұсылман, шын мұсылман» деп бір-біріне айтып жатты.

– Сіздің елде осы Мұхаммед пайғамбарға саһаба әрі ақылгөй болған, әлдеқайда жасы үлкен бір ұлы әруақ жатыр деп есітеміз, бір адам басын сұқпайтын көрінеді. Тастанды боп айдалада жатса керек. Осы сөз рас па, одан хабарыңыз бар ма?

– Иә, хабарым бар. Арыстанбаб деген кісі біздің елде жатқаны рас дедім. Сонда залда отырған барлық адам орындарынан тұрып, ауыздарын күбірлетіп, беттерін сипап, орындарына қайтып отырды.

– Осыған байланысты менде тағы бір сұрақ бар Сізге, – деді екінші сәлде оранған кісі.

– Сұраңыз, құлағым сізде, дедім мен.

– Ол кісі Сіздерде қалың елдің ортасында жатыр ма?

– Қалың елдің ортасында емес, шеткерірек, оңаша жатыр дегенімде кейбіреулері бастарын шайқады.

– Біз қалың елдің ортасына әкеп қойып, тірілерді тәрбиелейтін ардақты да құрметті әруақ тұлғаға айналдырсақ, бізге сүйегін бересіздер ме?

– Бұрынғы өткен атақты адамдардың барлығы да дәл өлген жерлеріне қойылған деген дерек бар. Қозғамаған дұрыс шығар. Біздің бір үлкен оқымысты ғұлама бауырымыз Шам шаһарының орталық зиратында жатқан Әл-Фарабидің сүйегін сұрағанымызда Сирияның басшылары осындай жауап берген бір кезде. Пайғамбарлар мен сол сияқты әлемге танымал адамдар өлген жерлеріне қойылған деген әңгімені Мұхаммед пайғамбардың өзінің аузынан Әбубәкір Сыдық естіген.

Басқалар әруақты осылай құрметтепті. Бұл бізге де сабақ болу керек. Аман болсақ оған да жетерміз, – деді Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев.

– Арыстанбаб неге Отырардың түбіне барып дүние салған, – деп сұрады Димекең Тайбековтан. Біздің хатшы бірден жауап бере алмай кібіртіктеп қалды. Соны сезген Димаш Ахметұлы өз сұрағына өзі жауап берді.

– Есіңде болсын, біліп қой. Арыстанбапты жөндеп білу сенің міндетің. Арыстанбабтың бұл өңірге келгенімен қожа Ахмет Йасауидың туғанына мың жылдан асты. Ол кезде Отырар батыс пен шығыстың арасында ұлы жібек жолының үстінде тұрған мәдениет пен экономикасы шалқыған, суармалы егісі бар, сыңсырап бау-бақшаның ішінде тұрған, жүз мыңдаған халқы бар жасыл қала болған. Дәл қазірдің өзінде зер салап байқаған адамға Отырардың айналасында қазған арық пен салынған үйдің табы сайрап жатыр. Арыстанбабтың өлер алдындағы өмірі осы жерде өткен. Бұл кәдімгі біреудің оты өшіп, біреудің оты жанатын үйреншікті дүние ғой. Отырар құлағаннан кейін Түркістан алға шықты. Жалғыз шапқан ат әруақытта жүйрік болады. Сонымен Арыстанбаб Қожа Ахмет Йасауиге де, Әл-Фарабиге де, Қорқытқа да ұстаз. Ол геолог, металлург, қыдыр дарыған адам, есепсіз көп жасаған ескі заманның теберік адамы.

– Тәліп, мен болдым, маған сұрағың бар ма? – деді Димекең.

– Димеке, сұрағым жоқ, мың да бір рахмет. Сізге дені басыңыз сау болсын, өмір жасыңыз ұзақ болсын, табыс тілеймін, – деді Тәліп Тайбеков.

– Оңтүстікке барған сайын жасы да, жолы да үлкен, Пайғамбардың көзін көрген деп алдымен Арыстанбабқа, содан кейін Қожа Ахмет Йасауиге кіріп шығушы едім. Артық айтқан жерім болса, істеген оғаш қиянатым болса, кешіре гөр деп іштей тілеуші едім. Өзімді рухани жеңілденіп, әрі жетіліп қалғандай сезім билейтін. Үнемі іштей сиынып жүретін әруақтың амандығын есіткен соң көбірек сөйлеп кеттім. Бұл әңгіме менен гөрі саған керек, Тәліп аман бол, – деп Димекең тұтқаны жауып қойды.

– Түс көргендей аң-таң боп мен қалдым. Бірақ көңілім көтеріліп, бойым сергіп, ой-өрісім едәуір кеңіп биіктеп қалдым, – деп отырушы еді марқұм Тайбеков.

– Димекеңмен болған осы әңгімені екеулеп жазайық та. Тәке-ау, – деп Тәліп Тайбековке екі-үш рет ескерттім.

– Әбеке, рахмет, еске сап ұмыттырмай жүрсің. Мен ең алдымен мына қолымдағы таяғымды тастайыншы, содан кейін өзім айтам, – деуші еді марқұм. Таяқпен жүрсе де топырақтан тысқары болғанға жетпейді екен ғой.

Заман кейде көзді ашып-жұмғанша өзгереді екен. Сонымен бір тарихқа деген көзқарас та өзгеріп жатады. Д. А. Қонаевтың басқа елдер сияқты әруақты ардақтауға аман болсақ жетерміз дегені көрегендік болып шықты. Арыстанбабтың аузындағы қара құлып алынып, есігі айқара ашылды. Оған жан кірді. Мұсылман халқы ағылып келе бастады. Қазір ол құмырсқаның илеуіне айналды. Басқаларды айтпағанда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев төрт рет. Түркияның бұрынғы президенті Сүлеймен Демирель екі рет келіп зиярат жасады. Қолында билігі бар, айтқаны болатын лауазымды кісілер келетін ауданға айналды. Мейманды күтіп алу мен шығарып салу сияқты мәртебелі үрдіске ие болдық. Бұдан артық абырой, Құдайдың жақсылығы бола ма? Осының бәрі біздің төрімізде жатқан киелі Арыстанбаб әулиенің кереметі болса керек.

Елдің аузында Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтты деген мынадай әңгіме бар: «Мен Отырарға, Арыстанбабқа 4-5 зиярат жасадым. Тікұшақпен барып, тіке қайтып кетіп жүрдім. Сонда жиналған халықпен сөйлескенім болмаса, ауданды аралай алмадым, елмен сөйлескенім жоқ. Жұрт мұны әр саққа жүгіртіп әңгіме етуі мүмкін. «Ат аунаған жерде түк қалады» демекші, мен отырарлықтарға қарыздармын. Одан тек бір жақсылық жасап қана құтылармын, айта жүрерліктей, жалпы елге оң әсер тигізетін күрделі нәрсе дәмететіні белгілі. Олары орынды да. Көксарай ГЭС-інің Отырардың төңірегінен түсуіне менің тікелей араласуым болды. Ол біткеннен кейін менен аудан халқына мәңгілік ескерткіш болса керек».

Қазақ артында қалған тұяғы барды тіріге санайды. Арыстанбабтың артында бүкіл мұсылман халқы бар. Олар әулиенің қабіріне келіп, бас иіп, тағзым етуде, зиярат жасауда. Сондықтан ол өлген жоқ, әлі тірі. Оған деген құрмет тірілерден артық. Оның әруағы тірілерге қанат бітіріп, жігерін қайрап, желеп-жебеуде. Оның аты өшпейді, қайта уақыт өткен сайын рухы сөнбейтін жұлдыздар сияқты жарқырай түседі.

Қожа Ахмет пен Әл-Фарабидің, Қорқыттың ұстазы болған Арыстанбаб әулиенің лайық елде бірлік, ынтымақ, тірлік болсын ағайын! Бізді қолдап отырған ұлы мәртебелі адамдардың сый-құрметі мен сеніміне лайық болайық, бауырлар!

Әбубәкір Жаппаров,

Соғыс ардагері, дербес зейнеткер, Отрар ауданының құрметті азаматы.

«Кемеңгер Қонаев» кітабынан – Алматы, 2003 жыл. 317 бет

Date: 2015-07-22; view: 772; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.009 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию