Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Туберкулезге қарсы қолданылатын дәрілер





 

Бұл ауру кезінде жасанды заттар және кең спектрлі антибиотиктер қолданылады. Осы дәрілер негізінен туберкулезді тежейді– Кох микобактериясының өсуін тоқтатады (бактериостатыкалық әсер), кейбіреулері бактерияны мүлде жояды. Қазіргі кезде туберкулезге қарсы қолданылатын заттар белсенділігіне қарай үш топқа бөлінеді:

1. белсенділігі ең жоғары дәрілер: изониазид (Isoniazidum), рифампицин (Rifampicinum).

2. белсенділігі орташа келген дәрілер: этамбутол (Ethambutol), этионамид (Ethionamide), стрептомицин сульфаты (Streptomycini sulfas), канамицин (Kanamycinum), циклосерин (Cycloserinum).

3. белсенділігі орташадан төмен дәрілер: пара-аминосалицилат қышқылының (ПАСК) натрий тұзы (Natrii para-aminosalicylas).

1.Белсенділігі өте жоғары дәрілерге: изоникотин гидрозиді қышқылының туындылары: изониазид, фтивазид, метазид, салюзид және т.б. жатады. Осылардың ішіндегі ең күштісі – изониазид.

Изониазид (тубазид, изотамин және т.б.) – туберкулез микобактериясының, әсіресе жас торша ішіндегі туберкулез бактериясына әсері күшті келеді. Бүкіл туберкулез ауруының барлық түріне қолданады. Ересектерге және балаларға ішуге тәулігіне 5-15 мл/кг күн сайын тағайындалады. Алдын ала қолдану үшін тәулігіне 5-10 мл/кг, 2 ай ішу керек. Тағайындалу жолдары: бұлшық етке, көктамырға, ингаляция ретінде, кейде тікелей кавернаға, басқа туберкулез дәрілерімен қосылып беріледі.

Изониазид 0,1; 0,15; 0,2 және 0,3 г түймедағы 1% - 500 мл сироп түрінде және 100 мл флаконда жуу үшін; 10% - 5 мл ампуласы егуге арналған.

Жанама әсерлері: бас ауыру, бас айналу, құсу, лоқсу, жүрек тұсының ауырсынуы, терідегі аллергиялық өзгерістер, ұйқы қашу, шеткі жүйкелердің полиневриттері, көз жүйке невриті, дәрілік гепатит және т.б. әсерлер. Осындай қатерлі әсерлердің алдын алу үшін пиридоксин, тиаминмен қосып беріледі. Соның өзінде де қатерлік әсерлері: неврит, қалтырау, ауыз кеуіп кету, тепе-теңдік жоғалып кетуі мімкін.

Кері көрсеткіштері: қояншық және осыған ұқсас тырысулар, бауыр және бүйрек қызметінің бұзылуы, асқынған атеросклероз, жүкті әйелдерге, өкпе-жүрек жетіспеушілігінде ІІІ сатысы, артериялық қысымның ІІ-ІІІ сатысында, жүрек тамырының қысылуы, псориаз, экзема, микседема, демікпе және т.б.

Rp.: Sol. Isoniazidi 1% - 100 ml

Sterilisetur!

D.S. Жыланкөзді жуу үшін.

 

Рифампицин (рифамор, рифадин, римактан және т.б.) – спектрі кең жартылай жасанды антибиотик, туберкулез микобактерияларына, лепра (алапес), грам оң және грам теріс (стафилококк, менингококк, гонококк) бактерияларға, сонымен қатар, бруцеллез, бөртпелі сүзек және трахома қоздырғыштарына әсерін тигізеді. Оны өкпе және тыныс жолдарының созылмалы аурулары, зәр және өт жолының ауруларының алдын алу үшін қолданады. Менингит, перитонит, эндокардит, остеомиелит және т.б ауруларды емдеуде қолданады.

Рифампициннің қолданылатын мөлшерлері - 0,05; 0,15; 0,3 және 0,45 г қапталған түймедағы № 30 және 100; 0,15 және 0,6 г флаконы егуге арналған. Туберкулезді емдеу кезінде ересектерге мөлшері 0,45 г күніне 1 реттен, 3 жастан асқан балаларға 10 мг/кг тағайындалады. Оны қолданғанда көптеген жанама әсерлері болады: асқазан, бауыр, ұйқы безі, көз қызметтері бұзылады және лейкопения, тромбоцитопения пайда болуы мүмкін. Кері көрсеткіштері: сарғаю, гепатит, сонымен қатар, жүкті және бала емізетін әйелдерге қолданбайды.

 

Этамбутол (диамбутол, миамбутол және т.б.) жасанды дәрі, тек туберкулезді емдеу үшін басқа дәрілермен бірге қолданылады. Мөлшері 0,1; 0,2; 0,4; 0,6; 0,8 және 1 г № 50 және 100, содан соң 0,25 № 250 қапталған түрінде пайданылады. Ішу ретінде мөлшері ересектерге 15-30 мг/кг, балаларға 15-25 мг/кг тәулігіне беріледі. Бұның жалпы жанама әсерлері байқалады, бірақ көбінесе көздің қызметін бұзады. Көздің жүйке және қабыну аурулары, катаракта, ретинопатия кезінде, жүкті әйелдерге қолданылмайды.

 

Этионамид (тионид, трекатор және т.б.) туберкулез бен лепраны емдеу үшін басқа дәрілермен бірге қолданылады. Бұның түймедағы мен дражесі 0,2 және 0,25 г-нан № 10 және 50 шығарылады. Ішуге арналған мөлшері 0,25 г күніне 3 реттен, балаларға тәулігіне 0,01-0,02 г/кг беріледі. Жанама әсерлері көбінесе асқазаннан байқалады: ішінің ауыруы және кебу, іш өту, лоқсу, құсу және т.б. Асқазан, бауыр ауруларында және жүкті әйелдерге беруге болмайды.

 

Канамицин аминогликозидтік антибиотиктерге жатады (Антибиотиктер бөлімін қараңыз). Бұл да басқа туберкулездік дәрілермен бірге пайданылады.

 

Стрептомицин сульфаты – медицинадағы негізгі туберкулез дәрісі болып табылады. Ол туберкулез, туляремия, оба қоздырғыштарына әсер етеді. Бұны қолданғанда бас айналу, жүрек айну, альбуминурия, іш өту, саңырау болып қалу мүмкін. Есту жүйесі зақымданғанда, бүйрек және гипертония ауруларында қолдануға болмайды. Бұның ұнтақтары 0,25, 0,5 және 1 г флаконда егуге арналған. Бір реттік мөлшері 0,5-1 г. Балаларға тәулігіне 15-20 мл/кг беріледі. Бұл дәрі бүйрек пен құлаққа зақым келтіреді, сондықтан қолданғанда сақ болу керек.

Rp.: Streptomycini sulfatis 0,5

D.t.d. № 10.

S. бұлшық етке 2 мл новокаин ерітіндісімен егуге.

 

Циклосерин (циклокарин және т.б.) спектрі кең антибиотик, тек бұны басқа туберкулездік дәрілердің күші кеткенде қолданады. Қапталған және түймедақ түрінде мөлшері 0,25 г № 100, күніне 2 реттен аспен бірге беріледі. Балалар үшін тәуліктік мөлшері 0,01-0,02 г/кг. Оның жанама әсерлері орталық жүйке жүйесінен байқалады, сонымен бірге психоз, депрессия, қояншық, маскүнемдік, бүйректің жетіспеушілігі кезінде және жүкті әйелдерге қолданбайды.

