Главная Случайная страница


Полезное:

Как сделать разговор полезным и приятным Как сделать объемную звезду своими руками Как сделать то, что делать не хочется? Как сделать погремушку Как сделать так чтобы женщины сами знакомились с вами Как сделать идею коммерческой Как сделать хорошую растяжку ног? Как сделать наш разум здоровым? Как сделать, чтобы люди обманывали меньше Вопрос 4. Как сделать так, чтобы вас уважали и ценили? Как сделать лучше себе и другим людям Как сделать свидание интересным?


Категории:

АрхитектураАстрономияБиологияГеографияГеологияИнформатикаИскусствоИсторияКулинарияКультураМаркетингМатематикаМедицинаМенеджментОхрана трудаПравоПроизводствоПсихологияРелигияСоциологияСпортТехникаФизикаФилософияХимияЭкологияЭкономикаЭлектроника






Коммуникативтік талаптардың жіктелуі





Профессор Р.Әмір: «Лебізді айту әрқашан коммуникативтік талаптармен орындалатын әрекет» [1, 93], - дейді. Ғалымның осы жердегі қолданып отырған лебіз термині орыс тіліндегі «речь», «высказывание» деген сөздердің орнына жұмсалған. Бұл атауларға қазақ тілінде «сөйлесім», «айтылым», «айтылыс», «сөйленіс», «сөз» сияқты бірізге түспеген атаулар балама ретінде қолданылып жүр. А.А.Тәсібекқызы өзінің «Қазіргі қазақ тіліндегі парцелляция құбылысы» атты диссертациясында «высказывание» терминіне «айтылыс» деген атау беріп, ол туралы былай дейді: «Бұл өзі сөйлесім синтаксисінің кең көлемді единицасы. Айтылыстың коммуникативтік бағыттылығы – оның ситуациямен байланысында» [22, 37].

Ал «речь» терминіне Ф.Оразбаева: «...Сөйлесім тілі деген тіркесті ерекше бөліп айтуға тура келеді. Өйткені ол ауызекі сөйлесім деген мағынаны емес, жалпы адамзаттың сөйлесу құралы, сөйлесім құралдарының қызметі, адамның тілі, адамның тілдік қатынас құралы деген қоғамдық-әлеуметтік мәні бар ұғымды жеткізуі тиіс. Сондықтан осындай нақтылы ұғымды білдіру үшін біз сөйлесім тілі деген тіркесті қолданамыз. Себебі, «сөйлесім», «сөйлеу» түбірі арқылы жасала келіп, сөйлесім процесінің тек адамзатқа тән екенін дәлелдейді. «Сөйлесім» деген сөздің өзі адамның ойын жарыққа шығару қасиетін білдіретіндіктен, көбінесе біржақты әрекет ретінде қабылданады» [23, 7-54].

Ал лебіз терминін алғаш қолданушылардың бірі А. Байтұрсынов болды. Ол жерде лебіздің мағынасы орыс тіліндегі «высказывание» деген атауға сәйкес келеді. Ғалым: «Айтылған лебіздің ашық мағыналы, түсінуге жеңіл, көңілді күдіктірмейтін болуы керек. Лебіз ашық мағыналы болуы үшін айтушы айтатын нәрсесін анық танитын болуы керек» [24, 351] деген пікір айтады. Лебіз атауын синтаксисте беретін мағынасына сай етіп қолданған ғалым Р. Әмір болды. Ол лебізді тудыратын басты нәрсе сөйлеушінің мақсаты, яғни коммуникативтік талап екенін атап көрсетеді. Коммуникативтік талап дегеніміз сөйлеушінің қарым-қатынасқа түсуі әрі өз ойын анық жеткізуі үшін қажет басты шарт. Адамдар арасындағы қарым-қатынаста, пікір алмасуда әуелі сөйлеушінің коммуникативтік мақсаты бірінші орынға шығады. Ғалымдардың пікірінше, коммуникативтік мақсаттан коммуникативтік стратегия мен коммуникативтік тактика туындайды. Ал коммуникативтік мақсат дегеніміз – сөйлеушінің тілдік қарым-қатынасы есебінен туындайтын көздеген мүддесі, алға қойған мақсаты.

Коммуникативтік талап сөйлеушінің мақсатымен тікелей байланысты. Ғалым Р. Әмір коммуникативтік талаптың ең қарапайым көрінісі ретінде мыналарды атап көрсетеді:

а) бір информацияны жеткізу – хабарлы сөйлем арқылы іске асады;

ә) сұрау, сұрақ қою – сұраулы сөйлемдер арқылы орындалады;

б) біреуді жұмсау, бұйыру - бұйрықты сөйлемдер арқылы іске асады [1, 93]. Ғалым бұл қарапайым талаптарға бірінші дәрежедегі коммуникативтік талаптар деген атау береді де, осы талаптарға лайық етіп құрылған, жұмсалатын сөйлемдердің құрылысын базистік (түпкі) құрылымдардан тұратынын айтады.

Бұдан басқа қазақ тіл білімінде сөйлемді коммуникативтік мақсатына қарай топтастыруда көзқарастар легі әртүрлі. Тіл білімінде сөйлемді хабарлы, сұраулы, лепті, бұйрықты деп төрт топқа бөлу қалыптасқан. Соңғы кезде түркiтануда сөйлемдi коммуникативтік мақсатына қарай үш түрге (хабарлы, сұраулы, бұйрықты) бөлу ұстанымы орныққан. Ал О. Төлегенов лептi сөйлемнің айрықша мағыналық тип екендiгiн айта келе: «Сөйлемде айтушының эмоциясы баяндау мазмұнына үстемеленiп берiледi, не болмыс, субъект жайында тiкелей берiледi… Хабарлы, сұраулы, бұйрықты сөйлемнiң мазмұны эмоциялық мағынаға ұласып та, ұласпай да айқындалады. Алдыңғы жағдайда олармен әрi баяндау, әрi қосымша бiр айтушы эмоциясы берiлiп отырады» [25, 80].

Сондай-ақ, ғалым О. Бекжан бұл сөйлемдердің типтері туралы: «Жалпы тіл білімінде сөйлемді айтылу мақсатына қарай типке бөлу дәстүрі бар. Бұл тип бойынша сөйлемдер, бұйрықты, лепті деп бөлінеді. Кейбір тілдерде бұйрықты мен лептіні қосып жіберсе, кейбірінде тек лепті деп бөлу үрдісі сақталады. Шындығына келгенде сөйлемдерді бұлай бөлудің таза ғылыми талдамалық ұстанымдары мен межелеуіштері айқындалмаған. Мысалы, хабарлы, сұраулы, бұйрықты сөйлем рай қосымшаларына қарай бөлінсе, лепті сөйлем көтеріңкі интонациямен айтылуына қарай бөлінеді... Егер хабарлы сөйлемді көтеріңкі интонациямен айтсақ, лепті сөйлемге айналады. Ал сапасы (мазмұны) хабарлы күйде қалады. Бұл жерде зерттеушілер хабарлылық мазмұн мен қалыпты интонация құбылысын шатастырып отыр» [26, 38], - деген пікір айтады. Бұған қоса, лепті сөйлемдер де – коммуникативтік мақсаттың бір көрінісі екенін айта кеткеніміз жөн. Десек те, коммуникативтік мақсаттың да түрлері әрқилы.

Осы пікірлерді қорыта айтсақ, Р. Әмір былай дейді: «Сөйлемдерді айтылу мақсатына сай хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті деп бөлуіміз – коммуникативтік талапқа сай құрылудың бір көрінісі ғана. Коммуникативтік талаптар алуан түрде көрінеді. Оларды негізінен екі топқа жатқызған дұрыс: бірінші дәрежедегі коммуникативтік талаптар, екінші дәрежедегі коммуникативтік талаптар.

Бірінші дәрежедегі коммуникативтік талаптарға сай пайда болған конструкцияларды (екі негізді хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті сөйлемдер) базистік деп танимыз. Екінші дәрежедегі коммуникативтік талапқа сай конструкциялар (туынды) осыларға синтагмалық, парадигмалық жағынан негізделіп туады» [27, 11-14 бб.], – дейді. Сонымен қатар ғалым құрмалас сөйлем жүйесіндегі коммуникативтік талаптың көрінісі ретінде үнемділік пен актуализациялауды көрсетеді. Р. Әмірдің бұл пікірі Т. Ермекованың тұжырымдарынан да көрініс табады: «Тіліміздегі сөйлемдер сөйлеушінің ой жеткізу мақсатына, коммуникативтік талаптарға сай құрылатынын ескерсек, әсіресе, аталған топтастырудың қатарынан актуализациялауды (актуальдауды) шығарып тастау, ескермеу ақиқаттан бас тарту секілді көрінеді. Өйткені информанттың қай синтагманы не компонентті алдыңғы позицияға, қайсысын соңғыға шығаруы оның белгілі бір ойды жеткізуде алға қойған мақсатына байланысты», - дейді [28, 99].

«Сөйлеуші ойды жеткізу мақсатында әр түрлі тәсілдерді қолданады. Мұндай тілдік тәсілдердің қатарына сөйлем мүшелерін мақсатқа сай орналастыру және оны белгілі бір интонация, сазбен жеткізу жатады. Осыған сәйкес сөйлемдерді базистік және актуальданған орын тәртіпті, айтылу сазына қарай хабарлы, сұраулы, бұйрықты сөйлемдер деп бөлуге негіз бар» [28, 101].

Сөйлеушінің жеткізбек болған ойы күрделі болса, ол күрделі құрылымдар арқылы берілетіні белгілі. Күрделі ойды жеткізудің бір тәсілі – ойды құрмалас сөйлемдер арқылы беру. Ескеретін бір нәрсе, құрмалас сөйлемдерді тудыратын коммуникативтік талап басқа да, жай сөйлемдерді тудыратын коммуникативтік талап басқа. Құрмалас сөйлемдерді тудыратын коммуникативтік талап – күрделі ойды жеткізу.

«Тілдесудің мақсаты, мазмұны күрделенген сайын, сөйлеушілерге қоятын коммуникативтік талаптар да күрделенеді. Сөйлеушілер адресатқа ықпал етуге, сөзін өткізуге тырысады немесе өзіне имидж тудыруға ұмтылады» [1, 93]. Ғалымның бұл сөзі біздің жоғарыдағы коммуникативтік талап сөйлеушінің мақсатымен тікелей байланысты деген пікірімізді растай түседі.

Коммуникативтік талаптар сөйлемнің құрылымына да әсер етеді. «Құрмалас сөйлем құрамына мынандай негізгі коммуникативтік талаптардың әсері байқалады.

Лебізді үнемді етіп құру.

Лебізді түрлендіріп, ажарлап айту.

Адресатпен үндесіп отыру.

Лебізді экспрессивті етіп айту.

Лебіздегі актуальды құрамын ерекшелеп айту, т.б.» [1, 94]. Р.Әмір бұларға II дәрежедегі коммуникативтік талаптар деген атау береді. Ғалым осыларға сай сөйлеуші лебіз құрастыруда түпкі құрылымдарға сүйенетінін, соның негізінде лебіз құрылатынын атап көрсетеді.

Ғалымның бірінші дәрежедегі коммуникативтік талаптар деп көрсеткендері жай сөйлемнің құрылымында, ал екінші дәрежелі коммуникативтік талаптар деп көрсеткені құрмалас сөйлемдер құрылысынан көрініс табады.

Сөйлеу барысында сөйлеушінің коммуникативтік мақсаттарының бірі ойды дәл, нақты әрі тура жеткізу болып табылады. Сонымен қатар, сөйлеушінің мақсатына қарай айтылатын ойдың қысқа болуы да мүмкін. Бұны үнемдеудің бір көрінісі ретінде санауға болады. Үнемдеу құбылысын жай сөйлемдерден де, құрмалас сөйлемдерден де байқауға болады және ол сөйлемнің құрылымдық ерекшелігіне қарай әр түрлі болып келеді. «Сөйлеудің өн бойында үнемділікке ұмтылу талабы қоса жүреді: Осы ұмтылыстың құрмалас сөйлем құрылысынан көрінісі алуан түрлі. Солардың бірі – компоненттерді ортақ лексикалық, грамматикалық тұлғаға қатыстырып құру, мұны біз ортақтастыру амалы деп атаймыз» [1, 94].

Р. Әмір ортақтастыру амалын екіге бөледі. Олардың біріншісі – лексикалық ортақтастыру болса, екіншісі грамматикалық – ортақтастыру.

«Лексикалық ортақтастыру құрмалас сөйлемнің компоненттеріне бір немесе бірнеше сөзді ортақ қатыстырып, құрылуынан көрінеді» [1, 94]. Ғалым осылай дейді де, Оған төмендегі мысалдарды келтіреді.

Жүзінде қайғы да жоқ, қасірет те жоқ (Ғ.Мүсірепов). Менің екі бетім дуылдап, өн бойым дірілдеп кетті (С.Мұратбеков). Тракторды жүргізу үшін білім керек, айла тәсіл керек (С.Мұратбеков).

«Аталған мысалдарда жүзінде, менің, тракторды жүргізу үшін құрмалас конструкцияларға кірген әр компоненттерге ортақ, бірдей қатысты. Осылай құрылу конструкцияны ықшам етіп құруға септігін тигізеді. Ортақ лексикалық тұлға тұрлаусыз мүше қызметінде болады, әрі ол құрмалас сөйлемнің бас позициясында тұрады» [1, 94].

Грамматикалық ортақтасу құрмалас сөйлем компоненттерінің құрамындағы қызмет жағынан бірдей бірыңғай мүшелерінің грамматикалық формаға ортақтас болып құрылуынан көрінеді [1, 94].

Болашақты олар да күтсін, біз де күтейік. Бәлкім, бөлінген жерлеріміз жалғасып, бөлінген еліміз бірігіп кетер (У.Қыдырханұлы).

Осы құрмалас сөйлемнің компоненттерінде баяндауыш қызметінде жалғасып кетер, бірігіп кетер жұмсалып тұр. Бұлар форма жағынан ұқсас: негізгі етістіктер көсемше тұлғада тұрып, кетер деген көмекші етістікті телуге тиіс. Осы кетер соңғы баяндауыш құрамында ғана жұмсалып, алдыңғы компоненттің баяндауышына да ортақ болып тұр.

Қалай, үй-іштерің аман, бәйбішең қуатты ма (Ә.Нұршайықов). Бұл мысалда сұраулық ма демеулігі соңғы компонент құрамында тұр, бірақ ілгергі компонентке де ортақ.

Компоненттердің баяндауыштары форма жағынан бірыңғай болып келгенде, тек көмекші сөздер ғана ортақтасып қоймайды. Негізгі сөздердің құрамындағы бірыңғай қосымшалар да ортақтас болып келеді [1, 94].

Ағыл-тегіл қар кетер еді. Қызғалдақтар гүл жарып, бәйшешектер шешек атар еді (М.Тиесов).

Құрмаластың құрамындағы бірінші компонент толық түрде былай айтылар еді: Қызғалдақтар гүл жарар еді. Бірақ компоненттің баяндауышы болып келген етістік келер шақ есімше тұлғасын, көмекші етістік (еді) бірдей түсіріп жұмсалып тұр. Осындай жағдай мына мысалда да бар.

Жарайды, мейлі, сол Жолбосынның қонақасына бармасам да, таңым атып, күнім батар баяғыша (С.Асылбекұлы).

Бірінші компоненттің етістік баяндауышы ыңғайлас қосымшаларын түсіріп, өткен шақ көсемше формасына ауысады. Көсемшенің бұл формасы – байланыстырушы ретіндегі тұлға. Аталған баяндауыштардың өткен шақ көсемше тұлғасын алуы осы себептен.

Баршаны теңгермек болған кезеңнің кенезесі кеуіп, кезенейі көбейе бастағаннан-ақ, бұлардың заңғар зауыты алқынып, алқым түймесін ағытуға шамасы жетпеген алып адамдай гүрс етіп құлап кетті (М.Байғұт).

Бірінші компоненттегі баяндауыш кеуіп ортақтасу процесіне байланысты көмекші етістікті құрамынан түсірді, сөйтті де негізгі сөз өткен шақ көсемше тұлғасына ауысты. Бұнысы жалғастыққа (байланысқа) бейімделгені. Өткен шақ көсемше тұлғасының байланыстырушылық қызметін алғаш байқап, атаған «Грамматика алтайского языка» деген еңбек болатын.

Ортақтасу процесіне түскен салалас құрмалас сөйлемдер сабақтас құрмалас конструкцияның қатарына өтеді. Өйткені бірінші компоненттің етістік баяндауышы көсемше тұлғасына көшіп, сол форма арқылы келесі компонентпен байланысады. Осылай ету мына сөйлемде де бар.

Әкем арба жөндеп, шешем құрт қайнатып жатыр (Ғ.Мүсірепов). Сөйлем толық түрде былай айтылады: Әкем арба жөндеп жатыр, шешем құрт қайнатып жатыр. Күн жылы, жер қарада, қораны жөндеп алыңдар.

Бұл сөйлем – құрмалас. Бағыңқы компоненттердің баяндауыштары бірыңғай формада, жатыс септік тұлғада (жылыда, қорада) соңғы компоненттегі баяндауыштың құрамындағы жатыс септік жалғау ортақ.

Шегерілетін тұлғалар есім негізді болса, ол атау формада қалады, етістік болса, өткен шақ көсемше формасын қабылдайды [1, 95].

Ортақтастыру сөйлемнің бірыңғай мүшелерін ұйымдастыруға да қатысады. Бірыңғай мүшелер ретінде септік жалғауы бірдей зат есім сөздер қатысса, септік жалғауы соңғы мүшеге ғана жалғанып, ілгергі бірыңғай мүшелер соған ортақ болады: қозы, лақтарды көгендей жүр.

Бірыңғай баяндауыштар финиттік формаларын сақтап жұмсала алады: Аңшы мылтығын алды, бөлшектеді, тазалады. Осы сөйлем бірыңғай мүшелердің формасын ортақтастырып құрала алады: Аңшы мылтығын алып, бөлшектеп, тазалады. Бірыңғай баяндауыштарға тиісті предикативтік форманы соңғы позициядағы баяндауыштар өткен шақ көсемше тұлғада жұмсалады.

Ортақтасуға түсетін сөйлем мүшесінің өз құрамынан морфологиялық тұлғаларды түсіру сипаты көп факторға бағынышты. Бұл процесті билейтін байланыстырушы элемент ертінде қатысатын –п тұлғасы, осы тұлғаның жұмсалу ережелері.

Қызғалдақтар гүл жарып, бәйшешектер шешек атар еді деген сөйлемді тек көмекші етістікті ортақ етіп құруға болар еді: қызғалдақтар гүл жарар, бәйшешектер шешек атар еді. Олай етпей жазушы құрмаластың бірінші компонентінің баяндауышының құрамынан есімше жұрнағын да түсірген. Бұның себебі – қазақтың лебіз құраудағы дәстүрі. Қазақ сөйлеу дәстүрінде етістіктен жасалған бірыңғай мүшелерді үнемді етіп құрау, солай жұмсау үстем.

Ортақтасатын мүшенің формаларына қатысты екінші ереже мына сөйлемнен байқалады. Қара жерді енді қар емес, су селі басты. Шаптығып, тасып тасыраңдамаған шолақ сай жоқ (О.Бөкеев). Бұл сөйлем үнемділікке түспегенде былай айтылған болар еді: Қара жерді енді қар емес, су селі басты. Шаптықпаған, тасымаған, тасыраңдамаған шолақ сай жоқ.

Сөйлемдегі бірыңғай мүшелер қатарына кіріп, ортақтасуға қатысқан сөздер болымсыздық қосымшасын, есімше тұлғасын бірдей түсіріп барып, көсемше жұрнағын қабылдаған: шаптықпаған – шаптығып, тасыраңдамаған – тасыраңдап. Аталған сөздердің ортақтас үшін және –п тұлғасын алу үшін түскен өзгерістер болымсыздық форма мен көсемше формаларының көне замандағы өзара байланысының бүгінгі жаңғырығы деп қарауымыз керек. Ортақтасу мына сөйлемде де бар.

Боран тұрып, қар жауса да, жолдан қалмаймыз. – Боран тұрса да, қар жауса да, жолдан қалмаймыз [1, 96].

Лексикалық та, грамматикалық ортақтасуға да мысалдарды көптеп келтіре берсе болады. Мәселен, мына сөйлемдегі Соған нервым ұстап, сіркем су көтермей отырса, бір жағынан сен де әулігіп, дүрілдедің де кеттің (Қ.Жұмаділов) әулігіп кеттің, дүрілдедің де кеттің конструкциялары баяндауыш қызметінде тұр. Мұнда кеттің сөзі қызметі жағынан ұқсас екі компонентке (әулігіп, дүрілдедің) де ортақ болып тұр.

Жасболат бұрын бірдемеге күле қалса, баладай мәз болып, сықылықтап, жер теуіп күлетін-ді (Қ.Жұмаділов).

Осы сөйлемдегі күлетін-ді сөзі баладай мәз болып, сықылықтап, жер теуіп компоненттеріне ортақ болып тұр. Ортақтастыру амалы бұл жерде қайталамау және үнемдеу мақсатында қолданылып тұрғанын байқауға болады. Ортақтастыру амалы болмағанда бұл сөйлем компоненттері баладай мәз болып күлетін-ді, сықылықтап күлетін-ді, жер теуіп күлетін-ді болып құрылатын еді.

А. Байтұрсынұлы құрмалас сөйлемге қойылатын ең бірінші талап ретінде компоненттерінің мағыналық жақындығы мен сыртқы үйлесімділігін атайды. Құрмалас сөйлемдер де жай сөйлемдер сияқты тілдің коммуникативтік қызметінің жемісі болып табылады. Кез келген құрмалас сөйлемнің компоненттерінің өзіндік құрылымы мен семантикалық сипаты бар.

Құрмалас сөйлемнің басыңқы және бағыныңқы деп аталатын компоненттері бір-бірімен тығыз байланыста болатын құрылымдар болып табылады. Құрмалас сөйлемнің басыңқы сыңарының синтаксистік мәні құрмалас сөйлемнің бағыныңқы сыңарымен бірге қарағанда ғана толық ашылады.

Сөйлемнің басқа тілдік бірліктерден басты айырмашылығы оның коммуникативтілік қызметінде екені белгілі. Осы тұрғыдан алғанда құрмалас сөйлемдердегі коммуникативтілік мақсат пен талап қандай және ол қалай көрінеді деген сұрақтар туындайды.

Құрмалас сөйлем күрделі ойды жеткізудің тиімді жолы. Сөйлеушінің сөйлеу жағдаятындағы мақсаты оның ойының жеткізілу формасына тікелей ықпал етеді. Яғни, сөйлемнің құрмаласа берілуі сөйлеушінің коммуникативтік мақсатына тікелей байланысты.

Ал сөйлемді коммуникативтік мақсатына қарай топтауда ғалымдар арасында түрлі пікірлер бар, әрі олардың арасында қайшылықтар да жоқ емес. Қазақ тіл білімінде сөйлемдерді хабарлы, сұраулы, және бұйрықты, лепті деп төрт топқа бөлу принципі қалыптасқан.

Сөйлемнің айтылу мақсаты белгілі бір коммуникативтік талаптан туындайды. Бұлай дейтін себебіміз, коммуникативтік талап – сөйлемнің құрылуына негіз болатын басты фактор.

Біз жоғарыда Р.Әмірдің сөйлемдердің хабарлы, сұраулы, бұйрықты, лепті деп бөлінуі сөйлемдердің коммуникативтік талапқа сай құрылуының бір көрінісі ғана деген пікірін келтірдік. Расында да бұл коммуникативтік талаптардың бұл бір түрі ғана. Себебі, сөйлем құрылымына сәйкес коммуникативтік талаптар да алуан түрде көрінеді.

Р. Әмірдің коммуникативтік талаптарды бірінші дәрежедегі коммуникативтік талаптар және екінші дәрежедегі коммуникативтік талаптар деп жіктеуінде негіз бар. Әуелі бірінші дәрежедегі коммуникативтік талаптар негізінде пайда болған құрылымдар, яғни хабарлы, лепті, сұраулы, бұйрықты сөйлемдер бұл сөйлемнің барлық түрлеріне ортақ, әрі ғалым Р. Әмірдің өзі айтқандай «базистік» (түпкі) болып табылады. Ал «екінші дәрежедегі коммуникативтік талапқа сай конструкциялар (туынды) осыларға синтагмалық, парадигмалық жағынан негізделіп туады» дейді ғалым. Сонымен қатар, құрмалас сөйлемдегі коммуникативтік талаптардың көрінісі үнемділік пен актуализациялау екенін атап көрсетеді.

Сөйлемнің құрылуына негіз болатын факторлар әуелі сөйлеушінің мақсаты болса, екіншіден сол мақсатқа негізделген коммуникативтік талаптар. Осы тұрғыдан алғанда актуализациялау немесе актуальды мүшелеу де коммуникативтік талаптың құрмалас сөйлемдегі көрінісі екендігі анық. Сөйлеушінің сөйлеу жағдаятында не ойды жеткізу барысында сөйлемді құраушы компоненттерді әр қилы жолмен актуализациялауы оның мақсатымен тікелей байланысты. Мәселен, мына сөйлемге назар аударалық.

Біз мұндай нәрсені тез сеземіз, өйткені бұрынғы болыстың амалы, салмағы арқамызға саздай батқан (М. Әуезов). Осы сөйлемде автордың актуалдап тұрған бөлігі - «Біз мұндай нәрсені тез сеземіз». Яғни лебіздегі айтушы үшін маңыздысы, әрі тыңдаушы назарын аударғысы келген басты бөлік осы. Егер сөйлеуші осы құрмалас сөйлемнің екінші бөлігін актуалдағысы келсе, сөйлемнің құрылымы былайша болар еді:

1. Бұрынғы болыстың амалы, салмағы арқамызға саздай батқандықтан, біз мұндай нәрсені тез сеземіз.

2. Бұрынғы болыстың амалы, салмағы арқамызға саздай батқаны сонша, біз мұндай нәрсені тез сеземіз.

3. Бұрынғы болыстың амалы, салмағы арқамызға саздай батып, біз мұндай нәрсені тез сезетін болдық.

Яғни, бұдан байқайтынымыз, сөйлеуші ойын жеткізу мақсатына қарай түрлі тәсілдерді қолдана алады және сөйлемнің кез келген мүшесін өзінің коммуникативтік мақсатына сай актуальдай алады. Сөйлемді коммуникативтік мақсатқа сай құрауда қызмет атқаратын тәсілдерге сөйлем мүшелерін мақсатқа сай орналастыру және оны белгілі бір интонациямен жеткізу де жатады.

 

 

Date: 2016-05-23; view: 4235; Нарушение авторских прав; Помощь в написании работы --> СЮДА...



mydocx.ru - 2015-2024 year. (0.006 sec.) Все материалы представленные на сайте исключительно с целью ознакомления читателями и не преследуют коммерческих целей или нарушение авторских прав - Пожаловаться на публикацию