 

Натрий пара-аминосалицил қышқылы (Немазол натрий, ПАСК-натрий және т.б.) тек туберкулез микобактерияларына әсер етеді. Басқа туберкулездік дәрілермен салыстырғанда тиімділігі төмендеу болғанымен, басқа дәрілермен бірге біраз уақытқа қолдануға болады. 0,5 г ішек-ерігіш түймедағы, 100 г пакетте грануласы және 3% - 250 мл және 500 мл егуге пайданылады. Аптасына 5-6 рет және алмастырып асқазан арқылы беріп отыру керек. 3-4 г-нан күніне 3 реттен, балаларға 0,2 г/кг сүтпен немесе 0,5-2% гидрокарбонатының ерітіндісімен қосып ішкен жөн. Жанама әсерлеріне көбінесе асқазан қызметінің бұзылуы және аллергиялық өзгерістер байқалады. Нефрит, гепатит, цирроз, асақазанның және он екі елі ішектің жарасында және т.б. жағдайларда беруге болмайды.

Rp.: Sol. Natrii para-aminosalicylatis 3% pro injectibus – 250 ml

D.S. Тамырға егу ретінде минутына 30 тамшы, 40-60 тамшыдан асырмайды.

 

 

17 тарау. Вирусқа қарсы қолданылатын дәрілер.

 

Вирустар негізінен торшаның ішінде орналасады, құрамында РНҚ немесе ДНҚ болады. Кейінгі кезде осы торшаның ішіндегі вирустарға тікелей әсер ететін заттар табыла бастады.

Вирусқа әсер ететін дәрілер, торшаның ішіне кіріп, ондағы вирус ферментіне әсер етуіне негізделген. Сонымен бірге бұл заттар вирус пен торшаның әрекеттесуінің әрбір сатысына әсер етеді.

Вирусқа қарсы қолданылатын дәрілер мынандай топтарға бөлінеді:

І. Жасанды заттар.

А/ құрамында РНҚ бар вирустарға әсер тигізетін дәрілер.

1/ ретровирустар (АИВ, ЖИТС) – зидовудин (Zidovudine), ставудин (Stavudine), саквинавир (Saquinavirum).

2/ грипп вирустары (ортомиксовирустары) – ремантадин (Remantadinum), оксолин (Oxolinum).

3/ респираторлық вирустар (парамиксовирустар) – рибавирин (Ribavirin).

Б/ құрамында ДНҚ-сы бар вирустарға әсерін тигізетін дәрілер:

4/ герпесвирустар:

а) қарапайым герпес вирустары – ацикловир (Acyclovir) және т.б.

б) цитомегаловирустар – ганцикловир (Ganciclovir).

в) вирус varictlla zoster – ацикловир, фоскарнет (Foscarnet).

5/ поксвирустар (табиғи шешек вирусы) – метисазон (Methisazonum).

ІІ. Биологиялық заттар

6/ гепаднавирустар (гепатиттерге) – интерферондар.

 

1. Ретровирустарға (ЖИТС– жүре пайда болған иммунитет тапшылықты синдром және АИВ – адамның иммунитет тапшылықты вирусы) әсерін тигізетін дәрілер.

Зидовудин (азидотимидин, ретровир және т.б.). Бұл дәріні вирустық ауруларға ЖИТС және адамның иммунитет тапшылығы вирусының (АИВ) алдын алу және емдеу үшін қолданылады. Бұдан жазылып кетпейді, бірақ адамның науқастығын жеңілдетіп, өмірін созады.

Зидовудин қапталған түрінде 0,1, 0,2 және 0,25 г № 100; 1% - 200 мл сироп түрінде ішуге; ерітіндісі 1% және 2% - 20 мл ампулада егуге арналған.

Зидовудинді қан тамыр арқылы 1-2 мг/кг мөлшерде ақырындап 1 сағатқа созып егеді, күніне 6 реттен 2 апта бойы қолдану керек. Бұл кезде лейкопения, гранулоцитопения, анемия, іш өтуі, бауырдың қызметінің бұзылуы, ұйқысыздық және т.б. жанама әсерлері болады. Көптеген ауыр жағдайларда: гипогемоглобинемия, лейкопения, тромбоцитопения, бауыр циррозы және созылмалы гепатит, бүйрек жетіспеушілігі, жүкті және бала емізетін әйелдерге қолдануға болмайды.

Ставудин (зерит және т.б.) - қапталған түрінде 0,015; 0,02; 0,03 және 0,04 г № 14, 60; ұнтақ түрінде 0,1% суспензиялық ерітіндісін дайындау үшін арналған. Тек бұны адам иммунитет тапшылығы вирусында қолданылады, 1сағат бұрын ас алдында ішеді, мөлшері - 0,03 г (60 кг-ға дейінгі салмақта), ал салмағы 60 кг және одан да жоғары болса мөлшері - 0,04 г болуы керек. Балаларға арналған мөлшері 1 мг/кг 30 кг-ға дейінгі балаларға, ал салмағы 30 кг-нан және одан да асса 0,03 г күніне 2 реттен (12 сағаттан) беріледі.

Ставудинді қолданғанда жанама әсерлері болып тұрады: шеткі жүйкелердің нейропатиясы, асқазан қызметінің бұзылуы, тәбеттің қашуы, ұйқы безінің және бауыр қызметінің бұзылуы, бұлшық ет пен жұлындардың ауырсынуы, лимфоаденопатия, нейтропения, тромбоцитопения, аллергиялық және т.б. өзгерістер. Бауыр мен бүйрек жетіспеушілігінде, бала емізетін әйелдерге қолдануға болмайды.

Саквинавир (инвираза және т.б.) - қапталған түрінде 0,2 г № 180 және 270. Бұл дәріні зидовудинмен бірге қосып адам иммунитет тапшылығы вирусына қарсы қолданады, мөлшері 0,6 г әр 8 сағат сайын беріп отыру керек. Жанама әсерлері: асқазан, бүйрек және бауыр қызметтерінің бұзылыстары, панкреотит, шеткі жүйке нейропатиясы, кейбір аймақтың жансыздануы, тырысуы, бұлшық еттің және буындардың ауырсынуы, жергілікті терінің аллергиялық өзгерістері байқалуы мүмкін. Бауыр қызметінің өте ауыр жетіспеушілігінде, бала емізетін әйелдерге, 13 жасқа дейінгі балаларға қолдануға болмайды.

 

2. Ортомиксовирустарға - грипп вирустарына (грипп вирусының А түріне және грипп вирусының А мен Б түріне) әсер ететін дәрілер.

Ремантадин (флумадин, полирем, альгирем және т.б.) – ремантадиннің немесе мидантанның туындысы Паркинсондық ауруға қарсы қолданытын дәрі. Мидантан алғашқы кезде тұмауға қарсы (грипп вирусының А2 түріне) қолданылады, ал қазіргі кезде грипп вирустарының басқа өзгерген штамдары болғасын әсер ете алмайды. Ал ремантадин дәрілері болса алдын ала және жаңа басталып келе жатқан грипп эпидемиясына қарсы жақсы әсер бере алады.

Ремантадин - 0,05; 0,1 г (Флумадин) және 0,139 г (Полирем) түймедақтары; 0,2% - 100 мл (Альгирем) және 1% - 57, 227 және 454 мл (Флумадин) флакондағы сиропы балаларға арналған. Грипп ауруларына қарсы алдын ала және ем ретінде қолданылады. Мөлшері 0,1 г (10 жастан жоғары және ересектерге) күніне 2 рет, 5 күн қатарынан ем ретінде, ал алдын алу үшін 2 апта бойы қолданылады. Балаларға 1 –ден 10 жасқа дейінгі балаларға 5 мг/кг тәулігіне, 2 рет беріледі. Жанама әсерлері шамалы: кейде бас айналып ауырады, асқазанның ауырсынуы, аллергиялық өзгерістердің болуы мүмкін. Бауырдың және бүйректің жедел аурулары болғанда, жүктілік кезінде және тиреотоксикозда қолдануға болмайды.

Оксолин - с ыртқы вирустық ауруларға қолданылатын белсенділігі күшті дәрі. Бұны терінің қарапайым және белдеулеу герпесіне, сүйелге, көздің вирустық ауруларына – кератитке және кератоконъюнктивитке, вирустық ринитке, гриппке алдын алу үшін қолданылады.

Оксолин майы түріндегі мөлшерлері 0,25%-дан 0,5%; 1%; 2%; 3%-ға дейін, салмағы 10 және 25 г-нан жағуға пайданылады. Грипптің эпидемиясы басталар кезінде күніне 2 рет (таңертең және кешке) мөлшері 0,25% майын жағып отыру керек, біраздан кейін мөлшерін 0,5% және 1% жеткізіп күніне 3-4 реттен пайдаланған жөн. Емнің ұзақтығы 2-4 аптаға дейін созылады. Сүйелді жою үшін 2% әлде 3% майын күніне 2-3 реттен 1-2 айға дейін қолданады. Бұл майдың зияны жоқ, кейде жаққан жерді дызылдатуы мүмкін.

 

03. Парамиксовирустарға - респираторлық вирустарға (пневмонияға және бронхитке) әсерін тигізетін дәрілер.

Рибавирин (рибамидил және т.б.) – вирустардың ДНҚ мен РНҚ-ның құрылыстарын тежеп отырады, ал адамның торшаларына әсер етпейді. А және В грипп вирустары түрлеріне; герпестік вирус инфекцияларға (генитальдық герпес, белдемшелік герпес және т.б.); А, В және С гепатиттерге; желді шешекке және қызылшаға әсер етеді.

Рибавирин - түймедақтары мен қаптамалары мөлшері 0,2 г №10 және №12; флакондағы ұнтақтары 6 г, ерітіндісі ингаляция (бүрку) үшін; 7,5% крем 5 г, 15 г және 30 г сықпа ыдыстарында қолданылады. Ересек адамдарға ішетін мөлшері 0,2 г, күніне 3-4 рет. Балаларға беретін мөлшері тәулігіне 10 мг/кг. Грипп ауруы кезінде 3-5 күндей, басқа вирустық ауруларда 7-12 күндей беріледі.

Рибавиринді қолданған кезде қан тамыр қысымы төмендеуі, қалқанша без қызметінің бұзылуы, қан түзілуінің тежелуі мүмкін. Бүйрек және бауырдың жедел ауруларында, тиреотоксикозда, қалқанша безінің және күрделі жүрек ауруларында, гемоглобинопатия, айқын депрессия кезінде, 18 жасқа дейін, жүкті және бала емізетін әйелдерге және т.б. күрделі жағдайларда беруге болмайды.

 

4. Герпесвирустарға - а) қарапайым герпес вирусына (тері және шырышты қабық вирусына, жыныс мүшелері вирустарына, герпестік энцефалит және кератит) әсер ететін дәрілер.

Ацикловир (ацивир, зовиракс, медовир, цитивир және т.б.) - ДНҚ ішіндегі пуриндік нуклеозидке ұқсас келеді. Бұның ең жақсы әсер ететін вирусы қарапайым герпестің 1-ші және 2-ші түрі, содан соң белдемшелік герпеске немесе теміреткіге де тиімді. Ацикловирді басқа да вирустық инфекцияларға қарсы беруге болады, оның ішінде иммунитеті төмен науқастарға және желді шешек кезінде қолданған жөн.

Ацикловирдің түймедақтары - 0,2, 0,4 және 0,8 г-нан №25, 30, 35, 100; қаптамасы 0,2 г; суспензиясы 4% флаконда 60, 80, 100 және 125 мл-ден ішуге; егетін ұнтақтары 0,125, 0,25 және 0,5 г; 5% майы және кремі 2, 3, 5, 10, 15, 20 және 30 г сықпа ыдыста; 3% көз майы 4,5 г сықпа ыдыста шығарылады.

Қарапайым герпеске 0,2 г күніне 5 рет. Белдемшелік герпеске 0,8 г күніне 5 рет. Ем ұзақтығы 5-10 күнге созылады. Қан тамыр арқылы бергенде, жасы 12-ден асқандарға және ересектерге 5 мг/кг, күніне 3 рет. Иммунитеті төмендеген науқастарға 10 мг/кг, тәулігіне (8 сағаттан) 3 рет.

Ацикловирді қолданғанда бас айналу, лоқсу, құсу, іш өту, терінің аллергиялық өзгерістері, лейкопения, тромбоцитопения т.б. өзгерістер болуы мүмкін. Өте қажетті болғанға жүкті әйелдерге және бала емізіп жүрген кезде амалсыз қолдануға болады.

 

4. - б) цитомегаловирустарға (ретинин, колит, пневмония және т.б. ішкі ауруларға) әсер ететін дәрілер.

Ганцикловир (цимевен және т.б.) – қарапайым герпес вирустарына, ал цитомегаловирустарға (ЦМВ) белсенділігі жоғары – олардың ДНҚ құрылысын тежеп отырады. ЦМВ-тар көптеген ауруларда иммунитет тапшылығында, операциядан және химия терапиядан кейін асқыну өзгерістері көбейеді. Сондықтан ганцикловир ЦМВ-тың асқыну әсерінде көп қолданылады.

Ганцикловирдің флакондағы ұнтағы 0,5 г, ерітіндісін егуге және қаптамасы 0,5 г №84 ішуге арналған. Егетін мөлшері 5 мг/кг дене салмағына, изотоникалық натрий хлориді ерітіндісі 100 мл немесе 5% глюкозаның ерітіндісімен бірге беріледі. Ем ұзақтығы 14 -21 күнге дейін. Ішу ретінде 1 г-нан күніне 3 рет немесе 0,5 г-нан тәулігіне 6 рет. Бұны қолданғанда жанама әсерлер болуы мүмкін: асқазан, бауыр, бүйрек, және аллергиялық бұзылыстар кездеседі, сонымен қатар қан қысымының көтерілуі, тромбофлебит, бас сақинасы, психоз, миастения, миалгия және т.б. өзгерістер байқалады. Нейтро- және тромбоцитопенияда, жүкті және бала емізетін әйелдерге қолданылмайды.

 

4. - в) вирус Varicella zoster (белдемшелік теміреткіге, желді шешекке) әсер ететін дәрілер.

Фоскарнет (триаптен, фоскавир және т.б.) – ДНҚ- полимеразды және кері транскриптаза АИВ бөгейді. Қарапайым вирусты герпеске, желді шешекке, белдемшелік герпеске (теміреткіге) және цитомегаловирустарға және т.б. ацикловирге үйреншікті болып кеткен вирусты инфекцияларға және иммунитет бұзылған кезде қолданылады.

Фоскарнет – 2,4% ерітіндісі 250 және 500 мл флаконда егуге арналған. Қан тамыр арқылы тамшылатып, алдымен 5% глюкоза ерітіндісінде немесе натрий хлоридінің изотоникалық ерітіндісінде 1:1 араластырып беріледі. ЖИТС, вирустік инфекция ауруларында 60 мг/кг мөлшерде 8 сағаттан немесе 90-120 мг/кг 12 сағаттан сайын 18 – 21 күнге дейін беріледі. Қарапайым және белдемшелік герпесте – 40 мг/кг, 8 сағаттан сайын 14-21 күнге дейін қолданылады.

Фоскарнеттің ең улы әсері нефротоксикалығы (бүйректі уландыру), содан кейінгі қатерлері: анемия, лейкопения, гранулоцитопения, тромбоцитопения, аритмия, ми қан айналымының бұзылуы, іштің өтуі, минеральдық және электролиттік зат айналымның бұзылуы, тыныс алу және аллергиялық өзгерістер пайда болады. Бұдан басқа нейротоксикалық әсері де байқалады: депрессия, психоз, ұйқы қашу, есінен айырылу, энцефалопатия, неврит, тілі күрмеліп, құлағы шуылдап, көзі қараяды және т.б. бұзылыстар болуы мүмкін.

 

5. Поксвирустарға – табиғи шешек вирустарына (шешек ауруларына) әсер ететін дәрілер.

Метисазон (марборан және т.б.)– шешек вирусының репродукциясын тежейді. Табиғи шешек вирусының алдын алу әсері үлкен. Вакцинация жасағаннан кейін, асқынулардың алдын алу үшін қолданылады. Қайталанатын гениталдық герпеске және вирус Varicella zoster кезінде де қолдануға болады.

Метисазон – түймедағы 0,2 г, ересектер үшін ішетін мөлшері 0,6 г, ал 14 жасқа дейінгі балаларға мөлшері 0,01 г/кг, күніне 2 рет, 4-6 күн қатарынан беріледі. Бас айналу, лоқсу, құсу болуы мүмкін, ондай кезде мөлшерін төмендетсе жанама әсерлері өз-өзінен кетеді. Бауыр мен бүйректің қызметі бұзылғанда, асқазанның аурулары (жарасы, гастрит және т.б.) кезінде қолдануға болмайды. Метисазонды қолданғанда спирттік ішімдіктерді қолдануға болмайды.

 

6. Гепаднавирустары – В және С гепатит вирустары (созылмалы белсенділігі бар гепатитке) әсер ететін дәрілер.

Интерферондар – молекулалық салмағы аздау (15000-25000) келетін белоктар вирусқа және қатерлік ісікке қарсы әсерлігі, иммуномодуляторлық әсері өте жақсы. Қазіргі кезде көбінесе жасанды генді инженерлік тәсіл мен алынған рекомбинанттық α-интерферондаральфаферон, виферон, локферон, реальдирон, реаферон, интрон А, роферон А; β-интерферондарбетаферон, рефиб, ферон т.б. және γ-интерферондаримукан т.б. Бұлардың бәрі вирустық ауруларға, қатерлі ісікке және т.б.ауруларға қолданылады.

 

 

19 тарау. Микоз ауруларына қарсы қолданылатын дәрілер.

 

Патогендік және шамалы-патогендік ұсақ саңырауқұлақ микробтардан пайда болған ауруларды микоздық сырқаттар деп атайды. Бұлар өте көп көшпелі жергілікті және жүйелі аурулар. Енді осы микоздық ауруларына қолданылатын дәрілер мынандай топтарға жіктеледі:

І. Патогенді микозды тудыратын ауруларға қарсы қолданылатын дәрілер:

1) жүйелі микоздарға (гистоплазмоз, криптококкоз, бластомикоз т.б.) ауруларына қолданылатын дәрілер:

а/ антибиотиктер – амфотерицин В (Amphotericinum), микогептин (Mycoheptinum).

б/ жасанды заттар – миконазол (Miconazole), кетоконазол (Ketoconazole), флюконазол (Fluconazole).

2) эпидермомикозға (дерматомикозға) қолданылатын дәрілер:

а/ антибиотиктер – гризеофульвин (Griseofulvinum).

б/ жасанда заттар – тербинафин (Terbinafine) және йодтық дәрілер – спирттік йод ерітіндісі, калий йодиді.

в/ жергілікті қолданылатын дәрілер: клотримазол (Clotrimazole), «цинкундан» майы (Unduentum Zincundanum), «ундецин» майы (Unguentum Undecinum), микосептин, йодтық препараттар т.б.

ІІ. Шамалы патогендік микоз тудыратын ауруларға (кандидомикоз) қарсы қолданылатын дәрілер:

а/ антибиотиктер – нистатин (Nistatinum), амфотерицин.

б/ жасанды заттар – миконазол, клотримазол (Clotrimazole).

 

Амфотерицин В (амфостатин, амбизом, фунгизон т.б.) - түймедағы 0,1 г; 10% - 30 және 50 мл суспензиясы ішуге; 0,05 және 0,1 г ұнтақ флаконда егуге; майы 15 және 30 г (1 г – 30000 ӘБ). Бұл ең күшті, ықпалдығы терең және жүйелі микозға қолданылатын дәрі. Бұл дәріні лейшманиозға да қолдануға болады.

Амфотерицинді пайдаланғанда алдымен байқау ретінде 0,1 мг/кг мөлшермен бастау керек, содан соң аса көп қатерлік өзгерісі болмаса, тәулігіне 0,5 мг/кг мөлшермен бастап, әрі қарай тәулігіне 3 мг/кг мөлшерге апаруға болады. Қолданғанда сақ болу керек, қатерлі әсерлері болады: қанның құрамының, бүйректің және бауырдың жұмысының бұзылуы.

Rp.: Unguenti Amphotericini B 30,0 (1 г – 30000 ӘБ)

D.S. Күніне 1-2 рет жағу үшін.

#

Rp.: Amphotericini 0,05

D.t.d. 10

S. 5% қант ерітідісімен бірге күніне 1-1,5 мг/кг

көк тамыр арқылы егуге.

 

Микогептин – түймедағы 100000 ӘБ №40, бұл да антибиотикке жатады, Амфотерицинге ұқсас келеді, тереңгі және ішкі жүйелі микоздарға қолданылады. Күніне 2 реттен 0,25 г (250000 ӘБ) 10 -14 күн қатарынан беріледі. Аллергиялық өзгеріс болып жатса соған қарсы (антигистаминдік) берілетін дәрілерді қолдану керек, ал асқазанның жұмысы нашарласа новокаин ерітіндісін пайдалану керек. Бауырдың және бүйректің қызметі бұзылғанда, асқазанның жедел (саңырауқұлақсыз) аурулары болса бұл дәріні қолданбайды.

Миконазол (гинезол, дактанол т.б.) - 2% - 15 және 30 г кремі; вагинальдық суппозиторий және вагинальдық қаптамалар 0,1; 0,2 және 0,4 г. Жергілікті қолдың, дененің, терінің ұсақ саңырауқұлақтық (трихофития, эпидермофития т.б.) және әйел жыныс мүшелерінің кандидоздық ауруларына қолданылады.

Микоздық ауруларды болдырмау үшін ауыз қуысына және асқазанға гель түрінде мөлшерлі қасықпен жас балаларға қасықтың 1/4, ал есейген балаларға қасықтың 1/2 күніне 4 реттен береді. Гелді жұтып жібермей, көбірек ауызға ұстап тұрған жөн. Микоздық терінің және тырнақтың ауруларына күніне 1-2 рет жазылғанша (2-6 аптаға дейін) ысып жағу керек. Микоздық қынап ауруларына 1 -2 рет балауызды жатар алдында салып қою керек. 7 күн қатарынан емделеді.

Миконазолды пайдаланған кезде лоқсу, жергілікті тітіркену және аллергиялық өзгерістер болады. Бауырдың және бүйректің қызметі бұзылғанда, жүкті әйелдерге, сыртқы герпестік қызу кезінде қолдануға болмайды. Миказолды қолданғанда кумариндік антакоагулянтардың, ауыз арқылы пайданылатын гипогликемиялық дәрілердің және дифениннің емдік әсері біраз күшейе түседі.

Кетоконазол (микозорал, низорал т.б.) - 0,2 түймедағы; 0,4 вагинальдық суппозиториі; 2% - 25 және 60 мг флакондағы сабын суы; 2% кремі және 15, 20 және 30 г майы шығарылады. Бұның бір жақсы қасиеті ішу арқылы және тері үстіне пайдаланғанда әсері бірдей келеді, сондықтан бұны сыртқы және ішкі жүйелік микозға қолданады.

Кетоконазолды тамақпен бірге береді: дерматомикозға күніне 1 реттен мөлшері 0,2 г 2-8 апта қатарынан; онихомикозға және созылмалы кандидозға – сол мөлшермен жазылғанша (шамасы 4-6 аптадай болады); ауыз қуысы, асқазан және несеп-жыныс жүйесі зақымданғанда мөлшері 0,2-0,4 г-нан күніне 1 реттен 2 апта, содан соң 0,2 г-нан күніне 1 реттен жазылғанша (шамасы 4-6 апта болады); жүйелік микозда – бірінші 2 аптада күніне 0,4 г-нан, содан соң күніне 0,2 г-нан бірнеше айға созылады.

Жергілікті микоздарға майы, кремі, сабын суы күніне 1-2 рет, жазыла бастағанда 2-3 рет аптасына сонымен жазылғанша беру керек, ал қынап балауызды түріндегі дәріні күніне 1 реттен 3-5 күндей қолданады. Осы емдік әрекеттер кезінде жергілікті аллергиялық өзгерістер және жалпы лоқсу, құсу, бас айналуы, кейде бауыр қызметі бұзылуы байқалады. Бала емізетін және жүкті әйелдерге, бауырдың қызметі бұзылғанда бұл дәріні қолдануға болмайды.

Флуконазол (дифлукан, максосист т.б.) - 0,05 және 0,1 г қаптамасы; 0,2 г түймедағы; 0,5% сиропы; 1% және 2% суспензиясы; 0,2% ерітіндісі 50, 100 және 200 мл флаконда егуге арналған. Бұл өзі ашытқы ұсақ саңырауқұлақты және көптеген соған ұқсас инфекциялық аурулар, оның ішінде криптококкозды менингит, жүйелі кандидоз, шырышты қабықшаның кандидозы, қынап кандидозы, микозды инфекциялар кезінде тағайындалады. Алдын алу мақсатында қатерлі ісіктерді цитостатиктермен және сәулемен емдегенде, ЖИТС ауруларына, ішкі ағзаларды ауыстырғанда, иммунитет төмендегенде және әртүрлі кандидоздарда қолданылады.

Флуконазолдың емдік жалпы орташа мөлшері 0,2 г-нан 0,4 г-ға дейін болады. Шырышты қабықшаның кандидозында – 0,05-0,1 г күніне, қынап кандидозында – 0,05 г күніне. Балалардың кандидозында және криптококкозды инфекцияда – 15 мг/кг қан тамырға, содан соң осы мөлшерді ішу арқылы жалғастыру керек. Ауыз қуысының және жұтқыншақтың кандидозында 8-12 мг/кг тәулігіне тағайындайды. Кандидозды болдырмау үшін алдын ала күніне 5-10 мг/кг беріледі. Бұны пайдаланғанда лоқсу, құсу, іш өту және кебу, бауырдың қызметінің бұзылуы, тері бөртуі және лейкопения пайда болуы мүмкін. Жүкті және бала емізетін әйелдерге, бір жасқа дейінгі балаларға қолданбайды.

Гризеофульвин (грицин, грифульвин т.б.) - түймедағы 0,125 г; 10% - 100 мл суспензиясы ішуге; 2,5 % - 10 г-нан 30 г-ға дейін линименті. Бұл өзі әртүрлі дерматоциттерге (трихофитондарға, микоспориумдарға, эпидермофитондарға) тиімді, ал кандидомикоздарға әсер етпейді. Жалпы күніне 1 түймедақтан аспен бірге және бір шай қасық өсімдік майымен бірге, суспензияны 3 жасқа дейінгі балаларға және жергілікті микоздарға линименті жағады. Микроспориялар мен трихофитияларға қолданғанда шашты және бармақтардың тырнағын алу керек. Аптасына 2 рет басты сабынды сумен жуып отыру керек, содан кейін бастың құйқасына жасанды майлы дәрілерді жағады және 2-3% спиртті йод ерітіндісімен ысады.

Гризеофульвинмен бірге витаминдерді (аскорбин қышқылы, тиамин бромиді, рибофлавин, никотин қышқылы) беріп отыру қажет, өйткені көптеген жанама әсерлері болып тұрады. 10-15 күнде 1 рет қанның анализін жасап, байқап отырған жөн, көбінесе қанға зақым келтіреді. Қан жүйесі ауруларында, лейкопенияда, бауырдың және бүйректің ауруларында, қатерлі ісіктерде, жүйелі қызыл жегіде, жүкті және емізетін әйелдерге қолдануға болмайды.

Rp.: Linimenti Griseofulvini 2,5 % - 20 ml

D.S. Зақымданған жерге жағуға.

#

Rp.: Suspensionis Griseofulvini 10% - 100 ml

D.S. 1 шай қасықпен аспен бірге күніне 3 рет.

 

Тербинафин (ламизил т.б.) - түймедағы 0,125 және 0,25 г ішуге; 1% - 15 және 30 мл ерітіндісі сүртіп тазалап отыруға; 1% - 10, 15 және 30 кремі жағуға пайданылады. Спектрлік әсері кең, көптеген ұсақ саңырауқұлақтарға және кандидоздарға қарсы қолданылады. Дерматомикозға және кандидоздарға 0,25 г күніне 1-2 реттен 2-6 аптаға, ал онихомикоздарға 12 аптаға дейін пайданылады. Балаларға салмағы 20 кг 0,0625 г, 20-40 кг – 0,125 г, 40 кг-нан аса – 0,25 г тәулігіне 6-12 аптаға дейін қолданылады. Кейбір жанама әсерлері (диспепсиялық және аллергиялық өзгерістер) байқалады. Бауыр және бүйрек жетіспеушілігінде, қан құрамының ауруларында, қатерлі ісіктерде, зат алмасудың бұзылысында, шеткі тамырлардың ауруларында, бала емізетін және жүкті әйелдерге қолдануға болмайды.

Клотримазол (канестен т.б.) - вагинальдық түймедағы 0,1 г-нан 0,5 г-ға дейін; 1% майы және 1%, 2%, 10% - 5 г-нан 50 г-ға дейін кремі; 1% - 20 мл лосьоны; 1% - 15 – 40 мл ерітіндісі және 40 мл аэрозолі шығарылады. Бұның барлығын күніне 2-3 реттен, ұзақтығы 1-4 аптаға, кейде одан да көпке жергілікті жағуға және сүртуге қолданады. Урогенитальдық кандидозда қынаптың ішіне 1-2 түймедағын салады, күніне 1-2 реттен 3-12 күнге дейін пайданылады. Қынаптың сыртқы жағына және теріге кремді немесе гелді күніне 2-3 реттен 1-2 аптаға дейін қолданады.

Клотримазолдың спектрлік әсері өте кең, көбінесе терілік микоздардың түрлеріне, урогенитальды кандидозға, трихомониазға және түрлі-түсті теміреткіге қолданылады. Жүкті және бала емізетін әйелдерге қолдануға болмайды.

«Цинкундан» майы 30 г; «Ундецин» майы 25 г және микосептин 30 г майы (бұлардың құрамында бірнеше микозға қарсы әсер ететін дәрілер бар) - бұлар әртүрлі терілік микоздарға жағу ретінде күніне 2 рет 15-20 күн қолданылады.

Нистатин (фунгистатин, микостатин т.б.) - түймедағы 250000 және 500000 ӘБ; суппозиториі (ректалды және қынапты) 100000 ӘБ-ден – 500000 ӘБ-ге дейін; майлары 10г, 15 және 30 г (100000 ӘБ/г). Түймедағын күніне 3-4 реттен 500000 ӘБ әлде 250000 ӘБ күніне 6-8 реттен, емдік ұзақтығы 10-14 күнге созылады. Бұны көбінесе алдын ала және емдік ретінде әртүрлі кандидомикоздарға қарсы, оның ішінде антибиотиктермен көп пайдаланғаннан болатын асқазанның және ішкі мүшелердің (өкпе, бүйрек және т.б.) кандидомикоздық ауруларында қолданады. Нистатиннің улы әсері төмен, бірақ кейде лоқсу, құсу, қызба, аллергиялық өзгерістер болуы мүмкін, онда мөлшерін төмендету керек.

Rp.: Suppositorium cum Nystatino 250000 ӘБ

D.t.d. № 10

S. 1 балауыздан жатарда қолданылады.

#

Rp.: Unguenti Nystatini 30,0 (100000 ӘБ/г)

D.S. Күніне 2 реттен жағуға.

 

18 тарау. Протозойға қарсы қолданылатын заттар.

 

Протозойға қарсы қолданылатын заттар дегеніміз қарапайым құрттарға қарсы қолданылатын дәрілер. Бұлар келесі топтарға бөлінеді:

1/ Безгекке қарсы қолданылатын дәрілер – хингамин. примахин, хлоридин, хинин.

2/ Амебиазды емдеуге арналған дәрілер – метронидазол, хингамин, хиниофон, эметин гидрохлориді, тинидазол.

3/ Лямблиозаға қарсы қолданылатын дәрілер – метронидазол, фуразолидон, тинидазол.

4/ Трихомонозды емдеуге арналған дәрілер – метронидазол, трихомоноцид, тинидазол.

5/ Токсоплазмозға қарсы қолданылатын дәрілер – хлоридин, аминохинол, левамизол, сульфадимезин және т.б.

6/ Балантидиазға қарсы қолданылатын дәрілер – тетрациклиндер.

7/ Лейшманиозға қарсы қолданылатын дәрілер - солюсурьмин, акрихин.

 

1.Безгекке қарсы қолданылатын дәрілер.

Безгектің қоздырғышы қарапайым плазмодий (Plasmodium) құрты болып табылады. Ол өзінің дамуы барысында екі циклде өтеді:

1/ жынысты дамуы – масаның ішінде спорогения немесе споралар болып табылады.

2/ жыныссыз дамуы – адамның денесіндегі шизогония немесе оларды – шизонттар деп атайды.

Маса адамды шаққанда адамның денесіне спорозит түседі. Одан кейін спорозит (спора – ұрық) бауыр торшасына кіріп, көбейеді. Оны бауырдың ұлпасындағы гистошизонттар деп атайды. Шизонттар қанға өтіп, қандағы эритроцитке кіріп гематогенмен бірге бөліне бастайды - оларды гематошизонттар дейді. Эритроциттен шыққанда екіге бөлінеді – ерлік және әйелдік жыныс торшалары болып – оларды гамонттар деп атайды. Бірақ бұлардың жыныс жолымен бөлінуі тек масаның ішінде өтеді, сол безгекті науқас адамды тағы да маса шағуы керек. Осылайша цикл жалғаса береді. Осы цикліне байланысты дәрілер әсер етеді. Сондықтан бұлар келесі топторға бөлінеді:

Гематошизотропты (қанның немесе эритроциттің ішіндегі шизонттарға әсер ететін) заттар – хингамин (Chingaminum), хинин (Chininum), хлоридин (Chloridinum).

Гистошизотропты (бауыр ұлпасының ішіндегі шизонттарға әсер ететін) заттар – хлоридин.

Гамонтотропты (жынысты) заттар – хлоридин, примахин (Primachinum).

Безгекті қанша емдегенмен тез жазылып кетпейді, жыл сайын, жазға салым безгектің ұстамасы болып тұрады (дене қызуы көтеріліп, дірілдеп, қалшылдап қара терге түседі). Бұл бауыр ұлпада қалған гистошизонттық таңбасының әсерінен болады, ауа райының өзгерісіне, дымқылға шошынып тұрған дененің өзгерісі. Бұндай ұстамалы жүрістер 7-10-12 жылға дейін созылады. Сондықтан безгектің ұстамасын болдырмау үшін алдын алу ретінде безгекпен ауырған әрбір адамға және безгек тараған аймақтағы бүкіл халыққа жазға салым осы дәрілерді беріп отыру керек.

Хингамин (хлорохин, делагил, резохин т.б.) – түймедақ түрінде 0,25 г және ампуласы 5%-5 мл. Ересектерге 2,0-2,5 г безгектің әр түріне бүкіл емге қолданылады; 1 күні 0,5 г-нан 6-8 сағаттан барлығы 1 г, 2-ші және 3-ші күні 0,5 г 1 реттен тағайындалады. Оның гематошизотроптық әсері басым келеді. Бұны амебиазға да пайдалануға да болады. Бұның иммунодепрессантық әсері бар және аритмияға қарсы қолданылады.

Безгектің қатерлік түрінде хингаминде бұлшық ет арқылы егіледі. Бір рет пайданылатын мөлшері 5% 10 мл. Қажет жағдайда 6-8 сағаттан кейін тағы беріледі. Қан тамырға осы мөлшерді тек өте қажетті болғанда, тек 40% 10-20 глюкозамен немесе изотоникалық NаCI ерітіндісімен егіледі. Көп уақыт қолданғанда дерматит, бас айналу, құсу, құлақ шуылдау, көздің аккомодациясы мен көру бұзылады, кейде лейкопения және тромбоцитопения байқалады. Жүректің күрделі ауруларында, бауырдың диффуздық бұзылысы және қан түзетін мүшелер ауруларында қолданбайды.

Хинин – хинин теректің қабықшасынан алынады. Хинин гидрохлоридінің 0,25 және 0,5 г түймедағы әртүрлі безгек, оның ішінде гематошизонттарға қарсы қолданылады. Ересектерге арналған мөлшері 1,0 -1,2 г тәулігіне, күніне 2-3 реттен 5-7 күнге дейін беріледі. Балаларға беретін мөлшері: 1 жасқа дейін- тәулігіне 0,01 г әр ай сайын қосылады; 1 жастан 10 жасқа дейін 0,1 г жыл сайын косылады; 10 жастан 15-ке дейін 1 г қосылады; 15 жастан әрі мөлшері ересектерге сәйкес мөлшермен беріледі.

Негізі хинин өте улы дәрі, қан тамыр арқылы бергенде қан қысымы төмендейді, бұл кезде NаCI изотоникалық ерітіндісін және қан қысымын жоғарылататын дәрілерді – кофеин, эфедрин, норадреналин, камфораны қолданады. Хининді пайдаланғанда құлақ шуылдауы, бас айналу, құсу, жүректің соғуы, қолдың дірілдеуі, ұйқысыздық байқалуы мүмкін. Хининді қолдануға болмайтын кері көрсеткіштер: глюкоза-6-фосфатдегидрогеназа ферментінің жетіспеушілігі, гемоглобинуриялық қызба, ортаңғы және сыртқы құлақтың аурулары. Бұның тағы бір тұзы - хинидин сулфаты аритмияға қарсы қолданылады.

Хлоридин (пириметамин т.б.) – 0,005 және 0,01 г түймедағы безгектің әр түріне қолданылады және токсоплазмалар мен лейшманияға әсері күшті. Бұның гемонтропты әсері бар. Бұл дәрі безгектің ұстамасы кезінде қолданылады. Безгекті болдырмау үшін алдын ала аптасына 1 реттен 4 жасқа дейінгі балаларға 6,25 мг, 4 жастан 10 жасқа дейінгі балаларға 12,5 мг, 10 жастан үлкен және ересек адамдарға 25 мг-нан тағайындалады. Безгекті емдеу үшін хлоридинді сульфаниламидтік дәрілермен қосып береді. 4 жастан 10 жасқа дейінгі балаларға 25мг, 10 жастан 14 жасқа дейінгі балаларға 50мг, ересектерге 50-75 мг, ұзақтығы 2 – 4 күн қатарынан тағайындалады.

Хлоридинді жедел және созылмалы токсаплазмозға қолданғанда 1 рет емнің циклы 5 күн қатарынан: 2 жастан 6 жасқа дейін 25 мг, содан кейін үзіліс 7-10 күндей, сосын 10 мг, бірақ сульфаниламидтік дәрілермен бірге қосып беріледі, 6 жастан әрі және ересек адамдарға 50 мг, сосын тағы да 25 мг сульфаниламидтік дәрілер қосып береді. Хлоридинді 2 – 3 циклдық ем ретінде береді. 1- 2 айдан кейін керек болса тағы да қайталайды. Жүкті әйелдерге алдын ала токсаплазмозды нәрестеге жүқтырмау үшін 16 аптадан бастап беруге болады. Емнің ұзақтығы екі цикл, үзілісі 10 күндей.

Хлоридинді қолданғанда бас ауыруы және айналуы, ұйқысыздық, мұңаю, тырысу, жүрек аймағының ауыруы, ішек жұмысының бұзылуы, қызба және т.б. жеңіл-желпі өзгерістер байқалады. Бұл дәріні ұзақ пайдаланғанда және мөлшері 75 мг-ға дейін жоғарылатқанда қатерлік әсері де күшеюі мүмкін: мегалобласттық анемия (фоль қышқылының төмендеуі), лейкопения, тератогенді өзгеріс, аритмия, коллапс және т.б. Сондықтан әлсін-әлсін қан мен зәрдің құрамын зерттеп отыру керек. Қан түзілуі бұзылғанда және бүйрек ауруларында бұны қолдануға болмайды.

Примахин (примаквин және т.б.) -түймедағы 0,003 және 0,009 г әртүрлі безгекке, оның ішінде гистошизотропты және гамонтотропты қозғыштық кезінде қолданылады. Ересектерге бір тәулікке арналған мөлшері 27 мг, емнің ұзақтығы 14 күн. Бір тәуліктік мөлшері 1 жастағы балаларға – 2,25 мг, 1 жастан 2 жасқа дейін мөлшері – 4,5 мг, 2 жастан 4 жасқа дейін мөлшері – 6,75 мг, 4 жастан 7 жасқа дейін мөлшері – 9 мг, 7 жастан 12 жасқа дейін мөлшері – 13,5 мг, 12 жастан 15 жасқа дейін мөлшері 18 мг, 15 жастан жоғарыларға мөлшері – 27 мг.

Примахинді қолданғанда аздап болса да жанама әсерлері байқалады: ішінің ауырсынуы, іш өту, жүрек аймағының ауырсынуы, жалпы әлсіздік және т.б. Әлсін-әлсін қан мен зәр құрамын зерттеп тұру керек. Қандағы гемоглобин төмендесе және лейкоциттер азайса примахиннің қолданылуын тоқтату керек.

Бұл дәріні жедел індетті (безгектен басқа) аурулар, ревматизмнің қозған кезеңі және гранулоцитопенияға әкелетін аурулар, қан мен қан түзу мүшелерінің және бүйрек аурулары, стенокардия кезінде қолдануға болмайды

Безгекке қарсы қолданылатын ұқсас дәрілер: мефлохин, бигумаль, акрихин т.б. сульфаниламидтер, диафинилсульфон (лепроздық дәрі), қосылмалы дәрілер: фансидар (хлоридин+сульфадоксин) және т.б.

 

2.Амебиазды емдеуге арналған дәрілер.

Амебиаз негізінен ауа райы ыстық елдерде көп таралған. Қоздырғышы Entamoeba histolica. Көбінесе тоқ ішекке әсер етеді. Ішекке енген соң оның қабырғасында да, қуысында да көбейе береді. Тағы да қанмен таралып, ол бауырды (гепатит, бауыр абцессі болады) зақымдайды. Қоздырғыштың орналасуына байланысты оған қарсы қолданылатын заттар келесі топтарға бөлінеді:

1. Қоздырғыштың орналасуына қарамастан әсер ететін дәрі – метронидазол (Metronidazolum).

2. Қоздырғыш ішек қуысында орналасқанда әсер ететін дәрі – хиниофон (Chiniofonum).

3. Ішектің қабырғасы мен қуысында орналасқанда әсер ететін дәрі – тетрациклин.

4. Бауыр мен ішек қабырғасында орналасқанда қолданылатын дәрі – эметин гидрохлориді (Emetini hydrochloridum), хингамин, тинидазол (Tinidasolе).

 

Метронидазол (флагил, клион, трихопол, вагимид және т.б.) - түймедақ түріндегі мөлшерлері 0,2; 0,25; 0,4; 0,5 және 0,6 г №10 және №20; қынап түймедағы 0,5 г №10; балауызы 1 г-нан; 0,5% - 10 мл ампуласы, 20 және 100 мл флаконы егуге арналған; 0,75% және 1% - гелі сықпа ыдыста 15, 30 және 50 г.; 1% кремі сықпа ыдыста 15 г-нан шығарылады.

Метронидазолдың спектрі өте кең, бүкіл қарапайым және анаэробтық инфекцияларға әсер етеді. Бұны көптеген ауруларға: амебиаз, трихомониаз, лямблиоз, лейшманиоз, бактериялық вагиноз және көп уақытқа созылып кеткен бактериялық жаралар кезінде қолданады. Бұл дәріні қабылдайтын науқастарға спирттік ішімдік қолдануға болмайды, жүрегі айнып, құсады, сондықтан бұны маскүнемдікте де қолданады.

Амебиазға ішу ретінде метронидазолды қолданғанда түймедағын шайнамай жұту керек, мөлшері 0,25 – 0,75 г тәулігіне 3 реттен 10 күн қатарынан беріледі; 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға – 0,25 г күніне 1 рет; 5 жастан 10 жасқа дейін – 0,375 г.; 10 жастан 15 жасқа дейін – 0,5 г күніне 1-2 реттен аспен бірге ішеді.

Метронидазолды қолданғанда көптеген жанама өзгерістері болады: тәбеттің төмендеуі, ауыз кебуі және жағымсыз дәмнің болуы, лоқсу, құсу, іш өту, бас ауырсынуы, дененің қышуы және бөртуі. Кейде қосымша лейкопения, атаксия, уақытша эпилептикалық тырысулар, қынапта ұсақ саңырауқұлақтардың (кандидоз) пайда болады.

Жүкті және бала емізетін әйелдерге, қанның құрамы өзгергенде, жүйке ауруларында қолдануға болмайды.

Rp.: Metronidazoli 0,5

D.t.d. 10 in tabulettis vaginalis.

S. 1 түймедақтан жатарда қынапқа салып жатуға.

 

Хиниофон (ятрин және т.б.) түймедағы 0,25 г, амебалық дизентерияға қолданылады, күніне 2 түймедақтан 3 рет, әрі қарай тәулігіне 3 г-ға дейін мөлшерін көтеруге болады, емнің ұзақтығы 5 күн содан соң 10 күн үзіліс, сосын екінші рет тағы да 5 күн емді қайталау керек. Хиниофонның құрамында 25 – 26% йод бар, сондықтан ем ұзаққа созылса йодизмге әкеліп соқтырады (тері үсті қышып, бөртіп кетеді). Осындай қатерлігінен қазіргі кезде хиниофонды көп пайдаланбайды, тек басқа дәрілердің көмегі болмағанда ғана қолданады.

Эметин гидрохлориді - 1%-1 мл ампуласы, күніне 2 реттен 1,5 мл тері астына немесе бұлшық етке жедел амебалық дизентерияға қолданылады. Емнің ұзақтығы 4 күннен 6 күнге, ал қажет болғанда 7-8 күнге дейін созылады, бірақ мөлшерін асыруға болмайды. Амебалық дизентерия созылмалы түрге айналғанда тағы да 3-4 рет емдеу циклын қайталау керек, тек циклдың арасында 7-10 күндей үзіліс жасаған жөн. Қосымша тетрациклин және басқа да антибактериялық дәрілер беріледі. Эметинді көбірек қолданып және артық мөлшерін қолданғанда жанама әсерлері көріне бастайды: әлсіздік, лоқсу, құсу, шеткі қол және аяқтың бұлшық еттері ауырсына бастайды, жүрек әлсірейді, полиневриттер білінеді. Мұндай қатерлік әсерлері басым болса эметинмен емдеуді тоқтату керек.

Хингаминді (безгекке қарсы дәрілерді қараңыз) амебалық дизентерияны емдеу үшін қолданғанда ішу ретінде ересектерге 0,25 г-нан күніне 4 рет 2-3 күн қатарынан береді. Балаларға арналған тәуліктік мөлшері 50-60 мг/кг 3 күн қатарынан қолданылады.

Тинидазол (тизол, фазижин және т.б.) түймедақтары 0,3 г №4, №10 және 0,5 г №4 болып шығарылады. Бұның құрылысы мен спектрлік әсері метронидазолға ұқсас келеді, ал белсенділік әсері қынаптық трихомонадаға, лямблийге мен амебаға, одан соң әртүрлі анаэробтық бактерияларға байқалады. Сондықтан тинидазолды көбінесе әйел мен ер адамның трихомониазы, бактериялық вагинозы, лямблиоз, амебалық дизентерия, анаэробтық және аралас инфекциялар, осының зардабынан болған аурулар - өкпенің және мидың абсцессі (іріңді ісік), эндокардит кезінде тағайындайды.

Тинидазолмен амебалық дизентерияны емдегенде ересектерге берілетін мөлшері 2 г бұны 1 күнде береді, ал емдік уақыты 2-3 күнге созылады. Бұл кезде шамалы жанама әсерлері болуы мүмкін – ішек қызметінің бұзылуы, жеңіл көшпелі лейкопения, ал тинидазолдың қолданылуы ұзақ уақытқа созылғанда қатерлік әсерлері метронидазолға ұқсас көріне бастайды.

 

3.Лямблиозға қарсы қолданылатын дәрілер.

Лямблиоздың қоздырғыш құрты Lamblia intestinalis, ішектің қуысында өсіп өнеді, ішектің жұмысына кедергі жасайды, ауруға шалдықтырады (дуоденит, энтерит). Емдеуге қолданылатын белгілі дәрілер: метронидазол, фуразолидон және аминохинол (Aminochinolum), тинидазол.

Метронидазолды (амебалық дизентерияға қарсы дәрілерді қараңыз) лямблиозға қарсы қолданғанда ересектерге ішу ретінде 0,25 г-нан күніне 2 – 3 реттен 5-7 күн қатарынан беруге болады немесе 2 г тәулігіне 3 күн қатарынан. 1 және 2 жастағы балаларға – 0,5 г, 3 жастан 6 жасқа дейін – тәулігіне 0,6 - 0,8 г-нан 3 күн қатарынан, 7 жастан 10 жасқа дейін тәулігіне 1 - 1,2 г 5 күн қатарынан беріледі.

Фурозолидонды (сульфаниламидтік дәрілерді қараңыз) лямблиозға қарсы қолданғанда мөлшері 0,1 г күніне 4 реттен, ал балаларға тәулігіне 10 мг/кг күніне 3-4 реттен беріледі.

Аминохинол түймедақтары 0,025 және 0,05 г-нан №10 шығарылады. Бұны лямблиоз, лейшманиоз, токсоплазмоз, жаралы колит, жүйелі қызыл жегі кезінде қолданады. Емдеу циклы 5 күн, содан соң 4 – 5 күннен кейін тағы да қолдануға болады. Ішу ретінде тамақтан соң 20 - 30 минуттан кейін (мөлшері ересектерге 0,15 г) күніне 2 - 3 реттен тағайындайды. 1 жасқа дейінгі балаларға тәулігіне – 0,025 г, 1 жастан 2 жасқа дейін – 0,05 г, 2-ден 4-ке дейін – 0,075 г, 4-тен 6-ға дейін – 0,1 г, 6-дан 8-ге дейін – 0,15 г, 8-ден 12-ге дейін 0,15-0,2 г, 12-ден 16-ға дейін – 0,25-0,3 г беріледі. Тәуліктік мөлшерін 2 – 3 ретке бөліп беру керек. Жүкті әйелдерге босанардан бұрын нәрестеге токсоплазмозды жұқтырмау үшін жүктіліктің 8 аптасынан кейін қолдануға болады.

Аминохинолды қолданғанда науқастарда бас ауыруы, тәбеттің төмендеуі, ұйқысыздық, құлақтың шулауы, жалпы әлсіздік байқалады. Терінің жергілікті аллергиялық өзгерістері байқалса, әрі қарай қолдануға болмайды, өйткені бауырдың, бүйректің және қан түзу қызметіне кедергі келтіреді. Сондықтан әр кезде анализ жасап отыру керек.

Тинидазолды (амебиазды қараңыз) лямблиозға қарсы қолданғанда ересектерге 2 г-дық мөлшерін таңертеңгі астан соң 40 – 50 минуттан кейін бәрін бір уақытта немесе тәулігіне 0,3 г-нан 7 күн қатарынан беруге болады. Кейде дерттің беті қайтпай тұрса, емдеу циклын 6-7 рет қайталауға болады. Балалар мөлшері салмағына карай 50 – 75 мг/кг.

 

4.Трихомонозды емдеуге арналған дәрілер.

Трихомоноздың қоздырғышы – Trichomonas vaginalis болып табылады. Ол жыныс мүшелерін зақымдайды, әйелдерде вагиналдық кольпит, вульвовагинит, ал ер адамдарда уретрит пайда болады. Бұл қоздырғышқа қарсы метронидазол, трихомоноцид (Trichomonacidum) және тинидазол (Tinidazole) қолданылады.

Метронидазолды (лямблиозға карсы дәрілерді қараңыз) трихомонозды емдеу үшін қолданғанда ересектерге 2 г-ды бірден ішу немесе 0,5 г-ды тәулігіне 2 рет 5 күн қатарынан немесе 0,25 г-нан тәулігіне 3 реттен 7 күн қатарынан тағайындалады. Балаларға қолданғанда 1 жастан 5 жасқа дейін – 0,25 г, 6 жастан 10 жасқа дейін – 0,375 г, 11 жастан 15-ке дейін – 0,5 г-нан тәулігіне 3 реттен 7 күн қатарынан беріледі. Қынапты түймедақтарын 1 реттен ұйқы алдында қынапқа салып жату керек, 6 күн қатарынан қолданады.

Трихомонацид түймедақтары және қынап балауыздары 0,05 г. Бұның трихомонадаға деген белсенділігі өте жоғары келеді, сондықтан да трихомонацидті әйелдер мен ер адамдардың урогениталды ауруларына қолданады. Ересектерге ішу ретінде (тамақтың артынан) тәулігіне 0,3 г күніне 2-3 реттен барлығы 3 - 5 күндей қолданылады. Жергілікті балауызды қолдану алдында жатарда қынапты тазалау керек (спринцті әдіспен), содан кейін 0,05 г қынап балауызын 10 күн қатарынан пайдалану керек, тек етеккірден кейін қолданады. Ал ер адамдарға 1% - 10 мл уретра арқылы 10-15 минут бойы жуу керек. Сосын 5-6 күн қатарынан қолданылады.

Трихомонацидтің артық мөлшерін қабылдағанда кілегейлі қабықшаны тітіркендіреді, жағымсыз жағдайлар (сілекейлі сөлдердің көп бөлінуі) байқалады. Бұл кезде трихомоноцидті әрі қарай пайданалуға болмайды.

Rp.: Trichomonacidi 0,05

Olei Cacao 3,0

M. f. suppositorium vaginale

D.t.d. № 6

S. 1 балауыздан жатарда қынапқа салып жатуға.

Тинидазолмен (амебиазға қарсы дәрілерді қараңыз) трихомониазды емдеу үшін ішу ретінде бірнеше кестелері пайданылады: 2 г бір рет ішкізу; 0,5 г-нан 15 минут сайын бір сағатта (4 рет - 2 г) береді; 0,15 г-нан күніне 2 реттен 1 апта бойы (“сол 2 г) қолданылады. Балаларға пайдаланғанда 50-60 мг/кг салмағына теңейді.

Date: 2015-07-01; view: 9145; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.006 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию